Қазақ ауыз әдебиеті



Дата07.07.2020
өлшемі39,94 Kb.
#74958
Байланысты:
Қазақ ауыз әдебиеті




Қазақ ауыз әдебиеті
1.Ауыз әдебиеті — халық шығармашылығының айрықша саласы, ауызша шығарылып, ауызша тараған көркем-әдеби туындылардың жиынтық атауы.

Қазақ халқының мұндай сөз өнерін ғалымдар ауыз әдебиеті деп атаған. Сонымен бірге ғылым мен мәдениетте “халық шығармашылығы”, “халық поэзиясы”, “халықтың ауызша сөз өнері” дейтін атаулар да осыған жақын мағынада қолданылады. 1846 жылы ағылшын Вильям Томс ұсынған “фольклор” (ағылшынша lolk — халық, lore — білім, даналық) сөзі де ауыз әдебиеті атауы үшін халықаралық ғылым атау ретінде орныққан. Бұлардың қай-қайсысы да бірінің орнына бірі қолданыла береді. Бірақ мағыналары бір емес.



Мысалы, “халық поэзиясы” дейтін ұғым өлең түрінде айтылатын поэзиялық жанрларды жинақтап атауға лайық болса, “халық шығармашылығы” — халық шығармашылығы мен өнерінің барлық түрлерінің жалпы атауы, “ауызша сөз өнері” — прозалық та, поэзиялық та шығармалардың ортақ ұғымы. Бұларға қоса “халық даналығы”, “халық білімі” деп аударылатын “фольклор” терминінің мән-мағынасында да елеулі айырма бар. “Фольклор” атауы орыс ғалымдарының зерттеулері арқылы халықтың ауызша поэтикалық шығармашылығы деген мағынада қалыптасқан. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы “ауыз әдебиеті” деген ұғым да “фольклордың” осы мәнімен сабақтас.  Бұлар бірін-бірі толық алмастыра береді. Ауыз әдебиетіін зерттейтін ғылымды “фольклортану” деп атау да осыған байланысты. Қазақ халқының ауыз әдебиеті өзінің көркемдік-идеялық нәрімен, эстетикалық қуат-тегеурінімен, түрі мен жанрларының молдығымен, тақырыптық және сюжеттік байлығымен, қоғамдық-әлеуметтік және тәрбиелік терең мән-мазмұнымен ерекшеленеді. Ол — көне тас дәуірінде пайда болып, түркілік тұтастықты бастан кешірген, одан бері де қазақ халқының қалыптасу тарихымен біте қайнасып, бірге жасап келе жатқан теңдесі жоқ рухани мұра. Байырғы ата-бабаларымыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, жақсы мен жаман туралы түсініктерінен, асыл арманы, биік мұратынан жан-жақты мағлұмат береді. Әрі ұлттық рухани мәдениеттің ғасырлар тізбегіндегі тарихи өзгерісін, этникалық санамен қарайлас жүріп өткен жолын да көз алдымызға елестете алады. Ауыз әдебиетінің шығарушысы да, таратушысы да, тыңдаушысы да — халық. Сондықтан ол, шын мәнінде, халықтың өз еншісі болып табылады. Ауыз әдебиетінің осы өзгешілігі оның әлеум. бітімін де айқын сипаттайды. 20 ғасырдың басына дейін көшпелі қоғамда туып, көшпелі қоғамның талап-талғамы мен әлеуметтік қажеттілігіне толық жауап берген ауызша сөз өнері өзінің барлық даму жолдарында айрықша жүк арқалады, көркемдігі мен әлеум.-қоғамдық қызметі бойынша ең биік тұғырға көтерілді. Халықтың тарихи зердесі, философиялық ой-түйіндері, педагогикалық тәжірибесі, адамгершілік нормалары, кәсіптік әдебиетке тән көркемдік сұраныстары, театрлық өнерге тиесілі есесі ауыз әдебиетіне жүктеледі. Іс жүзінде оның араласпайтын саласы қалған жоқ. Шілдеханадан бастап рулар арасындағы дау-дамайларға, бесік жырынан бастап жоқтауға, ем-домнан бастап лирикалық өлеңдерге, ырым-түсініктерден бастап қоғамдық дүниетанымдық аңыз-әңгімелерге, мифтік сенімдерден бастап қоғамдық ой-пікірлерге дейінгінің бәрі де фольклорға тоғысты. Сондықтан да ол қай заманда да белгілі бір топтың (немесе таптың) ғана мұрасы болған жоқ. Бұған өткен қоғамдарда қазақ ауыз әдебиеті туралы пікір білдірген адамдардың әр түрлі мамандық иелері болуы да дәлел бола алады. Олар өздеріне қажет елдің тарихы, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, мінез-сипаты, дүниетанымы, моральдық-этикалық нормалары, заңдары, діні, дәрігерлік тәжирібесі, қару-жарақ, киім-кешек, жер-су, мекен, тау-тас, көл, өсімдіктер мен жануарлар туралы мәліметтерді алдымен осы фольклордан тапқан. Қазақ ауыз әдебиетінің қуатты қайнар көзі ауызша жырлаудың небір саңлақтарын дүниеге әкелді. Есімі тарихтан белгілі сонау 14 — 15 ғасырлардағы Сыпыра жырау, Асан Қайғыдан бастап кешегі Жамбыл, Нұрпейіс, бүгінгі халық ақындарына дейінгі аралықта ауызша жырлаған ақын, жырау легінің даңқы қазақ мәдениетінің тарихында біржола орын тепті. Бұл іс жүзінде халықтық фольклорлық мұраның ауызша даралық кәсіптік өнерге дейінгі жүріп еткен жолы еді. Авторлық ауызша әдеби мұраны ауыз әдебиетінің қатарына қоспағанымызбен оның төл тарихы содан басталатынына ешбір күмән жоқ.  Қазақ фольклоры біздің заманымызда өткен қоғамдардағыдай дамудың қайнар көзінде, өсіп-өркендеудің ең биік сатысында тұрмағанымен қазір де ұлан-ғайыр әлеум. жүк арқалауда. Ұлттың рухани болмысын, мінез-сипатын, тұрмыс-тіршілік тынысын әлі сол фольклор арқылы айна қатесіз танимыз. Еліміздің тәрбиелік, эстетикалық, адамгершілік мұраттарының айқын айғағы, рухани өлшемі де сол фольклордан бастау алады. Ауыз әдебиеті жанрлық құрамы жағынан да сан-салалы болып қалыптасты. Тұрмыс-салт өлеңдері (еңбек-кәсіп, аңшылық, үйлену, жерлеу салты, наным-сенім т. б.), ертегілер, аңыздар, әпсаналар, мифтер,эпостық жырлар, тарихи өлең, қара өлең, лирикалық өлең, өтірік өлең, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, айтыс, шешендік сөздер, жаңылтпаштар, драмалық үлгідегі шығармалар... — міне, ауыз әдебиетінің негізін құрайтын осы бір жанрлардың өзі әрі қарай түр-түрге бөлініп кете береді. Бұлардың қай-қайсысы болса да сөзбен айтылатын шығармалар және олардың негізгі құралы сөз. Сондықтан ауыз әдебиеті, ең алдымен, сөз өнері. Рас, ауыз әдебиетінде сөзден басқа әншілік және орындаушылық өнер де айрықша қызмет атқарады. Ақындық, музикалық және театрлық шығармашылықтың мұнда қабаттаса қолданылуы табиғи жағдай. Алайда ауыз әдебиетінде сөзден басқа өнердің түрлері қосымша қызмет атқарады. Себебі ауыз әдебиетіне жататын шығармалардың идеялық көркемдік мән-маңызы, эстетикалық қуаты, тәрбиелік мәні, ең алдымен, бейнелі сөзге негізделген. Әрине сөз өнеріне жазба әдебиет те жатады. Фольклор мен жазба әдебиет айтылу, таралу ерекшеліктері және идеялық-көркемдік өрнегі бойынша бір-бірінен бөлек дүниелер. Бұл өзгешелік көркем шығарманың жаратылысындағы мезгілдік және мекендік өлшемдерден айқын көрінеді. Ауыз әдебиеті табан астынан тыңдаушыға арналып айтылатындықтан (немесе орындалатындықтан) және суырып салып шығарылатындықтан мезгіл жағынан шектеулі болады, яғни әр жолды, әрбір шумақты, бейнелі тіркестерді айтушының ұзақ уақыт ойланып-толғанып отыруына мүмкіндік жоқ. Сондықтан көркем шығарманы алғаш шығарып отырған мезгіл де, оны ауызша орындау уақыты да бұл арада бірдей. Себебі ауызша шығарма тыңдаушы алдында қолма-қол шығарылатындықтан оны жазба әдебиетіндегідей үздік-создық, бірде жылдамдатып, бірде үзіліс жасап, ұзақ ойланып шығаруға мүмкіндік жоқ. Сөйте тұра табан астында шығарылған өлең-жырдың эстетикалық қуаты, нысанаға дөп тиіп жатқан әсерлілігі, өнер ретіндегі өзгешелігі тыңдаушысын қашанда тәнті еткен. Бұл жағынан жазба әдебиеттен оның қызметі бір де кем емес. Дегенмен, ауыз әдебиетінің импровизаторлық сипаты оның көркемдік табиғатының өзгешелігін көрсетеді. Атап айтқанда, ауыз әдебиеті шығармаларында ортақ сюжеттер, сарындар, тұтас шумақтар, бейнелі тіркестер, өлеңнің даяр үлгілері мен ұйқастары жиі кездеседі. Әрі мұндай қайталаулар мен ортақ белгілер ауызша жырлаудың белгілі бір дәрежедегі “қалыптық” сипатымен байланысты, яғни ауызша айту қалыптасқан үлгілер арқылы жүзеге асырылады. Ал жазба әдебиет табиғаты бұл жағынан мүлде бөлек. Жазбаша шығарманың жазылу процесінде тыңдаушыға тәуелді уақыт шектеушілігі мұнда болмайды. Жазушы мен жазба ақынның көркем шығарманы жарату кезіндегі уақыт еркіндігі мол. Осыған орай даяр үлгімен шығару, шығарманың түрлі деңгейлеріндегі қайталаушылық пен біркелкілік жазба әдебиетке жат. Бұл өзгешелік сөз өнерінің осы екі түрінің көп нұсқалы болу-болмау сипатына да тікелей қатысты. Ауыз әдебиеті. ауызша шығарылып, ауызша тарайтындықтан шығарманың үнемі өзгеріс үстінде болатындығы заңды құбылыс. Себебі ауызша айту, бұрын шығарылған тексті орындау — ешбір өзгеріссіз қайталап шығу емес, керісінше, ол — шығармашылық процесс. Онсыз шығарманың заман ағымына лайық қайта түлеп отыруы мүмкін болмайды. Әсіресе, ірі жанрларға тән осы ерекшелік шығарманың бір айтушыдан екінші айтушыға, бір дәуірден екінші дәуірге ауысу барысында айрықша көрінеді. Ауыз әдебиетінің көпнұсқалы болуына ықпал ететін жағдайлардың бірі — тыңдаушылар ортасының өзгеріп отыратын әлеум. талап-тілектері мен көркемдік Қазақ халқының ауыз әдебиетін жинау жұмысы 18 ғасырдандан басталады. Ресейден Қазақ даласына шыққан түрлі эскпедициялардың мақсаты фольклорлық және этнографиялық деректерді де жинау болатын. Алайда, фольклор үлгілерін жүйелі түрде жинау жұмысы 19 ғасырда жүзеге асты. В.В. Радлов, Г.Н. Потанин, Ш.Уәлиханов, А.Е. Алекторов, А.В. Васильев, сияқты ғалымдар ауыз әдебиеті жанрларын жіктей отырып, олардың текстол-сына да көңіл бөлді. Түптеп келгенде фольклорлық мұраны жинау және жарыққа шығару халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, наным-сенімін, дүниетанымын білудің негізгі дерек көзіне айналды. Ал 20 ғасырда фольклорды жинау мен жариялау жұмысы, мейлі ол идеологияның құралына айналса да, мемл. тарапынан қолдау тапты. 20 ғасырдың басындағы Ә.Диваев бастаған бірнеше экспедициялардан бастап, жер-жерден жинау жұмысы үздік-создық күні бүгінге дейін жалғасып келеді.сұраныстары.  Көшпелі қоғамның мұндай қажеттіліктерін жан-жақты әрі тұтастай атқарған өнер ауыз әдебиеті болады. Фольклор үлгілерін жинау ісі оны жарыққа шығару жұмыстарымен қатар жүріп жатты. 19 - 20 ғасырлардың басында Қазан, Уфа қалаларында қазақтың батырлық жырлары, діни және ғашықтық дастандары көптеп жарық көрді.

“Ер Тарғын, “Қыз Жібек”, “Алпамыс”, “Бозжігіт”, “Мұңлық - Зарлық”, “Шәкір - Шәкірат” т.б. жыр- дастандар дүркін-дүркін қайта басылып шықты. Ал, кеңестік дәуірде ауыз әдебиетітінің көптеген үлгілері белгілі бір түзетулер мен редакциялауларға ұшыраса да, көпшілікке жол тапты.  Эпостар, дастандар, ертегілер, аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, айтыстар, шешендік сөздер, жұмбақтар т.б. тізбелі болып та, жеке де жарыққа шығып келеді. Бұлардың ішінде, әсіресе, “Алпамыс”, “Қозы Көрпеш - Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, “Қамбар батыр”, “Қобыланды батыр” эпостарының екі тілдегі ғыл. (қазақша және орысша) басылымының шығуы фольклор текстол-сындағы ірі жетістік болды. Бұған қоса ауыз әдебиетінің көптомдық басылымын (1997 жылға дейін 17 томы шықты) шығару қолға алынды. М.Әуезов,Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Дүйсенов, Н.Төреқұл, Р.Бердібаев, М.Мағауин, С. Қасқабасов т.б. ғалымдардың бірнеше іргелі еңбектері жарық көрді. Ауыз әдебиетінің тарихы мен методологиясы жан-жақты зерттелді. Қазақ ауыз әдебиетініңнің озық үлгілері кәсіби ұлттық өнердің өзге түрлері (опера, театр, кино, кескіндеме т.б.) үшін де қайнар бұлақ, құнарлы тақырып саналады. Алғашқы қазақ опералары (Қыз Жібек, Айман — Шолпан), қазақ театры мен киносындағы сәтті шығармалардың көпшілігіне ауыз әдебиетіндегі туындылар арқау болды. Ұлттық дүниетаным мен тәлім-тәрбие жүйесін қалыптастыруды ана тілін, ұлттық тарихты зерделеуді мақсат тұтқан ғыл.-зерттеулер де ауыз әдебиеті үлгілерін айналып өте алмайды. Ауыз әдебиетінің кейбір жанрлары қазіргі заманға сай жаңа сипаттармен дамуда. Олар айтыс, беташар, жар-жар және т.б.


2.Қазақ ауыз әдебиеті(халық поэзиясы, фольклоры) — қазақ халқының бұқаралық көркем сөз шығармашылығы. Алғашқы нұсқалары ерте заманда, түркі тектес рулардың, тай-палардың сөйлеу тілі қалыптаса бастаған кезде пайда болған. Қ.а.өзенінің ежелгі үлгілері орхон ескерткіштеріндегі көне түркі жазуларынан да (7 ғ. соңы — 8 ғ. басы) кездеседі. Қазақстан мен Орта Азия, Алтай өңірі мен Еділ бойын мекендеген көшпелі түркі халықтарының кейбір ертегілері мен аңыздары, дастандары мен өлең-жырлары, мақал-мәтелдері мен жұмбақтарының негізі төркіндес екені мәлім. Мысалы, Махмуд Қашғардың ("Диуани лұғат ат-түрк", 11 ғ.). Жүсіп Баласағұнидің ("Құтадғу білік"), Рабғузидің ("Қиссасул-анбия", 13 ғ.) Еңбектерінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілері ұшырасады. Сондай-ақ, бұған қазақтың "Алпамыс" дастаны өзбектерде "Алпомиш", алтайлықтарда "Алып-манаш", башқұрттарда "Алпамыса менән барсын һылу", "Қозы көрпеш— баян сұлу" жыры Алтайлықтарда "Қозы әркеш", башқұрттарда "Кузый курпес мәнән маян-хылу", "Қобыланды" дастаны қарақалпақтарда "Қобылан" деген атпен мазмұны бір-біріне ұқсас болып жырланатыны да дәлел. Қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларының алғаш хатқа түсуі Махмуд Қашғар, Жүсіп Баласағұни кітаптары шыққан 11 ғасырдан басталады. Бүл кітаптарға енген көптеген өлең-жырлар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар қазақ ауыз әдебиетінің төл үлгілерімен сабақтас. Мысалы, "Бейнет түбі — зейнет", "адамның аласы — ішінде, малдың аласы — сыртында", "қонақ келсе — құт келер", т.б. кейінірек басылып шыққан "Кодекс куманикус" (Венеция, 1363) жинағында да көптеген қазақ жұмбақтары кездеседі. Мысалы, "Ерте тұрдым — алып ұрдым" (есік), "Айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау" (жұмыртқа), "буы бар да ізі жоқ" (кеме) т.б. Қазақ ауыз әдебиеті ежелгі үлгілерінен қазақ халқы даму тарихының ор түрлі кезеңдерін, оның рухани сана-сезімінің өсу дәрежесін танытуға болады. Бұған алғашқы коғам, рулық-патриархалдық дәуір, феод, заман қазіргі ауыз әдебиетінің өз мазмұнымен, түрімен ерекшеленетіні айғақ. Мысалы, табиғаттың дүлей күшіне табыну, жалбарыну сарынындағы өлең-жырлар алғашқы қоғамдық дәуірдің жемісі болса, шаман, Ислам діндеріне байланысты туған өлең-жырлар сол діни ұғымдардың үстемдік еткен кезеңдерін байқатады. Қазақ ауыз әдебиетінің негізгі жанрлары — тұрмыс-салт жырлары, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, тақпақтар, шешендік сөздер, ертегілер, батырлар жыры, ғашықтық жырлар (лиро-эпос), тарихи жырлар, айтыс өлеңдер. Бұлардың бәрі де мазмұнына, тақырыбына, құрылысына қарай ішкі жанрлық түрлерге жіктеледі. Басқалардан гөрі тұрмыс-салт жырларының түрлері көп. Діни ұғымға байланысты өлеңдер, арбау, жалбарыну, бәдік, бақсы сарыны болып бөлінсе, үйлену, қыз ұзатуға байланысты өлеңдер — той бастар, бет ашар, жар-жар, сыңсу болып дараланады. Бұлардан басқа тіршілік кәсіпке, төрт түлік малға байланысты да өлең түрлері және адам өміріндегі мүңшерді білдіретін қоштасу, естірту, көңіл айту, жұбату, жоқтау тәрізді өлеңдер де бар. Қазақ ауыз әдебиетіндегі ұсақ өлеңдерді халық лирикасы немесе халықтың өлең-жырлары деп те атайды. Осы топқа жататын шығармаларға қара өлең (он өлеңі), өтірік өлең, бесік жыры және толғау, терме, тақпақты да қосуға болады. Дастандар тобына батырлар жыры, лиро-эпос, тарихи жырлар жатады. Ертегілер: қиял-ғажайып ертегілері, хайуанат жайындағы ертегілер және салт ертегілері болып бөлінеді. Шешендік сөздер, қанатты сөздер, нақылдар, мақал-мәтелдер — бейнелі сөздер тобын құрайды. Жұмбақтар мен жаңылтпаштар да осы топқа жақын. Қазақ ауыз әдебиетінің жанрлары бір мезгілде пайда болған есім. Тұрмыс-салт жырларының кейбір түрлері көне заманның куәсі болса, тарихи жырлар, айтыстар бертінде шыққан. Алғашқы дәуірдегі шығармаларда мифтік, діни сенімнен туған түсініктер орын алса, кейінгі кезде өмір шындығын, тұрмыс-тіршілік тынысын, нақты құрылыстарды көрсетуге талпыну байқалады. Қазақ қайығы - көлік құралы.Сырдария өткелдерінде кеңінен қолданылған. Қазақ қайығы тарихи дерек көздерінен де белгілі. Зерттеуші К.Ақышев араб географтарының мынадай дерегін келтіреді: "Су көбейген кезде 30 фарсах жерге дейін үлкен аймақты басып... төбелердегі ауылдар мен елді мекендерге тек қайықпен баруға бо-латын" (К.Ақышев). Сырдарияның Отырардағы тұсында ескі заманнан-ақ үш қайық, Ақжар, Маякум, шеңгелді өткелдерінде қазақ қайығы пайдаланылған. Қазақ қайығы омыртқа, қарақұс, жақтау, беріктік секілді негізгі және шау, бұлқын сияқты қозғаушы, бағыттаушы бөліктерден тұрады. Қайықтың әр бөлшегін үлгісіне қарай тораңғы діңінің түзу және иіңді бөліктерінен төрт қырлы етіп байтесемен шауып, бір-біріне қиюластырып, ағаш бұрғымен тесіп, жиде шегемен бекіткен. Қайықтың жарығын таза мата қиындысымен тығындап, сыртын ешкінің майымен майлаған. Сырдарияның Отырар тұсындағы өткелдерінің соңғы қайықшылары-Ақжардағы  әлі, Маяқұмдағы Әбді, шеңгелдідегі Сағынтай, соңғы ұстасы Надайымбек Сыздықұлы.

Жоспары:
1.Ауыз әдебиеті
2.Қазақ ауыз әдебиеті

Пайдаланылған әдебиеттер:
 1.Қазақ фольклористикасының тарихы, А., 1988
2.Қазақ фольклорының тарихилығы, А., 1993
3. Әуезов М., Әдебиет тарихы, Қызылорда, 1927

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет