Алаш зиялылары және «Қазақ» газеті



Дата28.01.2018
өлшемі98,78 Kb.
#34075
АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЖӘНЕ «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ
М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан жерінде қазақ тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады. Бұл газеттердің негізгі мақсаты - жергілікті халықтың мұң-мұқтажы, ел тіршілігіндегі маңызды оқиғалар мен құбылыстарға дереу үн қосу болды. Қай елде болсын әдебиеттің дамуында баспасөздің рөлі зор. Алғаш шыққан газет-журналдарда ауыз әдебиетінің нұсқалары, этнографиялық материалдар, атақты ақын-жазушылардың шығармалары да жарияланып тұрған.

Қазан төңкерісіне дейін шыққан баспасөзде қазақ жеріндегі саяси, экономикалық, шаруашылық, мәдени жағдайлар жан-жақты дәйектермен баяндалады. Бұл газет-журналдардың негізгі мақсаттарының бірі – патша үкіметінің отарлау саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтарын қарапайым халыққа жеткізу.

Қазақ қоғамының өмір-тіршілігінен жан-жақты мағлұмат беріп отыруды нысана еткен келесі бір басылым - “Қазақ ” газеті.

“Қазақ” газетінің 1913-1918 жылдар аралығында 265 нөмірі жарық көріпті. Редакторы – Ахмет Байтұрсынов. “Қазақ” газетінде М.Дулатов пен А.Байтұрсыновтың қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы, экономикасы, әдет-ғұрпы, заңдары туралы еңбектері жиі-жиі жарияланып тұрған.

М.Дулатов Абай Құнанбаевты “қазақ әдебиетін қалыптастырушы” деп Ломоносовпен салыстырады. “Қазақ жайы” деген очеркінде Міржақып қазақ халқының өткені мен бүгінін салыстыра отырып: “Бұрын бізге ғылым да, өнер де қажет емес еді. Кең далада еркін жүріп, еркін тұрып, мал бағып, бар керегіміз малдан табылып, басқа нәрселерді керек қыла қоймаушы едік” [1,31 б] дей келе, ‘‘дүние-бәсеке, жарыс’’, ‘‘дүние – бәйге үлестіруші” деген түйін жасайды’’, ‘‘қайтсек түзелеміз?’’ деген сауалға жауап іздеп, оқырманды ойландырады. Бұл очеркінде автор белгілі бір жайды ортаға салып, сол жағдайдың мәнін ашуға талпынған. Осы орайда ғалым С.Байменшиннің мына пікіріне жүгінуге болады: “Очерктің публицистиканың басқа жанрларынан айырмашылығының өзі, ең алдымен, образдылығында. Екінші жағынан, очерк - әңгіме мен зерттеудің аралығындағы жанр. Үшіншіден, очерк белгілі бір жағдайға негізделіп, сол жағдайды дамытып, соның мәнін ашуға ұмтылып отырады” [2,32 б]. «Қазақ жайының» авторы сол кездегі қазақ өмірін зерттей келіп, тығырықтан шығудың жолын іздейді.

М.Дулатов “Шoқан Шыңғысұлы Уәлихан” деген өмірбаяндық очеркті жазып, ғалымның еңбектерін оқырманға таныстырғысы келген ниетін айтады. Автор Шоқанның туғанынан бастап, ата-бабасы, өскен ортасы, оқыған жерлері, достары туралы нақтылы деректерге сүйене отырып, өмірбаяндық очеркті өмірлік айғақ-мысалдар негізінде жазғандығын байқаймыз. Міржақып очеркте Шоқанның достарының пікірлерінен үзінді келтіріп, өзінің ой-толғамын да түйіндеп, нықтап отырады. Ұлы ғалымның өз халқын риясыз жақсы көргендігінің дәлелі ретінде өз сөзінен үзінді келтірген тұсы, кейіпкердің жан-дүниесін ашқан тұстары еңбекке айқын очерктік сипат дарытқан. “Мен әуелі қазағымды жақсы көремін, онан кейін Сібірді, онан кейін Россияны, онан кейін бүкіл адамзатты жақсы көремін... Орыс қазақты сабап жатса, мен қазаққа болысамын. Егер орысты француз сабап жатса, менің жүрегім - орыс жақта” [1]. Осы тұста очеркші халық рухын көтеретін тұсты дөп басып, бүкіл халықты жігерлендіріп, өз елін, жерін сүюге шақыратынын пайымдауға болады.

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 212-санында шыққан М.Дулатовтың “Тарихи жыл” [1, 357 б] атты қысқа очеркінің мәні зор. Автор тек көрген-білгенін жалаң баяндап қоймай, очеркке жаңа мазмұн бере білген. Публицистикалық элементтерді жинақтап, құжат, цифрларды орын-орнымен жеткізе отырып, қазақ халқының өткен дәуіріндегі тарихы зор оқиғалар: қазақ-қалмақ соғысы, Ақтабан шұбырынды, Ресейге бағынған шақ, Кенесары кезеңі, қазақ заманы, 1868 жылғы жаңа заңның шығуы - осының бәрінен де 1916 жылғы оқиғаның өзгеше болғанын ашып жазады. Ашынған автор енді өткен жылдардың үлкен сабақ болғанын айта келіп, қазақ ұлтын оянуға шақырады. ‘‘Қазақ’’ газетінің екінші редакторы болған Міржақып Дулатов тек очерк жанрында қалам тартпай, көптеген публицистикалық мақалалар жазып, қазақ баспасөзінің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер.

Міржақып Дулатовтың “Қазақ” газетінде 1913 жылы жарияланған “Қазақ жайы” очеркі қазақ халқының сол кезеңдегі басынан кешіп отырған қиындығын, ұлт дамуындағы кемшін түсіп жатқан тұстарын, келешекте керек ғылым мен өнерді игеру жолдарын сөз етеді. Автор осы очеркінде қазақтың төл мақал-мәтелдерімен өз ойын дәлелді түсіндіруді жөн деп тапқан. Мысалы: “Tіршілік – бәсеке, жарыс”, “Дүние – бәйге үлестіруші”, “Басыңның сауында бер садақасын”, “Ұша алмас салсаң бүркіт томағасын”, “Жығылған күреске тоймас” [1, 31 б], т.б. Бұл очеркінде Міржақып мақал-мәтелдерді көркем құрал ретінде пайдалана отырып, сол кезеңдегі қазақ халқы басынан кешіп отырған күйді жан-жақты көрсетіп, одан шығу жолдарын іздестіреді.

Міржақып “Г.Н.Потанин жанында” деген қысқа очеркінде орыс оқымыстысының бұрыннан атына қанық болып, әдейі іздеп барып кездескендегі әсерін жазады. Қазақ фольклорын жинау керек екендігін орыс ғалымы үйреткендігін айта келіп, автор Петроградта ашылған Сібір қауымы, Омбыда Потанин партиясының құрылғанын, оның қарапайым халыққа қызмет етіп отырғанын егжей-тегжейімен жазады. Бұл очеркінде М.Дулатов Потаниннің өмір жолына тоқталып, оның қоғамдық қызметіне Сібірдегі әлеумет басшысы, білгір саясатшы деп баға береді. “Қазақ” газетінде “Пайғамбар заманы” [1, 213 б] атты сыни очеркінде Міржақып бұл кітаптың тілі сұлу, түсінікті, айқын қазақша жазылған деп баға береді. Сол кездегі қазақ әдебиеті жайына тоқтала келе, газет, журнал, кітап шығаруда қазақ халқы әлі де баяу қимылдап отырғанының себептерін санамалаған очеркші, басылымдарды шығару мен тарату мәселесін қойған.

“Пайғамбар заманы” атты кітабын Мәкен Тұрғанбайұлы жазып, оның жарыққа шығуына Қалжан Қоңыратбайұлының көмектескенін қолдаған автор халық әдебиетінің, қиссаларының қазақ жерінде басылып шыққандығына оң ниетін білдіреді. Қазақта баспахана, кітап бастыру, кітап саудасының жоқтығы кері әсерін тигізіп отырғандығын М.Дулатов таратып айтып, осы жайларға кедергі келтіріп отырған кемшіліктерді мінеп, әлеуметтік, қоғамдық ойларын ортаға салған.

М.Дулатов “Абай” атты очеркін ұлы ақынның дүние салғанына 10 жыл толуына байланысты жазған. Абай Құнанбаевтың шығармалары тірі күнінде басылмау себебіне, Абай өлеңдерінің жазбасымен алғаш қалай танысқандығына тоқталып, ұлы ақынның қадірін қазақ халқы танымай болмайтынына байыпты талдау жасайды. Бұл очеркінде Міржақып қазақтың төл әдебиеті, тарихы төңірегінде өрбіткен ойларын, өзін толғантып жүрген қоғамдық проблемаларға орай іріктеп алып, әлеуметтік кеселден шығу жолдарын сілтейді. Міржақып Дулатов “Қазақ” газетінде жарияланған очерктерінде сол қоғамның өмір шындығы жағдайында қарапайым халықты жақсы өнеге, келелі міндеттерге тәрбиелеуді көздеген. Міржақып очерктерінің негізгі мақсаты – жаңалықты, әділеттілікті, жағымды істерді насихаттау.

Ахмет Байтұрсынов – “Қазақ” газетінің бас редакторы, көрнекті ғалым, дарынды ақын, қоғам қайраткері. Публицистің “Қазақ” газетінде жер туралы, қазақ елінің шет елдермен қарым-қатынасы туралы, соғыстарға қатысқан мемлекеттер туралы, оның қазақ халқына тигізген әсері туралы мақалалары жарыққа шықты. “Қазақ” газетінің 1913 жылғы 40-43 сандарында “Қазақтың бас ақыны” атты очерк рецензиясы басылды. Бұнда Абайдың туғаннан бастап, ақын болып қалыптасқан өмір жолы, өскен ортасы, өлеңдерінің мәні, орыс әдебиетінің Абайға әсері жан-жақты талданған. Абай өлеңдерінің алғаш қолына қалай түскенін қызықты әңгімелеген автор Абайдың өлең сөздің неше түрлі үлгісі мен өнегесін ойлап тапқандығын, aқыннaн өлеңінің жақсы болуына керек шарттардың бәрін білуге болатынын ғибратты фактілермен түйіндей білген.

«Очерктің негізгі арқауы – автордың өмірден түйгендері мен байқағандары» [3, 122 б] - дейді Төлеубай Ыдырысов. А.Байтұрсынов Абай өміріндегі өнегелі мысалдарды тілге тиек ете отырып, Абайдың орыс достары Михайлис, Гросстармен қалай танысқанын, орыс әдебиеті классиктерінен алған өнегесі мен сыншылдығын сенімді баяндай білген. Абайдың жалғыз өлең ғана емес, әр нәрсенің асылын танығанын алғашқылардың бірі болып Ахмет Байтұрсынов көрсетеді. Автор ұлы ақынның өлеңдеріне баға беріп қана қоймай, оның әлеуметтік терең мәнін де ашады. Автордың очерк рецензиясына өзін, Әлихан Бөкейхановты араластыруы фактінің, оқиғаның нақты шындықтан алынғанына, тұп-тура растығына оқушының көзін жеткізеді.

А.Байтұрсынов «Бастауыш мектеп» проблемалық очеркінде қазақ бастауыш мектебі қандай болуы керек деген сұраққа жауап іздейді. Ауыл мектебінің жайсыз, күйсіз қалыбын ашына жазады. Бастауыш мектептен үйренген білімнің оқимын дегендерге негіз боларлық жағын көздеу керек екендігін дәлелдейді. Автор болыс мектебін, қала мектебін, ауыл мектебін салыстыра отырып, кейбір келеңсіз жайларды нақты фактілермен дәлме-дәл көрсете білген.

“Қазақ” газетінің белсенді авторларының бірі Әлихан Бөкейханов - бұл газеттің негізін қаласып, бағыт-бағдарын анықтаушы. “Қазақ” газетінде Ә.Бөкейхановтың екі жүзге жуық мақаласы жарияланған. Оның очерктері қазақ елінің жері, отырықшы болуы, патша үкіметінің қазақ еліне жүргізіп отырған саясаты, сот, әкімшілік туралы бай мағлұматтар береді.

“Қазақ” Ә.Н.Бөкейханов көздегендей, өз маңына кең сахараға тарыдай шашылған ұлт зиялыларын жинады, оларды бір кісідей қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін қалыптастыру, ұлттың мәдениетін көтеру, ұлттық сана-сезімін ояту ісіне жұмылдырды. Сөйтіп, қазақтың ұлттық тілі мен әдебиетін, мәдениетін сақтап, өркендетуге ұмтылды. Оны газеттің екінші санында жарияланған бас редактор А.Байтұрсыновтың бас мақаласынан [4, 11 б], Түрік баласының жазған “Қазақ тарихы” атты тарихи очеркінен, Ә.Н.Бөкейханның және т.б. қазақ зиялыларының көсемсөз материалдарынан айқын көруге болады [5]. Осы тұста әңгіме болған, қазір белгісіз болып отырған Түрік баласының тарихы туралы очеркі алаш азаматтарын ойландыруға бағытталған. Қазақ халқының тарихы жазылмағандығын тілге тиек ете отырып, Азия картасының төрттен біріне ие халықтың тарихы көмескі қалыптан шығу жолдарын қарастыруды автор ашық ұсынады.

Арабша, түрікше, орысша жазылған қазақ тарихында шындықтан гөрі өтірік басым болып келгендігін очеркші ашына ортаға салған. Тарих жазу үшін қазақ пен қырғызды айырып алуды ұсынады. Автор өз ойын “Қазақ” газетін үзбей оқыған адам қазақ тарихын жете білуге болады деп аяқтайды.

Әлиханның “Бас қосу турасында” деген очеркі “Қазақ” газетінің 1913 жылғы №21 санында жарияланған. Мұнда Еуропа жұрты мен қазақ жұртын салыстыра отырып, жұртқа пайда қылатын жұмыс болса, қазақ баласының басын қосу оңай шаруа емес екенін автор баса айтады. “Біздің бейшара қазақ жер, жер дегенде мұжық алған жерді қолға ала жылайды. Мұжық қазақ жеріне келмей тұрып, жерді тып-тыныш әділдікпен пайдаланып жүргендей! ... Қазақ жұрт болатын болса өз ішіндегі екі қазақ жер дауын құрту керек қой!” [1, 109 б] дей келе, отырықшы болуға ниет білдіріп отырған қазақтарға жағдай жасалмай отырғандығын, орыс патшалығының адам болып отырғаны мұжықтың ғаділдігі деп түйіндейді. Бұл жерде бірінші орынға әлеуметтік-таптық емес, ұлттық, демократиялық мәселелерді елдің алдына тартады.

“Кабинет жеріндегі қазақтар” очеркі “Қазақ” газетінің 1913 жылғы №10 санында басылып, онда Том губерниясы, Алтайск округінде тұратын халықтар өмірі мен тұрмысы әңгіме болады. Абылай хан мен жоңғар ұрысы, Қошқарбай батыр, Тілеуберді батырлардың сол мекендерде ұрпақтары тұрып жатқандығын фактілер арқылы дәлелдейді. Мысалы, Құлынды, Қарасуықта отырған қосайдар қыпшаққа 15 десятинадан ер басына есеп қылып жер береді екен. Томда жер алып, Семей хатында боламыз деу қазақтардың адасушылығы, заңсыз деп түсіндіреді автор. Бұл очеркінде қаламгер Кабинет жеріндегі қазақтардың бәрінің басын біріктіріп, бір болыс қылса деген ниет білдіреді. Ә.Бөкейхановтың пікірі ғылыми негізге сүйенген, халықты психологиялық тұрғыдан даярлап алу мақсатын ұстанған сияқты.

“Екі жол” очеркінде Әлихан әр заманның өз рәсім, салтына тоқтай отырып, қазіргі заманда халықты өз құқын талас-тартыспен қорғауға шақырады. ХVІІІ ғасырда Ертіске қазақ Түркістаннан қайта келгенін тілге тиек ете отырып, қанжығалы, бәсентейін, қыпшық руларының қалай жылжығанын тарихи шежірелерге сүйене отырып дәлелдейді. Осы очеркінде автор қазақтарды Ертістен айырылмауға, көшпеуге үгіттеп, Сібір казак-орысына батыл наразылық білдірген. “Қазақ” газетінің 1915 жылғы 118-інші санында Ә.Бөкейхановтың “Рухани мәдениет қарауылынан” атты проблемалық очеркі басылған. Рухани мәдениеттің бір белгісі жұрт баласына жалпы оқу, газет, кітап оқып, ғылым жолын тану, солар арқылы адам баласына жақсылық жол ашу деп түсіндіреді. Америка, Еуропа, Ресейді салыстыра отырып, қазақ халқының көш кейін қалып келе жатқанын тілге тиек етеді. Автор бастауыш мектептен бастап университеттерге дейінгі білім саласының деңгейін саралай келе, әлі де көп жағынан артта келе жатқандықты әділеттілікпен атап көрсетеді. “Маңғол хан” очерктер циклі газеттің 13, 20, 28-інші сандарында жарияланған. Маңғол елінің ұлы көршілері, жер көлемі, сол кездегі ұстанған саясаты, адам саны, малы туралы нақты мәліметтер келтіре отырып, Қытай шежіресінде маңғолдар туралы, Шыңғыс хан тарихы, Хублай ханның оқымысты, жүйрік ғалым болып, жұлдыз көретін аспаптар ойлап тапқандығы жайында кеңінен жазады. Жүре-жүре қытай маңғолды қалай қаратып алғандығын жүйелеп түсіндіреді. Маңғолдың бөлек патшалық болуға ниеттенгенін орыс патшасы өзіне пайда көріп отырғанының арты жақсылыққа айналмайтынын автор көрегендікпен меңзейді.

«Егер Ә.Бөкейхановтың “Қазақ” газетінде жарияланған публицистикалық мақалаларына зер салсақ, Батыстың, Ресейдің демократиялық дәстүріне жақын болғандығын ажырату қиынға соқпайды» [4, 17 б],- дейді тарихшы М.Қойгелдиев. Шындығында да В.Г.Короленко, Г.Н.Потанин, А.Бебель туралы очерк, мақалаларында автор халық пен халықты жақындастыратын мәдениет және дәстүр екендігін әрдайым оқырманның есіне салып отыруға тырысқан.

“Қазақ” газетінде басылған қазақ халқының саяси өмірі, мәдениет, әдебиет, тарихы туралы очерктерге тоқталу барысында көз жеткені - әртүрлі дерек көздерінің құндылығы. Бұлар ғылыми, тарихи, әдеби зерттеуді талап ететін мол материалдардың тасқыны екені даусыз. Ұлттық әдебиет пен тарихта орны бар авторлардың очерктік шығармаларына тоқтала отырып, қай мәселе төңірегінде әңгіме қозғаса да бай мағлұмат беретін материалдар баршылық. “Қазақ” газетінде жарияланған очерктер ағынының негізгі идеясы қарапaйым халықтың ізгі мұратымен сабақтас болып отыратынын атаған абзал.

«Қазақ» газеті - қазақ халқының экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайы, әдебиеті, мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-санасы туралы жан-жақты жазу барысында очерк жанрындағы шығармаларды көптеп жариялаған ХХ ғасыр басындағы бірден-бір басылым. «Қазақ» газеті ірі-ірі әлеуметтік мәселелерді халық алдына өткір қоя білген, сол кезеңдегі қоғамдық пікірді қалыптастыруда үлкен үлесі бар басылым деуге толық болады.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақ газетi. Құрастырушылар: Субханбердина.Ү., Дәуiтов.С., Сақов.Қ. - Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998.

  2. Байменшин.С. Журналистиканың жанрлары. – Алматы: Алатау, 1997.

  3. Ыдырысов.Т. Шабыт қайнары. – Алматы: Жазушы, 1975.

  4. Бөкейханов. Ә. Шығармалар. – Алматы: Қазақстан, 1994.

  5. Жүсiпов С. Ә. Бөкейханның өмiрi мен әдеби-публицистикалық мұрасы. Филология ғылымының кандидаты дәрежесiн алу үшiн дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы: ҚазМУ, 1995.

Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет