Азамат Тілеуберді



бет5/5
Дата05.11.2016
өлшемі2,28 Mb.
#433
1   2   3   4   5

ҚОРЫТЫНДЫ
Әлемдік білім кеңістігіне ілесу ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды меңгеру тұрғысында іске асады. Білім беру үдерісін тәрбиелеуді өркендету ұлттық нақышты ғаламдық кеңістікке ұштастыруды басымдықта ұстауын көздейді. Болашақ ұрпақтың әрқайсысының интеллектуалдық, парасаттылық және бағамдық-мәдени қоры білім жию мүмкіндігіне тікелей байланысты екендігін педагогика ғылымы мен білімнің даму тарихы айқындайды. Блімнің даму тарихының мазмұны ұлттық өнер кеңістігінде сараланады.

Өткен тарихты зерттеп саралау, оның замана тауқыметіне қасқая төтеп берген, сал-серілік өнер арқылы ел-жұртты тәлімділікке тарту іс-әрекетіндегі сұрыпталған тәжірибені ұрпақ тәрбиесіне қолдана білу ұлттық сипатты жоғалтпауға, керісінше, оған мән беруге, жаңғыртуға мүмкіндік жасайды. Сал-серілік өнерден тәлім алу арқылы жас ұрпақтың өркениетке ынталануы артар еді. Өкінішке орай, тарихи құбылыстар мен оқиғаларды ақиқатты түрде зерттеуге сол кездегі кеңестік мемлекеттің идеологиялық саясатының салқыны көлеңкелі пікірлер туғызды. Соның салдарынан сал-серілік өнер жайлы арнаулы еңбектің жоқтың қасы болуы да аталған ойымызды нақтылай түспек. Сол себепті біздер тарихи зерттеуімізді ұлттық мүдденің жалпыадамзаттық құндылықтарға сабақтасуы тұрғысынан зерделеуге бағдар жасадық. Адам факторын педагогика кеңістігінде зерттесек, алдымен оның ұлттық сипаты дамымай, басқа халықтың нақышын бірден қабылдай алмайды. Оны біздер Ж.Аймауытовтың «соқыр сезімдері» мен «саңылау сезімдері», «танымдық ой-өрісі», «ілтипаты» және «ассоциация» секілді таным тағылымын дамытарлық ұғымдармен қарастыруды жөн көрдік.

Сал-серілік өнер арқылы тәрбие беру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік стандартында, білім мазмұнында (мектеп шегінде) жіті қамтылмаған. Ақан сері, Біржан сал және т.б. шығармашылығы ақындық өнермен оқытылып келеді. Сал-серіліктің оқушыларға өршіл оптимистік, өмір сүруге құмарлық, жақсы да ізгі істерге, сұлулыққа қарымы ескерілмегені зерттеу барысында айқындалды.

Бүгінгі нарықтық қоғамда әр адамның басына түскен тұрмыстық тауқыметтер өнер кеңістігіне кіруге, одан тұшымды тәлім алуларына әжептәуір кедергі екені белгілі. Өткен ғасырларда да адамдардың «белбеуі бос» болмағаны сараланды. Тек ол ғасырлар мен бүгінгі кезеңдегі тұрмыстық тауқыметтер әртүрлі мазмұнда болып келеді. Ал сал-серілік өнер халқымыздың барша күйкі, пендешілік тіршілігінің бұғауынан бір сәт болсын өзін ажыратып, көңіл-күйге рухани медеу, сүйеніш әкелер жоғары әуезді, пафосты жырлар әкелгені еңбегімізде анықталды.

Салдық құру өнері спорт, цирк өнеріне ұқсастығы зерттеу барысында байқалды.

Көне дәуірде сал-сері деген ақындық дәстүрге айтылмыш тарихи деректер болмағанымен, өнердің бұл түрінің тамыры сонау тұрмыс-салт жырларының бір құрамды бөлігі екендігі, оның және өнер тармағына бертін бөлініп шыққаны бағамдалды.

Мектептің бағдарламасы бұл нысанды қамтымағандықтан, жасөспірімдердің мектеп көлеміндегі біліктілігін кешегі мәдени құндылықтар негізінде дамытуды іске асыру қарастырылды.

«Адам», «табиғат», «қоғам» арасындағы диалектикалық тұтастық сал-серілердің еңбектерінен байқалды. Бұл өнердің басымдығы – адам баласы рухының ізгілікті бағдарда болуы, табиғаттағы сұлулыққа сүйсіне де өзіне одан рахат табуы екені байқалды.

Сал-серілік өнер арқылы тәрбие беру іс-әрекеті басқа зерттеу еңбектеріндегідей белгілі бір тәлім мен білімді кіріктіріп іске асыру амалы сонау ежелгі дәуірден бері бүгінгіге дейін сабақтастықта келгені аңғарылды.

Көпшілік қауым Тәттімбетті күйші ретінде қабылдаса, Ахмет Жұбановтың зерттеуі бойынша Омбы генерал-губернаторының Тәттімбетті бүгінгі ұғымда циркке тән қойылым деп баға бергені анықталды. Тәттімбеттің «Бозжорғасы» орындалғанда, Бозжорға билей жөнелетіні де зерделенді. Тәттімбеттің серілігінің алғаш рет танылғанын Ахмет Жұбанов атап өтеді. Нәтижесінде серіліктің, салдық өнердің ресми мектебі болмағанымен, олардың пір тұтқан ұстаздарының біліктілігі мен тәлімін дарытуға мол мүмкіндіктің бар болғаны дәлелденді.

Сал мен серілердің бір-бірінен айырмашылығы айқындалып, бұрынғы берілген анықтамаларды келтіре отырып, оған ғылыми нұсқалы көзқарас білдірдік.

Өнер мектебінің философиялық тарихын зерттеген бірқатар ғалымдардың тұжырымдары негізге алынып, зерттеу еңбегіміздің субстанциясына көмегін тигізгенін атап өткен орынды.

Үш деңгейлікке жіктеп, сал-серілік дәстүр арқылы этномәдени тәрбие беруді іске асырудың негізі ретінде алдық. «Онтология» болмыс туралы ілім екені белгілі. Бірақ біздің зерттеуімізде сал-серілер өнерінің әуездік сарыны адамның әлемтану қабілетін жетілдіруге бағытталғандықтан «онтологиялық деңгей» ретінде алынды. Бұл ұғымды біздер халықтың өмір сүруінің тіршілігі, тұрмысы әлеммен біртұтас құбылыста келуінің көрінісі сапасында қолдандық. Аталып өткен ұғымның кілтін ғалым С.Аязбекова «ұлттық код» сыңайында зерделеп, оның әуез арқылы сыртқы ортаға белгілі болатынына және оны сол ұлттың өкілі жіті танитын, түсінетіні жайлы ұтымды пікір, тұжырым жасағаны талданды.

Екінші деңгейге біздер С.Аязбекованың «гносеологиялық» ұғымын педагогика ғылымына бейімдеп қолдандық. Әлемді тану, оның заңдылықтарымен есептесу, табиғат сұлулығын аялау, оның сұлулығын өлең-жыр арқылы ел-жұртқа паш етіп жариялау іс-әрекеті сараланды.

Бұл деңгейге білім мазмұны және тарихи желінің түпнұсқасы ретінде ауыз әдебиетінің барлық жанрлары мен фольклор нысаны жататыны біздерден кейінгі зерттеушілердің ынтасын, құлшынысын оятар деген сенім тудырды.

Үшінші деңгейге аксиологиялық ұғымын алуды дұрыс деп есептедік. Бұл деңгейге жетілген адам әр адамның, жалпы бір этностың мәдени-әлеуметтік орта құрып, өздеріне тән әлем, рухани құндылық жасап алатыны зерделенді.

Халық санасынан өшіп бара жатқан салдық дәстүрдің ел есінде бұрыннан бекіп қалған дағды А.Жұбанов еңбегінен түзілді.

Сал-серілік өнер арқылы тәрбие берудің дағдарысты жағдайлардың басты себептері айқындалды.

Қазақстан Республикасының жаңа ұстанымына орай және әлеуметтік-мәдени хал-ахуалында, қазіргі жағдайында педагогика ғылымы мен мектеп тәжірибесінде дамып келе жатқан жетістіктерді, өнімді табыстарды есепке алу, оның үстіне эстетикалық талғамды жоғары дәрежеде дамыту мақсатында бұрынғы өткен замандардан бергі бүгінгіге дейінгі сал-серілік өнер арқылы тәрбиелеу мен білімдендірудің тұжырымдамасы даярланды.

Жүргізілген зерттеу жұмысы негізінде төмендегі қорытындылар жасалынды:

1. Сал-серілік өнер арқылы тәрбие беруді жүзеге асыру үшін қазақ халқы арнаулы мектеп ашпаса да, оның орнын ел-жұрт, орта дала сахынасы ауыстырып отырғаны анықталды.

Сал-серілердің табиғат аясынан өздеріне рухани нәр алуы, әрбір өнер иесі өзін табиғаттың бір бөлшегімін деп қарауы байқалды. Бұдан сал-серілік өнер арқылы тәрбие беру амалының табиғат пен адам арасындағы тұтастық қағиданың ізгілікті жолын онтологиялық деңгейге жеткені сараланды.

Сал-серілік өнер арқылы тәрбие беру амалы адамның қоршаған ортасына, әлеуметтік сипатқа ақиқатты тұрғыда қарауына, өзін жағымды істерге бейімдеуіне танымдық тағылым жасауына, гносеологиялық деңгейге ұмтылуына қолайлы жағдай туғызатыны бернеленді.

Сал-серілік өнер арқылы тәрбие беру амалы әрбір адамның ежелгі және бүгінгі құндылықтардан қуат алуына мүмкіндік жасайтыны сұрыпталды, оның ғылыми негізі жасалды.

2. Сал-серілік өнер арқылы тәрбие берудің дағдарысы кеңестік дәуір екені байқалды. Сал-серілік өнер арқылы халықтың түсінігін ояту, білім мен тәрбие беру ел ішінде ежелден таныс болғанымен, оның даму тарихы бірде жоғары, бірде төмен түсіп отырғаны аңғарылды. Дағдарыс ХІХ ғасырдың орта шенінен Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алғанға дейінгі кезеңді қамтитыны дәйектелді. Қазіргі кезде сал-серілік өнер жайлы оның айтылуы туралы зерттелімдер бірлі-жарым болса да кездесетіні зерделенді.

3. Сал-серілік өнер арқылы тәрбие беруді іске асырудың үлгісі оқушылардың сыныптан тыс оқылатын арнаулы курсын өткізуге ғылыми негіздеме болатыны бағамдалды. Оқушылардың сал-серілік өнер арқылы білімге құмарлығын оятуға, ежелгі, орта, бүгінгі кезеңдердегі сал-серілік өнерінің тағылымдық мүмкіндігі айқындалды. Адамның өзін-өзі тануына, рухани құндылықтарға бағдарлануына, іс-әрекет амалын орталықтандыруына, өзінің білім жию ерекшелігін ескеруіне қолайлы жағдай туғызылатыны білім мазмұнына қатысты тұжырымдама құрылды.

4. Сал-серілік өнер арқылы тәрбие беруді іске асырудың тұжырымдамасы оқу және мәдениет саласын гуманистік бағыттағы адамды тәрбиелеуге жұмылдыруға бағдарлайтын оқу құралы ұсынылды.

Тұжырымдаманың барлық мектептер үшін мақсаты жалпыадамзаттық құндылықтар мен Қазақстан Республикасында мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, тәуелсіз Қазақстанның білім беру саласындағы мемлекеттік саясатын басшылыққа алуы қарастырылды.

5.1 «Біржантану» арнаулы курсы оқушылардың сал-серілік өнер арқылы эстетикалық тұшым алуына мүмкіндік берді және сол кездердегі сал-серілердің сән-салтанатты өмірінен рухани құндылықтар жинауына, мәдени деңгейінің жоғарылауына қолайлы жағдай жасалды.

5.2 Ақан серінің өнер жолының ғибратынан хабар алу мақсатында Ақан сері туралы оқушылардың көзқарасын айшықтайтын сахналық көрініс-қойылым құрылды. Оқушылар бұл қойылымда Ақан серінің барлық игі істері, өнеріндегі халқына сіңірген ізгілікті ұсыныстары оқушылардың тарапынан, сахна төрінен айтылуы бүгінгі амалмен оқыту тұрғысында жүзеге асырылды.



ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Назарбаев Н. А. Казахстан – 2030: Послание Президента страны народу Казахстану. – Алматы: Білім, 1997. – 256 с.

  2. Назарбаев Н. А. Историческая память, национальное согласие и демократические реформы – гражданский выбор Казахстана: доклад на ІV сессии Ассамблеи народов Қазахстана. // Казахстанская правда. – 1997. – 7 июня.

  3. Концепция этнокультурного образования в Республике Казахстан. – № 3058. -1996. – 15 июля..

  4. Абу Насыр аль-Фараби. Естественно-научные трактаты. – Алма-Ата: Наука, 1987. – 282 с.

  5. Абу Насыр аль-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. // пер. с арабского. – Алматы: Ғылым, 1993. – 456 с.

  6. Баласағұн Ж. Құтты білік. – Алматы, 1987. – 355 с.

  7. Яссауи А. Диуани хикмет. (Ақыл кітабы) / ауд. М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, М.Шафиғи. – Алматы: Мұраттас, 1993. – 262 б.

  8. Бұхар Қалқаманұлы - Павлодар: ЭКО, 2003. – 136 б.

  9. Құлекеұлы Ш. – Павлодар: ЭКО,2003. – 239 б.

  10. Құнанбаев А. Қара сөз. Поэмалар. – Алматы: Ел, 1993. – 270 б.

  11. Абай және қазіргі заман: (өмірі мен әдеби мұраларының жаңа қырлары). - Алматы: Ғылым, 1994. - 132 б.

  12. Алтынсарин Ы. Таза бұлақ: өлеңдер, әңгімелер, хаттар. – Алматы: Жазушы, 1988. – 320 б.

  13. Валиханов Ч. Собрание сочинеий. В 5т. Т. 1. Следы шаманства у киргизов. – Алма-Ата, 1961. – 364 б.

  14. Байтұрсынов А. Ақжол: өлеңдер мен тәржімелер, публистикалық мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы: Жалын, 1991.- 464 б.

  15. Дулатов М. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1991. – 384 б.

  16. Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. 3 Т. – Алматы: Ғылым, 1997. – 240 б.

  17. Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы, 1999. – 112 б.

  18. Көпеев М. Ж. Ел аузынан жинаған әдебиет үлгілері: екі томдық. – Алматы: Ғылым, 1992. – 222 б.

  19. Құдайбердиев Ш. – Павлодар, ЭКО, 2003. – 247 б.

  20. Абу Насыр әл-Фараби. Рухнама. – Павлодар: ЭКО, 2002. – 156 б.

  21. Таубалдиева Ж. Музыка арқылы бастауыш сынып оқушыларының гумандық қасиеттерін қалыптастыру. – Алматы, 2003. – 135б.

  22. Аязбекова С.Ш. Культурфилософский анализ музыки в картине мира казахов: док. дис. – Алматы, 1999. – 300 с.

  23. Төлебаева Ж.Ә. М.Төлебаевтың музыкалық мұрасының қалыптасуы мен дамуы. – Алматы, 1995. – 161 б.

  24. Жарикбаев К. Б. Состояние и перспективы развития этнопедагогических и этнопсихологических исследований в Казахстане. // Мат. науч.-прак. конф. – Алматы, 1992. – 237 с.

  25. Жарыкбаев К. Б. Развитие педагогической мысли в дореволюционном Казахстане: автореф. дис. докт. пед. наук. – Киев, 1982. – 51 с.

  26. Жарықбаев Қ.Б. Қазақстанда педагогикалық даму тарихы бағдарламасы / Қ.Б.Жарықбаев, К.Бөлеев. – Жамбыл, 1992. – 10 б.

  27. Жарықбаев Қ. Әдеп және жантану: оқу құралы / Қ.Жарықбаев, Ә.Табылдиев. – Алматы: Ата мұра – Қазақстан, 1994.- 144 б.

  28. Қалиев С. Этнопедагогика ұлттық тәрбие үлгісі // Заман Қазақстан. – 1998. – 19 маусым.

  29. Ұзақбаева С.А. Өміршең өнер өрісі. – Алматы: Мектеп, 1988. – 135 б.

  30. Ұзақбаева С.А. Балаларға эстетикалық тәрбие берудегі халық дәстүрі. – Алматы, 1990. – 30 б.

  31. Ұзақбаева С.А. Халықтық педагогикадағы эстетикалық тәрбие: пед. ғыл. докт. дис. автореф. – Алматы, 1993. – 46 б.

  32. Төлеубекова Р.Қ. Бала тәрбесіндегі халықтық педагогика: әдістемелік құрал. – Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1994. – 140 б.

  33. Төлеубекова Р.К. Бастауыш класс оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеуде халықтық педагогиканың озық дәстүрлерін пайдалану: пед. ғыл. канд. дис. автореф. – Алматы, 1994. – 24 б.

  34. Наурызбаев Ж. Ұлттық мектептің ұлы мұраты. – Алматы: Ана тілі, 1995. – 192 б.

  35. Ниязбеков М. Біз қалай туысамыз? – Алматы: Өнер, 1992. – 48 б.

  36. Қожақметова К. Халықтық педагогиканы зерттеудің кейбір ғылыми және теориялық мәселелері. – Алматы, 1993. – 247 б.

  37. Балтабаев М.Х. Основы музыкально-эсттического воспитания студенческой молодежи: (на материале музыкальных отделений ФОПа вузов Казахстана): автореф. дис. докт. пед. наук. – Алма-ата, 1994. – 68 с.

  38. Болатбаев Қ.К. Болашақ бейнелеу өнері мұғалімдерін дайындау процесінде халықтық педагогиканы қолдану: канд. дис... автореф. – Алматы, 1995. – 24 б.

  39. Табылдиев Ә. Этнопедагогика – ел тәрбиесінің негізі. – Тараз, 2003. – 241 б.

  40. Асанова Ұ.О. Қазақ халқының айтыс өнері арқылы оқушыларға адамгершілік-эстетикалық тәрбие беру: пед. ғыл. канд. дис.автореф. – Алматы, 1994. – 143 б.

  41. Бөлеев К. Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау: теориясы және практикасы. – Алматы: Нұрлы Әлем, 2004. – 295 б.

  42. Дюсембинова Р.К. Музыкально-эстетическое воспитание школьников средствами казахского народного песенного творчества: автореф. дис... канд. пед. наук. – Алма-Ата, 1992. – 25 с.

  43. Ахметжанова К. Традиционная культура как основа идентификации казахского этноса: дис. Док. Философ. / Вост.-Каз. гос. Ун. Им С. Аманжолова. – Алматы, 2006. – 256 б.

  44. Ғаббасов С. Ізгілік әліппесі. – Алматы, 1991. – 1 кітап. – 200 б.

  45. Ғаббасов С. Халық педагогикасының негіздері: монография. – Алматы, 1995. – 463 б.

  46. Сарыбеков Ж. Воспитание к любви и природе. – Алматы: Рауан, 1994, - 192 с.

  47. Назарбаев Н. «Мәдени мұра» - мемлекеттің соны стратегиялық ұстанымы. // Анна тілі, 2007. – 15 ақпан.

  48. Табылдиев Ә. Халықтық тағылым. – Алматы: Қаз.МУ., 1992. – 165 б.

  49. Исмайылов Е. Ақындар. – Алматы, 1956. – 265 б.

  50. Сейдімбек А. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау. – Алматы: Санат, 1997. – 464 б.

  51. Әлімбаев М. Халық – ғажап тәлімгер. – Алматы: Рауан, 1994. – 144 б.

  52. Төлеубекова Р.К., Жұматаева Е. Этнопедагогика. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы. – Павлодар, 2007. – 124 б.

  53. Жұматаева Е. Әдебиетті оқытудың кейбір мәселелері. – Алматы, - 1999. – 168 б.

  54. Жұматаева Е. Гимназияда оқу-тәрбие жұмысын басқару. – Алматы: Қаз. Білім акадамиясы, 1998. – 120 б.


ҚОСЫМША А
«Ақан сері - заманының сұңқары,

қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің

құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі»
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев.
Рухани қазынамызды байыта түскен дарынды дала перзенттерінің арасында Ақан серінің аты айырықша ардақтала аталады. Ақан серінің өнері ерек, өмірі бөлек. Ерек өнері «Сырымбеттің» сұлу сазы, «Мақпалдың» ерке назы, «Құлагердің» қайғы зары, «Маңмаңгердің» маңғаз сәні, «Үш тоты құстың» сиқыр үні, «Балхадишаның» мөлдір мұңы, «Алтыбасардың» аспанға шапшыған шері, «Қараторғайдың» сай-сүйекті сырқыратар сырлы әні көңілді толқытып, адам жанын тебірентеді.

Ақан сері – халықтың сал-серілік салтының озығын ұстанып, оны өзінің бөлек болмысымен шырқау биікке көтеріп, тұтас бір заманның көркем бейнесіне айналдырған асқақ тұлға.

Ақан серінің «Достарыма» деген өлеңінде:

«Жиырма бестен артық жас бар ма,

Ұйқыдан жаман қас бар ма? – деген (Ақан сері Қорамсаұлы, шығармалары. – Алматы, 1963, - 170 б. )

Қазақтар кез келген мүшел жасына көп назар аударған. Ақан сері айтқан «25» жас мүшел жасы. Адамзат өмірі мүшел деп аталатын 12 жылдық циклді қарастырсақ, мүшелдер өмірдің өзіндік және тұйық кесіндісі болып табылады. Олардың әрқайсысы жас деңгейлерін анықтайды. Бірінші мүшел (1-12 жас) – балалық, екінші (12-24) – жастық, Үшінші және төртінші (24-36 жас және 36-48 жас) – ересектік, бесінші (48-63-жас) – кәрілік. Әр мүшел жас – бұл анықталған, адам ағзасының қалыпты сапалы жағдайы; бір мүшелден екіншіге ауысу адам ауру немесе әртүрлі қиындықтарға жолыққан кездегі өмірдің қауіпті кездері немесе кенеттен ауысым сияқты қарастырылған. Мүшел жастың ауысу жылдары –13, 25, 37, 49, 61, 73 ж сс.

1-12 жас Өмірге келу, шілдехана, бесікке салу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, тіл сындыру. Бұл кезеңдерді көптеген ырым, жоралғылар көбірек қолданылады. Көбіне тәңірден тілек тілеу, қолдау табушылыққа ұмтылу;

12-24 жас. Жастар әлемінде сал мен серілер өнерінің шарықтау кезеңі, бұл той мен томалақта, кеште, алтыбақан ойындарында, қайым айтыс, отау құрған кездерде туындайды.

24-48 жас. «25» өлеңі, уайымсыз, ойын-күлкілі, думанды өткен жастық шақты аңсаудан туған өлеңдер мен ересек адам әлеміне өту кезеңі. Ақындық, салмақты сөз, ақыл тоқтату көрініс табады.

48-60 жас. Жырау, жыршылардың толғаулары. Өмірден көргені бар, түйгені бар кәрілер, ақсақалдар әлемі, жоқтау, көңіл айту, өсиет өлеңдер термелер.

Сал мен серілер өнерімен халықты тәнті еткен. Жастық шақ адам өміріндегі ең тәтті шақтар екенін, осы уақыттардағы ойын-күлкі, әзіл-қалжың, жастардың бір-бірімен табысуы, ғашық болуы, қайғыны ойламаған кездері. «Жиырма бес» жас тақырыбы сал-серілер өлеңдерінде өзгеше жанрлық өткен-кеткен жастық шақ жөніндегі әнді тудырды. Бұл тек жастық шақтың ғана емес, өмірдің де өтіп бара жатқандығының символы. «Қайран жиырма бес» деп жастар жастық шақтан ересек шаққа өтеді. Салғара Жанкісіұлының «Жиырма бес» деген әніндегі өлең сөзінен белін бекем буған жас жігіттің жастық шаққа тән алғырттығы, өзіне деген сенімділігі, тәуекелшілдігі көрінеді.

Беріп кет, сақинаңды мыста болса,

Жүрейік ойнап-күліп қыс та болса.

Таста да етігіңді, байпақшаң кел,

Көрейін өз сорымнан ұстап алса,

Қайырмасы:

Аха-хау, жалған,

Жиырма бес қайта айналып,

Дүние-а-ай келмес саған (2)

(Той, салт өлеңдерінің жинағы)

Өткен ғасырлардағы әншілер мен сал-серілердің, жыршылар мен жыраулардың орындаушылық дәстүрлері мен шеберліктері, төл туындылары көркемдік-эстетикалық жағынан нәрлілігімен, терең мазмұндылығымен айырықшаланған. Олар қашан да халық құрметіне бөленген қадірменді жандар екендігін кезінде қазақ жерінде болған түрлі саяхатшылар мен тарихшылардың, журналистердің назарына ілінгені белгілі.

«Зейін қойып, жақсылап тыңдап отырсақ, қазақ даласының кең байтақ жазықтығы қандай болса, қазақ әншілерінің ән айтқандағы үні де сондай кең. Сахара жұртына даңқы түгел жайылған ондай ақын-әншілерді қазақ халқы қатты құрметтеді, қайда той, жиын болса ат жібертіп шақыртып алады. (Правительственный вестник, 1892. №64. 235 б)

Ақанның азан шақырылып қойылған аты Ақжігіт әке-шешесі еркелетіп Ақан десе, халқы оған Сері деген ат берді. Ақан серінің тағдыры бір жағынан, сұлу өмір иесі секілді, екінші жағынан, өксік зар наласы, мұң –шері шаш етектен аянышты өмір.

Ақан қазақ қоғамының жай-күйіне де барлау жасайды, болашағын болжайды. Жер –суының тағдырын ойлайды. Қазақ жерін қайғы бұлты торлайды, келімсектер қорлайды. Көшпелі ерлер мұңайып жұқарып, ұр да жық есерлер арам шөптей қаптап, ел мен жерді тоздырады. Қазақ елі көк майсалы жайлауынан, құйқалы, шүйгінді қоныстарынан, сулы, нулы орманды жерлерінен айырылады. Мұны ақынның ұшқыр ойы, сезімтал жүрегі өткір де терең түсінеді. Отарлық езгіге қарсылық көрсетіп, қарғыс оғы «Бара бар крестьянға тең болмадық» деген ащы жанайқайынан көреміз. «Заманға қарап, деген өлеңінде таланып жатқан ортадан, алып шығар тура жолы қайдан таба аламыз деп, азаланады. Ақан сері – өмірдің гүлі болған «сегіз қырлы, бір сырлы» өнер иесі. Ол астына жүйрік ат мініп, қолына қыран ұстап, серілік құрған, ән салып, өнер қуған адам. Әділетті, ешкімнен именбеген, өр мінез, турашыл, ащы тілінен соққы жеген жан. Ілияс Жансүгіров оны өзінің «Құлагер» поэмасында:

«Тұсында сері болсын, пері болсын,

Ұнайды өмірімен Ақан маған», - дейді. І.Жансүгіров осы поэмада ән мен әншілікке кең орын береді. Ілияс Жансүгіров поэмада:

Тегінде тегін бе екен Ақан сері,

Бұл да бір емес пе екен елдің ері?

Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді»,-деп Ақан бейнесін оның тарихи тұлға екенін ескертеді.

«Құлагер» поэмасында шығармаға тартымдылық дарытып, барлық тараулардың басын біріктіріп тұрған – Ақан бейнесі. Ақан – биік адамгершілік, асқақ мұраттардың иесі, халықтың рухани дүниесін, байлығын байытқан халық қамқоршысы. Халықтың қамын, ел мұңын, ел жерін әнге өрген, әнге арқау етіп жазған, «елім» деп жылағанда етегі жасқа толатын, халық қамқоршысы және қызметшісі. Ақанымыз байлық пен биліктен, өтірік жала мен даудан қашқан. Өзінің бүкіл әнімен, өнерімен асқақ мұраларын қазақтың сар даласын танытқан. Тамаша сырлы жырларымен Ақан достықты, адалдықты, өмірдегі не бір сұлу, әдемінің бәрін әнге қосқан. Сұлулықты машықтаай, сүйсіне жырлайтын «Жайықтың ақ түлкісі, «Айтайын замандасқа біраз кеңес», «Жігіт сыны», «Қыз сыны» өлеңдерінен Ақанның «Алдамның түсі де, ісі де жаны да сұлу болуы керек» деген ұстанымдағы философиялық тұжырым көреміз.

Ақанның серілігінің бірі – жетім баланы алатын болсақ, кішкентайынан Ақан тәрбиесінде болған, оған әбден бауыр басып кеткен, оған ана орнына ана болып, әке орныны әке болған – Ақан.

Ілияс:

Үстінде Құлагердің қандай бала?



Тастап ек баяндамай оны шала.

Бұл өзі елдегі бір жетім бала,

Ақанға бауыр басқан өкіл бала.

Асырап, аш-жалаңаш қалдырмастан,

Біреуге еліндегі бақтырсын деп,..., - Ақанның үлкен жүректі, адамгершілігі мол екендігіне айқын дәлел жолдары. «бәйге» тарауынан:

Бәйгеге қосар болса Ақан атын,

Мінгізіп бұл баланы апаратын.

Тақымы жетімектің құтты болып,

Құлагер қосқан сайын бәйге алатын.

Ақан да әкесіндей баласының

Жоқтығын жоқтатпаған анасының

Құласын, баласын көз қарашығын...

Осы шумақтар да Ақанның жетімдерге деген қамқорлығын аңғартады.

Ақан егде тартып ұлғайған шағында ата-қоныс жерлерінен – Қоскөл, Сарыкөлден айрылады. Ол жерлерді патша үкіметі тартып алып, қазақ даласына көшірілген орыс шаруаларын қоныстандырады. Осындай тарихи шындықтың айғағы болған Ақан барды барынша айтып, патша үкіметіне күйініш ызасын білдіреді. «Барабар крестььянға тең болмадық» деген өлеңінде ақын:

Барабар крестьянға тең болмадық,

Тартылып қай жағаға ем болмадық?

Малымыз жерімізден пайда тиіп,

Қалайша патшамызға дем болмадық?

Орыс, ноғай, сарт-сауан саудагерге,

Қалайша, малмен, жермен тең болмадық?, - деп жырлайды. Ақанның адамгершілігі бас имейтін, әділетті сүйетіні өлеңдерінен айқын көрінеді. Ақынның өз халқы туралы айтылған сөздері: «Қойдан қоңыр не қылған халық еді...», «Бәрінен он үшінші қазақ жетім, Қорқақ топ жан жағына алаңдаса...» деп келтіреді. Ақан халқының момындығына, жасқаншақтығына налиды.

Поэмадан сырт алып оның авторы Ілияс Жансүгіров пен басты кейіпкер Ақан серіні алып қарасақ, екі ақынның да түпкі тілектері, арманы бір жандар. Екі ер де елім деп еңіреп туып, оны алға сүйреп, өздерінің өлең жырларымен халық санасына көптеген елеулі мәселелерді сіңіріп, оларды сілкініске, көздерін ашып дүниеге кең қарауға шақырған. Ақан сері 1913 жылы 70 жасында қайтыс болған. Одан кейінгі Ілияс дәл сол Ақан жолын қуып халқына өлең –жырымен көп еңбек сіңірген, аяғында ащы шындықтың бетін ашқаны үшін репрессияға ұшырап, қайран ер кете барады. Содан бері талай жылдар өтті. Бірақ алтынның аты алтын ғой. Ілияс ақталып, халқының арасына жаңғырып қайта оралды. Ақан, Ілияс, Мағжан, Жүсіпбек, Ахмет сияқты елім деп еңіреп, халқым деп зар жылаған ерлер бүгін де қазақ халқының ауызында ұмытылмастай жатталып отыр. Бұл дана, данышпан ерлерді біздің ортамызға жаңғыртып қайта оралтқан – қазіргі қайта құру заманы. Бұл қайта құру әлеуметтік мәселелерді, түп тамырымен қопарып, халық ұлдарын өз дәрежесіне көтеріп жаңа тұғырға қондырды. Сал-серілер өнері арқылы, оның даму барысына тереңдей, үңіле келе, одан бұрынғы қазақ халқының төл салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, той думанын үйренеміз. Халық мәдениетінің түпкі сырынан мәлімет аламыз.
«Біржан мен Сара» айтысы
1) Келемін бір сүрінбей жеке дара.

2) Тоқтыдай борышқа кеттім уа, дариға-ай.

3) Сан жүйрік ілесе алмас самғағанда.

4) Шошынған (сан Ниязбек) жүрістен танбаған.


Біржан сөзі:

Пара-пар сөзі теңдес адам болса,

Көңілімнің тарқатушы ед қайғы-шері.

Болжаған жер шаршысын майталманмын,

Жасымнан маған мәлім қыз не дері.

Ақиық мұзбалақпын жерге түспес,

Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес.

Жел қабыз, жез тағалы еңіреумін.


Сара сөзі:

Көктемде Тұрысбектің ауылында,

Көруші ем істің жеңіл-ауырын да.

Есімбек кіріп келді, ағатайым!

Шырағым, Арғынға орай бар ғой Найман.

Аптыққан қу Арғынды бір дөңгелет,

Ағаңа осы болсын тиген пайдаң.
Біржан сөзі:

Жібек жал арғымақпын тұмарлаған.


Сара сөзі:

Найманда екі жүздің Наркескенмін.

Күн көргелі келдің бе құрдым Арғын.

Талпынған жас баланың білегіндей,

Сендейге ұстатпаймын қолымды аппақ.
Біржан сөзі:

Сайратқан Орта жүздің бұлбұлымын,

Келісім әкең неге берді Құлға? (Жиенқұл)

Қортиған шірігіңді құдай алмай...

Елден таңдап айттырған

Қыранмын желді күні талмайтұғын.

Арғынның жалғыз тоны қолға түссе,

Төрт Найман орта бойлы киінеді.

Аққумен аспандағы ән қосамын

Қанды көз, сай жеп алғыш ақ иықпын,

Сен түгіл, қасқыр көрсем бір-ақ шайқар.

Алтайдың душар болдың мергеніне.


Сараның айтқаны:

Жылқының арығындай Арғын кедей...


Біржан сөзі:

Атама атаң Найман жете алған жоқ...


Сараның жауабы:

Жеңбек түгіл келмей-ақ ширегіме...


Біржан сөзі:

Ибраһим (Абай) жас жолбарыс білектенген,

Өзінің заманының бозбаласы...
Сара сөзі:

Ақтамберді, Алтыбай, ер Айымбек

Қалмақты қолмен қуған қойдай қамап.

Ұрғашы ғой демесең, қай жерім кем.

Қырық түрлі дана кеудем өнер тапқан.

Сықылды гауһар сағат нақыс шапқан.

Мойыным сұңғағындай жүзген қудың,

Лебізім шырынындай шәрбат судың.

Қаққанда төңкерілген қас бітімім

Ашылған айбатындай Жібек тудың.

Тал бойым ұзын да емес, қысқа да емес.
Біржан сөзі:

Тұлпармын...

Тез алдырт, күйеуіңді, Сара саңлақ.
Сараның мұңы:

Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім...


Біржанның Сараға айтқаны:

Шырағым, Сара, сендей тумас бала,

Шежіре туармысың мұндай дана!

Обалың Есімбек пен Тұрысбекке,


Біржанның Сараны қорғап, оның туыстарына айтқаны:

Обал тұрған орында сауап та тар,

Жиенқұл тең емес қой бұл байғұсқа.

Жақсыны қор қып болмас бір жаманға

Және де аят пен хадисте бар,

Жылатып берме деген еш наданға...


1) Мәтіннен Сара мен Біржанның сөз саптастарындағы поэтикалық (құбылту мен айшықтаудың түрлерін) тіл қолданыстарынан қандай балау мен теңеу, эпитетті аңғарасыңдар?

2) Екі айтыскердің тіл шеберлігін бағала?

3) Екі рудың айтысының ел тағдырына қатысы бар ма?

4) Екі айтыстың кілтті сөздері мен ой-түйінді сипаттайтын жолдарды теріп жазып, салыстырып, қай ақын жеңді деп ойлайсыңдар?



ҚОСЫМША Ә
М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Біржан салдың жастарға ізгілікті тәлімі туралы бақылау жұмысына мәтіндеме
Абай Әйгерімді осыдан үш ай бұрын ұзатып әкелген еді. Қазір басында желегі бар жас келіншек қалың қонақ ортасында, Абай қасында отыр.

Бұл екеуінің осы жолғы қонағы да өзгеше. Ол - өңшең қыз, сылқым келіншек пен сәнді сұлу бозбала. Жиын бастығы Абай болып, қазіргі сәтте мына ауылдың өзге тірлігінен оқшау бөлінген бір топ тәрізді. Ызғарлы, қатал, жуан ауылдың шырқын әнмен, өнермен бұзып отырған топ. Жайлаудағы ең әнші, өнерлі жастарды жиып әкеп, соларға бар бейілін беріп отыр. Осындай ойын-сауық жиынының ортасында ең қадірлі бір қонақ бар. Шет елден келген қонақ. Бұлар – қазіргі төрдің тап ортасында, жағалай көрпе үстінде, үлкен ақ жастықтарды шынтақтаған сал-серілер. Солардың ішіндегі ең көрнектісі және бар жиынға қадірлі, сүйіктісі - мынау қос ішекті домбыраны безілдетіп отырған орта бойлы, қызғылт жүзді, кең ақ маңдайлы, нұрлы жігіт. Ол – Арқаға аты шыққан, бүкіл Орта жүзді асыл саз, әсем әнімен ұйытқан Біржан сал.

Тобықты ішіне сонау алыс Көкшетаудан келген сирек, сый қонақ. Өзі ақын, өзі әнші, өзі сері Біржан. Үстінде қара мақпал, кең, жеңіл шапаны бар. Омырауы ағытылған, «сері жаға», ақ көйлектіің сыртынан киген сарғылт түсті, қытайы жібек кемзалы бар. Оқалы тақиясының жібек шоғы ырғала түседі. Құйқылжыған әніне қалың жиын қыбыр етпей ұйып, мүлгіп отырғанда, кербез әнші өзі де, жүзіне жылтыр майда рең бітіп, нұрлана құбылады.

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,

Жұртыма зияным жоқ жүрген жанмын,

Кісіге өзім қатар бас ұрмаймын –

Өзім ақын, өзім сал кімге зармын...-

деп бір кетеді.

Әншінің «Біржан сал» атты осы бір әні өзінің майда қоңыр, сырлы сазымен бастала жөнелгенде, өзге көп жұрт ішінде, демін тартып, қатып тыңдаған кісінің бірі Абай.

Қадірлі ақын, құрметті қонағына Абай қадалып қарап қапты. Ақ-қарасы әлі де айқын, таза, ұзынша көздері өзгеше боп телміре түсіп, шарасынан асып үлкейіп қарайды. Бірақ қазіргі сәтте, кірпік қақпай қарағанмен, бұл көз - әнші жүзін көріп отырған көз емес. Ән мен өлең сөзді, өнерлігің өзін түгел қосып, бір бітім, бір тұтас тұлғадай қиял суретімен елестетіп, көріп отырған көз.

Ерекше әсері бар күй менен аса ұнаған ән тыңдаған уақытта Абай, сол сарын сөзбен қатар, өзге бір дүниені жарыса ойлап кететін. Өмір қиял суреттерін, уақиға тасқындарын, жаратылыс, құбылыс толқындарын көріп, соған шомып кетеді.

Қазірде, міні, белгілі өр қиялы бар ән, ірі туысты әншіні мынау ортадан бөліп-жырып, аулаққа әкетті. Шырқау алыс қиялға әкетті. Тұлғасы ерен, кең кеуделі асқақ үнді әнші, сахараның ғажайып бір алыбы боп апты.

Сол алып, өнер алыбы, Сарыарқаның ең заңғар биігі Көкшенің басына шығып тұрып, бар ұлан ұзақ Сарыарқаға, сахараның салқын бел, самал көліне қонған ел-жұртына көз тастайды. Жуансып күштісі, артықсып асқағы, күңіреніп көбі жүрген жон-жотаға көз тастап қоймай, үн қатады. Ән тіл қатады. Ескек, асқақ атойдай қып, зор кеуденің алып күйін азынатып төгеді.

«Мен келемін! Өнер әкелемін! Танымай көрші, аңдамай бақшы! Сай-сүйегің босамай, алпыс екі тамырың йімей көрші!»... деп, бас идіре ән төккенде, ән емес, нұр төккендей. Әлемнің жүзінен жауыздық зұлымдығын қуып әкетіп, қиялда болса да дүние бетін, Арқа жүзін сан сұмдықтан тазартып бара жатқандай... Ол ән, асқақ етіп соққанда, Көкшенің қалың сыпсың қарағайы – мынау әнші басындағы оқалы тақияның жібек шоғындай болып, теңселіп барып, төгіле жапырылып, жол береді, бас иеді... Арқаның қара түні де мынау ақын үстіндегі қара мақпалдың бетіндей майда, мейір түні болады... Сонда ел жүзі де осы ақын жүзіндегі жылтырап көрінген нұрға толғандай болады. Ел жүзінде, қазіргі ақын түсіндегі, ән үстінде езу тартқан жарастық күлкідей боп, шат қуаныш күлкі көрінеді Абай көзіне.

Сүйткенде, үй ішінің ілесе сөйлеген, алғыс айтқан үндері шығып жатыр екен... Ән үзіліпті. Абай қиялы ғана үзіле алмай, аяқтап келген қалпы екен. Ол шарасынан шыққандай болған отты, ойлы көзімен, әнші жүзіне әлі аңыра қадалып, қарап қапты.

Абайдың тал бойы ұйып қалғандай, осы халін елден бұрын сезген Әйгерім, қасында отырып, күйеуінің тізесіне сүйенген боп, шынтағымен Абайды сәл түрте қозғап қалып, ақырын ғана күліп оятты... Абай ең алдымен селт етіп, Әйгерімге қарап, ес жия бергенде, өзі де күліп жіберді. Бірақ өңі құп-қу болған. Күлген демі де дірілдеп шығады. Бұның өзін жақсы бағып, жақсы ұғып отырғаны үшін, сезімтал Әйгерімге сүйсіне қарап қалды да, енді Біржанға бұрылды:

Өзге өзгеңді не қылайын, Біржан аға, - деп бастап, қонағына жаңа бір қуаныш жүзімен қарады. – Ел ақтаған бір ақын болушы еді. Тілін безеп, жанын жалдап, тіленшілікпен байды сауып, сөз қадірін сол кетіруші еді. Үн түзеген бір әнші болушы еді. Кім көрінгеннің қосшысы. Әр кез, әр мырзаның қосалқысы. Ән қадірін түсіріп, бір атым насыбайдай, арзан етіп еді. Сен әнді босағадан өрлетіп, төрге шығардың, соныңа ғана қуанам. Осының-ақ қадір-қасиетіңді тануға жетіп тұр!..- деді.

Біржан құп тыңдап, өзі де сүйсіне көтеріліп:

- Шіркін, айтушы мен болғанда, үнемі ұқтырушым сен болсайшы, Абай! – деді. Әйгерім де, өзге жиын да екеуін дәл ұғынғандай, түгел қостап күлісті.

Абай жаңағы өз ойын аяқтатып тоқтатпақ боп:

- Бай, бағлан боп қадірлі болмайды жігіт! Өнерлі боп, сол өнерін ұстай біліп, қадірлі болады. «Өнерпаз болсаң - өр бол» дейді Біржан аға. Жалқы бол, жарлы бол, ол кемшілік емес. Өнерлі ақын, асқақ әнші болсаң – ел көңіліндегі мұңды айтып, көзіндегі жасты тыйсаң, сенен зор, сенен қадірлі болмасқа тиісті! – деп, Абай өз қасында отырған Әйгерім мен інісі Әмірге қарап, бір түйін тастағандай болды.

Тобықты жасының бұл жиынындағы үлкені, жігіт ағасы боп қалған Базаралы күле сөйлеп, жауап қатты. Ол төрдегі сый қонақтардың қатарында отыр еді. Абайға қалжыңдап:

- Осының бәрі рас, Абай. Жігіт қадірі өнерімен өлшенсін! – деді, әдейі ойнақыланып, серпе сөйлеп. – Пәлей! Мақұл-ақ! Ал ендеше мен нені айттым?! Менің айтқаным да, істегенім де түгел Тобықты бәріне танытам дегенім де осы ғана емес пе еді, сығыр-ау! Кедейшілігіме қарама, кісілігіме қара демеп пе ем? Өй тәйір-ай, іші терең жігіт десем, сен де осындай үстірт пе ең, Абай? Саған осыны ұғындыру үшін сонау Көкшетаудан, иісі Арқадан тек Біржан ғана келу керек пе еді? – деп назбенен, ойын пішінмен сақ-сақ күлді...

Базаралының ашық қалжыңы Біржан бастаған бар қонақты да, өзге жиын жасты да күлдірді.

Абай да күле отырып, іле жауап қатты:

- Рас-ау оның, Базеке, бәрі рас! «Кедейлігіне қарама, кісілігіне қара» десе, түгел Тобықтыдан сені атау дұрыс. Бірақ біз өнерді айтып отырмыз. Бір тайпа Тобықты деген елдің жігіті екеніңіз рас. Жігітіміз – сіз бен біз, бірақ біз өнерлі жігітпіз бе? Сол өнерге келгенде сіз екеуміз ел есінде қалар не көрсеттік, нендей үлгі шаштық? Қандай еңбек еттік ортамызға?! – деп, Абай қатты үнмен шыншыл жүзімен бір сұрақ қойды да, аз үндемей жағалай қарап шықты. Ешкім: «мен өнер көрсеттім», «еңбек еттім» дей алмайтын сияқты. Сонан соң Абай Базаралыға көз тоқтатты да, баяу, әсерлі ғана үнменен:

- Базеке! Сіз бен бізден «жас буыным», «жаңа төлімнің басы» деп, ел үміт қылатыны рас. Сіз екеуміздің, бір өнер тастайтын кісідей, дәмелендретініміз де рас. Ал шынды, сырды айтайық!.. – дей бергенде, Базаралы көтеріле түсіп, күле отырып, көңілденіп:

- Бәсе, шын босын, сыр босын. Барыңды, шыныңды айт! – деп, ентелей түсті.

Абай жауабы біткен жоқ еді. Ол да қымызды көтеріп қойып, қыза түсіп:

- Базеке! – деп, қатаң үнмен тоқтата сөйледі. Базаралы сынай күлді де, Абайға қадалып отырып, тосып қалды.

- Сіз бен біз дәметтірдік те, соның ар жағында берерді бергеміз жоқ қой. Тоны сұлу тұғырымыз ба? Жоқ, ағызып жүрген жүрісі бар, бірақ өзінен туар құлыны жоқ тұл бедеуміз бе? Сын мен есеп пе? – деді.

Базаралы таңдайын қағып, басын шайқады.

- Ондай сынды серт еткен Базаралы жоқ болатын. Бұл ойыңда мен жоқпын. Менде жоқты іздепсің, оныңды Базаралы қайдан тапсын?! – деп мойнын бұра күлді де, жастығына жантая кетті. Абай сұрағына жауап жоғын барлық жас ұғынған еді. Базаралы әнші де, ақын да емес-ті. Жұрт күліп қана жайды ұқты.

Абайдың сөзі Біржан өнерін сонша зор көтеріп, өз елінің бар жасына «бізден бұл артық!» деп отыр. Осыны жалған намыс ойламай, соншалық кең, жақсы көңілмен айтып отырғаны Біржанға жаңа бір ой салғандай болды.

Ол тағы да домбырасын біраз бебеулетіп, желдіртіп алып кеп, «Жанботаны» шырқап кетті. Жастар бұл әннің неден туғанын, Біржанның қай жарасын ашатынын білуші еді.

Ол, Біржанды жаңа Абай айтқан «бай, бағлан» дегендердің бірі сабап күйдіргенін ашық айтқан ән болатын.

Жанбота, өзің болыс әкең Қарпық,

Ішінде сегіз болыс шенің артық.

Өзіңдей Азнабайдың Поштабайы

Қолымнан домбырамды қалды тартып.


Тартса да домбырамды бергем жоқ,

Есерді Поштабайдай көргенім жоқ,

Қамшымен топ ішінде ұрып еді,

Намыстан, уа дариға, өлгенім жоқ.


Жанбота, осы ма еді өлген жерім,

Көкшетау боқтығына көмген жерің.

Кісісін бір болыстың біреу сабап,

Бар ма еді статьяда көрген жерің?..-

деп қайырады.

Мұң айтып, күйік шағу. «Сен мені елден асқан десең менің кеудемді осындай ыза, намыс дерті басқан. Жуан содырдың қамшы соққысы басқан!» дегендей.

Бұл саналы көңілдің бір шемені еді. «Жетіскендей көресің, қарық боп жүрген Біржан қайсы екен?» дегендей. Абай Біржанға жаны ашып, жұбату сөйлемек боп:

- Сонау Жанбота, әне біреу Азнабай ма әмірлі, кәрлі дегендері. Бай, бағлан дегені? Солардың сол айуандықты тоңмойындықпен етіп отырса да, дәл жаңағы Біржан ағамның «Жанбота» әнінен соң «бота» түгіл, «бұта» құрым болмай, жапырылып, тапталып қалған жоқ па? - деп, тағы бір түпкірлі алыс ойға кеткендей сөйледі.

- Азнабайлар, мынау жерде, бүгін ғана азынайтын шығар. «Мен жер құдайымын» дейтін шығар. Бірақ ертең олардан із де, тозаң да қалмайды, қалмасы хақ! Сонда, тек Сарыарқаның атырабынан, Атығай, Қарауыл, Керей, Уақтың шежіресінен өзіңнің ғана атың қалады. Және сол Азнабай жауыздың, Жанбота жуанның бетіне соққан соққың қалады. Кейінгі нәсілді олардан жирентетін ұят таңба, шақпақ таңба боп қалады. Қалады сол, не қыласың, Біржан аға! – деді.

Бұл сөздерді жиынның бәрі ұқпаса да, естияр жағы түгел қостағандай болды. Әсіресе, төрде отырған аға жастар – Базаралы, Жиреншелер құптай жөнелді.

- Аты қалған деген сол емес пе, осы мына отырған өңшең, әнші болам деген жалынды жас, екі айдан бері еріп жүріп, Біржан әнін үйренген екен. Енді сол алғанын әсте ұмытар емес. Әнді ұмытпаса, айтушысы үлгісі Біржанды ұмытар ма? – деп Жиренше, осындайда көрінетін зерек ұғымталдығымен, жаңағы Абай сөзін іліп алып, дұрыс өрістетті. Сонымен ілес, өз сөзіне дәлел болсын дегендей, Әмірге қарап:

- Міне, мынау Әмірдің Біржаннан артық дейтін өнерлісі бар ма екен? – деді.

Жұрт көзі тегіс Әмірге қараған еді. Ол ақырын тыңқылдатып, өз домбырасына, Біржан үйреткен «Жиырма бес» дейтін әнді салып отырған.

Біржан жас жігіттің жүзінен бір шабыт көргендей боп:

- Басып жіберші, кәне осыған! – деп, аға бұйрық етті.

Әмір іркілген жоқ. Ақ сұр жүзі тек біраз толқына түсіп, шырқап кетті. Үні жіңішке, таза, сәнді екен. Біржанның өзі үйреткен нақыстарын зор ықыласпен, дәлшығармақ боп, ынта салып айтады. Сөзін де, әнімен бірге қызыға сүйсініп, Біржаннан ұққан. Жаңа замандарда зілқара шығарған әсем «Жиырма бес», Тобықты әлі естімеген толқыны, сәні бар, нағыз тамыр бойлар ән еді. Сөзі де жас жиынға жалын тастағандай болатын:

Беріп кет сақинаңды мыс та болса,

Жүрейік күліп, ойнап қыс та болса,

Шеш тағы етігіңді байпақшаң кел,

Көрейін өз сорымнан ұстап алса...- деп еркелене ырғалып кеткенде, Базаралы жастықтан басын жұлып алды. Сұлу жүзіне ыстық бір тасқын қан ойнап:

- Алда, айналайын осы қыз-ай! Жаудыраған қара көз қалқатайым, көрермін бе сені, көрмеспін бе мен бейбақ! – деп, үйдің ішін ду күлдірді.

Біржан Базаралының жүзіне тілеулес, дос ажарымен қарап:

- Базеке, о не дегенің! Көрермін бе ең не? Қасыңда отыр ғой Балбала боп, сол қара көз! – деді. Базаралының өз қасында отырған, сұлу бойжеткен –Балбала атты көршісі бар-ды. Біржан сөзінің тұсында Базаралы оқыс жарқ беріп:

- А, астапыралда, солай ма еді? – деп, әдейі ойнақыланып, құбыла беріп, Балбалаға қарай қалды. Бұл қарасы, томағаның астындағы саңылауынан сығалап, дәл қасынан, тұғырының түбінен өтіп бара жатқан мысыққа қараған қырын шеңгірдің қарасындай еді... Жұрт онысына да күліп, сүйсініп қалғанда, қырындау отырған Балбала да жалт етіп, Базаралыға бір қарап қалды. Ажарлы сұлу қара көздерін, қырын отырып, төңкере қарады. Үлкен көздерге жарасатын, бір қиғаш қарас болатын. Өңіне де ұяла қысылған әдемі, жұқа қызғылт қан соқты. Тартымды назы бар жандай боп, кішкентай ғана қабақ шытып, үнсіз ғана езу тартты. Аппақ сұлу тістері көріне түсіп, қайта жасырынды. Базаралы Балбаланың көзімен көзі кездескенде, жазығын мойнына алып, тәубеге келгендей болып, бірақ сол халін, соншалық бір талантты артистше, әдемі қып, баппен ойнап берді.

- Тәубе! Тәубе Күпірлік екен айтқаным... түф, түф, түф, - деп, түкірген белгі етті. Балбала жаққа бас ие берді де, тез жалт етіп, жұртқа қарап: - Отыр екен, бар екен қалқаларым! – деп, әр жердегі, әр сұлу қыз-келіншекке жағалай қарап өтті.

Біржан да, Балбала қысылып қалмасын деп және өзгелерінің көңіліне келмесін деп, Базаралыны қостап, іле жөнелді.

- Ән де біледі, айтса тілі орамды, шырқаса үні балдай. Тәрбие-тәлімімен жібек талдай, отыр ғой, міне, жақсы шәкірт, жақсы інілерім!

Біржан «қыздар», «қарындастар» деген сөздерді әдейі айтпады. Сол сөздерді әдепсіздеу, тұрпайылау көрді. Және әдейі аға боп, бауыр тартып сөйледі. Осында отырған бірнеше өнерлі, көрікті жас әйелдерге жағалай көз тастап өтті. Аттары аталмаса да, зор құрметпен еске алғандары - өзі мен Абайды, Базаралыны айнала қоршап отырған – Балбала, Керімбала, Үмітей, Әйгерімдер болатын.

Мағыналы сөз қатып, одан да мағыналы жүзбен Біржан көз салғанда, барлық жаңағы жас әйелдердің шыншыл, сезгіш жүздеріне жағалай дауылдап, шапшаң толқын, жеңіл қызғылт нұр жүгірді. Бейне бір таң сәскеде түңлікті ашып жібергенде, шаңырақтан күн сәулесі түскендей. Сол кезде батсайы шымылдық, дүрия көрпе, манат мақпал түскиізді күн сәулесі қуанта бір алгүл қаққызып, жағалай сәулелендіріп, жайнатқан тәрізді. Жас әйелдердің Біржандай әз ағадан, әсем өнерпаздан естіген мақтаулары да сондай әсер етті.

Үй ішінде сыңқыл-сылтың да, мәз қошамет те қатар қаулап, әзіл мен жарастық күлкі көп естілді.

Сыпайы сыйластық ажарлары, өнерлі жастар мәжілісі реңдене түскендей.

Абай мен Әйгерімнің бұл жолғы қонақтары шынында Тобықты жастарының ең бір өнерлі, нәрлісі болатын. Осыдан екі күн бұрын осы Құнанбай ауылы отырған Барлыбай өзеніне Ырғызбайдан, Торғай-Көтібақтан және Жігітектен, одан арғы Бөкеншіден көп қыз-келіншек, жас жігіттер әдейі шақырылып, арнаулы қонаққа келген-ді.

Абайдың қасында отырған – інісі, жас бозбала Әмір Құдайбердінің баласы. Ол өз нөкерімен келгенде, Үмітей сұлу да ерте келген. Базаралы қасында отырған Балбала – Әнет қызы. Ол да бір топ қыз нөкерімен әдейі шақырылған.

Бөкеншіден Сүгір баласы Әкімқожа – мынау. Ол өз қарындасы Керімбаланы ертіп, Жігітектен Базаралының әнші, сері інісі Оралбайды ала келген.

Сол жастың бәрі де өнер құмар және тегіс жақсы әнші. Олар Біржанды бұл жолы ғана көрген емес.

Осы күндерден екі айдай бұрын Тобықтының шетіне келген Біржанның хабарын Абай естіп, алдынан Әмірді жіберген-ді. Абайдың ең бір қадірлес ағасы Құдайберді жастай өлгенде, содан жетім қалған бес баланың ортаншысы Әмір болатын. Құдайберді өлерде, Абай оған: «Балаларыңды әке орнына бағу қарызым болар» деп, «жетімдік көрсетпесін» деп ант еткендей болатын. Айтқанындай, Абай содан бері Құдайберді балаларын өзімен туысқан Оспаннан да, өз балаларынан да қатты еркелететін.

Ал Әмір болса, сол балалар ішіндегі әнші, өнерлісі боп келеді. Ерке, серілігі де бар. Өзінде шалқып, серпіп шығарлықтай бір шығым бар, дәмелі жас. Аса тілеулес ағасы Абай оның алдынан шықпайды және ешкімге бетін де қақтырмайды.

Сол Әмірді Біржанға құр шақыртушы етіп жібермеген-ді. «Бар, көр. Шын өнерлі, қызықты болса, елге әкел. Еркімен көсілтіп, ойын-сауық ет. Жас буын өнер үйренсін, үлгі алсын. Мен де көмекші болармын» деген...

Әмір Біржанмен ел шетінде кездесіп, екі-үш күн бірге болып, өз ортасына шақырып қойып, өзі үй тіктірмек боп, алдымен келген. Аялдамастан Абайға кеп, өзгеше бір қызғын жайын, көңіл мен жүзден танытқан.

Абай содан соң-ақ Біржанды әуелі Әмірдің қонағы етіп, Құнанбайдың осы үлкен ауылына әдейі келтірткен-ді.

Содан бері екі ай өтті. Біржан Әмірге ғана емес, Абайға да ерекше ұнады. Екеуі ескі мұңдас, достай кездесіп, тез табысып кетті.

Абай осы бүгінгідей етіп өз ауылына Тобықтының әнші, күйші жасынан жігіт-желең, қыз-келіншегінен талайын тайлай рет жинаған. Біржанға оларды танытып, оларға ақын әншінің қасиет қадірін танытып, көп қызық мәжілістер құрған.

Өздері әнін үйретіп, сыйластық, құрметтестікке жеткен соң, көп ауылдың жастары Біржан мен Абайды өз ауылдарына шақырып, үзілмеген ұзақ сауық күн-түндерін өткізген.

Біржандар Әмірдің, Үмітейдің де қонағы болған. Сүгірдің әнші қызы, сәнді бойжеткен Керімбала мен Әкімқожаның қонағы боп, ол меймандос ауылда да көп сый көрген. Одан қайтыс жолда, Базаралы, Орайлбайлар Жігітек ішінде, көп күндер қыдыртып, қонақ еткен-ді. Бөкенші, Жігітек жастары үнемі бірге араласып, айырылыспай күтіскен.

Сонымен қазір Біржандар қайтатын шақ жеткен соң, Абай осы тұрған төрт үйді әдейі қонақтарды шығарып салу тойына арнап тіккізген. Енді бүгінгі түстіктен кейін, кешке қарсы көп қонақ атқа қонбақшы боп отыр. Өйткені, ертең Біржандар еліне қарай аттанбақ. Соның алдында «сый қонақтар бір кеш көпшіліксіз болып, тынығып аттансын», деп, Абайға Базаралы, Ербол, Жиреншелер, айтқан-ды. Абай да соны мақұл көрген.

Сөйтіп, бұл мәжіліс жаздай асыл аға, үлкен ұстаз болған Біржан мен Тобықты жасының айырылар мәжілісі еді. Сол себепті жаңағы Әмірді «Жиырма беспен» сынап тыңдағандай, өзге әнші жастардың бәрі де, бір-біріне жаңа әнмен өз өнерін көрсетпек керек.

Әмір айтқаннан кейін, әлгі қалжың әзілдер басылған соң, домбыраны Оралбай біраз күйлеп кеп, қасында отырған Керімбаланың әніне жетекші болды.

Ауылының сауығын, жастығын сақтаған, сәнді, мінезді қыз, ағайын аялаған жас болғандықтан, Сүгірдің өзі де, әсіресе мына Әкімқожадай серілік, сауық сүйген балалары да, мұны Қаракесектегі қайнына әлі бере қоймай, сақтап келе жатқан.

Керімбала бұл күнде осы үйдегі Тобықты қызының ішінде оң жақта ең көп отырғаны. Бірақ ауылдың, ата-ананың, өзінің де қадір-қасиетін кетірер жаманаты шықпаған. Сүгірдің ұзатпай сақтауына мұның осы ерекше мінезділігі де себеп болған.

Шошақтау боп біткен үлкен қой көзді, ақ қызыл жүзді, қалың шашты Керімбалада саналы қайрат бар, ұстамды, сырлы салмақ бар. Сонысымен ол әрі сәнді, әрі өзгеше біткен сұлу.

Керімбала да Біржаннан өзі сүйіп ұққан әнін айтты. Ол да Тобықты ішіне Біржан әкеп үйреткен бұрынғы бір ән. Біржандай көп әнші, ақынның айтуынан өтіп, сырланып жеткен, атсыз бір әнші шығарған – «Қарға».

Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде...-

деп сөзі кетті. Бүгінгі әнші, өнерлі жастардың біріне-бірі көрсетіп жатқан құрмет, ғыззат, сый-сұхбат арасындағы нәзік жарастық күйі болды. Біржан мен Абай үлкен ілтипатпен тыңдасып еді.

Керімбаланың осы әніне орай қып, Оралбай да бір кербез әнге шырқай жөнелді. Оның әні – «Гауһартас».

Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,

Артыңда таққан шолпың, күміс сырғаң...-

Ән зор дауысты, сұлу пішінді, ақ құба жігіт айтқанда жаңа сыр тапқандай. Әсіресе, Оралбайдың айтуында сол өзі суреттеп отырған «шолпылы» сұлуды нағыз ынталығындай сезіну бар. Жан тартып, демін, лебін сезіп отырған ыстық жалын білінеді.

Жұрт Оралбай әніне қатты сүйсініп, аласұрып, тоя алмай қапты. Біржаннан бұрын Керімбала бұрыла қарап, сүйсіне күлді. Көп сақиналы, үлкен білезікті аппақ қолын сәл көтере түсіп, жігітке сыпайы тілек етті.

- Тағы бір ауыз! – деп еді.

Оралбайға:

- Тағы! Тағы! – деп, Біржан да ықыласпен айтты. Әнші алғашқы қайырмасының аяғын үзбестен ілгері өрлеп, тағы да сәнді үнмен, шабыттанып, толқытып кетті...

Есілдің ар жағында көрдім сені,

Сырғаңды қайық қылып өткіз мені,

Сырғаңды қайық қылып өткізбесең,

Болсаң да хордың қызы көрмен сені, -

Жігіт ерке тілек айтады. Дос жүрегіне сенеді... Ынтыға тұрып еркелейді. Күн көзіне керіліп еркеленген жас тағыдай, өз отына, оның отына да қуанып сенеді. Онсыз жас жігіттің қуанышы қуаныш па? Еркелет те, еркеле. Жалынмен жалын ойнап, жарысып қосылсын.

Бар жиын, әсіресе Базаралы, Жиренше, Абайдай аға жастар шіміркене түседі. Ақ қызғылт рең Керімбаланың да жүзіне бір толқын соғады. Ақырын ғана көркем сыңқыл әсем үнмен Әйгерім күліп, қызарады.

Аппақ, кесек ақ тістерін сұлу қызыл еріндері аша түсіп, қайта жасырып, Балбала езу тартады.

Өз қасында отырған шабытты әнші, көрікті құрбысы – Әмір жасқа көз алмай Үмітей қарайды.

«Осы жас-ау! Сондай еркелікті батыл айтатын, жарыстыра айтатын жас осы Әмір-ау!» дейді ішінен. Тоңазыта діріл қақтырған бір толқынға бой бергендей. Ақша маңдайлы, кең сұлу жүзді Үмітей, ашық үнмен сыңқ-сыңқ етіп, үй ішіне естірте күледі.

Ән, домбыра кезегі қыдыра жағалап осы Үмітейдің өзіне келгенде, о да іркілмей «Баян аулыны» бастады. Әмірдің домбырасы қостай ереді. Қоңыр ғана, ақырын ғана тартса да, шынында, бүліне бебеулеген тілеулес, үндес күй бұралады.

Баян ауыл басынан бұлыт кетпес,

Қиядағы түлкіге құсым жетпес.

Ақ боз үйдің сыртынан аттандырып,

«Қош қалқатай» дегенің естен кетпес...-

Үмітей бұл әннің сөзін арманды күдікпен, аса бір құпия сыр етіп айтады. Сондықтан осынау сөз, саз бұрын емес, дәл осы арады ең алғаш айтылғандай болады. Бір туған айдай, қылдай нәзік, бірақ емеуріндей анық сыры бар. Дәл көңілдің өз үні боп шықты.

Әйгерім ән шырқады. Мұның айтуында, ең алғашқы ұзақ «ахаудың» өзі де нақысты ырғақтай.

Жас жарына көлденең қарап отырған Абай, тағы да Біржан салғандағы сияқты өзгеше сезіммен толқып, тағы бір жақсы созылған өмір-сурет дүниесіне шомып кетті.

Ал, Бибай, саған айтам гигайымды...-

Арғы сөзі Абайдың құлағына кірген жоқ. Барды айтып жатқан сөз емес, әуен мен үн... Көп күміс қоңырау сән түзеп, бір үн сала ма? әлде нендей ғайып текті ақ қанатты асыл зат көк жүзінде күнге шағылыса ма! Күміс сыбдыр нұр шашып, сырлы аспанға, мәлімсіз сапарға, серікке шақыра ма?! «берші сараң, сырдаң бойыңды! Түйіліп қалған жүрегің, тартынып қалған, ашылмай тығылған жан сырың бар. Ашшы соныңды! Өрге, өнерге шақырайын бар үніммен. Иықтан басқан зілден, мынау делсал күйден өтші!...

Қорыта келгенде, көркем әдебиетті Біржан салдың өмірдегі келбетімен үндесіп келуіне оқушылар назар аударады.

М.Әуезовтің кеңестік дәуірде Абай Құнанбаевтың болмысын суреттеу барысында Біржан салды қатыстыруы салдық өнерге ерекше мән бергенін танытады және оның тәлімдік, білімдік ықпалын айрықша сипатпен сомдауы аңғарылды.



МАЗМҰНЫ

Алғы сөз................................................................................................. 3-4
1 Қазақ халық педагогикасындағы этномәдени тәрбие берудің теориялық негіздері
1.1 Сал-серілік дәстүр арқылы этномәдени тәрбие

берудің тарихы.....................................................................................5-34


1.2 Сал-серілік дәстүр арқылы этномәдени тәрбие берудің

тұжырымдамасы.................................................................................. 34-51


1.3 Сал-серілік дәстүр арқылы этномәдени тәрбие беруді іске асырудың үлгісі .................................................................................. 51-65
2 Сал-серілік дәстүр арқылы этномәдени тәрбие беруді іске асыру жолдары
2.1 Сал-серілік дәстүр арқылы этномәдени тәрбие берудің

қазіргі көрінісі мен жағдайы.............................................................. 67-99


2.2 Сал-серілік дәстүр арқылы этномәдени тәрбие берудің сыныптан тыс өтілетін жұмыстардың маңызы................................................ 99-112
2.3 Жоғары сынып оқушыларына сал-серілік дәстүр арқылы этномәдени

тәрбие берудің тәжірибедегі қолданымы .................................... 112-127


Қорытынды ................................................................................... 128-132
Пайдаланған әдебиеттер тізімі .................................................. 133-135
Қосымшалар ................................................................................. 136-153



Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку
transactions -> Қазақ – шығыс және орыс (еуропа) Әдебиеті байланысы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет