15 «Әсел» мектеп- бақшасы дидактикалық ойындар Құрастырған: Абылгазинова Г. З



бет1/20
Дата11.01.2017
өлшемі10,43 Mb.
#7322
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20


15 «ӘСЕЛ» МЕКТЕП- БАҚШАСЫ

Дидактикалық ойындар

Құрастырған: Абылгазинова Г.З.

Көкшетау қаласы – 2014 ж.



Заттармен ойындар

Баян қуыршақ оянды

Дидактикалық міндет. Балалардың қуыршақ киімдерінің атаулар жайлы мағлұматтарын бекіту. Мәселен, теркөйлек, ішкиім, көйлек, шұлық, туфли, түнгі жейде; киінудің реттілігі; қуыршақты киіндіру әрекетіне жаттықтыру; балалардың сөйлеу қабілетін қарқындату. Ойын барысындағы серігі – қуыршаққа деген мейірімді қатынасқа тәрбиелеу.

Ойын ережесі: Қажетті киім түрін таңдап алу (қуыршақтың көлеміне байланысты) және үлкен қуыршақтың жанына үлкен киім түрін, кіші қуыршақтың жанына кішкентай киім түрін қою. Киімді қуыршаққа кигізу барысында ретімен атау.

Ойын әрекеттері. Киімді іздеу, қуыршақты киіндіру, түймелеу, бауын байлау.

Ойын барысы. Тәрбиеші алдын ала, ойын басталғанға дейін, шкаф сөрелеріне қуыршаққа арналған үлкен және кішкентай киімдерді қояды. Ал бірнеше бала келіп киімдерді алып, қалғандары олардың әрекеттерін бақылап тұруы тиіс.

Баян және Жібек есімді екі қуыршақ екі төсекте (үлкен және кіші) жатады. Мұнда матрас, ажайма, жастық, сейсепті көрпе тәрізді төсек-орын жабдығы бар. (Ойын сабақ уақытында ойын бұрышында өтеді). Балаларды жарты шеңбер бойымен орындықтарға қуыршақтар мен олардың киімдері көрініп тұратындай және тәрбиеші шақырғанда ортаға шығу үшін ыңғайлы болатындай қылып отырғызу қажет. Оқытушы ойын ережесін түсіндіреді:

- Балалар, мына төсекте кім ұйықтап жатқанын қараңдар. Таныдыңдар ма? Иә, бұл – Баян есімді қуыршақ. Ал мына төсекте кім ұйықтап жатыр? Дұрыс айтасыңдар. Бұл – Жібек.

Тәрбиеші үлкен қуыршаққа қарап былай дейді:

- Баян, сен ояндың ба? Тұрасың ба? Балалар, ол тұрғысы келетінін айтты, бірақ, ең алдымен, оның киімдерін іздеп табу керек. Баянды киіндіру үшін не қажет?

- Көйлек, теркөйлек, ішкиім, шұлық, туфли – деп, балалар хормен жауап береді.

- Дұрыс, балалар. Сөреге мұқият қараңдар. Киім көріп тұрсыңдар ма? (Балалар шкафта қуыршақтардың киімдері тұрғанына көз жеткізеді).

- Мен Баянның көйлегін көрдім.

- Кел, Әйгерім, көрген затыңды алып келіп, бәрімізге көрсете қой.

Әйгерім көйлекті алып келеді. Тәрбиеші көйлекті Баян қуыршаққа өлшейді.

- Балалар, қараңдар. Баянға көйлек жарайды ма? (Балалар жымияды, демек, көйлек кішкентай) Жоқ, көйлек кішкентай екен. Яғни, көйлек Баяндікі емес. Сонда кімдікі? Мүмкін, Жібек қуыршақтың көйлегі шығар. Ол да ұйықтап жатыр. Әйгерім, бұл көйлекті Жібектің жанындағы орындыққа қоя ғой. Басқа көйлек іздеп көр. (Әйгерім сәл үлкен көйлекті алып келіп қуыршққа өлшеп көреді. Барлығы бұл көцлектің жарайтынын көріп, киіндіруді сұрайды) Көйлекті қуыршаққа бірден кигіземіз бе? – деп, тәрбиеші балалардың назарын қуыршақтардың ішкиімдеріне аударады.

- Алдымен ішкиім мен теркөйлекті кигізу қажет – деп жауап береді балалар.

- Демек, оларды табу керек. Айсұлу! Баянның ішкиімі мен теркөйлегін таба ғой. Тек қателеспе.

Айсұлу шкафқа барып киім таңдайды. Қолына ілінген кішкентай теркөйлекті шетке ысырып қойып, үлкен теркөйлекті алып тәрбиешіге әкеліп береді.

Сонымен басқа да киімдер табылады. Балаларды кезекпен шақырған тәрбиеші оларға қуыршақты киіндіруді тапсырады. Балалардың біреуі – ішкөйлегін, екіншісі – теркөйлегін, үшіншісі – көйлегін кигізіп, төртіншісі – түймесін түймелеп, белбеуін байлайды. Осылай балалар байқағыштық, зейін және қозғалғыштық белсенділігін байқатады. Және осы ретпен келесі қуыршақтақты да киіндіруге болады.

Киінген қуыршақтарды балалар серуенге алып шығады. қуыршақтарды киіндіру үрдісі кейінгі іс-әрекеттерден үзілмегені маңызды. Қуыршақтарды киіндіргеннен кейін тәрбиеші:

- Міне, Баян да, Жібек де киінді. Олар дене шынықтыру жаттығуларын жасауға, кейін таңғы ас ішуге дайын.

Осылайша педагог балалардың алдағы уақытта өз бетінше қуыршақтармен ойнауын жоспарлайды.



Баян қуыршақ түстенеді.

Дидактикалық міндет. Балалардың асхана ыдыстары жайындағы мағлұматын бекіту, сөйлеу қабілетін дамыту; Тамақтану кезіндегі мәдени тәртіпке , қуыршаққа деген мейірімді қатынасқа тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Түстенуге арналған ыдыстарды дұрыс тауып, таңдап алу. Заттарды қатесіз көрсету. Ыдыс дұрыс таңдалған жағдайда балалар қол шапалақтайды, ал егер қателессе, саусақтарымен сес көрсетеді.

Ойын әрекеттері. Қуыршақтарды тамақтандыруға арналған ойыншық үстелді тамақ ішуге даярлайды; дастархан жайылып, ыдыс-аяқ, майлық үстелге қойылып, орындыққа қуыршықтарды отырғызады.

Ойын барысы. Ойын арнайы ойын бұрышында өтеді. Үстел үстінде шайға, асқа арналған және асүйлік ыдыстар тұр. Баян қуыршақ келесі үстелдің басында отыр.

- Балалар, Баянды тамақтандыру керек – дейді тәрбиеші қуыршақ отырған үстелді нұсқап. - Ал, мұнда ыдыс-аяқ тұр. (шетте тұрған екінші үстелді көрсетеді) Осылай ойнаймыз: үстелге тек түстенуге қажет ыдыстарды ғана қоямыз.

- Асқар, сен Баянға арнап үстелге не қояр едің?

- Мен мынаны қоямын – дейді Асқар.

- Бұл ыдыс қалай аталады?

- Сорпаға арналған шұңғыл тәрелке.

Қолдаудың белгісі ретінде балалар қолдарын шапалақтайды, ал Асқар қуыршақтың алдына тәрелкені қояды.

Тәрбиешінің айтуымен балалар қуыршақтың тамақтануына қажетті барлық заттарды, яғни тәрелке (шұңғыл және жайпақ), шанышқы мен қасық (үлкен және кішкентай), нан салғыш, тостағанды табады; оларды дұрыс атап, үстелге сәндеп қояды; үстелге дастархан жаюды, майлықтар салынған стақанды қоюды да ескереді. Әрбір дұрыс жасалған әрекетке балалар қол шапалақтайды. Ойын соңында тәрбиешінің ескертуімен балалар Баянға тәбетінің ашылуын тілейді, ал балалардың біреуі тамақтан кейінгі дастарханды жинауға кіріседі.

Осындай жоспар негізінде қуыршақпен өзге де ойындар ұйымдастырылады. Мәселен, «Қуыршақты серуенге киіндірейік (әр жыл мезгіліне орай)», «Қуыршақты шомылдыру», «Қуыршақтың туған күні». Аралық уақыты қысқа мерзімді ойындар бөлімі балаларға қуыршақтармен іс-әрекеттердің реттілігін, олардың өзара байланысын меңгеруге икемдейді (қуыршақ оянды, түстенеді, серуендейді, жуынады, ұйқыға жатады). Бұл балаларға білімдерін нығайтуға және бұдан да маңызы зор әрі қызықты өз бетінше шығармашылық ойындарда қолдануға мүмкіндік береді.

Жаңа қуыршақ

Дидактикалық міндет. Балаларды топталған бөлмедегі жабдықтарды дұрыс атауға үйрету; олардың міндетін анықтау; балалардың сөйлеу қабілетін дамыту; жаңадан келгендерге ілтипатпен, мейірімді қатынасқа үйрету.

Ойын ережесі. Қуыршақ жақындаған заттарды ғана атау; қуыршақ сұрақ қойған бала ана жауап береді; егер ол барлық балаға сұрақ қойса, барлығы хормен жауап береді.

Ойын әрекеттері. Бөлме ішін аралайды, суреттеу үшін үй жабдығын таңдайды, оларға жаңа қуыршақты таныстырады.

Ойын барысы. Балалар қабырғаға жақын қойылған орындықтарға жайғасады. Тәрбиеші әңгімені бастай бергенде есік қағылады.

- Бізге біреу келді, - дейді тәрбиеші.

Бір сәтке теріс бұрылып, балаларға байқатпастан қолына қуыршақты алады (балалар оны бұрын көрмеген). Тәрбиеші сөзін жалғастырады:


  • Балақай, сенің атың кім?

Қуыршаққа сәл еңкейіп, құлағын жақындатып, сыбырласып сөйлескендей кейіп танытады. Тәрбиеші дұрыс түсінбегендей болып, қуыршақтың қимылын қайталатады.

- Енді түсіндім. Балалар, біздің қонағымыздың есімі – Күнсұлу. Ол біздің топта қалғысы келеді. Ал, біз оған бөлмемізді көрсетейік. Күнсұлу, қаласаң біз саған бөлмемізді әрі көрсетіп, әрі таныстырайық.

Қуыршақ келіседі. Балалар бөлме жабдықтарын атайды.

Бұдан кейін тәрбиеші қуыршақпен бірге бөлме ішіндегі заттардың бірінен кейін біріне жақындап, қуыршақтың қимылын келтіріп сұрайды:



  • Ал мынау не?

  • Бұл – аквариум, әдемі балықтардың мекені, - деп балалар хормен жауап береді.

  • Ал бұл не?

  • Бұл ойыншықтарға арналған шкаф.

Тәрбиеші кітаптар жиналған бұрышқа келіп, қуыршақтың атынан мұның не нәрсе екенін сұрап, кітап сөресі екендігін біледі.

Осылайша Күнсұлу есімді қуыршақ топтағы ойыншықтармен, басқа да бөлме жабдықтарымен танысады, олардың не үшін қажет екендігін біледі, таңданады, тәртіптілік үшін мақтайды, өзіне деген ықылас үшін алғысын білдіреді. Балалар қуыршақпен қуана-қуана сөйлеседі.

Мұндай әрекет тәрбиешіге ойынға жаңа ойыншықты қатыстырғанда аса қажет. Себебі балардың ойыншықпен ойнауға деген қызығушылығы артады, қуыршақты аялайды, осылай топқа жаңадан келген балаларға да жылы қатынас қалыптасады.

Ары қарай жас ерекшелігі кіші балалармен жұмыс жасағанда тәрбиеші бұл әрекетті олардың ойыншықтарға деген ұқыпты және мейірімді қатынас қатынасты қалыптастыру үшін қолданады. Осы мақсатпен тәрбиеші кейін балалармен Күнсұлу қуыршақ жайлы сұхбат жүргізеді. Яғни Күнсұлу қуыршаққа топпен бірге болу ұнай ма, ол кіммен көп ойнайды, кімді ойын кезінде өзіне жақын дос санайды, және неге? деген тәрізді сұрақтар арқылы оқытушы балалардың бойына адамгершілік тәрбиесін қалыптастырады.



Не өзгерді? (матрешкамен ойын)

Дидактикалық міндет. Балаларды заттарды және олардың әрекеттерін дұрыс атауға үйрету (матрешка тығылды, жүгіріп келді, бір орында тұр), киімдердің түр-түсінің, матрешкалардың көлемінің айырмашылығын қадағалау және атау, балалардың көз қаперін, ерікті есте сақтауын, байқағыштық, сөйлеу қабілетін дамыту.

Ойын ережесі. Кімді матрешка-ана (ең үлкен матрешка) атаса, сол ғана жауап береді.

Ойын әрекеті. Матрешкалардың орналасуындағы өзгерісті табу.

Ойын барысы. Тәрбиеші балаларға кезекпенен көлемі бойынша әр басқа түрлі-түсті бес матрешканы көрсетеді. Балалар оларға назарын аударады. Барлық матрешканың көлемі әр басқа және киген сарафандары мен орамалдары да әр түрлі. Балалармен бірге тәрбиеші де киімдердің түсін атап, матрешкалардың көлемі бойынша әр түрлі екендігін ескетеді.

Балалар үстелді жарты шеңбер бойынша жағалай отырады; үстел барлық балаға тәрбиешінің үстеліндегі матрешкалар көрінетіндей етіп орналастырылған.

Оқытушы сұрақ қояды:


  • Балалар, менің үстелімде не көріп тұрсыңдар?

  • Матрешкаларды, - деп жауап береді балалар хормен.

  • Қараңдаршы, бойы бойынша матрешкалар қандай. (Алдымен екі, кейін үш, содан соң төрт матрешканы бір-бірінің жанына қояды.) Бойы бойынша біркелкі ме, әлде әр түрлі ме? («Әр түрлі».) Ал олардың несі әр түрлі? Анықтап қараңдар!

Алғашқыда балалар дұрыс жауап беруде мүдіреді, тәрбиеші оларға сұрақ қоя отырып көмектеседі:

- Орамалдарына көңіл аударыңдаршы. Олар қандай? (матрешкаларға кезекпенен қол тигізеді.) Дұрыс. Бір матрешканың орамалы қызыл болса, енді бірінікі – жасыл, ал мынанікі – көк. Біз матрешкалардың орамалдары жайлы бір сөзбен не дейміз? («Матрешкалардың орамалдары әр трүлі».) Ал сарафандары ше? Қалай деуге болады? Дұрыс. Олардың сарафандары да әр түрлі. (Балалармен бірге әр матрешканың сарафанының түсін айтады: қызыл, жасыл көк.) Оларға қарап қалай киінгендерін естеріңе сақтаңдар.

Ал енді былай ойнаймыз: мен матрешкаларды шымылдықтың артына тығамын, сендер қай матрешка тығылып тұрғанын атайсыңдар. Бірақ бір-бірден жауап беру керек. Сол себепті кім байқайды, сол маған жақындап келіп, ешкім естімес үшін құлағыма сыбырлап айтады.

Ары қарай тәрбиеші балалардың назарын матрешкалардың көлеміне аударады: шымылдықтың артына бірінен соң бірін кезекпен, кейде екеуін қатар тығып отырады.

Ойынды қайталап ойнату барысында матрешка кімді нұсқаса, сол жауап береді.

Ойынға қандай міндет шешілетіндігіне байланысты өзге де заттарды қолдануға болады.



«Сиқырлы қапшық»

Дидактикалық міндет. Балаларды заттарды ерекше белгілеріне сәйкес танып-білуге үйрету.

Ойын ережесі. Сипау арқылы затты танып атау. Қапшықтағы зат жайында атағаннан кейін ғана оны қапшықтан шығарып көрсетуге болады; егер зат дұрыс сипатталмаса немесе дұрыс аталмаса қапшық ашылмайды.

Ойын әрекеттері. Затты сипалау; зат туралы жұмбақты шешу.

Ойын барысы. Ойынды ұйымдастыру барысында тәрбиеші балаларға таныс ойыншықтарды таңдап алады. Барлық заттар көрінетіндей етіп балаларды жарты шеңбер бойымен отырғызып шағын әңгіме жүргізуге болады. Кейін кейбір балаларға заттардың атауын қайталатып, не үшін қажеттігін сұрау керек.

Тәрбиеші:

- Қазір ойын ойнаймыз. Кімді шақырсам, сол қапшыққа салған затты табуы қажет.

Арман, үстел үстінде жатқан барлық заттарға мұқият қарап ал. Есіңе сақтадың ба? Ал енді теріс бұрыл! Мен қапшыққа бір ойыншықты салам, ал сен нені салғанымды табуың керек. (Қапшыққа бір затты салады.) Арман, қапшық ішіне қолыңды сала ғой. Ішінде не жатыр екен? Сен дұрыс таптың. Ал енді Арман келесі ойыншыны өзің анықтап бер.

Барлық заттар анықталғанша ойын жалғаса береді.

Бұл ойын балалардың есте сақтау (қандай ойыншықтар үстелде жатты), шыдамдылық қабілетін дамытады. Ойыншы баладан басқа балалардың барлығы тәрбиешінің қапшық ішіне қай ойыншықты салғанын көреді, әрқайсысы айтқысы келеді, бірақ болмайды.

Ойынды күрделету мақсатында өзге ереже ұсынуға болады: қапшыққа бірнеше ойыншық салынады. Балалардың ешқайсысы оларды білмейді. Шақырылған бала қапшық ішіне қолын салып және ойыншықтардың бірін сипалау арқылы ол жайында сипаттайды. Егер балалар сипаттама бойынша ойыншықты таныған жағдайда ғана қапшықтың ауызы ашылады.

Дәмін сезе біл

Дидактикалық міндет. Балаларды көкөніс пен жемістің дәмін айыра білуге жаттықтыру (тәтті, қышқыл, тұзды, ащы); балалардың сөйлеу, есте сақтау, жинақталу, төзімділік қабілетін дамыту.

Ойын ережесі. Көкөністі көрместен дәмін анықтау және дәмін дұрыс атау қажет. Дәмін татуға көкөніс берілгенге дейін сабырмен күтуі керек.

Ойын әрекеттері. Көзді жұмып, қарамау және шайнап дәмін сезгенше жауап беруге асықпау. Кім қателессе, оған басқа көкөінстің дәмін татуға мүмкіндік беріледі. Тәрбиеші үстелінің үстіндегі барлық көкөністердің дәмін анықтау керек.

Ойын барысы. Тәрбиешінің үстелінің үстінде арнайы ыдысқа балаларға бұрыннан таныс көкөністер мен жемістер салынған: қияр (жаңа піскен және тұздалған), сәбіз, орамжапырақ, қызылша, шалғам (редис); алма, алмұрт, өрік. Келесі ыдыста осы жеміс-жидектер әр балаға жеткілікті етіп туралған және майлықтар қойылған. Тәрбиеші жеміс-жидек салынған ыдысты қолына алып ойыншыларды аралап жүреді. Өзі жақындаған балаға көзін жұмуды өтініп, майлықтың үстіне көкөніс немесе жемістің бір түйірін салып, балаға дәмін татуға ұсынады. Ол көзін ашпастан дәмі не болмаса иісіне қарап жеміс-жидектің атауын табады. Содан соң бұл жеміс-жидекті үстел үстінен көрсетуге тиіс. Осылайша тәрбиеші барлық бала ойынға қатысқанша ойынды жүргізеді.

Ойын әкелінген жеміс-жидектердің барлығы аталып, дәмі анықталған соң мәресіне жетеді.

Ойынды ұйымдастыру барысында гигиеналық талаптарды ұмытпаған жөн: барлық балаға жеміс-жидектің дәмін көру үшін бір шанышқыны қолдануға болмайды және қолданылған майлықтарды басқа ыдысқа салып отыру керек.

Ойынға барлық балалар қатыса алады, бірақ шағын топшамен де аталмыш ойынды ұйымдастыруға әбден болады.

Дәл осындай жапырақ,

Ұшсын маған жақындап.

Дидактикалық міндет. Балаларды ұқсас жапырақтарды табуға үйрету, сөйлеу қабілетін дамыту (ағаштардың атауы: үйеңкі, емен, шетен, қайың), тыңдай білуге тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Қай ағаштың жапырағы екенін атаған соң, тәрбиешінің: «Дәл осындай жапырақ, ұшсын маған жақындап» деген сөзінен кейін ғана жүгіру керек.

Ойын әрекеттері. Жапырақтарды салыстыру, біркелкі жапырақтар мен ағаштарды табу, тәрбиешінің белгісімен жүгіру, жеңімпазды анықтау (еш қателеспеген).

Ойын барысы. Серуенге шыққан тәрбиеші балалармен бірге бақта өскен ағаштардың жапырақтарын жинайды (бала санына сәйкес). Өзіне әр ағаштың бір жапырағын қалдырып отырады. Жарты шеңбер бойымен тәрбиешіні қоршаған балаларға оқытушы:

- Балалар, біздің бақта қандай ағаштар өсетінін білесіңдер ме? Оларды атай отырып әрқайсысына жақындайық (балалар ағаштардың атауын атап, оларға жақындап ағашқа, жапыраққа зер сала қарастырады). Қараңдаршы, үйеңкінің жапырағы қандай екен? Үлкен, тікенекті, ал мынау шетен ағашының жапырағы. Жапырақтың өзінің кішкентай жапырақшалары бар екен. Жапырақ қауырсынға ұқсайды екен.

Жапырақтарды әрі атап, әрі салыстыра отырып, тәрбиеші балалардың ағаштар туралы, жапырақтарының айырмашылыға жайында не білетінің байқайды.

- Ал енді біз ойын ойнаймыз. Менің қолымда әр түрлі ағаштың жапырақтары бар. (Көрсетеді.) Атауларын қайталайық. Мен барлығыңа бір-бір жапырақтан беремін. Өзімде бірнешеуін қалдырамын. Мен бір жарпырақты көрсетіп: «Дәл осындай жапырақ, ұшсын маған жақындап» - деген кезде, сендер маған қарай жүгіресіңдер. Байқаңдар! Қателеспеңдер.

Артқа шегініп тұрып: «Дәл осындай жапырақ ұшсын маған жақындап» - деп белгі береді.

Тәрбиеші балалардың тек белгі берілгеннен кейін ғана жүгіруін қадағалайы қажет. Ережені бұзбаған баланы мадақтап отырған жөн.

Ойынды өзге де тапсырмалармен күрделендіруге болады: белгі берілген соң балалар қолындағы жапырақтың ағашына қарай жүгіруі керек.Әр түрлі ағаштарға жүгірген балалар қолындағы жапырақпен ағаш жапырағын салыстырады. Білгендерін бекіту үшін жапырақтарды ауыстырып ойынды қайтадан бастауға болады.

Кім тез құрастырады?

Дидактикалық міндет. Балаларды пирамиданы дұрыс құрастыруға үйрету, яғни алдымен үлкен шығыршықтарды (сақинаны), кейін одан кішірегін, ең кішкентайын таңдап жинақтау; шығыршықтардың көлемін атауды үйрету (үлкен, кішірек, кіп-кішкентай, өте кішкентай).

Ойын ережесі. Тәрбиешінің белгісінен кейін шығыршықтарды тізбектеу. Кім пирамиданы әрі тез, әрі дұрыс құрастырса, сол жеңіске жетеді.

Ойын әрекеттері. Шығыршықтарды тізбектеу, жарысу; жеңімпаз сыйлықпен марапатталады (фишка, жалауша т.б.)

Ойын барысы. Шағын топшамен ойнауға болады. Тәрбиеші барлық балаларды үстел басына отырғызғаннан кейін бәріне пирамида үлестіріп береді. Өз қолындағы пирамидаға қарап тұрып, бар баланың назарын соған аударады:

- Балалар, қараңдаршы, ең астында тұрған қандай шығыршық: үлкен бе, әлде кішкентай ма?

- Үлкен.

- Ал мынау қандай? (Ортаңғы шыыршықты көрсетеді.)

- Бұл кішірек.

- Ең үстінде қандай шығыршық орналасқан?

- Өте кішкентай.

Егер балалар өз бетінше жауап бере алмаса, тәрбиеші көмек береді:



  • Естеріңде болсын, ең астында үлкен шығыршық орналасқан. Ал сонда үстінде қандай?

  • Өте кішкентай.

  • Дұрыс. Енді біз пирамидамен қалай ойнайтынымызға назар аударыңдар. Алдымен пирамиданы бөлшектейміз. (Шығыршықтарды алып үстел үстіне қояды.) Сендер де осылай жасаңдар. Содан соң мен үстел үстін сақинамен тарс еткізгенде сендер тездетіп пирамиданы құрастырасыңдар. Және дұрыс құрастыруды ұмытпаңдар. Кім жылдам құрастырса, сол жеңіске жетеді. Оған жалауша беріледі.

Балалар өз пирамидаларын бөлшектеген соң тәрбиеші белгі береді де, олар құрастыруды бастайды. Бәрі алғашқыда пирамиданы дұрыс құрастыра алмауы мүмкін, мұндай жағдайда тәрбиеші ең алдымен үлкен шығыршықты алу керек екенін естеріне салады:

- Ең үлкенін тізбектеген соң қалғандарының арасынан ең үслкенін ізде, оны құрастырған соң тағы үлкенін іздеп тап. Міне, соңғы рет ең кішкентайын тізбекте. Пирамида әрі дұрыс, әрі жылдам құрастырылды.

Ойынды бірнеше рет қайталауға болады, себебі шығыршықтарды құрастыру балаларды қатты қызықтыратыны анық. Сонымен қатар қатты асығу да керек екенін ұмытпаған дұрыс.

Тәрбиеші ойын соңында:

- Бәрің де әрі жақсы, әрі жылдам пирамида құрастыра алады екенсіңдер. Дегенмен Әсет екі мәрте жеңімпаз атанды. Біз оған: «Жарайсың!» - деп қол соғайық! – деп аяқтайды.

Затты сипаттай отырып тап.

Дидактикалық міндет. Затты өзіне тән басты ерекшелігіне қарап табуға тәрбиелеу; байқағыштық, тапқырлық қабілеттерін дамыту; балаларды затты атамастан сипаттауға үйрету; төзімділікке баулу.

Ойын ережесі. Буратино кімді көрсетсе, сол іздейді.

Ойын әрекеттері. Ойынды Буратино жүргізеді және оның жұмбақтарын балалар шешу керек; заттарды бөлме ішінен іздеу.

Ойын барысы. Буратино, тәрбиеші және балалар бірге ойынға таңдалған заттарды қарастырады: доп, ойыншық жүк машинасы, күшік, шелек, қуыршақ. Тәрбиеші балалардың назарын аталған ойыншықтардың сыртқы келбетіне, яғни заттардың пішініне, түсіне, неден жасалғаны, не үшін қажет екендігіне аударады. Содан кейін балаларды теріс қаратып қойып, ойыншықтарды әр түрлі жерге жылдам орналастырады да:


  • Ойыншықтар жан-жаққа кетті. Қазір сендер оларды іздейсіңдер.

  • Алдымен мен сендерге ең бірінші табуға тиіс ойыншық туралы айтамын, - дейді Буратино. – Тыңдаңдар! Өзі домалақ, резеңкеден жасалған, еденде секіріп домалайтын затты табу қажет. Сендер онымен ойнағанды жақсы көресіңдер.

  • Бұл доп, доп! – деп хормен жауап береді балалар.

  • Дұрыс, балалар. Жанат, допты тап.

Жанат бөлмені аралап, допты іздей бастайды. Допты тапқаннан кейін тәрбиешінің үстеліне әкеліп қояды. Енді Буратино басқа ойыншықты сипаттай бастайды:

- Пластмассадан жасалған, жасыл түсті, тұтқасы бар, өсімдіктерді суару үшін су құюға болады. Бұл қандай зат?

Балалар сипаттама негізінде шелек екенін біледі. «Әсем, шелекті тауып, осында әкел», - дейді Буратино. Әсем де шелекті тауып, үстел үстіне, бұрынғы орнына қояды. Ойын барлық ойыншықтар өз орнына әкелініп қойылғанға дейін жалғасады.

Буратино белсенді, байқампаз, тапқыр балаларды ерекше атап өтеді. Содан кейін барлық ойыншықтармен ойнауды ұсынады: енді балалар олармен қалай ойнауға болатынын біледі.

Мұндай ойындарға белгілі бір себептермен балалардың қызығушылығы жоғалған, уақытша ұмытылған ойыншықтарды қолдануға болады.

Қуыршаққа ыдыс таңда

Дидактикалық материал. Балалардың ыдыс түрлері жайындағы мағлұматтарын нығайту; ыдыстарды міндеті бойынша қолдана білу мүмкіндігін қалыптастыру; тапқырлық, байқампаздық, сөйлеу қабілеттерін дамыту.

Ойын ережесі. Тәрбиешінің белгісінен кейін жылдам керек ыдысты сұрыптап алу (шайға, тамаққа арналған, асүйлік).

Ойын әрекеттері. Бала бағушыға, аспазға қажет ыдысты іздеу.

Ойын барысы. Ойын балалар бала бағушы мен аспаздың жұмысымен танысқаннан соң, олар жұмыстарында қандай ыдыстарды керектенетінін білгеннен кейін жүргізіледі.

Тәрбиеші ойынға үш қуыршақты дайындайды: бірі аспаздың күртешесін киген (аспаз), екіншісі халатта (бала бағушы), үшіншісі – кішкентай қыз. Аспаз пештің (ойыншық) жанында тұрады, бала бағушы түскі асқа ыдыстарды дайындайды, үстел басында (ойыншық мебель) қуыршақ-қыз отыр. Тәрбиеші балалармен бірге қуыршақтарды қарастырады, олардың кім екенін, не істеп жатқанын, оларға қандай ыдыс қажет екендігі жайлы әңгімелеседі; асүйге саяхат жасағанда көргендерін еске түсіруді ескертеді.

Тәрбиешінің жанындағы үстел үстінде түрлі ыдыстар тұр. Кез келген ыдысты көрсетіп тұрып, тәрбиеші ыдыстың қалай аталатынын (кастрөл), кімге керек (аспазға) екенін айтады. Кейін, бір балаға нұсқап:

- Асан, өтінем, мына кастрөлді аспазға апарып, пешке қой. (Бала тапсырманы орындайды.)

Ары қарай тәрбиеші нан салғышты нұсқап:


  • Ал мына зат қалай аталады және ол кімге қажет?

  • Бұл – нан салғыш. Оны бала бағушыға беру керек.

  • Ал мынау не? – дейді тәрбиеші шай қасықты көрсетіп.

  • Бұл – шай қасық, ол шай ішу үшін, компотқа керек.

Осылайша балалар кезек-кезек адамдардың мамандығына сәйкес қажет ыдыстарды сұрыптауды үйренеді. Балалардың ойын барысындағы қызығушылығын арттыру мақсатында тәрбиеші ыдысты көрсетіп тұрып балалардың белсенді әрекетін ояту үшін былай дейді:

  • Ал мына ыдыс, меніңше, ешкімге қажет емес тәрізді? (Ожауды, кепсерді немесе шәйнекті көрсетеді.)

  • Керек! Керек! – деп балалар хормен жауап береді.

  • Ал ожау кімге қажет?

  • Аспазға.

  • Бала бағушыға да керек пе?

  • Керек! Керек!

  • Демек, неше ожау қажет?

  • Екеу.

  • Ендеше, тағы бір ожауды іздейік.

Қалған ыдыстардың ішінен балалар ожауды іздеп тауып, оны аспаз бен бала бағушыға апарып береді.

«Ыдыс таңдау» ойыны тұрмыс заттары жайлы мағлұмат беріп қана қоймай және-дағы балалардың ыдыстармен ойынға қызығушылығын тудырады: балалар бала бағушы мен аспаз болып ойнайды, қуыршаққа шай береді т.б.



Жанды домино

Дидактикалық міндет. Балалардың түр-түс (лентаның) жайлы білетіндерін, бірдей, жұп сөздері туралы түсініктерін дамыту; байқампаздыққа, сөзге жылдам әрекет жасауға үйрету.

Ойын ережесі. Қолдарына бірдей лента байлаған балалар бір-бірімен жұптасып тұрады; Тәрбиеші: «Өз жұбыңды тап!» деп белгі бергеннен кейін жүгіріп жүріп жұптасады.

Ойын әрекеттері. Өз жұбын іздеу, тәрбиешінің белгісінен кейін ғана жүгіру.

Ойын барысы. Ойын басталмас бұрын тәрбиеші әр баланың қолына лента байлайды. Лентаның түстері әр түрлі: қызыл, сары, жасыл, көк, қызғылт, - бұл түстер балалар өз сыңарларын табу үшін қайталанып отырады.

Тәрбиеші лентаны байлағаннан кейін балаларға лентаға анықтап қарап алу, ұстап көру үшін уақыт береді. Сәбилердің түстерді ажырату қабілетін байқау үшін:

- Айдана, сенің лентаңның түсі қандай? Асқар, сенікі ше? Кімнің ленталарының түсі бірдей, жоғары көтерсін.

Осылайша тәрбиеші кішкентай балаларға ойын ережесінің шет жағасын түсіндіреді. Содан соң былай дейді:

- Балалар, қазір біз ойнаймыз. Сендер бөлмені шарлап жан-жаққа жүгіресіңдер. Ал мен: «Өз жұбыңды тап» - деген кезде сендер кімде дәл өзіңдікіндей лента бар, соны іздейсіңдер. Ал, бөлмені шарлап жүгірейік, жүгірейік.

Тәрбиеші балаларды сергіту үшін ән айтып немесе қол шапалақтайды. Балалар «Өз жұбыңды тап!» деген сөзді айтқанша жүгіреді. (Тәрбиеші бір рет қол шапалақтайды.) Балалар бірдей түсті лентаны іздеп тауып жұптасады. Оқытушы олардың ұқсас түс іздеуде қателеспегендігін тексеруді тапсырады.

- Балалар, ленталарыңа назар салыңдар! Ешкім қателеспеді ме? Өз жұптарыңды дұрыс анықтадыңдар ма? Асқар, сенің лентаңның түсі қандаай? Ал Әсемдікі ше? Демек, екеуіңнің ленталарың бірдей. Ал Жанат пен Гүлімнің ленталары қандай түсті?

- Қызыл, біркелкі – дейді балалар.

Ойынды топпен билеу немесе ән айтумен аяқтауға болады.

Осыған ұқсас балалар жұп бейнелерді (фигура) – шеңбер, текше, жұлдызша, сопақ, тікбұрышты – табатын ойын жүргізуге болады. Мұндай жағдайда балалар заттардың белгілері мен пішімін анық ажыратуы үшін бейнелер бір түсті болуы керек. Ойын барысында балалар бірдей, әр түрлі, жұп деген сөздерді меңгереді.



Үлкен – кіші

Дидактикалық міндет. Балаларды заттардың көлемін ажырату мен салыстыруға үйрету (үлкен, кіші, бірдей); тәрбиешінің сөзіне жылдам әрекет етуге, байқампаздыққа, ойын ережесінің дұрыс орындалуын өзі тексеруге тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Тәрбиешінің айтуымен заттарды көлемінің кемуі бойынша орналастыру, яғни үлкен, кіші, одан да кіші және ең кішкентай. Содан соң керісінше, яғни алдымен ең кішкентай, одан кейін сәл үлкенін және ең үлкенін орналастыру. Кім тез әрі дұрыс қойып шықса, сол жеңіске жетеді; заттарды орналастыруды тек тәрбиешінің белгісінен кейін ғана бастау және аяқтау керек; қажет заттарды көлеміне қарай таңдап алу. Жеңімпаз фишкаға ие болады.

Ойын әрекеттері. Заттарды іздеу және оларды белгі бойынша орналастыру.

Ойын барысы. Ойын үшін тәрбиеші табиғи заттарды қолданады: қарағай бүршігі, емен жаңғағы, жапырақтар, тастар, ұлутастар (топта және алаңда бар заттарды). Аталған заттардың көлемдері әр түрлі және әр түрінің саны бірдей болуы тиіс. Үстел басына орналасқан балалармен бірге тәрбиеші заттарды қарастырып, атап отырады. Тәрбиеші қолына көлемі әр түрлі екі қарағай бүршігін ұстап тұрып балалардан:

- Балалар, мына бүршіктерге назар салыңдаршы. Қалай ойлайсыңдар, олар көлемі бойынша бірдей ме әлде әр түрлі ме? – деп сұрайды.

- Олар әр түрлі.

- Сәкен, бұлардың қайсысы үлкенірек көрсетші. Әсем, демек, мынау қандай бүршік?

- Кішірек.

- Дұрыс! Міне, осы бүршік, тас, жапырақ және ұлутастармен ойын ойнаймыз. Біз оларды көлемі бойынша орналастыруды үйренеміз, яғни алдымен ең үлкенін, кейін кішісін, одан соң ең кішкентайын қойып отырамыз. (Үстел үстіне емен жаңғағымен әрекетті көрсетеді.) Тек бірдей заттарды ғана бір қатарға орналастырамыз. Мәселен, кім қарағай бүршігін алса, соның қасына тағы бір қарағай бүршігін қояды. Ал кім жапырақ алса, қатарына нені қояды?

- Жапырақтарды.

- Дұрыс айтасыңдар, балалар. Мен қазір белгі бергеннен кейін сендер заттарды таңдап және қатарластырып орналасытра бастайсыңдар.

- Бастаңдар! – деп тәрбиеші белгі береді.

Заттар көруге және алуға ыңғайлы болатындай етіп ыдыс ішінде жатады. Балалар заттарды таңдап алады да көлемі бойынша орналастырады (әр түрінен 5-6 заттан). Кім заттарды тез әрі дұрыс бір қатарға орналастырса, сол жеңімпаз атанады. Тәрбиеші басқа да балаларға ойынды аяқтап үлгеру үшін уақыт береді және жеңімпазды ойын соңында марапаттауды ұмытпайды.

Енді ойынға одан әрі қызықтыру үшін келесі міндет ұсынылады: заттарды бір қатарға көлемінің кемуі бойынша орналастыру.


  • Балалар, енді қолдарыңдағы заттарды ыдысқа қайтадан салыңдар да басқа заттарды алыңдар. Содан соң керісінше алдымен ең кішкентай затты, кейін одан сәл үлкенірек және ең соңында ең үлкен затты алыңдар. Қателеспеуге тырысыңдар. Ал, бастаңдар! – деп тәрбиеші белгі береді.

Ойын қайталан береді. Ең соңында барлық заттар қорапшаға салынып, ойын аяқталады.

Үстел үстілік баспа ойындары

Жұп суреттер

Дидактикалық міндет. Балаларды суретте бейнеленген заттарды салыстыруға, ұқсастықтарды табуға және бірдей бейнелерді іріктеуге үйрету; байқампаздық, өзін-өзі жинақтауға тәрбиелеу, сөйлеу қабілетін дамыту, ойын ережесіне бағынуды қалыптастыру.

Ойын ережесі. Тек бірдей суреттерді көрсетіп атау; кімде-кім дұрыс жұп суреттерді дұрыс таңдап, дұрыс атаса, сол фишкаға ие болады.

Ойын әрекеттері. Қажет суретті іздеу.

Ойын барысы. Тәрбиешінің қолында жұп суреттер (дайын, баспадан шығарылған немесе тәрбиешінің өзі жасаған) бар. Суреттерде заттар бейнеленген: ойыншықтар, ыдыстар, киімдер т.б. Тәрбиеші балалармен бірге суреттерді қарастырып, оларды атайды. Бұдан кейін оқытушы бірдей екі суретті қолына алады да, біреуін көрсетіп тұрып, сұрайды:

  • Бұл не?

  • Кесе, - деп жауап береді балалар.

  • Ал мына суретте де кесе бейнеленген бе? Мұқият қараңдар да бұл кеселер қандай, айтыңдаршы. Олар туралы не деуге болады?

Тәрбиеші өз сұрағына асықпай жауап күтеді. Балалар ойланып барып:

  • Олар бірдей, - дейді.

  • Иә, шынымен, олар бірдей, бір-біріне жұп. Демек, бірдей кеселер – жұп кеселер және бірдей суреттер де – жұп суреттер болып саналады.Біз бүгін жұп суреттермен ойын ойнаймыз. (Қолына кесе бейнеленген екі суреті алады.) Біздің қалай ойнайтынымызды тыңдап алыңдар. Мен мына үстел үстіне суреттерді қоямын және сендерге де суреттер таратып беремін. Кімді шақырсам, сол ортаға шығып үстел үстінен дәл сондай суретті алып жұптастырады. Кім қателеспей және затты қатты дауыстап атап отырса, сол жеңіске жетеді.

Тәрбиеші үстел үстіне суреттерді орналастырып жатып, балаларға суреттегі бейнелерді (зырылдауық, доп, кесе, қуыршақ, қонжық, шәйнек т.б.) атауды сұрайды. Балалар хормен заттарды атайды.

- Ал қазір мен сендерге де суреттер беремін, - дейді тәрбиеші. Кімді атасам, сол өз қолындағы суретті атайды да, мына үстел үстіндегі суреттерден өз суретіне жұп табады.

Ойын ережесін барлығы жақсы түсінуі үшін алдымен тым белсенді балаларды ортаға шақырады, кейін тартыншақ, жасқаншақ балаларды шақырады. Ортаға шыққан бала өз суретіне жұп іздейді, тапқаннан соң екі қолын көтеріп суреттерду бәріне көрсетеді. Дұрыс жауабы үшін балаға фишка беріледі. Суреттер қорапшаға салынады.

Ойынға деген қызығушылық жоғалмас үшін тәрбиеші ойынды одан да қызықты әрі күрделі қылып ұйымдастырады: балаларға суреттер таратылып берілген соң тәрбиеші өз қолындағы суретті көрсетпей тұрып, сол суреттегі бейнені сипаттайды. Және кімде сол сурет болса, сол әрі байқампаздықпен әрі шапшаңдықпен дұрыс жауап бере алады.

- Менің қолымдағы суретте ұзынқұлақты, сұр түсті, сәбіз жегенді жақсы көретін нірсе бейнеленген. Кімде осындай сурет бар? – деп сұрайды тәрбиеші.

Балалар іздейді. Кімнің суретінде қоян суреттелген болса, сол:



  • Менде де сондай қоян! – деп балаларға өз суретін көрсетеді. Тәрбиеші де өз суретін көрсетіп, балалар оларды салыстырады:

  • Шынымен, бірдей екен.

  • Олай болса, бұларды қорапқа салайық, - деп тәрбиеші ұсыныс білдіреді. – Ал енді менің кім жайында айтатыныма құлақ түріңдер. Көк көйлекті, шашына бантик байлаған, бұйра шашты, көгілдір көзді, алма бетті. Кімде осындай сурет бер?

  • Бұл – қуыршақ. Менде дәл сондай сурет, - деп бала суретін көрсетеді.

Салыстырылған екі қуыршақтың бірдей екеніне көз жеткізгеннен кейін олар қорапқа салынады.

Барлық суреттер табылып, сипатталып, оларға жұп табылғанға дейін ойын жалғаса береді. Дұрыс жауаптар фишкамен мадақталады. Тәрбиеші тапсырманы дұрыс және жылдам орындаған балаларды атап отыруды ұмытпағаны жөн.



Суретті құрастыру

Дидактикалық міндет. Балаларды бөлшектерге ұсақталған затты құрастыруға үйрету; еркіндікке, шыдамдылыққа, мақсаттылыққа тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Таңдауда қателеспеу. Кім бірінші болып суретті құрастырып және атаса, сол жеңіске жетеді.

Ойын әрекеттері. Бөлшектерді іздеу, бүтін суретті құрастыру.

Ойын барысы. Қорапта әр түрлі заттар, мәселен, көкөніс, жеміс-жидек, ойыншықтар, өсімдіктер бейнеленген бүтін суреттер жатыр. Келесі қорапта дәл осындай, бірақ тігінен немесе көлденеңінен төрт бөлікке бөлшектелген суреттер бар. тәрбиеші балаларды суреттермен таныстырады, олар бұл суреттерді атайды. Содан кейін суреттің бір бөлігін көрсетіп:

  • Қалай ойлайсыңдар, мына бөлік қай суреттен қиылған? – деп сұрайды.

  • Алмадан, - деп жауап береді балалар.

Тәрбиеші суреттің бөлігін бүтін суреттің үстіне қояды да:

  • Ал енді алманың қалған бөлігін іздейік.

Балалар тәрбиешімен бірге алманың қалған бөліктері бейнеленген суреттерді іздеп тауып оқытушыға береді. Барлық бөліктері табылғаннан кейін тәрбиеші:

- Балалар, қараңдар, бүтін алма пайда болды. Қазір мен сендерге суреттер берем. Сәуле, мен саған алмұрт, ал Жанарға қызанақ беремін. Жанар, өз суретіңді тауып ал. Ал Гүлнарға сәбіз беремін. Суретің қай жерде екен? (Осылай барлық балаларға сурет таратылады.) Ал енді бөлшектерден бүтін суретті құрастырыңдар. Бөлшектелген суреттер үстел үстінде жатыр.

Іздеу, табу, құрастыру әрекеттері балаларды қатты қызықтырады. «Мен тұтас сәбізді құрастырдым», «Ал менікі қызанақ», - деп олар бөлшектен бүтін зат (қызанақ, сәбіз, алма) құрастырғанына мәз болады.


  • Ал енді барлық суреттерді орнына қойып, басқаша ойнаймыз, - дейді тәрбиеші. – Мен сендерге бүтін суретті емес бөлшегін беремін, сендер соған қарап қандай суретті құрастыру керек екенін ойлап табыңдар.

  • Менікі, алма болып шығатын шығар – дейді бір ойыншы өз суретіне қарап.

  • Құрастырып көрші, біз қателестің бе, жоқ па көрейік, - дейді тәрбиеші оны ойынға одан әрі қызықтыра.

Ойынды күрделендіре отырып, тәрбиеші сайысуды ұсынады: кім ең бірінші суретті құрастырса, сол фишкаға ие болады. Ойынды күрделендіру үшін бөлшектердің санын да (суретті алты бөлшекке бөлу) көбейтуге және суреттің мазмұнын да күрделендіруге (суретте шағын сюжет: қыз доппен ойнап жүр, қоян сәбіз жеп отыр, түлкі мен бауырсақ т.б.) болады.

Сонымен бірге ойынды бөлшектелген кішкене кубтармен жүргізуге болады. Бірақ оларды балалар бөлшектелген суреттерді құрастыруды үйренгеннен кейін ғана беруге болады.



Лото

Дидактикалық міндет. Балаларды заттарды өсу орнына қарай біріктіруге үйрету: олардың өсетін жері туралы айту; балалардың көкөніс, жеміс-жидек, гүлдер жайлы түсініктерін дамыту.

Ойын ережесі. Үлкен кеспе қағазда бейнеленген суреттің мазмұнына сәйкес келетін суретшелермен ғана тор көздерді жабу керек: мәселен, көкөністі бақшаның, жемісті бау-бақшаның, гүлдерді гүл бағының суреті бар кеспе қағаздың тор көзіне қояды.

Ойын әрекеттері. Көкөніс, жеміс, гүл бейнеленген кеспе қағаздарды тауып, солармен үлкен кеспе қағазының тор көздерін жабу керек. Кім бірінші барлық тор көздерді жауып үлгерсе, сол жеңіске жетеді.

Ойын барысы. Тәрбиешінің алдындағы қорапшада бақша, жеміс бағы, гүл бағы бейнеленген үлкен кеспе қағаздары және көкөніс, жеміс, гүлдер бейнеленген кішкентай кеспе қағаздары салынған. Балаларға кішкентай кеспе қағаздардлы сөрсете отырып, тәрбиеші оларға қолдарындағы бейнелерді түсіндіреді.

  • Шие қайда өседі? – деп тәрбиеші қолына шиенің суреті салынған қағазды ұстап тұрған баладан сұрайды.

  • Ағашта.

  • Ал шиенің ағашы қайда өседі?

  • Жеміс бағында, - дейді балалар.

  • Ал қияр қайда өседі?

  • Бақшадағы атызда, - дейді балалар.

  • Гүлдер қайда өседі?

  • Орманда, көгалда, гүлзарда

  • Балалар, енді мына үлкен суреттерге назар аударыңдар. Не көріп тұрсыңдар?

  • Бақша.

  • Ал мына суретте ше?

  • Гүлзар.

- Қазір сендер былай ойнайсыңдар: бақшада өсетін көкөністерді бақшаға, гүлзарда өсетін гүлдерді гүл бағына, жеміс бағында өсетін жемістерді жеміс бағына орналастырасыңдар, яғни мына тор көздерді қажет суреттермен жабасыңдар. (Үлкен кеспе қағаздағы тор көздерді көрсетеді.) Кім ең бірінші болып тор көздерді жапса, сол жеңіске жетеді.

Балалар кеспе қағаздарын алмастырады да ойын жалғасады.

Мұндай ойындар балалардың өзге де заттар, мәселен, жиһаз, кіиімдер, аяқ киімдер, тұрмысқа және оқуға қажет заттар т.б. туралы мағлұматтарын бекіту немесе жүйеге келтіру міндеті жүктелген жағдайда ұйымдастырылады. Ережені меңгерген балалар өз ойындарында да да қолдана алады.

Кімнің төлі?

Дидактикалық міндет. Үй жануарлары, олардың балалары және олардың дауыстары жайлы мағлұматтарды бекіту; дұрыс дыбыстауға жатықтыру; үлкен жануардың суреті мен баласының суретін ұқсастыруға үйрету.

Ойын ережесі. Балалар ұқсатып дыбыстаған үлкен жануардың дауысын естігеннен соң және сол жануардың төлін дұрыс атаған соң ғана малдың төлінің суретін фланелеграфка қойылады.

Ойын әрекеттері. Дыбысқа еліктеу. Төлді суреттен тауып, үлкен жануардың жанына фланелеграфка қойылады.

Ойын барысы. Тәрбиеші алдын ала ойын үшін фланелеграф және жануарлар мен олардың төлдерінің суреттерін дайындап қояды. Олар: сиыр мен бұзау, жылқы мен құлын, ешкі мен лақ, ит пен күшік, мысық пен марғау (басқа да жануарлар болуы мүмкін). Ойын басталғанға дейін тәрбиеші балалармен бірге суреттерді қарастырып, олардың жан-жануарлар мен төлдері жайлы мағлұматтарын тексереді. Балалар дыбыстарға еліктеп жаттығады.

- Кәнеки, сиырдың мөңіреген дауысына салайықшы. Ал мысық қалай мияулайды? Қазір ойын ойнаймыз. Назар аударыңдар! Мынау – алаң. (Фланелеграфқа жасыл түсті қағаз салынған.) Қандай әдемі көгал! (Көрсетеді.) Мұнда жануарлар жайылады.

Мен қазір сендерге суреттер таратып беремін. Көгалға жануарлар шығып өз төлдерін шақырады. Сендер қай жануар көгалда жайылып жүріп өз баласын шақырса, соның төлін табуларың қажет. Суретті жануардың дауысын естігеннен кейін ғана қоясыңдар. Түсінікті ме? Міне, көгалға шықты ... (пауза.)

Балалар хормен:



  • Сиыр.

Тәрбиеші суретті фленелеграфқа қояды.

  • Ол өз баласын қалай шақырады?

  • Му-му-му! – деп балалар суретті қарап отырып.

Азаматтың қолында бұзаудың сурет. Ол жүгіріп келіп фленелеграфқа қолындағы суретті сиырдың жанына қояды.

  • Өзінің мамасына жүгіріп келген кім, Азамат?

  • Бұзау.

  • Балалар, дұрыс па?

  • Иә, - деп мақұлдайды балалар.

Осылайша кезек-кезекпенен басқа да жануарлар да қойылады. Балалар әр жануарға тән дыбыстарды шығарады.

- Қаттырақ дыбыстаңдар, балалар! Әйтпесе лақ өз мамасының дауысын естімей қалады.

Тәрбиеші қатты әрі дұрыс дыбыстауға үйретеді: «Бе-бе-бе» (немесе ав-ав-ав, мяу-мяу-мяу, хрю-хрю-хрю). Барлық жануар-аналар өз төлдерімен табысқаннан кейін жаңадан үйренген сөздерді хормен және жеке-жеке қайталаумен ойын аяқталады.

- Көгалда сиыр бұзауымен, ит күшігімен, мысық баласымен жайылып жүр, - деп ойынды аяқтаған тәрбиеші балалардың сөздерді дұрыс атауын қадағалайды: күшік, торай, марғау, бұзау.

Ойындың басқа да нұсқасын ойнатуға болады: бір топшадағы балалар үлкен жануарлар болып, ал екінші топшаның балалары төлдер болады. Кейбір балалар кезекпенен жануарларды атап және олардың дауыстарын шығарады, ал басқалары жылдам-жылдам олардың төлдерін тауып, үстелге жүгіріп келіп үлкен жануарлардың жанына төлдерінің суреттерін қояды. Барлық суреттер жұп болып таңдалғаннан кейін ойынды аяқтауға болады.т

Жұмыс үшін кімге не керек?

Дидактикалық міндет. Балалардың жұмыста қолданылатын құрал-саймандар туралы мағлұматтарын бекіту; үлкендердің еңбегіне деген қызығушылығын арттыру, өздерін еңбекке талпынуға тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Үлкен кеспе қағаздағы тор көздерді суреттің мазмұнына сәйкес келетін суреттермен жабу (шофердің, аспаздың, дәрігердің жұмыстары).

Ойын әрекеттері. Қажет кеспе қағазды іздеу, барлық тор көздерді тез жауып жарысу.

Ойын барысы. Ойын «Лото» ойынының негізімен жүргізіледі. Үлкен кеспе қағаздарда аспаз, шофер, дәрігер, ал кішкентай кеспе қағаздарда мамандардың қызметіне қажет заттар бейнеленген. Тәрбиеші балалардың мамандар мен олардың құралдары жайлы мағлұматтарын анықтайды. Содан кейін оларға таныс лото ойынының ережесін еске түсіреді. Егер балалар бұл ойынды білмеген жағдайда қайта түсіндіруге тура келеді. Үлкен бір кеспе қағазды қолына алып қарастырады да, оған сәйкес суретті таңдап алады, мәселен, аспазға кастрөл, ожау, ет турағыш, шәйнек, қаңылтыр таба, кепсер. Оқытушы қиналып қалған балаларға сұрақтар қойып көмектеседі: «Дәрігерге тағы не қажет? Ол немен ыстығымызды өлшейді? Ауырған жерімізді немен таңады?», «Шоферға қажет барлық құралдарды анықтап ізде».

Бұл ойын әр түрлі мамандардың жұмыстарымен танысып, құралдарына назар аударылғаннан кейін жүргізіледі. Балаларды үлкен адамдардың жұмысымен таныстырғаннан кейін суреттердің қатарына құрылысшы, пошташы, сатушы, сауыншы және олардың құрал-саймандары бейнеленген суреттерді қосады.



Домино

Дидактикалық міндет. Балаларға адамдарға қызмет ететін әр түрлі машиналар туралы мағлұмат беру; оларды дұрыстап атап, жұп суреттерді таңдау, мәселен, жеңіл машина, ауыр машина, жүкті өзі түсіретін машина, бульдозер, көтергіш кран, суарушы машина, трактор, комбайн және тағы басқа балаларға таныс машиналар.

Ойын ережесі. Кеспе қағаздарды кезек-кезек бірдей суреттердің қатарына қояды. Кім ең бірінші болып барлық суреттерді қойып шықса, сол жеңеді.

Ойын әрекеттері. Егер ойыншыда жұп суреттер болмаған жағдайда, ол кезекті жүрісін жібереді де, жұп сурет табылғанша күтеді. Ойын қайталанған жағдайда кеспе қағаздар қайтадан таратылады.

Ойын барысы. Ойын тәрбиешінің машиналар жайлы шағын әңгімесімен басталады. Оқытушы бұл машиналардың адамдарға көмегі жайлы балалардың мағлұматарын анықтайды. Балалар суреттерге назар аударады. Содан кейін тәрбиеші тік сызықпен екіге бөлінген кеспе қағазда бейнеленген екі машинаның суретіне («Домино» ойынындағыдай) балалардың назарын аудартады.

- Мен қазір сендерге кеспе қағаздарын таратамын (4-6-дан), сосынбіз «Домино» ойынын ойнаймыз. Міне, мен өзімнің кеспе қағазымды қойдым. Мұнда қандай машиналар суреттелген? Дұрыс. Трактор мен көтергіш кран. Кмінің қолындағы суретте трактор бар, сол келіп менің суретімнің қасына қойсын. (Қалай қою керек екенін көрсетеді.) Ал кімнің қолында көтергіш кран бар? Айтыңдаршы, ол қалай орналастыру керек? («Келесі жағына».) Дұрыс. Сонымен кеспе қағаздың шеттерінде қандай суретер жатыр? («Комбайн мен «Волга» жеңіл машинасы».) Ал кімде осындай суреттер бар? Әкеліп қатарына ойыңдар.

Балалар бірдей суреттерді тауып, оларды түзілген қатардың соңғы жағынан жалғай береді. Бұл ойын балалардың қолындағы суреттер аяқталғанша жалғасады. Ойын соңында балалар түзілген тізбекті ақырындап үстел бойымен «Ал, кәнеки, біздің машиналар, кеттік» деп айта отырып жылжытады. Сосын барлық суреттерді қорапқа салып араластырып, қайтадан таратады. Ойын жалғасады. Тәрбиеші:

- Ал, енді, балалар, ойынның басқа да ережелерін тыңдаңдар. Өз кеспе қағаздарыңда кезекпенен қоып отырасыңдар: алдымен Азамат бастайды, одан кейін өз кеспе қағазын Әсем, келесі болып Жанат қояды. Егер қолдарыңда қажет, сәйкесетін сурет болмаса, келесі жүрісті жібереді де «Менде мұндай сурет жоқ» дейді. Сосын қолдарыңдағы суреттің жұп бейнесі кездескенше күтесіңдер. Кім ең бірінші болып өз қолындағы барлық суреттерді сәйкестендіріп қойса, сол жеңіске жетеді. Қадағалап отырыңдар!

Суреттердің мазмұны келесі жолы басқаша болуы мүмкін, яғни гүлдер, жидектер, ойыншықтар, көліктер, жануарлар, еңбек құралдары және т.б. Ойынды суреттердің санын көбейту арқылы да күрделендіруге болады.

Бұл қашан болады?

Дидактикалық міндет. Балалардың жыл мезгілдері, оларға тән белгілері жайында мағлұматтарын бекіту; сөйлеу қабілетін, байқампаздығын, тапқырлығын, төзімділігін дамыту.

Ойын ережесі. Кмге бағыт көрсеткіш бұрылса, сол өз суреті туралы айтып және оны шешеді. Суретті ешкім ойлап таппайынша көрсетпейді.

Ойын әрекеттері. Суреттерді жасыру және табу. Бағыт көрсеткішті айналдыру.

Ойын барысы. Балалар үстелді жағалай отырады. Тәрбиешінің қолында жыл мезгілдері бейнеленген (әр жыл мезгіліне 2-3 сурет) бірнеше сурет бар. Мысалы, қысқы табиғат, қысқы қызықтар, қысқы балалардың еңбектері: жолды қардан тазалау, құстарды тамақтандыру. Тәрбиеші ойын ережесін түсіндіреді:

- Балалар, біз бүгін былай ойнаймыз: байқасаңдар, менің қолымда көп суреттер бар. Мен оларды сендерге әзірше көрсетпеймін және сендерге таратып бергенде де сендер бір-біріңе көрсетпеңдер.Біз суретте не бейнеленгенін ойлап табуымыз керек. Енді бұл ойынның ережесін тыңдаңдар. Үстел үстінде жатқан бағыт көрсеткішті бәрің көріп тұрсыңдар ғой. Ол кімді көрсетсе, сол өз суретінде не бейнеленгенін бізге жұмбақтап айтады, ал кейін бағыт көрсеткіш келесі ойыншыға бұрылғанда, ол жұмбақталған суретті ойлап табуы тиіс. Сол себепті байқаңдар, қателеспеңдер!

Тәрбиеші бәріне суреттер таратып береді. Содан кейін бағыт көрсеткішті айналдырады. Бағыт көрсеткіш кімге бұрылса, сол өз суретіне анықтап қарап алады да оның мазмұнын айта бастайды.

- Ал енді бағыт көрсеткіш бізге Әсет жұмбақтаған жыл мезгілі туралы айтатын баланы көрсетеді. (Яғни шақырылған баланың аты аталады.)

Ойыншы жауап бергеннен кейін алғашқы ойыншы бала суретті бәріне көрсетеді де олар жауаптың дұрыс немесе бұрыс болғанын айтады. Балалар барлық суреттер туралы айтып біткенше ойын жалғасады.

Бұл ойынды балалардың жыл мезгілдерінің белгілері туралы, жыл мезгілдерінде болатын еңбек пен қызықты уақиғалар тураы мағлұматтары кеңейген кезде ойнатуға болады.

Бұл ойынның бір нұсқасы ретінде былай ойнатуға болады: тәрбиеші бір көркем шығармадан жыл мезгілдерінде болатын құбылыстар туралы үзінді оқиды да, балалар ол бейнені суреттен тауып береді.

Ауызша ойындар

Кім шақырғанын ойлап тап

Дидактикалық міндет. Балалардың есту қабілетін дамыту, назар аударуға, есте сақтауға, өз қатарластарымен достық қатынасқа тәрбиелеу.

Ойыны ережесі. Балаларға қарамай отырып, кім атын айтып шақырды, соны табу керек. Арттағы балалар дауыстарын өзгертпей, айғайлап шақыруы тиіс.

Ойын әрекеттері. Кім шақырды, соны іздеу.

Ойын барысы. Шеңбер бойымен тұрған балаларға тәрбиеші ойын ережесін түсіндіреді:


  • Біз бүгін балаларды дауысын тыңдап, кім екенін ойлап табамыз. Сендер бір-біріңнің дауысын танисыңдар ма? Асан, сен Жанарды дауыстап шақыршы. Жанар, сен Асқарды шақыр. Балалар, Асан мен Жанардың дауыстарының айырмасы бар ма?

  • Иә, - дейді балалар.

  • Бірақ біз сөйлеген кезде оларды көріп тұрдық. Ал ойында ойыншы көзін жауып тұрып, кім өзін шақырса, соны дауысына қарап анықтайды.

Осыдан кейін тәрбиеші өзіне бір ойыншыны шақырады. Ол ортаға шығады да көзін жұмады (немесе балаларға арқасын беріп тұрады), ал осы кезде бұған дейін санамақпен таңдап алған жүргізуші ойыншылардың біреуіне келіп саусақпен түртеді. Ол дауыстап ойыншыны шақырады.

  • Кім сені шақырды? – деп сұрайды тәрбиеші.

Ойыншы шақырған баланың атын атайды. Ойын барлық балалар дауысты анықтайтын ойыншы болғанша жалғасады.

Бұл ойын барысында балалар бір-бірін жақсы танып, аттарын есте сақтайды. Ойын балаларды жақындастыратын болғандықтан, оны жыл басында ойнатқан жөн болады.



Саусақтармен ойын

Дидактикалық міндет. Сөз тыңдауға, санамақтың мазмұнын түсінуге үйрету; саусақтардың қимылымен сөздерді байланыстыру.

Ойын ережесі. Белгілі сөздер айтылғаннан кейін ғана саусақты бүгу.

Ойын әрекеттері. Қимылдарға еліктеу.

Ойын барысы. Тәрбиеші өзінің саусақтарына қарап отырып былай дейді:

- Мынау – үлкен саусақ, ал мынау - одан кішірек саусақ, ал мыну ең кішкентай – кішкентай бөбек. Олардың барлығы туған бауырлардай бірге өмір сүреді. Осы саусақтар туралы санамақты тыңдаңдаршы.

Сөзі Қимыл

Сен қойға бар, Тәрбиеші әр саусаққа қарап

Сен сиырға бар, отырып, келесі саусақтарды

Сен жылқыға бар, кезекпенен бүгіп отырады.

Сен түйеге бар,

Ал, сен, кішкентай бөбек,

Қазанның қаспағын қырып үйде отыр.

- Кішкентай бөбек қазанның түбін қырып отырып, қандай ән айтады? – деп тәрбиеші балалардан сұрайды.

Балалар танымал «Қуыршақ» әнін еске түсіруі қажет. Әнді хормен орындап отырып саусақтарын билетеді.

Тәрбиеші сонымен қатар балаларға қазақ халқының ұғымы бойынша әр саусақтың атауын үйреткені жөн. Ол әр саусақты нұсқап отырып:

Мынау – басбармақ.

Мынау – балаң үйрек.

Мынау – ортан терек.

Мынау – шүлдір шүмек.

Мынау – кішкентай бөбек.

Бұл ойынды қайталатып ойнату арқылы балалардың сөйлеу қабілетін дамытуға болады. «Санамақты» жаттап алған балалар өз арасында да ойнай алады.



«Лағым, менің лағым»

Дидактикалық міндет. Тақпақты соңына дейін жаттауға үйрету және тәрбиешінің сөз-белгісіне әрекет ету; балалардың байқампаздығын, жылдамдығын тәрбиелеу.

Ойын ережесі. «Сүзейін» деген сөзден кейін ғана қашып, тәрбиешінің «берә келіңдер» деген белгісінен кейін ғана өз орындарына оралады.

Ойын әрекеттері. Қимылға еліктеу.

Ойын барысы. Балалар «Қасқыр мен жеті лақ» ертегісін еске түсіргеннен кейін сол ертегіге арналған суретті альбомды қарастырады (лақтың мүйізін байқастайды). Тәрбиеші енді оларды ойынға шақырады.

Тәрбиеші:

Қазір біз «Лағым, менің лағым» ойынын ойнаймыз. Мен ешкімін, ал сендер – лақсыңдар. Мен «сүзейін» деген кезде сендер ешкіден қашып басқа бұрышқа барып тығыласыңдар.

Тәрбиеші асықпай балаларға жақындай түсіп:

Секең-секең, ей лақ,

Жүрмін саған кейіп-ақ.

Тыным тапсаң болмай ма,

Секірмей-ақ кей уақ.

Лағым, менің лағым,

Шұнтыңдайды құлағың.

Шошайтып алып мүйізін,

Сүзейін дейді, сүзейін! – дейді.

«Сүзейін» деген кезде балалар ешкіден қашады, ал ешкі оларды қуады.

Келесі жолы ешкінің орнына балалардың бірін таңдап алуға болады. топта ешкінің бет пердесі болса, тіпті жақсы болады.



Көжегім

Дидактикалық міндет. Өлең жолдарына қимылдарын сәйкестендіруге үйретуді жалғастыру, балалардың бойына мейірімділікті тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Қоянның көжегі тек билегеннен кейін ғана шеңберден шыға алады.

Ойын әрекеттері. Көжекті санамақпен таңдалынады. Қимылдарға еліктеу.

Ойын барысы. Балалар тәрбиешімен бірге шеңбер жасап тұрады. Санамақпен көжек болатын бала таңдалып, ол шеңбердің ортасына кіргеннен кейін балалар көжекті айналып жүріп өлеңді хормен айтады:

Аппақ менің көжегім,

Ерке көжек, бұзығым.

Қандай ұзын құлағың,

Қандай әсем қылығың.

Секіресің, ойнайсың,

Ойынға бір тоймайсың.

Көжегім-ай, көжегім!

(бұл кезде көжек болған бала шеңбер ішінде билеп жүреді.)

Тәрбиеші балалармен бірге әрі ән айтып, әрі қол шапалақтайды, ал көжек билейді. Бұл көжекті шеңберден шығарғаннан кейін басқасын санамақпен таңдап алады. Ойын 2-3 рет қайталанады.

Құс қорада

Дидактикалық міндет. Үй жануарларының дыбыстарын дұрыс айтуға үйрету.

Ойын ережесі. Бәрі «таң ата», «жағалауда», «аулада» т.б. сөздерден кейін хормен құстардың дыбыстарын шығарады.

Ойын әрекеттері. Дыбыс шығару.

Ойын барысы. Тәрбиеші балаларға қаз, тауық, үйректің дауыстарын еске түсірулерін өтінеді. Балалар хормен «кря-кря», «га-га-га», «қо-қо-қо» деп айғайлайды. Тәрбиеші:

- Міне, жақсы, сендер еске түсірдіңдер, үй құстары әр түрлі дыбыс шығарады екен. Ал көгершіннің дауысы сала аласыңдар ма?

Егер балалар қиналып қалса, оытушы өзі «гурр-гурр-гурр» деп дыбыстайды.

- Енді тақпақты тыңдаңдар, - дейді тәрбиеші. – Мен әр түрлі құстарды атаған кезде сендер олардың дауысына салып айғайлайсыңдар.



Тәрбиеші: Балалар:

Тауығымыз таң ата... Қо-қо-қо! Қо-қо-қо!

Үйректеріміз аулада... Кря-кря-кря! Кря-кря!

Көгершіндер төбеде... Гурр-гурр-гурр!

Қаздар жүр жағалауда... Га-га-га! Га-га-га!

Әтеш шықты ағашқа... Ку-ка-ре-ку!

Келесі жолы мұғалім бұл ойынды ойнатарда, балаларды «үйректер», «тауықтар», «көгершіндер», «қаздар» деп бірнеше топтарға бөледі. Сонда тәрбиеші «тауығымыз таң ата...» дегенде, тауық-балалар «Қо-қо-қо!» деп дыбыстайды. Осылайша ойын жалғаса береді.

Алғашқы және кейінгі ойын нұсқаларының арасына көп кідіріс жасамаған жөн, балалар сөздерін ұмытып қалуы мүмкін.

Ойын барысында балалардың төзімділік қабілеті нығаяды. Барлығы тауық, үйрек, қаз болып дыбыстағысы келеді, бірақ ереже бойынша тек белгіленген құс болып қана дауыстайды.

Жылқы

Дидактикалық міндет. Балалардың сөйлеуін дамыту; дұрыс дыбыстауға үйрету; байқампаздықты тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Өлеңге сәйкестендіріп қимылдау.

Ойын әрекеттері. Топбасшыны таңдау; аттың жүрісін салу; белгі бойынша тоқтау.

Ойын барысы. Тәрбиеші балаларды түзу сызық бойымен тұрғызады, ең алдында жауынгер. Ол дулыға киіп алады.

- Балалар, қазір біз былай ойнаймыз: Жанат жауынгер-қолбасшы болады, ал біз – оның жылқыларымыз. Жауынгер қайда барса, сол жаққа жылқылары да шабады. Біздің бұрын жылқы туралы жаттаған тақпағымызды еске түсіріңдер. (Өлең бұрын жатталған.) Алғашқыда аттар ақырын жүгіреді, кейін бірте-бірте жылдамдығын қосады, содан кейін тізгіндерін тартып тоқтайды – деп тәрбиеші ойын ережесін түсіндіреді.

Тақпақ:

Топ-топ-топ!

Жылқымыз қандай көп,

Өзен-көлді аралап,

Жауынгерді қорғап,

Тұяқтары тарсылдап,

Тағалары сартылдап,

Келе жатыр топ,

Топ-топ-топ!

Балалар бөлме ішінде аттың шабысына ұқсатып жүреді. Жүрістері барған сайын үдей түседі. Тақпақтың соңында тәрбиеші жауынгермен бірге «Тпру» дегенде, қалған ылқылар да бірге айтады.

Ойынды әрі қарай жалғастырғанда, санамақпен басқа жауынгерді таңдап алады. Ал ол өз қалауымен өзінің орнына басқа жауынгерді таңдайды.

Қораз

Дидактикалық міндет. Балалардың сөйлеу қабілетін дамыту; дұрыс дыбыстауға үйрету; қораз туралы білімдері нығайту.

Ойын ережесі. Қораз «балаларға ұйқы бермейсің» деген сөзден кейін шақырады.

Ойын әрекеттері. Қоразды санамақпен таңдап алады, дыбысқа еліктеу, қимылдар жасау.

Ойын барысы. Балалар мен тәрбиеші шеңбер бойымен орындықтарға отырады. Орындықтардың ортасында қоразға арналған орын тұр. Тәрбиеші балаларға:

- Балалар, қараңдаршы, мынау кімнің бас киімі? (қораздың бас киімін көрсетеді.) Иә, бұл қораз, біз онымен ойнаймыз. Қазір қораз санамақпен імді көрсетсе, сол оның орнына қораз болады.

Санамақпен қораз болатын баланы таңдап алады. Оған қораздың бас киімін кидіреді де құлағына (ақырын ғана) орындыққа отырған кезде «ку-ка-ре-ку!» деп бар дауысымен айғайласын дейді. Орындыққа отырған қораз кукарекулайды. Содан кейін балалар мен тәрбиеші бірге:

Қоразым, қоразым,

Айдары қып-қызыл,

Қауырсыны ұп-ұзын.

Неге таңды атырасың,

Таң атпастан шақырасың?

Айтшы қораз, қоразым!

«Айтшы, қораз, қоразым!» дегеннен кейін тәрбиеші қоразға бірнеше рет кукарекула дейді. Содан кейін жаңа қоразды таңдап алады.

Тәрбиеші балалардың сөйлеу мәнерінің дұрыстығына мән береді, әсіресе, «қораз», «қауырсын» сөздерін дұрыс айтуын қадағалайды.

Айдарлы

Дидактикалық міндет. Балаларды тақпақты мәнерлеп айтуға үйрету; мекиен тауықтың қылықтары жайлы білімдерін дамыту.

Ойын ережесі. Тәрбиеші «Қайда барасыңдар? Қайтыңдар! Қашпаңдар!» деген кезде ғана балалар жүгіріп келеді.

Ойын әрекеттері. Қыдырып жүрген балапандардың жүрісі келтіру; дыбасқа еліктеу; белгі бойынша бір бағытқа жүгіру.

Ойын барысы. Тәрбиеші балапандарымен жүрген тауықтың суретін көрсетеді де, тауықтың өз балапандарын қалай жақсы көретінін, олардың бірге қалай қыдыратыны, құрт-құмырсқаны қалай теріп жейтіні жайлы айтып береді.

- Балалар, тыңдаңдаршы, мен сендерге осы мекиен тауық жайлы тақпақ айтып берейін. Оны айдарлы деп атайды. Міне, назар аударыңдар, оның кішкентай айдары көрініп тұр. Көрдіңдер ме? Сол себепті оны айдарлы деп атайды.

Ауламызда жайдарлы,

Жүр ғой әсем айдарлы.

Балапандары шуылдап,

Жүгіреді шиқылдап.

Аналары оларды,

Дауыстайды шақырып:

«Қайда барасыңдар?

Бері қайтыңдар!

Қашушы болмаңдар!»

Ал енді ойнайық. Мен мекиен тауықпын, ал сендер менің балапандарым боласыңдар. Қазір қыдырамыз. Мен: «Қайда барасыңдар? Бері қайтыңдар! Қашушы болмаңдар!» деген кезде маған қарай жгіресіңдер.

Мекиен тауық балапандарымен бірге аулада қыдырып жүреді; жүреді, дән тереді, содан кейін әр жаққа кетеді.

Тәрбиеші тақпақты айтқан кезде балалар бірге қайталамақшы болады. балалар бөлменің бұрыш-бұрышына кеткен кезде тәрбиеші тоқтайды да оларға:

«Қайда барасыңдар?

Бері қайтыңдар!

Қашушы болмаңдар!» -

дейді. Балапандар аналарына қарай жүгіреді. Ойынды 3-4 рет қайталайды.



Үйрек

Дидактикалық міндет. Балаларды тақпақтың мазмұнына сәйкес қимылдауға үйрету; олардың үйрек жайлы білімдерін толықтыру.

Ойын ережесі. Балалардың барлығы үйрекке сұрақ қояды, бірақ бір үйрек қана жауап береді. Барлық балалар үйректің әрекеттерін қайталайды.

Ойын әрекеттері. Үйрек пен балапандар арасында диалог, үйрекке еліктеп қимылдар жасау; белгіге әрекет ету.

Ойын барысы. Тәрбиеші балаларға үлкен үйрек ойыншық пен ойыншық балапан үйректерді көрсетіп отырып, олардың жүзуді жақсы көретіндігін әңгімелеп береді. Алдыңғы жақта үйрек жүзіп, артқы жағында балапандар жүзіп жүреді.

- Балалар, үйрек туралы тақпақты тыңдаңдаршы:

- Үйрек, үйрек, үйрегім,

Жүзген кезде жүйрігім,

Түнде қайда болдың?

- Су бетінде жүздім.

Балапандарымды ерттім,

Жағалауға жеттім.

Ал енді ойын ойнайық. Арай үйрек болады (жасы үлкендеу баланы таңдайды), ал біз балапандары боламыз.

Балалар түзу сызық бойымен тұрады да үйрекке (тәрбиешімен бірге):

- Үйрек, үйрек, үйрегім,

Жүзген кезде жүйрігім,

Түнде қайда болдың? – дейді.

Арай (тәрбиешімен бірге):

- Су бетінде жүздім.

Балапандарымды ерттім,

Жағалауға жеттім.

Арай балалардың ең алдында тұрады. Балалар бөлме ішінде оның артынан біресе балпаңдап, біресе жүзген сияқты қимылдар жасап жүреді.

Кейін балалар басқа үйректі таңдап алады да ойын жалғасады.

Құстар мен автокөліктер

Дидактикалық міндет. Балалардың есту қабілетін дамыту, тақпақтың мазмұнына сәйкес қимылдар жасау.

Ойын ережесі. Балалар «қашыңдар, сақтаныңдар!» деген сөзден кейін ғана бөлме ішінде жүгіре жөнеледі. Әр құс өзінің ұясын тауып, оған отыра қалуы керек.

Ойын әрекеттері. Жан-жаққа жүгіру, өз ұяларын іздеу, қимылдар жасау, автокөліктердің бөлшектері қолданылады (руль, автобус немесе жеңіл машинаның суреті бар бас киім).

Ойын барысы. Тәрбиеші балаларға:

- Қараңдар, менің қолымда руль бар. мен автокөлік боламын, ал сендер құс боласыңдар. Сендер аулада ұшып-секіріп жүресіңдер (бөлменің ортасын көрсетеді).

Тақпақ:

Құстар ұшып келді,

Алыс жақтан келді.

Шоқып-шоқып тұмсықпен,

Дәнді тауып жеді.

Балалар – құстар ұшып-секіреді, жерден шоқып жеп жүргендей еденді тақылдатады. Тәрбиеші қолындағы рульді бұрып, бипылдатады да:

- Автокөлік қатты жүріп, тарсылдатып, бипылдатып келе жатыр. Тра-та-та, сақтаныңдар, қашыңдар! – дейді.

Балалар автокөліктен қашады. Ойынды қайталаған кезде балалар өлең жолдарын тәрбиешімен бірге айтып отырады.



Қарағалар

Дидактикалық міндет. Балалардың есту қабілетін дамыту, өлең жолдарының мазмұнына сәйкес қимылдар жасауға үйрету; р дыбысын дұрыс айтуын қадағалау; біресе қатты, біресе ақырын сөйлеуге үйрету.

Ойын ережесі. Барлық қимылдарды өлең жолдарының мазмұнына сәйкес жасау керек; «кар-кар» деген сөзді әр кезде әр түрлі айтады, мәселен қарғалар ұшқан кезде – қатты, ұйықтар кезде – ақырын.

Ойын әрекеттері. Ұшатын және ұйықтау қимылдарын жасау; дыбыстар шығару.

Ойын барысы. Балалар бөлменің ортасында тұрып өлең жолдарындағы айтылатын қимылдарды көрсетеді. «Кар-кар» дегенді барлық балалар айтады.

Жасыл шырша астында

Қарғалар көңілді шулайды:

Кар-кар-кар! (қатты)

Күні бойы қарқылдап,

Ешкімге ұйқы бермеді:

Кар-кар-кар! (қатты)

Түн уағы келгенде,

Қарғалар да ұйықтайды:

Кар-кар-кар! (ақырын)

Басқы кезінде балалар бөлме ішінде жүгіріп, қолдарын семейді, ал соңына қарай қолдарын жастанып ұйықтайды.

Егер балалар талай рет қарғаны көріп, қылықтарын қадағалаан болғанда ғана ойын ұйымдастырылады.



Дәл осындайды тап

Дидактикалық міндет. Балаларды заттарды салыстыруға үйрету; олардың ұқсас және өзгешелік белгілерін табу; байқағыштық, тапқырлық, қисынды әңгімеге тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Кім бірдей ойыншықтарды тапса, тәрбиешінің құлағына сыбырлай қоюы керек. Бірдей ойыншықтарды дауыстап айтуға болмайды. Барлық балалар оларды іздеп табуы қажет.

Ойын әрекеттері. Бірдей ойыншықтарды іздеу; тәрбиешінің белгісімен әрекет ету.

Ойын барысы. Бұл ойынға ішінде бірдей ойыншықтары бар әр түрлі ойыншықтар қолданылады. Тапсырманы күрделендіру мақсатында кей ойыншықтарды алып тастауға немесе қосуға болады.

- Балалар, Біз бүгін берілген тапсырманы жылдам орындауды үйренеміз. Үстел үстінде ойыншықтар жатады. Мен үшке дейін санаймын, сендер осы кезде бірдей екі ойыншықты іздеп табуларың қажет. Дұрыстап қараңдар! Бір-екі-үш! Бірдейлерді тап! – деп белгі береді тәрбиеші.

Балалар, бірдей ойыншықтарды көргеннен кейін балалар қол көтеріп, тәрбиешіге жақындайды да, құлағына сыбырлап айтады. Балалардың назарын аудару мақсатында тәрбиеші бір-біріне ұқсас (бірақ бірдей емес) ойыншықтарды қояды, (мысалы, көлемі бірдей екі матрешка, бірақ орамалдары әр басқа). Содан кейін белгі береді:


  • Бір, екі, үш! Бірдейлерді тап!

Балалар екі матрешканы қолдарына алған жағдайда, тәрбиеші заттардың нақты бірдей болуы қажет екенін ескертеді.

Балалар үндемейді. Ары қарай тәрбиеші байқатпастан ойыншықтардың орнын ауыстырады: жасыл кузовы бар жүк машинасы мен дәл осындай бірақ қызыл кузовы бар машинаны қояды, ал екі бірдей матрешканы бір-бірінен алшақ орынға орналастырады.



  • Бір, екі, үш! Бірдейлерді тап! – дейді тәрбиеші.

Балалар ойыншықтарды анықтап қарағаннан кейін бірдей екі матрешканы табады. Тәрбиеші бұл ойынға, көбінесе, ұмытшақ, алаңғасар, ойланбай жауап беретін балаларды тартады.

Қуыршақтың жаңа қонысы

Дидактикалық міндет. Балаларды жалпы мәнді сөздерді қолдануға және түсінуге машықтандыру. Мысалы, жиһаз, киім, ыдыс, ойыншықтар; балалардың бойында ойыншықтарға деген мейірімді, ұқыпты қатынасты, қатарластарымен ойнауға деген құлшынысын қалыптастыру.

Ойын ережесі. Қуыршақ жаңадан көшіп келген бөлмеге тек тәрбиеші айтқан бір сөзге (жалпы мәнді) қатысты жиһаздарды ғана енгізуге болады. Заттарды салуға немесе нақты орнына орналастыруға болады.

Ойын әрекеттері. Жаңа қуыршаққа арналған бөлмені реттеу, қажет заттарды іздеу.

Ойын барысы. Тәрбиеші ойын бұрышындағы барлық ойыншықтарды шығарады да, тек едендегі кілемді қалдырады. Жиналған заттар шеттегі үстел үстіне қойылған.

- Балалар, бүгін бізде қоныс тойы. Бізге Еңлік есімді жаңа қуыршақ көшіп келді. Енді біз оған пәтеріне орналасуына көмектесуіміз керек. Кәнеки, жаңа қуыршақпен танысайық! – деп тәрбиеші ойынды бастайды.

Балалар ойыншыққа қарайды да өз аттарын айтып танысады.

Оқытушы:


- Енді біз «Жаңа қоныс» ойынын ойнаймыз. Еңлік сендердің қалай ойнайтындарыңды байқастайды. Ойын ережесі мынадай: мен заттарды бір сөзбен айтамын, ал сендер ол заттарды тауып Еңлік тұратын бөлмеге апарасыңдар. Қателеспеңдер! Бізге жиһаз қажет. Жанар, Әсем, Айгүл үшеуі барып жиһаздардың ішінен керектісін іздеп тауып әкеледі. Ал қалғандарың олардың әкелген жиһаздарын тексересіңдер.

Қыздар қуыршақтың жиһаздарын тауып әкеліп, кілем үстіне орналастырады. Тәрбиеші:

- Енді Әсет, Гүлім, Айжан үшеуі барып, асүйлік ыдыстар алып келеді. (Балалар ыдыстарды әкеліп үстел мен плитаға қояды. Басқалары олардың әрекеттерін қадағалап отырады.) Аяқ киімдерді басқа балалар әкеледі. Еңлікке бізбен бірге тұрған ыңғайлы болу үшін тағы не әкелу керек?

- Ойыншықтар! Көп ойыншықтар! – дейді балалар.

Балалар ойыншықтарды әкеліп, кілемнің үстіне, сөрелерге жайғастырады.

Бұл ойынды жалпы түсініктер қалыптасады. Ең бастысы – тәрбиеші балалардың бойында шығармашылық ойынды қалыптастырады: жаңадан келгенге ізет, оған өз еркімен бөлме жабдықтау, қуыршаққа көңілді болу үшін онымен ойнау.

Мұндай ойын арқылы мейірімділікке, тәртіптілікке тәрбиелеуге болады және өз бетінше ойынға арналған бұрышты жабдықтауды үйренеді.

Дүкен

Дидактикалық міндет. Сатып алатын затты сипаттауды, бір-біріне сыпайы және ықыласты болуды, дүкендегі жүріс-тұрыс ережесін үйрету; әдеппен өтіну, алығыс білдіруді де меңгеру.

Ойын ережесі. Сипаттама бойынша сатып алынатын затты ойлап табу; кімде-кім тапсы, сол дүкенге сатып алуға барады. Ал атып алынған заттар, ойыншықтармен балалар кейін ойнайды.

Ойын әрекеттері. Заттарды жұмбақтау, ойлап табу, сату және сатып алу.

Ойын барысы. Тәрбиеші:

- Бүгін жаңа дүкен ашылды, - дейді. (Ойын басталғанға дейін Тауарлармен толтырылған дүкен сөресін әзірлеп, сатушыны тағайындайды.) – Дүкенге барып ойыншық сатып алған бала бізге оны көрсетпейді. Біз одан: «Бізге сатып алғаныңды көрсетші» деп өтінеміз. Ал ол: «Егер ойлап тапсаңдар көрсетем», - дейді.

Балалардың біреуі бір затты таңдап алады да ол жайында айтады:


  • Мен мынадай зат сатып алдым: ол қараңғыда жарықтандыру үшін керек, металдан жасалған, қызыл түсті жарық шығарады.

  • Қол фонары – дейді балалар хормен.

Алғашқы сатып алушыны тәрбиеші өзі белгілейді. Барлық балалар дүкенге арқасын беріп отырады. Сатып алушы дүкенші сыпайы түрде амандасқан соң өзіне ұнаған, сатып алатын затты көрсеткішпен нұсқап көрсетеді. Сатушы қағаз пакетке заттаы орап салады да: «Мінекиіңіз, өтінем!» деп қолына береді. Сатып алушы сатушыға алғыс білдіреді де қоштасады.

  • Асхат, не сатып алдың, көрсетші, - дейді балалар.

  • Сендер ойлап табыңдар, сонда көрсетемін, - дейді Асхат. – Мен бір кішкентай зат сатып алдым. Стадионда төрешінің қолында болады, егер ереже бұзылған жағдайда ол мұнымен ысқырады.

  • Ысқырғыш! Көрсет!

Асхат ысқырғышты көрсетеді. Ал ең бірінші ойлап тапқан ойыншы келесі сатып алушы болып дүкенге барады.

Ойын барлық ойыншы дүкеннен ойыншық сатып алғанша жалғасады. Ойынды «Дүкенге түскі үзіліске жабылады» деп аяқтауға болады. Ойыншықтарды сатып алған балалар енді олармен ойнайды және бір-бірімен алмастырады. Ойынға ұмыт қалған ойыншықтарды қолданған жөн. Тәрбиеші бұл ойыншықтармен қалай ойнауға болатынын түсіндіріп кетеді. Мәселен:



  • Асхат, енді сендер хоккей ойнағанда сен төреші бола аласың. Сенің ысқырғышың бар.

Балалар өз арасында кімнің хоккей ойнайтынын келісе бастайды.

Осылайша дүкеннен алынған заттардың арқасында балалардың болашақ дербес ойынының негізі қаланады. Сол себепті ойыншықтарды таңдау барысында тәрбиеші олардың шығармашылық ойындардағы мүмкіндіктеріне мән береді. Бұл дидактикалық ойындар балалардың шығармашылық ойын пікірінің қалыптасуына әсер етеді.



Кімге не?

Дидактикалық міндет. Адамдардың мамандығы мен құрал-сайманын байланыстыруға үйрету; шығармашылық ойын арқылы үлкендердің еңбегіне деген қызығушылық, көмектесуге ұмтылу, әр түрлі маман иелері болып ойнауға тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Жұмыс құралдарымен сәйкестендіру арқылы мамандықты атау. Мұндай қызметкерді қайдан көргенін еске түсіру.

Ойын әрекеттері. Қажет заттарды іздеу.

Ойын барысы. Тәрбиешінің үстелінің үстінде әр түрлі мамандық иелерінің жұмыстарына қажет құралдар – ойыншықтар жатыр. Олар: «Дәрігер Айболит» медициналық құралдар, бақша шаруашылығына арналған құралдар (тырнауыш, күрек, шапқы), ас үй ыдыстары, кір жуғыш машина, үтік, шаңсорғыш, балға, сүргі, шегелер, гайка кілті (конструктор) және т.б.

Тәрбиешіі ойыншыларды бір-бірден өз үстеліне шақырады. Ол бір құралды қолына алады да оны атайды. Қалған балалар бұл құралдардың кімге қажеттігін айтады. Мысалы, бала балғаны көрсетіп атаса, қалған балалар хормен: «Ол ағаш ұстасы мен балташыға қажет» дейді.

Егер бір мамандыққа қажет бірнеше құрал-сайман болса, тәрбиеші оны тауып беруді тапсырады. Шақырылған балалар үстелге келіп қажет затты тауып, оны дұрыс атайды. Әр түрлі маман иелерінің құралдары аталғанша ойын жалғаса береді. Ойынды былай аяқтауға болады: балалар екі топқа бөлінеді; бір топ құралдарды атаса, екінші топ мамандықты. Қай топтың құрамындағы балалар қателеспесе, сол топ жеңеді.

Кім ненің дыбысын естиді?

Дидактикалық міндет. Балалардың балалардың есту қабілетін дамыту, дыбыстарды сөзбен атау (сыңғырлау, судырлау, ойнау, шытырлау т.б.); зеректік, төзімділікті дамыту.

Ойын ережесі. Жасырған заттарды балалар дұрыс атап және олардың дыбысын шығарғанда ғана көрсету керек.

Ойын әрекеттері. Дыбыс шығаратын заттармен ойнау. Затты көрмей тұрып қандай зат қалай дыбыс шығаратынын табу.

Ойын барысы. Тәрбиешінің үстелінің үстінде әр түрлі дыбыс шығаратын заттар жатыр. Мәселен, қоңыраулар сыңғырлайды, парақтағанда кітап шытырлайы, сыбызғы ойнайды, пианино (ойыншық) музыка шығарады т.б. дыбыс шығаратын ойыншықтарды қолдануға болады.

Шымылдықтың артына кірген бала, мәселен, сыбызғыда ойнайды. Қалған балалар дыбысты естіген соң, оны ойлап табады, ал ойнаған бала шымылдықтың артынан шығып қолындағы сыбызғысын көрсетеді. Балалар өздерінің қателеспегендеріне көз жеткізеді. Бірінші шыққан ойыншы келесі ойыншыны таңдайды. Ол, мысалы, кітапты парақтайды. Балалар мұны да ойлап табады. Егер олар жауап беруде қиналса, тәрбиеші ойыншыға қимылын қайталауды өтінеді, ал балаларға мұқият тыңдауды тапсырады. «Кітап шытырлайды, жапырақтарды сытырлайды» деп балалар дыбыстарды атайды. Шымылдықтың артынан ойыншы шығып, қалай әрекет жасағанын көрсетеді.

Дыбыстарды кейін тағы қайталау үшін заттар шымылдықтың артында қалдырылады (бірақ байқатпай). Бұл ойынды серуен кезінде өткізуге болады. Тәрбиеші балалардың назарын мынадай дыбыстарға аударады: трактордың гүрілі, құстардың үні, машинаның дауысы, жапырақтың сытыры т.б.

Не өзгергенін тап

Дидактикалық міндет. Балаларды кеңістікте орналасқан заттардың орнын анықтауға үйрету: оң жақта, сол жақта, алдыңғы жақта, артта, жанында т.б.; байқампаздық, есте сақтау қабілеті, сөздік қорын және сөйлеуді дамыту.

Ойын ережесі. Қожанасыр нұсқаған бала ғана ойыншықтардың орналасу тәртібінің өзгергенін көрсетеді.

Ойын әрекеттері. Шымылдық артындағы заттарды балалар көрмейтіндей қылып ауыстырады; қуыршақ кейіпкерлері пайдаланылады.

Ойын барысы. Ойында Қожанасыр атты қуыршақ кейіпкері қолданылады. Ол заттардың орындарын ауыстырып тастайды да, әркез бастапқы орналасқан түрін ұмытып, балалардын сұрайды.


  • Балалар, бізге Қожанасыр келді және ол сендермен ойын ойнағысы келеді. Кәне, Қожанасыр, біздің қандай ойын ойнайтынымызды балаларға айтып берші, - деп тәрбиеші ойынды бастайды.

Тәрбиешінің үстелінің үстінде тұрған шымылдықтан Қожанасыр шығады.

- Балалар, біз қазір ойын ойнаймыз, - дейді Қожанасыр. – Мен осында матрешка, пирамида және Баян қуыршақты әкелдім. Олардың қалай орналасқанын анықтап қараңдар. Баян қай жерде тұр?

- Үстелдің ортасында.

- Ал пирамида ше?

- Оның оң жағында, - дейді балалар.

- Ал матрешканың тұрған жерін қалай атаймыз?

- Ол Баянның сол жағында тұр.

- Ойыншықтардың орнын есте сақтадыңдар ма? Асқар, айта қойшы, матрешка қай жерде тұр?

- Ол Баянның сол жағында.

- Дұрыс. Ал пирамида қай жерде тұр? Дұрыс. Баян қуыршақ олардың арасында тұр. Балалар, солай ғой? Ал енді мен ойыншықтарды шымылдықпен жабамын да олардың орынын ауыстырамын, сендер не өзгергенін табасыңдар. Келістік пе?

Тәрбиеші өзінің үстелін шымылдықпен жабады да ойыншықтардың орнын ауыстырады; қуыршақ балаларға жақын орналасады, ал оның артында пирамида мен матрешка орын алады. Қожанасыр балалардан сұрайды:


  • Не өзгерді? Баян қазір қайда тұр? Мен кімді көрсетсем, сол жауап береді. Дайын болыңдар! Асқар, айтшы, Баян қазір қай жерде тұр?

  • Ол алдыңғы жақта тұр.

  • Ал матрешка мен пирамида қайда тұр? Айгүл, айта қойшы.

  • Олар Баянның артында тұр.

  • Дұрыс айтасыңдар, балалар. Қазір мен тағы да орындарын ауыстырамын, сендер ойлап табасыңдар.

Шымылдық тағы жабылады, бірақ ойыншықтардың орны ауыстырылмайды. Қожанасыр:

  • Ал енді не өзгергенін кім айтады? Мен ненің орнын ауыстырдым? – дейді.

Балалар түсінбей қалады да:

  • Ештеңе өзгерткен жоқсыз.

  • Балалар, айта қойыңдаршы, бұл ойыншықтар бұрын қай жерде тұрып еді? – дейді Қожанасыр.

Балалар тағы да қайталайды:

  • Олар осылай тұрған болатын: Баян алдында, ал матрешка мен пирамида артында.

Қожанасыр шымылдықтың артында ойыншықтардың орнын ауыстырып жатып, олармен сөйлеседі. Қуыршықты үстелдің оң жақ шетіне қояды, ал пирамида мен матрешка үстелдің ортасында қалады. Балалар оң жақ, сол жақ, ортасы деген сөздерді айтады.

Ойынды балалардың кеңістік жайлы білімдері мен түсінітері қалыптасқаннан кейін ұйымдастыруға болады. Қожанасыр ойын ережесі сақталу үшін балалардың қызығушылығын арттырады: ойыншықтардың өзгерген орындарының атау, қажет ойыншықты табуға көмектесу.

Ойынды қиындата отырып, тәрбиеші ойындардың санын да көбейтеді, сондай-ақ ойын ережесін де күрделендіреді: барлық өзгерістерді атау, яғни ойыншықтардың бойындағы өзгерістерді (қуыршақтың киімдерінің, қолдарының, аяқтарының, пирамидалардың көлемдерінің, матрешкаларды) атайды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет