Ашимбетова Р. Д. Журналистің тіл мәдениеті Оқу құралы 050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған Павлодар



бет5/9
Дата25.12.2016
өлшемі1,87 Mb.
#4644
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9

2 бөлім

Тәжірибелік сабақтар
1-тақырып: Мәтін мәдениет мұрасы ретінде
Мақсаты: студентердің логикалық көзқарастарын дамыту. Сонымен қатар тіл, мәдениет ұғымдарына мәлімет беру.
Тіл мәдениетінің тірегі - әдеби тілдің нормалары мен стильдік жүйелері. Бұлар әдеби тілдің қоғамдық қызметімен астарласып жататындықтан, «тіл мәдениеті» деген ұғымының аясы кең.

«Мәдениет» сөзінің бұрын қоғамның материалдары, рухани байлықтарының түрлі тарамдарын қамтиды деп қолдансақ, осы күндері оның жұмсалу аясының кеңейгені байқалады, мысалы: еңбек ету мәдениеті, сауда-саттық мәдениеті, егін жинау мәдениеті, мәдениетті дақылдар. Осылардың қатарында «Тіл мәдениеті» деген ұғым да жиі қолданылатын болды. Тіл – адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл, оның ішінде қазақ тілі де, халықтың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болғандықтан, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз. Тіл байлығын игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Тіл арқылы айтылатын ой сөзге, сөз тіркесіне, солардан құралған сөйлемдерге негізделеді. Тілдің бас арқауы – сөз. Арқаусыз кілем, алаша, мата тоқылмайтыны сияқты, сөзсіз сөйлем де құралмайды. Сөйлем адам ойын айтудың негізгі формасы болатындықтан, оқушының сөзден сөйлем құрап, өзгелермен тілдесе, жаза білуі – оның ақыл-ойының дамып, сана-сезімінің арта түскенінің белгісі.



Тіл - әлеуметтік құбылыс. Бала ана тілін қоғам мүшесі ретінде пайдалануды табиғи айналадан үйренеді. Балаға дем алу, тамақтану қаншалықты табиғи болса, жастайынан тіл үйрену де сондай табиғи. Бірақ олардың әрқайсысының тіл үйрену негізі, болмаса, оның себеп-салдары әр түрлі. Ана тілін жақсы білу - әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. Сондықтан бастауыш мектептен бастап бала ана тілін білу, үйрену, тіл мәдениетін арттыруды барлық саналы өмірінің әрекеті деп түсінуі керек. Әркімнің, оқушының да сөз білу дәрежесі екі түрлі: кейбіреулер көптеген сөздердің мағыналарын, жұмсалу аясын жақсы түсініп, сөйлеген сөзінде, жазған жазуында емін-еркін пайдаланады. Ондайды «актив қор» дейміз. Ал бірқатарымыз сөздерді басқалар айтып тұрғанда, мағынасын түсінеміз, бірақ өзіміз ол сөздерді емін-еркін пайдаланбаймыз, өйткені оларды жақсы білмейміз. Сондай емін-еркін естілетін, жадыңа әбден ұяламаған, бірақ өзің, шала білетін сөздерді «пассив қор» дейміз. Мақсат - актив қорды молайту. Халық тілі - сөзге бай. Сол байлықтардын ішінде біз бұрын есітпеген, түсініксіз, мән-жайын білмейтін де сөздер көп. Мысалы, нөпір, көшет, қарық, тыма, сүдігер сөздерін екінің бірі біле бермейді. Сөздердің әдебиетке еніп, жалпы халыққа бірдей түсінікті болғандары бар да, ескіріп қолданудан қалып бара жатқандары, әдебиетке көп енбегендері, диалектизмдер, профессионализмдер, түрлі ғылым, өнер, кәсіп саласына тән терминдер де бар. Солардың бәрін білу мүмкін емес. Сонда да көп білуге тырысқан кісі түрлі әдебиетте жиі кездесетін сөздерді жақсы «актив қор» ретінде білуге тиіс. Кейбір адамдардың тілі қазақша болғанмен, сөйлеген сөзі сылбыр, ынжық, пәлендей әсерлі болмайды, жаңағы, нетіп сияқты басы артық сөздерді көп қолданады. Тыңдаушының ықыласын өзіне аударып, делебесін қоздырып, еліктіре алмаған сөз - жасық сөз. Айтылған ой жігерлі, жалынды жастың аузынан шығып, нысанаға дәл тиіп жатса, ана тілінің құдіреті сонда байқалады.

Орта мектепті бітіргендердің ана тілінен білім дәрежесінің қандай екенін жоғары оқу орындарына түсу алдындағы сынақтарда байқауға болады. Олардың көпшілігінің қазақ тілінен дайындығы жақсы болғанмен, кейбірінің тіл мәдениеті дәрежесінің төмендігі байқалады:

  1. Жазуларында бадырайып түрған стильдік қателер кездеседі, орфографиялық, пунктуациялық қателер самсап тұрады.

2. Көптеген оқушылардың тіл мәдениетінің төмен екенін көрсететін кемшілік - олардың сөздік қорының нашарлығы. Сөздік қордың аздығы оқушының ой-өрісінің тарлығын да байқатады. Олар тілде бар синонимдерді жақсы білмегендіктен кейбір сөздерді орынды-орынсыз қайталайды, кейде сөздерді өз орнында қолданбай, мағыналық үйлесімі жоқ, еркін және тұрақты тіркестер құрамында жұмсайды.

3. Оқушылардың әлемге әйгілі, әдебиетте жиі кездесетін термин сөздерді, олардың мағыналарын түсінбеуі де елеулі кемшілік.

Тіл мәдениеті жоғары адамдардың әрдайым көз тігетін жарық жұлдызы әдеби тіл. Өйткені соңғы екшелген, сүрыпталған мәдени тіл, белгілі қалыпқа түскен стандартты әрі ресми тіл, халық тілінің шұрайлы байлықтарымен сусындаған, көркем, өткір тіл. Солардың бәрі жалпыхалықтық сипат алып, тілдік нормалар біршама тұрақталып, жаңа нормалар пайда болды, стильдік жүйелері сараланып, қоғамдық қызметі кеңейді.

Солардың бәрін игеріп, игілікті іс-әрекетіне пайдалану кісіні тіл мәдениетіне жетектейді.

Мәдениетті адамның көп қыр-сырының бір көрінісі - тіл мәдениетінің жоғары болуы.



Адамның қоғамдық өмірі қарым-қатынассыз болмайды. Сол қарым-қатынаста біреуге біреу ойын айту, пікір алысу тілдік қарым-қатынасты тудырады. Адамның тіл жұмсауы - оның қоғам мүддесіне лайық көптеген іс-әрекетінің бір бөлігі.

Тіл мәдениетінің шыңына жету жолы ұзақ әрі тарам-тарам. Оның негізі отбасында, балалар бақшасында қаланады да, бастауыш мектептен бастап ана тілін жүйелі оқып үйрену, тіл дамыту, сауатты жазу, грамматикалық кұрылыстардың жүйелерін, заңдылықтарын білдіру мақсаты қойылады. Мектептерде тілден білім беру - баланың тіл мәдениеті жоғары болуының да қамы.

Оқушының мектептен алатын тіл сабақтары семья мен айналаның, әдебиет пен театрдың, кино мен теледидардың, радио мен жиналыстардың тіл «сабақтарымен» ұштасып жатады.
2-тақырып: Қазақ тілі ұлттық мұра
Мақсаты: Студенттерді қазақ тілін қадірлеуге, сыйлауға шақыру. Олардың сөздік қорын молайту арқылы, тілдің байлығын көрсету.
Қазақ тілінің қоғамдық қызметі арта түсіп отырған қазіргі кезде оның үздіксіз даму процесін терең ұғынып, өмірлік мәселелерін жан-жақты зерттеуге ерекше мән беріліп отыр. Солардың қатарында теориялық, тәжірибелік биік талаптар деңгейінен қарайтын сала - тіл мәдениеті мәселелері болмақ.

Бұл - қазақ тіл білімінің өзінің даму жолына түскен саласы. Тіл мәдениеті халқымыздың жалпы мәдениетімен астарлас дамуға тиісті болатындықтан, бұл ғылым саласы алдымен тіл мәдениетінің дәрежесін арттыруды, тілдің қатынас құралдық қызметін жетілдіру үшін оның күнделікті өмірлік мәселелерін ғылыми тұрғыдан дұрыс шешіп, жөн сілтеуді көздейді.

Еңсесі биік еліміздің барлық іс-әрекеті мәдениетінің, әсіресе тіл мәдениетінің дәрежесін көтеру халыққа кызмет ету мүддесімен ұштасып жатса, әрине, ондай іске тілшілер ғана емес, көп болып көмектесу талабы қойылады. Тіл қоғамдық құбылыс болғандықтан, тілді жасаушы, тілді өмір құралы етіп жұмсаушы қоғамның сана өкілдері, көзі ашық тіл ұстартушылары тіл мәдениеті мәселелеріне әрдайым көңіл бөліп, игілікті істерге ат салысуы тиіс. Тіл мәдениетінің басты талабының бірі - тілдің халықтық қасиетін дамыту, ана тілінің байлықтарын талғам елегінен өткізіп молынан әдеби тіліне енгізу.
Талдау бөлімі:

Халық тілі, К.Д. Ушинский айтқандай, оның рухани өмірінің ең жақсы, еш уақытта солмайтын және әрдайым гүл-гүл жайнап тұратын қоры, оның өмірі тарих шекарасынан әлдеқайда әріден басталады. «Кен байлығы - жерде, сөз байлығы - елде» екенін жақсы білетін ақын-жазушылар және басқа қалам қайраткерлері сол байлықтарды әдебиетке емін-еркін ендіріп келеді. Енді әдебиеттің, ең алдымен көркем әдебиеттің көп табысының бірі - халық тілі байлықтарына кенелгендігі дей аламыз.

Ана тілін тірлігінің тірегі етемін деген ақын-жазушылар үшін ол тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар, көрікті, көркем нақышқа толы туындыларының да бірден-бір құралы. Сөз шеберлерінің жасампаздык қабілеті мен шабытына үйлесе дүниеге келіп, игілік қорына қосылған шығармаларынан кестелі тілдік бояуларын да көреміз Абай, Ыбырай, Сәкендерден бастап жібі үзілмей келе жатқан осындай тіл жұмсалудағы «мәдениет» деген терминді бұрын қоғамның оқу-білім, ғылым, өнер, т.б. рухани табыстарының жиынтығы деп қана түсінеміз.

Жеке кісінің мәдениеттілігі қоғамда алатын орнымен, білім дәрежесімен, өнерге қанықтығымен өлшеніледі. Оқымысты, мәдениетті кісінің білім, ғылым, өнер дәрежесі ғана биік болмайды, солармен қатар, оның жүріс-тұрысы, басқалармен қарым-қатынасы, әсіресе тіл жұмсау дағдысы ерекше болады. Тіл мәдениетінің екі түрі бар: баспасөз тілінің мәдениеті және сөйлеу тілінің мәдениеті. Бұлар өзара тығыз байлынысты. Қазақ елінің қазіргі әдеби тілі жалпыхалықтық ауызекі сөйлеу тілі негізінде қалыптасқан. Әдеби тіл сөйлеу тілінде бардың бәрін емес, оның құнарлы, жалпыға ортақ әрі тиімді байлықтарын бойына сіңіреді де, керісінше сөйлеу тіліне ықпалын тигізеді, әдеби тілдің дәстүрлі жаңа нормалары сөйлеу тіліне ауысады. Осыдан келіп әдеби тілдің екі түрі пайда болады біріншісі - әдеби тілдің жазба түрі, екіншісі - әдеби тілдің сөйлеу түрі. Бұлар өзара тығыз байланыста дамиды. Жазба әдеби тіл жасалмай тұрьш, ауызша әдеби тіл жасалмақ емес.

Тіл мәдениетінің басты талабының бірі тілдік нормаларды қалыптастыру. Олар халық тілінің, әдеби тілдің даму барысында қалыптасады, кейбіреулері (жазу нормалары, терминдер, пунктуация нормалары) қолдан жасалады да, басқалары тілде бұрыннан бар жүйелер негізінде баспасөз арқылы қалыптасады. Әдеби тіл деп - жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары сараланған, қоғамдық қызметі әр алуан тілді айтамыз. Көркем әдебиет тұрғысынан алғанда М.Горький айтқандай, «Әдебиет тезіне түспеген «шикі» тілді халық тілі дейміз де, көркем сөз шеберлері шыңдаған тілді әдеби тіл дейміз». Осылардай қасиетке ие болған тілді әлі де ширата, іргесін бекемдей түсудің орнына «халықтық мұра» дегенді теріс түсініп, сөйлеу тілінде бардың бәрін жаза беретін авторлар аз ба? Әсіресе бірде олай, бірде былай айтылатын сөздер мен грамматикалық тұлғалардың әдебиетте жұмсалуында талғам аз.

Норма мен тілдің ішкі заңы деген бір емес, норманы ойдан шығаруға болады, ал заңды ойдан шығармаймыз, айкындаймыз, ашамыз. Оның үстіне тілдік заң көрінгеннің икеміне көніп өзгеріле бермейді, норманы орайына қарай өзгертуге болады.

Тілдік норма - тілдің әдебиеттілігінің бір белгісі. Біз халықты әдеби тілге баулитындықтан, халықтың, баспасөздің тіл мәдениетіне көз жібергенде, олардың әдеби тіл нормаларын каншалықты сақтау - сақтамауы еленеді. Ол тіл мәдениетінін бір жағы. Оған одан басқа сыпайы сөйлеу, ойды дәл, айқын айту, сөзді орынды қолдану, ой мақсатына лайық сөйлемді дұрыс құру сияқтылар да енеді. Сондықтан тіл мәдениетінің негізі - норма дегені де, онымен тілдік заң бір дегені де қате. Біз норманы заң деп түсінбейміз.

Бұл мәселенің қиын жағы - нормалаудың принциптерінде. Бұл жайында орыс ғалымдарының арасында әртүрлі пікір айтылып жүргені белгілі. Біздіңше, ол нормалау принциптерінің негізгісі әрбір әдеби тілдің дәрежесімен, нормалау объектілігінің ерекшелігімен байланысты. Мұнда да нормалау бағытын көп жылғы тілдік тәжірибе көрсетуге тиіс.

Әдетте әдеби тілде болуға тиісті прогрессивті құбылыс оның белгілі даму кезеңінде қылаң беріп, бой көрсетеді. Біздің мамадардың мақсаты - жоқты жону, барды місе тұту емес, тілдің әлгіндей бір ұшы көрінген даму процесін тани біліп, соларын ұштай, жетілдіре түсу. Нормалардың басты принципі осы болу керек.

Тілдік норма - тарихи кұбылыс. Әдеби тілдің бір кезеңдегі норма кейін басқаша түрде жалпыхалықтық қасиетке ие болған болса, сезімтал, әдеби тілге талғам мұнарасынан қарайтын жазушы бұрынғысын өзгертуді ар көрмейді.




3-тақырып: Шешендік өнердің өрісі
Мақсаты: Студенттердің белгілі дәрежеде тіл байлықтарын игеру әрекетін жетілдіру. Шешендік сөз өнері туралы мәлімет беру.
Тіл дамыту дегеніміз - адамдардың белгілі дәрежеде тіл байлықтарын игеру әрекеті, әдетте оның нәтижелері әр алуан болады. Өйткені әркімнің тіл байлықтарын қабылдау қабілеттері мен оған деген ықылас, талап-талпынулары түрліше болса, соған керекті жағдайдың кезінде жасала қоюы екіталай.

Сөз байлығын молайту, сөз тіркестерін, сөйлемдерді дұрыс түсініп, дұрыс құрай білу, жұрт алдында сөйлей білу, сөздердің орфоэпиялық нормаларын сақтап дұрыс оқу - қазақ тілі пәнін оқушылардың бәріне ортақ, бәріне тиісті талаптар. Осы орайда тіл дамыту жұмыстары тікелей оқушының тіл мәдениетін арттыра түсуіне қатысты, олар өзара тығыз байланысты екенін естен шығармау керек.

Сөйлеу мәдениетінің жоғары формасы - шешендік. Бұл бірен-саран әуесқойларға емес, қазақ, орыс тілді оқушылардың бәріне, әсіресе студенттерге қойылатын талап.

Шешендік - ой-пікірді тыңдаушыларға айқын, анық, әсерлі етіп айту (жазу) шеберлігі. Сөйлесудің сөйлеудің әдеттегі қарапайым қызметі пікір алысу, өзгелерге сөйлеушінің ой-пікірін білдіру болса, шешендік трибунасына шыққандар нәрлі, тартымды сөздер арқылы тыңдаушылардың сана-сезіміне әсер етуді көздейді.
Талдау бөлімі:

Тілдің қарым-қатынас жасау құралы болу тарихында ерекше қоғамдық күш алатын кездері болады: ол тілді жұмсаушылардың жазуы, пәлендей басқа да әсерлі құралы жоқ не тапшы кезінде, аталы сөздің күші ерекше болды. Қайғы-қасіретке душар болғанды сөзбен жұбатуға, дау-жанжалды сөзбен бітіруге, жауды найзаның ұшымен де, сөздің күшімен де жеңуге болатынын білген адам сөзді қадір тұтпай, оған тәжім етпей тұра ала ма? Таяқ еттен өтетін болғанда, сөз, тіпті сүйектен өтеді деп түсінген елге қарсы дау айтуға бола ма? Сөз өнерінің сондай табиғи күшін сезіп білген халық оны «өнер алды - қызыл тіл» деп түсінген.

Сондай өнер қазақ халқы өмірінде аса зор қызмет атқарды. Сондықтан оны былай белгілейді:

Қас жүйріктің белгісі



Құйрығынан алдырмас,

Қас шешеннің белгісі



Топтан тұяқ шалдырмас

Қазақ өмірінде сөз қадірін білудің тетігі - халықтың парасатты ойшыл екендігі, сөздің бёйбітшілікке, әділеттікке қызмет еткендігі.

Ертеде жұртты аузына каратқан ел басқарушылар, ру, тайпа ақсақалдары әділеттігі, даналығымен ел-жұрт қамын жеп, білектің күшімен ғана емес, сөзінің күшімен беделі артып, жұртқа өктемдігін жүргізді. Ел арасында дау - жанжал, талан - тараж, ұрыс - төбелес, басқыншылық күшейген кезде, сөз алыптары - билер мен ру басы ақсақалдар тарих сахнасында ерекше қызмет аткаратын болған. Солардың сөз өнері - шешендік деп танылады. Ертеде тіл, фольклор, музыка, ойын-сауық бәрі қазақ өмірінің де ұласа тұтасқан өнері болған. Олардың әрқайсысының өнер қызметінде дербес өмір сүруін тек өзара байланыс орайында ғана тануға болады.

Шешендік - ұзын сонарлы дәстүрлік құбылыс болғандықтан, сөз шеберлерінің соңғылары бұрынғыларынан үйреніп қана қоймаған, олардың терең ойлы сөздерінің мирасқоры болған.

Әдеби тіл жасалмаған кезде шешендік сездер қаншама ұтымды. тартымды болғанмен, жазба әдеби тілдің кызметін атқара алмайды. Олар тілдің алтын қоры ретінде кемелдене келіп, әдеби тіл пайда болғанда, сөйлеудің ауызекі тіл стилінің негізін құрайды. Ал әдеби тіл пайда болғанда, соның ерекшеліктерін де бойына сіңіреді.

Тілдің майын тамызып, сөздің балын ағызатын қас шешен болу оңай да емес. Өйткені шешендік дарындылықты керек етеді. Оған сондай талап қойылатындықтан да халық «жүзден біреу шешен, мыңнан біреу көсем болады» дейді. Шешендік отбасы, ошақ қасында сыналмайды, жиын, топ алдында, сөз қадірін білетін, «көкірегі сезімді, тілі орамды» көпшілік алдында сыналады.

Шешендік-шеберлік сөйлеу өнері. Ол - тіл мәдениетінін бір саласы.

Шешендік - сөйлеу тілінің орамды формасы. Оның қоғамдық қызметі әрбір тарихи кезеңде әр түрлі болып құбылуы қызметінің өзгеруімен байланысты. Сол орайда казіргі шешендер және шешендік бұрынғыларға мүлде ұқсамайды. Қазіргі шешендік саясатпен, өнер-біліммен, экономикамен байланыста дамитындықтан, жұрт алдында айтылған сөз дәл, мүлтіксіз болуды керек етеді. Сол үшін хатқа қарап, жазғанды оқып сөйлеу ерекше күш алды.

Шешендік көркем әдебиет тілінің эмоция, экспрессияға негізделген көріктеу тәсілінің бірі болуға тиіс.

Бидің де биі бар, шешеннің шешені де бар. Сондай билердің биі, шешеннің шешені аталып, қазақ даласына даңқы шыққан. Мысалы, Төле биді, Қаздауысты Қазыбекті, Қаражігіт Әйтеке шешенді, «көмей әулиесі» атанған Бұқар жырауды мақтаныш етпеске болмайды. Олар сөз қадірін білетін, шешендік өнерінің көрнекті уәкілдері ретінде сөз өнері төрінен ерекше орын алады.

4-тақырып: Ауызекі сөйлеу тілінің қазақ тілі тарихындағы орны
Мақсаты: Студенттерге ауызекі сөйлеу тілі мен әдеби тіл арсындағы ерекшеліктерді таныту. Олардың ерекшеліктерін ажырату.
Тіл мәдениеті жоғары адамдардың әрдайым көз тігетін жарық жұлдызы - әдеби тіл. Өйткені соңғы екшелген, сұрыпталған мәдени тіл, белгілі қалыпқа түскен стандартты әрі ресми тіл, халық тілінің шұрайлы байлықтармен сусынданған, көркем, өткір тіл. Солардың бәрі жалпыхалықтық сипат алып, тілдік нормалар біршама тұрақталып, жаңа нормалар пайда болды, стильдік жүйелері сараланып, қоғамдық қызметі кеңейді. Солардың бәрін игеріп, игілікті іс-әрекетін пайдалану кісіні тіл мәдениетіне жетектейді. Мәдениетті адамның көп қырлы сырының бір көрінісі - тіл мәдениетінің жоғары болуы.

Талдау бөлімі:

Әдеби тілдің не екенін, оның халық тілінен айырмашылығын, карым-қатынасы қалай болатынын білмей тұрып, тіл мәдениетінің биік шыңына кол созуға болмайды. Өйткені тіл мәдениетінің қағида, талаптары жазба әдеби тіл мен «ауызша әдеби тіл» дегеннің арақатынасынан пайда болады.

Ғасырлар бойы жасалып, үздіксіз даму, жетілу процесіндегі тілдің тарихи дәуірлері оны жасаушы халықтың тарихымен, ой-санасының даму процесімен байланысты. Сондай даму кезеңінің бірі, әдеби тіл болып қалыптасу дәуірі. Әдеби тіл - халық тілінің жоғары формасы екені, оның басты белгілері өзінен-өзі түсінікті сияқты. Дегенмен де әдеби тіл жайындағы көзқарастар әр қилы. Көркем әдебиетке қатысты етіп, «әдеби тіл деп көркем сөз шеберлері шыңдаған тілді айтамыз» (М.Горький) десе, әдебиеттің толып жатқан басқа да салаларындағы тілдің қоғамдық қызметін ескертіп, кейбіреулер «әдеби тіл - жазба тіл», ал тағы біреулер «әдеби тіл - нормаланған тіл» дейді. Қазақ тілі мамандары мен әдебиетшілерінің әдеби тіл туралы пікір айтпағандары кемде-кем. Бірақ олардың ешқайсысы әдеби тілдің анықтамасы мынау, сипаттамасы мынау деп, соқырға таяқ ұстатқандай пікір айтқан емес. Міне, осылай әдеби тілдің тарихы жайында пікірлердің шым-шытырық болуы әдеби және әдеби емес тілді айыра алмаудан, әдеби тілдің сипаттамасы қалай болмақ, анықтамасы не болмақ дегенге мән бермеуден деп білеміз. Әдетте бір категорияның не екенін білмей, айқындай алмай тұрып, онын басқа мәселелерін дұрыс шешу мүмкін емес.

Кейбір ғылыми атаулардын әдебиетте екі түрлі аталатыны бар, мысалы, семантика - мағына, субъект - бастауыш, объект - толықтауыш, предикат - баяндауыш, лингвистика - тіл білімі. Бұл сөздердің барлығы орыс тілінен енген. Бұлар дублет синонимдер.

Тіл мәдениетінің басты талаптарыньщ бірі - сөздердің дұрыс айтылып, дұрыс жазылуы. Дұрыс айтылмаған сөз тындаушының құлағына турпідей тиеді,- сөйлеушінің тіл мәдениетінің төмен екенін көрсетеді. Әрбір сөз халық тілінің өшпес дәулеті ретінде ол тілде сөйлеушілердің бәріне ортақ белгілі дыбыстық құрамда жұмсалып, әбден үйреншікті болғаннан кейін, оны әркімнің өзінше құбылтып айтуына болмайды. Болмайтын себебі әр сөздің белгілі тұтастық құрамы белгілі мағына білдіруіне ұштасады. Сауаттылық - тіл мәдениетінің де, мектепте қазақ тілін оқытудың да басты талабының бірі.

5-тақырып: Сөйлесе білу мен әңгімелесуге үйренудің жолдары
Мақсаты: Студенттерге сөйлесе білу және әңгімелесудің ерекшеліктерін ажырату. Тест арқылы тіл мәдениетінің деңгейін білу.
- Біздің пән «Журналистің тіл мәдениеті» деп аталады. Оның аталуын сіздер қалай түсінесіңдер? Біз немен айналысамыз?

- Біз сабақта сіздермен сөйлесу, сұхбаттасу, сөзді дұрыс айту, сөйлеу техникасы және басқаларды қарастырамыз.

- Жақсы сөйлей білгенмен, әңгімелесу қабілеті төмен адамдар болады. Осы ойға қалай қарайсыздар?

- Сөйлесуді және әңгімелесуді анықтау үшін сөздердің мағынасын білу керек. Олардың мағынасын сіздер қалай түсінесіздер?


Тақтада:

Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
buuk -> Кітаптану және кітап тарихы 050418 «Кітапханатану және библиография»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Психотерапия технологиялары
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> Мамандық «Аспаптық орындау» мамандығы бойынша күндіз және сырттай оқитын тәлімгерлердің тәжірибе жұмыстарына арналған әдістемелік нұсқау Павлодар бекітемін


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет