«Қазақстан Республикасының экологиялық құқығы»


Табиғат пайдалану құқығының қағидалары



бет3/13
Дата04.07.2018
өлшемі0,91 Mb.
#46517
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Табиғат пайдалану құқығының қағидалары деп табиғи ресурстарды пайдалану жөніндегі құқық қатынастарын реттеудің негізгі бастаулары мен негізгі қағидаттары ұғынылады. Табиғат пайдалану құқығының негізгі қағидаларына мыналар жатады:

- адамның өмірі мен денсаулығын қорғаудың басымдығы, халықтың өмірі, еңбегі мен демалысы үшін қолайлы қоршаған ортаны сақтау және қалпына келтіру;

- табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен ұдайы молайту;

- табиғатты арнайы пайдаланғаны үшін кезең-кезеңмен ақы төлеуді енгізу және қоршаған ортаны қорғауды экономикалық ынталандыруды енгізу;

- табиғи ресурстарды пайдаланудың мақсатты сипаты.

- қолайсыз экологиялық ахуалы бар аумақтарда экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзылған табиғи экологиялық жүйелерді қалпына келтіру;

- ерекше экологиялық, ғылыми және мәдени маңызы бар биологиялық алуан түрлілікті және қоршаған ортаның объектілерін сақтауды қамтамасыз ету;

- мемлекеттік реттеу және мемлекеттік бақылау, қоршаған ортаны қорғау туралы заңды бұзғаны үшін жауапкершіліктің ымырасыздығы;

- қоршаған ортаға нұқсан келтіруді болдырмау, қоршаған ортаға ықгимал ыкпалды бағалау.

2. Табиғат пайдалану кұқығының түрлері, объектілері және субъектілері.

Табиғат пайдалану құқығының субъектілері ретінде мемлекет, жеке және заңды тұлғалар қатысады. Табиғат пайдаланушылар жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік және мемлекеттік емес, ұлттық және шетелдік табиғат пайдаланушылар болып бөлінеді. Ұлттық табиғат пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының азаматтары мен қазақстандық заңды тұлғалар, соның ішінде шетелдің қатысуымен, ал шетелдік табиғат пайдаланушыларға - шетел азаматтары, шетелдік заңды түлғалар, шет мемлекеттер, халықаралық бірлестіктер мен ұйымдар жатады.

Табиғат пайдаланушылар:

Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын жеке және заңды тұлғалар табиғат пайдаланушылар болуы мүмкiн.


      Табиғат пайдаланушылар:

1) тұрақты (табиғат пайдалану құқығы мерзiмi шектелмейтiн сипатта болады) және уақытша (табиғат пайдалану құқығы белгiлi бiр мерзiммен шектелген);


      2) бастапқы (табиғат пайдалану құқығы мемлекеттен не басқа да бастапқы табиғат пайдаланушылардан сол құқықтан айыру немесе әмбебап құқық мирасқорлығы тәртiбiмен алынған) және кейiнгi (табиғатты уақытша пайдалану құқығы бұл мәртебенi өзiнде сақтап қалатын бастапқы табиғат пайдаланушыдан шарт негiзiнде алынған) болуы мүмкiн.

Табиғат пайдалану жалпы және арнайы болып бөлiнедi.

Табиғат пайдалануды жалпы және арнайы пайдалануға топтастырудың маңызы зор. Мұндай топтастыру үшін өлшемдер табиғат қорғау құқығын негіздеу болып табылады.

Жалпы табиғат пайдалану тұрақты болып табылады және халықтың өмiрлiк қажеттi сұраныстарын қанағаттандыру үшiн және табиғи ресурстар пайдалануға берiлмей, тегiн жүзеге асырылады.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделсе, табиғатты жалпы пайдалануды шектеуге жол берiледi.

Жалпы табиғат пайдалану әрбір адамның жайлы қоршаған ортаға табиғи құқығын жүзеге асырумен байланысты болады. Жалпы табиғат пайдалану жалпы ережелер бойынша мемлекеттік органдар тарапынан арнайы рұқсатты талап етпейді, яғни жұрттың бәрі қол жеткізе алады. Алайда, заң жүзінде жалпы пайдалануға шектеу қойылуы мүмкін.

Жер Кодексіне сәйкес жалпы пайдаланылатын жерлерге алаңдар, көшелер, тротуарлар. өтпе жолдар, жолдар , жағалаулар, парктер, гүлзарлар, қаладағы ормандар, бульварлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың қажеттерін канғаттандыруға арналған өзге де объектілер (су құбырлары, жылыту құбырлары, тазарту құрылыстары және жалпы жұрт пайдаланатын басқа да инженерлік жүйелер) орналасқан және соларды орналастыруға арналған ортақ пайдаланудағы жер жатады.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңы өз мұқтаждары үшін жер қойнауының кейбір ресурстарын жалпы пайдалануға жол береді. Мысалы, жеке меншік иесінің немесе жер пайдаланушының өндірілген жалпы таралған қазындыларды не жер асты суларын олармен кейіннен мәміле жасау ниетінсіз өндіруге құқығы бар. Азаматтардың жалпы орман пайдалану кұқықтары ҚР-ның Орман Кодексінде баянды етілген. Жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қорының аумағында болуының тәртібі мен шарттары мемлекеттік орман қорының санатымен және аймақты абаттандырудың деңгейімен, орман пайдалану түрімен, ерекше қорғалатын табиғи аймақтар туралы жеке-дара ережелермен анықталады. Жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қорының аумағында демалысын өткізу, мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорт шараларына қатысу, жеке мұқтаждары үшін жабайы өскен жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді және дәрілік шикізаттарды, өзге де орман ресурстарын жинау мақсатында рұқсат құжаттарынсыз тегін болуына құқығы бар.

Арнайы табиғат пайдалану – ЭК-те және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген тәртiппен табиғи ресурстарды ақылы негiзде пайдалануды және (немесе) қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғаның қызметi.

Табиғатты арнайы пайдалану мемлекеттік органдар беретін арнайы рүқсаттың негізінде жүзеге асырылады және табиғи ресурстардың белгілі бір бөлігін заңды және жеке тұлғалардың оқшау пайдалануына бөлуді талап етеді.

Арнайы табиғат пайдалану құқығы:

1) табиғи ресурстарды пайдалану мен алуға және қоршаған ортаны қорғау саласында жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялар және (немесе) рұқсаттар;

2) табиғи ресурстарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен табиғат пайдалануға беру туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерi;

3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен жасалатын табиғат пайдалануға арналған шарттар (келiсiмшарттар) негiзiнде туындайды.

Қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылардың арнайы табиғат пайдалану құқығын жүзеге асыруына экологиялық рұқсаттар болған кезде жол берiледi.

Табиғи ресурстарды пайдалану құқығы жеке және (немесе) заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес берiледi.   

Арнайы табиғат пайдалану құқығын алған жеке және заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларға билiк ете алмайды.

Арнайы табиғат пайдалану құқығы мемлекет қауiпсiздiгiн және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкін.

Табиғат пайдалану түрлерiне:

1) жердi пайдалану;

2) суды пайдалану;

3) орманды пайдалану;

4) жер қойнауын пайдалану;

5) жануарлар дүниесiн пайдалану;

6) өсiмдiктер дүниесiн пайдалану;

7) қоршаған ортаға эмиссиялар;

8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн өзге де табиғат пайдалану түрлерi жатады.



3. Табиғат пайдалану құқығының мазмұны. Табиғат пайдаланушылардың негізгі құқықтары мен міндеттері.

Табиғат пайдалану құқығының мазмұны табиғат пайдаланушының құқықтары мен міндеттері болады.

Табиғат пайдаланушылардың:

- заңмен белгіленген шектерде қоғамдық кажеттерін қанағат-тандыру үшін табиғи ресурстарды пайдалануға;

- өзінің шаруашьшық және өзге де қызмет әдісін дербес таңдап алуға;

- жүзеге асырылуы экологиялық зиянды ықпалмен байланысты шешімдерді әзірлеу мен қабылдауға қатысуға;

- шартты мерзімінен бұрын бұзуымен байланысты, сондай-ақ мемлекет кажетіне алып қоюмен байланысты ысырап пен залалды өтеуге құқығы бар.

Табиғат пайдаланушылардың құқықтарынан басқа жалпы міндеттері де болады.

- табиғи ресурстарды нысаналы қызметіне және олардың берілу шарттарына сәйкес пайдалануға;

- шаруашылық және өзге қызметке белгіленген экологиялық нормативтерді және экологиялық талаптарды, қолданылып жүрген стандарттарды, техникалық шарттарды сақтауға;

- берілген табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға, қоршаған ортаға нүқсан келтірмеуге және басқа да табиғат пайдаланушылар құқықтарының бүзылуына жол бермеуге;

- қоршаған ортаның сапасын жақсартуға, табиғи ресурстарды молайтуды ұтымды пайдалануға бағытталған шараларлы жүзеге асыруға.



Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1.Табиғатты пайдалану құқығының түрлері

2.Арнайы табиғатты пайдалану түсінігі

3.Жалпы пайдалану құқығы

4.Шетел адамдарына және азаматтығы жоқ адамдардың табиғатты пайдалану ерекшелігі
Тақырып 5. Табиғат пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау мен басқару саласындағы мемлекеттік-құқықтық басқару тетігі

1. Табиғат пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік басқарудың түсінігі мен қызметі.

2. Табиғат пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауды басқаратын жалпы және арнайы органдар.

3. Табиғат пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы жоспарлау, бағдарламалау және стандарттау мәселелері. Экологиялық нормалары және қоршаған ортаға әсердің жол беруге болатын шекті нормативтері.

1. Табиғат пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік басқарудың түсінігі мен қызметі.

Экология саласындағы мемлекеттік басқару проблемасына табиғат қорғау мен табиғат пайдалану теориясының жалпы мәселелерін зерттейтін ғалым -заңгерлер, сондай-ақ экологиялық кұқықтың ресурстық салаларының өкілдері үнемі ден қойып келеді. Әрбір зерттеу елеулі тұрде ғылыми құндылық болып табылды, өйткені басқарудың жалпы теориясын толықтыра және дамыта отырып, салалық зандарда ғалымдар басқару тетігінің айрықша белгілерін — басқарудың өзіндік нысандары мен әдістерін бөліп көрсетті, бұлар осы әлеуметтік құбылыстың аса серпінді сипаттамалары болып табылады.

Басқаруды ұйымдастыру мәселелері қазіргі уақытта да мемлекеттегі экономикалық қайта құрулармен, меншіктің сан-алуан нысандарымен байланысты ерекше көкейтесті сипат алып отыр. Біздің республикамызда болып жатқан өзгерістердің осы жағдайларында ол өзгерістер қоғамдық өмірдің барлық салала-рын, соның ішінде басқару саласын да қамтуда. Бұдан ертеректе болған басқарудың әкімшілік-әміршілдік жүйе орнын барынша икемді аппарат басты, онда ықпалды басқарудың билік әдістері мен нысандары қоғамдық қатынастар субъектілерінің экономикалық тетіктерімен ауыстырылды. Меншіктің мемлекеттік емес нысандарының пайда болуы, жеке кәсіпкерліктің дамуы, біздің республикамыздың өмірін демократияландыру қазіргі басқару оргавдарының жүйесін, өз қызметінің сипатын өзгертуге мәжбұр етуде. Қазіргі кезенде, басқару процесін ұйымдастыра отырып, мемлекет мемлекеттік басқарудың саласында бола отырып, жаңа экономикалық құрылымға ыкдал етудің нысандарын пайдалану керек, солай бола тұрса да, мемлекеттік нұсқауларға бағынуға міндетті болуға тиіс. Сондықтан бүл экология саласында ерекше реттелуге тиіс, онда азаматтар мен мемлекеттің экологиялық мүдделерінің басымдығы сол мемлекеттің, кәсіпорынның және жеке кәсіпкерлердің экономикалық мүдделерінен жоғары тұруға тиіс.

Осының бәрі экология саласындағы мемлекеттік басқарудың құқықтық тетігінің республикадағы қазіргі ахуал айқындамасы тұрғысынан қаралуға тиіс екенін білдіреді.

Сонымен, табиғат қорғау мен табиғи ресурстарды мемлекеттік басқару дегеннен нені түсінеміз. Осы мәселе бойьшша ғалымдардың көзкарастарындағы айырмашылыққа назар аудармай болмайды.

О.С. Колбасов мемлекеттіктен нақты мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық қызметін түсінеді. Басқа ғалымдар былай деп есептейді: мемлекеттік басқарудың мәнін сипаттау үшін алғы шарт «басқарушы жүйенің (басқару субъектісінің) басқару жүйесіне ықпалы ретінде басқдру туралы ілім (басқару объектісі)».

Г.В. Атаманчук мемлекеттік басқаруға анықтама бере келіп, билік ықпалы принципін атап көрсетеді. Ол былай деп жазады: «мемлекеттік басқару — бүл ғылыми негіздеме, мемлекеттің қоғамдық жүйеге ықпалы жоспарлы, үздіксіз билік жүргізу ықпалы...». Бұл анықтама бәрінен бұрын басқарудың әміршілдік-әкімшілік жүйесінің мәніне сәйкес келетінін аңғару қиын емес, ол бұрын біздің мемлекетімізде болған. Бұл арада, біздің пікіріміз бойынша, осы заманғы айқындама Н.Б. Мұхитдиновтың айқындамасы болып табылады, ол бүл проблеманы тау-кен құқығына балап талдайды. Ол былай деп есептейді: мемлекеттің басқару пәрменділігін белгілеу үшін «ықпалдан» гөрі неғұрлым кең «аткарушылық-әкімшілік қызмет» терминін қолдану тиімдірек болар . Оның дәлелдері мынаған негізделген: «басқару тек қоғамдыққатынастарға катысушыларға ықпалды ғана көздеп қоймай, сонымен бірге олардың арасыңдағы өзара іс-қимылды да реттейді».

Мемлекеттік басқарудың уәкілетті органдарының бұл «аткарушылық-әкімшілік» қызметі қоғам мен табиғаттың экологиялық тұрғыдан негізді өзара іс-қимылын ұйымдастыру негізінде қор-шаған ортаның қолайлы сапасын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекет қызметін іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған.

Сөйтіп, жоғарыда аталған анықтамалардың негізінде мемлекеттік басқару ұғымын тұжырымдаймыз - бұл қоғамның өзара іс-қимылы жағдайында қоршаған ортамен, экологиялық-құқтарды жүзеге асырумен және мемлекет субъектілерінің экологаялық міндетгерін сақтаумен экологиялық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекетгік органдардың аткарушылық-әкімшілік қызметі.

Басқару қызметін жүзеге асырудың әдістері заң әдебиетінде көпшілік қабылдаған әдістер, олар басқарудың нысандары мен әдістерін белгілейді.

Мемлекеттік басқарудың нысандары үш негізгі тұрде көрініс береді:

1) заң шығарушылық нысаны — мемлекеттік органдардың басқару қатынастарын реттеуге бағытталған нормативтік актілерін әзірлеу мен қабылдау;

2 ) құқық қолданушылық — бүл нақты іс-қимылдарды кдбыл-дау мен жүзеге асыру арқылы басқару нормативтік актілерін жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттің қызметі;

3) құқыққорғаушылық — бүл мемлекетгік нормативтік актілерде көзделген талаптарды бүзатын немесе орындамайтын адамдарға жазалау шараларын қолдану жөніндегі ммлекеттің қызметі.

Мемлекеттік басқару әдістері қазіргі уақытта меншіктің көпте-ген нысандарының болуы ерекшелігін ескереді, және осының салдары ретінде, субъектіердің көп екенін де ескереді. Сондықтан қазіргі кезенде мемлекеттік басқару органдары аманатты әдісті де (міндетті нұсқамалар әдісі, мемлекеттік органдардың бұйрықтарын дәлме-дәл орындауды), ұсынымдар әдісін де ( қандай да бір шарттарды ескере отырып, мемлекеттік шешімдерді бірненше нұсқада орындау кезіндегі әдісін де) пайдаланады. Экологиялық тәжірибеде мемлекттік санкциялау әдісі кеңінен таралған, бұл әдіс жағдайында мемлекеттік емес органның шешімі оны мемлекет бекіткеннен кейін заңдық күшіне ие болады. Рұқсат ету әдісі мемлекеттік емес орган дербес болған жағдайда қолданылады. Барлығы үшін міндетті шешім өздерінің «ішкі» субъектілері үшін қабылданады.

Қызметтік көзқарас басқару қызметінің ерекшелігі мен мазмұнына тереңірек үңілуге көмектеседі. Мемлекеттік басқару қызметі дегеннен бір-бірінен нысаны, мазмұны және басқарылатын объектілердің немесе өзінің басқару компоненттерінің сақталуы мен қайта кұрылу әдісі жағынан өзгеше мемлекеттің билік етуінің жоспарлау-ұйымдастыру және реттеу ықпалдарының объективті тұрдегі шартты тұрлері ұғынылады.

Әрбір қызметті жүзеге асыру экологиялық занды қолдану негізінде мүмкін болады. Экологияны мемлекеттік басқарудың қызметтері элемент болып табылады, ол басқару қызметінің мазмұнын басқарудың мемлекетгік органдары жүйесімен байланыстырады.

Бүгінгі таңда экология саласындағы мемлекеттік басқару қызметінің мына қызметтерін бөліп көрсетуге болады:

1. Қоршаған табиғат ортасының нормаланған сапасы;

2 Экологиялық мониторинггі жүзеге асыру;

3. Экологиялық және табиғат пайдалану кадастрларын жүргізу;

4.Экологиялық сараптаманы жүргізу;

5.Экологиялық бақылауды ұйымдастыру;

6.Экологиялық төлемдер мен салықтарды алу;

7. Экология саласында мемлекеттік органдардың бұзушылықтары үшін жазалау шараларын қолдану .

2. Табиғат пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауды басқаратын жалпы және арнайы органдар.

Республикада экология мәселелерін кең көлемді мемлекеттік органдар басқарады. Жалпы мақұлданған үлгіге сейкес олар негізінен үш топқа жіктеледі: өкілді биліктің органдары, атқарушы билік, сот билігі. Осы топтардың әрқайсысының нысаналы мақсатымен, сипатымен және жұмыс көлемімен, нысандары мен әдістерімен өзара өзгешелігі бар. Бірақ бұл органдар мемлекеттік экологиялық қызметті жүзеге асыруда қалыпты жүйеге түскен.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабына сәйкес Парламент — Республиканың ең жоғарғы өкілді органы. Ол 5 жыл мерзімге (Мәжіліс) және 6 жыл мерзімге (Сенат) сайланады.

Парламент сондай-ақ бірден-бір заң шығарушы орган болып табылады, Республиканың Конституциясьш, заңдарын, кодекстерін және өзге де шешімдерін қабылдайды, оларға ресми түсіндірме береді. Парламент қабылдайтын нормативтік актілер мемлекеттің экологиялық саясатын анықтайды, барлық қоғамдық экологиялық қатынастарды реттейді, табиғи ресурстарға меншік нысанын белгілейді. Парламент атқарушы биліктің жүйесіндегі лауазымды адамдарды тағайындауға келісім беру арқылы аткарушы органдарды бақылайды. Олар сондай-ақ экономикалық өмірдің аса маңызды мәселелерін шешеді, республикалық бюджетті бекітеді және оның орындалуын бақылайды, Республиканың ақша жүйесі анықталады, мемлекеттік заемдар ұсынылады. Сонымен бірге Парламент қызметінің маңызды бағыттарының бірі Республиканың сот жүйесін қүру болып табылады. Ол Жоғарғы Сотты сайлайды, төменгі тұрған соттарды құру тәртібін белгілейді.

Жергілікті өкілді органдардың құзыретіне облыстың, ауданның, қаланың экологиялық ахуалына ықпал ететін маңызды мәселелер жатады. Мәслихат аумақты басқарудың схемасын, әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспары мен бағдарламасын, бюджеттің жобасын бекітеді. Жергілікті әкімшіліктің қабылдаған шешімдерінің орындалуын бақылайды, ол үшін тұрақлы комиссиялар құрады. «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы оргаңдары туралы» жаңа Заң мәслихаттардың жергілікті өкілді органдарының құзыретіне міндетті ережелерді бүзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейтін осы ережелерді бекіту кұқығын енгізді.

Құқық қолдану органдардың іс-қимылындағы негізгі орынды атқарушы биліктің лауазымды адамдары алады. Қазақстан Республикасының Президенті - мемлекеттің басшысы және республиканың атқарушы билігінің бірыңғай жүйесін басқарады (Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бабы). Президенттің экология саласьшдағы басқаруды ұйымдастыру жөніндегі өкілеттігі мейлінше кең ауқымды. Президент республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді, жарлықтар, қаулылар мен өкімдер шығарады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметі тұтастай алғанда қоршаған ортаны қорғауды жүзеге асыратын жалпы құзырет органының қызметті болып табылды. Бүл органның зерттеліп отырған мәселе бойынша қүзыретінің шектері Қазақстан Республикасының Конституциясында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 16-бабында белгіленген.

Қазақстан Республикасының Үкiметi қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында:

1) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану, қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын, оларды жүзеге асыру жөнiндегi стратегиялық шараларды әзiрлейдi;

2) мемлекеттiк экологиялық бағдарламаларды және табиғат пайдаланудың түрлi бағыттары бойынша, сондай-ақ климатты және Жердiң озон қабатын қорғау саласындағы бағдарламаларды әзiрлейдi;

3) табиғат пайдаланудың әралуан түрлерi бойынша тұжырымдамаларды мақұлдайды;

4) табиғи ресурстарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен табиғат пайдалануға беру туралы шешiмдер қабылдайды;

5) республикалық деңгейде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi бағдарламаларды бекiтедi;

6) табиғи ресурстардың әрбiр түрiнiң мемлекеттiк есебiн, мемлекеттiк кадастрлары мен мемлекеттiк мониторингiн жүргiзу тәртiбiн айқындайды;

7) мыналарды:

қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттердi;

ең озық қолжетiмдi технологиялар тiзбесiн;

эмиссиялар нормативтерi белгiленетiн және қоршаған ортаға эмиссиялар үшiн ақы алынатын ластаушы заттар мен қалдық түрлерiнiң тiзбесiн;

қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензияланатын қызмет түрiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарын;

қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуға арналған квоталар мен мiндеттемелердi сату тәртiбiн;

ластану учаскелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу тәртiбiн;

қоршаған ортаға эмиссиялар үшiн төлемақының базалық және шектi ставкаларын;

қоршаған ортаны ластаудан келтiрiлген залалды экономикалық бағалау ережелерiн бекiтедi;

8) мыналарды:

шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық қауiптi түрлерiнiң тiзбесiн;

айрықша экологиялық, ғылыми және мәдени маңызы бар қоршаған ортаны қорғау объектiлерiнiң тiзбесiн;

қоршаған ортаны қорғау саласындағы жобалардың ашық конкурстарын өткiзу тәртiбiн;

сот шешiмiмен республикалық меншiкке түстi деп танылған иесiз қауiптi қалдықтарды басқару тәртiбiн;

қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорларын қалыптастыру тәртiбiн айқындайды;

9) мыналарды:

қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерiн айқындау тәртiбiн;

кешендi экологиялық рұқсаттар беру тәртiбiн және қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттардың орнына кешендi экологиялық рұқсаттар алу мүмкiн болатын өнеркәсiп объектiлерi үлгiлерiнiң тiзбесiн;

парниктiк газдарды атмосфераға шығаруды шектеудiң, тоқтата тұрудың немесе азайтудың тәртiбiн;

озон қабатын бұзатын және құрамында солардың өнiмдерi бар заттарды импорттауға, экспорттауға, озон қабатын бұзатын заттарды пайдалана отырып жұмыстар жүргiзуге, құрамында озон қабатын бұзатын заттар бар жабдықтарды жөндеуге, монтаждауға, оларға қызмет көрсетуге рұқсат беру тәртiбiн;

парниктiк газдарды атмосфераға шығаруды және озон қабатын бұзатын

заттарды тұтыну көздерiн мемлекеттiк есепке алу тәртiбiн;

аумақтардың экологиялық жағдайын бағалау критерийлерiн;
      жердi бағалаудың экологиялық критерийлерiн;

Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiндегi мемлекеттiк қорық аймағының шекарасын;

қалдықтарды әкелу, әкету және транзиттеу тәртiбiн белгiлейдi;

10) халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

11) аумақты төтенше экологиялық жағдай аймағы деп жариялайды және төтенше экологиялық жағдай аймағы құқықтық режимiнiң қолданысын тоқтату туралы шешiм қабылдайды.

Арнайы органға Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен оның құрылымдық бөлімшелері жатады.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган:

1) бiртұтас мемлекеттiк экологиялық саясатты жүргiзедi және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бағдарламалардың орындалуын ұйымдастырады;

2) өз құзыретi шегiнде орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қоршаған ортаны қорғауды жүзеге асыру бөлiгiндегi қызметiн үйлестiредi;

3) климатты және Жердiң озон қабатын қорғау саласында мемлекеттiк басқаруды жүзеге асырады;

4) жеке және заңды тұлғалардың климатты және Жердiң озон қабатын қорғау, биоәртүрлiлiктi сақтау, жердiң шөлейттенуi мен жұтаңдауы саласындағы қызметiн үйлестiрудi өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады;

5) өз құзыретi шегiнде шаруашылық және өзге де қызмет бойынша экологиялық нормативтер мен экологиялық талаптарды бекiтедi немесе келiседi;

6) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерi бағдарламаларын әзiрлейдi;

7) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi өңiрлiк бағдарламалар мен iс-шаралар жоспарларын келiседi;

8) экологиялық рұқсаттар бередi, оларда қоршаған ортаға арналған эмиссияларға лимиттер белгiлейдi;

9) мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге асырады;


      10) қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге лицензиялар берудi жүзеге асырады;

11) табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы лицензияларды, рұқсаттарды, шарттарды (келiсiмшарттарды) өз құзыретi шегiнде келiседi;

12) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк экологиялық сараптаманы жүргiзедi, сондай-ақ Қазақстан Республикасында экологиялық сараптаманы жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi үйлестiредi және оған әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады;

13) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы бұзылған жағдайда мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындысын керi қайтарып алу және оны жою құқығымен, жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдарының мемлекеттiк экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргiзу қызметiне бақылауды жүзеге асырады;

14) мiндеттi экологиялық аудит жүргiзу туралы шешiм қабылдайды және міндетті экологиялық аудит жүргізу туралы қорытындының нысанын бекiтедi;

15) қоршаған орта жай-күйiнiң мемлекеттiк мониторингiн және мониторингтiң жекелеген арнайы түрлерiн жүргiзудi ұйымдастырады, сондай-ақ Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн жүргiзудi үйлестiредi;

16) Табиғи ресурстар кадастрларының бiрыңғай жүйесiн жүргiзедi;

17) Өндiрiс және тұтыну қалдықтарының мемлекеттiк кадастрын жүргiзудi ұйымдастырады;

18) Зиянды заттарды, радиоактивтi қалдықтарды көмудiң және сарқынды суларды жер қойнауына жiберудiң мемлекеттiк кадастрын жүргiзудi ұйымдастырады және оны жүргiзу жөнiндегi нұсқаулық-әдiстемелiк құжаттарды бекiтедi;

19) қоршаған ортаның ластану учаскелерiн мемлекеттiк есепке алуды ұйымдастырады;

20) Парниктiк газдардың мемлекеттiк кадастрын және Озон қабатын бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттiк кадастрын жүргiзудi ұйымдастырады;

21) озон қабатын бұзатын және құрамында солардың өнiмдерi бар заттарды импорттауға, экспорттауға, озон қабатын бұзатын заттарды пайдалана отырып жұмыстар жүргiзуге, құрамында озон қабатын бұзатын заттар бар жабдықтарды жөндеуге, монтаждауға, оларға қызмет көрсетуге рұқсат бередi;

22)Табиғат пайдаланушылардың және қоршаған ортаны ластау көздерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзедi және оларды есепке алу тәртiбiн белгiлейдi;

23) Экологиялық ақпараттың мемлекеттiк қорын жүргiзудi ұйымдастырады, қоршаған ортаға әсердi бағалау рәсiмiне және белгiленiп отырған шаруашылық және өзге де қызмет бойынша шешiмдер қабылдау процесiне қатысты экологиялық ақпаратқа қол жеткiзу мерзiмдерi мен тәртiбiн белгiлейдi;

24) ең озық қолжетiмдi технологиялар тiзбесiн әзiрлейдi және олардың тiзiлiмiн жүргiзудi ұйымдастырады;

25) әр түрлi дәрежедегi полигондарда орналастыру үшiн қалдықтар тiзбесiн айқындайды;

26) қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлейдi;

27) мемлекеттiк экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргiзуге қатысты құжаттардың нысандарын әзiрлейдi және бекiтедi;

28) мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу тәртiбiн қоса алғанда, қоршаған ортаға әсердi бағалау және мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу жөнiндегi нұсқаулық-әдiстемелiк құжаттарды әзiрлейдi және бекiтедi;

29) мыналарды:қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерiн айқындау әдiстемесiн;


      қалдықтар сыныптамасын;қауiптi қалдықтар бойынша есеп беру нысанын;табиғат пайдалану шарттарын қоршаған ортаға эмиссияларға берiлетiн рұқсаттарға енгiзу тәртiбiн, қоршаған ортаны эмиссияларға рұқсат беру мәселелерi бойынша құжаттардың нысандарын және оларды толтыру тәртiбiн;қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралардың үлгiлiк тiзбесiн;қоршаған ортаға эмиссиялар үшiн төлемақыны есептеу әдiстемесiн;жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының экологиялық сараптама саласындағы қызметiне бақылауды жүзеге асыру ережесiн;мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындысының нысанын;
техникалық реттеу саласындағы сараптама кеңесiнiң құрамын және оның ережесiн;

Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн жүргiзу жөнiнде ақпарат алмасудың тiзбелерiн, нысандарын және мерзiмiн;

топырақтағы химиялық заттардың жол берiлетiн шектi шоғырлануын;
      өндiрiстiк экологиялық бақылау бағдарламаларын келiсу тәртiбiн бекiтедi және өндiрiстiк экологиялық бақылау нәтижелерi жөнiндегi есептiлiкке қойылатын талаптарды белгiлейдi;

30) мыналарды:

қоғамдық тыңдау өткiзу тәртiбiн;

парниктiк газдар шығарудың және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынудың шектi нормативтерiн әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн;


      парниктiк газдар шығарындыларын және озон қабатын бұзатын заттарды түгендеу тәртiбiн;

31) мемлекеттiк экологиялық бақылау органдары жүйесiндегi зертханалық-талдамалық бақылау қызметтерiнiң жұмысын жетiлдiредi;

32) су объектiлерiн кешендi пайдалану мен қорғаудың бассейндiк схемаларын келiсуге, бассейндiк келiсiмдердi дайындауға, су объектiлерiн пайдалану, молықтыру және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк (өңiрлiк және бассейндiк) бағдарламалар әзiрлеуге, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде су ресурстарын басқарудың бассейндiк принципiн iске асыруға қатысады;

33) қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

34) қоршаған ортаны қорғау саласында келiсiмдер, меморандумдар жасасады;

35) Ұлттық экологиялық атласты әзiрлеудi және жариялауды ұйымдастырады;

36) мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен нормативтiк құқықтық актiлер жобаларының тiзiлiмiн жүргiзедi.

Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы арнайы уәкiлеттi мемлекеттiк органдар мыналар болып табылады:

1) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;

2) жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган;

3) орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;

4) жануарлар дүниесiн қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;

5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;

6) жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган;

7) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;

8) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;

9) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;

10) өсiмдiктердi қорғау мен олардың карантинi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган;

11) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган.


      ЭК-тің 20-бабына сәйкес облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары (бұдан әрi - жергiлiктi атқарушы органдар) қоршаған ортаны қорғау саласында келесі өкілеттіктері бар:

1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiлген қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану жөнiндегi iс-шаралар және олардың тиiстi аумақтарда iске асырылуы көзделетiн бағдарламалар мен өзге де құжаттар әзiрлеудi ұйымдастырады;

2) мемлекеттiк экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың қорытындылары негiзiнде өз құзыретi шегiнде кәсiпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектiлердi салуға немесе реконструкциялауға тыйым салады немесе рұқсат бередi; 

3) өз құзыретi шегiнде шаруашылық қызмет объектiлерiнiң мемлекеттiк экологиялық сараптамасын ұйымдастырады және жүргiзедi; 

4) мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу кезiнде қоғамдық тыңдау ұйымдастырады; 

5) қоршаған ортаны қорғау саласында құжаттар әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар енгiзедi, мұндай құжаттардың бастамашылық жобаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның қарауына бередi; 

6) қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге лицензиясы бар штаттан тыс сарапшыларды (жеке және заңды тұлғаларды) сараптамалық жұмыстар жүргiзуге тартады;

7) өз құзыретi шегiнде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерiн әзiрлейдi; 

8) қалдықтарды басқару жөнiнде бағдарламалар әзiрлеудi ұйымдастырады және олардың орындалуын қамтамасыз етедi; 

9) өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастыру жөнiндегi объектiлердi салуға жер учаскелерiн бөледi; 

10) қалдықтарды жою және орналастыру жөнiндегi объектiлердi салуды қамтамасыз етедi; 

11) коммуналдық қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етедi; 

12) қалдықтардың пайда болу көлемдерiн бақылауды жүзеге асырады және қалдықтардың пайда болу көлемдерiн азайтуға, олардың қайтадан немесе баламалы түрде пайдаланылу деңгейiн арттыруға және көмiлуге тиiс қалдықтар көлемiн қысқартуға бағытталған iс-шаралар мен экономикалық ынталандырулар әзiрлейдi; 

13) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен табиғи ресурстарды табиғат пайдалануға беру туралы шешiм қабылдайды;

14) тиiстi аумақта тұрған табиғат объектiлерiнiң жай-күйi туралы халықты хабардар етудi жүзеге асырады; 

15) қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзудiң тiркелуiн жүзеге асырады; 

16) қоршаған ортаны қорғау саласындағы инвестициялық жобаларды әзiрлейдi және оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға табыс етедi.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет