А.Өзгеріс не үшін қажет ?



Дата26.09.2019
өлшемі50,5 Kb.
#48898
Байланысты:
А.Өзгеріс не үш-WPS Office
баяндамаҚазақстан Республикасының тұңғыш президенті, УМКД білім беру менедж, «Орта асырда ы Азия ж не Африка тарихы»
А.Өзгеріс не үшін қажет ?

Қазіргі таңдағы білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты –ой-өрісі дамыған, жан-жақты,шығармашылық деңгейде қызмет ете алатын,дүние-танымы биік,білімдік бәсекеге қабілетті, жан-жақты, сыни ойлай алатын жеке тұлға тәрбиелеу.

Ғаламдану өркениетімен қазіргі заманғы әлемде бәсекелестік жағдайына тез бейімделу қабілеті тұрақты дамудың ең маңызды факторы болып табылады.

Әлем елдеріндегі білім беру жүйесініңқұрылымы түрліше.Әлем елдерінің білім беру жүйесі ерекшеліктеріне қарай даму үстінде .Себебі кез келген елдің бәсекелестік мүмкіншіліктері көбіне білім беру жүйесінің жай-күйімен анықталатын мемлекеттің әлеуметтік капиталының дамуына тәуелді.

Білім деңгейінің жоғарылығымен танылған мемлекеттер ғаламдану үдерісіне сәйкес реформалар жүргізуде. Білім беру жүйесіндегі реформаға негізделген әлемдік дамудың негізгі үрдістері :

қоғам дамуының жылдамдығы;

ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқындылығы;

ғаламдық проблемалардың шығуы және анықталған тақырыптарды бірлесіп шешу мәселелері ;

қоғамның ашық демократиялығы ;

экономиканың өсуі мен бәсекелестіктің қарқынды жүруі;

адам ішкі әлеуетінің мүмкіндіктері.

Қазақстан Болон процесіне кірген ел болғандықтан, әр түрлі халықаралық зерттеулерге қатысып келеді. Бірақ біздің еліміз дүниежүзілік TIMSS ,PISA зерттеулері қорытындылары бойынша төменгі нәтижені көрсетіп келеді. Осы зерттеулерге қатысқанға да біраз жыл болды. Бізде қандай өзгерістер бар? Біздің оқытқан балаларымыздың білім деңгейі неге төмен болды деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік пе? Біздің алдымызда қандай мақсат пен міндеттер тұр?

Менің ойымша, ,біздің білім беру жүйемізде мұғалімдер басымдықты «нені оқыту керек?» деген сұраққа қатысты көбірек көңіл бөліп, ал оқушыларға сол жаңа білімді қалай оқыту керек? деген мәселе қалып қалып қойған сияқты. Яғни мұғалім тарапынан дайын білім беріледі де, сәйкесінше оқушының жаңа ақпаратты өз бетімен алу дағдысын қалыптастыратын оқу ортасы ұйымдастырылмайды.Бірлескен оқу ортасын құру арқылы топтық жұмыстар жүргізу біздің мектептерімізде аз қолданылады.Оқушылар топта жұмыс жасауда бір-бірімен пікірлесіп,талқылау жүргізіп өзара оқыту, өздігінен білім алуға қолайлы жағдай жасай алмаймыз.Оқушылар алған білімдерін өмірде қолданудың ретін білмегендіктен,ПИЗА бойынша төмен көрсеттік деп ойлаймын.Әлемнің озық елдерінің мектептеріндегі білім жүйесі бірлескен оқу ортасын құру арқылы олардың топта жұмыс жасау дағдысын, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері арқылы оқушылардың сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, өздігінен және өзара білім алуға бағытталған.

Әлем елдерінің білім жүйесін бір-бірлерімен салыстырар болсақ, олардың білім жүйесі әр түрлі деңгейде дамуда.

Дүние жүзінің білім жүйесін зерттеген сарапшылар дүние жүзі бойынша әр түрлі көрсеткіштерді ала отырып көптеген елдердің білім жүйесін салыстырған.Көрсеткіштер бойынша дүние жүзінің 26 мемлекеті өздерінің білім жүйесінің озық үлгілерімен ерекшеленген.Солардың қатарында Ирландия, Дания және шығыстағы Тайвань елі де бар.

Өздерінің білім деңгейінің жоғарылығын көрсеткен елдердің білім деңгейінің сараласам , әр елдің білім жүйесінің ерекшеліктері бар .

Ирландиядағы білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігінде өзіндік орны бар. Дамыған елдердің білім жүйесіне жүргізілген зерттеулер нәтижесі Ирландияның білім беру жүйесі алдыңғы дамыған мемлекеттердің қатарына кіреді . Сонау орта ғасырлардан бері Ирландияда білім беру ісі ең маңызды іс болған.Сондықтан болар Ирландияны «әулиелер мен оқымыстылар аралы» деп атаған.

Ирландиядағы білім беру ісі жақсы жолға қойылған.Европа елдері бойынша Ирландия мектептегі сабақтары саны көп, ағылшын оқушыларына қарағанда ирландықтар әр түрлі деңгейдегі емтихандарды көбірек тапсырады.Ирланд мұғалімдеріне қойылатын талаптар да жоғары. Ирланд мұғалімдерінің жалақысы өте жоғары.Мұғалім -мәртебелі мамандық иесі.

Қазіргі уақытта Ирландияда білім беру ісін басқару және жауапкершілік Білім және ғылым департаментіне (DES)жүктелген. Департамент білім беру аспектілерін қарастырып, оқу жоспарлары мен ұлттық сынақ байқауларын өткізеді.

Орта білім беру сатысындағы мектептер орта мектеп, кәсіптік мектеп,қоғамдық және бірыңғай мектеп бөлінеді. Мектептің типі қаржыландыру көзіне байланысты анықталады.

Бұл елдің орта мектептерінің көпшілігі жеке тұлғалар немесе шіркеулер иелігінде. Кәсіптік мектептер жергілікті әкімшіліктегі Кәсіптік Білім беру комитетіне қарайды. Үкімет мектептерді 93% қаржымен қаржыландырып отырады, бірақ қаржының мақсатты жұмсалуы жергілікті әкімшіліктің бақылауында болады

Ирландия елінде балалар бақшасы жоқ, себебі бала осы жасқа дейін отбасында тәрбиеленуі керек екен.

Ирландияда 12 жылдық білім беру жүйесі қалыптасқан. Міндетті білім алушылар 6-19 жас аралығындағы балалар қамтиды. Бұ елдегі барлық бастауыш мектеп 1999 жылдан жалпы мектеп бағдарламасы –The Primary School Curriculum- мен жұмыс жасайды. Бастауыш сыныпта оқушылар негізгі пәндер және ана тілі ,ағылшын тілі, дінтану, дүниетану пәндері бойынша тәлім алады. Бастауыш сынып оқушыларының сабақтары ойын түрінде және топтық жұмыстар негізінде жүргізіледі. Балалар жастайынан өзара әрекеттестікте, бір-бірімен қарым-қатынас жасау дағдысы қалыптасып, жастайынан қоғам өміріне бейімделе алатындықтарын зерттеу нәтижелерінен көрсетті.Оқудың ынтымақтастық ортасында оқушылар әлеуметтік және эмоционалдық тұрғыдан да дами түседі, өйткені олар түрлі көзқарастарды тыңдап, өз идеяларын айтуға және қорғауға мәжбүр болады. Мұндайда оқушылар сарапшылардың немесе мәтін аясында шектеліп қалмай, өздерінің ерекше тұжырымдамалық түсініктерін құруды бастайды. Осылайша ынтымақтастық оқу жағдайында оқушылар құрбы-құрдастарымен қарым-қатынас жасауға, идеяларды ұсынуға және қорғауға, әртүрлі ұстанымдармен алмасуға, басқа тұжырымдамаларға күмәнмен қарауға және оған белсенді қатысуға мүмкіндік алады.

Мектептерде оқушының мәдениетінің дамуына көп көңіл бөлінеді.Бастауыш сыныптардағы әрбір бала үшін арнайы бағдарламалар дайындалып, олардың тұлғалық мүмкіншіліктерін ашады.

Орта мектептің І сатысы «Junior Cycle» деп аталады. Бұл саты 3 жылға созылады. Оқушылар «Junior Certificate» емтихан тапсырып, арнайы сертификат алады.

Орта мектептің төртінші жылы «Transition Year» деп аталады. Бұл жылы оқушылар өтілген материалдарды қайталап, өз білімдерін пысықтайды. Оқушылар келесі сатыда қандай бағытта оқитынына таңдау жасайды. Орта мектептің бесінші және алтыншы жылында оқушылар өз таңдаулары бойынша пәндерді таңдай алады.Оқушыларға арналған бағдарламаны мектеп өзі қарастырып жасайды. Бағдарламаны ата-аналар және оқушылармен бірігіп таңдай алады. Бұл ретте көбіне бизнесті ұйымдастыру, бухгалтерлік есеп,кәсіпкерлік,тілдер,сызу,музыка, дене тәрбиесі сияқты таңдау курстарын таңдай алады.

Орта мектептің екінші сатысында оқушылар әр түрлі жобалар арқылы басқа мемлекеттің мектебіне немесе басқа мектептерге белгілі бір уақыт аралығында барып оқуына мүмкіндіктер жасалған.Оқушылар осы кезден бастап кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндіктер қарастырылғандықтан, бала өзі нені қалайды, не істей алады осы жұмыстарға қарай бағытталады.Бірақ бұл бағдарламаға қарсы шығушылар да бар. «Балаға берілген мүмкіндіктер баланың сабаққа деген құлшынысы азайтып, келесі сатыға өтуге кері әсерін тигізеді» ,-дейді бұл бағдарламаға қарсы шыққандар.

Оқушылар математикадан, ағылшын тілінен, ирланд тілінен, қоғам негіздері және оқушы таңдауы бойынша пәндерден емтихан тапсырады.

Бұдан кейін ирланд оқушылары «Leaving Certificate» аталатын емтихан тапсырады.Жоғары сынып оқушылары экономика мен жаратылыстану пәндеріне көбірек көңіл бөлінеді. Ирланд оқушылары әр түрлі ресурстарды пайдалану және қажетті ақпарат алу үшін планшетпен немесе ноутбукпен қамтамасыз етілген.

Ирландия мектептеріндегі сабақтар күніне 7 сағатқа созылады.Оқушылар өздерінің алған білімдерін үйден саралау жұмыстарын көбірек жүргізеді, орындауға арналған тапсырмалар берілмейді екен. Ирландия мектептерінде оқушылардың шығармашылық әлеуетін көтеру мақсатында түрлі үйірмелер жүйелі түрде жұмыс жасайды. Бастауыш сыныптан бастап оқушылар сабақтан кейінгі уақытында шығармашылықпен тұрақты айналысады.

Ел экономикасын дамытуда арнаулы кәсіптік білімді мамандар қажет болғандықтан, Ирландияның білім беру саласында кәсіптік білім білімге көбірек мән берілген.

Соңғы жылдары әлемдік білім кеңістігінде өзіндік дамуымен ерекшеленген елдердің бірі-Тайвань. 1968 жылдан бері ел азаматтары 9 жылдық білім алуға міндетті.ХХ ғасырдың ІІ жартысында ел халқының 55%-ы сауатсыз болса, ал қазіргі уақытта барлығы да сауаттанған , тек 4%-і ғана сауаттанбаған, онда да жасы келген кісілер.Тайвань халқының 72%- жоғары білімді, ел халқының әрбір бесіншісінің жоғары білімі бар.

ХХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап білім беру ісіне қомақты қаржылар құйыла бастады. Ел үкіметінің басты саясаты жан-жақты, жаһандық үдеріске ере ала алатындай тұлға тәрбиелеуге негізделіп отыр.

Тайваньда 1996 жылы білім реформасы жасалды. Реформаның басты мақсаттары:білім беру жүйесіндегі өзін-өзі басқаруды дамыту,оқу бағдарламалары мен жоспарларын негіздей құру,материалдық-техникалық базаны нығайту.

Реформа мектепке дейінгі бала бақшалардың желісін дамытуды, мектептердің АКТ құралдарымен қамтамасыз етілуін,жоғары сынып оқушыларының оқу жүктемелерінің азайтылуын, алыс ауылдардағы мектептердің материалдық-техникалық базасының жақсартылуын қарастырды.Мұғалімдердің кәсіби біліктіліген арттыру жұмыстарына да көңіл бөлінген. Бүгінгі таңда Тайвань үкіметінің басты мақсаты бәсекелестікке қабілетті мамандар даярлап шығару болып отыр.

Мектепке дейінгі мекемелердің саны жылдан-жылға көбеюде. Мемлекеттік және жеке бала бақшалар бар. Ел үкіметі елдегі балалардың 80%-ін бала бақшамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Тайваньда мемлекеттік және жеке мектептер жұмыс жасайды.

Тайвань елінде балалар 6 жастан мектеп табалдырығын аттайды.Бастауыш мектеп 6 жыл оқиды, онан кейін негізімектептің 3 жылын оқиды. Міндетті 9 жылдық білімнен кейін оқушылар таңдау жасайды.Арнайы емтихан тапсырып, жалпы орта білім беретін мектепке (3жыл), орта кәсіптік-техникалық оқу орнына (3жыл) және кәсіптік –техникалық оқу орнының 5 жылдық түрін жалғастыруына мүмкіндіктері бар.Тайвань елі оқушыларының 5%-ы ғана 9 жылдық біліммен қалады екен, қалған оқушылардың көпшілігі барынша жалпы орта білім беретін мектептерге түсуге тырысады, себебі білім беру сапасы жоғары деңгейде болғандықтан, жоғары оқу орындарына оңай түсу мүмкіндігі бар. Бастауыш сыныптар жасы бойынша бөлінеді.Жасы үлкендер мектепте көбірек уақытын өткізеді.Бастауыш сынып мұғалімдері оқушылардың қоршаған ортамен байланысы мен адамдармен қарым-қатынасына көбірек мән береді.Оқушылардың қызығушылықтарын ескеріп отырады.Негізгі мектеп курсында оқушылар тіл мен әдебиет, математика, жаратылыстану және қоғамтану , музыка, дене дәрбиесі,үй шаруашылығы , өнер пәндері бойынша білім алады.9- сыныпты бітіргеннен кейін ешқандай емтихан тапсыру міндеттелінбейді. Жалпы орта білім алу үшін оқушылар наурыз айында жалпы емтихан тапсырады,ал егер оқушы емтиханнан өте алмаса, бұл емтиханды маусым айында қайта тапсыруына болады.Жалпы орта білім беретін мектептің бірінші жылында негізгі пәндерді тереңдетілген бағдарламалар бойынша оқиды.Ал екінші жылында оқушылар таңдаулары бойынша жаратылыстану және гуманитарлық бағыттарға бөлінеді. Үшінші жыл -оқушылар үшін ең қиын жыл. Бұл жылы олар әр түрлі ақылы курстарда білімін жетілдіреді.Жоғары оқу орындарына қабылдау 2 кезеңде жүргізіледі. 1 кезеңде негізгі пәндер бойынша емтхан тапсырады,1 кезеңде «Ұлттық Бірыңғай Емтихан» тапсырады.Бұл емтихан қаңтар айында өткізіледі, егер оқушы жақсы балл жинаса, ол өзі таңдаған оқу орнының келесі кезеңіне қатысып, студент атанады,ал егер де төмен балл жинаған оқушы болса ол қайтадан 1 шілдеде емтихан тапсырады.Тайвань оқушылары көпшілігі алғашқы сынақтан жақсы өтуге тырысады, себебі екінші сынақ күрделі өтеді.2 кезеңде таңдаған мамандығы негізіндегі пән бойынша емтихан тапсырады.

Жоғарыда қарастырылған елдерде мектепке дейінгі мекемелер туралы екі көзқараста.Тайвань елінің балаларды бала бақшамен қамту жұмыстары біздің еліміздің саясатымен ұқсас.Еліміздегі «Балапан» бағдарламасы балаларды бала бақшамен қамтамасыз ету үшін жасалған. Жылдан-жылға балаларды бала бақшамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен орындалуда.Екі елде де тіл үйрену жағына көбірек басымдық берілген.

Біздің елімізде 1-сыныптан бастап орыс тілі мен ағылшын тілі оқу бағдарламасына енді.Мемлекетімізде үш тілде білім беретін мектептер саны жылдын-жылға көбеюде. Бұл біздің оқушыларымыздың озық елдерге барып, өз білімдерін кеңейтуге жол ашады.

Қазақстан мектептерінде де оқуды бірлескен топтық ұйымдастыруға болады , себебі жақсы ұйымдастырылған топтық жұмыс оқушылар арасында әлеуметтік өзара қарым-қатынасты, тиімді араласу және проблемаларды шешу дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Бұл, өз кезегінде оқушыларды өздерінің оқуларына белсенді қатысуға итермелейді.

Ирландия мектептерінде «Transition Year» сатысы ұнады. Бала өтілген материалдарды жыл бойына қайталап, еске түсіреді,дағдысын қалыптастырады.Тайвань мектептеріндегі

Ұлттық Бірыңғай Емтихан біздің ҰБТ-ға ұқсас, бірақ оқушының мүмкіншіліктері қайта қарастырылған. Бізде ҰБТ тапсырғаннан кейін, оны қайта тапсыра алмайсың. Осы жүйені еліміздің мектептерінде қарастыруға болатын сияқты. Ұлттық Бірыңғай Емтиханды тапсырғаннан кейін 2 кезең бойынша тағы да сынақтан өтеді. Бұл да білім жүйесіне сапалық пен нәтижелікті әкеледі деп ойлаймын.

Ирландия және Тайвань еліндегі білім беру жүйелерін Қазақстанның білім беру жүйесімен салыстырар болсам,Ирландия елінде 12 жылдық білім беру міндетті болса, Тайваньда 9 жылдық білім міндетті.Бірақ Тайвань елінің оқушылары 12 жылдық білімді алуға барынша күш жұмсайды. Біздің елімізде де 2015 жылдан бастап 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу көзделіп отыр. Қазіргі таңдағы мемлекетіміздегі білім саласындағы реформа - 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу. Қазақстанның 12 жылдық білім беруге көшу реформасы білім берудің жаңа ұлттық моделін жасаудың стратегиялық міндеті табысты мақсаттарын шешуге мүмкіндік береді. 12 жылдық білім берудің күтілетін нәтижелері белгіленген мақсатқа сәйкес мектеп бітірушінің негізгі құндылықты-бағдарлы құзыреттілік, мәдениеттанымдық құзіреттілік, когнитивтік құзіреттілік коммуникативтік құзіреттілік , ақпараттық-технологиялық құзіреттілік, әлеуметтік өзара қарым-қатынас құзіреттілігі ,тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттіліктерін дамыту қажет деп көрсетілген.

Менің ойымша, оқушы бойында қалыптастырылған белгілі бір құзыреттіліктер арқылы Ирландия мен Тайвань елдері алдыңғы қатардан көрінді деп ойлаймын. Бұл елдердің негізгі ұстанымы -оқушы алған білімін өмірде қолдана білетіндей тұлға тәрбиелеу. Екі елде де бастауыш сыныптарда оқушылардың білім деңгейіне аса көп мән берілмейді, ал қоғаммен, қоршаған ортамен,өз ортасымен байланысы басты назарда ұсталынады. Ал біздің елімізде баланың дағдылары есепке алынбайды, білім деңгейі сараланады. Екі елде де үй тапсырмалары оқушы өз білімін сараалау үшін беріледі.Тапсырма деңгейі ауқымды болмайды, біздің балаларымыздың үйге келгеннен кейін де орындалатын тапсырмалары жетерлік.

Оқыту үдерісіне мұғалімнің кәсіби біліктілігі басты орында болуы тиіс деп ойлаймын.

Бардердің пікірі негізінде , мектеп әкімшілігі мен білім беру жүйесі басқару органдарының мұғалімдерді тиісті ресурстармен қамтамасыз ету қызметінен гөрі, оқушыларды тәрбиелеу, дамытуға бағытталған мұғалімнің сыныптағы күнделікті жұмысы оқыту үдерісі мен оқушылардың оқу нәтижелеріне оң ықпал ететіндігін көз жеткізе отырып, «мұғалім- мектептегі басты тұлға» екендігін айтқым келеді.

ЭЫДҰ жасаған мұғалімдердің құзіреттерді анықтау және іріктеу жобасы дағдыларының барынша кең ауқымды қамтитын ХХІ ғасыр дағдыларының моделінде көрсетілгендей ,заман талабына сай көптеген оқу стратегиялары мен түрлі педагогикалық әдістердің қалай және қай жағдайда қолдану қажеттігі туралы білім әрбір мұғалім бойында қалыптасуы керек деп ойлаймын. Білімнің сандық көрсеткіші емес, сапалық көрсеткішіне негізделген мақсатта оқытуымыз қажет. Менің ойымша, бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сыңдарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір мұғалімнің ойлануына, ел болашағына тың идеялармен, жаңа жүйемен жұмыс жасауына негіз болуы тиіс.Сондықтан сапалы көрсеткіштерге жету білім беру жүйесіндегі ұстаздардың кәсіби біліктіліктері жаңа бағдарламамен арттырылуда.Мен біліктілік арттырудың жаңа бағдарламасының ерекшелігін оқу барысында мектепті жан-жақты дамыту күрделі мәселе екенін ұқтым. Алайда жоспарлы,тиімді әдіс-тәсілдерді қолдансақ, мектепке өзгеріс әкелеміз деп ойлаймын.

Әлемдік білім жүйесінің ерекшеліктерін зерделей келе, түйгенім: оқыту үдерістерінде оқушылардың жан- жақты құзіреттілігін дамыту ; баланың кез-келген ортаға бейімделу ерекшелігін ескеру; тұлғаның психологиялық жағдайларын ескеру; дарынды және талантты оқушыларды анықтау және дамыту маңыздылығын байқағандаймын.

Ал менің мектебіме қандай өзгерістер керек? Мектептерімізде көбінесе оқушыларды топқа бөлу және топтық тапсырма орындатумен ғана шектеледі, міндеттерді және рөлдерді бөлу іске аспайды. Салдарынан көбінесе оқу үлгерімі жақсы оқушылар басым түсіп, оқу нәтижелеріне ие болады, ал үлгерімі орташа, әсіресе үлгерімі төмен оқушылар оқу үрдісінен тыс қалып қояды. Олар тек немқұрайлы сырттай бақылаушы болып қала береді. Ал курс бағдарламасынан білетініміздей, топтық жұмыста рөлдерді, міндеттерді бөлу арқылы мықты оқушылардың үлгермейтін оқушыларға көмегі ұйымдастырылады, оқуға немқұрайлы қараған оқушылардың өзі топтық жұмыс жүйесінде әлеуметтік білім алушы (яғни топта түрлі рөлдерді, кішігірім тапсырмаларды басқалармен орындау арқылы) ретінде білімді игереді. Өз мектебімді дамыту үшін менің алдымда қандай жұмыстар тұр? Мектеп мұғалімдердерімен бірлескен жұмыстар жүргізіп мектепті дамытуға байланысты жұмыстар жүргізсем деп ойлаймын.Ол үшін мақсатымды айқындап, жоспар құруым керек.Мен өз мектебіме өзгеріс енгізу үшін мынадай мақсаттар қойдым:

Оқыту барысында түйінді мәселелерді қарастыру;

Мектепті дамыту жоспарына өзіндік үлесімді қосу;

Мұғалімдердің кәсіби-әдістемелік жұмыстарын жетілдіру;

Мектептер арасындағы желілік ынтымақтастық жұмыстарын жетілдіру, өзара тәжірибе алмасу;

Жүргізілген жұмыстарға аудиттік талдау жасау, сараптама жүргізу.

Менің ойымша, көшбасшы мұғалім өз мектебінің проблемасын көре алатын және шеше алатын жолдарды қарастыратын, ұстанымы мықты, өзіндік көзқарасы бар,шешім қабылдай білетін ,іс-әрекетті зерттей алатындай болуы керек.Осындай қасиеттерді бойыма жиып, өз елімнің байлығына-ұрпағына жол сілтейтіндей жұмыстарға өз үлесімді қоссам деймін .

Пайдаланылған әдебиеттер :

1.Мұғалімге арналған нұсқаулық.І деңгей .2-басылым.

2.А.Құсайынов. Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы. Алматы



қаласы. 2013 ж

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет