Ақын, жазушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына библиографиялық шолу



бет2/2
Дата05.11.2016
өлшемі330,99 Kb.
#797
1   2

Абайдың ақындық әлемі дегеніміз мағыналық ауқымы өте кең ұғым. Абай поэзиясы - өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең көкейкесті, ең күрделі және маңызды мәселелерін қозғаған, толғаған поэзия. Оның өлеңдерінде, қара сөздерінде қазақ өмірінің көркемдеп бейнелеген телегей теңіз шындығы бар.

Абай поэзиясының ішкі рухы мен көрініс-көркі, сипаты мен сыны бұрын әдебиетте дәл мұндай дәрежеде көрімбеген жарасымды жаңалық танытады. Ақын поэзиясына осындай қуат-күш, көркемдік сәулет беріп тұрған, оның шығармасында қазақ халқының бүкіл өмірінің, әсіресе сол дәуірдегі қоғамдық өмірінің шындығы терең бейнеленуі және әдебиеттегі ұлттық көркемдік ойлау өзгешілігінің, өмір құбылыстарын сөзбен мүсіндеу шеберлігінің жарқырап көрінуі.

Абай заманы, ол ақындық өнерге, ағартушылық жолындағы күреске барын салып кіріскен кез-қазақ халқының тарихындағы ең бір күрделі, талас-тартысы, қайшылығы мол дәуір болатын. Абай осы ортада өсті. Кедей шаруаларды сүліктей сорып, алдау мен арбаудан «жиған малын қорғалатып жүрген байлардың» өтірігі мен өпіремдігін, «күш сынасқан күндестігін» көріп, озбырлар ортасынан жирене, түңіле өсті. Мейірімсіз әкенің ызғарынан ығысқан Абай анасы Ұлжан мен әжесі Зеренің маңынан тапқанын да Әуезов тұжырымдаған. Бала күнінен зерек, ойлы немересіне кәрі әже өзі білген ертегі-әңгімелерін айтып, оны талай қызық қиялға шомылдырады; болашақ ұлы ақынды сәулелі сұлу сезімдерге баулиды.



Абай алғашқы кезде ауыл молдасынан хат танып, он жасында Семей қаласындағы медресеге түседі. Мұнда бар болғаны үш-ақ жыл оқиды. Медреседегі діни схоластикалық оқу Абайды қанағаттандыра алмайды. Ол енді өз бетімен білімін толықтырмақ боп, одан әрі ізденеді. Туысқан Орта Азия халықтарының Навои, Низами, Фирдауси секілді жұлдызды шайырларының шығармаларымен танысады. Coлардың әсерімен алғашқы өлеңдерін жазады.

Абай медреседе оқи жүре, бір жағынан сол Семей қаласындағы приходская школаға түсіп, орыс тілін үйрене бастайды. Бірақ, бұл да ұзаққа созылмайды: бас-аяғы бірнеше айдан кейін орысша оқу да үзіледі, әкесі Абайды қаладан ауылға қайтарып алады. Құнанбайдың ондағы мақсаты — баласын ел басқару ісінде өзіне ізбасар етіп дайындау. Абай бұл әмірге де еріксіз көнеді, әке ықпалымен ел жұмысына араласады. Ақынның кейініректе ызамен айтқаны:

                                           

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,

Сандалмамен күн кешкен, түспе ізіме…

деген сөздері осының өкініші еді.




Абай өз елінде болып жатқан осындай тарихи оқиға мен өзгерістердің қалың ортасында болды. Ел жайын барлап, әлеуметтік өмірге, халықтың саяси-экономикалық халіне, мәдени тұрмысына назар аударып, көп ойланып, көп толғанды, өз дәуірінің заман ағымын сыншыл да шыншыл пайымдады. Абай өз өлеңдерінде осыны аяусыз шенеп, әшкереледі.

Ол халықтың жарқын келешегіне сенді және оның тетігін тауып қаланар кірпіші жастар деп білді. Ақылы мен өсиетін соларға арнады. Бір өлеңінде:

 Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

 Пайдасын көре тұра тексермедім.

                                       Ер жеткен соң түспеді уысыма,

                                       Қолымды мезгілінен кеш сермедім,-

деп, өзінің өткен өміріне өкінішін айта келіп, жастарды содан сақтандырса, енді бір өлеңінде олардың алдына «Ғылым таппай мақтанба» деп қатал талап қойды.

Сөйтіп, Абай өзін қоршаған қапас дүниеде булыға бұлқынған қараңғы қауымның аянышты халін көріп, оның «көзін қойып, көңілін ашу» жолында қолынан келгенше жанып, жарқырап бақты. Езілгендердің еңсе көтеруі үшін барын салды. Ел басындағы қалың тұманның ақыр бір күн ашыларына, айығарына сеніп, жарқын келешекке зор үмітпен көз тікті:

                                          Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

                                          Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.

                                          Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,

                                          Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.

Болашақтан бақытты өмір күтті. Бойындағы бар асылын, қабілетін, күш-қасиетін, білімі мен өнерін осы ұлы үмітке арнады. Осынысы үшін ол қысым да көрді. Қазақтың бай-феодалдар тобы, патша әкімдері соңына түсіп, аяқ басқанын аңдып, ақын өмірі ауыр азапқа айналды. Өмірінің соңғы кезінде ақын басында болған реніш, өкініш сарындары осыған байланысты еді.

Абайдың аңсаған арманына жете алмай өкініп өткені өлеңінде де тұр:

                                            Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,



                                            Етекбасты көп көрдім елден бірақ…







Ақын кім? Ақындық деген не? Бұл сұрақтардың жауабын кезінде Абайдың өзі берген. Ұлы ақынның «Адамның кейбір кездері» деп басталатын өлеңінде мынадай керемет жолдар бар:

                                            Сылдырап өңкей келісім

                                            Тас бұлақтың суындай…

Алдымен, Абай — ақын. Ақын болғанда бүкіл бір халықтың ұлттық мәдениетінің ғасырлық мерейі, әдебиетінің заңғар биігі болған данышпан, классик ақын. Олай болса, Абай творчествосының дені — поэзия. Ал, сол Абай поэзиясының дені — лирика. Осының өзінен-ақ, әлгі айтқанымыздай, мұның қаншалық шалқар теңіз екені белгілі.

Абай лирикасы сала-сала. Жалпы, лирика деген ұғымға қандай қасиеттер тән болса, Абай өлеңдерінде соның бәрі бар. Лирикалық шығармадан оны жазған адамның өмір сүрген ортасын, сол ортаның саяси-әлеуметтік халін, адамдардың алуан-алуан мінез-құлқын, ой-өрісін, жан-күйін, арман-тілегін, мақсат-мүддесін аңғарамыз.

Сонымен қатар, лирикалық шығармадан ақынның өзін, өзіне тән айрықша мінезін тануға да болады. Оның өзі ғана емес, оқушыны да тебіренте, сезіндіре көрінеді.

Абай да өз лирикасының керекті жерінде кейбір қоғамдық қатынастардан белгі бере отырып, өзінің таптық көзқарасын, идеялық бетін айқындайды.

Қараңғылыққа, надандыққа жаны күйген Абай дүйім жұртты қайткенде түзеудің жолын көздеп, бір тоқтаған түйіні — ғылым, өнер болса, соның ізінше еңбекті тауып, халықты соған үндеді:

                                           Тамағы тоқтық,

                                           Жұмысы жоқтық

                                           Аздырар адам баласын…

                                           Еңбек кылсаң ерінбей,

                                           Тояды қарның тіленбей.

Абайдың әлеуметтік тақырыптағы өлеңдері көп. Соның бәріне желі боп тартылып жатқан негізгі идея — қалың бұқараның «көзін қойып, көңілін ашу», қараңғы қауымды еңбекке, білімге, өнерге, адалдық пен адамгершілікке бастау, азаматтыққа тәрбиелеу.

«Күз» деген өлеңіне ілесе жалғасып, тақырып жағынан ұласа ұштасып жататын «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай» деген өлең, сөз жоқ, Абайдың саяси лирикасының ең түйінді бір тұсы. Әуелі қысқа ғана табиғат суреттерін өрнектеп, одан шаруа-жайға көшіп, іле мұнан туған қоғамдық қарым-қатынасты суреттейді.

Кедейдің өзі жүрер малды бағып,

                                           Отыруға отын жоқ үзбей жағып.

                                               Тонған иін жылытып, тонын илеп.

                                               Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

Абай өзі суреттеп отырған өмір шындығынан көрінген кедейдің ауыр тұрмысына оқушысының аяныш сезімін туғызып, өзі де іштей сол жағында болады. Тілегі ауып, мейірімі түсіп тұрады.

                                        Алса да аяншақтау кедей сорлы,

                                        Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.

                                        Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей,

                                        Бір қыс сақта, тас болма, сен де о ғұрлы!-

деп, тамаша саяси лирикасының аяғын жай ғана салқын «ақылмен», оларды өзара ымыраластыру ниетінде бітіреді.

Абай лирикасынан махаббат тақырыбы айрықша орын алады. Бұл саладағы лирикадан Абайдың ақындық өсу жолы, орыс классиктерінен үлгі-өнеге алу арқылы болған іштей творчестволық эволюциясы анық танылады. Ақынның махаббатқа, достыққа эстетикалық көзқарасы айқын көрінеді. Ақындығының алғашқы кезеңінде, Абайдың орыс классиктерімен етене жақын емес кезінде жазған махаббат тақырыбындағы өлеңдері — теңеу, тіл жағынан да, махаббат-достық мәселесін сезініп, ұғыну жағынан да қазақ ауыз әдебиетінің бұрынғы көне үлгісінде жазылған шығармалар. «Айттым сәлем, қалам қас», «Қиыстырып мақтайсыз», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», тағы басқа өлеңдерінің қайсысын алып қарасақ та, осы жайды аңғарамыз.

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

                                         Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

                                         Жіңішке қара қасы сызып қойған,

                                         Бір жаңа ұқсатамын туған айды,

                                        Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,



Абайдың табиғат лирикасы өз алдына бір сала. Табиғат — адам өмір сүрер, тіршілік етер орта. Онысыз өмір жоқ. Міне, осы табиғат көріністерін, оған бөленген қазақ даласындағы өмірді, тұрмыс-халді суреттеуге Абайдың көптеген өлеңдері арналған және қазақ әдебиетінде Абайдан бұрын табиғат көрінісін мұншалық шебер, мұншалық терең һәм жан-жақты жырлаған ақын болған емес. Әсіресе, жылдың төрт мезгілі туралы жазылған өлеңдері бейнеті мен азабы мол мал баққан шаруаны, баянсыз, көшпелі ауылды, ескі қоғамдық қарым-қатынастың кейбір күңгірт белгілерін анық, қанық бояумен көрсететін, өз дәуірінің айнасы боларлық, сұлу шығармалар. Абай лирикасында жанды дүние — адамды да, адамдардың іс-әрекет, қимыл-қарекет бесігі — табиғатты да тұтас қаусырған бүтін бір әдемі әлем — құбыла құлпырған көркемдік атмосфера жасалады.

           Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

            Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды,

            Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

            Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Қысты бұлай адам бейнесінде суреттеу қазақ әдебиетінде Абайдан бұрын атымен болған емес. Адам бейнесіндегі қатал қыс қазақ оқушысының ұғымына лайық образға айналып отыр.

Абайдың табиғат тақырыбындағы лирикасына кіретін біраз өлеңдері — аудармалар. Бірақ Абай аудармаларының өзіндік өзгешеліктері бар. Оның көпшілік аудармалары сол өлеңнің орысшадағы нұсқасымен жолма-жол қабысып, бірдей шығып отырмайды.

Өлеңде тек табиғат суреті ғана емес, сонымен қатар адам, адамның көңіл күйі бар; философиялық ой бар. Өлеңнің түпнұсқадағы осы мазмұнын, бусанған тынысы мен сырлы сазына дейін Абай аудармада дәл жеткізеді. Осы ретпен Абай қазақ поэзиясына соны да сырлы ағым алып келді. Өз шығармаларын да жаңа, терең, күшті үлгі-өрнекке ауыстырды. Мәдениетті, білімпаз ақын болып, жаңа сарын, жаңа саз тапты.

                                                         Көлеңке басын ұзартып,

                                                         Алысты көзден жасырса;

                                                         Күнді уақыт қызартып,

                                                         Көк жиектен асырса.

                                                         Күңгірт көңлім сырласар,

                                                         Сұрғылт тартқан бейуаққа.

                                                         Төмен қарап мұңдасар,

                                                         Ой жіберіп әр жаққа.                                                  



Абай бұл саладағы лирикасында сол өзі өмір сүрген дәуірде ауыр азап шеккен қарапайым адамдардың жан-жүрегіне сұлулық пен сүйіспеншіліктің, жігер мен үміттің ыстық қанын құйып, олардың сана-сезімін сұлу лирикасымен желпи оятып, риясыз, ашық сырласады.

Абайдың өлеңдері сияқты, қара сөздерінен де оның өзін қоршаған өмір шындығына көзқарасы, дүние та­нуы аңғарылып отырады. Өйткені, ол мұнда тек жеке адамның мінез-құлқын түзеуге арналған жайлар ғана емес, зор қоғамдық мәні бар, күрделі мәселелерді де қамтиды. Бірақ біз Абайдың барлық қара сөздерін түгел әңгіме етпейтін болғандықтан, оның ғылымдық мәні бар тереңіне бойлап, философиялық пікірлерін талдап, дүниетанымын пайымдап жатпаймыз. Біз бұл жолы Абайдың халықты өнер-білімге, еңбекке шақырған, адамдардың ой-санасын көтеруге арнаған, байлар мен болыстарды, билер мен малқұмар «пысықтарды» сықақ еткен, надандық пен қараңғылықты жырлаған.

«Он бірінші сөзінде», «Жиырма бірінші сөзінде» ауылдағы құркеуде байлар мен ұлықтардың арамзалық, жауыздық іс-әрекеттерін, білімсіз қауымның жалған мақтанын, ұрлық-қулығын әшкерелейді: «…ұры ұрлықпен мал табам деп жүр; мал иесі, артылтып алып, тағы да байимын деп жүр… Ұлықтар «пәлі-пәлі», бұл табылған акыл деп, мен сені бүйтіп сүймеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйемін деп, мынаны жеп жүр…» («Он бірінші сөз»). Міне, мұнда сол кездің шындығы қаз қалпында, айқын баяндалып отыр.

Абай жақсы түсініп, кара сөздерінде өзінің ғылымға, өнерге, еңбекке шақырған ағартушылық пікірлерін, үгіт-насихаттарын халық бұқарасына арнады. «Жетінші сөзде» «жас баланың да анадан туғанда екі түрлі мінезбен: ішсем, жесем, ұйықтасам және білсем, көрсем, үйренсем екен» деп туатынын айта келіп, адамдарды соңғысына шақырады.

(«Жетінші сөз»), бұл дұрыс емес, білмегенді үйрену қорлық емес, қайта жалықпай іздену керек; «…естіп, көріп, ұстап, татып, ескерсе — дүниедегі жақсы, жаманды тануындағы сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» («Он тоғызыншы сөз») — деген ақылын айтады. Абайдың бұл айтқандары күні бүгінге дейін мәнін жоймаған, адамға үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие берер, оқуға, оқып білгенді көңілге тиянақтап тоқуға үйретер құнды пікірлер. Қысқасы, Абайдың ғаклия-қара сөздері өз дәуірінің ақиқат шындығынан туған, танымдық, эстетикалық, тәрбиелік мәні зор шығармалар.

Абайдың ақындығы туралы әңгімемізді қорыта келіп, Абай творчествосының тарихи мәнін жүйелегенде, ең алдымен, Абай «бұрын езілуде болған өз халқының орыс мәдениетімен бір мақсатта болу кажеттігін түсінген. Екіншіден, Абай творчествосының мәні ақынның бұқарашылдығында, өзі өмір сүрген қоғамдық ортадағы әлеуметтік теңсіздікті көре білуінде, халық тұрмысына назар аударуында, қанау мен әділетсіздікті батыл сынауында, теңдікті жырлауында, адамгершілікті насихаттауында, халықты оқу-білімге, өнер-ғылымға, талап-еңбекке үгіттеуінде, сайып келгенде халық бұқарасының сана-сезімін оятып, ой-өрісін кеңітіп, жарқын келешекке сенім нығайтуында жатыр.



Абай творчествосының осылардан туатын тағы бір тарихи мәні — өзіне дейін болып көрмеген тың тақырыптарды жыр етіп, оған биік идея, терең мазмұн, тың пішін беруінде; қазақтың әдеби тілін байыта, дамыта қалыптастырып, жаңа жазба әдебиетінің негізін салуында; қазақ поэзиясын сыншыл реализмнің шырқау сатысына көтеруінде болып табылады.

Өмірі мен шығармашылығы жайындағы әдебиеттер


  • Абай Құнанбайұлы Қалың елiм қазағым: Шығармалар / Абай Құнанбайұлы. - Алматы: Жалын, 1995. - 384 б.

  • Абай әндерi. - Алматы: Өнер, 1994. - 76 б.

  • Абай Лирика. / Абай. - Алма-Ата: Жалын, 1980. - 89 б.

  • Абай Құнанбайұлы Шығармаларының екi томдық толық жинағы / Құнанбайұлы А. - Алматы: Жазушы, 2005. - Т.1 : Өлеңдер мен аудармалар. - 296 б.

  • Абай Құнанбайұлы Шығармаларының екi томдық толық жинағы / Құнанбаев Абай (Ибраһим). - Алматы: Жазушы. – 2005.Т.2 : Өлеңдер мен аудармалар. - 336 б.

  • Абай Қара сөз / Абай. - Семей: МКА, 2007. - 128 б.

  • Абай Өкінішті көп өмір кеткен өтіп... : Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер / Абай (Ибрагим) Құнанбаев. - Алматы: Раритет, 2008. - 384 б.

  • Абайды оқы, таңырқа / құраст. М. Мырзахметов. - Алматы: Ана тiлi, 1993. - 160 б.

  • Абай Өлеңдер, поэмалар, аудармалар мен қара сөздер / Құнанбаев Абай. - Алматы: Жiбек жолы, 2005. - 488 б.

  • Абай Өлеңдер. Поэмалар. Аудармалар. Қара сөздер / Абай. - Алматы: Мектеп, 2007. - 242 б.

  • Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі / З. Ахметов. - Алма-Ата: Ана тілі, 1995.- 272 б.

  • Мырзахметұлы М. Абайтану әліппесі: жақсы ұстаз / М. Мырзахметұлы. - Токио, 2010. - 127 б.

  • Ақатай С. Тереңнен тартқан тамырлар: әдеби мақалалар / С. Ақатай. - Алматы: Принт-экспресс, 2011. - 420 б.

  • Жанділдин Ж. Абайдың арғы беті, бергі беті... / Жанділдин Ж // Айқын. - 2013. – 22 ақпан.

  • Сарбасов Б. Абай өлеңдеріндегі рухани құндылықтар / Сарбасов Б. // Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл. - 2014. - №4.- б.6-8.

Құрастырушы: Казиканова А.Қ.

ақпараттық-библиографиялық бөлім.
Каталог: files -> user
user -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы
user -> Әлия-саптан ұмтылып, Жүгіріп шықты аптығып, Құшақтап алған мылтығын, Кіршігін қақпай қалт тұрып. Сағи Жиенбаев
user -> 85. Өнер. Өнер тану Құлахмет Қожықов – қазақ театры мен киносының тұңғыш суретшісі
user -> Пайдаланған әдебиеттер
user -> Қазақстан тарихы
user -> Дулат Қожахметов Жырдың жез қанатты ақынын еске алуға арналды Облыс орталыгында Кэкімбек
user -> Ақиқаттың адамы /Бердібек Соқпақбаевтың 90-жылдығына библиографиялық шолу
user -> «елінің ерке серісі» (Ақан сері Қорамсаұлы)
user -> Қазақстан тарихы
user -> КӨгілдір экран – терең тамырлы өнер (Ж. ТӨлендинов – 85 жыл)


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет