Қазақ СӨзінің бапкері



Дата11.01.2017
өлшемі108,99 Kb.
#7394
ҚАЗАҚ СӨЗІНІҢ БАПКЕРІ

 

Рәбиға Сәтіғалиқызы Ақтөбе об­лысына қа­расты Ойыл қала­шы­ғында дүниеге келген. Зады, “Ұяда не көр­сең, ұшқанда соны іле­сің” деп қазе­кем тегін айтпаса керек. Рекең өскен ұяның игі жақсы адам өсіру­дегі, аза­мат тәрбиелеудегі өнегесі өзгеше бол­ған. Оның үстіне сол кезең­нің ауырт­палығы, заман­ның қиыншы­лы­ғы да жас қыздың жанын болаттай етіп, шыңдауға өз үлесін қо­сып жат­ты. Кіші жұттар отызыншы жыл­дар­дағы ұлы жұтқа ұласып, елді есең­гі­ре­тіп тастағаны белгілі. Бұл аз бол­ған­дай, халқы­мыз­дың ардақты азаматтарын қудалау бас­тал­ды. Әкесі Сәтіғали “Алаш” құрамында бол­ғандықтан ұсталып, “халық жауы” ата­лып, 1937 жылы атылған кезде ол бар-жоғы он үш жаста еді. Жақсы адамның балалары да әлбетте жақсы болуға тиісті ғой. Осы бір айтуға жеңіл болғанмен, жүзеге асырылуы оңайлыққа түспейтін ақиқатты жүзеге асыруды ойлап, аманат жүгін арқа­ла­ған жас бала өзінің әкесі тәрізді ай­ту­лы азамат болуға бекінген еді. Рекеңнің ата-анасынан кейін пір тұтқан адамы – өзінен екі жас үлкен ағасы Хамит болатын. Бо­йын­дағы бекзаттық жаратылысы көз­ге ұрып, айқын байқалып тұратын адам еді. Қарын­дасына жанашыр, медеу бо­ла білген ағаны апайдың ерекше құрмет тұ­та­тындығы байқалады. Ол кісінің әлі күнге ағасының атын аузынан тас­та­май, “мен барлық атақ, лауа­зым­дары­мнан “Хамиттің қа­рын­дасы” деген сөзді биік қоямын” деуі тегін бол­маса керек. Ағайын арасындағы қимас сезім, аға-қа­рындастың өзара сый­лас­тығы исі қазаққа үлгі болар­лық­тай. Ойлай білген адамға осының өзі бір өнеге.

Қызмет жолын 1940 жылы Ақ­төбе облы­сы Алға стансасындағы бастауыш мектепте мұ­ға­лімдіктен бастаған жас қыз 1942-45 жылдары Темір қаласындағы орта мектепте, педучилищеде ұс­таздық қызмет ат­қа­­рады. Бұл білімнің жет­і­м­сіздеу екенін байқаған­дық­тан, Алматыдағы Абай атын­дағы Қазақ педа­гогика инс­титутының үшін­ші курсына түсіп, оқуды 1947 жылы бітіріп шы­­ға­ды да осы инс­­ти­туттың аспиран­тура­сында оқиды. Аспи­­ран­турадан соң Қазақ­тың оқу-педагогика баспа­сында ре­дак­тор, редакция меңгеру­шісі қыз­мет­терін атқара жүріп, әдебиет пен өнер саласында еңбек етуді, қалам­герлік жолға түсуді ой­лай­­ды. Алайда М.Балақаев, І.Ке­ңес­­баев, Ш.Сары­баев, А.Ысқақов тәріз­ді ұстаз­дары­ның ықпалымен 1957 жылы ҚР Ұлттық ғылым ака­де­мия­сы­на ауы­сып, кіші ғылыми қыз­мет­­керлік жұмыс жасайды. Осылайша әде­биет­ке бейімдігі бар жас тіл ма­ма­нына ай­на­лады. 1959 жылы “Абай қара сө­здерінің негізгі морфо­ло­гия­лық ерек­­ше­ліктері” тақы­ры­бында кандидат­тық дис­сер­тация қорғай­ды. 1961-1967 жылдар аралығында жаңа­дан құрыл­ған Тіл білімі инсти­тутын­да қазақ тілінің тарихы мен диалек­то­логиясы бөлі­мінде мең­герушілік қыз­­метін атқарса, 1969-1975 жылдар арасында филология ғылым­дары бо­йынша Тіл және әдебиет институт­тары жанында жұмыс жасайтын біріккен дис­сер­тациялық кеңестің ғалым-хатшысы болады. Сөйтіп, 1971 жылы “Абай шығарма­ларының тілі” деген тақы­рып­та докторлық диссертация қор­ғайды. 1975 жылдан бастап Тіл білімі институты жанын­дағы Ғылыми кеңестің мүшесі. 1979 жылы Қазақ ССР Ғы­лым академия­сының коррес­пондент мүшесі болып сайланды. 1980-94 жылдары Тіл мә­дениеті бөлімінің меңгерушісі ретін­де қыз­мет жасады. Одан кейінгі жыл­­дары осы инс­ти­туттың бас ғы­лы­ми қызметкері болып ең­бек етіп келе­ді.

Рәбиға Сәтіғалиқызының жеке өмірінде тағылым аларлық сәттер мол. Өрімдей кезінде қосылған Сыз­дықов Мақаш мезгіл­сіз дүниеден озған соң, Рекең ардақты аза­ма­ты­­ның аруа­ғы­на құрмет ретінде, асыл жарға деген қимас сезімнің керемет бір бел­гі­сі ретінде Сыздық деген фа­милия­ны берік ұстап келе жатыр. Қазақ әйел­дерінің бойын­дағы сүйген жарға деген осынау ғажап қасиет­тің Рекеңнің болмысынан баян табуы кісіні сүйсіндіреді. Ерекше ризалық сезімге бөлейді.

Азаматтық пен ғалымдықты үнемі қатар алып жүретін Рәбиға Сәтіғали­қызы­ның ғылым қайраткері ретінде қалыптасуына А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титутының орны айрықша. 1957 жылдан бас­тап табан аудармай жарты ғасырдан астам осы институт қабырғасында еңбек еткен жанның ғылыми өмір жолын ғалым мен ғылым үндестігінің жар­қын шежіресі деуге болады.

Ғалымның өзіне тән бірден-бір ерек­шелігі – тіл білімі мен әдебиет әлемін бір-бірімен тұтастықта, бай­ла­ныста зерттеуі. Сөз құдіретін ұғы­нып, бағалай білетін ғалым ұлы Абай­дың сөз өрнегін зерттеуді баста­ған сонау 1950-жылдардан бергі кезеңде де сөз зергерлерінің шығар­маларын көкірек көзі­нен өткізіп, зерделеуді өзінің бір парызы са­нап келеді. Р.Сыздықтың ғалымдығын сөз еткенде оның Абайға барған батылдығына ерекше тоқталуға тура келеді. Өйткені, біз оның бұл әре­кеті­нен өмірді Абайша толғап, адамды ақынша танып, оның жазған өлең­дерінің адам жанына әсер етерлік сыйқырлы сырын тіл көркемдігі арқылы сезінуге тыры­са­тындығын көреміз. Мұны “Абай қара сөз­дерінің ерек­ше­лік­терінен” (1959) бастап, “Абай шығармаларының тілі” (1968), “Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылымы” (1970) және “Абайдың сөз өрнегі” (1995) атты еңбек­терінен ай­қын аңғаруға болады. Алдың­­ғы­лары кезінде ғылыми жұртшы­лыққа үлкен ой салған, Абайға тілдік тұр­ғыдан барудың кілтін ашқан дүние­лер еді. Ал араға жылдар салып барып қолға алын­ған кейінгі кітап ұлы ақынның сөз өрнегін бұрын ескеріл­мей келген жаңа бір қырынан сөз ететін өзгеше туындылар қатарына жатады. Міне, бұл еңбектердің бәрі оны нағыз абайтанушылар қатарына қосты. Ақын-жазушылар тілін зерт­теуді мақсат еткен жас іздену­шілер үшін бұл еңбектер таптыр­май­тын үлгі болып табылады.

Абай тілін зерделеуге бағыш­талған 1968 жылғы “Абай шығарма­ларының тілі” атты монографиясы үшін ғалымға Ғылым акаде­мия­сы­ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді. Бұл еңбекте автор қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы ұлы Абайдың қосқан зор үлесін, орнын дәлелдейді. Абай шығар­ма­лары тіліндегі лексика-морфоло­гия­лық ерекшеліктерді саралай келе ақын өмір сүрген кезеңдегі қазақ әдеби тілінің де жағдайын жан-жақты қа­рас­тырған. Суреткер қолданған лек­си­калық, грамматикалық қатпарлар­ды әр қырынан талдап береді. Онда жаңадан жасалған, көнені жа­ңарт­қан, мүлде тың қолданыстардың себеп-салдарын анықтап, ұлы ақынның шығармашылығын даралай түсетін тұстары ерекше зерделі­лік­пен баян­да­лады. Сөйтіп, “Абай – қазақтың қазіргі әдеби тілінің негізін қалаушы” деген тұжырымды тіл­дік деректермен бекіте түседі. Абайдың жазба әдеби тілдің негізін салудағы орнын анық­тай отырып, ол өмір сүрген дәуір мен ортаның ара қатынасын, сол дәуір­­­дегі әдеби тіл мен кітаби тіл бай­ланы­сын жан-жақты талдайды.

Ғалымның жоғарыда аталған “Абай өлең­де­рінің синтаксисі” атты монографиясы жалпы өлең синтак­сисіне арналған алғашқы еңбек десе де болады. Мұнда Абай тілінің құры­лым-құ­ры­лысы соншама бір сара­ман­дықпен қа­рас­тырылған. Осыны­сы­мен де ол ізденушілер мен сту­денттер қолынан түспей келе жатқан бірегей еңбектер қатарында.

 Рекеңнің “Абайдың сөз өрнегі” (1995) атты еңбегі лингвости­лис­ти­ка­лық зерттеу болып табылады. Зерт­теме лингвопо­эти­калық танымның нысаны мен мақсат-мін­деттерін сара­лау­дан, Абай тілін танудың қыр­­ларын анықтаудан басталады. Еңбек­тегі “Сөз – өлеңнің арқауы” деп аталатын тарау поэтикалық сөз мәсе­ле­леріне бағышталған болса, келесі тарауларда ұлы ақынның сөз құбылту шеберлігі, сөзді үндестіру құпия­лары, қара сөзде­­рінің стильдік және тілдік табиғаты айқындалады, Абай дәс­түрінің сабақтастығы мәселелері баяндалады.

Р.Сыздық қазақ прозасы мен поэзия­сын­дағы бұрынғы, кейінгі, орта буын, жас буын қа­лам­герлердің қай қайсысын да көзден таса етпей, жылт еткен жақсы­лық­тарын атап, көрсете білетін жан. Ол үшін әсіресе нағыз ақын атаулының жөні бөлек. Абай, Махамбет, Дулат, Мағжан, Қасым тәрізді алыптарды былай қойғанда, кешегі Мұқағали, Төлеген, Ізтайлар, қазір арамызда жүрген Тұман­байдан бастап, Өтежан, Ақұш­тап, Марфуға, Нұрлан (Оразалин), Светқа­ли­ларды тебірене оқып, олардың сөз саптау машығына таңда­ныс білдіріп отыратын Рекең­нің оқыр­ман ретіндегі талғамына сүйсін­­беу мүмкін емес.

 Ол өзінің 1997 жылы жарық көрген “Сөз құдіреті” атты еңбегінде М.Әуезов­тің 20-жыл­дар­дағы әңгі­ме­лері тілінен бастап, Шерхан Мұр­таза, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Ма­ғауин, Сейдахмет Бер­діқұлов, Орал­хан Бөкеев, Асқар Сүлейменов, Тахауи Ахтанов, Қабдеш Жұмаділов, Кәдірбек Сегізбайұлы тәрізді қазақ көркем сөзінің қас шеберлері қаламы­нан шыққан туындыларға лингвос­ти­листикалық тұрғыдан талдау жа­сап, олар­дың сыры мен сымбатын ашып береді. Сөз шеберлерінің шы­ғар­маларын сөз таңдау, сөз қол­да­ныс, сөз әрлеу тұрғысынан зерттейді.

Р.Сәтіғалиқызы “Абайдың сөз өрнегі”, “Сөз құдіреті” және “Сөздер сөйлейді” атты үш монографиялық еңбегін баяндау стилі мен тақырыбы жағынан өзіне өте ыстық кітаптар санайды. Әсіресе көркем мұраларды құмарта оқитын жұртшылықтың қолына тиген “Сөздер сөйлейді” (1980, 1994) деген еңбегі ғалымның аса бір зеректікпен орын­даған жұмысы болды. Онда ақын-жыраулар тілінде кездесетін сан алуан тұрақты тіркес­тер мен мақал-мәтелдер құра­мын­дағы көне сөздердің байырғы мағыналары ашы­лып, олардың се­ман­тикалық өрім-өзгеріс­тері сара­ла­нады. Еңбектің тарихи лексико­логия бойынша өте қажетті оқу құралының біріне айналуы сондықтан. Ғалым бұл кітап­қа ең­бегі­нің көп сіңгенін жазады. Кітапта қазіргі тіліміздегі бастапқы мағына­сы күң­гірт­тенген немесе мүлде ұмытылған, тарихи тұр­ғы­дан түркі-моңғол, түр­кі-иран тілдеріне ортақ сөздердің әуелгі мәні анықталып, олардың түп төркінін анықтаудың жолдары мен тәсілдері, шарттары айқындалады. Сөздердің көпмағыналылығы, тарихи кезең­дер­дегі тұл­ғалық және мағыналық өз­геріс­­тері ашылады.

Рәбиға Сәтіғалиқызының қазақ әдеби тілі мен қазақ жазба әдеби тілін зерделеп, олардың қалыптасу тарихын жан-жақты тарата тал­дай­тын еңбектері өз алдына бір төбе. Мә­се­лен, “Қазақ әдеби тілінің тарихы (XV-XІX ғғ.)” атты еңбегінде ол әде­би тіліміздің ұлттық дәуірге дейін­гі негізгі көздері мен арналарын анық­тап алып, әдеби тілдің ұлттық дәуір­дегі сыр-сипатын айқындайды. Оны кезең-кезеңдерге бөліп, толық сипат­тама жасайды. Жазба әдеби тілдің де болғандығын бұл­тартпастай дәлел­дей­ді. Ғалым зерт­теулерінен әдеби тіл тари­хы­на қатысты бұрын қалып­тас­қан пікір­лерден өзгеше тың ойлар­мен таныса­мыз. Бұл жерде әдеби тіл мәселесіне қатысты тарихи деректерге молынан жүгіне отырып және тілдің даму процесін қуалай іздестіре келе әдеби тілдің тарихын бірнеше ғасы­рға тереңдетіп батыл тұжырымдар жасайды. Мысалы, XV ғасырдан бастау алатын, бес ғасырға созылған жыраулық, ақындық поэзия тілін саралай келіп, Рекең ғылыми ортаға “ауызша әдеби тіл” деген жаңа ұғым мен тың терминді ендіріп, мүлдем жаңа бағыт ұсынды. Оның тіл білі­мін­дегі бұл батыл байламы қазір өзінің өміршеңдігін танытып отыр. Бұл пікірді ғалым ең алғаш рет 1984 жылы жариялаған “XVІІІ-XІX ғ. қазақ әдеби тілінің тарихы” атты моно­графиясында да әйгілеген бола­тын. Ақын-жыраулар шығармалары мен көптеген әдеби үлгілердің, фольк­лорлық мұра­лары­мыздың ел арасына ауызша таралғаны анық. Сон­дық­тан халқымыздың өз тарихи жолы мен тұрмыс салтына байла­ныс­ты ерекшелік­терінен туындайтын мұн­дай феноменді есепке алудың қажеттігі даусыз. Біздің әдеби тілі­міз­ді жазба тіл­мен ғана байланыстырған жөн бола қоймайды. Реті келгенде айта кеткен жөн, Рекең өзінің “XVІІІ-XІX ғғ. қазақ әдеби тілінің та­ри­хы” атты еңбегінде ескі қазақ жазба әдеби тілі идеясын да ортаға салып, оны бұлтартпастай етіп дәлел­дейді. Ғалым бұл ойын “Язык Жами’ат-тауарих Жалаири” атты еңбегінде де қайталайды. Шежірені сол ескі қазақ жазба әдеби тілінің бір үлгісі ретінде қарастырады. Бұл зерт­те­мелердің қазақ әдеби тілін дәуір­леудегі маңызы зор.

Профессор Р.Сыздық түркітану ілімінде де өзіндік жолы бар зерттеу­ші. Бұл ретте оның жоғарыда сөз болған “Язык Жами’ат-тауарих Жалаири” (1989) деген моно­гра­фия­сын ерекше атауға болады. Бұл ең­бек­ті зерттеудің айрықша құндылығы мынада. Кешегі бір кезеңге дейін мұндай ескерт­кіш­тердің көбінен ат-тонымызды ала қашып, іргемізді ау­­лақ салып келдік. Ондағы дә­ле­лі­міз зерт­темей жатып-ақ қазаққа тән еш­те­ңе жоқ дегенге саяды. Рәбиға Сәті­ғали­қызы кө­ке­йі­мізге көптен орнығып алған осы бір ке­ре­нау­лық­тың шынжырын үзді. Ондағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне тән, тіпті басқа туыс тіл­­дерде қайталанбайтын, кез­дес­­пейтін ­тә­­різ­ді қызықты сөз өр­нек­­­терін тауып тал­дап, анықтады. Сөйтіп, ол Қадырғали Жалаи­ридің “Жами’ ат-тауарих” атты шежі­ре­сі­нің рухани мәдениет жағынан да, тілдік тұрғыдан да қазақ халқының байырғы дәуі­­рінен қалған мұра еке­нін дәлелдеп шықты. Осы арқылы қазақ халқының рухани мұра­сын байы­туға айтарлықтай қомақты үлес қосты.

Зерттеуді Жалаиридің дұрыс аты-жөні мен ныспысын анықтаудан бас­та­ған ғалым, екі нұсқаны лингво­текстологиялық тұрғыдан са­лыс­тыра отырып, шежіре тілінің стили­сти­калық, лексика-фразеологиялық, гра­фи­калық және орфографиялық ерек­ше­ліктерін зерделейді. Ескі түркі жаз­ба ескерткіш­терінің тілдік мәрте­бесін анықтауда басшы­лыққа алы­натын негізгі ұста­ным­дарды ұсы­нады. Ескерткіш тілінің сти­лис­тикалық сипа­­тына, көркемдеу құралдарына ерек­ше назар аударудың қажеттігін жазады. Ға­лым­ның осы еңбегінде келтірілген ой тұжырым­дар ескі жаз­ба ескерткіштер тілінің қазіргі түркі тілдеріне қатысын зерттеу мәсе­лесінде міндетті түрде басшылыққа алынуға тиісті деп есептейміз.

Профессор Р.Сыздық түркі тіл­дері тари­хы­на байланысты ізденіс­терін Қожа Ахмет Ясауи хик­­меттері арқылы XІІ ғасырға қарай тағы да тереңдете түседі. Ғалым, өзінің “Ясауи хик­мет­те­рінің тілі” (2004) атты моно­графиясында хикметтердің Самарқант нұсқасы негізінде оның тіліне лексика-грамматикалық, текс­то­логиялық тұрғылар­дан талдау жа­са­ған. Р.Сәтіғалиқызы осы нұсқа­ның бастапқы түпнұсқаға ең жақын көшір­ме болып табылатындығын жазады. Зерттеме барысында ғалым лексикалық тұрғыдан да, грам­матикалық тұрғыдан да Ясауи тілінің негізі қыпшақ-оғыз әдеби тілі деген қорытындыға келеді.

Қ.Ясауи – түркі поэтикасының құдіре­ті­мен ислам дінінің негіздерін жүректен жүрекке жеткізуде, сөйтіп оны түркі мәде­ниетінің төл мұрасына айналдыруда орасан зор еңбек сіңір­ген алып тұлға. Хикметтер құрамын­дағы ұлы шейх­тың төл мұрасын анық­­тау, оны ұлы ақынның шәкірт­тері мен ізбасарлары тарапынан қо­сыл­ған жыр жолдарынан айы­ру, көшірушілер мен қай­та көшірушілер, бастыру­шылар жағынан үс­те­ме­лен­ген мәтіндерді анықтап, қа­те­­ліктерді жөн­­деу – осының бәрі оңай шаруа емес еді. Ғалым 230 бет­тік қолжаз­баны 4-5 қайтара жазып, транс­крип­циялап, транс­­ли­тера­циялай оты­рып, аса мұқият болуды талап ететін зерт­те­мені ыждағаттықпен орындап шық­қан.

Қазақ тіл білімінің 1950-жылдар­дан бергі жарты ғасырдан астам тарихында Рекеңнің зерттемеген саласын табу қиын. Солардың бірі – тіл мәдениеті. Бұл сала бойынша ол қаншама жылдар бойы өте нәтижелі еңбек етіп келеді. Ғалымның сондағы көңіл бөлің­кірейтіні сөз сазы, жаңа қолданыстар, әдеби норма мәселе­лері. Оның тікелей қатысуы­мен “қазақ тіліндегі жаңа қол­да­­ныстар­дың” бірнеше басылымы жарық көрді. Р.Сәті­ғали­қызының “Тілдік норма және оның қалыптасуы” (2001) атты монографиясы – норма мәселесі теориялық тұрғыдан сөз бо­ла­тын күрделі еңбектер қатарына жата­ды. Ғалымның қазақ орфогра­фия­сына қосқан үлесі де мол. Ол қа­зақ тілінің орфография­лық сөздігін түзісуге 1960 жылдан бері үзбей қа­лам тартып келеді. Оның тікелей басшы­лығымен қазақ орфография­сындағы негізгі ережелердің жаңа нұсқасы жасалды.

Р.Сыздық қазақ тіл білімінің көкей­кесті мәселелерін баспасөзде үзбей жазып, теле­ди­дар, радиодан үздіксіз насихаттап келе жатқан сергек ойлы, зерек тілші. Ол қоғам­дық мәдени өмірдің қайнаған ортасында, әсіресе тілге қатысты мәселенің бәрінде өз үнін, өз пікірін ашық та анық айтып отыратын тіл сыншысы.

Рекеңнің кешегі репрессия құрбан­д­ары А.Бай­тұр­сынұлы, Қ.Жұбанов сынды ғұлама­лар­дың өмірі мен шығармашылығын наси­хат­тауда жүргізген жұмыстары өз алдына бөлек әңгіме. Бұлар жөнін­дегі танымдық мәні айрықша еңбектері студент қауымы­ның қолын­да. Ғалым 1966 жылы Құдайбер­ген Жұбанов туралы ең алғашқы баяндама­ны жасап, содан кейін “Ғалым-азамат” деген кітапша шығарған болатын. 1989 жылы А.Байтұрсынұлының ақталуына қажет анықтама жазған Рекең “Тіл тағылымын” шы­ға­ру­ға да зор еңбек сіңірді. Ол Х.Дос­мұ­ха­мед­ұлы­ның таңдамалы еңбектерін шығару ісінде де бас редактор ретінде көп жұмыс жасады. Ұл­ты­мыз­дың ардақты азаматтары үшін қызмет етуді ол өзі­нің азаматтық және ғалымдық парызы санайды.

Ғалымның ұстаздық қызметінің де жөні бөлек. Рекеңнің жетекші­лігімен немесе кеңес­шілігімен қорға­ған ғылым докторлары мен канди­даттары өздерінің тақырыпты терең меңгеруімен, құнды маман болуымен ерекшеленеді. Профессор Р.С.Сыздық ең­бек­­тері Үкімет тарапынан да әл­де­неше рет жоғары бағаланды. 1972 жылы “Құр­мет белгісі” орденіне ие болды. 1984 жылы Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қай­рат­кері құр­метті атағы берілді. Есімі Қазақ ССР-інің “Құрметті Алтын кітабы­на” жазылды (1981), Ш.Уәли­ханов атындағы сыйлықтың (1995), Мемле­кет­тік сыйлықтың (1996) лауреаты атанды.

Ұлттық ғылым академиясының акаде­мигі, профессор, ғылым док­торы Р.Сыздық­т­ың өмірде тынымсыз еңбекпен өрмелеп шыққан өрелі биіктерін, көркем дүниедей оқыла­тын ғылыми еңбектерін, жоғарыда көрсеткеніміз­дей, ежіктеп баян ету­ден гөрі, қарапайым қазақ әйелінің кәдімгі адами болмыс-бітімін де сөйлетсек деп едік. Сол мақсаты­мыз­дың бәрі бірдей орындала қоймаға­нын сеземіз. Дегенмен мына ғажа­йып өмірде қазақтың қыздары мен ана­ларына ғана тән мінез бен қазақ тілінің құдіре­тін танытып, өнеге та­ра­­тып жүрген осынау жанмен қатар еңбек етіп жүрудің өзі бір ғанибет емес пе?



Авторы: Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Ақпарат көзі: www.TemaKosan.net интернет сайты
Каталог: ld
ld -> Шпаргалка на казахском языке по истории Казахстана 100 м қашықтыққа ұшатын, орақ тәрәздә құрал-бумеранг
ld -> Қош келдіңіздер!
ld -> Қазақ әдебиет пәніне тест сұрақтары
ld -> Сабақ: ана тілі Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпенің атасы»
ld -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
ld -> Ақтқбе облысы Байғанин ауданы №3 Қарауылкелді орта мектебі
ld -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин "Өзен" Мұғалімі: 3 "
ld -> Әнші- ақындар шығармашылығы
ld -> Есмағамбет Ысмайлов Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын
ld -> Өмірбаяны Хронология Қорытынды пайдаланған әдебиеттер


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет