1. Математиканы оқыту әдістемесі ( методикасы )


Диалог – адам өмірінің мәні мен мақсаты



бет5/6
Дата04.06.2020
өлшемі37,65 Kb.
#72312
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
МОӘ дайындық1

5. Диалогадам өмірінің мәні мен мақсаты

«Бұл өмірдің мәні – сіз бен біз емес пе?»

(Бөлтірік шешен)

Тіршіліктің негізі қарым-қатынас пен диалогқа орнығады. Басқа адамның ойымен, пікірімен, көзқарасымен санасу, бөтенді түсіне білу, өзіңді оның орнына қоя білу – осы қасиеттердің бәрі де әлеумет ахуалын белгілейді. Пәлсапашы Қанат Нұрланованың пайымдауы бойынша, қарым-қатынас идеясы қазақ ұлттық философиясының негізінде жатыр. «Өмір мәні – араласу, қатынасу, іштесу, қауышу, дидарласу, жүздесу, яғни, түсінісу», - деп түсінген ата-бабаларымыз осы әрекеттер арқылы басқа адамға, оның көзқарасы мен дүниетанымына, ойы мен пікіріне деген ыждаһат пен ықылас қалыптасатындығына көздерін жеткізген. Адамзат ғұламалары біздің тек қана қарым-қатынас арқылы, диалог құру арқылы ғана Әлемді тануымыз ықтимал, яғни таным мен білім – адамдардың өзара әрекетінің нәтижесі деп есептеген, тіпті қарым-қатынас, диалог – өміріміздің мәні деп түсінген. Олар ықылым заманнан бері бұл қағиданы адам өмірінің негізі ретінде санап келеді. Философияда диалог тек қана қарым-қатынас құралы болмай, сонымен бірге өмірлік мақсат ретінде танылып отыр. Бұл тұжырым өмірге деген көзқарасты түбегейлі өзгертуі мүмкін. Ол «Өмірдің мәні – қарым-қатынас пен диалог, өмірдің өзі де қарым-қатынас пен диалог» деген өмірлік қағиданың үстемдігіне бастайды. Диалог – екі жақтың сөз арқылы ауызша немесе жазбаша қарым-қатынасы. Диалог тек қарама-қарсы отырған адаммен ғана орын алмайды, диалогты әрбір адам өзімен де жасайды. Атақты структуралист Ю.Лотман қарым-қатынастың схемасын екі түрде былайша көрсеткен: «Мен – Ол» және «Мен – Мен». Бірінші схема түсінікті, өйткені ол басқамен жасалған диалогты, қарым-қатынасты меңзейді. Мұнда «басқа» рөлінде бөтен адамдар, ақпарат, кітап, табиғат, бүкіл Әлем болуы мүмкін. Ал екінші схема өзіңмен-өзің жасаған диалогты айқындап тұр. Біздің санамызда өзіндік түсінік, пікір, ойлар формасында туындайтын білім де тура осындай екі жолмен игеріледі: алдымен басқамен қарым-қатынас арқылы, содан кейін өзіңмен диалог жасау, яғни рефлексия арқылы. Рефлексия қарастырылатын әрбір мәселе бойынша ой толғанып, жан-жақты зерттеп, өз түсінігіңді қалыптастыру, өзіңді тану мен түсіну, ішкі жан дүниеңе үңілу, өзіңмен сырласу, өзіңе есеп пен баға беру дегенді білдіреді. Осындай рефлексиялық жұмыс санада жаңа ұғымдар мен түсініктерді құрастырады, жаңа білім қалыптастырады, сол себепті де оқыту процесіндегі барлық іс-әрекеттердің негізін рефлексия құрауы керек. Диалогтың негізінде әр адамның қарым-қатынасқа деген қажеттілігі жатыр. Диалогқа деген қажеттілік қашан және қалайша туындайды? Оның мынандай шарттарын келтіруге болады:

1.Танымдық ұстаным. Егер оқушы «Жаңа түсінік бірлескен жұмыс нәтижесінде ғана қалыптасады» деген қағиданы ұстанса, онда ол әрқашан да өзінің идеялары мен туындаған сұрақтарын басқаларға жеткізіп, оларды талқылауға дайын болады.

2.Психологиялық алаңдамаушылық. Диалогта оқушы өзінің құқықтарын ешкім аяққа баспай, ойлары мен идеяларының, пікірлері мен көзқарасының мұқият тыңдалып, олардың сенімсіздік пен күлкіден қорғалатындығын білсе, онда ол өзін қарым-қатынастың тең дәрежелі субъектісі ретінде қарастырады.

3.Қызығу. Монологқа қарағанда диалогтың қызық екендігін түсініп, оқушы оның ұтымды жақтарына назар аударады.

Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Зерттеулерде ересектермен интерактивті қарым-қатынас пен достарымен бірігіп жүргізілген жұмыстың балалардың оқуына және когнитивті дамуына әсер ететіндігі айтылған. Выготский кіші жастағы балаларды когнитивті даму әрекеттері әлеуметтік қарым-қатынас үдерісінде, яғни анағұрлым қабілетті оқушылармен араласу және мәдениет, қоршаған ортамен өзара қарым-қатынас жасау арқылы оқушыларды ересектерше ойлау әдісіне үйрету кезінде қалыптасатын субъекті ретінде суреттейді. Выготскийдің оқыту моделі оқушы диалог құру нәтижесінде білім алады деп жорамалдайды. Сондықтан, оқушының білім деңгейін дамытуға әлеуметтік қолдау көрсетуде мұғалімнің рөлі ерекше.

Барнс (1971) сыныпта тіл қаншалықты қолданылса, оқушылардың оқуына соншалықты әсер ететінін айтады. Барнс оқытудың мұғалімді селқос тыңдағанда ғана емес, вербалды құралдарды қолдану нәтижесінде, яғни сөйлесу, талдау және дәлелдеу барысында жүзеге асатынын көрсетті (нұс 39 б).

Бүгінде диалогтың екі түрі айқындалады: ақпараттық және түсіндірмелік (интерпретациялық). Ақпараттық диалогтағы қарым-қатынасқа қатысушылардың арасында білім деңгейлері тұрғысынан алшақтық болады, ал интерпретациялық диалогта қатысушылардың білімдері біркелкі болып, тек түсініктері ғана әртүрлі болады. Оқытушының әр сабақтағы басты міндеті – сыныптағы қандай да болмасын қарым-қатынасты интерпретациялық диалог деңгейіне көтеру. Бұл үшін ұстаз қарым-қатынаста оқушылардың білетін және әлі де білмейтін ақпараттар (алайда оқытушыға таныс) арасындағы қарама-қайшылық пен айырмашылықты оның жеке тәжірибесіне сүйене отырып теңдестіруі қажет. Оқушы жаңа мәлімет бойынша өзінің жеке тәжірибесіне жүгінетін болса, диалогтағы екі жақ та тең құқылы болып, өзара қарым-қатынаста ақпаратты қайталамай (репродукция), оны өзіндік тұрғыдан түсіндіруге ұмтылады (интерпретация). Интерпретациялы диалогта тек қана ақпарат емес, сонымен бірге жаңа ұғымдар, түсініктер, құндылықтар қалыптасады. Осылайша оқу мен оқытудың нәтижелілігі арта түседі.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Мұғалімге арналған нұсқаулық. (ІІІ деңгей) «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012 жыл.

2. А.Әлімов «Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері» Алматы – 2013 жыл.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет