Қали айнұр1, СӘкенұлы қайрат2, айдаралиева әсел



бет1/3
Дата31.12.2019
өлшемі92,26 Kb.
#55175
  1   2   3
ҚАЛИ Айнұр1,

СӘКЕНҰЛЫ Қайрат2,

АЙДАРАЛИЕВА Әсел3
1,2,3 Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 2 курс магистранттары
АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛАШ ОРДА» ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ ТУРАЛЫ

(Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві материалдары бойынша)


Мақалада ХХ ғасыр басындағы Ақтөбе өңірі уездеріндегі «Алаш Орда» қайраткерлерінің қызметі Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіндегі материалдар негізінде қарастырылады. Сол тұстағы Торғай облысының құрамынына кірген Ақтөбе, Шалқар, Ойыл, Темір, Ырғыз, Табын секілді уездердегі «Алаш Орда» қайраткерлері туралы кейбір мәліметтер алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Авторлар облыстық архив және тарихи материалдар негізінде өлкедегі алаш қайраткерлерінің қызметіне салыстырмалы талдау жасауға талпынған.

Түйін сөзде: Алаш, Торғай, Ақтөбе, Темір, Ырғыз, ойыл, Шалқар, қызметі, архив материалдары



Кіріспе. Ғасырлық отарлау құрсауынан босанып шығып, өз тәуелсіздігін алған Қазақ елінің ұлттық тарихын түгендеу жолында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен атқарылған асқаралы істердің бастауында – азат ел, тәуелсіз қазақ мемлекеттілігінің жолында басын қатерге тігіп, тағдырлары кереғар саясаттың бұғауына шалынып, тіпті кейбіреуінің ел үшін еткен еңбегі беймәлім болып шықты. 1988 жылғы Алаш қайраткерлерін ақтау үшін құрылған арнайы комиссия қайсар тұлғалардың есімдерін халыққа қайтарып, олардың бай тарихи мұрасы мен ел игілігіне атқарған қызметін жария етуге мүмкіндік берді. Комиссия бұрын құпия болған құжаттар мен деректердің ауқымды кешенін, дәлірек айтқанда сот хаттамаларын, айыптау актілерін, баспасөз материалдарын, түрлі арыз-шағымдар мен қорытындыларды жіті қарап, ар таразысынан өткізіп барып ұлтымыздың тарихи жадынан өше бастаған Алаш арыстарының, ұлт зиялылары мен қайраткерлерінің өлмес мұрасын қайта жаңғыртуға жол ашты. Бұл игі іске танымал ғалымдар, жазушылар, қоғам қайраткерлері мен белсенділері қатысты.

Сол кезден бастап ұлт зиялыларының тауқыметті жылдар жылнамасы Отан тарихының «ақтаңдақтарын» жыл сайын толықтырып, байытып келеді. Осы бағытта жүргізіліп жатқан тың зерттеулер жұмыстары өткен жылғы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген бастамалардың қайнар көзі болып табылады. Елбасының мақаласында көрсетілгендей, бабадан бізге мұра болып қалған тәуелсіздіктің арқасында кең қанат жайған ұлттық болмысымызды рухани жаңғыртудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау қажеттігін үнемі ескеруіміз шарт. Ұлттық кодты сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра жеткізу болмақ. Демек, «Ұлттық код» – бұл бүгінгі ұрпақтың әлеуметтік жадысы. Өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру және бүгінгі Қазақстанды мекен етіп отырған біртұтас ұлттың қалыпты өмірін қамтамасыз ету үшін төл тарих пен мәдениеттің өзегін құрайтын ұлттық дүниетанымды, рухани қайнарларды қайта қалпына келтіру. Кең-байтақ қазақ даласының төсінде сақталынып қалған мәдени-тарихи ескерткіштерімізбен қатар архивтерде қордаланып қалған бірегей құжаттарды ғылыми айналымға тарту арқылы ұлттық тарихымыздың «ақтаңдақ» тұстарын қалпына келтіру және негіздеу қажет. Бұл істің Алаш тарихына да тікелей қатысы екені еш талас тудырмасы анық.



Методология. Мақалада тарихи принцип негізге алынып, қазіргі таңдағы отандық тарих ғылымында өзіндік мектебін қалыптастырған танымал тарихшылардың тұжырымдамалары талданып, салыстырмалы әдіспен Ақтөбе облысына қарасты Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне талдау жасалынды. Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің құжаттары негізінде кеңестік қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайына сипаттама жасалынып, әртүрлі деңгейлердегі жиындар мен мемлекеттік ұйымдардың хаттамалары, анықтамалықтары мен нұсқаулықтары, жергілікті тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша әлеуметтік-тарихи мәселелерге объективті талдауға қадам жасалды.

Зерттеулерге шолу. Жоғарыда айтылғандай, өткен ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңынан бастап Қазақстан Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ө. Жәнібековтің бастамасымен Қазақ КСР-нің Ғылым академиясында арнайы комиссия құрылады. Комиссияның шешімі бойынша Алаш қайраткерлерін саяси және шығармашылық тұрғыдан ақтау туралы арнайы қаулы шықты [1]. Осылайша, қоғамда қордаланған мәселелермен табанды күрес жүргізудің нәтижесінде қуғын-сүргінге жазықсыз ұшыраған Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Шоқай, М. Тынышбаев, Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Ш. Құдайбердіұлы т.б. көптеген Алаш қайраткерлері мен ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері саяси, кейінірек азаматтық тұрғыда ақталды. Олардың мұраларын қайта жаңғыртуға мүмкіндік берілді.

ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңы – 90-жылдарының басында қоғамдық-саяси өмірдегі түбегейлі өзгерістерге байланысты ұлт тарихын зерттеу мен зерделеу ісінде айтулы бетбұрыстардағы алғашқы қадамдарда өз қолтаңбасы мен бағытын ашық ұстанған академик Кеңес Нұрпейісов алаштанудың негізін қалады. Кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырған Кеңес Нұрпейісовтың Алашорда және Алаш тарихы туралы: «Алаш» немесе «Алашорда қозғалысы» бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Сондықтан да әуел бастан, Алаш (Алашорда) қозғалысына жататын жекелеген мәселелердің басын ашып, оларды нақты түрде қарастырған жөн сияқты. Олар, біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияның (Алаш атты қазақтың мемлекеттігін) басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі) туралы мәселелер. Басқа сөзбен айтқанда, осы нақты үш мәселе жиынтығы Алаш немесе Алашорда қозғалысы деген ұғымды білдіреді. Алаш (Алашорда) қозғалысы деген ұғым 1920-30 жылдардағы ғылыми және саяси әдебиетте қалыптасты. Қазіргі оқырман, әсіресе, 20-30 жылдардан кейін дүниеге келген ұрпақ Алаш туралы білмейді, ал біле қойған жағдайда, онысы шындыққа жанаспайды. Жағдайдың бұлай қалыптасуының өзіндік себептері болды. 20-шы жылдардан бастап, әсіресе, 1928-1932 жылдары орын алған бұрынғы Алаш партиясы мен қозғалысының жетекшілеріне қарсы ұйымдастырылған алғашқы саяси сот процестерінен кейін, бұл тақырыпты нақтылай тарихи тұрғыдан зерттеуге ресми түрде тыйым салынды. ... ОГПУ-дің осы екі үкімі құрбандарының тірі қалып елге оралғандары 1937-1938 жылдары түгелге дерлік «халық жауы» деген жалған айыппен ату жазасына кесілді» [2, 5-6-бб.].



Академик М. Қозыбаевтың зерттеулерінде де Алаш тарихы мен оның қайраткерлеріне жоғары баға берілген. Мысалға ғалымның: «Facыp басында үркердей алып топ - Әлихан, Ахмет, Міржақып қазақтың демократиялық либералдық бағыттағы зиялыларының басын қосып, Еуропалық өркениеттік дәрежедегі қозғалысты қалыптастырды. Бұл қозғалыс діншілдіктен, ұлтшылдықтан бойын аулақ салды», - берген тұжырымдамалық бағасы бүкіл алаш қайраткерлерінің қызметін жоғары бағалағандығын көрсетеді [3].

Алаш қозғалысы мен қайраткерлерінің тарихын және олардың ұлттың рухани-мәдени деңгейін көтерудегі атқарған істерін, жалпы алаш тарихын терең зерттеп жүрген ғалымдар М. Қойгелдиев, Т. Жұртбай, С. Смағұлова және т.б. зерттеушілер еңбектерінің маңызы жоғары. Академик М. Қойгелдиев пен Т. Омарбековтың тұжырымдамасы бойынша Алашорда басшылары шынтуайтында мынандай басты екі мақсатты ұстанған: біріншіден, қазақ елін отарлық езгіден азат ету, ал екіншіден, қазақ халқы мен дәстүрлік қоғамын ортағасырлық мешеуліктен өркениетті әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жолына алып шығу. Осы себептен болар, аталмыш ғалымдар алаштық зиялы қауымды «ұлттық-демократиялық зиялы қауым (интеллигенция)» деп, ал Алаш партиясын «ұлттық-демократиялық партия» деп атағанды жөн санайды деген пайымдауларын айтады [4].



Негізгі бөлім: Алаш қозғалысының тарихымен тереңірек танысқан сайын оның көшбасшылары Ә. Бөкейханов пен А. Байтұрсыновтың соңына ерген әрбір алашордашылар қалың қазақтың қамын ойлаған, ұлт жолында қызмет етемін деген үлкен парыз бен үмітті арқалаған ел жастары болғандығын байқаймыз. Сондай-ақ олардың қатарында саяси санасы анық, сауатты ашық қарапайым азаматтардан бастап, дін өкілдері мен дәулетті отбасынан шыққан билеуші тап өкілдерінің топтасқандығы да анық.

Бүкіл қазақ даласын қамтыған Алаш қозғалысына Батыс өңірі азаматтары мен қайраткерлері де тартылды. Тіпті олардың біразы 1917 жылы 2-8 сәуірде Орынборда өткен Торғай облыстық І қазақ съезіне қатысқан. Алаш тарихында маңызды оқиға болып саналатын бұл съезд – патша билігі құлатылғаннан кейінгі қазақ жерінде өткізілген тұңғыш ұлттық бас қосу болды. Съезде алғаш рет ұлттық маңызы бар өзекті мәселелер талқыға салынды. Оның ізін ала ұйымдастырылып, жер-жерлерде өткізілген басқа облыстық съездер негізінен Торғай съезінің қарарларын қарастырып, оны қолдайтындықтарын танытты. Алғашқы съездің жалпыұлттық деңгейде өткендігі туралы алаштанушы ғалымдар, академиктер К. Нұрпейісов пен М. Қойгелдиев өз зерттеулерінде жоғары бағалаған [5]. Бұл аталмыш съездің өңір үшін ерекше болатын себептерінің бірі – сол жылдардағы әкімшілік-аймақтық бөлініске сай Ақтөбе, Ырғыз, Мәртөк аудандары Торғай облысының құрамына кірген. Алғашқы съезге Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай және Торғай өңірлерінен ғана емес, Ақмола, Семей, Сырдария облыстарынан, Бөкей ордасынан, тіпті Қазан мен Уфадан да келген 300-ден астам делегаттар қатысқандықтан ол жалпыұлттық деп танылды. Сондай-ақ съезді Алаштың көшбасшыларының бірі, ұлттық «Қазақ» газетінің бас редакторы, кейіннен «Ұлт ұстазы» атанған А. Байтұрсынов бастаған алаштық қайраткерлер М. Дулатов, С. Қадырбаев, А. Қалменов, У. Танашев, О. Алмасовтардың ұйымдастырумен өткендігі мәлім. Сол жиынға қатысушылардың арасында ақтөбелік алаштықтардан Әбдіхамид Жүндібаев, Керей Тұрымов, Тоқмағамбет Жантасов, Мұхамедәлі Меңдібеков, Есмағабет Алтыбасов және Шынтай Дәржановтар қатысқан болатын [6].

Осылардың ішінде алаштың көшбасшылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатовтармен қатар «Алаш» партиясын құруға белсене ат салысқан және оның бағдарламасын жазуға қатысқан жеті қайраткердің бірі Ақтөбе өңірінің тумасы Ә. Жүндібаевты айрықша атап өткен жөн [7]. Кереғар солақай саясаттың кесірінен оның есімі соңғы жылдарға дейін айтылмай да, ескерілмей де келді [8].

Қазан революциясынан кейінгі қазақ даласында орын алған қоғамдық-саяси ахуалға байланысты Алаш партиясының қызметіне шектеу қойыла басталды. Тіпті кеңес өкіметі орнағаннан кейін «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің мүшелеріне Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі және 1920 жылғы 15 сәуірдегі қаулыларымен кешірім жарияланып, олар қайтадан мемлекет қызметіне тартылды. Мысалы, Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық комитеттің 1920 жылғы 5 мамырдағы №54 бұйрығында көрсетілгендей бұрынғы «Алаш Орда» үкіметінің барлық қызметкерлері мен 1-Қырғыз қызыл кеңес полкінің қазіргі құрамындағы әскери қызметкерлер 3 күндік мерзім аралығында тіркелуі қажет деп көрсетілді [9]. Осы құжатта берілген келесі 5 мамырдағы №3 бұйрығында Ж. Досмұхамедов туралы былай делінген: «далалық өлкеде және жергілікті жерлерде Жанша Досмұхамедов қайта оралып, ол бүкіл Қырғыздың ханы болады екен деген «Алаш Орда» үкіметі мен оның бұрынғы құйыршықтары, тыңшылары, агенттері тарапынан революцияға қарсы үгіттер, қауесеттер мен өсектер таратылуда. Осының анық-қанығын тексеру мақсатында және «Алаш Орда» үкіметі мен «Земство» қоғамы Әскери-революциялық комитеттің өкімімен таратылып, оның мүшелері Досмұхамедовтер бостандығынан айырылып, Кеңес билігі нығайғанға дейін Мәскеуге жіберіледі» [9].

Ақтөбе уездік атқару кеңесінің құжаттарының арасында сақталған Қырғыз (қазақ) Халық комиссарлар кеңесінің 1920 жылғы 20 қазандағы «Амнистия туралы» қаулысына сәйкес берілген нұсқаулықта көрсетілгендей бұл амнистия саяси акт ретінде кімде кім өзінің адасқандығын түсініп, халық игілігіне қызмет етуге дайын болса, соларға кең жол ашады дей келе, бұрынғы «Алаш Орда» үкіметін жақтаушылар, еңбекші казактар, азамат соғысы жылдарында ақгвардияшылар жағында болғандарды қамаудан босатып, ендігі жерде қудалауға алынбайтындығы айтылады [10].

Дегенмен, сарғайған архив құжаттарына тереңірек үңілген сайын 1922 жылдан бастап алашордашыларды үкімет пен партия тарапынан қудалау саясаты жергілікті аймақтарда да кеңінен орын алғандығын байқаймыз. Тарихи әдебиеттерде де ол туралы жазылып жүр. Мысалы, академик М. Қозыбаев бұл алашшыларды қуғындаудың алды екендігін көрсете отырып: «Совет өкіметі сөзінде тұрмады, дәйексіздік көрсетті, екіжүзділік жасады. Кешірім тек қағаз жүзінде болды. Азамат соғысы біте сала көп кешікпей алаш азаматтарын қуғын-сүргінге салу басталды», – деп жазса, академик К. Нұрпейістің тұжырымдамасын қысқаша берер болсақ билікке орнығып алған кеңес өкіметі ендігі кезекте қайраткерлігімен танылған, жан-жақты білімді де талантты Алашорда қайраткерлерін билікке араластырмауға, қайтсе де оларды тарих сахнасынан кетіруге тырысып, жала жабу, алдау мен арбау әдісін де, қару жұмсап күштеу секілді құйтұрқы іс-әрекеттерінің басты мақсаты мен ұстанымы оларды Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен барынша алыстату болды дейді.

Мұның айғағы ретінде, бір ғана құжатқа көз жүгіртіп көрейік. Темір уездік атқару комитеті мен Ақтөбе губерниялық атқару комитетінің атына уездік аткомның орынбасары Громовтың жазған баяндау-хатында уездегі халықтың жаңа социалистік қоғамға бейімделуіне контрреволюциялық қозғалыстың ордасы, әсіресе «Алаш Орданың» батыс бөлімшесінің әлі күнге дейін ізі сөнбей тұрғандығы қоғамдық-саяси ахуалды қиындатып отырғандығы көрсетіледі. Әсіресе елдегі орын алып отырған ашаршылықты кеңес билігі қолдан жасап отыр деген қауесет таратып, халық арасында іріткі салушылар мен арандатушылар баршылық. Темір уезінде осындай індетті тартушылардың бірі Уақытша өкіметтің бұрынғы комиссары және Алаш Орданың қып-қызыл белсендісі дәрігер Есенғұлов өзінің қызмет бабын өте тиімді пайдаланып отырғандығын, сондықтан осындай олқылықтарды жою үшін губерниядан қандай да бір нұсқау күтетінін жазады [11].

Осындай жер-жерден түскен баяндау-хаттар мен арыздардан кейін уездер мен болыстықтарға комиссия шығып жұмыс істей бастайды. Солардың бірі Бейсалиевтің төрағалық етуімен Шалқар уезінің Ырғыз болыстығына шыққан комиссияның баяндау-хатында былай делінеді: 1918-19 жж. қызылдардың шабуылы кезінде Ревком ұйымдастырылып, оның төрағасы болып Баймен Алманов сайланады. Ырғыз ақтардың қолына өткенде Алманов Темірбек Жүргеновпен және т.б. бірге қызылдарға өтсе, өзге қызметкерлер Алаш Ордамен бірге ақтарға өтеді. Ақтар жағына өткендер Алманов пен Жүргеновтің туыстарын қыспаққа алып, малдарын тартып ала бастайды. Мысалға Жүргеновтің ауылынан 300 түйені айдап апарып ақтарға береді. Осы құжатта Т. Жүргенов пен Ұ. Құлымбетов арасындағы өзара келіспеушілік туындап, екі топ құрылғандығы және оның Ырғыздағы ахуалға ықпалы туралы да айтылады [12].

Дәл осындай Темір уезіндегі жағдай БК(б)П Ақтөбе губкомы бюросы мен хатшылығының жабық отырысында қаралады. Губерния прокуроры Бисалиевтің 1926 жылғы 24 желтоқсанда берген қорытындысы бойынша уезде алаштық-байлар тобы құрылып, олар халық арасында іріткі салып отырғандығы, Торғай уезіндегі сайлау науқаны кезінде бұл топ кеңестік және партиялық аппаратқа толықтай өз ықпалын жүргізу үшін жұмыс жүргізіп отырғандығын айтады. Топтың басшылары өздерінің іс-әрекетін Торғай уездік прокурорының көмекшісі, БК(б)П мүшесі Жантуаров арқылы іске асырмақ болған. Осыған байланысты ол халық соты Галиевтің пәтерінде топ басшыларымен бірнеше рет кездесу өткізіп, сайлау алды кампаниясының үгіт-насихатын жүргізу мақсатында болыстықтарға адамдар жіберген екен. Ырғыз елді мекенінде Жантуаров осы топтың басшыларының бірі Асқарбек Қадырбаевпен кездесу өткізеді.

Осы жабық отырыстың хаттамасында алаштық-байлар тобына қатысы бар деген бірнеше адамның аты-жөні аталады: Мұғаджар болыстығының 10-ауылының азаматтары Өтеубай Тналин, Қали Тоқсарин, Темір уезінің топ басшыларының бірі Құдайберген Дүйсенбин, Қалменов, Елтай Каналин, Есенғұлов, шалқарлық топтың жетекшісі Тоқтығұлов Ержан (Токтугулов Иржан), торғайлық топтың жетекшілерінің бірі Қазгелді Қарпықов, ауыл мұғалімі Мырзағұл Атаниязов және т.б. [13]. Осында аты аталғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, ұзақ уақытқа созылған тергеу жұмыстары жүргізілген [14].

1927 жылы ОГПУ-дің Ақтөбе губерниялық бөлімінің өкілі Ф. Ковалышкиннің берген Айыптау шешімі бойынша Шалқар уезінің азаматтары: Саркебаев Байділдә, Тұнғаншин Ахмет, Сабенов Бақыт, Қыйсықов Тұрмағамбет, Ақбаев Жүсіп, Сандыбеков Жанназар, Хасанов Шайхұлы, Қарабаев Асу, Тортумбаев Арықбай, Сарыбатыров Оспан, Шектібаев Қауыпбай, Мамытов Рахматулла, Уразалин Сейдалы, Тотанов Расы және Тоқтығұлов Ержан қылмыс жасағандары үшін айыптайды. Оларға қойған айыбы: Ақтөбе губерниясының Шалқар уезінде осы топтың адамдары бұрынғы Ырғыз қазіргі Шалқар уезінде 1920-1921 жж. кеңестік биліктің орнығуынан кейін халық арасында «партия» деп аталып кеткен екінші топпен қарама-қайшылықтар туғызған бай-шенеуніктік ұстанымда болған және олардың басым бөлігі азамат соғысы кезінде буржуазиялық-ұлтшыл қозғалыс «Алаш Орданың» белсенді мүшелері болған.

Одан әрі қарай екі топтың арасындағы наразылықтың тамыры тереңде жатқанына шолу жасай келе, олардың 1916 жылғы көтеріліске кейбірінің қатысы бар-жоқтығына да тоқталады, Сондай-ақ 1917 ж. ақпан революциясынан кейінгі Торғайда өткен облыстық қазақ съезінің шешімі бойынша Азаматтық комитеттер, әскери-өндірістік комитеттер құру және Уақытша өкіметті қолдау мен соғысты аяғына дейін жүргізу туралы шешімдер қабылданғаны айтылады. Осы Азаматтық комитет құру үшін сайланған комиссияның құрамына Ырғыз уезі бойынша съездің делегаты болып қатысқан Қыйсықов Тұрмұхамед пен Хасанов Шайқұл кірсе, Облыстық әскери-өндірістік комитеттің мүшелігіне Бекбаев Сарқыбай сайланады.

Аталмыш съезде Торғай облыстық басқармасының аудармашысы Мұхамедияр Тұнғаншиннің (Ахмет Тұнғаншиннің ағасы) Орынбор жандарм басқармасында қызмет еткені үшін делегаттар құрамынан шығып қалғандығы, оның съездің хаттамасында тіркелгенін айта келіп, осыдан кейін Ырғызда азаматтық уездік комитет құрылып, оның мүшелігіне – Теміров, Сейдалин, Қыйсықов және т.б. кіреді. Қызылжар болыстығының Азаматтық комитетінің төрағасы Қартбай Байұзақов, Белқотыға – Мамыт Дуабаев (Мамытов Рахматулланың әкесі), Байсаққа – Уразалин Сейдалы болады.

1917 ж. маусым-шілдеде Ырғыз уездік Жер басқармасы құрылып, оның құрамына Сейдалин Қырымгерей, Теміров; Шонанов Т. және т.б. кіреді.

1918 ж. ақпан-наурыз айларында Ырғызға Тұнғаншин Мұхамедияр келіп Ырғызда жұмысшы депутаттар кеңесін құрады және оның төрағалығына қазақ «Алаш» партиясының мүшесін, осы уақытқа дейін осы партия атынан Учредительный жиналысқа Торғай сайлау округының №1 тізімі бойынша ұсынылып келген Тел Жаманмұрыновты бекітіп, мүшелігіне Қыйсықов Тұрмұхамед, Хасанов Шайұл, Тұнғаншин Ахмет және Тұнғаншин Сейдалы (ағайынды Тұнғаншиндер сұлтандар «ақ сүйектердің ұрпағы») өтеді. Одан әрі Торғайды Дутов армиясының басып алған тұсындағы олардың қызметіне тоқталады да, 1919 жылы Ырғызды Алаш Орда отрядтары қоршап алғанда олардың басында Теміров, Сейдалин, Дулатов және т.б. болғандығын көрсетеді. Алаш Орда шегінде олармен бірге Жұбанов Қуаныш, Ақбаев Жүсіп, Арықбаев Дүйсенқұл және т.б бірге кетеді де, ауруға шалдыққан Жаманмұрынов ауылда қалып, Бекбаев, Сарыбатыровтармен бірге тұтқындалады, бірақ екі айдан кейін босатылады. Алаш Орда отрядына Тайбазаров Әбіш те қашып келіп қосылады.

Алаш Орданың Ырғызға келген тұсында: Жаманмұрынов Тел – Ырғыз Жер басқармасының мүшесі, Сарыбатыров Ұ. – Жер басқармасының хатшысы, Бекбаев Сарлыбай – уезд басқармасының көмекшісі, Ақбаев Жүсіп – Алаш Орда отрядының азық-түлік дайындаушысы, Жомартов Ж. – уездік милиция бастығы, Баранқұлов Т. – Қарабұтақ милициясының бастығы, Сесикенов Бурмухамед – взвод немесе рота командирі, Уразалин Сейдалы – болыстық жер басқармасының төрағасы, Шектібаев Қауыпбай – болыстық жер басқармасының хатшысы, Сандыбеков Жанназар да және т.б.

Осы тұста Ұзақбай Құлымбетов те Киселевпен тіл табыса алмаған соң алашордашылар жағына өтеді, кейін осы үшін айыптауға ұшырайды [15].

Міне, бұл бір құжатта ғана айтылған тағдыры талқыға түскен азаматтар, қайраткерлер жайында қысқаша болжамымыз.

Ал келесі құжаттарда БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің ірі бай шаруашылықтары және бұрынғы әлеуметтік жіктер мен рулық топтарға кірген адамдардың шаруашылығы мен өндірістік жабдықтарын кәмпескелеу туралы мәселе бойынша дайындалған баяндау-хатында жүргізілген іс-шаралар барысы баяндалады [16].

Архив құжаттарын және тарихи зерттеулерді талдау барысында байқағанымыз большевиктік төңкерістің алғашқы жылдарында партия мен кеңес өкіметі ұлттық-мемлекеттік құрылыстың маңызды мәселелерін жүзеге асыру барысында әртекті интеллигенция («Алаш» қозғалысының, троцкийшілер) өкілдеріне сүйенуге мәжбүр болып, ал елде кеңестік билік нық орныға бастаған кезде РК(б)П-ның Х съезіндегі ұлт мәселесінің шешіміне орай кеңес өкіметіне қарсы әрекет етер деген желеумен үкіметке зиянды қайраткерлерден құтылуды жөн деп санап, оларды «ұлтшылдар» мен «жікшілдер», «сәдуақасовшылдық», «рысқұловшылдық, «қожановшылдық» атандырып, қуғындай бастады. Бұл жергілікті аймақтарда барынша қызу қолдау тауып, кең өріс алғандығын төмендегі құжаттардан көруге болады.

БК(б)П Ақтөбе қалалық комитетінің Ақтөбе станциясының пойыз қызметі ячейкасының 1928 жылғы 23 қарашадағы жиналысының күн тәртібіне қойылған үш мәселенің бастысы «Сәдуақасовшылдық туралы» болған. Онда бірінші болып сөз алған Шевель Қазақстанда орын алып отырған «сәдуақасовшылдық» теориясы бұл нағыз ұлттық-буржуазиялық ағым деп бағалаудан бастайды. Сәдуақасовтың теориясы мен біздің партияның бағытының алшақтығы мынада деп көрсетеді:


  1. Сәдуақасов ұсынып отырған Қазақстанды индустрияландыру, яғни завод пен фабрикалар салу арқылы өнеркәсіп кадрларын дайындау болса, партияның ұстанымы Қазақстан ауылшаруашылық – малшаруашылық ел ретінде Бүкілодақтық индустриализацияны шикізатпен қамтамасыз ету керек;

  2. Сәдуақасов тобы ұсынып отырған ұлт мәселесінде – ұлттық және шаруа мәселесін бір мәселе ретінде көтеруі тіпті қисынсыз, өйткені ұлттық мәселе ол тұтас ұлтты қамтиды, ал шаруа мәселесі тек шаруаларды ғана қамтиды. Оның қазақ байын деревня кулактарымен салыстыруы да дұрыс емес, себебі кулактар тек экономикалық кедейшілікке әсер етсе, қазақ байы Қазақстанның басым жұртшылығына экономикалық та, саяси тұрғыдан да ықпал жасайды деп түсіндірмек болған.

  3. Партия басшылығын толықтай 100 пайызға қазақтандыру жөніндегі Сәдуақасовтың пікіріне салар болсақ, онда барлық басшылық аппаратына қазақ интеллигенциясын отырғызады және бүкіл билікті өз қолдарына тартып алмақ дей келе, Шевель, Сәдуақасов тобы қазақ буржуазиясының мүддесін ашық қорғап отыр деп тоқтайды [17].

Ақтөбе облыстық архивінде сақталған 1928 жылы 8 және 16 мамырда ұлтшылдардың оппозициялық тобының қызылордалық ұйымының ісін қараған Өлкелік Орталық Бақылау комиссиясы төралқасы мәжілісінің материалдары тізімінің көшірмесі тігілген. Мұнда бірнеше хаттама көшірмелерімен қатар Орымбаевтың шағымы, Мұстамбаевтың, Сұлтанбековтың, Сәдуақасовтың істері жөніндегі қорытындылар мен оларды сұраққа алған хаттамалардың, Бақылау комиссиясының, губкомның мәжіліс хаттамаларының және Голощекиннің партияның ішкі ахуалы жөніндегі баяндамасы бойынша қарардың көшірмелерінен байқағанымыз партиялық тазалау мен қазақ интеллигенциясын, алашордашыларды қудалау науқаны республиканың басқа өңірлерінде де жаппай жүзеге асырылып жатқандығын дәлелдейді [18].

Жалпы, күштеп ұжымдастыру, кәмпескелеу, ет дайындау, астық дайындау науқаны кезінде де жазалау, отырықшыландыру науқанында жазалау, одан бөлек халық жауларын анықтаудың түрлі науқандары, тіпті, оңшыл, солшыл оппортунизм, жоғарыда айтқанымыздай «рысқұловшылдық, «қожановшылдық», «сәдуақасовшылдық», т.б. әр түрлі науқандарда қазақ ұлттық интеллигенциясымен қатар жергілікті өңірлердегі қайраткерлерді, сауатты, училище бітірген мұғалімдерді, діни қызметкерлерді, ел тірлігіне араласқан бай-болыстарды және олардың ұрпақтарын да аяусыз жазалап отырған. Ал ондай жазалауларды іске асыру үшін жергілікті халық арасында іріткі сала отырып оларға арыз-шағымдар жазғызғандығын БК(б)П Ырғыз аудандық комитеті бойынша «Саяси хабарламалар» («Политические донесения») ісінде жинақталған құжаттар айғақ бола алады [19].

Сонымен қатар кезінде Батыс Алаш Орда ұйымына қатысып, Досмұхамедовтермен тікелей қызметтес болған, алашордалық милиция қатарына халық ішінен жігіттер жинаған оралдық, кейіннен Темір уезінде әртүрлі қызмет атқарған бірде революционер, бірде алашордашыл С. Қаратілеуовтің өмірбаянымен таныса отырып, Ақтөбе өңірі ғана емес жалпы Батыс Алаш Орда ұйымының қызметімен аракідік танысуға мүмкіндік береді [20].

Көріп отырғанымыздай, өткен ғасырдың 20-30-жылдардың өн бойында алаш идеясымен рухтанып, революциялық төңкеріс жылдарынан бастап кеңестік билікке әртүрлі деңгейде араласқан қазақ қызметкерлерінің барлығына «ұлтшыл» деген айып тағылып, басында біртіндеп, кейіннен жаппай қызметтерінен қуылып, саяси айыптаулар тағылды. Олардың әрбір қадамы бақылауға алынып, олардың әрқайсысының соңдарына салған «тыңшылардың» хабарламалары Ішкі істер халық комиссариатының Мемлекеттік саяси басқармасының ерекше бөлімінде жинақталды. Мысалға, солардың бірі Брекешев Бисекенің өмірбаянына көз жүгірте отырып сол тұстағы аумалы-төкпелі кезеңдегі қазақ оқығандарының да бірде оң жағалауда, бірде сол жағалауда, тіпті ағынның бағытымен кетіп, өз көзқарасы мен пікірін жоғалтып алғандардың да көп болғандығы шындық. Б. Брекешев 1898 ж. бұрынғы Орал облысы, қазіргі Ақтөбе округының Темір уезінің Ембі ауылында кедей отбасында өмірге келген. Темірдегі 2 сыныптық орыс-қырғыз мектебін 1913 жылы бітірген соң, Ақтөбе мұғалімдер семинариясына түседі. Темірдегі өзі бітірген орыс-қазақ мектебіне мұғалім болып орналасқан ол біртіндеп қоғамдық өмірге араласады. Өз өмірбаянында ол барынша алашордалықтарды жамандап көрсетуге тырысады да, кеңестік билікке араласқан жолын қызмет сатысымен тізіп шығады, бірақ 1928 жылдан бастап белгісіз біреулердің қаралауы басталғандықтан ісі сотқа берілгендігін, бұл әділетсіз екендігін өзінің ақталып шығып, қайтадан қызметке алынғанын жазады [21].

1932 жылдың 10 желтоқсанында қабылдаған партия қатарын тазалау жөніндегі қаулысын талқылаған БК(б)П Ақтөбе облыстық комитетінің бюросы мен облыстық Бақылау комитетінің мәжілісінде облыстың барлық мекемелерінде қаулыны жедел түрде талқылаудан өткізіп, бар күшті партия қатарын тазалауға жұмылдыру туралы шешім қабылданады [22].

Ақтөбе облыстық ОГПУ-дың Ерекше бөлімінің «аса құпия» белгімен облыстық партия комитетінің жауапты хатшысы Максимов пен облыстық Бақылау комиссиясының төрағасы Бейлиннің атына жазған 1933 жылы 25 наурызында берген баяндау-хатында облыстағы контрреволюциялық ұйымдар 1930 жылдан бері Ақтөбе, Ақбұлақ, Ойыл, Темір, Табын аудандарында бірнеше ауылдардағы бөлімшелері арқылы өз қызметін жүргізіп келгендігін айтады.

Облыстық орталықта 25 адам: Қаналин Елтай (Темір ауданы), Жауымбаев Қожғали, Өтепбергенов Ілияс (Табын), Қожахметов Бексұлтан (Ойыл), Құлбасов Жұмабек (Ойыл), Нейталин Ысқақ (облыс орталығынан), Нұрпейісов Ерпейіс (Ойыл), Сарбасов Абдулла және т.б.

Ұйымның әлеуметтік құрамы: буржуазиялық ұлтшылдар – 5, байлар – 11, буржуазиялық жаңғырғандар – 10, Көптілеуов, Нұрпейісов Е. және т.б. партия мүшелері.

Ұйымның облыстық және аудандық басшылары шаруашылыққа ықпалдарын тигізу мақсатында жер басқармасы, колхоз жүйесі, астық дайындау, қаржы және кеңестік ұйымдар, тұтынушылар кооперациясы, прокуратура мен сот-тергеу, халық ағарту, т.б. шаруашылық ұйымдарына кіріп, сенімге ие болып алғандар. Айыптаушылардың көрсетулері бойынша контрреволюциялық ұйымның басты мақсаты:


  1. тұтастай алғанда аудандардың шаруашылығын қирату;

  2. Орта Азияға жаппай көшуді ұйымдастыру;

  3. бүлікшіл көтерілісшілерді ұйымдастыру болған.

1931-32 жж. Табын, Ойыл, Жилокосинск аудандарындағы жаппай көшу осы ұйымның ісі деп таниды.

Ұйымның пайда болуы Каналин мен Сарбасовтардың істерінен басталатындығын, олардың Алматыда отырып нұсқау бергендерін Сарбасов, Шегебаев, Сисенов, Нейталиннің, Нұрпейісовтердің жауаптарынан үзінді арқылы көрсете отырып, тергеу ісінің жалғасатындығын айтады [23].

Ал оның жалғасы ретінде 1933 жылы 8 сәуірдегі №2 баяндау-хатында буржуазиялық-ұлтшыл бай-көтерілісшілердің контрреволюциялық ұйымының әшкереленгендігі туралы баяндалады. Онда көрсетілгендей БК(б)П қатарына контрреволюциялық бағыттағы ұлтшыл элементтердің еніп кетуі сол ұйымның мүшелері берген жауаптары бойынша анықталған. Бай ортадан шығған, бұрынғы алашордашыл, бұрынғы облыстық жер басқармасы меңгерушісінің орынбасары, БК(б)П мүшесі Жауымбаев Қажғалидің көрсетуі бойынша, ол әуелден-ақ контрреволюциялық топтың мүшесі ретінде солардың мүддесін жүзеге асыру мақсатында партия қатарына өтіп, астыртын түрде экономикалық кедейленуге, аштыққа итермелейтін жолдарды қарастырып, қаскөйлікпен айналысқан. Бұған қосымша, жаппай ұжымдастыру саясаты мен тап ретінде байларды жоюға қарсы болғандықтан осында контрреволюциялық әрекетке көшкен. Алаш Орда мүшесі ретінде ол ауылдық хатшы болған, екінші рет партия қатарына өткенде өз қызмет бабын тиімді пайдалануды мақсат тұтқандығын айта келіп, партия қатарында бұрынғы алашордашылар – Наренов, Молдағұлов, Ерпейіс Нұрпейісов, Көптілеуов, Жұмағалиевтер бар екенін айтқан.

Ұйымның мақсаты кеңес үкіметін құлату болғандығын әшкерелеген комиссия табындық Имандосов, Жұбанқұловтардың жауаптарынан үзінді береді. Имандосов өз кезегінде кеңес билігінің астық дайындау, салық, ұжымдастыру мен байларды қудалау саясатының дұрыс еместігін, оның халыққа қарсы жүргізген саясат екендігін түсінгендіктен Өтепбергеновтің ұйым құру жөніндегі ұсынысын бірден қабылдағанын айтады.

Ал Жұбанқұловтың жауабы: Олар Тілегеновтің (ол да партия мүшесі) үйінде өткізген бас қосуда Қарақалпақстан мен Түркменстанға көшіп кетуді ұйымдастыру мәселесі, көтерілісші түрікмендерге қосылу және колхоздарды ыдырату мәселесі де талқыланады. Жиында Қырылдақов Құрманғали екінші және үшінші ауылдарда көшіп кетуге дайындық топтарын құрғандығын жеткізген. Өтепбергенов болса 36 мен 37 ауылдарда қызмет бабымен болғанда Қолдаяқов арқылы үгіт жүргізгенін айтса, Тілегенов құрамында өзбек, түрікмендер бар қарулы бандалар аудан орталығын басып алуды күтіп отырғандығын жеткізеді. Сондай-ақ ол 5, 6, 7, және 1 ауылдарда жұмысты адайлардың арасында ықпалы жүретін Шопанов арқылы бай Бекмағамбетовті іске тарту қажеттілігін және Шопанов екеуінің Түрікменияға барып қайтқандықтарын айтады.

Болыс басқармасының ұлы, №3 қой совхозының бұрынғы директоры, партия қатарына қулықпен өтіп алған Айсиннің көрсетуінде совхоздарды басып алуды ұйымдастыруды Қой өсіру тресті директорының орынбасары, партия мүшесі Нұрмағамбет Шамгунов басқарған. Ол Буребаев арқылы ауылдардан ақпараттар алып отырған. Буребаевты қолдаған Исенғарин мен Бикбаулов екеуі бандыларды ұйымдастыру мен көшуге дайындыққа көмектескен. Ал партия мүшесі, бұрынғы Ойыл прокуроры Нұрпейісов пен бұрынғы алашордашы, Ойыл Революциялық атком төрағасының орынбасары Жұмағалиевтер өз жауаптарында барлығын ұйымдастырушы бай ортадан шыққан, КСРО Сыртқы сауданың Қазақ өлкелік уәкілінің орынбасары Алматыда тұратын Наренов екенін және оның түпкі мақсаты Кеңес өкіметін құлату болғандығын көрсеткен.

Сонымен тергеу ісінің қорытындысында көрсетілгендей, Табын, Темір, Шалқар, Ойыл, Ақбұлақ және Ақтөбе аудандарындағы контрреволюциялық ұйымның қызметі әшкереленіп, облыстық контрреволюциялық орталық, 6 аудандық орталық және 48 ауыл-колхоздық ұйымдар жойылып, осы іс бойынша барлығы 45 партия мүшесі мен кандидаттары тұтқындалып, 20-сы тұтқындалмаған деп қол қойған ОГПУ-дың облыстық бөлімінің бастығы Кеммер мен Ерекше бөлімнің бастығы Титов қол қойған баяндау-хатта [24].

Мұның өзі, патша жандармериясының қулық-сұмдығына жетік, қашып-пысып жүріп әбден төселіп алған Голощекиннің тікелей басшылығының барысында өте тыңғылықты түрде жүргізіліп ұлтжанды қайраткерлер мен іс басында жүрген азаматтарды бір-біріне айдап салу немесе олардың соңына «жансыздарды» салу арқылы жүрді.

Ел басына түскен қиыншылықтарға қарамастан партия жауларын іздестіру ісі тоқтаусыз жүргендігін БК(б)П ОК Маленков пен БК(Б)П Қазақ өлкелік комитетіне Асриевке «өте құпия» түрде берілген ақпараттық мәліметте партия жауларының партиялық құжаттарын тексеру барысында әшкереленген фактілерді тізеді:


  1. троцкийшіл-зиновьевшіл азғындардың;

  2. ақгвардияшылар, кулактар, байлар, дін қызметкерлері мен молдалардың;

  3. алаяқтар мен алдамшылардың;

  4. партия қатарына алдап кірген жат адамдардың;

  5. алашордашылардың тізімі берілген.

Алашордашылар деп көрсетілгендер: Ахмедов Еркен – милиционер болған, Бекмамбетов Темір – 1918-19 жж. Алаш Орда офицері, алашордашы Көпжасаровтың Колчакқа барғанында оның адъютанты болғандығын партиядан жасырғаны үшін 1928 жылы тазалауда қатардан шығарылған [25, 72-п.].

Келесі осындай ақпараттық мәліметте де Т. Бекмамбетов пен Е. Ахмедов есімдерімен қатар Көптілеуов Мұхамедиярды көрсеткен [25, 124-п.].



1935 жылғы БК(б)П Ақтөбе облыстық комитетінің берген тізімі бойынша облыста 136 Алаш Орда мүшесі болған. Осы тізімді толық және құжат орыс тілінде болғандықтан олардың аты жөнін тұпнұсқа күйінде сақтау үшін аудармасыз беруді жөн көрдік [26]:
Каталог: edu.history -> media -> upload -> 2186 -> 2019
2019 -> Әож 94 (574) жаһанша досмұхамедов – алаш қОЗҒалысының Өршіл қайраткері түйін Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры»
2019 -> Әож 94 (574) ахмет бірімжанов – алаш интеллигенциясының КӨрнекті өкілі түйін Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»
2019 -> Уалтаева А. С., т.ғ. к. Отар Ә. Н., 2-курс магистранты Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ӘӨЖ: 94(574)(092)
2019 -> Садықов Тілеген Садықұлы Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Тарих факультетінің профессоры, т.ғ. д
2019 -> Б. С. Боранбаева
2019 -> Маулит. Б. 1, Шәріпқазы Н. 2 1
2019 -> Омарова Г.Ә., ғылыми қызметкер, Алматы қ., Қазақстан. ӘОж 4(574). 084. Алжир қасіреті: азап шеккен аналар естелігінде
2019 -> Г. Р. Мухтарова1 1Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбысжазба архиві Алматы, Қазақстан
2019 -> Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі
2019 -> Г. Е. Сабденова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, доцент, т.ғ. к., Қазақстан, Алматы А. Н. Усерова


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет