Абыз тұЛҒА, АҢыз тұЛҒа кетбұҚа жауапты редакторы



бет9/15
Дата25.12.2016
өлшемі4,04 Mb.
#5232
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15

Ғабдол ӘУЕЗОВ,

тарих ғылымының магистрі.

ТҰРАННЫҢ ТЕКТІ ДЕГДАРЫ

«Тәңірінің өз берген күнінде

хан ұлынан артық еді несібем!»

Доспамбет жырау.
Зерде мен сананың, ғылымның кемеліне келген қазіргі замандағы кез-келген мемлекеттің тарихы – сол елдің мүддесін көздейтін, өткеннің оқиғасының өзін бүгіннің көзқарасына бейімдеп, тігісін жатқызып жазылған тарих.

Тарихи тағдыр ұмытылған тұста тарихи көзқарас та түзелмейді. Тарихи дәстүрсіз, рухани танымдық негізі салынбаған, алдыңғы толқын ағалардың өсиеті ескерілмеген, тек қана заман ауқымына бейімделген құрғақ қағидаға құрылған (Карл Ясперс) тарихи жолмен жүріп келеміз. Осы бір тұс алаңдарлық.

Жалғанды жалпағынан басып, аяғы аспаннан салбырап түскен халық жоқ. Барлық халық этностық қалыптасуында «тар жол тайғақ кешіп», мың өліп мың тірілді. Тәңірдің тәлкегіне шыдап, бодандықтың бұғауынан бостандықтың байрағына талып жеткен халықтардың бірі – қазақ жұрты. Түркі халқының рухани дүниесінің мәйегіне ие болып қалуы сонар тарих көшінде басқа жұрттарға сіңіп кетпеуіне негіз болғаны анық. Бәлкім осы рухани күш тұжырымдамасы «Мәңгілік ел» идеясының өзегі тұлғаның тектілік қасиетінде шығар.

Тұран жұртының сондай қасиетті оғландарының бірі, елдік пен ерліктің ұлы үлгісі – Кетбұқа бабамыз. Кетбұқа бабамыздың ғұмыры күрделі әрі қызық. Себебі ол XIII ғасырда ғұмыр кешіп, сол заманның суығы мен ыстығына төзіп, қанша уақыт өтсе де тарих тұңғиығына батып сейілмеген Шыңғыс хан, Жошы хан, Батый хан, Құлағу хан, Бейбарыс сұлтан іспетті билеушілер мен Рашид ад-дин, Киракос Гандзакеци, Абу-ль-Фарадж, Смбат (Гундстабл) Спарапет сынды сол ғасырды толық суреттеп жазған шежірешілермен тағдырлас еді.

Тарихи тұрғыдан, Кетбұқаның ғұмырын екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқы кезең, найман елінің Шыңғысханға он жылдан артық бағынбай соғысатын, жеңілгеннен кейін азып-тозған елдің басын біріктіріп, Шыңғыс ханның оң тізесін басып, Жошыға аталық болатын тұсы. Бұл тартыс 1182 жылы Темучин (Шыңғыс хан) ақ киізге көтеріліп өз тайпасының (бөржіген-қият) билеушісі сайланғаннан басталды. Шыңғыс хан айналасындағы елдерді біртіндеп бағындыруға кірісті. Соның ішінде қайынжұрты қоңыраттар мен өкіл әкесінің елі – керейіттер өз билігінен айырылды. 1202 жылы ірі мемлекет – найман хандығына шабуыл жасап, 1197 жылы елді екіге бөліп алған Инан-Білге-Бұқа қағанның қос ұлы Таян мен Бұйрықты біртіндеп қиратты. 1202 жылы Бұйрық хан Урунгу өзенінің бойында өлтірілсе, 1204 жылы 16 маусымда Хангай тауларының бөктерінде Таян хан қаза тапты. Наймандардың қалғанын ертіп, Таянның ұлы Күшілік Алтай арқылы Ертіске қоныс аударды. 1208 жылы Сүбедей ноян Күшілікпен қақтығысып, елдің қалғаны Жетісуға жылжыды. Қарақытай елінің тағына 1213 жылы Күшілік гурхан атағын қабылдап, билікке келді. 1218 жылы Күшілік әскерімен Хорезм мемлекетінің иелігіндегі Алмалық қаласын қоршап тұрғанда Жебе ноянның жасағының шабуылына ұшырады. Шешуші шайқас Сарыкөл маңында өтіп, осында Күшілік қаза тапты. Тарыдай шашылған найман жұртының өкілдері Евразия елдеріне сіңіп кетті.

Тарихи деректерге қарағанда, Шыңғыс хан наймандарды талқандағаннан кейін, Кетбұқа жоғарғы Ертіс пен Алтайдағы өз қоныстарын тастап, батысқа қарай жылжыған. Кетбұқалар қыста Сарысу, Шу өзендерінің төменгі сағасын, Қаратаудың батыс бөктері мен Сырдария жағасын мекендеп, жазда Ұлытау, Сарыкеңгір, Жезді өзендерінің алқаптарын жайлаған. Моңғол шапқыншылығынан есеңгіреп қалған елінің санын қалпына келтіріп оңалту үшін еркек кіндіктіні жесірлерге үйлендірген. Шежіреші Мұхаммед Нәбиев «Найман шалдың бір тұқымы Тоқпан жиырма төрт жасында қаза табады. Келіні керей қызы Ақсұлу жесір қалады. Оған арғынның алты ұлы әмеңгерлік етеді. Ақсұлу қалай да ұрпақ қалу үшін, атасына сіңлісі Момын сұлуды алып береді де, сіңлісіне, белінен қатты қысып құшақтап, тамырын иіт деп ақыл айтады. Сөйтіп, Момынның бойына бала бітеді, үш айдан соң Ақсұлудың атасы қайтыс болады. Туған ұлдың атын Белгібай қояды, одан Сүгірші, одан Төлегетай, Төлегетайдың төрт ұлы – Қаракерей, Дөртуыл, Садыр, Матай... Наймандардың «кереймен енеміз бір, арғынмен атамыз бір» дейтіні сондықтан. Сөйтіп, Ақсұлу әулие келін атанған. Дәл осы кезде Елатаның ұлы Серікбайдың балалары Кетбұқа мен Келбұқа ел билеген. Тозған елді тірілтіп, «Тоғыз таңбалы найман» дәрежесіне жеткізген. Жиырма ауылдан соң Ақсұлу келін Кетбұқаға кісі салып, енді әрқайсысына енші үлестірсін деген. Төлегетайдың төрт ұлы, саржомартпен – бес, балталымен – алты, көк жарлымен – жеті, бурамен – сегіз, бағаналымен – тоғыз. Кетбұқа осы бағаналыдан. Тоғызыншы белгі жетпей қалғандықтан, таңбаны теріс салып, содан бағаналы – «терістаңбалы» атанып кетті. Кетбұқа – терістаңбалы найманның ноқта ағасы. Оның еншісі тоғыз ұлға ортақ», – деп қоғамның келбетін көрсеткен. Ал 1925 жылы М. Тынышбаевтың: «Кетбұқа – аңыз бойынша көне замандағы қазақтың ең ұлы абызы, сиынатын пірі, бақсылар осы күнге дейін оның атын атап аруағын шақырады», – деген пікірі оның түркі жұртындағы беделін аңғартады. Ғалым В.Т. Тизенгаузеннің «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Извлечения из персидских источников» атты еңбегіндегі Шыңғыс хан мен Ұлы Жыршының арасындағы сұхбатты Тарақты Ақселеу аударған еді. Ұлы қаған мен Ұлы Жыршының сөз қағысуы былай өрбіген:


Теңіз бастан былғанды,

Кім тұндырар, а, ханым?

Терек түптен жығылды,

Кім тұрғызар, а, ханым?
Жыршының сөзіне Шыңғыс хан түркі тілінде жауап береді:
Теңіз бастан былғанса,

Тұндырар ұлым Жошы дүр

Терек түптен жығылса,

Тұрғызар ұлым Жошы дүр...
Ұлы Жыршы сөз бастағаннан-ақ көзінің жасына ие бола алмаса керек. Сонда Шыңғыс хан былай деп түркі тілінде жыр айтады:
Көзін жасың жүгіртед,

Көңілің тұлды болмай ма?

Жырың көңіл үркітед,

Жошы өлді болмай ма?
Шыңғыс ханға жауап ретінде Жыршы түркі тілінде жыр айтады:
Сөйлемеске еркім жоқ,

Сен сөйледің, а, ханым!

Өз жарлығың өзіңе жау,

Не ойладың, а, ханым!
Сонда Шыңғыс хан былай деп түркі тілінде жыр айтады:
Құлынын алған құландай,

Құлынымнан айырылдым!

Айырылысқан аққудай,

Ер ұлымнан айырылдым!
Шыңғыс хан осылай деген кезде, бүкіл әмірлер мен нояндар көңіл айту дәстүрі бойынша орындарынан тұрып көрісе бастайды. Жошы хан өлген соң, араға алты ай салып Ұлы қаған 1227 жылы жан тапсырады. Бұл деректерден Кетбұқаның Шыңғыс ханның алдында ірі тұлға болғаны анық байқалады. 1227 жылдан 1252 жылдарға дейін бүкіл Алтын Орданың ішкі әрі сыртқы саясатына әлеуметтік-экономикалық жағдайына Кетбұқа араласып, оған ноян («нойон» моңғол тілінен аударғанда князь немесе бек, би) деген атақ берілді. Ал, ресми билікті Батый хан жүргізді.

Кейінгі кезең, 1253 жылы Онон өзенінің жағасында құрылтайға Батый хан Ұлығ би Кетбұқа ноян мен Ұлы империяның тізгінін кімге ұстатып, сыртқы саясаттағы бағыт-бағдарды шешудің жолдарын талқылауға аттанды. Сол құрылтайда Мөңке қарашаңырақтың билігіне қол жеткізіп, Қытайға Құбылай, Палестинаға Құлағу аттанып, өз иеліктерін кеңейту қажеттілігі шешілді. Кетбұқа Құлағу ханның әскери кеңесшісі, «штаб бастығы» (Л.Н. Гумилев) боп құрылтайда бекітілді. 1253-1256 жылдары Құлағу Кетбұқаның кеңесі бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп, қытай елінен, парсы тарихшысы Жувейнидің хабарлауынша, 1000 әскери инженерлерді алдыртады. Жорыққа дайындық барысында 1254 жылы армян тарихшысы, «Жылнамалар» еңбегінің авторы Смбат Спарапеттің жолбасшылығымен Кіші Армения патшасы Гетум I Қарақорымға келіп, әскери одақ құруға екіарада жеті түрлі шарт бойынша уағдаласады. Олар мыналар: 1. Барлық халықты шоқындыру. 2. Христиандар мен моңғолдарды татуластыру. 3. Дінбасыларын салықтан құтқару. 4. Христиандардың қасиетті жерін қайтару. 5. Бағдат халифатын құрту. 6. Барлық әскербасылары мұның жарлығын орындау. 7. Мұсылмандар тартып алған армян жерін қайтару.

Мөңке ханның армян патшасының шарттарының қайсысын қабылдағаны белгісіз, анығы «әскери одақ» құру жөніндегі ұсынысы толық қанағаттандырылып, армян-грузин жасағын патшаның ағасы Смбат (Гунстабл) Спарапет басқарсын деп шешіледі. Ал қытай әскеріне Гокан қолбасшы басшылық етті. 1256 жылы ақпанда Құлағу хан 150000 әскерімен Әмударияның сол жақ жағалауына өтті. Мемлекет қайраткері, әмбебап-ғалым «Жылнамалар жинағы» еңбегінің авторы Рашид ад-Дин жорықтың 1252-1253 жылдары Кетбұқаның жасағымен басталғанын меңзеп, мына мәліметтерді баяндайды: «Китбука-нойон в месяце джумада-л-ахыре лета 650 (VIII 1252) от Менгу-каана отправился в поход с передовой ратью Хулагу хана на крепости еретиков. В начале месяца мухаррама лета 651 (III 1253) он, переправившись через реку, приступил к набегам в области Кухистан. Он завоевал некоторую часть этой области и оттуда с пятью тысячами конных и пеших подступил к Гирдекуху. В месяце раби-ал-авваль 651 года (V 1253) он приказал, чтобы вокруг крепости вырыли ров, а вдоль него набросали прочный вал. За этим валом войско оцепило (крепость) кругом. Позади войска возвели еще очень высокий вал и вырыли еще очень глубокий ров, дабы войско посредине оставалось в безопасности, а (враги) не могли бы сообщаться на сторону. (Китбука) оставил там Бури, (а сам) пошел к крепости Михрин, осадил (ее) и расставил камнеметы. 8 числа месяца джумада-л-ахыре того же года он подошел к Шахдизу, многих перебил и повернул обратно. Меркитай с дружиною отправился в области Тарум и Рудбар, произвел опустошения, а оттуда подступил к Мансурийе и Улухнишину и восемнадцать дней учинял резню. 9 числа месяца шавваля лета 651 (2 XII 1253) из Гирдекуха произвели ночную вылазку, прорвали кольцо оцепления и перебили сто человек монголов. Эмир Бури, который был их предводителем, умер. Китбука-нойон снова сделал набег на Кухистан, угнал стада Туна, Туршиза и Зиркуха и, произведя резню и грабеж, увел пленных. 10 числа месяца джумада-л-уля упомянутого года заняли Тун и Туршиз, а в начале месяца шабана взяли Диз-и Михрин и 27 числа месяца рамазана Диз-и Кемали». Бұл деректерді жорықты жүргізудің стратегиясы деп ұққан жөн.

Тарихи деректерде моңғол қолбасшылары Байджу Шормаған Елдигидай 1238, 1242, 1246 жылдары Аббасидтер халифатына (қазіргі Ирак елінің жері) басып кіргендігі айтылады. XX ғ.орт. ірі ориенталист Ренэ Гроссенің шығыс елдері жайында француз медивистикасының қорытынды жұмысы «Империя степей» История Центральной Азии» монографиясы 1960 жылы Париж қаласында жарық көрді. Осы еңбекте көшпелі халықтардың құрған мемлекеттері мен империялары, ірі қолбасшылары мен ел тізгінін ұстаған қайраткерлер жайында мол мағлұмат бар.



Бағдат шайқасы. 1256 жылы Аламут қамалын соғыссыз алған Құлағу ханның әскері 1257 жылы қарашада Бағдат қаласына шабуыл бастады. Ренэ Гроссе: «Армия Байджу достигла Багдада по мосулской дороге с тыла на западном берегу реки Тигр. Лучший командир Гулюгу Найман Китбука (несторианец), вел левое крыло армии вдоль лурстанской дороги к аббасидской столице. 22 января монгольские генералы Байджу, Бука Тимур и Сугуняк или Сунджак передвинулись для занятия позиций в пригороде к западу от реки Тигр, в то время как с другой стороны Гулюгу и Китбука двигались вперед с целью окружения». 29 қаңтарда қытай инженерлері қаланы қоршап катапультпен қиратқыш қарулардың құрылысын бастайды. 5 ақпанда Құлағудың қытай, армян, грузин, парсы, түркі, моңғол, француздардан құралған одақтас әскері қаланың бір жақ қабырғасын құлатып, 10 ақпанда Бағдад қаласы тізе бүгіп, 13 ақпанда Құлағу әскері қалаға басып кіреді. Ренэ Гроссе: «Для восточных христиан захват Багдада монголами казался подобно божественному дару. Большая армия монголов отправилась в поход из Азербайджана в Сирию в сентябре 1256 года. Ноян Китбука несторианский найман прославившийся во время осады Багдада, ушел с передовыми отрядами войск.

Дамаск покинутый своими защитниками, сдался сразу. 1 марта 1260 года Китбука прибыл в город с монгольским оккупационным корпусом в сопровождении короля Армении и Богемунда VI. Администрация Дамаска была поручена монгольскому губернатору, которому помогали три персидских секретаря. Цитадель который оказал сопротивление, сдался 6 апреля и по приказу Гулюгу Китбука своими руками обезглавил его губернатора. В течение последующих трех недель Китбука завершил завоевание мусульманской Сирии».

Құлағудың жорықтарын үнемі жеңіспен аяқтап отырған Кетбұқаның соғысты жүргізу шеберлігі, Мөңке ханның кездейсоқ өлімі болмағанда, сәтті шешілуі әбден мүмкін еді. Осы бір жайсыз хабар Құлағу ханның Иранға қайтуына негіз боп, Сирия мен Палестинаға өз өкілі етіп Кетбұқаны бекітеді. Міне, осы тұста тарихтың шығырданы шыр айналып оқиғалардың барлығы олардың қарсыластарының пайдасына шешіле бастайды. Құлағу Иранға аттанарында, парсы тарихшысы Рашид-ад-диннің мәлімдеуінше, мамлюктердің сұлтаны Құтызға Каирге елшілік жіберіп бағынуы жайында шарттар ұсынған, жауап орнына Құтыз Байбарыстың ақылымен елшілерді өлтіріп, соғысқа дайындалуды бұйырады.

Моңғолдардың одақтастары – Палестина христиандары келісімді бұзып, мамлюктерге көмекке келді. Ал Сидонның графы Жюльен Гренье еш себепсіз, әрі ескертусіз моңғолдардың күзетшілер жасағына шабуыл жасап, біраз жауынгерін өлтіреді. Р. Груссе оны «ауыр денелі, жел басты» еді деп ісіне баға берді. Сидон тұрғындары мол олжаны бөлісіп үлгермей жатып-ақ, қала қамалын моңғол әскерін қоршап алды. Сэр Жюльен франктерге тән қайсарлықпен қаланы қорғаған. Моңғолдар қамалдың қабырғасын құлатқанда, кемеге мініп қашқан еді. Осы ісі үшін қайын атасы, армян патшасы Гетум I : «Менің күйеу баламды ағашы ұзын, тұзағы қысқа дар ағашына асып қою керек еді», – деді. Кетбұқа Сидонды басып алып, қамалдың қабырғаларын жермен-жексен етті. Ойда болмаған екінші бір қиыншылық Грузияда туды. Елді басқарған Давид Нарин және Ұлы Давид (кіші және үлкен) бүлік шығарды. Шығыстанушы Л. Гумилев: «Моңғолдар грузиндерді өздерінің табиғи одақтастары деп есептеді, сондықтан оларды өздерін өздері басқарудан айырған жоқ. Ұлы Давид моңғол князінің қызына үйленген болатын. Грузиядан тек алым-салығын төлеп отыру (моңғолдардың өздері де жан басынан салық төлейтін) және Грузияның ежелгі жауы мұсылмандарға қарсы соғысқа қатысу ғана талап етілетін. Міне, енді 1259 жылы грузиндер көтеріліске шықты.

Олар мұны тереңірек ойластырмай істеді. Әуелі Давид Нарин көтерілді, бірақ табысқа жете алмай, елін жауға құрбандыққа тастап, таудағы имеретиндік қорғандарға қашып кетті. Сонан соң Ұлы Давид көтеріліп, жеңіліске ұшырады, сөйтіп ол да өз халқын жаудың зәбіріне қалдырып, қашып құтылды. Патшалардың есалаңдығы Грузияны көп қанға бөктірді, ал христиан ісі үшін трагедиялы болды. Өйткені Палестинада әрбір адам тапшы саналған сәтте моңғолдар грузин әскерлеріне арқа сүйеудің орнына, өз резервтерін соларды талқандауға сарп етті», – деген деректерінен саяси үстемдіктің шексіздігі үшін қан төгілгені анық көрінеді.

Айн Джалут шайқасы. 1260 жылдың тамыз айының соңында Құтыз мәмлүктер мен оған қосылған еріктілерден тұратын үлкен әскерді бастап Мысырдан шығады. Айн Джалут – Палестинадағы Назарет қаласының маңында орналасқан елді мекен. Байсан қаласының солтүстік-батыс жағында он шақырым жерде Джалут өзенінің бойында орналасқан. Осы елді мекенде 1260 жылдың 3 қыркүйегінде мәмлүк әскері мен Кетбұқа ноянның әскері кездеседі. Байбарыс әскердің сол қанатын, әмір Бахадүр оң қанатын, ал сұлтан ортасын басқарған. Тарихшы Ибн Йиастың хабарлауынша, әскер саны қырық мыңға жеткен. Құрамы: мәмлүктер, бедуиндер, курдтар. Кетбұқа әскерінің құрамы: армяндар, грузиндер, моңғолдар, наймандар. Әскерінің санын Киракос Гандзакеци 20 мың адам деп, Гетум Патмич пен Абу-ль-Фарадж 10 мың деп көрсетеді. Онымен бірге Киликия армяндарының патшасы Гетум I және оның күйеу баласы, Антиохия билеушісі Боэмунд болды. 1260 жылдың 3 қыркүйегінде таңертең екі әскер шайқас алдында бетпе-бет келді. Моңғол әскерінің алдында ақ боз ат мініп, моңғол әдеті бойынша екі қолына екі қылыш ұстаған қолбасы Кетбұқа ноян шығады. Қарсы жақтан шұбар ат мініп сұлтан Құтыз тұрды. Шайқас моңғолдардың ұранымен басталды. Әл-Макризи «Мұсылмандардың жүрегінде татарлардан үлкен қорқыныш бар еді», – дейді. Мәмлүктер де дабыл қағып, шайқасқа кіруге белгі берді. Сол-ақ екен, Кетбұқа садақшыларының екі тобы жылдам алға шығып, қарсы жаққа оқ жаудырды. Алайда оған қарамастан, мәмлүк әскері сұлтан Құтыздың бастауымен қоян-қолтық соғысуға алға лап қойды. Қиян-кескі шайқас басталып кетеді. Екі жақ та жанқиярлықпен шайқасты. Кетбұқа әскерінің берген соққысынан мәмлүк әскерінің оң қанаты артқа шегіне бастайды. Сол кезде Құтыз мәмлүк әскерінің ерауылын да артқа шегіндіреді, моңғолдар мәмлүктер қашты деп алға ұмтылады. Байбарыс бастаған сол қанат тіресіп тұрып алады. Жау шегінді деп ойлаған моңғолдар Байбарыс бастаған қанатты қоршауға ала бастайды. Екі жақтан да көптеген шығын болады. Моңғол әскері екіге бөлінеді. Мұсылман тарихшыларының айтуынша, сұлтан Құтыз дулығасын лақтырып тастап, «уассалама» деген ұранмен мәмлүктерді қарсы шабуылға бастап, шегініп бара жатқан әскерінің оң қанатын бірте-бірте жандандырып, моңғол әскерінің орта тұсы мен сол қанатын ығыстыра бастайды. Әмір Бахадүр бастаған мәмлүк атты әскері сол қанатын орайды.

Кескілескен ұрыстан соң, Құтыз мәмлүктері сол қанаты мен орта арасын бөліп, сол қанатын толық қоршауға алып, күйрете соққы береді. Мәмлүктер моңғолдарды Алеппоға дейін өкшелеп қуады. Тарихшы Һанаданидің жазуынша, Кетбұқа қолға түсіп, сұлтан Құтыздың алдына әкелінеді. Билеушінің бұйрығымен басы алынып, Каир қақпаларының біріне ілінеді. Тарихшы Кутбуддин әл Юнини: «Татарлар Баалбекті құрсауға алғанда Кетбұқа ноянды көрдім. Жалбыраған ұзын, жұмсақ сақалды, кейде оны құлағына іліп қоятын әдемі қария. Салтанатты, өктем болатын. Құтыз әскерінің оң қанатын тас-талқан етті, алайда құдай жеңісті мұсылмандарға береді. Осы шайқаста Кетбұқа ноян қаза тауып, ұлы тұтқынға түседі», – деп көрсетеді.

Түйіндей келсек, Кетбұқа бабамыздың тарихи қызметі моңғолдардың жер бетіндегі дара билікке ұмтылып, «Ұлы империя» құру үшін жүздеген этностарды қыспаққа түсірген тұста түркі жұртының тұтастығын сақтауымен маңызды. Қазіргі кезде баспасөзде осы бір тағдыры қилы тұлғаның айналасындағы ақтаңдақ пен қайшылыққа толы оқиғалардың тізбегі өз зерттеушілерін күтуде. Сонымен қатар осы тақырыптың негізгі өзегі елдікті сақтаудың мәнінде жатқанын естен шығармағанымыз жөн.

Екінші бөлім


КӨСЕМ БОЛМЫС – КӨРКЕМ СӨЗДЕ

Жыраулар әр заман халықты сарқылмас ойға, адамшылық қасиетке, игі істерге, жаратылысты білуге шақырады. Осыған орай олардың шығармаларында халыққа арнап айтатын тәрбиелік ойлар, терең ақылдар өзінің келісті сұлу түріпде төгіліп, сай суындай ағылып, тасқындап отырады. Олардың түбегейлі оны халыққа үлгі беретін нақыл сөздер, әдемі ойлар.

Жыраулардың келістіре айтатыны ел басқарған кемеңгер адамдардың ерекше жаралған сипаты, ел қорғаған алып ерлердің жұрттан асқан ерекшелігі, олардың өзіне хас жойқын суреттері; халықтың саси, мәдени, шаруашылық тіршілігі, елді бейбітшілік бірлікке баулау, көрші достықты ардақтау; ел басқарған адамдарға кеңес беріп, татулықты мирас ету. Бұл толғау әсіресе Сыпыра жыраудың Тоқтамысқа, Бұхар жыраудың Абылайға айтқан өсиет сөздерінен осыны анық көруге болады.

Ұлы жыраулардың ең ескі дәуірдегі ұлы ұстазы Қорқыт (VII-VIII ғғ.) Одан кейін ХIII ғасырдан жасаған Аталық жырау, «Ақсақ құлан», «Жошы хан» күйін орасан көп халықтың ортасында тартып беріп, музыка үнінің кереметін танытқан Аталық жырау (Шын аты Кетбұқа, кейбір жерде Кербұқа) еді. Бұл оқиғаны әдеми суреттеп кеткен араб ғылымы Ибн-Ал-Асир (ХІІІ ғ. 30-жылдар), одан кейін Улуғбек (түрік шежіресі).


Әлкей Марғұлан. Ежелгі жыр аңыздар.

Алматы, 1985 ж.

Айналайын Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда?

Еңсесі биік боз орда ,

Еңкеймей кірер күн қайда?

Кетбұқадай билерден

Ақыл сұрар күн қайда?

Бізді тапқан ананың,

Асыраған атаның,

Ризалықпен жайласып,

Қолын алар күн қайда?



Махамбет Өтемісұлы
Думан РАМАЗАН,

жазушы, халықаралық «Алаш»

сыйлығының лауреаты.

АЖАЛ КЕЛГЕН КҮН

Кетбұға ноянның татарлар арасындағы орны ерекше еді. Оның сөзі, батырлығы және ісі әрдайым есепке алынып отыратын. Ол ержүрек, батыл, қамалдарды қиратуда, жат жерлерді басып алуда нағыз соғыс шебері еді. Парсы жері мен Иракты жаулап алған Кетбұға ноян болатын. Оның шайқастары туралы таңғажайып әңгімелер айтылатын.

Тарихшы Ибн Тәңірберді

Моңғолдар сияқты мәмлүктер де даланың еркін ұлы еді, ал әскери талантқа келсек, қыпшақ Құтыз бен Бейбарыс найман Кетбұғадан кем түспейтін.

Лев Гумилев

Тұңғиық ойдың тереңіне батып, шақшадай басы шарадай болып отырған Кетбұға қолбасшы көрер таңды көзімен атырды. Қиял құсы желдей жүйткіп, жер-көкті шарлап, кең дүниені көктей шолып өтті...

Кіндік қаны тамып, төсінде ойнақ салған туған жері есіне түссе ет-жүрегі елжіреп, мазасыз күй кешеді. Ел-жұртының ертеңін ойласа жаны жай таба алмай, аласұрады. Көкірегіне тоңдай қатқан шер-шеменнің сызы жібімей, тұла-бойын мұздай қариды. Ойлаған сайын көңіл түкпіріндегі көмескілене бастаған көріністер көз ұшында көлбең қағып, сағынышқа айналған сағым бейнелер елес береді.

Атамекен, құтты қоныс... Көк аспанмен таласқан қара таулар, ұшар басына қырандар ұя салар құзар шыңдар... Құлама құз, жақпар-жақпар жартастар... Тобылғылы құла бел, қарағанды құба жондар... Гүл көмкерген қызыл қырат, жыңғылы көп сай-сала... Құстары құйқұлжыған орман-тоғай... Айдыны айнадай жалтыраған өзен-көлдер... Ши, селеуі селтиген маң дала...

Жасыл жайлау, көкорай шалғын... Қаз-қатар тігілген ақ шағаладай киіз үйлер... Ақ сақалды ата, ақ жаулықты әже, иманжүзді әке, мейірлі ана... Тұлымы желбіреген ұл, жүзін күн қаққан бұрымды қыз... Төскейдегі төрт түлік, желідегі құлынды бие... Түтіні будақтаған жер ошақ, қара қазан... Буы бұрқыраған ет, қазы-қарта, жал-жая... Сапырылған сары қымыз... «Қайран туған жер, өскен өлке... қадіріңді білмеппіз-ау!.. Күлімдеген көктемің мен жадыраған жазың түгіл, сарғайған күзің мен қақаған қысыңа да ештеңе жетпейді екен ғой!.. Көзден бұл-бұл ұшқан сол күндер қайтып оралмайды-ау, шіркін!..»

Көзін тырнап ашқаннан көріп келе жатқаны – ел ішінің дүрбелең-дүрмекке толы беймаза тірлігі, берекесіз бүліншілік, шаңдатпа шапқыншылық, талап-тонау, зорлық-зомбылық, қырғын-сүргін. Кетбұғаның балалық шағы осындай аумалы-төкпелі алмағайып кезеңге тап келіп, тілерсегінен қан аралас саз кеше жүріп ержетті.

Ат жалын тартып мінгеннен кейінгі саналы ғұмыры шашасына шаң жұқпас тұлпарлар үстінде өтіп келеді. Өз алдына жеке мемлекет болып, ақ байрағы желбіреп тұрған Найман хандығы тұсында да қой үстіне бозторғай жұмыртқалай қойған жоқ. Қараорман қамын ойлайды деген көсемдер өзара билікке таласып, алтыбақан алауыздыққа салынып, ауыздағысынан айырылды. Ел атыс-шабыс, барымта-қарымтадан көз ашпады. Қайран жұрт алашапқынмен өмір сүріп, алаңдаумен ғұмыр кешті.

Әлемді дүрліктірген Шыңғысханның әскерімен де майдан даласында сан мәрте бетпе-бет келіп, атойлап айқасқа кірді. Күштіге кіріптар болғысы келмей, жанқиярлықпен соғысты. Адам қаны судай аққан қан қасап қырғындар болды. Талай жас қыршынынан қиылып, ажал құшты. Сансыз мүрде көмусіз қалды, сайын дала қан сасыды.

Таян хан да, Күшлік хан да күші мен сұсы басым жау қолынан күйрей жеңіліп, Алтайдың Арай асуын, Тарбағатайдың Етікші биігін асып, қансыраған қаралы жұртын бастап батысқа қарай бет түзеді. Атамекендерімен қимастықпен қош айтысып, жайлы қоныстарынан амалсыздан қотарыла көшкен ел кең сахарадан пана болар жер іздеп, ауған арқардай жосыды. Жел айдаған қаңбақтай босып жүріп, қыпшақ даласына аяқтары ілігіп, аттарын шалдырды. Қандас қыпшақтар жатсынбастан құшағын жая қарсы алды. Көрші қаңлы мен қарлықтар да етек-жеңдерін жиып, жандарынан жайлы қоныс берді. Кетбұға сияқты ел ағалары азалы жұртының жабыққан жанын жұбатып, қамыққан көңілін сергітуге тырысты. Қыста Сарысу, Шу өзендерінің төменгі сағасын, Қаратаудың батыс бөктері мен Сырдария жағасын мекендеп, жазда Ұлытау, Арғанаты таулары мен Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жезді өзендерінің алқаптарын жайлады.

Шыңғысхан шапқыншылығы қыпшақ даласын да өрттей шарпып, ормандай отап, жалмауыздай жалмады. Моңғол әскерінің аяғы бұнда да жетіп, ойындағысы мен көңілдегісін істеді. Ордасын ойрандап, қалаларын жермен-жексен етті. Туған елі мен жері үшін жандарын шүберекке түйіп, қарсыласып баққан халықты қынадай қырып, жолдарындағының бәрін түк қалдырмай жайпап өтті. Арттарында бүлінген ел, жұтаған жұрт, қираған қала қалды. Ана баласынан, бала әкесінен айырылды. Әйел – жесір, бала – жетім атанып, көздерінен сора ақты, тілдерінен зар төкті.

Жебе ноянмен болған соңғы айқаста Күшілік ханның жасағы күйрей жеңіліп, Найман елі де амалсыздан Шыңғысханның билігін мойындады. Ұлы қаған да оларға тізесін батыра берген жоқ, ішкі есебі түгенделген соң, кешірім мен кеңшілік жасады. Емірене бауырына тартпаса да, өзекке тебе қоймады. Кетбұғаның өзі оның оң тізесін басты. Сөйтіп, тығырыққа тірелген ел-жұртын аман сақтап қалудың қамына көшкен Кетбұға абыз амалын асырып, Шыңғысханның бетін бері қаратты. Есесіне айтқанын орындатты, сөзін тыңдатты. Жошымен де, Батумен де тізе қосып, тіл табыса ел биледі. Екеуінің де ақыл қосар кеңесшісі, билік айтар, төрелік жасар төбе биі болды.

Көңіл көзімен сараласа, содан бері де қаншама күн, қаншама ай, қаншама жыл жылыстады, қаншама көктем, қаншама жаз, қаншама күз, қаншама қыс ауысты... Уақыт сынаптай сырғып, зымырап өтіп жатыр. Кешегі тұлымы желбіреген жас бала бүгінде ақ сақалы аузына түскен ата атанды.

Кетбұға да осы жасқа дейін жансауғамен күн кешіп, аттың жалында, түйенің қомында өмір өткізді. Соқтықпалы-соқпақты жолдан өтті. Жан азабын шекті, қайғы-қасірет теңізін белуардан кешті. Бабасы Қорқыттай күңіреніп, қос ішекті қобызын толғай тартты. Шанағынан сұм заманның зарын төгіп, соны қамыққан көңіліне жұбаныш қып, ішқұсалық дерттің дауасын тауып, жан жарасына ем қондырғандай болды. Елдің тағдыр-талайын жүрек қылын шертер күйге айналдырып, жалынды жырына қосты...

Әлі де көзінде мұң, көкірегіне шемен боп қатқан шер бар. Жаны жаралы, жүрегі жырым-жырым. Елінің болашағын ойласа, еңсесі еңкіш тартып, белі бүкірейе түседі. «Енді қашан өз алдымызға ел болып, етек-жеңімізді жинар екенбіз! Көк Тәңірім өзің қолдай гөр! – дейді Жаратқанға жалбарынып. – Бізді де жұмыр басты пенде ғып жаратқан да, ұлыс қып ұйыстырған да, ел ғып еңсе тіктеткен де бір Өзің ғой! Несібемізден қақпа, ырыздығымызды ортайтпа, қайғымызды молайтпа!» Қабырғасын қайыстырар қайғысы да, Көк Тәңірге шағым айтып шағынары да, күндіз-түні ойлайтыны да осы.

Міне, қарап отырса, 1256 жылы Онон өзенінің бойында өткен ұлы құрылтайдың шешімі бойынша Құлағу ханмен бірге жорыққа аттанып, шет жұрттың шекарасына табаны тигеніне де үш жылдың жүзі болыпты. Алдымен парсы жұртын тізе бүктірді, содан соң Бағдатты бағындырды. Іле-шала Иерусалимді басып алды. Дамаскі мен Шам шаһарының билеушілері нояндардың қаһарынан қорқып, қорғандарының қақпасын өздері ашып берді. «Ұлы қағандарға адал боламын деп жүріп, мен де қатігез болып кеткен жоқпын ба, өзі?! – деді өткен өмірін көз алдына елестетіп отырып. – Мен қылышты қолыма елім үшін ұстап жүргенімді Көк Тәңірім де біледі!.. Егер бұл жорықтан бас тартсам, халқымның жонына қамшы үйіріліп, жүрегіне қанжар қадалары айдан анық!.. Беу дүние, қайран ел-жұрт!.. Қайда барсаң да Қорқыттың көрі алдыңнан шықты-ау!.. Тас маңдайыңдағы қалың сордан қашан арылар екенсің?! Өз қолың өз аузыңа жетер күн туар ма екен?!»

Мұсылман мемлекетінен ендігі қалғаны Мысыр елі ғана болатын. Екпіні ерек мұздай қаруланған қалың жасақ Египетті бетке алып ақырын жылжып келе жатқан. Дәл осы кезде Мөңке қағанның қазасы жайлы суық хабар жетті. Қағандықтан дәмесі зор Құлағу хан шұғыл шақырылған ұлы құрылтайға қатысу үшін ордаға баруға мәжбүр болды. Аттанарында Кетбұғаны шақырып алып:

– Қағанның жаны Көк Тәңірімнің қасына қонақтаған екен. Бірақ алтын бұғауының кілтін маған беріп кетті. Соны атам Шыңғыстың, Жошы әкеміздің, ағам Мөңкенің алтын айдарын көрген саған тастаймын. Қамалдарды қадағала. Құтыз бен Бейбарыс қыпшақтан шыққан. Солармен мәмлелесіп, уақытша тыныштықты сақтай тұр! – деп барынша тапсырып кетіп еді. Бірақ оның айтқанын орындаудың сәті түсе қоймады.

...Енді міне, Құтыз бен Бейбарыс ұрымтал тұстан түре шауып, жер қайыстырар қалың қолмен қылыштарын жалаңдатып қарсы алдында тұр. «Бұлай болар деп кім ойлаған?! Неткен жүрек жұтқан бәлелер! Бізге қарсы шаппақ түгіл сесімізден сескеніп, қорғанудың өзін артық санап, кейбір елдердің халқы қақпаларын өздері ашып беріп жатқанда, бұлардың бұнысы ажалдарына асыққандық қой!.. Иә, ажал айдап шыққан ғой!..» – деді басын шайқап.

Кетбұғаның ойға шомған нұрлы жүзінен ешқандай қобалжу байқалмайды, өзінің жеңіске жететініне нық сенімді сияқты. Санасы сан саққа жүгіріп, ойы онға бөлініп отырса да, сол баяғы сырбаз қалпын сақтап, сыртқа сыр алдырар емес. Жұмыр басты пенде ретінде маңдайына бақ та, сор да молынан жазылған екен. Сиқырлы айнадай жалт-жұлт еткен жарық жалғанның алдамшы қызық-қуанышы мен жанға жара, жүрекке салмақ салар қайғы-қасіретін қатар тізгіндеп келеді. Асқан ақыл-парасатының арқасында биліктің де дәмін татты. Ал мәңгілік бақ аяғын көкке сермеген асаудай әзірше жалынан сипатар емес. «Дүние, шіркін, қалай құбылса да, тірі адам тірлігін істей береді екен ғой!..» Оның шайқас алдындағы соңғы байламы осы болды.

Түн ауғаннан бері өзінің қас-қабағына қарап, алдағы болар соғыс қимылдарын пысықтап, өзара ақыл-кеңес құрып отырған мыңбасыларын ойнақшыған отты жанарымен жағалай бір шолып өтті де, жөткіріне сөз бастады:

– Қырандарым, қандыкөйлек достарым, бауырларым, не айтасыңдар, қандай ақыл қосасыңдар? – деді пайғамбар жасынан асып кетсе де, қайраты қайта қоймаған Кетбұға қозғалақтай түсіп. – Шайқас ауыр болатын түрі бар. Естіп-білуімше, жау жағы бұл шайқасқа тыңғылықты дайындалған көрінеді.

– Қолбасшы, хан келгенше сәл шегіне тұрсақ қайтеді, – деді Дәулетбай сардар оқыс сауал тастап, – өйткені, жаудың қарасы тым көп. Барлаушылардың айтуынша әрқайсымызға төрттен келеді екен! Бізде қазір он-ақ мың сарбаз бар, мәмлүктердің қырық мың қолына қалай төтеп береміз?! Сондықтан сәл сабыр сақтап, ақылмен іс істесек деймін!

– Иә, дұрыс, тым құрмаса, қосымша көмек келгенше уақыт ұтып, амалдай тұрсақ! – деді Жосалы сардар да оны қостап. – Уақытша келісімге келіп, алдандыра тұрмасақ, болмас, сірә!..

– Мүмкін шегіну керек шығар!.. – деді Әлімгерей сардар.

– Жоқ, қашқан қатынмен бірдей! Қашқан жауға қатын ер! Атымызға сын! Соғысамыз, қырық мың түгіл, қырық миллион болса да жаудың тас-талқанын шығарамыз! – деді Ерторы сардар өктемси. – Санымыз аз болғанымен, жасағымыз мықты, қару-жарағымыз күшті емес пе?!

Ұрыс алдында дау-дамайды көбейтпеуге тырысқан Кетбұға қолбасшы сөзді бұдан ары созғысы келмеді. Қияқ мұртын шиырып алды да, сақалын саумалай отырып:

– Қарыс қадым да кері шегінбейміз, жауға қарсы шабамыз! Көк Тәңірім бұйыртса, бүгін де жеңіске жетеміз! – деді нығарлай сөйлеп. – Кешегі жоспар бойынша қимылдаймыз! Тағы да бір мәрте пысықтап алыңдар! Ал енді өз жасақтарыңа барып, менің бұйрығымды күтіңдер!

Мыңбасылар орындарынан дүр көтерілді. Кетбұға майдан алаңына қалай кіріп, қалай шайқасу керектігін ой елегінен тағы бір қайыра өткізіп, сүт пісірімдей уақыт тұнжыраған қалпы үн-түнсіз отырды да, бір кезде орнынан ширақ көтеріліп, ерттеулі тұрған ақбоз арғымағына қарғып мінді. Қалың жасақ қаздай тізіліп, самырсындай сап түзеген алаңқайға желе жортып келді де, алдыңғы жаққа барып тізгін тартты. Он мың сарбаз шайқасқа сақадай сай боп, тас-түйін дайын тұр. Бәрі де қолбасшы не дейді дегендей құлақтарын түрісіп елеңдесе қалған.

– Сайыпқырандарым! Сардарларым мен сарбаздарым! – Дауысы саңқылдап шықты. – Сендер бұл жаққа елдеріңнің аманатын арқалап келдіңдер! Мойындарыңда ерлер ғана көтерер ауыр жүк бар. Алда сын сағаты күтіп тұр. Мен сендерге сенемін! Әлі-ақ сендердің алдарыңда бүкіл әлем тізерлейтін болады. Бұл жолы да жауды талқандап, жеңіске жетеміз! Біз жеңбейтін жау жоқ, біз алмайтын қамал жоқ!..

Кетбұғы қолбасшының жалынды сөзі сапта тұрған сарбаздарға керемет әсер етті. Бәрі де қылыш ұстаған қолдарын жоғары көтеріп:

– Біз жеңеміз! Біз жеңіске жетеміз!.. Жаудың тас-талқанын шығарып, жермен-жексен етеміз! – деп ұлардай шуласып, ұрандатып қоя берді. – Бізді Көк Тәңірі қолдайды!..

Алыстан қарауытып жау қарасы да көрінді. Қара жердің шаңын аспанға шығарып, құмырсқадай қаптап келеді. Олар жақындаған сайын қу көңіл өрекпіп, тынши алар емес. Кетбұғаның қолы да сап түзеп, алға қарай жылжыды.

Күн қансәскеге таянғанда Айн Жалұт түбегінің тұсында қалың қол бір-біріне бетпе-бет келіп, қарама-қарсы қарап антыздап тұрды. Мәмлүктер алдында шұбар айғырға мінген Құтыз сұлтан мен ауыздығымен алысқан жирен қасқа сәйгүлікте қызыл көрген қырандай қомданып, түйіле түскен Бейбарыс қолбасшы келеді. Екеуінің де көңілінде алаң бар, сарбаздарында қорқыныш пен үрей басым. Екі жақ бір-бірінің аңысын аңдып, сәл-пәл бөгеле берді. Осынау оңтайлы сәтті орайымен пайдаланып қалғысы келген Кетбұға қолбасшы қылышын қынабынан жарқ еткізіп суырып алды да:

– Алға! – деп айғай салып, ұран сала шаба жөнелді. Шайқасқа кіру туралы дабыл қағылып, керней тартылды.

Осы сәт найман садақшылары жебені жауған қардай боратты. Алдыңғы қатары көктей жусап жатса да, мәмлүктердің іркілер түрі жоқ, өлген-жітігендеріне қарамай, жанкештілікпен алға қарай атойлап, қоян-қолтық шайқасқа қойып кетті.

Қиян-кескі ұрыс басталды. Алмас қылыштар жарқ-жұрқ шағылысып, найзалар шатыр-шұтыр соғылысты. Талай боздақ қыршынынан қиылып, жетесінен үзілді. Қайсыбірі ат-матымен омақаса құлап, ойбайлап жатты. Ақырған, айғайлаған, бақырған-шақырған дауыстардан құлақ тұнады.

Алғашында ат тұяқтарының дүрсілінен бұрқырап көкке көтерілген қою қара шаң судай шашыраған қызыл қаннан бірте-бірте тозаңданып барып басыла бастады.

Әлекедей жаланып, аруақтарын шақыра қиқуға басқан наймандар әп дегеннен қарсыластарын қойға шапқан қасқырдай дүрліктіріп, алғы шептерін бұзып-жарып, тырағайлата қырғын салды. Сансыз мәмлүктің бастары домалап жерге түсті, жандары шырқырап көкке ұшты. Қан жосыған мүрделер үйіліп қалды. Бірақ көптің аты көп, бірін шапсаң, екіншісі сумаң қағар жеті басты айдаһар сияқты біреуін мұрттай ұшырса, енді бірі өңмеңдеп жетіп келеді. Бір мезгілде мәмлүктердің Бейбарыс бастаған оң қанаты артқа қарай шегінді. Жау қаштыға санаған наймандардың рухы көтеріліп, бір бөлігі соңдарынан тырқырата қуа жөнелді, ал қалған жартысы текетірес ұрыс салып жатқан Құтыз бастаған сол қанаттағыларын қоршай бастады. Сөйтіп, Кетбұғаның қолы екіге жарылып, бір-бірінен бөлініп қалды. Осы мезет арттарынан қосымша көмек келіп жеткен оң қанаттағы мәмлүктер ұрымтал тұстан қарсы шауып, қайыра қоян-қолтық айқасқа кірді. Бұндай оқыс қимыл мен тегеурінді күшті күтпеген найман жасағы асып-сасып, не істерлерін білмей абдырап-ақ қалады. Әйтсе де, жеңісті қолдан бермеуге тырысып, арыстанша арпалысып, өлермендікпен шайқасты. Ұрыс қыза түсіп, бірте-бірте Кетбұға жасағының орта тұсы ығысып, сол қанаты түріле бастады. Соны сезген жаужүрек мәмлүктердің бойларына ерекше күш бітіп, екпінін үдеткен жел сияқты екілене түсті.

Айбатына мініп, кәрі бурадай буырқанып жүрген Кетбұға жаудың қос қапталдан бірдей қусыра бастағанын байқап қалды. Қаралары тым көп, алды-арттарына қарамай қарақұртша қаптап келеді. Айлалы жаудың алдап соққанын сезіп, көңіліне алаң кірді. Жеңістің ауылы енді алыс екенін ойша бағамдаса да, жеңілістің ащы дәмін тататынына сенгісі келмеді. Ол жағын ойлауға да мұршасы келмей, «қанды басың бері тарт!» деп қарсы келгенге қайқы қылышын оңды-солды сермей берді. Бірақ мұздай қаруланған қырық мың қолға бір түменнің төтеп беруі оңай ма, қанша жанталасып бақса да, қатарларының азая бастағанын сезді. Сонда ғана өз қателігін түсінді, соқыр сенім мен жалаң сезімге бой алдырып, арғы-бергі жағын ойлай қоймағанына өкініп, өзегін өрт шарпыды.

Шайқастың сәл саябырси бастаған кезінде бір сәтке көз тоқтатып қараса, жанында жалғыз ұлы Ысқақ бастаған жанкешті сарбаздары қалыпты. Кілең сайдың тасындай батыр жігіттер. Өліспей берісер емес. Жеңіске деген құштарлықтары арта түскен мәмлүктер жан-жақтан аш қасқырдай анталап келе жатса да, қаруларын тастар түрлері жоқ.

Кетбұға қоршауда қалғанын сезді, енді оны бұзып-жарып өте алмайтынына да көзі анық жетті. Сонда да абыржып, қайғыра қойған жоқ. Елге қарабет боп қашып барғаннан қайбір опа табар дейсің? «Өзекті жанға – бір өлім. Тағы да бір-екеуін жастанып өлейін!.. Ұлымды есебін тауып, елге қайтарып жіберуім керек еді, бұлай болар деп кім ойлаған. Оны да ажал аузына өзім айдап әкеліп, обалына қалатын болдым-ау!..» – деді іштей күбірлеп.

Қарап тұрып ұлының қажыр-қайратына қайран қалды. Әлі де табандылығынан таймай, жаралы жолбарыстай жан алыса шайқасып жатыр. Мәмлүктер оған жақындаудан жасқанатын сияқты, тақап келгенін қылышымен қидалап, ат үстінен ұшырып түсіреді. Жаны сүйсініп, көкірегін ырзалық сезімі биледі. Бір сәт енді оның да қашып құтылмасын ойлағанда, төбе құйқасы шымырлап қоя берді. Қабақ-басы салбырап түсіп кетті.

Осы кезде қарсы жақтан қатты шыққан әлдеқандай дауыс естілді де, мәмлүктер қылыштарын көтерген бойларында аттарының тізгіндерін тартып тұра-тұра қалысты.

Кетбұға алғашында не болғанын түсіне қоймады, артынан «шайқасты тоқтатыңдар!» деген белгі берілгенін ұқты. Сол сәт басындағы дулығасын шешіп тастаған қара шашты, ат жақты, алпамса денесіне алтын түстес сауыт киген жау сардары жирен қасқа сәйгүлігін ойқастатып ортаға шыға келді. Кетбұға оның түр-тұлғасынан Бейбарыс баһадүр екенін жазбай таныды. Қолындағы жарқылдаған алмас қылышын жалаңдата Кетбұғаға жақындап келіп:

– Өз еркіңмен беріл, жаныңды сақтауға уәде беремін! – деді қыпшақ тілінде саңқылдап.

Кетбұғада одан басқа таңдау да жоқ еді. Өзінен де бұрын жалғыз ұлының тағдырына қатты алаңдаулы еді. Тұла бойын ыза-кек кернеп, өзегін өкініш оты өртеп бара жатса да, берілгендіктің белгісі ретінде амалсыздан оң қолына қыса ұстаған алмас қылышын үн-түнсіз төмен түсіре берді.

– Бүгін Көк Тәңірім сендерге жақтасты! Риза шығарсың! – деді Бейбарысқа кекті көзін қадап.

– Неге бастаса да Алла өзі бастайды!..

– Көк Тәңірім бүгін бізден сырт айналды! Көк қаршығам да Көк Тәңірімнің қасына кетіп қалғандай ұшты-күйлі көрінбей кетті! Содан-ақ секем алып едім! Бүгін сенің бағың жанды, Бейбарыс, жеңісіңді тойлай бер!..

– Алла деген алғысым шексіз, Алла өзі жар болды!..

– Енді неғып тұрсың, жеңімпаз қолбасшы, тезірек өлтір! Жанымыз Көк Тәңірімнің жанына барып, мәңгілік тұрақ тапсын!

– Қайда асығып тұрсың! Ажал жетсе, сенен сұрамас!..

– Жаным сенің қылышыңның ұшында тұрғанын білемін, енді не істесең де еркіңде! – деді Кетбұға да қыпшақ тілінде жауап қайтарып. – Қолыңнан ешкім қаға қоймас! Өлтірер болсаң, жанымды тозақ отына күйдіре бермей, тезірек өлтір! Тек ұлымды аман қалдыр!

– Мен берген уәдемнен ешқашан тайқып көрген емеспін. Өзіңнің де, ұлыңның да өмірін аман сақтауға уәде беремін! – деді де, Бейбарыс жанында тұрған әмірлерге бұрылып, иегін қақты. – Сұлтанның шатырына алып жүріңдер!

Бейбарыстың соңынан Айтемір, Анас, Балапан, Баһадүр, Бектұр, Байған сияқты қыпшақтан шыққан әмірлер ере жүрді. Бір-бірлеріне көз қиықтарымен қарасып, өзара ымдасып қояды. Сырт көзге ештеңе сездірмеуге тырысып бақса да, сұңғыла Кетбұға олардың ойлы жанарларынан іштеріне бүккен бір сырдың барлығын анық аңғарды. Беріскен уәделері, байласқан сөздері бар сияқты. Бәрінің де ым-жымдары бір екенін іші сезіп, секем алып, сезіктене бастады.

Қаба сақалды, жирен шашты Құтыз сұлтан жалпақ төбенің үстіне тігілген шатырының ішінде жападан-жалғыз отыр екен. Жейдесін шешіп тастапты. Жүн басқан арық денесі қушиып, қусырыла түскен. Жараланған болуы керек, сол жақ иығы мен кеуде тұсын ақ дәкемен байлап алыпты. Жеңіс тойын бастап жіберген сияқты, қызара бөртіп қызып алған. Бейбарысты көрген бойда қабағын түкситіп, салған жерден дүрсе қоя берді:

– Сенің жасағың неге қашты? – деді түсін суытып.

– Біз қашқан жоқпыз, жауды алдаусыратып, құрған қақпанға түсіру үшін әдейі шегіндік! Бұл біздің соғыстағы айла-тәсіліміз емес пе?! – деді Бейбарыс сабырлы қалпын сақтап.

– Жо... жоқ... олай ақталма. Сенің кейбір әмірлерің майдан даласын тастап қашып кетті. Соның кесірінен қаншама боздақтардан айырылып қалдық. Бұған жауапты сен бересің! Саған осы шайқаста жеңіске жетсек, Алеппоның тізгінін ұстатам деп уәде беріп едім. Енді оның қисыны келе қоймас. Алеппоның әмірі ғып Лулуды тағайындаймын! Біле-білсең, адамның өз кінәсін мойындауы да үлкен ерлік!

– Мен өзімді кінәлі санамаймын!

– Жоқ, сен кінәлісің!

Құтыз осының бәрін әдейі істеп тұрғандай көрінді. Бейбарысты тұқыртып алмақ болды ма, әлде тағы бір бақай есебі бар ма, тырнақ астынан кір іздегендей жоқтан өзгені сылтауратып, қазымырлана түсті. Бейбарыс та қайта қоймады, өз ісінің дұрыстығын дәлелдеп бақты.

Кетбұға абыз бұл екеуінің арасында бір бітіспес кикілжіңнің бар екенін сезді. Бірақ қайран қылуға қайрат жоқ, тұрған орнында тастай қатып үн-түнсіз тұра берді. Бір мезет Құтыз сұлтан Бейбарысты жүндеуін қойып, Кетбұғаға қарай бұрылды:

– Жазықсыз адамдардың қанын төккен, ұлы батырлар мен ақсүйектерді өтірік уәделермен алдаған кәрі қақпас, ақыры қолға түстің бе?! – деді қыпшақша сөз сабақтап.

Кетбұға айбыны асып, мерейі тасып тұрған сұлтанның қаһарынан қаймыға қойған жоқ. Еш тайсалып, тайсақтамастан Құтыздың сұсты жүзіне тіке қарап:

– Мен ешқашан жазықсыз адамдардың қанын төккенім жоқ, ешкімді де алдаған емеспін. Ол саған болмаса, маған жат ғадет! Соғыстың жазылмаған өз қағидасы бар екенін білесің... Егер мен бүгін сенің қолыңнан мерт болсам, ол сенің мықтылығыңнан емес. Менің ажалым жетсе, Жаратқаннан деп білемін! Бұл уақытша жеңісіңе мастанба, өзіңді-өзің алдама. Бұл үшін әлі жазаңды аласың! Сен сатылған құлсың, құлқынын ғана ойлайтын сатқынсың!

Құтыз миығынан мырс етті де, жымпима мысықтай жымысқылана:

– Өзің кімсің? Кімнің сойылын соғып келдің бұл жаққа? – деді көздері ойнақшып.

– Мен бұнда елімнің аманатын арқалап келдім! Сен оны түсіне алмайсың!

– Сен, қу қақпас, кімді алдамақсың?! Өз өтірігің өзіңе! Мен оған сене алмаймын! Сені алда ажал күтіп тұр! – деді мейманасы тасып тұрған Құтыз ақи көзін ақшитып. – Ажал...

– Сені өз елің, өз ұрпағың қарғайтын болады. Сен қарғысқа қаласың! Қарғыс арқалап өлесің! Мен елімнің ертеңі мен амандығы үшін қартайған шағымда да ат үстінен түспей жүрмін! Ал сен Құтыз, қаның қыпшақ болса да, қарғы баулы төбетсің. Атың айтып тұрғандай қабаған итсің!.. Затың құл болмаса да, атың құл, мәмлүксің, мемлекет құлысың! Бүгін, міне, ата-бабаңның аруағына сиынып келген өз ұлысыңның ұландарын қырып отырсың. Сонда сенің жоқтағаның кімнің, қай елдің намысы? Сен одан да есің барда еліңді тауып, жалдамалы құлдықтан құтыл! Өлсең мыналар сияқты жоқтайтын ел-жұртың қалсын артыңда...

Құтырған қасқырдай көздері алақ-жұлақ еткен Құтыз сұлтан бұл сөзді құлағына да ілмеді, жүрегі де жіби қоймады. Қайта тағдыры қыл ұшында тұрған жауының тілін тартпағанымен қоймай, өзін кінәлай бастағанына ызасы келіп, қатулана түсті. Безгегі ұстаған жандай, қол-аяғы дірілдеп, аузы-басы жыбырлап кетті.

– Доғар! – деді айғай салып.

Кеудесін кек қысқан Кетбұға қаймығар емес, тосылар түрі жоқ:

– Мен – исі Дешті Қыпшақтың Ұлық биімін. Төрелігім мынау: қарғыс, қарғыс саған. Қарғыс атсын сені! – деп Құтыздың бетіне былш еткізіп түкіріп жіберді.

Ашуға булыққан Құтыз сұлтан бір демде-ақ қылышын қынабынан суырып алды да, көз ілеспен шапшаңдықпен сілтеп кеп жіберді. Ақ сақалын қан жуып кеткен Кетбұға тізерлей беріп, етпеттей құлап түсті.

Өз ісіне масайрай теріс айнала берген Құтызға Айтемір мен Балапан тап берді. Қалған әмірлер де қарап қалған жоқ, жабыла кетіп қылышын тартып алды да, екі қолын артқа қайырып, тапжылтпай ұстап тұрды. Бейбарыс бір-екі аттап сұлтанға тақап келді де, өткір қанжарын тамағына тақап:

– Ендігі кезек сенікі! – деді дауысын созып. – Шыныңды айтшы, мен бұрын қимылдамасам, сен бәрібір мені тірі жүргізбес ең!.. Ісің мен сөзіңнен осыны анық аңғардым! Аңғардым да...

– Жоқ, сен олай қателеспе, Бейбарыс, мен сені ашуға қисам да, өлімге қимас едім, – деді Құтыздың құты қашып.

– Жоқ, Құтыз, мен сені жақсы білемін ғой! Саған аяушылық пен адамшылық мүлде жат. Өзіңнің бас пайдаң үшін бәрін сатып кете бересің! Әйтпесе, сен екеуміздің ағамыз, осындағы қыпшақтардың көсемі Ақтай әмірді неге өлтірдің? Онымен қоймай, оның артына ілескен өз қандастарыңды қынадай қырдың, тонадың, қуғынға түсірдің! Дарға астың, ол аз болғандай тірідей ағашқа қақтың! Абақтыларға қамап, зындандарға тоғыттың! Өтірік пе, осы?!

– Олар Айбек сұлтанға қарсы көтерілді ғой! – деді Құтыз күмілжіңкіреп.

– Не үшін екенін сен жақсы білесің ғой. Ол да сен сияқты сатқындар болмаса, қыпшақтарға қырын қарады емес пе?! Қуғын-сүргінге ұшыратып, торғайдай тоздырып, жан-жаққа бостырып жіберген жоқ па, бауырларыңды?! Мыналарға қарашы, – деді Бейбарыс жағалай қоршап тұрған әмірлерді қолымен нұсқай, – бәрі де өз бауырларың. Сен Айбекпен бірігіп осылардың бәріне тізеңді батырдың, қанды шеңгеліңді салдың! Өтірік десең көздері тұр ғой, өздері айтсын! Ақтай көсем мен сол қырғында шейіт болған бауырларымыз үшін енді сенімен есеп айырысудың сәті түсіп тұр!

– Мен ол кезде Айбек сұлтанның бұйрығын орындадым! Оның маған қандай жақсылық жасағанын өзің де білесің ғой!

– Сондай жақсылық жасаған адамның ұрпағына не істедің сен?! Сен опасыз сатқынсың! Қателігіңді тек қанмен ғана жуасың!.. Ал аман қалдырсам, бәріміздің де түбімізге жетерің хақ! Сол жолы қолыңа түссем, Ақтай ағамызбен бірге маған да қан қаптырар едің. Бірақ сол түні Карратин қақпасын өртеп, амалдап қашып кеттім. Содан бері ішіңе қан қатқанын да жақсы білемін. Ал шайқас алдында мен саған керек болдым! Енді маған өлім тұзағын құра бастағаныңды анық сездім! Әйтпесе, Алеппо аймағын берем деген өзің емес пе едің?!

– Берем... берем... – деді Құтыз жандалбасалап.

Бейбарыстың езуіне күлкі үйірілді:

– Оған жаңа ғана Лулуды тағайындаймын дедің ғой!

– Оны емес, сені қоям! Бүкіл Алеппо өңірін саған беремін, – деді Құтыз көзі алақтап.

– Алдамай-ақ қой, мен енді саған бәрібір сенбеймін. Сондықтан саған өлім! Тек қана өлім!..

– Бейбарыс... – деді Құтыз жалынышты кейіп танытып, – Сен әлі сұлтан боласың!

– Осындай алдап-арбаумен сұлтандыққа жетіп, талай жазықсыз жанның қанын мойныңа жүктегенің аздай, неғып қалтырап тұрсың?! – деді Бейбарыс Құтызға көзінің сұғын қадай, – Сенің қорқау екеніңді білуші едім, бірақ дәл осындай қорқақ екеніңді білмеппін! Кетбұғадан жаның артық емес шығар! Ажалды қалай қарсы алу керек екенін жаңа ғана өз көзіңмен көрдің ғой! Шыныңды айтшы, Бұлғаққа қандай тапсырма беріп едің? Өз аузыңнан естігім келіп тұр. Айтқанды мойындау да үлкен ерлік!..

Әлдекімнен көмек күткендей жан-жағына жалтақтап, қипақ қаққан Құтыз «бәрін бүлдірген сен екенсің ғой!» дегендей Бұлғақ әмірге ала көзін ата қарады.

– Мен... мен... – деді Құтыздың дауысы дірілдеп. – Мен оған...

Бейбарыс оның сөзін соңына дейін тыңдағысы келмеді. Сол қолымен желке тұсынан бүре ұстады да, оң қолындағы өткір қанжарын жүрек тұсына бойлата сұғып жіберді. Екі көзі алақтаған сұлтан тіл қатуға да шамасы келмей, Бейбарыстың аяғын құша құлап түсті.

– Әкеңіздің өмірін сақтай алмадым! – деді Бейбарыс енді Ысқаққа қарай бұрылып. – Шеше алмай жүрген дүниенің бір жұмбақ сыры бар еді. Соны шешкізсем деп едім... Амал қанша... Сен менің жанымда боласың! Қыпшақ даласымен байланыс жасап, тығыз қарым-қатынас орнатамыз! Сол үшін де керексің!..

Ысқақ тіс жарып, тіл қата қоймады. Үнсіз ғана басын иіп, келіскен сыңай танытты.

Бәрі жабылып Кетбұға мен Құтыздың мүрделерін бөлек-бөлек жатқызды да, үстеріне ақ жауып, сыртқа шықты. Тек Ысқақ қана әкесінің өлі денесін тастап кетуге қимай, іркіле берді. Ылдым-жылдым қимылдайтын Бектұр әмір самырсындай самсап тұрған қалың қолдың алдына шығып:

– Құтыз сұлтан өлді! – деді саңқ-саңқ етіп. – Ендігі сұлтанымыз Бейбарыс балады! Құтызға Алланың рахымын сұраңдар, жаңа сұлтандарың Бейбарысқа амандық тілеңдер!

Қапелімде не болғанын түсіне алмай, демдерін іштеріне тарта үрпиісе қалған мәмлүктер дөң басынан еппен басып түсіп келе жатқан Бейбарыс баһадүрдің өздеріне сыралғы жайдары қалпын көріп, алабұртқан алаң көңілдері орындарына түскендей жүздеріне жылылық ұялап, көздерінде шаттық нұры ойнады. Сол сәт сілтідей тына қалған тылсым тыныштықты бұза жан-жақтан ұрандаған дауыстар жамырай шықты. Сарбаздар қолдарындағы қылыштарын жоғары көтеріп, ұлардай шуласып қоя берді:

– Бейбарыс жасасын! Жаңа сұлтан жасасын! Бейбарыс сұлтан жасасын!..

Абыр-дабыр күшейіп, даурыққан дауыстар көбейіп кетті...

Қас қарайып, төңіректі қараңғылық тұмшалай бастады. Күн қызарып батса да, ай ағарып шығып келеді.

Жаңа ай туыпты, тікесінен. Түн түнегін түре қуып, айналаға жарық шашып, жарқырап-ақ тұр.


Каталог: attachments -> article
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> История финансовой науки и ее развитие в России
article -> Ұлы баба есімі дәріптелді  Жаңа кітап баспадан шықты  Кітап тұсаукесеріне әзірлік
article -> Програма за развитие на читалищната дейност в община пещера за 2016 година
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> «мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> «Мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> Элективті пәндердің каталогы Мамандық 5В090500 «Әлеуметтік жұмыс» (оқу мерзімі – 4 жыл, оқу тілі – қазақ) Қарағанды – 2014-2015


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет