Қ 17 Шәкенұлы. Ж к – Ақ балапан: Өлеңдер мен мысал әңгімелер, Алматы: «Мерей» баспасы, 2015. – 167 б



бет1/7
Дата25.12.2016
өлшемі1,38 Mb.
#4895
  1   2   3   4   5   6   7


Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

АҚ БАЛАПАН
Бұл кітап түрік елінде жарық көрген нұсқасына сай, толықтырылып, үшінші рет қайта басылды.

Алматы


«Мерей» баспасы – 2015

УДК 821.516.120-39

ББК 83 Қаз 7-7

Қ 17
Шәкенұлы.Ж

К – Ақ балапан: Өлеңдер мен мысал әңгімелер, - Алматы: «Мерей» баспасы, 2015. – 167 б
ISBN 9965-22-314-9
Балаларға арналған бұл кітаптың тілі жеңіл, оқиғасы қарапайым болып, тәрбиелік мәні аса зор. Мұндағы өлең, жаңылтпаш, күлдіргі, мысал әңгімелердің балдырғандарымызды – адал, иманды, еңбексүйгіш ұрпақ етіп тәрбиелеуге таптырмас оқулық болатынына кәміл сенеміз.


УДК 821.516.120-39

ББК 83 Қаз 7-7

© Шәкенұлы.Ж,.2015



ISBN 9965-22-314-9 © «Мерей» баспасы, 2015
ЕРТЕГІ ЖӘНЕ МЕН
(сөз бастау)
Ерте, ерте, ертеде...

Шіркін балалық, мен балалығымды еске алсам болды Ертіс ойыма оралады.

Ертістің аспанында бұлт байыздап тұрмайды. Өйткені оның бойында мәңгі самал соғады. Кейде аласұрған асау боран да бір сілкілеп өтеді. Сондықтан да аспаны ашық.

Қарашы, әне, Айлы кеш. Ертістің бойы. Ертістің ну тоғайының шеті. Ертіс бойына сүттей сәулесін үлестіріп аппақ ай тұр. Жағаны емізіп Ертіс жатыр. Тоғай түкрпірінен шалғайырақ байғұз үні естіледі. Ертістің жағасында, айлы түннің астында көгілжім түтіні аязды аспанға сорылып, терезесінен сарғыш сәуле шашырап малшы қыстауы тұр. Қорада сиырдың ыңыранғаны, аттың шөпті күрт-күрт шайнағаны, текешіктің сақаушалап бақылдағаны бір-біріне жалғаса естіледі.

Кенет алыстан иттің, әрине, қызды ауылдың итінің шәбелене үргені білінеді. Кейде түн тымығында әлде бір атты адамның шауып бара жатқаны, төрт тұяқтың жерді төпештеген барабанынан-ақ аңғарылады. Осындай сәтте, қи иісі аңқыған, матшалары ысқа сүрленген жұпыны да жып-жылы жанұяда әкесінің қойнына жатуға таласқан бала дегенінен жетіп, әкесін ертек айтуға көндіреді. Не деген бақытты шақ! Ол – мен ғой!

Ерте, ерте, ертеде...

Ол – уыз сәулесіне иіген түннің тымығында «ақ таяқ» ойнап жүр. Ол – Ертістің биік жар қабағынан толқындар құшағына секіріп шабақша жүзеді. Судың кесек қаймағындай су бетіндегі бала тән балықтар үйірінің үстінде ойнақ салады. Ол – тау беткейінен шаңғы иә шанасымен құйғытып, ақ қарға аузы мұрнынан көміледі. Ол – ойынның діңкелетуімен әбден қалжырасада тағы да әкесіне ертек айтқызып жатып, аяғына жете алмай танауы пысылдап тәп-тәтті ұйқыға кетеді...

Шіркін, бақытты балалық! Ерте, ерте, ертеде біздің ауылда дәл осылай болған.

Сол Ертекшіл бала есейе келе бауырлары мен балаларына ертек айтқысы келетін болды. Әрине, апалары мен аталарынан тыңдап өскен ертегіге жетпеседе өз ойынан құраған әдемі жырлары мен ертегілерін балаларға ұсынғанды жақсы көреді. Сіздерде оқыңыздар, әдемі!

Ерте, ерте, ертеде...


Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,

Жазушы,


Қазақстан жазушылар одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі.




Бірінші бөлім


ӘЛДИ, ӘЛДИ, БӨПЕШІМ

ӘЛДИ, БӨПЕМ
Әлди, әлди, құлыным,

Құлдыраңдап шаба ғой.

Мамашыңның қасында,

Бақытыңды таба ғой.


Әлди, әлди, бөпешім,

Қозым болып тоя ғой.

Мамаңды көп сора ғой,

Жылағанды қоя ғой.


Әлди, әлди, бөпешім,

Әлі-ақ өсіп жетесің.

Әкешіңдей тұлғалы,

Азамат боп кетесің.


Қалам алып қолыңа,

Талай нәрсе жазарсың.

Еңбектеніп ерінбей,

Білім нәрін қазарсың.


Ел мен жерге аты бар,

Егейлерден боларсың.

Отан үшін от кешіп,

Суығына тоңарсың.


Әлди, әлди, бөпешім,

Бар ғылымға маман бол.

Ең әуелі адам бол,

Айналайын, аман бол!


ӘРІПТЕР ЖЫРЫ
«А» дегенім ата,

«Б» дегенім бата.


«Қ» дегенім қарбыз,

«Ж» дегенім жалбыз,


«Т» дегенім түйме,

«К» дегенім күйме.


«С» дегенім сәбіз.

«Д» дегенім дәліз,


«Г» дегенім гүлім.

«Ү» дегенім үнім,


«Ө» дегенім өгіз.

«Е» дегенім егіз,


«Н» дегенім наным.

«М» дегенім малым,


«Л» дегенім лақ.

«Ш» дегенім шырақ.


«Ә» дегенім әскер,

«Ғ» дегенім ғарышкер.



ҰЙҚАС ІЗДЕУ
– Өрік?

– Өрікке ұйқас көрік.

– Тағы ?

– Ұйқасады көлік.


– Асық?

– Асыққа ұйқас қасық.

– Тағы?

– Сабақтан кетпе қашып.


– Маржан?

– Маржанға ұйқас арзан.

– Тағы?

– Батыр жігіт - Тарзан.


– Балға?

– Балғаға ұйқас алға.

– Тағы?

– Өрмелей берме талға.


– Оқу?

– Оқуға ұйқас шоқу.

– Тағы?

– Білімді миға тоқу.


– Дала?

– Далаға ұйқас бала.

– Тағы?

– Ұйқасады қала.


– Нағыз?

– Нағызға ұйқас сағыз.

– Тағы?

– Суды баққа ағыз.


– Сағат?

– Сағатқа ұйқас тағат.

– Тағы?

– Жіберме істі ағат.


– Балық?

– Балыққа ұйқас халық.

– Тағы?

– Білімдінің беті жарық.



МЕКТЕП


  • Мектеп деген не?

  • Ол білімнің мекені.

  • Білім қуған не етеді?

  • Арманына жетеді.



ҰСТАЗ
Ұстаз деген мұғалім,

Ағып тұрған бұлағым.

Көп ойнамай ойынды,

Айтқан сөзін ұғамын.




«А»
«А» әрпімен басталған,

Дәмі тәтті «Алма»-ның.

«А» әрпімен басталған,

Есімі де Алланың.


«Б»
«Б» әрпімен басталған,

«Бақыт» ашар есігін.

«Б» әрпімен басталған,

Менің алтын «Бесігім»,


«Ә»
«Әліппе»-ден «Әлемге»,

«Ә» әрпімен барамыз.

«Ә» әрпі бар «Әже»-де,

«Әсем» «Ән»-ге саламыз.




ӘРІПТЕР ЖҰМБАҒЫ
«Ата» деген «А» менен,

«Тау»-дың «Т»-сы қосылар.

Сосын «кім» боп шығады –

Тұлпар болып жосылар.
Шешуі: «кім»-нің орына «АТ» жазылады.

* * *


«Әлди, әлди» - «Ә»-сіне

«Жақсы» сөзден «Ж» келер.

Екеуі «Е»-деп елдесіп,

Аман болсын «Ал, кімдер»
Шешуі: «Ал, кімдер»-дің орнына «Әжелер» жазылады.
* * *

«А» - ақ сүт секілді,

«Н»-сы «Нан»-дай қуатты.

АРЛЫ мен адам тағы да «А»

«Кім, ол» деген шуақты.


Шешуі: «Кім, ол» дегеннің орнына «АНА» деген жазылады.
СӘЛЕМ
Сәлем – сөздің анасы,

Сәлем – сөздің атасы.

Сәлем берсең үлкенге

Тиер саған батасы.


СӘЛЕМДЕСУ


  • Ассалаумағалейкум, ата деймін,

Беріңіз маған жақсы бата деймін.


  • Уағалейкумассалам, балам менің,

Бақытты бол, болашақ данам менің!
ҚЫЗДЫҢ ЖОЛЫ ЖІҢІШКЕ
Қыздың жолы жіңішке,

Қарындасың ол сенің.

Қаны жақын туысың,

Ажырамас бөлшегің.


ҰЛДАР – АҒАҢ, БАУЫРЫҢ
Ұлдар – ағаң, бауырың,

Құрметтей біл, сыйлай біл.

Шашылып жатса кітабы,

Кішілікпен жинай жүр.


ӘДЕПТІЛІК БЕЙНЕСІ
Үлкен көрсек алдынан,

Кесе өтпейміз «аға»-лап.

Кіші көрсек ізетпен,

Құрметтейміз бағалап.



МЕН «5» АЛДЫМ
Мен «5» алдым, «5» алдым,

Үздік бала атандым.

Баласымын апамның,

Баласымын атамның.



КӨРШІ
Біздің үйге іргелес,

Көршіменен туыстаймыз.

Тату-тәтті жақындардай,

Ешқашанда ұрыспаймыз.


АПАЙ
Апайымыз жақсы адам,

Күндей күліп тұрады.

Қандай сұрақ сұрасақ,

Бізге мойын бұрады.


ҚАНДАЙ БАЛА


  • Нешедесің?

  • Беске келдім.

  • Неге асықтың?

  • Келеді апашыма еркелегім.




  • Не жейсің?

  • Алма мен алмұрт болса шіркін деймін.

  • Сосын?

  • Ойын десе жорғадай бүлкілдеймін!




  • Сонда сен қандай баласың?

  • Оны айтсам таңдай қағасың.

Басқа емес маңдай баламын,

Сен айтшы, енді, қандай баламын?



ОЙЫН


  • Ойхой, ойын қызып барады, ойын қызып,

  • Ойын десе бола ма ойың бұзық.

  • Далаға жүгірмекші ем асыр салып,

Апайым жібермейді, қиын қызық!
ДОП
Доп-домалақ добымды

Құшақтаймын, қысамын.

Допты қусам додада,

Құстай болып ұшамын.


ӨТІРІК ӨРГЕ БАСПАЙДЫ
Өтірік өрге баспайды,

Шындық шыңға бастайды.

Алдамшы болсаң өмірде

Арманың іске аспайды.


ӘЛІППЕ
Тасбақаның жасы,,

Таудың тарғыл тасы.

Тек «Әліппе»-ден басталған,

Бар ғылымның басы.


ТІЛ
Тіл – тірлігің, тынысың,

Тіл – бірлігің, ырысың.

Бір тіл білсең аз болар,

Көп тіл білсең ірісің.


СПОРТШЫ
Секірсең, жүзсең, жүгірсең,

Отырсаң, тұрсаң, бүгілсең.

Балуан боп басқаны үйірсең,

Боксшы болып түйілсең,

Шынықсаң шымыр жігіт боп,

Спортшы болдың, бүгін сен!



САҒАТ
Сағатымыз дөңгелек,

Жүгіретін үш тіл бар.

Таң атқанда не керек,

Қоңыраудай күшті үн бар.


Қысқа тілі тым жалқау,

Білінбейді сыбысы.

Ортаншысы самарқау,

Шықпайды оның дыбысы.


Ал кішісі тентектеу,

Сырт-сырт етіп жүгірер.

Болмасақ біз елпектеу,

Түріміз жоқ үлгерер.


Ұйықтасақ та бырылдап,

Біз тыңдаймыз сағатты.

Таң атпастан шырылдап,

Еске салар сабақты.


ТАУДАЙ БАЛА
Алма берсем атама,

«Таудай-таудай бол!» дейді.

Алмұрт берсем апама,

«Таудай бол!» деп сөйлейді.


Таудай әлі болғам жоқ,

Кіп-кішкентай баламын.

Жотадай да бойым жоқ,

Қашан таудай боламын!?


Таудай-таудай кітапты,

Таусып-таусып оқимын.

Тау суындай тап-таза,

Ойға білім тоқимын.


Сонда ғана ел мені,

Биік тауға теңей ме?!

Ата-апам да қуанып:

«ТА-У-ДАЙ БАЛА» демей ме!



ДӘПТЕР
Аялаған ақ дәптер,

Аппақ дала секілді.

Ақ қаламым ақ кептер,

Өрнектейді бетіңді.


«Ата» десем ақ дәптер,

«Бата» берді «5» пенен.

Қата кетсем ал егер

Қарайды «2» сеспенен.


Үйренбесем сәл тынып,

Ұяламын дәптерден.

Білім ғана мәңгілік,

Бақыт берген, бақ берген.


АҚ
Ақ сүт берді анашым,

Ақ болса деп жүрегі.

Ақ бесікте баласын,

«Аппақ бол!» деп тіледі.


Дала аппақ, қар аппақ,

Ақ болатын шартым көп.

Жаным аппақ, ар аппақ,

Қара болар қақым жоқ.


ТАҢ
Сұлу таң сүйкімді,

Аппақ нұр себеді.

Табақтай жарқырап,

Күн шығып келеді.


Орнымнан тез тұрып,

Мектепке барамын.

Кітапты парақтап,

Көп білім аламын.



ЖАМАН БАЛА
Аузы сатпақ,

Қолы батпақ – лас бала.

Тісі кетік,

Жыртық етік киіп апты, масқара!


Ұйқы құмар,

Ұмар-жұмар кітабы.

Үсті басы,

Киім, шашы – кір тағы.


Жан досым-ай,

Дәл осындай болмайды.

Жалқау бала

Жаман бала оңбайды!




ИМАНДЫЛЫҚ ӘЛІППЕСІ
«А» әрпімен Алланың басталады есімі,

«Б» әрібі «бисміллә» барлық сөздің есігі.

«Ә» әрпінде, әрине, әдеп жатыр таусылмас,

«И» әрібі иманың ізгіліктің бесігі.
«П» әрпімен басталар бұлжымайтын парызың,

«Н» әрібі намазың бес уақыт қарызың,

«О» әрібің ораза тазалықтың ұясы.

«З»зекет, «Қ»қажылық, бір Аллаға тағызым.
«Ү» әрпінің үмбеттен үміт етер ісі көп,

«С» әрібі – сабырлық, «Ғ»ғарышың күші көп.

«Л» әрібі Лә илләха илла Аллаһ,

«Ш»шайтан, «І»ібіліс жек көрмейтін кісі жоқ.
«Д» әрібі дініңнің дұға болар тірегі,

«Ж» әрпімен жақсылық тек жәннатқа кіреді.

«М» әрібі Мұхаммед, «Е»елшісі Алланың,

«Р» әрібі Раббым күллі әлемнің жүрегі.
АНА
Аппақ нәрлі ақ сүті

Артық барлық дәріден.

Баласы үшін әлемде.

Ана қымбат бәрінен.


Айдын шалқар көл десем,

Мұз боп ол да қатады.

Асқар биік тау десем,

Қар боп ол да жатады.


Шуағы мол күн десем,

Ол да бұлтпен бүркенер.

Орман десем жап-жасыл,

Оған да күз бір келер.


Құрымайды тіршілік,

Қурағанмен далалар.

Ұрпағымен мың жасап

Қартаймайды аналар.



АНА ТІЛ
Ақ уызбен дарыған,

Тірлігімнің қайнары.

Ана тілі адамның,

Ары менен айбары.


Азат ұл боп үн қатып,

Ана тіл боп жазылам.

Тілім, дінім – ешқашан

Сатылмайтын қазынам.


ӘЖЕ
Балалардың панасы,

Әкемнің де анасы.

Әже деген әлемде,

Даналардың данасы.


АТА
Ата деген орманың,

Ата деген қормалың.

Көтерілген атамен,

Шаңырағы орданың.


АҒА
Еркелесең ағаға жарасады,

Аға – қормал, ініге қарасады.

Аға деген алдыңда жол бастаушың

Биік пенен көрсеткен аласаны.



ІНІ
Іні деген ілтипат,

Кішіліктің құрметі.

Ізгілік пен кісілік –

Інілердің ізеті.


ӘПЕКЕ
Әпекесі барлардың,

Жан шырағы қасында.

Бақыт құсы жүреді,

Шыр айналып басында.



ҚАРЫНДАС
Қарлығаш пен қарындас,

Екеуі де сүйкімді-ақ.

Ән тербетіп сендермен,

Отырамын күй тыңдап.


НАҒАШЫ
Анашымның ауылы –

Әпекесі, ағасы.

Туыс-туған бауыры.

Бәрі маған нағашы.


ЖЕЗДЕ
Әпекемді ән еткен,

Өмірінің сәні еткен.

Жезде деген жігіт бар,

Көп сыйлықты кәде еткен.


ЖИЕН
Емес алыс алашы

Жездеміздің баласы.

Аумай қалған әпкемнен

Жиеніме қарашы.



ЖЕТІ КҮН
Дүйсенбіде дүйім ел.

Аттанады жұмысқа.



Сейсенбіде сенім бар,

Оқу оқып тырысса.


Сәрсенбіміз сәтті күн,

Сәлем берем көпке мен.



Бейсенбіде «бес» алып,

Жеңістерге жеткен ем.


Жұма күні жүйрікті,

Иман үшін баптаймыз.

Ал сенбіде сергек боп,

Тапсырманы жаттаймыз.


Жексенбіде жеміс көп,

Ойынға да барамыз.

Үй жұмысын тындырып,

Алғыс, бата аламыз.



АҚ БОРАН
Ақ боран-ау, ақ боран,

Тереземді қағасың.

Теңіз болып толқындап,

Дәрия боп ағасың.


Шынықтырып жатырсың,

Қорқытам деп мені әр күн.

Ағаш ексем жаз шыға,

Жуасырсың сен бәлкім.


Соқсаң тағы соға бер,

Мен қырандай самғаймын.

Жігерім бар, күшім бар,

Талықпаймын, талмаймын!


МАЙ ШАПАЛАҚ
Бір нәрсені аңдамай,

Алсам егер бүлдіріп.

Ұялайды көңілге,

«Япыр-ай» деп бір күдік.


Қайталасаң қатеңді,

Анам менің қатал-ақ.

Сарт етеді бетіме,

Қатты тиген шапалақ.


Ұялам да қорқамын,

Қайдан таптым қырсықты.

Май шапалақ тұрғандай

Түзетем деп қисықты.



ТҮЙЕ
Ойсыл Қара тұқымы,

Айыр өркеш атаным.

Жалпақ екен табаның,

Қалың екен «шапаның».


Ауыр-ауыр жүк артсам,

Пілдей маң-маң басасың.

Өзендерді кешесің,

Асуларды асасың.


Қайыспайтын төзімді,

Маған үлгі ерлігің.

Қара нар боп халыққа,

Арқалаймын ел жүгін.


ЖЫЛҚЫ
Қамбар ата өсірген,

Өрге салса көсілген.


Жел тұяқты пырағы,

Алтын екен тұяғы.


Ауыздығын шайнайды ,

Айға шауып ойнайды.


Көмбелерге жетеді,

Бәйге алып кетеді.


Дәл осындай мен, елім,

Тұлпар болсам деп едім.


СИЫР
«Сиыр-сиыр сиырды-ай,

Сиыр мұрнын жиырды-ай.

Су бойында сұрша қыз,

Енді кімге бұйырды-ай».


Осыны айтып шешеміз,

Сиыр сауар неше күз.

Өгізге артып отынын,

Таудан асып көшеміз.


Құрт, ірімшік, айран бар,

Сауық пенен сайран бар.

Уызға тойып бұзауқан,

Жайраңдар да тайраңдар!



ҚОЙ
Қоңыр-қоңыр қойларым,

Неге аласа бойларың.

Кішілікпен күн көріп,

Сабырлықты ойладың.


Қабат-қабат тоның бар,

Тоңбайтұғын жөнің бар.

Таймайтұғын тұяғың,

Тау мен таста жолың бар.


Шопан ата баққан мал,

Барша жұртқа жаққан мал.

Қой баласы қоңырым,

Сүті бұлақ аққан мал.


ШУАҚ
Аппақ таң арайлы,

Алтын нұр төгеді.

Оянды ұйқыдан,

Даланың бөбегі.


Күлімдеп жанары,

Алтын күн қарады.

Шомылды шуаққа,

Адамзат аралы.


АПАСЫНЫҢ БАЛАСЫ


  • Баласысың сен кімнің?

  • Мен апамның баласы.

  • Әдемі екен белдігің,

Кім сыйлаған шамасы?


  • Оны ағам әкелген!

  • Әй, білмеймін, Папа ма?

  • Ұят болад әжемнен,

Оның атын атама!


  • Жаңылғансыз шамасы,

Мен апамның баласы.

Түсіп қалғам аузынан,

Жоқ ешкімнің таласы!
САНАМАҚ
«Бір» дегенім білім,

Білім үйрен інім.

«Екі» дегенім егін,

Еңбек етпе тегін.

«Үш» дегенім үміт,

Үміт қуар жігіт.

«Төрт» дегенім тоқтық,

Айтпа бала боқтық!

«Бес» дегенім белең,

Белеңде айтам өлең.

«Алты» дегенім ата,

Атам берер бата.

«Жеті» дегенім жеңге,

Жеңгем берер теңге.

«Сегіз» дегенім сенім,

Сенім артар елім.

«Тоғыз» дегенім төзім,

Жүк көтерер кезім .

«Он» дегенім ордам,

Ел мен жерге қорған.


ОЯТУ ЖЫРЫ
Тұр, бөпешім, тұр енді,

Дала нұрлы күн шықты.

Тау-қырқалар құлпырып,

Алуан-алуан гүл шықты.


Құрбыларың әнеки,

Бара жатыр мектепке.

Санасына алтын дән,

Білім нәрін екпекке.


Тұр, бөпешім, тұр енді,

Бетіңді тез жуа ғой.

Киіміңді киініп,

Белбеуіңді буа ғой.


Сөмкеңді асып мойныңа,

Мектебіңе бара ғой.

Таудай үміт күтетін,

Ұстаз тілін ала ғой.


Әр сағатты аялап,

Кітабыңның нәрін біл.

Өз құрбыңның алды боп,

Өнер-ғылым бәрін біл!


БАТА
Оу, балам, тентек болма, елпек бол.

Мұратыңа жетпек бол.

Селтек болмай, сетер бол,

Бал қосылған шекер бол.


Білімі көп дарын бол,

Лапылдаған жалын бол.

Залым болмай, ғалым бол,

Алты алашқа мәлім бол!



МЕЗГІЛДЕР
Қаңтар деген немене,

Қар мен мұзды елеме.



Ақпан келсе ақырып,

Аяз ұрар денеңе.


Наурыз келді наз келді,

Көңілдерге саз берді.



Сәуір келді жаз келді,

Қоңырала қаз келді.


Мамыр келді май келді,

Жер құлпырған ай келді.



Маусым келді мәз етіп,

Атам маған тай берді.


Шілде келді су қызды,

Бізге балық қуғызды.



Тамыз келіп тамаша,

Бақтан жеміс жұлғызды.


Қыркүйекте мектепке,

Асығамыз жетпекке.



Қазан келді қаз ұшты,

Жылы жаққа кетпекке.


Қарашада қалтырап,

Сарғаяды атырап.



Желтоқсанда жел соғып,

Суық қысты шақырад.


КҮН МЕН АЙ
Арасынан бұлттардың,

Күн домалап барады.

«Доп қып оны алам» деп

Қайрат қуанып қарады.


Дөңгеленіп аспанда,

Әп-әдемі ай тұрды.

«Айна қылып алсам» деп,

Қызықтырды Айнұрды.


АҚ КҮШІК
Ей, ақ күшік, ақ күшік,

Жалқау күшік жат күшік!


Қоян көрсең тұрмайсың,

Қойға мойын бұрмайсың.


Дайын асқа иесің,

Тек жатқанды сүйесің.


Сендей бала болмаймын,

Жалқау болсам оңбаймын.



МЫСЫҚ
Пыр-пыр мысық пыр мысық,

Тырнақтары жүр қышып.

Тал-теректің басына,

Өрмелейді тырмысып.


Тышқан көрсе қуады,

Бірден-бірден қырады.

Әбден тойып болған соң,

Артынан бет жуады.


Пеш түбіне келеді,

Жылы жерді көреді.

Бас алмастан пырылдап,

Сосын ұйықтай береді.



ТАСБАҚА
Ау, тасбақа, тасбақа,

Шабансың-ау, шабансың.

Тез жүрмесең саған сын,

Оқымасам маған сын.


САУЫСҚАН
Ала қанат сауысқан,

Желмен бірге жарысқан.

Өсек айтып секеңдеп,

Жердің жүзін тауысқан.


ҚАРҒА
Қарға, қарға, қарғалар,

Күресінде жорғалар.

Қоқыс көрсе қонып ап,

Боран соқса қорғалар.



КӨГЕРШІН
Көгершінім, ақ құсым,

Басқа қонар бақ құсым.

Бейбіт күнді сүйетін,

Бұл өмірге сақшысың.


ТОРҒАЙ
Торғай, торғай, торғай құс,

Мысық келді, ойбай, ұш!

Қыс келгенде қайтесің,

Тоңасың-ау, ой, байқұс!


ҚҰМЫРЫСҚА
Құмырысқа, құмырысқа,

Бәрі қаптап жүр жұмыста.

Еңбек етсең дәл осындай,

Болмас сірә, ғұмыр қысқа!


ҚАРЛЫҒАШ
Ақ тамағың әдемі,

Балшық үйің кәделі.

Жолатпаймыз ұяңа,

Жылан деген пәлені.


ТЫРНАЛАР
Тырау-тырау, тырналар,

Көк аспанға жыр жазар.

Күз келгенде қоштасып,

Бермейсіңдер бір хабар.


ҚОЯН
Секең-секең ақ қоян,

Саған не деп ат қоям.

Сәбіз берем, шөп берем,

Көжегіңді бақ қоян.


КӨБЕЛЕК
Көбелегім, көбелегім,

Мен саған не беремін.

Егерде бағбан болсам,

Көп гүлді егер едім.


Көбелегім, көп ойнама,

Қыс келер абайла, алда!

Ойын қуса дәл өзіңдей,

Адасады талай бала!


БҰЗАУҚАНҒА
Бұзауқаным, мамаңды

Сора-сора тауыспа.

Сауыншы апа келгенде,

Жайылып кел алысқа.


Бізде шөлдеп мамаңды,

Тез келер деп күткен ек.

Мағанда айран, сүт керек,

Ірімшік пен құрт керек.



АСЫҚШЫҒА
Үйір болып ойынға,

Үйіресің сақаңды.

Жұмсағанда тіл алмай,

Ренжітпе атаңды.


Мерген бала атанған,

Жақсы-ақ екен машығың.

Ойын емес, өмірде

Алшы түссін асығың!


СҰРАМШАҚ
«Ананы алсақ, мұны алсақ»,

Деп бәріне құмартад.

Мазалайтын апасын,

Мазалайтын папасын,

Оның аты «сұрамшақ».
ЖАҚСЫ БАЛА БЕЛГІСІ
Аға көрсе иілген,

Іні көрсе күйінген.

Жақсы бала белгісі,

Ұстаздары сүйінген.


Сабақ көрсе жаттаған,

Кірсіз киім сақтаған.

Жақсы бала белгісі,

Ата үмітін ақтаған.


Ерте тұрып төсектен,

Аулақ жүрер өсектен.

Жақсы бала белгісі

«5» алады есептен.


Анатілге ағып тұр,

Көршілерге жағып жүр.

Жақсы бала белгісі,

Шам-шырақтай жанып тұр.



ОН ЕКІ МҮШЕЛ
Тышқан жылы туғандар,

Тырбынады дән теріп.



Сиыр жылы туғандар,

Жүрер сүттей нәр беріп.


Каталог: 87A717FA9995D60B
87A717FA9995D60B -> Үй тапсырмасын сұрау Тест жұмысы
87A717FA9995D60B -> Апталықтың мақсаты
87A717FA9995D60B -> Бағдарламасы негізінде Ақмола облысы,Қоянды орта мектебінің
87A717FA9995D60B -> Бекітемін Қоянды орта мектебінің директоры Ж. Шәкенұлы 20 15ж
87A717FA9995D60B -> Сабақ жоспары Күтілетін нәтиже: Механикалық энергия ұғымын, энергияның потенциалдық және кинетикалық түрлерін
87A717FA9995D60B -> Қоянды орта мектебінің ІІ тоқсандағы тәрбие жұмысы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есебі
87A717FA9995D60B -> Армысың асыл жер, Армысың асыл күн, Армысың досым, Міне менің қолым


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет