Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор



бет21/33
Дата05.11.2016
өлшемі7,43 Mb.
#827
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   33

«Айдың жиырмасында хат тасушы келіп, Тұрар Рысқұловтан хабар әкелді. Онда: «Валидовке орталық комитеттің қаулысы бойынша кешірім жасалды, қаласа Рудзутакпен кездессін, тек «қайда жүргенін» айтпасын, белгісіз боп қалуды көңілінде қатты ұстасын» – депті. Хаттың соңында: егерде кеңес өкіметіне қайтып оралмайтындай болсам, онда қалаған мемлекетке кетуіме көмектесетінін білдіріпті. Әрине, бұл кезде Түркістанның «ұлы генералы» Рудзутактың шақыруының үлкен маңызды бар еді» – деп ( 459 -бет) баяндайды.

1920 жылға дейін оппозициялық көзқараста жүргенін Т.Рысқұловтың өзі де 1923 жылы 9-12маусым аралығында РК(б)П орталық комитетінң Ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерімен өткізген төртінші кеңесінде сөйлеген сөзінде мойындады. Сұлтанғалиевті ұлтшыл ретінде әшкерелеуге арналған бұл кеңесте Т.Рысқұловқа да айып тағылған болатын. Оған жауап ретінде:



«Сұлтанғалиевпен идеологиялық сыбайластық туралы екінші мәселе туралы мынаны айтамын. Мен партияның орталық комитетінің алдында, осы кеңестің алдында мынаны мәлімдеймін: Сұлтанғалиевтің ұстанған ұстанымы шындығында да шектен асып кетті, биылға дейін емес, 1920 жылға дейін мен де осы ұстанымда болғамын және ең жанкеші оппонент болдым, мұны орталық комитет жақсы біледі. Мен Орталық комитетте: әскери мәселе жөнінде де, партиялық мәселе жөнінде де, басқа мәселелерде де, тіпті сол кезде жүргізілген барлық саясат жөнінде ұрсысуға дейін бардым. Нәтижесі – менің Түркістандағы қызметімнен кетуіммен аяқталды. Шығыс халықтарының құрылтайында мен бұл оппозицияны әшкереледім. Мен бұның бәрін жоққа шығармаймын, бірақта құрметті жер аудару ретінде Москвада, Ұлттар жөніндегі комиссариятта екі жыл істедім және кейбір түркістандық жолдастардың тұрғысынан адам төзбестей қорлықты көрдім. Бұл қорлық тек саяси жақтан ғана емес, коммунистке көрсетілген (мен партия мүшесі емеспін бе) бұл қорлық менің жанұяма да (үйден қуып шығу, қудалау т.т. тұрғысында) көрсетілді. Осындай ауыр күйзеліске қарамастан мен Москвада қалдым, жау жағына шығып кеткемін жоқ» – деп (сонда, 222-бет) сөйледі.

Бұл оның ең батыл сөздерінің бірі. Сөзінің соңында мінбеден:



«Менің өз көзқарасым бар. Мен ешқашанда Сұлтанғалиевтің көзқарасының ырқымен жүргемін жоқ. Мұндайға бару үшін мен тым турашыл адаммын, мен өз көзқарасымды жасырмаймын, және бұл іске менің қатысым бар деген Сталин жолдастың мәлімдемесі дұрыс емес. Сталин қателеседі» – деп тура айтқан.

Сонда Сталин: «Алла жар болсын» – депті орнында отырып. Ол кезде мұндай тайталасқа бару үшін де тек өжеттік қана емес, аса саяси батылдық қажет болатын.

Қазақ автономиясы жарияланбастан бұрын Т.Рысұлов ««Қазақ өлкесін басқаратын революциялық комитетке. 1920 жылдың 29 наурызынан бұрын:

Түркістан республикасының кезекті ІХ құрылтайы 1920 жылдың 15 мамырына бекітілді. Құрылтайда талқыланатын өте маңызды мәселенің бірі – Түркістан республикасының жаңадан өңделген атазаңы болып табылады. Түркістан республикасының Орталық атқару комитеті көрші екі республиканың – Қазақстан мен Түркістанның арасындағы қарым-қатынас туралы, соның ішінде Сырдария мен Жетісу облыстарының Қазақ республикасының территориясына қосылуын ескере отырып, сондай-ақ Қазақ республикасының астанасын Ташкентке ауыстыра отырып, байланысты одан әрі күшейту туралы пікірлеріңізді шұғыл түрде байланысты нығайту мақсатында Қазақ ревкомының атынан Түраткомына өкіл жіберулеріңізді өтінеміз, сондай-ақ Қазақ ревкомына Түркістан да өзінің өкілін жіберу басты шарт болып табылады. Сонымен қатар бүкілқазақ құрылтайын шақыру қалай жүріп жатыр, құрылтайдың күн тәртібі қандай, соның ішінде жоғарыда аталған екі мәселе туралы пікірлеріңізді, бауырлас түркі халықтарының арасындағы қалыпты эконоикалық байланыс орнатудың жолдары туралы жобаларыңызды Түраткомға хабарлауыңызды сұраймыз. Түркістан орталық атқару комитетінің төрағасы – Т.Рысқұлов» – деп ( 3 томдық Шығармалар жинағы, 3 т., с. 171) жеделхпт жолдады.

Міне, Қазақстан мен Түркістан қазақтарының арасындағы межелеу науқаны осы кезден басталды. Тұрар Рысқұлов пен С.Қожановтың, С.Сәдуақасовтың арасындағы пікір ұстанымдары осы мәселеге келгенде бұрынғыдан да алшақтай берді. Бұл қарама-қайшылық, өзара жаулық, топ құру деп бағаланып келеді. Менің ойымша бұл – ұстаным. Үшеуінің ешқайсысы да жеке басының мүддесін қорғап отырған жоқ. Үшеуі де қолайлы жағдайды пайдаланып, бұрын меже сызығы анықталмаған мемлекеттердің шекарасы мен халқын қалыптасқан және саяси мүмкіндігі бар, тәуелсіз мемлекет етіп жариялағысы келді. Үш жобаның да астарында да саяси жағырафиялық әрі демографиялық негіз болды. Бұл жағдайды туғызған «бөліп ал да билей бер» деген әлемдік отаршылдық саясаттың аяр айласының нәтижесі еді, яғни, кең байтақ қазақ даласының басын біріктірмес үшін оны: Ішкі істер министрлігіне қарайтын Батыс Сібір, Сыртқы істер министрлігінің дәргейіндегі Орынбор генерал-губернаторлығына және Әскери министрліктің құзырындағы Түркістан уәлаятына бөліп тастады. Біртұтас ұлттың жерін де, елін де, басқару жүйесін де, елдік мүддесін де мүшелеп алып, олардың арасына қайта басы бірікпейтіндей араздық сбеу болатын.

Бірақта ол пиғылды тарихитың өзі екшей келіп, С.Сәдуақасов пен С.Қожановтың межесіне орай Қазақстан автономиясының шекарасын бекітіп берді. Осы шекара үшін, ел мен жер үшін жанталаса күрескен «Алашордалықтар» іле-шала қуғындалды, саяси жазаға тартылды, ал С.Меңдешев пен Ә.Жанкелдин сияқты отарлық қамытты мойынынан шығарғысы келмегендер сол мемлекетті басқарып, биліктің қызығын көрді.

ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ 1921-1922 ЖЫЛҒЫ 10 ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КЕҢЕСІНДЕ ТАЛҚЫЛАНҒАН АШАРШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ


1921 жылғы 4 қазан күнгі Бүкiлқазақстандық II Кеңестiң тұсында өткiзiлген қазақ өкiлдерiнiң дербес мәжiлiсi Қазақстанның саяси өмiрiндегi үлкен оқиға болды. Мұнда тек идеологиялық тартыс қана шарықтау шегiне жетiп қойған жоқ, сонымен қатар қазақ ұлтының тағдыры да талқыға түстi. Қазақстан Орталық Атқару Комитетiндегi қазақ қайраткерлерi, оның iшiнде барлық мемлекеттiк iстi үйлестiрiп отыратын жауапты саяси хатшы Мұхтар Омарханұлы Әуезов те Смағұл Сәдуақасовтың бағытын ұстанды. Жүрексiнiп қалған большевик – коммунистер Әлихан Бөкейхановты, Халел Ғаббасовты, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтердi, Мұхамеджан Тынышбаевті, Әлiмхан Ермековтi, Мiржақып Дулатовты, Жүсiпбек Аймауытовты, Жақып Ақбаевтi өкіл ретінде шақырмады. Бірақ оларды түрмеге қамап, тергеуге де дәттерi шыдамады. Ұлттық республикадағы саяси жағдай оны көтермейтiн. Алайда олардың орынын Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Мұхтар Әуезов басады деп күткен жоқ едi.

Ал бұл «алаш жастары» – Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың шын мәнінде ел көсемi дәрежесiне көтерiлген айшықты мезетi едi. Екеуiнiң де жас мөлшерi 21-24 арасында болса да нағыз ысылған саясаткер, қажырлы да қабырғалы мемлекет басшысы ретiнде көрiне бiлдi. Тiптi, саяси сайысқа түскен шақтарында ерекше шамырқанып, айбарланып, қарсыласына сес те танытты. Айтқанына сендiрiп, ұлтты ұйымдастырып, ұтымды тұжырым ұсынды. Ұлттық егес пен рухани қарсыласу тұсында ақылы мен қайратын қатар билеп, тура сол қарсаңдағы мемлекеттiк мiндеттiң ең шағымды екi мәселесiн күн тәртiбiне қойды. Халықтың назарын төнiп келе жатқан қатерге аударды.

«Кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйым құрған «алашордашылардың» үстінен қозғалған қылмысты істің (1928-1932) тергеуі барысында берген әшкерелеуші жауабында Ә.Байділдин:

«Мәжiлiс жабылардың алдында М. Әуезов аса маңызды мәселелердi талқылау үшiн съезге келген барлық қазақ уәкiлдерiн төтенше жиналысқа шақырып, төтенше жиналыстың қайда, қай уақытта өтетiнiн хабарлады. Уәкiлдердiң барлығы да айтылған мезгiлде жиналды. Тек Меңдешев, Мырзағалиев сияқты, тағы да басқа жауапты қызметкерлер ғана жайбарақаттық танытты. Олар арнайы шақыру жiберiлгеннен кейiн барып келдi. Жиналысты М. Әуезов ашып бас қосудың мақсатын түсiндiрдi. Ол: «Бiз жергiлiктi жерлердегi, әсiресе қазақ тұрғындары арасындағы жағдайдың хал-ахуалы туралы өзара пiкiр алысып, соның негiзiнде жалпы шешiм қабылдау үшiн жиналдық», – дедi».

Ұлтының тағдыры тығырыққа тiрелiп, ұйлығысып тұрғанда бар ауыртпашылық пен жауапкершiлiктi М.Әуезов мойынына алды. Бұл үш мiндет: 1). Қаралы қанатын жайып келе жатқан коммунистік-отаршылдық күйзелiстен елдi құтқару, сондай-ақ 2). Қазақ жерiн ашкөздiкпен қомағайлана бауырына басқысы келген ұлы орыстық отарлаушы пиғылға қарсы тиым салу және 3). Қазақ елiн зауалға ұшыратуы мүмкiн ашаршылыққа қарсы күресуге тиiстi қазақ қызметкерлерiнiң iс-әрекет жоспары болатын. Яғни, қауым боп бас қосып, ортақ Ұлттық Идея мен Ұлттық мiндеттi анықтау едi. Мәжiлiсте:

Ә.Байділдин (жалғасы): «...Жергiлiктi жерлердегi жағдай туралы мағлұмат тыңдалды. Әрбiр губерния өздерiнiң арасынан шешендердi алға шығарды, олар жиналған жұртқа тұрған жерлерiндегi хал-ахуалды баяндады. Алғашқы мағлұматты Әуезов жария еттi. Ол Семей Губерниясындағы, оның iшiнде қазақ ауылдарындағы жұмыстың самарқаулығына тоқталды. Қазақстанның кейбiр губернияларына төнiп келе жатқан аштық қаупi барын ескерттi. Жергiлiктi жерлердегi жағдайды күдер үздiре суреттей келiп, Әуезов: «Мұның барлығы алдымен өзiмiздiң самарқаулығымыздан, салақтығымыздан, тәжiрибе бөлiсудiң жоқтығынан, ең бастысы – отарлаушылардың кедергiсi мен бүлдiрушi әрекетiнен болып отыр», – деп тұжырым жасады.

Бұдан кейiн өзге губерниялардың хабары тыңдалды. Олардың айтқаны Әуезов баяндаған жағдаймен түгелдей астасып жатты. Олардың барлығы да iстiң өте нашар жүргiзiлетiндiгiн айтып шағынды. Сондықтан да өкiлдердiң сөзiнде тың пiкiрлер өте аз болды. Тек Меңдешев қана өзгеше ұсыныс енгiздi. Ол: жергiлiктi жерлердiң өкiлдерiнiң пiкiрлерiн қостаймын. Отарлаушылардың жұмыс iстеуге кедергi келтiретiнi де рас, бiрақ та жергiлiктi ұлтшылдардың да тосқауылы жайында тiс жармағандарыңызды да мақұлдамаймын – дей келiп, осы мәселенi жиылыс қортындысында атап өтудi ұсынды. Бұған кейбiреулер қарсы шықты, бiрақ та ол көпшiлiк дауыспен қабылданды.

Сөйтiп, тиiстi тұжырым жасалды. Әуезов жиналысты кiрiспе сөзiнiң рухындағы сарынмен қорытты».

Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен келген өкiлдер Мұхтардың күдiгiн растап бердi. Азамат соғысы, ақ пен қызылдың қанды жорықтары даланың үйреншіктi тiршiлiгi мен тыныштығын, кәсіби күн көрісін бұзды. Олардың хабары қатерлі жұттың қасіретін сездiрдi. Қазақ қайраткерлерiнiң назарын соған баса аударған Мұхтар Әуезов алға шұғыл мiндеттер қойды. Сондай-ақ, саяси мәнi зор шешiм де қабылдады. Ол:

1. Отарлаушы – коммунистердiң басқыншылық пиғылы мен басынуына тосқауыл қою.

2. Смағұл Сәдуақасовтың Семейдегi iс-әрекетiн ақтап алып, сол арқылы оның iсiне мемлекеттiк-ұлттық сыпат беру мәселесi едi.

Қазақ ұлты мен кеңес өкiметiнiң саясат сахнасындағы мүдделерiнiң бағыт-бағдары анықталып, қайтып ымыраға келмейтiндей қарама-қарсы жiкке бөлiнiп, iргелерiн ажыратқан ең соңғы және шешушi талқы едi бұл. Қазақ елiнiң маңдайына қандай бақыт пен сор бiттi, қандай келешек күтiп тұр, тағдырын кiмге тапсырды, үкiмет билiгi жанашырдың қолына тие ме, жоқ жалаңтөс жаhангердiң тырнағына iлiне ме, олар жақсылық әкеле ме, әлде жаманатқа бастай ма, мiне, осындай өзектi өртеген күйiндi мәселелер тiкелей

Алаш ардагерлерінің ақпарымен шешiлдi.

Айтты-айтпады, дәл осы 1921 жылдың күзi мен 1922 жылдың көктем айларына дейiнгi аралықтағы ұлттың мүддесiн қорғайтын аса көкейкестi шаралардың бiрде-бiреуi Смағұл мен Мұхтардың қатысуынсыз өткен жоқ. Бұл қарсаңда қазақтың «қаратаяқтары» (зиялыларды қыр қазақтары солай атаған) бұрынды-соңды болып көрмеген дәрежеде ұйымшылдық танытып, iшiнара сая iздеген саяқтары болмаса, қалғандарының барлығы да ұлттық мүдденiң айналасына топтасты.

Тергеудегі екінші басты сұрақ: осы екінші қазақ конференциядағы ұлттық интеллигенцияны қызметке тарту, жинақтап айтқанда, Ә.Бөкейхановтың саяси платформасының С.Сәдуақасов арқылы кеңес өкіметінің құрылымына ықпалы туралы қойылды.

Қазақ жері мен елі талқыға түскен тұста айқындала бастаған ұлттық зиялылардың арасындағы бұл жік осы 1921 жылғы ашаршылық тұсында басталған еді. Қазақстанның солтүстiк батыс аймағын жайлаған аштық қазақ елiнiң ұлт боп өмiр сүруiне қауiп төндiрдi. Кiсiнiң етiн кiсi жеп жатқандығы туралы үрейлi хабарлар Орынборға суыт жетiп жатса да, негiзгi құрамы қазақ емес ұлттардан құралған өлкелiк Революциялық комитеттiң мүшелерi өзiнiң жұмыс жоспарын:

1). ВПК(б)-ның ХII съезiне дайындық жасауға 2). Ресейдегi аштыққа ұшыраған аудандарға азық-түлiк жөнелту үшiн жергiлiктi ұлттың ең соңғы қолүздiгiн сыпырып-сиырып алуға (Лениннiң Арал балықшыларына Повольжьеге балық жiберу туралы жеделхатын еске алыңыз) 3). Бұған қарсы халықтың наразылығын ұйымдастырып, істі бүркемелеп отырған «қазақ ұлтшылдарына» қарсы күреске жұмылдырды.

Мiне, осындай қиын-қыстау кезеңде Өлкелік үкiмет басшыларының арасындағы пiкiр таласы саяси және ұлттық жiктелуге алып келдi. Большевиктер Қазақстандағы төніп келе жатқан аштыққа қарсы шара қолданбақ түгiл, назарын да салмады.

Коммунистер бұған үзiлдi-кесiлдi қарсы шығып:

«Партия съезiнiң назарын басқа жаққа аударуға, таптық күрестi әлсiретуге жол бермеймiз» – деп өршелендi.

Мұны ұлтшылдардың даурығуы деп бағалап, саяси күрестi одан әрi қатаң жүргiзуге, партия қатарын тазалауға рұқсат сұрап, Мәскеуден жарлық күттi. Үкiмет билiгiнен айырылып қалудан қауiптенген С.Меңдешев бастаған большевиктер де Мәскеуге:



«Ашаршылық туралы қауесеттi таратып жүрген ұлтшылдар. Олар қарапайым шаруаның мұң-мұқтажын жоқтағансып, еңбекшiлердiң назарын өздерiне аудару үшiн қасақана байбалам салуда», – деп жеделхат жолдады.

Шындығында, тура сол кезде С. Меңдешевтiң өзiнiң туған ауылында түтiнi тiк шығатын бiрде-бiр үй қалмап едi.

Тақ пен бақты көздеп, ұлт мүддесiн сатқандар ғана екi жаққа бiрдей жалтақтап, жағымпаздықпен күн көрдi. Егерде солар өз iстерiн дұрыс атқарып, ұлт аймақтарындағы экономика мен ұлттық шеттету мәселесiн Орталықтың алдына дер кезiнде қойса, қанша қытымыр саясатты ұстанса да жаппай ашаршылыққа ұшырауға жол бермес едi. Ұлы орыстық рухтың бұл тұста өршiгенi сондай, пролетарлық бауырмалдықты да ұмытып, Аштарға көмек комиссиясы тек орыстарға ғана қызмет еттi. Өзi аштыққа ұшырап, жаппай қырылып жатқан ұлттың мал-мүлкiн тартып алып, Ресейдегi және Қазақстандағы орыстар қоныстанған селолар мен деревняларға үлестiрдi. Ал қазақ ұлтының қамын ойлайтын қайраткерлер «балапан басында, тұрымтай тұсында» кеттi.

Қазақ қайраткерлерiнiң бұл кеңесi «ұлы орыстық коммунистiк-колонизаторлыққа» қарсы бағытталған саяси ашық күресiмен тарихтан тиiстi орнын алатыны сөзсiз. Өкiнiшке орай, Кеңес өкiметi тұсында дербес саяси ағым ретiнде қалыптасып, саясат сахнасына шыққан бұл қоғамдық қозғалысты партия мен кеңес кезеңiн зерттейтiн тарихшылар әр адамның iс- әрекетiне қарсы бағытталған жекелеген көрiнiс ретiнде бағалап жүр. Шындығына жүгiнсек, тек ресми тiркеуден өтпегенi болмаса, бұл ұлттық даму бағдарын ұстанған саяси ағым едi. Оны «мемлекеттiк көсем» Сталин мен Голощекин бiлдi. Сондықтан да Троцкиймен бiрге бұлардың да көзiн жойып жiберуге тырысып, тергеу iсiн барынша тұқырта жүргiздi. Жоғарыдағы кеңестен кейiн де «коммунистiк колонизаторлық» пиғылға тосқауыл қойылмады. Қайта екпiнi күшейiп, таптық тартыс – ұлттық тартысқа ұласты.

Ол үшiн оларды аштықпен есеңгiреттi. 1921-1922 жылғы аштық бұл саладағы алғашқы «тәжiрибе» ретiнде сынақтан өттi. Мұқым қазақ халқын «табиғи түрде жоюға» мұршасы жетпедi. Өйткенi қазақтың дәстүрлi көшпелi экономикасы мен өмiр сүру тәсiлi оған мүмкiндiк бермедi. Ендi, «мойынсерiк», «қосшы ұйымы», «кедей қостары» арқылы, Ә.Бөкейханов «ақ шом экономикасы» деп атаған, тiрi қалудың, күн көрудiң, жұтамаудың ғасырлар бойы сыннан өткен тәсiлi мансұқталды.

1921 жылдың күзi мен 1922 жылдың көктемi қазақ мемлекетi мен ұлты үшiн осындай саяси, экономикалық, ұлттық мәселелердiң ширыға шиеленiскен тұсы болды. Бұл «Алашорда» қайраткерлерiнiң өкiмет басындағы ықпалы сақталған ең соңғы маусым едi. Олар жазға қарай жаппай қамауға алынғанына қарамастан өздерiнiң ұлт алдындағы парызын орындап кеттi. Ел iшiндегi жағдайды толық көрiп-бiлiп, шындыққа көзiн жеткiзу үшiн қызмет бабының ретiн пайдаланып:



«...Губерниялық партия конференциясын өткiзу үшiн Орал қаласына барды. Ол Жолдыбаевпен, Қаратiлеуовпен бiрге Орынбор қаласына кiрекештердiң көлiгiмен қайтты. Әуезов өзiнiң бұл жүрiсiн: жол-жөнекей аштардың жағдайын көзiммен көруiм қажет болды деп түсiндiрдi. Ол Орал губерниясындағы ашаршылық жайлаған қазақ тұрғындарының қасiреттi көрiнiсiне (иттiң өлексесiн, шөптiң тамырын жеген адамдарға, жолдың шетiнде үйiлiп жатқан аштан қырылғандардың өлiгiне, т.б.) қатты күйiнiп келдi, оның есесiне Оралдағы партия қызметкерлерiне риза болды. Бiздiң бағытымызды сенiмдi түрде ұстаған Жолдыбаев, Жантiлеуов, Қаратiлеуов сияқты жiгiттер туралы өте жақсы пiкiр бiлдiрдi. Сонымен қатар Кенжин, Мырзағалиев пен Асылбеков қатарлы бiздiң өз адамдарымыздың Орал губерниясыдағы беделi жоғары екендiгiн айтты. Соны айта тұрып, ат төбелiндей көк езу Әйтиевшiлдiң де бар екендiгiн, конференцияда оларға есе теңдiк бермегенiн мысқылдай баяндады».
Ашаршылықтың қазақ арасына ажал тырнағын салғанын, әр бұтаның түбiнде көмусiз қалғанын көрген Әуезов қызметке оралысымен дабыл қақты. Бiр аймақта ғана емес, Орал, Ақтөбе, Торғай, Қостанай, Ақмола губернияларын жайлаған аштық қазақтардың кеңес өкiметiнiң жазалауынсыз-ақ қырылып бiтетiнiне көз жеткіздi. Кеңестiк партия қызметкерлерiнің Мәскеуден жасырған қылмысын әшкерелеп, барлық қазақ қайраткерлерiн аштарға көмек комитетiн құруға шақырды. Мұндай хабарды алысымен Ташкентте С. Қожанов, Ғ. Бiрiмжанов, Семейде М. Дулатов пен Ж. Аймауытов бастаған зиялылар «Ақ жол», «Қазақ тiлi» газеттерi арқылы бүкiл қазаққа сауын жариялады. Содан кейiн барып Орынбордағылар қозғалды. Бұл жөнiнде тергеуде берген куәлiгiнде Ә. Байдiлдин:

«Бұл iстiң де бастамашысы Әуезов болғаны тегiн емес. Ол (1921 жылдың желтоқсанында ғой деймiн) қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң атынан қазақ қызметкерлерiнiң (партия мүшелерiн де, партияда жоқтарын да) үлкен мәжiлiсiн шақырды, оған үкiмет мүшелерiмен қоса жекелеген еуропалық жауапты қызметкерлер де қатысты, ашаршылық туралы мәселенi талқылауды күн тәртiбiне қойды. Мәселенi талқылау барысында бұл мәжiлiс: аштарға көмек көрсетудi дереу қолға алу керек, ол үшiн Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң жанынан аштарға көмек көрсету комиссиясы құрылсын – деген шешiм қабылдады. Бұл комиссияның құрамын бекiту кезiнде әдеттегiдей жiкшiлдiк ұсыныстар жасалды. Әр топ (меңдешевшiлер, сәдуақасовшылар, Асылбековтiң өкiлдiгiмен айқындалатын сейфуллиншiлер, алашордашылар) өз адамдарын кiргiзуге ұмтылды. Соның iшiнде өте тосын: «Комиссияның төрағалығына Ахмет Байтұрсынов сайлансын, ал партияда жоқ көрнектi адамдар да оның құрамына мүше боп кірсін» – деген ұсыныс (ұмытпасам Әуезов) жасалды. Ол бұл пiкiрiн: коммунистерге қарағанда олардың (алашордашылардың) қазақ тұрғындары арасындағы беделi зор, сондықтан да комиссияның жұмысы жемiстi болады – деп дәлелдемек болды. Бұл ұсыныс iшiнара ғана қабылданды. Меңдешев төраға, Байтұрсынов пен Әуезов төрағаның орынбасары болып сайланған бұл комиссияның мүшелiгiне сол кездегi жауапты қызметкерлердiң көпшiлiгi сайланды», – деп көрсетті.

Әрине, тергеудiң аты – тергеу. Сондықтан да (Ә.Байділдиннің) Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтi кекете еске түсiруі заңды. Алайда кiмнiң қандай қайрат көрсетiп, елiнiң тағдырына қаншалықты қамыға араша түскенi онсыз да бiлiнiп тұрғандықтан да, бiз бұған қосымша түсiнiк берiп жатпаймыз. Қазақ елiнiң басынан кешкен, қолдан жасалған 1932 жылғы ашаршылықтың зауалы сұмдық. Ешқашанда орыны толмайтын қасiрет. Алайда содан тура он жыл бұрын, яғни 1921-1922 жылғы ашаршылықтан Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң Мәскеуге жолдаған толық емес ақпараты бойынша 1,5 миллион (!) адам аштықтың тұзағына iлiнген (Қараңыз: Движение Алаш – Алаш қозғалысы. Професор Т.Жұртбайдың авторлық басылымы. Авторлық басылым. І-ІІІ том, А. Елшежіре. 2012, 160-270 беттер). Ашаршылыққа қарсы кеңес өкiметi дер кезiнде шара қолданбай, Мәскеу мен Өлкелiк партия комитетi самарқаулық танытып, тек сырттай бақылаушы ғана болып отырған.



Сондықтан да ұлты үшiн күйiнген қайраткерлердiң, оның iшiнде Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтiң дабыл қағып, мәжбүр етуiмен өткен жоғарыдағы мәжiлiстiң протоколын (оны бiзге танымал тарихшы, абзал ғалым марқұм Ақыжан Игенбаев дегдар ұсынып еді) толық келтiрудi жөн көрдiк. Көсемсөзбен баяндап беру тiлге де, түсiнiкке де жеңiл. Бiрақ та бұл тарихи құжатта сондай қысылтаяң, қасiретi мол күндердiң күйiнiшi мен сүйiнiшiнiң табы, аяулы жандардың жан айқайы, отты лебi жатқандықтан да дерекке жүгіндік. Сонымен 1921 жылы 10 желтоқсан күнi өткен қазақ қызметкерлерi қатысқан кеңестiң күн тәртiбiне қойған мәселесi екеу:

«І. Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру.

1. Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және оларды тиiмдi пайдалану, сондай-ақ Түркiстан Республикасына қоныс аударған қазақ қызметкерлерiн керi қайтарудың амалын қарастыру.

Қатынасқандар: Жангелдин, Әуезов, Алманов, Асылбеков, Нахимжан, Кенжин, Байтұрсынов, Байдiлдин, Төлепов, Жаманмұрынов, Сарымолдаев, Авдеев, Найманбаев, Нұрмаханбетов, Игiлiков, Қаржасов, Тұнғаншин, Бiржаров, Оразбаева, Саматов, т. б.

Жолдас Жангелдин төрағалық еттi.

Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру туралы М. Әуезовтiң баяндамасы тыңдалды. Әуезов жолдас: аштарға көмек көрсету ұйымдарының аяғы әлi қыр елiне жеткен жоқ. Олардың таяу арада жетуi де неғайбыл екенiн айтты. Әуезов оның себебi мынада деп көрсеттi:

1. Ауылдардың тiкелей өзiмен араласа отырып, олардың мұқтаждықтарын анықтайтын бұл саладағы мiндеттi атқаратын қызметкерлер жоқ.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   33




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет