Қ. С. Өскембаев



Дата23.08.2017
өлшемі214,54 Kb.
#24943
Қ.С. Өскембаев

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті.
Ә. Бөкейхан: халқы үшін жаралған тұлға
Өткен жылдың 5 наурызында қазақтың нар тұлғасы ХХ ғасыр басында ұлт – азаттық «Алаш» қозғалысының жетекшісі, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін жасаушы, экономист, тарихшы, этнограф, журналист, қоғам және саяси қайраткер, әдебиеттанушы, публицист, саяхатшы, географ және аудармашы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толды.

Әлихан Бөкейханның мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып, ұлықталатын болды. Бұл қуанышты хабар ЮНЕСКО-ның 18 қарашасында Парижде аяқталған Бас конференциясының 38-ші сессиясында жария етілді.

Сүйінші сұрап сол күндері-ақ, бізге белгілі алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы бәрімізге хабарлап жатты. Ұйымның қатысуымен аталып өтетін ағартушы тұлғаға арналған бұл еске алу-мерейтой шаралары біздер үшін мемлекеттік маңызы бар үлкен жеңіс. Бұл дегеніңіз қайраткердің және оның серіктерінің ғұмыр жолдарын зерттеп, ұлт мүддесі жолындағы еңбектерін паш етуде көптеген істерге мұрындық болатынына біздер кәміл сенімдіміз. Ә. Бөкейхан сол заманда-ақ қазақ елінің болашақ даму жолын анықтап, оның мемлекеттілігінің әлемдік деңгейдегі орнын даналықпен көрсете білді. Бүгінгі ұрпақ, біздер оған шексіз қарыздармыз. Әлихан бабамыздың 150 жылдығын тойлау, өшпес істерін ұлықтау неге керек: 1-ден, осы іс-шаралар барысында «Алаш» тұжырымын (концепциясын) анықтап, ашып алу, тұлғалардың ерлік істерін дәріптеп, біржолата ақтау. 2-ден, «Алаш» ардақтылары алдындағы тікелей міндеттерімізді өтеу, «Аруақтарға» тағзым ету, 3-ден, Бұл мерейтой «Қазақ мемлекеттілігі», «Мәңгілік ел» идеясын жандандыра беру үшін керек және кеше ғана тойланып, көп мәселеге жаңалық әкелген «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойының заңды жалғасы болмақ. Оның үстіне бізді қуантатын жағдай, бұл іс – шара «Алаш» көсемдері, елімізге белгілі тұлғалар Ақбайдың Жақыбының 140 жылдығы, Ермек Әлімханның 125 жылдығы, «Алаш» ұлт – азаттық қозғалысының 100 жылдығына сәйкес келіп отыр.

«...1927 жылы Ленинградтан шыққан «Казаки. Антропологические очерки» деген жинақта Әлиханның «Казаки Адаевского уезда» деген соңғы ғылыми зерттеуі жарияланды. Сонда ол өзін «Алихан Букейхан» деп көрсетеді. Сондықтан біз осыны басшылыққа алуымыз керек. Бірінші назар аударғым келетін мәселе осы» - дейді Аққұлы[1]. Ендеше, болашақ еңбектерде, мақалаларда түпкілікті Әлихан Бөкейхан десек дұрыс болар еді.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Омбыдан табылған құжаттар бойынша және тұтқында отырғанда өз қолымен толтырған анкетада туған жылы мен өскен ортасын көрсеткенде 5 наурыз 1866 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7 ауылында дүниеге келгенін жазады [2].

Ә. Бөкейхан туралы бүгінде бірнеше том-том болып еңбектер жазылып, жүздеп мақалалар жариялануда және жазыла бермек. Ол тез өзгеріп жатқан заманда өмір сүріп қандай билік келсе де олардың тарпынан қолдау таппаған жан. Алайда ол XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы өз елі үшiн басын құрбан қылған аса ерекше тұлға. Оның арғы атасы Шыңғысханның ұрпағы әйгілі Барақ сұлтан ақтабан-шұбырынды заманында ешкімге де бас имеген. Ал ержеткен ортасы – Абайдың шығармалары, Мәди мен Нарманбет секілді күрескер әнші-компазиторлардың азаттықты көксеген тамаша туындылармен сусындаған, Қоянды жәрмеңкесіне келген бүкіл Арқа қазағының басын қосқан айтулы Қарқаралы өлкесі. Жасынан зерек, алғыр өскен Әлиханды әкесі Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ ол молданың қолынан оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жж. Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқыды. 1886-1890 жж. Омбыдағы кәсіби-техникалық училищені бітіреді. 1890-1894 жылдары Петербордағы Орман институтының экономика факультетінде оқыды. Мұнда ол студенттік қызу пікірталастарға қатынасып, ХХ ғасыр босағасын аттағалы тұрған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куә болды, өз ойын да шыңдай түсті. Бөкейхан туралы «Семипалатинский листок» газетінің 1906 жылғы 5 маусымдағы санында: «Ол Орман институтының студенті болып жүрген кезінде барлық студенттік қозғалыстарға белсенді түрде араласып, әсіресе, солшылдарға ілесетін. Марксизм туралы қызу пікірталастарға экономикалық материализм қағидаларын дес бермей қорғайтын» делінген. Бөкейханның Ресей жандармерия басқармасының назарына алғаш рет студенттік 1892 жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің қара тізіміне алынды»[3, 401-405 бб.]. Жалпы оның патшалық замандағы түрмеге жабылуын 1906 ж. алғашқыда Кереку, одан кейiн Омбы, 1908 ж. Семей түрмесіне түсуінен, 1908-1916 жж. Самараға жер аударылуынан көрсек, кеңес дәуірінде «контрреволюцялық әрекеттері» үшін деп үш рет (1922, 1926 және 1937 жж.), он жыл (1927-1937 жж.) «үйдегі қамаудағы» кезеңдерінен байқаймыз.

XІX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында демократиялық азаттық бағыттағы қоғамдық қозғалыс өрістеді. Оның көш басында Ресей оқу орындарында оқыған ұлт зиялылары тұрғаны белгілі. Зерттеушілер Ғ.Ахмедов, В.Григорьев М.Қойгелдінің мәліметтеріне сүйенсек төңкеріске дейін мыңға тарта қазақ жастары Петербор, Мәскеу, Қазан, Киев, Саратов, Воронеж, Том, Омбы сияқты ірі қалаларда оқып білім алған. Осындай мәлімет 2014 жылы Алматы қаласында, «Сардар» баспасында шыққан Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлының «Алаш қозғалысы» атты Энциклопедиялық анақтамасында да беріледі. Көрнекті мемлекет қайраткері, математика профессоры, «Алаш» қозғалысына қатысушы Әлімхан Ермектің деректеріне қарағанда, Ә.Бөкейхан Ленинмен бірге Петербор университетінің заң факультетін өз бетінше (экстерн түрінде) бітірген, бірнеше шетел тілін білген, сөйтіп жиырма төрт жасында жоғарғы білімі жөніндегі екі дипломға (бірі Орман институты) ие болған, керемет білімді жас, Санкт-Петербургтағы марксизм теориясын терең білетіндердің бірі ретінде атағы шыққан [4, 296 б.]. Ал Ресейлік ғалым Б.И. Николаевский, сонымен бірге кейбір қазақстандық ғалымдар мысалы М. Базарбаев, С. Аққұлы оның масондық ұйымға қатысы барын жазады. Филология ғылымдарының кандидаты Аққұлы С.А. қазақ және орыс тіліндегі 7 томдық жинағында Бөкейханның өмірінен өте құнды деректер береді.

Ә.Бөкейхан институтты бітіргеннен кейін Омбыға барады. Онда орман шаруашылығы училищесіне математика пәнінен оқытушы болып орналасты. Солшыл бағыттағы «Степной край» газетінің қызметіне белсенді түрде араласып, оның редакция алқасы құрамына енді.

Әлихан Бөкейхан академиктер С.П. Швецов, С.Ф. Ольденбург, А.Е. Ферсман, С.И. Руденко, С.Ф. Баранов секілді көптеген көрнекті ғалымдармен достық қарым-қатынаста болған. 1894-1926 жылдар аралығында ол төрт түрлі ғылыми-зерттеу экспедициясының жұмысына қатысқан: «Тобыл» экспедициясы; В.А. Щербинаның жетекшілігімен жасалған экспедициялар (1896-1901 жж.); С.П. Швецов басқарған статистика-экономикалық экспедиция (1902-1903 жж.); сондай-ақ (1926 жылы) ССРО Ғылым академиясының антропологиялық экспедициясы. Төңкеріске дейінгі экспедицияларда ол еліміздің жер-суын, тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын кең және терең зерттеп білуге мүмкіндік алды. Шербина және Швецов экспедициялары кезінде ол, қазақ қоғамындағы ерекшеліктерді анық байқады. Бұл қоғамның әлеуметтік құрамы жағынан болсын, шаруашылық, мәдениет тұрғысынан болсын тап-тапқа, мысалы, езілуіші – еңбекші мен үстем тап өкілі капиталист-буржуазия деп жікке бөлуге болмайтындығына көз жеткізіп, марксизмнен біржола бас тартады. Аққұлы С.А. айтқандай, сөйтіп «1910 жылы Санкт-Петерборда басылып шыққан «Қазақтар» очеркінде атап көрсеткендей, өзі тәрбиелеп өсірген «Алаш» зиялыларын бастап Әлихан қазақ елін Батыс Еуропа өркениеті деңгейіне жеткізуді түпкілікті мақсат етіп алды.

Оның ойы бойынша, экспедиция жұмысына қатысу сол тарихи кезеңде халқы үшін ең зәру мәселеге айналған – жер қатынастарын тереңінен түсініп, белгілі бір тұжырымдарға келуге жағдай жасауға тиіс еді. Бөкейхан экспедиция жұмысына қатысу барысында қазақ даласына байланысты Ресей империясының көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көрді және отарлық биліктің таяу жылдары ірі шараларды іске асыруға даярлық жасап жатқанын байқады. Әсіресе, Семей облысына қарасты Павлодар, Қарқаралы, Семей уездері мен Ақмола облысының Омбы уезінде жүргізген жұмыстарына тікелей қатысып, алуан түрлі деректі материалдар жинастырды. Экспедиция жұмыстары біткеннен кейін, жиналған бай материалдарды іріктеп, өңдеп, ғылыми қорытындысын жасады. Экспедиция қорытындылары 1903-1905 жылдары жалпы көлемі 13 том болып жарыққа шықты. Экспедиция қатарындағы атқарған жұмысы оның жан-жақты дайындығын, терең білімін аңғартты [5, 10-12 бб.]. Щербина экспедициясынан кейін ол С.П.Швецов бастаған Сібір темір жол бойында орналасқан Челябі мен Том қалалары аралығын мекендеген қазақтардың мал шаруашылығын зерттеуге бағытталған экономикалық экспедициясына ат салысты. Экспедиция жүктеген міндетке сай, қазақтың қой шаруашылығының жағдайын зерттеді. Қазақтардың қой тұқымдарын, шаруашылықтарын түгел қамтып, бір-бірімен салыстыра отырып сүбелі еңбек жазып шықты. Бұл еңбек экспедицияның басқа материалдарымен бірге «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дороги» деген 3 бөлімнен тұратын кітап болып 1904 жылы Том қаласында басылып шықты

Осы жылдары Бөкейхан Ресей императорлық география қоғамының қызметіне қызу араласып, 1896 ж. Батыс-Сібір бөлімінің мүшесі, ал 1901 ж. оның басқару комитетіне сайланды. Алғашқы тарих саласында жазып қалдырған «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты алғашқы еңбегі 1903 ж. «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деген көп томды альманахтың 17 томына еніп, Петерборда жарық көрді. Шығармада қазақ өлкесінің тас дәуірінен бергі тарихы көрініс тапты.

Бүгінде Ә. Бөкейханды біздер қазақтың тұңғыш энциклопедисі деуімізге үлкен негіз бар. ХХ ғасыр басында неміс Ф.А.Брокгауз бен орыс И.А.Ефрон секілді баспагерлер көптомдық «Жаңа энциклопедиялық сөздігін» шығарып тұрған. Бөкейхан осы баспа арқылы қазақ өлкесі жайлы «сөздікті» әзірлеуге қатысты «Сөздікке» енген қазақтын тарихы, қазақтың хандықтары, Бөкей ордасы жайында (8 том, 447-452 беттер) және тағы басқа да материалдарды әзірледі. Энциклопедиялық сөздікті баспаға дайындаған қызметкерлердің тізімінде Ә.Бөкейханның аты 4 томнан 21 томына дейін көрсетілген екен.

Қазақ зиялыларының мүлдем жаңа сапаға көтерілуіне 1905 ж. орыс төңкерісі ерекше ықпал етті. Студенттік және омбылық өмірінің алғашқы кезеңінде маркстік бағытта тұрған Бөкейханның саяси көзқарасы өзгерді. Ол қазақ даласын отарлау саясатына белсене кіріскен патша өкіметімен күрес жүргізу үшін әуелі бүкіл қазақ жұртының басын біріктіруді, сонымен бірге орыс қоғамының ішінде ресми билікке қарсы тұрған саяси күштерге сүйенуді алға тартты. Атақты Қоянды жәрмеңкесінде, 1905 жылы маусым айының 26 жұлдызында ол А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, М.Дулатов, М.Бекметов сияқты оқыған қазақ зиялыларымен патша өкіметінің атына империяның отарлық, орыстандыру саясатынан зардап шеккен қазақ халқының тілек-талаптарын білдіру мақсатында Санкт-Петербургке петиция жолдады. Петицияда қазақ жерінде адам құқығы аяққа тапталып, заңсыздық пен бассыздықтың шегіне шыққан орыс чиновниктерінің озбырлық әрекеттері көрсетіліп, болашақта келісімге келу арқылы қазақ даласындағы саяси және ұлт мәселелерін шиеленістірмей шешудің шаралары белгіленген еді. Атап айтсақ, талаптарға мына мәселелер енді: дінге қысым жасамау, қазақша мектептер ашу, Орталық Ресейден қоныс аударушыларды тоқтату, «Даланы басқару Ережесіне» өзгертулер енгізу, мекемелерде іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ депутаттарының сайлануы сияқты, мәселелер қойылды [6].

1905 жылы қарашада Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Съезде қазақ халқының жоғын жоқтап тіл, сайлау, дін, т.б. бостандықтар мәселесін көтерді. Ол осы жылы «Халық бостандығы» (конституциялық-демократиялық) партиясының мүшелігіне, ал 1906 ж. оның ОК-інің құрамына енді. Осы партияның Қазақстанда бөлімшесін ашуға ынталы болып, 1906 ж. маусымда Семейде өткен қазақ сайлаушыларының съезінде Бөкейхан «Халық бостандығы» партиясының бағдарламасын қуаттап сөз сөйледі. Бөкейхан І–Мемлекеттік думаға Семей облысы қазақтары атынан депутат болып сайланды. Бірақ ол І-мемлекеттік дума жұмысына қатыса алмады. Өйткені Бөкейхан Дума өз жұмысын бастаған кезде Дала генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен, соттың тергеуінсіз, 3 ай Кереку, Омбы абақтысында отырды. Ал абақтыдан шығып Петерборға жеткенде, Дума патшаның үкімімен таратылып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Бөкейхан да солардың атынан аттанып Выборг үндеуіне қол қойды. Сол үшін жазаға тартылып, Петербор сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен 3 айға Семей түрмесіне жабылды [7].

1906 жылы Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омич» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 ж. Петерборда жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. Сол жылы Самараға жер аударылып, 1909-1917 жж. Дон егіншілік банкі бөлімшесінде жұмыс істеді. 1912-1917 жж. кадеттер партиясы ОК-нің мүшесі болды. ХХ ғ.-дың басындағы қазақ қоғамының саяси және рухани өмірінде «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне Бөкейхан зор еңбек сіңірді. Сонымен бірге сол жылдары оның «Киргизы» деген еңбегі алғаш рет «Формы национального движения в современных государствах» атты жинақта 1910 ж. Петерборда басылып шықты. Бұл еңбек қазақ халқының отаршылдық саясатқа деген көзқарасын, ұлт-азаттық күресінің бағытын, мақсат-мүддесін ашып көрсеткен. Бөкейхан қазақ мемлекетінің пайда болуының тарихи кезеңдерін, даму заңдылықтарын да терең зерттеген. Бұған оның әр жылдары Ресей императорлық география қоғамы Батыс-Сібір бөліміне қараған Семей бөлімшесінің басылымдарында жарияланған «Из переписки (писем) киргизских ханов, султанов», «Из переписки хана Средней киргизской орды Букея и его потомков» және «Из бумаг султана Большой киргизской орды Сюка Аблайханова» атты ғылыми жарияланымдары куә бола алады. Бөкейхан назарынан Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі де тыс қалмаған. Ол бұл тақырыпты кейін 1923 жылы да жалғастырғаны белгілі. Ташкентте «Материалы к истории султана К.Касымова» атты кітапшасы шыққан. Бөкейхан халықтың ауыз әдебиеті мұраларынан үлгі алмай ұлттық әдебиеттің өркендеуі мүмкін емес деп түсінген. Ол сол жылдары ауыз әдебиеті туындыларын жинауға көп күш салды. Сондай-ақ, Бөкейхан тұңғыш абайтанушы да болды. Абай шығармаларын жаңа заманның тынысы деп түсініп, қалыптасып келе жатқан жаңа ұлттық әдебиеттің бастамасы деп бағалады. Абайдың өлеңдері мен нақыл сөздерін жинақтауға ат салысты. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағын редакциялап, 1909 ж. Петерборда басылып шығуына қол ұшын берді. 1914 жылы маусымда Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен шақырылған Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты, мұсылман фракциясы бюросының тұрақты мүше болды [3, 403 б.]. Әлихан Бөкейханның газет-журналдардағы көп мақалалары лақап атпен берілген. «Қыр баласы», «Сын степей», «V», «Киргиз-Степняк», «К.Степняк», «Туземец», «Арысұлы», «А.Б.», «Қ.Б.», «Ғ.Б.» - деп қол қойып отырған.

Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары майданның қара жұмысына алынған қазақ, қырғыз, өзбек т.б. шығыс елдері азаматтарына қажетті түрлі көмек көрсету ісіне басшылық жасады. Осы мақсатта 1917 ж. 15 ақпанда Минскдегі земство және қала одақтары жанынан ашылған бұратаналар бөлімінің бастығы қызметін Бөкейхан атқарды.

1917 жылы 20 наурызда Уақытша өкіметтің Торғай облысы комиссары және Түркістан комитетінің мүшесі қызметіне тағайындалды. Бөкейхан ескі патшалық биліктің орнына келген Уақытша үкімет жағдайында облыс басшысы дәрежесіне көтерілген алғашқы қазақ. Ұлттық мемлекет құру Бөкейханның түпкі мақсаты болды. Ол Уақытша үкіметке, сондай-ақ, кадет партиясына үлкен үмітпен қарады. Бірақ оның бұл үмітінің негізсіз екендігін көп ұзамай уақыттың өзі көрсетіп берді. Бұл Бөкейханның кадет партиясынан шығуына алып келді. Оның жетекшілігімен 1917 ж. шілдеде Бірінші жалпықазақ съезі өткізілді, сондай-ақ, «Алаш» партиясы құрылды. Бөкейхан 1917 жылдың күзі мен қысында мемлекеттік бостандыққа жетудің түрлі жолдарын қарастырды. Г.Н.Потанин бастаған Сібір автономияшыларымен қатынас жасап, Сібір автономиясы құрыла қалған күнде Қазақстанның оның құрамына енуін жақтады. Бірақ, бүкіл империя көлемінде жағдайдың күн өткен сайын шиеленісе түсуіне байланысты, бұл пікірдің іске асуы екіталай еді. Міне, осындай жағдайда Бөкейхан мен Байтұрсынов бастаған бір топ қайраткерлердің ұсынысы мен ұйымдастыруы бойынша 1917 жылы 5–13 желтоқсанда Орынбор қаласында қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қараған Екінші жалпықазақ съезі болып өтті. Съездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе–кеңестік билікке қатынас жөнінде баяндаманы Бөкейхан жасады. Съезд қазақ облыстарын бүліншіліктен сақтау мақсатында уақытша «Ұлт Кеңесін» құрып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешім қабылдады. 25 орыннан тұрған бұл өкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Ә. Бөкейхан сайланды [3, 402-403 бб.; 8, 115-133 бб.].

Қазан төңкерісінен кейін көптеген ұлттық аймақтарда ұлттық автономияларды қалыптастыру үдерісі жүріп жатты. Кеңестік Ресей Польшаның, Финляндия мен Украинаның егемендігін мойындауға мәжбүр болды. Балтық елдерінде, Татарстан, Башқұртстан, Сібір және басқалары автономияларын жариялады. Ресей империясының күшпен жинаған жерлерінің ыдырау үдерісі басталды. 1917 жылғы 2 қарашада В.И. Ленин мен И.В. Сталин қол қойған Ресей халықтары құқықтарының Декларациясында «ұлттардың өз даму жолын өзі анықтауын, Ресейден бөлініп шығып, тәуелсіз мемлекет құру құқығы» бекітілгенмен де, большевиктер ұлттық аймақтардан айрылғысы келмеді. Кеңестік Ресей басшылығы халықтардың өз алдына бөлініп, ұлттық автономия құруына жол бермеді. Ресейде кеңестік федеративтік республика құрылғандығы туралы жариялағанмен де, большевиктер іс жүзінде патша үкіметінің саясатын одан әрі жалғастырды.

Большевиктердің 1918 жылы 10 қаңтарда Самарадағы Бүкілресейлік Құрылтайды күшпен қуып таратуы Алашорда үкіметінің жағдайын одан әрі нашарлатты. Қызыл гвардияшылар отряды Орынбор қаласын басып алды. Қазақ автономиясын толық құрып үлгере алмаған Алашорда үкіметі қаладан кетуге мәжбүр болды. Байланыстың нашарлығы мен бүкіл қазақ даласына бір орталықтан басшылық жасаудың қиындығынан Алашорда үкіметі үшке бөлінді. Оның Ә.Бөкейхан Семей бөлімін басқарды, Жанша және Халел Досмұхамедовтар Батыс бөлігін (Ойыл уәлаяты) және А.Байтұрсынов үшінші бөлімін (Торғай бөлімін) басқарды. Алашорда үкіметінің алғашқы әрекеттері Кеңес мемлекеті басшыларымен келіссөздер жүргізуге және Алаш мемлекетін қорғау үшін халықтық милиция жасақтарын құруға бағытталды.

«Алаш» партиясы сол кездің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, қазақ халқы дамуының балама жолын ұсынды. Сол арқылы Алаш қозғалысы буржуазиялық-демократиялық, ұлт-азаттық төңкерісті аяқтауға бағытталған реформаторлық жолды нұсқады. Алаштықтар Құрылтай жиналысына шақырылып, онда Қазақ автономиясын мойындау туралы шешім қабылданады деп үміттенді. Алайда төңкерістің осы бір тарихи қиын кезеңінде билеуші партияға айналған большевиктер Алашордамен тіл табысқысы келген жоқ. Қазақ халқына дербес мемлекет құруға мүмкіндік берілмеді. Кейін Қазақстанда РКСФР құрамындағы кеңестік автономия ғана құрылды.

Осылайша, 1917 жылдың қараша-желтоқсан айларында Қазақстан мен Түркістанда, Түркістан автономиясы мен қазақ облыстарының «Алаш» автономиясы құрылып, олар РКСФСР құрамынан бөлініп шығатындығын мәлімдеді. Бірақ, оларды Кеңестік Ресей үкіметі қабыл алмай, бірден олармен күрес жүргізуге көшкен болатын.

Кеңес өкіметі 1919-1920 жылдары Алаш қозғалысына қатысқандарға жариялаған кешірімнен кейінгі уақытта да Бөкейхан өз принципіне сенімді күйде қалды. Кеңес билігі тұсында ол туған елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан емес. 1920 жылы Қазақ АКСР егіншілік халық комиссариаты коллегиясының мүшесі, 1922 жылы Ұлттар істері жөніндегі Халық комиссариаты жанындағы Орталық баспаның, 1926-1927 жылдары Ресей ҒА-ның ғылыми қызметкері болды. Осы жылдары оның қаламынан шыққан мақалалар Санкт-Петербургтің «Сибирские вопросы», «Биржевые ведомости», «Новая жизнь» секілді басылымдарынан жиі көрініп тұрды [3, 403 бб.; 9; 10].

Өкінішке орай, Сталин басқарған жоғары билік төңкеріске дейінгі қазақ зиялыларына, оның ішінде Бөкейханға сенімсіздік танытты, қоғамдық қызметін теріс бағалап, шектеп отырды. Кеңес билігінің қуғын-сүргініне ұшыраған Әлихан Бөкейхан өмірінің соңғы 15 жылы Мәскеуде өтті, арнаулы жазалаушы ұйымдардың жіті бақылауында болды.

1925 жылы Қазақстандағы саяси биліккке Ф. Голощекин келгеннен кейін жүргізген оның қоныс аударушыларға кең жол ашу саясатына жол бермеу үшін қазақ қожалықтарына қажет жер нормасын анықтау мақсатында КСРО ҒА жанынан профессор С.П.Швецов бастаған экспедицияны құру ісіне белсене араласып, оның құрамына өзі де енеді. Қазақстанда қоныс аударушыларға жарарлық артық жер жоқ екенін ғылыми тұрғыдан негіздеп берген бұл комиссияның жасаған тұжырымдары мен ұсыныстары Ф.Голощекинге және орталық мекемелерге ұнай қойған жақ. Бөкейханды 1926 жылы Мәскеуден бақылаушы орындардың рұқсатынсыз шығып кеткені үшін ОГПУ қызметкерлері Ақтөбеде тұтқынға алады да, кейін қайтарып, Бутырка абақтысына жабады. Бірақ оны 15 күннен соң шығарып жіберуге мәжбүр болады. Келесі 1927 жылы Одақтың Егіншілік комиссариатында ол Швецов ұсынған жер нормасын қорғап сөз сөйлеп, отаршыл пиғылдағы шенеуніктерді әшкерелеп сынға алды. Бөкейхан 1927 жылдың 1-қазанынан бастап Мәскеуде, ОГПУ орындарының бақылауы астында тұруға тиіс болды. Үкімет орындарының, жеке адамдардың оны Қазақстанда тұрып, қызмет істеуіне рұқсат сұрап орталыққа жасаған өтініштерінен нәтиже шықпады. 1928-1930 жж. екі мәрте Алаш қозғалысының белсенді қайраткерлері тұтқынға алынып, сотталғанда, ОГПУ орындары Бөкейханды бір-ақ рет шақырып түсінік алумен шектелді. ОГПУ орындарының оны ол жылдары қамауға алмауы олардың қоғамдық пікір алдында өз істерін тым айғақтап алудан қаймығуынан деп түсінген дұрыс.

1927 жылдың 1-қазанынан 1937 жылдың шілдесіне дейінгі уақытта Бөкейхан барлық қызметтен «штаттың қысқаруы» деген сылтаумен босатылып, Мәскеуде бақылаушы орындардың қатаң бақылауымен кезінде граф Шереметьев тұрған үйде тұрып жатты. 1937 жылы шілдеде тұтқындалып, 27-қыркүйекте КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жазасына кесілді. Соңғы тергеуде Алаш партиясы мен кеңестік билікке қарсы әрекеттеріне байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Бөкейхан ақтық сөзінде «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін» деп мәлімдеді. Халқын отаршылдықтың құлдық қамытынан босату үшін күрескен өз заманының аса білімді де білгір, парасатты, терең ойлы, ірі қайраткері, Шығыстың шын мәніндегі ұлы тұлғасы 1955 жылы 8 қыркүйекте толықтай ақталған. Бірақ КГБ осы жаңалықты халықтан 34 жыл бойы жасырып келді. 1989 жылы 14-мамырда КСРО Жоғары сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деп толық ақтады [3, 405 б.; 6, 40 б.].

Кезінде Аққұлы «Алаш» қозғалысының көсемі Бөкейханның туғанына 145 жыл толуына арналған мақаласында Смахан төренің естеліктерін келтіріп Әлиханның «туған жерден үш аршын жер бұйырса жетеді» деген сөзді ағайын-туыстарына әрдайым қайталап отыратыны жайында жазады.

Алайда, Әлихан Бөкейханға да, оның қыздарына да, немересі Ескендірге де ата-баба жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мәскеуде жерленді. Тек таяуда ғана Алаш көсемінің күйеу баласы, 1920 жылдардағы ірі мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов денесінің күлі Мәскеуден Астанаға әкелінді. Бірақ әлі күнге дейін оны қайда жерлеу мәселесі шешілмей отыр [11]. Бұл мәселе бүгінде Астана қаласынның ең көрікті жерінің бірінде, кезінде жазықсыз құрбан болған «Алаш» қайраткерлеріне арналған Ұлттық пантеон ашуға итермелейді емес пе? Ал, ол жер біртіндеп біздің халқымыздың ең қасиетті жеріне айналатынына ешкім күмән келтімес. Осындай кезде біздерді бір әдемі ойлар түрпектейді. Мысалы, Ташкентте Науаи көшесінде «Шайырлар соқпағы» немесе басқаша айтқанда «Ақындар аллеясы» бар. Онда ұлы Науаи бастаған белгілі тұлғалардың мүсін-бейнелері қатар-қатар орналасқан екен. Неге осындай өзіміздің ұлы адамдарымызға тағзым ететін «Алыптарымызға» арналған саятты жай – аллеяны бізге де жасамасқа? Оның бір жағында Абай, Жамбыл, Шәкәрім бабаларымыз, бір жағында Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек сынды асқар тұлғаларымыз жараса бой түзеп тұрса. Ал бұл жерге келген қонақ-меймандарымыз «Қазақтардың мына кісілердей ғұлама ақын-жазушылыры, отжүректі ғажап тұлғалары бар екен-ау» деп сүйсіне тағзым етіп, ал жастарымыз олардың тұғырларына гүл шоқтарын қойып жатса, қандай жарасымды болар еді. Бұл да ойланатын мәселе.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Жастар одағы мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының, Т. Айбергенов атындағы республикалық әдеби сыйлықтың, «Ильхам» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Қасымхан Бегманов «Мұстафа Шоқай жолымен» атты екі томдық (2012-2013 жж.) көлемді тарихи зерттеу кітабын жариялап және осындай атаумен төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильмді көпшілікке ұсынған болатын. Өкініштісі сол ұлт тәуелсіздігі үшін күрестің символына айналған Алаш көсемі Мұстафа Шоқайды сол кезде «фашистермен сыбайлас» деп қаралап Өскемендік «Флэш» газетінің Бас редакторы Денис Данилевский мен Сергей Михеев екі бірдей мақала жариялаған еді. Қ. Бегманов сол газетті алғашында сотқа бергенімен Өскемендік сот әуелде осы екі авторды ақтап шықты. Алайда Бегманов заң жолымен әрі қарай жоғарғы инстанцияларға шағымданып, Мұстафа Шоқайды сол күндері заңсыз тағылған жалалардан арашалап алды. Бұл туралы көрнекті тарихшы Мәмбет Қойгелді: «Ел тәуелсіздігінің осынау жиырма жылында жеке басы үшін соттасқандар арамызда көп болды. Ал ұлт қайраткері үшін соттасқан арамызда жалғыз-ақ қазақ бар. Ол осы кітап пен деректі фильмнің авторы ақын Қасымхан Бегманов», – деп жазды. Сондықтан бүкіл қазақтың атынан Қасымхан замандасымызға мыңда бір алғыс.

Сол кездегі көпшіліктің ойлайтыны Мұстафа Шоқайға тіл тигізгендер ертең Әлихан Бөкейханға, арғы күндері басқа да зиялыларымызға зияндарын тигізбесіне кім кепілдік береді деуші едік. Одан әрі барсаң жер дауы да сондайдан шықпай ма?! Айтпақшы, осындай дау 2006 жылы біздің өңірде де бой көрсеткен болатын. Оны біреу білсе, енді бірі білмеуі мүмкін. Бірақ, тарихта болған дүниені өшіріп тастай алмаймыз ғой. Сол күндері Қарағандының бір топ азаматтары Қарағанды облысының 70 жылдығы мерейтойына орай Әлихан бабамыздың есімін Ленин көшесіне беру мәселесін жан-жақты көтерді. Ленин көшесінің таңдалғанын бұл істі ұйымдастырушылар коммунистердің көсемінің орнына, ұлт көсемінің келуі рухани жеңіс болады деген ойдан туған еді. Сөйтіп, қоғамдық сананы өзгертуге үлкен талпыныс жасалды. Өкініштісі сол, бұл көтерілген іс сол кезде не билік тарапынан, не ономастикалық комиссия тарапынан қолдау таппады. Қайта «Центральная газета» басылымында тілші Анастасия Мезенцова (2006 ж. 18 қараша, №9) Әлихан атамызға «черносотенец», «террорист» деп жала жауып «Ленинский скандал» атты мақаласын жариялап үлгерді. Сол кезде осы мәселеге қарсы қазақ тіліндегі газет-журналдарда бірлі-жарым мақалалар жарияланды. Соның бірі сол жылғы өзіміздің «Орталық Қазақстан» газетінің 5-ші желтоқсанында Қ. Ахметовтың «Ұлт көсеміне жала жабылды» деген атпен жарияланған мақаласы жұрттың көңілінен шыққан еді.

Ендеше, бүгінде ашықтан-ашық ұлт мақтанатын Әлихан Бөкейхан сияқты тұлғаның істеген істері мен қызметін әлемдік деңгейде атап өту ұлт мүддесі жолындағы істелетін істерге жаңа құлшыныс пен мүмкіндіктер беретініне біздер сенеміз. Ең бастысы қазақ зиялыларының еңбектерін жоққа шығаратындардың үндері біржолата өшеді емес пе?

Торқалы той барысында ұлы тұлғаның ұлағатты мұрасын асқақ өресіне сай етіп, халыққа жеткізу ісі кең қанат жаюы тиіс. Ең бастысы Қазақстан тәуелсіздік алғалы бергі уақытта Ә. Бөкейханның сан түрлі баспалардан шыққан үлкенді-кішілі жинақтарын, еңбектерін, белгісіз жатқан немесе ашылмаған дүниелерін, ол туралы жазылған еңбектерді, мақалаларды таразыдан қайта өткізіп көп томдық жинақ қылып шығару. Бұл жинақтар көрген жанды сүйсінтетіндей баспадан шығарылып, тікелей республикамыздың барлық кітапханаларына тарту етіп таратылуы тиіс.

Сонымен, Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметінің маңызды кезеңдерін ескере отырып, ресми мемлекеттік органдардың және шығармашылық интеллигенцияның назарына келесі 2016 жылы аса назар аудара атқаратын төмендегідей ұсыныстарымызды білдіреміз:



  • Қазақтың зиялылары жайлы деректі фильмдерді, Алаш қозғалысына қатысты мұрағат құжаттарының жинақтарын шығара беруді жалғастыру. Әсіресе, «Алаш ісі», «Алаш соты» атты құжаттар жинағына үлкен мән беру. Бұл жұмысқа тарихшылар мен бірге мәселенің құқықтық жағын жан-жақты ашу үшін заңгер-ғалымдар, құқық қорғаушылар тартылуға тиіс;

  • Әлихан Бөкейханды жете тану үшін әр түрлі шаралардың ішінде респуликалық, аймақтық ғылыми – тәжірибелік конференцияларды жер-жерлерде ұйымдастыру;

  • Әлихан Бөкейханның шығармаларын толықтырып, тұлғалық энциклопедияны шығаруды ойластыру;

  • Әлихан Бөкейханның 150 және Алаш қозғалысының 100 жылдығы мерейтойларын мемлекеттік және жалпыұлттық дәрежеде атап өту 2 жыл мерзімді (2016 және 2017 жылдарды) қамту керек;

  • Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мерейтойы аясында оның жақын серіктері де ұлықталуы қажет. Елімізге белгілі тұлғалар Жақып Ақбайдың 140 жылдығы, Әлімхан Ермектің 125 жылдығы т.б.;

  • Қарағанды қаласында «Әлихан Бөкейханның» атымен аталатын көше беру және сол көшеде оған лайықты ескерткіш орнату;

  • Қазақстандағы жоғары оқу орындардың біріне (мысалы, Қарағандыдағы Қазтұтыну одағының экономикалық университетіне) Ә. Бөкейхан есімін беру, гуманитарлық бағытта оқитын суденттерге арналған «Алаш қозғалысы» атты элективті курсты енгізу;

  • Әлихан бабамыздың атымен әр-түрлі салада білім алып жатқан студенттер немесе еңбек жасап жатқан жастар үшін (оның көп жақты тұлға болғанын ескеріп) оның есімімен аталатын стипендиялар тағайындау;

  • Әлихан Бөкейхан тұрған, қызмет еткен жерлерге ескеткіш тақталар, мүсіндерін орнату;

  • Басқа да облыс орталықтарында үлкен көшелерге және кіші қалалар мен елді мекендерде Әлихан Бөкейханға арналған ескерткіштер орнату, атын беру;

  • Алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы ұсынғандай Ә.Бөкейханның бейнесі бар монеталар шығаруды Ұлттық банкке тапсыру, «Қазпоштаның» тұлға бейнесі бар маркаларын шығару;

  • Қарағанды қаласында және көсем туып – өскен орта Ақтоғай, алғашқы саяси жұмыстармен араласқан Қарақаралы аудан орталықтарында облыстық және аудандық әкімдіктерімен, ғылыми және қоғамдық мекемелермен бірлесіп Әлихан Бөкейхан тарихына қатысты жерлерге экспедициялар және арнаулы іс-шаралар ұйымдастыру, нәтижелерін жариялау;

  • Барлық оқу орындарында, мұрағаттар мен кітапханаларда «Әлихан тағылымдары» тақырыбына бұқаралық лекциялар, сабақтар, дәрістер, «дөңгелек стөлдер», көрмелер т.б. шаралар өткізу;

  • Мұражайларда, кітапханаларда Әлихан Бөкейханға және оның серіктестеріне, Алаш қозғалысының 100 жылдығы мерейтойларына арналған «ХХ ғасырдың қыран ұлдары» - т.б. атаумен көрмелерді кеңейтілген түрде жаңа технологияны пайдалана отырып ұйымдастыру;

  • Әлихан Бөкейханның өмірінен қысқаша және түсінікті мәліметтер беретін кішкентай бүлдіршіндерге арналған, арнайы түрлі-түсті иллюстрацияланған, әсемделген, сапалы түрде түптелген кітапшалар шығару;

  • Ә. Бөкейханның өміріне арналған фотокітапты жарыққа шығару;

  • «Алаш қозғалысына» оның тарихына байланысты мәліметтерді, оның кейіпкерлерін елімізге белгілі Ұлттық теледидар каналдары бағдарламалары арқылы көрсету, БАҚ-ына мақалалар жариялау, сонымен бірге оқулықтың ішінде ғана емес сыртынан, тіпті көшедегі билбордтан және т.б. көрсе бірден танып айтып беретіндей деңгейге жетуіміз үшін жұмыстар жүргізу.

Әлихан атамыздың мерейтойын ұлықтауда, әсіресе, атамекені – біздің Орталық Қазақстан облысының жұртшылығы үшін үлкен сын болары сөзсіз, сондықтан біздер бұл істе алдыңғы қатардан көрінуіміз керек.

Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі қазақ халқының тұтас ұрпақтарын отан сүйгіштікке, азаматтыққа және абзал қасиеттерге баулуға негіз бола алады. Ескере келгенде, көтеріп отырған бастамаларымыз жұмсалатын шығынды рухани ақтайды деп санаймыз. Бұл жұмыстар елімізге белгілі жеке тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеуге және болашақ тарих ғылымында «Әлихантану» деген бағыттың берік орнығуына, еліміздің рухани өркендеуіне ықпал етіп, жол ашары сөзсіз.



Бұл ұсыныстардың барлығы көпшілік халық арасынан қолдау табары сөзсіз, тек ұымдастырушылар мен жоғары билік тарапынан батыл талпыныс пен нақтылы істер қажет. Өйткені, Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойланайын деп жатқанда енді бұғып қалу, үнсіздік білдіру әлсіздіктің белгісі. Ендігісі, Бөкейханның мерейтойы еліміздің барша аймақтарында атап өтілуі тиіс. Ардақтап атап өту, мейлі ол мемлекеттік немесе мемлекеттік емес мекеме болсын, әр түрлі саладағы оқу орындары болсын ардақты да, қасиетті іс. Бұл бүкіл Алаш елінің руханяты мен мәдениетінің асқақтаған тойы.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі


  1. Аққұлы С. Әлихан мерейтойына бір жыл қалды. http://old.qasym.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=3160:2015-04-09-03-29-33&catid=23:2012-12-04-01-30-47&Itemid=33 (Қасым Аманжолов сайты).

  2. Букейханов С. Нельзя о прошлом позабыть / С. Букейханов. - Изд. 2-е, доп. - Алматы: 2005. - 185 с.

  3. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия /Бас ред. Ә.Нысанбаев. 1 том. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы, 1998, -720 б.; Қойгелдиев М. Әлихан Бөкейханов: Саяси портреттер // Ақиқат. -1992. -№6; Қойшыбаев Б. «Әлихан Бокейханов» //Қазақ әдебиеті 1989, 9 маусым.

  4. Назарбаев Н.А. Тарих толқынында. –Алматы: Атамұра, 1999, 296 б.

  5. Аққұлы С.А. «Мэйдзи жаңғыруы» немесе Әлихан Бөкейхан мұрасы. // Орталық Қазақстан. – 2016. 6 қаңтар. 3 б.

  6. Бөкейханов Ә. Шығармалар. -Алматы: Қазақстан, 1994. 384 б.

  7. Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың: тарихи очерктер. -Алматы: Жеті жарғы, 1998, 192 б.; Тайшыбай З., Дулатбеков Н. Жақып Ақбаев монография. - Алматы: Жеті жарғы, 1997, 10-20 бб.

  8. Григорьев В.К., Джафаров Н.Р., Осипов В.П. Идейно-политическая работа партийных организаций Казахстана (1917-1925 гг.) -А-А., 1989, С.99; Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. -Алматы: Санат, 1995; Аманжолова Д.А. Партия Алаш: история и историография. -Семипалатинск: Семип. пед. инст. им. Ш.Кудайбердиева, 1993.

  9. Нұрпейісов К. Алаш hәм Алашорда. - Алматы: Ататек, 1995, 115-133 бб.

  10. Қойгелдиев М. Әлихан Бөкейханов: Саяси портреттер // Ақиқат. -1992. -№6.

  11. Қойшыбаев Б. «Әлихан Бокейханов» //Қазақ әдебиеті 1989, 9 маусым.

  12. Аккуыулы С.А. Алихану Букейхану, лидеру движения «Алаш», исполнилось 145 лет. https://ru.wikipedia.org/wiki.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет