1 дәріс. Функционалдық сауаттылық- білім сапасын жетілдірудің негізгі



Дата20.03.2020
өлшемі23,28 Kb.
#60476
Байланысты:
1 дәріс.docx.docx

1 дәріс. Функционалдық сауаттылық- білім сапасын жетілдірудің негізгі 

1. Функционалдық сауаттылық ұғымы

2. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру және дамыту әдіснамалық негіздері

3. Білім беру мазмұнында функционалдық сауаттылықты қамтамасыз ететін компоненттері
«Функционалдық сауаттылық» дегеніміз не? Қазақ тілінің түсіндерме сөздігінде: «фукционалды ұғымы бір нәрсенің құрылысы, құрамынан емес, қызметінен болатын, соның әрекетіне байланысты болады»– деп сипаттама беріледі. Бұдан «функция» категориясы белгілі бір заттың атқаратын қызметіне немесе іс-әрекетіне қатысты айтылатыны танылады. Мысалы: ақпарат құралдарының функциясы – халыққа ақпарат тарату. Ал «функция» ұғымы адамға қатысты айтылғанда, оның іс-әрекетіне байланысты қарастырылады. Демек, жаңа ғасырдағы мектеп алдындағы міндет – егеменді еліміздің жас ұрпағын жан-жақты дамыта отырып тәрбиелеу.

«Функционалдық сауаттылық» ұғымы алғаш рет өткен ғасырдың 60-шы жылдары ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды және кейіннен зерттеушілердің қолдануына енді. Функционалдық сауаттылық, кеңінен алғанда, білім берудің (бірінші кезекте жалпы білім беруді) көп жоспарлы адамзат қызметімен байланысын біріктіретін тұлғаның әлеуметтік бағдарлану тәсілі ретінде түсіндіріледі. Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналуда.

Сонымен Функционалдық сауаттылығы дегеніміз- адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына, жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады. Яғни, оқушылардың мектепте алған білімдерін өмірде тиімді қолдануына үйрету. Мұндағы басшылыққа алынатын сапалар:

-белсенділік

-шығармашылық тұрғыда ойлау

-шешім қабылдай алу

-өз кәсібін дұрыс таңдай алу

-өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады.

Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады.

Функционалды сауатты адам — қоғамның құндылықтарына сәйкес, қоғамдық ақуалдың қалыптасқан мүдделеріне қарай әрекет етеді. Бүгінгі күнге қажетті мамандықты таңдап дұрыс шешім қабылдап, заманауи ақпараттық технологиялардың тілін біліп кез келген әлеуметтік ортаға бейімделеді. Осы тұрғыда функционалды сауатты адамның негізгі белгілерін тұжырымдауға болады: қоғамдық ортада өмір сүре білетін, тіл табыса білетін, белгілі бір сапалық қасиеттері бар, жалпы негізгі және пәндік құзыреттіліктерді меңгерген адам болып саналады .

Бүгінгі таңда жер жүзінде білім саласындағы саясаткерлер мен мұғалімдер үшін ең маңызды болып отырғаны-«ХХI ғасырда нені оқыту керек және ХХI ғасырға оқушыларды қалай дайындайды?» деген мәселе. Заманауи тәсілдің ең негізгі ерекшелігі - оқушылардың алған білімдерін жай ғана иеленіп қоймай, оларды орынды жерде қолдана білуіне басты назар аудару болып табылады, ал ХХI ғасырда талап етілетін дағдылардың мәні осында. Сондықтан да қазір жаңа технологияларды меңгеру үшін ең басты қажетті құрал – білім.

«Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары» атты құжатында «...тұлғаның ең басты функциялық сапалары белсенділік, шығармашыл тұрғыда ойлауға және шешім қабылдай алуға, кәсіби жолын таңдай алуға қабілеттілік, өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады» деп атап көрсетілген.

Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында анықталған, басты мақсаттардың бірі – жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, тез өзгеретін әлемде оның табысты болуын қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттілігін қанағаттандыру болып табылады .

Елбасы бастамасымен өмірге келген «Функционалдық сауаттылық бойынша Ұлттық жоспардың» маңызы ерекше. Оның мақсаты – оқушылардың салалық сауаттылығын дамыту арқылы, тиiмдi қызмет түрлеріне бейімдеу. Сонымен қатар, ол орта білім жүйесінің парадигмасын түбегейлі өзгертудің негізі болып табылады. Бұл – дәстүрлі мектеп моделінен рационалды модельге, әрі қарай феноменальді модельге «үш адым» ілгері аттау дегенді білдіреді. Осы мақсатқа қол жеткізу арқылы Қазақстан оқыту деңгейі мен сапасы жағынан жетекші елдер тобына қосылады. Ұлттық жоспардағы функционалдық сауаттылықты дамытудың төрт негізгі тетігін нақтылап түсіндіре кетейін:

Бірінші тетік: – оқыту методологиясы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту. Атап айтқанда, педагогтарды даярлау мен біліктілігін арттыру, оқытудың жаңа технологияларын енгізу және тағы басқа салаларда ілгерілеушілік.

Екінші тетік – оқу нәтижелерін бағалау жүйесін жаңарту. Яғни, функционалдық сауаттылықты дамыту білім – түсіну – қолдану – жүйелеу және жинақтау сияқты өлшемдер бойынша оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа тәсілдерін біртіндеп мектеп өміріне енгізу. Бағалау жүйесі функционалдық сауаттылықта сырттай бағалау және іштей бағалау болып бөлінеді. Іштей бағалау- оқу пәні бойынша оқыту сапасын диагностикалау. Ал сырттай бағалау- әрбір деңгейді аяқтау бойынша білім алушының оқу жетістіктерінің нәтижелері /ҰБТ,ОЖСБ-ВОУД/. Сондай-ақ халықаралық /TIMSS , PISA және PIRLS/ зерттеулерге қатысуы.

Үшінші тетігі – балаларды оқыту мен тәрбиелеуге ата-аналардың белсенді қатысуы. Ата-ананың борышы бала бойына жас кезінен адами құндылықтарын дарытып, саналы өмір сүруге баулу. Ата-ана баласының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мұғалімдерімен тығыз байланыс жасау керек.

Төртінші тетік – қосымша білім беру жүйесін дамыту. Ұлттық жоспарда оқушылар сарайы, музыка мектептері, жас техниктер мен натуралистер станциялары жұмыстарын түбегейлі өзгерту қарастырылған.

Функционалды сауаттылық түрлері:

Ғылыми-жаратылыстану сауаттылығын

- ғылыми-жаратылыстану білімі – шынайы әлем жайлы білімі;

- әдіснамалық білімі – ғылым адамзат жүргізген зерттеулер ретінде.

Тапсырмалар келесідей тақырыптар аясын қамтиды:

- физикалық жүйе (заттардың құрамы, құрастырылуы, химиялық өзгерістері; қозғалыс пен күш; энергия және оның таралуы; заттар мен энергияның байланысы; т.б.)

- тірі организмдер жүйесі (жасуша, адам, экожүйе, биосфера)

- Жер мен космостық жүйе (Жер қабаттары, Жер жүйесіндегі энергия, Жер жүйесіндегі өзгерістер, Жер тарихы, Ғаламшар мен Жер, т.б.)

- технологиялық жүйе (технологиялық ғылымның рөлі; ғылым мен техника байланысы; зерттеулер; ғылымның дамуы, т.б.)

Ақпараттық сауаттылық дегеніміз

— түрлі тапсырмаларды шешуде компьютерлік технологияларды пайдалана білу, ақпаратпен жұмыс істей білу. Ғаламтор, кітаптардан қажетті ақпаратты табу, іріктеу, тиімді іздеу, талдау және пайдалану.



Цифрлік сауаттылық

- бұл адамның өмірдің барлық салаларында цифрлік технологияларды сенімді, тиімді, сыни және қауіпсіз қолдануға дайындығы және қабілеті. Ақпараттық қоғамдағы қауіпсіздіктің негізі. Бұл сауаттылықты қалыптастыруға оқырмандық, математикалық және жаратылыстану сауаттылығымен тең дәрежеде назар аударылуы керек.



Матаметикалық сауаттылық

- терминдерді, жағдайаттарды қасиеттері бойынша суреттеп, есептей алады;

- график пен кестеден мәліметтер ала алады;

- құралдарды қолдана біледі;

- модельдеуді біледі;

- тізбекке байланысты тапсырмаларды орындай алады;

- стандартты есептерді шеше біледі.

Оқу сауаттылығы

– оқушылардың оқу техникасын немесе оқыған мәтiннің мазмұнын нақты түсiнуін бағалауға емес, оқу барысында меңгерген білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білу ептіліктерін бағалауға бағытталған. Жұмыс барысында үш аспекті есепке алынады: оқу материалдарының форматы, тапсырманың түрi, мәтiннiң қолдану жағдайы немесе мақсаттары. Зерттеу барысында мәтiнді толық түсiнгенін дәлелдейтін машықтары мен меңгере білу деңгейлері бағаланады: мәлiметтi табу, мәтiнді түсіндіріп беру, мәтiннiң мазмұнына немесе оның формасына рефлексия және олардың бағасы.


2. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру және дамыту әдіснамалық негіздері
РІSА зерттеулері бойынша көш басында тұрған елдердің (Австралия, Финляндия, Жапония, Жаңа Зеландия, Италия, Оңтүстік Корея және т.б.) нәтижесі көрсеткендей, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға мынадай факторлар әсер етеді:

1) білім беру мазмұны (ұлттық стандарттар, оқу бағдарламалары);

2) оқыту нысандары мен әдістері;

3) білім алушылардың оқудағы жетістіктерін диагностикалау мен бағалау жүйесі;

4) мектептен тыс, қосымша білім беру бағдарламалары;

5) мектепті басқару моделі (қоғамдық-мемлекеттік нысан, мектептердің оқу жоспарын реттеудегі дербестігінің жоғары деңгейі);

6) барлық мүдделі тараптармен әріптестікке негізделген достық қалыптағы білім беру ортасының болуы;

7) ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі белсенді рөлі.

Ұлттық жоспарды орындаудың нәтижесінде қазақстандық мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мынадай жағдайлар жасалатын болады:

Білім беру мазмұнын жаңарту: мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары функционалдық сауаттылық пен құзыреттілікті дамытуға бағытталып әзірленеді. Оқу жоспарлары тұлғалық жетілуді қамтамасыз ететін білім беру вариативтілігін, коммуникативті дағдыларды қалыптастыратын білім алудағы дербестікті, ақпарат пен технологияны пайдалана білуді, проблемаларды шешуді, іскерлік пен сыни тұрғыда ойлауды қарастырады.

Оқу-әдістемелік қамтамасыз ету: практикаға бағдарланған оқулықтар, мектеп оқушыларының тұлғалық бағдарын, білім берудің саралануын, практикалық бағытын, дифференциациасын, тәжірибелік бағыттылығын қамтамасыз ететін қазіргі заманғы технологиялар мен ұстанымдар педагогтердің практикасына табысты енгізу; мектеп оқушыларын оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ақпараттандыру мен пайдалану деңгейін арттыру; мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуға қойылатын талаптар мен тәсілдердің кешенділігі және біртұтастығын қамтамасыз ететін мектептің, отбасы мен қоғамның әлеуметтік өзара әрекетінің мазмұны мен нысаны құру.

Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және оған мониторинг жүргізу жүйесі:

1) білім нәтижелерін тәуелсіз мониторингтік зерттеулер жүргізілді, сыни тұрғыда бағалау, білім алушылардың өзін-өзі бағалау жүйесі енгізу;

2) стандарттарды, оқу бағдарламалары мен оқулықтарды одан әрі жетілдіру үшін ұсынымдар әзірлеу;

3) жазбаша тапсырмаларды қоса алғанда білім алушылардың құзыреттіліктерінің қалыптасу деңгейін анықтауға бағытталған тестілеу тапсырмаларының базасын қалыптастыру.

Математикалық сауаттылық талаптары:

Логикалық ойлауын дамыту. Теорияны білу, практикамен ұштастыру. Есеп шығару дағдыларын қалыптастыру. Алған білімін өмірде қолдана білу. Ел үшін маңызды осы математикалық функционалдық сауаттылықтың тетіктерін қолдану барысында тұлғаның ынталылығы, шығармашылықпен ойлауы мен дәстүрлі емес шешім қабылдау қабілеттері, кәсіби жол таңдау білігі, өмір бойы білім алуға даярлығы – оның басты функционалдық қасиеттері болуына ықпалын тигізеді. Аталған функционалдық біліктер мен тетіктер мектеп пен отбасылық тұрмыста еңбек-іс әрекеттерімен қалыптасады.


3. Білім беру мазмұнында функционалдық сауаттылықты қамтамасыз ететін компоненттері
Жалпы функциональдық сауаттылық адамдардың (жеке тұлғаның) әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторы. Яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесіп отыру деп түсіну қажет. Өйткені, функциональдық сауаттылық адамның мамандығына, жасына қарамастан үнемі білімін жетілдіріп отыруы болып табылады. Мұндағы басшылыққа алынатын функциональдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай алуға қабілеттілік, т.б. мұндағы сапалық іс-әрекетте басшылыққа алынады: 
• білім беру мазмұны (ұлттық стандарттар, оқу бағдарламалары); 
• оқытудың заманауи әдістеріндегі белсенділік 
• оқытудағы жетістіктерін диагностикалау мен бағалау жүйесі; 
• мектепті басқару моделі (қоғамдық-мемлекеттік нысан, мектептердің оқу жоспарын реттеудегі дербестігінің жоғары деңгейі); 
• барлық мүдделі тараптармен әріптестікке негізделген достық қалыптағы білім беру ортасының болуы; 
• ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі белсенді рөлі. 
Осындай іс-әрекет нәтижесінде:

- басқарушылық (проблеманы шешу қабілеті);

- ақпараттық (өз бетінше ақпараттар көздері арқылы үнемі білімін көтеріп отыруы, сол арқылы танымдық қабілетін ұштау);

- коммуникативтік (үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын (шет) ауызша, жазбаша қарым-қатынас жасау);

- әлеуметтік (қоғамда, өзі өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеті);

- тұлғалық ( өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақ өзі таңдаған кәсібін өзі анықтау, оның қиыншылығы мен күрделілігіне төзімді болу);

- азаматтық (қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, ділі, тілін терең меңгеріп, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі);

- технологиялық (әр азамат өз мамндығына қарай ақпараттық технологияларды, сандық технологияны, білім беру технологияларын сауатты пайдалануы) сияқты құзіреттіліктер қалыптасады.

Функционалдық сауаттылықтың міндеттерінің қатарына,

- азаматтық жауапкершілікке, отансүйгіштікке, толеранттылыққа, еңбексүйгіштікке, белсенді өмірлік көзқарас қалыптастыруға тəрбиелеу;

- ұлттық құндылықтар негізінде оқушылардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастару;

- экологиялық сауаттылықты қалыптастыру, табиғатқа ұқыптылық пен аяушылықпен қарауға дағдыландыру;

- денсаулық сақтау мен салауатты өмір салтының құндылық пен дүниетанымдылық тұрғысын қалыптастыру;

- жеке мүмкіншіліктері мен қабілеттерін, пəнге деген қызығушылығын, шығармашылық ойлауын дамыту, жаңашылдық іс-əрекетке дайындығын қалыптастыру;

- ғылым негіздерін меңгеруде функционалдық сауаттылықты қалыптастыру;

- қоғамдағы қарым-қатынас мəдениетіне тəрбиелеу, мораль нормаларына дағдыландыру;

- өзін-өзі жетілдіру қабілеттерін дамыту, талдамалық іс-əрекет дағдыларын қалыптастыру;

- өз бетімен білім алуда қазіргі байланыс құралдарын, оның ішінде ерекше коммуникативтік-ақпараттық кеңістік ретіндегі интернетті қолдану білігін қалыптастыру;

- бейіналды жəне бейіндік дайындықта мемлекеттік жəне əлемдік тілдерді қолдануға қол жеткізу;

- ғылым негіздері мазмұнындағы қазіргі кездегі өзекті мəселелерден хабары болуы жəне оны шешу жолдарын іздеу дағдыларын қалыптастыру.

Функционалдық сауаттылықты дамыту аясында тілдік пəндер мазмұны төмендегідей біліктілікті қамтамасыз етуі тиіс:

- тілдік жүйелердің мемлекеттегі қазақ, орыс жəне ағылшын тілдерінің қызмет ету сұраныстарына байланыстылығы;

- оқушылардың əр түрлі жастағы оқушылармен қарым-қатынас аясындағы тілдің грамматикалық құрылысы мен сөздік қорын молайту;

- оқытудың қатысымдылығын күшейту (оқып отырған тілдегі күнделікті жəне қарымқатынастың ресми салаларында ғылыми іріктелген қарым-қатынаста сөйлесе білу білігін қалыптастыру) ресми-іскерлік, ғылыми-танымал жəне публистикалық мəтіндерді құруда оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру;

- орфографиялық жəне пунктуациялық сауаттылықты жетілдіруде жүйелілік, сабақтастықтың сақталуы;

- тіл білімі саласындағы ғылыми зерттеулер бойынша алғашқы дағдыларын қалыптастыру; тілдік білім саласында алғашқы ғылыми зерттеу дағдыны қалыптастыру.

Бұл функционалдық сауаттылықты қалыптастыратын оқыту мазмұны төмендегідей мамандықтарға жоғары сынып оқушыларын бейімдеуге икемделеді:

бейіналды (9-10 сынып) жəне бейіндік (11-12 сынып) оқушыларды осы бағытта филология, журналистика, аударма ісі, педагогика, баспа ісі, іс жүргізуші барлық салада дайындау. Функционалдық сауаттылықты дамыту аясында əдебиет пəндер мазмұны төмендегідей біліктілікті қамтамасыз етуі тиіс:

- шығармада бейнеленген эстетикалық жəне тарихи дəуір қозғалысын біртұтас қабылдау білігін қалыптастыру;

- көркем шығармалар идеяларын анықтау жəне оларды авторлардың идеялық көзқарастарымен, елдегі қоғамдық-саяси жəне экономикалық жағдаймен, адамзаттың ғаламдық мəселелерімен салыстыра білу білігін қалыптастыру;

- оқырмандық мəдениетті қалыптастыру, көркем шығармаларды эстетикалық тұрғыда қабылдауға тəрбиелеу;

- көркем шығармаларды елдің мəдени элементі, бейнелеу, мүсін өнерлері шығармаларының негізі ретінде біртұтас қабылдауын қамтамасыз ету; көркем шығармаларды талдау барысында оқушылардың дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыру.

Функционалдық сауаттылықты дамыту аясында қоғамдық-гуманитарлық пəндер мазмұны төмендегідей біліктілікті қамтамасыз етуі тиіс:

- адамзаттың ежелгі дəуірден бүгінгі күнге дейінгі дамуының тарихи жолын, оның əлеуметтік, рухани жəне адамгершілік тəжірибесін, дүниежүзілік-тарихи үдерістегі Қазақстан тарихының мəнін ашып көрсететін жүйелі біліммен қамтамасыз ету;

- Қазақстандық патриотизмді, өз Отаны мен əлемдік мəдениеттегі рухани байлығына құрметпен қарау қасиеттерін қалыптастыру.



Пaйдаланылған әдебиeттеp:

1.Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын.

2. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты»  атты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауы.

3. ҚР Үкіметінің 2012 ж. 25 маусымдағы № 832 қаулысымен «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспары»



4.TIMSS-2011 Халықаралық зерттеу нәтижелері

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет