1 Бастауыш сынып пәндерін интеграциялау негізінде оқушылардың білім сапасын арттырудың теориялық негіздері


Бастауыш сынып оқушыларының білім сапасын арттыруда пәндерді интеграциялаудың педагогикалық негіздері



бет3/5
Дата19.04.2020
өлшемі0,8 Mb.
#63046
1   2   3   4   5
Байланысты:
Бастауыш сынып пәндерін интеграциялау негізінде оқушылардың білім сапасын арттыру


1.2 Бастауыш сынып оқушыларының білім сапасын арттыруда пәндерді интеграциялаудың педагогикалық негіздері
Кез келген дамыған өндіріс қазіргі таңда білімді, құзыретті және мәдениеті жоғары деңгейде қалыптасқан жеке тұлғаны қажет етеді. Білімді тұлға өзінің негізгі іс-әрекетін ақыл-ойға, әрі алған білімді басқа таныс емес іс-әрекетте тасымалдай алуға негіздейді.

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңында: «Бес (алты) жастағы балаларды мектепке барар алдында даярлау міндеті және ол отбасында, мектепке дейінгі ұйымда немесе мектепте жалпы білім беру бағдарламаларының шеңберінде жүзеге асырылады. Ол мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін жасалады», - деп көрсетілген [34]. Осыған қайшы келетін іс-шаралардың орын алып отырғандығын да заң актілерінен көруге болады. Нақтырақ айтсақ, «Білім» мемлекеттік бағдарламасында: «…қазіргі уақытта бес-алты жастағы 400 мың баланың 70 мыңы (17,5%) ғана балалар бақшаларында толыққанды мектепалды даярлаумен қамтылды», - дей келе, оның өзі оқушылардың мектепке даярлығының сапасына әсерін тигізбей қоймайтынын, мектепке мектепалды даярлаудан өтпей келген бірінші сыныптықтардың бағдарламаның тиісті деңгейін толық игере алмағандығын, мектепалды даярлаудан өткен бірінші сыныптықтардың арасында осы бағдарламаны игерудің жоғары деңгейі байқалғандығын (яғни, 91,3%) көруге болады.

Соңғы қабылданған құжаттарда білім беру ісінде бастауыш мектептің өзінде оқушыларды шығармашылық іс-әрекеттерге баулу, шетел тілдерін, информатиканы оқыту қарастырылған. Республикамыздың 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында: «…баланың жеке басын бастапқы қалыптастыруды қамтамасыз ету, оның қабілеттерін анықтау және дамыту» – бастауыш мектептің негізгі міндеті ретінде айқындалған. Төменгі сатының (бастауыш білім беруде) өзінде оқу мен тәрбие оң уәжді қалыптастыруға және оқу іс-әрекетін білуге, оқу, жазу, санаудың берік дағдыларын үйренуге, тілдік қарым-қатынастың қарапайым тәжірибесіне, өзін-өзі шығармашылық тұрғыдан таныта білуге, мінез-құлықтың мәдениетіне, жеке гигиенаның және салауатты өмір салтының негіздеріне бағдарлануы белгіленген [35].

Оқушылардың білімінің құрамы мен құрылымы және білім сапасы алдыңғы тақырыпта қарастырылуы себепті пәндердің оқу материалы бойынша білім сапасын күшейту үшін оқытудың дидактикалық құралдарын қолдану қарастырылады. Бастауыш сынып оқушыларының білім сапасын арттырудың дидактикалық құралдарының негізгілерінің бірі – пәнаралық байланыстар болып табылады.

Бастауыш білім беру жүйесіндегі пәнаралық байланыстар ұғымы біздің ойымызша «қазіргі ғылымның, техниканың, өндірістің интегралды үдерістерін көрсететін білім беру жүйесіндегі әртүрлі оқу пәндерінің жиынтық байланыстары» ретінде қарастырылады.

Жаңа жағдайда ақыл-ой қызметін оқушы тасымалдай алуды игеретін болса, онда білім сапасы жеткілікті қалыптасқан/меңгерілген деп саналады. Мұндайда өте қажеттісі тасымалдаудың кеңдігі болып табылады. Тәсілдерді кеңінен тасымалдауды қамтамасыз ету үшін білімді талдап қорытудың жоғары дәрежесін оқушылар игеруі қажет.

Оқытудағы пәнаралық байланыстар оқушы игеруі қажет зерделейтін іс-әрекет түрлерінің болмыстағы нақты байланыстарын көрсетеді. Оқу жоспарындағы пәнаралық байланыстар пәндік құрылымы басқа пәндерді зерделеу кезінде қалыптастырылатын дағды мен ептілік ерекшеліктерінен, бір оқу пәні беретін білім, ептілік және дағдының оқушының білім санасында оқшаулану қаупінен сақтандырады. Сондықтан білім беру мазмұны құрамындағы пәнаралық байланыстар міндетті элемент болып табылады.

Бастауыш сынып оқушыларының білім сапасын пәнаралық интеграциялау негізінде қалыптастыру қазіргі кезеңге дейінгі зерттеулердің нақты нысаны болмаған. Бірақ бастауыш сынып оқушыларының білім сапасын пәнаралық интеграциялау негізінде зерттеу, оны жетілдіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген.

Бастауыш сынып оқушысының тұлғасының қасиеттері, құзыреттері (білімі, іскерліктері мен дағдылары, жеке тұлғалық қасиеттері) негізінен мектеп қабырғасында пәндер кешенін оқу/зерделеу барысында тұтастай алғанда ғана қалыптасуы жүзеге асырылады. Бастауыш сыныпқа арналған бағдарламаларда «пәнаралық байланыс» деген арнайы бөлім берілген. Ондағы мақсат пәннен зерделенетін тақырыптардың басқа қай пәннің, қандай тақырыбымен, қай сыныпта байланысы барын көрсету. Бұл байланыстардың көпшілігі синхрондалған (пәннің логикасы бұзылмау үшін), ілгері-кейінді, қатар байланыспен қамтамасыз етіледі. Пәндерден алынған білімдер интеграцияланған сабақтар арқылы жүзеге асырылады.

Оқыту үдерісі үшін «пәнаралық байланыс», «пәнаралық іскерлік» ұғымдарының мәні мен маңызын дұрыс түсіну қажеттігі туындайды.

Білім берудегі пәнаралық байланыстың философиялық негізіне дүниедегі барлық заттың, құбылыстардың бірімен-бірінің өзара байланыстылығы, тұжырымдалған дүние туралы білімдер алынады. Объективті дүние белгілі заңдылықпен ұйымдасқан жүйе болғандықтан, оны танып білуде де ғылымдар арасындағы байланыстар қажет.

Пәнаралық байланыстың физиологиялық, психологиялық негізінің нәтижесі білімдер жүйесінің мида орналасуы адамның үнемі алға ұмтылушылығына жағдай туғызады да оның шығармашылық іс-әрекетіне дайын бола алатындығын дәлелдейді. И.П.Павлов мидың аналитикалық-синтетикалық қызметін зерттеп, оны үздіксіз дамуда, өзгерісте болатынын анықтады. Мида сыртқы дүниеден қабылданатын көптеген тітіркендіргіштер реттеліп жүйеге келетінін түсіндіреді. Сондықтан ойлау жүйке үдерістерінің күрделі динамикалық жүйесі болғандықтан, ол мидың анализ, синтез қызметімен орындалады. Бұл жүйеге әр пәннің өз ішіндегі және пәндер бірлестігіндегі білімдер жүйесі сәйкес келеді.

Пәнаралық байланыс мәселесімен бірқатар педагог ғалымдардың шұғылданғандығын көруге болады.

Р.Г.Лемберг пәнаралық байланысты оқушы дүниетанымын қалыптастырудың ең маңызды шарты, оқушылардың әлемнің тұтас бейнесін қабылдауын қамтамасыз етуге қабілетті педагогикалық категория ретінде қарастырады және оның пікірінше «пәнаралық байланысты құру оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыратын табиғат, қоғамның жалпы заңдылықтарын, ғылыми білім жүйесін меңгеруге мүмкіндік туғызады. Пәндердің бөлшектенуін жою, оқу-танымдық көзқарасты қалыптастыру бағытында оқушылардың нәтижелі дамуына қажетті шарттың бірі» болып табылады [36].

М.Н.Скаткин мен М.А.Данилов жалпы білім беретін пәндерге қатысты өзара байланысты білімнің түрлеріне былайша баға береді. Негізгі ұғымдар мен терминдер; әртүрлі объектілер мен болмыс құбылыстары арасындағы байланыстарды және қатынастарды ашатын күнделікті болмыстық және ғылыми фактілер; берілген пәндік саланың құбылыстарын түсіндіру және болжау нысандары мен әдістерінің жиынтығын анықтау жөніндегі ғылыми білімдер жүйесін қамтитын теориялар; ғылыми және әлеуметтік идеялар; ісәрекет тәсілдері, таным әдістері және білімді алу тарихы, ғылым тарихы жөніндегі білімдер; қоғамдағы белгіленген өмірлік әртүрлі құбылыстарға қатысты нормалар жөніндегі білімдер деп танып, қарастырады [37].

В.Скакун өз жұмысында пәнаралық байланыстарды: зерделейтін оқу материалдары мазмұны; оқушыларда қалыптастырылатын жалпы оқу іскерліктері, оқыту әдістері мен құралдары, оқушыларды тәрбиелеу мен дамыту әдістері мен құралдары бойынша деп ажыратады. Осы ажырату бойынша пәнаралық байланыстардың оқушы жеке тұлғасын, іс-әрекетін дамыту міндеттерін шешудегі әлеуметтік-педагогикалық аспектісін ескеру қажет [38].

В.Скакун мұғалім мен оқушы тарапынан орындалатын іс-әрекет сипаты бойынша пәнаралық байланыс түрлерін төмендегіше етіп топтастырады:

- зерделетін оқу материалдары мазмұны бойынша пәнаралық байланыстар. Бұл байланыс түрінде оқу материалдарын іріктеуден бастап пәнаралық байланыстарды белгілеу, басқа пәндерді зерделеу барысында өндірістік және өмірлік тәжірибеде алған білімдерді оқушылардың берілген пәнді зерделеуі үшін пайдалану, барлық пәндерде кездесетін терминді бірыңғай ғылыми көзқарас тұрғысынан пайдалану, әртүрлі пәндерді зерделеу барысында оқушылардың алған білім мен іскерліктерді кешенді пайдалану жүзеге асырылуы тиіс;

- оқушылардың жалпы оқу іскерліктерін қалыптастыру кезіндегі пәнаралық байланыстар. Бұл байланыс түрінің сипатына оқушылардың кітаппен жұмыс жасау іскерліктері, оқушыларда жоспарлау іскерліктерін қалыптастыру, пәнаралық сипаттағы интеллектуалдық іскерлікті қалыптастыру, тәжірибелік және ұйымдастырушылық (жұмыстағы тәртіптілік, жұмыс орнын тиімді ұйымдастыру, өзіндік бақылау, еңбек қауіпсіздік ережелерін сақтау) іскерліктерді қалыптастыру тән;

- оқыту әдістері мен құралдары бойынша пәнаралық байланыстар. Мұнда әртүрлі оқу материалдарын пайдаланып үй тапсырмасын орындау, пәнаралық сипаттағы білімдерді дамытуға әңгімелер өткізу, басқа пәндер бойынша деректі фильмдерді, үзінділерді, көрнекі құралдарды қолдану, сандық және танымдық тапсырмаларды, пәнаралық мазмұндағы кроссвордтарды шешу, т.б. іс-әрекеттер жүзеге асырылуы тиіс.

- оқушыларды тәрбиелеу және дамыту әдістері мен құралдары бойынша пәнаралық байланыстар. Бұл байланыста әрбір пәннің дүниетанымдық идеясын ашу, қоғамдық құрылыстың өмірмен байланысы, еңбекке шығармашылық қатынасты, оқушылардың танымдық белсенділігін және өз бетінше жұмыс жасай алатынын дамыту. Сонымен қатар барлық педагогтар тарапынан оқушыларға қойылатын бірыңғай педагогикалық талап, оқушылардың ұжымшылдығын, өзара көмектесулерін дамыту, педагогтің өзінің жеке үлгісі өнеге ретінде жүзеге асырылуы қажет.

И.Д.Зверев пәнаралық байланыстарды толықтай көлемде жүзеге асыру тәсілдерінің сипатынсыз, олардың білім беру, дамыту және тәрбиелеу функциясының өзара байланыстарын ашпайынша бұл мәселені елестету мүмкін еместігін айтқан [39]. Пәнаралық байланыстардың жалпы білім беретін функциялары оқушыларда материя қозғалысының әртүрлі формаларының өзара байланысын көрсететін дүние жөніндегі жалпы білімдер жүйесін қалыптастыруды қарастырады. Пәнаралық байланыстардың тәрбиелеу функциясы оқушыларда диалектикалық-материалистік дүниетанымды, өнегелік-эстетикалық иедалдарды, жеке тұлғаның эмоциональдық-еріктік қасиеттерін қалыптастыруды көрсетеді.

И.П.Петрова пәнаралық байланыстардың әдебиеттерде сипатталу негізіне сәйкес әртүрлі жіктемелік түрлерге:

-уақыт критерийіне негізделген (алдын-ала, сәйкес, кейінгі);

-жекелеген пәндердегі жалпы ақпараттық мәні бар (фактілі, ұғымдық, теориялық);

-білім түрі мен іс-әрекеттер түрі бойынша;

-жалпыланған түрдегі (мазмұндық-ақпараттық, операциялық-іс-әрекеттік, ұйымдастыру-әдістемелік) және т.б. бөлуге болатынын көрсетеді [40].

В.Т.Фоменко пәнаралық байланыс мәселесін ғылыми тұрғыдан талдай келіп, кіріктіру үдерісін зерттеу барысында кіріктірудің төменгі және жоғарғы деңгейін бөліп көрсеткен. Интеграциялаудың ең төменгі деңгейі – бұл фрагменттік пәнаралық байланыстар деңгейі, мазмұны әртүрлі сипаттағы жүйелердің өзара кірігуі. Интеграциялаудың жоғарғы деңгейі мазмұны әр текті және айтарлықтай ірі бөлімдердің өзара кірігуі деп көрсетеді [41].

В.Н.Янцен пәнаралық байланыстарды – диалектикалық-материалистік дүниетанымды қалыптастырудың әдісі, ақыл-ой іс-әрекетінің түрлі тәсілдерін қалыптастырудың құралы деп дәлелдейді [42].

В.Н.Максимова пәнаралық байланыс оқушылардың санасына барлық пәндердің жалпылығын жеткізуге және әрбір оқу пәніндегі ғылымның әдістері мен мазмұнының өзгешелігін көрсетуге арналған деп сипаттап, пәнаралық байланыс оқыту мазмұнының ғылымилық ұстанымын жүзеге асыруға ықпал етеді деп есептейді [43].

Сонымен, «...мектептің оқу-тәрбие процесінің пәнаралық байланыс негізінде ұйымдастырылуы, ғылымдар жүйесінің бір арнаға тоғысуы, адамның интеллектуальдық өрісін байытумен бірге, бүкіл адамзаттық құндылықтар көзінің де бірлігін, жалпы ақиқат дүниенің біртұтас жүйе екендігі туралы ғылыми көзқарастың қалыптасуына мүмкіндік береді».

И.К.Фоменко, И.В.Кошмина т.б. педагогтар пәндер арасындағы интеграция мәселелеріне байланысты зерттеулерінде пәнаралық байланыстың вертикальды және горизонтальды типтерін, олардың өзіндік сипаты мен мазмұнын қарастырады. Олар оқушылардың танымдық қабілетінің дамуына, түсініктерінің мазмұнды қалыптасуына пәндер арасындағы кіріктірудің тигізер оң ықпалын, біртұтас ойлауы мен дүниені тануына көмектесетіндігін тұжырымдайды.

А.А.Бейсенбаева оқушылардың танымдық дүниесінің қалыптасуы оқу үдерісін ұйымдастырудағы пәнаралық байланыстардың нәтижелілігіне тікелей сүйенетіндігін және оларға әрбір пәнді оқытуда басқа пәндер, ғылымдардың қажетті элементтері, материалдары бірлесе игерілетіндігін көрсетті. Ол пәнаралық байланыс ұғымының өз ішінде бөліктерін үшке бөліп қарастырады, яғни: пәнаралық байланыс құрамы; пәнаралық байланыс амалы; пәнаралық байланыстың бағыттылығы [44].

Н.А.Оразахынова пәнаралық байланыстар білім беру, дамыту, тәрбиелік мәндерге ие, осыған орай ол пәнаралық байланыстар қазақ тілін оқытуда оқушылардың дербестігін, танымдық белсенділігін дамытуға ықпал етеді. Қазақ мектептеріндегі қазақ тілі пәні бойынша жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың пәнаралық байланыс арқылы мақсатты ұйымдастырылған дербес іс-әрекеті оқу материалдарын терең түсінуге, әр пәннен алған білімдерін жүйелеп тиянақтауға көмектеседі, оқушының ғылыми дүниетанымын, жанжақты жетілуін қалыптастырады деп көрсетсе [45], Р.Б.Башаров пен Ә.Б.Түркменбаев пәнаралық байланыстың орнығуы мен іске асырылуы оқушылардың білімін терең меңгеруге, ғылыми ұғымдар мен заңдардың қалыптасуына, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге және оны қолайлы түрде ұйымдастыруға, ғылыми дүниетанымның қалыптасуына, материялдық әлемнің біртұтастығын сезінуге, табиғаттағы құбылыстар мен қоғамдағы құбылыстардың өзара байланысын тереңірек меңгеруге ықпал етеді. Сонымен қатар, олар оқушылардың білімдерінің ғылыми деңгейінің жоғарылауына, логикалық ойлау, шығармашылық қабілетінің дамуына мүмкіндік жасайды деп тұжырымдайды. Ал, Г.К.Шолпанқұлова болса, пәнаралық байланыс негізінде оқушылардың гумандық қарым-қатынасын қалыптастыру мәселесі, пәнаралық байланыстың дамуы төрт кезеңге бөлініп, жүйелілік, сабақтастық, біртұтастық, әлем кеңістігіндегі кіріктіру деп сипаттап көрсетеді [46.]. Д.С.Байғожанова өз зерттеуінде кіші мектеп оқушыларын пәнаралық байланыс негізінде информатика элементтеріне үйретудің бағдарламасын, құралдарын және әдістемелік негіздерін жасап, білім беру үдерісіндегі кіріктіру әртүрлі пәндер арасындағы тұрақты байланыстарды нығайту және мектептен тыс ісшараларда да бұрын алған білімдерімен байланыстыру мақсатымен жүйелі түрде жүзеге асырылатын үдеріс деп қарастырады.

Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларының білім сапасын пәнаралық байланыстар негізінде арттыруға бағытталған бірқатар жұмыстардың жүргізілгендігін көруге және оларды төмендегіше топтауға болады:

- жекелеген оқу пәндерін байланыста оқыту;

- оқу пәнін сабақтастықта оқыту;

- пәнаралық байланыс негізінде оқушылардың шығармашылық іс-әрекетін қалыптастыру;

- пәнаралық байланыс, білім интеграциясы негізінде оқушылардың дүниетанымын, дүниенің ғылыми бейнесін қалыптастыру, т.б.

Пәнаралық байланыстар негізінде оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру – мектептік пәндердің бүтін бір жүйе екендігін сипаттайды. Жүйе белгілі бүтіндік түзетін, өзара байланысты және қатынастағы көптеген элементтер бірлігі. Мұндағы элементтер – оқу пәндері элементтері. Оқу пәндері оқу элементтерінен тұрады. Оқу элементтері – танып білу субъектісіне байланыссыз және өмір сүруші қоршаған дүние заттары мен құбылыстары, адамның таныпбілуі, олардың қасиеттері, байланыстары мен қатынастары түріндегі, ғылыми ұғымдар, теория түріндегі, сондай-ақ пайдаланатын тәсілдер мен әдістер, яғни адамның нақты іс-әрекетінің әдістері. Оқу элементтерінен оқыту мазмұны түзіледі.

Пәнаралық байланыстар жөнінде, оның әртүрлі аспектілерін қарастырған зерттеушілердің еңбектері қазіргі жағдайда оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруда, оқыту үдерісінің тиімділігін арттыруда рөлі жоғары.

А.А.Бейсенбаева пәнаралық байланыс білімнің мазмұнына ғана қатысты емес, оның ықпалы оқыту үдерісінің барлық құрамды бөліктерімен байланысты екенін, сол сияқты пәнаралық іскерлік оқушының бір пәннен меңгерген білім іскерлік дағдыларын, екінші жақын пәндерді меңгеруді пайдалана білу қабілетін көрсететінін атап көрсеткен.

Пәнаралық іскерліктер – бұл кез келген пәнді оқуы үшін қажетті іскерліктер. Мәселен, белгілі жылдамдықпен оқи алу мен жазу, мәтіндегі бастыны таңдау және конспекті жазу, шығармашылық операцияларды орындау: сәйкес қою, талдау, классификациялау, жүйелеу және т.б.

Пәнаралық байланыстар үшін негізінен оқу-интеллектуалдық, практикалық іскерліктердің орны ерекше. Ал, оқу-интеллектуалдық іскерліктер – ұғымдарды, заңдылықтарды, қорытындыларды, талдап қорытуларды қалыптастыру үшін логикалық ойлау тәсілдерін игеру бойынша әрекеттер жүйесі. Практикалық іскерліктер алған теориялық мағлұматты тәжірибеде жүзеге асырудағы іс-әрекеттер жүйесі. Оқу-интеллектуалдық іскерліктерді танымдық әрекеттер құрайды.

Барлық іскерліктердің, оның ішінде оқу іскерліктерінің негізін әрекеттер құрайды. Е.А.Климов еңбектің құраушысы ретінде жалпы әрекеттерді төмендегідей етіп жіктейді [47]:

1. Қозғалыс әрекеттері (алу, қою, сығымдау, орын ауыстыру, күшті азайту немесе көбейту және т.б.).

2. Танымдық (гностикалық) әрекеттер:

а) қабылдау әрекеттері (байқау, ажырату, тану, есту; сипап сезу, көру, есту,

дәм сезу, иіс сезу бойынша белгілер көрінісінің дәрежесін анықтау және т.б.);

б) елестету әрекеттері (объектіні ойша түзу, осының негізінде болашақ өнертапқыштар, тиімді ұсыныс жасаушылар дүниеге келеді); в) логикалық әрекеттер (талқылау, қорытынды шығару).

3. Жеке тұлғалық қарым-қатынас әрекеттері:

Белгілі психолог К.К.Платонов іскерлікті жаңа жағдайда белгілі бір әрекетті және іс-әрекетті (қызметті) орындау қабілеті деп түсінеді [48] және де ол іскерліктің қалыптасуының 5 кезеңін бөліп алып қарайды:

1. Іскерліктің бастапқы құрылымын құрайтындар: әрекеттің мақсатын сезіну, ілгеріде алған білімдер мен іскерліктерге негізделген, оны орындау тәсілдерін іздеу; қателермен орындап көру іс-әрекет әдістері.

2. Онша жеткілікті емес іскерлік іс-әрекеті; оның құрамын құрайтындар: әрекетті орындау тәсілі туралы білім, бұрын игерген, жүйеленбеген дағдыларды пайдалану.

3. Жекелеген жалпы іскерліктер; олардың құрылымы: жекелеген жоғары дамыған, бірақ аясы тар, іс-әрекеттің әртүрлі түрлерінде қажет іскерліктер (өзінің іс-әрекетін жоспарлай білу, ұйымдастырушылық іскерлік және т.б.).

4. Жоғары дамыған іскерлік, оның психологиялық құрылымын берілген ісәрекет дағдылары мен білімін шығармашылықпен пайдалану құрайды, сондайақ мақсатты ғана емес, сонымен бірге оған қол жеткізудің тәсілдері мен мотивтерін таңдау жатады.

5. Іскерлік, оның психологиялық құрылымы: түрлі іскерлікті, іскерлікті шығармашылықпен пайдалану.

Т.И.Щукина іскерлікті интеллектуалдық қасиетке жатқызады. Автор іскерліктің мәні бір қасиетіне олардың түрлі және алуан түрлі жағдайларда сәтті жүзеге асырылуының салдары деп есептейді [49].

Іскерліктің және бөлінудің шарттылығының өзара байланыстылығын атап көрсете отырып, А.В.Усова барлық іскерліктерді екі үлкен категорияға бөледі: 1) іскерліктің практикалық сипаты (кітап оқу, есептеп шығару және т.б.); 2) танымдық сипаттағы іскерлік (сөйлеудің қысқаша жазылуын жүргізу, әдебиетпен жұмыс істеу).

Т.И.Шамов іскерлікті интеллектуалды, жалпы және арнайы деп бөледі, сондай-ақ оларды оқудың тәсілдері деп атайды. Интеллектуалды іскерлікке бәрінен бұрын ойлау операцияларын жатқызады, оларға салыстыру, салыстырып қарау, талдау, синтез, талдап қорыту және т.б. жатады. Автор оқу еңбегінің ортақ іскерліктерінің тобына танымдық қызметті жоспарлай білу, оны ұйымдастыра білу, бақылау және оның орындалуын жатқызады. Сондымен қатар, Т.И.Шамов қызметтің бағыттары бойынша арнайы іскерліктерді бөліп алып қарайды [50].

Интеллектуалдық іскерліктер негізінде жататын ойлау операцияларының кейбір түрлеріне төмендегідей сипаттама беруге болады. Талдау және жинақтау – логикалық ойлау операцияларының негізгілерінің бірі. Кез келген зат бірбірінен өзіндік айырмашылықпен ерекшеленетін жеке бөлшектерден тұратынын адам ерте кезден байқаған. Еңбек әрекеті үстінде бұрын өзі бөлшектенген затты көрген адам жинаған тәжірибе негізінде енді сол затты ойда бөлшектеуге кіріседі. Уақыт өтісімен мидың бұл қабілеті дами бастаған. Талдай білу қабілеті дамыған адам еңбекте үлкен жетістіктерге жеткен, себебі затты ойында бөлшектей білген адам оны өмірлік іс-әрекетте іске асыра білген.

Осылайша, талдау атты логикалық ойлау операциясы дүниеге келген.

Пәнаралық байланыс мәселесі жалпы оларды жүзеге асыруда екі тәсілге ие. Олардың біріншісі – мектептік пәндердің бағдарламаларын құрастыруды жүзеге асыруда әртүрлі оқу материалындағы ұғымдарды, заңдарды және оларды зерделеудегі қайталамауды, түзетуді қарастырады. Екіншісі – оқу пәндерін зерделеу бойынша оқушылардың білімі мен ептіліктерін кеңейту мен арттыруға бағытталады.

Оқу пәндерінің (оның ішінде ғылым негіздері мен еңбекке баулудың) байланысы келесідегідей бағыттар бойынша жүзеге асырылуы мүмкін:

- Пәнішілік байланыстар (алғашқы жылдардағы еңбекке баулу үдерісіндегі оқушылардың білімдері мен ептіліктерін пайдалану; еңбек және өндіріс туралы мағлұматтарды пайдалану; оқыту мазмұнына кіре қоймаған, қазіргі ғылымдар мен техникалардың жетістіктері туралы материалдарды пайдалану; оқушылардың техникалық шығармашылық бойынша сыныптан тыс сабақтармен байланысы).

- Басқа оқу пәндерімен байланыс (математикалық аппараттарды пайдалану; ғылым негіздерімен байланыс).

Зерттеулерге сәйкес мұғалімдердің пәнаралық байланысты пайдалану мақсаттары айқындалған: оқушыларды жан-жақты дамытады, ой-өрісін кеңейтеді, білімнің сапасын арттырады, танымын, оқу іс-әрекетін белсенділендіреді, танымдық қызығушылығын қалыптастырады, оқушылардың ойын дамытады, оқушылардың өзіндік іс-әрекетін дамытады, ес пен ойлауды дамытады, қисынмен ойлауды дамытады, тапқырлығын дамытады, оқыту үдерісін жеделдетеді, білімін практикада қолданады, шығармашылығын дамытады, зейінін дамытады, оқығанын пысықтайды.

Мұнда зерттеуші пәнаралық байланыстың білім сапасын арттыруға ықпалын мұғалімдердің берген жауаптары бойынша 2-бағанаға қояды.

О.Мұсабековтың зерттеуінде бастауыш сынып мұғалімдерінің пәнаралық байланысты жүзеге асыру іс-әрекеті бойынша бұл байланыстың дүниетану сабақтарында тиімді пайдаланылуы – 32 % болса, математика, еңбек, ана тілі, сурет сабақтарында бұл көрсеткіш сәйкесінше – 29 %, 26 %, 18 %, 17 % екендігі анықталған [51].

Пәнаралық байланыс бойынша осындай көрсеткіштер басқа да зерттеушілер тарапынан анықталған. Орта мектепте жүргізілген М.Абдрасиловтың ғылыми-зерттеуінде пәнаралық байланыстарды жүзеге асыруда мұғалімдердің 41%-ның ғылыми-әдістемелік әдебиеттерде жеткілікті қамтамасыз етілмегендігін айтса, 28%-ы оқушылардың аралас пәндер бойынша білімдерінің әлсіздігін, яғни төмендігін тілге тиек етеді, 21%-ы аралас пәндер мұғалімдеріне қатынастың жоқ себептерінен деп біледі, қалғандары (10%-ы) аралас пәндер бойынша үйлестіру, әдістемелік бірлестік жұмыстарының жеткіліксіздігінен деп пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру қиындығын көрсетеді.

Пәнаралық байланыстың атқаратын функцияларын анықтау жөнінде көптеген зерттеулерді айтуға болады. Мәселен, О. Мұсабеков пәнаралық байланыстың функцияларын оқыту үдерісіне ықпалы бойынша айқындайды:

1. Ойын дамытуға ықпал етеді;

2. Берік білім алуға көмектеседі;

3. Оқыту үдерісін жеделдетеді;

4. Дербестігін және танымдық белсенділігін дамытуға ықпал етеді;

5. Мұғалім жұмысының әдістемесін жақсартады [51].

Оқу пәндері бойынша бағдарламаны жетілдіруде және басқа мектеп пәндерінің кейбіреулерінде, әрбір тақырып соңында басқа пәндермен нақты байланыс мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыста мұғалімге үлкен көмек береді.

Жоғарыда берілген пәнаралық оқу іскерліктері – қазіргі уақытта мұғалімдер үшін оқу-тәрбие үдерісінің нәтижесінде ескеретін іс-әрекеттер.

Оқу іскерліктері, біріншіден, оқыту мазмұнын құраушы элементтің бірі болып табылады; екіншіден, оқушының білім сапасын арттыру негізі ретінде қарастырылады.

Сондықтан да оқыту үдерісін ұйымдастыруда басшылыққа алатын құжаттардағы, бағдарламалық материалдардағы қарастырылған іскерліктерді талап етілген деңгейде меңгермеу кейінгі оқу жылында оқушылардың үлгермеушілігіне негіз болады. Ал, пәнаралық байланыс тұрғысынан оқу іскерліктерін меңгермеу оқушының білім сапасына кері әсерін тигізеді деп білеміз.

Бастауыш сынып оқушыларының білім сапасын арттыру үшін оқу материалдарының дамытушы құрылымы айқындалуы тиіс. Оқу материалдарының дамытушы құрылымы – бұл ұғымдар арасындағы өзара байланысты міндетті бөлумен қарапайымнан күрделіге ретті мазмұндалуы. Сабақта жаңа оқу материалдарын оқып-үйренуде оқушылар ғылыми немесе мәдени зерттеу үдерісінде ертеректе зерделенген ұғымдар қалай жаңа білімдер мен таным әдістері шығарылғанын көретіндей етіп тұрғызу қажет. Кез келген жүйенің даму үдерісі – бұл оның пайдалы функциясының артуы. Ғылыми білімдердің дамуы – бұл теория мен әдістердің функциональдық тиімділігінің жоғарылау үдерісі.

Бастауыш сынып мұғалімдері оқушылардың сыныптар бойынша пәнаралық оқу іскерліктерін:

- меңгерілуі тиіс бағдарламалық материалдың құраушысы ретінде;

- білім сапасын арттыру негізі ретінде қарастыруы тиіс.

Сондай-ақ мұғалім оқушылардың пәнаралық байланыс оқу іскерліктерінің даму деңгейін анықтаумен, оқушыларда қажетті дамымаған пәнаралық іскерліктерді дамыту үшін сабақ конспектілерінде педагогикалық тапсырмалар көлемін реттейді.

Кез келген пәнді зерделеудегі мақсат – нақтылы болмысты көрсететін ғылыми білімдер жүйесімен оқушыларды қаруландыру және осылардың, сондай-ақ қоршаған ортаға адамның қатынасы негізінде жатқан жеке тұлғаның әртүрлі сапалық қасиеттерін, дүниетанымын, этикалық және эстетикалық нормаларын қалыптастыруға қабілетті ету. Білімді игеру мен практикалық ісәрекетте оларды қолдануда ғана адам өзбетінше талқылау және әрекет ету іскерлігі мен дағдысын игереді.

Пәнаралық байланыстарды жүзеге асырудың объективті және субъективті екі жағын бөліп көрсетуге болады. Объективті жағы оқыту мазмұнын анықтау кезінде көрініс табады және оқу жоспарларын, бағдарламаларын, оқулықтарды, оқу құралдарын және т.б. әзірлеу кезінде ескеріледі. Субъективті жағы тікелей оқыту үдерісінде көрініс табады, яғни оқушыларға қатысты пәнаралық байланысты жүзеге асырудың негізгі тәсілдері мен әдістері ретінде қарастырылады. Пәнаралық байланыстардың практикалық жүзеге асырылуының негізгі бағыттары: оқулықтарды, оқу құралдарын жазу кезінде, оқу жоспарларын және бағдарламаларды даярлауда, жеке әдістемелерді және ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді жазуда, оқу орындарының түріне байланысты әдістемелік және оқу-әдістемелік жұмыстарды жүргізуде орындалады.

Бастауыш сыныптарда пәнаралық байланыстар оқушылардың оқу пәндері негізіндегі теориялық материалдарды меңгеруге, оқушылардың білімі мен іскерлігін тәртіпке келтіруге және жүйелеуге мүмкіндік береді.

Білім мазмұнын интеграциялау үдерісі – айтарлықтай күрделі кешенді жүзеге асыруды керек ететін құбылыс. Интеграция педагогика үшін жаңа мәселе емес, оның шешімі әрқашан қоғам дамуының деңгейіне байланысты ғылыми білімдерді саралау мен жүйелеу үдерісіндегі философиялық көзқарастарға негізделеді.

Ғылым интеграциясының «жаһандық» формалары математика, астрономия, физика, химия, биология, психология, әлеуметтану, кибернетика т.б. сияқты интеграциялаушы нақты іргелі және кешенді ғылымдар негізінде ғылымдардың бір-біріне өту үдерісі болып табылады. Қазіргі заманғы ғылым интеграциясының неғұрлым маңызды және айқын сондай формаларынан физикалануды, математикалануды, кибернетикалануды, синергетикалану мен ғарыштануды бөліп көрсетуге болады.

Интеграция механизмі бірінші ғылымның әдістері, идеялары мен теориялары екінші ғылымға сіңіп және осыған сәйкес біріншісінде түр өзгерісі болатын кері байланыс механизміне ұқсас. Ғылымдардың интеграциясы өзара әрекет жасайтын ғылыми пәндердің сипатына, олардың санына, даму деңгейіне елеулі түрде байланысты болады.

А.Д.Урсул [52], М.С.Асимова [53], Б.М.Кедровтың [54] еңбектерінде ғылымның интеграциясы мен өзара әрекетінің кең көлемде баяндалған тұтас тұжырымдамасы айтылған.

М.Г.Чепиков өзінің «Ғылымдар интеграциясы» деген философиялық очеркінде ғылыми білімдер интеграциясының ғылымдарды математикаландыру, зерттеу объектілері бойынша табу, ғылымдар кешенін қалыптастыру сияқты ерекшеліктерін атап көрсетеді.

Ғылымдар интеграциясы кейбір қоғамдық, әлеуметтік, ғарыштық, экологиялық және т.б. күрделі ауқымды мәселелерді зерттеу үшін әртүрлі ғылым салаларында зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғалымдардың күшжігерін біріктіру қажеттігі деп түсіндірген М.С.Асимова мен А.Н.Турсунованың тұжырымдары маңызды орын алады.

О.М.Сичивицаның пікірі бойынша ғылымдар интеграциясы деп белгілі бір ғылымда нендей бір үдерісті зерттеу жүргізу мақсатында жасалған әдістәсілдерді, қағидаларды, теорияларды мүлдем басқа бағыттағы ауқымды мәселені зерттеу үшін қажетті және тиімді болатындай ғылымдар байланысын түсіну болып табылады [55].

Сонымен, ғылымдар интеграциясы деп ғылыми білімдер жүйесінің синтезін айтса, ғылыми білімдер жүйесінің синтезі кезінде білім мен адам көзқарасының бірігуі, материялық дүниенің әртүрлі құбылыстары мен үдерістердің арасындағы жаңа себеп-салдарлық байланыстардың орнығуы жүзеге асады. Сондай-ақ интеграция дегенде қандай да бір элементтердің, бөліктердің бірігуі, органикалық синтезі, бір объектіні зерттеудегі қолданылатын әдістердің, қағидалардың басқа объектілерді зерттеуге таралуы түсініледі.

Ғылым интеграциясы түрлерін жіктеу кезінде қамтылу көлемін немесе кеңістіктік ұзындықты, интегративтік-ғылымаралық байланыстар мен түйісулердің таралу саласын есепке алу қажет. Интеграцияның үш түрін бөліп көрсетуге болады. Олар: интрапәндік, интерпәндік және транспәндік.

Интерпәндік интеграция –жекелеген оқу пәндері ішіндегі, білім, білік және интеграция түсінігі. Белгіленген пәндер бойынша білімнің жүйелендірілуі, жеке деректер жүйесінен жаңа заңның ашылу үдерісіне өтуде әлем бейнесін анықтау бірінші деңгейдің мысалы болып табылады. Интерпәндік интеграция деңгейіпәннің құрылымдық мазмұнын өзгеруге әкелетін материалдың нығыздалып үлкен бөліктерге бөлінуіне бағытталған. Бастауыш сыныптар мазмұны жеке білімдер немесе олардың элементтері өзара әр қилы байланысатын түрлі құрылымда болуы мүмкін.

Интрапәндік интеграция – екі немесе бірнеше пәндердегі түсініктердің, қағидалардың және деректердің т.б. синтезі. Интрапәндік интеграция синтезі – бір оқу пәннің басқа пәнді игерудегі заңдарын, теорияларын, әдістерін қолданудан байқалады. Интрапәндік интеграция негізінде пәнішілік интеграция байытылады.

Транспәндік интеграция – білім мазмұнындағы негізгі және қосымша құрамдардың синтезі. Интеграцияның жоғарғы деңгейінде бастауыш білім беруде білім мазмұнының бір тұтастыққа бірігуі және интеграцияның екінші деңгейінің ұйымдастырылуы сипатталады.

Интеграция түрлерін атап өтер болсақ олар:



- Деңгейлес интеграция сыныптардағы оқу пәндерін біріктіруді қарастырады;

- Сатылық интеграциясы әртүрлі жылдардағы бір келкі пәндердің материалдарын қамтиды.

Интеграциялық сабақ – оқу барысында бір түсінікті, тақырыпты және құбылысты бірнеше пәндер арқылы бір уақытта біріктіретін сабақтың ерекше түрі.

Интеграциялық тапсырма - оқу тапсырмаларының әртүрлілігі. Ол түрлі ғылымдардағы білім мен біліктіліктерді, түрлі пәндерді, тақырыптар мен мәселелерді синтездеумен ерекшеленеді. Бір нысанды немесе пәнді танып білу үшін, мәселені немесе бір сұрақты шешу үшін біріктіруі.

Интеграциялық курс (элективті, таңдау курсы, қосымша оқу пәндері және т.б.) – кешенді және басқа деңгейдегі сапада әртүрлі пәндердің элементтерін қамтитын автономды ғылыми пән.

Зерттеулерге сәйкес интеграция формаларына тоқталар болсақ, олар: өзара енгізілген, спираль тәріздес, қабат пішінді, қарама-қарсы, индивидуальдыдифференциялық (шығармашылық).

Н.Н.Светловская «Интеграция – іс-әрекеттің кезектесуі, балалар меңгерген қарапайым білім немесе іс-әрекеттің бір пәннен, екінші пәнге ауысуы. Балалардың білімдерін бекіту үшін оқыту үдерісін шапшаңдату» - деп есептейді. Ол интеграция арқылы оқытуды былайша түсіндіреді: «Жаңа бүтінді қалыптастыру – бір типтегі элементтер мен бөліктердің, әртүрлі бірнеше бөліктердің, содан кейін бұл элементтер мен бөлшектердің айырықша, сапалы, ыңғайластырылып бірігуі». Сондай-ақ, ізденуші интеграцияны ғылымдардың бірігуі есебінен жаңа пәннің пайда болуымен түсіндіреді. «Бастауыш оқыту тәжірибесінде оқу пәндері интеграциясын біртіндеп енгізу арқылы дамудың жақын аймағына қолдану керек» [56].

Ю.С.Тюнников интеграция үдерістерінің төмендегі негізгі белгілерін бөліп көрсетеді [57]:

- интеграция әр текті бөлек элементтердің бір-бірімен өзара әрекет етуі арқылы құрылады;

- интеграция қайта құрылған элементтердің сандық және сапалық байланысы;

- интеграциялық үдеріс өзінің логикалық-мазмұнды негізіне ие болады;

- интеграциялық үдерістердін өз бетінше салыстырмалылығы және педагогикалық мақсатқа сәйкестігі.

Интеграцияның бұл белгілері бастауыш мектепте пәндерді интеграциялауға қатысты. Бастауыш сынып оқушыларын оқыту тәжірибесінде әртүрлі, бөлек білімдерді кіріктіру мысалдары көптеп кездеседі. Бұл «Табиғат тану», «Ана тілі», «Математика» пәндері т.б.

Интеграцияда бірлесіп әрекет етуші элементтердің сандық, сапалық жағынан пайда болуы байқалады. Түсініктердің мазмұнын кеңейтуге және байытуға, іс-әрекет түрлері мен дағдыларын кіріктіруге алып келеді.

Интеграция үдерісінде жеке пәндердің үнемі өзгеруі жүзеге асады, пәндердің байланысқа түсуі арқылы өзгерістердің жинақталуы, жаңа тұтастық пайда болады деп атап көрсетті Ю.С.Тюнников [57].

Бастауыш мектептің сабақ кестесінде дәстүрлі 8 пән арасында жалпы тақырыптарға, әрекет-дағдыларға құрылған тығыз, өзара байланыстар жүзеге асырылады. Бірақ кез-келген оқу пәндерін біріктіру, олардың жақындығы интеграция болып есептелмейді. Интеграция тұтастығы мен байланысын жүзеге асыратын жетекші идея қажет. Жетекші идея ретінде баланың іс-әрекетінің дамуы негізінде, барлық элементтердің жүйелік байланысын қамтамасыз ететін, әр баланы тұлғалық-бағдарлы дамыту арқылы дүниенің ғылыми бейнесін қалыптастыру идеясын айтуға болады. Интеграцияны бұлайша түсіну, интеграция мазмұнын ажыратуға, пәндерді таңдауға себепші болады. Бұл оқушыда пәннің ішкі мазмұнын қабылдауға, пәнге терең үңілуге түрткі болады, нақты және дерексіз ойлау үдерісін байланыстырады. Бастауыш мектепте интеграциялап оқытуды енгізу жөніндегі әртүрлі пікірлерді, оның ішінде қарама-қайшы пікірлерді, есепке ала отырып, өз зерттеуімізді жүзеге асырамыз (интерпәндік, интрапәндік, деңгейлес).

М.Н.Берулава өз еңбектерінде интеграцияның жіктемесінде оқу пәндерінің интеграциясының бірнеше деңгейі бар екендігін атап көрсетеді. Интеграцияның алғашқы, жоғары деңгейінде пәндерді кіріктіру негізінде кешенді ғылым пайда болады.

Интеграцияның екінші деңгейі, дидактикалық біріктіру деңгейі болып табылады. Бұл деңгейдегі оқу пәндерінің интеграциясы үнемі жүзеге асырылып, өзара бірлесіп әрекет етуші пәндер өз мәртебесін, өз тұжырымдамасы негізінде сақтайды.

Интеграцияның үшінші деңгейі пәндердің өзара байланысының ең төменгі деңгейі. Бұл деңгей пәндердің дербестігімен сипатталады. Пәндердің өзара байланысы деңгейі, оқушылардың білімін зерттеу, талдау, жүйелеу сияқты негізгі дидактикалық міндеттер арқылы шешіледі. Пәндердің өзара байланысы деңгейіндегі жетекші интеграциялық факторға пәндер мазмұнының элементтері кіреді.

Көптеген ғалымдар бастауыш мектептегі интеграция пәндердің өзара байланысы деңгейінде шешіледі деп есептейді.

Ә.Мұханбетжанова өзінің ғылыми еңбегінде классикалық және қазіргі педагогикалық әдебиеттерде зерттеліп отырған білім берудегі интеграцияны проблема тұрғысынан талдай отырып, төмендегідей қорытынды жасайды [58]:

1. Пәнаралық интеграция тұлғалық-бағдарлы оқытудың мағыналық жүйесін жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі.

2. Әдіснамалық тұрғыдан интеграция – дифференциация үдерісімен қатар жүріп отыратын ғылымдардың жақындасуымен байланысты дүниені түсінудің негізін қалайтын, білімдердің тұтастығын жасауға жағдай туғызатын, оқытудың сапалық жаңа деңгейінде пәнішілік және пәнаралық байланыстың жоғары формасының көрінісі.

3. Интеграция проблемасын шешудің, үзілмейтін байланыс, бірлік, тұтастықты жасаудың үдерісі, нәтижесі және үйлесімділігі, оқу бағдарламаларында проблемасы ортақ пәндерде зерделенетін ұғымдар, құбылыстардың ортақтығы тұрғысынан, бастауыш сынып оқушысы білімін интеграциялау арқылы дүниенің ғылыми бейнесін қалыптастыруды тұлғалық-бағдарлы технологиясында жүзеге асыру.

Ә.Мұханбетжанова білім берудегі интеграциялауға қатысты: «...педагогика ғылымында негізінен оқыту сапасын арттыру проблемасына көңіл аударылған және пәнаралық байланыс оның басты құралы ретінде қарастырылады да, бірақ оқушылардың дүниеге біртұтас көзқарасын қалыптастыру мәселесі сырт қалып отырғанын байқауға болады» - деп өзіндік пікірін білдіреді [58].

Бастауыш мектептегі интеграция мәселесін барынша терең зерттеуді ұсынған Н.Н.Светловская болып есептеледі. Ол өзінің мақалаларында бастауышта оқытуда интеграцияны әдістемелік құбылыс деп танып, оның мүмкіндігі туралы мәселені көтерді және білім берудің алғашқы басқышындағы интеграция терминіне мұғалімдер мен ғалымдардың көңілін аударды. «Оқушыларға қарапайым берік, дағдылар мен білімдерді бере алмағандықтан, интеграцияның пәнаралық курс мектептің бастауыш сыныбында нәтижесіз болды. Ерте интеграциялау идеясы бізге сырттан әкелінген» деп санайды Н.Н.Светловская. «Мектепке келген бала іс-әрекеттің қандай да бір түрінде әдет, дағдыларды меңгермегендіктен, бастауыш кезеңде интеграциялау қажет емес». Ғалым «бастауыш мектепте интеграцияланған курс ретінде емес, интеграцияны пәндердің өзара байланысы деңгейінде қолдану қажет» - деп есептейді [56].

Сондай-ақ, білім берудегі зерттеулерге сәйкес интеграция оқытуда бірнеше функцияларды жүзеге асыратынын атап көрсетуге болады:

1. Әдістемелік қызметі – оқушылардың оқытылатын пәндерге қазіргі заманғы көзқарасын қалыптастырады.

2. Білім беру қызметі – жүйенің жекелеген бөліктерін байланыстырады, танымдық икемділікті, жүйелілікті қалыптастыру.

3. Дамытушылық қызметі – білім деңгейін кеңейту, таным белсенділігін қалыптастыру.

4. Конструктивті қызметі – оқуды ұйымдастырудағы әдістер мен формаларды және оқу материалдарының құрылымын жетілдіру.

Бастауыш сынып оқушыларының білім сапасын пәнаралық байланыстар бойынша қамтамасыз етуді: ақпаратты амал жасау, себеп-салдарлық байланысты орнату, қолдануды жүзеге асыру тұрғысынан қарастырған Д.Кішібаеваның зерттеуін атап өтуге болады. Ізденуші білімнің сапалық қасиеттерін төмендегіше көрсетеді [59]:

Ақпаратты амал жасау (кіріктіру): объектідегі (заттағы) негізгіні бөліп көрсету (түсін, пішінін, көлемін, арналуын, т.б.); басқа объектпен (затпен), объектіні (затты) жасау технологиясымен (үдерісті) сәйкес қою негізінде салыстыру (ерекшелікті көрсету, айырмашылықты табу, т.б.); объектіні (затты) даярлау бойынша оқу материалдарын (материалдар, қолданылатын еңбек құралдары, орындайтын үдерісі, сызба жұмыстары, т.б. бойынша) жүйелеу; объектіні (затты) сыртқы (конструкциясы) пішіні, көлемі тұрғысынан өзгерту; объектіні (затты) жетілдіру тұрғысынан (түсіне сәйкес элементтер (әшекей, т.б.) қосу) толықтыру, конструкциясын жетілдіру, оқу материалдарын толықтыру; объектіні (затты) даярлау бойынша оқу материалдарын (сызбасын сызу, материалтану, еңбек құралдары, еңбек үдерістері, т.б. бойынша) және ісәрекеттерді (орындалатын үдерістерді: еңбек тәсілдерін, әрекеттерді, қозғалыстарды) ойша және практикада біріктіру; объектіні (затты) даярлау үдерісіне қатысты жіберілген қатені табу, түзету бойынша ой және дене әрекеттерін орындау қажет. Себеп-салдарлық байланыс бойынша: объектіні (затты) дайындаудағы немесе үдерісті жүзеге асыру себебін анықтау; үдерісті орындаудағы жіберілген қателіктерден немесе үдерісті орындаудан, қауіпсіздік шараларын сақтамаудан шығатын салдарды анықтау; объекті (зат) үшін тиімді түстің, пішіннің таңдалуын, арналуын, т.б. дәлелдеу; үдерістің дұрыс орындалмауын немесе түстің, пішіннің зат үшін дұрыс таңдалмауын терістеп сипаттау; объекті үшін түстің, пішіннің немесе орындалуы керек үдерістердегі т.б. байланыстарды анықтау; объектінің (заттың) атқаратын функциясын анықтау; заттың өзінің элементтері арасындағы байланыстарын анықтау; бар объектінің құрылымына енген жаңа элементтерді анықтау сияқты оқуинтеллектуалдық іскерліктерінің орындалуы қажет етілді.

Оқушылардың білім сапасын арттыру бойынша оқыту үдерісінің моделін С.Абдукадирова өзінің зерттеу жұмысында құрастырған. Ізденушінің әзірлеген модель бойынша төмендегідей тұжырым жасауға болады:

- оқушының оқыту үдерісіндегі іс-әрекеті орындаушылық, атқарушылық сипатта болуы: оның ойлау қызметі енжар-репродуктивті сипат алады, осыған сәйкес оқушы мұғалімнің ұсынған информациясын қабылдауға, мағынасына жетіп түсінуге, пайымдауға, түсінуге, есте сақтауға қабілеттілік көрсетеді; бұл білім дұрыстық, толықтық, терендік, жүйелілік, саналылық талаптарына жауап береді.

- оқушының оқыту үдерісіндегі іс-әрекеті белсенді-атқарушылық сипатта болуы: оның ойлау қызметі белсенді-репродуктивтік сипат алады. Білімді практикада үлгі бойынша қолдануға жаттыға отырып, оқушы білімді осы деңгейде және осы үлгіге ұқсас, оңай танылатын деңгейлерде меңгереді; бұл жағдайда білім толықтық, дұрыстық, тереңдік, жүйелілік, саналылық, нақтылық, беріктік, ықшамдылық қасиеттерге ие болады.

- оқушының оқыту үдерісіндегі іс-әрекеті белсенді-шығармашылық-өзіндік әрекет сипатында болуы: оның әрекетшілдік бағыт ұстанғандығын көрсетеді, оның ойлау қызметіне өнімділік және шығармашылық сипат тән келеді; бұл оқушының білімді таныс емес жағдайларға қолдануын қамтамасыз етеді; осының нәтижесінде оқушының білімі сапалық қасиеттердің бүкіл жүйесіне ие болады.

Сонымен, біздер «бастауыш сынып пәндерін интеграциялау негізінде оқушылардың білім сапасын арттыру деп, оқу пәндері бойынша оқыту/оқу үдерісінде оқушының өз құзыретін құраушы білімдік саланың төмен деңгейінен жоғары деңгейіне дайындығын (үдеріс және нәтиже ретінде қарастырылатын) жетілдірудегі белсенділігін түсінеміз». Ұйымдастырылған оқыту үдерісі бойынша оқу пәндерін интеграциялау негізінде оқушылардың білім сапасының артқандығын анықтау оқу нәтижелері арқылы көрсетілуі керек. Ал өз кезегінде оқу нәтижелері оқушылардың іс-әрекеттерімен орындалады. Сондықтан, оқыту үдерісінде бастауыш сынып пәндерін интеграциялау негізінде білім сапасын арттырудың құрылымдық-мазмұндық моделін жасау барысында модель сөзіне түсінік береміз. «Модель» сөзі (франц. modele, итал. modello, лат. modulus) - «өлшеуіш, өлшем, үлгі, норма» деген мағынаны береді.

«Модель», моделдеу ұғымы бірнеше мәндік мағынаға ие. Педагогикалық зерттеудің әдістерін талдауға арналған бірнеше ғылыми зерттеу жұмыстарда моделдеу ғылыми-танымдық әдіс ретінде қарастырылған. В.А.Штофф [60] модельді «шындық өмірді терең түсіну мақсатында оны сыртқа шығару құралы ретінде» қабылдайды. Сонымен бірге ол модельді танымдық бақылау мен эксперименттен теорияға көшуде теориялық жалпылаудың әртүрлі формаларына қарай қозғалыс барысындағы «саты ретінде» қарастырса, А.Ф.Зотов педагогикалық модельді мына белгілерге сай көрсетеді:

- зерттеу барысында объектілер мен салалар арасындағы тәуелділікті ажыратумен шектелетін байланыстылық пен біртұтастық;

- жинақтылық пен біркелкілік;

- бақылампаздық, яғни зерттеу объектілерінде көрсетілетін теориялық модельдердің шешуші жағдайларын шын эффектілермен байланыстырудың қажеттігі;

- аумақтылық – модельде байқалатын барлық параметрлерді жеткілікті түрде қосу.



Зерттеуімізге сәйкес педагогикалық үдеріс моделін 1-суреттен көреміз (сурет-1).
Группа 46
Сурет 1 – Оқу пәндерін интеграциялау негізінде бастауыш сынып оқушыларының білім сапасын арттырудағы педагогикалық үдеріс моделі.
Білім берудің мазмұны адам жинақтаған әлеуметтік тәжірибенің барлық элементтерін қамтиды және білім мазмұны оқыту процесі компоненттерінің бірі ретінде қарастырылады.

«Білім берудің мазмұны – тұлғаның жеке қасиеттері мен сапасындағы прогрестік өзгерістер, үдерістер мазмұны, оның қажетті шарты, ұйымдасқан ісәрекет болып табылады» - деп В.С.Леднев білім мазмұнын тұтас жүйе ретінде талдау қажеттігін айта келіп, оған өзгеше анықтама берді.

Білім беру мазмұны – ғылыми білім, білік пен дағдылар, шығармашылық тәжірибе мен қатынас жүйесі, мұны меңгеру тәрбиеленушіде ақыл-ойы мен дене қабілетін, жан-жақты дамуын, оларды дүниетаным, мораль, мінез, қоғамдық өмір мен еңбекке дайындықты қамтамасыз етеді.

Оқушылардың білімді сапа көрсеткіштеріне сәйкес меңгерудегі компоненттерді, өлшемдер мен көрсеткіштерді төмендегі кестеге сәйкес беруге болады.


Кесте 2 – Оқушылардың білімді сапа көрсеткіштеріне сәйкес меңгерудегі компоненттері, өлшемдер мен көрсеткіштер

Компоненттері

Өлшемдері

Көрсеткіштері

Мақсатты-мотивациялық

Оқу іс-әрекетіндегі қызығушылығы,

ұмтылысы,

белсенділігі


- оқу материалдарына қызығады;

- білімді қажеттілік деп ұғады;

- білімді меңгеруге ұмтылысы жоғары.


Мазмұндық-танымдық

Оқу материалдары бойынша қалыптасқан пәнаралық білімі

- оқу материалдары бойынша білімі терең, толық сипаттай алады;

- оқу материалдарының мазмұнын түсініп, ұғынады;

- пәнаралық оқу

материалдарының мазмұнын танып-біліп, оқи алады;

- пәнаралық оқу материалдары бойынша білімі терең.


Операциялық-іс-әрекеттік

Оқу материалдары бойынша қалыптасқан пәнаралық іскерлігі

- пәнаралық оқу материалдарына сәйкес интеллектуалдық іскерліктерді дұрыс орындайды;

- интеллектуалдық іскерліктерді ынта-ықыласпен жүзеге асырады;

- іскерліктері жоғары, дағдылары бар;

- интеллектуалдық іскерліктерді талапқа сәйкес дұрыс орындайды.



Біздің зерттеу жұмысымызда бастауыш сынып оқушыларының білімді меңгеру деңгейлері және сапасы білімдік сала (Б.Блум) бойынша анықталған деңгейлерге сәйкес қарастырылды және басшылыққа алынды.

Олар:


1-деңгей: білу – есте сақтайды және еске түсіреді.

2-деңгей: түсiну – дұрыс сипаттайды.

3-деңгей: қолдану – дұрыс қолдануын көрсетедi.

4-деңгей: талдау – өзгешелікті жүзеге асырады;

5-деңгей: жинақтау (синтез) – шешім жоспарын құрастыру үшін пайдаланады;

6-деңгей: бағалау – ішкі, сыртқы критерийлерге негіздей отырып, іс-әрекет өнімінің мәнін бағалайды.

Оларды таным деңгейіне байланысты үшке бөлуге болады (А.Әлімов бойынша).

- Жоғары деңгей: талдау, синтез, бағалау,

- орта деңгей: түсіну, қолдану,

- төмен деңгей: білім (білу) деңгейңн қамтиды.

Деңгейлер бойынша көрсеткіштерді төменде берілген кестеден көруге болады.
Кесте 3 – Білімдік сала құраушыларының көрсеткіштері

Деңгейлер

Көрсеткіштер

1. Білім

Ақпаратты, оқу материалын (қажетті деректерді, нақты фактілерді немесе бүтін теорияларды) есте сақтау мен қайталау (репродукция).

2. Түсіну

Оқу материалын бір формадан екінші формаға, бір белгі жүйесінен басқа жүйеге түрлендіру (интерпретация), ауыстыру, оқу мәліметін өздігінше игеру, салдары мен нәтижелерінің қандай болатындығы туралы алдын-ала болжау, жорамалдау. Мысалы, сөздерді математикалық формулаға түсіру немесе схема, кесте түрінде көрсету; өз сөзімен түсіндіріп беру, қысқаша сипаттау.

3. Қолдану

Оқу материалын жаңа жағдайлар мен ситуацияларда қолдану. Ережелерді, өрнектерді, түсініктерді, заңдарды, теорияларды, қағидаларды қолдана отырып қандай да бір проблеманы шешу.

4. Талдау

(анализ)



Оқу материалын құрамдас бөліктерге жіктеп, олардың арасындағы байланыстарды анықтау, бүтіннің қалайша құралатындығын түсіну және түсіндіре білу.

5. Жинақтау

(Синтез)



Оқу материалын пайдалана отырып, шығармашылық тұрғыдан жаңа мазмұн құрастыру.

Баяндама немесе эссе жазу, жоспар немесе схема құрастыру.



3 кестенің жалғасы

6. Бағалау

Оқу материалының маңызын бағалау: салыстыру және айырмашылықтарын айқындау, дәлелдеу арқылы шешім қабылдау.

Мұнда тұжырымдар нақты талаптар (критерийлер) тұрғысынан болуы керек. Бұл критерийлер үйренушінің өмірлік тәжірибесі мен ұстанған көзқарастарына негізделетін немесе ұстаздың ұсынысынан туындайтын болуы керек. Бағалау алдыңғы деңгейлердің нәтижелеріне жету мүмкіндігін береді.


Зерттеу тақырыбымызға сәйкес оқу пәндерін интеграциялау негізінде оқушылардың білім сапасын арттырудың моделі нақты берілуі тиіс. Сол себепті де, білім сапасын арттыруға бағытталған оқыту үдерісінің схемасы ұсынылды (сурет – 2).



Сурет 2 – Білім сапасын арттыруға бағытталған оқыту үдерісінің сызбасы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет