Абстракт Зерттеу тақырыбының өзектілігі


Мектепте Қазақстан тарихының оқытылуының методологиялық және деректік негіздері



бет14/29
Дата22.04.2020
өлшемі0,68 Mb.
#63818
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29
Байланысты:
Еркінжан2

1.2.Мектепте Қазақстан тарихының оқытылуының методологиялық және деректік негіздері
Кеңес елінде 80-жылдардың соңына дейін үстемдік еткен коммунистік идеология диалектикалық және тарихи материализмді, олардың категориялары мен зерттеу әдістерін объективті пайдалануға жол бермеді. Осының салдарынан басқа қоғамдық ғылымдар сияқты педагогика ғылымы да көп зардап шекті, коммунистік идеологияның әрекеті әсіресе тарих ғылымында, мектепте тарих пәнін оқытуда ерекше байқалды. 60-70-жылдардағы жалпы білім беретін орта мектепке арналған тарих бағдарламаларында "Орта мектепте тарих курсын оқытудағы міндет - оқушыларға қоғам дамуының зандылығын ғылыми тұрғыда түсіндіру, оларда капитализм сөзсіз құриды, коммунизм жеңеді деген сенімді қалыптастыру" - деп керсетілген [30, 31]. Бұған 90-жылдарға дейін Кеңестік ғылымда шектеусіз үстемдік етіп келген Еуропоцентрлік пен Ресейцентрлікті қоссақ, мектепте тарихты оқытуда қаншалықты қателіктер мен олқылықтар болғанын байқау қиын емес. Осындай саясаттың салдарынан мектепте тарих пәнін оқытудың мақсаты мен міндеттері дұрыс анықталмады. Мұның өзі қазақстандық жастардың бірнеше ұрпағында "тарихи зерделіліктің" қалыптасуы орнына мәңгүрттіктің етек алуына әкелді. "Тарихи зерделілік" - әрбір жеке адамға, тұтас ұрпаққа байланысты, әрбір адамның, ұрпақтың тарихты сезінуі, өзінің шыққан тегін, өлкесін, халқын, нәсілін, жалпы адамзаттың тегін, оның рухани түп тамырларын, өткендегі тарихи жолын танып білуге ұмтылып, сана-сезімінің оянуы. Бұл - өскендіктің, рухани мәдениетінің жоғары сатыға көтерілу белгісі. Ал оған қарама-қарсы ұғым "мәңгүрттік". Оның теріс мағыналы этникалық мәні бар. Мәңгүрттік жеке индивидті оның жалпы қоғамның рухани, тарихи маңызынан қашықтатуды, құлпырмалы күнделілік, коньюктуралық мақсаттарға абсолюттік мән беруді, өзгермелі күнделікті моданы бетке, оны алдыңғы қатарға қоюды аңсайды. Мұндай жағдай қазақ жастарының едәуір бөлігінде әсіресе 70-80-жылдары айқын байқалды. Сондықтан да қазақ халқының қазіргі кездегі өзінің өмір кешкен тарихи жолын танып-білуге деген құштарлығы жай емес. Себебі біздерді көп жылдар бойы "мәңгүрттікте" ұстап келді. Отаршылдық саясат, өктемдік тәртіп, Голощекиндік геноцид қазақ халқының ес жиып етек жабуына мүмкіндік бермеді [32].

Тарих пәнін оқытуда ондаған жылдар бойы орын алып келген өрескел методологиялық қателіктер мен кемшіліктер: коммунистік идеологияның партиялық, таптық мүддесіне сай келмейтін фактілерді жасыру, жасыруға болмайтындарын барынша бұрмалау, бүкіл Кеңес елінде бірнеше ондаған ұлт тілдерінде жұмыс істейтін мектептер үшін тарих пәнінен бір ғана бағдарлама, оқулық шығару, олардың мазмұнын барынша идеологияландыру, әр ұлттың өз тарихын оқытуға бермеу, Еуропоцентрлік пен орыстандыру саясатын барынша дәріптеу т. б. тарих пәнін оқытуға қойылған міндеттерді орындауға үлкен кесел келтірді. Осындай қателіктер бүкіл халық ағарту саласында, орта білім беру жүйесінде мықтап орын алды. Мұның бәрі келіп бүкіл жүйені, педагогика ғылымын дағдарысқа ұшыратты. Ең басты қателіктің бірі -оқушының, тұлғаның мүддесі ескерілмеді. Оның жан-жақты дамуына, бойындағы табиғи қасиеттерін жетілдіріп, шығармашылықпен жұмыс істеуіне, өз ұлтының тамаша салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарынан сусындауына, өмірдегі өз орнын таба білуге, оқуды күнделікті тұрмыспен байланыстыруға мүлде көңіл бөлінбеді, оған жағдай да жасалмады. Мұндай пікірлер басқа да зерттеушілер еңбектерінде кездеседі [33; 34; 35; 36].

Қоғамдағы бүкіл ғылым, білім беру жүйесі немесе оның белгілі бір саласы - орта білім беру дағдарысқа ұшырағанда, одан шығудың жолын білім философиясы тұрғысынан қарастырған дұрыс. Бұл жалпы дүние туралы, ондағы адамның орны мен қызметін, осыған сәйкес оған қажетті білімнің мақсаты мен міндеттерін, құрылымы мен мазмұнын, оның ұйымдастыру ұстанымдарын зерттеумен айналысады [33; 37]. Демек, білім философиясы алдымен сол орта білім беру жүйесінің нақты жағдайын, қызметін зерттеп талдайды, орын алған дағдарыстың себептерін анықтап, одан шығудың жолын көрсетіп береді. Алайда, Кеңес елінде "Білім философиясы" деген ұғымның өзі ғылым саласында көп жылға дейін қарастырылмады, бұл ұғым жеке авторлардың еңбектерінде кездескенмен, олар ұсынған идеяны дамытуға көңіл бөлінбеді, шынын айтқанда жол берілмеді [38]. Мәселен, тарихтың ғылым, білім ретіндегі және тәрбиелік маңызы, онда кездесетін құндылықтар туралы [39], тарих ғылымының тұжырымдамасы, тарихи зерттеулер, олардың құрылымы, тарихи зерттеулердегі жүйелілік үрдісі туралы бірқатар зерттеушілер өздерінің тарих философиясы туралы еңбектерінде [40; 41; 42] тоқталған. "Бұл еңбектер 80-жылдардың бас кезінде жарық көргеніне қарамастан, оларда келтірілген құнды пікірлер әрі қарай дамытылмады.

Кеңес елінде 80-жылдардың екінші жартысынан басталған жариялылық, халық ағарту саласына енгізілген демократияландыру, ізгілендіру, дамытушылық үрдістері және де дүние жүзілік халық ағарту саласында болып жатқан жаңалықтар КСРО мен Қазақстан мектептерінің оқу тәрбие жұмысына көптеген өзгерістер жасауға соқтырды. Ал, 90-жылдардан Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін реформалау басталды. Мұның өзі орта білім беру саласында түбірлі өзгерістер жасауға жол ашты.

Ең бастысы - оқытудың мақсатында болған өзгеріс. Енді білім беруде бірінші кезекке адамзат жинаған тәжірибиедегі құндылықтарды, өркениетті, мәдениеттануды оқытып үйрету шығып отыр. Осындай тұжырымға көптеген ғалымдардың келгені белгілі [43]. Білім беруде құндылық пен ізгілікті оқытып үйретуге басты назар аудару қажеттігі ғылымда көптен айтылып келген мәселе, бірақ та осы маңызды идея Кеңес елі мектептерінде өз дәрежесінде жүзеге аспады.

Соңғы уақытта жалпы мектепте берілетін білімнің, жеке пәндердің білім мазмұны ұлттық болуы керек деген ұстаным жиі айтылып жүр. Кеңес елінде де ұлттық мектептер көп болды, бірақ та олар формасы жағынан ғана ұлттық, ал білім мазмұны жағынан ұлттық емес еді. Бұл жөнінде қазіргі Ресейдің белгілі педагог-ғалымы В. Д. Шадриковтың мына пікірі орынды айтылған: "Мектеп халықтық ұлттық болғанда ғана оның беретін білімінің әрбір тамшысының өзі оқушыға аса құнды, өмірлік қажет болып сезіледі, сондықтан да ол оны меңгеруге, содан сусындауға барынша ұмтылады... Не пайда, бізде халықтық мектеп "Өркениет ұстанымы" тұрғысынан қайта қаралып, халықтық мектеп дегеннен жұрдай болды, оның халық, рух деген аты да өшті. Тіпті біз өнер, денешынықтыру пәндерінің мазмұнынан да халықтық дейтіндей ештеме қалдырмадық" [35].

″90-жылдардың басынан, яғни Қазақстан тарихының дербес пән болып оқытылғанынан бері қарай оның білім мазмұнын анықтауға, нені оқыту

керек? ″, — деген сұрақты шешуге мүлде басқа тұрғыдан келдік.

Басты ұстаным — алдымен Қазақстан тарихын Еуропоцентрлік Ресейцентрліктен құтқару болды. Өйткені Қазақстан тарихының мәселелерін

оны отарлаушылар немесе отаршылдық пиғылдағылар жазғаны белгілі. Олардың көпшілігінің еңбектерінде тарихтың бұрмаланғаны сондай, Шығыстан Еуропаға қарай барғандардың бәрі "жаулаушылар", ал Батыстан Шығысқа қарай аяқ басқандардың бөрі мәдениет, жақсылық таратушылар болып көрсетіледі [44].

Келесі бір маңызды ұстаным — Қазақстан тарихының білім мазмұнының ұлттық болуы. Мұнан, басқа ұлттар жасаған, жалпы адамзат жинаған құндылықтар қажетсіз немесе ең маңыздысы ұлттық құндылықтар деген ұғым тумайды, оларды бір-біріне қарама-қарсы қоюға да болмайды. Оқушы алдымен өз ұлтының құндылықтарын оқып үйрене отырып, сол арқылы басқа ұлттардың, сосын бүкіл адамзаттың жинаған құндылықтарын оқып меңгереді. Демек, Қазақстан Республикасы мектептеріндегі тарих пәні оқушының осы үш: этномәдени, жалпыұлттық (қазақстандық) және жалпыадамзаттық (әлемдік) құндылықтарды меңгеруіне көмектесуі тиіс. Кейбір ғалымдар халықтық, ұлттық мектептің білім мазмұнында төмендегі факторлар болуы керек деп көрсетеді. Олар: этностың пайда болу, даму тарихы және басқа халықтармен қарым-қатынасы, ол халыққа қоршаған ортаның әсері, мемлекеттілігінің қалыптасуы, мәдени дамуы, моралі, адамгершілігі, діні, философиясы, ұлттық наным-сенімі, салт-дәстүрі, жазудың пайда болуы, әдебиеті, тілі, бейнелеу өнері, биі, еңбектің негізгі түрлері, дүниежүзілік мәдениетті қамтитын гуманитарлық ғылымдар, жалпы тарих пен жағырафия, спорт пен денешынықтыру, күрес, халықтың денсаулық сақтау тәжірибиесі, үй тұрмысы, үй шаруашылығы, еңбек қызметінің негізгі түрлері, жаратылыс тану ғылымдары және олармен тікелей байланысты ғылыми-техникалық прогресс, қазіргі заманғы өндіріс пен технология [35]. Бұл айтылғандарды қолдай отырып, оған соңғы жылдары өз еңбектерінде білім философиясына көбірек көңіл бөліп жүрген белгілі философ-ғалым Ә. Нысанбаевтың: Орталық алаңдағы жаңа, тәуелсіз мемлекеттердің жергілікті халқының көпшілігі дәстүрлі ұлттық құндылықтар мен мәдени нормаларын қайта қалпына келтіруге бағытталған, өзінің сапасы жағынан жаңа оқу жүйесін жасауға ұмтылады деп болжауға болады. Сонымен бірге, біздің көп этникалы қоғамымыздың жаңа ұрпақтары дәстүрлі ұлттық құндылықтар мен мәдениетті ғана меңгеріп қоймай, басқаларға ұнайтынына, ұнамайтынына қарамастан XX ғасырдың соңында, XXI ғасырдың бас кезінде еңбек рыногында болатын бәсекеге түсуге толық жарайтын іргелі білім негіздерін меңгеруі тиіс [45] деген пікірін қоссақ, ұлттық мектептің білім мазмұны қазіргі заман талаптарына сай жетіле түседі деп тұжырымдауға болады.

Ұлттық мектептің білім мазмұнында болуға тиіс жоғарыда аталған факторлар түгелге жуық Қазақстан тарихының мазмұнында кездеседі. Ал дүние жүзі тарихы мен жағырафиясы, жаратылыстану ғылымдары сияқты толық қарастырылмайтындары мектептің оқу жоспарындағы басқа пәндердің құрамында баяндалады.

Қазақстан тарихының білім мазмұнын, оның көлемі мен құрылымын анықтайтын осы тұжырымдамалар мен бағдарламаларды жасауда дүние жүзілік халық ағарту саласында болып жатқан жаңалықтарды ескеруден, Қазақстан Республикасындағы қайта құрулардан, мектеп реформасынан туындайтын және де мектептік тарихи білім жүйесін қалыптастыратын ғылыми-тарихи және педагогикалық ұстанымдар мен талаптарды да басшылыққа алып отырдық. Олар: халық ағарту саласын қайта құрудың негізгі ұстанымдары - демократияландыру, ізгілендіру, дамытушылық; коммунистік, кеңестік идеология талаптарының тарихқа партиялық, таптық тұрғыда қарау салдарынан туындаған келеңсіздіктерді болдырмау; адамның "функциялық сауаттылығы" ұстанымын жүзеге асыруға үлес қосу; тарихи білімді іріктеуде көп деңгейлілік, көп аспектілік ұстанымын сақтау; диалектикалылықты, адамзат қоғамының тарихи дамуындағы көптүрлілік пен қарама-қайшылықтарды ескеру; тарих ғылымының соңғы жаңалықтарына мүмкіндігінше назар аудару, ескеру, тарих методологиясы талаптарын басшылыққа алу; адамзат қоғамының дамуын айқын, дәлелді, ортақ және оқушыларға әсер ететін білімдік, тәрбиелік, танымдық жағынан аса маңызды фактілерді іріктеу арқылы көрсету; білім құрамында негізгі тарихи категориялардың: тарихи уақыт, тарихи кеңістік, тарихи қозғалыстың дұрыс, тиімді қамтылуы; тарихи білімді іріктегенде педагогика теориясының білімнің жүйелілігі, толықтығы, түсініктілігі, теория мен практиканың байланысы сияқты басқа да дидактикалық ұстанымдар.

Қазақстан тарихы ғылымының қалыптасуында, оның кейбір методологиялық-ғылыми мәселелерін тарихи тұрғыда шешуде 1943 жылы жарық көрген "Қазақ ССР тарихының" (ерте заманнан қазірге дейін өзіндік орны бар [46]. Соғыс жағдайына байланысты уақытша Алматыға орналасқан КСРО Ғылым академиясының бір топ тарихшы-ғалымдарының қолдауымен А. М. Панкратова Қазақстан КП Орталық Комитетіне хат жазып, ″Орта мектепке арналған Қазақ ССР тарихы″ оқулығын жазып, баспадан шығаруды жоспарлауды сұрайды. Хатта мұндай оқулықтың қажеттігі, оны мектеп оқушылары емес, республиканың партия активі де, қалың жұртшылық та пайдаланатындығы және де ол оқулық біздің еліміз халықтарының тарихын жасауда белгілі рөл атқаратындығы көрсетіледі. Қолжазба 1942 жылы қазанда дайын болады. "Оны жазуға Мәскеу мен Алматының белгілі тарихшыларымен қатар көрнекті жазушылар: М. Әуезов, С. Мұқанов қатысады. Бірақ та қолжазбаны алғашқы талқылағанда-ақ елеулі алауыздық туады. Негізгі пікір таласы ұлттық қозғалыстар төңірегінде болады. Сондықтан кітапты жалпы жұртшылыққа арнап, кішірейтпей осы көлемде шығарайық сосын онан қысқартып, 10 баспа табақ етіп, мектеп оқулығын жасайық деген шешім қабылданады. Кітаптың жарыққа шығуы үлкен оқиға болды, ал КСРО-да ұлт республикаларының тарихын жазудың тұңғыш тәжірибиесі еді. Алғаш бұл еңбек Сталиндік сыйлыққа ұсынылады. Бірақ та екінші рет жоғарғы партия ұйымдары басшыларының қатысуымен талқыланғанда "орыстарға қарсы жазылған" деген пікір байқалады. Кейінірек осы пікір күш алып, бұл кітапта ұлтшылдыққа, буржуазияшыл көзқарасқа жол берілген, барлық қозғалыстар мен көтерілістер Ресейге қарсы болған, оған қосылу жаулап алу деп көрсетілген деген теріс қорытынды жасалады. Кітаптың жауапты редакторлары партиялық жаза алады. Қазақстан тарихын мектепте оқытуды орыс ғалымдары арасында алғаш көтерген көрнекті ғалым А. М. Панкратова КСРО ҒА тарих институты директорының орынбасары қызметінен босайды [47]. Кенесары бастаған қозғалыстың ұлт-азаттық сипатын дәлелдегені үшін қазақ халқының көрнекті тарихшысы Е. Бекмахановтың қандай жазаға ұшырағаны белгілі.

Коммунистік идеологияның теріс саясаты салдарынан Қазақстан тарихының Ресейге қосылу, отаршылдыққа қарсы болған ұлт-азаттық қозғалыстар сияқты маңызды проблемалары жарты ғасыр бойы бұрмаланып келді. Сондай-ақ, Қазақстан тарихы мектептерде сол 40-жылдардың бас кезінен бастап оқытылғанда бұл пәнді оқытудың методологиялық, ғылыми-әдістемелік тәжірибиесі қазіргіден әлдеқайда жол болар еді.

Қазақстан тарихының нағыз шындық методологиясының қалыптасуына, осы ғылымның аса маңызды да, күрделі салаларын зерттеп, кейінгілерге баға жетпес мұра қалдыруда академик Ә. X. Марғұланның үлесі зор. Ол, қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың барлық еңбектерін қарастырып, жүйелеп, бес томдық шығармалар жинағын жарыққа шығаруға басшылық етті. Тікелей өзі Орталық Қазақстанның тарихын ежелгі дәуірден бастап зерттеді және үлкен жаңалық ашты. Ол-Қазақстан жерінде өркениеттің тым әріден Б. з. бұрынғы екінші мыңжылдықтан басталатындығы. Белгілі маман тарихшылар, олардың арасында Орталық Азияны көп зерттеген үлкен ғалым В. В. Бартольд те бар - ертеде Қаратау мен Сырдарияның жоғары жағында халық мекендемеген деп келсе, Ә. X. Марғұлан бұл пікірді теріске шығарды. Б. з. бұрынғы XIII—VII ғасырлардағы Орталық Қазақстанда алынған түрлі тарихи ескерткіштер, құрылыс өнері, суғару жүйелері, Шығыс және Абыралы тауларынан бастап Ұлы тауға дейінгі аралықтан табылған құймалардың, пештердің, т. б. қалдықтары арқылы ежелгі Орталық Қазақстанда металлургия өркениетінің орталығы болғаны нақты тарихи деректермен дәлелденді. Ә. Х. Марғұлан қазақтың ежелгі рухани мәдениетін зерттеп, жинақтауға, жарыққа шығаруға көп еңбек сіңірді. Әсіресе ауыз әдебиеті шығармаларына, ақын-жыршылар шығармашылығына, қолөнер мұраларын зерттеуге үлкен үлес қосты. Бұл зерттеулердің нәтижелері Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай мәдениеті" [48], үш томдық "Қазақтың халықтық қолданбалы өнері" [49] және басқа да еңбектерінде баяндалды. Ә. X. Марғұлан кейінгі ұрпаққа әрқайсысы 35-45 баспа табақтық 10 томдық еңбек қалдырды. Олардың арасында түркі халықтарының тамаша эпикалық мұралары. Орталық Қазақстандағы ежелгі сәулет өнерінің ескерткіштері, Сарыарқа жақтарындағы таңбалар, Қазақстан егіншілерінің тарихы сияқты тарихи зерттеулердің нәтижелері бар [49]. Ұлы Отан соғысы аяқталып, халық шаруашылығы, мәдениет қалпына келтіріліп, оларды ілгері қарай дамытудың жоспарлары белгіленіп жатты. Ғылым, мәдениет қайраткерлері қайта түлеп, өз салаларын жетілдірудің жолдарын шығармашылықпен іздестіре бастады. Бірақ та 1950 жылдардың бас кезіндегі Коммунистік партияның идеологиялық жұмыстарға байланысты қабылдаған қаулылары тарих ғылымының дұрыс дамуына жол бермеді. Ғылымның, қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихының көптеген қайраткерлері жазықсыз жазаланды, қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың арасында қатарын біз жоғарыда атап өткен Е. Бекмаханов, Ә. X. Марғұлан да болды. Қазақстан тарихы бірнеше ондаған жыл бойы методологиялық жағынан тоқырауға ұшырады. Тек 80-жылдардың аяқ кезінен бастап қана ол тоқыраудың сеңі бұзыла бастады.

Қазақстан тарихын оқытудың ғылыми-педагогикалық, әдістемелік негіздері. Біздің зерттеуіміздегі тағы бір басты проблема — Қазақстан тарихының материалдарын қалай оқыту болды?

80-жылдардың екінші жартысына дейін педагогика ғылымының бұрыннан қалыптасқан методологиясын ескере отырып, Батыстың, Ресейдің атақты педагог ғалымдарының: Я. А. Коменскийдің, И. Г. Пестолоцийдің, А. Дистервегтің, К. Д. Ушинскийдің оқыту, тәрбиелеу жөніндегі идеяларын басшылыққа алдық [50]. Қазақстан тарихын оқыту әдістемесін жетілдіру мақсатында эксперимент үшін жасаған сабақ жоспарларында, жарияланған әдістемелік еңбектерімізде белгілі педагог-дидактардың, тарихшы әдіскерлердің зерттеулеріндегі жаңалықтар: оқытудың ұйымдастыру формаларын жетілдіру, оқыту процесін оптималдандыру, оқушылардың таным белсенділігін арттыру, дамыта оқыту, олардың өздігінше атқаратын жұмыстарын тиімді ұйымдастыру, оқыту мен тәрбиелеудің жаңа әдіс, тәсілдерінде қол жеткен жаңалықтарды шығармашылықпен пайдаланып отырдық. Белгілі педагог-ғалымдар арасында К. Д. Ушинский өз еңбектерінде тарихты оқытуға, онда қолданатын әдіс, тәсілдерге көбірек алған. Алдымен ол тарихи білімнің-мазмұнына назар аударады. Тарихи білімді іріктегенде Отан тарихын оқытуға көбірек көңіл бөлу керектігін ескертеді және де өз халқының келешегі, бақыты үшін күрескендер, Отанын сыртқы шапқыншылықтан қорғауда ерекше батырлық көрсеткендерді таныстыру қажеттігін атап өтеді. Мектепте алдымен тәрбиелік жағынан пайдалы аса маңызды оқиғалар оқытылуы қажеттігін айта келіп, олардың хронологиясын есте қалдыру керек дейді [50]. Ол тарихты оқытудың бірқатар маңызды әдіс, тәсілдерін: тарихи материалды әңгімелеп айту, эвристикалық әңгімелесу, білімді берік меңгерту, тарихи картаны, бояулы суреттерді пайдалану және қайталауды ұйымдастырудың тиімді жолдарын көрсетіп берді. К. Д. Ушинскийдің тарих оқулықтарын жетілдіру жасаған тұжырымдары күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. [51].

80-жылдардың екінші жартысынан бастап Шығыстың, Орта Азия мен Қазақстанның ойшылдары мен ғалымдарының білім, тәрбие беру саласында жазып қалдырған өсиеттерін басшылыққа алуға айырықша назар аудардық.

Әбу Насыр әл-Фараби педагогика мен әдістеме бойынша арнаулы еңбектер жазған. Оның оқыту, білім беру, тәрбиелеу жөнінде айтқан пікірлерінің бәрі адамдарды ізгілікке тәрбиелеуге келіп тоғысады. Ол өз еңбектерінде дидактика мен әдістеме мәселелеріне ерекше мән береді. "Философтардың қойған сауалдарына жауаптар" деп аталатын еңбегінде жаттаудан гөрі түсініп оқудың артықшылығын, түсініп оқудың жолдарын баяндайды. Оқыту барысындағы көрнекіліктің, қайталаудың маңызына тоқталады. Оның ғылымды, білімді меңгеру туралы, ақылды, парасатты адам болу туралы айтқандары осы күнге дейін құнды [52].

Ы. Алтынсариннің оқу материалын түсіндіру, ұқтыру, көрсету, сұрақ-жауап арқылы оқушылардың алған білімдерін бекіту, ол білімді өмірде қолдануға үйрету туралы айтқандары үнемі назарда болды. Сондай-ақ оның білімнің жүйелілігі, шамаға лайықтылығы, жеңілден ауырға, белгіліден белгісізге, жақыннан алысқа, қарапайымнан күрделіге қарай оқыту жөнінде айтқандарының пайдалы екенін тәжірибие көрсетті. Оның "Қазақ хрестоматиясына" білімділік, тәрбиелік жағынан аса маңызды тарихи әңгімелер, өлеңдер енгізуі қазіргі оқулық жазатын авторларға үлгі. Олар жастарды елін, халқын, Отанын сүйе білуге, талапты, жігерлі, ұқыпты болуға, еңбек сүйгіштікке, басқа да жақсы қасиеттерді бойларына сіңіруге үлес қосады [53].

А. Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздерінде оқу, білім, өнердің маңызы, оларды меңгерудің жолдары туралы небір тамаша өсиеттер айтылады. Сонымен бірге адамға қажетсіз, зиянды мінез-құлықтардың пайдасыздығы жеріне жете әшкереленеді. Бұған: "Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой — бес асыл іс көнсеңіз; өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ — бес дұшпаның білсеңіз",-дегені дәлел [54]. Кейбір өлеңдерінде татулық, ауызбірлік, достық уағыздалады.

Абай жастар тәрбиесіне, олардың келешегіне айырықша мән берген. Өз балаларын, қыз балаларын да жеті-сегіз жасынан бастап берген. Ауылда сабақ берген молдаға келіп, түрлі тақырыптарда, олардың арасында ұстаздық тақырып бойынша да әңгімелескен, балаларының оқуын қадағалаған. Балаларды жиі-жиі жиып алып, оларға өнегелі, тартымды әңгімелер айтып берген. Өзінің "Ғақлия" атты кітабының қолжазбасын молдаға беріп, оны молда барлық балаларға көшіртіп, оқулық есебінде пайдаланған [54].

Абай өзінің өлеңдерінде айтқан ойын қара сөздерінде одан әрі жалғастырады. Оларда халықты мәдени мешеулікке қарсы күреске шақырады, отырықшылықтың, ағарту ісінің, білімнің пайдалылығын көрсетеді. Жетінші сөзде дүниеге жаңа келген нәрестенің психологиялық ерекшелігіне назар аударады, ал он тоғызыншы сөзде осы пікірін одан әрі жалғастырады. Жиырма бесінші сөзде баланы оқытудағы мақсат және қандай оқуға беру, он үшінші сөзде өнерді үйрену және сол өнерді қалай, не үшін пайдалану, қырық екінші сөзде жалқаулық пен жұмыссыздықтың зияны, қырық төртінші сөзде талапсыздықтың пайдасы мен зияны туралы айтылады [55]. Ол Шәкәрімге: "40 жасқа толысыңмен саган қаражат беріп, жаңа білімді іздеуге жіберемін. Көне грек ғалымдарының еңбектерін Стамбұлдан табасың, Мекке мен Мединада араб елінің ғылым сусынданасың, ал Мысырда Ескендір Зұлқарнайын ашқан кітапханада әр дәуірдегі әр түрлі халықтың шығармаларымен танысасың [56], -деген екен. Шәкәрім бұл тілекті орындады, әрі Абайдың үмітін ақтады.

Шәкәрім де өз еңбектерінде сауатсыздыққа қарсы күресуді, жұртшылықты білімге, өнерге шақыруды мақсат етті. Соның ішінде жас ұрпаққа Ар білімін үйретуді бірінші орынға қойды, сонда ғана дүниені Рахым, Ынсап, Мейірім, Ар билеп алар еді деген тұжырым "Жастарға" деген шығармасында қазақ жастарын Абайдан үлгі алуға, оқуға, үйренуге, уақытты босқа өткізбей, әркім өз бойына, ар, рахым, имандылықты сіңіруді, қажыр қайратын халық үшін сарқып жұмсауға,жалқаулықтан, жатып ішерліктен, мансапқорлықтан аулақ болуға шақырады. Ол білімнің сырын ұқ, ішін біл, терең түсін деген өсиет қалдырады. Білімді көңілге қондырып, бойға дарыту үшін төмендегі жеті шартты ақыл-ой тәрбиесінің басты құралы деп көрсетеді. Олар: мейірім, ынсап, әділет, шыдам, шыншылдық, қарекет, ақниет [56].

А. Байтұрсыновтың көптеген ғылыми еңбектер, оқулықтар жазумен бірге, әдістемелік еңбектер де дайындағаны белгілі ("Оқу құралы", "Баяншы", т. б.). Оларда оқыту үрдісінің: оқытуды ұйымдастыру, оқыту ұстанымдары, білім мазмұны және оны іріктеу жолдары, білімді меңгертудің тиімді әдіс-тәсілдері сияқты өзекті мәселелері баяндалады [57].

М. Жұмабаев дарынды ақындығымен қатар ұстаздықты мұрат, сабақ берген, лекциялар оқыған, оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазған. Солардың арасында оның "Педагогика" кітабының орны бөлек. Ол 1922-23-жылдары қатарынан екі рет басылады. Мұның өзі еңбектің құндылығын және ұстаздарға арналған еңбектердің тапшылығына байланысты оған сұраныстың көп болғанын көрсетеді. Кітап авторына қатысты мына екі жағдай назар аударады. Біріншіден, автор кіріспе орнындағы "Сөз алдыдан" бұрын «Тарту» деген арнау сөз берген. Онда кітаптың мұғалімдерге арналғанын астын сыза айта отырып, олардың қызметін де, өздерін де бағалайды... осы тартуын қабыл алуын өтінеді. Автор келешекті дұрыс болжаған, бүкіл қазақ халқын жаппай сауатты етуде мұғалімге түсетін жауапкершілікті көре білген. Екіншіден, "Сөз алдында" кітаптың көшірме емес екенін, бірақ та белгілі педагог-психологтардың еңбектерін пайдаланғанын, ол авторлардың аттарын атай келіп, "шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым"-дейді.

[58]. Кітап екі бөлімнен тұрады: педагогика және психология. Алғашқы бөлімде: жалпы педагогика; дидактика; методика; мектепті басқару; педагогика тарихы қарастырылады. Ал, психология бөлімінде нерв системасы, әсерлену, абай, суреттеу, ес, қиял, ойлау, тіл, қайрат туралы, баяндалады. Аталған педагогикалық, психологиялық компоненттердің бәріне нақты мысалдар қазақ өмірінен, қазақ отбасынан алынады. Сондықтан да М. Жұмабаевтың бұл еңбегі жеке пәндерді оқыту әдістемесінің педагогикалық, психологиялық негіздеріне жатады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет