Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор



бет2/33
Дата05.11.2016
өлшемі7,43 Mb.
#827
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33

*** *** ***

Шын мағынасындағы отаншыл, ұлтшыл, бастаса елдің көсемі, сөйлесе сөздің шешені, тарихи шежіреші, ер мінезі жұмсаққа бергісіз қатал әрі нәзік, әділ, турашыл, адамға мейірім-қайырыммен қарайтын, көпке болсын деп тілейтін, аса мәдениетті, жылы жүрегімен, жайдары қабағымен айналасына үйіріп алатын аяулы азаматтың артта қалған мұрасын мұқият жинап отырған ғалымның жары Никара Бафина мен жиен қарындасы Әмина Сейітқызы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорына тапсырған еді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, енді, міне, сол қолжазбалар қалың қауымның назарына ұсынылып отыр.

Жинақ тақырыптық және жылнамалық жүйеде құрастырылды. Ғалымның тағдыры мен ғылыми жолындағы «тар жол, тайғақ кешуінен» барынша толық мағлұмат беру үшін қойын дәптері мен күнделіктері, өзі туралы пікірлер жеке тақырыппен берілді. Ал диссертацияға және ғылыми еңбегіне қатысты пікірлер үсініктеме тарауында оқшау орналастырылды. Ол пікірлерді оқыған адам Б.Бафиннің жандүниесін тереңірек түсінер деген ойдамыз. Әрине, арыз-шағымдарды және оны ұйымдастырған адамдар туралы мәлімет беруді артық санадық.

Ұлты үшін күйіп-жанған жүректің өмірде қалдырған бір белгісі, Ғылыми орталықтың күшімен дайындалған осы жинаққа қол үшін беріп қолдап, түсіністік танытқан жанашырларға, филология ғылымдарының кандидаты Иманғазы Нұрахметке, Райхан Мәженқызы мен Дидахмет Әшімханұлына ризашылығымызды білдіреміз.



Авторлық басылымға аңғартпа (соңғы қараған нұсқа)

Аннотация

«Алаш қозғалысы» атты үш томдықтың бірінші томына жазушы, ғалым Т.Қ.Жұртбайдың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, З.Уалиди, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, М.Есполов, Ғ.Болғамбаев, Ғ.Бірімжанов қатарлы 41 алаш қайраткерлерінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген 14 томдық тергеу ісіндегі оларды қамауға негіз етіп алынған тарихи құжаттар, сұрақ-жауаптар мен көрсетінділер, тергеу барысындағы ілеспелер, тәркіленген хаттар мен құжаттар жинақтала енгізілді. Авторлық басылым болғандықтан да әр қилы бопсалаулардың ырқы байқалатын түрмедегі сұрақ-жауаптар мен көрсетінділердің тек алаш қозғалысына қатысты тұстары ғана іріктеліп алынған.

Бұл еңбекте басылымның ғылыми, тарихи негізін сақтау үшін құжаттар мен материалдар архив қорларында қай тілде сақталса, сол тілде берілді.

Несін жасырайын, бұл басылымның жеке жарияланым көретіндей, орайы ойда ғана бар, күрмеуі қиын, мүмкіндігі де шектеулі ғайыптың еншісіне тиесілі дүние еді. Жинақталуы мен жазылуы жиырма бес жылға жуық созылған «Ұраным – Алаш!..» атты үш томдық түрме әфсанасы аяқталған соң, сөрелер мен тартпадағы мұрағаттан алынған қат-қат, бума-бума жазбаларды көргенде «ортан теректің» сұғына мүйіз боп қатқан сүйел шаншып, сұқ саусақ пен шынтақ сүйек қақсап қоя берді. Оның жөні де бар еді. Жұлын мен жүйкенің шүйделенгені мен шүйкеленгенін есепке алмасақ, сол жазбаларды көшірген кездегі ауыр салмақ та соларға түскен болатын. Енді соншама еңбектің өзі де «мұрағаттың мұраларының» кебін құшып, шаң басқан сөреде тозаң қауып жата беретін сияқты көрінді. Қайран еңбек! Деген шарасыз ой меңдеді.

Бұрын оларды жариялауға болмайтын. Түрмедегі көрсетінділердің екіұшты ойға қалдыратыны анық еді. Алайда, «Ұраным – Алашта!..» олардың әр жолына түсінік беріліп, әдібі жазылып, әдебі орынына қойылған соң бір түрлі сенім ұялап, солардың басын қосып, дәлелге алынған деректерді іріктей саралап, санатқа қоссам деген ой қылт ете қалды. Соңынан нақты идеяға айнала бастады. Алаш идеясын жеріне жете санасына сіңірген тарихшы М.Қойгелдиевпен бірлесе отырып, үш томдық ортақ басылым дайындасам деген оймен екеуара уағдаластық та жасастық. Алайда жиналған деректер мен түрме көрсетінділерін тағы да бір сарадан өткізгенде, бұл мұрағат көшірмелерінің дені менің өзімнің көзқарасыма қарай Біртұтас алаш идеясының ұйытқысының мәйегі ретінде іріктеліп жинақталған, алпыс жасқа келгенше қырық жыл бойы тірнектеген зиятты меншіктерім екен.

Сонымен қатар, сондай сәттерде: өзімнің Қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы тергеу ісімен аса қатерлі әрі тәуекелді сексен жетінші – сексен сезінші жылдары танысқан адам екенім, сол орайға байланысты жүйке мен жұлынның шүйкеленулері, әр түрлі психологиялық қысымдар мен қақпақылдар (интригалар), құпия кездесулер мен аңдысулар, сенген адамдардың секем алып, керісінше, қауіптенген, көмек күтпеген адамдардың септескені ойға оралды. Кейінгі жылдары сол бір шыбын жанды шүперекке түйген тәуекелдерді елемей, маған менсінбей қарап, осының барлығын өздері жүзеге асырғандай мардымсып, сыртымнан кіжіне сөйлеп жүрген «көсе көсемдер» еске түсті.

Осындай бір шарасыз сәттерде, сол буырқанысты булығудың бәрі еш кеткен еңбек сияқты көрініп, ішімнен Міржақып дегдардың:

Кешегі қара күндерде,

Жұлдызсыз, Айсыз түндерде,

Жол таба алмай сенделіп,

Адасып алаш жүргенде,

Бұл күнгі көп көсемдер,

Сұраймын сонда қайда едің?!, –

деген налалы назын қайталап, өзіме-өзім іштей:

Енді бүгін кім жаман,

Данышпан емес, кім надан,

Қамқор емес, кім жауыз,

Жомарт емес, кім сараң,

Көсем емес, кім жалтақ?

Шешен емес жоқ адам,

Бәрі білгіш, бәрі де ер,

Жеткізді Алла Тағалам, –

деп құмыға сұрақ қоюмен тынып жүрген мезеттерді де бастан кештім.

Сондайда, 1987-1991 жылдар аралығындағы тәуекелге толы күндер көз алдыма оралады. Оның жай-жапсары, сол кездегі Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан жазылып алынған бұл құжаттар мен деректердің жинақталу барысы «Ұраным – Алаш!..» атты үштағаннан тұратын әфсанада толық айтылғандықтан да, сол жайды қайталап келтірумен шектелемін.

Менің алаш мұраларымен таныс екенімнен мағлұмдар Олжас Сүлейменов 1987 жылы қаңтар айында Жазушылар одағының жанынан Құқық комиссиясын құрып, мені төрағалыққа бекітті. Сосын желтоқсан оқиғасына қатысты деректерді жиып, хабардар етіп отыруды тапсырды. 1988 жылы қаңтар айында мені сол кездегі жоғары соттың төрағасы Тамаз Айтмұхамедовке жіберіп: «Міне, күні туды олардың. Ұстазыңның (профессор Хайыржан Бекхожиннің) үмітін ақтайтын кез келді. Алаш қайраткерлерін ақтауымыз керек. Сен солардың тергеу ісімен танысып шығып, әдеби эксперт бол»,– деп еді.

Күрделі кездің қиын үкімдеріне қол қойып жүрген жоғары соттың төрағасы: «Біздің ұлтымызға жанымыз ашымайды дейсіңдер ме? Дайындалып келген үкімге қол қоямыз. Біз қоймасақ, басқаға қойдыртады. Олжас жіберсе – саған сенемін. «Алаш» қайраткерлерінің тергеу ісін қарап жатырмыз. Онымен Жоғары соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев айналысып отыр. Сонымен бірігіп өзіңе керекті деректермен таныс. Бізге де кеңес бер»,– деді. Қазыхан екеуміздің қатар оқығанымызды және оның келіншегі Гүлнар Сейітбекқызы мен менің әйелім Әмина Сейітқызының кластас екенін білген соң: «Ендеше күнде таңертең сағат оннан бастап келіп менің бөлмеме отыр. Сағат үште босат. Қалғанын Қазыхан ұйымдастырады»,– деді.

Сөйтіп, бұл дәптердегі алғашқы көшірмелер Жоғары Соттың кеңсесінде түсіп еді. 1988 жылы көкек айында «Алашорданың» 14 мүшесінің азаматтығы ақталып, О.Сүлейменовтің атынан Г.В.Колбинге Қ.Кенжебаев дайындаған бір жарым беттік хат жолданды. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков хатшы болып келе қалды да, 4-қарашада бас прокурордың ресми қарсылығы жасалып, академик Ж.Әбділдин бастатқан үкімет комиссиясы құрылып, іс қайырымен аяқталды. Сөйтіп, әулие Хайрекеңнің – алаш ардагерлерінің алдындағы, менің ұстазым Хайыржан Бекхожиннің алдындағы парызым өтеліп, ұлт көсемдері ақталды.

Кейін Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары С.Қ.Әбдірахмановтың рұқсатымен 1988-1992 жылдары аралығында және 1997 жылы комитеттің архивімен барынша еркін отырып танысуға мүмкіндік алдым. Сөйтіп, бұл деректер алғашында Қауіпсіздік Комитетінің Алматыдағы ғимаратының жанындағы жер үйде, содан кейін бас кеңесенің солтүстік қанатындағы 2-қабаттағы 14-бөлмеде жазылды. Қауіпсіздік Комитетінің полковнигі Қараби Мұхаметқалиев пен Шыңғыс Салықбаев сынды азаматтар бізге барынша еркіндік беріп еді.

Сонымен, ой сәулесі түссе – шығардағы жолын таппай қоймайды. Ақыры тәуекелге бел будым. Тақырып пен дерек біреу болғанымен де жазушы мен тарихшының таным таразысы, көзқарас қиығы, деректі қамтуы мен оған берілген түсініктері қатарласа, қапталдаса бермейді. Сонымен қатар, «Ұраным – Алашта!..» барынша қазымырлана баяндалып, тәптіштеле түсіндірілсе де, одан қанағат таппаған, емеуірінмен жеткізілген шын сөзге тиянақ етпеген, тіпті, сондай бір тоңмойындықпен алаш ақиқатын мойындағысы келмегендер: «Тұрсын – жазушы. Тарихта жұмысы болмасын. Оны біз білеміз. Тарихи көзқарасты біз қалыптастырамыз» – дескендер де қылтитып бас көтере бастады. Тіпті белгілі бір тарихи тұлғалар мен саяси оқиғаларға теріс баға беріп, олардың орындарын ауыстырып бағалап жүргендер де нышан танытты. Жүсіпбек мәртқасқа айтқандай, «еңбегіміз салауат»! Дегенмен де, осындай бір қанағатсыздық пен алаң осы жинақты құрастыруға алып келді.

Толассыз ой толғанысы барысында бұл үш томдыққа тек алаш ақиықтарының түрме тарихын қамтитын құжаттар мен деректерді, оларды тордың ар жағынан шығарған арыздар мен сыпсымаларды, мәліметтер мен мағлұматтарды, ресми түрде жеткізген не жазып берген қызмет бабындағы хаттарды, көрсетінділер мен тыңшылардың «доносын», самодержавие мен кеңестік жандармереяның ілеспелері мен тілшелерін, тұтқындау кезінде тәркіленген не түрмеде жазылған хаттарды, түрлі айғақтарды ғана ірктеп беруге ден қойдық. Алаш қайраткерлерінің күрес қарымы мен рухани ұстанымы, көзқарастарының қалыптасу жолы туралы деректерді біріктіре әрі кіріктіре қамту мүмкін емес еді. Сөйтіп, бұл бағыттағы дерекнамаларды «Біртұтас алаш идеясы» атты тұжырымдамалық еңбектің еншісіне қалдырдық.

Осы ретте, түрме әфсаналарын дербес қарастырып шыққанда, сырт көз оқырманға сұрақ-жауаптағы көптеген күбірткілі жайлардың түсініксіз болып қалатыны аңғарылды. Сондықтан да, жинақтың алдына екі бөлім қосуға тура келді.

Ондағы мақсат, біріншіден, ертеңгі күндердің еншісін қаперге ала отырып, қазақ зиялыларының тарихи көзқарастарының даму деңгейі мен ұлттық мүдде тұрғысындағы күрес жолын көрсету үшін «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің ақталу барысынан хабардар ететін деректерді кіріспе ретінде беруді ұйғардық. Өйткені, мұның өзі ұлттың рухани санасының ояну жолынан мағлұмат береді. Түбі жүзеге асырылмай қоймайтын ақиқат боғанымен де, тәуелсіздіктің қарсаңындағы халықтық сананың көңіл-күйін аңғартатын және сол тәуелсіз санаға ұмтылған қозғалысқа кімдердің ұшқын түсіргенін аңғартатын болмашы, кездейсоқ себептердің бір ұшығын ұстата кеткен де асылық болмас деп шештік.

Сонымен қатар, 1986-1991 жылдардың аралығындағы өте күрделі, қарама-қайшылыққа толы, қатпарлы, әр түрлі мемлекеттік, азаматтық, пендешілік ұстанымдар араласқан жағдайлардың кейбірінің тігісін жатқыза кету мақсаты да көзделді. Мысалы, желтоқсан оқиғасына қатысты сот үрімін жүргізген Жоғары соттың төрағасы Т.Айтмұхаметов пен Қ.Кенжебаев сол кездегі үкімнің барлығына қол қойды. Олар қоймаса, бәрібір басқа бір Жоғарғы соттың мүшесі қояр еді. Ал бұл екі азамат, соның ішінде марқұм Қ.Кенжебаев, сондай пәрменге еріксіз мойынсына отырып, желтоқсан оқиғасына қатысты сотталғандар туралы, олардың қай түрмеге жіберілгені жөнінде мәліметтерді бізге құпия жеткізіп отырды. Соның нәтижесінде сотталғандар жіберілген түрменің бастығына Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы праволық комиссияның ұйымдастыруымен Жазушылар одағының бірінші хатшысы О.Сүлейменовтің атынан: олардың саяси тұтқын екенін ескеріп, бұл адамдарды кәнігі қылмыскерлермен қатар отырғызбауды өтінген хаттар жолданды. Әрине, ол хат Қ.Рысқұлбековке араша түсе алмағанымен, өзге адамдардың тағдырына желеу бола алды. Кейін сол Қ.Рысқұлбековпен бірге сотталғандардың ісін қайта қарап, оларды ақтауға тікелей белсене араласқан адам Қ.Кенжебаевтің өзі болды. Орталық партия комитетінде Колбиннің ұйымдастыру істері жөніндегі кеңесшісі С.Қасымов та сондай ұлтжандылық көрсетті. Тіпті, Қауіпсіздік комитетінің қоғамдық байланыс басқармасының полковниктері Қ.Мұхамбетқалиев пен Ш.Салықбаев та біздің мұрағаттағы тергеу істерімен еркін танысуымызға барынша іштарта қарады. Соның нәтижесінде ғана ол мұрағатта әр кезде – үш ай, екі ай, бір жарым ай, он бес күн қатарынан отыруға мүскіндік туды. Сол үшін де оларға ілтипат білдіремін.

Алаш қайраткерлерін ақтауда, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметі туралы партиялық және қоғамдық көзқарастарды өзгертуге Қ.Кенжебаев дайындаған «Сот анықтамасының» ықпалы аса зор болды. Ол анықтаманы құпия түрде бізге беріп, алаш ардагерлерінің ұрпақтары атынан хат ұйымдастырға кеңес еткен де сол азамат еді. Жазушылар одағының жанындағы праволық комиссияның мүшелерінің еңбегі де ұшан теңіз. Мұның барлығы көпке аян емес екені түсінікті. Дегенмен де сол шындықтарды құжат арқылы еске түсіре кетуді өзіміздің парызымыз деп санадық.

Екіншіден, белгілі бір тарихи оқиғалардан мағлұмат берілмесе (мысалы, 1921-1922 жылғы бір миллионға жуық қазақтың өліміне себепкер болған ашаршылық туралы мұрағат құжаттары), қандай ашаршылық жөнінде айтылып отырғанын оқырман сезіне алмайтыны анық. Сондай-ақ «Қоянды құзырхатының» мәтінімен таныс емес адамдар алаш идеясының мәйегі қақында бимағлұм қалуы мүмкін. Бұл деректер қамтылмаса, тергеу ісі тек қылмыстық қана сыпат алатындай сыңай береді екен әрі оқырманды алдын-ала дайындау қажеттігі де мәжбүр етті.

Үшіншіден, мұндай шағымды да шетін құжаттарды басылым арқылы жариялаудың өзіндік талаптары да қолға алған істің қауырт біту қарқынын кібіртіктете берді. Тергеудегі көрсетінділердің іріктеліп алынуы және оған тиісті тұстарда түсінік берілуі – жинақты авторлық басылым ретінде ұсыну қажеттігін мойындатты. Сонымен қатар, осы деректерді табуға, архивтегі істерді көшіруге, жинастыруға, саралауға алаш идеясы үшін алғаусыз көмек көрсеткен Б.Байғалиев, А.Игенбаев, А.Ижанов, М.Хасанаев, З.Тамшыбай, Б.Нәсенов, Қ.Сәдуақасов сияқты мұрағатшылар мен К.Нұрпейісов сияқты академик ғалымдардың есімін атап өту де парыз. Соншама деректерді жинастырып, басылымға дайындау барысында «Алашорданың» батыс бөлімінің тарихын зерттеген Дәметкен Сүлейменованың, шартты түрде «Алашорданың оңтүстік бөлімі» деп аталған бағыттағы сүбелі зерттеулердің иесі Хазіретәлі Тұрсұнның еңбектерін үш томдыққа енгізу арқылы өзіміздің діттеген мақсатымызға жетуге мүмкіндік алдық деп есептейміз. Солардың септестігі арқасында «Алашорда» үкіметі мен алаш қайраткерлерінің тергеудегі сұрақ-жауаптарының астары мүмкіндігінше ашылды деп ойлаймын.

«Алаш қозғалысы» деген атпен басылым көріп отырған үш томдықтың бірінші кітабына, алаш қайраткерлерін ақтау барысындағы құжаттар, алаш идеясының қалыптасуы жолынан мағлұмат беретін құжаттар, тергеудегі басты айып ретінде тағылған тарихи оқиғалар жөніндегі мұрағат деректері, 1928-1929 жылдары бірінші топпен ұсталған адамдардың түрмедегі тергеушіге берген сұрақ-жауаптары берілді. Екінші кітапқа, 1930 жылғы екінші топпен ұсталған қайраткерлердің сұрақ-жауаптары, тұтқындау кезінде тәркіленген құжаттар мен хаттары, түрме бастықтарының кімнің қай лагерьге жіберілгені туралы ілеспе хаттары, түрмедегі тұтқындардың өзара жазысқан тілшелері, олардың туыстары мен әйелдерінің хаттары, үйіне жолданған жеделхаттар, айыптау анықтамалары, ашық хаттары енгізілді. Ал үшінші кітап тұтастай Түркістандағы тергеу істеріне арналды. Сол тақырыппен сабақтас кеңестік жазалау саясатының арандатулары мен қитұрқы қастандығын әшкерелейтін 1937-1938 жылғы сот процесінің хаттамалары да берілді. Бұл ретте жігерлі де өжет, табанды ұлт жанкүйері Б.Нәсенов ағамызға айтар алғысымыз ерекше.

Ал ғылыми аппарат тұрғысынан келсек, түрлі селеуліктердің ұшығы байқалуы табиғи деп ойлаймын. Оның барлық жауапкершілігін авторлық басылымның иесі ретінде өз мойнымызға аламыз. Дегенмен де, қауіпсіздік комитетіндегі құжаттардың бақылау астында, қатты қадағалау үстінде, шектеулі адами және техникалық мүмкіндік жағдайында көшірілгенін, әр көрсетінді мен дәптерді жеке-жеке жасырын алып шығуға тура келгенін есте ұстауларыңызды өтінемін. Соның ішінде кейбір дәптерлер қапыда жоғалып кеткендіктен де, олардың сақталып қалған аудармаларын кәдеге жаратқанымызды ескертіп, көпшіліктен ғафу өтінеміз. Таспаға жазылған мәтінді тарқатуда да селкеуліктердің кеткені анық. Ондай тұстарға тиісті жерде түсініктер мен ескертулер беріліп отырды.

Сонымен, қалай дегенмен де, мақсатымыз – дұрыс, ниетіміз – түзу, ойлағанымыз – алаш қамы екеніне сендіре отырып, ашық пейілмен аңғартпамызды аяқтаймыз. Алла әр игі ісімізге жар болсын! Жарлығы әлей болсын.


Тұрсын Құдакелдіұлы ЖҰРТБАЙ
6 қараша, 2011 жыл, Астана.

Бұл басылым – «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының құрылғанына 10 жыл толуына арналады


КӨНЕДЕГІ КӨРКЕМ ОЙДЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ
«Қазақ қолжазбалары» (б.д.д. Х ғ. бастап – ХХ ғ. дейін) деген жалпылама жобалық атаумен құрастырылып отырған 10 томдық басылымның бірінші кітабына көшпелілер өркениеті мен түркі әлемі туралы жазылып қалған көне грек, ежелгі қытай жазбаларындағы мифтер мен аңыздар, тарихи жазбалардағы әдеби үлгілер жинақталған. Сондай-ақ, жыл қайыруымыздан бұрынғы Х ғасырдан бастап біздің дәуірімізхдегі ХІХ ғасырға дейінгі қытай тілінде көркем мұралары сақталып қалған тегі түркілік ақындардың шығармалары тұңғыш рет жүйелі түрде аударылып , салыстырамлы әдебиеттану әдісімен беріліп отыр.
ІІ «Көне түркі жазба әдеби үлгілері» (түпнұсқа, тарнскрипция, жолма жол аударма) енгізілді.

І.
Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігін тарихи тұрғыдан баянды етуде жазба мұралардың маңызы ерекше. Ол мұраларда елдік идеямыздың қалыптасуының тарихи даму жолы көрініс береді. Көне түркіден бастап бүгінгі күнге дейінгі өзінің рухани әлемінде 16 жазу үлгісінде жазба мұра қалдырған қазақ ұлтының тарихи, әдеби-мәдени жәдігерлері осы уақытқа дейін ғылыми тұрғыдан жинастырылып, жүйеленіп, сипаттама берілген жоқ, қазақ тіліне де тұтастай аударылмай келді.

Осы реттен алғанда «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы іргелі зерттеулер бағдарламасына жүзеге асырылып отырған «Қазақ қолжазбалары» деген шартты атаумен нысанаға алып отырған тақырыбы ғылым мен мұрағаттану тұрғысынан алғанда аса құнды зерттеу болып табылады. Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне, әдеби үлгілеріне қатысты архив деректерін жинастыру мақсатында Ресейдің 64 мұрағаты мен кітапханаларының сирек қорларында болып, құнды деректер іздестірді. Сондай-ақ Египет, Иран, Қытай, Монғолия, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің де мұрағаттарында болды. Жекелеген ғалымдар Сирия, Германия, Украина, Болгария, Венгрия сияқты бірқатар елдердің ғылыми орындарымен байланыс жасап, мағлұматтар алысты. Монғолия мен Сібір аймағындағы жазба ескерткіштерге университеттің жанындағы Түркітану және алтайтану орталығының директоры, филология ғылымының докторы, профессор, Қ.Сартқожаұлы жетекшілігімен археографиялық ғылыми экспедициялар жүргізді. Жалпы көшпелілер мен түркілерге, көнетүркілер мен қазақ жазба жәдігерлеріне қатысты өте сирек үлгілерді жинастырды. Соның негізінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-тінде «Жазу тарихы» әдістемелік мұражайы ашылды. Ұшан теңіз тақырыпты қамту тұрғысынан алғанда бұл ізденістердің жеткіліксіздігін сезіне отырып, алғашқы нәтижелер мен қорытылған пікірлерді бір жинақтап алу мақсатымен Көнетүркі мен қазақ жазба мұраларының 10 томдық басылымын жүзеге асыруға тәуекел еттік. Бұл мақсат – «Мәдени мұра» бағдарламасының басты талабына толық сай келеді.

Он томдық басылым жобасының мақсаты – қазақ руханиятының қайнар көзі болып табылатын, өзінің ұзақ тарихында 16 қаріпті қабылдаған көне түркі дәуірінен бастау алатын қазақ жазуының, қазақ жазба және әдеби тілінің алғашқы үлгілерінен бастап ХХІ ғасырға дейінгі аралықта біртұтас қазақ мәдениетін қамтитын қолжазба деректерді жинақтап, ұлттық рухани мұраларды ғылыми жүйеге түсіру, сол арқылы қазақтың ғылыми-көркем ойлау жүйесінің қалыптасу жолын көрсету болып табылады. Бұл жалпы қазақ тарихына қатысты барлық саладағы зерттеулерге түпнұсқалық негіз қалайды және қазақ жазба мәдениетінің ежелден қалыптасып, үнемі даму, толысу, кезеңінде болғанын дәлелдейді. Ең бастысы, көшпелілердің көркем ойлау жүйесінің, бүгінгі қазақ тілі мен жазба әдебиетінің қалыптасу жолын көрсетеді. Мұндай басылым ТМД елдерінде жекелеген жинақтар болмаса, арнайы жүйеге түсіріліп, жүзеге асқан емес.

Жорбаның негізгі міндеті – қазақ жазуының көне үлгілері болып табылатын 16 әріп кестесін және сол қаріпте жазылған әр мемлекеттің (негізінен Қазақстанның, Ұлыбританияның, Германияның, Францияның, Ресейдің, Қытайдың, Түркияның, Арабтың, Иранның, Өзбекстанның) арихивтеріндегі жазба мұраларды жинақтап, ғылыми көшірмесін жасап, аударып, ғылыми түсініктер беру, баспаға дайындау, жариялау.

Жобаны жүзеге асыру төрт кезеңге бөлініп дайындалу үстінде.

Бірінші кезеңде барлық томдарға қатысты жинақтау жұмыстары қамтылды. Бұл жұмыстар қазір де атқырылып жатыр және басылым аяқталған соң да жүргізіле бермек. Тек материалдық қамдау мен қаражатты және арнайы ұзақ мерзімді іссапарды қажет ететін жұмыстар ғана өзінің ретін күтіп тұр. Он томның ұзына жоспары жасалып, дерек көздері анықталып, енді соны ғылыми аппаратпен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылу үстінде. Мұның нәтижелері әр томның түсіндірмесінің соңында берілмек. Негізгі жинақтау жұмыстары мынадай жүлгеде жіктелді: а) Көне жазу мәтіндері мен ежелгі әдеби нұсқалар.І – ІІІ том. ә) Орта ғасырдағы жазба мұралар ІІІ ­– ІҮ том. б) ХІХ ғасырдағы қолжазба мұралар Ү – ҮІІІ том. в) ХХ асырдағы қолжазбалар. ІХ-Х том.

Екінші кезеңде түпнұсқаларды факсимилиялық көшірме жасау, транскрипциялау, қазіргі қаріпке түсіру, салыстырмалы мәтіндік жұмыстарды жүргізу, жолма жол және әдеби аударма жасау, ғылыми түсініктер жасау сияқты ең күрделі әрі ұзақ мерзімді, қаражатты қажет ететін жұмыстарды іске асыру көзделді. Бұл жұмыстар қазір жинақтау ісімен қоса үздіксіз жүргізіліп жатыр. Көне грек, көне қытай, ескі араб, ескі парсы, көне соғды, тот монғол, шағатай, қадым араб, мәнжу жазуларын меңгерген ғалым мамандардың тапшылығы көп еген жобаларды жүзеге асыруда қолбайлау болып, кейде тұйыққа тірейтіні, әрине, түсінікті әрі өкінішті. Бұл кемшіліктер бірте-бірте жойылады, бір ізге түседі, мамандар жинақталады – деген үміттеміз. Бұл бағытта соғды, тот монғол, шағатай жазуларын меңгеруді қолға алып, алғашқы ғылыми нәтижелерге қол жеткізе бастаған жас ғалымдардың ғылыми орталықтыңі маңына топтасып жатқаны көңіл жұбатады. Әрине, олардың бұл бағытта үлкен нәтижелерге жетуі және ғылымда тұрақтап қалуы көптеген тұрмыстық жайларға тікелей байланысты болып тұрғанын жасырудың реті келе қоймас деп ойлаймын.

Үшінші кезең – ғылыми редакциялық жұмыстар жүргізу, ғылыми кеңесте талқылау, пікір жинақтау, баспаға дайындау үрдісін қамтиды. Сырттай жеңіл көрінгенімен, ғылыми жұмыстың тікелей нәтижесін көрсететін бүл үдерім сыртқы құрылымдарға тікелей тәуелді жағдайда жүзеге асырылатыны түсінікті. Басылымның «Мәдени мұра» бағдарламасының тізіміне кіруі көптеген ұйымдастыру жұмыстарын жеңілдетті. Дегенмен де, деректер мен қолжазбалардың көшірмесін алу, ғылыми факсимилия, транскпипциялау, оны баспаның қалыптауына түсіру сияқты жұмыстар жарияланымды ойлағандай деңгейде жариялауға мүмкіндік бермей отыр. Мұндай әттегенайлар мен бөгенайлар бара-бара жолға қойылады деп сенеміз. Төртінші кезеңде томды басып шығаруға қатысты барлық ұйымдастыру жұмыстары қамтылады. Әрине, ол күнге жеткеннің өзі де үлкен жеңіс болмақ.
Көп томдықтың жалпы мазмұндық жобасы мынадай: І томда «Көне жазу мәтіндері мен әдеби нұсқалар» ежелгі дәуірден бастап ХІ ғасырға дейінгі жазу мен әдеби үлгілері, мәтіннің көшірмелері, аудармалары, ғылыми түсініктердің сөздіктері қамтылады Қамтылатын мәтіндер: 1.Көне грек, қытай деректеріндегі көшпелілер мен түркілерге қатысты скиф, сақ, ғұн дәуірлеріндегі әсріәфсаналар мен аңыздар, тарихи әфсаналар, жазба деректер, өлең, жырлар қамтылады. ІІ томы тұтастай көне түркі жазбаларына арналады. Мұнда қазіргі түркітану іліміне белгілі жиыны қырықтан астам мәтіннің 29 мәтіні жинақталған. Оның ішінде 17 мәтін бұрын ғылыми айналымға түспеген. Көне түркі жазба ескерткіштерінің екінші жинағын жинастырып, құрастырып, ғылыми айналымға түсіру келешектің кепілдігіне қалдырылады. ІІІ томға – ҮІІІ ғасырда көне түркі тілінде жазылған 27 көріністен тұратын «Маитрид Смит» пьесасының көне соғды жазуының неміс, қытай, ұйғыр ғалымдарының латын қарпіне түсірген латынша транскрипцасы, мәтіннің криллицаға түсірген нұсқасы, бүгінгі қазақ тіліндегі аудармасы, сөздіктері, ғылыми түсініктері беріліп отыр.

ІҮ томға Шығыс Түркістанда тұратын атақты манасшы Жүсіп Мамайдан жазып алынған көлемді «Жеті қаған» дастанның «Арыстан хан» атты бірінші және «Мұзбұршақ хан» атты үшінші бөлімдері еліміздің оқырмандарына тұңғыш рет ұсынылып отыр. Зерттеушілердің пайымдауларынша ІХ-ХІ ғасырдағы қараханилер дәуірінде дүниеге келген дастанның тарихи тәмсілдері мен көркем баяндаулары бүгінгі оқырмандар үшін тосын әрі қызықты. Мұнда есте жоқ ескі заманның оқиғалары мифтік сарынмен астаса жырланады. Сондықтан да дастанның шығу, жазылу, қағазға түсу, тарихи тегі, оның әдебиетімізден алатын орыны туралы ғалымдардың әр түрлі көзқарастағы пікірлері қоса ұсынылып отыр.

Ү томға Қарахан дәуіріндегі әдеби үлгілер, ХІ-ХІХ ғасырлардағы әдеби нұсқалар, негізінен Рабғұзидің, М.Қашқаридің, Ж.Баласағұнның, Сарайдың, Софы Аллаярдың шығармаларынан үзінділер хрестоматия ретінде құрастырылмақ. Сондай-ақ бұрын ғылыми айналымға түспеген Мырза Ғабдұлқадырдың «Ғазалдары», Мұраділ Ғарифтің «Сабатул-Ғарифин» сияқты шығармалары топтастырылып, аударылып беріледі ІХ – ХҮІІ ғасырдағы жазу үлгілері, Алтын орда хандарының хаттары мен жарлықтары, мөр мен пайзылардағы жазулар, іс қағаздары, таңбадағы, мөрдегі жазбалар, елшілік хаттары, саяхатшылардың жазбалары топтастырылады. Бұл деректер қазір жинақталу үстінде. Сонымент қатар ХҮ – ХІХ ғасырлар арасындағы хандардың, елшілердің, саяхатшылардың жазбалары, Әбілқайырдың, Абылайдың, Дәулетбайдың, Кенесарының т.б. Ресейге, Қытайға жазған хаттары, елшілік құжаттары қамтылады. архив мұраларындағы хаттар жинақталып, ішінара көшіріліп, шағатай тіліндегі сөздерге түсініктеме жасалып, жүйелену үстінде. Қытайдың №1 құпия архивіндегі қазақ-қытай қарым-қатынасына арналған бөлімнің 14 томдық библиографиялық көрсеткіші іріктеліп жатыр. Ғылыми көшірме жасап, жаңа деректер іздестіру үшін Ресейге, Қытайға ісспарға шығу қажеттілігі бар.
ҮІ томға: ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы Ресейдің, Қытайдың, Монғолияның архивтерінде сақталған қазақ хандары мен төрелерінің, ірі қайраткер тұлғалардың (Құнанбай, Ыбырай Жайықбаев, Науан қазірет, Ш.Қосщығұлов т.б.), Махамбет пен Абайдың хаттары, баяндары, тергеу істеріндегі куәліктері мен түсіндірмелері, қолхаттары, жазбалары (мыс.С.Шорманұлының), түрлі қолжазбалар, діни дұғалар (мыс.Шортанбайдың), қолжазба қиссалар мен шежірелер т.б. кіргізілмек. Солардың ішінде ХІХ ғасырдың соңында, ХХ ғасырдың басында жазылға «Қазақтың жыл топшылары», «Қазақтың мұрагерлік заңдары» сияқты қолжазбалар бұрын ғылыми айналымға түспеген, еш жерде басылмаған сирек деректер басылмақ. Бұл томдағы қолжазбалардың дерек көздері негізінен анықталған, біршама жинақталған, ішінара қазіргі қаріпке түсірілген. Томды барынша ғылыми жүйеге түсіру үшін және түпнұсқалардың ксерокөшірмесін жасау үшін және тағы да жаңа деретермен толықтыру үшін Ресейге, Қытайға, Монғолияға, Өзбекстанға ісспар қарастырылады.

ҮІІ томға ХХ ғасырдың басындағы жазылып, қолжазба күйінде сақталып қалған жазбалар, қиссалар, эпистолярлық мұралар, баянхаттар, хаттар, толғаулар мен күнделіктер енеді. Мысалы: Мұхамеджан Юсуповтің «Күнделіктері» 1911 жылдан бастап 1946 жылды қамтиды. Мұнда Құрбанғали Халиди, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Марсеков тағы да басқа көрнекті тұлғалармен кездескені туралы мол мағлұматтар бар. Революция кезеңдеріндегі және одан кейінгі тұстардағы қазақ тарихына қатысты деректер мол. Рамазан Марсековтің жазбалары да құнды. Архивтерге, мешіттерге тапсырылған 15-ке жуық қатиралар, жазбалар, тіл хаттар, ескі өлең-жыр үлгілері, мақал-мәтелдер жинақталады. Сондай-ақ 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы естеліктері (Ә.Сұлтанбеков т.б 16 адамның естелігі сақталған), қолжазба дастандар беріледі. Қолжазбалар негізінен жинақталған. Осы томға Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивінен алынған «Алашорда» қайраткерлерінің хаттары, жазбалары, айғақтары, тілше хаттары да топтастырылады. Сонымен қатар әр түрлі мазмұндағы құжаттар енгізіледі.

ҮІІІ томға 1917-1991 жылдар арасында қуғын-сүргінге ұшыраған немес сол тұстар туралы жазылған оқиғаның өз куәларының қолжазба-естеліктері, күнделіктері, сол туралы жазылған қолжазба дастандар, қуғынға ұшырағандардың жазысқан хаттары, түрлі мұрағат құжаттары қамтылады. Мысалы: К.Таңатарұлының, Н.Алдажровтың, Ә.Нәбиевтің, А.Құдайбердиевтің, Ш.Байтұрсынованың Н.Ғафурқызының, Г.Дулатованың, Қ.Досмұхамедованың, Б.Аймауытовтың, М.Сахноның (Ж.Аймауытовтың қызы), С.Бөкейхановтың, Сергей Бөкейхановтың, 1943-1947 жылдары тұтқында жүріп жазған Ы.Сүйіндіковтің күнделігі, «Үлкен Түркістан» легионында болған Ә.Толғанбаевтің «Азап құрсауында» сияқты өте құнды қолжазбалар бар. Қолжазбалардың негізгі бөлігі жинақталған.

ІХ том негізінен «Азаттық іздеген көш» және «Ұмытылған мемлекет» деген екі бөлімнен тұрады. Мұндағы материалдар «Біртұтас алаш идеясы және біртұтас ұлт-азаттық қозғалысы» деген идеяны ұстана отырып, Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қоғалысы туралы, ондағы адамдардың тағдырларын қамтитын дастандар, жырлар, жоқтаулар, ел-жерімен қоштасулар, туған жерін сағынғанда туған өлеңдер, ажырасып қалған туыстардың хаттары, күнделіктер, естеліктер, жазбалар қамтылады. Мысалы: С.Дәрібайұлы «Кер заман кешулері», С.Бортанқажыұлы «Қарамолланың қиссасы», Ілияс «Қазақ көші», Х.Алтай «Естеліктер», Ақыт ҮҰлімжіұлының хаттары, Т.Жолдыұлының, Д.Шалғымбайұлының, Оспан батырдың, Шәріпханның, Д.Сүгірбаевтің, Б.Бафиннің, Қалибек хакімнің, Ж.Бабалықтың, Ғ.Нүкештің т.б. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы туралы хаттары, жазбалары сақталған. Сонымен қатар сол тұстағы ресми құжаттар беріледі. Қолжазбалардың дені жинақталған. Хаттар мен жазбаларды толықтыру мақсатында және өзге де 10 томдыққа қажетті деректерді іздестіру орайында Түркияға, Қытайға іссапармен бару көзделіп отыр.

Х томға ХХ ғасырдағы қазақтың ұлы тұлғаларының күнделіктері, хаттары, тілшелері, естеліктері іріктеліп ұсынылады. Мысалы: Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың, Х.Досмхамедовтің, М.Тынышбаевтің, І.Жансүгіровтің, С.Сәдуақасовтың, Қ.Жұбановтың, Қ.Сәтбаевтің, Д.Қонаевтің, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің, Ә.Марғұланның, І.Омаровтың, М. аратаевің, С.Зимановтың, А.Абдуллиннің, М.Айтхожиннің, Ш.Есеновтің, І.Есенберлиннің, М.Мағауиннің, Ә.Кекілбаевтің, Қ.Жұмаділовтің, О.Бөкейдің т.б. күнделіктері мен хаттарының, өсиет сөздерінің қолжазбалары ксерокөшірме жасалып беріледі.

Ескерту: ғылыми зерттеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқандықтан да әр том жаңа қолжазбалармен үнемі толықтырылып, тиісті өзгерістер енгізілуі мүмкін.


ІІ.
Ғылыми тұрғыдан алғанда, бірінші томдағы көшпелілер өркениетінің нысаналы ұлыстары – скиф, сақ, ғұн дәуірлеріндегі әсіреәфсналар (миф) мен тарихи әфсаналардың, аңыздар мен жазба деректердің, түркі жырлары мен эпистолярлық мұралардың, өзге ұлтқа сіңіп кеткен тегі түркілік ақындардың туындыларының салыстырыла берілуі, яғни, жалпы жинақтың мазмұндық құрылымы тосындау санаттың қатарына жататынын біз де түсінеміз. Алайда, ежелгі дәуірдердегі жат жұрттың жазуы бойынша қалған әфсаналарды салыстырмалы көркем сана, салыстырмалы әдебиеттану, салыстырмалы тарих ілімдерінің тәжірибелеріне сүйене отырып, бір мұқабаға біріктіру арқылы бұл қадамға саналы түрде қадам басқанымызды мойындаймыз. Әрине, ондағы түпкі мақсатт бірден түсініп – қостайтындардың да, түсініп тұрып қабылдағысы келмейтіндердің де, тіпті, еш себепсіз қарсы шығушылардың болуы мүмкін екенін де қаперде ұстадық. Бірақ салыстырмалы сана мен салыстырмалы көркем ой жүлгесі осы ағысқа алып келді.

Бұл – заңды да. Өйткені адамзаттың ой тарихы мен көркем ой тарихы тамырлас. Әлемді көркем қабылдау – таным тамыры. Көркем ойлау жүйесі қалыптаспаған жұрт – өркениеттен енші ала алмайды. Бастаусыз – бұлақ жоқ. Сол сияқты, салыстырмалы көркем санасыз өрениет те, рухани мәдениет те, тіпті, бергі әдебиет те болмақ емес. Өйткені, көркемдік шындық деңгейіне көтерілген тарихи шындықтар – әсіреәфсана (миф), ертегі, аңыз, тарихи әфсана, жыр, эпос арқылы ұлттың ұлттық санасын ұйытады. Өкінішке орай, көшпелілер өркениеті өзінің соңына жазба мұралар қалдырмады. Тек грек, рим, араб, парсы, қытай сияқты отырықшы империялардың хаткерлерінің қаламының ұшына іліккен оқиғалар ғана хатталып қалды. Сол деректердің өзі де шындықтың шылбырын ұстата бермейді. Көркем ойды жинақтаудың шебері Лев Николаевич Гумилев «Тарихи дәуірлердегі тектер жағырапиясы» атты еңбегінде бұл мәселеге ерекше тоқталған. Ол әр тектің өзін-өзі жоғары қоятынын айта келіп:





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет