Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі



бет5/10
Дата05.11.2016
өлшемі2,71 Mb.
#986
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Атан мен Досай батыр

Мына бір жырда Бөгенбайдың серіктері, інілері Атаң, Досай батырлардың есімдері аталады:

«Төртінші, қаракер ат бөлі қайқаң.

Сырт қысқа, бауыры жазық, бұты талтаң,

Ақсары, дөңгелек бет, зор денелі,

Бұл адам Мәмбетұлы батыр Атан.

Бесінші, мінген аты қара қасқа,

Даңқы аян тұсындағы дос пен қасқа,

Атанның ағасы бұл батыр Досай,

Шамасы ол күндері елу жаста».

Ағалы-інілі Атан мен Досай Қанжығалының Жапар тармағынан тарайды. Атан мен Досайдың қыстауы Ерейменнің Ырғайды, кейіннен Атанның қара тауы атанған жерде болған:

«Сол жылы Ерейменге көшіп келді,

Қондырды Ырғыйдыдан Атан ерді.

Атанның Қара тауы атанғаны,

Қыстап қоныс қылғаннан кейін еді».

Ел аузында сақталған мәліметтерге қарағанда Атан он екі жасынан үлкендермен бірге жаугершілікке шыққан. Ата-жұрты ерлік-батырлығынан басқа аса сабырлылығы мен ақылдылығы үшін сыйлаған. Бөгенбай осы Атанмен жиі оңашада ақылдасып кеңес алып отырған. Досай болса керісінше өжет, қызба қанды жауға шаппаса тыныш отыра алмайды екен. «Жантай батыр» қиссасы бойынша Жантай батыр сарбаздарымен қоршауға алынып, жаны қысылған шағында, осы Досайдың түсіне еніп, аян берген:

«Кеудесін кернеген соң намыс тағы,

Бас қосқан Орта жүздің батырлары,

Ақ туын Абылайдың желпілдетіп,

Жантайға қосылуға асығады.


Бауырында Ерейменнің ұлан асыр,

Қалың қол тәтті ұйқыға батқан да бір.

Таң атпай дүр сілкіне, дүрліктіре,

Айғалап түрегелді Досай батыр.


«Япырымау, аттарыңды баптадыңдар,

Қаруды өткір қайрап, саптадыңдар.

Ер тумай, ез туып па ек, бұ не ұйқы?

Жау қайда, Жантай қайда, аттаныңдар!»


Досекең егде кісі, тентек, өжет,

Бұл оның састыруы тұңғыш рет,

Беймезгіл қатты шошып оянған ол,

Түсінде көріпті аян бір керемет».

Түсінде Жантайдың суға төніп, судың беті қызыл көбік болып кеткенін, отырған қайығы батар-батпас болып, қанша күш салсада жүзбейтінін көрген Досай, бұл түстің жоруын Атаннан сұрайды. Жантайдың қауіп-қатерге душар болғанын сезген Атан «Япырмай, қауіпті екен осы майдан, Жантайдың жетпесе еді сапар шағы» депті. Бөгенбай батырларының көңілін байқап «Шо-шыма, түс түлкінің боғы» деп қалың әскерді қарқынды жүріспен Жантайға қарай ертіп әкетеді. Өкінішке орай көмекке үлгермеген қазақ әскері қалмақтың сөзіне алданып, шаһит болған батырлардың кегін қайтара алмайды. Қайтсе жаудан кек алмақ болған қазақтың жолбарыс ұлы Уақ Баян батыр да осы жолы мерт болады.

Аталмыш батырлардың есімдері сол заманның ресми іс-қағаздарында да кездеседі. 1742 жылдың 23-30 тамыз аралығында орыс патшайымы Елизавета Петровнаны мойындап ант бергендердің ішінде қанжығалы ұлысынан Шомақ бай, Жантай, Атаң Досайлардың болғаны анықталып отыр.

Бұл жоғарыда сөз қозғалып, аты аталып отырған батырлар Бөгенбайдың үзеңгілес, қашанда қасында болған сенімді інілері еді. Жалпы айтатын болсақ, қарттық шағына дейін қолынан қару тастамаған Бөгенбай, бүкіл Үш жүздің қаһарман ерлерімен бірге талай қанды шайқастарда иықтаса соғысып, түрлі қиян-кескі соғыстарды бастарынан өткізген. [17, б.25]
Балағаз батыр
Еламан баласы- Тұрсынбай, Едіге баласы Шоңның заманында «Ащы»-деген өзеннің бойында, «Күңгірлек»- деген күзекте отырғанда, Жанқозы жылқысын жау алды. Сонда айтып алыпты:

-Қарашорыңмын, Құдайдан соңғы зорыңмын: Таубай, Борай, Балағаз! Мына менің атым- Балағаз батыр! Шоң мен Тұрсынбайыңа сәлем де! Ертең Найзақараның түбінде төрт ту бие сойып тосамын, дәмесі болса, келсін, жылқысын айырып алсын!- деп.

Ол заманда Олжабай батырдың өліп, Жанқозы деген елдің қаран суалып қалған күні екен. Тұрсынбай мен Шоң- Олжабай батырдың тұңғышы Есенаман батырға кісі шаптырды:

-Бұл екеуміздің батырлығымыз, билігіміз қазанның басында, қатынның қасында ғана отырғанда еді. Кеше әкесі үш жүзге ұран болған ер Олжабайдың баласы еді. Ту ұстап, тұлпар мінгеннің тұқымы еді. Бара көрсін, мына малды жаудан айыра көрсін!- деп.

Сонда Есенаман аттана шауып: «Есенаман, Есенаман!»- деп, жетіп барғанда, Балағаз батыр доп қаққаннан оңай қағып, Есенаманды мұрттай ұшырып, найзасымен батыра тіремей, қалыпты шаншып тұрып сөйледі дейді:


  • А, ит, Құдай сенің аузыңа «Олжабай» атын салмай, шайтан-ау сені «Есенамандатқан!» Егер сен: «Олжабай, Олжабай!»- деп, келсең, біз тағалы торы тайыңа тимей, беріп кететін едік, неге десең, әкең Олжабай батыр: «Олжабайлап» тиіп, біздің Қарашордың жылқысын түп көтере алып жөнелгенде, он екі жасар бала күнім, «Мен-Балағаз!»- деп, қуып жетіп, алдын орап, сәлем беріп едім. Сонда: «Уағалайкумассалам, жолың болсын, балам!»- деп еді.

  • Атың шыққан ер едің, «Жолың болсын!»- деген лепесің маған қабыл болсын!- деп, жылқы айырумен жұмысым болмай, тойып қайтып кете беріп едім. Сол Олжабайдың батасымен Балағаз болып, өмір бойы пендеден бетім қайтқан жері жоқ еді. Осы өзінді аман-есен тастағаным да- әкең Олжабайдың аруағын сыйлағандығым. Болмаса сені мен не аман-есен тастайын!- деп, Есенаманды өлтірмей, тірі қалдырып, жылқыны алып кете берген.

Сол малдың артынан Қаржас: Айту, Байтуды ертіп алып, Шонты-Қоскұлақ-Андрей молданы ертіп алып, Торайғыр қасында қосшы-қолаңшыларымен барған. Барған соң Таубай, Бозай, Балағаз батырлар: -Атыңа-тай, тайыңа қой алсаң, бітім береміз. «Жоқ, тұяққа-тұяқ, құлаққа құлақ аламыз»- десеңдер, бие-кәрі де, құлын-жас, еліңе барып, жасанып кел де, ала бер, қолың бос, ізіңше қайт та, жүре бер! -деген.

Сонан соң Айту, Бату- Шонтыны оңаша алып шығып, сөзге түсіріпті:

Қой болар, қозы болар, келер жыл дәл өзі болар. Биыл ұрғашы тай алып кетсек, бір-екі жылда құлынды бие болады. Өкпелегенде, не қылмақшымыз? Ауылда айырып ала алмай қалған малды қолынан бергенін алмасақ, жолынан қалай алмақшымыз?!- деген соң, Шонты Еламанға қараған малға - айтқанына көніп, айдауына жүріп, бітім алмақ болды. Торайғыр:

- Осы Шонты не қылса, біз де соны қылайық,- деген екен. Қосбұлақ -Андрей молда басы қақиып алып:

- Айтқанға «Болады»- деген не? Бермесе, бермесін, ақыретте аламыз!-деп, болмады дейді.

Сонан соң бұл жолаушыларды екі бөліп, күтпекші болды. Айтқанына көніп, айдауына жүрген Шонты мен Айту, Байтуды ақбоз үйге кіргізіп, -аппақ майды жегізіп, күйеу, құдаша сыйлап, Қосқұлақ-Андрей молда мен Торайғырды қара құрым үйге кіргізіп, жылқының қара құмақ тезегімен ыстап, білгенінше қинады, сөйтті де оларды қайырып жіберді:

- Бар, жеңген жерінде аласың!- деп.

Сонан бұл күнге шейін бір тал қылын да көре алмай кетті. Шонты мен Айту, Байтуға- тұяғын түгел борыштай қылып, атына-тай, тайына-қой төлеу беріп және бұларға риза (ырза) болғандығы сондай:

- Сендер біздің тілімізді сыйладың, айтқанымызға көндің, айдауымызға жүрдің, басымызды сыйладың! Біз де оның қадіріне жетейік, келген жолдарыңа екі қыз сыйлаймыз: бірін жұдалымыздан береміз, жұдалыңа қос, бірін жұрынымыздан береміз, жұрыныңа қос,- деп, екі қыз беріпті. Бірінің аты-Жібек, оны аталы, текті жерінен берген. Бірінің аты- Жанбике, оны құл- құтаннан берген.



Елге алып келген соң, Төлебайдың тоқалынан туған Елкелді батыр сынап:

- Мына Жібек деген бала жібек десе, жібек екен. Мұны, Шонтыжан, өзіңнің бірден соңғы балаң Байбақыға қос, бабам Төлебайдың дүкенін ұстайтұғын бала туар!- деп, Байбақыға қосыпты. Сол Жібектен туған бала кешегі көз алдымызда өткен Құлмұхаммед ұста. Оның баласы-Жәми, оның баласы- Мәншүк. Ұсталық мирасы (мұраты) бұл күнгеше үзілген жоқ.



Жанбикені Темірбай дегенге қосты, онан туған Асылбек, Әлжаппарды жұрттың (жұртдың) көзі көрді. Бұл Жанбикенің өзі баяғы Есен тентектің Қожан тентекке берген Жолдыбай құлдың қызы екен [7, б.125-153].
Түгел батыр
ХVІІІ ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы күресте қол бастаған сардарлардың бірі Түгел батырдың есімі Павлодар, Көкшетау, Омбы, Ақмола облыстарына кеңінен тараған. Батырдың тоғыз әйелінен тараған 16 ұлдың ұрпақтары осы облыстың аудандарында тұрады.

Түгел батыр тап қай жылдары және қай-қай жерде соғысқанын әзірге анық біле бермейміз. Ол әлі де шежіре жинаған қариялардан көп сұрастыруды, іздестіруді қажет ететін жай. Дегенмен бұл батыр туралы жазылып қалған деректер де жоқ емес. Кейбір қарияларда батырға арнап жазылған өлендер сақталған.

Жоңғар басқыншыларының қазақ жеріне шабуылы табаны жалпақ екі ғасырға созылғаның білеміз. Сұрапыл шайқастар көбінесе республикамыздың оңтүстік өңірлерінде, солтүстікте Баянауыл тауларының маңында болғанына қанықпыз. Сол шайқастарда аты шыққан Жасыбай, Олжабай, Малайсары сияқты батырларымызды мақтан етіп келеміз. Ал облысымыздың басқа өңірлерінде, солтүстік аудандарында шайқастар болды ма? Болса ол жөнінде не білеміз?

Ертіс ауданының жерінде Қорғанкөл, Найза, Бөгенбай, Қарамола, Жазы төбе, Қалмақ моласы, Мойнақ ауылы, Мойнақ көлі, Жалаулы деген атаулар бар. Осы атаулардың бәрі де – жергілікті халықтардың басқаншыларымен болған соғыс тарихының куәсі. Найза жайлауында Абылай хан бастаған әскер түнеп өткен. Мандайына 17 мың жылқы біткен атақты Мұрат бай ел қорғауға дайындалып жатқан Абылай ханға төрт жүз құр атты осы жайлауда сыйлаған. Абылай хан түнеген орында қалған шаншулы найза ұзақ жылдар бойы сақталып тұрса керек. Кейін сол орынды қоныстанған елді мекен Найза ауылы аталып кеткен.

Бұл өңірде Бөгенбай батыр да келіп жасақ жинаған. Оның түнеп кеткен, әлде біраз күн тұрақтаған орны әлі күнге дейін Бөгенбай есімімен аталады. Қызылғақ теңізінің жағасында Қарамола деген қорым бар. Жергілікті қариялардың айтуынша, осы тұста болған соғыста қырылған қалмақтардың жерленген моласы бұл.

Ертіс ауданының батыс жақ шекарасы мен Омбы облысы Русско-Полян ауданының біздің ауданмен шектесетін тұсында «Үлкен Мойнақ», «Кіші Мойнақ» аталатын екі ауыл бар. Бұл ауылдар, Қосайдар Қыпшақтан шыққан Мойнақ батырдың, шамасы Ақтабан шұбырынды жылдары болуы керек, елін ежелгі қонысынан көшіріп әкеп орналастырған ауылдары екен. Осы ауылдарға таяу Мойнақ деп аталатын көл бар. Мойнақ батыр сол көлдің жағасында болған соғыста қаза тауып, осы жердегі Қосайдар зиратына таяу онаша төбешікте жерленген.

Бұл атауларға қатысты әңгіме, аңыздар шертетін қариялар әлі баршылық. Жергілікті халқымыздың қилы тағдыры жайлы кезінде жазылып қалған тарихы болмаса да осы атаулар мен қариялардың әңгімелеріне қарап, көптеген жәйттерге қарауымызға болады. Ақсақалдарымыздың шежірелері мен әңгімелеріне сүйеніп, біз Ертіс, Ақтоғай аудандарында жоңғарлармен соғыста ерлік көрсеткен жиырмаға жуық халық батыры болғанын анықтаған сияқтымыз. Олар – Қыпшақтан шыққан Жойсандық, Түгел, Мойнақ, Қошқарбай, Жазы, Қарабатыр, Лепес, Шаң, Өтел, Қожаберген, Қанжығалы руынан шыққан Айтқожа, Қожым, Бозша, Боранбай, Керейден шыққан Аманбай, Есенбай, Уақтан шыққан Құрымысы, Өмір тағы басқалары.

Кейбіреулері «мұнша батыр қайдан шыққан» деп тандануы мүмкін. О баста бәріміз де солай ойлағанбыз. Алайда тарихымызға үңілсек, бұл шындық екендігіне көзіміз жетеді. Небары төрт жылға созылған Отан соғысында Ертіс ауданында төрт адамға батыр атағы берілді. Ал жоңғарлармен болған соғыс екі ғасырға, оның ішінде 1723-1757 жылдар аралығындағы үздіксіз соғыстың 34 жылға созылғанын ескерсек, бұл сан көп емес, қайта жоғарыдағы тізім толық бола қоймас деп түсінуіміз керек.

Ел аузындағы әңгімелерге, аңыздарға қарағанда, батыр тоғыз әйелінің көпшілігін өзі қатысқан жорықтардан алып келіп отырған. Бұл да оның бір емес әлденеше жерде соғысқанының куәсі.

Түгел батырдың бір ұлы Байсерке абыздың өз заманының асқан шешені де, көсемі де болғандығына ешкім дау айта алмайды. Оның бізге жеткен ұлағатта нақыл сөздерінің бәрі мейілінше шымыр, салмақты, өткір.

Елдің айтуынша, Түгел батыр алып күш иесі ғана болмаған. Сөзге шешен, дәулеті де мол, парасатты ақыл иесі адам екен. Егер біз оның ұлы Байсерке абыз асқан дана, шешен десек оған бұл дарын алдымен әкесінен даруы заңды құбылыс.

Түгел батырдың он алты ұлының төртеуі де Сілеті өңірінде шаңырақ көтеріп, қоныстанып қалған екен. Байсерке Абыздан ұрпақ жоқ. Түгел батырдың осы күнгі ұрпақтары Кенжеқара, Төбет, Бөсін аталардан тараған. Кейбіреулері ертеректе тұрмыс жағдайларына байланысты Ақмола, Омбы, Көкшетау облыстарына қоныс аударған.

Шайқаста ойсырай жеңіліп, қырғынға ұшыраған жаудың тірі қалғандары қазақтарды енді күшпен жене алмасын түсініп, жымысқы айлаға көшеді. Бұл өмірдегі қазақтардың бас батыры мерт етсе, қазақтар жеңілмесе де сағы сынады. [20, б.3]
Жазы батыр
Ертіс ауданының Көкшетау облысымен шектесетін бұрынғы Сілеті совхозы жерінің табиғаты ерекше. Жоңғар басқыншылары халқымызды 1723 жылы ақтабан-шұбырындыға ұшыратқаннан кейін қазақтың шұрайлы жерлерінің бірі осы өңірге қоныс теуіп, бекініп алған екен.

Қалмақтардың біразы бұл жерге 1757 жылы қытайлықтардан қырғынға ұшырағаннан кейін, бас сауғалап қашып келіп орналасқан деген болжам да бар. Қалай болғанда да, олардың бұл жерді уақытша паналанғаны, кейін жергілікті халықпен соғыста жеңіліп қашып құтылғаны анық болса керек.

Тоғайы қалың, суы мен шөбі мол Ертіс өзенінің бойы мал баққан көшпелі халықтың қыстауына қолайлы. Ал жазда қыр жазығы таптырмайтын кең жайылым. Сондықтан қазақтар қыста өзен жағалап, жазда жайылымға шығады екен. Бірде жазғы жайылымға көшейін десе, Жалаулы мен Сілеті бойын қалмақтар басып алғанын көреді. Екінші бір аңыз былай дейді; Ертіс өзені бойында орныққан қазақтарды орыс отаршылары ығыстырып шығарады. Қырға қарай жол жоқ. Жалаулы, Сілеті бойында қалмақтар. Екі аттың ортасында қалған қазақтардың амалсыз Сілеті бойындағы қалмақтармен соғысуы керек. Осы мақсатпен қазақтың сол кездегі әйгілі батырлары Түгел, Жазы, Қошқарбай бас қосып ақылдасады да, әр қайсысы ел арасына қол жинауға аттанып кетеді. Қолды қай бұрын жинап үлгерген тұзды көлдің (қазіргі Жалаулы) шығыс жақ жағалауына жалау тігіп, өзге батырларды тосып жата тұруға келіседі.

Үш батырдың біріккен қолына төтеп бере алмай қалмақтар Сілеті бойынан ығысып, Бестөбе жаққа қарай ығысады. Сұрапыл шайқас сол жерде болған. Түгел батыр жекпе-жекте қалмақтың бас батырын жайратады. Бірнеше күнге созылған соғыста қазақтар жеңіске жетеді. Соңғы күндердің бірінде Жазы батыр қалмақтардың зеңбіректен атқан оғынан мерт болған.

Ел аңызында Түгел батыр: «Інімнің мәйітін туған жеріне апарып жерлеймін», - деп, осы жерге жеткізген делінеді. Оның зираты – Ертіс ауданының жеріндегі Қызылағаш ауылының шығыс жағында батырдың өз есімімен аталатын Жазы төбесінің үстінде [20, б.18].
Шерубай батыр
Жоңғар шапқыншылығы кезінде елін-жерін жаудан қорғаушылардың көшін бастаған Қараке Биболды руынан шыққан, сол кездегі Қареке – Мұрат деген жалпақ елдің басын біріктіріп, қол жинап, ту көтеріп, қан майданда өзінің аса ерлігімен көзге түскен, аты ұранға айналған Шерубай батыр. Ол атышулы Қанжығалы Бөгенбай (1680 жылы), Арғын Олжабай (1687 жылы), Қаракерей Қабанбай (1691 жылы), Шапырашты Сатайұлы Бөлек (1696 жылы), Арғын Сенкібай (1709 жылы) батырлармен замандас, тағдырлас қарулас болған.

Шерубай Биболдыұлы 1693 жылы Қазіргі Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданындағы Сұлу Мәдинә ауылының жанында туған деп жорамалданады. Демек, ол бүкіл қазақ халқының 1710-1770 жылдардағы болған жоңғар қазақ басқыншыларына қарсы жанқиярлық Отан соғысы кезеңінде өсіп, шындалып, барлық саналы өмірін қан майданда арпалысумен өткізген.

Шерубай батыр бала кезінен батыл, мерген, ат құлағында ойнаған епті де қара күштің иесі болған. Ол он алты жасында Сарыарқа жерінде өткен белгілі бір байдың асында «түйе палуанды» жыққан.

Шерубай Биболдыұлы 17-18 жасынан бастап, туған жерін қалмақ басқыншыларынан азат етуге қатысып, Отанын қорғауға кіріседі. Ол бірде шаршап-шалдығып келе жатып бір ақ боз үйге тап болады. Ішінде жалғыз бойжеткен отыр екен. Ол бөтен адамнан сескеніп қалады.

- Менен қорықпаңыз, зияным жоқ адаммын – дейді оны сезген адам. Сөйтіп шай қайнатылып дастархан басына отырады да оның көзі кереге басына ілінген шаңыраққа түседі. Батыр оны алып көреді де бір екі рет шіреніп созады. Мұнын бәрі қыз алдында болғандықтан бойжеткен сыртқа шықса әке-шешесі тойдан қайтып оралған екен. Соларға көргенін айтады. Үй иесі Шерубаймен танысып қонақ етіп кетерінде сол садақты сыйға тартып ат мінгізеді. Сөйтсе ол садақ қалмақтардан түскен олжа екен. «Сол үшінде иесіз садақты үй иесі Шерубайдың тегін адам емес екенін біліп тарту екен» - дейді көнекөз қариялар.

1710 жылы қалмаққа қарсы ұрысқа, Қарақұмда жиналған қазақ қолының бас сардарбегі болып Бөгенбай сайланады. Осыдан кейін жоңғарлармен кездесу Ұлытау өңірінде Сарыкеңгір өзенінің жағасында Сарайлы деген жерде болды. Жекпе – жекке екі жақтың бас батырлары шықты. Бөгенбай ойраттың нояның өлтіреді. Қалмақтар абыржып, қазақтар аруақтанып жауына лап қояды. Кескілескен қырғын соғыста қазақтар көп жыл күткен ұлы жеңіске жетті.

Осы шайқаста қалмақ батырымен жекпе-жекке он жеті жасар Шерубай

да шығады. Қалмақ батырының денесі зор, орта жастағы адам еді. Өзінің атын естігеннен кейін қазақтың жас батырына қарсы ұмтылады. Шерубай өзіне ұмтылып келе жатқан қалмақ батыры жақындай бергенде аттың бір бүйіріне жата қалып, қолындағы сүнгісін жауының кіндігінің астына көздей салып, екінші ұшын жерге қаратады. Екпінмен ұшып келе жатқан қалмақ батыры сүнгіге шаншыла жығылып, сүнгі денесін тесіп өтеді. Жас жауынгер Шерубай осы ерлігі үшін батыр атанады.

Шерубайдың көрсеткен ерліктері бір төбе. Солардың бірі 1726 жылы Торғай даласының оңтүстік-шығыс жағында Бұланты өзенінің жағасында «Қара сүйір» деген жерде болды. Бұл бірнеше жылдар бойы жиналған ыза мен кектің буырқанып, бұлқанып сыртқа шыққан шағы еді.

Қалмақтармен кезекті соғыс алдында жау жақтан астына қаракөк айғыр мінген, қисық көз астына еңгезердей айғыр мінген біреу майдан алаңына қарай атын ойнақтатып шыға келді.

- Мен қалмақтың аты шулы талай қазақтың басын алған батырымын. Кім жекпе-жекке шығады? Жаныңнан безген біреуін келе қойындар, – деп шіренеді.

Сол кезде қазақ әскері жағынан жасы егделеу келген Бөгенбай батыр шығуға әзірлене бергенде Орта жүз жігіттері тұрған жақтан:

- Аға кезегіңізді маған беріңіз! – деген жуан дауыс шығады.

Жауырынына екі кісі мінгендей кен иықты, бура сан, алып күш иесі қарасұр жігіт астындағы ұзындығы есікпен төрдей қара арғымағын ойнақтатып, ортаға шыға келді.

Шерубай батыр екенің көріп, көңілі орнына түскен Бөгенбай батыр қол жайып, батасын беріп, өз орнына барып тұрды.

Екі жақта тұрған қалын әскер өз батырларына дем беріп айғайлап жатыр. Ат үстіндегі соғысқа жас кезінен әбден жаттыққан Шерубай батыр қарсыласының найзадан нашар қорғанғаның біліп, өзінің үйренген тәсілі найзаны оң қолына берік ұстап, қалмаққа қарай тұлпарын зулата жөнеледі.

«Ақжол!», «Ақжол!», «Ақжол!» (Арғын тайпасының ұраны) деп үш рет ұрандап келіп, қалмақ батырын дәл өкпе тұстан түйреп, атынан аударып тастады да, оның атын ұстап алып, өз адамдарына қарай шаба жөнелді. Оны көрген жау әскерлері қазақтарға қарай лап қойды. Бұл, әрине, соғыс тәртібін бұзғандыққа саналады. Оған қарап жатқан жан жоқ. Даланың еркін өскен ұлдары кең дүниені тарылтып, енді бірін-бірі өлтірмес, екіншісі оны өлтіретінің біліп, бар қаруларымен шайқасып, шабысып кетті...

Зеңбіректермен және мылтықпен жете қаруланған жоңғардың қалын қолы қазақ батырларының біріккен күшіне төтеп бере алмады. Бірнеше күнге созылған қиян-кескі соғыста жоңғарлар ондаған мың қолынан айырылып, ойсырай жеңілді. Сол ұлан-асыр ұрыс болған жерді қазақтар кейін «Қалмақ қырылған» деп ата кеткен.

Бөгенбай батыр мен Төле би қазақ жеріне батпандап еңген жоңғар басқыншыларынан Жетісуды, Аякөз бен Алакөл өңірлерін, Тарбағатай мен Сауыр бөктерлерін азат ету үшін және Бұланты соғысында жеңілген кекті жоңғар қонтайшыларының қайтармай қоймайтының еске алып, олардың келесі шабуылына төтеп беру үшін Үш жүздің әскери қайта құру шешіміне келеді. Әр жүз жасақтарын қазақ даласының кіндігі болып есептелетін Арғанаты тауына (ол кезде Ұлытау алабы түгелдей осылай аталған) ит жылының (1730) көктемінде жиналу ұйғарымына келеді. Сырдың арғы жағына кеткен Ұлы жүз, Жайықта бекіп қалған Кіші жүз, Есіл мен Тобыл аралығын қыстап қалған Орта жүз елдерінде: «Ит жылының көктемінде Арғанатыға жинал», «Арғанатыға...» деген ұран жайылған.

Сол жыл туып, жер көгеріп, өзен-сулардың тасқыны басылған кезде, Ұлытауға жан-жақтан лек-лек болып жасақтар жинала бастайды. Орта жүз жасақтары бұрынырақ жиналады. Қыпшақтан ұйымдасқан қолды әйгілі ер Қошқарбай; Қоңыраттарды – Көктінұлы Барақ; Көбек батырлар; Найман қолын Қаракерей Қабанбай; «Екі шекті», «Тоқал арғындар» жасақтарын Шақшақұлы Жәнібек; «Бес Мейрамнан» жиналғандарды Шерубай, Айдабол, Толыбай, Қаракесек, Сенкібай, Жарылғап батырлар; Атығай мен Қарауылдың жасағын Жәпек, Бәсетиіндерді Сырым Малайсары; Қаңжығалыларды Бөгенбай батырдың өзі, оған нөкері Жантай, Сейітқұл, Атан; Тобықтыларды Балғаз бен Базарлы батырлар бастап келеді.

Академик Манаш Қозыбаев өзінің белгілі «Аңырақай шайқасы – Отан тарихының жарқын белесі» деген еңбегінде мынадай қызықты деректер келтіреді: «Біздің заманымызға жеткен аңыздың бірінде 1730 – ит жылының көктемінде Арғанатыға (Ұлытау) жинал» деген ұран жеткен. Көктемінде үш жүзден 40 мың қол жиналған. Одан бұрын Ордабасында бас қолбасшы болып хан тұқымынан Әбілқайыр атанғаны, қарадан баһадүр Қанжығалы Бөгенбай сайланғаны мәлім. Балқаш көлінің оңтүстігінде Әбілқайыр тауы атанған жотада Кіші жүз қолы орналасты деп болжамдауға болады. Әбілқайыр ханның қолы қазақ қосының жартысынан астамы еді. Қолбасшы ставкасының ұрыс даласынан қашық болуының да сыры бар сияқты. Шамасы ол Балқаштың нар қамысында шайқастың шешуші кезінде қосылған резерв қол болуы мүмкін.

Жаудың қарсы жағынан Хан тауында Ұлы жүз бен Орта жүз ордасы тігілді. Хантау төбесінен Әбілқайыр тауы, Аңырақай тауы, бүтін ұрыс даласы көрінеді. Аңырақайдың сырты Іле өзені, атақты Жусан дала жазығы. Балқаш көлінің ең тұзды мүйісі жазда кеуіп, ақ тақыр болып, бөлшектенген бөлігі Итішпес Алакөл атанған. М.Тынышбаевтың айтуынша, ұрыс даласы сол жерден жүзден астам шақырым. Шын мәнінде, Балқаштың мүйісінен Аңырақай тауы 60-75 шақырымдай. Жер аты неге Аңырақай деп аталады?

Бұған ел арасында екі түрлі түсінік бар. Бірі - жаудың сағы сынып, бағы тайып,жеңілгені сонша ұрыс алаңын аңырап басына көтерген.Екіншісі – Қапшағай тауын жарып, ен далаға құлап аққан сарқырама Аңырақай ағысы аталады екен. Екі таудың ортасында созылып жатқан жазықтакүзде, қыста аңырап өкпек жел де соғады. Қалай болғанда да Аңырақай даласы Хантауы мен Аңырақай тауының ортасын алып, Итішпес Алакөлге көсілген кең жазыққа ұласады. Қазақ қолы орналасқан жақпар – жақпар жоталарға неше мың қол сиып кеткендей.

Атақты арғын Шерубай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек сияқты батырлардың басшылығымен қазақ жасақтары бұл жолы да күйрете соққы берді. Осы қырғын соғысқа Әбілқайырдың « бас қолбасшы, сардар» қарсыластары Әбілмәмбет пен Барақ сұлтандар да жеке жасақтарды басқарып, белсене қатысты. Қазақ қолы үлкен жеңіске жетті. Қазақ тарихында «Аңырақай шайқасы» деп аталып кеткен бұл оқиға қазақ халқының шет басқыншыларына қарсы күресінде ерекше орын алады.

1730-1735 ж. аралығында Уақ Баян батырмен қоса, Абылайдың қалын қолында болған Шерубай батыр неше дүркін ерліктер көрсетіп, Ақиық сұнқар, Киелі батыр атанады. Оның тастай қараңғы түндерде, ұйытқыған боран, нөсерлі жауын күндерде бүркіт үні санқылдап жол көрсететін киесі болған. Жоңғарларға қарсы күрестегі ерен ерліктеріне, мол ақыл парасатына және киелі аруағына риза болған Абылай хан Шерубай батырды өзіне жақын балап, оған соғыс кеңесшісі ретінде үлкен сенім білдіреді.

Жоңғарларға қарсы соғыс аяқталған соң Шерубай батыр бірқатар жасақтармен бірге ата-қонысы – Қарағанды аймағына келіп мекен тебеді.

Шерубай батыр Қазіргі Бұқар жырау ауданының Топар қалашығының маңында Шерубай-Нұра өзенінің бойында шамамен ХІХ ғасырдың басында дүниеден қайтты. Ол сол тұстағы биіктеу төбе басына жерленіп (бүгінде Шерубай батыр ескерткіші орнатылған көк дөннің төл атауы Кіндіктөбе), бейіт соғылды. [21, б.4]
Жаңабатыр әңгімесі
Тілеуімбет: Наурыздың- Наурызының тарауы: Шобалай, Шобай, Ақай, Текей, Ерсімбек (Ырсымбек), Мамек.

Шобалайдан- Жаңабатыр, Өміртай. Айдаболда- Төлебай, Күлікте- Шобалай, Орманшыда- Қарабай, Қаржаста- Мырзағұл- төрт босаға болған, жұрт аузына ілінерлік, ел ұстарлық кісілер осылардан шыққан.

Абылай ханның Үш жүздің баласы қазаққа дүрі жүріп тұрған күнде, құнға кесім қылдырғанда, тамам талас сөздің үстінен қаратып, бітім айтқызып, билік қылдыратұғын биі- Күлік Шобалай баласы Жаңабатыр би екен. Және:

- Ас беріліп, ат шаптырылған жерде Жаңабатырдың босағасына түйе бастатқан «тоғыз» байлансын, Жаңабатыр: «Осы ас жарайды, келісті ас-ақ болды»- десе, ат шауып, ас тарқасын. Болмаса, қайтадан ас бергіземін десе, билік Жаңабатырда болсын!- деп, Абылай хан жарлық қылған екен. Сонда Жаңабатыр өзінің бәйбішесінің асында:

-Бәйбішенің балалары босағама түйе бастатқан «тоғыз» байламаса, ат шабар төбенің басына бармаймын,- деп, отырып алған соң, бәйбішенің балалары айтқанын қылып: «Өзінің қатынының асына үлбелеген (олбала-кен) Жаңабатыр»- атанған. «Жаламен Жаңабатыр үш шабылды»- делінген Жаңабатыр осы. Бұл кісінің құнға қылған кесімі: қара құн- жүз жылқы, он екі «жақсы». Сүйек құны- елу жылқы, алты «жақсы». Өнер құны- тоқсан құн болады, тоғыз «жақсы». «Жақсы» дегеннің басы- «жетім», қалы кілем, қара нар, мылтық,- сондаймен тоғыз болады. Ұрғашының кұны- еркектің бір көзінің құны, елу жылқы, алты «жақсы».

Аттың кұйрығын кескен ұрыға бір жылғаша билік айтпайды екен, босаға күзеттіреді екен. Босаға күзеттіргеннің мәнісі сол- атының құйрығы кесілген үйден бір жылғаша кісі өлсе, ат құйрығын кескен ұрыға кісі құнын тартты-рады екен.

- Сен жаман ырым қылдың. Атын тұлдадың, мұның үйінен кісі өлуі сонан болды,-деп. Шідер ұрлағанға шідер қайыс болса, үш атқа үш балағын салып, үш ат үзіп кете алмаса, ұрыға үш ат айып салады екен. Жау бетін қайыратұғын жаудан елін қорғап (қозғап), аман айыратұғын батырлардың кұнын- «жеті ердің құны болсын!»- деген екен. «Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ»- деген. Шешендікпен ұлтына олжа түсіріп, бітіретұғын шешендердің құны- «үш ердің құны болсын!»- деп кесім қылған екен.

Сол замандарда жеті ердің құны- Малай- Жәдігерден шыққан Айтқожа баласы Жауқаш- Биқаштың Жауқашына алынған екен қалмақтан.

Бір басына үш кұн ұрғашыда Ұлбикеге, еркекте Көтеш ақынға алынған екен.

Бұл Жаңабатыр: «Арқаға үш шабындым, жаламен үш шабылдым!»- деген дейді.

Бұхар барып жолаушы жүрген күнінде екі жақ болып төбелесіп жатқандарға кез болып:



  • Мынаны айырайық, арашалайық,- десе, жанындағы жолдастары:

  • Өзіміз жолаушы жүріп, айдаладағы біреудің бізге өлген- тірілгені не керек?- депті.

Сонда аз жағы: «Кім де болса, Жаңабатырды танып айырады ғой, араша-лайды ғой!»- деп дәмелі болып қалған екен.

Жұртқа аты шыққан ері (ірі) кісінің арашашы болмай, керексіз қылып өте бергендігіне өкпелеп, сонда өлімші болып таяқ жеп қалған.



  • Кім сені ұрған- соққан?-деп сұрағышыға.

  • Маған қылғанда, Күлік- Жаңабатыр би қылды. Менің қаным соның мойнына!- деп өліп кетіпті. Мұның ұрмағанын, соқпағанын жұрт біліп тұр. Білсе де, өлермен қадалып жабысқан соң, арашалап айырмағандығының айыбына сексен серке тартқан екен.

  • Кім де- кім екі ұрысып төбелескенді көре тұрып, айырып арашалауға әлі келе тұрып, арашашы болмаса, жазатайым соның бір жағы өліп кетсе, құнын елтіргішіден алсын да, айыбын арашаламағаннан алсын!- деп.

Енді бірі-бір ұлы жиын аста жерден сыңар аяқ өткен жеті жұртты тауысқан бір қу келді де, белдеуде байлаулы тұрған Жаңабатыр бидің атының аузын ашып қарады дейді. Қараса, тілінің түбіне тақалған жері қап-қара екен. Жергілікті Құдай жаратқан, өзі қояндай боз ат екен. Сол жатып жабысты дейді.

- Құлын күнінде жоғалтқан боз биенің кұлыны еді,- деп. Жаңабатыр:

-Өз жылқымның тумасы, Аузын ұрып, аяғын қолдан сыпырған тұл атым,- дейді.

Анау:


- Құлын күнінде жоғалтқан менікі,- дейді.

Дау болған соң, бір көлденеңсіз құтыла ма, жүгініске түседі. Сонда жаламенен жабысушы көрінбеген жерінен белгі айтысайық дейді. Жаңабатыр:

- Бір меңі жоқ қояндай боз ат, бұған басқа белгі не керек?- дейді.

-Енді осының көрінбеген жерінен белгі айтсам, менікі бола ма?- дейді.

- Қап, енді осынан көздің көлеміндей боздығынан басқа белгі тапсаң, сенікі-ақ болғаны,- дейді.

- Менің биемнің тілінің түбіне тақалған жері қол басындай қап-қара еді. Енесіне тартса, мұның да тілінің түбінде сол белгі бар шығар. Егер де тілінің я ұшында, я ортасында, я түбіне тақалған жерінде қол басындай қара болмаса, онда менің боз биемнің құлыны болмағаны,- дейді.

Атты алдырып, аузын ашып қараса, тілінің түбіне тақалған жері қап-қара екен.

- Мынаның сөзі шын болды,- деп,- сіздей кісінің астынан ат алу жол-жобаға сыймайтұғын нәрсе, бұл ат бүгін өз астыңызда барсын!- «Өзімдікі екендігі шын еді»,-деп бір ауыз сөз айтып, атты өзіңіздікі қылсаңыз да, өзіңіз біліңіз. «Жоқ, тақымым үйренген жануар еді!»- деп, үш бесті берсеңіз де, өзіңіз біліңіз,- делінген соң, жұрт дағдарып тарқасты дейді. Ертең таң атқан соң, Жаңабатыр үш бесті алып кеп ортасына келді дейді:

- Әлеумет, көп жиылған топ, кеше өзімдікі деп таластым, бүгін мынанікі қылып, төлеуін алып келіп отырмын. Үйге бардым, бір аяққа аппақ сүт қойдым. Бір аяққа мөлдір, тұнық қара су қойдым. Сүтті қайыра сүтке қостым. Суды суға қостым. Сүттен жұғын қалды. Судан жұғын қалмады. Ойладым, менің сөзімнің ақтығы сүттей ақ шығар, сонда да онан жұғын қалды-ау! Әне, бәлекеттің сөзінің қаралығы қара судай-ақ шығар, сонда да онан жұғын калмады-ау?! А, бұрынғының: «Ақ та болса, ант ішпе, айрандай жұғады!»-дегені осы екен-ау- деп, бір ауыз сөз айтуға жарай алмағаным осы,- депті. Ананікі жала екендігіне жұрттың көзі жетіпті, сонда да болмай Жаңабатыр үш бесті берген екен.

Құдай рахмет қылсын! Жаңабатыр би қартайған күнінде, ел қыстау-кыстауында отырған мезгілінде түйелерін қайырып, жинастырып жүрсе, бір бес атты кісі бірін-бірі қуысып, сабаласып, олай-бұлай ұйтқып шауып жүргенін: «Ел арасында жау жүре ме, ойнап жүрген бозбалалар ғой!»- деп, жайымен түйесін жинастырып жүре береді.

Манағы бесеудің бірі құлап қалды да, төртеуі қашып кете барады. Ақырын аяңдап білейінші деп Жаңабатыр келсе, өлімші қылып тастап кетіпті. Кірпігін қимылдатуға зорға әлі келіп, өкпесін соғып жатыр. Сол арада көрініп тұрған қыстаулардан көп кісілер де келіп қалды. Әлгі өлімші болып жатқан Сексен ұрпағының біреуі екен. Өз ауылдарының кісілері:



  • Кім сені ұрған-соққан?- дегенде,

  • Жаңабатыр,- еді де, өліп кетті дейді. Сонан соң оның жанкүйерлері:

  • Осыны өзің ұрмасаң да, ұрған кім, өлтірген кім екенін білесің?- десе, Жаңабатыр:

  • Мен білмеймін,- деп, көрген- баққанын айтса да, Сексен деген ел гулесіп, шуласып, нанбайды да болмайды.

Тілеуімбет, Наурыз бірыңғай, Ақыл, Сексен бірыңғай болысып, Күлік өзді-өзі екіұдай болып, айтысып, тартысып, ұлғайып бара жатқан соң, Айдабол: Шоң, Торайғырдың әкесі-Едіге би Айдаболдың ең жақсыларын жіберді дейді.

- Сіздердің замандасаңыз ғой! Бізді баласынар, ағайын арасын бүтіндеп жарастырып келіңіздер,- деп.

Бұлар барса, Жаңабатыр төсегінде теріс қарап жатыр екен. Барған бұлардың сәлемін де алмады, амандық та айтыспады, керек қылмай, үн жоқ, түн жоқ жата берді дейді.

Бір мезгілде басын көтеріп, тіл қатпастан, үндеместен барып, отырған бұларға ежірейіп қарап, бір қолын бұлай көрді, бір қолын олай керді. Аузын ырбитып, ернін бұлай бір шалжайтты, олай бір шалжайтты да, қайтадан теріс қарап жата кетті дейді.



Сонан соң бұл барғандар өкпелеп қайтты. Және көрген-білгенін Едігеге келіп айтты. Ағаң алжыған екен, қартайған екен, аузын шалып, ақылын танып қалыпты. Біздің барған-тұрғанымызды керек те қылған жоқ. Және сөйтті-сөйтті, қолы мен ернін қалайша қылғанын сойледі дейді.

Сонда Құдай рахмет қылсын Едіге ағам, Едіге би:



-Алжыған жоқ екен, аузын шалып, ақылын танған жоқ екен. Бұл келіп отырғандар: бірің оқ беретұғын немесің, бірің жақ беретұғын немесің, бірің бұлай керіп созып, бірің олай шалжитып, ағайын арасын ашқаннан басқаң жоқ. Кесім жоқ, кесім жоқ, сендермен ісім жоқ- деп, мені жоқтап жатыр екен,- деп, жалма-жан Едіге би өзі атқа мініп барып: «Бұл өзі қыстау ортасында болғандықтан, қапы қалған жұмыс болды. Егер қыстаусыз жерде болса, жау ма, немене деп сезіктеніп, не арашалап, айырып қалар еді. Не шыр етіп (шер метіп), танып қалар еді. Кере тұрып ұрғанның кім екенін біле алмай қалғандыққа қыстау жазалы болуға керек,-деп, Жаңабатырдан Сексен деген елге бір қыстау алып беріпті. Сөйтіп сенбегенін сендіріп, нанбағанын нандырып, ағайын арасын тату қылып жарастырып қайтқан екен.

Жаңабатыр би жүз төрт жасқа келіп өлген екен. Өлерінде айтыпты:

- Құдайдың маған берген өмір жасы жүз он төртте өлмекші едім, он жасым кем болды. Оны Құдайдан көрмеймін, өзімнен көремін. Үш жан берген топтың ішінде болып едім. Өзім ант ішпесем де, ант ішкенмен бір топта болғандығымнан көріне он жасыма залал тиді,- деген.

Әкесі Шобалай Ағысқудай, Түндік өзенінің бойында, «Шобалай сүйегі»-дейді.

Өзі Қызылтау бауырында Самай сопы қыстауының қақ іргесінде мазар басы болып қалды.



Жаңабатыр балалары: Аққожа, Қосақ, Таңсық қожа, Жанақ- бәйбішеден төртеу. Үлкені- Таңсық қожа, кенжесі- Жанақ. Тағы басқа қатындарынан толып жатыр. Аз болса, он алты бар шығар.

Бір Жанақтан басқасын қағаз бетін [болған] былғап жаза бергеннен не түседі?! Ат шығарып, аруақ шашқанды сөйлеу керек [7, б.155-157].


Әйтей батыр
Батыр жөнінде деректер жоқтың қасы, дегенмен де, ел аузында жүрген аңыз нұсқалар ұшырасады. Әйтей ХVІІ ғасырда ғұмыр кешкен тұлға болуы керек, руы арғын ішінде бәсентиін, тіпті шежіреде әйтей Әйтей – бәсентиін деген аты да сақталған. Осы жерде революцияға дейінгі уақытта қоныстары болған. Бұған дәлел мұрағат материалдары да бар. Қазіргі Лебяжі ауданының бір кездері Сталин, Ленин атанып келген ауылы, ертеректе 1930 жылға дейін Әйтей батыр есімімен аталған.

Қазақ-қалмақ қатынастарының шиеленіскен уақыты. Қазақ бір төбе, қалмақ бір төбе болып, шеп құрып соғысқан кезең. Бәсентиін ішінен шыққан Барлыбай батыр Әйтейдің інісі екен. Ағасы қалмақтарға қарсы жорыққа кеткенде, айналасындағы өзі сияқты қылшылдап тұрған жас жүректерді жинап алып, жауға тұтқиылдан «Барлыбайлап» ұран салып шыққан делінеді. Жау жеңіліс тауып қашқаннан кейін, Әйтей батыр Барлыбайға «Менің атымды неге ұран қылып шаппадын» - деп налыған деседі. Бұл халық аузында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа таралып жүрген аңыздың бір нұсқасы. [22, б.4]
Таңыбай батыр
Таңыбай Бекназарұлы (1670-1755) – Орта жүз құрамындағы Арғын тайпасынан шыққан батыр. Жастайынан әскер ойынын үйренуге тырысып, жаужүрек, қайыспайтын батырға айналған. Таңыбай батыр қол бастап жоңғарлардың қолында қалған біраз жерлерді азат еткен. Жекпе-жекте жоңғардың бас батыры Қапалды жеңген. Сол заманда жаулардың жайлаған жерлері – шешенқара өңірін, Таятқан-Шұнақтағы Батбақсу өзені мен Қалмаққырылған аймағын, Ақ келіншек, Қара келіншек, Қапал таулы мекендерін, Ешкіөлмес, Ойран жерлерін қайысқан жоңғар қолдарынан азат еткен.

Таңыбай батыр «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында 1700-1740 жылдары жоңғарларға қарсы Болат тауының маңында, дуана өзенінің бойында жасақ құрған. Әй, деп жасақ құрғанда үш жүзден аса қол, кейін келе бес мыңдай жасақты басқарған ер Таңыбайдың үзенгілес достары Тарақты Наймантай батыр, Тобықты Қарамеде батыр, Тарақты Орақ батыр, немере інісі Керней Жарылғап батыр, Тарақты Байғозы батырлармен бірге жауға қарсы тұрған.



Таңыбай батыр қартайып, 85 жасында дүние салған [9, б.298].
Жарылғап батыр
Жарылғап Түйтеұлы (шамамен 1733 - ө.ж.б.) – Орта жүз құрамындағы Арғын тайпасының Қаракесек руынан шыққан батыр, би, шешен. «Қарашордада – Сеңкібай, Әлтекеде – Жидебай, Тобықтыда – Қараменде, Кернейде - Жарылғап» деп, Жарылғап батырды жоңғарларға қарсы шайқастарда ту ұстаған батырлар қатарында мадақтайды.

Жарылғап батырдың әкесі Түйте ХVIII ғасырдың басында ноғайлармен бірге Ресей отаршылдарына қарсы күрескен. Жарылғап батыр 16 жасында Қаз дауысты Қазыбек биден бата алып, жорыққа аттанған. 1748 жылғы Қалба-Шаған шайқасында кебін қалмақты жеңіп, ерлігімен көзге түскен. Бөгенбай батыр бірнеше шайқастарды басынан бірге кешірген үзеңгілес серігі Жарылғап батырдың баласына қызын ұзатып, құда болған.

Жарылғап батыр ел билеген көсем, дауға түскн шешен ретінде де танылған. Абылай ханмен, Қаз дауысты Қазыбек бимен, Қанжығалы Бөгенбаймен сөз қағыстырып, артында тағылымды шешендік сөздер қалдырған. Түркістанда жерленген. 1993 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданында Жарылғап батырға арнап ас беріліп, Ақшатау кентіндегі орталық алаңға батыр есімі берілді. [9, б.153]
2 ХVІІ - ХVІІІ ғғ. жауынгер жыраулар
Бұқар жырау
ХҮІІІ ғасыр әдебиетіндегі ең көрнекті тұлға - Бұқар жырау. Жыраудың шығармаларын жинастырған Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, Бұқар арғын ішінде Төртуыл Қаржастан шыққан. Бұқардың әкесі Қалқаман - батыр болған көрінеді.

Заманының бізге бір табан жақын тұрғанына, өмір сүрген дәуірдегі көптеген тарихи оқиғалар халық жадында жақсы сақталғандығына қарамастан, Қазақтың ескіде өткен басқа ақын-жыраулары сияқты Бұқар өмірі хақында да біздің білеріміз тым тапшы. Жыраудың туған, өлген жылдары жайында да нақты деректер жоқ. Оның қанша жасаған адам екені де белгісіз. Қолда бар бірден-бір нақты мәлімет - жыраудың Абылайдан (1713-1781) бұрын туып, соң өлгендігі.

Қазір Бұқардың туған, өлген жылдары 1693-1787 деп көрсетіліп жүр. Ал бұл - ой-жобамен, солай шығар-ау деген долбалармен алына салған сан. Бұқар 1693 жылы туды деудің ешбір қисынға келмейтінін дәлелдеу онша қиынға түспейді: ол үшін ақылдылықтың да, алғырлықтың да қажеті жоқ.

Абылайға арнаған толғауларының бірінде Бұқар:

«Күнінде мендей жырлайтын

Тоқсан үште қария

Енді де саған табылмас», - дейді.

Бұл сөздер Абылай өлген 1781 жылдың өзінде-ақ айтылды дейікші. 1781-ден 93-ті алыңыз, сонда 1688 қалады... Яғни Бұқар қазір көрсетіліп жүрген 1693-тен 5 жыл бұрын туған болып шығады. Бұл - әдебиет тарихымен айна-лысушы кейбір ғалымдарымыздың өз ісіне қаншалық жауапты, қаншалық мұқият қарайтындығының тағы бір айғағы іспеттес.

Бұқардың өте көп жасап, әбден қартайып өлгендігі күмән туғызбайды. Біздің қолымыздағы Бұқарға қатысты ең ескі деректің бірі Тәуке ханның атымен байланысты. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Бұқардың Тәуке тұсында-ақ ордадағы белді би, батагөй ақсақалдардың бірі болғандығы аңғарылады.



Әз-Тәуке ханның сүйікті ұлы өліпті дейді бір әңгіме. Хан аза тұтып, бас көтермей, ас ішпей жатып алыпты. Ұлы жүзден Үйсін Төле би, Орта жүзден Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзден Қаражігіт би барып көңіл айтқан екен, Әз-Тәуке жұбанбапты, қайғысы басылмапты. Сонда қаралы ханның көңілін делбеп, басын сүйеп ас ішкізуші Бұқар жырау болады. Бұқардың осы ретте айтылған жыры сақталған.

«Ханымыз отыр аһ ұрып,

Халқымыз отыр бас ұрып...

Сабаны әкел ордаға,

Құран оқыт молдаға,

Ханның сөзі түзу деп,

Орынсыз сөзді жолдама.

Бұрынғы өткен бәрі өлді,

Қарсы болма аллаға.

Төле, Қазыбек кісіміз

Жақсы, жаман, кішіміз,

Бұл сөзіме түсіңіз,

Дәміңізді ішіңіз.

Риза болсаң құдайға

Түзелер сонда ісіңіз».

Осы сөздердің өзінен-ақ Бұқардың Тәуке алдында өтімді, беделді адам болғандығы аңғарылады. Тәуке 1718 жылдар шамасында дүниеден көшіпті. Яғни жоғарыдағы мәлімет Бұқардың ХҮІІІ ғасырдың бас кезінің өзінде-ақ бірақ жасқа келіп қалған, қазақ хандарының сарайында ықпалды билердің бірі болып алған жан екендігін көрсетеді.

Бұқардың туған, өлген жылдарын анықтауға себі тиер деректер жыраудың өз шығармаларынан ұшырасады.

Бұқар Абылайдан көп үлкен.

Ол ханға:

«Сені мен көргенде



Тұрымтайдай ұл едің», -деп сөйлейді.

Жырау өзінің Абылайға айтқан толғауларының бірінде ханның жас кездегі өмір жолын шоли келе:

«Елу жасқа келгенде

Үш жүздің атының басын

Бір кезеңге тіредің,

Елу бес жасқа келгенде

Жақсы болсаң толарсың,

Жаман болсаң, маужырап барып

Соларсың» - дейді.



Яғни бұл сөздер айтылған кезде Абылай елуден жаңа асқан, елу бір - елу екілерде. Демек, толғау 1763 жылдар шамасында туған.

Абылайдың күшеюі де осы кез. «Қазақ ССР тарихының» айтуынша, Абылай 50-жылдардың басында-ақ Орта жүздің бірден-бір билеушісі болып алады. 1752 жылы атақты Көкжал Барақты Жоңғар әміршісі Цэван-Дорчжи улап өлтірген соң, Абылай алдынан кесе көлденең тұрар ешкім де қалмайды. Көп үзамай Ұлы жүз де Абылайдың қол астына қарайды. Бұқардың ханды үш жүздің басын біріктірдің деп мадақтауы осы фактіге байланысты.

Аталмыш толғаудан Бұқардың өз жасы жөнінде де дерек аламыз. Жырау елу бестен арғы жастар туралы толғана келіп тоқсан беске тоқтайды да, өз басының мүңын шағып кетеді:

«Тоқсан бес деген тор екен,

Дүйім жанның қоры екен,

Қарғиын десең екі жағы ор екен,

Найза бойы жар екен,

Түсіп кетсең түбіне

Түбі жоқ терең көл екен,

Ел қонбайтын шөл екен

Келмейтұғын неме екен».



Жырау адамның елуден арғы өмірі хақында онша жылы лебіз білдірмейді, ал тоқсан бесті мүлде істен алғысыз етеді, бұл жасқа келіп қажеті жоқ-ақ екен дейді. Яғни толғау айтылған сәтте оның авторы тоқсан бес жаста. Олай болса Бұқар жыраудың 1668 жылдар шамасында туғандығын көреміз. ) 1781 жылы Абылай өлгенде Бұқар әлі тірі. Жырау ханды азалап, өзінің ең көркем туындыларының бірі - «Күпшек санды күреңді -Тәбияға жаратқан» деп басталатын жоқтау жырын шығарады. Бұқардың Абылайдан соңғы өмірі жайында ешқандай дерек жоқ. 113 жасқа келіп отырған қарт жыраудың өзі де көп ұзамай ажал жастығына бас қойса керек.

Мәшһүрдің айтуынша және ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Бұқардың әкесі Қалқаман - батыр болған делік. Батыр атағы адамға, әрине, оның байлығына, аталылығына қарап келмейді, яғни жыраудың шыққан тегі жайындағы мәселенің беті ашық қалады. Алайда, өзінің жеке басының қасиеттерінің, отты тілінің арқасында Бұқар тез арада-ақ ел билеушілер тобына еңгендігі көрінеді. Қаз дауысты Қазыбектер сияқты Бұқар да «қарадан шығып хан болған» өз заманының аса ықпалды билерінің бірі.



Атақты Үйсін Төле би: «Елге бай құт емес, би құт» деген екен. Өзі мыңғыраған бай Төленің бұл сөздері Бұқар заманында билердің қандай қоғамдық күш болғанын аңғартады. Бұқар заманының билері - малымен емес, сөзімен кісілікті жандар. Олардың көбі-ақ кедей болған. Бұл ретте Орманбай бидің үйіне Абылай келіп қалып, қонағасына не соярын білмей қысылғанда айтқан:

«Хан Абылай келгенде

Тоқты сойсам жетпейді,

Енесін сойсам тоқтының,

Оның орны бітпейді», -деген сөздерін келтіре кетуге болады. Бұқардың мал жиюды кәсіп етпегендігі көрінеді. Мәртебе жолын Әз-Тәуке ханның сарайында бастағанмен, сақал-шашы бурыл тартып, алпыс жасқа келген кезінің өзінде жырау қара таяқты кедей күйінде қалған.

Бұқар малсыз адам екен деп жазады Мәшһүр. Өзіне ағайын бір байдан мінуге ат сұрапты. Бай бергісі келмей бірталай уақыт алдаусыратып жүріпті де, ақыры бір күні Бұқардың қолына екі қары бөз қыстырып құтылмақ болыпты. Сонда Бұқардың айтқаны:

«Бұқарекең - біз келдік,

Ақан, Төбет байларға,

Бесті берсең семіз бер

Жаздай Бұқар жайларға.

Бермеймін деп атама,

Асауыңды матама.

Шынжырынан берік тартсам,

Шамырқанып, шамданып,

Шалқасынан жата ма,

Алпыстағы Бұқардың

Сілесі құрып қата ма,

Құлдарың мен күңдерің

Мерекеге бата ма,

Келіп едім өзіңе,

Түнеугі айтқан сөзіңе.

Тіпті разы болмаймын

Керегенің басында

Екі қары бөзіңе.

Бермей қалсаң осы жол,

Жолықпаймын деп ойлама

Жортуылшы ердің кезіне».



Бұл Ақтабан шұбырындыдан соңғы аласапыранның тұсы, атадан ұл, анадан қыз айрылып, исі қазақ күйзелген дәуір. Осы қилы заман кезінде Бұқардың шаруашылығы шайқалып, дәулеті суалған болуы да мүмкін.

Алайда көп ұзамай Абылай сұлтан көтерілген кезде Бұқардың да жұлдызы жанады. Жырау қайтадан ақ ордаға енеді, және одан өлгенінше шықпайды.

Бұқардың сүйегі қазір Баян Аулада, Далба тауларының ішінде.



Жоғарыда келтірілген кейбір фактілердің негізінде біз Бұқар жырау Қалқаманұлы 1668 жылдар шамасында туып, бір ғасырдан астам жасап, 1781 жылдың шамасында өлген деп есептейміз.

Жыраудың өмірі, қоғамдық қызметі жайында біздің заманымызға жеткен деректер осындай.

Халық «Өнер алды - қызыл тіл» десе, Бұқар - бұл мақаланың даналығын әбден ұғынған адам. Ол сөз өнерінің қиындығын да, құрметтілігін де білген. Сондықтан да жырау:

«Ел бастау қиын емес -

Қонатын жерден көл табылады:

Қол бастау қиын емес -

Шабатын жерден ел табылады

Шаршы топта сөз бастаудан

Қиынды көргенім жоқ», - дейді.

Бірде Абылай: «Қазына қайда?» - деп сұрағанда жырау: «Басы жеткіш жігіттің екі езуі қазына: бір езуі - алтын, бір езуі - күміс, аузы - қазына» - депті.

Бұқардың өзі осы қазынаны - сөз өнерін жеріне жете меңгерген еді. «Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен, - деп жазады Мәшһүр Жүсіп. - Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен». Бұқардың мұсылманша оқығандығы, сауаттылығы күмән туғызбайды. Алайда, көбіне-ақ экспромтпен айтылған толғауларын жырау артынан қағазға түсіреді ме, жоқ па, ол арасы белгісіз. Бұқардың бізге жеткен шығармалары өткен ғасырдың екінші жартысы, үстіміздегі ғасырдың бас кезінде негізінен ел аузынан жазылып алынған. Бұқар мұрасынан біздің заманымызға жеткені - 1300 жол шамасында. Бұл, сөз жоқ, жырау туғызған көл-көсір жырлардың бір бөлігі ғана. «Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұхтың өмірі, Аюбтың сабыры... Аплатонның ақылы керек», - деген еді Мәшһүр. [23, б.42-49]


Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет