6-сынып. Ежелгі дүние тарихы


-сынып. Ежелгі дүние тарихы



бет4/5
Дата02.07.2018
өлшемі462 Kb.
1   2   3   4   5

6-сынып. Ежелгі дүние тарихы

Сабақтың тақырыбы: § 21. Ежелгі Қытай мәдениеті /2 сағат/

Сабақтың мақсаты:


  • Жазу мен әдебиетінің ерекшеліктеріне тоқталу. Кун-фуцзы, сыма Цянь туралы, олардың оқымыстылығы мен данышпандығы туралы баяндау.

Сабақтың түрі: аралас

Әдісі: интерактивті

Көрнекілігі: кітап, көркем әдеби шығармалар, дәптер, түрлі түсті суреттер, плакат т.б.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру./Перфокарта бойынша немесе жазбаша, ауызша тапсырмалар арқылы/

ІІІ. Жаңа сабақ:

Қытайда өте ертеден иероглифтік жазу болғандығы туралы, жазудың бірыңғай жүйесінің құрылуы, алғашқы кітіптардың пайда болуы жөнінде баяндаймын. Б.з.б. І мыңжылдықта Қытайда жібек матаға жазу, б.з.б. ІІ ғасырда қағаз пайда болды. Әдеби шығармалар жазылып, дүниенің жаратылуы әдеби тілмен әңгімелеп айтамын.

Ежелгі Қытайда ақындар көп болды. Соның бірі-Сыма Сянжу деген ақын. Оның өмірі мен тұрмысы туралы әңгімелеп айтып, көрініс ретінде көрсету.

Сыма Сянжу өлеңдерінде өз өмірін көбірек баяндаған. Алғаш ол әрі мемлекеттік қызметкер әрі ақын болып сарайда қызмет етеді. Билеуші қытай болған соң, ол сарайдан кетіп, кедейшілік жағдайға душар болды. Бірақ оның ақындық қабілетін білетін ауданның әкімі өзіне шақырады. Қонаққа барғанда ақынды өзімен бірге ертіп жүреді. Өзі білетін байлармен, атақты адамдармен таныстырады. Бірде ақын жергілігкті бір байдың тойында оның қызын көреді. Ол қыздың сұлулығына тәнті болып, қызығып, көп ән-өлең арнайды. Ақынның сәнді киімі, сарай қызметкерлері сияқты мәдениеттілігі, өзіне арнаған өлеңдері байдың қызына ұнап қалады. Оны естіп ашуланған әкесі қызына көк тиын да бермейтінін, тіпті өлтіретінін айтады. Қыз ақынға күйеуге шығып, ақынның туыстары арасында нашар өмір сүреді. Ақыры ақылды да айлакер қыз қулыққа көшеді. Ол ақын күйеуі екеуі әкесі тұратын ауданға келіп, аттары мен арбасын сатады да , ақшасына шағын асхана ашады. Қыз ошақ басында жүрсе, ақын алдына алжапқыш байлап, құл сияқты ыдыс-аяқ жуады. Қыздың әкесі мұндай масқараға ұялып, көшеге шыға алмай қалады. Ақыры қызының жасауы ретінде жүз құл және көп ақша береді....

Конфуций өмір сүрген кез, тұрмыс-тіршілігі туралы әңгімелей келіп, оның нақыл сөздеріне тоқталамын. Ол өз халқының салт-дәстүрін, өлең-жыр, мақал-мәтелдерін жақсы білетін.

Конфуций өсиеттері бойынша «Нақылдар» деп аталған жинақтан берілген диологтік әңгімені рөлдер бойынша оқып, талдатамын.

Сыма Цянь – Қытай тарихының атасы. Ол әкесінің өсиеті бойынша Қытай елінің тарихын жазды. Ескі жазбалармен, көне кітаптармен жұмыс істеді. Ол кітабын «Тарихи жазбалар» деп атады. Негізінен кітапқа аспан мен жердің арасындағы өзгерістер, көрші елдер мен халықтардың өмірі арқау болды. Ежелгі қазақ елінің тарихын жазғанда, бұл еңбек әлі күнге пайдаланылады. Ол бұл еңбегінде аңыз әңгімелерді, жылнамаларды пайдаланды. Жылнамаларында атақты, білікті адамдардың өмірбаяны, сол кезеңдегі ақындардың, билеушілердің, оқымыстылардың шыққан тегі, басынан өткізген оқиғалары туралы жазды.

Сыма Цянь туралы айтқанда төмендегідей мәліметтерді пайдаланамын. Ол ел аралау сапарының барысында көне патшалықтардың астаналарын аралады. Императордың күзет бөлімінде қызмет ете жүріп, оңтүстік-батысқа жасаған жорықтарына қатысты.

«Тарихи жазбаларда» әр түрлі деректік мәліметтердің негізінде жекелеген адамдар өмірі, елдің шаруашылығы, билеушілердің саясаты, сондай-ақ ғылым мен мәдениет жетістіктері де баяндалады. Бірақ бұл тек адам мен жер атаулары, оқиғаның уақыты ғана көрсетілетін құрғақ жылнама емес еді. Сыма Цянь оқымыстылардың, билеушілердің, ақындардың шығу тегі, кімнен білім алғаны, бастан кешкендері туралы жазды. Кейбіреулердің хаттарынан, әдебишығармаларынан үзінділер келтіріп, өз ойын дәлелдеп, нақтылап отырды. Сыма Цянның бұл еңбегінің маңызы зор. Өйткені ол шынайы тарихты жазудың тәсілі мен жолын көрсеткен алғашқы еңбек еді. Сондықтан да ол Қытай тарихшылары үшін ғана емес, Корея, Въетнам, және Жапон тарихшылары үшін де үлгі кітап болды.Ол кітаптан Қытай т.б. елдер әдебиетшілері де өздеріне қажетті мәліметтер алып, тамаша әдеби шығармаларды дүниеге келтірді.

Ежелгі Қытай ғылымы мен өнер табыстары туралы айтатын болсақ, математика саласында үш бұрыштың көлемін білді. Аспан денелерінің қозғалысын, орын ауыстыруын жеке зерттеп отырды. Бір жылда қанша тәулік барын есептеді. Ол бірінші болып жұлдызды аспанның картасын жасады. Олардың зерттеулері күнтізбе жасауға жол ашты. Билеушілердің жерлерді басып алуы, саяхатшылар мен елшілердің басқа елдерге баруы географиялық білім аясын кеңейтті. Жер өңдеу, суару тәсілдері, жібек құртын өсіру, шай бұталарын күту дамыды. Қытайлар шайды дәрі-сусын ретінде пайдаланды. Компас (тұсбағдар) , жер сілкінісін болжайтын аспап, қағаз, мылтық дәрісін ойлап тапқан да қытайлар болды.

Төмендегі сұрақтар бойынша оқушылардың тақырыпты меңгеру деңгейін тексеремін:


  1. Қытай жазуының ерекшелігі неде? Ол қалай жазылды?

  2. Ақын Сыма Сянжу өмірі туралы не білесің?

  3. Конфуций өмірі туралы не білесің? Ол неге данышпан Кун деп аталды?

  4. Конфуций адамгершілік тәрбие және мемлекет туралы не деді? Конфуций мен оның 3 шәкірті туралы әңгімеде не туралыайтылған? Ол әңгіме бойынша қорытынды жаса.

  5. Сыма Цянь ткралы не білесің? Сыма Цяньды неге Қытай тарихының атасы дейміз?

  6. Қытайлардың жұлдызнамалық, географиялық білімдері, өнертапқыштары туралы не білесің?

  7. Конфуций нақылдарын оқып, мағынасына қарай талдап, қазіргі өмірмен байланыстыр. Бұл нақылдармен қазақ халқының мақыл-мәтелдері арасында ұқсастық бар ма?

IV. Қорыту, оқушылар білімін бағалау.

Ежелгі Шығыс деп Африканың солтүстік шығысы мен Жерорта теңізінен бастап Қытайға дейін созылып жатқан Азияның орталық оңтүстік белдеуіндегі ежелгі таптық қоғамдар мен мемлекеттерді айтамыз. Кейбір ұқсастықтар мен өзара әсеріне қарамастан, олардың даму жолдары, даму қарқыны, өмір сүру кезеңдері әр түрлі болды.

Барлығында дерлік басты орында жер шаруашылығы болғанымен, олардағы әлеуметтік қатынастар әр түрлі болды. Мысалы, құлиеленушілік Египетте, Вавилонда т.б. жерлерде болғанмен, басқа елдерде негізгі өндірушілер шаруалар мен қолөнершілерден тұрды. Индия, Парсы патшалығында, қытайда, әлеуметтік қатынастардың күрделі жүелері болды.

Діни, дүниетанымдық көзқарастары әр түрлі болғандықтан, әр түрлі құдайларға табыну кең тарады. Сондықтан мемлекеттің дамуы, алдымен шағын мемлекеттер пайда болып, олардың үстемдік үшін күресінің нәтижесінде ірі, орталықтанған мемлекеттердің қалыптасуы көптеген елдерге ортақ құбылыс болды. Басқару жүесі-патшалық билік мұралық жолмен жалғасып отырды.

V. Үйге тапсырма:§21.

6-сынып. Ежелгі дүние тарихы

Сабақтың тақырыбы: §22. Грекияда таптық қоғамдар мен мемлекеттердің қалыптасуы.

Сабақтың мақсаты:


  • Тақырыпты оқыту барысында оқушыларға ежелгі Грекияның географиялық орын мен сол елде алғаш қалыптасқан мемлекеттер-Крит пен Ахейдің тарихын, мәдени мұрасын және олардың күйреу себептерін, гректердің кәсібі мен шаруашылығын, сондай-ақ Афины мен Спартадағы мемлекеттердің даму ерекшеліктерін салыстыра отырып, түсіндіру. Олардың әрқайсысының қоғамдық құрылысы мен мемлекет болып қалыптасуындағы ерекшеліктеріне назар аудару.

Сабақтың түрі: аралса

Әдісі: баяндау

Көрнекілігі: карта

Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі

Оқу құралын тексеріп түгелдеу

Әнұран орындау, «Хабар»

Кіріспе сабағында оқушылар назарын Балқан түбегінің оңтүстігінде орналасқан ежелгі Грекияның табиғат жағдайына аударамын. Балқан түбегінде ірі өзендер болмаған. Сондықтан гректердің суды қастерлегені туралы оқушыларға айтып өтемін. Ерте кезде олар достарын жолға аттандарарда «Сапарың оң болсын, ауыз суың мол болсын» деген тілек айтқан екен. Балқан түбегін айнала теңіздер қоршап жатқанына оқушылардың назарын аударып, ежелгі Грекияның орналасқан жерін картадан көрсетемін.

Сабақтың жоспары:



  1. Крит және Ахей мемлекеттері

  2. Б.з.б. ХІ-ІХ ғ. Грекияның шаруашылығы

  3. Қала-мемлекеттер

  4. Афина мен Спарта

Сабақтың алғашқы мәселесін түсіндіргенде бұл мемлекеттердің орналасқан жерлерін картадан көрсетемін. Әсіресе Крит елінде мәдениеттің өркен жайғанына тоқталып, оқулықта берілген суреттегі Кносс сарайы мен сарай ішіндегі фрескаларға оқушылардың назарын аударамын. Соңынан оқулықтағы материалды пайдалана отырып, Кносс сарайы туралы оқушылармен әңгімелесемін. Ол үшін мына сұрақтарды пайдаланамын: Суретке қарап, сарай неше қабаттан тұратынын анықта. Фрескалар дегеніміз не? Кносс сарайын неліктен еделгі дүниедегі әлемдік сәулет өнерінің біріне жатқызамыз? Сарайдың қабырғаларын немен әсемдеген? Сарай неше бөлмеден тұрған?

Әңгімелеуде оқулықта берілген мәселелерге қосымша ретінде мына мәліметтерді де айта кетемін. Археологтар Кностан бойы үш метрдей адамның мүсінін тапқан. Ол-Кностың билеушісі. Оның басында-тәж, тәжге бір буда ұзын, ала қауырсын таққан. Мойнында алтынна жасалған бірнеше қатар алқы, ал қолдарында алтыннан жасалған білезіктер бар. Криттіктер лира, кифара деп аталатын музыкалық аспаптар жасаған. Олар-қазір гректердің ұлттық музыкалық аспабы.

Тақырыпты оқуыларға түсіндіру барысында ахейлік мемлекеттер туралы толық түсінік беремін. Оқулықтағы картаны пайдалана отырып, ахейлік мемлекеттердің орналасқан жерін көрсетемін. Әсіресе ахейлік мемлекеттер ішіндегі ең ірі әрі қуаттысы Микены туралы әңгімелегенде оқулықта берілген материалды пайдаланамын.

Арыстандар қақпасы тікесінен қойылған екі тас пен оның үстіне қойылған тастан тұрада. Тастың үстіне екі арыстанның бейнесін қондырған. Арыстандар алдыңғы аяқтарымен бағандарға сүйеніп, артқы аяқтарымен тікесінен тұр. Темірден жасалған арыстандар бейнесі қаһарлы сақшыларға ұқсайды. Олар тіптен қамалға кім кіріп, кім шыққанын қалт жібермей бақылап тұрған сияқты. Қақпа алдында тұрған күзетшілер күдікті деген адамдарды қалаға кіргізбейтін болған.

Қақпада шығатын ойық бар. Осы ойық әлі күнге дейін сақталған. Қамал ішінде патша сарайы және оған жақын адамдардың үйлері болған. Арыстандар қақпасына жақын жерден патшалардың бейіттері де табылған.

Осы тақырыптағы маңызды мәселелердің бірі- «қала-мемлекеттер» деген ұғым. Оқушыларға картадағы қала-мемлекеттерді көрсете отырып, Афины мен Спартаға оқушылар назарын аударамын, Коринф, Милет қалаларының әсем, әдемі болғандығы туралы әңгімелеймін.

Афины қала-мемлекеттеріне тоқталғанда картадан Атлантика аймағын көрсету. Б.з.б. VIII-VI ғ. Аттика аймағында мемлекет қалыптасқан. Аттика аймағында қалалар өте көп болған. Сол қалалардың бірі-Афины.

Афины қаласының орналасқан жері мен сәулетіне баса назар аударамын. Акропольге сырттай саяхат жасауға болады. Ол үшін оқулықтағы сурет пен мәтін мазмұнын таныстырғаннан кейін, мына сұрақтар бойынша оқушылармен әңгімелесемін.



  1. Акрополь дегеніміз не?

  2. Акрополь қай ғасырда толық салынып болған?

  3. Акропольде қандай ғимараттар орналасқан?

  4. Акропольдегі басты храм қалай деп аталады?

  5. Неліктен акрополь афинылықтардың сүйікті орнына айналды?

  6. Акропольді ім салдырған?

Ежелгі Спарта тақырыпшасын түсіндіру үшін де алдымен оқушыларға әңгімелесуге арналған сұрақтар қоямын:

  1. Картадан Оңтүстік Грекияның орналасқан жерін көрсетіңдер.

  2. Пелопоннес аймағы Грекияның қай бөлігінде орналасқан?

  3. Мессения мен Лаконика аймағы Грекияның қай бөлігінде?

  4. Спарталықтар қай жақтан келген? Кімдер?

Оқулық мәтініндегі Спарта туралы материалды баяндаған кезде әсіресе Спарта мемлекетінде жастарды тәрбиелеуге ерекше мән берілгендігіне толығырақ тоқталамын. Ол үшін сабақта балаларға «Спарталық ұл балалардың өмірінен» деген мәтінді «Дидактикалық материалдардан» өздігінше оқытып, «Спарталықтарша өмір сүру дегеніміз не?» деген сұраққа жауап аламын.

Б.з.б. V ғасырдағы Афина мен Спарта қалаларын салыстыра отырып, сипаттаймын. Ол үшін оқулықтағы суреттерді пайдаланамын. Афины мен Спарта-ежелгі Грекия қалалары. Әсіресе Афины сол кезеңдегі әдемі қалалардың бірі болды. Қаланың ортасындағы акропольде храмдар, театрлар және де мәрмәр мен қоладан жасалған мүсіндер орналасқан. Қалада көптеген қолөнер шеберханалары мен сауда саттық жүргізілетін базар алаңдары болған. Оларды агора деп атаған. Агораға халық өте көп жиналатын. Бұл жер Афины тұрғындары мен өзге қалалардан келген саудагерлерге, қаланы аралаушыларға толып кететін.

Спарта қаласы Афиныдан әсемдігі жағынан әлдеқайды төмен боды. Қала әскери лагерьлерге көбірек ұқсады. Спартада театр да, мүсіндер де болған жоқ. Көшелерден әрлі-берлі сап түзеп жүрген спарталықтарды көруге болатын еді... Спарталықша өмір сүру-денені шынықтыру, мықты болу, еш нәрседен қорықпау, төзімді болу деген сөз.
Сабақты бекіту: Оқушылардың «Жұмыс дәптері» бойынша өздік жұмыс орындауын ұйымдастыруға болады. «Жұмыс дәптеріндегі» 2,3-тапсырмаларды орындатамын. Соңынан оны тексеріп, қорытындылаймын.
Үйге тапсырма:22

22-параграфты оқып келу, «Жұмыс дәптерлеріндегі» 1-тапсырманы орындау.

Сыныптан тыс оқуға арналған «Афины егіншілеріннің өмірі мен тұрмысы» деген материалды оқып, олардың өмірін суреттеп беру.

6-сынып. Ежелгі дүние тарихы

Сабақтың тақырыбы: § 23. Афиныда демократиялық құрылыстың дамуы.

Сабақтың мақсаты:


  • Демократиялық құрылыстың пайда болуы, Солон, Клисфен және Перикл сияқты қоғам қайраткерлерінің қарапайым халық үшін жасаған еңбектері туралы баяндап, оқушыларды адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу

  • Сонымен бірге оқушылардың ойлану қызметін дамыту үшін олармен бірге Афиныдағы демократиялық құрылыс пен Спартадағы олигархиялық мемлекеттерді салыстырып, ұқсас жақтыры мен айырмашылықтарын табу. Алдымен олигархия, демократия ұғымдарының мәнін оқушыларға түсіндіру.

Сабақтың түрі: аралас

Әдісі: баяндау

Көрнекілігі: карта

Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі



  • Оқу құралын тексеріп түгелдеу

  • Әнұран орындау «Хабар».

Үй тапсырмасын сұрау:

Сабақтың бірінші мәселесіне тоқталғанда ең алдымен Аттика аймағының орналасқан жерін оқушылардың естеріне түсіру. Ол үшін оқушыларға мынадай сұрақтар қойып, әңгімелесу.



  1. Аттика аймағы Грекияның қай бөлігінде орналасқан?

  2. Бұл аймақта қандай ірі қалалар бар?

  3. Аттика халқының негізгі шаруашылығын атаңдар.

Тақырыпшаны түсіндіргенде аристкратия, ақсүйек, демократия және демостар деген ұғымдарды талдай түсіндіремін. Ол үшін бұл сөздердің қай елдің сөзі екендігіне және қандай мағына беретініне тоқталамын. Сөздердің анықтамасы оқулықта бар. Сонымен бірге «Жұмыс дәптеріндегі» 1-тапсырманы орындатамын.

Бұл тақырыпшаны түсіндіру барысында өзекті мәселелердің бірі-демостар мен ақсүйектер арасындағы теңсіздік. Оқулыққа қосымша материалдарды пайдаланамын.

Демостар ақсүйектерге қарсы көтеріліске шығып отырды. Олар ақсүйектерге мемлекетті басқару ісіне демостарды араластыру, құлдық қарызын жою және жерді қайтадан бөліске түсіру сияқты талаптар қойды. Соның нәтижесінде ақсүйектер тобы халық жиналысын шақырып, оған барлық афинылықтар қатысты. Халық жиналысы Солонды өздеріне басқарушы етіп сайлады. Солон халық жиналысында көпшілік дауысқа ие болды.

Солонның өмірі мен қызметі және барлық адамгершілік, ізгілік қасиеттері, Афины демосының мүддесін көздейтін реформалары туралы оқулықта берілген материалдар көлемінде әңгімелеп беремін. Афиныдағы халық жиналысының қалай өткендігі туралы дидактикалық материалдағы шыған әңгімені бір оқушыға дауыстатып оқытып, соңынан оқушыларға төмендегідей сұрақтар қоямын:



  1. Халық жиналысын гректер қалай атаған?

  2. Халық жиналысына кімдер қатысқан? Халық жиналысында қандай мәселелер қаралды?

  3. Дауыс беру барысын сипаттап бер.

  4. Шешім қалай қабылданды?

Әңгімелесу барысында оқушылардың Афиныдағы халық жиналысында демократияның қандай белгілері болғанын өздеріне анықтатамын. Соңынан оқулықтағы суреттерді пайдалана отырып, қорытындылаймын.

Солонның өмір бойы оқып, білім алғандығына, өлең жазғанына да тоқталған жөн. Ол үшін оқулықта берілген Солон өлеңдерін оқып, оқушылармен бірлесе отырып, талдау жасаймын. Солон өлеңдерінің қандай тәрбиелік мәні бар екендігіне оқуышылардың назарын аударамын.

Афинының демократиялық мемлекетке айналуы туралы баяндағанда Афины мемлекетіндегі саяси әлеуметтік қатынастар туралы оқулық материалын негізге аламын. Әсіресе Афины демостарының көсемі Периклдың әдеуметтік-демократиялық бағыттағы іс-шараларын мына бағытта жүйелеп, қорытындылатамын:


  1. Тұңғыш рет кедей демостардың мемлекеттік қызметке тағайындалуына қол жеткізді.

  2. Бүкіл грек халқын бір орталыққа біріктіруге күш жұмсады.

  3. Оның тұсында Афины қаласында храмдар, театрлар мен саябақтар салынды.

  4. Мемлекет қазынасынан Афинының кедейлегнен топтарына театрға бару үшін ақша үлестірілді.

  5. Перикл әйел құдай Афина құрметіне Парфенон храмын салғазды.

  6. Перикл тұсында Афины бүкіл Грекияның мәдени орталығына айналды.

  7. Перикл сауатсыздықты жоюға тырысты.

Сабақты бекіту үшін оқулықтағы сыныптан тыс оқуға арналған «Перикл өмірінен» атты деректі оқушыларға өзідігінен оқытып,сұрақтар бойына әңгімелесемін.

Деректегі материалдан Периклдің қандай адамгершілік қасиеттерін байқадыңдар? Қорытынды жасаңдар.

«Жұмыс дәптеріндегі» 3-тапсырманы орындау.

Үйге тапсырма:23

23-параграфты оқып келу. «Жұмыс дәптеріндегі» 2-кестені толтыру.

6-сынып. Ежелгі дүние тарихы

Сабақтың тақырыбы: §24. Ежелгі грек өнері

Сабақтың мақсаты:


  • Оқушыларды ежелгі грек халқының мерекелерімен, ойындарымен, театрларымен, өнерімен, діни нанымдарымен және мифтерімен таныстыра отытыр, оларың ерекшелігі мен дүниежүзілік маңызын ашып көрсету.

  • Бұл сабақтың тәрбиелік мәні ерекше. Сабақта оқушыларға Грекия халқының ежелгі дүниедегі бай мәдени мұрасы жайлы мағлұмат берумен қатар, өнер туындыларын құрметтеу, үйренуге және оған деген қызығушылығын арттыруға, сондай –ақ эстетикалық тәрбие беруге мүмкіндік туады.

Сабақтың түрі: аралас:

Әдісі: әңгіме, әңгімелесу

Сабақтың көрнекілігі: «Ежелгі Грекия картасы», оқулық суреттер мен «Дидактикалық матриалдар».

Сабақтың барысы: І.Ұйымдастыру кезеңі



  • Оқу құралын тексеріп түгелдеу

  • Әнұран орындау, «хабар»

Үй тапсырмасын сұрау:

Сабақты оқушылардың ойы мен қызметін дамыту мақсатында «Дидактикалық материалдар» мен «Жұмыс дәптеріндегі» тапсырмалар, кестелер, сөзжұмбақтар бойынша, яғни оқушылардың өз бетінше атқаратын жұмыстарын ұштастыра отырып жүргіземін.

Алдымен ежелгі грек халқының мәдениет саласындағы ерекше жетістіктеріне тоқталамын.

«Грекиялық мерекелер мен ойындар» деген тақырыпшаны түсіндіргеннен кейін, оқулықта берілген матералдармен қатар, «Жұмыс дәптеріндегі » тапсырманы орындатамын.

«Олимпиялық ойындар» тақырыпшасын оқулық материалы негізінде баяндаймын. Бұл тақырыпшадағы ең маңызды ұғым-«олимпиада». Бұл ұғымды оқушыларға түсіндіру барысында төмендегі сұрақтар бойынша әңгімелесемін:


  1. Пелопоннес аймағы Грекияның қай бөлігінде орналасқан?

  2. Ежелгі Гректер үшін Олимп қаласы нелектен қасиетті жер болып есептелінді?

  3. Қалай ойлайсыңдар, Зевске арналған басты храмның Олимпия жеріне салыну себебі неде?

Осы мәселені қазіргі кезеңмен байланыстыру мақсатында оқушыларға «Ең соңғы Олимпиадалық ойын қашан, қай мемлекет жерінде болды? Қандай қазақстандық жүлдегерлерді білесіңдер?» деген сұрақтар қоямын. Содан кейін ең алғашқы Олимпиялық ойындардың қай жылы болғаны, онда спорттық қандай түрлерінен жарыс өткізілгені туралы әңгімелеймін. Оқулыққа қоса мына материалдарды қосымша айтамын: Олимпияның ең соңғы күні марапаттау рәсімі болды. Марапаттау рәсімі Зевс храмы алдында жасалды. Храмның алдында алтын мен піл сүйегінен жасалған үстел, ал оның үстіне зәйтүн ағашынан жасалған гүлалқа қойылған. Ежелгі гректер зәйтүн ағашын қасиетті деп санаған. Сондықтан әрбір жеңімпаздың мойнына зәйтүн ағашынан жасалған гүлалқа таққан.

Марапаттау рәсімінің соңына қарай алаңда мерекелік шерулер ұйымдастырылған. Шеру алдында сарапшылар, одан кейін жеңімпаздар мен бәйгеде жеңіп шыққан аттар жүріп отырған. Олимпиялық ойынның грек халқы үшін үлкен маңызы болды, ол бүкіл эллиндерді біріктіруге үлес қосты.

Тақырыпшаны қорытындалау үшін, қазіргі кезде Олимпиада ойындарының жеңімпаздары қалай марапатталатыны және спорттың қай түрінен жарыс өткізілетіні жөнінде оқушылармен әңгімелесемін.

Оқушылар «Жұмыс дәптеріндегі» 1-тапсырманы өз бетінше орындай отырып, Олимпиада ойындарының бүгінгі таңда қандай дүниежүзілік маңызы бар екенін анықтаймын.

Ежелгі грек театры туралы тақырыпты түсіндіргенде оқулық мәтінін пайдалана отырып, үш мәселеге тоқталамын. Олар: театрдың пайда болуы, ежелгі Грекия театрының құрылысы, трагедия мен комедия.

Кіріспе сөзде оқушыларға ең алғашқы театрлардың Грекия жерінде пайда болуы, театр сөзінің «ойын көрсететін алаң» деген мағына беретіндігі тулары айтамын. Театр ежелгі гректердің сүйікті орны болғандығына тоқталамын.

Театр ұғымын кеңірек айту үшін оқулықта берілген «Ежелгі Грекия театры» атты суретті көрсетіп, оны қазіргі уақыттағы театрлармен салыстырамын.

Театрдың пайда болуы туралы оқулықта берілген мәтінді әңгімелеп бергеннен кейін Дионис мерекесіндегі шерулерді бейнелейтін театрландырылған көрініс қою. Бұл көрініс ежелгі Грекия жеріндегі театрдың пайда болуы туралы тақырыпты әсерлі жеткізуге көмектеседі.

Оқушылар театр құрылысы, яғни театрдың үш бөлігі туралы оқулық мәтінінен оқып-білген соң, бұл бөліктердің әрқайсысының орналасу ретін дәптерлеріне сыздыруға болады .

Ежелгі Грекия театрларында қойылған трагедиялық, комедиялық қойылымдар туралы түсінліргенде оқулықта берілген трагедия, комедия терминдерінің мәніне жан-жақты тоқталамын. Ол үшін оқушылрға төмендегідей сұрақтар мен тапсырмалар беремін. «Трагедия», «комедия» сөздерінің мәнін түсіндір. Көрермендер трагедиялық қойылымдарды көренде қандай әсер алады? Ал комедиялық спектакьдер көргенде ше? Ежелгі гректерде қандай трагедиялық, комедиялық шығармалар болған?

Тақырыпшаны қорыту мақсатында «Жұмыс дәптеріндегі» тапсырмаларды оқушылармен бірлесе орындаймын. Соңынан грек театрларының дүниежүзілік маңызына тоқталып өтемін.

«Гректердің діни нанымдары мен мифтері» тақырыпшасын түсіндіру үшін, оқушылармен төмендегі сұрақтар бойнша әңгімелесемін:



  • Дін дегеніміз не?

  • Сендер оны қалай түсінесіңдер?

  • Ежелгі адамдарда сиыну қалай пайда болған?

  • Ежелгі Египетте қандай құдайлар боды?

  • Бастықұдай қалай аталған?

  • Египеттіктер құдайларды қалай бейнелеген? Оқушылармен әңгімелесе отырып, ежелгі гректердегі діннің пайда болу ерекшеліктерне тоқталамын.

Оқулықта берілген материалдар негізінде ежелгі Грекия дінін Египет дінімен салыстыра түсіндіремін.

Сабақты қорытындылау барысында «Дидактикалық материалдардағы» тапсырманы пайдаланамын

«Сәулет өнері» тақырыпшасын түсіндіру үшін сырттай саяхат сабағын ұйымдастырамын. Ондағы мақсат-оқушыларды б.з.б. Ү ғасырдағы Афины т.б. қалаларының көрікті жерлерімен сырттай таныстыру. «Сәулет өнері дегеніміз не? Колонналар дегеніміз не? Гректерде колонналар дегеніміз не? Гректерде колонналар болды ма?


  • Афины қаласының ең көрікті және әсем жерлері қалай аталады?

  • Неліктен бұл жерлер ең көрікті жерлер деп саналған?

  • Олар қаланың қай бөлігінде орналасқан? Оқулықта берілген сурет бойынша акропольдегі сәулет өнерінің ескерткіштерін жеке-жеке сипатта. Акропольдің ең биік жерінде Парфенон храмы орналасқан. Ежелгі Гректер храмды неге биік жерге салған? Ежелгі Грекияның қай қалаларында храмдар болды?» деген сияқты сұрақтар қою арқылы әңгімелесемін. Оқулықта колонналардың үш түрінің суреті берілген. Оқушыларға осы суреттерді көрсете отырып, колонналардың бір-бірінен айырмашылығы туралы пікірлерін сұрайды. Сабақта агора жөнінде де әңгімелеп кетемін.

«Дидактикалық материалдарды» берілген карточканы пайдалан отырып Парфенон храмы туралы әңгімелеймін.

Ежелгі Грекиядағы мүсін өнері туралы мәселе оқулықта берілген материал негізінде түсіндіріледі. Сабақты түсіндіру барысында оқушыларға «Жұмыс дәптеріндегі» 4-тапсырманы орындатамын. Сонымен бірге оқулықтағы суреттерге де оқушылар назарын аударып отырамын.

Сабақты бекіту мақсатындағы сұрақтар: Театр, комедия, трагедия, Парфенон, акрополь, олимпиада деген терминдердің мағынасын түсіндір. Ежелгі Грекиядағы мифтерде қандай оқиғалар суреттелген?

Үй тапсырмасы:§24.



  1. 24-параграфты оқып келу. Оқулықта берілген сұрақтар мен тапсырмаларға дайындалу.

  2. «Пелопоннес» аймағын контур картаға түсіру.


6-сынып. Ежелгі дүние тарихы

Сабақтың тақырыбы: §25. Ежелгі грек мектебі мен ғылыми білімдері

Сабақтың мақсаты:


  • Оқушыларды ежелгі Грекия жеріндегі тәрбие мектебімен, грек ойшылрады мен ғалымдарының еңбектерімен таныстыру және де Грекия мәдениетінің дүниежүзілік мәдениетке қосқан үлесін ашып көрсету.

  • Бұл тақырыпты түсіндергенде ежелгі Грекияда оқу-білім, тәрбие беруге ерекше мән берілгендігіне оқушылардың назарын аудара отырып, білімнің қажеттілігін түсіндіру, білімді болуға, ғылыми білімнің негізін қалаушыларға құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: аралас

Әдісі: баяндау

Көрнекілік: карта, сызба

Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі

Оқу құралын тексеріп түгелдеу

Әнұран орындау «Хабар»

Үй тапсырмасын сұрау:


  1. Пелопоннес аймағы Грекияның қай бөлігінде орналасқан?

  2. Ежелгі Гректер үшін Олимп қаласы нелектен қасиетті жер болып есептелінді?

  3. Қалай ойлайсыңдар, Зевске арналған басты храмның Олимпия жеріне салыну себебі неде?

Жаңа сабақ жоспары:

  1. Ежелгі Грекия мектептері

  2. Ежелгі Грекия ойшылдары

  3. Еделгі Грекияда ғылыми білімдердің дамуы

  4. Грекияда мәдениеттің тарихи маңызы

Бұл сабақты оқушылардың оқулықпен, «Жұмыс дәптерімен» өздік жұмысын ұйымдасытыра отырып, әңгіме, әңгімелесу әдістерінің көмегімен өткіземін. Сонымен бірге «Дидактикалық материалдардағы» әр түрлі тапсырмаларды орындатамын.

Сабақты оқушыларға сұрақтар қою арқылы, әңгімелесуден бастаймын. Ежелгі дүниедегі барлық мемлекеттерге де білімді адамдар қажет болған. Әсіресе ежелгі Грекияның қала-мемлекеттеріне білімді адамдар өте қажет еді. Неліктен? Афиныда білім мен өнерді дамытуға қай қоғам қайраткері ерекше үлес қосты? Білімді адам қандай болды? Сенің ол туралы ойың қандай?

Грек мектептері туралы, олар неше басқыштан тұрғанын, қандай білім мен тәрбие беру ісі жолға қойылғандығы туралы оқулықтағы материал бойынша әңгімелеп беремін.

Оқушыларға оқулықтағы ежелгі гректердің балаларын қалай тәрбиелегендігі туралы мәтінді оқытып, алған әсерлері жөнінде сұраймын. Афиныдағы гимнасиялардың білім мен тәрбие берудегі ерекшеліктерін сипаттап, гректер үшін гимнасияның қандай маңызы болғандығын оқушылармен бірге талдаймын.

Ежелгі Грек мектептерін қазіргі мектептермен салыстырамын.


  • Меткеп неше басқыштан тұрды?

  • Мектепте кімнің балалары оқыды?

  • Қандай пәндер оқытылды?

  • Гимнасия мектептерінің ерекшеліктері

«Ғылыми білімдер» тақырыпшасын түсіндірместен бұрын оқушылармен төмендегі сұрақтар бойынша әңгімелесемін.

  1. «Ғылыми білімдер» деген ұғымды қалай түсінесіңдер?

  2. Ежелгі шығыс елдерінде ғылыми білімдердің қандай саласы дамыды?

  3. Ғылыми білімдердің пайда болуына қандай жағдайлар әсер етті?

  4. Ойшылдар деген кімдер? Қазақ жерінде қандай ойшылрар болған?

  5. Олар қай кезеңде өмір сүрді?

  6. Әл-Фарабидің ұстазы кім? Ол қай елден шыққан?

Жеке-жеке ғылыми білімдер туралы, оған үлес қосқан ғалымдар туралы және күні бүгінге дейін өзінің мазмұнын жоғалтпаған ғылыми жаңалықтар туралы әңгімелеп беремін.

Айтылған ғылыми білімдердің ішінде қайсысы ежелгі Грекия жерінде пайда болып, дамыған? Оларды атаңдар. Неліктен «тарих ғылымы» ежелгі грекияда ерекше орын алған? Неліктен Геродотты «тарихтың атасы» деп атаған?» деген сұрақтарға оқушылардың жауаптарын тыңдап, тақырыпшаны қорытамын.

Сондай-ақ оқушыларға «Жұмыс дәптеріндегі» 2-тапсырманы орындатамын.

Грек мәдениетінің маңызы туралы тақырыпшаны жақсы ұғындыру үшін, оқушыларға ойлау және таным қызметін дамытатын сұрақтар қоя отырып, гректердің дүниежүзілік мәдениетке қосқан үлесі туралы әңгімелеймін. Ол үшін оқушыларға төмендегі берілген сұрақтарды қоямын.

Ежелгі гректер қандай ғыдыми білімдердің негізін салды? Олардың өкілдерін атаңдар. Пифагор теоремасы мен Гиппократ анты мәніні сонау ежелгі дүниеде жазылса да, әлі өз мәнін жоғалтқан жоқ, неліктен? Ежелгі Грекида философиялық білімдердің даму себебі неде? Грек философтарын атаңдар. Ежелгі Грекияны неге театр отаны деп атаймыз? Ежелгі Грекия жерінен басталған Олимпиадалық ойындар бүгінгі күні өз жалғасын тауып келеді. Бұл ойынның дүние жүзі халықтары үшін қандай маңызы бар? Өз ойларыңды ортаға салыңдар. Гректер сәулет және мүсін өнерінде қандай үлгі қалдырған?
Жаңа сабақты бекіту:


  1. «Жұмыс дәптеріндегі» 3-тапсырманы орындау.

  2. Афины гимнасиясын сипаттап бер. Гимнасиялар саған несімен ұнайды? Қазіргі гимназиялардан айырмашылығы неде?

  3. Оқулық мәтінін пайдалана отырып, «Әдепті бала қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап бер.

  4. Қыз балаларға қандай тәрбие берілген?

Үйге тапсырма:§25

25параграфты оқып келу. «Дидактикалық материалдардағы» тапсырманы орындау.




6-сынып. Ежелгі дүние тарихы

Сабақтың тақырыбы: §26. Ежегі Македония

Сабақтың мақсаты:


  • Оқушыларға ежелгі Македонияның орналасқан жері мен халқы, ІІ Филипп патшаның ішкі және сыртқы саясаты туралы және Александр Македонскийдің Шығысқа жорығы туралы тиянақты білім беру.

Сабақтың түрі: Лекция

Әдісі: баяндау

Сабақтың көрнекілігі: «Ежелгі Грекия» , «Александр Македонский жорықтары» карталары Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастру кезеңі



  • Оқу құралын тексеріп түгелдеу

  • Әнұран орындау, «Хабар»

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау:

  1. Афины гимнасиясын сипаттап бер. Гимнасиялар саған несімен ұнайды? Қазіргі гимназиялардан айырмашылығы неде?

  2. Оқулық мәтінін пайдалана отырып, «Әдепті бала қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап бер.

  3. Қыз балаларға қандай тәрбие берілген?

Александр Македонскийдің Шығыс жеріне басқыншылық жорықтары туралы айта отырып, тәуелсіздікке жету әр халықтың арманы екеніне оқушылардың көзін жеткізу.

Жаңа сабақ жоспары:



  1. Ежелгі Македонияның орналасқан жері мен халқы.

  2. ІІ Филиптің ішкі және сыртқы саясаты.

  3. Александр Македонскийдің Шығысқа жорықтары.

Өткен сабақты оқушылардың есіне түсіру үшін македондықтардың Грекия жеріне басып кіруіне байланысты бірнеше сұрақтар қойып, әңгімелесемін. Македондықтар қай мемлекетті жаулап алған еді? Македондықтар мен гректер арасындағы ірі шайқас қай жерде , қай қалада болды? Бұл шайқастың нәтижесі қандай болды? Македондықтардың шапқыншылығына қарсы гректердің тәуелсіздік үшін күресін кім басқарды? Тәуелсіздік дегенді қалай түсінесің? Біз қашан тәуелсіздікке ие болдық?

Картаны пайдалана отырып, Македония елінің орналасқан жерін, табиғаты мен халқын сипаттап беруге болады. Бұл тақырыпшаны түсіндірген кезде оқулық материалын негізге ала отырып, Македония мен Грекия жерлерінің табиғаты мен халқын салыстырамын. Ол үшін оқушыларға Грекия мемлекетіне байланысты бірнеше сұрақтар қоямын.



  1. Ежелгі Грекия қай түбекте орналасқан?

  2. Ол неше бөліктен тұрады? Грекияның қай аймағында қалалар көп? Бұл жерді қандай халықтар мекендеген? Гректердің негізгі шаруашылықтарын атаңдар. Аттика аймағында қандай қоғам үстемдік етті? Оның орталығы қай қала? Пелопоннес аймағындағы ірі қуатты мемлекетті атаңдар.

Сабақтың екінші мәселесін түсіндіру барысында оқушылардың оқулық материалымен, «Жұмыс дәптерімен» өздік жұмысын ұйымдастырамын.

«Александр Македонскийдің Шығысқа жорығы» деген тақырыпшаны түсіндіргенде картаны пайдаланамын. Алдымен Ескендірдің (Александр) таққа келу мен оның жастық шағында ерекше қабілеттілігімен көзге түскендігіне тоқталамын. Ол үшін оқулықтағы сыныптан тыс оқуға арналған «Александр Македонскийдің жастық шағы» деген қосымша материалды оқытып, талқылатамын. Оқушыларға «12 жастағы Александрдың мінез-құлқы мен қабілетінен қандай ерекшеліктер байқадыңдар?» деген сұрақ қоямын.

Александрдың Шығысқа жорығын түсіндіргенде «дидактикалық материалдарда» берілген «Ежелгі Македония» бөліміндегі 1,2,3,4-тапсырмалар бойынша әңгімелеу. Сонымен бірге «Жұмыс дәптеріндегі» кестені толтыру арқылы Александрдың Шығыстағы қай жерлерді қай жылы жаулап алғанына кеңірек тоқталамын. Сонымен бірге «Александр қайтыс болғаннан кейін, ол құрған держава неліктен ыдырап кетті?» деген сұрақ қойып, оқушылар пікірталасын ұйымдастырамын.

Сабақтың қорытынды бөлімінде Александрдың жаулап алу жорықтарының зиянды жақтарын әңгімелеп беремін.

Сабақты бекіту:


  1. «Дидактикалық материалдардағы» 5-тапсырма. Мұғалім сынып оқушыларын 2 топқа бөліп, оқулықты пайдалана отырып, берілген тапсырманы өздігінше орындауды тапсырады.

  2. Александр Македонскийдің мінезіне сипаттама бер. Ол саған несімен ұнады? Несімен ұнамады?

Үйге тапсырма:§26

26-параграфты оқып келу. Александр Македонскийдің жаулаған жерлері туралы жазу. «Дидактикалық материалдардағы» 8-тапсырманы орындау.



6-сынып. Ежелгі дүние тарихы

Сабақтың тақырыбы: §27. Республика дәуіріндегі Рим

Сабақтың мақсаты:


  • Ежелгі Рим мемлекетінде республикалық құрылыс орнауының тарихи алғышарттарымен маңыздылығы туралы және соғыстардың сипаты, себептері мен нәтижелері жөнінде, қоғамдағы әлеуметтік топтар туралы және олардың тыныс-тіршілігі, мәртебелері жөнінде оқушыларға ғылыми түсінік беру.

  • Рим республикасының әлеуметтік-саяси құрылысындағы айырмашылықтар мен ұқсастықтарды, әлеуметтік топтар арасындағы өзгешеліктерді өзге мемлекеттермен салыстырып, ажырата білу.

  • Республикалық билеу формасын, халықтық билікті сипаттай отырып, оқушыларды әділеттілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Аралас сабақ

Әдісі: баяндау

Сабақтың көрнекілігі: Ежелгі Рим картасы, оқулықта берілген суреттер, мұғалімнің өзі салған суреттер, схемалар мен кестелер. Римляне: книга-альбом, м., 1994, Древние цивилизации. М., 1989.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау.

Оқушылардың білімін анықтау мақсатында төмендегідей сұрақтар қоямын:


  1. Ежелгі Македония қай жерде орналасқан? Оның халқы кімдерден құралған?

  2. ІІ Филипп қандай саясат жүргізді?

  3. ІІ Филипп басқа елдермен қарым-қатынасында қандай сясат ұстанды?

  4. Александрдың Шығысқа жасаған жорықтарының қайсысы шешуші деуге болады?

ІІІ. Білімді бағалау.

IV. Өткен сабақ пен жаңа тақырыпты байланыстыру

Македония мен Грекиядағы ел билеу формаларын, мемлекеттік құрылымдарын еске түсіру мақсатында оқушыларға бірнеше сұрақ қоямын. Оқушылардың жауабы тыңдалғаннан кейін әңгімені жалғастырамын. Аталмыш елдердегі билік формаларының айырмашылықтарына тоқтала келіп, ежелгі Римдегі республикалық құрылым формасына баса назар аударамын.

Жаңа сабақ жоспары:



  1. Рим республикасындағы басқару ұйымдары

  2. Римнің жүргізген соғыстары

  3. Қоғамдық әлеуметтік топтар.

Оқушылардың назарын Дүние жүзінің саяси картасына немесе оқулықтағы ежелгі Рим картасына аударып, оның орналасқан жерін қосымша баяндағаннан кейін Республика болып жариялануының негізгі себептерін, басқару ұйымдарының қызметтерін түсіндіремін. Осы тұста басқару ұйымдарын схема түрінде көрсетемін.


Бұлардың атқаратын міндеттерін кесте түрінде жеке форматқа немесе тақтаға жазып, түсіндіремін. Халық жиналысының үш түрге: курия, центуриат және трибаға бөлінетіні туралы оқулық көлемінде түсінік беремін. Бұл жаңа ұғымдар тақтаға жазылып, оқушылар «Жұмыс дәптерлеріне» түсіріп отырады. Оқушылардың назарын оқулықтағы «Сенат мәжілісі» суретіне аударамын. Олардың сурет бойынша әңгіме құрастыруына болады, өйткені сенаттың қызметі жайлы оларға сабақтың басында айтылған болатын.

Бұдан кейін оқулық бойынша Римнің жаулаушылық соғыстары туралы әңгімелеймін. Осы арада Рим әскері туралы түсінік беремін. Бастапқыда Рим әскері тек патрицийлерден тұрды. Алайда үздіксіз жүргізілген соғыстар кесірінен патрицийлердің саны азайып, әскер міндеттерінен тыс қалған плебейлердің саны артты. Сондықтан енді байлығының көлеміне қарап әскер қатарына алу енгізіліп, әскер шығынына жұмсалатын қаржыны салық түрінде бай адамдар төлеп отырды. Рим азаматы 46 жасқа дейін әскери міндетін атқарды, оның он жылы атты әскер құрамында, он алты жылы жаяу әскер сапында өтті. Рим әскерінің негізін легиондар құрады, олар центуриондарға бөлінді. Республиканың соңғы жылдарында Рим әскері Италияда тұратын адамдардан құралып, жалдамалы армияға айналды. Кейіннен провинциялармен көрші халықтардың есебінен күшейтілді.

Рим жүргізген соғыстардың екі негізгі себебі болды:


  1. Өзге халықтардың жерлерін басып алу; халқын құлға айналдыру;

  2. Кен орындары бар өңірлерді иелену.

Картамен жұмыс: Рим жаулап алған өңірлері, ірі шайқас болған жерлер картадан көрсетіледі.

Пуни соғыстарының барысы және нәтижесі бойынша оқушылар басқа елдің жерін, кенді аймақтарын басып алу әділетсіз соғыс болып саналады деген қорытындыға келеді.

Оқушыларды ержүректікке баулу мақсатында тарихшы Тит Ливийдің қолбасшы Ганнибалға берген сипаттамасын оқып шығуды ұсынамын.

Қоғамның әлеуметтік топтарына ақсүйектер, құлдар, шаруалар, қолөнершілер жатты. Рим қоғамының әлеуметтік жіктелуін түсіндірген кезде тақырыпаралық сабақтастықты сақтай отырып, өткен тақырыптың бірімен, айталық, ежелгі Үндістандағы әлеуметтік топтардың шығу себебімен байланыстыра әңгімелеуге болады. Үндістанда да Римде де халықтың түрлі топтарға жіктелуі:



  1. Өндіріс құрал-жабдығына меншіктің сипатына;Билік көлеміне;

  2. Соғыс тұтқындарының құлдарға айналуына т.б. байланысты болғандығына оқушыардың көзін жеткізу.

Әңгімеленген мәселеде кездескен жаңа ұғымдар тақтаға жазылып, оларға қысқаша түсініктеме берілуі тиіс, айталық, нобилитет, салтаттылар, т.б.

Үшінші мәселені баяндау барысында оқушылар классикалық деңгейге жеткен Римдегі құлдықтың патриархалдық, айталық, шығыс елдеріндегі құлдықтан айырмашылықтарын жете түсіндіремін.

Римдегі өндірушілердің негізгі тобын соғыста тұтқынға түскен құлдар құрады. Сонымен қатар қожайындар бір-бірінің тілін түсінбейтін әр елден әкелінген құлдарды да сатып алып отырған. Бағынбаған құлдарға шынжырланған темір бұғау салып, жұмыс істеткен. Құлдың бетіне көбінесе күйдіріліп, иесінің таңбасы басыды, есімінен айырылған құлдар шыққан жеріне қарай парсылық, сириялық , галдық деп аталды.

Құлдардың арасында кәсіп иелері де болды: суретші, мұғалім, т.б. Оған дәлел ретінде мысалдар келтіремін. Цициронның хатшысы қызметін Тирон деген құл атқарды, тарент қаласынан шыққан құл Андронник рим поэзиясында аты әйгілі әдебиетші болған, Гомердің «Одессиясын» латын тіліне тәржімалаған. Белгілі грамматика маманы Реммия Палемон мұғалім болып қызмет істеді. Ол қожасының баласын оқытқан.

V. Жаңа тақырыпты пысықтау.

Сабақты пысықтау кезінде күні бұрын компьютерде теріліп, оқушыларға жететіндей етіп көбейтілген тестер таратылады. Оқушылар жауаптарын белгілеп болған соң, бір оқушыны тұрғызып, жауаптарын оқытамын. Қателері болса, түзеп отырамын.

VI. Білімді бағалау.

VII.Сабақты қорытындылау.

Өтілген тақырып бойынша қысқа тұжырымдар жасап, оқулықтағы осы тақырып бойынша суреттермен және сыныптан тыс материалдармен таныстырамын.

VIII. Үйге тапсырма:§27

Оқушыларға 27-параграфты оқып келуді тапсырамын. «Жұмыс дәптеріндегі» «Республика» сөзжұмбағын шешу, кестелерді толтыру, сонымен қатар қосымша материалдарды оқуды ұсынамын.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5


©www.engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет