Қазақстан Республикасындағы тiл туралы 1997 ж. 11 шiлдедегі №151-i қазақстан Республикасының Заңы



Дата23.03.2018
өлшемі170,13 Kb.
#39442
Қазақстан Республикасындағы тiл туралы
1997 ж. 11 шiлдедегі № 151-I Қазақстан Республикасының Заңы
(2012.10.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

 

Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:



ҚР 2013 жылғы 21 қаңтардағы № 72-V Заңын (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi)

 


1 тарау. Жалпы ережелер

(1 - 7 баптар)

2 тарау. Тiл - мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында

(8 - 15 баптар)

3 тарау. Тiл - білім беру, ғылым, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары саласында

(16 - 18 баптар)

4 тарау. Тiл - елдi мекен атауларында, жалқы өсiмдерде, көрнекi ақпаратта

(19 - 22 баптар)

5 тарау. Тiлдi құқықтық қорғау

(23 - 26 баптар)

6 тарау. Тiлдi шетелдермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда пайдалану

(27 бап)

Түпнұсқада мазмұны жоқ

 

Осы Заң Қазақстан Республикасында тiлдердiң қолданылуының құқықтық негiздерiн, мемлекеттiң оларды оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай жасау жөніндегі мiндеттерiн белгiлейдi, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тiлге бiрдей құрметпен қарауды қамтамасыз етедi.



1 тарау. Жалпы ережелер

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

1-бап. Негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

диаспора - өзiнiң тарихи шығу тегiнен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бiр бөлiгi (этникалық қауымдастық);

ономастика - тiл білімiнiң жалқы есiмдердi, олардың пайда болуы мен өзгеруiнiң тарихын зерттейтiн бөлiмi;

орфография - дұрыс жазу ережесi, сөйленген сөздi (сөздер мен грамматикалық тұлғаларды) жазбаша беру тәсiлдерiнiң бiрiздiлiгiн белгiлейтiн ережелер жүйесi;

топонимика - ономастиканың географиялық объектiлердiң атауларын, олардың пайда болуы, өзгеру, қолданылу заңдылықтарын зерттейтiн бөлiмi;

транслитерация - бiр графикалық жүйедегi мәтiндер мен жекелеген сөздердi басқа графикалық жүйенiң құралдарымен әрiппе-әрiп арқылы беру.

терминологиялық комиссия - экономиканың, ғылымның, техниканың, мәдениеттiң барлық салалары бойынша қазақ тілінiң терминологиялық лексикасы саласындағы ұсыныстарды әзiрлейтiн консультативтiк-кеңесшi орган;

ономастикалық комиссия - географиялық объектiлердiң атауына және олардың атауларын өзгертуге бiрыңғай көзқарас қалыптастыру, топонимикалық атауларды қолдану мен есепке алуды ретке келтiру, Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру, сақтау жөніндегі ұсыныстарды әзiрлейтiн консультативтiк-кеңесшi орган;

уәкiлеттi орган - тiлдердi дамыту саласындағы бiрыңғай мемлекеттік саясатты iске асыруға жауапты орталық атқарушы орган.

2-бап. Осы Заңның реттейтiн мәселесi

Мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қызметiнде тiлдердi қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заң реттейтiн мәселе болып табылады.

Осы Заң жеке адамдар арасындағы қатынастарда және дiни бiрлестiктерде тiлдердiң қолданылуын реттемейдi.

3-бап. Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдар

Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, тiлдердi қолдануға және дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.

Тiл туралы заңдар Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі.

Мемлекеттік тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тілі.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.

Үкiмет, өзге де мемлекеттік, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар:

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;

Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;

қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.

5-бап. Орыс тілін қолдану

Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

6-бап. Мемлекеттiң тiл жөніндегі қамқорлығы

Қазақстан Республикасының азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркiн таңдауына құқығы бар.

Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызу жөнiнде қамқорлық жасайды.

Ұлттық топтар жинақты тұратын жерлерде iс-шаралар өткiзiлген кезде олардың тiлдерi пайдаланылуы мүмкiн.

7-бап. Тiлдердiң қолданылуына кедергi келтiруге жол бермеу

Қазақстан Республикасында тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi.

Қазақстанда мемлекеттік тiлдiң және басқа да тiлдердiң қолданылуына және оларды үйренуге кедергi келтiретiн лауазымды адамдардың iс-әрекеттерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.

2 тарау. Тiл - мемлекеттік және мемлекеттік емес

ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында

 

8-бап. Тiлдердiң қолданылуы



Мемлекеттік тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

Мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тiл және қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады.

9-бап. Мемлекеттік органдар актілерінiң тілі

Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тілінде жүргiзiлуi мүмкiн.

2006.05.06 № 146-III ҚР Заңымен 10- бап толықтырылды

10-бап. Құжаттама жүргiзу тілі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесiнде, ұйымдарында, меншiк нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргiзу мемлекеттік тiлде және орыс тілінде қамтамасыз етiледi.

Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қатысушылары құжаттаманы мемлекеттік тілде және (немесе) орыс және (немесе) ағылшын тілдерінде жүргізуге құқылы.

 

11-бап. Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап тілі



Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттік тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi.

12-бап. Қарулы Күштер мен құқық қорғану органдарындағы тiл

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, сондай-ақ әскери және әскерилендiрiлген құрамалардың барлық түрiнде, мемлекеттік бақылау мен қадағалау, азаматтарды құқықтық қорғау ұйымдарында және құқық қорғау органдарында мемлекеттік тiлдiң және орыс тілінiң қолданылуы қамтамасыз етiледi.

13-бап. Сот iсiн жүргiзу тілі

Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттік тiлде жүргiзiледi, ал, қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тілі немесе басқа тiлдер мемлекеттік тiлмен тең қолданылады.

14-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi жүргiзу тілі

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер мемлекеттік тiлде, ал қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде жүргiзiледi.

 

 2006.05.06 № 146-III ҚР Заңымен 15- бап толықтырылды



15-бап. Мәмiлелер тілі

Қазақстан Республикасында жеке және заңды тұлғалардың жазбаша нысанда жасалатын барлық мәмiлелерi қажет болған жағдайда басқа тiлдердегi аудармасы қоса берiлiп, мемлекеттік тiлде және орыс тілінде жазылады.

Шетелдiк жеке және заңды тұлғалармен жазбаша нысанда жасалатын мәмiлелер мемлекеттік тiлде және тараптар үшiн қолайлы тiлде жазылады.

Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қатысушылары мәмілелерді мемлекеттік тілде және (немесе) орыс және (немесе) ағылшын тілдерінде жасасуға құқылы.

 

3 тарау. Тiл - білім беру, ғылым, мәдениет



және бұқаралық ақпарат құралдары саласында

 

2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)



16-бап. Тiл - білім беру саласында

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тiлде, ал ұлт топтары жинақы тұратын жерлерде солардың тiлдерiнде жұмыс iстейтiн мектепке дейiнгi балалар ұйымдарын құру қамтамасыз етiледi.

Балалар үйлерiнде және оларға теңестiрiлген ұйымдарда оқыту, тәрбие беру тілін жергiлiктi атқарушы органдар олардағы балалардың ұлттық құрамын ескере отырып белгiлейдi.

Қазақстан Республикасы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімдi мемлекеттік тiлде, орыс тілінде, ал қажетiне қарай және мүмкiндiгi болған жағдайда басқа да тiлдерде алуды қамтамасыз етедi. Білім беру ұйымдарында мемлекеттік тiл мен орыс тілі мiндеттi оқу пәнi болып табылады және білім туралы құжатқа енгiзiлетiн пәндер тiзбесiне кiредi.

17-бап. Тiл - ғылым және мәдениет саласында

Қазақстан Республикасында ғылым саласында, диссертацияларды ресiмдеу мен қорғауды қоса алғанда, мемлекеттік тiл мен орыс тілінiң қолданылуы қамтамасыз етiледi.

Мәдени шаралар мемлекеттік тiлде және қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жүргiзiледi.

2012.18.01. № 546-ІV ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)

18-бап. Баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі

Қазақстан Республикасы баспа басылымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тiлдiң, басқа да тiлдердiң қолданылуын қамтамасыз етедi.

Қажеттi тiлдiк ортаны жасау және мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншiк нысанына қарамастан, теле-, радиоарналар арқылы берiлетiн мемлекеттiк тiлдегi теле-, радиобағдарламалардың көлемi уақыт жағынан басқа тiлдердегi теле-, радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс.

 

 



4 тарау. Тiл - елдi мекен атауларында, жалқы өсiмдерде, көрнекi ақпаратта

 

19-бап. Топонимикалық атауларды, ұйымдардың атауларын пайдалану тәртібі



Елдi мекендердiң, көшелердiң, алаңдардың, сондай-ақ басқа да физика-географиялық объектiлердiң дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлуге тиiс.

Мемлекеттік ұйымдардың, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң атаулары мемлекеттік тiлде және орыс тілінде берiледi. Бiрлескен, шетелдiк ұйымдардың атаулары мемлекеттік тiлде және орыс тілінде транслитерация арқылы берiледi.

20-бап. Кiсi есiмiн, әкесiнiң есiмiн және тегiн жазу

Кiсi есiмiн, әкесiнiң есiмiн және тегiн ресми құжаттарда жазу Қазақстан Республикасының заңдары мен нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес келуге тиiс.

21-бап. Деректемелер мен көрнекi ақпарат тілі

Мемлекеттік органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттік тiлде жазылады.

Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртаңбаларының мәтiнi мемлекеттік тiлде және орыс тілінде жазылады.

Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тiлде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады.

Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттік тiлде және орыс тілінде қажеттi ақпарат болуға тиiс.

Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттік тiлдегi және орыс тiліндегі аудармасымен қамтамасыз етiледi.

Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттік тiлде - сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде он жағында немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттік тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.

 

2008 ж. 21 қарашадағы № 89-ІV ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда  (бұр. ред. қара)



22-бап. Тіл - байланыс саласында

Қазақстан Республикасының шегінде байланыс саласында мемлекеттік тілдің және орыс тілінің қолданылуы қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге почта-телеграф жөнелтілімдері белгіленген халықаралық ережелерге сәйкес жүргізіледі.

 

5 тарау. Тiлдi құқықтық қорғау



2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

23-бап. Тiлдi мемлекеттік қорғау

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тiл және барлық басқа тiлдер мемлекеттiң қорғауында болады. Мемлекеттік органдар бұл тiлдердiң қолданылуы мен дамуына қажеттi жағдай жасайды.

Тiлдiң дамуы мемлекеттік тiлдiң басымдығын және iс қағаздарын жүргiзудi қазақ тіліне кезең-кезеңмен көшiрудi көздейтiн Мемлекеттік бағдарламамен қамтамасыз етiледi.

Мемлекеттік тiлдi белгiлi бiр көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi.

Қазақстан Республикасының Үкіметі терминологиялық және ономастикалық комиссияларды және қажет болған жағдайда басқа да құрылымдарды құрады.

2007.27.07. № 315-III ҚР Заңымен  24 -бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

24-бап. Тiл туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауаптылық

Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi мемлекеттік органдардың бірінші басшылары не жауапты хатшылары немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де лауазымды адамдары, кез келген меншiк нысанындағы ұйымдардың бiрiншi басшылары, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

Лауазымды адамның мемлекеттік тiлдi бiлмеу желеуiмен азаматтардың өтiнiштерiн қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ мемлекеттік тiлде және басқа тiлдерде қызмет атқарылатын салада олардың қолданылуына кез келген кедергi келтiру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкелiп соғады.

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

25-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

Уәкiлеттi орган:

1) тiлдердi дамыту саласындағы бiрыңғай мемлекеттік саясаттың iске асырылуын қамтамасыз етедi;

2) тiлдердi қолдану мен дамыту бағдарламасын және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi;

3) орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарында Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

4) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарында белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар жасайды, тиiстi органдарға Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдарға тәртiптiк жазалау шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгiзеді;

5) тiлдердi дамыту саласындағы бiрыңғай мемлекеттік саясатты iске асыру жөніндегі қызметтiң ақпараттық, әдiстемелiк қамтамасыз етiлуiн ұйымдастырады;

6) терминологиялық және ономастикалық комиссиялардың қызметiн үйлестiредi.

2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды; 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

7) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;

8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 25-1-баппен толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)



25-1-бап. Ономастикалық комиссияның құзыретi

1. Республикалық ономастикалық комиссияны Қазақстан Республикасының Yкіметі:

1) Қазақстан Республикасының Президентiне облыстардың, аудандар мен қалалардың атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы қорытындылар енгізу;

2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне өз құзыретi шеңберіндегі табиғи-географиялық, топонимикалық, өнеркәсiптiк және өзге де объектiлердiң атауы және олардың атауларын өзгерту туралы қорытындылар енгізу мақсатында құрады.

2. Облыстық ономастикалық комиссияларды облыстардың жергiлiктi атқарушы органдары:

1) ауылдардың (селолардың), кенттердiң, ауылдық (селолық) округтердiң атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту;

2) облыстың жергiлiктi атқарушы органдарының құзыретi шеңберіндегі табиғи-географиялық, топонимикалық, өнеркәсiптiк және өзге де объектiлердiң атауы және олардың атауларын өзгерту туралы қорытындылар дайындау мен енгізу мақсатында құрады.

3. Қалалық ономастикалық комиссияларды:

1) республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары:

қаладағы аудандардың, алаңдардың, даңғылдардың, бульварлардың, көшелердiң, тұйық көшелердiң, парктердiң, саябақтардың, көпiрлердiң және қаланың басқа да құрамдас бөлiктерiнiң атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту;

республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының құзыретi шеңберіндегі табиғи-географиялық, топонимикалық, өнеркәсiптiк және өзге де объектiлердiң атауы және олардың атауларын өзгерту туралы қорытындылар дайындау және енгізу мақсатында құрады;

2) облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдары қаладағы аудандардың, алаңдардың, даңғылдардың, бульварлардың, көшелердiң, тұйық көшелердiң, парктердiң, саябақтардың, көпiрлердiң және қаланың басқа да құрамдас бөлiктерiнiң атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы қорытындылар дайындау және енгізу мақсатында құрады.

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 25-2-баппен толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 25-2-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

25-2-бап. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органының құзыретi

Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы:

1) тiлдердi қолдану мен дамытудың өңiрлiк бағдарламасын әзiрлеп, бекiтедi және оның орындалуын қамтамасыз етедi;

2) орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң және аудандық атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

3) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарында белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар жасайды, тиiстi органдарға Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдарға тәртiптiк жазалау шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгiзедi;

4) мемлекеттік тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған облыстық маңызы бар шаралар кешенiн жүзеге асырады;

5) облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) ономастикалық комиссияның қызметiн қамтамасыз етедi;

6) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 25-3-баппен толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 25-3-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)



25-3-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының құзыретi

Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы:

1) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында тiлдердi қолдану және дамытудың өңiрлiк бағдарламасын iске асыру жөніндегі iс-шаралар жоспарын әзірлейді және оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етедi;

2) мемлекеттік тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған аудандық (облыстық маңызы бар қала) деңгейдегi iс-шараларды жүргiзедi;

3) облыстардың атқарушы органдарына ауылдардың (селолардың), кенттердiң, ауылдық (селолық) округтердiң атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi;

4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 25-4-баппен толықтырылды



25-4-бап. Қазақстан Республикасы тіл туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау

Қазақстан Республикасы тіл туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.

Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

 

26-бап. 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)



 

6 тарау. Тiлдi шетелдермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда пайдалану

 

27-бап. Тiл - халықаралық қызметте



Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi мен Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкiлдiктерiнiң қызметi мемлекеттік тiлде, қажет болған жағдайда басқа да тiлдердi пайдаланып жүзеге асырылады.

Екiжақты халықаралық шарттар, әдетте, уағдаласушы тараптардың мемлекеттік тiлдерiнде жасалады, көпжақты халықаралық шарттар оған қатысушылардың келісімiмен белгiленген тiлдерде жасалады.



Қазақстан Республикасында басқа мемлекеттер өкiлдерiмен өткiзiлетiн ресми қабылдаулар мен өзге де шаралар басқа тiлдерге аударылып, мемлекеттік тiлде жүргiзіледi.

Қазақстан Республикасының

Президентi

Н. Назарбаев





 
Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет