«алаш» баспасы


Шаймардан мен Ыдырысқа жауап ретінде



бет7/26
Дата19.12.2016
өлшемі5,84 Mb.
#4110
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   26

Шаймардан мен Ыдырысқа жауап ретінде

... «Біз қазақтың ұлт әдебиеті Абай заманынан басталды деп айтушы жолдастарға қосыламыз. Көркем әдебиеттің санын жүз жылға апарып отырған Сәбит жолдастың бір ниеті (?!) болмас па?» (Қ. Қ. № 2, 27-ж).

Менің ниетімнің әлде неге шауып отырғанын Ыдырыс білмей, мені Абайды жалмап қойғысы келіп отыр ма деп зәресі ұшқан көрінеді. Мен Абайды жалмамаймын, ешкім-ешкімді жалмамайды. Бұл арада не ниет болсын. Дәнеңеде жоқ. Менің жазғаным өз басыма келген ой. Сөзді көрбілтелемей, тарихтың буыны туралы ондағы ойлаған сөзімді ашығырақ қылып жазайын.

Бухарин сөзін мен былай деп түсініп едім. Адам баласының өмірі тартқан желі сықылды. Оның түп қазығы, баяғы тағылық дәуір. Содан шұбалып тарих болып келеді. Адам — адам болғалы күрестен көз ашқан жоқ. Адам тарихы тап тартысының тарихы. Тарих жылда қорытынды шығара бермейді. Ондаған жылдарды аттап барып, қазығын бір түйіп отырады. Париж коммунасы, 1905 жыл, Февраль, Октябрь, Қытай оқиғасы тағы басқалар — осылардың бәрі де, сол басталған күні туып отырған жоқ, аржағынан шиеленісіп келген оқиғалар. Жоғарғы аттары аталған уақыттарда түйінін түйіп, неше жылдық күрестен бір қорытынды шығарып отырды. Бұлардың бәрі де оқиғаның басы емес, қорытындысы. Меніңше Бухарин тарихтың бас буынын айыру қиын дегенде осыны айтқан. Олай болса Пушкин де, Абай да орыс пен қазақ әдебиетін бастап жаратқандар емес, түйінін түйіп қорытқандар. Ар жағында түк болмаса да, Абай бүйырып соққан ұстаның пышағындай, жаңадан қазақ әдебиетін қолдан соқсын! Міне қызық, осы да затшылдық па?! Негізсіз, материалсыз, турадан-тура басталып кететін жұмыс бола ма екен. Менің әлі де айтатыным: Абайдың ар жағында да қазақтың жақсылы-жаманды әдебиеті болды. Сол әдебиеттер сарқылып келіп, Абай заманында бір қазық қағып өтті. Осының кезеңіне Абай кез-келген соң даяр табақтың иесі, даяр тоқпақтың ұрушысы, даяр тарихтың қағушысы болды да жүре берді.

Оқиғаның зорының әкесі Октябрь төңкерісі ғой. Сол Октябрьді де ешкім 17-жылы көктен түсе қалды деп отырған жоқ, неше жүз жылдан бергі тап күресінің түйіні деп отыр. Диалектика жолы менімше осы. Диалектика әдісін білмесе, шытырман талға кіріп, Ыдырыстың адасатыны (Қ. Қ., № 2, 27 жыл, 47-бет.) рас. Тарих тануға диалектикадан өзге жол жоқ. Оны аттаған кісі тарихты тани алмайды. Ыдырыс таныса таныр! Өзгелер тани алмайды. Ыдырыстың сұраған түсінісіне менің берер жауабым осы. Бұған да түсінбесе, менің сорым-дағы.

«Қазақстан поляктік орысқа бұрын қол салып, қырғын табуына себеп, полякта орыс капитализмімен бірге жарысып келе жатқан капитал тұрмысы болды»,— дейді Ыдырыс және «Марксизм жолы бойынша қоғам тұрмысынан, тап тартысынан тысқары өмір сүрген әдебиет жоқ» (Қ. Қ., № 2, 27-ж.)— дейді. Екеуіне де қол қоям, дұрыс.

«Тап тартысынан тысқары әдебиет болмаса Ыдырыстың «Абайды, Абайдың пісіп-қатпаған (шикі бай да бола ма екен?!) заманы болатын»—деуі қалай? Абайдікі әлде әдебиет емес пе? Әдебиет болса, ол тап тартысына бұл арада неге жанаспай жекеленіп қалды?

Әзер болса «Америка аштың»— деп Ыдырыс тағы міне түсер. Абай байшыл табының ақыны. Неге?- деп шошымаңыз, айтайын:



Абай заманында қазаққа сауда капитализмі ауыл-үй қона бастады. Сауда капитализмі өрістің кеңдігін тілейді, өскен шаруаның өнерге көшуін тілейді. Сауда есеп керек қылады. Есепке оқу керек. Сондықтан оқуды тілейді. Ата ғұрпы, кертартпа, ескішіл (консервативный) байлықтың жолынан безіп, жаңашыл (либеральный) байшылдық бағыт туады. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында орыстың ескішіл байлары мен жаңашыл байларының арасында осындай талас туып, біреуі ата ғүрпы деп кері тартты, екіншісі ескілікті сөгіп білімге, өнерге ұмтылды. Сол сықылды Абай бекіткен, жаңашыл байшылдыққа бетін бұрған балақтағы биттің басқа шыққанын ұнатпай, өнерге бейімделген қазақтың жаңашыл байларының тілі. Бұл бір, екінші жағынан ұлтшылдық әуелі капитализм жарысынан туады. Қазақтың ұлтшылдығын капитализм жарысы туғызды. Мұны Ыдырыстың өзі де айтып отыр. Отаршыл саясатты орыстың капитализмі, қазақтың жаңадан көзі ашылған (Абай кезіндегі) сауда капитализміне жол бермеді. Бақастасуға шамасын келтірмеді. Ата ғұрпыншыл. Кертартпа, өнерсіз, шаруалы, ескішіл байлар бір жағынан бөгет болды. Бір жағынан «тексіз», «затсыз», «оңбағандардан» байлар шыға бастады. Қысқасы баға — аталыға емес, байға берілетін заманның басы басталды. Сондықтан Абай бір жағынан болысты жамандау, байды жамандау, биді жамандау деген әдетке салынып ескішілдерді сөкті. Екінші жағынан «Тексіз» байығандарды кекетті. Сөйтті де өзі ақ сүйектерді жаңалыққа, өнерге үндеді. Шынында Абайдың өлеңінің жалпы сарыны ірі екі түрге бөлінеді: біреуі - ескішілдерді сөгіп, олардың надандығына, бақ қ±марлығына кею. Екіншісі - елді өнерге, оқуға шақыру. Бұл екеуі де жаңашыл-байшылдықтың өркендеуге бет алған кезінде басталатын жұмыстар. Абай қиялшыл, қиялшылдықтың өзі байшылдықтың үлкен тірегінің біреуі. Бұл жағынан да Абай байшылдықтан қашса да құтыла алмайды. Оңдап зерттеген кісіге байшылдық — ұлтшылдықтың түп қазығы. Абайдың молдасы Пушкин мен Лермонтов қой. Орыс әдебиетін Маркс көзімен сынап жүргендер, ол екеуін орыстың жаңашыл байларының (либер, буржуазия) жыршылары еді дейді. Бұл екеуін жаңашыл байлардың ескішіл байлармен күресі туғызып еді дейді. Бұл тайға таңба басқандай, қазір айқындалып, талассыз шешіліп отыр. Тегінде қазақтың қай замандағы әдебиеті болсын, бәріне де шаруашылықтың салған ізі бар, ізі бар емес-ау, солардың бәрі де бір кездегі шаруашылықтың салдарынан шыққандар. Абайға кір жолатпай, Абайды белгілі бір дәуірдің салт-сана, шаруасымен байланыстырмай, өз бетімен жасап өткен бір адам деуге бола ма? Онда Ыдырыс «Таптан тысқары әдебиет болмайды» - дегеніне қарсы келмей ме? Ал, қазақтың өз ішін алғанда, Абай кедейге көріне қарсы жазған жоқ. Бірақ кедейшіл емес, байшыл. Олай болса, өзіне-өзі (объективно) кедейге қарсы болған болып табылады. Байдың байшылдың бір жаман мінезі — олар жұмыскерді, кедейді құлданғанда, құлданып отырмыз, не қарсымыз деп өлсе де айтпайды. Қайта жарылқап отырмыз деп, қайта біздің ақылымызбен жүр деп ақыл айтқан болады. Байыма демейді, байы дейді. Бірақ байытпаудың әдісін білдірмей істеп, діңкесін білдірмей құртады.

Есек көтін жусаңда мал тауып кел,

Құлға жұқпас, еш адам кеміте алмас.

Адам бол, мал тап,

Адал бол, бай тап,-

деген Абай сөздерін ұстай алып, «мынаны кедейге айтып отыр ғой» дейтіндер бар. Байға айтып отырғанын қайдан білеміз. Бай, байлықты молайту жолыңда ненің «көтінен» жиренеді? Бай қанын сорып жатса, кедей «есек көті» түгіл нені жуса да мал таба алмайды. Ал, бай кедейге талай «есектің көтін жуғызып», одан түскен пайданы қалтасына салады. Мен бұл арада әдебиет тарихын жазайын деп отырғаным жоқ. Қисыны келген соң айтыла салынды. Менімше, Абай жаңашыл. Онысында дау жоқ. Өз заманында пайдалы адам болды. Әлі де пайдасы бар. Онысында да дау жоқ. Бірақ ол өнерге ұмтылған қазақтың, ақ сүйектіктен жаңалыққа ұмтылған жаңашыл байының тілегінен туған ақын. Онда да дау жоқ. Біреуді көтерсең аспанға шығаратын бізде бір әдет бар. Әркімге өз бойына лайықтап баға беру керек. Майлап өткізем дегенмен әркімнің де аузының дәмін алатын тіл бар ғой. Ғаббас (Тоғжанұлы) «Жүсіпбек сыны, Мағжан ақындығы»— деген кітабының 22-бетінде:«Ахметті қазақ еңбекшілері ұмытпайды, бір кезде сары маса болып ызыңдап оятқан Ахметті қадірлей біледі. Көбіміз Ахметтің баурында өскеміз... Ахмет сықылды өз тұсына ие болған тарихи адамдарын қазақ еңбекшілері сыйламақ. Өткендегі тарихи істерін, тарихи сөздерін оқып сүйінбек»— дейді. Ахаңның тарихи істері бар. Әйткенмен Ахметті қазақ еңбекшілері ұмытпайды емес, қазақ тарихы ұмытпайды.

Ғаббас бауырында өссе - өскен шығар, Ахаңның бауырында өстім деген еңбекшіні мен көргем жоқ. Өскен де жоқ. Ахаң ұлтшыл, ұлтшыл кісіні еңбекші дәріптейді дегенді Ғаббастан естідік. Еңбекші мен ұлтшылдың үш қайнаса сорпасы қосылмайды... Көсеммін деп айтуға Ахаңның өзі батырлық қыла қоймас. Ахаң сықылды Абайды да орынсыз көтеретіндер бар. Ол дұрыс емес. «Қара құс қайырғанмен бүркіт болмайды. Қара су сапырғанмен іркіт болмайды». Әркімнің тарихта өз орны бар. Одан артық сыйды тарих көтермейді. Тарих Мұхамбетті - Мұхамбетше, Мекелайды - Мекелайша, Ленинді - Ленинше, Ахаңды - Аханша сыйлайды. Ленинді бай сыйламайды, сөзін оқып сүйінбейді, күледі, мазақтайды. Ал, Ахаңды еңбекші сыйламайды. Өйткені Ахаңның еңбекшіге арнап өткізген еңбегі жоқ. Ғаббастікі бұл арада жаңылысқандық.

(«Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы 3-ші санында жарияланған мақаласынан үзінді.)




Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   26




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет