Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



бет5/7
Дата05.11.2016
өлшемі2,02 Mb.
1   2   3   4   5   6   7

М.Ә. Хасен,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының

аға оқытушысы

e-mail: kent.karkara@mail.ru



ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ МУЗЫКАЛЫҚ ӨНЕРІ.

ӘЙГІЛІ КҮЙШІЛЕР МЕН САЗГЕРЛЕР
Музыка – мәңгіліктің ең керемет символы, адам еңбегі мен талантының, ізденісі мен махаббатының, қайғы-қасіреті мен қуаныштарының жемісі. Әрдайым шындықты сергек сезініп, бірте-бірте дәуір стилін құрайтын тиісті ырғақ пен әуен дағдысын лезде тауып алатын халық музыкасы өмір бойы сол халықтың өміріндегі барлық оқиғаларға үн қосып келді. Сондықтан да ауыздан-ауызға тараған халықтық музыканың түп тамыры, сайып келгенде, соның ырғағы мен тынысында жатыр [1, 5. б].

Қазақ халқының дәстүрлі әуені – рухани мұраның ең бай қазынасы. Ғасырлар бойғы сынақтан өтіп, халық дарындылығы мен даналығын көрсете білген, үшінші мыңжылдықта ол ерекше тарихи маңызға, көркемдікке ие болды.

Қазақ халқының дарындылығы туралы Ш. Уәлихановтың айтуы бойынша «Қазақ даласының Геродоты» А.И. Левшин былай деп айтқан: «Қазақтар адамның сазгер немесе ақын болып туылатынының бір дәлелі болып табылады». А. Эйгхорн қазақтардың музыкасы туралы өз еңбегінде: «Бірде көк жайылымда асыр салып, ойнақтаған құлын секілді шат- жарқын бейқам баладай, бірде еркін, өмірге құштар көкте қалықтаған өр қырандай қазақ әндерін тұлымшағы желбіреген жас жеткіншектен, шолпысы сылдыраған бұрымды қызға, аяулы анаға, кішкентай айдарлы баладан еңкейген қарияға дейін нақышына келтіріп орындайды. Бұл дегеніңіз – халықтың баға жетпес мұрасы мен мызғымайтын игілігі, халықтың өзіндік бет-бейнесі» - деп жазса, қазақ халқының ән дәстүрлеріне таң болған танымал орыс ғалымы Г. Потанин: «Мен үшін бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» - деп жазды» [2, 2. б].

Қазақ музыкасы – өмір шындығын дыбыстық көркем бейнелермен көрсететін музыкалық өнердің ұлттық саласы. Қазақ халқының музыка мұрасы аса бай. Ол музыка фольклоры және музыка тарихы салаларына жіктеледі. Алғашқы салаға суырып салмалық негізде туған эпикалық жанрлар – жыр, толғау, терме, желдірме және лирикалық әндер мен айтыс өнері, екіншісіне көне түркі дәуірінен бергі кезеңдегі музыка үлгілері мен тарихи-мәдени мәліметтер енеді.

Музыкада да ауыз әдебиетіндегі сияқты тұрмыс-салт әндерінің, еңбек әндерінің, балалар әндерінің болғаны белгілі. Бақсы ойыны, қыздың сыңсуы, жесірдің жоқтауы, жар-жардың айтылуы, жарапазан сарыны белгілі бір жүйедегі сөзіне қоса ән-әуенсіз болмаған.

Ертедегі орхон-енисей жазбалары, орта ғасырлардағы Қорқыт, оғыз еліндегі қобыз культі туралы деректер түркі тайпаларының музыкалық мәдениетінен хабар береді. Одан бергі жерде Әл-Фараби, Ибн-Сина, Әбдірахман Жәми, Дәруіш Әли, т.б. көптеген шығыс ойшылдарының музыка өнеріне қатысты теориялық еңбектері де болған. Фарабидің «Музыканың ұлы кітабы» күні бүгінге дейін ғылыми мәнін жоймаған, әлі де толық зерттеліп болмаған мұра. Мұның өзі қазақ музыкасының бірде шаманизм, бірде зороастризм, бірде ислам мәдениетінің аясында қалыптасып келгенін аңғартады [3, 15. б].

Отырардан шыққан ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл Фараби музыка зерттеу саласындағы еңбектерінде музыканың жағымды әсерін жан – жақты дәлелдеді, сондай – ақ оның адамның жан дүниесіне әсер ететін тәрбиелік мәнін баса айтты.

Оның бесаспап орындаушылығы жөнінде музыка зерттеушісі Пернебек Момынұлының айтуынша шығыс халықтарының арасында тарап жүрген мынадай бір аңыз бар; Шығыс патшаларының бірінің сарайында той – думан қызып, бек – патша, бай – манап, қожа – молдалар жиылып үлкен жиын – тамаша құрыпты. Оған Фараби да қатысады бірақ шарап ішіп елірген мас қауым Фарабиға ілтипат жасамайды. Бұған көңілі толмаған Әбу Насыр бір шетке шығып, музыка аспабын қолына алып, аса бір мұңды күй тартады; оның мұңдылығы сонша жұрттың бәрі ойын сауықты тастай салып уайымға беріліп егіліп жылайды; енді бір сәт аса қуанышты, көңілді күйді ойнап жөнелгенде әлгі жұрт бірден еңселерін көтеріп балаша билеп, жын қаққандай сықылықтап күліп, ойнап кетеді; мұнан соң Фараби бір түрлі жайма шуақ бір сарынды, қоңыр ырғақты күйді ойнағанда отырғандар музыка әуеніне елітіп бәрі қалмай ұйықтап қалады. Фараби жайына жүріп кетіпті дейді.

Қазақ музыкасының өзіндік ерекшелігі – синкреттілігі. Поэзия мен музыка мақамның бірлігіне негізделген ән-жырлардың келе-келе дараланып, екі түрлі өнер арнасына жіктелгені мәлім. Бірі – ән өнері, екіншісі – күйшілік дәстүр.

XIX – XX ғасырларда айырықша дамыған домбыра күйлері өз кезегінде екі түрлі нақыштық ерекшелігімен дараланады. Бірі – кең ауқымды төкпе, екіншісі – сырлы да өрнекті шертпе күй үлгілері. Әрине, қазақ халқының музыкалық мәдениетін сөз еткенде домбыра күйлерін бұл екі дәстүрмен ғана шектеуге болмайды. Ел арасынан шыққан кәсіби күйшілердің өз үні, өз мәнері, орындау ерекшеліктері бар.

Көшпенді қазақтың көне музыкалық және өмірлік үндеуі осындай болды, ол үнемі жылдан жылға, ұрпақтан ұрпаққа айтылып, түрлі ұлттық музыкалық дәстүрлердің екпінді қызмет істеуін қамтамасыз етеді және ұлы Абайдың әйгілі өлең жолдарын тудырды:

«...Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойласаңшы бос қақпай елең-селең» [4, 4. б].

Біршама кейінірек пайда болған халықтың аспаптық музыкасының көне үлгілері – күйлер де өздерінің пайда болу кезеңінде өнердің құдыретті күшін насихаттады. Эпикалық және аспаптық дәстүрлердің пайда болуы халық есінде және аңыздарында аты аңызға айналған әулие – Қорқытпен – алғашқы бақсымен, «күй атасы» және музыкалық аспап – қыл қобызды жасаушысымен байланысты болды. Құрылысы мен бөліктерінің атаулары бақсының түсінігіне тән бүкіл әлемнің 3-деңгейлі моделін (жоғарғы, ортаңғы және төмеңгі әлемдерді) бейнелейтін қобызбен бірге Қорқыт ұрпаққа ұлы мұра қалдырды – қобыздық күйлер – «Қоркыт», «Желмая» (Қасиетті аруананың аты), «Тарғыл тана», «Елім-ай», «Ұшардың ұлуы» және т.б. Олардың жартысы дыбыстық еліктеуіш сипатты болды және тірі табиғат дауыстарын жеткізді, жартысы – тұрмыс, өмір және өлім маңызы туралы философиялық ойлар болып көрінді. Бірақ, барлық шығармаларда бір күйден екіншісіне өтетін және қайта-қайта қайталанатын музыкалық сарындар құлаққа оңай ілігеді, олар қобыз дыбыстарында құдайға, рухтарға, табиғаттан тыс күштерге үнделген қайта тірілген ежелгі дұғаның, өсиеттің, арбаудың сөздері секілді [5, 45. б].

Тек XIX ғасырға қарай Қазақстанның кең байтақ жерінде әр түрлі жергілікті кәсіби композиторлық және орындаушылық мектептер қалыптасты, сонымен қоса әр аймақ нақты бір дәстүрдің дамуына жеке «мамандандыруды» ұсынады.

Осылай, Батыс Қазақстан аумағы - домбыралы төкпе күйдің орталық аймағына, ал Сарыарқа аймағы (Орталық Қазақстан) дәстүрлі әннің және шертпе күйдің эпицентіріне айналды. Оңтүстік-батыс аймағы (Қармақшы ауданы, Қызылорда облысы) эпостық суырып салманың бай дәстүрін, ал Жетісу айтыс өнерін – суырып салма ақындарының жарыс өнерін сақтап, байытып келеді. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Естай, Ыбырай, Нартай, Мәди, Мұхит, Абай, Кенен Әзірбаев есімдері тек қана қазақ музыкалық мәдениетінде ғана емес, сонымен қоса әлемдік музыкалық мәдениеттің тарихында ерекше орын алды. Олардың айқын дара стилімен, ерекше көркем құрылымымен және музыкалық-мәнерлі құралдарының аясымен ерекшеленетін шығармашылықтары - қазақ музыкалық классикасының мақтанышы.

Жоғары өнерді құра отырып, қарапайым халықты «ғажап құпиялыққа» - музыкаға баули отырып, олар қоғамның сүйіспеншілігі мен сыйластығына ие болып, әрдайым көпшіліктің назарының орталығында болды.

Күйші– домбырада, қобызда, сыбызғыда күй орындаушы - музыкант. Күйші жөніндегі алғашқы деректер күй атасы Қорқыт (VII-VIII ғасыр) пен Кетбұға (XII-XIII ғасырлар) есімімен байланысты кездеседі. Күйшілер белгілі аспапқа арналған күйді орындаушы және күй шығарып әрі оны өзі орындайтын сазгер болып екіге бөлінеді.

XIX ғасырдың екінші жартысында өшпейтін классикалық туындыларды шығарған көрнекті қазақ сазгерлері өмір сүрген. Дарынды сазгерлердің туындыларында халықтың азаттық жолындағы күресінің мақамдары, әуені естіледі. Күй құдіретін ұрпағының санасына сіңіріп, өлмес мұра қалдырған қазақтың белгілі күйшілері:

Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1889) - қазақ аспап өнерінің күйші композиторы. Ол Бөкей Ордасының аумағындағы Жиделі деген жерде өмірге келген. Ұлы күйші өмір бойы әлеуметтік бостандық үшін күрескен. Күйлері халықтың өр еркіндігі, туған жер, шегі жоқ дала туралы болып келеді; Дәулеткерей Шығайұлы (1820-1887) - ұлы күйші композитор, домбырада ойнау өнерінде лирикалық бағыттың негізін қалаушысы. Оның көзқарасының қалыптасуына 1836-38 жылдарында болған көтеріліс ықпал етті. Дәулеткерей Шығайұлының шығармалары өзінің шеберлігі, сергектік қуатымен таң қалдырады. «Қоңыр», «Топан», «Жігер» күйлері композитордың жан толқынысы арқылы сазгердің ойларын жеткізеді; Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1862) - көрнекті күйші-композитор, XIX ғасырдың домбыра өнерінің негізін қалаушысы, шертпе стиліндегі күйлердің қайталанбас авторы мен орындаушысы. Тәттімбет Қазанғапұлының 40-тан астам күйлері белгілі. Тәттімбет Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туып өскен. Оның көптеген күйлері аспаптық музыканың дәстүрлі жанрының әзірлемелері болып келеді. 1855 жылы Тәттімбет өмірінде елеулі оқиға болды. Ол Александр II патшаны ұлықтау рәсіміне қатысып, күй тартып өнер көрсеткені үшін күміс медальмен марапатталды; Қаратау күйшілік мектебіндегі негізгі тұлға – Сүгір Әлиұлы. Шертпе күй шебері, қазақтың аспаптық өнерінде өшпес із қалдырған Сүгір өзіне дейінгі Тәттімбет Тоқа, күйлерін жете меңгере отырып, түр, мазмұн, көркемдік жағынан байытып, дамыта түсті. Әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлын өзіне ұстаз тұтқан; Ықылас Дүкенұлы (1843-1916) - күйші-композитор, қобызшы. Оның 30-дан астам күйлері сақталған. Ол Қорқыттан келе жатқан қобыз өнерін жаңғыртты. Ол елдегі әйгілі аңыздар мен эпостық әңгімелерді көрсететін күйлерді шығарған. «Жезкиік», «Қамбар», «Қазан», «Шынырау»; Дина Нұрпеисова (1861-1955). Дина Батыс Қазақстанда өмірге келген. Тоғыз жасыннан домбырада ойнауды бастаған. Дина - Құрманғазының дарынды шәкірті, көрнекті күйші композитор. Дина көптеген ән үлгілерін шығарған. Өз еңбегі үшін ол Қазақстанның халық әртісі деген атаққа ие болған. Оның «Бұлбұл», «Әсемқоңыр» деген күйлері қазақ музыкасының алтын фондында сақталған; Әбікен Хасенов (1843-1916). Әбікен Қарағанды облысында өмірге келген. Ол талантты актер және композитор. Шертпе күйінің шебері, Тәтімбеттің ойнау тәсілдерін жетілдіре үйренген. «Қоңыр» күйі қазақ өнерінің тарихында ерекше орын алады. Актерлік және сазгерлік шеберлігі үшін Әбікен Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі атағына ие болған.

Қазіргі заманда күй өнерін халыққа насихаттап, нақышына келтіріп орындаушылар: Академик А. Жұбановтан бастап, С. Мұхамеджанов, М.Қойшыбаев, Х. Тастанов, Р. Омаров, Н. Тілендиев, К. Күмісбеков сияқты Қазақстан кәсіби музыкасының іргетасын қалауға үлес қосқан композиторлардың айшықты шығармаларымен қатар, осы буынға ілесе шыққан М.Әубәкіров, А.Мырзабеков, М.Қалауов, Ә.Есқалиев, С.Балмағамбетов, Ш.Әбілтаев, Қ.Ахмедияров, А.Жайымов, Қ.Тасбергенов, С.Тұрысбеков, т.б. туындылары және С.Құсайынов, Ә.Желдібаев, М.Сыдықов сынды күйшілердің кең тараған күйлері де көпшілік тыңдарманның жоғары бағасын алды.

60-70-шы жылдары еуропалық аспаптық музыканың күрделі жанрларының бірі – симфония жетілдірілді. Оның төңірегінде пішіні бойынша классикалық туындыларға ұқсас композициялар – Г.Жұбановтың, К.Кұжамиярдың симфониялары туылып, жаңа жанрлық синтез – симфониялық күй пайда болды.

Ұлттық тыңдармандардың үлкен ықыласы мен сүйіспеншілігіне қазақ музыкасының оркестрлік және хорлық интерпретациялары ие болды. Айырықша үлкен танымалдыққа «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі ие болды. Оның құрамына ғылыми-фольклор Б. Сарыбаевтың жетекшілігімен қайта дамытылған ежелгі, күнделікті қолданыстан кеткен қазақ музыкалық аспаптары кірді. Оркестрдің орындауындағы күй тыңдармандарды батырлардың алып күшті бейнелерімен, атты бәйгелердің шапшаңдығымен, шексіз дала мен ондағы халықтың ұлттық мерекелерінің шаттығының дыбыстық көріністерімен баурап алады. Бұл ұжымды құрып, жетекшілік еткен дирижер, композитор және домбырашы Н. Тілендиев.

Жыл сайын біздің егеменді республикамыз шығармашыл дарынды жастарды «Жаңа музыканың күндері», «Жігер», «Алтын алма» фестивальдарында, «Азия дауысы» мемлекеттік байқауында жинайды, ал халық музыканттарын – Халықаралық дәстүрлі музыка фестивалында жинайды. Күннен күнге, жылдан жылға, бұрыңғыдай музыка естіліп, әр түрлі дәуірлер мен ұрпақтарды біріктіріп, өткенді, қазіргіні және болашақты байланыстырады.

Республика жұртшылығы дүлдүл әнші Жүсіпбек Елебековтың алдын көрген, Жүсекеңнің талай шеберлігін бойына сіңірген әншінің бірі Жәнібек Кәрменов екенін жақсы біледі. Сол Жүсекеңнің өзі қай бастаудан нәр алды деп ойлап көруге болады. Жүсекең өзі кешегі исі қазаққа аты мәлім асқан әнші Әміренің, дауылпаз ақын-әнші Исаның, өр әнші Мәдидің, сыршыл әнші Әсеттің алдын көрді. Әсіресе, өзінің туған ағасы Жақыпбектің әншілік өнерінен көп өнеге алған. Ал бұл әншілер өз тұсында нар — Кемпірбай, сал — Біржан, сері — Ақан, үкілі — Ыбырай сияқты саңлақтардың көзін көріп, әнін тыңдаған. Халықтың асыл өнерін мәңгілік ететін де осы сияқты ұрпақтардың, өнерпаздардың, олардың өнерінің сабақтастығы. Бүгінгі тыңдаушы Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов сынды әншілердің өнерін тыңдағанда кешегі ән өнерінің жарық жұлдыздары Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Мұхит, Мәди, Әсет, Әміре, Иса, Кенен, Жүсіпбек, Манарбектер салған ғажайып дәстүрдің жалғасы сияқты қабылдайды.

1925 жылы Әміре Қашаубаев Парижде өткен әлем өнерпаздарының концертіне қатысып, күміс жүлдегер атанып қазақ музыкасын әлемге танытты.

Әміренің сол сапарға баруына тікелей араласып, «Қазақтың 1000 әні» атты монографиясын Мәскеуден шығарған, тұңғыш ҚСРО халық артисі атанған ұлты поляк Александр Викторович Затаевичтің (1929 – 1936) «ұлы еңбегі» Еуропа, Азия, Америкаға тарап, қазақ музыкасының жалауын алғаш танытқан болса, аты музыкалық Олимпте М. Плетнев, Г. Кремер, Е. Грач, В. Третьяков, И. Гаврш сияқты әлем жұлдыздарымен қатар тұрған Қазақстанның халық артисі, «Әлем артисі» (ЮНЕСКО, 1998 ж.) мемлекеттік сыйлықтың иегері Айман Мұсақоджаеваның Шығыс музыкасының нәзіктігін, сезімталдығын Еуропаның музыкалық мәдениетінің руханилығымен, көпқырлығымен үндестіріп, ұлттық өнерді әлем халқына танытуы ұрпақ сабақтастығын көрсетеді.
Әдебиеттер тізімі


  1. Книга о культуре Восточного Казахстана. Душа и память народа.

Усть-Каменогорск, 2013.

2. Қазақстанның атақты ақындары, күйшілері, композиторлары, әншілері. http://www.madenimura.kz/kk/clture-legacy/music-legacies/



3. Затаевич А. В.1000 песен казахского народа (песни и кюи). Москва,

2013.

4.Токеев Бертай Есмаханович. Казахская национальная музыка

http://sci-article.ru/stat.php?i=kazahskaya_nacionalnaya_muzYka

5. Жубанов A. Струны столетий. Очерки о жизни и творческой



деятельности казахских народных композиторов. Алматы, 2012.




Ғ.М. Әбілқасов,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының

аға оқытушысы, п.ғ.м.

e-mail: kazahskii00@mail.ru


ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ

ӘДЕБИ МҰРАЛАРЫ –ӘЛЕМДІК ГУМАНИСТІК РУХАНИ МӘДЕНИЕТТІҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫ.

ӘЙГІЛІ ҚАЗАҚ АҚЫНДАРЫ МЕН ЖЫРАУЛАРЫ
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің сонау көне заманнан бері жасап келе жатқан халықтық туындылары аз емес.Сан салалы өлең-жыр, философиялық терең негізгі ойға құрылған асыл сөз үлгілері – жыр-толғаулар, асқақ ән,сәнді де сазды төгілген күй- көркем өнер саласындағы халық мұрасының асыл куәсі.Дәуірлік мәні бар философиялық терең сырлы жыраулық поэзия туындылары , әдеби шығармалар – халқымыздың мәдени мол мұрасы, байлығы.

Әрбір халықтың рухани байлығы – ғасырлар бойы даму тарихында жасалған, ұрпақтан-ұрапаққа ауысып отыратын мирас.Басқа халықтар сияқты, қазақ халқының да өзіне тән тарихи басынан кешкен кезеңдері, өрлеу сатылары, әрбір дәуірге лайық мәдени мұрасы, асыл өнері бар [1, 14]. Адамзат ақыл-ойы туғызған небір ғажайыптар ішіндегі уақыт сынына төтеп беріп, адамзатпен жасасып, келе жатқан ең көне, ең бір құдіретті өнер - ол сөз өнері. Дүниені билейтін – сөз, сөзді билейтін – атақты шешендер, би-көсемдер, ақын-жыраулар екені әлимсақтан белгілі жай [2].

Халқымыз қалдырған көркем сөз өнері баға жетпес мол қазына.Оның ішінде қамал бұзар қаһарлысы да, шебер қиылысқан қисындысы да, нөсердей құйылған төкпе туындысы да мол. Асылды жасықтан айыра білген халық шешендерінің аузынан шыққан философиялық тұспалдар мен нақылдар өмір ережесіндей ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, адамгершілік үшін қызмет етіп келеді.

Өшпес, өлмес мұрамыздың мол бір саласы – мақал-мәтел,шешендік сөздер, саналы да салмақты жыраулар қалдырған философиялық терең ойлы толғаулар мен арнаулар,ерлік эпикалық жырлар, жыраулар дәстүрін жаңарта, жақсарта жалғастырған төкпе ақындардың философиялық өнегеге толы поэзиясы.

Қазақтың шын мәніндегі авторлы әдебиеті осы аталған жырау – шешендер мен төкпе ақындар творчествосының өркендеуіне байланысты.Халқымыздың даналығы мен саналығының айқын көрінісі, оның бай ауыз әдебиеті десек, оның ең алғашқы туғызушысы да, жетілте жырлап, талай ғасырлардан аман алып шығып, кейінгі ұрпақтың қолына аман табыс етушісі де жезтаңдай жыраулар мен адуын ақпа ақындар.

Жыраулар – сөз өнерінің ілкі авторлары, ақындыққа жол ашқан асыл сөз шеберлері, халықтың шешендікпен ұштасқан ойлы – сырлы толғау, арнау, термелер мен эпостық жырлардың бастау бұлақтары [1, 14].

Поэзия - өнердің көне түрі. Адам өмірінің қат-қабат қыры мен сыны, қуанышы мен қайғысы, арманы мен мұраты - баршасы поэзияда барлық бояумен, сан-қилы философиялық терең де сырлы ою-өрнегімен көрініс табады. Қазақ халқының бай ауыз әдебиеті мұрасының дені – поэзиялық шығармалар. Көне қазақ поэзиясы өлең, толғау, ғашықтық жырлар, айтыс, батырлар жыры, қисса, т.б. түрінде жеткен. Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетінің маңызды бір саласы ақын-жыраулардың жарыққа шығарған философиялық өнегеге толы өлең-жырлары болып саналады. Бұлар қазақ мәдениеті мен әдебиетінің аса маңызды мұралары.

Ақын-жырауларды қазақ халқы ақылгөй атадай ардақтап, олардың ақыл-нақыл тұжырымдарын ынталы ықыласпен тыңдап қадір тұтады. Өлең-жырларында Отанды, халықты сүю, елдің береке-бірлігін сақтау, әділетті жақтау, жамандық-пасықтыққа қарсы тұру сияқты адамгершілік дәріптеліп отырды. Ақын-жыраулар халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлады.

Ақын-жыраулар халық басына келген қайғыға да, ел басына ауыр күн туғанда шапқыншы жауларға қарсы жан аямай күресіп, елін қорғаған ерлерді дастан етіп жырлап отырды.

Біз алдымен жыраулар шығармашылығы мен поэзиясына кіріспестен бұрын жыр , жырау, толғау деген сөздердің мағынасын ашып алайық. Жыр (көне түркі тілінде-иыр)- 1) кең мағынада, поэзиялық шығармалардың жалпы атауы.Көне түркі тіліндегі «иыр» сөзі де қазіргі «поэзия» терминінің мағынасында қолданылған. Бұл атау дәл осы мағынада қазіргі қарақалпақ,қырғыз, ноғай, қарашай, балқар, башқұрт,татар, т.б. түркі тілдерінде әлі күнге дейін қолданылады; 2) тар мағынада-қазақ халық поэзиясындағы 7-8 буынды өлең өлшемі, поэзиялық шығарма жанры.Қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, тарихи жырлар, лиро эпостық жырлар, жоқтаулар, жыраулар поэзиясы, толғаулар, термелер, т.б. түгел дерлік поэзияның осы өлшемдегі үлгісіне құрылған [3, 238].

Жырауөз жанынан жыр шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі. Жырау атауы «жыр» сөзінен туындайды. Махмұт Қашқари жырау сөзін «йырағу»- деген өлең шығарушы, музыкант деп түсіндіреді.Дәстүрлі қазақ қоғамында жыраулар қазақ халқының рухани көсемі, қоғамдық пікір қалыптастыратын қайраткер рөлін атқарады.Жыраулар жаугершілік заманда жорықтарға қатысып,кейде, батыр, қолбасы бола жүріп, ел қорғау азаматтық тақырыптарға арналған өлең-жырлар туғызған. Жыраулар қолданған көркемдік тәсілдер оның поэзиясының ішкі орайлас. Әйткенмен жырау бағзы замандардың өзінде, ең алдымен, сөз зергері ретінде танылды. Туындылары адам көңілін дөп басар әсерлігімен, мірдің оғындай өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, қиыннан қиыстырған көркемдігі және қуатты серпінділігімен ерекшеленеді. Жыраулық қызмет көшпелілер арасында ежелгі арий(абыз- дар), сақ, ғұн дәуірлерінен бастап жоғары бағаланған.Түркі қағанатының тарихын тасқа қашап жазған Иолық тегін,оғыздардың ұлы озаны Қорқыт ата көшпелілер қоғамында үлкен рөл атқарған. Ал кейінгі қазақ әдебиеті тарихында жыраулар шығармалардағы үлкен бір кезеңді қамтиды.

Жыраулық поэзия – 15-18 ғасырлардағы қазақтың халық поэзиясы. Біздің дәуірімізге, негізінен, ауызша жетті. Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшаққа даңқы жеткен Қодан Тайшы, Сыпыра жырау, Асан қайғы, Қазтуған жыраулар жаңа әдебиеттің ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп те саналады [3, 238].

Жыраудың ең сүйікті жанры-толғау. Толғау, осы сөздің өзінен де көрінетіндей,толғану,толғаныс деген ұғымды білдіреді. Бұл сөздің ойға да, сезімге де қатысы бар.Сондықтан да толғаудың өзін ойға құрылған толғау, сырға құрылған (лирикалық) толғау деп жіктеуге болар еді.

Ой толғауларда жырау-ең алдымен философ. Мұндай толғаулар нақыл, тақпақ, афоризм түрінде келеді. Атақты жыраулардың толғауларында кездесетін афористік сөздердің көбі мақал-мәтелге айналып кеткен. Сонымен бірге жырау өзінің замана жайындағы түйгендерін мораль, этика хақындағы ойларын баяндайды, қоғамдық мәселелерді көтереді.

Қазақ жыраулар поэзиясының көрнекті өкілі Асанқайғы Сәбитұлы (XIV-XV) Еділ бойында дүниеге келген.

Асанқайғының «Жерұйық» іздеуіне қатысты айтылатын аңыздардан да халықтың бас құрап, ірге орнықтырып, ел болу қамын ойлауда оған шешуші міндеттің жүктелгені байқалады.

Асан аты халық арасына ертеден қанықты болса да, оның өзі тұлғасы тым көмескіленіп, бұлдыр сағымға айналып кеткен болатын. Әрі мемлекет қайраткері, әрі философ, ақын ,халықтың қамын ойлап, қабырғасы қайысқан ер-азаматтың тұлғасы оның сөздерінен жарқырап көрінеді.Қазақ халқының тарихындағы аласапыран, алмағайып дәуірдің ақиқатын көркемдеп айта білген, еліне өшпес өнеге, кемел кеңес қалдырған.Асанды данышпан философ-ақын десек артық айтылғандық болмайды.«Таза мінсіз асыл тас, су түбінде жатады.Таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас,жел толқыса шығады. Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады».

Бұл жолдарды дүние жүзінде аты мәшһүр дүлдүл ақындардың қайсысының да шығармасымен қатар қоюға болады.

Асан айтқан шешендік, тапқыр сөздер, Асан айтқан философиялық негізге толы толғау жырлар, әрине, өте көп болған. Бізге соның кейбір нұсқалары ғана жетіп отыр. Асан сөздерінің дені:

«Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер,аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер. Жалаң аяқ байпаңдап қаздар қайтіп күн көрер, шыбын шықса, жаз болып таздар қайтіп күн көрер»,- іспеттес нақыл, толғау түрінде келсе керек. Бұл жолдардан адам тағдыры ғана емес, жан иесі мақұлықтардың бәрінің тіршілігі толғантқан, көне заманда өмір сүрген көне философ-гуманисттердің типіндегі ойшыл ретінде танылады. Кейін аңызға айналып, аты ұрпақ аузында құрметпен аталған адам теңіздей терең ақылдың иесі болғандығы күмәнсіз [4, 29].

Қазақ әдебиеті төлбасыларының бірі - Қазтуған жырау Сүйінішұлы.

Қазтуған - ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы, әрі нәзік лирик ақын болған. Қазтуған өз артына өмір туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тақырыптағы сан алуан мазмұнды туындылардан құралған мол философиялық әдеби мұра қалдырды. Бұлардың дені сақталған. Қазтуғанның біздің дәурімізге жеткен жырлары табиғат арасындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Жырау қиялының байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі көне дәуірдегі қазақ поэзиясының биік өресін, өзіндік сыйпатын танытады. Қазтуғанның ұлттық бояуы қанық, афоризмдерге, көркем тіркестерге бай, өр рухты толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады. Қазтуған Сүйінішұлының тек қана ақындығын ғана біз айтпай-ақ, ол өз заманының әрі батыры, әрі күйші, әрі биі, әрі ділмар шешені болған. Мұның бәрі өзі туралы бір толғам жырдан айқын көрініп тұр:

«Бұлт болған айды ашқан,мұнар болған күнді ашқан, мұсылман мен кәуірдің арасын бұзып өтіп дінді ашқан – Сүйінішұлы Қазтуған!!!» [5, 28]. Бұл нағыз керемет терең ойлы да, «таза далалық поэзия!», - дейді жазушы әрі зерттеуші Мұхтар Мағауин. Иә, бұл жолдар тек қазақ тілінде ғана сұлу, қазақ оқушысына ғана түсінікті.

Қазақ жыраулық поэзиясының атасы - Шалкиіз Тіленұлы 1465 жыл шамасында Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келеді. Шалкиіз жыраудың туындылары көңіл пернесін дөп басар әсерлігімен, кезегенін орып түсер өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, сұлу сазды көркемдігі, асау серпінді қуатымен ерекшеленеді.

Шағырмақ бұлт жай тастар,

Ағытқан қойды жол бастар,

Ақ желкенді жел бастар,

Ғадыл төре ел бастар,

Батыр жігіт қол бастар,

Шешен адам сөз бастар.

Құсты жисаң бүркіт жи,

Қыс тоныңды түлкі етер,

Бір жақсымен дос болсаң,

Азбас, тозбас мүлкі етер [ 6, 43].

Зерттеуші М. Мағауин Шалкиіз өлеңдерін ауызша да жазбаша да шығарған деген пікір айтады.Әбден мүмкін нәрсе.Қазақ даласында жазып шығаратын шайырлық салт әркезде болғаны ақиқат. Сол дәстүрді замананың білікті, беделді кісісі, билеуші әмірлермен терезесі тең адамша жауаптаса алатын ойшыл, философ жырау Шалкиіздің де ұстануы ықтимал.Ақын-жыраулар сауатсыз болған емес.Олардың көбі өз дәуіріне лайық кітап білімін де алып отырған. Шалкиіз өскен далада философ, ғұлама данышпан А. Иассауи де, Сараи де өмір кешкенін ұмытпалық [7, 136].

Ақтамберді Сарыұлы 1675 жылы Оңтүстік Қазақстанда, Қаратау бойында ауқатты семьяда дүниеге келеді. Болашақ жырау жамағайын туысы Бердіке деген батырдың қолында өседі.

Жоңғарлар басқыншылығына қарсы жорық дәуірінің қаһарманы Ақтамберді жырау жырлары да өзінен бұрыңғы дәстүрді жалғайды. Жыраудың ең мықты мұраты-қазақ елінің кең далада еркін жайлап, азат күн кешуі. Дала өмірінің өзіне тән сәні мен салтанатын Ақтамберді зор сүйіспеншілікпен жырлайды.

Арудан асқан жан бар ма,

Жылқыдан асқан мал бар ма,

Биенің сүті сары бал-

Қымыздан асқан дәм бар ма!

Желіде құлын жусаса,

Кермеде тұлпар бусанса,

Сәні келер ұйқының,

Жылқы қолдан тайған соң,

Қызығы кетер күлкінің.

Қыздың көркі құлпыда,

Жігіттің көркі жылқыда [ 6 ,60].

Ол сахара тіршілігінің ішкі қатпарларын емес, нұрлы күнгей жағын ғана көреді.Ақтамбердінің «Күлдір-күлдір кісінетіп» деп басталатын толғау өлеңі дала гимні тәрізді.Оның өлеңдерінен төніп келе жатқан сырт жауға деген наразылық орын алуы да барынша табиғи.

Ұлы дала бастан кешкен ұзақ сонар қилы тарихтың қиын – қысталаңдарында орда бұзар батырларымыз бен қалың жауға ақ алмастай қайрап салар аруақты ақындарымыз қоян-қолтық жүріп қайрат көрсеткен-ді. Жоңғар басқыншыларына қарсы жүздеген жылдарға созылған Отан соғысында туған жыраулар поэзиясының жойқын дүбірі ішкі әлеміңді әлі күнге дейін әлемет дүрліктіріп, делебенді қоздырмай қоймайды. Азуы алты қарыс Абылай ханның Ақ Ордасында алысты болжаған абыз әрі ақиқат ақберені Бұқар жырау ақылмандық қызмет атқарды.

Халық «өнер алды – қызыл тіл»десе, Бұқар – бұл мақалдың даналығын әбден ұғынған адам. Ол сөз өнерінің қиындығын да, құрметтілігін де білген. Сондықтан да жырау:

«Ел бастау қиын емес- қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес - шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргенім жоқ»-дейді. Бірде Абылай: «Қазына қайда?» - деп сұрағанда жырау: «Басы жеткен жігіттің екі езуі қазына: бір езуі алтын, бір езуі күміс , аузы қазына», - депті.

Бұқардың өзі осы қазынаны –сөз өнерін жеріне жете меңгерген еді. «Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие» деседі екен,-деп жазады Мәшһүр Жүсіп. –Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен».

Бұқар – халық поэзиясы үлгісін меңгерген нөсер тілді шебер, философ ақын.Оның шешендігі , әсіресе жыраудың толғауларынан анық байқалады.Ауыз әдебиетінде қалыптасқан жыр,толғау үлгілерін барлық жырауларға тән үлгі десек, Бұқар шығармалары соның куәсі боларлық.

Заманының озықтығы, қазақ әдебиетінің ескімен салыстырғанда біршама өскендігі және өзінің зор таланты мен ақындық интуициясының тереңдігі Бұқарды жекелеген реттерде көне сүрлеуден шығарып жіберіп отырады.Бұқар кейін Абай қазақтық еткен Европалық поэзия үлгілеріне жақын барады.

«Әлемді түгел көрсе де,

Алтын үйге кірсе де,

Аспанда жұлдыз аралап,

Ай нұрын ұстап мінсе де,

Қызыққа тоймас адамзат!

Ілімді түгел білсе де,

Қызығын қолмен бөлсе де,

Қызықты күні қырындап,

Қисынсыз күйге түссе де,

Өмірге тоймас адамзат!

Жақындап ажал тұрса да,

Жанына қылыш ұрса да,

Қалжырап , көңілі қарайып,

Қарауытып көзі тұрса да,

Үмітін қоймас адамзат!» [5, 98].

Бұқардың ақындық қуатын танытатын бұл жолдар Еуропалық лириканың озық үлгілерінің деңгейінде.

Бұл сыпаттас шығармалары Бұқарды шығыстың Рудаки сынды өлең алыптарымен бір қатарға шығарады.

Бұқар өлеңдері өзінің құрылысы жағынан толғау түріндегі көп жолды шумақтан тұрады.Ұйқас белгілі бір орындарды қайталанып, өлең ырғағын сақтап отырады. Бұқар өлеңдері – өзінің стилі жағынан ауыз әдебиетімен және өзінен бұрын жасаған Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз жыраулар толғауларымен сабақтас, ақыл, нақыл, ғибрат, өсиет ретіндегі дидактикалы толғаулар. Бұқар шығармашылығы өзіне дейінгі және кейінгі дәуір ақындарымен туыстасып, жалғасып жатыр. Ол қазақ поэзиясының желілі бір сарынын танытады.

Туған әдебиетіміздің түп негізі көне дәуірге – түркі тайпалары әлі жеке-жеке халық боп жіктелмеген, ортақ мәдениет, ортақ мұра жасап жүрген кезеңге барып тіреледі.Ал туыстас түрік руларының біртобы қазақ деген атпен бөлініп, өз мемлекетін құруымен байланысты, XV ғасырдың орта шенінен бастап дербес, қазақ атымен аталатын әдебиет аренаға шығады.Ертеде өткен ақын-жыраулар шығармашылығы бірімен-бірі сабақтас екендігі, алдыңғы ұрпақтан соңғы ұрпақ үлгі алып, олардың жақсы жақтарын өрге бастырып отырғандығы байқалады.


Әдебиеттер тізімі
1. Сүйіншәлиев Х. VIII-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті. Алматы: Мектеп - 1989

2. Досанов С. Егемен Қазақстан. 27.10.2010 ж.

3. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: Аруна –

2005.


4. М.Мағауин. Қобыз сарыны. Монография. Алматы: Мектеп, 2008.

5. Нығмет Ж.Н. Қазақ халық поэзиясы. Қазақ тілі хрестоматиясы.



Алматы: Білім – 2012 - С-392 (каз).

6. Бес ғасыр жырлайды. 1-том. Алматы: Жазушы, 1989 - 384 б.



7. Бердiбаев Р. Кәусәр бұлақ. Алматы: Жазушы, 2012.

Ш.А. Жетпісбай,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

Қазақ тілі және мәдениеті

кафедрасының аға оқытушысы

e-mail: sholpan_2309@mail.ru



А.е. даниярова,
Абай құнанбаев – қазақ әдебиетінің жаңа кезеңінің негізін қалаушы
Э.қ. түсіпбекова,

Каталог: wp-content -> uploads -> 2016
2016 -> Дәріс №1 Тақырыбы: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде
2016 -> ОҚУ Әдістемелік кешен пәН «Қазақ Әдебиетін жаңа технология бойынша оқыту әдістемесі» мамандық
2016 -> Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры, ел қамқоры, халқымыздың біртуар перзенті
2016 -> Сабақтың тақырыбы Үш бақытым. Мұқағали Мақатаев Туған тілім. Дихан Әбілов Жалпы мақсаты
2016 -> «Алаштану негіздері» таңдау курсы Түсінік хат «Алаштану негіздері»
2016 -> Сабақтың атауы Н.Әлімқұлов Қоңырау Мақсаты
2016 -> Силлабус Пән: Педагогика тарихы Курс: 4 Мамандық: 5В010200 «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» Кредит саны: 2 Экзамен: 7 семестр Семей-2015 «Педагогика тарихы»
2016 -> Сабақтың атауы Бейнелеу өнерінің түрлері Сілтеме Сабақтың жабдығы
2016 -> Сабақтың тақырыбы: Менің Отаным Қазақстан
2016 -> Сабақтың тақырыбы: Абайдың өмірі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©www.engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет