Қ 17 Шәкенұлы. Ж к – Ақ балапан: Өлеңдер мен мысал әңгімелер, Алматы: «Мерей» баспасы, 2015. – 167 б


Барыс жылы туғандар, Батыр болып жетілер. Қоян



бет2/7
Дата25.12.2016
өлшемі1,38 Mb.
#4895
1   2   3   4   5   6   7

Барыс жылы туғандар,

Батыр болып жетілер.



Қоян жылы туғандар,

Секең-секең секірер.


Ұлу жылы туғандар.

Ұрынбайды жауына.



Жылан жылы туғандар,

Өрмелейді тауына.


Жылқы жылы туғандар,

Тұлпар болар бір өзі.



Қой жылында туғандар,

Қорғасындай мінезі.


Мешін жылы туғандар,

Күнде сауық құрады.



Тауық жылы туғандар,

Таң атпастан тұрады.


Ит жылында туғандар,

Ұрандағыш келеді.



Доңыз жылы туғандар,

Тоқ боп жүре береді.


СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ
Кісінеген құлын ба,

Маңыраған лақ па?

Сыңғыр-сыңғыр қоңырау,

Үн келеді құлаққа.


Мөңіреген бұзау ма,

Сыңғыраған бұлақ па?

Сыңғыр-сыңғыр қоңырау,

Сыбырлайды құлаққа.


Байғұз, көкек үні ме,

Жаңғырады тау іші.

Сыңғыр-сыңғыр қоңырау –

Болашақтың дауысы.


БАҒАНЫҢ БАҒАСЫ
– «5» алсам не бересің?

– Велесипед тебесің.


– «4» боп қалсам нетесің?

– Сабақ қарап өтесің.


– «3» тік алсам егерде?

– Шәкірт қылам шеберге.


– Ал «2»-ні алмағын,

Басқалардан қалмағын!


ЖЕТІ ЖАС
«Бір» жасымда білмеймін,

Талпындым ба, күлдім бе.

«Ата», «апа» деп былдырлап,

Қаз-қаз басып жүрдім бе.


«Екі» жасқа келгенде,

Елеңдедім әр іске.

«Үш» жасымда ұмтылып,

Құлақ түрдім дәріске.


«Төрт» жасымда төр сыйлап,

Балабақша шақырды.

Тақпақ айтып тақылдап,

Бала болдым ақылды.


Бергені көп «бесімнің»,

Еркелетті ертегім.

«Алты» жаста ән салып,

Домбыраны шертемін.


Жеті жасқа жетемін,

Мектебіме кетемін.

Таудай болып өсемін,

Ұстазды мәз етемін.


МЕН ТАЛАПТЫ БАЛАМЫН
Арманым алда бар ұлы,

Мен талапты баламын.

Ащы терім арқылы,

Тәтті жеміс аламын.


Ерте тұрып орнымнан,

Сабағымнан қалмаймын.

Білім алу жолынан,

Жалықпаймын, талмаймын.


Ата-анамды аялап,

Ұстаз сөзін ұғамын.

Мектеп маған сая бақ,

Ғылым жолын қуамын.



ТӨРТ МАУСЫМ
«Көктем» келсе дала гүлдеп,

Көгеретін шақ екен.

Көп білімнің шуағына

Бөленетін шақ екен.


«Жаз» деген сөз – жасыл тірлік

Бой жазатын кез екен.

Жазу жазып жас балалар

Ойланатын кез екен.


«Күз» дегенің – іздегенің

Молшылық пен жемісің.

«Бестік» баға берсе ұстаз,

Қол бұлғайды жеңісің!


«Қыс» дегенің – қары қалың

Аязды шақ ақ қырау.

Марапатпен мадақталып,

Шана мініп шапқылау.



ЖАҢА ЖЫЛ
Аппақ қар даламыз,

Той думан қаламыз.

Жыл келді, алақай,

Көп сыйлық аламыз.


Сабақты жаттаймыз,

Үмітті ақтаймыз.

Келгенде жаңа жыл,

Бір жасқа аттаймыз.


Ел қамын ойлаймыз,

Білімге тоймаймыз.

Жаңа жыл, жаңа күн,

Ән салып тойлаймыз.




МЕКТЕП
Ана мектеп – ақ ұям,

Таусылмайтын дәриям.

Өнер, ғылым, білімнен.

Бір өзіңнен нәр жиям.


ОТАН
Кезім жоқ Отан десе шалқымаған,

Болса екен жерім тыныш, халқым аман.

Туған жер тал бесігім әлдилеген,

Отаным – нәрін берген алтын анам.




НАУРЫЗ
Наурыз келді, алақай,

Бұлбұл құстар сайрады.

Бұлақта су сыңғырап,

Дала гүлдеп жайнады.


Шопан атам қозысын,

Қолтықтап ап келеді.

Төлдің басын сыйлық қып,

Маған ен сап береді.


Әкем ағаш екті де,

«Бұл да саған» деді шын.

Ұрпағым деп бәр-бәрі,

Жүгіреді мен үшін.


«Наурызбай» деп атымды,

Тектен-текке қоймапты.

Ержетсін деп ел үшін,

Ертеңімді ойлапты.


Наурыз, наурыз – жыл басы,

Туған күнім – бал күнім.

Отаныма арнаймын,

Бойдағымның барлығын.


КӨК БАЙРАҚ
Туы толқып Алатау бөктерінің,

Жалауланса жалындай көк бөрінің.

Көз сүзіп сол байраққа қарай берем,

Көсегесі көгеріп көктемімнің.


Құйылғандай қүдірет күн ішінен,

Қандай көркем!

Аспанның нілі сіңген.

Көлдердің көлеңкесіз келбетіндей,

Желбірейді жел сүйсе тынысы кең.
Тұнықтықтың дегендей айғағы едім,

Айбары елдің,

Арындай байрағы елдің.

Жалғастырып жатқандай махаббатын,

Аспанға ғашық болған айна көлдің.
Арайланып атқанда ырыс – таңым,

Толқынымен ойнатар күміс сағым.

Көк байрақ көрсетіп тұр көк жүзінде,

Табиғат пен қазақтың туысқанын.


Тамашалап көк тудың көркін ғажап,

Көңілімде дәл сондай желпінді ұзақ.

«Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп тұрғандай,

Қыранның қанатындай еркін қазақ.


ТОРДАҒЫ ТОТЫ
Дегендей-ақ тамашаны көр менен,

Біздің үйге тоты келді торменен.

Нәр қызыма сыйлапты Арай тәтесі,

Деп сұрадым:

– Күн көреді ол немен?
– Бұл үй құсы,

Жел тигізбей сақтаңыз,

Күн астына күйдіріп те бақпаңыз.

Көлеңкеде жылы жерде күтілсін,

Керек емес жасыл бақ пен бақшаңыз.
Мен күрсіндім,

От боп жанып жатты ішім,

О, бейшара, кіп-кішкентай пәк мүсін.

Мазақ болған мына сәби – қоғамға,

Аяп кеттім еркіндіктің ақ құсын.
Құлатқан соң құлдық сана құрдымға,

Құны да жоқ бостандық пен қырдыңда.

Бір ділдәға қапас сатып алғанмен,

Еркіндікті ала алмайды мың ділдә.


Түрілгенде қара түннен шымылдық,

Ұстамайсың ұйқыңды да шынжыр ғып.

Екеуімізде оянамыз таң сәрі,

Қосылып ап бір мұңлыға бір мұңлық.


Торда тоты сайрағысы келеді,

Кенеземде кепкен менің шөл еді.

Құс қапасқа, мен қалаға қамалып,

Үмітіміз ұясында өледі.


Бұл жау көрсе шимен түрткен баламды,

Даламды аңсап, өгейлеймін қаламды.

Қамамасын қапасқа деп тіленем,

Бір Алладан –

Тілім,

Ділім,


Санамды!
Құс ұшпайды,

Мен қалаға байланам,

Дей берем тек: Тотыңды ая, әй, балам!

Түн келгенде қалғып кеттік...

Ол қайтер?

Мен түсімде –

Аппақ құсқа айналам!
БІР АЛЛА
– Айтшы, ата, аюдан

Қорықасың ба? – деді Ерсін

– Аю түгіл арыстан...

Қорқыта алмас, не дерсің?


– Онда?

Ерсін таңғалып,

Ауыр ойда қалды ұзақ

Деді атасы:

– Қорқамын,

Бір Алладан жалғыз-ақ.



БАЛАЛАРЫМА
Құлындарым, шұрқырап келші менің,

Сыйымды көрсін жерің, көрсін елің.

Тайпалтып қара жорға қаламымды,

Мен сендерге өлеңнен енші бердім.


ДАЛА АҢСАҒАН НЕ ДЕЙІН БАЛАМ САҒАН
(Сайынға)
Дала аңсаған не дейін балам саған,

Далаң еді шайқаған шаранадан.

Хабар айтып кетті ме самал саған,

Қара шал қалғып қалған қара жалдан.

Дала аңсаған не дейін балам саған?!
Дала аңсаған не дейін балам саған,

Жетті ме үні ауылдың жаңа ән салған.

Телміресің, шаршайсың, шамаң – шабан,

Қала менен ауылдың арасы арман,

Дала аңсаған не дейін балам саған?!
Дала аңсаған не дейін балам саған,

Жұпар лебі жетті ме тау аршадан.

Мен емеспін далаңа қала салған,

Қаламай ма қаланы сарай санаң,

Дала аңсаған не дейін балам саған?!
Дала аңсаған не дейін балам саған,

Қайтқан қазға телмірдің қарашадан.

Атаң еккен қырдағы қаламшадан,

Шақыра ма бой созып балауса орман,

Дала аңсаған не дейін балам саған?!
БАЛА ТІЛЕГІ
(Мерейге жазылған алғашқы өлең)


  • Не қалдырдың, әке, маған?

Деді балам, маған кеп.

  • Өмірден шын із қалдырған,

Қай мұраңды алам? – деп.


  • Байлық, – дедім әуелі оған, –

Бар емес пе шалқыған.

Дүниеде ен-дәулеттен,

Барма нәрсе артылған.
Жоқ! – деді ол,


  • Атақ, – дедім,

Мендік атақ жер жарған.

Онан артық нәрсе бар ма?

Құшақтайын, кел, қарғам!


  • Жоқ! деді ол,

– «Мансап» дедім,

Бар ғой елде мәртебем,

Мансап пенен мәртебелен,

Болмас басқа бар деген.




  • Жоқ! – деді ол,

  • Айтшы дедім,

Нең қалды енді ұнатқан.

Деді ол да іркілместен:



  • Не берерсің кітаптан?

Ұйұыда екем, ояныппын,

Түсіме де қош айтып.

Жатыр екем балама арнап,

Бармағымды шошайтып.
Бесігінде балғын бөбек,

Жатыпты ұйықтап Мерейім.

Дедім іштен, қарап оған:


  • Кітап жазып берейін!

1988 жыл қараша.

Шірікши

МЕРЕЙГЕ
Дала менен қаланың жырағын-ай,

Аманбысың, Мерейім, шырағым-ай.

Әр күндері түсімде сені көріп,

Оянамын ұйқыдан жылап ыңғай.


Неге екенін білсмеймін сағыныш па,

Сағыныш па қиял ма алып ұшпа.

Айналам да жүремін әйтеу сені,

Баласына үйірілген қарлығашша.


Томсарасың, жылайсың назаланып,

Жүрсің бе әлде шешеңнен «жазаланып».

Қош айтпай кетті деме, онда ұлым-ай,

Жатыр ең ғой ұйқыңа таза қанып.


Орны өгейсіп түсе ме кейде есіңе,

«Ат мінгенің» әкеңнің кеудесіне.

Басқа қалып алғанда ойыншығыңды,

Қаратпаушы ең жалтарып бермесіме.


Әкең кетті алысқа бағын сынай,

Жүрсе екен құлыным, сағың сынбай.

Мерей, жаным, мерейің үстем болғай,

Сағындым-ай, өзіңді сағындым-ай!


25.09.1990. Үрімжі

БАЛА КӨРІП БҰЛ ҮЙДЕН
(Өмірғали Мұқажанұлының үйінде)
Мен міне, бал-бұл жанған бала көрдім,

Көп ойға бала көріп бара бердім.

Келгені-ай, маңдайынан иіскелегім,

Келгені-ай, құшағыма ала бергім.


Мен міне, бұл үйден бір бөбек көрдім,

Секілді менің Мерей көбелегім.

Көрімдік атайыншы, айтайыншы

Шабытым қайда менің көп өлеңім?!


Япыр-ай, неге, неге жылады екен,

Тәтесі-ау, ерке ме өзі, бұла ма екен?

Қарашы құлыны шықты жанымның да,

Қарағым, жыламашы, жылама еркем!


Жаным-ай, уан енді, уан енді,

Уанбасаң жанарымды жуам тегі.

Қуансаң, уансаң мен де шалқып,

Айы да көңілімнің туар еді.


Жырғатшы, күлші, күлші, тағы күліп,

Мерейім жүргенінде сағындырып.

Бал деген рас екен бала тілі,

Барады былдырласаң жаным кіріп.


Секілді әкешіңнің жалғас белі,

Мінеки, көріп едім, алғаш сені.

Қимадым, жыламай жүр, жылатпаңдар,

Мен кеттім, қош сәбиім, ал, қош енді!


30.09.1990 Санжы-Жыңлоба
СӘБИІМНІҢ ИІСІН-АЙ
Жүк басса да мың батпан бүгілмеген,

Төске салып ұрса да үгілмеген.

Жібімейтін қап-қара тас еді ғой,

Жүйке-жүйкем босады бүгін неден!?


Тақат сабыр төзімім қашты қайда,

Жанарымның құлдады жасы майда.

Кеңсірігім дәл қазір жарылардай,

Ашымаған щылым мен насыбайға.


Сағынудан сарқылған тамшылар ма,

Сәбиімнің иісін-ай, бал шығар да.

Атау керек болсын-ақ сарық басып,

Иіскеп барып қисайсам жан шығар да.


Сәбиімнің иісін-ай, жұпар ма еді,

Сусын етіп шіркін-ай, жұтар ма едім.

Алты қанат шықсам да аспаныңа,

Ос иісті шынында ұмытар ма едім?!



08.10.1990. Үрімжі
МЕЙІРГҮЛ ДЕП АТ ҚОЙДЫМ
Адам, адам, жер, жер боп жаралғалы,

Жауыздықтар қаншама таралмады.

Омырауын ананың ора жауып,

Қанша бөрі қан-сөлін таламады,

Қара жердің кеппеді қара қаны.
Жебір жүрек жем етіп, темір жүрек,

Қыршынынан қиылды не бір түлек.

Тіршілікке тіректі жомарт күндей,

Жүректерді жүгінтер – мейірлірек,

Қажет болды қайырлы мейір – тілек.
Мейір, Мейір!

Сол мейір көктесін деп,

Көңіл көгін найзағай сөкпесін деп.

Қайғы – қамыт қанды жас төкпесін деп,

Мейіріңді көл-дария көпке ұсын деп,

Ат қойдым мен:

«Мейіргүл» текті есім деп!

1991 жыл сәуір,

Алтай-Шірікши
НАРАЛТАЙ ТУҒАНДА
Сен туғанда аспан қатты күркіреп,

Жарқылдады найзағайдың оттары.

Көңілімнің көп құстары дүркіреп,

Маздап кетті жүрегімнің шоқтары.


Жайдың отын ала тудың жаныңмен,

Жарық қылдың Алатаудың бөктерін.

Қайта туған бақытым ба ең, бағым ба ең,

Гүл жайнатып көңілімнің көктемін.


Ағыл-тегіл ақ жаңбырдың тамшысы,

Шүйіншідеп тереземді шертеді.

Қандай ғажап шаттығыңның жаршысы,

Басталды енді баянды бір ертегі.


06.07.2003. Алматы
НӘРГЕ

Күннің нұры, гүлдің нілі сен едің,

Жанұямды шаттығыңа бөледің.

Көктем келіп көгергенде бар алап,

Мен өзіңді қызғалдаққа теңедім.
Нәрім менің, әнім менің, шуағым,

Таудан аққан мөлдір каусар бұлағым.

Тіршіліктің таңдайына нәр сыйлап,

Жарқырасын – жаңа өмірің, шырағың,

Жайқалта бер, жаз өмірдің құрағын!
АҚТҰЙҒЫНҒА
Ақтұйғыным, ақ құсым,

Басқа қонған бақ құсым.

Аппақсың сен сүттенде,

Тәттіденде тәттісің.


Ақтұйғыным, ақ құлын,

Шапқылайсың шаттығым.

Тамылжыса табиғат,

Шам-шырағын жақты күн.


Тұлпар болар тұнығым,

Сұңқар болар сұлуым.

Жаялық еттім мен саған,

Жүрегімнің жылуын.



МӘУЕСІНДЕЙ МӘУЕЛЕСІН ЗӘЙТҮННІҢ

(Мәуеге)
Мен Алтайда, сен Арқада туылдың,

Мен Ертіске, сен Есілге жуындың.

Қырық бестің қырқасында сен туып,

Шаттығымнан шаңыраққа ту ілдім.
Тәубе қылдым, тәуелсіздік ақ таңы,

Құлағымда құлынымның тәтті әні.

Қояндыда думандатып той өтті,

Босағамды бақыт құсы аттады.


Қазағымның Астанасы құлпырып,

Қашты уайым, күн боп биік шықты үміт,

Бәйтерекке мәуе болсын деп тілеп,

Есіміңді «Мәуе» қойдым, құт біліп!


Ата-анаңа, еліңе де Мәуесің,

Арқаладың арманыңдай дә-ә-у есім.

Шешең сені қызым дейді өзімдей,

Әкең сенің үйіреді тәубесін.


Аманында аялаған ай-күннің,

Сәулесіндей сағымы мол айдынның.

Ақ батасы аталардың арнаған:

«Мәуесіндей мәуелесін зәйтүннің!»


2012 жыл шілде, Астана


АЙСЕЗІМГЕ
Тәубе, Тәубе, Аллаға, мыңда шүкір,

Шаттығымды жас сәби, тыңдашы бір:

Айсезім, ай нұрындай сәуле шашып,

Бақытым балбөбек боп сырласып жүр.


Айсезім, немеремсің қауыз жарған,

Алғашқы ақ уыздай ауызға алған.

Ыңалап наз айтатын сенің үнің,

Көмейден көлдей толқып ағызған ән.


Айсезім, ай бөпешім, қуат құсым,

Аққудың балапаны сияқтысың.

Бөлеген мені Ата бақытына,

Жаралған аппақ нұрдан шуақтысың.


Айсезім, айым да бол, күнім де бол,

Көктемнің мың құлпырған гүлінде бол.

Алла саған бақыттың бәрін берсін,

Сайраған бұлбұл құстың үнінде бол!


2014 жыл қазан, Астана

АТАНЫҢ ОН АҚЫЛЫ
(Мұхаммед пайғамбардың хадисінің ізімен)
Жақсы адам – дос тұтар айналасын,

Жаман адам – ойлайды пайда, басын.

Өсекші, досты айырып жала жапқан,

Жек көрінішті болады – қайда барсын?!


***

Ой құмарлық – ақылдың қайнарындай,

Таза жүрек – пенденің айбарындай.

Жақсы мінез – жаныңның шам-шырағы,

Абырой бұдан артық қайда мұндай?!
***

– Қияметте ең жақсы – айтшы, неңіз?

– Көркем ой, көрікті сөз, жақсы лебіз.

– Алланың жек көрерін білесің бе?

– Аузы лас, мінезі сұм, тентек-тебіз.
***

Ғибадат пен құлшылық та ең ірі,

Жаныңа да тәніңе де жеңілі –

Ол пенденің аз сөзі мен көп ісі,

Періштедей пейілі мен көңілі.
***

Шыншыл болсаң жақсылықтың келгені,

Жұмаққа да Алланың жол бергені.

Жалған сөйлеп бұзықтыққа бет бұрса,

Тозақ оты күйдіреді пендені.

***


Шындық, еңбек – бақытыңның бастауы,

Жалған, жалқау – адамдықтың қас жауы.

Желбіресе ақиқаттың ақ туы,

Өтіріктің көтерілмес шашбауы.


***

Бір ісім бар Алла алдында алаңдар,

Күнәданда ауыр бәлкім, соны аңғар.

– Ол кім? – десең,

– Жалғыз басын мақтаған,

Өзін-өзі пір тұтатын адамдар.


***

Ізгілік пен ізетің садақадан кем емес,

Ағайынға әрқашан ашық жарқын есендес.

Су сұраса сүтің мен балыңды бер, аяма,

Алла сенің құр қоймас елге берген есеңді еш!
***

Шарапатты айтар болсам, қарағым –

Білместерге білгендікпен қарағын.

Зұлымды кеш, садақа бер сараңға,

Араздардың араларын жамағын!
***

Шын ұялсаң Алладан – таза ұста тәніңді,

Көркем мінез, көрікті ой – адалдыққа бәрі үлгі.

Өлім, ауру, сәтсіздік – ескертуі Алланың,

Қызығам деп жалғанға бұлғап алма арыңды!

ОЙ МАРЖАНДАРЫ
Бір елдің бақытты, бақытсыздығы – білімді ұрпағының болу, болмауында.
***

Жаман досың болғанша, жақсы кітабың болсын.


***

Адам – сенімімен биік, пенделігімен аласа.


***

Үмітің үлкен болса, үрейің кіші болады,

Жүрегің күдікшіл болса, жүрісің мандымайды.

***


Серке сенімсіз болса қой адасқақ,

Жүрек таза болмаса ой адасқақ.


***

Күле сәлем бергеннің бәрі дос емес,

Күңірене сын айтқанның бәрі жау емес.
***

Өзгеге пайда тигізу қолыңнан келмесе де, зиянды іс істей көрме.


***

Биік болсаң, аласаға кешіріммен қара,

Аласа болсаң, биікке құрмет ете біл.
***

Адалдық арымайды, арамдық жарымайды.


***

Білімді адамнан сайтанда қорқады.


***

Тар жерде тапқан ақыл, кең жердегі кемелді ойдан артық.


***

Саясат өзгереді, заң да өзгереді,

Алайда адамның адамдығы мәңгі өзгермеуі тиіс.

***


Заманның құлы болма, заңғар еліңнің ұлы бол.
***

Өзін халқына арнап, ел үшін адал еңбек еткен жанды ерте ме, кеш пе халқы да ардақтайтын болады.


***

Өзге тілді қанша көп білсең, сонша жақсы,

Өз тіліңді қанша білмесең, сонша қасірет.
***

Алдыңа ас келгенде қанағатты ұмытпа,

Басыңа бақ қонғанда жамағатты ұмытпа.
***

Көкірегіңе даналықтың ұрығын сепсең, жемісін ұрпағың жейді.


***

Аз ақшаны аялап ұстасаң, көпке жетеді,

Көп ақшаны шашып ұстасаң, азға да жетпейді.
***

Қыс қарсыз болса, жаздағы егініңді ойла,

Жаз жауынсыз болса, қыстағы шөбіңді ойла.
***

Еңбекке жүгірген жанның еншісін Алла береді.


***

Өзім қуанамын десең, өзгені қуандыра біл.


***

Батылдық пен сенім – жеңістің баспалдағы.


***

Ақылды адам ажал аузында да ақылды.


***

Жауыңды тез жерлеуді ойлама, оның досыңа айналуын ойла.


***

Бақытсыздықтың бастауы – ақиқатты мойындамаудан басталады.


***

Адал терің көп төгілсе, алал асың көп болады.


***

Нан жегенде егіншіні еске ал,

Ет жегенде малшыны еске ал.
***

Бүгін өлердей тойып, ертеңінде аш жүретін адам – адамнан көрі хайуанға көбірек ұқсайды.


***

Еңбекті емшек еткен бала уызға жарып өседі.


***

Ашу – ақылдың тонаушысы,

Ақыл – адамдықтың қорғаушысы.
***

Ұят – иманның ұясы.


***

Жастың жанына, кәрінің ақылына үйір бол.


***

Өз ұлтын сүймеген адамнан отаншылдық шықпайды.


***

Ұяты күшті адам ұрлықтан аулақ болады,

Намысы кұшті адам құлдықтан аулақ болады.
***

Ізгілік үшін шаршағанның ұйқысы тыныш болады,

Байлық үшін шаршағанның басы даусыз болмайды.
***

Бүгін үшін бір ойласаң, ертең үшін екі ойла.


***

Таңның сұлу дидарында тәңірдің жылуы бар.


***
Мешітке жақын отырғанның иманы көбейеді,

Дүкенге жақын отырғанның тиыны азаяды.

***

Қарттың көңілін ауыртпа, баратын жері жақын,



Көршінің көңілін ауыртпа, қонатын жері жақын.
***

Табаныңда бүр болса, тақияңда гүл болады.


***

Ұсақшыл болсаң ұтыласың,

Кең пейіл болсаң құтыласың.
***

Керісті терсең, кеселің көбейеді,

Ұрысқақ болсаң ұятың азаяды.
***

Сұрақты жаратқан Алла шешуін де жаратқан.


***

Досты байлығына қарап емес, адал жүрегіне қарап таңда.


***

Серігің сенімді болса, өкінішің аз болады.


***

Аппақ жұмыртқадан қап-қара балапан туады,

Данадан да ақымақ бала туады.
***

Өзгелерге ор қазу туралы ойлағаннан гөрі, өзің шығатын жотаны ізде.


***

Балаңды патшалыққа үйретсең құл болмайды.

***

Ащы тердің жемісі тәтті болады,



Артық ұйқының азабы ащы болады.
***

Өмірді өзіңдей сүй,

Өзіңді өмірдей сүй.
***

Жүрегінде шындық шырылдап жатпағаннан шыңға шығар талант шықпайды.


***

Ағайын екен деп араныңды аша берме,

Қайыршы екен деп қазаныңды төңкере берме.
***

Сенімі жоқ адам селге аққан салынды.


***

Өмір – тәтті, өлім – ащы.


***

Жауыңның алдында шалқая білсең де ерлік,

Досыңның алдында еңкейе білсең де ерлік.
***

Сөз аузыңнан шыққанша ғана сенікі, ал аузыңнан шыққан соң оған ие бола алмай қаласың.


***

Жылмаңдаған түлкі алдап тынғысы келеді,

Жымыраңдаған жолбарыс жалмап тынғысы келеді.
***

Жаманды жеңдім деп өзіңді данышпан санама,

Байталдан озды деп атыңды тұлпар санама.
***

Білімсіз, ақылсыз, надан адамдармен дос болғаның – тесік қайыққа отырып алыс сапарға шыққаның.


***

Ауыр еңбектің азабы ұмытылады, жемісі қалады,

Қанды ұрыстың қазасы ұмытылады, жеңісі қалады.
***

Махабаттың ыстығына бөленген адам өмірдің суығына тоңбайды.


***

Өтіріктің өлімі жақын,

Шындықтың шыңы биік.
***

Заңына құрмет етпеген елдің залымы көбейеді,

Ұлыларын ұлықтаған елдің ғалымы көбейеді.
***

Иманды жанның ерлігі еңселі, білгені білікті болады.


***

Мектепте ұстазың, мешітте имамың білімсіз болса құдайдың ұрғаны.


***

Ақылды ұл ата тегін сұрағыш келеді,

Ақылсыз ұл көршінің баласында кеткен кегін сұрағыш келеді.
***

Жер беті – күллі адамзаттың ортақ отаны.


***

Кесір сөзді адамға кедейшілік пен кесапат үйір.


***

Көзінің алдын ғана ойлайтын адамның көрі жақын болады,

Көптің қамын ойлайтын адамның төрі жақын болады.
***

Өзі туралы айтылған ғайбатты естігенде сабыр сақтап, желп етпеу – ер жігіттің сабаздығы.


***

Тау қанша биік болғанмен аспанның астында,

Өзен қанша асау болғанмен жердің бетінде.
***

Қаламыңның жорға болғаны – қара арғымағыңның жорға болғаны.


***

Орынсыз қызғаныш – етегіңе ілінген от, дер кезінде өшіріп тастамасаң өртеніп кетесің.


***

Қарғанып сөйлегеннің қарығы ашылмайды.


***

Көңілің көктем болса, өмірің жаз болады,

Айдының ашық болса аққу мен қаз қонады.

***


Сатқындық – сені уақыттық пәледен құтқарғанымен, уақыттың жазасынан құтқара алмайды.
***

Арманың биік болмайынша адымың ашылмайды,

Арың таза болмайынша қарығың ашылмайды.

ЖАҢЫЛТПАШТАР
Той қумастан қой қуғай,

Қой қумастан тай қуғай,

Тай қумастан ой қуғай.
***

Қара таудың қарлы басынан қарлығаш ары асты ма,

Қара басып қарлы басында қарлығыш адасты ма.
***

Қалың бастық келіп қарбаластық болды,

Қарбаластықта қалың мастық болды.

Қалың мастар қалжыңбастар болды.


***

Білгірлер мен тілгерлер тілдесті,

Тілгерлермен түрлі елдер тілдесті.
***

Бажалар базарларда жүр ме,

Тажалдар мазарларда жүр ме?
***
Апам кіші ішік пішті,

Мен іркітті ішіп біттім.

Апам қанша кіші ішік пішті,

Мен қанша іркітті ішіп біттім?


***

Шәріпханның көңілі қызметте болады,

Шарапханның көңілі қымыз, етте болады.

Жаратқанның көңілі қыз, ұл – көпте болады.


***

Байпақ Байтаққа тиді ме,

Байтақ байпақ киді ме?
***

Тапсам,


Тақпақ таппақпын.

Бақсам,


бақбақ, бақбақпын
***

Анау –


Аймақтағы қай бақ,

Айлақтағы қай лақ?


***
Тіреуішке түйрегем түйреуішті,

Күлдіреуішке тірегем тірегішті.

Түйреуішім тіреуішке түйрелмепті,

Күлдіреуішке тіреуім тірелмепті.


***
Еріккендер ертегі айта ма,

Ертегі еріккендерді байыта ма?!


***
Қара атқа мінген қалақтай бала ма,

Қалақтай бала қаратпай бара ма?


***
Қарға ақ емес, тарғақ қара емес,

Қарға тарғаққа пар емес.


***
Еті тірілер ептілермен бірігер,

Ептілер мен еті тірілер елге бірдеме бітірер.


***
Ана қан-жынды ала қаншық ала қашпасын,

Ала қаншық ала қашып далаға шашпасын.


***
Бұқалар бұқараларға жүгірді,

Бұқаралар бұқаларға жүгірді.

Бұқалар мен бұқараларға бір қара нар жүгірді.
***
Балға құмар балалар араларды қуар,

Балға құмар аралар балаларды қуар.


***

Ақ парақты ақпарат ап таратты ма

Ақпарат ақ-қараны аппақ қылып таратты ма?

***


Тұтқыр сөзді айтпасаң «тұтыққыр» дейді,

Ұтқыр сөзді айтпасаң «ұмытқыр» дейді.

Тұтыққыр, ұтқыр, тұтқыр, ұмытқырды айтпасаң,

«Дым құртқырды жым-жырт қыл!» дейді.


***
Ерке «серке еркек пе?» деп сұрады,

«Еркек серке елпек пе?» деп сұрады.


***
Жандарбек жыланды көріп жыларманға жетті,

Жылан Жандарбекті көріп жыра – арнаға кетті.


***
Жарапазанмен жарнамаланғандар көп пе,

Жарнаманы жарапазалағандар көп пе?


***
Ағалар аға бола алар ма деп,

Балалар баға қоя алар ма екен.

Балалар бағаға бара алмаса,

Ағалар аға бола алар ма екен.


***
Арқарға ақ қардан бақ бар ма,

Ақ қарға арқардан бақ бар ма.


***

Құлдар құр алақан тұрар ма,

Құлдарды күң Гүлнар мен қу Құмар құр алақан қылар ма?

***
Шалғыдан шалдықтың ба,

Шалдықтан шалдықтың ба.

Шалғы тарқан шалдықтан жалықтың ба?!


***
Қарғалдаққа адал ақ қар нақ қар болар,

Қарға адал, ақ гүл қарғалдақ болар.
***
Дастархандағы талқаннан Дархан тарахан көрді,

Тарахан тас-талқан болған Дарханды көрді.


***
Петрапауыл – бек кір ауыл, бекірелі ауыл,

Павлодар – даулы ауыл, дауылды ауыл.


***
Ит ішпес көлден ешкім де ішпес,

Ешкім ішпеген көлден ешкі де ішпес.


***

Ермектің ең ірі елтірі бар ма,

Еңліктің ең ірі етігі бар ма?
***

Сара сары қымыздың сарқынын ішті ме,

Сары қыздың сарқынын ішті ме?
***
Қажымұрат Қожамұратов па,

Қожамұрат Қажымұратов па,

Қажымұрат пен Қожамұрат – Қазымұратов па?
***

Жарыместің көтергені жарты мес емес пе,

Жарты мес жарыместің шарты емес пе?
***
Құр дарақты құрт, араққа берді ме,

Ұлтарақты ұл – қараққа берді ме?


***

Қодар ожар болды ма,

Ажар ажал болды ма?
***

Сарқантта –

Сары солдаттар да бар,

Сарғалдақтар да бар,

Солдаттарда шардақтар да бар,

Сарғалдақтарда сары дақтар да бар.



Каталог: 87A717FA9995D60B
87A717FA9995D60B -> Үй тапсырмасын сұрау Тест жұмысы
87A717FA9995D60B -> Апталықтың мақсаты
87A717FA9995D60B -> Бағдарламасы негізінде Ақмола облысы,Қоянды орта мектебінің
87A717FA9995D60B -> Бекітемін Қоянды орта мектебінің директоры Ж. Шәкенұлы 20 15ж
87A717FA9995D60B -> Сабақ жоспары Күтілетін нәтиже: Механикалық энергия ұғымын, энергияның потенциалдық және кинетикалық түрлерін
87A717FA9995D60B -> Қоянды орта мектебінің ІІ тоқсандағы тәрбие жұмысы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есебі
87A717FA9995D60B -> Армысың асыл жер, Армысың асыл күн, Армысың досым, Міне менің қолым


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет