Қалақ пен қаламды қатар ұстаған тұЛҒА



Дата02.07.2018
өлшемі31,11 Kb.
#45277
ҚАЛАҚ ПЕН ҚАЛАМДЫ ҚАТАР ҰСТАҒАН ТҰЛҒА

Сайын дос, Сайын замандас жайлы айтар әңгіме аз емес. Сайынның бір басынан талай өнер табылады. Қайсысын айтарыңды білмейсің. Ол – ақын, жазушы, сәулетші, педагог. Қойшы әйтеуір жігіт басындағы «сегіз қырлы бір сырлы» өнердің бәрі табылады. Өзі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Маңғыстау облысының, Атырау облысы Махамбет ауданының, ШҚО Абай аудандарының құрметті азаматы, Қазақстан Сәулетшілер Одағының және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Міне, осынша көп атақ-даңқты иелену оңай болмаса керек.

Мен Сәкеңнің өмірбаяны туралы осыларды айтып жүруші ем, ол маған: «тағы біреуі қалып қойыпты» дейді. Елең еттім. Тағы не? Сөйтсем Сайын: 1959 жылдан бері машина рөлін өзі ұстап келе жатқан 1-ші клас шофер екен.

Жұрттың көбі ақындық пен жазушылықты жас кезінен бастайды. Ал Сәкең тағдыры басқаша қалыптасады. Ақыл мен қайрат тел жетілген 50 ге қараған кексе кезеңінде ғана қолына қалам алады. Мұның себебін сұрасақ: «Абайда өлеңді кештеу жазған ғой» деп түсіндіреді. Ол елу жасында жазушының қаламына қоса сәулетшінің қалағын да қолына алады. Сәулетші болғанда да жәй ғана сәулетші емес, жобасын, сызбасын өзі жасап, өзі қолын балшыққа малып, сол құрылысты бірге көтереді. Тіпті кейбір кесенелерді өз қаражатына көтерген кездері де бар. Тура осы әдеті мен мінезін қаламға да алып келді. Қолына қалам алғаннан кейінгі жазғандары оқырмандарын бей-жәй қалдырмады. Қалақпен бірге қалам ұстап жүрсе, оның өзін кештетіп ұстаса, одан ертерек қимылдағанда не болар екен деген де ой туады бізде. Сайын мұның бәріне ісімен жауап берді. Қалай үлгересің деген сұраққа да жауабы дайын болып шықты. Ол «мен күніне 25 сағат, аптасына 8 күн жұмыс жасайтын адаммын» дейді.. Бәріне үлгерді. Ол өзінің өмір кезеңін екі бөлекке бөліп, былай дейді: «Біріншісі алғашқы елу жыл. 1941 мен 1991 жылдар арасы. Бұл жылдарды біз келесі бесжылдықта келіп жететін коммунизм жеңісіне, ертең түзеліп кететін тұрмысымызға сенумен өткізіппіз. Біз бұл елу жылдықты КПСС пен Совминнің құрмет грамотасымен аяқтаппыз.

Екінші кезеңі 1991 жылдан басталады. Бұл жыл қазақ халқының басына ел тілегімен, ел азаматтарының саналы күресінің арқасында, ең бастысы Ұлы Жаратушының құдіретімен Ел тәуелсіздігі орнай қалған жыл болды. Содан бастап заман да өзгерді, адам да өзгерді. Біз де өзгердік».

Оның өмір жолына үңілсек, Сайын Назарбекұлы 1941 жылы 2 қаңтарда Маңғыстау облысы, Тиген ауылында дүниеге келген.

Орта мектепті бітірін алты жыл жүргізуші болып жұмыс жасаған Сайын 1969 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті (бұрынғы Қазақ политехникалық институтын) бітірген.

1969-1975 жылдары Қазақ политехникалық институтында оқытушы болған,

1975-1980 жылдары Жаңаөзен қаласында құрылыс мекемесінде басшылық қызмет атқарды. 1980-1989 жылдары Алматы құрылыс техникумында (қазіргі колледж) ұстаз болды.

Сайынның сәулетшілік өнері 1991 жылы Әбіш ағаның сұрағы бойынша оның Сұлтанмахмұт Торайғыров басына тұрғызған күмбезінен басталады.

1992 жылы Маңғыстауда Абыл ақын, Досан батыр кесенелерін көтерді.

Қазақ халқының ЮНЕСКО шеңберiнде тойланып өткен, атақты тойларының негiзгi ғимараттары көрнекті сәулетші оның қолынан өтiп,  ұлтымыздың ұлы перзенттерiне тұрғызылған Абай, Шәкәрiм мұнаралары, Мұхтар Әуезовттiң ата-анасы Омархан–Нұржамал кесенелерi дүниеге келді. Атырау қаласындағы Исатай-Махамбет кешеніне кеңесшілік көмек көрсетті. Ұлы Абай жерiнде тiкелей араласуымен Тоқтамыс батыр күмбезi, Дiлдә, Әйгерiм, Ақылбай, Шәкiр Әбенов сағаналары салынды. Мамай батыр, Көкбай ақын және Кеңгiрбай баба күмбездерiнiң өмiрге келуiне де елеулі үлес қосты. 1996-1997 жылдар Оңтүстiк Қазақстан облысында «Домалақ-Ана» кесенесiнiң жобасын жасап, құрылыс жұмыстарын жүзеге асырды. 1999 жылы «Хан Ордалы Сарайшық» кесенесiн өмiрге әкелдi. Шығармашылық және шеберлікпен айналысқан 27 жыл ішінде 32 кесене, күмбез, сағаналар тұрғызыпты. Осы еңбегi үшiн Атырау облысының Махамбет Өтемiсов атындағы сыйлығының лауреаты атанды.

Сайын осы шаруалардан қол босаған сәттерде өлең, әңгiме жазуменен де шұғылданды. Қазір жалпы саны 30-дан астам кітаптар авторы. 9 томдық толық шығармалар жинағы, «Қазақ халқының шежіре-тарихы. Адай тайпасы» атты шежіреші Ж.Жылқышыұлымен бірге дайындаған 8 томдық еңбегі Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Күнді-түнге жалғап жазған өлеңдерінің жалпы саны 1038 төрттаған, 1000-нан астам өлең болыпты. «Сырласым бол» ой-толғам кітабы, «Менің Ақ Ордам» таңдамалылары, «Ұлы Дала Ұлдары», сонымен қатар, «Абай ішіп үлгермеген у», «Ақбөбек», «Махамбет» драмалық шығармалары, «Қазақтың киіз үйі» атты еңбектердің де авторы. Енді міне, сиясы кеуіп үлгермеген «Абай әлеміне саяхат», «Менің Әбішім» еңбектерін көптің назарына ұсынып отыр.

Осынша мол дүниені, қомақты еңбекті бітіру үшін Сайындай еңбекқор, жанқияр, адал, қайсар болу керек. Ол өзінің бір тоға мінезі арқылы тындырымды жұмыстарынан жеңісті-жемісті нәтиже көрсетті. Қалам мен қалақты қолына қатар ұстап жүріп-ақ, көп адамдар жете бермейтін белестерді бағындырыпты.

Сайынның жақын достасып, санасып өткен адамдарының бірі қазақтың кемеңгер ұлы, қаламы қара нардай қызмет еткен Әбең, Әбіш Кекілбаев еді. Сол Әбіштің кеше ғана Сайын хақында: «…Осынша көзсіз ерлікке бастайтын күштің аты не? Ол – өмір мен өнерге деген шексіз махаббат. Өлім мен өтірікке деген шексіз жиіркеніш. Қалақ ұстайтын ұстаның қолына қалам ұстатып жүрген де – сол. Ақын деген – әсемдік пен адалдықтың құлы ғана… Адалдықтан туған сөзден асқан өнегелі өмір болмайды...» - деп толғағанын, толқығанын ұмыта қойғанымыз жоқ. Әбең тағы да, Сайынды ерекше бағалап: «Мен оған алғашқы жүздесуімнен бермен қарай ылғи таң қалумен келемін. Әуелі, бауырмалдылығына таң қалдым. Сосын достыққа адалдығына таң қалдым. Алған беттен қайтпайтын қайсарлығына таң қалдым. Табандылығына таң қалдым. Ол мені әлденеше рет қорқытты да. Өйткені, әлденеше рет өлімнен қалды. Дауасы жоқ дертке ұшырап, өзге жұрт қарадай күдер үзетін жерде, ол күдерін үзген жоқ. Үш рет оташының пышағына түсіп, отанына аман қайтты, тірі жүрген қаһарман керек болса, қасыңызда жүр.... Сайын тәуелсіздікпен бірге туып, елу жасында бір қолына қалам, бір қолына қалақ алып іске кірісті» деген болатын.

Әбіштің бағасы жәй ғана баға емес, жоғарыда біз атаған еңбектердің қалай туғанына бұдан артық түсіндірме қажет болмаса керек.

Мен Сәкеңе бірде әзіл-шыны аралас: «енді не арманыңыз бар» десем, «Сенің орныңа Маңғыстауда Ақсақалдар кеңесін басқарсам» дейді. Оның ойынша ардагерлер ұйымын басқару үшін кісінің мұрт-сақалды болу керек сияқты. Алдымен мұрт, онан соң дөңгеленген сақал болғанда ғана басшылыққа лайық болармын деп ойлады ма, бір күні қарасам Сайын тап-тұйнақтай болып, образға кіріпті. Қияқтай қара мұртына қоса Абай атасына еліктеп дөңгелете сақал қойған екен. Жарасып-ақ тұр. Содан бір күні маған жолығып қалып: «мен ақсақалдар кеңесін басқарушылардың барлығында әдемі мұрт-сақал болады деп шаршап жүрсем, біреу мұрт-сақалсыз-ақ Ардагерлегер кеңесінің төрағасы болып алыпты дейді. Әдемі әзіл ғой.

Сәкең, Сайын жазған өлеңдердің биігі туралы мен нақты талдау жасай алмаймын. Себебі мен ақын емес тарихшымын. Десе де замандас тұлғасы арқылы жүрекке жылы тиетін жолдар кісіні тебірентпей қоймайтындығына куәмін. Қараңызшы:

–Өлең сенің анаң болса қайтер ең?

–Өмір бойы ардақтаумен өтер ем!

–Өлең сенің жарың болса қайтер ең?

–Өмір бойы арын қорғап өтер ем!

–Өлең болса арғымағың қайтер ең?

–Өз қолыммен жалын тарап өтер ем!

–Өлең сенің дертің болса қайтер ең?

–Өле-өлгенше қабақ шытпай көтерем!

...Ана болмай өгей болса бұл өлең,

Онда қайтем?.. Бақытымнан көрем де...

...Жарым болмай бетпақ болса бұл өлең,

Онда қайтем?.. Айтқанына көнем де...

...Шабан мәстек боп кездессе бұл өлең,

Онда қайтем?.. Озбасам да мінем де...

...Дертім болса жазылмайтын бұл өлең,

Онда қайтем?.. Сол дертімнен өлем де... мұны ақын емес, жәй адамдардың бәрі де түсінеді.

Ал ақындардың көзімен қарасақ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Темірхан Медетбек: «…Сайын сөздерді бояп-сырлап жатпайды, ол табиғи жапырақ сияқты, гүл сияқты өмірдің өзі о баста бояуымен тудырған сөздерді таба алады. Сайын сөзбен ойнамайды. Сайын сөзбен ойлайды», - деп баға береді.

Осыған қарағанда Сайынның сөз өнерінің зергері екендігіне ешкімнің дау-таласы болмаса керек.

Сайын Назарбекұлының ендігі бір еңбегі Абайды ұлықтау. Абайды ұлықтауда ол Абайдың қара сөздерін түгін қалтырмай бұтарлап, одан қала берді, оны орыс-ағылшын тілдеріне аударылуына ықпал жасап, өз халқына ғана емес, өзге халықтарға да танытуға талаптануы. Жақында ғана жер шарының арғы беті – Америка құрлығында «қазақтың әдебиеті мен мәдениетінің» орталығы ашылғанда, Сайын Назарбекұлы қатысуымен дайындалған Абайдың қара сөздерінің қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі нұсқалары сол орталықтың төрінен орын алған екен.

Сәкең Маңғыстауда болсын, Республикамыздың басқа қала, облыстарында болсын, Абайды танытуға, тағылымын ұрпақ санасына сіңіруге барынша еңбек етіп келеді. Ол Абайдың рухани күшін жастар тәрбиесі атты ең қажетті жұмыста пайдалану үшін «Абай әлеміне саяхат» атты клуб құрды. Іс нәтижелі болды.

Ұлтымыздың рухани күшін жастар тәрбиесіне пайдалануға негізделген бұл мақсатты шаруа өз жемісін бере бастады.

Осы кезде «Абай әлеміне саяхат» клубы Маңғыстау облысының орта мектептерінде, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінде өз шаңырақтарын көтерді. Астанадағы Евразия университеті де осы бағытта жұмыс жасауда.

Бүгін де Сайынның мейлі қалам, мейлі қалақ өнерінде өз мектебі қалыптасқаны сияқты, Абайтану хақында да оның «Абай әлеміне саяхат» атты мектебі қалыптасты. Сол «Абай әлеміне саяхат» хақында Елбасының Ақтауға келген сапарында өзінің осы бастамасын таныстырып, қолдау алғаны да бар. «Абай әлеміне саяхат» аталатын клуб қазір де өзінің қуантарлық бастамаларымен ұрпақтарға жақсы өнеге болуда. Бұл жайында Сайын: «Клуб мақсаты – ұрпағымыздың рухани болмысын, отансүйгіштік санасын жат пиғылдылар үгітінен аман сақтау үшін, оларды жас басынан Абай сөздері, Абай ойлары арқылы үнемі нәрлендіріп отыру!» қажет деп түсінеміз» дейді.

«Абай әлеміне саяхат» клубы жастар санасына, олардың өмір мен жаратылыс туралы түсінігіне Абай ойлары, Абай түсінігі арқылы, халқымыздың асыл армандыры мен әдет-ғұрпын ұлықтау арқылы әсер етсе онда Сайынның ізгі армандарының орындалғаны болар еді.

Санасы жаңа қалыптасу кезеңінде (3-8 сыныптар) жүргізіліп жатқан бұл рухани тәрбие жұмысы оқушылар арасында жақсы нәтиже беретініне көз жетті. Басқа балалар алдында лидерлер енді тентектер емес «Абай әлеміне саяхат клубының» мүшелері болып өзгере бастады.

Бүгін де Сайын бастаған игі шарпаларды баянды жалғау үшін біз де (ақсақалдар кеңесін айтамын) бірнеше ұсыныс-тілегімізді білдіре кетуді жөн көріп отырмыз:

«Абай әлеміне саяхат» клубының рухани орталығын құрылып, оған әр облыстан тағайындалған клуб жетекшілері мүше болса... Осы арқылы, білім басқармалары оқушыларды клубтың мүшелігіне тарту жұмыстарын іске асырса;

Жастар тәрбиесін «Рухани жаңғыру» жобасына сәйкес барлық жерде сапалы жүргізу үшін, жастарымыздың рухани болмысын ұлтымыздың рухани байлығымен нәрлендіріп отыру үшін осы орталыққа бір тұрақты мемлекеттік теледидар арнасы көмек көрсетіп тұрса;

Бұл арна жастарды шет елдің секс пен намыссыздық, өлім мен зорлық үгіттеріне қарсы күрес жүргізсе;

Сайын бастаған бастаманы Ардагерлер ұйымдары, зиялы қауым, тәрбие мекемелері осылай қолдайтын болса, қазақ руханиятына тағы бір бұлақ қосылған болар еді.

Сайын Назарбекұлының замандас қаламгерлерінің бірі көрнекті қазақ тарихшысы Қойшығара Салғараұлы да кезекті бас қосулардың бірінде: «Оның ең басты парызы – хал-қадірінше еліне, халқына адал қызмет ету... Ол елінің ертеңін ойлайды. Не айтса да ашығын, адалын айтады. Ал адалдықпен айтылған сөздің ғұмыры ұзақ. Өйткені елім, жұртым деген жүректен шыққан сөздің барып орнығар орыны да сондай махаббатты жүрек болмақ» деген бағасын беріп еді.

Демек, замандастар, қаламдастар лебізінен байқалатыны – Сәкеңе үлкен құрметпен қарайды. Оның қалақ ұстап істеген қомақты еңбегіне қоса, қаламмен жаратқан сүбелі дүниелерін де сүйсіне оқиды.

Қазір Сайынды танытудан көрі сайынтануға жасалып жатқан құлшыныстар да аз емес. Оған Маңғыстау өңіріндегі мектептерде «сайынтану» кабинеттері ашыла бастағаны куәлік етеді.

Өз тұстастарынан сайынтану хақында қалам тербеп жүрген, қазақтың аймаңдай ұлдары да бар. Соның бірі Мырзакелді Кемел. Сайынтану жайында Мырзакең (Кемелұлы) жақында ғана Саматбек Бөкебаймен бірлесе отырып, С.Назарбекұлының шығармашылығы мен өмір жолына арналған: «Сайын Назарбекұлы» атты суретті альбом жасап, көпшілікке ұсынды. Бұған қарағанда Сәкеңді, Сайын Назарбекұлын өзінің биігінде ғана емес, ұлт мақтанышына айналған тұлғалар қатарына қадам басып, халқының қалаулы ұлына айналды деп толық сеніммен айта аламыз.

Осындай ел бағалаған еңбектері үшін де ол 1996 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жоғарғы мемлекеттік марапаты « Құрмет» орденімен Елбасының жарлығымен марапатталды. 2001 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2005 жылы «Қазақстан конституциясына 10 жыл», 2011 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалдарының иегері атанды. Халықаралық экология академиясының академигі, Қазақстан ескерткіштерін қорғау қоғамының құрметті мүшесі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік педагогика институтының құрметті профессоры, т.б. атақтарына ие болды.

Адами келбеті мен адамзат қоғамы үшін жанқиярлықпен қызмет істеу рухы жағынан Сайын Назарбекұлы өзі таңдаған даңғылдан жаңылыспай, жалықпай жүріп келе жатқан қазақтың аяулы перзенті. Сол жүрер даңғылың сені ұлт мақтанышы ретінде биіктерге көтере берсін, Сәке!



Өмірзақ ОЗҒАНБАЙ

Т.ғ.д. , Профессор




Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Сабақтың мақсаты: а/ Оқушылардың сөздік қорын молайту. Білім, білік дағдыларын қалыптастыру
2018 -> Сабақтың тақырыбы: Физика-табиғат туралы ғылым
2018 -> Сабақ мақсаты Тұздар гидролизін түсіну және тұздардың суда ерігенде қандай процестер жүретінін анықтау
2018 -> Сабақтың мақсаты: Білімділік: Көміртек және оның қосылыстары туралымәлімет алады
2018 -> 5В011700- Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша 3-курс студенттердің элективті пәндер каталогы 2017-2018 оқу жылы
2018 -> Сабақтың тақырыбы Салынған циклдер. Мақсаты Қайталау операторлары туралы білімнің кеңеюі
2018 -> Сабақ тақырыбы: Теңдеулер жүйесін қолданып есептер шығару Мерзімі
2018 -> Даулетиярова Зауре Ермаханқызы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет