1 дәріс. Химияны оқытудың мақсаттары мен міндеттері



бет3/6
Дата18.02.2017
өлшемі1,17 Mb.
#10351
1   2   3   4   5   6

7.Дәріс. Химияны оқытудың жеке мәселелері. Химияның алғашқы

ұғымдарын қалыптастыру методикасы.

1.Химияның алғашқы ұғымдарымен таныстырудың міндеттері мен маңызы.

Қандай ғылым болмасын бір−бірімен тығыз байланысты ұғымдар жүйесінен тұрады, оларды жетік түсінбейінше, ғылымның мазмұнын игеру мүмкін емес.Орта мектептегі химияның курсы да аса маңызды алғашқы ұғымдарды қарастырудан басталады.

Тақырыптың білім берудегі міндеттеріне мыналар жатады.

7−кесте. Химиялық элемент, зат және химиялық реакция ұғымдарының сипаттамалары.



Ұғым

Сапалық сипаттамасы

Сандық сипаттамасы

Символикасы.

Химиялық элемент

Атом

Ar, валенттілік

Химиялық таңба.

Зат

Молекула.Қоспа және таза зат.Жай және күрделі зат.

Mr, заттағы элементтердің масса қатынастары.Моль.Авогадро саны.

Химиялық формула.

Химиялық реакция

Физикалық және химиялық құбылыстар.Химиялық реакциялардың белгілері, жүру жағдайлары, типтері.

Химиялық реакциялардағы заттардың масса қатынастары бойынша есептеулер.

Химиялық теңдеу.



  1. Химия пәні, зат, химиялық элемент, химиялық реакция, химиялық символика туралы алғашқы ұғымдарды қалыптастыру.

  2. Алғашқы ұғымдарды қалыптастырудың теориялық негізі болатын атом−молекулалық ілімнің қағидаларын саналы меңгерту; олардың тұрғысынан заттардың қасиеттерін, химиялық реакциялардың механизмін түсіндіру.

  3. Құрам тұрақтылық заңын, масса сақталу заңын саналы игерту, қолдана білуге, атом−молекулалық ілім тұрғысынан түсіндіре білуге үйрету.

  4. Эксперименттік біліктер қалыптастыру: химия зертханасында жұмыс істеу ережелерімен, қауіпсіздік техникасымен таныстыру, қыздыру аспаптарымен, зертханалық штативпен, реактивтермен, ыдыстармен, т.б. жұмыс істей білуге баулу.

Тақырыпты оқытудың тағы бір міндеті−химия пәнін оқытудың мазмұны мен әдістеріне енгізілген кейінгі өзгерістерді ескеру.Бұрыннан қолданылып келе жатқан Ю.В.Ходаков, Д.А.Эпштейн, П.А.Глориозов оқулығымен бірге жаңадан ұсынылған Г.Е.Рудзитис, Ф.Г.Фельдман оқулығының мүмкіншіліктерін жете пайдалану.

2.Химия пәні.

Оқушылардың пәнге деген пікірін тудыруда алғашқы сабақтардың маңызы зор.Методикалық әдебиеттерде химияның пәнін анықтайтын алғашқы сабақта екі түрлі қателік жіберілнтіні айтылған.Біріншісі оқушылардың химияға қызығушылығын тудыру үшін бірнеше қызықты тәжірибелер көрсетіледі, бірақ олардың мәні түсіндірілмейді.Екіншісі химияның халық шаруашылығындағы маңызын мұғалыі тәптіштеп айтуға тырысады.Ғылымның өзін білмей тұрған оқушыға, оның маңызын кеңейтіп, айтудың да қажеті шамалы.

Алғашқы сабақта химияның жаратылыстану ғылымына жататыны, заттарды зерттейтіні және заттардың қасиеттері туралы ұғым қалыптастыру жеткілікті.

Осыдан кейін химияға заттар және олардың бір−біріне айналуын зерттейтін ғылым деген анықтама беріледі.

3.Таза зат және қоспа ұғымдары.

Заттардың қасиеттерін зертттеу таза зат және қоспа ұғымдарына әкеледі.Оқушыларға күнделікті тұрмыстан және табиғаттану пәндерінен белгілі қоспалар еске түсіріледі.Қатты заттардың қатты заттардағы, қатты заттардың сұйықтағы ерімейтін және еритін, сұйықтың сұйықтағы еритін және ерімейтін қоспалары көрсетіледі.Соның нәтижесінде оқушылар әр қоспа ең кемі екі заттан тұратынын, оның біреуі негізгі зат, екіншісі қосымша деп аталатынын біледі.

Оқушылар «заттардың өзгерісі», «құбылыс», «физикалық және химиялық құбылыс», «айналу» терминдерімен белгіленетін жалпы ұғымдардың ара қатынасын түсіну арқылы химиялық реакция ұғымына келеді.Мұнда анықтаусыз енгізілетін ұғым−өзгеріс арқылы құбылыс туралы түсінік беріледі.Заттардың кез келген өзгерістері құбылыс деп аталады, ол екі түрлі: физикалық құбылыстар және химиялық құбылыстар.Химия оқулықтарында жаңа заттар түзілмейтін өзгерістер физикалық құбылыстар деп аталатыны талас тудыруда.

Бір заттардан екінші жаңа заттар түзілетін өзгірістер химиялық құбылыстар делінеді, оларды басқаша химиялық реакциялар деп атайды.

Сонымен, өзгеріс пен құбылыс тең мағыналы жалпы ұғым, физикалық және химиялық құбылыстар солардан туындайтын екінші сатыдағы ұғымдар.Дегенмен химияның аударма еңбектерінде өзгеріс пен химиялық реакция арасындағы сатылау айырмасы, кейде ескерілмейді.Химиялық құбылыс, химиялық айналу және химиялық реакция бірінен бірі ажыратуға болмайтын тең мағыналы ұғымдар.

Оқушылар химиялық реакциялардың жүргенін сыртқы белгілеріне қарап біледі, оларға жататындар: тұнбаның түзілуі және еруі, газдың түзілуі мен сіңірілуі, түстің пайда болуы немесе өзгеруі, жылу мен жарықтың бөлінуі мен сіңірілуі.

Химиялық реакциялар заттардың көзге көрінбейтін ұсақ бөлшектерінің арасында жүреді.Реакцияның механизмі осы бөлшектердің өзгерісін ескеретін атом−молекулалық теория тұрғысынан түсіндіріледі және химиялық теңдеулер арқылы өрнектеледі.Химиялық тнңдеу зат массасының сақталу заңына сүйеніп жазылады, химиялық реакцияны сандық және сапалық жағынан сипаттайды.

4.Заттың құрылысы туралы алғашқы ұғымдардың қалыптасуы.

Химиялық құбылыстар кезінде оқушылар реакцияға кіріскне бастапқы заттардың және реакциядан шыққан өнімдердің соңғы заттардың қасиеттерін тікелей бақылайды.Заттың осы кезге дейін қалыптасқан эмпирикалық ұғымдары теориялық ұғымдар дәрежесіне дейін көтеріледі.Заттың құрылысын түсіндіретін ең қарапайым көзқарас −атом−молекулалық іліммен таныстырылады.Бұл таныстыру методикалық жағынан үш түрлі шешімін тапты.

Біріншісі− химия ғылымының даму қисынына және эксперименттік дәрежеге сәйкес алдымен эквивалент ұғымынан атомдық масса ұғымына, содаң сон атомның өзіне көшу арқылы жүзеге асырылды:эквиваленттік масса−атомдық масса−атом.Бұл методикалық шешім орта мектепке арналған алғашқы оқу құралдарында ғана пайдаланылды.

Екіншісі−химияның тұрақты оқулықтарында ұдайы қолданылып келеді.Заттар молекулалардан, молекула атомдардан тұрады дейтін көзқарасқа сәйкес:айырылу реакциясы −молекула−атом сызбанұсқасы бойынша методикалық әдебиеттерде, мектеп сарамандығында айырылу реакциясының мысалы ретінде сынап оксидінің айырылуы қарастырылды.

Үшінші шешм Н.С.Ахметов, Л.М.Кузнецованың 7−класқа арналған байқаудағы оқулығында кездеседі.Мұнда химиялық алғашқы ұғымдар тақырыбында атом ұғымы тәжірибеге сүйеніп енгізілмейді.Химиялық элементті анықтау үшін, дайын ұғым есебінде пайдаланылады.

Тағы бір методикалық ізденулерді зат туралы алғашқы ұғымдар жүйесі қалыптасуының атом−молекулалық деңгейі қанағаттандырмайды.Атом, химиялық элемент, валенттік ұғымдарын бірден электрондық теория тұрғысынан беру керек деп есептейді.Бұл саладағы өздерінің тәжірибесін ортаға салады.

Бақылау сұрақтары


  1. Химияның алғашқы ұғымдарын екі жүйе бойынша жіктеп, сызбанұсқа сызыңдар: а) зат ұғымдарының жүйесі; ә) химиялық реакция ұғымдарының жүйесі;

  2. Химияның пәнімен таныстырғанда пәнаралық байланыс қалай жүзеге асады?

  3. Таза зат және қоспа ұғымдары қалай қалыптастырылады?

  4. Заттардың қасиеттерімен танысуға арналған зертханалық жұмыстың жазбаша нұсқауын әзірлеңдер.

  5. Заттың өзгерістері туралы ұғымдар жүйесін сатылары бойынша сипаттап, химиялық реакция ұғымына анықтама беріңдер.

  6. Атом, химиялық элемент, жай зат және күрделі зат ұғымдары арасындағы өзара байланысты көрсетіңдер, оларды анықтаудағы методикалық тәсілдерді сипаттаңдар.

  7. Мольға байланысты ұғымдардың бірінші тақырыпқа көшірілу себептерін қалай түсінесің, олардың басқа ұғымдармен байланыстарын көрстеіңдер.

  8. Алғашқы ұғымдардың қалыптасуындағы атом−молекулалық ілімнің жетекші ролін сипаттаңдар.

8.Дәріс.

Бейорганикалық қосылыстардың маңызды кластары

туралы ұғымдардың қалыптасуы.
1.оқу- тәрбиелік маңызы және орны.

Бейорганикалық қосылыстар құрамына қарай төрт класқа жіктеледі: оксидтер, қышқылдар, негіздер және тұздар. Бұлар туралы оқу материалы зат және химиялық реакция жөніндегі алғашқы ұғымдарды тереңдетіп, одан әрі дамытады.

Оқушылар заттардың құрамы, жіктелуі, табиғатта таралуы, алынуы және қолданылуы жайында нақтылы ұғымдар алады. Әр класқа жататын заттардың жалпы және жеке қасиеттерімен тәжірибе жүзінде танысады. Денеге ,киімге бүлдіре әсерін тигізетін қышқылдармен, сілтілермен және басқа заттармен жұмыс істеуге үйренеді.

Химиялық реакциялардың жүру жағдайлары, белгілері, механизмі және типтері туралы алған білімдерін жетілдіреді, реакцияның жаңа типтерімен танысады.

Атом- молекулалық ілімнің негізгі қағидалары жөніндегі білімді заттардың қасиеттерін болжау, түзілетін заттардың құрамын бағдарлау, химиялық реакциялардың бағытын және қалай жүретінін түсіну үшін пайдаланады.

Химиялық элемент, жай зат және күрделі зат ұғымдары жаңа сатыға көтеріледі. Бейорганикалық қосылыстар кластарының арасындағы генетикалық байланыстарды ашу арқылы периодтық заң мен периодтық жүйені саналы игеруге әзірленеді.

Оқушылардың химиялық тіл туралы білімі тереңдейді. Заттардың құрамы мен қасиеттері тұрғысынан терминдерді, оксидтер, қышқылдар, негіздер және тұздар номенклатурасының негіздерін үйренеді. Валенттілік, химиялық формулалар және теңдеулер құрастыру жөніндегі білімі мен біліктері нығаяды.

Оқу – тәрбиелік маңызы зор болғандықтан, химияның бағдарламалары мен оқулықтарында бейорганикалық қосылыстардың маңызды кластарына едәуір мол орын беріліп келеді.

1935-1950 жылдарда бөлек тақырып ретінде оқытылып, 7- класта басталып,8- класта аяқталды. Оқу материалы концентризм принципі бойынша орналастырылды. VII класта өтілетін деректі материалдың көлемі үлкен болғандықтан оқушыларға ауыр тиді. Бұл кезеңде материалды орналастырудың генетикалық негізі үстем болды. Алдымен оксидтер қарастырылып, олардың гидраттануы арқылы негіздерге және қышқылдарға ауысу жүзеге асырылды. Мұның кемшілігі оқушылар іс жүзінде жүрмейтін реакциялардың теңдеулерін жазды, білімнің үстірт болуына әкеліп соқты.

1953-1962 жылдары Д.М.Кирюшкиннің VII класқа арналған оқулығында алдымен негіздер, қышқылдар содан соң оксидтер және тұздар оқылатын болды. Өйткені оксидтердің химиялық қасиеттері қышқылдарға және негіздерге қатынасы арқылы ғана берілуі мүмкін.

1970 жылдардың соңында химия бағдарламасына елеулі өзгерістер енгізілді. Бейорганикалық қосылыстар VII класта жеке тақырып ретінде оқытылмайтын болды. Оксидтер туралы алғашқы ұғым оттегі тақырыбына, қышқылдар мен тұздар туралы мәліметтер сутегі тақырыбына, негіздер су тақырыбына көшірілді. Олар туралы білім VIII класта қорытылып бір жүйеге түсірілді. Ең соңғы жаңартылған бағдарламада білімді қорытындылау VII класқа ауыстырылды.

Орта мектептегі бейорганикалық химияның мазмұны мен құрылымын түбірлі өзгерткен Н.С. Ахметов және Л.М. Кузнецова оқулығында бейоганикалық қосылыстарды оқып үйренудің атом- молекулалық деңгейі және жеке тақырып түріндегі деректі материалдары шығып қалды. VII класта « Химияның алғашқы ұғымдары », « Атом құрылысы » тақырыптарынан кейін « Химиялық айналулар » « Заттарды жіктеу » тақырыбында қышқылдар, негіздер және тұздардың химиялық реакциялары электрон- иондық тұрғыдан қарастырылды.


2. Оқу материалының орналасуы және берілетін білімнің көлемі.

Оксидтер, қышқылдар, негіздер және тұздар туралы алғашқы ұғымдар қалыптасуының үш кезеңі бар. Бірінші кезеңде бұл заттардың құрамы және кейбір химиялық қасиеттері атом- молекулалық ілім тұрғысынан түсіндіріледі. Екінші кезең периодтық заң және периодтық жүйе, заттың құрылысы өтілгеннен кейін басталады. Әр класқа жататын заттардың химиялық байланыстарының түрлері, кристалл торлары және қасиеттері электрондық теорпияның тұрғысынан қарастырылады. Үшінші кезеңде (9 класс) бейорганикалық қосылыстар туралы ұғымдар электрон – иондық көзқарастармен байытылып, дамиды.

Оксидтер туралы алғашқы ұғым оттегінің қасиеттерін өткенде беріледі. Металдарға және бейметалдарға жататын жай заттардың оттегімен тотығуының нәтижесінде күрделі заттар- оксидтер түзіледі. Тәжірибелерді бақылау нәтижесінде оқушылар түзілген күрделі заттар екі элементтен тұратыны, оның біреуі оттегі екені жөнінде қорытындыға келеді. Осы белгі оксидтерді анықтауға негіз болады. Оксидтер туралы жалпы ұғым металл оксидтері және бейметалл оксидтері деп екіге жіктеледі. Олардың физикалық қасиеттерін зерттейтін зертханалық жұмыс өткізіледі. Бақылау нәтижелері кесте түрінде жазылады.

Қышқылдардың металл оксидтерімен әрекеттесуі реакцияның бұрын кездеспеген жаңа типіне жатады, оны орын басу реакцмясымен салыстырып, ұқсастығымен айырмашылығы сараланады. Екі күрделі зат қатысып, екі күрделі зат шығатын алмасу реакциясына анықтама беріледі.

Негіздерді оқып үйренуге оқушылар едәуір зор дайындықпен кіріседі. Алғашқы ұғым судың активті металдар мен реакциясының механизмін талдау арқылы беріледі:

H2O+Me →Me (OH) n +H2

Сызба нұсқаға сәйкес негіздің құрамы, индикаторға әсері, матаны бүлдіруі, физикалық қасиеттері түсіндіріледі ,анықтама беріледі, гидроксотоп және оның валенттілігі туралы бастапқы ұғым қалыптастырылады.

Оқушылар тұздармаен алғашқы рет металдарды қышқылмен әрекеттестіріп сутек алғанда танысады. Мұндада ұғымды анықтаудың негізгі белгісі – құрамы. Тұздар металл атомдарымен қышқыл қалдықтарынан тұрады. Оқушылар еритін және ерімейтін, орта және қышқыл тұздармен танысады. Қышқылдардың металл оксидтерімен, бейметалдар оксидтерінің сілтілермен әрекеттесуін және бейтараптану реакциясын өткенде тұздар алудың жолдары туралы оқушылардың білімі нығаяды. Бұл алғашқы кезеңде тұздардың химиялық қасиеттері қарастырылмайды.


3. Бейорганикалық қосылыстардың маңызды кластары жөніндегі білімді қорытындылау.

Бұл тақырыптың міндеттері:1) оксидтердің, негіздердің, қышқылдардың және тұздардың құрамы жөніндегі білімді бір жүйеге түсіру; 2) құрамы мен аталуының және қасиеттерінің арасындағы тәуелділікті ашу; 3) жіктелу негіздерін түсіндіру; 4) химиялық тіл туралы білімімен білігін нығайту; 5) эксперимент дағдыларын жетілдіру, алған білімді эксперимент есептерін шығара білуге қолдану.

Оксидтердің химиялық қасиеттері туралы білімді бір жүйеге түсіру үшін зертханалық жұмыс жасалады. Оқушылар кремний (IV) және көміртегі ( IV ) оксидерінің суға калций гидрокидінің ерітіндісіне, мыс ( II ) оксидінің және калций оксидінің суға және күкірт қышқылына қатынасын зерттейді.

Соның нәтижесінде:1) қышқылдық оксидтердің сілтімен; 2) негіздік оксидердің қышқылмен әрекеттесуі жалпы қасиеттері екені, бұл қасиет оларға анықтама беру үшін пайдаланылатыны жөнінде қорытынды жасалады. Суға қатысы туралы тәжірибеден алынатын мәліметтер: 3) көміртегі ( IV ) оксиді және калций оксиді суда ериді бір жағдайда қышқыл ,екінші жағдайда сілті түзіледі; 4) кремний ( IV ) оксиді және мыс ( II ) оксиді суда ерімейді. Оксидтердің бәрі бірдей сумен әрекеттеспейді бұл олардың ерекше қасиеттеріне жатады.

Қышқылдардың қасиеттері туралы білімді бір жүйеге түсіргенде бәріне ортақ және жеке топтарына ғана тән қасиеттеріне көңіл аударылады. Қышқылдардың ортақ қасиеті- бейтараптану реакциясы ол құрамында сутегінің болуына байланысты. Күшті және қыздыруға тұрақты қышқылдар металдардың ерімейтін оксидтерімен әрекеттеседі. Активтік қатарда сутегіне дейін орналасқан металдар еритін қышқылдармен реакцияға түседі.
4. Бейорганикалық қосылыстар арасындағы генетикалық байланыс.

Генетикалық байланыс шығу тегі жағынан байланысты. Күрделілену жағынан алғанда бұл байланыс химиялық элементін жай затынан басталып, тұзбен аяқталатын қатар түзеді:

металл→негіздік оксид→негіз→тұз

Металдар түзілетін қатардың әр мүшесінің бейметалл қатарындағы өзіне сәйкес мүшесімен қасиеттері қарама- қарсы болып келеді, сондықтан олар өзара әрекеттеседі.

Металл, бейметал, негіздік оксид, қышқылдық оксид, негіз , қышқыл. Бұл әректтесулердің нәтижесінде оттексіз және оттекті қышқылдардың тұздар түзіледі.

5. Бейорганикалық қосылыстардың маңызды кластары ұғымның дамуы.

Бұл тарауда бейорганикалық қосылыстардың маңызды кластары туралы негізгі ұғымдар қалыптасуының бірінші кезеңі қарастырылады. Оның теориялық негізі- атом – молекулалық ілім . бұл кезеңнің негізгі мақсаты- оқушылардың периодтық заң және периодтық жүйеге атом құрылысы туралы теориялық материалды қабылдауға дайындау.

Есте болатын нәрсе, бейорганикалық қосылыстардың қай класын алсақта , барлық жеке өкілдерін тегіс қамтитын жалпы қасиеттер өте аз. Қосылыстардың белгісі бір тобына ғана тиесілі қасиеттің ауқымын кеңейтуден аулақ болған дұрыс. Оқушы біліміндегі формализмнің түпкілікті себебі осыған және дара ерекшеліктерді ұмытудан туындайтынын әрдайым есте сақтаған жөн.

Бақылау сұрақтары.


  1. Бейорганикалық қосылыстар туралы ұғымдардың оқу тәрбиелік маңызы қандай?

  2. Бейорганикалық қосылыстардың маңызды кластары туралы ұғымдар қалыптасуының неше кезеңі бар?

  3. Бірінші кезеңде оқу материалы қалай орналастырылады?Бұл саладағы методикалық пікірдің дамуын сипаттаңдар.

  4. Оксидтер туралы ұғымның қалыптасуы және дамуы ретімен баяндаңдар.

  5. Қышқылдар туралы ұғымның қалыптасуы және дамуын ретімен баяндаңдар.

  6. Негіздер туралы ұғымның қалыптасуы және дамуын ретімен баяндаңдар.

  7. Тұздар туралы ұғымның қалыптасуы және дамуын ретімен баяндаңдар.

  8. Оксидтер, негіздер, қышқылдар және тұздар туралы білімді қорытындылаудың методикалық мәселелерін сипаттаңдар.

  9. Бейорганикалық қосылыстар арасындағы генетикалық байланысты қалай ашу керек, бұл материалдың ғылым мен көзқарас қалыптасуындағы маңызын көрсетіңдер.

9 дәріс.

Д. И. Менделеевтің периодтық заңын, периодтық жүйесін және атом құрылысын оқып- үйрену методикасы.




  1. Периодтық заң және атом құрылысы- мектептегі химия курсының негізі.

Д.И.Менделеев ашқан периодтық заң – табиғат дамуының жалпы заңдарының бірі. Ол химиялық элементтер және олардың қосылыстары туралы білімді бір жүйеге түсіруге және батыл болжамдар жасауга мүмкіндік берді. Атомдық құрылысын анықтауга, жаңа элеманттерді ашуга және синтездеуге жол- жоба көрсетті. Периодтық заңның негізінде атомдық физика, геохимия және басқа да жаратылыстану ғылымы жедел дамыды.

Периодтық заң және атом құрылысы туралы оқу материалы элементтер және олардың қосылыстарының қасиеттері периодты түрде өзгеретіні және оның себептері жөнінде ұгым қалыптастырады. Химиялық әрекеттердің жүру заңдылықтарын терең түсінуге жәрдемдеседі, бейорганикалық және органикалық химияның негіздерін санлы меңгеруге жәрдемдеседі.

Периодтық заң атом құрылысы оқу материалын игеру барысында оқушылар өте көп салыстырулар жасап қисынды ойлау барысын ұштай түседі.

Периодтық заң және периодтық жүйе тақырыбының орта мектеп курсындагы орны үздіксіз өзгеріске ұшырады.ең алғашқы үлгілі бағдарламаларда химия курсыының соңына орналастырылды. Одакн кейінгі бағдарламада шығып қалды. Химиялық тұрақты бағдарламалардағы орны жөніндегі екі пікір үстем болды.

Біріншісі бойынша периодтық заңдылықты түсіну үшин оқушылардың деректі материалдардан едәуір үлкен әсерлігі болуы тиіс. Осы көзқарасқа сәйкес периодтық заң 9-класта галогендер, оттекке ұқсас элементтер және сілтілік металдар өтілгеннен кейін оқылды.

Екінші пікірді қолдаушылар периодтық заң мен жүйені ертерек өтіп, химиялық элементтерді солардың негізінде оқып үйрену тиімді деп есептеді. Осы пікірге сәйкес бұл тақырып 8- класта оқылады.


2.Тақырыпты оқып-үйренудің методикалық тәсілдері.

Периодтық заң және атом құрылысы туралы оқу материалын қарастырудың үш тәсілі қалыптасты.

Бірінші тәсіл- химия ғылымының даму қисынына негізделеді. Ғылымда алдымен периодтық заң ашылып, периодтық жүйе жасалды, соңынан периодтық жүйедегі заңдылықтарды түсиндіретін атом құрылысы мәліменттер анықталды . Д.И.Менделеев периодтық заңды тәжірибелік білімге сүйеніп қорытты, ішкі мәнісін түсиндіре алмады. Бірақ оның болашақта дамитынына, жаңа көзқараспен толысатынына кәміл сенді.Сондықтан Д.И.Менделеевтің данышпандығын, жалпы заңды ашудағы ғылыми ерлігін көрсету үшин алдымен периодтық жүйе және периодтық заң толық өтілді. Содан соң атом құрылысы қарастырылып, периодтық жүйе электрондық теория тұрғысынан қайтадан оқытылды.

Екінші тәсіл – біріншіге керісінше жүзеге асырылды. Алдымен атом құрылысы туралы оқу материалы өтіледі. Соның тұрғысынан периодтық заңдылықтар қорытылып шығарылды.

Үшінши тәсіл бойынша периодтық заң мен атом құрылысы бір мезгілде өтіледі. Жаңа бағдарлама бойынша оқыту осы тәсілге негізделген. Периодтық заң және атом құрылысы туралы негізгі мәліменттер 8-класта қарастырылады да 11-кластағы жалпы химия курсында кеңейтіледі.
3.Оқушыларды периодтық заңды өтуге әзірлеу.

Алғашқы сабақтарда ғылыми жіктелудің маңызы, оның химияда қалай жүзеге асқаны, элементтерді металдар және бейметалдар деп жіктеудің жеткіліксіздігі, олардың арасында айқын шекара жоғын көрсететін амфотерлі элементтер бар екені жөнінде түсінік беріледі. Металдар және бейметалдар түзетінжай заттардың физикалық және химиялық қасиеттрі кесте түрінде жазылады. Онда сыныптан басқа металдардың қатты, металдық жылтыры болатыны, жылуды және электр тогын жақсы өткізетіні,тапталғыштығы, созылғыштығы, негіздік оксидтержәне негіздер түзетіні, ұшқыш сутекті қосылыстарыболмайтыны көросетіледі. Бейметалдар сұйық, газ және қатты, бірақ жылтыры болмайтын, көпшілігі жылуды және электр тогын нашар өткізетін, қышқылдық оксидтер, қышқылдар және ұшқыш сутектік қосылыстар түзетін заттар ретінде сипатталады.


4.Периодтық заңды қорыту.

Периодтық заңды қорытып щығару үшін атомдық массалары 1- ден 40-қа дейінгі химиялық элементтердің карточкаларымен өздігінен жұмыс ұйымдастырылды. Элементтерді атомдық массаларының өсуі бойынша қасиеттері ұқсас элементтер бірінің астына екіншісі келетіндей етіп орналастыруға тапсырма беріледі. Карточкалармен жұмыс істегенде оқушылар литийден неонға, натрийдан аргонға дейінгі элементтердің атомдық массаларының артуына қарай: а. Оттегі бойынша валенттіліктерінің өсуін; ә. Сутегі бойынша валенттіліктерінің өсуін; б. Жай заттар қасиеттерінің өзгеруін; в. Оксидтері сипатының өзгеруін;г. гидроксидтері сипатының өзгеруін салыстырады.



5.Атом құрылысы туралы берілетін мәліменттер.

Атом термині атомос – грек тілінің сөзі қазақшаға аударғанда бөлшектенбейді деген ұғымды білдіреді. Осы пікір үстем болып тұрған кездің өзінде орыс ғаламдары М.Г.Павлов 1819 Н.А.Морзов атомның құрылысы күрделі деген пікір айтқан. Атақты ғалымдар Д.И.Менделеев, А.М.Бутлероватом бізге белгілі тәсілдермен жіктелмейтін күрделі бөлшек деп жорамалданған. Хлор оттегі және сутегі атомдарының құрылымдық символдарын жазу арқылы ядро зарядтары бірдей, массалары әр түрлі атомдар – изотоптар болатыны жөнінде түсінік беріледі. Химиялық элемент және салыстырмалы атомдық масса ұғымдары жаңаша анықталады.мысалы: химиялық элемент дегеніміз- ядро зарядтары бірдей атомдардың түрі,изотоптар – олардың түр өзгерістері. Салыстырмалы атомдық массаға элементтің табиғи изотоптары орташа массасының көміртегі атомы массасының 1/12 бөлігіне қатынасы деген анықтама беріледі.

Энергетикалық деңгейлерде электрондардың орналасуы жөнінде оқушылар жалпы қорытынды жасайды.


  1. Бірінші период элементтерінде бірінші энергетикалық деңгейдің s – деңгейшесі екі электронмен толады.

  2. Екінші период элементтерінде екінші энергетикалық деңгейдің 2s –деңгейшесі екі, 2р- деңгейше алты электронмен толады.

  3. Үшінші период элементтеринде үшінші энергетикалық деңгейдің 3s – деңгейшесі екі, 3р – деңгейшесі алты электронмен толады.

6. Периодтық жүйедегі заңдылықтарды атом құрылысы тұрғысынан түсіндіру.

Периодтық жүйе – периодтық заңның нақтылы бейнесі,ол жеті период, сегіз топтан тұрады. Периодтар үлкен және кіші, топтар негізгі және қосымша топшаларға жіктеледі.

Элементтер қасиеттерінің периодты түрде өзгеруінің себебін түсіну үшін оқушылар ядро заряды мен сыртқы энергетикалық деңгейдегі электрон саны арасындағы тәуелділікті көрсететін диаграмма сызады. Көлбеу бағытта ядро зарядының өсуі, тік бағытта электрон саны көрсетіледі. Сонда екінші және үшінші период элементтерінде сыртқы деңгейдегі электрон саны бірден сегізге дейін өсетінін байқайды. Бұл алдыңғы сабақтарда сызылған валенттіліктің өзгеру грфигіне сәйкес келеді. Сыртқы қабаттың электрондары валенттік электрондар деп аталады, екінші және үшінші периодтарда сегіз элементтен кейін қайталанады. Оттегі бойынша валенттілік сыртқы электрондардың санына,сутегі бойынша вленттілік сегізден сыртқы электрондар санын алғандағы айырмаға тең. Бұл заңдылық негізгі топшалардың элементтерінде валенттік электрондары сыртқы және сыртқының астындағы деңгейлерде орналасады.

7. Химиялық байланыс және заттың құрылымы теориялары тұрғысынан оқушылардың периодтық заң туралы білімін қорыту.

Периодтық заң химиялық элементтердің, олардан түзілетін жай және күрделі заттар қасиеттерінің өзгеру заңдылықтарын түсіндіреді. Әдетте, атом құрылысы, молекула құрылысы, заттың құрылысы ұғымдарының арасына айқын шек қойылмай жалпылама айтылатындықтан,бұл саладағы оқушылардың білімі көмескі болып келеді. Элемент атомының қасиетін сол күйінде қосылысына апарып таңады. Мәселен, галогенсутек қышқылдардың қайсысы күшті деген сұраққа оқушылар, көбінесе, фторсутек қышқылының күші басым деген жауап қайтарады. Мұның мәнісін анықтай келгенде фтор ең активті галоген, сондықтан оның қышқылы да күшті деп теріс түсіндіреді, молекулаларының арасында химиялық байланыс барын ескермейді. Қосылыстардағы атомның қасиетін жеке күйіндегі атомның қасиетіне сайдырады.

Молекула және кристалл атомдарының жай жиынтығы емес, жаңа сапалы, жаңа қасиетке ие болған түзілістер. Олар атомдарда электрондар алмасуы немесе ортақтасуы арқылы пайда болады. Молекула немес кристалдар түзілгенде энергия бөлінеді,оны қосылыстардың түзілу жылуы деп атайды. Қосылысты қайтадан атомдарға ыдырату үшін түзілу жылуындай энергия жұмсалады, ол байланыс энергиясы делінеді.

Периодта элементтердің ядро заряды өскенде күрделі заттарындағы химиялық байланыстың типі, кристалл торының түрі заңды түрде өзгереді. Na2O MgO Al2O3 SiO2 P2O5 SO3 Cl2O7

Атомдық тор молекулалық тор

Мұндай заңдылық басқа периодтардан да байқалады. Иондық байланысы бар оксидтер – негіздік , ион- ковалентті байланысы бар оксидтер – амфотерлі, ковалентті байланысы барлары қышқылдық қасиеттер білдіреді. Сонымен заттың құрылысы және химиялық байланыс теориялары тұрғысынан жай және күрделі заттардың қасиеттерін нақты түсіну оқушылардың периодтық заң туралы білімін тереңдетеді.

Бақылау сұрақтары:


  1. Оқушыларға білім мен тәрбие беру және оларды дамытудағы периодтық заңның маңызы қандай?

  2. Периодтық заң мен атом құрылысын оқытудың методикалық тәсілдері қалай негізделеді?

  3. Оқушылар периодтық заңды саналы қабылдауға қалай әзірленеді?

  4. Ю.В. Ходаков, т.б. және Г.Е.Рудзитис, Ф.Г. Фельдман оқулықтарындағы периодтық заң және атом құрылыс туралы оқу материалының мазмұнындағы ұқсастықтары мен айырмашылықтары қандай?

  5. Периодты заңдылықты түсінуге қажетті атом құрылысы жөніндегі мәліметтердің мазмұны мен көлемі туралы не айтуға болады?

  6. Периодтық жүйеге байланысты негізгі ұғымдар атом құрылысы тұрғысынан қалай қалыптастырылады?

  7. Периодтық заңның Д.И.Менделеев берген және қазіргі анықтамасын салыстырып, ұқсастығы мен айырмашылығын табыңдар, олардың әрқайсысы оқушыларға қай кезеңде түсіндіріледі?


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет