Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кенті №38 мектеп-гимназиясы



Дата11.01.2017
өлшемі299,73 Kb.
#7002
Алматы облысы

Іле ауданы

Өтеген батыр кенті

38 мектеп-гимназиясы



Нұрахимқызы Жания

6 «г» сынып оқушысы



Секция: қазақ тілі мен әдебиеті

Ғылыми жетекшілері: қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері

Шаймағамбетова Айнұр Бақытжанқызы

Әкімберді Динара Әкімбердіқызы

2016 жыл

Мазмұны

Аңдатпа........................................................................................................................3

Тезис............................................................................................................................4

Кіріспе..........................................................................................................................5

Негізгі бөлім

Қазақ фразеологизмдерінің тарихи-мәдени бастау көздері........................7-14

Этнос тарихына қатысты фразеологизмдер.................................................15-25

Қорытынды..............................................................................................................30

Пайданылған әдебиеттер.......................................................................................34

Аңдатпа

Назереке ғылыми жұмысында фразеологизмдердің шығу тарихын, қалыптасу уәждерін, жасалу жолдарын зерттеп, оның ел ішінде қаншалықты жиі қолданылатына баса мән берген. Фразеологизмдердің қалыптасуына негіз болған ұлттық-мәдени деректерді этнолингвистикалық талдаулар арқылы айқындады.

Халық тарихына қатысты фразеологизмдерге этнолингвистикалық тұрғыдан талдау жасаған. Фразеологиялық қордағы тарихи фразеологизмдердің ұлттық тарих пен мәдениетіндегі орынын айқындаған.

Бұл жұмыстың мақсаты- ұлттық салт-дәстүр, наным-сенімдер, халық тарихына қатысты фразеологизмдердің жасалу жолдарын, қалыптасу уәждерін айқындағанын, осыған орай ұлттық- мәдени бастау көздері ретінде фразеологиялық тіркестерге этнолингвистикалық талдау жасай отырып негізгі мәніне, мағынасын ашқанын көрсетеді.

Жалпы бұл жұмыста фразеологизмдер басқа тіл ғылымдарына қарағанда шығу тегі , қалыптасу уәждері, бастау көздері қазақ халқының тарихынан сыр шертеді.

Тезис

Жұмыстың тақырыбы: Қазіргі қазақ тіліндегі тарихи фразеологизмдер

Жұмыстың мақсаты: Ұлттық салт-дәстүр, наным-сенімдер, халық тарихына қатысты фразеологизмдердің жасалу жолдарын, қалыптасу уәждерін айқындау, осыған орай ұлттық- мәдени бастау көздері ретінде фразеологиялық тіркестерге этнолингвистикалық талдау жасау.

Болжау: Қазіргі қазақ тіліндегі тарихи фразеологизмдерді зерттеу арқылы жасалу жолдарын, қылыптасу уәждерін айқындау.

Зерттеу әдісі:

1. Фразеологизмдер туралы мәліметтер жинау.

2. Әр түрлі тақырыптағы фразеологиялық сөздерді жинақтау.

3. Фразеологиялық сөздердің шығу тарихын, түп төркінін зерттеу.



Жұмыстың нәтижесі: Мол материалдарға сүйене отырып, олардың жасалу жолдары, шығу төркіндері, даму тарихы, себептері ашылды, мағыналары мен ұғымдары айқындалды.

Ұстанымы: «Талапты бала-талпынған құстай,

Құмары қанбас аспанға ұшпай»



Ғылыми жетекшілері: Сатаева Эльмира Исабековна

Шаймағамбетова Айнұр Бақытжанқызы



Кіріспе

Кез келген ұлттың мәдениетін танып-білуде сүйенетініміз - тіл. Тілдік деректер арқылы ұлт туралы, оның мәдениеті мен тарихы, ұлттық ерекшеліктері туралы мол дерек аламыз. Бұл орайда тіліміздегі фразеологизмдердің орны ерекше. Онда халықтың ғасырлар бойы сақталып келген салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, дүниетанымы, тарихы көрініс тапқан. Тұрақты тіркестер мазмұнына үңілу арқылы ұлттық маңызы бар дерекетерді анықтауға мүмкіндік туады. Демек, ұлт болмысын танып білуде фразеологизмдердің қосар үлесі зор.

Тіліміздегі тұрақты тіркестер халықтың ерте заманнан бергі бүкіл өмірінен мәлімет береді. Халықтың күн көріс, тұрмыс-тіршілігі негізінде өрбіген түйсік пайымдаулары, соған байланысты қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар тілдік қолданыстағы тұрақты тіркестерден көрініс табады. Әр ұлт тіліндегі фразеологизмдер сол ұлт өміріне тән бүкіл заттық, рухани, мәдени өмірінен хабардар етеді.

Ойымызды бейнелі, мәнерлі етіп, айқын жеткізуі үшін қазақ тілінің фразеологиялық қорындағы даяр қалпында қолданылатын тұрақты тіркестердің қалыптасу уәждерін, шығу тарихын зерттеу - тіл ғылымының ең бір өзекті мәселелерінің бірінен саналады. Зерттеу нысаны етіп отырған тарихи фразеологизмдер - халқымыздың әр кезеңіндегі өмір тарихынан хабар беретін құнды тілдік дерек көздері болып табылады.

Тарихтағы ірі оқиғалардың ешқайсысы халықтың өмірінен із-түзсіз жоғалып кетпейді. Белгілі бір кезеңдер мен ірі тарихи оқиғалар әлдебір тұрақты тіркестер мазмұнында сақталып, өткен күндер елесін жаңғыртып отырады. Бұл ретте қазіргі тілдік қолданыстардағы «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің барған тау», «Күлтөбенің басында күнде жиын», «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» , «Абылай аспас асу бел» , «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба», «Тар жол тайғақ кешу», т.б. тіркестер тарихи фразеологизм ретінде тілдік қордың ең бір сүбелі тұстарының бірінен саналады.

XVII-XVIII ғасырларда қазақ халқының басынан өткен ірі-ірі оқиғалар болды. Соның бірі-жоңғар шапқыншылығы. Осындай ел басына туған қиындық оның сезіміне, мінезіне үлкен әсер етті. Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалды.

Оның мәні жаудан қашып ,жаяу шұбырған қалың қауым әрі болдырып, әрі ашаршылықтан бұралып, Алқакөл жағасына келіп сұлап жатқанда, көп ішінен бір ақсақалт шығып: «Адам баласы өмірде көрген жақсылық пен жамандықтың ешқайсысын ұмытпау керек, біз осы көрген күнімізід не деп атасақ екен?» -деп сұрапты. Сонда тағы бір қария тұрып: Мұның аты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болсын депті. Мұның мәнісі: атамекен, мал-мүлкінен айрылып, жаяу-жалпы , аш-жалаңаш босқан ел шұбыра-шұбыра табаны ағарып, азып-тозып деген сөз. Осындай қиын шақта еркіндікті аңсап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш күнді арман еткен халық сезімін, қайғы-қасіретін Қожаберген жырау «Елім-ай» әнімен зарлы, мұңды етіп, біздің заманымызға жеткізді. Осындай факторлар халықтың ұлттық мәдениетінің қалыптасуына негіз болып, сол ұлтқа тән өзіндік ерекшеліктерін айқындайды.

Негізгі бөлім

1.Қазақ фразеологизмдерінің тарихи-мәдени бастау көздері

Ұлттық мәдениетті қалыптастырып, жарыққа шығаратын-тіл. Ұлттық тіл болмаса, ұлттық мәдениетіміздің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге дейін жетуі мүмкін емес еді. «Өнер алды-қызыл тіл», «Жер астында жатқанды -қазбай қарап тіл табар» деп аталы сөзді сары алтыннан артық бағалаған халқымыз тілді тәрбиенің пәрменді құралы, ақыл-ойдың асыл қазынасы деп таныған.

Аңыз-әңгімелердің алғашқы үлгілері халық үшін қызмет еткен және тарихта болған адамдардың ісін, өмірін әңгімелеу негізінде туған. Аңыз әңгімеде шындық оқиға мен қиял-ғажайып аралас келіп отырады. Бұл жағынан алғанда аңыз бен ертегі арасы жақын. Негізгі айырмасы әңгіме көбінесе тарихта шын болған, кейін сондай адам болыпты-мыс деп, ел аузында лақапқа айналған адам туралы әңгіме етіледі. Аңыз-әңгімелерге қиял элементтері қаншама көп араласса да, әлгі аңызға айналған адамның өзі кәдімгі қарапайым адамның қатарында қала береді. Қазақ аңыздарындағы Асан қайғы, Алдар көсе, Қорқыт ата-бәрі де қарапайым адамдар ретінде суреттеледі. Ал осы аңыз әңгімелеріміз «Қорқыттың қобызындай» немесе «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген сияқты тұрақты тіркестердің қалыптасуына негіз болады. Нұқ пайғамбардың кемесі туралы да осыны айтуға болады.

Кез келген ертегі, аңыз-халықтың арман, мақсаты мен мұң-мұқтажының, таным-түсінігінің көрінісі.

Қазақ халқы өзі мекен еткен даланың, таудың, теңіз, өзеннің сырын, ауа райын, көрген-білгенін ертегі, аңыз, жыр, жұмбақ, мақал-мәтелдерге айналдырады. Табиғат сырларын ұғынып қана қоймай, оның тылсым күшіне қарсы күреседі. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» , «жерұйық» сияқты жайлы қонысты арман етеді. Осыған орай, қазақ мифологиясында ертеден бері келе жатқан наным-сенім нышандары да үлкен орын алады. Қандай халық болмасын ұлттық тілі оның әр дәуірдегі мәдениетінің қазірге дейін жетуіне арқау болған. Осындай ұлттық ерекшелігімізді көрсететін басты байлығымыздың бірі болып тұрақты тіркестерден мәдени ақпарат беретін ұлттық дүниетаным, ұлт ерекшелігін аңғартады. Фразеологиялық мағынаның пайда болуына дәстүрлі тіршілік пен мәдени өмірдің әсері үлкен.

Тұрақты тіркестердің еркін тіркестер негізінде жасалғандығынан, тілде сол тұрақты тіркестерге сәйкес еркін тіркестерді байқауға болады. Күнделікті қолданыста жиі кездесетін «бақыт қону», «бақыт құсы қону» тұрақты тіркесін алсақ, оның қазіргі беретін мағынасы -бақытты болу.

Жалпы халық бақытты құсқа теңеп, оны басқа қонады десе, бақ орнайды дейді. Ел аузындағы аңыз бойынша, бір жігіт бақ іздеп жолға шығады. Айшылық алыс жол жүріп, көп елді аралап, іздегенін таба алмай айдалада арып-ашып келе жатып, үлкен ағаштың түбіне құлап, ұйықтап кетеді. Бір мезгілде ақсақалды шал : -Тұр, қарағым, отауыңа қайт. Онда сені бақ күтіп тұр,-деп ғайып болады. Ояна келсе, түсі екен., содан жігіт үйіне оралып, ер жеткен балаларын, қартаң тартқан әке-шешесін көріп, енді үйдің кем-кетігін түгендеуге кіріседі. Жылдар жылжып, өтеді. Отбасының берекесі кіріп, жігіт ел аузына іліне бастайды. Бір күні жігіт әкесіне бақ іздеп жүріп, көрген - білгенін айтады. Сонда әкесі: «Енді мен сенің сол іздегеніңнің мән - жайын айтайын»,- дейді. Бақыт құс болы қонады. Ал бақ орнайды. Бақ алдымен адамның аяғына ілінеді. Аяғына ілінген бақты көтере алмаған жүрісінен құриды. Одан кейін бақ өрлеп белге келеді. Белге келген бақты көтере алмаған белден құриды, не не ұрпақсыз қалады, не өзінен тараған ұрпақты жояды. Содан соң бақ өрлеп кеудеге келеді. Кеудеге келген бақты көтере алмағанның кеудесіне нан піседі. Өзін өзгелерден гөрі жоғары санап, менмен, өркөкірек болады. Ондайдан бақ кетеді. Егер кеудеге келген бақты көтере алсаң, ол жоғарылап аузыңа келеді. Бұл кезде айтқаныңа ел ұйыйды. Егероны көтере алмасаң, аузыңнан шыққан сөзден, не құлқыныңнан құрисың. Егер аузыңа келген бақты көтер алсаң , ол өрлеп көзіңе келеді. Көзге келген бақты көтере алмағанның көзін шел басады. Егер көтере алса, бақ жоғалылап басына орнайды. Кетпес бақ деп соны айтады. Басына бақ орнаған адам -дана. Өйткені аяққа ілінген бақты жоғалтпай басына шығару-ақылдының ғана ісі,-деген екен.

Сол сияқты, «Ер Төстік» ертегісінде «бақыт құс» бейнесі былай суреттеледі. «Ер Төстік бір дауыстан шошып оянса, қатты дауыл тұрған екен, дауылдың артынан бұршақ аралас жаңбыр жауады, жаңбырмен қабат суылдаған дауыс естіледі, артынан ұзамай-ақ бір дәу қара құс көрінеді. Дәу қара құс бәйтерекке келіп қонғанда, бәйтерек қонғанда, бәйтерек майысып, сынып қала жаздайды. Бұл дәу қара құс-самрұқ екен. Самұрықтың үлкендігі сондай, қанатын жайып жібергенде бір қанатының өзі бір айлық жерді алып кетеді екен».(Ер Төстік.4-т.23-б)

Әрі қарай ертегі сюжетінде бас кейіпкер самұрық құстың балапандарын сұм жыланнан құтқарып қалады. Сол жақсылық ісі үшін, самрұқ құс ертегі кейіпкеріне өз көмегін көрсетіп, оны жер бетіне алып шығады. Мұнда да құс -алып күш иесі және құтқарушы. Халқымыз жер асты әлемін жылан, айдаһар арқылы, ал аспан әлемін құс арқылы бейнелейді. Қашанда құсты қадірлі, киелі санады. Тіпті аттың өзін де құсқа теңеді. Халық арманында алты айлық жерге ат құстай ұшып, ат пен қара құсты жеті қазына қатарына жатқызады.

Демек, осындай ертегі, аңыздарда орын алған уәждер тілімізде жиі қолданылатын «басына бақыт құсы қонды» деген тұрақты тіркестің қалыптасуына негіз болса керек. Өйткені, көптеген тұрақты тіркестер белгілі бір оқиғаларға байланысты қалыптасады. Оның еркін тіркес түріндегі бастапқы мағынасының уақыт өтіп көмескіленуіне байланысты ауыспалы мағынасы тілде орын алады. Тіліміздегі бірде-бір сөз не фраза, кездейсоқ жасала салмайды. Олардың себеп-салдары, белгілі бір уәжі болады. Халықтың танымы, мәдениеті, тарихы осы тілден көрінес табады. Сондықтан олардың түп-төркінін айқындаудың маңызы өте зор.

Кейбір жерлерде еліміздің шығыс, оңтүстік жақтарында құда болғысы келіп, қыз сұрағанда «жаушылар» негізігі шаруасын айтпай-ақ отырған жерінде текемет, кілемге біз шаншып кетеді. Бұл- «Құда болайық» деген өтініш, елшілік хабар. Ал қазір көбінесе «сырға салу» немесе «үкі тағу» деген тұрақты тіркес қолданылады. Үкінің құс ретінде өте үлкен маңызы, ізгі тілегі, жақсылық күткен жолы бар. Үкінің ұлпа жүнді қауырсыны әсем, көрікті болады. Мұны қазақтар сәндікке, шаттық құрмет жолына пайдаланып келген. Бұрын хан, би, төре, батырлар өзара үкілі хатпен сәлем жолдасып, қатынасып тұрған елшіні ешкім бөгемей, қайта ат, азық беріп жәрдемдесетін. Алыс жолға аттанатын жолаушылар өзіне, атына үкі тағып аттанатын. Хатқа үкі қосып беретін себебі «ел, жер тыныштығын үкідей қас қақпай қорғап отырмыз, сендер де сондай болыңдар» деген белгі. (Ана тілі №31 ,1997)

Үкі тағу бір жағынан сән болса, екіншіден пәле жаладан аман сақтасын, қорғап-қолдап жүрсін деген тілек жолын көрсетеді.

Үкіні қастерлеген бұрынғы қариялар көзіне жылы ұшырағын, болашығынан үмітті, жақсы келін болады-ау деген үйдің жас қызына оның ата-аналарының рұқсатын алып, үкі тағып құдаласатын салт бар. Үкіні тек қарт әже, не аналар ғана болашақ келін болар қыздың иығына не тақиясына апарып өз қолымен тағады. Қыздың бетінен сүйіп, батасын береді.

Осылай жас қызға үкі тағу «сен менің болашақ келінімсің, үкідей ақ, сәнді болып өс» деген ниет білдіреді.

Бұл, әрине , сонау ертеден келе жатқан ертегілік мотив, ал кейінен құда түсудің басқа да салт-жоралғылары орын алды. Соның бірі құдалықтың белгісі ретінде қамшы іліп кету. Қызды көруге келген жігіттің әкесіне қыздың шешесі «Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді», «қызымның ұнағаны рас болса , белгі тастап кет» дейді. Жігіт әкесі үйдің төріне қамшысын іліп, құдалықтың басы болса осы болсын» деп бір жорға ат байлап кететін болған. Ал жігіт шешесі ұнатқан қызына сыйға тарт деп жасап берген үкілі тақия, сырға, сақиналарын жігіт бойжеткен қызға беріп кетеді. Осындай жоралғыдан кейін ол үйдің қызы- «басы бос емес, үкі таққан қыз» атанады. Төрдегі қамшы құда түсу тойы болғанша ілулі тұрады. Қыз әкесі бір-бір жарым жыл жігіт жақтан жаушы келгенше күтеді. Егер осы уақыт ішінде жігіт жақтан еш хабар болмаса, қыз әкесі жігіттің әкесіне қамшысын кейін қайтарып береді. Яғни, қамшы тек көлік айдауға арналған құрал ғана емес, құдалықтың да бір белгісі болып табылатыны байқалады.

Қазақ тілінде «қамшыға» байланысты мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестер өте көп. Мысалы:



Қамшы боп тию-жанына ауыр тию.

Қамшы болу-ойға, іске түрткі болу.

Қамшыдай қату-1. Арықтау, жүдеу. 2. Баптау.

Қамшы жұмсау(ойнату), қамшының астына алу-сабау, зорлық жасау.

Қамшы кесті шабан- аяғын баспайтын, тым қырсау.

Қамшылар жақ- оң жақ деген мағынада.

Қамшы салдыру(салдырмау) - болдыру, шаршау(шаршамау).

Қамшысын алып келуге жарамау- болбыр, қолынан дәнеңе келмеу.

Қамшысынан қан сорғалау-қаныпезер, жауыз адам.

Қамшы үйіру- қорқыту, күш көрсету.(ҚТФС,312б)

Қамшы сөзі кейде өлшем (қамшы бойындай), кейде бағыт-бағдар (қамшылар жақ) атауларының жасалуына негіз болған. Сол сияқты «Ағаш қамшы көп болар, аттанарда жоқ болар», «жайшылықта көп, іздегенде жоқ» деген мағынаны білдірсе, «қамшының сабы сынды, қамшы таянды» дегендер қайғылы қазаны аңғартады.

Сонымен бірге тілімізде қамшы төңірегінде айтылатын әр түрлі әдет-ғұрыптар, салттық ерекшіліктер де жиі кездеседі. Солардың бірі билер арасында сөз кезегін алу үшін қолданылатын әдіс -«қамшы тастау».

Тұрақты тіркестердің еркін тіркестер негізінде жасауы туралы сөз еткенде, тоқтала кететеін жайт- ертегілерде фразеологизмдердің алғашқы, тура мағынасының мотивін кездестіруге болады.

Мысалы, жон-малдың, адамның желкеден құйымшаққа дейінгі аралығы, арқы тұсы. (ҚТТС,1-т.160б). Жон зат есіміне қатысты жасалған тіркестер тілімізде өте мол.

Жон терісін сыпыру(сылдыру,сою) - жазасын беру.

Жоны астаудай- әбден семірген, семіз.

Жоны ашылмаған- жармады, жетіспеді.

Жоны жадағайланды-семірді, ет алды.

Жонынан жарылды- май басты, семірді.

Жонынан таспа (қайыс) алады- сойып алды, сабады.

Жонын берді-теріс қарады, сырт айналды.

Жонын жазды-жадырады, жайнады.

Жонын көрсетті-теріс сыңай білдірді.

Жонын сыртқа алды-іргесін аулақ салды, қашқақтады.

Жонын тосты-арқасын төседі, көнді, шыдады.

Жонын тілді-жазасын берді, сабады.

Жонын тіреді-арқа сүйеді, арқаланды.

Жонын жеу-аз-аздан, там-тұмдап пайдалану.

Жоны шығу-1.Жотасы күжірею. 2. Беделі асу, қадірі арту.

Қызыл жон ету-қаны шыққанша сабау, дүрелеу.

Күрең жон-күреңітіп жатқан жон.

Қара жон-безерген, меңіреу жон.

Қоян жон-үсті жұп-жұмыр.

Құба (құла) жон-жан баспайтын елсіз дала.

Мая жон-томпиған, жұп-жұмыр.

Ал қазақ тілінде осы түсіндірме сөздікте тіркелмеген «Жоны қалың», «Жоны жұқа » тіркестері кездеседі. Мәдени ақпараттық мазмұны бар «Жон терісін сыпыру» деген фразеологизміне этнолингвстикалық талдау жасауға болады. ҚТФС-де «Жон терісін сыпыру» фразеологизмінің екі мәні берілген. Бірі-өлімші етіп сабап, азаптау. Екіншісі-өлтіре тілдеу. Мысалы:

Жақсы келдің ғой. Тілеуің берсін, осылардың жон терісін сыдырған өлеңдерің бар ма, Абай екеуіңнің?- деді Оспан Дәрменге.

Ертең кешке қайта оралам. Егер де, орындамасаң, жон теріңді сыпырам, қашан айтты деме. (ҚТФС.207б.)

Бүгінгі таңда ана тіліміздің мәртебиесі көтеріліп, әлеуметтік жүгі артқан кезде ескі тұрмыс-салтқа байланысты мағыналары өзгеріп немесе ұмыт бола бастаған тұрақты тіркестердің тамырына үңіліп, олардың түп-төркінін ашудың маңызы өте зор, өйткені өзгерген, ұмыт болған, жоғалған нәрселерді қайта жаңғыту-ұрпақ парызы. Ата-бабаларымыздың өмірден алаған білімі, ой-тұжырымы, тәлім-тәрбиесінен хабар беретін тұрақты тіркестердің ана тіліміздің байлығын танытуда алатын орны ерекше құнды. Әсіресе, халықтың салт-дәстүрлер жүйесі қалыптастырған фразеологизмдер ұлттың тарихынан да едәуір хабар береді.

Тұрақ тіркестерге терең назар аударатын болсақ, халқымыздың өткенінен хабардар боламыз.Қазақ тіліне қуану мағынасын әсерлі етіп жеткізуде бөркін ату, төбесі көкке жету, шешесі ұл тапқандай қуану, жерден жеті қоян тапқандай т.с.с тұрақты тіркестер терең орын алған. Осылардың ішінде жержен жеті қоян тапқандай деген тіркестің қалыптасу мотиві туралы әр түрлі пікірлер бар. Мысалы, А.Машанов бұл тіркестің қолданысын аспан әлеміне қатысты қарастырған. Монғол, Қытай, Парсы елдерінде айда қоян бар деген аңыз кездеседі. Ай жарық кезде қозатын кейбір елірме, ұстамалы ауруларды «қояншық» дейді. Осы сөздің өзінен Ай мен қоянның өзара байланысы бар екендігі көрінеді. Жерден жеті қоян тапқандай деген сөз бар. Қоянды айда болады десек, әрі айдың жеті қат көкте екенін ескерсек, қолы немесе төбесі жеті қат көкке жеткендей деген тіркесті еске алсақ, онда жеті қат көктен тілегені тегіс жерден табылды деген мағынаға келеді (әл-Фараби.Алматы,1970,134). Осындай дерекетер арқылы халықтың салт-дәстүрлері мен наным-сенімдерін баяндайтын тұрақты тіркестердің мағынасы ашылады. Демек, тіліміздің көркем құрал болып есептелетін тұрақты тіркестердің қай-қайсысының да пайда болуының тарихи негізі бар.

2.Этнос тарихына қатысты фразеологизмдер

Қай халық, ұлт болмасын мемлекеттік даму үрдісінде өзге ұлттармен қоғамдық және мәдени өмірінде бір-бірімен алыс-беріссіз тіршілігі болмайды. Тарихи, әлеуметтік, экономикалық байланыстар тіл-тілдің лексикалық құрамына әсер етеді. Әсіресе лексикалық қабаттың өзгеруге, толығуға бейім тұратын ескерсек, онда түрлі жолдармен енген кірме сөздердің игеріліне орай, арғы этимологиясы ұмытыла бастайды. Кезінде сол жаңа сөздердің лексикалық қорды толықтырумен қатар, кейбір тұрақты тіркестер компоненттерінің құрамына енумен қоса, ұйытқы сөз ретінде жұмсалатын тұстары бар. Соның әсерінен тілдегі фразеологиялық тіркестердің компоненттер сыңар болып тұрақталады.

Әдетте фразеологиялық мағына тіркестер құрамындағы сөздердің қосындысынан туады. Сол компоненттер қатарында шеттен енген сөздердің фразеологизм жасауға ықпал болатыны заңдылық. Өйткені сол сөздердің ұлт тіліне сіңісті болып кеткені соншалық, тілді тұтынушылар өз ана тілінің байырғы лексикасындай қарым-қатынасқа түсіреді. Фразеологизмдердің құрамындағы басқа тілден енген сөздер о баста түрлі мәдени тарихи байланыстар арқылы ауысқан сөздер болып табылады. Қазақ тілінде кездесетін араб, парсы, монғол, орыс т.б. тілінен енген сөздер осының айғағы . Мұның бәрі сол алыс дәуірлердің әлдебір елесі сияқты ұлттар тілінде сақталып қалады. Олардың қарым-қатынас үлгілерінің сипаты лексикалық бірліктермен қоса, әсіресе, мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестерде молынан ұшырасады. Бұлардың өзін компоненттер құрамына қарай, жасау жолына және тақырыптық түріне қарай бірнеше түрге бөлуге болады.

1. Бір компоненті басқа тілден енген тұрақты тіркестер.

2.Калька түрінде жасалға тұрақты тіркестер.

3. Діни фразеологизмдер.

Қазақ тілінің фразеологиялық қорында бір компонентті басқа тілдерден енген тұрақты тіркестердің сандық жағы едәуір.Ең бастысы-тілде қаншалықты кірме элементтер болса, солардың фразеологизмдердің сөз сыңарына өгей еместігі. Солай бола тұра, кейбір сөздер тек фразеологизмдер құрамында ғана кездеседі. Мысалы:

О қасы жоқ, мысы құру, қыпша бел, зығырданы қайнау, зықысы шығу, рәсуә болу, зар елеу. т.б.

Ал осы сияқты тіркестерді анықтап, сандық және этимологиялық зерттеулер баяу да болса жүріп жатыр. Академик Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Ә.Нұрмағанбетов, Б.Сағындықұлы, А.Салқынбай, Ғ.Әнес т.б. этимологиялық еңбектері баршылық. Бұл арада бізге қажеттісі қазақ фразеологизмдеріндегі компоненттердің бір сыңарының басқа тілден енуінің себеп -саалдары мен ұлттар арасындағы ауыс-түйіс сөздердің коммуникативтік қызмет деңгейінің түрін көрсету, сондай-ақ халқымыздың бағзы заманнан бері көне тарихын, рухани-мәдени өмірін айғақтайтын жекелеген сөздер тарихы екендігіне назар аударту.

Фразеологизмдердің компоненттер құрамында көбінесе араб-парсы, көне түркі, жалпы түркі тілдерінің сөздері жиі ұшырасады десек, ол түсінікті де. Қазақтың ислам дініне кіруіне байланысты, өзгерген тілдік қарым-қатынас лексикалық деңгейде сөз қабылдауға мәжбүр болды. Мәселен, ол сөздер тек фразеологиялық тіркестер құрамынды кездесіп отырды. Мысалы:

Зар/парсы/-қайғы, мұң, жылау- зар жылау, зар илеу

Сара/парсы/-түзу, жақсы-сара жол

Илаж /араб/ -амал-лажы жоқ, амалы жоқ

Шадман/парсы/-көңілді-шад-шадыман болу

Расуа/парсы/-ұят, ұятқа қалу-ит расуа қылу

Шұрқ/тәжік/-сурох/-тесік-шұрқ тесік

Қыршын/қырғыз/-қырчын-жас тал

Хырчын/хакас/-хырчын-көк шыбық

Қыржыл/тува/-жіңішке шыбық т.б.

Бұл келтірген мысалдарда /ҚТФС-нен алынған/ тұрақты тіркестер құрамындағы шеттен енген сөздер тобы лексикалық-семантикалық қайталаулар болса да, фразеологизмнің мағыналық құрамына енгені сондай , алып тастап немесе басқа мәндес сөздермен алмастыруға келмейді. Олардың тура мағынасын тек этимологиясына қарап білуге болады.

Кірме сөзбен байланысты бір құбылыс-калька. Француз тілінен шыққан бұл сөздің дәл мағынасы - көшірме, еліктеу деген сөз. Калька дегеніміз- бөтен жұрт сөзінің моделін мофемалап, басқа бір тілдің үлгісіне салынып жасалған сөздер мен тіркестер. Әдетте, калькаларды лексикалық /сөз жасаушы/. семантикалық, фразеологиялық , синтаксистік деп төртке бөледі. Бұлардың ішінде калькаланған тұрақты тіркестер тобы да қазақ фразеологиясының қорына енеді.

Мысалы, қазақ тіліндегі шара қолдану;принять меры орысшаға арғы тілдік дерек бойынша француз тілінен калька арқылы енсе, қырғи-қабақ соғыс-холодная война ағылшын тілінен орыс тіліне сөзбе-сөз аударылған. Ал қазақ тілінде семантикалық сөзжасам үлгісі бойынша жасалған. Сол сияқты қайталау-оқу анасы: повторение -мать учение латыннан аударылған. Екі жүзді Янус, Авгиев атқорасы, Ахиллес өкшесі деген тұрақты тіркестер орыс тіліне грек мифологиясынан енген фразеологизмдер қазақ тілінде қолданыста бар.

Діни фразеологизмдер қазақ фразеологизмінің өзгермейтін қабаттарын құрайды. Бұл арада ұлттың дінге деген көзқарасы бұрыннан қалыптасқан компоненттердің тілдік астарында магиялық күш жатқандықтан жиі қолданысқа түсіріледі. Қазақтар үшін шаман діні мен ислам дінінің алатын орны бөлек. Шамандықтан алыстап кетсе де, ұлт тілінде күні бүгінге дейін сақталып қалған тіркестер қазақ мифологиясында ертеден келе жатқан наным-сенімдерді көрсетеді. Мысалы: көк соқыр, көк келсін, көк қасқа атау, тасаттық беру, отқа май құю, бақсы/жын/ ойнағы т.б . Ал ислам дәуірі адамдардың діни сенімін тұрмыс-тіршілігінің барлық саласына бейімдеп, құдайсыз қурай сынбайды, құдай берекесін берсін, құдай қаласа, құдайдың құтты күні, құдайдың ниеті түзу болса, бір құдай деп т.б. сияқты мойынсыну, мінәжат ету мен табыну тәрізді культтік ұғымдарды білдіретін тұрақты тіркестер тобы пайда болады. Сондай-ақ діни әдебиеттердің лексикасы да фразеологизм құрамында ұйытқы сөздердің қатарында орын алады. Мәселен, иман сұрау, кәлимаға тілін келтіру, мақшар күні, підия алу, шариғат бұзу, періштенің құлағына шалыну, шілтеннің шылауы тию, қадір түні, сегіз пейіш т.б. Бұлар көркем әдебиет пен ауызекі тілде молынан қолданылады.

Мысалы:

Келімді-кетімді кісілерден жүз грамм дәметкіш көңіл, пайғамбар жасына келген қарт солдаттың беделін түсіріп-ақ жүр. (О.Бөкеев)

Мына бір тік қияны ел қыл көпір деп тауып қойған екен. (Ш.Құмарова)

Ендігі сөздің қысқасы,

Асыл туған Наурызбай.

Өз иманын өзі айтып,

Ақырет сапар жөнеді. (Хан Кене.426б)

Сөйлемдердегі фразеологизмдердің мағынасы ана тілін жақсы білетіндер үшін және діни әңгімелерден хабардар адамдарға түсінікті.

Тарихи даму сатысында түрлі дүбірлі дәуірлер елесі сол ұлттың тілінде сақталып, сөздер мен тұрақты тіркестер арқылы келер ұрпағына жетеді. Адамзат қоғамы сатылап дамыған сайын өшпейтін ұлт тілінде сандаған тарихи оқиғалар, тарихи есімдер, тарихи жер-су аттары тұрақты айтыла қалыптасып кеткен әлде бір мақал-мәтелдер, фразеологизмдер нақыл сөздер сияқты тұрақты тіркестер мазмұны жаңғырылып қайталанып отырады. Білетін жұрт мағынасына мән беріп, естіген, жадында қалған тұстарын әңгімелеп, «сол кезден қалған сөз еді» немесе «сол айтқандай » деп, әлде бір оқиға нәтижесінен ішкі ой арқауын түйіп тастауға бейім болады. Келер ұрпақ үшін өз ұлтының бастан кешкен оқиғалары бертінде тарих қатпарларында шаң басып, елеусіз қалмауына, қайта көпшіліктің назарын аударытып, әлде бір болған оқиғалардың халық үшін ұмытылмай, қайталанып айтылып жүруі сол ұлттың тілінде сақталып қалған сөздер мен тұрақты тіркестерге байланысты. «Ойды ой қозғайдының әсерімен » қандай да бір өткен өмірдің елесі бекерден-бекер ел-жұрт есінде сақталмайды. Алдымен ол қоғам дамуындағы оқиғалардың із-түзсіз жоғалып кетпеуіне себепкер халық сөзінің қалт айтылмауынан. Ел басынан өткен түрлі қиындықтың /ұдайы болып отырған соғыс, ашаршылық,босқыншылық, тынымсыз тіршіліктің күйбең өмірінен туатын қайшылықтардан шығатын қақтығыс оқиғалар т.б./ адамдар санасында қалдыратын өшпес әсерлері халық тілінде өрнекті сөздермен бейнеленіп, тұрақты айтыла келе, тілде сақталып қалып қояды.

Қазақ фразеологиясы мәселелерінің бірі- этнолингвистикалық сипаттағы тарихи фразеологизмдер. Тіл білімінде тарихи фразеологизмдерге көзқарас әртүрлі. Олай дейтін себебіміз, орыс тіл білімінде салыстырмалы диахронды сипатта зерттелетін тілдік фразеологиялық фактілер көбіне тарихи фразеологизмдер деп аталады. Бұлай аталуының себебі ескі ұлт тіліндегі тұрақты тіркестерді салыстыра зерттеу нәтижесінде тілдердің тарихи даму ерекшеліктеріне байланысты ғылыми ой тұжырымдар жасады. Ал қазақ фралеологиясында этнолингвитикалық зерттеу тәсілдерімен танылатын бір алуан тұрақты тіркестер тек тарихи оқиғалар мен тарих адамдардың есіміне байланысты айтылып, бертін келе фралеологизмдер қатарына енген. Олардың жасалу жолдары әр түрлі. Егер бұл тіркестердің жасалу жолындағы ішкі уәжге назар аударсақ, халық, ұлт өмірінің басынан кешкен оқиғаларының мазмұны мен тарихы жатады. Бұларды кей кезде жаппай қоғамдық факторға айналуының әсерінен ұзақ уақыт халық жадынан кетпей, ұлттың тілінде өткен тарихи оқиғалармен, соған байланысты белгілі бір адамдар есімі , тіпті жер аттары да қоса айтылып, халық жадында сақталып қалады. Мәселен, қазақтар өміріндегі ең бергі оқиға Кеңестік дәуірінде туған «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын»/Қазақстандағы Голощекин саясаты/, «тар жол тайғақ кешу»/С.Сейфуллиннің осы аттас шығармасында баяндалатын азамат соғысы жылдарындағы қиындықтар/, «өкімет-қайда барсаң өшіреді»/бұрынғы кеңес заманындағы халықтың өмір сүру мәдениеті/қазіргі кездегі «нарық-нарыққа болдық қарық» түрінде халық аузында айтылып жүрген тіркестер жайдан-жай тумайды. Әрқайсысында сол ұлт өмірінің бастан кешкен тарихи өмірі жатыр.

Тарихи фразеологизмдерді тақырыбы жағынан үшке бөлуге болады.

1. Тарихи есімдерге байланысты туған фразеологизмдер.

2. Тарихи оқиғаларға қатысты жасалған фразеологизмдер.

3. Тарихи жер су аттары кездесетін фразеологизмдер.

Аталған фразеологизмдер - ұлт тіліндігі фразеологиялық қордың таңбаланған, ерекше мазмұндық сипаты бар тұрақты тіркестер түрлері. Әдетте тіл-тілдегі фразеологиялық тіркестер өзіндік орбаздылығы мен эмоционалды-экспрессивтілігі жағынан тілдік бірлік ретінде оқшау тұратын белгілі. АЛ тарихи фразеологизмдерде ақпараттық мән басым болады. Мұнда кез келген тіркестің фрзеологиялық мағынасында «неге осылай айтты екен?» дейтін ішкі ой мазмұнында тыңдаушы мен айтушының білім өресін сынап алаты тұстары да жетерлік. Демек, кім өз елінің өткен-кеткен тарихын жақсы білсе, әрі сөз үйірлеу құйма құлақ болса, туған тілінде айтылатын тарихи ақпараттық мәні бар тіркестер мазмұнын еш қиналмай айналасына айта да жүреді, өткен тарихи тағлымдарды насихаттай да жүреді.

Тіліміздегі тұрақты тіркестердің шығу тарихы мен жасалу жолдарын анықтау барысында аталған тарихи фрзеологизмдердің орны ерекше.



Тарихи есімдерге байланысты туған фразеологизмдер.

Ұлт тілінде белгілі бір себептермен жиі қайталанатын атақты қазақ есімдер бар. Сол есімдермен байланысты айтылып жүрген тұрақты тіркестер қазақ халқының тарихына әр түрлі қоғамдық дәуірлерде болған оқиғалардың жайын толық айқын айтып бере алады. Мәдени тарихи жағдайлар кейде бір ғана атақты кісі есімімен-ақ , сол ұлтқа қатысты маңызды талай сырды аңғартып, коннотациялық мәнге ие болады.

Мәселен, қазақ тілінде әріден белгілі кісі есімдері Қорқыт, Майқы би, кешегі Абылай хан, т.б. кісі аттары тарихи фразеологизмдердің жасалуына ықпал болады.

Тарихи деректерге қарағанда , VIII ғасырда өмір сүрген Қорқыттың желмаясымен дүниенің төрт бұрышын кезе қобызын күңірентіп, өлімнен қашқаны, қайда барса қазылып жатқан көрді көретіні туралы ел аузында қалған, жұртқа мәлім «Қайда барсаң да, Қорқыттың қөрі» есте жоқ ерте кезден қалған бір ауыз сөз әйтеуір Қорқыт ата туралы ел аузында бір дерек қалдарды. Мұндай тіркестердің шығу көзі- кезінде аңыздық сипат алған ертегілер мен ел аузындағы әңгімелердің ауыз әдебиеті арқылы жеткен, халық санасында сақталған үлгілері. Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл тіркесі, сондай-ақ шешендік өнер әңгімелеріндегі Жиренше шешеннің байлардан қандай сый-құрмет көрсе де, жатса сирағы сыртына шығатын жаман лашығына келіп, «қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп жантаятыны туралы ел аузында ұдайы қайталып айтылуы-тарихи есімдердің ұмытылмай сақталуының бір кепілі. «Тіл-мәңгіліктің мәңгілігі» дейтін/Ғ.Мүсірепов/. Уақыт озған сайын өз диалектикасымен тарих бетінде тапжылмай қала беретінінің айғағы. Асан қайғыға салыну, Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би, Лұқпан Хакімдей, Аплатондай ақылды, Атымтай жомарт, Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, сараңдықты сынайтын Шықбермес Шығайбай, Қарабайдан сараң т.б. тіркестер осының дәлелі. Батырлық, байлық кімде жоқ, ғашықтың жөні бір басқа деген бабалар нақылына орай, адал махаббатты дәріптейтін Қыз Жібек пен Төлегендей, Қозы Көрпеш Баяндай сияқты тұрақты тіркестердегі моральдық тәрбие үлгілері ретінде айтылатын тұжырымдар да кездеседі. Бұлар ұрпақ санасынан тілдік қолданыстар арқылы ешуақытта өшпейтіні белгілі. Өйткені бұл халық үшін керек, ұлт үшін қастерлі рухани дем беретін ақылдың кені іспеттес.

Қазақ ұлт қашан да батырлықты бағалаған ел . «Туған жерге туыңды тік» деп өсиет еткен халық батырларды баласынан арқы көрген. Ел есінде сақталған сөздер халық батырларының ерекше қасиеттерін айта жүретіндей етіп тұрақтылыққа жеткізген. Қазақ тілінда Абылайханға қатысты жиі айтылатын «Абылай аспас асу бел», «Абылайдың асында шаппағанда атаңның басында шабасың ба» дейтін тіркестер бар. Әдетте кейбір тіркестер соғыс жылдарында жиі қолданылып, фразеологизмге айналды. Бертін келе көркем әдебиет мысалдарында ұшырасатын болды. Ал қара тізім, қара тізімге іліну сияқты тіркестер 37 жылдардағы репрессия кезінде жиі айтылғанымен ел басына төнген бір қатерден белгі болып қалады.

Тарихи жер су аттары кездесетін фразеологизмдер.

Тарихи жер су аттары кездесетін фразеологизмдердің кейде кісі аттарымен қоса айтылатын тұстары да бар. Себебі тарихи кісілер белгілі бір жерде туып өскендігімен және ұрпағына, еліне үлгі етіп қалдырған ұлы ісімен өз есімін бір географиялық аймаққа паш етеді. Қазақтар арасында кең тараған, әсіресе , атақты діни адамдар есімі. «Мысалы, Мәдинада-Мұхаммед, Түркістанда -Қожа Ахмет» т.б. Сондай-ақ аты аңызға айталған әулие, піртұтқан ел есіндегі есімдер: «Маңғыстауда -пір Бекет», «Ердің соңы-Есет, пірдің соңы-Бекет», «Адай қорықса Бекет дейді, Бекет те айтқандарын екі етпейді». Бұл мысалдардың барлығы 17-18 ғасырда Маңғыстау өңірінде өмір сүрген әулие, ұстаз және батырлығымен даңғы асқан Бекет Мырзағұлұлына қатысты халық бағасы.

Ел мен жер, туып өскен өлке тарихы да ұлт мәдениетінің алыс, тіпті елеске айналған қабаттарынан дерегі мол дүние әкеледі. Тіл мәдениетінің барлық салаларына қатысты. Ұлт мәдениетінің ертедегі қалпын зерделей алғанда ғана, бүгінгі дәуір мәдениеті туралы, дәстүр жалғастығы туралы пікір айтуға болады. Мәдениеттің сонау рулық, тайпалық халықтық сатысына бері қарай жалғастығын табуға себепші болаған нәртек ұлт тілі. Олай болса, «Әркімінің туған жері-Мысыр шаһары» /әркімінің туған жері бір Мысыр/ тіркесі астары туаған жерге ғана құрмет қана емес , мәдени алыс-берістің географиялық кеңдігі. Алыс, қашықтық ұғымында айтылатын Барар жерің Балқан тау, Ол да біздің барған тау-тарихи оқиғаның дерек көзі. Шын мәнінде Балқантау адам аңсаған арман жер емес, керісінше Шыңғыс ханның жаугершілік заманында бас сауғалаған қазақтар Түркіменнің Небит қаласының екі жағындағы Үлкен Балқан, кіші Балқан тауларына дейін бараған деген аңыздан туған тұрақты тіркес. Қазақ ұлтына етене жақын айтылатын тіркестердің бірі- Күлтөбенің басында күнде жиын. Болсын болмасын, құдайдың құтты күнінде жиын, мәжіліс құра беретінді айтады. Бұл тіркестің шығуына да ертедегі тарихи орқиға себеп болған. Ел аузындағы аңызға қарағанда, Тәуке хан тұсында қазақтың би-болыстары Түркістан маңындағы Күлтөбе деген жерде /Шойтөбе, Ордабасы деп те аталады/ күн сайын жиылып мәжіліс құрады екен. Сондан- жауға қалай тойтарыс беру, ел-жұртты қалай аман сақтау. Күндегі әдеттерінше тағы да төбе басында жиналып, мәжіліс жасап, ақылдасып отырғанда Қаратау жақтан қаптап жау кеп қалады. Істен гөрі сөзге үйренген би кеңесшілер қарақұрым жауға төтеп бере алмай, өздері бас сауғалап қаша жөнеледі. Жаудың соққысын өз бастарымен көтерген қауым жұрт жаумен қалай соғысудың әрекетін үйретуші күнде жиын құратындарға қаратын: «Күлтөбенің басында күнде жиын ақыры бұл жиынның болды -ау қиын» деген екен.

Тілімізде жер аттарына қатысты жасалған тұрақты тіркес құрамында қазақ жеріндегі ислам діннің таралуына қатысты айтылатын: Сайрамда сансыз бап, Түркістанда Түмен бап, Арыстанбапқа түнде, Қожа Ахметтен тілге» деп айтылатын діни тілек тіркестерінде де тарихи мәні бар.

Ресей патшалығының саясаты нәтижесінде қазақ даласына сыймаған «қолайсыз» ел-жұрттарынан айырып, Сібірге жер аударып отырған. Тіліміздегі «Ит жеккенге айдау//айдату» тіркесі Сібірдің кейбір халықтарының қыс кезінде шанаға ит жегіп, тіршілік ететін кәсібіне қарай айтылатын түсінік келе-келе алыс, шалғай дегенді білдіретін фразеологизмге айналды.

Қазақ елінің кең байтақ даласында қоныстану үрдісінің жазылмаған заң сияқты қалыптасқан рулық-тайпалық құбылыс қатаң сақталған. Қазақ «у ішсең, руыңмен» деп ескертіп отырған. Аймақтық өмір сүру кеңістігі қаншама шалғай болса да, ел ішінің аралас құраластығының арқасында өз ара, арасында көп ретте түрлі әзіл немесе ескерпе «ойнай айтсаң да, ойындағысын айтатын» тіркестер арқыл дүйім қазақ даласына тарайтын сөз қалдырып отырған. Әсіресе, ру атына байланысты айтылған тіркестери ел аузында жақсы сақталып қалады. Мәселен, - Танысаң - Адаймын, Танымасаң - құраймын, Адай қорықса Бекет дейді, Бекет те айтқандарын екі етпейді, Найман қу ма, сайтан қу ма, Қызыл бөрікше сөйлесу/жасырын сөйлесу мағынасында/. Қазақстанның қай жерінже болмасын түрлі ру жайлаған өлкелерде осындай әзіл шыны аралас сөздің кездесуінің өзі бұл тіркестердің жасалуына біраз күндік өмірдің жемісі емес, талай жылдың еншісіне жазылған мәдени тіршілік беттерінен қалатын халық сөзі.

Қаза тіліндегі тұрақты тіркестердің қоры халық басынан өткен алуан түрлі тарихи жағдайлардың ел аузында сақтау деңгейіне байланысты. Ұлттың өткен-кеткен өмірін қадірлейтін азамат туған тілінде сақталған,әлі де айтылып жүретін ерекше м.азмұнды тұрақты тіркес түрлерін жадына тұтып, таратып айта жүрсе, келер ұрпақ тілі де жанды мағлұматқа толы ұлт мәдениетін дәріптейтіні анық.

Сонымен, тарихи фрезеологизмдер ақпараттық мәні басым болуына қарай өміршеңдігімен ерекшеленеді. Тарихи фрезеологизмдер ұлт тарихына қатысты дерек көздері ретінде бағаланып, танымдық қасиетке ие болды.



Қорытынды

Ұлт тілін ұлттық мәдениет пен байланыстыра сөз ету - сол ұлттық мәдени өмір көрінісін танып-білуге ықпал етеді.

Фрезеологизмдер ерте замандардан бергі рухани өміріміздің байлығын, оның қыр-сырларын өз бойына жинап жан-жақты сипаттайды. Олар ұлт өмірінің әр кезеңінде алуан түрлі құбылыстар мен оқиғаларды өрнекті тілмен суреттеп бүгінгі уақытпен үндестіреді. Ендеше фразеологизмдердің қалыптасу негіздерін халықтың ұлттық мідениетімен байланыстыра қарастыру- өзекті мәселелердің бірі.

Қайсыбір ұлттық мәдениетті алсақ та, ондағы салт-дәстүрлердің жүйесі ерекше орын алады. Сондықтан осы тарауда салт-дәстүрлердің маңызы жіне салт пен дәстүр арасындағы айырмашылықтар ашып көрсетіледі. Салт-дәстүрлер әрбір халықтың тәлім-тәрбие беру ережелері мен нормаларының жинағы болып табылады және олар жазылмаған заң ретінде жүреді. Жазу-сызу мен азаматтық қоғам әлі жоқ кезде салт-дәстүрлер мен әдет ғұрыптар мәдени мирасқорлықтың жалғыз мүмкіншілігі болады. Сондықтан ескі ескі салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар , яғни ұлттық мәдениеттегі салт-дәстүрлержүйесі көптеген ғасырлар бойындағы тәлім-тәрбиенің жемісі. Салт-дәстүрлер халықтың наным-сеніміне , өмірге деген көзқарасына , тіршілік кәсібіне байланысты туып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өзгеріп, өмірге қажеттілері дамып, жаңа қоғамдық қатынасқа қайшы келетіндері жойылып отырады.

Тілдің барлық рухани эволюциясының алғашқы нүктесі, бастауы-миф. Ол тіл дамуын: миф-поэзия-проза (ғылым) сатыныснда көрсетеді. Ал фольклордың ең көне жанры миф адамзаттың алғашқы қауым болы өмір сүрген шағында пайда болған. Онда сол кезде адамның өзін қорғашан табиғаттың, аспан мен жерідің , әлемнің қалай пайда болғаны, әр түрлі құбылыстар мен алғашқа адамдардың өмірге келуі туралы түсініктер орын алады. Ал уақыт өте келе миф өзінің қасиеттілік әрі құпиялық сипатынан айырылып, ыдырауға ұшырауына рулық қоғамның күйреуі, бұрынғы наным мен ұғымдардың өзгеруі және т.б. себептер ықпал етеді. Міне, осындай жағдайлардан көне миф өзінің алғашқы семантикасынан айырылып, тұтастығын жоғалтып, қоғам мен өмірге сәйкес өзгеріп отырған. Осындай өзгеру, жаңғыру барысында мифтің сюжеті әр түрлі жағдайды бастан кешіреді. Сөйтәп ерете замандағы көне мифтер аңыз-әңгіме, ертегілерге айналады. Демек ертегі, аңыздар халықтың таным-түйсінігінің көрінісі. Сондықтан тұрақты тіркестедің қалыптасуында ертегілік, аңыздық уәждер ерекше орын алатыны сөзсіз. Осы орайда жер жұту, бақыт құсы қону, сырға салу, жон терісін сыпыру. Қорқыттың қобызындай сарнау, Қайда барсаң Қорқыттың көрі т.б. тұрақты тіркестер де өз көрінісін тапты. Егер бұл тіркестер тілімізде сақталмаса , сол ұлт мәдениетіне қатысты оқиғалардан шыққан тұрақты тіркестердің уәжін айқындау қиын болар еді. Кейбір ұлттық дәстүрдің көріністері де тіл арқылы миф, ертегі, аңыздарда орын алады. Демек, кез келген ертегі, аңыз - халық арманының, оның мұң-мұқтажының, таным-түсінігінің көрініс болса, осы ертегілік, аңыздық сипатта қалыптасқан тұрақты-тіркестер- терең философиялық ойдың, ғасырлар бойы жинақталған ұлттық дәстүрдің, ұлттық мәдениеттің сұрыпталған тұжырымы, негізгі нәрі, қысқа да көркем бейнесі.

Сонымен қатар зерттеу барысында малға, аңшылық пен саятшылыққа және салт-дәстүр мен наным-сенімдер негізінде тұрақты тіркестерге этнолингвистикалық талдау жасалды.

Мысалы, төмендегідей тұрақты тіркестердің алғашқы қалыптасу уәждері айқындалды: күйе жағу, ат құйрығына байлау, ала жібін аттамау, топырақ шашау т.б.

Тіліміздегі тұрақты тіркестердің шығу тегі мен жасалу жолдарын анықтауда тарихи фразеологизмдердің де орны ерекше. Қазақ фразеологиясында этнолингвистикалық зерттеу тәсілдерімен танылатын бір алуан тұрақты тіркестер тек тарихи оқиғалар мен адамдардың есіміне байланысы айтылып, бертін келе фразеологизмдер қатарына енген. Бұл тіркестердің негізінде ұлт өмірінің бастан өткен оқиғалардың мазмұны мен тарихы жатады. Бұл зерттеуімде тарихи фразеологизмдерді тақырыптық жағынан үшке бөліп қарастырдық.

1. Тарихи есімдерге байланысты туған фразеологизмдер.

2.Тарихи оқиғаларға қатысты жасалған фрезеологизмдер.

3. Тарихи жер-су аттары кездесетін тарихи фразеологизмдер.

Әдетте тіл-тілдегі фразеологиялық тіркестер өзіндік образдылығы мен эмоционалды-экспресивтілігі жағынан тілідк еденица ретінде оқшау тұратыны белгілі. Ал тарихи фразеологизмдерде ақпараттық мән басым болады.

Сонымен «Қазіргі қазақ тіліндегі тарихи фразеологизмдер» атты жұмысымда ұлттық мәдениеттің әлі белгісіз немесе ұмытылған тұстарын тілімізде сақталып қалған фрезеологизмдер астарына үңіліп, ішкі мағынасын, жасалу жолын, қалыптасу уәждерін ашу арқылы тарихи фразеологизмдердің ұлттық-мәдени негіздері айқындалды. Тіліміздегі фразеологизмдер-халқымыздың ұлттық болмысы мен тарихынан хабар беретін рухани бай мұра.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. ҚайдарӘ. Қазақ тілінің өзекті мәселелері Алматы, 1998

2. Потебня А. Слова и миф.М..1989,

3. МелнтинскийЕ.М Поэтика мифа М...,Наука.1976.

4.ШойбековР.Н. Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы. А.., Қазақстан 1993.

5. История исследования культуры Казахстана. Алматы;Қазақ универитеті,1997.

6. Уәлиұлы Н. Кейбір этнографизмдердің лексика-семантикалық аясы. Ұлт тағылымы.2000 1-саны

7. Сәтенова Әр типтес тілдердегі фразеологизмдердің ұқсастықтары мен айырмашылықтары //қазақ тілі: фонеика, лексика, грамматика. Алматы,1999.

8. Хазимова Ә. Қазақ фразеологизмдерінің ұлттық-мәдени деректері. А.., 2002 КД

9. Әбілқасымов Б. Телқоңыр: қазақтың көне наным-сенімдеріне қатысты ғұрыптық фольклор. Алматы: Атамұра,1993.

10.І.Кеңесбаев. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі .А.1977.

11. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.1-10 том. А.., Ғылым, 1974-1986



12. Қазақ тілінің этимологиялық сөздігі.

13. Қазақ тілінің сөздігі. Алматы..,1999
Каталог: wp-content -> uploads -> 2016
2016 -> Дәріс №1 Тақырыбы: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде
2016 -> ОҚУ Әдістемелік кешен пәН «Қазақ Әдебиетін жаңа технология бойынша оқыту әдістемесі» мамандық
2016 -> Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры, ел қамқоры, халқымыздың біртуар перзенті
2016 -> Сабақтың тақырыбы Үш бақытым. Мұқағали Мақатаев Туған тілім. Дихан Әбілов Жалпы мақсаты
2016 -> «Алаштану негіздері» таңдау курсы Түсінік хат «Алаштану негіздері»
2016 -> Сабақтың атауы Н.Әлімқұлов Қоңырау Мақсаты
2016 -> Силлабус Пән: Педагогика тарихы Курс: 4 Мамандық: 5В010200 «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» Кредит саны: 2 Экзамен: 7 семестр Семей-2015 «Педагогика тарихы»
2016 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
2016 -> Сабақтың атауы Бейнелеу өнерінің түрлері Сілтеме Сабақтың жабдығы
2016 -> Сабақтың тақырыбы: Менің Отаным Қазақстан


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет