Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Д.А. ҚОНАЕВ – КӨРНЕКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ



бет16/17
Дата23.10.2016
өлшемі2,39 Mb.
#87
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

Д.А. ҚОНАЕВКӨРНЕКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ

САЯСИ ҚАЙРАТКЕР
Қазақстан тарихында Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаевтың өмірі мен қызметі халық үшін қалай өмір сүру мен еңбек ету керектігінің тамаша үлгісі болып қалады. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, 8 Ленин орденімен, КСРО, шетелдік мемлекеттердің басқа ордендерімен және медальдарымен марапатталған [1, 15-б.].

Қазақстанның көрнекті мемлекеттік және саяси қайраткері, ғалым, Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаев 1912 жылғы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында дүниеге келген. Чернышевский атындағы № 19 бірінші сатылы мектепте оқыды. Төртінші сыныпты бітірген соң 14-ші мектепте оқыды. Дінмұхамед оқу озаты болмаған, бірақ қиын ғылымдарды үлкен сүйсінушілікпен меңгерген. Мектептегі сабақтарынан кейін республика Мемлекеттік жоспарының аудандандыру секторында статист болып жұмыс істеген, ал кешке институтқа даярлық курстарында білім алған.

1931 жылы жас Д.А. Қонаев Мәскеуге Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің жолдамасымен М.И. Калинин атындағы Мәскеу түсті металдар және алтын институтына оқуға түсу үшін барады. 1936 жылғы шілде айында Д.А. Қонаев институттың тау-кен факультетін бітіріп, Қоңырат-Балқаш құрылысына жіберіледі. Өзінің Балқаш-Қоңыратқа жіберілгені туралы кейіннен былай деп жазған: «Мұнда менің еңбек жолым басталды. Мен бұл өлкеге бөтен емес едім. Осы жерде бес айлық практикадан өткенде, Қоңыратпен және оның адамдарымен танысқан болатынмын. Ол кезде мен жаңа ғана құрылған шығыс үйіндінің ондығы болып жұмыс істегенмін. Жұмыс істеп жүріп, «Жылына 90 мың тонна қара мыс өндіру үшін Қоңырат карьерінің қуатын анықтау» тақырыбына арналған дипломдық жұмысыма материал жинадым. Дипломымды «өте жақсы» деген бағамен қорғадым. Менің еңбек жолындағы алғашқы қадамдарым Қазақстанның түсті металлургиясымен байланысты болды. Мен өзімнің елімізде Орталық Қазақстандағы қуатты мыс өнеркәсібінің, сонан кейін Рудалы Алтайда қорғасын-мырыш өнеркәсібінің қалыптас-тыруға қатысушылардың бірі болғанымды осы күнге дейін мақтаныш етемін» [2, 45-б.]. Осында болғанда, Д.А. Қонаев бұрғылау станогының машинисі, шебер, ауысымдық инженер, Қоңырат кенішінің директоры қызметтерін атқарды. 1938 жылғы қараша айында тұңғыш Балқаш мысы алынды. Д.А. Қонаев мемлекеттік награда – «Еңбектегі озаттығы үшін» медалін иеленді.

1939 жылғы қыркүйек айында Дінмұхамед Ахмедұлын Риддер руда басқармасының директоры ретінде Риддер полиметалл комбинатына жібереді. Соғыс алдындағы КСРО шекараларындағы жағдай стратегиялық мақсат – металлургия өнеркәсібіне қойылатын талаптарды күшейтті. Қысқа мерзім ішінде кеніштің жаңа директоры өндіріс көлемдерін көп есе ұлғайтып, оны артта қалушылар қатарынан озықтар қатарына шығарды. 1941 ж. Риддер Лениногорск деп қайта аталды. Соғыс жылдарында жауға атылған 10 оқтың 9 оғы Лениногорск қорғасынынан балқытылды.

Д.А. Қонаевтың жеке тұлғасының қалыптасуы, оның дамуы сталиндік дәуір, қатаң орталықтандырылған әкімшілік жүйесі жағдайларында болған, бұл Қазақстанның болашақ көшбасшысының саяси социализациялануының себебі болды. Д.А. Қонаевтың тағдыры әлеуметтік-саяси процестердің әсерімен қалыптасты, оларға бір жағынан - жалпыға ортақ оптимизм және халықтың социализм мұраттарына мұқалмай сенуі, екінші жағынан, қуғын-сүргін, тарихты, этникалық мәдениетті және дәстүрлерді «күйдіретін» жүйенің қатаң еріктік шешімдері тән болды, бұл Қазақстанның болашақ басшысына әсерін тигізбей қоймады [3, 76-б.].

1942 ж. сәуірде Д.А. Қонаев ОК билігіне шақырылып, онда 20 сәуірде республиканың Кеңестік халық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалады. 1942 ж. 6 маусымнан бастап Д.А. Қонаев ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесінде жұмыс істей бастады. Оның міндеттерінің шеңбері түсті металлургия кәсіпорындарының, көмір және мұнай өнеркәсібінің, электр станцияларының, темір жолдардың, автокөліктің, қорғаныс зауыттарының жұмысын үйлестіру болып анықталды. 30 жасында Д.А. Қонаевқа мемлекеттік басқарудың аса жауапты бөлігі, қазіргі шамамен - Премьер-министр орынбасарының постысы тапсырылған. 1949 ж. ақпанның аяғында Қазақстан коммунистерінің 6-шы съезінде Д.А. Қонаев алғаш рет ОК мүшесі болып сайланды [4, 70-71-б.].

1951 ж. желтоқсан айында Д.А. Қонаевты сол кездегі ҚКП ОК бірінші хатшысы Ж.А. Шаяхметов шақырып алып, Қазақстан тарихын идеологиялық жариялау бойынша жағдайды түзету қажеттілігіне байланысты ғылымдар Академиясын басқаруды ұсынды, ол ұсыныстан бас тартты. 2 айдан соң ОК-ға шақыру қайталанды. Бұл жолы Ж.А. Шаяхметов Д.А. Қонаевтың ғылым басқармасына ауысуға келісімін алды [8]. 1952 жылғы 16-17 сәуірде республиканың ғылымдар Академиясының жалпы жиналысының сессиясы өтті. ОК идеология жөніндегі хатшысының қысымымен бірінші күні академиктер М.П.Русаков және А.К. Жұбанов, корреспондент мүшесі К.Д. Жұмалиев атақтарынан айырылды. Кейіннен оларға қатысты әділдікті орнату мүмкін болды. 17 сәуірде ірі қазақ ғалымы Қ.И. Сәтпаев құпия дауыс берумен Ғылымдар Академиясы Президенті қызметінен және Төралқасының мүшесінен босатылды. Оның орнына бірауыздан Д.А. Қонаев сайланды.

Сталиннің өлімінен кейін елді Н.С. Хрущев басқарды. Л.П. Берия қамауға алынып, атылды, Г.В. Маленков – КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінен босатылды және біртіндеп саяси бейболымға жіберілді. Н.С.Хрущев партияның және елдің толық билеуші қожайыны болды. Ол кезде Орталықта Қазақстандағы экономиканың, әсіресе ауыл шаруашылығы саласындағы жағдайға наразылық өрби берді [5, 86-б.].

ҚКП ОК Пленумында 1954 ж. ақпанда селоны қанағаттанарлықсыз басқарғаны үшін бірінші хатшы Ж.А. Шаяхметов өз орнынан босатылды. Көп ұзамай Қазақстанның КП VII съезінде бірінші хатшы - П.К. Пономаренко, екінші хатшы Л.И. Брежнев болып сайланды. Алғашқы жұмыс күндерінен бастап ғылымдар Академиясының Президенті мен партияның жаңа басшылығы арасында іскерлік, ізгі қатынастар қалыптасты, олар академиялық институттардың материалдық-техникалық базасын нығайтуда елеулі роль атқарды [6, 270-б.]. 1954 жылғы 30 қарашада республикалық ғылымдар Академиясы жалпы жиналысының сессиясы өтті, оған 13 академик және 17 корреспондент мүшесі сайланды, ал Қ.И. Сәтпаев Геологиялық ғылымдар институтының директоры қызметіне бекітілді.

1955 ж. наурызда Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясы өтті, онда ҚазКСР ғылымдар Академиясы Президентінің сөз сөйлеуі жоспарланды. Қазақ тұрақты өкілеттігі ғимаратында баяндама жасауға дайындалып жатқанда, Д.А. Қонаев шұғыл түрде П.К. Пономаренкоға және Л.И. Брежневке шақырылды. Мұнда оның ОК бюросында республиканың Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне бекітілгенін және ғылымдар Академиясының Президенті қызметінен босатылғанын хабарлайды. Д.А. Қонаевтың табандылығымен республикалық ғылымдар Академиясының Президенті болып оның негізін қалаушы Қ.И. Сатпаев сайланды.

1955 жылғы 1 сәуірден бастап ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Қазақ республикасы құрылғаннан бастап сегізінші Төрағасы Д.А. Қонаев өзінің лауазымдық міндеттерін орындауға кірісті. Ол республика үкіметінің басшысы болғанда түсті металлургия, құрылыс-жинақтау жұмыстары, геология, энергетика және т.б. министрліктер ұйымдастырылды.

1960 ж. 19 қаңтарда Д.А. Қонаев ҚКП ОК Бірінші хатшысы болып бірауыздан сайланды. 1962 ж. желтоқсан айында мақта өсіру аудандарын Өзбекстанға беру туралы Н.С. Хрущевпен келіспеушіліктерден, Д.А. Қонаевты ҚКП ОК Бірінші хатшысы міндеттерінен босатып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы етіп тағайындайды [7, 2-3-б.].

1964 ж. қазан айында Д.А. Қонаев Мәскеуде болып, Бірінші хатшы қызметінен Н.С. Хрущевті босатып, осы постқа Л.И. Брежневті сайлаған, КОКП ОК Пленумына қатысады. 1964 жылғы қараша айында Қазақстан Компартиясы ОК бюросының барлық мүшелері мен ҚазКСР Министрлер Кеңесі Төрағаларының орынбасарларын Мәскеуге шақырып, Д.А. Қонаевты ҚКП ОК Бірінші хатшысы етіп тағайындайды.

1982 ж. 10 қарашада Д.А. Қонаевты Мәскеуге Саяси бюроның мәжілісіне шұғыл түрде шақырды. Мәжілісті ашып, Ю.В. Андропов Саяси бюроның мүшелеріне Брежневтің қайтыс болғанын хабарлайды. Үнсіздікті К.У. Черненко бұзып, Ю.В. Андроповты КОКП ОК Бас хатшысы етіп сайлауды ұсынды. 12 қарашада КОКП ОК Пленумында жаңа Бас хатшыны сайлау өтті. Бұл геронтократияны – елді ақсақалдардың билеуін тоқтатудың басы болды. Ю.В. Андроповтың аз уақыт басқаруынан кейін КОКП ОК Бас хатшысы болып К.У.Черненко сайланды. 1985 ж. наурызда К.У. Черненко қайтыс болды және КОКП ОК Бас хатшысы постысына бірауыздан М.С. Горбачев сайланды. Елде «қайта құру» дәуірі басталды.

1985 ж. Қазақстан Компартиясының XVI съезі - Д.А. Қонаевтың басшылығымен өткен соңғы съезд болды, онда ол ҚКП ОК есептік баяндамасымен сөз сөйледі. Ол — ОК мүшесі, ал съезден кейінгі пленумда ҚКП ОК Бірінші хатшысы болып қайта сайланды. 1986 ж. күзде Д.А. Қонаев М.С.Горбачевке зейнеткерлікке шығу туралы мәселені қарастыру өтінішін ұсынды. Бас хатшы оның өтінішін бірден қолдады. 1986 ж. 11 желтоқсанда Д.А. Қонаевтың қатысуынсыз Саяси бюроның мәжілісі болды, онда оның зейнеткерлікке кетуі туралы шешім қабылданды. 16 желтоқсанда таңертең Д.А.Қонаевты зейнеткерлікке шығарып салған және Бірінші хатшы етіп Г.В.Колбинді тағайындаған, ҚКП ОК Пленумы болды.

Партиялық және шаруашылық басқарудың барлық жолдары тоғысқан, Үкімет төрағасының және Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы постысында 30 жылдан астам уақыт болып, Д.А. Қонаев Қазақстанның гүлденуі, оның өндірістік күштерінің дамуы, халық игілін арттыру үшін өте көп еңбек етті. Өскемен қорғасын-мырыш және титан-магний, Соколов-Сарыбай, Лисаковск, Балқаш, Жезқазған кен-металлургия комбинаттары құрылды және дамыды. Оның көмегімен химия, металлургия институттары пайда болды, қазақстандық ВАСХНИЛ, Ақмоладағы Бураевский институты әлеуметтік тапсырыстар пакетін алды, ядролық физика саласында қарқынды жұмыстар басталды; Орта Азия әскери округі, әскери-инженерлік база құрылды.

Д.А. Қонаев республиканың ауыл шаруашылығының көтерілуіне үлкен көңіл бөлді. Ол агроөнеркәсіптік кешеннің техникалық қайта қарулануы қалай жүріп жатқанын, асыл тұқымды мал және тұқым өсіруді, өндіріске жаңа технологияларды ендіруді, ауылды қайта құруды және ауыл еңбеккерлерінің тұрмысын үнемі қадағалады. АӨК үшін жауап беретін министрлерді өзіне жиі шақырған, ғалымдармен, мамандармен және өндіріс озаттарымен кеңескен.

Д.А. Қонаевтың қамқорлығы мен қолдауын үнемі сезінген, ауыл еңбеккерлерінің екпінді еңбегінің арқасында республика Кеңес Одағының ірі астық және мал шаруашылығы базасына айналды. Тың игеру жылдарында Қазақстан елімізге бір миллиард пұттан астам нанды - 9 рет, ал оныншы бесжылдықта жыл сайын дерлік сатты. Астықтың жалпы өндірісі - 27-28 миллион тоннаға, ал кейбір жылдары 34 миллион тоннаға жетті. Халықтың жан басына 1500-ден 2000 килограмға дейін бидай өндірілді. Салыстыру үшін: КСРО-да бұл көрсеткіш 1984 жылы - 712, АҚШ-та - 1331, Францияда - 1075, ГФР-да 448 килограмды құраған. Мемлекеттік ресурстарға бидайдың күшті сорттарын жеткізу жалпы алғанда КСРО-да осы дақылды дайындаудың жалпы көлемінен 70 пайызға жетті.

1987 жылғы 1 қаңтарда ірі қара малдың басы - 9,5 миллионға, қойлардың басы 36,5 миллионға жетті. Ет, сүт, жұмыртқа, жүн және басқа өнім өндіру және дайындау көлемдері өсті. Ауылда күрделі құрылыстың ауқымы өлшеусіз артты, оған тыңды көтерудің алдындағы барлық жылдарда Қазақстанның бүкіл ауыл шаруашылығына салынған қаржыға қарағанда 7 есе көп қаржы салынды. Егер 1940 жылы республикада 194 совхоз болса, онда 1985 жылы оның саны 2 мыңнан асты. Тың игеруге жұмсалған шығындар артығымен өтелді.

Жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін ауыл шаруашылығының жүздеген мың еңбек озаттары КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталды, ал олардың көпшілігі Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді.

Ірі республиканың басшысы ретінде Д.А. Қонаев Қазақстандағы шаруашылық құрылысының көптеген проблемалары бойынша күрделі мәселелерді одақ органдарында табанды және тиімді шешкен. Сондай-ақ әдеттегідей қолдау тапқан. Сонымен бірге КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі ретінде оның орталыққа қарсы тұруы қиын болды, Мәскеуде әдептілік, икемділік, ал кейде кішіпейілділік танытуға тура келген.

Ол шетелде және кеңес мемлекетінде үлкен беделге ие болған. КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, сегіз Ленин орденінің кавалері, академик – міне, оның еңбегіне, талантына, ойы мен өзінің жарқын өмірін арнаған, ісіне берілгендігіне көрсетілген құрмет.

Нағыз интернационалист ретінде Д.А. Қонаев өзінің көп ұлтты халқын жақсы біліп қана қоймай, сонымен бірге оны сүйген, оның патриотизмін, еңбек сүйгіштігін, өзін-өзі құрбандыққа шалуын және рухани ұлылығын жоғары бағалаған.

Д.А. Қонаев көрнекті мәдениет қайраткерлерімен, музыканттармен, композиторлармен, суретшілермен, сәулетшілермен достық қарым-қатынаста болған. Әдебиетті, өнерді жақсы білген. Атақты қазақстандықтарға таң қалудан шаршамаған. Ол ақын Олжас Сүлейменов, әртістер К. Байсейітова, Б. Төлегенова, Е. Серкебаев, А. Әшімов, сәулетші Ю.Г. Ратушный және көптеген басқа атақты адамдар туралы көптеген жақсы және ізгілікті сөздер айтқан.

Оның Алматыны салу және көркейтуде жасаған игі істері аз емес. Оның бастамасы бойынша тұрғызылған Республика Сарайы, Достық даңғылындағы тұрғын үйлер, Б. Шолақ атындағы «Медеу» спорт кешені, Республика алаңы, «Қазақстан», «Жетісу», «Алматы», «Алатау» қонақ үйлері, цирк, аэровокзал, әуежай және көптеген басқа ғимараттар Қазақстан Республикасының визит карточкасы болды. Д.А. Қонаев республиканың мәдениетін өте жоғары бағалаған және үнемі қолдаған.

Д.А. Қонаевтың Қазақстан экономикасы мен мәдениетіне қосқан үлесі орасан. Өзінің игі істерімен ол Отанының даңқын биікке асқақтатты, өзінің есімін мәңгі етті және Қазақстан деп аталатын елінің тарихында мәңгілікке қалды.


Әдебиеттер тізімі
1. Мейиржан Машан. Д.А. Кунаев - История в портретах (личности в истории) – Алматы: - 2009. - 128 с.

2. Кунаев Д.А. От Сталина до Горбачева (в аспекте истории Ка-захстана). – Алматы, 1994. - 300 с.

3. Кунаев Д.А. О моем времени: Воспоминания. Алма -Ата: Дэуiр, МП «Ынтымак», 1992. - 312 с.

4. Рыбников А.П. К 90-летию со дня рождения Д.А.Кунаева. Бывший член Бюро, секретарь Компартии Казахстана А.П. Рыбников // Простор: 2002- №1. С. 39.

5. История Казахстана в лицах: Политические портреты / Под ред. Григорьева В.К. и Кусаинова А.К. Акмола, 1999. - 128 с.

6 История Казахстана с древнейших времен до наших дней. – Т. I. Алматы, 1996.-540 с.

7. Постановление Президиума Верховного Совета Казахской ССР о выводах и предложениях комиссии по окончательной оценке обстоятельств, связанных с событиями в городе Алма -Ате 17-18 декабря 1986 года // Алма -Ата, от 24 сентября 1990 г.

8. Назарбаев Н.А. Стратегия трансформации общества и возрождения европейской цивилизации. Москва: Экономика, 2000. - 544 с.



9. Видова О. Нурсултан Назарбаев. Портрет человека и политика. Алматы, 2000. С. 70.

К.С. Тілеуғабылова,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

«Қазақстан тарихы» кафедрасының

аға оқытушысы

е-mail: kair_st@mail.ru




Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет