А. К. Шыныбекова Ұғым атауларын ұлт тілінде жүйелеу мәселелері Кілт сөздер



Дата17.06.2018
өлшемі63 Kb.
#42369
ҚазҰУ-дың қазақ тіл білімі кафедрасының доценті,ф.ғ.к.,

А.К. Шыныбекова


Ұғым атауларын ұлт тілінде жүйелеу мәселелері
Кілт сөздер: жүйелілік, тезаурус сөздіктер, жүйесіздік, ұғымдар.
Ғылым тілінің басты ерекшелігі – оның термин сөздерінде болса, оның құрылымының негізін ұғымдар мен атаулар жасайды. Терминнің мағынасы термин сөздің дефинициясынан туындайтынын орыс ғалымы, терминолог
А.А. Реформатский көрсеткен 1. Терминологиядағы арнайы қарастыруды қажет ететін өзекті мәселенің бірі – терминдердің жүйелілігі мәселесі. Бұл мәселені шешуде зерттеу еңбектерінде ортақ ғылыми тұжырым жасалмаған. Тіл біліміндегі осы тақырып төңірегінде зерттеу еңбектері қарапайымнан күрделіге қарай сатылы байланыста жасалған. Терминдерді жүйелеп, біріздендіру мақсатында лексика-семантикалық қатынас арқылы термин табиғатын көрсетуді мақсат еттік.

Термин өзі білдіретін мағыналық белгілері бойынша терминологиялық жүйелілікті құрайды. Жүйелілік мәселесін сөз еткенде көптеген ғалымдар ғалымдар терминдер арасындағы парадигмалық қатынас арқылы түсіндіріп келеді.

Жүйе – грек тілінде бүтін, яғни бөлшектерден тұратын біртұтас дегенді көрсетеді. Осылайша жүйе өзін құрайтын белгілі бір құрылымдық компоненттерден тұрады. Жүйелілік мәселесін қарастыруда зерттеу еңбегімізде оның құрамдас бөліктері мен олардың өзара байланысын, оның ішкі бірлігі тілдік тұрғыдан тұтастыққа келер жүйелі қатынасын көрсеттік. Терминологиядағы жүйелілікті көрсете отырып талдау барысында терминдер өз арасында екі жақты қатынаста болатынына назар аударуымыз қажет. Оның бірі – мағыналық өзара байланыста, екіншісі – жүйелілік құрылымда бір-бірімен тәуелді ұғымдық байланысуы. А.А. Реформатскийдің көрсетуі бойынша, «сөзге тәннің бәрі де, терминге де тән» 2, 121 б..

Терминдердің жүйелілігі туралы айтқанда олардың лексика-семантикалық тезаурус сөздіктерде берілуімен, дефинициялық байланысу тәсілімен түсіндіреміз. Тілге тән барлық жүйе құраушы элементтер терминге де тән. Тағы да А.А. Реформатскийге сүйенсек, «сөздердің жиынтығы терминология – екі қожайынның қызметшісі: лексика жүйесінің және ғылыми ұғымдар жүйесінің» 1, 6 б..

Терминологиядағы жүйелілік мәселесі туралы сөз еткенде ретсіз, бейберекет, стихиялы, жүрдім-бардым жасала салған терминдер де өзара жүйе құрай ма, олар да жүйеге бағынған ба деген сауал туады. Әр саланың ұғымдары бір-бірімен байланыста дамитынын ескермей, тек қарабайыр әдістермен термин қалыптастыра салу – жүйесіздікке әкеледі. Терминологияның ұғымдар арасындағы ішкі жүйесін ескере отырып сөз жасау қағидаттарын басшылыққа ала термин жасау ұтымды тәсіл.

Терминологиялық лексика мен жалпы лексика арасында байланыс бар. Олардың арасында өрісаралық байланыс болады. А.А. Реформатскийдің айтуынша, «система – это связь и взаимосвязь по горизонтали, а структура – это связь и взаимосвязь по вертикали», яғни жүйеде көлденең өзара байланыс көрінсе, құрылымда ол тігінен көрінеді 1, 120 б.. Терминология белгілі бір ғылым саласының ұғымдар жүйесін көрсетуі тиіс, осының өзі жүйелілік мәселесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді.

Терминологиядағы жүйеліліктің дұрыс қалыптасуы ұлттық ұлттық тілде ғылым тілінің жасалуына аса қажетті екені белгілі. Сол себептен де жетілдірген, жүйеленген терминдер қорын жасауда терминжасам ісіне сүйенеміз. Жүйелілік мәселесі сала терминдерін қалыптастыруда кезек күттірмес істің бірі. Бұл жөнінде академик Ә. Қайдар: «Салалық терминология мәселесін зерттеудің бірнеше себептері болды. Атап айтқанда ғылыми-техникалық прогресс талабына сай әрбір өркениетті елдің терминологиясы да заман талабына орай дамуы тиіс. Екіншіден, қазақ әдеби жазба тілі мемлекеттік тілдің негізі болса, терминология мен ғылым тілі оның жан арқасы болуы тиіс. Үшіншіден, қазақ терминологиясы әр түрлі жағдайларға байланысты үлкен дағдарысқа ұшырап отыр. Әркім өз бетінше термин жасау орын алып отыр» 3, 4 б., – деп атап көрсетеді. Бұдан терминологияның күрделі мәселелерінің қатарына жүйеліліктің енетінін көруге болады. Өйткені жүйесіздік орын алған жерде әркім өз білгенінше термин жасайды.

Терминология үшін жүйе ұғымы терминологиялық өріспен анықталады. Терминдер өзі қатысушы шағын өрістер құрайды, терминологиялық жүйе жүйелеудің төменгі бөліктеріне бөлініп, терминологиялық қатар түзеді. Сөз бен ұғым бір-біріне қарама-қарсы мәнде, жүйелілік туралы қарастырғанда екеуі логикалық тұрғыдан түсіндіріледі. Философтардың түсіндіруінше термин дефинициядан бөлек, ал тілші-ғалымдар термин сөзді ұғым атауы деп таниды. Дефиниция термин сөздің түсіндірмесі, анықтамасы дегенді білдіреді.

Лингвистикалық тұрғыдан терминологиядағы жүйе мәселесі кешенді шешімді талап етеді. Сала терминдерін жасаушы арнайы мамандар мен тілші ғалымдардың ұғымдарға терминдік таңба беру ісінде салыстырмалар жасасақ, мынандай мәселелерге кездесеміз: біріншіден, терминологияның жалпы теориясымен айналысушы маман терминологияның жан-жақты фактілермен бетпе бет келеді. Бұл терминологияға жалпы тән мәселелер болып табылады. Ал екіншіден, терминологиялық жүйені жетілдіруді мақсат еткен тілші-маман ғылымның әр саласынан дайындығы болмауы мүмкін. Белгілі бір салалық терминологияны дамыту ісімен айналысуды мақсат еткен маман және тілші-ғалым еңбегі сәйкес келмеуі мүмкін. Себебі сала терминологиясын дамытушы маман әрекеті тар шеңберде әрі терең қарастыру болады. Тілші-ғалым терминология ісімен айналысуда қалыптасқан тілдік нормамен қарастырсма, сала маманы кәсіби тұрғыдан назар аударады. Осы арада терминжасам ісінде ала-құлалықтан арылу мақсатында терминологиялық жүйелілік мәселесінің өзектілігі көрінеді. Арнайы сала сөздерін зерттеуші мамандарға және филологтарға төмендегідей жайттарды назарда ұстау арқылы терминологиялық жүйе мәселесінің әлеуеті артады:

адамзат танымы мен түйсігінде орныққан арнаулы лексиканы қалыптастыру мен қолдану дәрежесін оқып-білуде және арнаулы сөздер мен терминдерге ортақ белгілерді саралауда;

жаңа терминдер мен терминологиялық жүйе жасауда тиімді әдістерді қолдануда;

қалыптасып үлгерген терминдер мен терминологиялық жүйелілікті жетілдіруде сондай-ақ барлық сала терминдеріне ортақ жан-жақты уәждемелерді жасауда;

терминдерді төл тіліміздің заңдылықтарын сақтай отырып қалыптастыру.

Аталған мәселелер бүгінгі күннің ғана өзектілігі емес. Терминологияның, әсіресе сала терминдерінің қалыптасуы жөнінде алғашқы зерттеу еңбектері ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары басталған. Термин сөздер ғылыми айналымға шығысымен арнайы тәсілдер арқылы төл тілімізге аудару мәселесі көтерілген. А. Байтұрсынұлы, М. Жұмабаев, Қ. Жұбанов, М. Әуезов сияқты зиялы қауым өкілдерінің есімдерін атай отырып, олардың терминжасам ісіне қосқан үлесінің елеулі екенін айтқымыз келеді 4; 5; 6. Мағжан Жұмабаевтың 1922 жылы жарық көрген «Жалпы педагогика» оқулығында қолданған терминдерден ақынның терминжасам шығармашылығында өзіндік қолтаңбасын көреміз.

М. Әуезовтің де қазақ терминологиясының мәселелерімен тікелей айналысқанын көрсететін бірден бір еңбектер – «Ғылым тілі» (1917) және «Қайсысын қолданамыз?» атты мақалалары. Мұнда жазушы терминологиядағы ішкі терминжасам туралы айтқан. М. Әуезов ғылым тілін қазақша жасау мәселесін көтере білген. «Орыс тіліне қазақ сияқты барлық туысқан елдер тілінен көріп жатқан сөздер көп. Сонда джайлау, акын (ақын емес) тәрізді сан сөздер орыс тілінің фонетикалық, грамматикалық жағдайларына бейімделіп алынып отырған жоқ па?», – деп нақты мысалдар келтіре отырып, тіл заңдылығына сәйкес қабылдауды атап өтеді 7, 264 б..

Қазақ лексикасының терминденуі туралы Ш. Құрманбайұлы қазақ тілінің терминологиясын құрайтын терминдену тәсілімен жасалған терминдердің ұлттық әдеби тілдің құрамындағы жалпы қолданыстағы сөздердің негізінде жасалғанын айтады 8, 95 б.. Жалпы қолданыстағы сөздер терминденудің барлық амал-тәсілдері арқылы терминдене алады. Терминологияда байырғы сөздер негізінде жасалған терминдер де баршылық. Байырғы сөздер өзінің бастапқы мағынасынан ажырап, жаңа ұғым атауы болады. Мысалы, тұсаукесер (презентация), қақпақ (клапан), тасымалдау (транспортировка), шайыр (смола), сүзгі (фильтр), тергеу қапасы (следственный изолятор), айдауыл (конвоир) т.б.

Ұғымдар жүйесіндегі терминдер өзінің құрылымдық ерекшелігіне сәйкес бастапқы кезеңнен-ақ екіұшты қолданудан аулақ, екі түрлі мағына білдіруден тыс қалыптасады. Мысалы, этимология термині – әр сөздің шығу тегін зерттейтін тіл ғылымының бір саласы; фразеология – семасиология, биология, физиология, аналогия, терминология, стоматология, археология дегенде белгілі бір ғылым саласында өзі зерттелетін ілімнің атауы ұғымын көрсетеді. –логия элементі терминдік, өйткені ол ұғым атауына негіз болады. Сол сияқты – тану элементі де ұғым атауларын жасайды. Мысалы, әдебиеттану, метатану, тілтану, өнертану, тауартану, табиғаттану, құқықтану, жантану, елтану, мәтінтану т.б. Аталмыш сөздердің терминге айналуына олардың белгілі бір ілімді зерттеу бағытында жұмыс жүргізетінін көрсетуде қолданылған – тану тілдік элменетінің рөлі басым.

Қоғамдық ғылымдар саласындағы терминдердің жүйелілігі туралы айтқанда олардың жаратылыстану ғылымдары терминдеріне қарағанда біршама қалыптасып, өзіндік жүйеленгені байқалады. Құқық, экономика, тарих, тіл білімі, әдебиеттану, халықаралық қатынас сияқты қоғамдық ғылымдар терминдері көбінесе халықтың лексиканың негізінде жасалғанын көреміз. Куәгер, айыпкер, талапкер, жауапкер, мәмілегер, заңгер, сезікті, соттаушы, қорғаушы, айыптаушы, бопсалушы, т.б. сөздерден заң саласының жүйелі терминдерін көруге болады. Бұдан құныкер, қуғындаушы, жүгінуші сияқты сөздердің қалыптасуында лексика-семантикалық тәсілге грамматикалық әдістің қосылғанынан жаңа сөздер жасаудың пәрменді әлеуетін байқадық. Экономика саласында қажыгер, мердігер, үлескер, кіріс, табыс, салымшы, сақтандырушы, жұмысшы, үйлестіруші т.б. сөздердің терминдік орнығуында да лексика-грамматикалық әдіс арқылы жасалғанын көреміз.

Ұғымдар жүйесінің тілдік ерекшеліктерін көрсету барысында терминологиялық жүйе құруда тілдің ішкі заңдылықтарынсыз терминжасамды жүргізуге болмайтынын анықтадық.

Термин сөздер бір ғана сала термині қызметінен гөрі бірнеше салаға да ұғымдар өрісі шеңберінде жұмсалады. Мысалы, операция термині медицинада, әскери істе, қаржы саласында қолданылса, ассимиляция – фонетика, саясаттануда, функция-математика, физиология, лингвистикада, прогрессивті – фонетика, саясаттануда термин ретінде қолданылады. Бұдан термин мағынасының көп мағыналылығын байқаймыз.

Ұғымдар жүйесін жасауда тілдік элементтер латын тілінде мол көрініс тапқан. А.В. Суперанская, Н.В. Водольская, Н.В. Васильевалардың көрсетуінше, – ома (-оmа) қосымшасы арқылы қатерлі ісікті не аурудын асқынуын білдіретін терминұғымдар жасалған: гранулема, карционома, саркома, аденома, глаукома,т.б., – инум (-іnum): инсулин, альбумин, аспирин, лидокаин, новокаин сияқты дәрілік заттар; -итус: (-itus) гастрит, пульпит, бурсит, эндометрит, тонзиллит,цистит, эндоцервицит, аппендицит, ин (-іп) – иньекция, интрубация,ингаляция; -ин қосымшасы асқыну,қабынуды басатын дәрілік препарат атауы , яғни , емдемейді, тек ауруға блок қояды, ауру сезімін жояды дегенді білдіреді,-ион: ионизация, – троп: энтропия т.б. сөздерінің негізінде белгілі бір ғылым саласына қатысты жүйелі термин жасауда қосымшалар өзіндік рөл атқарады 9, 103 б..Дей тұрғанмен, латын элементтері кейінгі дәрі-дәрмек пен ауру атауларында адам есімдерімен толықтырылып отырғаны мәлім, бұл жүйе қатарына кірмейтін мезим, карсил, лив-52, диана-35, жанин т.б. айтуға болады.

Қазақ тілінде кейінгі кезде қолданыста жүрген терминдерде де біршама жүйе элементтері орын алып келеді. Мәселен, -шы, -ші жұрнағы арқылы тілімізде сушы, етікші, жазушы , оқушы сияқты машықтану мен үйрену арқылы пайда болатын мамандық иесі атауы сияқты сөздер қалыптасса, -гер, -кер жұрнағы арқылы арнайы білімі бар , сол кәсіппен шұғылдануға рұхсаты бар тұлғаның атауын білдіретін заңгер, кәсіпкер, дәрігер, бітімгер, мәмілегер сөздері қолданысқа енгені де осы жоғарыдағы латын элементі үрдісінің қазақ тілінде де жүйеленгенін көрсетеді.

Сөз терминге айналмас бұрын өзі кірген терминдік мағынаға жақындығы ескеріледі. Ұғымнан сөзге, сөзден ұғымға қарай жүру тәсілін қолдану арқылы жаңа, түсіндіруі айқын термин жасалады. «Терминдер ұғымдардың атауы болатындықтан және сол ұғымдарды жүйелеу мен топтастыруда логикалық әдістерге жүгінуге тура келетіндіктен кез келген терминологияны түзуге логиканың қатысы болатыны сөзсіз», – дейді профессор Ш. Құрманбайұлы [8, 233 б.].

Термин жасауда ана тілінің негізгі көздеріне тоқталған да жөн. Жалпы, терминжасамның көздері терминология саласын, салалық терминдерді қарастырған зертеу субъектерінде талданып та жүр. Көбінесе оларда салалық терминдер материал ретінде алынады да, олар құрылымдық тұрғыдан талданады. Нәтижесінде термин жалғаудың әдіс-тәсілдерінен гөрі терминдердің құрылымын сипаттайды.

Термин жасауда ең өнімді тәсіл – тілдегі мағынасы түсінікті сөздердің терминологиялық өріске өтіп, ауыспалы мағынада термин ретінде қолданылуы. Ұғым жалпы халықтық тілден терминологиялық жүйенің ішіндегі ұғымды білдіруге өтіп ғылыми ұғым атауы ретінде қолданылады. Күнделікті қарапайым мағынадан ғылыми ұғым жүйесіне өткен шығын, үнем, пайда, салық, салым, салымшы, үлес, үлескер, қорғаушы, айыпкер, айыпталушы, күдікті т.б. терминдер осы тәсілмен жасалған.

Термин жасаушы өнімді көздердің бірі – түбірге қосымша жалғану арқылы жасалған терминдер. Мысалы, ұшақ, жүгіртпе, әдістеме, кәсіпкер, желім, көрме, жарияланым, басылым т.б. Мұндағы терминдер -пе, -ым,


-теме, -гіш, -кер, -гер, -ілгіш, -ім жұрнақтарының көмегімен жасалған.

Біріккен сөздер арқылы да терминдер көп жасалуда. Мысалы, басқосу, бойтаса, бірізділік, ақтұмсық, бейнетаспа, баспасөз, дүниетаным, тікұшақ, келісімшарт, жеделсаты, жылдамсаты, оққағар, т.б. Екі түбір сөздің бірігуі арқылы да көптеген терминдер салалық терминологияда жүйелі түрде қолданылып келеді.

Сөздердің тіркесуі арқылы да ғылыми ұғымды білдіріп, терминге айналу тәсілі арқылы да термин жасауда. Мысалы: несие беру, табыс табу, пайда көру, пайда табу, айналымға енгізу, салым қабылдау, оқу құралы, кепілдік беру, мұнай айдау, төтенше жағдай, бұқаралық ақпарат, залалды аймақтан өту, әскери тасымалдау әдістері, күзеттің негізгі шебі, ұңғымалар қазу, сораптан мұнай алу, қазандықты іске қосу, есепшот ашу, құбыр жүйесі арқылы тасымалдау, т.б.

Терминнің стильдік ерекшеліктерінің бейтарап болуы – салалық терминологияда эмоционалды-экспрессивті мәнді білдірмеуі көп ретте сақтала бермейді. Мәселен, тұтас бір сөйлем бойында терминдердің болуы немесе тек қана терминдерден тұратын сөйлемдер де кездеседі(«Банкноттарды қолдан жасау - заңмен қудаланады», «Қылмыстық жауапқа тартудың мерзімінің ескіруі») сияқты тұтас сөйлем термин сөздерден тұрады. Бұл да термин қысқа жіне нұсқа,барлық жеке сөз терминдердің анықтамасының болуы, екіұшты түсініктеме болмауы да салалық терминологияға тән құбылыстың теориясына қайшы келіп тұр.

Заң және экономика саласы бойынша терминдер жарыспалы сипаттағы қолданыстан бірізге түсер мезгілі де жеткен сияқты болса да ,тілімізді байытпайтын, керісінше артқа сүйрер ведомство- идара, ведомость- тізім не тізбе деп ала-құла, түсініксіз аударылған терминдер де қолданыстан түспей отыр.Дочернее предприятие – еншілес кәсіпорын болса, внучатый банк- немерелес банк пе , жиеншар банк пе ?

Жалпы жинақтап айтар болсақ, ұлттық терминжасамда ана тілінің мүмкіндіктерін пайдаланудың тигізер пайдасы мол. Салалық терминжасам ісінде терминдерге тән дәлдік, анықтамалық, логикалық жүйелілік сияқты белгілерді негізге ала отырып термин шығармашылығын дамытпай ұлттық терминология дамыту мүмкін емес. Аталған термин жасау көздерінің термин шығармашылығында жүйені қалыптастырып, терминдерді бірізділендіруде қарқынды көмек болары сөзсіз.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1 Реформатский А.А. Что такое термин и его терминология // Вопросы террминологии. – М., 1961. – 325 с.

2 Реформатский А.А. Термин как член лексической системы языка // Проблемы структурой лингвистики. – М., 1968 – 122 с.

3 Қайдаров Ә.Т. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы, 1993. – 4 б.

4 Байтұрсынов А. Тіл тағлымы. – Алматы, 1992. – 418 б.

5 Жұмабаев М. Таңдамалы. – Алматы: Ғылым, 1992. – 127 б.

6 Әуезов М. Қайсысын қолданамыз? // Сарыарқа. – 1917.

7 Әуезов М. 19 томдық жинағы. – Алматы, . – 369 б.

8 Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасының терминденуі. – Алматы: Ғылым, 1998. – 208 б.

9 Суперанская А.В. Подольская Н.В., Васильева Н.В. Общая терминология: Вопросы теориии. – М., 1989. – 302 с.



Резюме

В данной статье рассматривается проблема системы и системности терминообразования в казахском языке и определяется взгляд автора на некоторые высказывания исследователей по вопросам терминообразовании.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет