«Қазақ» газетіндегі ұлт-азаттық КӨтеріліс туралы мақалалардың маңызы



Дата26.06.2018
өлшемі76,5 Kb.
#44216
«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНДЕГІ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІС ТУРАЛЫ МАҚАЛАЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ
М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы мерзімді баспасөздегі публицистикалық шығармаларды талдау мен онда көтерілген замана көрінісін тақырыптық және идеялық жақтарын ашу мен тану қазақ баспасөзі тарихында бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып қала береді. Бұл тақырыптың өзектілігі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы мақалалардың отандық баспасөздегі орны мен рөлі әлі күнге дейін өз деңгейінде анықталмай келеді. Адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі – бейбітшілік десек, осы проблеманы жүйелі қозғап, осы өзекті мәселелер төңірегінде жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берерлік материалдарды үзбей жазып, басып келген басылымдар баршылық. Қоғамдық-саяси ойымыздың қалыптасуына үлес қосқан, халықтың асыл армандарын насихаттаған «Қазақ» басылымының бүгінгі қазақ қоғамындағы рөлі зор.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қазақ баспасөзінде жазылу деңгейін, соғыс және бейбітшілік проблемасының көтерілуін, тақырыптық, проблемалық, пішіндік жетістіктерін парықтау, сол кезеңдегі көрнекті публицистер материалдардарына талдау жасай отырып, дәйектеуді мақсат еттік. Осы арқылы ХХ ғасыр басындағы қазақ басылымдарының негізгі ұстанымын айқындауда белсенді журналистердің мақалалары басты назарда болды. Қазіргі күні қалыптасып отырған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті баспасөзде жазу мәселелері жөніндегі жаңа көзқарастар, саяси сипаттар сараланып, оларды түрлі сараптамалық ойлар негізінде қорытуға болады.

Қазіргі кезде ұлттық санадағы терең өзгерістер, мемлекетіміздегі жаңа бетбұрыстар тарихымыздағы бұрмаланған тұстарды, тарихи оқиғаларды, соның ішінде халық санасының оянуының бастамасы болған ұлт-азаттық көтерілістерді тарихи шындық тұрғысынан зерттеп қарастыруды қолға алуға жақсы мүмкіндіктер туып отыр.

«1916 жыл тарихи оқиғаларына байланысты жаңаша ойлау және оған байланысты «ақтаңдақтарды» қайта қарастыру еліміздің егемендігін алып, тереземіз тең мемлекет болғаннан соң ғана мүмкін болып отыр» [1,159-б]. Кейінгі жылдар көлемінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихына қалам тартқан ғалымдардың көптеген зерттеулері мен мақалалары баспасөз бетінде жарық көруде. Бұл мақалаларда осы тақырыпқа алғашқы болып қалам тартқан ғалымдар мен жазушылардың және мемлекет қайраткерлерінің еңбектеріне оңды баға берілуде. Мәселен, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Манаш Қозыбаевтың «1916 жыл: ұлт-азаттық революция тарихының тарихнамасының кейбір мәселелері» [1,258-б] атты мақаласында «Қазақстан мен Орта Азиядағы 1916 жыл көтерілісі» жайында көп жазылған. Мәселені ең алғаш зерттеудің әу басында тарихшылардың аға буын өкілдері С.Аспандияров, А.Байтұрсынов, Т.Рысқұлов, С.Меңдешов, Б.Алманов, Б.Қаратаев, Ж.Аймауытовтар тұрды.

Осы есімі аталғандардың басым көпшілігінің 20-30 жылдары жарық көрген еңбектері олардың авторлары жалған жаламен «халық жаулары» [2,262-б] ретінде айыпталғаннан кейін ғылыми айналымнан алынып тасталған болатын. Көтерілістің басты ошағының біріне айналған, переселендер көп қоныстанған Жетісу өлкесіндегі қанды оқиғаның шындығын көрсеткен қазақ халқының қайраткері Мұхаметжан Тынышбаевтың жазбалары мен архив деректері [3] осыны дәлелдейді. М.Тынышбаевты ақылшы, басшы ретінде таныған өлке қазақтарының көтеріліс себептері жөніндегі онымен кеңесіп жазған арыз-шағымдарында біраз шындықтың беті ашылады. М.Тынышбаевтың осы мәліметтері негізінде және өзі куә болған оқиғалар жөнінде жазған пікірлерінен, көтерілістің шығу мақсаттарын барлық зерттеушілерден бұрын айтып кеткені көрінеді. Мәселенің деректік көзіне айналатын, обьективті тұрғыдан жазылған бұл жазбаларға жаңа көзқараспен қарау 1916 жыл оқиғасының әлі беймәлім жақтарын ашуға көмектеседі. М.Тынышбаевтың 1916 жыл оқиғалары жөнінде Түркістан генерал-губернаторына берген жауабында үлкен тұжырымдар жасалған. Онда патша үкіметінің саясаты, жергілікті әкімшіліктің оны армансыз өз құлқындары үшін пайдаланғандығы қаз-қалпында көрсетілген. Қазақ елінің 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы инженер-тарихшының қоғамдық қызметі мен шығармашылық еңбегінде ерекше орын алғандығы жайында сол жылдары Орынборда жарық көріп тұрған «Қазақ» газетінде былай делінді: «М.Тынышбаев ІІ – Мемлекеттік Думаның ағзасы, инженер. Саясат ісіне жетік халыққа таза жолмен қызмет етіп жүрген алдыңғы қатарлы зиялы азамат. Жетісуда бүліншілік болғаннан бері Мұхаметжан көзге көрінерлік көп пайда келтіріп жүр. Былтыр Түркістан уалаятында Куропаткинге генегерал-губернатор болғандығын /1916 ж. 10 тамыз/, мәселенің бәрі Жетісу қазақ-қырғызында емес, жергілікті хәкімдердің жауыздығынан болғандығын Куропаткинге жете түсіндіруші Мұхаметжан Түркістан уалаятындағы қазақ-қырғыздардың жерін Жетісу переселендік мекемесінің зиянды саясаты бойынша мұжыққа алынғандығын жергілікті халықтардың тау мен тасқа қамалып қалғандығын һәм мұнан былай да жер алынатын болса, қазақ пен қырғыз аса таршылқта қалатындығын дәлелдеп докдад жазатын Мұхаметжан» [4,452-б]. Мұндай пайымдаулардың астарын түсінген М.Тынышбаев көтерілістің негізгі себептерін генерал-губернаторға берген хатында: «Түркістандағы орыс тұрғындарының 90 пайызы Жетісу жеріндегі толқулардың себебін көп ойланып жатпай-ақ «түркі және герман үгіттеуінен көру дұрыс емес, шындығында оның себептері қырғыз, қазақтарды ата қонысынан, жерінен айырған – отарлау саясаты мен патша жендеттерінің жасаған түрлі зорлықтары және де үлкен көтерілістерді ұыймдастырар үгітшісінің жоқтығы еді»[3,231-б] - ашық жазуымен қатар Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің қабылдауында болып, көтерілістің шығу себептерінің бірі жер мәселесінің болғанын айтқан.

1916 жылғы дүрбелең кезеңінде қатарында М.Тынышбаев бар зиялылар «Қазақ» газеті арқылы оқығандарға үндеу тастап, оларды өз ауылдарынан майданның қара жұмысына алынғандардың қатарына қосылып, майдан шебіне баруға, өзге ұлттарға басындармауға, офицерлерге қорлатпауға шақырды. Іле Әлихан Бөкейханов бас болып, олар қара жұмысқа алынғандар шоғырланған жерлерді аралауға аттанды. Ол жерерде оларды азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуге, ауруларына көмек көрсетуді ұйымдастырады.

«М.Тынышбаев пен басқа қайраткерлер 1916 жылғы көтерілісті патша жендеттері аяусыз басып-жаншылағанда шетелдерге босып кеткен қандастарды өз отанына қайтару ісімен айналысты. Босқындарды қазақ еліне қайтару үшін Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов Шәуешекке, Мұстафа Шоқай Өзбекстанға, Мұхаметжан Құлжаға аттанды»[5,244-б]. Осылайша азаттық күресі стихиялық түрде дамыған халықтың қозғалыстан кейінгі босқындық күйі ауыртпалығын да зиялы қауым көтерді.

Халқымыздың тарихында әлі күнге дейін толық түсінік таппай келе жатқан жағдайдың бірі – патша үкіметінің 1916 жылғы бұратана халықтардан солдат алу мәселесі. «Қазақ» газетінің ұлтшыл-байшыл атанып, ұзақ жылдар бойы қараланып келуі осындай жайларға да байланысты болатын. Ашығын айту керек, Қ.Бекқожин «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» [6] атты еңбегінде басылымның жарық көру мақсатын Троицк қаласында шығып тұрған прогрессивтік бағыттағы «Айқап» журналына кереғар бағыт ұстанушы орган ретінде көрсетеді. «Қазақтың» патша бұйрығын алақай салып, қуана қарсы алмағандарына оның бетінде жарияланған түрлі материалдарды оқи отырып, көз жеткізуімізге болады. Мысалы, газеттің 1916 жылғы 207-нөмірінде жарияланған мына екі мақалаға назар аударып көрейікші. Алғашқы мақала «Торғай облысы Ырғыз һәм Торғай уездерінің бас хүкіметінің бұйрығы» [7,352-б] деп аталады. Онда, «25 июньде шыққан патша жарлығы бойынша» мемлекеттегі бұрын әскерлік қызметінен азат бұратана халықтар соғыс желкесіндегі жұмысқа шақырылды. Бұратаналардың көбі, патша жарлығына сөзсіз көніп, кісілерін беріп те қойды. Дәл осы күні он мыңдаған сарт, бурят, қазақ жігіттері соғыс желкесіндегі жұмысқа кірісіп, ондағы майданға керек солдаттарды босатты.

«Г.Думаға солдаттың мәселесі» [8,238-б] деп аталатын мақала авторы М.Дулатов халықтың әлі де болса саяси ұйымдасушылығына көңілі толмай, «бұл істі қалың қазақтан күту, қашпаған қашардың аузына қарағандай болған соң, дума ашылуына қарсы Самарадан Ә.Бөкейханов, Орынбордан А.Байтұрсынов, Ақтөбе уезінен Н.Бекметов жүріп кеткендіктерін айтады. «Қазақтың» осы кездегі саяси жағдайға байланысты жылап тұрып айтатын мәселесі – думада қазақтың тілегін жеткізер, қазақ жайын түсінер адам жоқ екендігі, әрі мұсылман фракциясының жанынан бюро ашу, әңгіменің түптөркіні – қаражат. Жыл сайын бюроға адам ұстай алмасақ та, осындай қылыштың қырында тұрған шақта дума маңынан бір адам ұстау. «Бүкіл қазақ болып бір адам жібере алмауымыз масқаралық болар. Қазақ жайына қалдырмайыншы, сөзіңді сөйлеп, думаға жеткізе алатын депутат жоқ деп біліңдер» [8,238-б], - дейді Міржақып. Бұл автордың тағы бір құптарлық жағы: «Халық тілегіне қоса айтылатын нәрсе – метрика түзету мәселесі. Мұндай жауапты істі қиянатсыз істейтін мекемеге тапсырса екен, қиянатқа үйреніп қалған мекемелерге тапсырса қолайсыз шатақ істер шығып, халық лаңға түсуі ықтимал» [8,239-б], - деп алаңдаушылық білдіруі дер едік. Міне, өзіміз күні кешеге дейін ұлтшыл, байшыл деген газетіміз патшаның дегені жүріп тұрған заманда осылайша өткір сөйлеуге қаймықпаған. Ал патшаның бұйрығы «ақиқат» десе оны да түсінуге болады. Олар өздері жазғандай, қайткенде де қашып құтылмайтын іс болған соң, халық жанашыры болып, қолайлы жағын қарастырады. Осылайша, халықтың саяси сана-сезіміне қозғау салады.

Бүгінгідей плюрализм – пікір еркіндігі тиіп отырған кезеңде, өткен тарихымызды саяси таразылау жолында ешқандай бұрмалаушылыққа жол берілмеуі тиіс. Мұны айтып отырған себебіміз «Арай» журналының 1991 жылғы 1 – 2-сандарында жарияланған журналист Ю.Шапоревтің тарих ғылымының докторы В.К.Григорьевпен сұхбаты «Алашты», оның органы ретінде «Қазақты» теріс бағалайды. 1917-1918 жылдары газет осы партияның ресми органы болды дегенімен қоймай, 1913-1916 жылдар аралығында көтерген идеялар «Алашорда» партиясының негізін қалады деуге дейін барады. Оны біз жеңілдетіп айтқанда газеттің рөлін түсінбегендік деп ұғынамыз. Осы сөз орайы келуіне қарай бір мәселені ашық айтуымыз керек. Баспасөзді, шығарманы түпнұсқасында оқи алмайтын басқа ұлт өкілдері кейбіреулердің шаласауат аудармасы не ауызекі айтып беруі арқылы бағалап, ғылыми атақ-дәреже алғанымен тұрмай әрі қарай зерттеген болып, орыс тілді оқырмандарға қате түсінік береді. Әйтпесе, қазақ тілін жете түсіне оқу өз алдына, араб харпінің өзін біле бермейтін кісілер қалай әділ баға беруі мүмкін. Алаш партиясының бағдарламасын түпнұсқада ілгері аталған кісілер оқи қойды ма екен деген де күдік туады. «Алаш» партиясы қабылдаған алғашқы бағдарламасының жобасында жазылған «Мемлекет қалпы», «Жергілікті бостандық», «Негізгі құқық», «Дін ісі», «Билік һәм сот», «Ел қорғау», «Салық», «Жұмысшылар», «Ғылым-білім үйрету», «Жер мәселесі» деген тарауларының идеялары бүгінгі егемен Қазақстанның жаңа конституциясында қабылданған негізгі заң баптарымен ұштасып, өмірден өз орнын тауып жатқаны бұл партияның нені көздеп, нені аңсағанын қиналмай-ақ түсінуге болатын сияқты [9,145-б].

Кезінде «Қазақ» басылымы әскери цензураның қатаң бақылауында болған. Оны «Қазақтың» әр нөміріндегі» дозволено военной цензурой» деген бұрыштамадан көреміз. Мысалы, газетте 1914 жылдың тамызының үші күнгі нөміріндегі бас мақалада жарияланбай қалған.



  1. «Солдаттық мәселесі» атты бас мақала былай басталады: «Қазақтан солдат алу хабары шыққан кезде ол туралы газетімізде жазылған пікірлер оқушылардың есінде шығар. Бұл хабардың рас-өтірігі бұл күнге шейін айқындалған жоқ. Алдымыздағы февраль ішінде Г.Дума ашылмақшы. Егер ол хабар рас болса, ықтимал думаның осы мәжілістерінде қаралып та қалар. Сондықтан солдаттық мәселесі туралы кейбір пікірлерді жазып өту артық болмас деп ойлаймыз» [10,455-б]. Қазақтан солдат алынатын бола қалса, оның тіршілік қалпы ойсырап зиян көрмеуіне әр түрлі шаралар қылып, бұрыннан солдат беріп үйренген жұрттардан көрі де жеңілдік болуы шарт екені тілге тиек етіледі. Бұл мақалада қазақтан солдат алына қалған күнде, жаяу солдат бола алмайды, казак-орыс қылмаса, казак-орыс қылғанда мемлекеттің айбынды әскері боларлық жұрттың тіршілік шаруа жағын да уайымсыз қылып, жерінің жақсысын казак-орыс ретінше беруі лайық екені де айтылады. «Заң бойынша, әскерлік қызметінен бұл күнге шейін азат болып келген халықтар бар. Бұл сұрапыл соғыста мемлекеттің барлық күшін біріктіру қажет болып тұрғанда, қару көтеріп соғысқа жарарлық миллиондаған халықтардан солдат алынбау дұрыс емес» [10,456-б].

«Соңғы күндерде қазақ халқы құлағын түрген нәрсе солдаттық мәселесі болып, мұның жай-жапсарын білуге, қазақ жайын депутаттарға білдіругке Петроград барып қайттық. Бұл туралы түгел мағлұмат “Қазақ” бетінде қазір жазылып жатқандықтан, ол жағын ұзатпай, тек мұсылман фракциясына жәрдем һәм жәрдемші жеткізу жағын құлақтарыңызға саламыз. Думада қазақтан депутат жоқтығы, өзгелер қазақ жайымен жете таныс еместігі, мұсылман депутаттарының саны өте аздығы,жұмысы аса көптігі белгілі. Құралақан біз түгіл депутаты бар ноғай туғандарымыз да депутаттарының қасына жәрдемшіге кісі қосып жатыр» [10,457-б]. Түрлі мәселелер майданға түсіп, басы-қасында кісіміз жоқ болып тұрған кезде, мұсылман фракциясына ниеттес болып, қазақ жұмыстарын бірге кеңесетін, бірге істесетін ақылшы адам керектігін әңгіме етеді. Олай болса, көп ойлап уақыт өткізбей, басқалар қайтер екен деп арбаспай, мүмкін қадір тез қимылдап, ісі істерді орындауға автор шықырады.

Қазақтан әскер алу хақында “Қазақтың” 171-172 нөмерлерінде Петроград хаты айтады: “Казак болу қазақ тұрмысына жақын екенін, мұны қазақтар өзі көріп отыр. «Әйтеуір әскерліктен қазақ бас тарпайтын болған соң, бізге казак болудан басқасы жоқ. Егер кезінен қалғып-мүлгіп кеш қалсақ кейінгі ұрпақтарымыздың көз жасына қалғанымыз, онан соң көрде тыныш жату болмас” деп қайғысын қосып. Қара қазан, сары баланың қамын айтып кім қайғырмаған? [10,359-б].

1916 жылдың басынан жұрт шабуылда болып, басшылары неше жерде жиылыс ашып, хан ордасына, бұл орысша ханская ставка аталады, Астрахан губернаторы келіп, мұндағы временный советпен мәжіліс құрып жатқаны да «Қазақ» газетінде үзілмей жазылып тұрған.

Бақыткерей Құлман баласы, бұл бірінші Г.Думада Астрахан қазағы сайлаған депутат. Жанарал басшы болған мәжіліске кіріп Бақыткерей жұрт тілегін айтты. Бақыткерей айтқан жұрт тілегі «Қазақ» газетінде былай жазылады: «Қазақ патша жарлығына құл. Қайда патша айдаса, жұрт сонда болады. Егін пісіп тұр. Пішен шабылып көпенеде жатыр, шошаққа салынған жоқ. Жігіт бәрі соғыс қызметіне алынса, шаруа күйзеледі. Орыстан солдат алған уақытта жұрт мойнына түскен жүкті жеңілдетіп тұрған неше жол бар. Осы жеңілдік қазаққа да болсын» [11,259-б] делінген.

«Қазақ» газетінің «Тарихи жыл» атты тарихи очерк басылған. Авторы Міржақып Дулатов. Ол былай басталады: «Дүние тарихында Европа соғысы адам баласы көрмегені қандай оқиға болса, біздің қазақ жұрты үшін өткен 1916 жыл айрықша терең із қалдырған бір тарихи жыл екендігіне шүбә жоқ» [12,356-б]. Қазақ халқының өткен дәуіріне айналып қараған мақала авторы түрлі тарихи зор уақиғалар, өзгерістер бастан кешіргенін тізбелеп шығады. Публицист бұлардың әрқайсысы өз тұсында толқынсыз өтпеген болса да, ала бұлтпай, бір тап ел жаман болса, екінші аман болып, үш жүздің баласына шылығын тегіс тигізе алғанын айтады. «1916 жылдың уақиғасы өзгеше болды. Айдап өргізіп, иіріп жусатып күнелткен төрт түлік малына қатерлі он екі жылда бір айналып, көбінесе тегін кетпейтін сұм қоянды аман өткізіп, өткен жаз қазақ байдың баласы биыл кеңіп, байға жарлы теңеліп, жайлауында жадырап, өзінше өзінен бақытты жұртты білмей рахат ғұмыр өткізіп тып-тыныш жатқанында өрттен шошынып оянғандай бір күйге ұшырады. Халқын бір уыс қылды, кең дүниесін тарылтты, жүрегіне найзадай тиді. “Солдатқа алмайды, жұмысқа шақырады” деушілерді жау көрді,ешкімге сенбеді. “Солдатқа алмаймын деген ақ патшамыздың уағдасы бар” дегеннен басқаны білмейді» [12,356-б]. Бұл мақалада қазақ облыстарының кейбір уездерінде де, Жетісудай болмаса да, шет пұшпақтап көңілсіз уақиғалар болғаны, егін-пішен орусыз, жиюсыз, мал бағусыз қалып, ит пен құсқа жем болғаны да ашық айтылады.

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 212-санында шыққан М.Дулатовтың “Тарихи жыл” атты қысқа очеркінің мәні зор. Автор тек көрген-білгенін жалаң баяндап қоймай, очеркке жаңа мазмұн бере білген. Публицистикалық элементтерді жинақтап, құжат, цифрларды орын-орнымен жеткізе отырып, қазақ халқының өткен дәуіріндегі тарихы зор оқиғалар: қазақ-қалмақ соғысы, ақтабан шұбырынды, Ресейге бағынған шақ, Кенесары кезеңі, қазақ заманы, 1868 жылғы жаңа заңның шығуы - осының бәрінен де 1916 жылғы оқиғаның өзгеше болғанын ашып жазады. Ашынған автор енді өткен жылдардың үлкен сабақ болғанын айта келіп, қазақ ұлтын оянуға шақырады. ‘‘Қазақ’’ газетінің екінші редакторы болған Міржақып Дулатов тек очерк жанрында қалам тартпай, көптеген публицистикалық мақалалар жазып, қазақ баспасөзінің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер.

Міржақып Дулатовтың “Қазақ” газетінде 1916 жылы жарияланған “Қазақ жайы” [13,239-б] очеркі қазақ халқының сол кезеңдегі басынан кешіп отырған қиындығын, ұлт дамуындағы кемшін түсіп жатқан тұстарын, келешекте керек ғылым мен өнерді игеру жолдарын сөз етеді. Автор осы очеркінде қазақтың төл мақал-мәтелдерімен өз ойын дәлелді түсіндіруді жөн деп тапқан. Мысалы: “Tіршілік – бәсеке, жарыс”, “Дүние – бәйге үлестіруші”, “Басыңның сауында бер садақасын”, “Ұша алмас салсаң бүркіт томағасын”, “Жығылған күреске тоймас” [13,240-б] т.б. Бұл очеркінде Міржақып мақал-мәтелдерді көркем құрал ретінде пайдалана отырып, сол кезеңдегі қазақ халқы басынан кешіп отырған күйді жан-жақты көрсетіп, одан шығу жолдарын іздестіреді.

“Қазақ” газеті басқа газеттердегі 1916 жылғы көтеріліске байланысты материалдарды да көшіріп басып отырған. Соның бірі ”Оренбургское слобода” газетінен басылған „Қазақтан солдат алу” деп аталатын мақала. Онда: „Бұрын да һәм қазір де қазақтан солдат алуға қарсылардың көрсеттетін себептері қазақ нада, мәдениеті жоқ, орыс тілін білмейді, орыс тамағына шыдай алмайды деген сөздер еді. Бұлардың мұнысы дәлелсіз” [14,261-б],- деген уәж айтады. Расында да қазақтар һөзге жердегілердіне, қай жұрттан болса да артығырақ екенін мақала авторы дәлелдейді. „Қазақтағы” Д.Дулатовтың „Г.Дума һәм солдаттық мәселе” публицистикалық мақаласының маңызы зор. „Самардан Ахмет Байтұрсынов, Ақтөбе уезінен Нысанғаги Бегімбетов 3 февральда Петроградқа жүріп кетті. Солдаттық мәселесі туралы қазақ даласының әр тұсынан жиналған пікір, бір ізден шығып тұр” [15,270-б],- деп мақаласын қорытындылайды. Бұл публицистикалық мақалада қазақтан солдат алынбауы, лажсыз алынатын болған жағдайда жаяу солдат болмай, атты әскер болу мәселесі жан-жақты жазылады.

1916 жылғы „Қазақ” газетінің бірнеше санында „Петроград хаты” [31,272-27б] атты проблемалық бірнеше хаттық формада мақала басылған. Мақала авторлары А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов. Бірінші хатын мақала авторлары „Солдат алар ма?” деп атап, солдат алған күнде заң жобасына сәйкес келе ме, солдаттардың жас шамасы қандай болу керек деген сауалдарға жауап іздейді. Екінші хат „Не істеуге” деп аталып, қазақты қай түрде солдатқа алатыны, тек жаяу әскер емес, атты әскерге алуы қамтылуы керек екені сөз болады. Үшінші хат „Тағы не істеуге болады?” деп аталып, Ресейдегі мәдениеттің түрлі қырқасында тұрған әр түрлі халықтардың ерекшеліктері солдат алғанда ескерілуі керек екені айтылады. Төртінші хат „Мал есебі туралы” деп аталып, „1 мартта министрлер кеңесі келер 1 майға шейін патша қол астындағы елдердің малы жазылсын деп қаулы қылып, мұның шығынына 1 милллион 760 мың сом ақша шығарылсын деді” [31,279-б]. Сонда 20 айға созылған соғыста Ресей жан-жағындағы елдерден салық ретінде азық-түлік тауарларын алып отырғанының өзі құптарлық жағдай болмағанын авторлар басып айтады. 1916 жылғы көтерілістің осы саяси мәні мен сипатына, тарихи маңызына байланысты жазылған «Қазақ» газетіндег мақалаларды талдай келе ол материалдардың өзіне тән көркемдік, жанрлық, стильдік бірқатар ерекшеліктері бар екеніне көз жеткіздік. Олар мыналар деуге болады.

1. Алдымен, қазақ халқының 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі туралы мақалалар реалистік тұрғыда жазылған. Олар халықтың өмірінде, тарихында болған оқиға, авторлары басынан кешірген, көзімен көрген оқиға туралы соның үстінде, ізінше шығарылған, өмір тарих шындығын баяндайтын публицистика.



2. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі туралы «Қазақ» газетіндегі мақалалар патриоттық, ерлік, батырлық сарында жазылды. Олар бүкіл халықтың, жеке ер-азаматтардың өз бостандығы, теңдігі, өз бақыты жолында жанқиярлықпен күрескенін, сол қиянкескі күрес үстіндегі патриоттық, ерлігін, төзімділігін, тапқырлығын, асқақ, азаттық сүйгіш ой-сезімін, ізгі тілек-арманын, халықтық, адамдық қасиетін, әлді, әлсіз жағын – бәрін дәл, айқын, шебер суреттейді. Бұл жағынан 1916 жылғы көтеріліс туралы «Қазақ» газетіндегі публицистикалық шығармалар қазақтың бұрыннан дамып келген патриоттық, батырлық дәстүріндегі жаңа дәуірде, халық өмірінде болған жаңа оқиғаға байланысты жасалған халықтық жаңа публицистика деуге толық негіз бар.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Назарбаев Н. Тарих толқыныда. – Алматы. Атамұра. 1999.

  2. Қозыбаев М. Таңдамалы шығармалары. – Астана. Елорда. 2001.

  3. Тынышбаев М. Жазбалары мен архив деректері. – Алматы. Қазақстан. 2002.

  4. Тынышбаев М. Торғай һәм Ырғыз уезінің хылқына. // «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы. «Қазақ энциклодеиясы» Бас редакциясы. 1998.

  5. Қойгелдиев М. Тарих толқыны. – Алматы. Рауан. 1996.

  6. Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – Алматы: ҚМБ, 1964. – 268 б.;

  7. Торғай облысы Ырғыз һәм Торғай уездерінің бас хүкіметінің бұйрығы. «Қазақ» газеті. / Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы. «Қазақ энциклодеиясы» Бас редакциясы. 1998.

  8. Дулатов М. Г.Думаға солдаттың мәселесі. «Қазақ» газеті. / Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы. «Қазақ энциклодеиясы» Бас редакциясы. 1998.

  9. Алдабергенов Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразай Ф. Қазақ журналистикасының тарихы. – Алматы: Рауан, 1996.

  10. Байтұрсынов А. Казак болу қазақ тұрмысына жақын. «Қазақ» газеті. / Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы. «Қазақ энциклодеиясы» Бас редакциясы. 1998.

  11. Астрахан қазағы депутат. «Қазақ» газеті. / Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы. «Қазақ энциклодеиясы» Бас редакциясы. 1998.

  12. Дулатов М. Тарихи жыл. «Қазақ» газеті. / Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы. «Қазақ энциклодеиясы» Бас редакциясы. 1998.

  13. Дулатов М. Қазақ жайы. «Қазақ» газеті. / Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы. «Қазақ энциклодеиясы» Бас редакциясы. 1998.

  14. Қазақтан солдат алу. «Қазақ» газеті. / Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы. «Қазақ энциклодеиясы» Бас редакциясы. 1998.

  15. Дулатовт Д. Г.Дума һәм солдаттық мәселе «Қазақ» газеті. / Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы. «Қазақ энциклодеиясы» Бас редакциясы. 1998.

  16. Байтұрсынов А., Дулатов М., Бөкейханов. Ә. Петроград хаты. «Қазақ» газеті. / Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы. «Қазақ энциклодеиясы» Бас редакциясы. 1998.

Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет