Абылай хан



Дата04.11.2016
өлшемі288,56 Kb.
#269
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті
Патриоттық тәрбие беру ҒЗИ

М.Ә. ХАСЕН

АБЫЛАЙ ХАН –

тарихи тұлға, көшбасшы және саясаткер

Қарағанды 2014



АЛҒЫСӨЗ

Бұл жұмыс ұлы Абылай ханның өмір мен қызметі туралы қысқа очерк пен негізгі даталардан тұрады, белілі жазушылар мен ғалымдардың еңбектері пайдаланылған.

Хан Абылай – Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіре алған көрнекті мемлекеттік қайраткер. Ол ел билеген кезде мемлекетте айтарлықтай өзгертулерді жүзеге асырды. Хан Абылай (1771-1781) – барша қазақ даласында беделі талассыз болған соңғы қазақ ханы.

Драмалы, тіпті, аңыз өмір, батыл мінеі, ерекше дарындылық – жетім Әбілмансұрға ұлт батыры болуды жазды. Оның қазақ тарихындағы орнын бағалау қиын. Ол – азаткер-батыр, дана билеуші, шебер мәмілегер.

Жас сұлтанның басты мақсаты халық қалауындай айбарлы жауға қарсы күрес болды. Абылай көреген саясаткер ретінде Қазақ хандығы үшін басты қауіп екі ірі держава – Ресей мен Цин империясында жатқан жоңғарлардың басқыншылығы екендігін жақсы түсінді. Оның халық алдында және Әбілмәмбет хан алдында беделі болды. Сырттағы қауіппен күресе жүріп, Абылай хан қазақ жерін біріктіруге көп күш жұмсады.

Жас ұрпақ Абылай хан арманының жемісі – қазіргі Қазақстанның жетістіктерін мақтан тұтуы керек, ішкі келісім мен бейбітшілікті сақтау жолында қыхмет етуі керек.

Оның өмірі туралы, шығармашылығ туралы өмірбаяндық мәліметтер, естеліктер жастарға патриоттық тәрбие беруде құндылыққа ие.

Бұл жинақта берілген материалдар қалың оқырман үшін қызықты болады және студент жастар үшін белсенді өмірлік ұстанымның жарқын үлгісі болады.



Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп,

бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен

ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің

арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды.

Осылайша, туған халқының кемел болашағын аңсаған ол

өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы

перзенттік парызын атқарып кетті.

Нұрсұлтан Назарбаев
Абылай (Әбілмансұр) хан (1711-1781) – Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Ш. Уәлихановтың айтуына сүйенсек, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек [1, 880. б].

Ал Абылай ханның жас кезіндегі «Сабалақ» аталуын профессор З. Тайшыбай өз еңбегінде ойын басқаша білдіреді:

«Абылай жас кезінде жетім қалып, нағашысы Қайып ханның немере, шөбере туыс ағалары Сәмеке ханның, Болат хан мен Әбілмәмбет сұлтанның ордасында өскен. Хандар әулетінде ақсүйек дәстүрінде тәрбиеленген, білім алған, соғыс өнеріне ерте машықтанған. Аңыз-әпсаналарда айтылатын «Сабалақ» лақабы оған қайратты, ержүрек, амал-айлалы батырлығы үшін қарсыластары тарапынан берілген. «Сабалах», яғни, моңғол тілінде сабаушы, жауынгер, батыр дегенді білдіреді. Киімі жыртық, көрбала, қолбала болғаны үшін емес.

Жетім қалып, «Ораз аталықтың тәрбиесінде болуы» – Аралдың Мұса ханы 1712 жылы қаза болғанда оның Сәтемір деген ұлын Оразалы деген аталық (ханның құлы) жасырып, аман сақтап қалыпты» деген аңызға [«История Казахстана в русских источниках ХҮІ-ХХ веков», ІІІ том. Алматы 2005, С. 104.] ұқсас, ауыз әдебиетіндегі ежелгі ұйқастыра дәріптеу, айтулы тұлғалар төңірегіндегі мифтік әсірелеудің тағы бір мысалы. «Әбілмансұр» деген есім Абылайға қатысты жазба деректерде кездеспейді, бұл да аңыздарға кейін қосылған – арабша «жеңімпаз» дегенді білдіретін лақап. Шын мәнінде толық аты-жөні – «Абылай-Мұхаммед Баһадүр сұлтан» [2, 20. б].

Дегенмен де Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатынан, ел билеу қабілетінен, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас бала санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды.

Сол кезде «Сабалақтың» бойындағы тектілік қасиеттері жұртты таңдандырып, Төле бидің назарын да өзіне аударған екен. Бұны «Абылай» дастанында:

«Сипаты бұл баланың елден бөлек,

Бала жоқ сол бір елде айтар тең деп.

Сабырлы, терең ойлы, сөзі батым,

Көрген жан таңырқайды мынау кім деп.

Төле би көптен бері назар салған,

Айтқаны атқошшының емес жалған.

Елге тұтқа бір адам болар дейді,

Дүниеде тірі жүрсе өлмей аман»

Ел арасында тараған деректерде Төле бидің оны сынай жүріп, тәрбиелегені айтылады. Демек Әбілмансұр – «Сабалақ» Төле би ауылында жүргенде ұлағатты ұлы биден көп нәрсені көріп – біліп, өнеге үлгі алудың арқасында оның ой – санасы өсіп, қабілеті жетіле түседі. Оның осындай жігіт болғанының белгісі – Бөгенбай батыр жоңғарларды барлауға шығып, Төле бидің ауылында екі – үш күн болғанда, Сабалақтың арнайы түрде оны іздеп барып сәлем беріп, өзін жорыққа бірге ала кетуін өтінуі еді. Өйткені, ол жоңғар шапқыншыларының қазақ халқына қаншалықты қауіпті жау екендігін елден ерекше түсінеді. Сондықтан ол жоңғардан ата кегін қайтарып, елін қорғауды өзінің ең қасиетті борышы деп санағанды. Бөгенбай батыр жас жігітті сынап көріп:

«Шырағым – ай көзің отты бала екенсің,

Мінезің қазақтағы хан екенсің.

Жазғы тұрым қалмаққа аттанамыз,

Соған да керек болар жан екенсің» – деп, өзінің жасақтарының қатарына қосып алады. Сонымен Сабалақ Төле би ауылынан шығып Бөгенбай батырға ілесіп Сарыарқаға барады.

«Аңыз-әңгімелердің бәрінде де Абылайдың түр-түсінен тегін де жай адам емес екендігі, ішінде «уақыт» барлығы білініп тұрады. Мұндай жағдайды алдымен әйелдер аңғарады. Бір аңызда: «...Мына Сабалақты басқа жалшыдай көрмеңіз, – дейді Атығай қарауылдағы Дәулет деген кісінің бәйбішесі. – Алты күн аш жүрсе де, кір ыдыстан тамақ ішпейді. Алдына келген дәмнің ақырына дейін жолдастарымен бөліседі. Ыдысты сарқымайды, сарқытын кісіге береді, жай жерге отыра салмайды, астына киімін төсейді. Дәретке барғанда ұрғашыдан бетер ұялып, киімін жамылып қыр асады.

Хан сарайында қалыптасқан әдет, дәстүр бойынша ханзада-ханшалар жеті жұрттың тілін үйренген, жүріп-тұруды, әдепті болуды, мәнерлі сөйлеуді үйренген. Абылай кір ыдыстан тамақ ішпесе, үлкендердің алдын кесіп өтпесе, бірнеше тілде сөйлесе, бұл туа біткен қасиет емес, алып үлгерген тәрбиенің жемісі болса керек.

Үйсін Төле биге байланысты бір аңыз-әңгімеде Абылайдың ұйықтап жатқан кезі былай дәріптеледі: «Ұйықтағанда түсі жап-жарық болып тұрады, шамшырағы бар сияқты. Екі қолын екі жаққа, екі аяғын екі жаққа жіберіп, төрт тағандап, керген төстіктей болып керіліп жатады екен. Қолым жеткенше ұстаймын, аяғым жеткенше барамын, дүниенің төрт бұрышын тіреп тұратын ұлымын» дегені ғой...

Әрине, сәуегейлік, көріпкел бұл суреттер Абылайдың балалық шағынан көп кейін, оның тепкен тасы өрге домалап, айтқан сөзі жерге түспей тұрғанда шықты деуге болады. Әйтпесе, барар жер, басар тау таппай бір жерден бір жерге көшіп, біреудің қас-қабағына қарап, жас өмірін жылдар бойы кісі есігінде өткізер ме еді?!» [3, 28 б.].

Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі. Қай жылы туса да, 1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.

«1723 жылғы апат «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атауымен қазақ халқының санасы мен жылнамасына мәңгіге енді. Қазақ қазақ болғалы мұндай қасіретке, қырғынға тап болмаған еді. Халықтың үштен екісі қырылды, елден босып кетті. Алтай мен Жетісу, Арқаның біраз жері жау қолында қалды. Қазақ жасақтарының Бұланты өзеніндегі жеңісі жоңғармен соғысқа түбегейлі бетбұрыс әкелмеді. Ал Аңырақай шайқасындағы жеңіс, біріншіден, шаңырағы шайқалса да аман қалған мемлекетіміздің қайта нығайған әлеуетін паш етсе, екіншіден, Шарыштың басын қаққан Абылай тағдырының жұлдызды кезеңін ашты.

Бүгінгі ұрпақ Абылайдың қилы тағдырын замандасы Үмбетей жырау, ақылманы Бұқар жырау, серігі Тәтіқара ақын, басқа да білімпаздар шығармасынан біледі. Әсіресе Тәтіқара ақыннан жеткен:

Қалмақпен соғыс болғанда,

Алғашқы бақты тапқанда,

Шарыштың басын қаққанда,

Қанжығаңа бас байлап,

Жау қашты деп айғайлап

Абылайлап шапқанда...

Сол ерлікпен хан болдың,

Әлем асқан жан болдың,

Барша әлемге даң болдың, - деген жолдардың танымдық, деректік, эмоциялық, методологиялық бәсі мейлінше жоғары. Даланың ауызша тарихнамасы ұлттық тарихымыздың сырын ашып, шырайын кіргізетін қазына екеніне көзімізді жеткізеді» [4, 45 б.].

Бұл, әрине, Абылай қатысқан алғашқы соғыс емес. Ел әңгімелері, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқанын айғақтайды. Тарихи деректерден Орта жүз жасақтары мен жоңғарлардың арасында 1730 жылы да, 1731 жылы да бірнеше үлкен ұрыстар болғаны белгілі. 1732 жылы жоңғарлардың 7 мыңнан астам әскері Орта жүздің шығыс шетіндегі ауылдарына шабуыл жасап, тегеурінді тойтарысқа тап болады. Абылайдың жиырма жасы 1733 жылға сәйкес келсе, дәл сол жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болғаны қытай деректерінде атап көрсетілген. Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 30-40 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Осындай жан алысып, жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп...» деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады.

«1757 жылы Абылай 10 мың сарбазбен Қашқария жерінде (1,0 млн. қалмақты қытайлықтар қырғаннан кейін) қалған торғауыттарды қырды. Басқарған батырлар: Арғын-Атығай – Күлеке батыр – 2000 сарбазбен; Керей – Мерген батыр – 2000 сарбазбен, Көкжал Барақ батыр (найман) – 2000 сарбазбен; Абылай сұлтан – 2000 сарбазбен; Найман-Қаракерей Қабанбай батыр – 2000 сарбазбен, қалған қалмақтардың бірде-бірін қалдырмай тұтқындап, қазақ жеріне құлдыққа таратты. 1760-1764 жылдар аралығында Қабанбай батырды Абылай сұлтан Зеңгор жеріне бас қолбасшы етіп тағайындады. Қаракерей Қабанбай батыр бастаған наймандарды, Төлеңгіт Райымбек батыр бастаған (албан Райымбекпен шатастырмайық – Б. Н.) Уақ-керейлерді Зеңгор жеріне көшірді. Бұл тек қана Абылай сұлтанның талабымен іске асты (1-қор, 1-тізбе, 88-іс, 1760 жыл, Омбы мұрағаты)».

Бірте-бірте ұлыстағы бар өкім Әз-Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет ханнан өтіп, Абылайдың қолына көшеді. Абылайдың ерлігі мен ақыл-парасатына бас ұрған Әбілмәмбет ақылшы аға болып қалып, кеңесші хан дәрежесімен шектеледі. XVIII ғасырдың 30-жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.И. Левшин: «1739 ж. Орта жүзде Сәмеке ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген», - деп жазды. Ш. Уәлиханов та осы пікірді қолдайды.

«Аңырақайдан кейін тура жарты ғасыр бойы Абылай есімі жұрт аузынан түспеді. Арада 3-4 жыл өткен соң Орта жүздің ықпалды сұлтаны дәрежесіне көтеріледі. Шәкәрім қажы: «Абылайдың хан болғаны 1735 жылдың маңайы болар», деп пайымдаған екен. 22 жасар Абылай хан тағына отырмаса да Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің сенімді серігі екені күмәнсіз. Өйткені 30-шы жылдар ішінде-ақ жазылған әлденеше ресми құжаттарда Әбілмәмбет пен Абылай есімдері қатар аталады. Іргелі мемлекеттік мәселелер бойынша екеуінің бірлесіп жазған хаттары Ресей әкімшілігіне жолданып отырған. Мәселен, 1737 жылы Ресей тыңшылары мәліметтерінде, Останков деген полковниктің жазғанында Әбілмәмбет пен Абылай Ресей патшасына бағынбақ ниетте екені ауызға алынса, екеуінің атынан жазылған бір хатта «Әбілмәмбет баһадүр сұлтан», деген жазулы мөр, «Сізге деген сеніммен Абылай сұлтан мөрімді бастым», деген жолдар бар. Ал 1737 жылдың көктемінде Елек өзені бойында отырған Әбілмәмбет ханға, Барақ және Абылай сұлтандарға башқұрттың бір топ жақсы-жайсаңдары келіп, өздеріне хан болуға Абылайды шақыруы жас сұлтанның атақ-даңқы алысқа кеткенін айғақтап тұр.

ХVІІІ ғасырдың 50-ші жылдары ол Орта жүздің билеушісі мәртебесімен атала бастады. 1758 жылғы Ресей сыртқы істер алқасының жарлығында «Орта жүздің бас әміршісі Абылай сұлтан ...» делінсе, сол жылы өзі жазған хат: «Орта жүздің билеушісі Абылай сұлтан ...» деген жолдармен басталыпты.

Қалай болғанда да, қазақтың тағдыры қылыш үстінде қылпылдаған 20-шы жылдар аяғынан өмірінің соңына дейін ұлттық саяси элита тобына кіргені, хан мәртебесін ресми алмай тұрып-ақ ханға тиесілі миссияны ішінара атқарғаны тарихи ақиқат. Саяси басшы ретінде қазақ қоғамының өміріне осыншама ұзақ уақыт пәрменді ықпал еткен Абылайдай тұлға ұлттық тарихымызда кездесе бермейді. Бұл – бір.

Екіншіден, халық әдебиетінде Көкшетауда 48 жыл хан болғаны ұлықталған. Бұл, әрине, байтақ зерттеуді талап ететін мәселе. Дегенмен 1760 жылғы желтоқсанда Ресей патшасы атынан жазылған құжаттағы: «...Абылай сұлтан, сізден сұрайтыным, арамыздағы көршілік татулықты бұзбас үшін қарауыңыздағы қазақтарға Ертістің шығыс жағына малымен өтпеуді қатты тапсырыңыз... Қазір Петропавлға таяу Көкшетау ішінде қыстап отыр екенсіз... Өзіңіз маған келе алмайтын болсаңыз, бір сенімді кісіңізді жіберіңіз», деген жолдар, 1778 жылғы 5 наурызда губернатор П.Д. Мансуровқа келген ақпараттағы: «... Абылай сұлтанның Көкшетау ішіндегі қысқы ордасына жеттім ... Абылай сұлтан өзіне салынып берілген ағаш үйдің жасаулы бір бөлмесінде балаларымен отыр екен», деген мәліметтер фольклорлық деректі растайды. Ендеше, Қазақ хандығы астаналарының қатарында Көкшетау қаласының да тұруына толық негіз бар» [5, 5 б.].

Қазақ халқының аса көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев «Батыр Баянда» Абылайдың саясаткерлігін суреттеген:

Дұшпанның қалғандай боп табасына,

Арқаға аяқ салып түскен барып

Екі оттың орыс – қытай арасында.

Күндерде сонау – қара тапсырған ел

Тағдырын Абылайдай данасына.

Сол күнде ел қорғаған Абылайдың,

Қылсаңда аз қанша тәуәп моласына.


«Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ.

Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.

Артында - ор, алдында - көр, жан-жағы жау,

Дағдарған алаш енді қайда бармақ?


Сол кезде елге қорған болған Абылай,

Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап.

Күндердің бір күнінде хан Абылай

Қалмаққа – (ойын салды) – ойрансалмақ.

Ханынан; «Аттан!» - деген сөз шыққан соң,

Ордаға батыр билер келді аңдап» [6, 233 б.].

«Абылай мен орыс билігі арасындағы қатынастар туралы Ресей бас штабының биік шенді офицері И. Красовский былай деп жазған: «… дәл сол кездегі Орта жүзге алғыр да әлуетті әскербасы, көрші державалармен қарым-қатынас жасап тұруға шебер мәмілегер керек еді. Осы міндеттің екеуін де Абылай абыроймен орындап шықты. Ол тек Арғын тайпасын ғана емес, басқаларын да биледі. Үш жүздің ортақ дұшпаны жоңғарларға қарсы жеңісті күрес бастады. Аса өрнекті ептілік танытып, Ресеймен де, Қытаймен де байланыс орнатты. Осындай қасиеттерінің арқасында, Әбілмәмбет ханға қарағанда, Абылай сұлтанның атақ-даңқы арта берді. Әбілмәмбет хан болса, әскерді де, мәмлегерлікті де Абылайға өз еркімен беріп қойды, билікке таласқан жоқ. Соның нәтижесінде Сібір даласындағы Орта жүз сұлтандарының арасында алауыздық болған жоқ. Мұндай ауызбірліктің екінші бір негізі, жоңғар мен қазақ арасы тыныштанған соң, Абылай бүкіл қазақ аламанының қолбасы атағынан өз еркімен бас тартты. Орта жүз тайпаларын бұрынғыдай, бір шыбықпен айдаймын деп аптыққан жоқ…». [Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального штаба. Область Сибирских киргизов. Часть 1. СпБ, 1868. С. 39.]

Абылай хан Ресейдегі Е. Пугачев көтерілісіне байланысты ұстамдылық танытты. Ресейдің ішкі ісіне араласқан жоқ, көтерілістің түбі шикі, мақсаты бұлыңғыр екенін байқады. Қазақ халқын арандатудан, орынсыз қан төгуден сақтап қалды. Ескерте кетейік, «Абылай хан Е. Пугачевті қолдады, тіпті 40 мың әскермен Ресей бекіністерін шабуға дайын отыр»-мыс деген жазбаша дерек сол дәуірде насихат үшін таратылған жалған ақпар екені бүгінде дәлелденді» [7, 35 б.].

«Тарихтан белгілі, Әбілхайыр хан біраз старшындарымен «Ресейдің қоластына кіремін» деп 1731 жылы Ресейге адамдарын жіберіп, 1732 жылы адал екендігіне ант береді. Ол оның сатылғандығы емес. Сол заманда 7 (жеті) жауынан қорғанудың әдісі болды. Оның бұл саясатын Орта Орданың ханы Сәмеке, одан кейін Әбілмәмбет, Абылай хандар да қолдады. Ант беру рәсімін олар «одақтасу» деп түсінді. Ресейліктер шекараны аттап бері өткен жоқ, ішкі жұмысқа араласқан жоқ. Кейбір тарихшылар атап жүргендей, «бодан» болған емес. Оның куәсі ретінде Абылай үш рет – Ресейге, екі рет Қытайға одақтастық ретінде «қоластарыңызда деп есептеңіздер» деп серт берді. Олар кез келген уақытта ол сертінен бас тарта алды. Одақтасу мерзімін сенат қарап, екі-үш жылда ұзартып отырды. Міне, сондай ант беру кезі 1740 жылғы 28 тамызда болды. Орынбордың губернаторы генерал-лейтенант Василий Урусов («Едіге батырдың төртінші ұрпағы» деген де сөз бар – Б. Н.) Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанды қалай қабылдағаны туралы Ресей империясының Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат бөлімі мұрағатының 122-қоры, 1-тізбесі, 1, 3 істерінде толық сипатталған. Ол мәліметтерде Абылай сұлтанның жеке мінезіндегі ерекшеліктерді де атап кетіпті. Абылайдың ақылды жан екенін, халықтың сол кезден-ақ онымен «хан» ретінде санасқанын көрсете білген. Сөйлеген сөзі, мінез-құлқы «құлдың» баласы емес, текті жерден шыққан сұлтан екендігін аңғартатынын баса көрсеткен (Болатбек Нәсенов) [8, 15 б.].

«Шоқан Уалиханов: «Абылайды 1771 жылы хан сайлағанда ол орыс шекарасына барып, ант бергісі келмеді. Сөйтіп ол өзін халық қалап, баяғыда – ақ бұл дәрежеге лайықтап қойғанын, Көктің ұлының жерде өкілеттілік қағазы барын желеу етті» деп жазды [9, 2 б.].

Ал Абылай ханның 1778 жылдың 22 ақпанында Ресей патшасы II Екатеринаға жолдаған хатында: «Қазақтың Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз хандары мен сұлтандары Түркістан қаласында өз дәстүріміз бойынша мені қазақтың үш Алашының ханы етіп ақ кигізге көтерді. Сондықтан, Сіздің әзиз қолыңыз қойылып, алтын мөріңіз басылған мені хандыққа бекіткен грамотаңызды сұраймын» - деп жазылған [10, 4 б.].

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры Зарқын Тайшыбай осы оқиғаны төмендегідей баяндайды.

«1771 жылы Әбілмәмбет хан қайтыс болғаннан кейін, қазақтың үш жүзінің беделді өкілдері «марқұм ханның өз кіндігінен тараған ұлдарының мұрагерлік құқы бола тұрса да, өзге сұлтандардың ішінде ең таңдаулысы ретінде» (Шоқан), Түркістан қаласында Абылайды «үш алаштың» ханы етіп, бірауыздан сайлаған. Бірақ, Абылай хан патша құзіретімен биік лауазымға бекіту рәсімін тілемеген және тәуелсіз елдің билеушісі ретінде Ресейге бодандық шартынан бас тартқан. Тек, арада 7 жыл өткен соң ғана Қазақ даласындағы өз ықпалын сақтап қалуды амалдап, Ресей патшалығы 1778 жылғы 4 мамырда Абылайды «Орта жүздің ханы лауазымына бекіту туралы» құзырхат жіберуге мәжбүр болған. Алайда, халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін бұл құжатты заңсыз деп таныған Абылай хан, Ресей императорының жарлығын мойындамаған, мансап куәлігінен бас тартқан, көрші мемлекет ұсынған сый-сияпатты, хандық жора-рәсімдерді қабылдамаған. Абылайдың бұл қылықтарын әр саққа жүгірткен Ресей генералдары мұндай «варвар, түз тағысын» тақтан тайдыру, тіпті ыңғайы келсе тұтқындап, көзін жоюдың амалдарын қарастырғаны туралы жазылған құжаттар баршылық» (Зарқын Тайшыбай).

«Ресеймен одақтасудан кейін көп кешікпей Абылай елдің ішкі, сыртқы жұмысынан екі жылдай қол үзді. Ол туралы Мәскеу мұрағатынан табылған (122- қор, 1-тізім, 2-іс) хатқа жүгінейік.

Бұл хатта Абылай сұлтанның Қалдан Сереннің тұтқынында екені жазылыпты. Бірақ қалай қолға түскені жазылмаған. Халықтың айтуы бойынша, жоңғарлардың қолына түсу себебі екі түрлі түсіндіріледі. Біріншісі – «Қалдан Серен тұтқиылдан Абылайдың ауылына шабуыл жасап, батырларымен қапылыста қолға түсірді», – десе, екіншісінде: «Абылай сұлтан нөкерлерімен аң аулап жүргенде тұтқындалды», – дейді.

Ал оның тұтқыннан шығуы туралы екі түрлі жорамал айтылады. Біріншісі – «Ресейдің елшісі майор Мюллердің Қалдан Серенге апарып берген генерал-губернатор Неплюевтің хатынан кейін босатты», – десе, екіншілері: «Қазақтың би, батырлары талап етіп, босатып алды», – дейді.

Мен, танысқан хаттарға сүйеніп отырып, Абылай ханның тұтқыннан босап шығуына үш түрлі себеп болған дер едім. Ең бастысы – Абылайдың өзінің ақылдылығы, тапқырлығы, дипломаттығы. Оны халқының сыйлайтындығы Қалдан Серенді ойландырды. Екінші себеп – шын мәнінде, оған арашашы болған беделді би-старшындар. Үшіншісі – Мюллердің де әкелген хаты әсер етті» [8, 7 б.].

«…Абылай сұлтан Қалдан Серенде екі жылдай тұтқында болды. Онымен бірге Жолбарыс сұлтан отырды. Ол Қалдан Серенмен тіл табысты. Осы жылғы күзде оларды өз елдеріне жіберді. Тұтқында 35 адам болды. Барлығы да қайтарылды. Өз ұлыстарына аман-есен жетті. Олар тұтқында болған кезде сол жазда Қоңтайшы елінде көп адамдар шешек ауруымен ауырып, қайтыс болды. Қалдан Серен қайсақтармен бейбітшілікте» делінеді.

Жоңғарлардың тұтқынынан келгеннен соң Абылайдың абыройы тіпті жоғары дәрежеге көтерілді. Енді үш орданың хандары да, билері де онымен санасты. Ал Ресейден қол үзген жоқ. Бірақ губернаторларға бас иген емес. Оларды өзінен арақашықтықта ұстады.

Абылай хан Орынборға 1740 жылы барғаннан кейін губернаторлардың оған өздеріне келіп-кетуін сұраған бірнеше шақыруын қабылдамады. Кейбір тарихшылар, «Абылайдың тұтқыннан келуі оны Ресейге байлады, оған міндетті болды» дегендей ой білдіреді. Жоқ. Олай емес. Оның тұтқыннан босап келуіне себептерді жоғарыда түсіндірдік. Абылай Ресейге тәуелді болған жоқ.

Міне, осындай хаттың бірін 1745 жылы 16 сәуірде Орынбордан губернатор құпия кеңесші Иван Иванович Неплюевтен Абылай сұлтанға жіберіпті (122-қор, 1-тізім, 3-іс):

«…Біз сізден көптен хабар ала алған жоқпыз, көп уақыт өткендігі себепті сізден өткен кездер туралы хабарларды естігеніміз дұрыс болар еді. Сіздің және қоластыңыздағылардың бір белгісі болсын (50-беттің сырты). Егер мүмкіндігіңіз болса, уақыт тауып сіз маған келсеңіз, маған ұнаған болар еді. Мен осы алдағы күзге дейін басқа жаққа баруыма байланысты орнымда болмауым мүмкін. Екеуміз кездесіп, бетпе-бет әңгімелесіп, көп жағдайларға кеңескеніміз дұрыс болар еді.

…Сіздің қойған талабыңызға байланысты Сібір жағында ұсталған адамдарыңыз бен малдарыңыздың біразы қайтарылды» депті.

1745 жылы 7 мамырда жүзбасы Яков Ерофеев арқылы полковник Павлуцкийге Абылай хан мынадай хат жіберіпті:

«Сіздің маған жіберген хатыңыздан естіп отырмын: «Бізге денсаушылық тілей отырып, «біздің қоластымызда жаулап алды» деген жылқылар және тұтқындар бар депсіз». Ондай жағдай болған жоқ. Тұтқында ешкім жоқ. Егер ондай болса, онда қандай одақтастық болады? Өткен жылы сіздің адамдар 42 адамды тұтқынға алды. 24 адам, 1300 жылқыны, 13 байдың үй-мүліктерінен 382 жылқыны бізге қайтарды. Енді 918-і сіздерде қалды».

Бұл хаттағы «онда қандай одақтастық болады» деген сөзге көңіл бөлулеріңізді қалаймын. Абылай Ресейге берген сертін «одақтастық» деп түсінетінін баса айтпақшымын.

Тағы да мына бір хатқа көңіл бөлейік (122-қор, 1-тіркеме, 76-іс). Бригадир Фон Фрауендорфтан келген хатта:

«…Орынборға және Омбыға генерал-губернаторлардың жаңадан келгендерін хабарлайды. Олар ханның келіп танысуларын сұрапты. Абылай хан бармаған соң, онда ең бір жақын адамын жіберуді қалайды. Оған тағы да Жолбарыс інісін жібереді. Ол алып келген хатта Орынбордың генерал-губернаторы Абылай сұлтанға сұрақ беріпті. «Егер де Ресей мен Қытай екеуі соғыса қалса, кімді жақтар едіңіз?» – дейді. Абылай хан: «Ешкімді де. Бізге бейбіт өмір қажет», – депті».

1760 жылы 16 сәуірде Орынбор губерниясының кеңсесінен құпия экспедиция арқылы Орынбор гарнизонының жаяу әскер полкының поручигі, князь Иван Ораков, тілмаш Яков Гуляевтер Абылайды іздеп бес күн жүріп, старшын Байжігіттің ауылына келеді. Абылай осы жерден 3-4 шақырым жерде қоныстанған екен. Көкшетауға, Әулие Петр қамалына жазда бармақшы.

Орақов пен Гуляевтер әдептілік, сыпайылық көрсетіп, Абылай сұлтанды тағы да Орынборға, тіпті болмаса, Троицкіге келуді қиылып сұрайды. Оған Абылай былай жауап беріпті: «Қашқария қырғыздары Айходжа және Күнходжа Жаркент қаласына шабуыл дайындап жатыр. Бұл жердегі халық Ташкент, Түркістан, Бұқараға көпестер және таможнялықтармен еріп көшіп жатыр. Ол жерге көмек көрсетуіміз қажет. Сол себепті Орынборға баруға уақытым жоқ», – депті.



Осылайша үш (Ресей, Жоңғар, Қытай) алып мемлекеттің ортасында дипломатиялық шеберлікпен қазақ елінің бостандығын сақтай білді» [8, 14 б.].

Аталған оқиғаларға қатысты профессор Зарқын Тайшыбай басқа да деректерді келтіреді.

«1741 жылғы қаңтар-наурыз мезгілінде кезекті бір қазақ-ойрат соғысында Жоңғар ханы Қалдан Сереннің бас батырын өлтірген Абылай сұлтан, Шідерті өзені бойында екі жүздей шағын қолмен жоңғар әскерінің қоршауында қалып, қолға түскен.

Ресей тарабы 1740 жылы тамыз-қыркүйек айларында қол қойылған екі жақты ынтымақ, сыртқы жаудан бірлесе қорғану жөніндегі одақтастық шартын сақтамай, бір жылға жетпес мерзімде жоңғар шабуылына ұшыраған Орта жүзге қарулы көмек бермеді, тұтқынға түскен Абылай сұлтанды босатып алу жөнінде Қалдан Серенмен арадағы ежелгі дипломатиялық байланыстың пәрменін пайдаланбады.

Әбілқайыр хан мен Әбілмәмбет хандарға қоқан-лоқы жасап, қысым көрсеткен жоңғар ханының үзілді-кесілді талаптары мәлім болған соң, қазақ жерлерінен айырылып қалу қаупі төнген кезде ғана, Ресей үкіметі 1742 жылы 2 қыркүйекте Қалдан Серенге елші жіберді, басқа мәселелер қатарында Абылайды тұтқыннан босатуды сұрады. Алайда, Абылай сұлтанды босатып, сый-сияпатпен қайтару туралы Қалдан Серенге Ресей делегациясы келместен бұрын-ақ, Абылайдың өтеуіне жоңғар жағына аманат барып, мәселе шешіліп қойған болатын. Осыдан былай, Абылай Ресей жағының адалдығына күмәнмен қарап, өз өмірі үшін сақтық жасады, дипломатиялық байланыстардың хабарласу, елшілік алмасу тәсілдеріне көшті. 1740 жылғы келіссөзден кейін, өле-өлгенше, яғни 40 жыл бойы Ресейдің бірде-бір қаласына ат ізін салған жоқ, патшалардың, биік шенді әскербасылардың шақыруына барған жоқ және өзінің осындай қызмет тәртібіне ресейлік әріптестерін еріксіз көндірді.

1743 жылдың көктеміне дейін, яғни екі жыл бір ай Қалдан Сереннің қолында, күзет астында, бірақ, бас еркі өзінде, жақсы күтіммен өткен тұтқындық кезеңінде Абылай жоңғар хандығының әскери жүйеге негізделіп, бір орталықтан, қатаң тәртіппен басқарылған мемлекеттік құрылымын, қорғаныс және ішкі экономикалық жүйесін мұқият зерттеген, ойрат тілін үйренген. Қалдан Серенге өзінің жеке басының озық азаматтық қасиеттерін мойындатып, тұтқыннан құрметпен босап, мол сый және қалыңдық алып оралған. Абылай елге келген бетте Еділ қалмақтарының Аюке ханының тоқалы, Қалдан Сереннің қарындасы Дармабалаға жазған құпия хатында қазақ-жоңғар қатынастарының бұдан былай тату-көршілік арнасында дамитынына сендірген.

Орта жүздің сайламышты ханы Әбілмәмбет, өз заманы өтіп бара жатқанын мойындап, жаңа сипатты геосаяси жағдайда жауапкерлікті жігерлі де дарынды қолбасшы, інісі Абылай сұлтанға артқан. Тиісінше Абылай да, адамгершілік салтынан таймай, Әбілмәмбеттің ағалық, хандық абыройына дақ салмаған, тіпті, Ресей тарапынан өзін хандыққа тағайындау туралы бірнеше ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып, өзінің ұстазы, әкесі ретінде сыйлайтын жанның көзі тірісінде мұндай арандатуға бармайтынын мәлімдеген. Әр жағдайда ханмен ақылдасып, келісіп отыратынын айтқанда, жатжұрттықтар еріксіз таң қалған. Мансапқор емес, дүниеге қызықпайтын, ұстанған принципіне берік Абылайдың мінез-құлқын айғақтайтын басқа да жазба деректер жеткілікті» (З. Тайшыбай).

Қазақтың болмысын сақтап, болашаққа үміт-сенім отын жандырған. Қытайдың жымысқы оспағына, орыстың содыр тоқпағына қарсы тұрып, бірде айламен, бірде найзамен, өнерін асырып, екі ұлы империяны естерінен тандырған, қазақты тірідей үйітіп жегісі келген жалмауыз отаршылдардың бағын ақылы мен айбынымен тайдырған. ХVІІІ ғасырдың әлемдік деңгейдегі алып тұлғасы, ғажайып дипломаты Абылай хан болды. Ол ел билеген кезде қазақ халқының рухы көтеріліп, мерейі үстем болды.

Абылай хан ажал жастығына бас қойғанда Бұқар жырау:

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,

Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,

Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,

Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам,

Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай, - деуі Абылай ханның қазақ халқы үшін қандай қадірлі болғанының дәлелі. (С. Дәуітов. Абылай ханның түсі. \\Социалистік Қазақстан,1991 жыл 6 сәуір).

«Абылай өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қоя білген санаулы саясаткерлердің бірі екені тарихи құжаттарда көрініс табады. Мысалы, Қытай елшілерімен кездесу үстінде Абылайға бәйбішесі хал үстінде жатқаны жөнінде хабар келгенде «8-айдың 25-і күні біз Абылайдың бастауымен Атбасар маңындағы Есіл өзенінің бойынан аттандық. 9-айдың 7-сі күні біз Көксеңгір деп аталатын жерге жеткенде, Абылайдың үйінен екі мәрте адам жіберіліп, Абылайдың бәйбішесі «науқастан халі нашарлап қалды» деген хабарды жеткізді. Сонда Абылай «Отбасымның жағдайы соншалықты маңызды емес қой. Оның сыртында, мен үйімде болғанда да өлейін деп жатқан адамды тірілте алмаспын. Оған қарағанда Боғда Ежен ханмен арадағы іс маңыздылау. Мен сіздерді ел шетіне дейін апарып тастағаннан кейін қайтармын» деді де, әрі қарай сапарды жалғастырды. Сонан кейін тағы да адам келіп, Абылайды үйіне қайтуын сұрады. Абылай бізбен ақылдасқанда бұрынғысынша әрі қарай жүре бермекші болып еді, біз ол кісіні тоқтатып, «сіз істің бәрін орны-орнына қойып болдыңыз ғой» қайта беріңіз деген ниет білдірдік. Абылай қытай елшілеріне: «Ендеше, сіздер «жол ортада бізді тастап кетті» демеңіздер. Мұндай қиын жағдай болғандықтан мен де шарасыз болып тұрмын. Мен қайтып барғанда (бәйбішем) бойында әлі жан бар болса, онда мен оны дәрігерге көрсетермін; ал егер мен қайтып барғанда ол әлдеқашан қайтыс болса, онда мен оны міндетті түрде үлкендеріміз жатқан Түркістан жеріне апарып жерлеймін» - деп қоштасқан.

Абылайдың ел мүддесін, халықтың әл-ахуалын ойлағаны 1758 жылы 19-мамырда жазылған мына құжаттан да байқалады: «Весьма усилился помянутый Абылай-салтан, ибо как слышно от бывших там здешних людей, что он в воинских случаях, по их киргизскому обыкновению, ни себя ниже иждивения своего не жалеет, и что где вербыч достанет, то ничего себе не оставлял, в народ раздает, и тем у них весьма властительным учинился».

Халықтың әл-ахуалын көтеру үшін Абылай сауда-саттыққа жол ашып, оған тікелей өзі басшылық етті.

Ханның сауда-саттықты дамытқаны туралы Шоқанның еңбегінде мынадай жазбалар бар: «Между тем сам Абылай имел свидание с Илийским цзян-цзунем (генерал-губернатором) около озера Сайрам-Куль и заключил с ним торговый договор, по которому открыты были в Тарбагатае (Чугучаке) и в Или (Кульдже) меновые базары». Абылай Ресей мен Қытай шекараларындағы қалалардың қазақтарға сауда үшін ашық болуына, жәрмеңкелер ұйымдастыруға көп үлес қосты. Абылай хан дәуірінде қазақтардың Қытаймен сауда-саттықтары айтарлықтай деңгейде болғандығын Чианлұң жылнамасы сарай жазбаларының көптеген архив бумаларынан көруге болады. Солардың бірінде 1757 жылдың желтоқсан айының 15-і күні жазылған мәлімдемесінде былай делінген: «Біздің бұрынғы келіскен пікірімізше болса, қазақтармен Үрімжіде айырбас сауда жасауды біз бұрын Абылаймен ақылдасып бекіткенбіз... Келер жылы жәрмеңкеде жылқы саудасы ғана жасалады. Егер қазақтар түйе, сиыр, қой секілді түліктерді айдап әкеліп жатса, оны да алайық. Қонысымызға олар да қажет».

Жалпы, халықтың жағдайы Абылай хан кезінде жақсарғаны туралы мәліметтер бар. Орта жүзде болған тау-кен инженері И.П. Шангиннің 1816 жылғы жазбалары бойынша Абылай хан «тірі кезінде көне заңдылықтар қатаң бүге-шігесіне дейін орындалды. Кез келген ұсақ-түйек қылмыс үшін жауапкер міндетті түрде жазаланды, қырғыздар (қазақтар) арасында барымта деген болмады. Халқының ең кедейінде 500, ауқаттысында 5 мыңнан 15 мыңға дейін төрт түлікті малы болды». Мемлекеттік мүдде үшін Абылай алым-салық жинатқан қазақ билеушілерінің бірі.

Абылай 1762-1763 жылдары Іле өзені бойында диқаншылық жасауға әрекет етті, Есіл өзені бойында Абылайдың айтуымен егіншілік бастау алғаны жөнінде хабарлар бар. 1763 жылы шекарадағы орыс әкімшілігіне хат жазып егіншілікті білетін мамандар сұрап, Петропавл қаласына таяу жерде егін екпекші болды. Орыс әкімшілігі тарапынан ешбір көмек болмаған соң, өз адамдарымен егін еккені туралы деректер бар: «нынешнего лета он, Аблай-солтан, и просо сеел». М. Бекчуриннің хабарлауынша, 1780 жылы Ташкенттен алтыкүндік жерде тұрып егін еккен: «в шестидневной езде от города Ташкении ... и на том месте производит хлебопашество». И.Г. Андреев жазбаларына қарағанда, 1785-1790 жылдары қазақтардың Есілдің жоғары ағысында егіншілікпен айналысуының басында Абылай хан тұрған.

Абылай қазақ даласында бекініс-қалашықтар салғызды. Белгілі орыс тарихшысы А. Левшин Абылай «построил сыну султану Адилю по просьбе повиновавшихся ему киргиз-казаков Большой орды при речке Талаше дом, обнес оный валом, основал около него селение из каракалпаков, привыкший к хлебопашеству» [10, 8 б.].

«Абылайдың тұсында елді басқарудың әкімшілік-аймақтық жүйесі жаңаша тәртіптелді. Беделді билер мен батырлар тиісті руларды басқарды. Олар өз қарауындағы ұлыстардың әлеуметтік-шаруашылық жағдайына, қорғаныс қамына толық жауапты болды. Мысалы, Қаракесектің 2000 отбасы Қазыбек бидің, Арғын-Алтайдың 3000 отбасы Нияз батырдың, Қанжығалының 2000 отбасы Бөгенбай батырдың, Тарақтының 400-ге жуық отбасы Наймантай батырдың, Атығайдың 1000 отбасы Жәпек батырдың, Қарауылдың 2000 отбасы Итқара батырдың, Тобықтының 1000 отбасы Қарпық бидің билігінде болды.

Абылай төтенше жағдайларға икемсіз Хан кеңесінің құзырын ықшамдап, дәстүрлі билер институтының өкілетін тежеу арқылы мемлекеттік басқарудың тетіктерін тікелей өз қолына алды.

Халықтың тұрмысын жақсартуды көршілерді тонау-талаудан емес, еларалық сауда қатынастарынан бастаған. Бұхара, Қоқан, Хиуа хандықтарымен, Жоңғар хандығымен айырбас сауданы жөнге қойды. Ұрлық-қарлыққа қатаң тыйым салды. Шетелдік сауда керуендерінің аман келіп-қайтуын қатты бақылаған. Алғашқы жылдардың өзінде Абылай Шұбаркөл бекінісінде, кейін Ор, Петр ағзам, Троицк, Семей, Кереку бекіністерінде, Қытайдың Үрімші өлкесінде айырбас сауда орындарын ашуға тікелей ынтагер болды.

1743-1752 ж.ж. Жоңғар хандығымен және Ресей үкіметімен үш жақты тиімді әрі тату көршілік қарым-қатынаста болуға күш салған.

Абылай Ұлы жүз бен Кіші жүз хандарымен, сұлтандарымен, беделді ел ағаларымен үнемі ынтымақта болып, қажет уақытта күш біріктіріп, жалпыұлттық мүддені бірге қорғаған. Аймақтық, ру-тайпалық жіктелушілікке, алауыздыққа жол бермеген.

Әбілқайыр ханның қазасы сияқты жалпықазақтық маңызы бар төтенше қайғылы оқиға кезінде де Абылай ерекше ұстамды әрі әділ саясат жүргізді. Абылай үшін бұл қазаның аса ауыр болғаны, алайда, қандайда бір оқыс қадамның бүкіл қазақ үшін қатер әкелуі мүмкін еді. Жалпыұлттық биіктен танылған Абылай өзінің қазақ халқы алдындағы зор жауапкерлік борышын саналы түрде түсінген. Ол «аталас туысым» деп сыйлайтын Әбілқайырды хан, ағам әрі қайынатам деп емес, оның ұлдары Нұралыны құрбым әрі әріптесім, Ералыны досым әрі балдызым деп емес, басты кінәгер Барақ сұлтанды бәсекелесім, бақталасым деп емес; біреуін оздырып, екіншісін тізгіндемей – бәрін де қазақтың бір-бір азаматы, ет-сүйектен жаралған, өмірде ілгерілі-кейінді орны бар, Алланың құлы, Мұхамметтің үмбеті деп сабырмен қабылдады. Ералыны Барақтың қаһарынан сақтады, Бопай ханымға Жәнібек тарханды жіберіп, көңіл айтты, кеуделеп барып, сұғынбады. Ойлап қарасақ, бұл – Абылайдың енжарлығы немесе «әліптің артын баққан» бейтараптығы емес, көрегендігі. Қазақ халқының бүгінгі тұтастығының үлкен бір жоралғы сорабын Абылай өз кезінде осылай тартқан деп түсінген жөн сияқты. Орта жүз бен Кіші жүздің арасында кездейсоқ шағылған шақпақтың жалғыз ұшқынын Абылай қолдаса, аз қазақтан не қалар еді?!» [11, 5 б.].

«Шоқан Уәлихановтың жазба деректерінде Абылайдың 12 әйелі, 30 ұлы, 40 қызы болғандығы айтылады. Үлкен ұлы Уәли 1782 жылы патшаның арнайы грамотасымен Орта жүз қазақтарының ханы болып тағайындалады. Уәлидің ұлы Шыңғыс Орта жүздің аға сұлтаны, әскери шені – полковник болған. Шыңғыстың ұлы Шоқан–Абылай ұрпақтарының ішіндегі ең танымал, даңқты ұлдарының бірі. Абылайдан тараған ендігі бір бұтақ – Қасым төреден туған ұлдар. Абылайдың ісін жалғастырушы ержүрек ұлдар Саржан, Есенкелді, Кенесары хан, Наурызбай батыр, Сыздық сұлтандар тарихи тұлғалар. Абылайдың үш атасы: Жәңгір, Уәли бақы, қанішер Абылай және әкесі Көркем Уәли хан майданда қаза тапқан [12, 12 б.].

Зерттеушілердің тынымсыз ізденістері барысында қазақ тарихына қатысты деректер қоры ХХІ ғасырда толыға түсті. 2007 жылы белгілі ғалымдар И.В. Ерофеева мен Б. Жанаев Абылай ханның қайтыс болуына байланысты архив қойнауында жатқан жаңа тарихи құжаттарды – Орынбор губерниялық кеңсесінің арнайы тексеру материалдарын ғылыми айналымға енгізді. Бұл құжаттарда Абылай ханның дүние салуы туралы көптеген тың мәліметтер бар.

Солардың бірінде, нақтырақ айтсақ, генерал-майор Н. Огарев Сыртқы iстер коллегиясына 1781 жылы 22 сәуірде жазған рапортында «Абылай хан өткен күзде дүние салды және Түркістан қаласында жерленді», – деп көрсетеді. Ресей архивінде сақталған, баспа бетінде жарияланған осы бір топ құжаттарға қарағанда ханның қайтыс болғаны туралы мәліметтер орыс әкімшілігіне 1781 жылдың ақпан айынан бастап келген. Наурыз айында түскен хабарларда Абылай ханды ташкенттіктер у беріп өлтірген деген мәліметтер де бар. Орысшасы: «... хан, находясь в Ташкении, умер, которого уверяют, ташкентцы окормили ядом». Бұл хабардың рас-өтірігін анықтау үшін қазақ даласына арнайы адамдар жіберілген. Солардың бірінде, дәлірек айтсақ, башқұрт старшинасы К. Казанбаевтан 1781 жылдың 17 тамызында жазып алынған мәліметте Абылайдың өткен күзде дүние салғаны тағы да айтылады.

Кейбір тарихшылардың хан өлімі туралы хабардың орыс әкімшілігіне кеш жетуінің себебі неде деген сауалдарына да жауап табылды. Аталған құжаттардың бірінде Абылайдың баласы Шыңғыс сұлтанның бұл жөнінде жазғы уақытқа белгіленген құрылтайға дейін орыстарға айтуға тыйым салынғаны жазылған. Біздің ойымызша, мұндай нұсқауды өлер алдында Абылай ханның өзі беріп кеткен. Басшының өлімі белгілі бір мақсат үшін жасырылатыны тарихтан белгілі. Мысалы, Шыңғыс ханның өзі өлімін жаулардан жасыруды тапсырғаны, Әмір Темір қайтыс болғанда да осы жағдайдың қайталануын тілге тиек етсек болады. Абылай хан да өзі дүниеден кеткен соң болар жағдайды ойлап тағына орыс әкімшілігі айтқанынан шықпайтын адам қоюға әрекет етеді деген болжам жасаса керек. Міне, Абылайдың қайтыс болғанын жасырудың нәтижесінде орыс әкімшілігі бұл жағдайдан хабарды кеш естіген. Сонымен, архивтен алынған және ғылыми айналымға енген тарихи құжаттар Абылай ханның 1780 жылы күзде дүние салғанын айғақтап тұр» [13, 3 б.].

1781 жылдың 25 шілдедегі қытай патшасының жарлығында: «Қазақтың ханы Абылайдың қайтыс болуына байланысты белгіленген өлшем бойынша аза тұтылсын» деп жазылған [14].

«Ел мен жердің тағдыры Отан қорғауға халықты жұмылдыра алатын билеуші мен билердің, батырлар мен жыраулардың, байырғы түркі заманында айтылғандай, «батыл, игі кісілердің» қолында қалды. Абылайдай айбындыға зәрулік қоғам сұранысына айналды. Тарихи жауапкершілік үдесінен шыққан Абылай құбылысы – халқымыздың жасампаз табиғаты мен әлеуетінің, бәсекеге қабілеттілігінің мәнді белгісі, мәңгі ел мен ұлттық идеясының символы» [5, 7 б.].

«... Сол аласапыран дәуірде, – дейді Мұхтар Омарханұлы, – қалың елдің «қайраңдап жан қала ма» деген «қазығұрттай үміті» жалғыз ғана Абылай басында қалған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың тілегін ту көтеріп, бір араға жиған Абылай болатын... Қазақтың жат елге бағынбай өз елдігін сақтап қалып, іргесін бөлек салуы – жаңа саяси бет болды»

Әділ айтылған сөз. Бұл ойға соны пікір қоса алмаймыз.

Абылай ханның даналығын, даралығын, тектілігін, кемеңгерлігін, кемел қасиетін Бұхар жырау толғау жырымен:

Хан Абылай атандың,

Дүниеден шықпай мініңіз.

Алтын тақтың үстінде,

Үш жүздің басын құрадың.

Жетім менен жесірге,

Ешбір жаман қылмадың.

Әділетпен жүрдіңіз,

Әдепті іске кірдіңіз – деп толғайды.


Әдебиеттер тізімі
1. Айбын. Энциклопедия - Алматы. 2011.

2. Тайшыбай З. Абылай ханның тарихи тұлғасы. Тарихи тұлға тағылымы атты республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары. ҚарМТУ 22 қараша 2013ж.

3. Уәлихан Шот-Аман. Алып Абылай ханның есімі бүгінге дейін ел есінде Сонда.

4. Сонда.

5. Әбжанов Х. АБЫЛАЙ ХАН: ДАРА. ДАНА. ТҰЛҒА Сонда 5 бет.

6. Мағжан Жұмабаев – Алматы: «Жазушы» баспасы, 2012.

7. Тайшыбай З. Сонда.

8. Семейдің Шәкәрім және Әуезов атындағы университеттерінің құрметті профессоры, тарих ғылымдарының докторы,экономика ғылымдарының кандидаты Болатбек Нәсенов. http://www.zhoshy.com/aby-laj-han/ Уақыты Сәуір 30, 2012 ж.

9. Өмірзақ Озғанбаев. Айқын. 2013 жылғы 5 қазан.

10. Mұхтар Қожа. Сарыарқа самалы. 2013 жылғы 22 қазан.

11. Тайшыбай З. Абылай ханның тарихи тұлғасы. Сонда.

12. Есенғазы Қуандық. - http://adyrna.kz/?p=4150 9-Қараша, 2012.

13. Mұхтар Қожа. Сарыарқа самалы. 2013 жылғы 22 қазан.

14. Абылай хан - қазақтың ұлы ханы. Деректі фильм. 2013.




Каталог: wp-content -> uploads -> 2012
2012 -> Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова жоспар
2012 -> Әлия Молдағұлова Нұрмұхамедқызы (шын есімі Ілия) Қаһарман қазақ қызы
2012 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2012 -> Альберт эйнштейн
2012 -> Л. Г. Матвеенкова
2012 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
2012 -> Ыбырай Алтынсарин Мақсаты: ақынның өмірі мен
2012 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2012 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2012 -> БАҒдарламасы алматы, 2012 Құрметті !


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет