Анкета көмегімен жаппай мәлімет жинау әдісі



бет2/5
Дата30.11.2016
өлшемі0,96 Mb.
#2855
1   2   3   4   5

2. Ғылыми шығармашылық.

«Шығармашылық» сөзі жалпыға мәлім іздеу, табу, бұрынғы жеке және қоғамдық тәжірибеде болмағанды жасау деген ұғымды білдіреді. Осыған сәйкес оқушылардың танымдық шығармашылық іс - әрекеті де дербес ізденіс және жаңаны жасау немесе құрастыру (оқушының жеке тәжірибесі негізінде оған жаңа белгісіз білім немесе әдіс, бірақ қоғамдық тәжірибеде ол бұрыннан белгілі). Яғни оқушының танымдық іс - әрекетіндегі шығармашылықтың негізгі критерийлері: дербестік, ізденіс және мақсатқа жетуде мүмкін варианттарды таңдау, мақсатқа жету үрдісінде жаңа өнімді жасау.

Дербестіктің, ізденістің, жаңаны жасаудың дәрежесін шығармашылықтың деңгейі анықтайды: төмен, орташа, жоғары.

Шығармашылық іс - әрекет іздеу мақсатын түсінбесе, бұрын меңгерілген білімді белсенді түрде жаңғыртпаса, дайын білім көздерінен өзіне қажетіні ала алмаса, дербес ізденбесе мүмкін емес.

Кез – келген шығармашылық іс - әрекеттің негізінде болжам, мүмкін нәтижені алдын – ала көру жатыр.

Бастауыш сыныптарда оқушылардың шығармашылық іс - әрекетін дамыту үшін негізгі іс - әрекеттерінің (оқу – танымдық, қоғамдық пайдалы, еңбек, эстетикалық және спорттық) тиімді арақатынасын орнықтыру өте маңызды. Ол қазіргі қоғамның әлеуметтік сұраныстарына, мектеп бітірушілердің жан – жақты даярлығының деңгейіне қойылатын жоғарғы талаптармен айқындалады.

Шығармашылықтың дамуында жеке адамның ерекшеліктері өте маңызды орын алады. Себебі, шығармашылық бар жерде қиял бар. Қиял шығармашылықтың негізгі бір психологиялық құрамы болып табылады. Шығармашылық күнделікті оқу процесі негізінде жүзеге асырылады. Келесі саналы іс - әрекеттің бір түрі оның белсенділігі. Сонымен, әрекет дегеніміз – түрлі қажеттіліктерді өтеуге байланысты белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталған процесс.

Шығармашылықтың көлемі әр оқушыда әр түрлі, сондықтан шығармашылық дәрежесін тұрақтандыру мұғалімнің алдында тұрған міндет. Себебі, ол оқушының бастапқы деңгейін, түсініктерін, соңғы нәтижелерімен салыстырады, ал оның өзі диагностика жүргізуге мүмкіндік туғызады.


3. Ғылыми іс - әрекет, оның мақсаты мен ерекшеліктері.
Ғылыми жұмыстың мақсаты – іргелі және қолданбалы міндеттерді шешу. Іргелі ғылым табиғат пен қоршаған әлемнің ғалами мәселелерін қарастырады, оның зерттеу пәні ретінде әлем мен бүкіл жаратылыс құрылымының жалпы заңы мен ортақ заңдылықтары табылады. Бұл ғылымның маңызы ешқандай критерийлермен өлшенбейді, одан алынған нәтижелерді жақын уақытта қолдану мәселелері қойылмайды.

Қолданбалы ғылым іргелі ғылымның жетістіктеріне сүйене отырып, өмірге жақын түсінікті міндеттерді қарастырады. Мұнда ғылыми нәтижелерді іс жүзінде пайдалану негізгі міндет болып саналады, сондықтан бұл салаға жататын зерттеулерді бастар алдында «бұл кімге қажет ?» деген сұрақтар қойылады. Іргелі және қолданбалы ғылымның арасында айқын шекара жүргізу мүмкін емес, себебі қолданбалы ғылым өзінің даму барысында және жетістіктерін қорытындылай келе бірте – бірте зерттеудің іргелі түріне айналады. Ал керісінше, іргелі ғылым тапқан жаңалықтарды пайдалана отырып, қолданбалы ғылым өндіріс пен шаруашылықтың ірі мәселелерін шешуге көп ықпал жасайды. Жүргізіліп отырған жұмыстың түріне қарай қолданбалы ғылым теориялық немесе эмпирикалық (тәжірибе) сипат алады.

Теория сипатына ие ғылыми жұмыс жүргізу барысында соңғы нәтижеге жету үшін әдебиет көздерінен ақпарат жинақталады, талданып қорытылады, өңделеді, есептеледі, жаңа ой – пікір ұсынылып, болжау жасалады. Ғылыми жұмыстың мұндай сипаты дедуктивті әдіс деп аталады. Ғылыми іс - әрекеттің бұл түрінде зерттеушінің шығармашылық қабілеті, оның ақпараттық толықтығы, ақпараттың зор ағымынан тиісті қажет бөлігін дер кезінде табу қабілеті аса маңызды. Сырттан қарағанда мұндай іс - әрекет көзге көрінбейді. Ал шын мәнінде зерттеуші дәл сол кезде басымен, яғни миымен күшті жұмыс жасайды. Дәл осылай ғылымның көптеген негізгі заңдары қалыптасқан, мысалға физикада, математикада т.б.

Мұндай іс - әрекеттің түрі, нәтиже алуда белгілі қауіп – қатер әкеледі, себебі көп жағдайда, жоғарыда айтқандай, адамның өзіне оның шығармашылық қабілетіне, қиялына күнделікті құбылыстарды түсініксіз, әдеттен тыс фактілерді байқауында, одан жаңа идеяны ойлап табуына байланысты. Сондықтан кейбір жағдайда орасан зор уақыт өткізіп, зерттеуші ешбір қорытындыға келмеуі немесе теріс нәтиже алуы да мүмкін.

Теория ғылымы өз кезегінде аналитика және өнертапқыш түріне бөлінеді.

Аналитикалық ғылым белгілі түсініктер мен заңдарды математикалық өңдеудің есептеу әрекетінен құралады, мұның мақсаты аталған заңдармен құбылыстардың сандық сипаттамасын беру. Бұл зерттеулердің мақсаты, зерттеу объектісін жүзеге асырудың түрлі жағдайында бет алысын болжамдап математикалық байланыстылығын табу.

Теория ғылыми жүзеге асуда арнайы жабдық пен бөлмелер қажетсінбейді, зерттеуші ешкімнің көмегіне зәру емес, керек нәрсені өзі – ақ қамти алады.

Өнертапқыштық іс - әрекет бұған дейін беймәлім, белгі мен қасиеттер ашу арқылы зерттеу объектісіне қажетті сапалы дәреже (индикатор) мен санды деңгейін (параметр) аса зор өлшемге көтеру мүмкіндігін туғызатын жаңашылдық сипатындағы ерекше шешімдер іздеп табудан құралады. Мұндай іс - әрекет жүргізу үшін, тек қана ақпараттық қамсыздандырумен шектелуге болмайды, ол үшін көп білу керек, зор шығармашылық қабілеттерді, қиялды өз бойында қалыптастыру қажет, ерекше ойлау дағдысын тәрбиелеу - қалыпты пікір шешімге бағынбай, өз көзқарасын байыту қажет. Дәл осындай шешімдер ғылыми ой - өрісті ілгері жылжытады, жаңа көкжиек, бағыт ашады, ескірген идеялар тоқырауынан алып шығады.

Эмпирикалық (тәжірибелік) ғылым жаңа жетістіктер мен идеяларды шығару үшін көлемді практикалық жұмыс өткізуі керек. Ақпараттың негізгі ағымын тәжірибе барысында лабораторияларда, арнайы қондырғыларда өткізілген жұмыстардан алынған нәтижелер құрайды. Ғылыми жұмыстың мұндай түрінде үлкен төзімділік, мақсаттану, сәтсәздәкке мойымау қабілеті, жылдар бойы көлемді, бір сарынды жұмыстарды жүргізе беру ниеті аса қажет.

Ғылыми іс - әрекеттің бұл түрінде шығармашылық, қиялдану элементтері теориялық іс - әрекетіне қарағанда әлдеқайда қарапайым. Жеке зерттеушінің енші – үлесі мұндай жұмыста аздау болып келеді. Теория мен эмпирика ғылымдары бір – бірін толықтырады, байытады.

4. Студенттердің ғылыми – зерттеу жұмыстары – курстық және дипломдық жұмыс.

Курстық жұмыс – ғылыми зерттеу жұмысының элементі бар студенттің өзіндік оқу еңбегінің бір түрі.

Курстық жұмысты орындау студенттердің теориялық білімін тереңдете түсуіне, ғылыми зерттеу жұмысына қызығушылықты арттыруына, түсінуіне, берілген облысындағы алғашқы дағды мен біліктерін, меншікті позициясын тудыруға септігін тигізеді. Курстық жұмыста студент талдау жасауға, ғылыми машықтық материалдар арқылы педагогикалық – психологиялық зерттеу жұмысын жүргізуге, қорытындылар мен талдаулар жасауға үйренеді.

Зерттеу іскерлік технологиясының негізі болып, ізденушілік негізгі саты бойынша зерттеу логикасы болып табылады.



  1. Тақырып таңдау – анықтаушы негізінен тақырып көкейкестігі студенттің ізденушілік жұмысына қызығушылығы негізінде уақыттағы ғылыми жұмыс тақырыбы белгіленеді. Көкейкестілігі күнделікті мәселеге сай болуы керек.

  2. Зерттудің мақсаттарын анықтайды.

  3. Міндеттерін айқындайды.

  4. Психологиялық – педагогикалық зерттеу.

Дипломдық жұым бітірушілердің болашақ мамандығына және теоиялық, практикалық міндеттерді шешуге даярлығын көрсетеді. Дипломдық жұмыстың мақсаты:

  • таңдаған мамандығы бойынша теориялық және практикалық білімдерін жүйелеу және тереңдету, оларды нақты практикалық міндеттерді шешуге қолдану;

  • өздігінен жұмыс істеу дағдысын;

  • зерттеу әдістемелерін меңгеру;

Студент дипломдық жұмысында келесі мәселелерге мән беруі керек:

  • таңдаған тақырыбы бойынша берік теориялық білімге және теориялық материалды тұрғыда баяндауға;

  • әдебиет деректерін зерттеу және жалпылау іскерлігіне, практикалық міндеттерді шешу, шешімдер мен ұсыныстар жасай білуге;

  • талдау жасау дағдысы, эксперимент жүргізе білу және қазірге есептеу техникасын меңгере білуге;

  • зерттеу әдістерін тиімді қолдана білу іскерлігіне.

Дипломдық жұмыс орындауға қойылатын жалпы талаптар:

  • мақсатқа бағыттылық;

  • құрылымының анық болуы;

  • материалды – логикалық бірізділікпен баяндау;

  • зерттеу тереңділігі және сұрақтардың жан – жақты қарастырылуы;

  • аргумент және фактілердің сенімділігі:

  • ойдың ашық және нақты жүргізілуі;

  • жұмыс нәтижесін жеткізудің нақтылығы.

Дипломдық жұмыстың тақырыптарын бітірушілерді даярлайтын кафедра әзірлейді. Дипломдық жұмыстын тақырыптары студенттердің болашақтағы мамандығына сәйкес болуы және көкейкесті, бүгінгі күн талабына сай болуы керек.

Студенттердің дипломдық жұмыстың тақырыптарын еркін таңдауға құқылары бар. Көпшілік жағдайда дипломдық жұмыстардың тақырыптары курстық және басқа да ғылыми зерттеу жұмыстарының жалғасы болып табылады.

Студент тақырыпты таңдаған соң, оны жазу үшін рұқсат алуға өзін даярлап отырған кафедра меңгерушісінің атына өтініш жазады. Дипломдық жұмысының тақырыбы, ғылыми жетекшісі және кеңес берушіні бекіту кафедра сұранысы бойынша факультет деканының бұйрығымен жүзеге асырылады. Тақырыпты бекіткен соң, студент ғылыми жетекшімен бірге отырып, оны орындау жоспарын қарастырады. Оған ғылыми жетекшісі және студент өз қолдарын қояды, соңында кафедра меңгерушісі бекітеді.

Тапсырма екі данамен даярланады: біреуі студенттің қолына беріледі, ал екіншісі кафедрада сақталады.

Дипломдық жұмыс тақырып бойынша ғылыми деректерді және әдебиеттерді терең зерттеу негізінде орындалады. Арнайы әдебиеттер тақырып бойынша сұрақтарды негіздеу және нақтылау үшін қолданылады.

Эксперимент жүргізілетін мекеменің практикалық материалдарын міндетті түрде қолдану керек.

Дипломдық жұмысының құрылымдық элементіне мыналар жатады:


  1. сыртқы беті;

  2. дипломдық жұмысты орындауға тапсырма;

  3. мазмұны;

  4. кіріспе;

  5. негізгі бөлім;

  6. қорытынды;

  7. пайдаланылған әдебиеттер тізімі;

  8. қосымшалар;

  9. графикалық материалдар.

Бақылау сұрақтары және тапсырмалар:

  1. Қазіргі таңда ғылымға берілетін анықтама?

  2. Ғылыми шығармашылық деп ненін түсінеміз, оның ерекшеліктері?

  3. Ғылыми жұмыстың мақсаты қандай?

  4. Теориялық, аналитикалық және эмпирикалық ғылым деген ұғымдарға анқтама беріңіз.

  5. Курстық жұмыстың мәні?

  6. Дипломдық жұмыс дегеніміз не, оның құрылымы, мақсаты?

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Бабаев Б. Жалпы педагогика. – Алматы, 2006.

2. Педагогика және психология сөздігі. – Алматы, 1995

3. Жексенбаева Ү.Б.Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру.А.,2005.

4. Герасимов И.Г.Структура научного исследования. – М.,1985.

5. Педагогика. Педагогические теории, системы, технологии. Под ред.С.А.Смирнова. 3-еизд. – М.: «Академия», 1999.

6. Қоянбаев Р.М,Қыяқбаев Ұ.Қ.бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесінен диплом жұмысы. – А., 2004.
Тақырып 2: Ғылыми педагогикалық зерттеу және оның әдіснамалық принциптері.

Мақсаты: Ғылыми – педагогикалық зерттеу әдіснамасы, педагогикалық зерттеу құрылымы мен логикасы жайлы жалпы ақпарат беру, педагогика ғылымының әдіснамасымен таныстыру.

Жоспары:


  1. Ғылыми – педагогикалық зерттеу – жаңа педагогикалық білімді қалыптастыру процесі.

  2. Педагогика ғылымының әдіснамасы.

  3. Педагогикалық зерттеудің құрылымы мен логикасы.

  4. Зерттеулердің негізгі кезеңдері (этаптары).

1. Ғылыми – педагогикалық зерттеу – жаңа педагогикалық білімді

Ғылым дамуының басты шарты – жаңа деректермен үздіксіз толығып бару. Ал деректердің жинақталуы мен олардың түсініктемесі ғылыми негіздлеген зерттеу әдістеріне тәуелді келеді, әдістер, өз кезегеніде, ғылым аймағында әдіснама атауын алған теориялық принциптердің бірлікті тобымен міндетті байланыста болады.

Қазіргі заман ғылымында әдіснама деп ғылыми – танымдық іс - әрекеттердің түзілу принциптері, формалары мен тәсілдері жөніндегі білімді айтамыз. Ғылым әдіснамасы зерттеу жүйесіндегі құрылымдық бірліктердің нысаны, талдау пәні, зерттеу міндеттері, зерттеу құралдар тобы т.б. сипаттамасын береді. Сонымен бірге зерттеу міндеттерінің шешімін табу процесіндегі әрекеттер бірізділігін белгілейді. Осыдан, педагогика әдіснамасын педагогикалық таным және болмысты қайта жасаудың теориялық ережелер топтамасы ретінде қарастырған жөн.

Әрқандай әдіснама қалыпты көрсетпе – нұсқау және реттестіру қызметтерін атқарады. Дегенмен, әдіснамалық білім екі күйде іске асырылуы мүмкін: дескриптивтік не прескриптвтік.

Дескриптвтік әдіснама – ғылыми білімдердің құрылымы мен ғылыми таным заңдылықтары жөніндегі білім ретінде зерттеу процесіне бағыт – бағдар береді. Ал прескриптвтік әдіснама – зерттеу іс - әрекеттерін реттеп барудың жол жобасын белгілеп, көрсетеді. Дәстүрлі әдіснамалық талдауда ғылыми іс - әрекеттерді жүзеге асыру тиімділігімен танылған ұсыныстары және ережелеріне байланысты құрастыру міндеттері басымдау болса, ал дескриптивті талдауда ғылыми таным процесінде іске асырылған зерттеу әрекеттерін қайталап баяндау, түсіндіру қызметтері атқарылады.

2. Педагогика ғылымының әдіснамасы.

Әдіснамалық білімдер тобы төрт деңгейлі келеді. (Э.Г.Юдин). Философиялық, жалпы білімдік, нақты ғылымдық және технологиялық. Әдіснаманың ең жоғары философиялық деңгейі танымның жалпы принциптері мен бүкіл ғылымның категориялар құрылымын негіздейді. Осыдан философиялық білімдердің барша жүйесі әдіснамалық қызмет атқарады. Екінші – жалпы ғылымдық - әдіснама деңгейінде ғылымдардың баршасында не көпшілігінде қолданылуы мүмкін теориялық тұжырымдарды белгілейді. Үшінші деңгей – нақты ғылым әдіснамасы қандай да нақты ғылыми пән аймағында қолданылатын зерттеу әдістері мен принциптерінің жиынтығын құрайды. Нақты ғылым әдіснамасы белгілі саладағы ғылыми тануға тән болған проблемаларды, сондай – ақ жоғарылау келген әдіснамалық деңгейлерге байланысты алға тартылатын мәселелерді де қамтиды, мысалы: педагогикалық зерттеулердегі жүйелестіру мен жобалау (моделдеу) проблемалары. Төртінші деңгей – технологиялық әдіснама – зерттеу әдістері мен техникасын белгілеп, деректі эмпирикалық материалдарды жинақтап, алғашқы өңдеуден өткізіп, кейін оларды ғылыми білімдер өрісіне қосу қызметтерінен хабар береді. Бұл деңгейдегі әдіснамалық білім нақты көрсетпе – нұсқау сипатына ие. Әдіснаманың барша деңгейлері күрделі жүйеде бірігіп, өзара сабақтастықпен байланысты келеді. Ал әрқандай әдіснамалық деп танылған білімнің мазмұндық негізі философиялық деңгейден іздестіріледі, себебі таным процесі мен болмысты қайта жасау әрекеттерінің дүниетаным, көзқарас бағдары осы философиямен айқындалады.

Педагогиканың жалпы ғылымдық әдіснамасы.

Жалпығылымдық әдіснама қоршаған болмыс құбылыстары мен процестерінің жалпыланған байланысы және өзара шарттастығына негізделген жүйеліліктен танылуы мүмкін. Ол әрбір зерттеуші мен практикті белгілі құрылымға, сондай – ақ өзінің жасау заңдылықтарына ие өмір құбылыстарының белгілі жүйесіне бағдарлайды.

Жүйелілік мәніне орай әрқандай салыстырмалы дербес бірліктер өз бетінше шектелмей, өзара байланысқан даму мен қозғалыста қарастырылады. Осдан ол жүйені құраушы элементтерде көріне бермейтін біріктіруші жүйе қаситтері мен сапалық белгілерді анықтауға көмектеседі. Жүйеліліктің заттасқан және тарихи қырлары келесідейзерттеу принциптерін бірлікте іске асыруды қажет етеді: тарихилық, нақтылық, көптарапты, байланыстар мен дамуды ескеру.

Жүйелілікті білуден педагогикалық теория, эксперимент пен практика тұтастығы орындалады.

Теориялық негізде жобаланған экспериментте біршама тексерілген ғылыми білімдер мен тұжырымдардың шынайлылығы практика міндеті мен талаптарына орай өлшестіріледі. Практикадан білімнің жаңа іргелі проблемалары туындайды. Сонымен, теория практикалық шешімдердің дұрыстығына арқау болады, ал білім тәжірибесіне байланысты ұланғайыр проблемалар мен міндеттер іргелі дәстүрлерді қажет ететін сұрақтардың туындауына жол ашады.

Педагогикалық зерттеулердің әдіснамалық принциптері

Ғылыми – педагогикалық зерттеулер жүргізуде төмендегідей принциптерді басшылыққа алу қажет:


  • педагогикалық құбылыстардың шынайлылығы мен шарттасқандығын ескеру, себебі дүниедегінің бәрі өзінің ішкі объектив заңдары, қарама – қарсылықтары және себепті – салдарлы байланыстарына орай жасайды әрі дамиды;

  • құбылыстарды даму барысында зерттеу;

  • бір құбылысты екіншілермен өзара қатынаста байланыстыра зерттеу;

  • зерттеу процесіндегі қалаған ғылыми проблеманың шешімі бірін – бірі толықтырып отырушы көптеген әдістер кешенімен орындалатынын естен шығармау;

  • зерттеу әдістері зерттелетін құбылыстың мән – мағынасына сай келуі;

  • даму процесін сол дамудың қозғаушы күші және даму көзі саналатын оның қарама – қарсылықтарына негізделген өзіндік қозғалыс және өзіндік даму ретінде қарастыру;

  • сынақталушыға, білім – тәрбие процесіне зиян келтіретін, адамгершілік – инабаттылық талаптарына қайшы болатын эксперименттерді өткізбеу.

3. Педагогикалық зерттеудің құрылымы мен логикасы.

Педагогика саласындағы зерттеулер – бұл білім заңдылықтары, оның құрылымы мен механизмдері, мазмұны, принциптері мен технологиясы жөніндегі жаңа мәліметтерді алуға бағытталған ғылыми ізденіс процесі және оның нәтижесі. Педагогикалық зерттеулердің міндеті – деректер мен құбылыстарды түсіндіру және оларды алдын ала болжастыру.

Бағытталу тұрғысынан педагогикалық зерттеулер іргелі (фундаменталды), қолданбалы және болжам – жобалау деңгейіндегі болып үш топқа бөлінеді. Іргелі зерттеулер нәтижесінде педагогиканың теориялық және практикалық жетістіктерін қорытушы жалпы тұжырымдамалар алынады немесе болжам жобалаумен педагогикалық жүйелерді дамытудың моделдері ұсынылады. Қолданбалы зерттеулер – бұл педагогикалық процестің кейбір тараптарын тереңдей тануға, алуан қырлы педагогикалық қызметтің заңдылықтарын ашуға бағдарланған істер. Болжам жоба – бұрыннан белгілі теориялық көзқарастарға негізделген нақты ғылыми – практикалық ұсыныстар дұрыстығын дәлелдеп, оларды практикалық айналымға қосу бағытында істелетін жұмыс.

Қалаған педагогикалық зерттеу көпшілік қабылдаған әдіснамалық тиектерге орай жүргзізіледі. Педагогикада олардың қатарына – зерттелуге тиіс проблема, тақырып, нысан және оның дені, мақсат, міндеттер мен болжамдар, қорғалуы тиіс идеялар – кіреді. Педагогикалық зерттеулер сапасын танытушы негізгі көрсеткішер: зерттеу көкйкестілігі, жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы.

Зерттеу бағдарламасы, әдетте, екі бөлімнен тұрады: әдіснамалық және іс - әрекеттік (орындау - процедуралық). Алғы бөлімде тақырып көкейкестілігі негізделеді, проблема нақтыланады, зерттеу нысаны мен дені, мақсаты мен міндеттері айқындалады, негізгі ұғымдары белгіленеді, зерттеу нысаны бастапқы жүйелі талдауға салынып, қызметтік болжам жасалады. Ал екіншіде – зерттеудің стратегиялық жоспары түзіледі, сонымен бірге ідер алды деректерді жинақтау мен оларды іріктеудің реті және негізгі шаралары жасалады.

Зерттеу көкейкестілігін негіздеудің мәні – оқу мен тәрбиенің теориясы және практикасын бұдан былай да дамыту үшін тиісті проблемалардың қажеттігін, дер кезінде зерттеліп, шешімін табудың маңыздылығын түсіндіру. Көкейкесті зерттеулер белгілі кезеңдегі аса күрделі де қажет мәселелердің жауабын береді, педагогикалық ғылымға қойылатын қоғамның әлеуметтік тапсырысын бейнелейді, практикада орын алған келелі қайшылықтарды ашады. Көкейкестілік тиегі өзгермелі, қозғалысты, уақыт пен нақты әрі ерекше жағдайларға тәуелді. Жалпыланған күйде көкейкестілік ғылыми идеялар мен практикалық ұсыныстарға болатын сұраныс пен дер кезіңдегі ғылым мен практиканың мүмкіндігі арасындағы айырмашылық деңгейін сипаттайды.

Зертттеу тақырыбы шешімі қалтқысыз табылуы қажет, өте күрделі де қоғамдық маңызға ие болған проблемалармен ұштасқан әлеуметтік тапсырыс нақты тақырыптың негіздеме дәйегін талап етеді. Ал бұл, өз кезегінде, қойылған мәселенің ғылым аймағында зерттелу дәрежесінен туындайды.

Егер әлеуметтік тапсырыс педагогикалық практиканы талдаудың нәтижесінде ұсынылатын болса, ғылыми проблеманың өз негізі басқаша. Оның міндеті ғылым құрал – жабдықтарын пайдалана отырып, негізгі қарама – қарсылықтарды баяндап беру. Әдетте, проблема шешімі зерттеу мақсатын құрайды. Мақсат – қайта түзіліп, өрнектелетін проблема.

Проблема нақтыланып, өрнектелгеннен соң, зерттеу нысанын таңдау кезегі келеді. Нысанға педагогикалық процесс, педагогикалық болмыстың бір саласы немесе қайшылықтарымен жүз берген қандай да педагогикалық қатынас алынуы мүмкін. Басқаша айтсақ, өз ішінде нақты не әлі де күмәнді қайшылықтарды қамтып, проблемдік ситуацияларды туындатқан жағдайлардың баршасы нысан есептелінеді. Танымдық процесс бағытталғанның бірі – нысан. Зерттеу дені (предмет) – нысан бөлшегі, бір тарапты, яғни бұл түбегейлі зерттеуді қажет еткен нысанның теориялық не практикалық тұрғыдан өте маңызды сапа – қасиеттері, қырлары мен сырлары.

Зерттеу мақсаты, объекті және деніне сәйкес, әдетте, болжамды (гипотезаны) тексеру мен дәйектеуге арналған зерттеу міндеттері белгіленеді. Гипотеза – бұл шынайлылығы әлі дәлелденуі қажет теориялық негізі бар болжамдар жиынтығы.



Ғылыми жаңалық тиегі аяқталған зерттеулердің сапасын бағалау үшін қолданылады. Ол қазіргі кезеңде әлі белгісіз, педагогикалық әдебиеттер тобына енбеген білім заңдылықтары, олардың құрылымы мен механизмдері, мазмұны, принциптері мен технологиясын сипаттаушы теориялық және практикалық қорытындылардың мазмұнын өрнектейді.

Зерттеу жаңалығы қаншалықты теориялық маңызға ие болса, соншалықты практикалық қажеттілікке ие. Зерттеулер нәтижесінде түзілген тұжырымдамалар, алынған гипотезалар, ашылған заңдылықтар, әдістер, бағыттар, көзқарастар, проблеманы айқындау моделі орындалған ғылыми істердің теориялық маңызын танытады. Ал зерттеудің практикалық маңызы жаңа ұсыныстар, нұсқаулар және т.б. дайындауға арқау болуында.

Жаңалық тиектері, теориялық және практикалық маңыздылық зерттеу типтеріне орай бір – бірімен ауысып барады, сондай – ақ жаңа білімдердің пайда болу уақытына тәуелді келеді.

4. Зерттеулердің негізгі кезеңдері (этаптары).

Зерттеу ізденістерінің логикасы мен қозғалысты өзгермелілігі бірнеше сатылық – эмпирикалық, гипотетикалық, эксперименталды – теориялық немесе теориялық, прогностикалық – жұмыстар орындауды қажет етеді.

Зерттеудің эмпирикалық сатысында зерттеу нысанының қызметтік бағамы алынады, шынайы оқу – білім тәжірибесі, ғылыми білімдер деңгейі мен құбылыс мәнін түсіну қажеттігі арасындағы қарама – қарсылықтар көрінеді, ғылыми проблема өрнектеледі. Эмпирикалық талдаудың басты нәтижесі – зерттеудің алғашқы тұжырымдамалары ретінде қабылданған, бірақ әлі тұтастығы тексеріліп, бекуі қажет болжамдар мен шамалаулар жүйесінен түзілетін зерттеу гипотезасынан көрінеді.

Гипотетикалық сатыдағы ізденіс жұмыстарының мәнін зерттеу объекті жөніндегі деректік болжамдар мен олардың мәнін айқындап алу қажеттігі арасындағы қарама – қарсылықтарды шешіп алу, содан соң зерттеудің эмпирикалық деңгейінен оның теориялық деңгейіне өтудің дайындық жағдайларын жасау.

Теориялық саты зерттеулерінде назарға алынған нысан жөніндегі функционалдық және гипотетикалық болжамдар мен ол туралы жүйелі шамалаулар қажеттігі арасындағы қайшылықтарды үйлестіру жұмыстары орындалады.

Теорияның белгілі қалыпқа келуі прогностикалық сатыға жол ашады, осының нәтижесінде тұтастай құрылым болып танылған зерттеу нысаны жөніндегі соңғы алынған идеялық ақпараттар мен олардың ендігі, жаңа жағдайларда даму мүмкіндіктерін көрегендікпен алдын – ала жобалау қажеттігі арасындағы текетіресті шешу талабы қойылады. Теорияның міндеті – осы сан қилы талаптардың объектив шешіміне негіз болу.

Бақылау сұрақтары және тапсырмалар:


    1. Ғылыми әдіснама дегеніміз не және оның түрлері?

    2. Педагогика ғылымының жалпы әдіснамасы дегеніміз не?

    3. Педагогика саласындағы зерттеулерге не жатады?

    4. Бағытталу тұрғысынан педагогикалық зерттеулер қалай жіктеледі?

    5. Зерттеу бағдарламасының құрылымы қандай?

    6. Зерттеудің негізгі кезеңдерін атаңыздар.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жексенбаева Ү.Б.Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру.А.,2005.

2. Безрукова В.С.Как написать реферат,курсовую,диплом. – СПБ,2004.

3. Загвязинский В.И.,Атаханова Р.Методология и методы психолого педагогического исследования. – М.,2003.

4. Қоянбаев Р.М,Қыяқбаев Ұ.Қ.бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесінен диплом жұмысы. – А., 2004.

5. Скалкова Я.И др.Методология и методика педагогического исследования. – М.,1986.

6. Нағымжанова.Қ. Педагогикалық инновацияның зерттелуі //Бастауыш мектеп.-№3 1999ж


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет