АҚымет байтұрсынұлы – Қазақ грамматологиясының атасы салқынбай А. Б



Дата08.09.2017
өлшемі90,28 Kb.
#31886
АҚЫМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҚАЗАҚ ГРАММАТОЛОГИЯСЫНЫҢ АТАСЫ
Салқынбай А.Б.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

Алматы, Қазақстан.
Тірек сөздер: Ақымет Байтұрсынұлы, жазу ілімі, рухани мәдениет, әліпби.
 Жазуадамзат қоғамы жасаған мәдениеттің биік шыңы. Пиктографиялық және идеографиялық жазулардан бастау алатын жазу тарихы адамзаттың жүріп өткен жолынан мол ақпарат беретін басты құндылық. Жазу болған жерде тарих - бар, білім – жүйелі, ой – тиянақты, ғылым – сапалы, рухани қазына – жинақы. Ғылымның бар болуы жазумен тікелей байланысты, сондықтан сөйлеу мен жазудың қатынасының басты анықтағышы да, ойлаудың таразыланып, ортақ игілікке айналуының да басты әрі негізгі көрсеткіші – жазу. Елдің, ұлттың тарихы таразыланғанда, рухани мәдениетінің парқы мен нарқы зерделенгенде жазудың қадірі арта түседі. «Біздерде мынадай бар, мынадай бардың» нақты дәлелі болады. Жазумен таңбаланып, анықталмаған тарихқа мұрагеріңді қалай сендірмексің, бабадан қалған мұрам еді деп кімді иландырарсың? Қандай формада болса да, жазумен қалған тарих – еліңнің еншісін бөлмей сақтауының басты кепілі. Жазусыз тарих көптеген талас-тартыстарға жол ашып, Елдің кешегісін көз алдына келтіре алмай, ертеңіне деген кемел сенімін әлсіретері даусыз. Осындай аса бір қажеттіліктің мәнін терең ұғып, төл жазу туғызып, төл әліпби жасаған ХХ ғасыр басындағы қазақ көсемі, біртуар кемеңгер ғалымы – Ақымет Байтұрсынұлы еді.

Алдымен, мәмілеге келетін нәрсе – А. Байтұрсынұлы түзген араб таңбасына негізделген әліпби қазақ тілінің сөйлеу тілін дәл таңбалайды; барлық емлелер нақтылығымен, ғылымилығымен ерекшеленеді; бүгінге дейін қолданыста бар (Қытайдағы қандастарымыздың қолданысында).

«Әліпби деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы» деп жазған Ақымет Байтұрсынұлы әріптердің тіл дыбыстарын нақты таңбалауына, оқуға және жазуға жеңіл келуіне, үйретуге оңай болуына басты назар аударады [1]. Ғалым жасаған әліпбидің басты ерекшелігі ретінде қазақ сөзін дәл таңбалап, әрбір таңбаның мәні мен ерекшелігін нақты сипаттап, әрі осы дәлдік пен нақтылықты ғылыми тұрғыдан терең талдауында дер едік.

Қазақ жазу ілімі теориясында әріп саны фонема санымен бірдей болуы жетілген жазу екенін танытады деген тұжырым А. Байтұрсынұлы еңбектері арқылы қалыптасты. Әріптің фонемадан аз болуы түркі тілдеріндегі сингармония заңының сөздің негізгі құрылымы мен мағыналық ерекшелігін аша алу қасиетімен байланысты. Дауыстылардың бірыңғай жуан-жіңішкелігі сөздің барлық буындарында сақталатындықтан, көп таңбадан гөрі, сөздің алдына дәйекші белгісін қою арқылы жазу экономиясына жетуге болатынын табуы – Ахмет Байтұрсынұлының реформаторлығы ретінде танылады. Қазақ тіліндегі жиырма төрт түрлі дыбысты таңбалаудың өзіндік ерекше жолы мен жүйесін ұсынған ғалым “қ” мен “ ғ” дыбыстарының ылғи жуан, “к” мен “г”, “е”-нің ылғи жіңішке айтылатынын ескерте отырып, былай деп жазады: “Егерде бұл 19 дыбыстың жуан айтылуы үшін бір белгі, жіңішке айтылуы үшін бір белгі керек десек, .. онда 19 дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған дайым жуан айтылатын “қ” мен “ ғ”-ны қосқанда дайым жіңішке айтылатын “к” мен “г”, “е”-лерді қосқанда, бәріне 43 белгі (харіп) керек” [2].

Дауысты дыбыстар сөздің жаны, дауыссыз дыбыстар сөздің тәні есебінде” деп санаған Ахмет Байтұрсынұлы әрбір әріп пен оның айтылу жолын тәптіштеп түсіндіріп, жазу емлесін жасайды. “Дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстардың иелігінде” (Сонда, 328-бет) деп түсіндірген ғалым қазақ тіліндегі үндестік заңының ерекше қасиетін айта отырып, оның айту мен жазудағы нақты әрі табиғи қалпын сақтап, дауыссыздың өзі, шындап келгенде, осы заңға бағынатынын дәлелдейді. Бұл ғылыми шындықты кейінгі ғалымдардың мойындағаны, теориялық-тәжірибелік тұрғыдан анықтағаны тағы шындық (Ә. Жүнісбек).

Жазу дегеніміз – дыбыстың таңбасы. Әр дыбыстың әр елдің таңбасындай таңбасы болады. Таңбасына қарап қай дыбыс екенін танимыз” деуінде үлкен мән бар [3]. Демек, ғалым үшін қазақ тілінің айтылымындағы фонема саны мен әріп саны шамалас, дәл келуі керек.

Қазақ жазу үлгісіндегі тыныс белгілеріне де А. Байтұрсынұлы ерекше мән береді. “Әріптен басқа жазуда қолданылатын белгілерге бүгінге дейін анықтап белгілі ат қойылған жоқ еді. Сүгіретке қарап, біреу олай, біреу былай деп атайтын еді” – дей келіп, негізгі тыныс белгілеріне қазақша ат қойып, бірінші рет айдар тағады: “тыныстық (.), жапсарлық (,), қосарлық (═), тастарлық (–), дәлдеулік (« »), сұраулық (?), лептеулік (!)” [Сонда, 337-бет]. Мұнан байқалатыны, қазақша тыныс белгілерге ат беру, олардың қойылу жолын түсіндіру автор үшін маңызды болған. Қазіргі кездегі тыныс белгі, қосу (+), сұраулық, лептік белгі, нүкте, үтір терімсөздерінің алғашқы жасаушы да А. Байтұрсынұлы болғанын аңғарамыз.

Ғалым дауысты дыбыстардың графемалық қасиетін – “буыншы әріп” ретінде танытады да, олардың мәнін, сөз құрамындағы мазмұндық сипатын ерекше талдайды. Сөз мағынасын анықтайтын дәйекші белгінің маңызын жіті түсіндіреді.

Қазақ жазу ілімінің атасы А. Байтұрсынұлы “Дыбысқа сәйкестеп әріп алынбаса, сөздің жазылуы мен айтылуы бөлектенбей қала алмайды” деген ойын бірнеше жерде жұмырлайды, дыбыстар мен әріптер арасындағы қарым-қатынасты терең барлай келе, “дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан, сөздің жазылуы мен айтылуының арасында да сәйкестігі күшті” екенін анықтайды [Сонда, 359-360-беттер]. “Тілдегі бар дыбыстың бас-басына арнаған белгісі бар болса”, тәртіпті жазу болатынын қайталай ескертіп отырады [Сонда, 380-бет].

Қазақ жазу үлгісін ағылшын, американ, француз, қытай жазуларымен салыстыра отырып, олардан ерекше екенін дәлел келтіре отырып анықтап, айтылу мен жазылу арасындағы сәйкестігі мол жазулардың қатарына төте жазуды да жатқызады.

Әліпби түзген, тыныс белгілерін нақтылаған, жазу үлгісін көрсетіп, графема мен фонема арасындағы сәйкестікті терең талдаған А. Байтұрсынұлы емле тәртібіне де мән береді. Әлем халықтарының емле жүйесінен мол хабары бар ғалым, қазақ сөзінің ішкі болмысына сай келетін жүйені, дұрыс сауаттандыратын емлені қажет санайды. “Сауаттылық негізі жазу” деген жолды берік ұстана отырып [Сонда, 362-бет], “жазу – әріптердің сүгіретін сала тізу, оқу – әріптердің дыбыстарын айта тізу” екенін нақтылайды.

Ғалым емленің төрт негізін атап көрсетеді:


  • таңба жүйелі (негізі - ынтымақ);

  • тарих жүйелі (негізі - дағды);

  • туыс жүйелі (негізі - тегіне қарай);

  • дыбыс жүйелі (негізі - естілуіне қарай).

Оларға жеке-жеке талдау жасай отырып, әрбірінің ерекшелігі талдап, оң тұсы мен қазақ сөзіне сәйкес келмейтін жағын ғылыми тұрғыдан саралап зерделеді. Ең бастысы, қазақ сөзінің дұрыс жазылуына ерекше мән береді, ауызша айтылғанның бәрін сол қалпында жаза салуға да болмайтынын атап көрсетеді.

Қазақтың төл жазуы деген түсінікті А. Байтұрсынұлы еңбектерінен кейін қолдануға мүмкіндік туды. Өйткені қазақ сөзінің өзіне тән айтылым, жазылым ерекшеліктері мен сипаты осы еңбекте жан-жақты анықталып, грамматология ғылымы талап ететін заңдылықтарға басты көңіл бөлініп, негізгі ғылыми жауабы берілді.

Жазу туралы ғылым өзінің дербес пәнін нақтылау үшін, тілдің табиғи қалпын таңбалайтын, ғылыми сипатын іздеуі керек десек, А. Байтұрсынұлының қазақ жазуы туралы жазған ғылыми пікірлері осы талаптарға толықтай жауап береді. Төте жазудың сөздің дыбыстық табиғатына жақын келіп, оқуға және жазуға оңай болуы үшін Ақымет түсіндіруіне қарап отырып, осы жазудың қазақ сөзінің болмысын таңбалау үшін барын салғанын аңғару қиын емес.

Қазақ сөзінің дұрыс жазылуы үшін «туыс жүйелі емленің де, дыбыс жүйелі емленің де түкпіріне қамалмай, екеуінің арасынан жол тауып беретін» Байтұрсынұлы ұсынысы бүгінгі күнгі орыс жазуына негізделген әліпбиіміздің де басты талаптарының жасалуының теориялық негізі болған деп есептейміз. Бұл Ақымет ұсынған сегіз ұсыныстың ғылыми негізділігі мен жүйелілігін танытса керек.

Сонымен, А. Байтұрсынұлы қазақ жазу ілімі ғылымының негізгі ғылыми-теориялық тұжырымын жасап, тәжірибелік жолын қалыптастырған, фонема мен графема арасындағы қатынастың тереңдігін дәл тауып, айтылу мен жазу арасындағы сәйкестіктің мүмкіндігінше мол, нақты болуына басты назар аударған тұңғыш ғалым.

Грамматология ғылымына неге назар аударамыз?

Грамматология – жазу туралы, жазу жүйесі туралы, жазудың генеологиялық тарихы мен даму жолдары, мәдениеттегі жазудың рөлі мен орнын саралайтын тіл білімінің бір саласы. Бұл саланы алғаш жүйелеп, ғылыми тұрғыдан негіздеген америкалық ғалым И. Е. Гельб. Ол «Опыт изучения письма (основы грамматологии)» атты зерттеуінде алғаш «грамматология» терім сөзін қолдана отырып, адамзаттың жазу тарихына терең талдау жасайды. [4].

Ф. де Соссюрдің пайымдауынша, сөйлеу тілі жазуға байланып қалмайды. Соссюрдің келтіретін қисынында ауызша сөйлеу, өз терім сөзімен айтсақ, «белгілеуші мен белгіленуші» ғана – тіл білімінің басты зерттеу пәні болып қала бермек. Жазу – Соссюр ұғымында, шартты белгінің жиынтығы.

Қазіргі Еуропа ғылымында жазудың маңызы мен рөлі жоғары бағаланады. Бұл туралы Жак Дериданың жазған ғылыми зерттеулерін келтіру орынды болмақ [5]. «Вопросы истории письма, процесс его постепенной фонетизации и линеаризации лежат в корнях и основаниях всех наук», - деп жазады Ж. Дерида. Жазудың табиғатын мәдени-философиялық бағытта таразылаған Жак Дерида оның мәдени дамудағы маңызды рөлін анықтайды.

Ал жазу-сызуы кеш дамыған деп танылып жүрген қазақ халқының тіл білімінде Ақымет Байтұрсынұлы арқылы тек жазудың өзі ғана емес, сонымен бірге оның ғылыми жүйесі негізделгенін, әрбір таңбаның сыры мен қыры анықталып, емлесі орныққанын және бұл жазудың сөйлеу тіліндегі дыбысталуына дәл және толық сәйкес келгенін көрсету орынды болмақ.

ХХ ғасырдың ең үлкен қасіреті қазақ сынды еркін көшіп, кең жайлаған дала халқының Ф.И. Голощекиннің қолдан жасаған «көшесінде» отырам деп, малынан айрылып, ашаршылыққа тап болуы ғана емес, жиырма-отыз жыл көлемінде жазуын үш рет ауыстыруы еді. Рухани құлдырау, түпкі шын тарихынан көз жазу, сауаттылық пен сауатсыздықтың арасын мөлшерлеуден ажырау – жазудың ауысуымен тікелей байланысты деп қарауымыз қажет. Адам өзінің сезімін, ойын, түсінігін белгілі қалыптасқан шартты таңбалар арқылы, яғни жазу арқылы бере алады. Бұл жазу не таңба барлығына түсінікті болуға керек. Ал өткен ғасыр басындағы жазудың ауысуы қазақ халқын осындай бір-біріне түсінікті болудан, бірін-бірі жазу арқылы түсінуден айырды.

Кешеге дейін жазылған ғылыми әдебиеттерде көшпенді қазақ халқының мәдениеттен, соның ішінде жазу мәдениетінен кейін қалып, кешеуілдеп дамығаны тілге тиек етілетіні жасырын емес. Ал ХХ ғасыр басында жазылған Ақымет Байтұрсынұлы жазған еңбектерде қазақ жазуының жүйесі талданып, төте жазу ұсынылып, оның грамматологиялық табиғаты ашылғанын көрсету арқылы қазақ мәдениетінде жазу туралы ғылыми зерттеулердің болғанын, оның кеңестік саясатпен тұншықтырылғанын нақты деректер арқылы таныта аламыз. Тек әліпбидің жайы мен емлелердің мәні жөнінде ғана Ақымет Байтұрсынұлының жиырма шақты ғылыми мақаласы бар. Мұнда жазылған мәселелер өзінің ғылыми сипаты жағынан әртүрлі болып келеді. Заманындағы айтыс-тартыстарға жауап ретінде, елге түсіндіру мақсатында жазылған ғылыми еңбектің бүгінде де өзектілігі бар. Қазақ ғылымында қазірге дейін шешілмей, үлкен полемика туғызып отырған жазу, жазу ауыстыру мәселесі сол Ақымет көтерген және жауап берген деңгейден жоғары аса алмаған.

Ғалым зерттеулерінде әліпбидің жалпы ғылыми теориялық мәселелеріне қатысты да өз пайымдауларын айтып отырады. Мәселенки, «жақсы әліпбидің сыпатын таныту» үшін, оның төрт түрлі қасиетін санамалап көрсетіп, түрік әліпбиіне, латын әліпбиіне қатысты өзінің көзқарасын білдіреді. Бұл көрсетілген талдаулар қазіргі грамматологияда талданып жүрген ғылыми зерттеулердегі қисындардан артық болмаса, кем емес дер едік.

Қорыта айтқанда, Ақымет Байтұрсынұлы түзген әліпбидің Қазақ әліпбиі ретінде, грамматологиялық негізі жүйелі зерттелгендіктен, қазіргі таңда да қолданыста бар болғандықтан да, әлемдік деңгейде жазу ғылымы тарихынан орын алуы керек.



Ал қазақ тіл білімінде жазу ғылымының (грамматологияның) негізін қалаған А. Байтұрсынұлы екені даусыз шындық.
Пайдаланған әдебиет:


  1. Алаштың тілдік мұрасы. -Алматы, 2009. 27-бет.

  2. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы, 324 –бет.

  3. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы 332-бет.

  4. Гельб И.Е. Опыт изучения письма: Основы грамматологии/Перевод с англ. М., 1982.

  5. Деррида Ж. О грамматологии/ Пер. с франц., Издательство: -М., 2000. С: 512.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет