Арман да, арман, шын арман



бет1/8
Дата05.11.2016
өлшемі4,7 Mb.
#456
  1   2   3   4   5   6   7   8
Кәрібай Таңатарұлы


АРМАН ДА, АРМАН, ШЫН АРМАН

Дастандар, айтыстар, өлең-толғаулар

ЕЛ-ШЕЖІРЕ.

Алматы. 2008

Суретті сызған Бейсен Дастанұлы мен Ғалым Қалибекұлы.



Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат Министрлігі бағдарламасы бойынша шығарылды
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының сирек қолжазбалар мен кітаптар бөлімінде дайындалып, университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген.

Жалпы редакциясын басқарған филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Қ. Жұртбай

Жауапты редакторы: филология ғылымдарының докторы, профессор Қ. Қ. Алпысбаев

Пікір жазғандар: ф.ғ.к. И. Нұрахмет

ф.ғ.к. Арыққара Е.
Ақын мұрасын жинап, қолжазбаларды «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығына тапсырған, өмірбаянын жазған Асқар Игенұлы.

Араб қарпінен клиллицаға түсіріп, алғы сөзін жазып, баспаға дайындаған филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Қ.Алпысбаев.



Алғысөз
Жиырмасыншы ғасыр қазақ халқының сан жылдар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізуімен бірге, отарлық зардабын ең көп тартқан ғасыр болғаны да аян. Әсіресе алғашқы қырық жылдың аясы қазақ үшін ояну мен торығуы қатар көрінген, өз жерінде отырып қырылу мен қым-қиғаш жол тартып, жан-жаққа шашырап кетудің жойқын кезеңі болғаны да шындық. Ғасыр басындағы әрбір бес-он жыл сайын империя тарапынан болып жатқан түрлі реформалар мен науқандық жазалау шаралары өз жерінде отырып «бұратана» атанған қазақ халықы үшін шарықтау шегіне жетті.

Столыпин реформасы, 1916 жылғы мауысым жарлығы қазақ халқының патшаға деген сенімін әбден жойған, қарапайым жұртты шексіз күйзеліске ұшыратқан жазалау саясаты болғаны белгілі. Мұның арты қазан төңкерісіне ұласып «еңбекші, бұқара халық мемлекеті» орнағанымен де, қазақ сияқты отар ел үшін бұл жаңа құрлымның аңсап күткен жақсылығынан гөрі, ұлт тағдырын тәлкек қылған жаманшылығы басым боп шыққаны мәлім. Бір халықты бай мен кедей деген екі жікке бөліп, баланы әкеге, ініні ағаға, әйелді күйеуге қарсы қойып, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмысымызға сәйкес келмейтін іс-әрекет етіп қана қоймай, одан әрі қолдан ашаршылық жасап, тұтас ұлттың жойылуына әкеп соқтыра жаздады. Ол-ол ма, ұлт көсемдері мен зиялы қауымның көрнекті өкілдері қуғындалды.

Әу бастан ұлтжандылығын ерекше көрсеткен тұлғалар ғана емес, бірден төңкерісті жақтап, кеңес үкіметінің орнауына қан төге араласқан, жанын сала қызмет атқарған азаматтар да «ұлтшыл», «шпион» деген айдармен тұтқындалып НКВД түрмесінің азапты күндерін бастан кешті, ақыры көздері жойылды. Халық басына ауыр кезең туып, «балапан басына, тұрымтай тұсына» деген заманы орнады. 1930 жылдардағы «нәубат» кесірінен ешбір заманда болмаған деңгейде қырғынға ұшырап, қазақ халқы өз жерінде үш есе азайып кетті. Шекараға жақын аймақтағылар тағы да үдере көшіп шетелге кете бастады. Алайда қызыл империя оларды оп-оңай жібере салмады. Қарулы әскер бейбіт халықты шекарадан асырмай қырып салды. Көзге түспеген, шекарадан өтіп үлгергендер ғана аман қалды.

Халық басына түскен зобалаңның зардабы әлі күнге жойылып біткен жоқ. Сол қырылған, шетел асқандардың ішінде қаншама таланттар, рухани байлық жасаушы тұлғалар кеткенін өкінішпен ғана еске аламыз. Сол бір зобалаңда шекарада опат болып, сүйегі көмусіз қалған, артында қалған мұрасы туған елімен енді ғана қауышайын деп отырған өлең тудырудың өрен жүйріктерінің бірі деуге болатын тұлға - Кәрібай Таңатарұлы.

Тәуелсіздік туы желбірегеннен бері жоғымызды жоқтап, жоғалтқанымызды тауып, өлгенімізді тірілткендей, өшкенімізді қайта жаққандай болған кезімізге тәубе дей отырып, ұрпақ парызы ретінде орындалып жатқан бір ісіміз осы Кәрібай Таңатарұлының бізге жеткен мұрасын ел игілігіне ұсыну деп білеміз.

Ақын мұрасының арап әліпбиіндегі нұсқасын және оның өмірбаянын жазып Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми зерттеу орталығына тапсырған Асқар Игенұлы.

Суреттің қысқаша сызылу тарихына қатысты мұраны жинақтаушы Асқар Игенұлының дерегіне сүйенсек, Кәрібай ақынның екінші ұлы Секебай: “Әкеме мен сойып қаптағандай ұқсаушы едім” – деп отырады екен. 1997 жылы ақпан айында құрастырушы Ақсуат ауданында тұратын Секебайұлы Жұмақыннан әкесі Секебайдың 1956-1957 жылдары түскен 16 формат мөлшеріндегі фотосуретін алып, соның негізінде суретші Бейсен Дастанұлына ақын бейнесін салдырады.. Ақынды көрген кісілердің: “Ат жақты, ұзын бойлы, мұртын ширата қойып, қазақы тақия киетін, ретті киінетін сал-сері адам еді” – деген бөгенайын ескеріп, оны Ғалым Қалибекұлына өңдетіпті. Секебай Кәрібайұлы 1964 жылы 63 жасында Ақсуатта дүние салыпты.

Ақын шығармаларын ғылыми айналымға түсіру, әлі де толықтыра түсу болашақтың ісі.


Қ.Қ.Алпысбаев,

филология ғылымдарының докторы, профессор.



КӘРІБАЙ ТАҢАТАРҰЛЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ
Түстігінде Еміл, терістігінде Ертіс сынды ерке сылқым екі өзені бар қарт Тарбағатайдың қоян жон жотасы, қыртысты қырқасы, құйқалы қойнауы өткен сол бір тарлан тарихтың ащсы мен тұщысына куә алтын бесік ел іші – не бір ғажайып аңыз бен жырға, бүкпесіз сырға толы. Оның арғы тарихында елім деп еңіреген елдің жан алғыш жаумен болған айтулы «Шорға соғысы», «Қалба қақтығысы», «Еміл жеңісі» секілді сұрапыл соғыстарда ту ұстап, тұлпар мініп қол бастаған Қаракерей Қабанбай мен Дәулетбай батыры өтсе, бергі тарихында әйгілі шешен Ақтайлақ би, хан Сүлеймен, Тана мырза, аға сұлтан Бұтабай, күйші Қайрақбай және ел арысы – Демежан өтті. Жауға аттанса жасағына жалынды жырмен рухани медет беретін жыраулары мен ақындары Ақтанберді, Сұртай, Жанұзақ ақынның жалғасындай Кәрібай ақын өтті. Тағдырдың рақымсыздығы сол – сахараның ерке саңлақ арқалы ақыны Кәрібай Тарбағатайдың жотасында оққа ұшты.

1931 жыл - бергі замандағы қазақ халқының тарихындағы ғұмыр-бақи естен кетпес бір жыл болды. Бейкүнә халық өз ортасының серкесі болған нелер саңлақ, көкірегі ояу перзенттерінен айырылып, ашаршылық пен қанды қырғынның қыспағына шыдамай, өніп-өскен, құтты мекен, бақ қонып, ырыс ұялаған қонысын артқа тастап, үш ғасырға жуық бұрын келіп ірге көмген қандастарына қара тартып, босқан ел талшық етуге ас таппай, аш-жалаңаш, азып-тозды, күйзелді-күңіренді. Өрімдей ұл-қыздарының тым құрыса тірі қалуы үшін болса да оларды қарақат көзін жаудыратып, мұндағы тұрғылықты қазақ, дүңген, дағұр (солаң) ханзу қатарлы ұлт адамдарына бір астау бидай, болмаса бір шелек тарыға айырбастап кете барған-ды.

Көз жасы қан боп тамған сол күндер келмеске кетті, уақыт ескіріп, ұрпақ жаңаланды. Өткен істер ұмыт боп, өкісігі басылғанымен де Кәрібайдай аяулы арысы оққа ұшқан сол бір қазалы күн әлі де ел есінде.

І.
1931 жылдың мамыр айы. Ақсуат жеріндегі Қарғыба, Базар, Боғас, Нарын өңіріндегі тұтас елдің басына бақытсыздық бұлты үйірілген. «Кіші октябрь» идеясын жүргізем деп елеуреген Голощекин еркіндікті бәрінен жоғары қоятын осы бір жауынгер халықты мықтап тұралатып, мүлде бастықтырып алуды көздеген. Ол қарапайым бұқараның да мал-мүлкін кәнпескелеп, алман-салық қысымын жасап, салық төлей алмағандарды қамауға алды. Көзіқарақты оқыған зиялыларды «Алашордашылар», «ұлтшылдар», «байшылдар» деген үрейлі атпен қамауға алып, атамын дегендерін атып, бір бөлімін жер аударып, елдің берекесін кетіреді. Бейшара халықтың қорасынан малын, қабынан дәнін қидай сыпырып, ашаршылық апатын қолдан жасап береді. Сөйтіп, әміршіл тәртіптің жазалау жүйесін пайдаланған Голощекиндік зұлматта 2 миллион 300 мың қазақ жұрты ашаршылықтан қырылды. Тоғыз жүз мың қазақ Ресей, Орта Азия, Монғолия, Ауғанстан, Иран және Қытайға ауа көшті. Бұл бір ауыр күн ұланғайыр кең өлкенің түкпір-түкпіріндегі қазақ жұртының «түтін санын түгендеді». Осының салдарынан халық мүшкіл хал кешті. Бұл кезеңді Кәрібай ақын:

Мың тоғыз жүз отыз бір болды бір сын,

Күйзеліс болды қатты халыққа тым.

Ерлерге ел таныған қатер төніп,

Ықтайтын керек болды қоянға жым, -

деп тұжырымдайды. Онан әрі терең үңілген ақын:

Ащылы, Ақсуат пен Жаңа тоған,

Былықты күннен-күнге біздің қоғам.

Алдымен қойды жиып, сиырды алды,

Күн санап халық күйі қиындады...

Бітірді астығыңды салық салып,

Күн сайын тексеріліп - анықталып...

Немесе:


Теп-тегіс күңіренді бай мен жарлы,

Сыпырды жұрдай қылып қолда барды.

Жан сақтап өмір сүру қиын болды,

Бастары төлей алмай шығындарды,–

деп халықты тұншықтырған қара түнек жағдайды, аш бөрідей малға шапқан рақымсыз жауыздықты ашынған ақын:

Сыпырып қазір орыс алып жатыр,

Халықтың көбі менен азғанасын, – дейді.

Сөйтіп, ол еңбекпен жиған адал мал мен тыраштанып тапқан қазынасының келімсектерге тегін олжа болғанына халық атынан осылайша өкініш білдіреді. «Көне заманды көксейді» делінген Кәрібай ақын бас сауғалап Еміл жағасындағы нағашысы Шотай руындағы Есбай зәңгінің ауылына жиырма шақты үй шығысты бетке алып үдере көшеді. Олар бір тәулік жүріп, Нарын өзенінее жеткенде екі тәулік бойы нөсер жауып, Нұртазаның қыстауын паналайды. Нөсер тоқтамайды. Көліктің күйіне бола қозыкөш жер жылжып барып, Көлеңкелі деген жерге дамылдайды. Тасаттық беріп, тілеу тілеп аттанбақшы болады. Кәрібай ақын өлеңдетіп ел-жұртымен қоштасады, Елшібай домбырашы бебеулетіп күй тартады. Сөйтіп отырғанда Қараайрықтағы Керейбай деген бастаған мұздай құрсанған шегарашы орыс солдаттары олардың үстінен түсіп, тұс-тұсынан қоршауға алады. Жол бастаушы Құнанбай қызыл көк аттың күшімен бораған оқтың ішінен әйтеуір аман құтылып кетеді. «Бандының атаманы Кәрібайды» табанда атып тастайды.

Өзінің келте ғұмырында талай майданда топ жарып, алты арысқа атағы жетіп, «Сөз атасы – Майқы би» сынды шежірелік дастанды, «Қаракерей Қабанбай», «Қанжығалы Бөгенбай», «Мұрын және Байжігіт» сынды тарихи дастанды жазып, бүгінгі ұрпаққа өлмейтін енші қалдырып кеткен дарабоз ақын жат қолынан жан беріп, мәңгіге көз жұмады. Араға екі-үш ай салып ғұлама ақын Шәкәрім қажы да дәл осылай өз мекені Шыңғыста қаза тапты.

Осы оқиғаның ішінде болған 97 жастағы дөрбілжіндік Қалиұлы Қапас қария сол күнгі қан майданды есіне алып, көзі көрген жәйтті: - Еркектерді бір бөлек, әйелдерді бір бөлек тұрғызып тергеуге алған солдаттар: «Иә, бастарың ауырған соң қытайдың 88 шәйін ішкелі барасыңдар-ау» - деп зілді үнмен бізді кекетіп қояды. Сонда үрей билеген кемпір-кешектер жағы: «Қарақтарым-ай, жаза бастық, қателестік қой» – деп кемсеңдеп, көз жастарын сығымдап, шылауыштарымен сүртеді. Түгелімен қырып тастай ма деп адамдарда зәре қалмады. Шыбынның ұшқаны естілетін тыныштық орнады.

Ақыры шағын ауылды шып-шырғасын шығармай алдына сап «давайлаған» олар, Кәрібай ақынның мүрдесін қанын сырғалатып, ақынның үлкен ұлы Құнапияның алдына өңгертіп берді. Жиырма шақырым шамасы кері қайтқан соң қараңғы түсіп, ел жүк түсіріп тынықты. Ертесі сүйекті түйеге артып, көш Қарғыба өзеніне жеткенде, соқа мен жер жыртып жатқан салықшылардың алдына әкеп: «Мына бандының көзін жоғалтыңдар» - деп түйе үстінен Кәрібайдың сүйегін лақтырып тастады. Солдаттар жанашыр жақын мен ұл қыздарына да топырақ сап, әкесінің бетін жасыруға рұқсат етпеді. Көшті аудан орталығына әкеп, елді бір айдан астам уақыт қамақта ұстады. Кейін білдік, Шаянбаева Мәрзия қатарлы екі-үш әйел жасырын қабір қазып, «шаһит» деп Кәрібай ақынды киімімен жерлепті. Ал, Құнапия, Секебайларды Көктерекке (Көкпекті) алдырып сұраққа тартып, бастарына темірден қырсау сап ауыр жазамен қинапты – деп әңгімелейді.

Ақынды көре қалған некен-саяқ қарияларымыздың есінде қалуынша, Кәрібай ақын аса бойшаң, кесек денелі, ат жақты, қыр мұрынды кісі екен. Оның ширата қойған мұрты мен шоқша сақалы өр тұлғасына нәзіктік беріп, от шашқан жанарына қараторы өңі құп жарасқан көрікт жан болыпты.

Ел ішінде Кәрібайды Усаның ұлы Әнжан есімді большевик атыпты деген ұғым қалыптасқан. Ал оның шығу себебі былай болған: Әнжан қасына әскер алып Кәрібайдың ауылын қуа шығады. Ондағы ойы Кәрібайды екінші бір елге өткізбей алып қайтып, Көктерек маңына қоныстандырмақшы болыпты. Өкінішке орай, жетіп үлгергенде ақынның қанға малшынып жатқан қазасының үстіне түседі. Кәрібайды атып тастағандарына налып кейістік білдіреді. Оған орыс солдаттары: «Бұл бандыларды аяған сендер де банды» - деп шармаяқтасып, құрал көтеріскенде Керейбай (шегара жасағы басшысының көмекшісі) басу айтып, екі жақтты тоқтатады. Көп өтпей сол Әнжанға да қудалау түсіп, түрмеге жабылады. Ақырында екі көзден айырылып, қорлықпен дүниеден ол да көшеді. Кәрібай оққа ұшқан сол майданда бірге келе жатқан Тоқабай руының 17-18 жастағы Байқуаныш деген жігіті өзі көрген майдан оқиғасын Бейсенғали Садықанұлына қаз-қалпында әңгімелеп берген. Ол-дағы Әнжаның атпағандығын растаған. Ақынның атылардан екі күн бұрын көрген түсін жаманға жорып: «Менің дәм-тұзым таусылды» – деп артына аманатқа қалдырған:

«Мен келдім Тарбағатай тағы асқалы,

Жоныңа демімді алып таң асқалы.

Құрылды ауаға тор, жерге қақпан,

Құтылар ер жігіттің бағы асқаны» –

деп басталатын сондағы ұзақ қоштасу өлеңі дәлел. Бұл өлеңдіақынның өзі жиырманың ішіндегі Сайлаубай Тұрлыбекұлының ұлтарағының астына сап беріпті. Бұл ақынның ақтық демі таусылар алдындағы өсиеті бізге тастап кеткен өсиеті.

Тосқауыл кезінде Кәрібайдың «Майқы дастанын» жазуына тарихи негіз қалаған «Рисала-и-тауарих» сияқты сирек кітаптар мен оның қолжазбалары өзенге ағызылып жіберіліпті. Оның мәнісі былай. Қысымға төзе алмаған қыруар қазақ ауылдары түп қотарыла Тарбағатайды аспақшы боп Нарын өзеніне жетеді. Ол теріскейдің қары бұзылып, оның үстіне нөсер жауып, өзен өркештене тасып жатқан кез екен. Ақсуаттан өкшелей қуған солдаттар сыбан Асан бастаған жүз шақты жігіт пен Құттықадам Жәкудаларды екі жақтан қыспаққа алып, оқ жаудырады. Тоқабай Сағынай мерген бастаған қолында жүз шақты мылтығы бар жай халықтың, әрине, қарулы жауға төтеп беруі қиынға соғады. Өмір мен өлім арпалысында қалған бейкүна ел «тәуекел» деп өзеннен өте шықпақшы болады да суға лап қояды. Ат көлігі жілікті, су ішерлігі барлар ғана өзеннен аманесен арғы бетке шығады, ал ат көлігі әлсіз бір қауым ел солдаттардың ат үстіне құрған пулеметінің оғының астында қалып қырылады. Бала-шаға, мен кәрі мен жастың қызыл қаны өзен бетін бояйды. Үріккен елдің жүк артқан қалың түйелері де су бетіне аққан сеңдей аунап барып көзден ғайып болады. Осы аласапыран ішінде екі сақтияан қоржын кітабын бөктерген 83 жастағы әйгілі шежіреші Маусымбай қария да қоржындағы кітаптарын Нарын өзеніне тастайды. Ең аяулысынан айырылғанына кеңсірігі удай ашып, көкірегі қарс айырылған дана қарт еңіреген күйі ақбоз аттың жалына жармасып жүріп, аман-есен арғы жағаға шығады. Қарияларымыздың айтуында сол жолғы табиғат пен жауыздар қолынан істелген «қос апат» бір мыңға жуық адамның тіршілігін жалмаған. Қоржынымен суға кеткен сол қомақты қазына арап-парсы, түркі тілдеріндегі ертедегі аса құнды тарихи кітаптар көрінеді. Оның ішінде 8-9 ғасырларда жасаған арап тарихшысы Ибни Ғаббастың «Рисала-и-тауариғы» және Ұлықпан Кәкімнен мирас қалған делінетін «Рисала-и, шипа-и, баянның» мәлім бөлігі мен Әбу Ғұрайданың «Рисала-и-сәуле» (яғни «Мұсакаләми алла-3-ықылым заманауи дәуір») атты шығармалары болған делінеді.

Шегарадан өткен елдің де шекесі қызбайды. «Тұрымтай тұсына, балапан басына» кеткен заман туады. Тарыдай шашылады. Кәрібай ақынның «Майқы дастанын» ақынның өз қолжазбасынан көшіріп алып, бізге жеткізген Жанұзақ байдың мырзасы Құсайын шегара аттаған соң ат-тонын қарақшыға алдырып, ақыры Дөрбілжін деген жерге келіп, қайыр тілеген аш-арықтың бірі болады. Қазіргі Күрті деген ауылдағы бір дүңгенге 8 жасар қызының жанарын жаудыратып екі шелек күрішке береді. Сонда босқын боп келіп, күн көрісі үшін біреудің етегінен ұстаған көне танысы – Смағұлдың әйелі Қамилаға: «Әттең, Қамила-ай, осы біршелек күріш маған өмірлік азық болады деймісің? Әйтеуір баланың жаны аман қала ма осы деп тұрмын ғой» бізді кекетіп – депті өзегі өртенген байқұс бауыр еті баласын жат біреуге қалдырып. Өзі отыздан аса аш тобырды ертіп Шоқат деген шилі жазықта отырған он сұмын қара қалмақтың үкірдайы Маданның ауылына жұмыс іздеп барады. Мадан үкірдай: «Орыс елі ауылымның сиқын бұзады. Қазақ ішіне қарай Толының Керей, Уағына апарып тастаңдар» - деп бұларды қабылдамайды. Сорлы біреу екі жасар ұлын: «Бір табақ құртқа алшы» деп аяғын құшқанына да міз бақпайды. «Бүлінгеннен бүлдіргі алмайсың» - деп баланы да алдырмай, олардың тобын жаздырмаған беті Теңселбай секілді жалшының алдына сап беріп, Бетбақ далаға қуып тастайды. Көп ұзамай-ақ қара тұяғынан хал кетіп, аштықтан жүре алмай жусап қалады. Жатқан жерлерінде қырылып қалған екен дейді. Әйтеуір, Теңселбай мұсылмандық парызын өтеп, бәрін бір шұңқырға үйіп, өліктердің беттерін жасырған болады. Сол Теңселбайдың қызы 79 жастағы Бижамал (Бишан) анамыз қазір де көзі тірі, Дөрбілжіннің Еміл мал фермасында тұрады.

ІІ.
Кәрібай 1872 жылы Қазақстанның Семей облысының қазіргі Ақсуат ауданының Қарғыба өзені бойындағы өзінің ата қонысы – Кішкене тауда дүниеге келеді. Найманның Қаракерейінің ішіндегі Мұрынның Сары деген табынан шыққан. Ол бір әкеден жалғыз. Әкесі Таңатар барымта-қарымтаның кезінде жортуылшылардың қолынан өлген. Сол түнгі жылқы күзетінде 5-6 жастағы кішкентай Кәрібай да әкесінің қасында болыпты. Түн жастанып жылқыға келген ұрылар Таңатарды тұрмастай ғып соққыға жыққан соң сәби баланы бірге алып кетеді. Межелі бір жерге жетіп, аттарының белін алдырып, өздері тамақтанып жатқанда бойында иманы бар ұрының біреуі өз атаманының атын атап: «Ей, Кәрібай, әкесін ғой өлтірдің, енді мына баласын тірі қалдырып кет» - дейді абайсыздан. Серігінің бұл сөзіне жол берген ол баланы сол жерге қалдырып кетуге көнеді де өз жөндеріне тартады. Иенде шырқырап жылап қалған су ішерлігі бар сәбиді ауылы таяу біреу тауып алып, сұрастырып жүріп оны еліне табыс етеді. Бірақ та, қасындағы серігі жағынан аталған өзінің қанішер атаманы Кәрібайдың аты сол минуттан бастап бала Кәрібайдың мәңгі құлағында қалып қояды. Кәрібайдың ер жетіп 16-17 жастарға келген шағы дейді. Талдықорғанда ұры-қарылар мен барымташыларды тезге салатын сиез болып, сот ашылады. Оған бір түрлі үмітпен Кәрібай да барады. Ұрылардың үкімі жарияланып аты-жөні аталғанда: ұры Кәрібайдың жағасына жармасқан кіші Кәрібай өзінің дәлелдері арқылы билер мен соттарға арызданып, қандықолды Кәрібайдың әкесін сойылға жығып, жазым еткенін мойындатып, әкесіне бір тоғыз құн төлетіп алып қайтады. Әкеден жастай жетім қалған Кәрібай кейінгі кезде әкесі Таңатармен бірге туысқан Қайранның ұлы Байжұман байдың тәрбиесінде өсіп, ат жалын тартып азамат болған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін «Ерекше кулак» деп пәле жабылған Байжұманның мал-мүлкі конфискеленген. Оның шалығы Кәрібайды да шарпиды, «көнешіл», «байдың атаманы» деген айдар тағылып, қоныс таптырмайды. Оның соңы Кәрібайдың қазасына жалғасады.

Кәрібай ақынның өз кіндігінен үш ұл, үш қызы болыпты. Үлкен ұлы Құнапия Дөрбілжін қалашығының Тасырқай мешітінде мәзім боп тұрып, 1961 жылы 66 жасында қайтыс болған. Екінші ұлы Секебай 1955 жылы Қазақстанның Ақсуат ауданына қайта оралып, 1964 жылы 63 жасында сонда дүние салған. Оның ұрпақтары Жұмақан қазір Ақсуат ауданының орталығында тұрады, зейнеткер. Атасының жолын қуған немерелерінің бірі – Гүлсімхан Жайсаң қаласының Қаратал ауылында. Үшінші ұлы Қыдырғали 28 жасында ертерек дүние салған. Қыздарынан Қазима және Бижамал мен Нұрбәтіш (абыстайлық жолды ұстанған адам) 80 жылдар ішінде қайтыс болған. Бұлардың ұрпақтары Дөрбілжін ауданының Маралсу, Үш қарасу ауылдарын мекендейді.

Ал, Кәрібайдың ақындық жолына түсуі хақында ақынның ұлдары Құнапия мен Секебайдың қалдырған деректері мынадай. Кәрібай 13 жасқа шыққан мүшел жылы маусым айында «Дәулетбай тоғымында» уысты құлақ егін суарып жүріп шаршап-шалдыққан ол, жамбастап жатып ұйықтап қалыпты. Ұйықтап жатып түс көріпті. Түсінде бір алып қарақұс Кәрібайды қанатына қысып алып ары-бері алып ұшады да жерге тастайды. Сонда бір қария Кәрібайдың қасына келіп: «Балам, оқу аласың ба, домбыра аласың ба?» - депті. Кәрібай: «Домбыра алайын, ата!» - дейді. Сөйткен Кәрібай сол жатысында тұп-тура екі тәулік далада жатып қалады. Іздеушілер оны тауып алғанда ол мүлде тіл-ауызсыз қалған. Үйіне келген соң молдаға қаратып, дем салғызып, ұшықтатады. Молда Кәрібайдың туыс-туғандарына: «Абыржымаңдар, бұл балаға ие қонған, басына бақ қонады екен» - дейді. Әйтеуір Кәрібай да есін жинайды. Сонан бастап тұтас ауыл боп Кәрібайды «ие қонған киелі бала» деп, бетіне қақпай өсіреді. Айтып-айтпай Кәрібай да өлең-жырға әуес боп, ақын бала атанады. Кәрібайға ақынның өнері құдіреттің әмірімен осылай дарыпты делінеді. Жеңгесі Жанапияның: «Қайным, аяғың ойылып қалған ба?» дегенде айтқан:

Келемін қозы бағып өрістетіп,

Бойына Сарыбұлақтың еңістетіп.

Қажалып екі аяғым жүре алмадым,

Бір етік тіктіріп бер келісті етіп, -

деген осы бір шумақ өлеңнен-ақ оның тым жас кезінен өлең-жырға әуес, балауыз шамдай жылтыраған тума талантты болғанын көреміз.

Алайда, ол медресе есігін ашып қазіреттен оқымаса да өз бетінше жүре хат танып, өжет боп ержетеді. Он жеті жасынан бастап төңірегіне танылған, ел көзіне түскен ақын боп толысады. Ол жасаған ортада не бір ділмәр, тақуа, шешен шежіре, ғұлама ғалымдарөмір сұрген. Соның бірі өзімен рулас ұстазы – Маусымбай шежіреші Кәрібайды жас күнінен ақындыққа жебеп, ата-тек шежіресін ұқтырып, өткен-кеткен тарлан тарих қамбасының терең қатпарынан сыр ақтарып, жас ақынды білім кәусарына сусындатқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, арап, парсы тілдеріне қанық ұстаздан тәлім алған Кәрібай шығыстың ертеден-ақ ықпалы күшті атақты ақын-жазушылары – Науаи, Фердауси, Низами, Сағди және Қожа Хафиз қатарлы әдебиет жұлдыздарының еңбегімен молынан танысқан. Алайда, ол өз өлеңдерін, өлең шежірелерін тұнық ана тілінде жазатын. Тіл шұбарламайтын жүйрік ақын боп жетіскен. Әсіресе оны Алашқа танытқан 1916 жылы тамызда Көктұмада өткен Қаракерей түселіндегі (Көктұма сиязы) әйгілі ақын Әсетпен айтысы деп сенімді түрде айтуға әбден болады. Сол түселге қатынасуға барған Ақсуат елінің болыс-билері: қазақ жүрген жер ән-жырсыз, дырдусыз, қағысусыз болмас, сәті түссе қажетке бір жарар - деп Кәрібайды үкілеп қолға ұстап бірге ала барады. Сол жолы Кәрібай Қабанбайдың төртінші ұрпағы әйгілі төбе би Сүлейменнің алдында өлең айтып, дүйім көпті аузына қаратады. Қабекеңнің түр-тұлғасы, ересен ерлігі, жүрек жұтқан батырлығы Сүкеңнің аузынан әңгіме боп шертіліп, Кәрібай көмейінен жыр болып сорғалайды. Сондағы айтылған өлең-жырлар ауыздан-ауызға көшіп, біреуден-біреу ұқты және сауатты, сауатсыз жазбалар арқылы бұл күнге жетті. Кәрібай ақынның бұл еңбегі – кейінгі күнде Қабанбай тақырыбына қалам тартқан зерттеушілер мен жазушылардың ойына арқау, қаламына қарпым, жігеріне шабыт бітірді. Тарихтың бастау көзіндей тұнып, Қабанбай мұрасына қосылған асылдың бір түйір сынығындай жарқырап бүгінгі тарихқа жетті.

Сол түсел майданда жас ақын әншілігімен ғана емес, айтыскер ақындық өнерімен де айрықша ел көзіне түседі. Ол Әсеттей ақ найзалы сөз зергерімен айтысып, өзін қазақтың айтыскерлері ішінде сирек кездесетін талантты төкпе ақын екенін көрсете алды. Екі арыстың бапталған екі жүйрігі «әркімнің өз шыққан төбесі биік» деп айтыс мазмұнын рулық мақтаныш шеңбері төңірегінде өрбітеді, өз кезегінде бірін-бірі шымбайына батыра жездей қақтап, жер-жебіріне жеткізе, жеміре айтады. Олар айтыс үстінде екі арыста өткен өнерпаздарын, Қыдыр дарып, құт қонып, қазанына қақ тұрған лықсыған байлары мен ел серкесі билерін, үлгі шашқан орақ тілді, от ауыз данышпандары мен даналарын өз ұлысының мақтанышы етеді. Әрі екеуінің феодалдық қазақ қоғамындағы ел тіршілігі оның елдігі сөз боп қалмастан рулық шежірелер жағында да мол сауатқа ие екені аңғарылады. Ол заманның қай бір айтысы болсын бәрінде де ру жөні қағыс қалмаған. «Жеті атасын білген құл жеті жұрттың қамын жер» деген бір тектілік қағиданы қатты тұтынғандықтан болар жеті атасын білуді жетелілік деп таныған. Тап берме айтыста осылайша құлаш сермеу сол дәуірдің шанағына сыйып, салтына үйлесіп, адамдар психикасына үйлестік тапқан. Сондықтан да аруақты ата-бабаларының аруағын ауызға алу, ұран қып шақыру – сайыскерлер үшін бір ғажайып – тылсым күш бағыштаса керек. Әркім өзін Оралтаудың бұғысы санайтыны сөзсіз.

Кәрібаймен айтысқан Әсет бір сөздің кезегінде бірнеше көйлек бұрын тоздырған тісқақты ақын екенін аңғартып:

Кім жетер ән-жырымның орамына,

Ұлытау бір келтірер боранына.

Мен сені ермек үшін айналдырдым,

Шын шапсам жете алмассың бараныма, -

деп, бойына тоғытпайды. Сонда Кәрібай:

Құданың құдіретіне таң қалғандай,

Ертеде ғазірейіл жанды алғандай.

Қырымның қызыл желін мен де жидым,

Сен түгіл тамам арғын сандалғандай.

Үрме жел үш Назардың жүйрігі едім,

Көрген жан дүбірімді аңғарғандай, –

деп жауап қайырады. Айтыс барған сайын ширығып қызба табан күйге өтеді. Сонда дауылпаз Әсет:

Найманның тіл былғаман делбесіне,

Көрген жоқ қазақ шыдап сермесіме.

Алдында ақ патшаның ән салғамын,

Сүйсінген жеті болыс ел кеңесіме.

Қайраулы Қарқабаттың қанжарымын,

Жүрмісің көзің жетіп өлмесіңе.

Арғында асыл текті адамым көп,

Мен кепіл қолдан намыс бермесіме, –

дегенде үстінде сөз тауып үлгірген Кәрібай:

Арғынның тіл былғаман шатасына,

Үй тентек қазан бұзар от басында.

Жасыңда жарты мата көйлек киіп,

Жылаушы ең Белгібайдың қақпасында.

Найманда екі жүзді мен наркескен,

Тұр ма екен көзің жетіп шаппасыма?

Әсет-ау, әлі-ақ сенің көзің жетер,

Асыл кездік қын түбіне жатпасына, –

деп, еруге қару қайтарады.

Зәредей зорлану, сөз таба алмай түйткілсу жоқ, төрт аяғын тік басқан сом ұйқастар. Нағыз ақын айтысына тән қасиет бұл! Данышпан Абайдың: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы» деген сынына толатын нағыз сөз өнерін меңгерген ерлер осылар-ақ болады.

Кәрібай мен Әсет тірнек кезінен-ақ шалғысы жетілген, тұлпар боп тұяғынан от шашқан, алдына қара салмаған, шашасына шаң жұқпаған шандоз екені анық.

Әсет пен Кәрібай айтысқан бұл 1916 жыл Кәрібай 24 жаста да , Әсеттің 29 жастағы алабұртқан кезі екен.

Білетіндердің айтуынша, айтыс бір күн ішінде емес, түсел өтіп жатқан күндердің көңіл ашар әредедігінде өтіп, үш күнге созылған дейді. Айтыстың өтуі жөнінде мынадай бір әңгіме бар. Сол жолы Көктұма сиязына барған руы Мұрын ішінде Тоқабай Байғабыл мен Жұмабек деген кісілер (кейінгі күнде екеуі Толы ауданында болған) сол оқиғаларын естеріне алғанда: «Кәрібайдың дауысы онша зор емес еді, қалақша домбыра ұстайтын, өлеңді бүлкілдетіп айтып, төпелеп төккенде бір мүдірмейтін, сөзге ересен тапқыр еді» - дейтін. Олар тағы айтатын: «Сиязға Мұрын елін бастап келген сүйегі Мырзаш ішінде Қалқаман Көнекбайдың отызға кеп қалған ұлы Құсайын мырза еді. Ол ақсақалдарымен бірге сиязға қатынасқан он төреге тігілген үйге кіріп, аман-сәлем істегенде, бұрыннан келе жатқан жосын бойынша басқалар қамшысын белдеуге қыстырып, үйге алып кірмегенде, ол қамшысын сүйретіп кіреді. Мамырбек жақтырмай қасындағы адамға бұрылып: «Мынауың кім?» – деп күңк еткенде Құсайын: «Әкең Әбілпейіздің бабасымын» – дейді өр дауыспен. Демде жылы шырай көрсете қалған төре: «Жарайды, жігітім, бабамның ұрпағы екенсің» - деп төрге шығарады. Әрі Құсайынға бағасын береді. «Жігітім, ерлігің мен қызыл тіліңде айтар жоқ, бірақ сәл еңкіштеу екенсің, апыр-ау» депті.

Құсайынның «Әкең Әбілпейіздің бабасымын» деуі: Әбілпейізді Найманға төре қылам деп алып келген кісі руы Мырзаш ішінде Қалқаман атақты Боранбай би екен. Өзінің арғы жағының Боранбай бимен тамыры бір аталас болғандығын арқаланып өзін көрсету үшін жоғарыдағы сөзді айтқан екен. Оның өрең сөйлегенінен бір гәптің барын түйген Мамырбек те сезгірлік байқатып, жылты бар отты жігітке ізет-құрмет көрсеткен.

Бұл күндері айтыстың ғасырды артқа тастап бізге жеткен жеті нұсқасын жолықтыруға болады. Бірі – Бейсенғали нұсқасы. Көлемдірек бұл нұсқаны Бекең 1943 жылы Кәрібай ақынның үлкен ұлы Құнапияның жатқа айтуынан жазып алған екен. Енді бірі – Әріпжан ақынның үшінші ұлы Сапиолла 1974 жылы жатқа айтып, қағазға түсірткен шағын нұсқа. 1996 жылы Шатабай Кенжебай ұлының аузынан жазып алынған тағы бір шағын нұсқасы болды. Тарбағатай өңіріне тараған бұл үш нұсқа әлі күнге дейін тиісті басылымдарда жарық көрген жоқ. Ал Алтай өңіріне тараған және бір нұсқасын Асқар Татанайұлы 1960 жылдардың аяқ шенінде белгілі халық ақыны Болмас Төлеміс ұлынан жазып алып сақтап, оны «Мұра» журналының 1983 жылғы 3 санында бастырған. Әрі Шыңжаң «Жастар» баспасынан 1985 жылы жарық көрген «Қазақтың байырғы айтыстары» атты кітапқа енген.

Ата мұрасын ардақтайтын мұра сүйер қауымға аса бір мақтанышпен сүйіншілеп отырып, ауыз толтыра айта кететін елеулі ақындардың бірі мынадай.

1997 жылы ақпан айында жоқ іздеген салт атты жолаушыдай ақын мұрасын жинастырып, Кәкеңнің ата мекені Ақсуат ауданына (бұрынғы Семей облысына қарайтын)бардым. «Жол қуған қазынаға жолығады» дегендей көміліп жатқан асыл қазынаға жолыққан, жүргенге жөргем ілінген өмірдегі ең ұмытылмас күндерім болды. Қарғыба ауылында тұратын аудандық мешіттің көмекші имамы 67 жастағы Тортай Жағыпарұлы Кәрібай ақынмен аталас болып шықпасы бар ма! 1955 жылы наурызда еліне оралыпты. Қоштасарда Шәуешек қаласынан арнайы Дөрбілжін ауданына барып, ақынның ұлы Құнапиядан жата-жастана үш күн жатып Құнекеңнің жатқа айтуынан әкесінің «Әсетпен айтысын», «Қанжығалы Бөгенбей» дастанын, «Боқбасар би» туралы шағын толғауын және ашаршылық жайлаған аласапыран жылдардағы Мәмбет Қанағат болыстың үйінде ел ақсақалдары алдында айтқан ұзақ өлеңі мен Ши ғалдайға айтқан өлеңін жазып алыпты. «Әкемнің еңбегі түбі жерде қалмас» деп риза болған Құнекең (Құнапия) есік пен төрдей күрең атын Торғайға мінгізіп аттандырған екен. Оның қызыл империядан көңілі қалғаны сонша: «Әкемнің суша шашыраған қаны күні бүгін көз алдымда. Енді қызылды құдай көрсетпесін, қай бетіммен барам, қайран ел, қайран жер» - деп жүрегіне байланған шері жібімеген дана қария жылы орнын суытқысы келмей, сол бойы Дөрбілжінде қалып қояды.

Жуық жылдары дүние салған Ұлы Отан соғысының ардагері Мауытқан Сыдықовтың жеке архивінен алынған, «Ақсуат арайы» газетінің 1991 жылғы 21 наурыздағы санында «Кәрібай мен Әсеттің айтысының» тағы бір көлемді нұсқасы жарық көрген. Міне, бұл айтыстың ежелгі өрнегін қалпына келтіруде орасан септігін тигізді. Мұнан тыс атақты Ауған ақынның «Кәрібай мен Әсеттің айтысын» өзінше жаңғыртып жырлаған бір нұсқасы болыпты. Бірақ Ауған ақын айтыс майданында болмаған. Алайда ел аузынан айтылып жүрген жерінде ел одан «Кәрібай мен Әсеттің айтысын» айтып беруін қолқалағанда: «Кәрібай бүйтіп айтқанда Әсет бұлай депті» деп, ақындық қарпыммен өзінше жырлаған. Айтыстың бұл нұсқасы Мақаншы ауданында тұратын сақа педагог Мәулітхан Сейітханұлының қолында сақталған.

Сол Ауған нұсқасын Алматыда тұратын ұлы тележурналист Аман алып кеткендіктен менің қолыма ілікпеді.

Бірталайдан мәдениет кіндігі болып, төңірегіне үлгі шашқан Жайсаңнан оқып сауаттанған азаматтар аз болмаған. Соның бірі – Жайсаңға қарасты Саты, Сайболат, Жұмық, Тәуке руларының болысы, руы Ақнайман Кәкім деген көзқарақты ағамыз айтыс өтіп жатқан майдан үстінде қолына қағаз ұстатып, жазатын қалам беріп, екі ақынның айтысын үтір, нүктесіне дейін қағазға түсіртіп отырудыбірнеше адам тапсырыпты. Айтыс аяқталып, сияз тарап, жиылған ел алды-алдына қотарыла аттанғанда, үш күнгі айтыстың мәтіні реті бойынша толық реттелмей, әлгі жазып алғандардың қолында кетеді. Соның салдарынан кейінгі күнде ел ішіне тараған айтыстың бірнеше толық емес нұсқалары пайда болған. Ал, Әсеттің сөзден сүрінуіне оның: Кәрібайды оқымаған, дін ісләмнан ілімінен қараңғысың, ғылымнан хабарың жоқ – деуі себеп болған. Кәрібайдың ұпай алуы: егер сен оқыған алтын өзек ғалым болсаң ата-анаңды бағар едің, қу мүйізді құшақтатып (Найманбайдың мүйізден шақша жасап сатуын меңзеп), әкеңді қаңғытып қойдың. «Әкең Қоян болғанда сен бір көжек, ата-анасын күтпегеннің орны – тозақ». Кәне, шариғат та, хадис те не дейді екен – деп сөзді қазыларға тастауынан болған. Ал, 84 шумақ (336) жол сөзбасын яғни беташарын айтыс өтісімен Кәрібай өзі қосып, айтысты толықтап елге жайған көрінеді. Бұнда айтыстың жалпы барысы, кімдердің барғаны, неліктен Көктұма сиязының ашылғаны жөнінде құнды деректер бар. Сондықтан да бұл айтысты сол күннің қағазға түсірілген кемел шежіресі деп те айтуға болады.

Кәрібайдың мұнан тыс ауыл арасында өткен «Бәпимен айтысы», «Нұржанмен айтысы», «Дубаймен айтысы» және «Қуанышбаймен айтысы» деген айтыстары болыпты. Соның ішінде тек Қуанышбайды сөзбен тоқтатқан:

Баласы Сатпақ иттің Қуанышбай,

Тұмсығың иір біткен арам құстай, –

деген жолдарды кезінде шошақ Қаусыл ақсақалдың айтуынан оның ұлы Сәлімжан есінде сақтап қалыпты.


ІІІ.
Кәрібай ақынның әр түрлі оқиғаларға қатысты айтқан толғаулары мен суырып салма өлеңдері өте көп. Бұл толғаулардан Кәрібайдың ақындық мінезі анық танылады. Бірде Кәрібайды орталарына алған Омар, Құрманғажының Қыдырмолласы, Төгісов Әбділдабек қатарлы би, болыстар Көктұма сиязынан қайтқан сапарында Шәуешектің Ойжайлауындағы Тоғас Ағажан бидің ауылына ат тұмсығын бұрады. Әрі өздеріне шендес келетін биді жасытып алуды көздеген олар Кәрібайды би ауылындағы келеңсіз жайттерді тартынбай мейлінше толғауды сұрайды. Кәрібайдың сондағы айтқан өлеңдерінен пәлсафалық толғамға бейім, өзіндік көркем түйсігі қалыптасқан ойлы ақын екені аңғарылады. Мысалы:

... Жарлылар кәсіп жоқ па мал бақпасаң,

Не керек мал баққанмен жан бақпасаң.

Адал еңбек қан-терің болмағанда,

Жарылқап беріп еді аруақ қашан.

Дені сау, қайраты бар, адамзаттар,

Кәсіп көп ебін тауып тармақтасаң, –

Деген жолдар арқылы қарапайым еңбек адамдарын өз күшіне сүйеніп, алуан түрлі кәсіп көзін ашып, күн көрісін жақсартуға үндесе, енді бір жақтан игілік, байлық атаулының қан мен тердің бодауына келетінін, байлықтың анасы – жер, атасы – қашанда еңбек, құр тәңірге жалбарынып алақан жаю өмірге деген қиянат, тылсым күштің тосыннан жарылқап сеңі сыйлар түгі де жоқ дейді. Жастарды тіршілікке дұрыс баулы,

Кәрілер есің кетіп алжаспасаң.

Нұр жауар талаптыға демеді ме,

Айтам ба тегін біліп, қор баспасам,-

деген ұлағатты ой толғап, салмақ салады. Билерді бет-жүзің бар демей ащы тілмен қитығына тигізе шенеп те алады. Әрі жас жеткіншектерді мал соңынан көкжұлын етіп, салпақтатпай өнер-білімге, түрлі харакетке, дұрыс тіршілік жолына, мәнді өмірге баулы деп кеңес береді.

Ел арысы Демежан үкірдайдың нақақтан қанын төккен, Шың үкіметінің Тарбағатайды билеуге жіберген ұлығы Мәтен амбынының (амбан) бірқанша жандайшап ғалдайлары болған. Соның бірі – Шәуешектің Қарақабақ, Түлкібұлақ деген жерінде займкесі бар Ши ғалдайдың (Тарбағатай ғалдайы) әспенсіп, асқынғаны сонша, тіпті “ауылымның қасынан өткендер аттарынан түсіп жаяулап өтсін” – деп, жүргіншілерге қатаң тиым салған. 1918 жылы Еміл бойындағы Басқұлыстайдағы Шотай ауылынан аттанып, өз елі Ақсуатқа бара жатқан сапарында Кәрібай Ши ғалдайдың ауылының жанынан өте шығады. Жалғыз атты жолаушыны көріп қалған ғалдайдың жандайшаптары Кәрібайдың шылбырына оралып, жүргізбей ғалдайдың алдына әкеледі. Ашудан жарыла жаздаған ғалдай: “Әліңнен асқан осы ғұрлы сен кім едің?”- дейді қазақ тілінде.

- Я, ғалдай, Көктұма сиязында Әсет деген ақынмен айтысқан Кәрібай ақын мына мен едім – дегенде ғалдай зілдене тілін безеп: “Кәнеки, ақын болсаң өлеңіңді естілік” – дейді. Сонда «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген ақын:

Уа, Ши ғалдай, Ши ғалдай,

Бақ берген саған бір құдай.

Астыңдағы мінгенің,

Бәйге бермес кер дөнен.

Байлығың сенің жерменен,

Атағың сенің елменен.

Ылдидан келіп ентелеп,

Сыбағам менің төр деген.

Ежен ханнан енші алып,

Ие болдың жерге сен.

Шерік болып келіп ең,

Еркіндік басқа бермеген.

Жалдамалы құл едің –

Қамшының ұшы сермеген.

Жалаң қабат көйлегің

Шіріп түскен терменен.

Әрең жеттің далама,

Шыбын жаның өлмеген.

Ши ғалдай амбы атанып,

Дәулетің мынау өрлеген.

Өзін-өзі білгеннің

Ісі болды жөн деген.

Кешегі өткен заманда,

Көресің бар ма көрмеген.

Қазақ келіп құтылдың,

Басатұғын «Шүркілден» (Албасты)

Шындықты айтам көз көрген,

Бетіңді көріп іркілмен!

Уа, Ши ғалдай, Ши ғалдай,

Шапаның қызыл шиқандай.

Кісі етін жеп үйренген

Бас төбетің – Титанбай.

Пейілі кең, жері кең,

Дәмдес болдың қазақпен.

Ұмытып кеттің өміріңді,

Құлдықта өткен азаппен.

Тарбағатай, Барлықты,

Көрмедің жерден тарлықты.

«Он басқа бір бас – алман» деп,

Шығардың үкім-жырлықты.

Уа, Ши ғалдай, Ши ғалдай,

Басыңа бөркің сиғандай.

Қоңыздың найза ұшымен

Жапырылдың қоғадай.

Сібе, Солаң қырылды,

Үйілді сүйек обадай.

Найзаның бәрі уланған,

Тиген жері оңар ма-ай?

Шоқпарлап қырды жартыңды,

Найзамен тілді артыңды,

Қызыл көтен жасап ед,

Орындалмай шартыңды – деп ғалдайдың еңсесін басыпты.

Кәрібайдың айтып жүретін «Балбала», «Туған жер», «Сәнім-ай» деген әндері де болыпты.

Жасымнан талаптанып өлең бақтым,

Бұлбұдай ән шырқадым, таңдай қақтым.

Ішінде шаршы топтың сан жиында,

Сөйледім ойдағысын, елге жақтым.

Жүрегін сұлу жардың бағындырғам,

Әнімді шырқап салған сағындырдым.

Қалыңсыз тәтті сөзбен сұлуды алып,

Мұқтаж ғып махаббатқа жалындырдым... -

деп, шығандата ән шырқаған да көрінеді.

Ақыреттік қосағы Рабиғаға шекара күзетінің бір шетінде жүретін Машетейдің бір мырзасы астыртын құдалық жүргізгенін білген Кәрібай «Бал бала» әнін шығарып, оған жолбарыстың аузына түсіп қалмауды осы әні арқылы арқылы жеткізеді. Әрі әннің құдіретімен ойлаған арманына жетіп, жанұялық тіршілік жолын бастайды. Сондағы «Бал бала» әнін ақын:

Ғашығым көңілім сүйген «Бал баласың»,

Сырыңды сыртқа айтуға арланасың.

Жүргенде жүрек елтіп, ақыл таппай,

Уытты әбжыландар арбамасын.

Уа, сүйіктім, бал бала,

Арманда қалып зарлама.

Білгенде қатер төнгенін,

Қарқ етіп ұшар қарға да, –

деп, асқақтата шырқайды.

Кәрібай айтыс ақыны, әнші, сазгер, шежіреші ғана емес, ол жазба ақыны да. Оның ата-баба тарихы, жорық жолдары, егей ерлігі, үш жүздің қоныс теуіп мекендеген өңірлері туралы толғаулары соған дәлел. Тотияйындай өткір тілінің құдіретін өзі де шамалағандықтан болса керек: «Кезінде дес бермеген қара сөзден, Найманның тіл мен көзі зұлфұқарымын» - деп тұжырады. Мәселен, «Отырарым – Астанам» деген өлеңінде:

Жаратушы бір Алла,

Тілегімді бере гөр.

Жебеуші жақсы аруаққа,

Көмекке өзің келе гөр!

Бас-аяғын теңерсің,

Кездесіп кегін алуға.

Асыл туған ұланым

Егеп найза білді ме?

Аспанға ұшқан қыраным,

Жерден тоят тілер ме?

Қойға шапқан бөріні,

Қос шеңгелдеп бүрер ме?

Жалмайтұғын әбжылан

Ініне қайта кірер ме?

Жалтақ көз болған сорлы елім

Алшаңдап басып жүрер ме?

Жеті ықылым тілдерді

Түгел оқып білер ме?

Берекелі ел болып,

Бақытты өмір сүрер ме?

Аспанға ұшып су қалқып,

Қара тас еріп, мыс балқып,

Мәскеу, Мысыр, Бағдаттай

Сәулетті қалам болар ма?

Емінбейтін басқа елге,

Бақыт құсы қонар ма?

Байтақ жұртым жаннаттай

Жайнаған гүлге толар ма?

Халқыңның көңілін ашатын,

Қайғы-шер, мұңым, басатын

Орнатты дүние жұмағын,

Бұлбұлдар сайрап тұрар ма?

Үрім мен Шам, Делидей

Қап таудың биік беліндей

Жау баса алмас маңайын

Қорғаны биік Бежіндей.

Отырарым – Астанам,

Бар қазаққа бас-панам,

Топырағыңды иіскеп,

Отырар күн болар ма?

Асан ата данышпан,

Қайтып енді туар ма?

Кездеспей дауыл, нөсерге,

Ұрпақтар аман өсер ме?

Еңсесін жауға бастырмай,

Кеудесін оққа төсер ме?

Құлдықтың қамыт-ноқтасын,

Семсермен турап кесер ме?

Ел қатарлы ел болып,

Мұратына жетер ме?

Осынау тілек-арманды

Өз көзіммен көрсемші?!

Жарыла жүрек қуанып,

Қуаныштан өлсемші?!

Арман да арман, шын арман,

Тілегімді берсеңші?!

Екі ел қазағының дәм мен тұзын тең татқан ақын Тарбағатайдың түстігі мен терістігін бірдей аралайды. 1916 жылғы ақпатшаның бұратана ұлттар азаматтарынан әскер алу жөнінде түсірген қатал бұйрығы кезіңде екі бірдей ұлы – Құнапия мен Секебай әскерлікке әкетілетін болады. Еліне деген өкпе-араздықпен Дөрбілжіннің Үш Қарасу деген жеріндегі нағашы жұртына қара тартып барады. Онда ақын ел құрметіне бөленіп, бейбіт тұрмыс кешеді., 1924 жылы Сәдубай бастаған туыс-жұрағаттары он жеті адаммен Үш Қарасуға келіп, ақынның нағашысы Есбай зәңгінің ризалығын алып, Кәрібайдың отбасын Ақсуатқа қайта көшіріп әкетеді. Ақынның соңғы тыныс алардағы айтқан:

Қалыңдар аман-есен өрендерім,

Қызығым енді бітті көрер менің,

Егерде қаза тартып, қан баспаса,

Қытайдан мұнда қайтып келер ме едім.-

деген арманда кеткен өкінішінің бір себебі де осында жатыр.

Кәрібай үшін Көктұма сиязы (Қаракерей түселі) аса бір үлкен өмірлік мектеп болады. Ол сонан бастап ата-тек шежірелеріне ден қоя бастайды. Өлеңмен жазған «Мұрын және Байжігіт» дастаны сол ізденістен туған. Ол сонымен бірге орда бұзар отыздың ішіндегі кезінде-ақ тарихтың терең қатпарына үңіліп, әрі іргелі ел ішіндегі шежірешілер Маусымбай Сабанұлы мен Кәрмен секілді адамдармен танысып, шежіреге ден қояды. «Қабанбай батыр» туралы деректер жинастырып, ол туралы кітап жазып, Қазандағы баспаханадан шығаруға недәуір ұмтылыс жасаған. Бұл толғаулар іздеуден кендік көрмесе де қолға ілікпеді. Алайда оның жаңғырығы - Шаған шайқасы, Шорға соғысы кезіндегі оқиғаларды толғаған Бұхар жыраудың, Сұртай мен Алшынбай дың өлеңдерінде, сондай-ақ Бейсенғали ақсақалдың 1986 жылы Шыңжаң халық баспасынан шыққан «Қабанбай батыр» кітабында кездеседі.

Кәрібай Таңатарұлының шығармаларының басты бірі саналатын «Майқы дастаны» туралы аз-кем тоқтала кетуді лайық деп білеміз. Өйткені дастанда: қазақтың түпкі тегі – арап. Ғакаша сахабаның нәсілі немесе қалмақ яки өзбек - деп тұжырым жасайтындарға тойтарыс жасайды. Атап айтқанда, топан судан кейінгі тараған Тайып деген елді мекенде өніп-өскен көшпенді тайпа –Әбусақтан (Әлмисақ болса керек, бұл – тіршіліктің пайда болған дәуірін бейнелейтін алғашқы ықылымды қамтитын ерте дүниенің аты – Т.Ж.) таралғанын айта келіп, түбіміз бір түрік екенін баяндауға тырысады. Бір дәуірде Кәуірдің шапқыншылығынан елі шығыстан батысқа қоныс аударып, Тайып шаһарынан Амурға, одан бірте-бірте Сырға келген дәуірінде жоғардағы Махмұт ел данасы «Мажиқыда» (Маураннаһр өңіріндегі көл) елінің басын құрап жиналыс өткізеді. Әрі Махмұтты ақылгөй, кемеңгер, даналығына қарап, ел-жұрты алғашында «Махмұт дана» атаған. Ол «жеті жарлық» заңын шығарып, алты арысты үш жүзге бөліп, ұлы жүзге Қыпшақ биді, орта жүзге Көсем биді, кіші жүзге Халменде биді қояды.

Сөйтіп, Махмұт дана көп істі Мажиқыда шешіп, әмір-пәрменмен жүргізіп, билік айтқандықтан да Мажихы деген жер атына байланысты ақыры Майқы би атанып, үш жүздің үстінен қарайтын төбе би боп ел билейді. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» делінетін ел аузында жиі айтылатын осы бір аталы сөздің әманда сол бір заманның туындысы екенін айтады. Ел билігін қолына алған Майқы бидің ендігі істейтін игілікті ісі халқына жер емшегін емізу болғандықтан, елін отырықты ету үшін «Орнық» деген қала салдырып, көшпенді елді біртіндеп отырықшылыққа бастайды. Тыныш тіршілік құрып, шабындыдан да құтылып, тыныс ала бастаған осы қарсаңда жер қайысқан қалың қолмен исләм дініне бағындырушы арап әскерлерінің ат тұяғы да Орта Азияға жетеді. Бағдат-Мысыр падишасының қатал жарлығын жеткізген елші: «Расұлдың хақ діні – исләмді өз еріктерімен қабылдай ма, жоқ па, соған үш күннің ішінде жауап беруін талап етеді». Жан алумен, жан берудің екі айрығына тура келген дәл осы қыспақ кезеңде Майқы би ел-жұртымен ақылдаса отырып, ең ақыры соғыспайтын келісімге тоқтап: «Алла – бір, Құран – шын, пайғамбар – хақ» – деп бір Аллаға құлшылық қып, исләм дінін өз еріктерімен қабылдаған. Дін уағыздап Қалқан Мысырдан келген Смағұл есімді ғазірет-ишан Майқы елінде он екі жыл тұрған. Онан Құбайдолла деген ұл туып, оның ұрпағы кейінгі күнде «Қожа» деген атпен қазақтың бір руы болып қалыптасқан. Майқы бидің қара қылды қақ жарған әділдігіне риза болған ол Майқыға «қазы - ақ» деп атақ берген. Сөйтіп, Майқыға қарасты төңірегіндегі бүкіл рулар біртіндеп, «Қазақ» деп атанды. Дастанда қазақ аты бертінгі бірнеше ғасырдың жемісі емес, сонау 8-ғасырдың аяғы, 9-ғасырдың басынан бері пайда болған дейді.

Дастанның тарихи-мазмұндық құндылығы да осында. Мұны бұлжымас шындық, өзгермес тарих демегеннің өзінде де, тарихи көркем сананы жүйелеуде бір кәдеге жарайтыны шүбәсіз. Кейбір тарихи деректер мен ғылыми еңбектерде айтылып жүргеніндей, қазақ атауы 15-16 ғасырда ғана пайда болған жоқ, ол ұғымның ілгері заманнан бастау алғаны аңғарылады. «Жұлдыз» журналының 1983 жылғы 3 санында жарияланған Телғожа Жанұзақовтың «Қазақ деген сөз қайдан шыққан?» атты мақаласы «Мұра» журналының 1983 жылғы 4 санында көшіріліп бассылған еді. Онда белгілі түрколог А.Вамбери мырзаның «Түрік халықтарының этнографиясы мен этнологиясы» атты еңбегіндегі «Қазақ» есімі 9-ғасырдан бастап бүкіл әлемге белгілі болды» – деген сөзін келтірген. Шет елдер ғана емес, қазақ ішінде де ерте күннен-ақ «Қазақ деген сөз қайдан шықты?» дейтін сұрауға өзінше жауап іздеген. Оған біз сөз етіп отырған «Майқы дастаны» куә. Ал дастанның жазылуына келсек, көрнекті шежіреші Маусымбай Сабанұлы 1913 жылы Көкпекті (Көктерек) жеріндегі Қалба жайлауының «Ойшілік» деген саздауыт елді мекенінде отырған Жанұзақ байдың үйіне Кәрібай ақынды алдыртады. Оған үкілеп ат мінгізіп, «Майқы дастанын» өлеңмен жазуды міндеттейді. Маусекеңнің: «Көзім тірісінде орындап кетсем» – деген ақ тілегіне түрткі болған тарихи кітап – Уфа қаласында тұрған, тегі түрік Солтаншәріп ғазіреттің 1863 жылы қағазға түсірген, жалпы түрік тектес халықтардың тарихы жазылған «Рисала-и-тауарих» атты кітабі еді. Уфа қаласында Солтаншәріптен он екі жыл сабақ алған Қондыбайдың ұлы Дәрібай молла оны көшіріп шыққан. Оның өзі де асқан шежіреші әрі ақын кісі болған. Сол кезде жасы алпыстың жуан ішін аралап, едәуір егде тартып қалғандықтан да болса керек, мұны қазаққа түсінікті өлеңмен жырлап шығу үшін Кәрібай ақынға қолқа салған. Ұйқасқа жүйрік, ойға шүлен, тапқыр да талантты Кәрібайдың ақындық өнеріне тәнті боп, осы бір игілікті істің үдесінен шығады деп сенім артқан. Жұмысты тындыруды мықтап қолға алған Маусымбай шежіреші кітаптың ішіндегі арап, парсы тілдеріндегі сөздерді тәржімалап отыруды кітапты сақтап келген ақы иесі Ибраһим Дәрібайұлы мен Кәрмен моллаға жүктейді. Ибраһимнің ұлы әкесі Қондыбай қария ақыл-кеңес береді. Ғұсни жазудың шебері Жанұзақұлы Құсайын ақын мен Мамырбайдың інісі Әдікбай қағазға көшіреді. Сөйтіп, «Майқы дастаны» өмірге келеді. Беташар бөлімінде – «Рисала-и-таурих», бірінші бөлімінде – қазақтың арғы тегі, екінші бөлімде – «Үш сапар» тарихының бірінші кезеңі жазылып бітеді. Бұл тұрғыдан қарағанда «Майқы дастанын» ұжымдық шығарма деуге де болады. Дастанның тағы біртұсында:

Бұл жерлер мекені екен орта жүздің,

Кітаптан көргенімді хатқа тіздім.

Ұлы жүз Азияның орталығы,

Мекені батыс жақта кіші жүздің.

Ғасырдың он да он бір кезіндегі

Тарихымыз осылайша ұққан біздің.

делінеді. Әрі Майқы аттастың бірнешеу болғанын да ескертіп:

Өтіпті данышпан боп атам Майқы,

Кейбіреу түсіне алмай қылар сайқы.

Қойылған осы лақап бірнешеу бар,

Екенін ұғушы аз заты қайсы, –

дейді.

Мысалы, Шыңғысты (Темучинді) ұлы хан сайлағанда үйсіннен – Ақбармақ, Найманнан Қаракерей батыр, Жалайырдан – Мұқалы, ал, Арғыннан Майқы барды делінеді. Демек бұл дастанда екі Майқы ауызға алынады. Айта кетер бір жай, дастанның ғасырлық мерзімінде, уақыт дәлдегінде алшақтықтар жоқ деп айтуға болмайды. Оның үстіне дастан ақынның ерте күндегі өз қолжазбасымен өзгеріске ұшыраусыз бізге жетіп отырған жоқ. Сондықтан да біз Кәрібай Таңатарұлы шығармаларын баспаға ұсыну барысында ақын еңбегіне және оны сақтап қалушыларға құрмет көрсете отырып, оған редакциялық өзгеріс жасамадық.



«1931 жылдың 16 қазаны» – деп жазады белгілі фольклоршы Бейсенғали қария – ауылымыз Шәуешектің «Сан гүң» (Қазіргі «Ар гүң») ауылында отырған болатын. Рулық жағынан туыс, шешеміз жағынан нағашы боп келетін Мау атам (Маусымбай) тыртық сан ақбоз жорғасын мініп үйімізге келді. Қонысынан ауған елде не күй бар дейсің, босқындықтың салдары болар, аласа бойлы шымыр денесі шөгіп, от шашып тұратын отты жанары нұрсызданып қалыпты. Шай ішіп жайланған соң қоржынындағы қолжазба кітаптарды әкемнің алдына жайып: «Мұның ендігі иесі өзің» – деп бір-бірден тапсырып жатты. Онда «Майқы дастанның» өлеңге түскен қолжазбасынан тыс Шыңғыс ханның ұрпағына қалдырған «Үш мұрасы», «Алаш ұраны туралы», «Ақтайлақ би жазған» билік келесі, «Төлегетай келесі», «Қытай бидің өлімі, яғни иесін алған бүркіт», «Жолымбет бабаңның 107 жасында некеленуі әрі оның өсиеті», «Қазақ елінің алты салты туралы Боранбай бидің Едіге биге айтқандары», Әбілқайыр ғалым жазған «Әз наурыз тарихын» парсы тілінен қазақшалаған өзінің «Нұқ және наурыз» дастаны мен 691 беттен тұратын өз кезінде баспаға әзірлеген «Ата жөн туралы» кітабы және Кәрібай ақынның «Мұрын және Бәйжігіт» дастаны, Қабанбай батыр хақындағы бір қыдыру өлең-толғаулары боп жиыны 16 бөлек (буда) құнды мәдени мұраларды беріп болып, көне досынан ажырағанына көңілі босап, көзіне мөлтек-мөлтек жас алды. Бір түрлі қимастық билеген құлазыған көңілмен:

... Бар жоғы қолымдағы осы ғана,

Амал не, сақтай алмай алдым төгіп.

Халыққа табылмайтын зор қазына,

Түбіне тұңғиықтың кетті шөгіп.

Зерттеген көп ғалымның еңбегі еді,

Еш адам өндіре алмас жерден егіп, –

Деп, сол жылғы 20 мамырдағы Нарын өзеніне шарасыздан тасталған кітаптарын егіле арман еттіі. Әрі:

... Құрастыр, күнің туса баспаға бер,

Шығады асыл-тастан, жастан өнер, –

деп жақындарының ұрпақтары ішінде сауаты бар, хат танитын Бейсенғалиға аманат еткен. Маусымбай ақсақал 1932 жылдың 15 қаңтарында 84 жасында пәниден – бақиға көшіп, Еміл бойындағы Тұнықбай бейтіне жерленеді. Зау атанның көтерген ауыр жүгінің өзіне аманат қалғанын іштей сезінген зерек Бейсенғали тұрмыстың ауыры мен жеңілін көре де, көне де жүріп, көтере де жүроіп, сол мұраларды жасынан жаттап, көкірегіне тоқиды. Ол уақыт ұзара келе құранның аятындай есінде жатталып қалды.

Өкінішке орай, жоғарыда айтылған, сары алтындай сақтаған қыруар шығармалар мәдениет төңкерісінің алғашқы шұрқанында-ақ өртеледі. Аман қалғандарын құрым киізге орап күлге көмеді. Алайда оларға су өтіп шіріп кетіпті. Он жылға созылған ойран аяқталып, халық ауыз әдебиеті фольклорын қорғау, жинау игілікке жарату мәселесі қолға алынған тұста беталысы айқындалған соң ғана Бейсенғали ақсақал жер таянған жетпіс жасында қолына қалам алып, есінде қалғандарын тірнектеп қағазға түсіреді. «Қабанбай батыр», «Қубас ат» қиссаларын, «Майқы дастанының» үшінші бөлімін (бұл жинаққа қосылған жоқ)хатқа түсірді. Әрі жоғарыдағы аталған мұралардың бір бөлімін мерзімдік басылымдарда жариялады. Кәрібай ақын мен Маусымбай мұрасының жанашыры, септеушісі болған қайсар қарттың қолынан қаламы түскелі де он жылдың жүзі болды.

Біз әлі күнге дейтін Кәрібай ақынның мұрасын шып-шырғасын шығармай жиып алдық дей алмаймыз. Кәрібай туралы зерттеулер мүлде жоқ. Бұл алдағы уақыттың безбенге салар сарабы болмақшы. Қорыта келгенде, көрнекті шежіреші, дарынды да талантты бір туар ақынның екі ел арасына кең тараған еңбектері жалғастыра іздестіруге, зерттеуге зәру. Сондай-ақ, қалам қайраткерлерінің жаппай атсалысуына мұқтаж.

Асқар Игенұлы


12 қараша, 1999 жыл (Жұма), Шәуешек.
ДАСТАНДАР

Майқы би
Майқы туралы дастанның жазылуы

(Рисалла-и тауарих)


Бірінші бөлім: Беташар
Өлеңге үйір болдым бала жастан,

Берейін таныстырып сөзді бастан.

Қалбада Қарабұлақ жайлауында

Жазылды ойда жоқта «Майқы дастан».


Үйінде отыр едік Жәкең [1] байдың,

(Дәм татқан ордасы еді бірталайдың).

Майқыны өлең қылып дастан жаз деп,

Жері бар айтып кеткен Жәкетайдың.


Отыр ек ақ ордада қымыз ішіп,

Ерігіп жас жігіттер іші пысып.

Қасында Мамаң [2]менен Маусекең [3]бар

Құсайын жатыр екен үйге түсіп.


Қойғамыз көк жайлауда есік түріп,

Көрген соң сыртқа шықтық біз жүгіріп.

Сәлемін жастар берген алғаннан соң,

Үлкендер тұра қалды аз кідіріп.


Тоқтатып басқаларды ишаратпен,

Маусекең жалт қарады маған күліп.

Мен дағы онша тосын емес едім,

Азырақ отырғамын хабар біліп.


Атақты елге әйгілі шежіре адам,

Жорғадай су төгілмес кетті жылып.

«– Әкелдік әдейі арнап бір жорғаны,

Ақыным, мына жайды қойшы біліп».

---------------------------------------------

1 Жәкең – Жанұзақ,

2 Мамаң – Мамырбай,

3 Маусекең – Маусымбай Сабанұлы

Айтқаны Маусекеңнің сол-ақ екен,

Жөнелді абыр-сабыр біреу мініп.

Егерде бабыменен тайпалғанда

Үстінен кетер емес су төгіліп.

«– Бұрынғы қазақ жолы салты менен,

Бір істі келіп қалдық қолқа қылып.
Бұл өзі биыл бесті, былтыр дөнен,

Бір істі қолқа қылып келдік сенен.

Аруағы ата-бабаң құрметіне,

Сиымыз алып келген саған деген.


Кітабын Дәрібайдың алып келдік,

Осыны дастан қылып шығар өлең.

Атанған ол шежіре адам еді,

Шіркіннің бірталайдан сөзі терең.


Осы аттың болсын сөзің жорғасындай,

Кең болсын қажы үйінің ордасындай.

Нақыштай алтындаған жарқылдасын,

Салмағы ауыр болсын қорғасындай.

Көрікті көк жайлаудай көркем болсын,

Кітаптан анықтап жаз сөз қалтырмай.


Бұл өзі ауыр жұмыс, жеңіл емес,

Жеңіл емес деуіміз тегін емес.

Түнеген бұл жайлауға керуенбіз,

Қалатын мәңгі бақи өмір емес.


Осындай көңіліңде болсын сезім,

Өлең қып бұл кітапты шығар өзің.

Мал мен бақ – бір көлеңке, бұлт басса жоқ,

Артыңда мәңгі бақи өлмес сөзің.

Өлеңді ұнатса жұрт көп тыңдайды,

Алтынын салмақтайды мыс пен жезін.

Кәрі-жас, үлкен-кіші, ер мен әйел,

Құрулы кезіктірер жұрттың тезін.


Әркімге ала берер несібені,

Кейбіреу көтере алмай есіреді.

Тәтті сөз – ет жүректің кілті емес пе,

Шаттанып кірбең көңіл шешіледі.

Қасыңа Құсайынды қосып берем,

Екі адам айтқаныңды көшіреді.


Кәрменді Ыбыраймен әкелеміз,

Қажетті толықтаймыз, әпереміз.

Кейінгі ұрпақтарға үлгі болсын,

Жазылсын анық болып мәселеңіз.


Кітапты әбден түсін оқып көріп,

Отырсын Ыбырай, Кәрмен оқып беріп.

Аралас әр түрлі тіл көрінеді,

Алғандай құмнан шайқап алтын теріп.

Мазмұнын ұққаныңша анықтап жаз,

Тұрамыз ақылдасып біз де келіп.

Қолынан көрінгеннің келмейтін іс

Ыбырай тіл жөнінде болар серік.

Дастанды кейінгі ұрпақ оқығанда,

Шаттанып, разы болып қалсын сергіп.

Дәл бүгін дүйсенбіге бастап кіріс,

Отырмай кейбіреуше бәлсіп-кергіп.


Бұл менің саған сатқан атым емес,

Айтамын ағалықпен ақыл-кеңес.

Қосалық Әдікбай [1] мен Қондыбайды [2],

Олар да жөнін айтсақ бөтен емес».


Сонымен ақсақалдар үйге кірді,

Маусекең Мамаңменен екен құрбы.

Әкелді көкқасқа тай Шәпен мырза,

Маусекең қолын жайып бата қылды.


Бата
– Оумиын деп алып келген малдарың,

Дәм бұйырып бас құрады шалдарың.

Өмірлерің ұзын болсын балалар,

Атыменен тілек етем Алланың.

Бақыттарың масатының өңіндей –

Жайлауындай жайнай берсін Қалбаның.

Толықсыған төрт түлігі жер толып,

Жер қайыссын баданадай малдарың.

Көкпектідей мөлдір болсын ойларың,

Самырсындай қатар өссін бойларың.

Қос бұлақтың қайыңындай ырғалып,

Тең құлпырсын оңдарың мен солдарың

---------------------------------------------

1 Әдікбай – Мамырбайдың інісі,

2 Қондыбай – Ыбырайдың әкесі
Жеміс пенен жидек болсын тауларың,

Самархқндай сәнді болсын бау-бағың.

Ұрпақтарың ер боп туып ел үшін,

Айбатынан бата алмасын жауларың.

Берекелі болсын тату елдерің,

Ел басқарсын ойы ұзын ерлерің.

Арта берсін абыройы елімнің,

Дәнге толып ырысты боп жерлерің.

Артттарыңа даңқың қалсын Майқыдай,

Өрлей берсін бақыттарың тайқымай.

Ата-бабам жүрген ізі жоба боп

Еркін өскен ен далада халқым-ай.

Ақындарың сайрай берсін бұлбұлдай,

Ұрпақтарың шұбай берсін құндыздай.

Жай отындай өнерлерің жарқылдап,

Көрік берсін көк жүзінде жұлдыздай.

Зылиқадай нұрлы болсын жарларың,

Нәрестемен көмкерілсін жан-жағың.

Ашу орнын сабырлықпен тежейтін

Сап алтындай ауыр болсын салмағың.

Көк майсада шұбатылған желілер,

Барлық жастар бас қосыңдар келіңдер.

Барлығың да Майқы атаның ұрқысың.

Сырт қалмасын қыздарым мен келіндер.

Бірден-бірге мұрасымен Майқының

Өрендерім, өрендерім өріңдер.

Өнерлі елдің өнегесін үйреніп,

Кейінгіге тұқым қылып себіңдер.

Естанайдың – қарт жыраудың жырларын,

Маржандай қып ақ қағазға төгіңдер.

Майқы атамның тарихының мұрасын

Жатқа жазып қол тапсырып беріңдер.

Надан өткен елің үшін есе алып,

Сендер соның игілігін көріңдер.

Мұнан кейін оқу оқы, өнер тап,

Надандықты бізбен бірге көміңдер.


Көк майсада баурын төсеп қой жатыр,

Қойды көріп менде талай ой жатыр.

Көргенді істеп, үйрен күштеп,

Қойды да бақ, егін де сал, ойла ақыл.

Келешекке жазып-сызып кетпесе,

Сақтала ма сары алтындай ойға сыр.


Түйе шөгіп жылқы жатыр далада,

Алды-артыңа өзің ойлап қара да,

Бірден бірге мұра болып бұл жүрсін,

Атадан қап келе жатыр балаға.

Жер емшегін, мал емшегін қатар ем,

Мен демеймін мал-жаныңа қарама.

Өнерлі елден өнеге алып үйреніп,

Сенде ел бол дүниа жүзін арала.


Сарыарқада еркін өсіп, жүріп кең,

Надандықтың қасыретін біліп пе ең?

Ата тегім кім екенін танымай

О, ғажайып, әрең таптым Түріктен.


Естіп ұғып нұрлы көзге жас келді,

Көзім көрді оқып-біліп басқа елді.

Жүріппіз де, құрыппыз да амал не?

Ата-бабам даңқы қайда қастерлі.


Осыны ойлап алып келдім,

Дәрібайдың кітабын.

Танып көрсем, анық сенсем.

Соны қадір тұтамын.

Еркін ұғып, шерден шығып,

Тыныстаймын, жұтамын.


Дастан қып жаз атам қазақ мұрасын,

Жалған қоспа турасын айт, расын.

Бүгінгілер түсінбесе өз соры,

Ес білгенде соңғы жастар сынасын.

Кітабыңнан сенің жазған нәр алып,

Білмегендер білгендерін сұрасын.

Анықтап жаз, анықтап жаз,

қайта-қайта тапсырам,

Ұрпақтарға болар азық

Мұра қалсын жақсыдан.


х х х
Ұғынып Маусекеңнің айтқан сөзін,

Маған да өзіме тән бітті сезім.

Естіушем төкпе ақын – шежіре деп,

Анықтап осы арада көрді көзім.

Құсайын домбыра әкеп ұсынған соң

Сөйлейтін біраз сөзді келді кезім.

Төселіп денем қызып алғанынша,

Азырақ түйткілситін бар мінезім.

Бабымен домбыраны әнге қосып,

Сондағы мынау еді айтқан сөзім.


«– Ақсақал, үлкен-кіші, жиылған көп,

Бас қостық бір орынға дәм тартып кеп.

Мен жүрмін өлең айтып ортаңызда,

Берген соң халқым атақ ақынсың деп.

Отырған осы арада үлкендерім,

Менің аз оқып-тоқып білгендерім.

Халықтың қадірменді саясында,

Тамаша күнде сауық жүрген жерім.


Маусекең артып отыр үлкен міндет,

Тарихын Майқы атаның дастан қыл деп.

Атаның Майқы сынды құрметіне

Әкепті бір жорғаны маған мін деп.

Мен дағы сол Майқының ұрпағымын,

Сіздерден ат мінбеймін қылып міндет.


Жаза алсам – қолдан келсе бұлданбаймын,

Бұлданып ақынмын деп жүлде алмаймын.

Ұятқа ел алдында қалмаймын ба,

Олжа деп обырлансам тұрған дайын.

Көпшілік сіздер солай ұйғарсаңдар,

Дастан қып шамам келсе шығарайын.

Отырмын аз ойланып миға салып,

Сөз емес ұзын ырға қарапайым.

Қасыма екі мырза қосылса егер,

Келтірсек ақылдасып мұның жайын».


Басында жүрексіндім қашқалақтап,

Бір сөзді оқыс айттым сасқалақтап.

“Бұлданып жүлде алмаймын” – деп қалыппын.

Шошынған ақ бөкендей атқалақтап.


Бір сөзді төрде отырып айтты Мамаң,

– Тартынба ақын балам келсе шамаң.

Үміт пен талабыңа таққан үкі,

Әкелдік ақылдасып бір ат саған.


Әр адам тіршілікпен жан бағып жүр,

Көп адам кәсіп етіп мал бағып жүр.

Аралап Тәшкен, Бұхар, Орынборды,

Кейбіреу ел ішінде сауда қып жүр.


Ғалымдар өнерімен қағаз жазып,

(Әлемге өнер-білім алтын қазық).

Жалғасып бірден-бірге тарамаса,

Егер де кетер еді дүние азып.


Ғылымнан ақын жазса өнерге алып,

Кітаптан кейінгі ұрпақ көреді анық.

Сенікі қолдан келмес үлкен еңбек,

Сөгеді қуанбаса неге қалық?


Өлеңді кім сөгеді өнер десе,

Құлағын кім түрмейді өлең десе,

Жаңадан бір өнерпаз мақпал тіксе,

Көрімдік сұраймыз ғой көрем десе.

Осыған қуаныш қып көрімдігін,

Кім алмай кетуші еді берем десе.


Өндірсе біреу астық егін салып,

Алды деп кім ойлайды тегін салып.

Қиналды бақты, қақты тер шығарды,

Көріп жүр оны халық көзін салып.


Әкелдік көрімдікке бір ат саған,

Ой ойлама ақылға сап ұнаспаған.

Жақсылап жазып болсаң жүлдең алда,

Бұл саған ақы емес тұрақтаған.

Тартынбай әм қалдырмай ойланып жаз,

Байқалсын жүйріктігің құлаштаған...»


Маусекең айтты бәрін айтарының,

Айтпаймын кемі бар деп қайта мұның.

Көзің жұм, тәуекел де, Аллаға сен,

Жөн емес кейіншектеп жалтаруың.


Хикіметті кітап
Бұл жерде ел көзінше кітапты алып,

Әкеліп өз қолымен ұстатты анық.

Түптеуі жазуымен тамаша екен,

Қарадым жас балаша үш ақтарып.


Елу жыл жазылыпты бұдан бұрын,

Анықтап қондырыпты жазған жылын.

«1863 милади» деп,

Айшықтап түсіріпті сан нөмірін.


Кітапқа қол қойыпты Сұлтаншәріп,

Кісі екен Үфадағы [1] берген тарих.

Көшірген шеберлікпен кітап екен,

“Рисалла-и тәуәрих” дейді халық.

Бұзылып бір нүктесі ескірмепті,

Баспадай өте көркем жазған қаріп.

Баспаға жіберуге Қазандағы,

Бір шебер жазған екен еңбек алып.

Үфада Дәрібай молла [2] бес жыл тұрып,

Қайтыпты өз еліне сырқаттанып.

Баспаға жіберуге мұрса келмей,

Бақиға қайтқан екен дүние салып.



Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет