Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ



бет14/18
Дата04.11.2016
өлшемі5,75 Mb.
#97
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
»,- дейді автор [372, 3 б.]. Енді бірде Х. Досмұхамедұлы: «Біздің жұмысымыз ел әдебиетінде бадырайып көрініп тұрған «өткен әлеуметшіліктің» бір бұтағын көпке көрсету. Оңды әлеуметшілік құру үшін елдің өткен-кеткен тұрмысын, бұрынғы болған әлеумет қимылдарын тану керек. Ел әдебиетімен таныспайынша өткеннің көбін де, бардың жарымын да тану қиын»,- деген пікірін жазады [372, 10 б.]. Ендеше ғалым фольклорды бірде ауыз әдебиеті десе, бірде ел әдебиеті ұғымында қолданған. Одан әрі автор фольклордың танымдық қызметіне ерекше назар аударады. Онда халықтың тұрмысын, әлеумет қимылдарын тану қажеттігі қарастырылған.

1939 жылы Алматы қаласында С.Мұқанов құрастыруымен латын әрпінде «Батырлар жыры» жинағының бір томы жарық көреді. Жинақ басы «Батырлар жырының әдебиеттегі орны»- деп аталған С.Мұқановтың алғысөзімен басталады. Оның өзі іштей 8 бөлімге ажыратылған, әрқайсысында белгілі бір мақсат көзделгені анық. Мәселен, бірінші тарауда [373, 5-6 б.] Қазақстан халық әдебиетінің ұлттар мәдени қазынасындағы ең қымбат мүліктерінің біреуі екендігін дәлелдеу орын алған.

Міне, мұнда С.Мұқановтың халық әдебиеті дегені фольклор екені анық. Алғысөзде С.Мұқанов фольклордың: ертегі, мақал, жұмбақ, жаңылтпаш, тұрмыс-салт жырлары, эпостық жырлары т.б. тәрізді жанрларын қарастырған. Ал, фольклордың ұшан теңіздей мол екендігіне, ол теңіздегі түрлі қайнар көздері болатынына, ол өз кезегінде қоғамның көп заманғы тарихымен ұштасып жататынына назар аударуы т.б.- бәрі ғалымның фольклорға тарихи көзқараспен қарауынан туындаса керек. Мәселен, ол ертегі жанры туралы мынадай пікір айтады: «Ертегі: құсқа қарап адам ұшуды қиял етеді, балыққа қарап жүзуді қиял етеді, алысқа қарап сөйлесуді қиял етеді, осы сықылды қиялдардан «кілеммен ұшу», «су астына отау тігу», «сиқырлы тіл- сыммен алыстан сөйлесу» тәрізді ертегілер туады»,- деуінен [373, 5 б.], ертегі жанрының басқа да фольклорлық жанрлардан басты ерекшелігі халықтың ерекше қиял- арманы мен шындықтың арақатынасында жатқанын дұрыс анықтаған. Сондай-ақ С.Мұқанов ертегінің шыққан дәуірін, оны шығарған адамның кім екенін дәлдеп белгілеу қиындығына, ертегіде адам қоғамының өмір сүру дәуірінің өткен өмірі бар екендігіне т.с.с. назар аудартады. Осы орайда С.Мұқанов фольклорды кәрі әдебиет деп қарастырады. «Кәрі әдебиеттің» бір түрі ретінде мақалада- қоғамның тұрмыс тәжірибесінен тапқан шындығы жатуы жөніндегі құнды пікірі орын алған.

Одан әрі С.Мұқанов қазақтың халық поэзиясына тоқталмас бұрын белгілі ақын Абайдың: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, // Өлеңмен жер қойнына кірер денең»,- деген философиялық өлең жолдарын келтіре отырып, фольклордың бір арнасы ретінде шілдехана үстінде айтылатын ән-күй ерекшеліктеріне тоқталады: мұндай өлеңнің қазақ тұрмысының шындығына сүйеніп шығарылатындығына; бала туған соң үш күн ұдайымен жастардың түнде жиналып, шілдеханада күзете отырып ән-күй айтатынына т.с.с. көңіл бөлген.

Сондай-ақ жоқтау жырларының ерекшеліктері де сөз болады: ескі ауылдың әдетінде өлген кісіні әйелі, қарындасы, шешесі, келіні жоқтайтыны; жоқтау басы өлер адам соңғы демін алмай тұрып, көзін ақтық жұмбай тұрып басталатыны т.с.с. айтылады. Осы туу мен өліктің екі арасы қазақтың фольклорында өлең мен әннен үзілмейтініне назар аударта отырып: қыз ұзатарда «аужар», яғни «жар-жар» орындалатыны; келіншек түскенде «бет ашар», «айт келін» айтылатыны; мал мен адам ауырса бақсылар өлеңмен, әнмен зарнап емдейтіні; өлікке көңіл әнмен, өлеңмен айту да болғаны, бұрынғы заманда жастардың, балалардың ойын-сауығы өлеңмен, әнмен өтетіні де біраз қамтылған. Демек қазақтың тұрмыс-салт жырларына жататын бөбек, жар-жар, бет ашар, айт келін, жоқтау, көңіл айту т.с.с. түрлерінің халық арасында жалпы орындалу ерекшеліктеріне де сипаттама берген.

Жинақта фольклордың ұсақ жанрларына да көңіл бөлген. Фольклордың бұл түрлерін белгілі фольклортанушы: В.В.Радлов, Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ж. Шайхулисламов т.б. жинағандығы сөз болады. Дегенмен бұлардың жинағаны үлкен теңіздің бір құйылысындай дей отырып, жиналып басылған халық әдебиетінен халықтың аузында жиналмай жүргені анағұрлым көп екендігіне баса назар аудартады.

Жинақта одан әрі [373, 7-9 б.] қазақ халық әдебиетінің тек ұсақ жанрлармен ғана бітпейтіні ескертіліп, сондай-ақ ондаған сюжетті ұзақ поэмалар бар екені діттеледі. Оларды іштей үш топқа бөледі. Бұл жерде айтылатын нәрсе «поэма» деген терминнің қазіргі «эпос» деген терминдік атаудың орнына жұмсалғаны. Бұл жағдай ғалымдардың фольклорға әдебиеттанушы тұрғысынан келгенін, «эпос» ұғымы мен әдебиеттегі «поэма» жанры теңестіріліп қолдануы көрінеді.

Қазан төңкерісіне дейінгі ғалымдар қазақ фольклортану ғылымына қатысты ғылыми терминдерді қалыптастыруды қолға ала қоймаса да , ал Қазан төңкерісінен кейінгі Кеңес үкіметі тұсындағы фольклортанушы ғалымдар қазақ фольклорына терминдік атауларды іздестірумен шұғылданды. Әрине- бұл ізденістің бәрі бірдей нәтижелі болмаған. Оның үстіне қазақ филологиясында фольклортану жеке ғылым ретінде көп уақытқа дейін танылмады. Мұның себебі, біріншіден, ғалымдардың арнайы фольклортанушылық білімі болмауымен түсіндірілсе, ал бұл өз кезегінде фольклордың өзіндік ішкі жанрлық т.б. ерекшеліктерінің ескерілмеуіне әкелді. Екіншіден, осы себеп ғалымдардың фольклорды тек әдебиеттану тұрғысынан ғана бағалауға, қарауға, ескеруге, талдауға т.с.с. әкелгені сөзсіз.

С.Мұқанов «әдет-ғұрып поэмалары» қатарына «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» жырларын т.б. қосумен қатар, белгілі «Бозжігіт», «Мұңлық-Зарлық» т.с. қисса-дастандарды да кіргізген. Сондай-ақ С.Мұқанов бұрынғы кездің өзінде батырлар жырын ғылыми тұрғыда зерттемеген күннің өзінде геройлық эпос пен тарихи эпос түрінде екі жүйеге бөлініп келгенін айта отырып геройлық эпостың («Едіге», «Қобыланды», «Сайын», «Тарғын», «Қамбар», «Ер Көкше» т.б.) нақтылы тарихпен байланысы аз, елдің ертегі қиялынан туған деп түйіндейді. Ал, тарихи эпосты («Орақ-Мамай», «Ер Есім», «Қабанбай», «Кенесары-Наурызбай», «Бекет» т.б.) қазақ елінің әлеуметтік тарихының белгілі сатысында болған белгілі тарихи оқиғамен байланысты қарастырған: «Мәселен: Едіге, Қобыланды, Шора, Қамбар, Ер Көкшелер тарихта анық болған, біразының оқиғасы, күресі айқын адамдар боп табылып отыр. Тарихтық жағынан беті айқындалмаған батырлар: Сайын, Тарғын, Алпамыс сияқтылар. Олай болса, ертедегі батырлармен бертіндегі батырлардың арасына шек қою өте условно болу керек... Ескі дәуірлердің батырлары туралы шығарылған поэмалардың оқиғасы ертегілеу болып айтылады. Мәселен Қобыланды батырдың Тайбурыл деген атының ұшқан құстан жүйрік болуы шындыққа жатпайды. Махамбет пен Бекеттің аттарында мұндай «қасиет» кездеспейді. Махамбет, Бекеттердің батырлығы, аттарының жүйріктігі ақылға сыятын шындыққа жанасатын оқиғалар. Ерте заманның батырларының қайраты шындықтан асыңқырап жатады. Мұндай айырмашылықтың болуы XIV-XV ғасырда Едіге мен ХІХ ғасырда жасаған Махамбеттің тұсындағы қазақ елінің дүниетануы екі сатыда болғандықтан болуы тиіс»,- деуінен [373, 8 б.], біз ғалымның, негізінен, эпос жанрын қарастырғанда тарихи талап тұрғысынан келіп, олардың батырлар жыры мен тарихи жырларға тән өзіндік ерекшеліктерін дұрыс ажыратқанын көреміз.



Одан әрі ғалым: тарихта белгілі болған батырлардың ең кәрісі Едіге екендігіне; одан бұрын болған батырды қазақ әдебиетінің тарихы әлі білмейтініне; Әзербайжан ғалымдарының «Қорқыт» деген кісі мен «Көрұғлы» деген батырдың «біздікі» деген тәрізді даулы пікірлерін келтіре отырып, олардың да қазақ еліне ортақ екендігін, қазақ әдебиеті мен мәдеиетіне қатысы бар екендігін т.б. дәлелдеуге тырысқан.

Жинақ кіріспесінде [373, 9-11 б.] С.Мұқанов қазақ батырлары туралы шығарылған жырларды қазақ елінің әлеуметтік өміріндегі тарихи төрт кезеңмен байланыстырады. Бірінші кезеңін- Алтын Орда кезеңімен жіптестірсе, оған дәлел ретінде «Едіге батыр» жырын алады. Екінші кезеңді- Ресейдің үлкен мемлекетке айналу барысында Қазан хандығымен жауласуы дей отырып, мысал ретінде «Шора», «Орақ-Мамай» т.б. жырларын келтіреді. Үшінші кезең ретінде «Алпамыс», «Ер Көкше», «Қобыланды», «Ер Сайын» т.с.с. жырларынан көрінетін қалмақпен арадағы жаугершілік заманы алынады. Төртінші кезең болып, Ресей мемлекетінің қазақ даласын отарлау саясатын тура жүргізе бастаған мезгілі алынған. Оған сол кезде аты шыққан батырлар: Сырым, Махамбет, Наурызбай, Бекет т.с.с. есімдеріне қатысты туған жырлар жатқызылған. Сондай-ақ бұл тарихи төрт кезеңде шыққан батырлар жырларының бастапқы үш кезеңін суреттейтін оқиғалар тізбегі бірімен-бірі сапырылысып, араласып жататыны, оларды бір-бірінен айырып алу, арасына шек қою қиындығы да сөз болады. Мұның бәрі халық мұрасына сол кезеңде үстем болған тарихи көзқарастан туындағаны белгілі. Ғалым С.Мұқанов өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеу мақсатында, қазақ еліндегі сонау XIV, XV, XVI т.б. ғасырлардағы тарихи оқиғаларды, басты тарихи тұлғаларды (хандар, батырлар т.с.с.), тіпті жер-су, қала т.б.аттарын келтіргенде ондай құнды тарихи деректердің қайдан алынғанына сілтеме жасамайды. Шамасы бұл деректер мамандарға белгілі деп есептеп С.Мұқанов сілтеме бермеген болуы керек. Ал, мұндай жоғарыда келтірілген пікірлердің не дұрыс, не бұрыстығын айқындайтын дерек көздерінің болмауы, ғылыми пікірдің неғұрлым дәлелді болуына күмән туғызары сөзсіз. Сонымен қатар С.Мұқановтың: «Тұрмысы көшпелі, сауатсыз қазақ ауылында батырлар жырын негізінде сақтаушы жыршылар мен адамдар болған. Ақын, жыршылар өздерінен бұрынғы ақын, жыршылар айтатын батырлар жырын жаттап алған. Осы жаттауларды жаңадан жаттаған ақын, заманының тілегіне қарай өзінше редакция жасап отырған. Кейбір поэмалар ауыздан-ауызға көшкенде қысқарып, өзгеріп, кей жерлері ұмытылып кеткен. Мысалға, «Едіге батыр» жырын алсақ, ондағы толық айтылатын оқиғалар: Едігенің балалық күні; өкпелеп Сәтемірге кеткен Едігені Тоқтамыстың тоғыз батырға қуғызатын жері; өзге оқиғалар, әсіресе Едігенің Сәтемірдің қызын дәуден айырып алатын жері, Тоқтамысты хандықтан түсіретін жері, Нұралдының Тоқтамысты өлтіретін жері, тағы сондай жерлері өте қысқа айтылған: поэманың бұл аралары да бір кезде болған ізі поэмадан көрініп тұрады»,- деуінен [373, 10 б.] «сауатсыз» деген ұғымның 1917 жылғы Қазан төңкерісі негізінде үкімет басына келген Кеңес үкіметі тұсындағы ғалымдардың, көбінесе орыс елі зиялылары түсінігімен басқа ұсақ ұлттар өкілдеріне ұстанған көзқарасынан туғаны анық. Ондағы мақсат шынайы ғылым, білім мен сауаттылықты ел арасына Кеңес үкіметі әкелді деген сыңаржақ пікірді халық жадында орнықтыру үшін атқарылған іс-шаралардың бірі ғана екені тарихтан мәлім. Мұндағы ғалымның негізгі ойы- фольклорлық процесті көрсету: фольклор үлгілерін бұрынғы жыршылар айтуынан естіп, жаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізуші ақын, жыршылар т.б. өздерінің таным-қабілеттеріне қарай бір нұсқаның бірнеше түрлерін тудыратыны ескерілген. Ал, бұл фольклорлық үлгінің ел арасында негізгі өмір сүру формасының бірі екендігі де бізге мәлім. Демек С.Мұқановтың бұларға ерекше көңіл бөлуі т.с.с.-бәрі де фольклордың жазба әдебиеттен өзіндік басты ерекшеліктерінің бірі- варианттық мәселесін, екіншісі- оның ауызекі өмір сүру ерекшелігін, яғни мәтіннің қысқару, өзгеру, ұмытылу, қайта түрлену, даму кезеңдерін т.с.с. қамтитын ауызекі даму ерекшелігі мәселесін алғаш көтергендердің бірі екендігін атап айту жөн демекпіз.

Одан әрі С.Мұқанов батырлар жырларына тән ортақ ерекшеліктерге де тоқталады. Бірінші ерекшелік, бұл батырлардың көпшілігі әке-шешесі қартайған кезде, балаға зарыққан кезде дүниеге келетіні; жырда кездесетін «Қайып-ирен, қырық шілтен, Баба түкті шашты Әзиз, Хазірет, Қыдыр, Ілияс т.б.» сықылды әулиелердің балаға зарыққандарға дұғасы тиіп, есіркеуі, тілегі қабыл болуы т.б. – бәрі Ісләм дінінің әсерінен туындаған деген пікір айтады. Екінші ерекшелік ретінде, батырлардың көпшілігі бала кезінен ақылды, қайратты, өжет т.с.с. боп келетіні ескертіледі. Үшінші ерекшелік- батырлардың көбінің сенімді екі серігі болатынына назар аударылған. Бірі –сүйген әйелі болса, екіншісі- астындағы сенімді тұлпары екендігі аталады. Ал, төртінші ерекшелікке, батырлар жырының, көбінесе оқиға сюжеті бірыңғай болатынына да зерттеуші көңіл бөледі. Батыр жауға аттанғанда, артында қалған үй ішінің басына ауыр қайғы туатыны; сыртқы жауын жеңіп келген батыр нақ қиын жағдай үстінде үй ішін, әсіресе сүйген жарын құтқарып, жыр соңында ішкі, сыртқы жауынан үстем боп мұратына жететіні т.б. сөз болады.

Батырлар жырының, көбінесе батыр мен оның астындағы атының қайраты, ерекше күштілігі, тіпті аттың адамға тіл қатуы, ақылдылығы т.с.с.- бәрі де әсерленіп, дәріптелініп, күшейтіліп берілетіндігі айтылады

Ал, ғалымның: «Іслам дінінің әдебиеті сықылды халық сүймейтін, халықтың тұрмыс шындығынан шықпаған жолдан қосылған жолбикелердің талайын халық ұмытып кетті»,- деген [373, 13 б.] пікірінен, сол кездегі Кеңес үкіметі тұсында дінді қоғамнан аластату іс-шараларының белең алғанын, әрі дінге қарсы «әділетсіз» науқанның етек алуымен түсіндіруге болады.

Ғалым батырлар жырында сол кездегі «социализм» қоғамында отырған қазақ халқының сана сезіміне түгел үйлесе бермейтінін; батырлар жырында социализм қоғамының тілегіне, принципіне қайшы келетін, ұлт пен ұлттың, халық пен халықтың араздығын тудыратын сәттер барлығын; қанаушы тап үстем заманда, ұлт пен ұлттың, халық пен халықтың арасындағы араздықтың күшті болғанын сөз етеді. Және де «Қазан төңкерісінен» бұрынғы ескі қоғамда қазақ елінің көбірек соқтыққан, көп жауласқан елдері монғол тұқымдас елдері мен Ресей екендігіне де т.с.с. назар аударумен қатар ғалым С.Мұқанов: «... Осындай әрі Россия феодализмінен, әрі өз байларынан екі жақтан қысым көрген қазақ елі әлденеше рет бас көтеріп, Россиямен жауласты. Міне, осы жаугершілік заманда, жауласқан елдерін жаман ел қып көрсету ол заманның саяси сана-сезіміне үйлес жағдайлар еді. Сондықтан батырлар жырында: «Кәпір жаман, қалмақ жаман» деген пікір басым айтылады...

Батырлар жырында жауласқан қарсы жақтың елі де, батыры да осал, мінездері бұзық боп сипатталады. Бұл әрине, жоғарыда айтқандай, ескі антагонистік қоғамның сана-сезімінен шыққан, тұрмыс шындығына жатпайтын жағдай. Батырлар жырындағы жаңа бір ескеретін жағдай, қай елді алсаң да тапсыз, тұтас ел сықылданады. Расында олай емес. Мәдениеттің қандай төмен сатысында тұрса да, қоғамдық өмір сүрген елде қанаушы, қаналатын- екі тап болады. Мәселен, арғы кәрі заманда құл мен қожа, одан бері капиталистер мен жұмысшылар, ауыл шаруасының жағдайында кулактар мен батрактар тағы сондайлар. Ел мен елдің өзара тартысуын былай қойғанда, адам баласының барлық дәуірінде де бір елдің ішіндегі қанаушы мен қаналушы таптарының арасы қайшыланып келген, кейде бұл қайшылық ұласқан күреске де айналған.

Қазақ елінің батырлар жырында ел арасындағы бұл қайшылықтардың ұшқыны көрінеді. Мәселен: «Сайын батырда» тоқсан құл Сайынның әкесі Бозмұнайға қорлық көрсетеді, «Алпамыс батырда» Ұлтан құл Алпамыстың әулетіне зорлық істейді, «Қамбар батырда» Қамбар тоқсан үйлі тобырдың жоқшысы болып көрінеді. Бұ да, әрине тап қайшылығының белгілері. Бірақ, бұл белгі поэмада өте әлсіз, шын тұрмыстағы тап тартысынан анағұрлым үстірт, жеңіл айтылған»,- деуінен [373, 14 б.], біз ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Кеңес үкіметі заманында халықтық шығармалар болып табылатын эпостық жырлардың өзіне де «тап тартысы» идеологиясы тұрғысынан қараудың, сол кездегі ғылым, әдебиет пен мәдениеттің қалыптасуына зиянды ықпалын тигізгенін анықтаймыз. Демек бұл кезде тарихи құндылықтарға шынайы объективті баға берілудің орнына, керісінше, идеологиялық, субъективтік көзқарастардың әсерінен, Мәскеудегі орыс ғалымдарына жалтақтай қараудың, тарихи шындықтың не бұрмалануына, не өзгеруіне т.с.с. негіз қаланғанын көреміз.

Ғалым фольклордың келесі жанры ретінде «әдет-ғұрып поэмаларының» өзіндік ерекшелігіне тоқталады. Яғни бұл ғашықтық жырларда адамның әлеуметтік өмірінен гөрі жеке өмірінің оқиғалары көбірек болатынына көңіл бөлумен қатар, әрі мазмұны жағынан, әрі композициясы, әрі сюжет жағынан батырлар жырымен арадағы жалпылық, ұқсастық жерлері де көп болатыны сөз болады. Дегенмен батырлар жырына қарағанда жауға кездесіп, үлкен батырлық, қайрат, кек алысу арқылы кездескен жауын жеңіп, мұратына жету т.с.с. тәрізді белгілердің аздығына да назар аудартады. Керісінше, оларда елдің ішкі әдет-ғұрпын суреттеу жақтарының басымдылығына т.с.с. көңіл бөлінген. Ал, бас бостандығын көксеген жастардың өмірі «қанаушы» таптар қысымында болды дей отырып, олардың бас бостандығы малдай саудаға түскендіктен, әйел де, ерлер де бірімен-бірі ұнатысып, қосылуды арман етуі тәрізді тілегінен ғана «әдет поэмалар» дүниеге келді дегенді айтуы т.с.с.- бәрі де ғалымның біржақты субъективті көзқарасының жемісі. Демек, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Кеңес үкіметі тұсында тіпті ғылым, білім, мәдениеттің де т.б. саяси күрес құралына айналғандығын, әрі кез келген нәрсеге мейлі ғылыми еңбек болсын, мейлі жазушы қолынан туған көркем шығарма болсын, тіпті авторы белгісіз деген халықтық мұраларға да т.б. «тап тартысы» тұрғысынан қарау белең алғандығын танытады.

С.Мұқанов «ескі» дәуір поэмаларының көркемдік жағынан да өте қымбат екендігін, композициялық жағынан бүгінгі мәдениетті дәуірдің поэтика талабына үйлесетінін, оқиғаның баяндалуы, басталуы, шиеленісуі, шешуі т.б. тәрізді белгілерінің әдебиет заңдылығына сай бағындырылғанын, халықтық үлгілердің композициялық жағынан Еуропалық бағыттағы ақын шығармаларынан кем түспейтінін дұрыс айқындаған. Сондай-ақ халық поэмаларында шала құрылған, көркемдікпен дәлелденбеген адам кейіпкерлері аз кездесетінін т.с.с. жан-жақты саралауынан - біз, ғалымның нұсқаның көркемдік құндылықтарын анықтауда, көбінесе әдебиеттану талаптары тұрғысынан ғана қарастыратынын байқаймыз.

Сөз соңында [373, 20-21 б.] С.Мұқанов қазақтың халық әдебиетіндегі «поэмаларының» азшылығы ғана кірген, жинақтың қазақтың орденді халық ақыны қарт Жамбылдың поэзияға 75 жыл сіңірген еңбегіне орай құрастырылғанын атап кетеді.

Қорыта айтқанда кезең қиындығына, ел билеушілер өктемдігіне, ғылыми таным жетіспеуіне т.с.с. қарамастан, өткен ғасырдың орта тұсында да Қазақстанда басқа да ғылым салалары тәрізді фольклортану ғылымы да өзіндік кідіріс, тоқыраумен бірге тоқтап қалмау, даму кезеңдерін де бастан кешіргенін көреміз. Әр істің өз жетекшілері болатынын ескерсек, А.Байтұрсынов та, С.Мұқанов та сол кезеңнің өзінде қазақ фольклортану ғылымына үлкен үлес қосқаны даусыз. Мұндағы Сәбит Мұқанов құрастырған «батырлар жырының» жеке жинақ болып шыққаны, жинақтың бір жанрға ғана арналғаны- қазақ фольклортану ғылымының жеткен жетістігі екені сөзсіз. Алғысөз барысында фольклордың барлық дерлік жанрлары жан-жақты талдауға түсіп, өзіндік ерекшеліктері фольклорлық процесс негізінде қарастырылады. Сондай-ақ фольклорлық мәтіндер тарихи зерттеу әдісі негізінде қаралып, олардың эстетикалық қызметтері сараланады. Кейіпкерлері әдеби образ ретінде талдауға түсуі- бәрі, сөз жоқ, С.Мұқановтың қазақ фольклортану ғылымы қалыптасуына қосқан елеулі еңбегі екені анық.

Жалпы, фольклорды зерттеудегі мақалалар, кіріспелер, алғысөздер дегенде, зерттеу жұмыстарының біраз ретте сәтті жүргізілуі фольклортану ғылымына белгілі ғалымдардың келуімен байланысты. Сондай-ақ онда алдыңғы қатарлы фольклортанушы ғалымдардың тәжірибесіне сүйенуінің де әсері болғаны белгілі: Ә.Диваев, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, Х.Досмұхамедұлы, С.Мұқанов т.б. Қазан төңкерісінен кейін жаңа Кеңестік заманның орнығуы ықпалымен фольклортану ғылымы халықтық мәдениеттің көтерілуіне, жалпы халықтық шығармашылықтың дамуына, түрлі зерттеу еңбектерінің көбеюіне, фольклортану ғылымын дамытуда белгілі ғалымдардың еңбектерінің сұрыпталуына, зерттеу жұмыстарын жаңа туған қоғамдық қатынастар негізінде қайта жазуға бағытталғаны мәлім. Бұл жұмысқа түрлі ұйымдарды, ғалымдарды, студенттерді, оқушыларды т.б. жұмылдырудың бәрі де түрлі қайшылық, кедергілерді бастан кешірсе де, тұтастай алғанда, фольклорды зерттеу ғылымының өзіндік дамуын негіздеді.

Бұл кезде «тарихи мектеп» концепциясына негізделген мақалалар пайда болды. Сондай-ақ фольклорды салыстырмалы зерттеу әдісі негізінде де қарастыру белең алды. Мұнда ғалымдар фольклорды халықтық педагогиканың, танымның, эстетиканың, тәрбиенің т.б. қайнар көзі ретінде қарастырды. Зерттеу барысында фольклорға, оның жанрларына анықтамалар берілді. Және де олардың ішкі ерекшеліктері, өмір сүру жағдайы, орындаушылары, жіктелуі де біраз сөз болды. Дегенмен фольклорлық бейнелер, көбінесе әдеби образ ретінде бағаланды. Міне, бұл баяндама, алғысөз түрінде болсын мақалалар сол ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы хал-жағдайын анықтайды. Негізінен мақалалар ғылыми-көпшілік мақсатта жазылды.
3.3.2 Монографиялар.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Қазақстан фольклористері халық ауыз әдебиетін сала-салаға бөліп зерттей бастады. Фольклор шығармаларын жанрлық ерекшеліктеріне қарай бөлу, бұрын зерттеу ісінде болып келген кемшіліктердің орнын толтыруға қызмет етті. 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың бас кезінде М.Әуезов, Х.Досмұхамедұлы, С.Сейфуллин сияқты фольклорист ғалымдар халық ауыз әдебиетін жанрға бөлу жөніндегі мәселені қазақ халқының тарихымен байланыстырды. Осы айтылған жайлар 1920 жылдардың соңғы кезінде М.Әуезов, Х.Досмұхамедұлы еңбектерінде [374], 1930 жылдардың бастапқы дәуірінде С.Сейфуллин зерттеуінде [375] тереңірек баяндалды.

Қазақ оқу орындарында т.б. оқулықтардың жетіспеуін ескеріп, сол олқылық орнын толықтыру мақсатында 1927 жылы Қызылорда қаласында ғалым М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» атты монографиясы басылды. Кітап «Жазушыдан» деген М.Әуезовтің сөзінен бастау алады. Мұнда балаларға арналып ашылған мектептер, оқытушылар дайындайтын техникум, институттар, мұғалімдік курстар, судьялық тергеушілік курстар т.с.с. үшін- бәрінде ана тілінің сабағына келгенде, ақыл, сезім тәрбиелеп, қалыптап жетілуден басқа оқушыға қазақ деген елдің өткендегісі мен бүгіндегі пішінін таныту керектігі сөз болады [376].

Монографияның кіріспе бөлімінде ғалым М.Әуезов жалпы тарих жолындағы адамзаттың қалыптасуының 4 негізгі дәуірін (тағылық тұсындағы ортақшылдық дәуір, ана қожалығы жүрген дәуір, ата мен ру қожалығы жүрген дәуір, мемлекет негізі құрылған дәуір) алғаш бөліп алып қарастырады [376, 12-16 б.]. Одан әрі әдебиет тарихының міндеті, әдебиет тарихының қолданылатын жолы, қазақ ескілігінен аз мағлұматы, қазақ әдебиетінің тарихы сөз болады [376, 16-21 б.].

Сонымен қатар ғалым М.Әуезов қазақ әдебиетінің: бір саласын ауызша әдебиет десе, екіншісін- жазба әдебиет деп бөледі. Демек М.Әуезов фольклорды ауызша әдебиет деп қарастырған. Ауызша әдебиетті, яғни фольклорды белгілі ғалым А.Байтұрсынов 2-ге (сауықтама, сарындама деп) бөлсе, Х.Досмұхамедұлы 46-ға жіктегені белгілі. Ал, М.Әуезов фольклорды іштей алғаш рет 4-ке топтайды: біріншісін- сыршылдық салт өлеңдері десе; екіншісін- әңгімелі өлеңдер (батырлар әңгімесі, ел поэмасы, тарихи өлеңдер) деген; үшіншісін- айтыс-тақпақ деп ; төртіншісін - ертегі, мақал, мәтел, жұмбақ дейді. Олардың жалпы мынадай ерекшеліктеріне тоқталады: « ... 1) Ауызша әдебиеттің шығарушысы жалпақ ел дейміз. Ауызша әдебиет жұрнақтарының арнаулы шығарушысы жоқ. 2) Ауызша әдебиеттің барлық жұрнақтары күйге өлшеніп, арнаулы әнмен айтылады. Сол себепті оның сыртқы түрінде жазбадан айырмасы бар. Ол желпініп айтылады.3) Ауызша әдебиетте бір жаққа қарай беттеген арнаулы бағыт болмайды. Оны елдің дін нанымы, елдің белгілі салты, әдеті туғызады. Сондықтан ауызша әдебиет бірнеше түрге бөлінеді»,- дейді [376, 21 б.]. Бұл негізінде А.Байтұрсыновтың халық әдебиетіне берген анықтамасынан әлдеқайда кең берілген. Демек, М.Әуезов фольклорға ғылыми анықтама берумен қатар, фольклордың барлық дерлік жанрын қамтыған, әрқайсысын жіктеп, жекелеп зерттегенін көреміз. Егер жүйелеп айтар болсақ М.Әуезов эпосты да, ертегіні де, тұрмыс-салт жырларын да т.б. арнайы қарастырған. Ал, мұндағы М.Әуезовтың фольклорға берген анықтама түріндегі ғылыми сипаттамасы, яғни авторы халық болып табылатыны т.б.- қазіргі фольклортану ғылымында өз мәнін жойған жоқ.

Ендеше, ХХ ғасырдағы Қазан төңкерісінен кейін фольклордың өзіндік өзіндік ерекшеліктеріне назар аударыла бастауы, жанрларына сипаттамалар мен анықтамалар берілуі- бәрі сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымының өз алдына жеке ғылым саласы ретінде жеткен жетістігін көрсетеді. Дегенмен фольклорды іштей жанрлық түрлерге жіктегенде, оның қазіргі қазақ фольклортану ғылымы талаптарына сай келмейтіндігі де байқалады. Әрине, бұл сол кездегі ғылымның деңгейінен туындағаны күмәнсыз. Мәселен, ғалым тұрмыс-салт жырларын «Сыршылдық салт өлеңдері» деп түсінген. Оларды іштей үшке жіктеген [376 22-55 б.]: 1) Ел салтындағы шер өлеңдер (бұған жоқтау, естірту, қоштасу, көңіл айту түрлері енгізілген); 2) Дінмен байланысты өлеңдер (бұған наурызды, бақсылардың сарынын, жарапазанды жатқызады); 3) Қыз ұзату үстіндегі салт өлеңі (бұған жар-жар, қоштасу-танысу, бет ашар түрлері алынған) деп.

Бұлай тұрмыс-салт жырларын үшке бөлу үлгісі М.Әуезовке дейін А.Байтұрсыновта кездеседі. Тек А.Байтұрсыновта тұрмыс-салт жыры орнына сарындама ұғымы қолданылады да, оны іштей «салт сөзі», «ғұрып сөзі» «қалып сөзі», болып өзгеше бөлінген (Әдебиет таныиқыш. 1926.) Мәселен, А.Байтұрсынов «салт сөзіне» мақал-мәтелмен қатар, әдебиет жанрына жататын мысал түрін де жатқызған. Бұл арада фольклор мен әдебиет жанрларының ара-жігі ажыратылмағаны көрінеді. Демек ол тұстағы зерттеушілер арасында фольклор әдебиеттің бір саласы ғана деген түсініктің басым болғанын танимыз. Ал, М.Әуезов еңбегінде фольклор терминдер өзгеше аталғанмен, негізінен, фольклор түрлері толықтай сөз болады. Мұнда өз тұжырымдарын дәлелдеу үшін ғалым фольклор үлгілерін келтіреді. Мәселен, «Ай, Таңсықтың қоштасқаны» үлгісі [376, 29-30 б.], бұл «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырының үзіндісі. Бұл үзіндіні ел аузынан жазып алып, «Таң» журналында (1925, №2) Жанақ ақынның айтуынан деп жариялаған М.Әуезовтің өзі екені анық. Демек баспа бетінде фольклор үлгілерін жариялағанда М.Әуезов мәтіннің жазылынып алыну паспортын толтырғаны, яғни мәтіннің қай уақытта, қай жерде, кімнен т.с.с. алынғанына қатысты деректерді бірге берген. Мұның бәрі ғалым М.Әуезовтің фольклорлық мәтінді қағазға түсіруде әлемдік фольклортану талабын орындағанын көрсетеді. Ал, бұл мәтінді өзінің «Әдебиет тарихы» атты кітабында қолдануы ғалым М.Әуезовтің өзінің зерттеуіне қатысты дерек көздерін өзі жинағанын көрсетеді. Ал, мәтіннің қағазға түсу паспортын толтырғаны, әрі фольклорлық мәтінді баспасөз бетінде жариялағаны, әрі оны зерттеу объектісіне айналдырғаны т.с.с.- бәрі де фольклортану ғылымында зерттеу жұмыстарының жүйелі, әрі сәтті жүргізіле бастағанын көрсетеді. Ендеше оқулық жазу үшін бірінші кезекте фольклорды неғұрлым көп жинау қажеттігі туса, екінші кезекте оларды жүйелі сұрыптап, жинақтап т.б. баспа орындары арқылы жариялау міндеті тұрды, үшінші кезекте оларды зерттеу мәселесі туындайтыны анық.

Тұрмыс-салт жырлары арасынан тек бөбек жырлары мен жан-жануарлар туралы т.б. жырлар қарастырылмаған. Шамасы, бұл фольклорлық үлгілердің жетімсіздігі, яғни ел арасынан жиналып үлгермегендігі, сондай-ақ ол жөніндегі ғылыми зерттеулердің мардымсыз аздығы себеп болса керек.

Ғалым М.Әуезов кітапта тұрмыс-салт жырларының бір бөлегі шер өлеңдеріне анықтама береді: «Шер өлеңдері, кейде көп елдің басына келетін қайғы, шерден туады, кейде үй ішінің қайғысынан, жеке адамның қайғылы күйінен туатыны да болады. Бұл өлеңдердің бәрі де көңілдің қайғылы қаралы сезімдерін білдіретін сөздер»,- дейді [376, 22 б.]. Ал, осы ел салтындағы шер өлеңдерін іштей: жоқтау, естірту, көңіл айту деп дұрыс жіктеген. Бұл жіктеме үлгісі қазіргі фольклортану ғылымында өз маңызын жойған жоқ. Мұндағы «жоқтау» термині сол кездегі Ахмет Байтұрсынов оқулығында [376, 254 б.] кездескенмен, ал («көңіл айту», «естірту» ұғымдары тек М.Әуезов кітабында бар болуы- бәрі ғалым М. Әуезовтің терминдік атауларды қалыптастырудағы еңбегінің маңыздылығын көрсетеді.

Мәселен, жоқтау өлеңіне келгенде ғалым: «...көпке бірдей жайылған қазақ салтынан туған шер өлеңі: жүрек қайғысын өлеңмен, әнмен, кейде күймен шығару ескіліктің сүйген түрі болған»,- деген анықтама береді [376, 22 б.] . Одан әрі ғалым жалпақ елдің жоқтауын ақын-жырау айтатыны, сондай-ақ үй- ішінің, ауыл-аймақ, ру ішінің жоқтауы болатыны; тек оның ұзақ болмайтыны; қайғының, көбінесе аз сөзбен көп мағынаны қамтып, тиімді айтылатынына дұрыс назар аударған [376, 22-27 б.].

Ал, басқа зерттеу еңбектерде кездеспейтін фольклордың естірту түрі осы кітапта алғаш сөз болуы, сөз жоқ, М.Әуезов еңбегінің маңызын арттырады: «Ескі қазақ салтында көп елді күйзелтетін қайғыны арнаулы өлең естіртетін әдет болған»,- дейді [376, 27 б.]. Қазақтың өмірінде қуанышын ұлғайтып, қайғысын серпілтуге бағындырылған қайғы үстіндегі сүйеу сөз, көңіл айтып жұбатқан сөз болады десе, сондай-ақ адамды қайғыға дайындау үшін естіртудің тұспал, жұмбақпен басталатын үлгілері орындалатыны айтылады. Онда қаһарман өміріне баға берілетіні; кейінгі ұрпағына егіліп жылаған халық т.б. көз жасымен қайырлы өмір тілейтіні; кейде оның күймен де айтылатыны ғалым М.Әуезов тарапынан алғаш рет қарастырылады.[376, 27-28 б.]. Қоштасу, көңіл айту үлгілері де М.Әуезов тарапынан жан-жақты сараланған [376, 28-36 б.].

Ғалым дінмен байланысты өлеңдерді де салтпен байланыстыра отырып, оларды екі топқа бөліп қарастырған: «1) Ескі діннің сарқыты болған өлең; 2) Ісләм дініне байланысқан өлеңдер»,- деп [376 ,36-46 б.]. Міне, бұдан біз Мұхтар Әуезовтіңдіннің де қоғамда атқаратын әлеуметтік қызметіне назар аударғанын көреміз. Мәселен, ғалым наурызды, бақсылардың сарынын ескі діннің сарқытына жатқызса, жарамазанды ісләм дініне байланысты қолданады. Мұндағы наурызды «дінмен» байланыстырғаннан гөрі қазір ұлыс жыры, елдің ертеден келе жатқан ұлы мейрамы деп т.б. қарастыру орындылығы сөз болады. Ал, бақсылық, бақсылық сарыны т.б. деген фольклор үлгілері де бұрынғы еңбектердің бірінде де сөз болмайды. Ендеше М.Әуезов кітабында бұл фольклор үлгілері тұңғыш рет қарастырылып отыр. Демек бұл да еңбек маңыздылығын арттырары күмәнсыз. Және бұлардың қай кезде, кімдер арқылы орындалатыны да жазылған. Онда мынадай тұңғыш анықтама бар: «Бақсылық- ескі діннің сарқыты. Бұрынғы кездегі бақсы көмескіні болжайтын сәуегейлігіне қарап, өз дінінің пайғамбар әулиесі сияқты құдайлармен жасырын елшілер арқылы жалғасады, тіл алады деген сенім болған»,- делінген [376,41б.]. Дегенмен Ісләм дінін нақты діттеген идея жоқтың қасы десек те, оны асыра мақтау үлгісі орын алмағанын ескерген жөн.

Кеңестік оқу жүйесінде оқулықтың жетіспеуіне байланысты ғалым М.Әуезов тарапынан дайындалған тұңғыш төл оқулықтарымыздың бірі «Әдебиет тарихы» еңбегі екені белгілі. Кезінде бұл монографиялық еңбек зиянды деп табылуы, еңбек атына сілтеме жасаудың өзіне рұқсат етілмеуі т.с.с.- бәрі де тұңғыш оқулықтағы: ұлттық тілдің, салт-сананың, тұрмыс-салттың, әдет-ғұрыптың ұлттық мүдде тұрғысынан жазылғаны себепті болды. Осы монографиялық еңбек арқылы ғалым М.Әуезов қазақ фольклорын, оның жанрлық түрлерін алғашқылардың бірі болып жан-жақты талдайды.



Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
buuk -> Кітаптану және кітап тарихы 050418 «Кітапханатану және библиография»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Психотерапия технологиялары
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> Ашимбетова Р. Д. Журналистің тіл мәдениеті Оқу құралы 050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған Павлодар
buuk -> Мамандық «Аспаптық орындау» мамандығы бойынша күндіз және сырттай оқитын тәлімгерлердің тәжірибе жұмыстарына арналған әдістемелік нұсқау Павлодар бекітемін


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет