Абай шығармаларындағы экономикамен байланысты ой-пікірлер



Дата15.09.2017
өлшемі66,67 Kb.
#33709
Абай шығармаларындағы экономикамен байланысты ой-пікірлер

Абай шығармаларындағы экономикаға қатысты ойларды зерттеудің маңызы бар. Себебі, қазақтың Абай секілді әрбір ойшылы кез келген мәселеге дұрыс баға беріп, қөзқарастарын анық жеткізе білген. Оларды санамызға сіңіру арқылы өмірдің отты жерлеріне жанбауды, суық жеріне тоңбауды үйренеміз. Абайдың қара сөздерін оқыған сайын, оның экономикалық тұрмыс- жағдайды түзе дегендей, қарапайым халыққа қазақи түсінікті тілмен жазылғанын аңғаруға болады. Абайдың өлеңдерінде, қара сөзінде «еңбек», «сауда», «сату», «пайда», «мал», «базар» т.б. экономикалық терминдер кездеседі. Мысалы: «пайда» деген сөз – экономикалық термин. Экономикалық сөздікте: «Пайда – меншік капиталдың негізгі көзі»,- делінген. Әрине, ол кездегі қазақ халқында «бағалы қағаз», «пайыз», «инвестиция», «несие» деген түсініктер болмағанымен, олар басқа мағынада айтылған. Сол уақыттағы қазақтың тұрмыс-тіршілігі мал бағумен тығыз байланыста болғандықтан, баюдың амалы тек малдың соңына түсу деген ой әр қазақтың ой-арманына айналған. Пайданы тек мал бағып, сауданы да мал арқылы жүргізген халық  бір бірімен кездескен кезінде: «Мал–жан аман ба?» – деп амандық сұрасқан, яғни күн көріс жағдайың қалай? – деген мағынасында қарастыруға болады.

Абай мал бағу арқылы ғана баюға деген психологияны қазақтың бойынан көргісі келмеді, өйткені үшінші қара сөзінде: «Әрбір жалқау кісі қорқақ,  қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.

Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтемін, содан пайда табамыннан басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді.» – міне, Абайдың қазақ қоғамына тегіс мал бағудан бойын аулақ ұстап, басқа да баю жолы бар екенін үшінші сөзінде әдемі келтірген. Төртінші сөзінде «…Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», делінген – қазақтардың егіншілікке, бағбандыққа жол нұсқап, тек мал ғана емес жерден де пайда алу арқылы баюға болатынын айта отырып, өнер мен ғылымды да жоғары қояды. Абайдың «еңбегіңді сау» деген мағыналы сөзі қай сала болмасын бәріне келетін сияқты, өйткені түп мағынасы  – адал еңбек.

«Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға  көңіл бөлсеңіз». Абайдың «мал» дегені басында айтып кеткендей – экономикалық тұрақтылық. Абай жалпы «малды» ғылым жолына, өнер жолына жұмсауын қалаған. Ғылыммен айналысуға шақырған. Оныншы сөзінде: «Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ». Мемлекеттің экономикалық өсуі ғылым мен техникаға байланысты екені айтпаса да түсінікті. Жапония мен АҚШ және Еуропа мемлекеттерінің экономикалық шырқауы осы «ғылымның» жоғары дамығанының арқасы екенін білеміз.

Абай қазақтың жағдайын түзеткісі келді ме? Келді. Қазақтың оқығанын, байығанын, ізденгенін, еңбектенгенін,  надандықтан бойын,  ойын аулақ ұстағанын көргісі келді. Сол бағытта арпалысты, алысты, бүкіл өмірін арнады.

Американдық бизнесмен Наполеон Хилл «Думай и богатей» еңбегінде баюдың теориялық ілімін көрсеткен. Роберт Киосакидың «Богатый папа, бедный папа», Бодо Шефердің «Путь к финансовой свободе» сол сияқты т.б. кітаптарында баюдың теориялық жолдарын жазған. Авторлардың ойы бір: оқырманды адал еңбекпен байлыққа жеткізу. Абайдың да ойы сол салыстыра келер болсақ.  Атап кеткен үш автор ХХ ғасырдың бизнесмен-жазушылары. Олар қала мегаполисінің капитализм дәуірінде өмір сүрсе, Абай шығармалары ХІХ ғасырдың қазақ даласында жазылған.

Н. Хилл, Р.Т.Киосакиде, Б.Шеферде адам баю алдында надандықтан арылып, сананың тазалығы алдыңғы кезекке қойылып, келген байлық адамның адами қасиеттерден айырылмай келу керек, байлық тек қара басың үшін емес, халыққа да пайдасын беру керек, кедейліктен еш пайда жоқ деген іліммен жазады. Ал Абай қарап тұрсақ, бұны бір ғасыр бұрын айтып кеткен.

«Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол…»дегені бизнесмен Н. Хиллдің де теориясындағы байлыққа жетудің  жолы осы талап, еңбек, терең ой, қанағат рақым қасиеттері арқылы делінген.

Н. Хилл адам бойындағы жаман қасиеттерді тізбектеп жазады. Солардың қатарында байлыққа баратын жолды жауып тастайтын ең басты жалқаулық, ойын құмарлық, ойдың таза болмауында т.б. деп келтіреді. Абай да отыз бірінші сөзінде:  «Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер». Осы төрт кесел бизнеспен айналысуға қазіргі уақытта да кедергі жасайды.  Абай айтқан ой кеселдерінің бір кеселі «бір нәрсеге құмарлық» – дегені қазіргі казино құмарлық деп қарасақ, соның өзі баюдың жолын жауып тастайтын нағыз үлкен кеселдің бірі екені сөзсіз.

Абай: «Сұлу аттың көркі – жал, Адамзаттың көркі – мал.»

Бұл жерде «мал» -деген түсінік адамдар малымен жүрсе көрікті деген мағынада емес, оны – ғылым, техника, өнер – деп те қараймыз. Осылар арқылы әрбір адамның көкірегі ашық болып, баршылықта өмір сүре алады , осылар адамның көркін кіргізеді деген сияқты.

«Сегіз аяқ» өлеңінің мына шумағына көңіл бөлейік:

«Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде;

Адал бол – бай тап,

Адам бол –  мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде;

Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең, істің бәрі бос.» Абайдың айтқан әр сөзінде бір – бір өсиеттің тұрғанын көреміз. Кеңес дәуірінде осындай өсиет сөздерді қабырға сөрелеріне ілгізген. Өйткені, ол уақытта байлықты насихаттамаған кез.

Ал Абайдың негізгі идеяларының бірі – қазақтың байығаны, ал қазақтың байығаны – мемлекеттің байығаны деп есептеген. Малы көп болып баю емес, байдың малы, жинаған байлығы бір жұттан қалмайтынын белгілі жайт. Ғылым мен өнер – өшпес байлық. Абай оны білген, сондықтан да қазақ баласының ғылым мен өнерге оқытудың бүкіл амалын жасауға тырысқан. Өзі балаларын Ресейге оқытуға жіберді. Ол уақытта, қазаққа ғылымды Еуропадан алатын мүмкіншілік болған жоқ.

Ресей тарихында І Петр – орыс халқының надандығымен күрескен тұлғалардың бірі. Шаруа мен байлардың жас балаларын оқытуға Еуропаға жіберді. І Петр  Ресейдің экономикасын көтеруге ең алдымен халқының сауатсыздығымен күресті. Мәдениетін көтеріп, содан соң ғылым мен өнерге көп көңіл бөлді. Ұстаздарды Еуропадан алдыртты. Шенеунік, бояриндер мен купецтердің т.б. балаларын шет мемлекеттерде оқытты. Ғылым мен өнерді халқына әкелді. Ғылым мен өнер оңай келген жоқ.  Жүргізген билігі,  байлығы, орасан зор күштің арқасында келді. Соның нәтижесінде мемлекеті ірі державаға айналды. 1Петр патшаның ұстанған саясаты, ойы, Абайдың  қырық бірінші сөзіне келетіндей: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар болу керек. Үлкендерін қорқытып, жас баларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салып, дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар, сол әрбір жолда бір медресе бар, соларға тоздырып, бірін сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды  да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді. Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлим берсе, сонда түзелер еді.» Бұл жерде «медресе» қазіргі – академия, не университет, не институт деп қарасақ: «дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар, сол әрбір жолда бір медресе бар» – дегені өте тереңде жатыр.  Жиырма бесінші сөзінде «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да –– бәрі орыста зор. Залалынан қашық болу, пайдасынан ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек.» Абайдың залалынан қашық бол, пайдасынан ортақ бол, яғни жаманын алма, жақсысын ал дейді. Абайла, асыра сілтеп жіберме дегендей.

Абай орыстардан үйрен деді. Еуропа алыс, ол жақтың оқуына бару оңай емес, тілі мен қаражаты қазақ баласына өте қиын соғатыны белгілі. Ол заманда еуропада оқу тіпті мүмкін емес еді. Орыстар ғылымды Еуропадан алды. Еуропаның білім-ғылымы болмаса, М.В. Ломоносов,


Д.И. Менделеевтер т.б. шықпас еді. Абайдың орыс ғылымына қазақтың балаларын тартуы да осыдан. Жиырма бесінші сөзін аяқтай келе: «Турасын ойлағанда балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұят, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма.»

Абайдың өлеңдері мен қара сөзіндегі экономикалық ілімі адам бойындағы жаман қасиеттерден алыс ұстатуға, асыл қасиеттерін ұштау арқылы  ғылым, байлық жолын көрсетеді. Абайдың отыз сегізінші сөзіне назар аударайық: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік. Үшінші залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талассыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан есебіне қосылады.» Абайдың надандық, еріншектік, залымдықтан бойыңды алыс ұста деген идеясы – баюдың басты формуласы. Қазақтың байығанын, байлығын ғылымға жұмсауын Абайдың қара сөзі мен өлеңдерінде көптеп келтіреді. Кей жерде астарлы оймен де жазады. Оны «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар», «Интернатта оқып жүр» атты өлеңдерінде әдемі келтірген.

Жалпы Абайдың қара сөзі мен өлеңдерінде тәлім-тәрбие, терең ілім алатын экономикалық, философиялық ойлардың жиынтығын көреміз. Абайдың шығармашылығын оқып-үйренуге қазақ экономика ғылыми саласының басы-қасында жүргендер де ерекше ден қойып, терең ойланса біздің еліміздің экономикасы, саясаты, халықтың жағдайы бірнеше сатыға жоғары көтеріледі деген үміттемін.

 

 



Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Токсанбай С.Р., Үлкен экономикалық орысша-қазақша сөздік. Алматы 2008.

2.  Құнанбаев А. Толық шығармалар жинағы. Алматы 1961.

3. Н. Хилл «Думай и богатей.»   М. 2003.



4. Р.Киосаки «Богатый папа, бедный папа» М. 2004.

5. Ш. Бодо «Путь к финансовой свободе» М. 2010.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет