Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы мағлұмат



бет1/36
Дата05.11.2016
өлшемі7,94 Mb.
#574
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36
Қ.Р. Конституциясы және оның маңызы. Тарих ғылым және пән ретінде.

Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы мағлұмат


Қазақстан Республикасының Конституциясы — Қазақстан мемлекетiнiң Ата (негiзгi) заңы. 1995 ж. 30 тамызда Респ. референдум өткiзу (бүкiл халықтық дауыс беру) жолымен қабылданды. Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемл. билiктiң қайнар көзi — өзiнiң егемендiк құқығын баянды еттi. Ата заң қабылданған күн демалыс — мемл. мереке — ҚР Конституциясының күнi деп жарияланды. Бұл жаңа Конституция Қазақстанның төртiншi Ата заңы (1937, 1978, 1993, 1995). Оның құрылымы кiрiспеден, 9 бөлiмнен, 98 баптан, көптеген тармақтар мен тармақшалардан тұрады. Жаңа Конституцияның ең жоғары заңдық күшi бар және ол ҚР-ның бүкiл аумағында тiкелей қолданылады. Мұның өзi Конституциялық нормалар мен заңдардың басқа нормативтiк құқықтық актiлердiң нормаларынан үстем екендiгiн көрсетедi. Кейiнгi екi Конституцияның алдыңғы екеуiнен елеулi айырмашылығы сол — бұлар тұңғыш рет мемл. тәуелсiздiктi, егемендiктi және Қазақстан халқының толық билiгiн бекiтiп, одан әрi орнықтырды. Жаңа Ата заңда құқықтық мемлекеттiң қалыптастырылу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның iшiнде жеке адамның жан-жақты еркiндiгi, идеол. және саяси әр алуандығы (сөз және шығарм. бостандығы, саяси партиялар мен бұқаралық партиялар, сондай-ақ бұқаралық қозғалыстар бiрлестiгiн құру еркiндiгi), халық билiгiн жүзеге асыратын демокр. амалдар, экон. қатынастардың қызмет етуi әлемдiк талаптарға сәйкестендiрiлген. Оның нормалары тұрақты, жалпы мәнде ұзақ жылдарға бейiмделiп тұжырымдалған.

ҚРК барлық заң салаларының негiзi болып табылады, ал оның нормалары басқа заңдар үшiн басты қағида болып есептеледi.



ҚРК-ның кiрiспесiнде Ата Заңды қабылдаудың себептерi мен мақсаттары былай түсiндiрiлген: “Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүз. қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы тарихи жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз”. Ата Заңның бұл бөлiгi саяси және идеол. тұрғыдан алғанда аса маңызды. Өйткенi, бұл Ата заң ҚР-нда демокр., зайырлы, құқықтық және әлеум. мемлекет құрудың конституциялық негiзiн қалады. Осыдан келiп, ҚР-ның мынадай негiзгi мақсаты туындайды: өзiнiң ең қымбат қазынасы ретiнде адамды және оның өмiрiн, құқықтары мен бостандықтарын айқындап, бекiту; өз елiнде және мемлекеттер арасында азаматтық бейбiтшiлiктi, ынтымақтастық пен тату қарым-қатынас жасау әдiстерiн орнықтыру; байырғы қазақ жерiнде мемл. бiрлiктi сақтау; республиканың тәуелсiздiгiн сақтап, ұстап тұру; ҚР-ның демокр. негiздерiнiң мызғымастығын бекiту. Осыған орай республика қызметiнiң түбегейлi қағидалары айқындалады, олар: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экон. даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демокр. әдiстермен, оның iшiнде респ. референдумда немесе Парламенттiк дауыс беру арқылы шешу (1-бап, 2-тармақ).

Ата Заңның негiзгi бөлiгiнде (I — VIII бөлiмдер) азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен мiндеттерi туралы, конституциялық құрылыс жайлы, мемл. нысандар жөнiнде, мемл. буындардың жүйесi мен мәртебесi туралы (Президент, Парламент, Үкiмет; Конституциялық Кеңес, соттар, және сот төрелiгi, жергiлiктi мемл. басқару және өзiн-өзi басқару туралы) нормалар тұжырымдалған. Қорытынды және өтпелi ережелер мазмұндалған соңғы IХ бөлiмде Ата Заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi, конституциялық заңдар мен өзге де заңдарды қабылдау рәсiмi сөз болады. Ата Заң құрылымына жасалатын талдау оған негiз болған конституциялық идеялардың айқын көрiнiсiн бередi. “Жалпы ережелер” деп аталатын 1 бөлiмде жаңа конституциялық құрылысқа сапалық сипаттама берiлген, яғни Конституция бойынша республикада мемл. билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот билiгi тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау қағидаcына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл бөлiмде осыған орай конституциялық құрылысты айқындайтын, мемлекет пен жеке адамдардың және азаматтық қоғамның қарым-қатынастарынан туындайтын негiзгi қағидалар тұжырымдалған, олар: Қазақстан халқының толық билiгi (егемендiгi); Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы; мемл. билiктi жүзеге асыру барысындағы пiкiр еркiндiгi; Конституцияның үстемдiгi (жоғары тұратындығы); мемлекет билiгiнiң бөлiнiсi; адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекет мүдделерiнен басымдығы; мемл. тiл саясатының кепiлдiгi, т.б. Азаматтық қоғамда мемлекет адам мүддесi үшiн жұмыс iстейдi, мемл. билiк заң шығарушы, атқарушы және сот билiгi тармақтарына бөлiнiп, олардың тежемелiк, тепе-теңдiк жүйесi пайдаланылады. ҚР конституциялық құрылысының мазмұны саяси, экон. негiздерден, әлеум. саясат негiздерiнен, iшкi саясат негiздерiнен құралады. Олар ҚРК-ның 1, 2, 3, 4, 6, 7, 8, 12, 14, 26-баптарында тұжырымдалған. Конституцияның 1-бабының 1-тармағында “Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады”, — деп жарияланған. Мұның өзi Конституцияның 2-бабының 1-тармағында көрсетiлгенiндей, “Қазақстан Республикасы — президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет” екендiгiнен туындайды. Мұның мәнiсi мынада: бiрiншiден, Президент мемл. билiк тармағының бiр де бiрiне жатқызылмайды; екiншiден, Президенттi халық сайлайды және ол Парламентке тәуелсiз; үшiншiден, Президентке кең өкiлеттiктер берiледi және ол Конституцияға сәйкес мемл. билiктiң барлық тармақтарына, олардың өз өкiлеттiктерiн тиiмдi жүргiзуiне көмектеседi, олардың өзара қарым-қатынастарына сындарлы ықпал ете алады; төртiншiден, ұлан-байтақ қазақ жерi ұлттық-аумақтық бөлiнiстерге бөлiнбей, тек әкiмш.-аумақтық бөлiнiстерге — облыстарға, қалаларға, аудандарға, ауылдарға ғана бөлiнедi және олар жоғарыдағы бiр орталыққа бағынады. Демек, мемлекеттiң басында заңды түрде сайланған Президент тұрып, басшылық етедi. Президенттiк басқару нысаны елдегi саяси тұрақтылықты және қоғамдық келiсiмдi қамтамасыз етедi. Ал “Республиканың егемендiгi оның бүкiл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi” (2-бап, 2-тармақ). Қазақстандағы саяси құрылыс демокр. болып жариялануына орай Ата Заңның 3-бабы халық егемендiгiнiң конституциялық қағидасына арналған. Мемл. билiктiң бiрден-бiр бастауы — халық екендiгi былай баяндалған: “Халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi. Қазақстан Республикасында билiктi ешкiм де иемденiп кете алмайды. Билiктi иемденiп кетушiлiк заң бойынша қудаланады. Халық пен мемлекет атынан билiк жүргiзуге Республика Президентiнiң, сондай-ақ өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегiнде Парламенттiң құқығы бар” (3-бап, 2, 3-тармақтар). Сонымен қатар ҚР-нда идеол. және саяси әр алуандылық танылады. Қоғамдық және мемл. ин-ттардың бiрiгiп кетуiне, мемл. органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берiлмейдi. “Адам және азамат” деп аталатын II бөлiмде адам мәртебесi, жеке бастың құндылығы ашып көрсетiлген. Онда жеке адамның құқықтары мен бостандықтары халықар. құқықтың мойындалған қағидалары мен қалыптарына тiкелей байланыстырылған. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мемлекет мүддесiнен жоғары қойылуы Ата Заңның басты ұстанымы болып табылады. “Президент” деп аталатын III бөлiм мемлекет басшысы ретiнде Президенттiң жаңа мәртебесiн толық бейнелейдi. Басқа мемл. органдардың құрылуы мен қызметi IV — VIII бөлiмдерде көрсетiлген. ҚРК-ның құрылымында әр бөлiм өз қисынымен реттi орналасқан әрi баршаға түсiнiктi. “Қорытынды және өтпелi ережелер” деп аталатын IХ бөлiмде жаңа Ата Заңды күшiне енгiзу нормалары бекiтiлген, бұрынғы Конституцияның қолданылу күшi қай кезден бастап жойылғаны нақтыланған. 1995 жылғы Конституция күшiне енгенге дейiн қолданылып келген заңдардың одан әрi қолданыста болу тәртiбi көрсетiлген. Ата Заңның мемл. және қоғамдық органдардың өзге актiлерiне де, соның iшiнде басқа заңдарға да қатысты ең жоғары заңдық күшi бар. Мемл. органдардың өзге актiлерi, барлық заңдар ҚРК негiзiнде және соған сәйкес, сол белгiлеген рәсiм бойынша қабылданады. Мемлекет жасасатын халықар. келiсiмдер мен шарттар да ҚРК-на сәйкес болуға тиiс. Қолданыстағы нормалар конституциялық қалыптармен сай келмеген жағдайда соңғысы қолданылады, өйткенi басқа нормалар осыған сай келтiрiлуге тиiс. Конституцияның қағидаларына қайшы келетiн заңдар мен өзге актiлердiң заңдық күшi болмайды. Яғни кез келген демокр. құқықтық мемлекеттiң ағымдағы заңдары құқықтың базалық көзi болып табылатын Конституцияға негiзделедi және оның рухына сай келуге тиiс. Конституцияның нормалары ағымдағы заңдармен ұштастырылуы мүмкiн. Алайда, ағымдағы заңдар Конституцияның шеңберiнен шығып кетпеуге тиiс және конституциялық нұсқаулар мазмұнын өзгертпеуге тиiс. Кез келген құқықтық актiнiң Конституцияға сай келмеуi немесе оған қайшы келуi бұл құқықтық актiнi заңды күшiнен айырып, жарамсыз етедi. Бұл Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет құрудың аса маңызды шарты.

ҚРК-ның жоғары тұрғандығын арнайы мемл. орган — ҚР Конституциялық Кеңесi қамтамасыз етедi. ҚРК-ның 74-бабына сәйкес, КРК-на кереғар деп танылған заңдар мен халықар. шарттар қол қойылуға жатпайды немесе тиiсiнше бекiтiлуге және күшiне енгiзiлуге тиiс емес. Заңдарды Конституцияға сай келедi деп тану оларға қол қою мерзiмiнiң басталғандығын бiлдiредi. Конституцияда баянды етiлген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектейдi деп танылған заңдар немесе өзге нормативтiк құқықтық актiлер күшiн жояды және қолданыстан шығарылады. Сондай-ақ соттар мен өзге де құқық қорғаушы органдардың осындай заңға немесе өзге нормалық құқықтық актiге негiзделген шешiмдерi де орындалуға жатпайды.

ҚРК тұрақтылық нышанымен ерекшеленедi. Негiзгi заң ретiнде оған өзгерiстер енгiзу тәртiбi де ерекше сипатта болады, бұл тәртiп Конституцияның өзiнде белгiленген. Мәселен, 91-баптың 1-тармағына сәйкес ҚРК-на өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу Республика Президентiнiң бастамасымен, Парламенттiң немесе Үкiметтiң ұсынысымен қабылданған шешiм бойынша өткiзiлетiн респ. референдумда жүзеге асырылуы мүмкiн. Егер Президент өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi Парламенттiң қарауына беруге ұйғарса, онда өзгерiстер мен толықтырулардың жобасы респ. референдумға шығарылмайды. Бұл ретте Парламенттiң шешiмi Конституцияда белгiленген тәртiппен, яғни әр Палата депутаттары жалпы санының 3/4 дауысымен қабылданады (62-бап, 3-тармақ). Егер Президент Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу мәселелерiн респ. референдумға шығару туралы Парламенттiң ұсынысын қабылдамай тастаса, онда қос Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде бестен төртiнiң көпшiлiк дауысымен Парламент осы өзгерiстер мен толықтыруларды Конституцияға енгiзу туралы заң қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда Президент осы заңға қол қояды немесе референдумға шығарады. Егер референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, референдум өткiзiлдi деп есептеледi, егер олардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, заң қабылданды деп саналады.

Қазақстан тарихы” тарихы пәніне кіріспе



Теги: Қазақстан тарихы, тарих, кіріспе

Тарих латын тілінен аударғанда, өткен оқиғалар жөніндегі әңгімелер, зерттелген, анықталған туралы баяндау. Бірақ, тарих тек қана өткен туралы әңгіме ғана емес, ол нақты оқиғалардың жүйелі дамуы мен өзгеруін зерттейтін ғылым. Сонымен бірге өткен оқиғалар қорытындылай келе, оларға әр адамның, халықтың, жалпы адамзаттың қызығушылығын туғызады. Сол себептен біз өткенді терең білгіміз келеді.

Тарих – ол халықтың жады, ол біздің рухымызды көтеріп, болашаққа жол сілтейді. Отанымыздың тарихын оқу, зерттеу, бізге қай жерде туғанымызды, туған еліміздің қандай екенін, біздің туған жерге деген қатынасымызды, отанымыздың кешегісі мен бүгінгісіне көз жіберуімізге мүмкіндік туғызады.

Қателіктер жібермеу үшін өз еліңнің тарихын білу керек. Тарихи оқиғалар тізбесін ғана емес, әкелер жерінің тарихының негізін, негізгі мағынасын білу керек.

Тарих – ғылым ретінде көптеген маңызды мәселелерді шешеді. Гуманитарлық ғылымдар кешенінде ол басты орын алады. Ол Отан – ата мекеніміздің өткені туралы білім беріп қана қоймайды, сонымен бірге, тарихи таным – отан тарихына ортақтастық сезім қалыптастырады. Тарихты оқу - әр азаматта азаматтық көзқарас, ұлттық мәдениет қалыптастыруға және өз халқының салт дәстүрін жалғастыруға мүмкіндік береді. Осының бәрі ұрпақтар сабақтастығын жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады.

“Қазақстан тарихы” пәнінің маңызды міндеттерінің бірі - сонымен бірге жас ұрпақтың тарихи құбылыстар мен оқиғаларды зерделеуіне, бағалауына, оларға нақты баға беруге тәрбиелеу.

Өз халқыңның өткенін, оның мәдениетін зерделеу, жастарға құндылық бағдарын анықтауға мүмкіндік береді, яғни тарихтың тәрбиелік маңызы өте зор.

Келешекте өмір сүріп, күн кешетін жас ұрпақ өз атамекенінің тарихын, өз шыққан тегін, ата бабаларының тарихи тәжірибесін әрі қарай мақтанышпен жалғастыру үшін білу керек.

Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялауы және осыған байланысты жаңа тарихи үрдістер - азаматтардың сана сезімінде елеулі өзгерістер туғызды. Әлемге, халыққа және оның тарихына деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Егер бұрын Қазақстан тарихы- Совет Одағының бір құрамдас бөлігі ретінде қарастырылса, енді оны әлемдік тарих, Еуроазия тарихы, көшпенділер өркениеті, түркі халықтарының; Орта Азия халықтарының тарихы тұрғысында қарастыру сезімі туып отыр.

Сондықтан да бүгін Қазақстан тарихын зерделеуде біз жалпы өркениеттік тұрғыны пайдаланамыз, себебі, Қазақстан тарихы- бүкіл әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі болып табылады. Оның еуроазия мәдениеті мен тарихына жататындығына көңіл аударуымыз маңызды. Еуропа мен Азияның тоғысуында жатқан Қазақстан аймағы әрқилы халықтар, өркениеттер, мәдениеттерді байланыстыратын “көпір” болды.

Жалпытүрік ортақтықтағы, көшпелі өркениеттін жүйесінде, еуроазиялық халықтардын тарихи-мәдени ортақтықтын дамуында қазақ халқының орының, мемлекеттілігінің ролін көрсету – қазақстан тарихының міндеттерінде маңызды орын алады. Қазақ этностын қалыптасуының негізгі кезеңдерін, оның шаруашылығын, тұрмысын, әлеуметтік құрылысын, және саяси жүйесін ұзақ тарихи уақыт бөлігінде анықтау Қазақстан тарихының міндеттеріне кіреді. Этногенез, мемлекеттілік, көрші этникалық ұйымдарымен, мемлекеттерімен қатынастар, отарлық соғыстар, ұлт-азаттық қозғалыстар – қазақ халқы тарихының негізгі мәселелерін қайта бағалауына, қайта ойлануына көмек ету – Қазақстан тарихының маңызды міндеттерінің бірі. Қазақ қоғамындағы әлеуметтік-таптық қатынастарын сипатталау, жұрттын әр түрлі әлеуметтік топтардын ролін көрсету тарихи ғылымының зор мәселелеріне жатады. Тарихи ғылымында кошпенділердін рухани әлемінің эволюциясы, олардын әлемдік өркениетіне қосқан үлесі, көшпелі дала мәдениеттін егіншілік-отырылықшық мәдениетімен, көрші Ресей, Қытай, Кіндік Азияның халықтарының мәдениеттерімен өзара байланысы және өзара ықпалы жаңа өркениеттік тұрғысынан көрсетіледі.



Қазақстан тарихы пән ретінде студенттердін дүниетанымдарын, азаматтық позицияларының қалыптасуына зор ықпал етеді, яғни өз елінің, өз халқының тарихын білу патриоттық сезімдерді туғызады.



Карта.

Б. з. б. 2 млн 500 жылдан Б. з. б. 3 мың жылдыққа дейін — Тас дәуірі Б. з. б. 2 млн 500 жылдан 45-35 мың жылға дейін —палеолит. Б. з. б. 2,6 млн жылдан — 100,000 жылға дейін — Төменгі палеолит дәуірі. Б. з. б. 300 — 30 мың жыл бұрын — Орта палеолит дәуірі. Б. з. б. 50 — 10 мың жыл бұрын Кейіңгі палеолит дәуірі. Б. з. б. 10-15 мың жыл бұрын — Мезолит дәуірі. Б. з. б. 15-3 мың жыл бұрын — Неолит дәуірі. Б. з. б. 3-2 мыңжылдықтар — Мыстас дәуірі. Б. з. б. 35 / 33 — 13/11ғасырлар — Қола дәуірі. Б. з. б. XV-XIII ғасырлар — Андронов мәдениетінің кезі. Б. з. б. VIII ғ. — Темір дәуірінің басы.



Ежелгі адам өз дамуында бірінен кейін бірі келетін бірнеше кезеңдерден өтті. Археологияда қабылданған кезеңдерге сәйкес адамзат тарихы тас, қола және темір дәуірлеріне бөлінеді.

Тас дәуірінің кезеңдері

1. ПалеолитЕжелгі тас дәуірі адамзат тарихындағы ең ұзаққа созылған және аса маңызды кезеңдердің бірі болып табылады. Ежелгі тас ғасыры-адам мен оның шаруашылығының қалыптасуының бастапқы уақыты. Алғашқы адам жабайы өсетін дәндерді жеміс – жидектерді жинап жануарларды аулаған. Ежелгі тас дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымы күрделі де ұзақ даму жолынан өтті. Оның бастапқы кезеңі алғашқы тобыр-бірлесіп қорғану және шабуыл жасау, аң аулау және жиын-терін үшін бірлесу болды. А. Ерте палеолит - Ежелгі палеолит – ірі-ірі үш кезеңге: Олдувэй (б.з.б. 2,6 млн жыл-800 мың жыл);Ашель (б.з.б. 800-140 мың жыл); Мустье (40-35 мың жыл) кезеңдерге бөлінеді. Адам баласынының ең алғашқы еңбек құралдары тастан жасалған. Осыған байланысты алғашқы тарихи кезең тас ғасыры деп аталған. Табиғаты. Оңтүстіктегі Үнді мұхиты жағынан жылы ауа Қазақстан жеріне келіп турған. Сондықтан Казақстанда субтропиктік ормандар болған. Осы кездегі Қазақстан жерін мекендеген жануарлар: өзен, көлдердің жағасында пілдер, шалғында жылқылар, таулы жерлерде аюлар, мамонттар, бұғылар, бизондар, тауларда арқарлар, тауешкілер т.с.с. Б.з.б. 100-80 мың жыл бұрын ауа райы қүрт өзгерген. Осы кезде Қазақстанда ұзаққа созылған ауа райының суытуы басталған. Барлық тауларды мұз басқан. Бұл суық мерзім б.з.б. 12-5 мың жылдарға дейін созылған. Адамдары. Қазақстан жерін ежелгі адамдар б.з.б. 800-140 мың жылдықтардан бастап мекендеген. Алғашқы адамдар Қаратау жотасы мен Қарасу тұрағында мекендеген.


  • Aлғашқы адамдардың айналысқан істері: аң аулау, терімшілік.

  • Алғашқы адамдар баспанасы: табиғи үңгірлер, үңгіме қуыс, тау шатқалдары т.б.

  • Адамдар табиғаттың дүлей күшіне қарсы тұру үшін, бірігіп аң аулап тіршілік етіп қиындықты жеңу үшін топпен өмір сүрді.

Еңбек құралдары. Ауыр салмақты, тік бұрышты ұсақ шақпақ тастар ең ежелгі еңбек құралдарына жатқызылады. Жамбыл облысындағы Бөріқазған, Тәңірқазған, Шабақты мекендерінен (5000-ға жауық тас құрал), Қазанғап шатқалы (тастан жасалған 300-ге жуық құрал), Қарасу тұрағы (тастан жасалған 1500-ға жуық құрал), Сарыарқа тұрақтары, Балқаштың Солтүстік жағалауы (ежелгі адамдардың тұрақтары) т.с.с. жерлерден тастан жасалған құралдар табылған.

Ә. Орта палеолит- (б.з.б. 140-40 мың жылдықтар). Орта палеолит дәуірі ертедегі адамның дамуымен, мәдениеті дамуының жаңакезеңі болуымен ерекшенеледі. Орта палеолитте Қазақ даласындағы жер құрылымында күшті тектоникалық (құрылу, өзгеру процестері–грек сөзі) қозғалыстар болып өтті. Соның нәтижесінде таулар, төбелер пайда болып, жерді екі рет топан су басты. Солтүстік Мұзды мұхиттың суы көтеріліп, ол Қазақстан жеріне дейін келді. Орталық Қазақстанда жер деңгейі 500 метрге дейін көтерілді. Бірнеше мың жылдардан кейін Оңтүстікте басталған мұздардың еруіне байланысты Қазақстан жерінде құмды, шөлді, суы тапшы жерлер пайда болды. Өзеңдердің қазіргі арналары қалыптаса бастады. Қазақстандағы жазық жерлер (Ертіс пен Балқаш маңы) орманды далалы, оңтүстігі көбіне жусанды, шөлді болып қалыптасты. Тянь-Шаньда және басқа да таулы жерлерде қаптал қарағай, шырша, жөке, қызыл қайың, қандыағаш өсетін болды. Қазақ даласында бірнеше хайуанаттардың түрлері болды: пілдер, жүні сирек мамонттар, жазық далада түйе, қарақұйрық, бөкендер т.б. болды. Адамдар және олардың тіршілігі. Орта палеолит дәуірінің адамдары– неандертальдықтар. Антропологиялық келбеті: қысқа мойынды, аса ірі тісі бар, сөйлеу қабілеті дұрыс қалыптаспаған. Негізгі кәсібі: аң аулау, терімшілік. Аңды қауым болып бірігіп, топпен аулаған. Басты ерекшеліктерінің бірі шақпақ тастарды бір – біріне үйкелеу арқылы отты шығаруды үйренді. Осы кезде алғашқы діни наным қалыптаса бастады. Ең алғашқы дін магия. Бұл арқылы өлікті бір қырына қарай жатқызып, аяғын бүгіп жерлеген. Еңбек құралдары және археологиялық ескерткіштер. Тасты өңдеу әдісі жетілді. Еңбек құралдары негізінен, нуклеуістен (тастан) жасалды. Пышақ, қару ретінде үшкір тас, ағаш, тері өңдеу үшін қырғыш тас пайдаланылды. Археологиялық ескерткіштер Оңтүстік Қазақстандағы Топалы шатқалы мен Қызылрысбек тұрағынан табылған заттар: үшкір тас, қырғыш т.б.

Б. Кейінгі палеолит- Соңғы палеолит б.з.б. 40-35 мың жалдан басталып, 12-10 мың жылмен аяқталады. Бұл жер шарының барлық климаттық аймақтарына адамның кеңінен тарай қоныстаған және нәсілдер мен нәсілдік топтардың қалыптасу уақыты. Бұл тұста адамдардың рулық қауымы мен топтық ұжымдары қалыптаса бастады.Рулық қауымдар барлық жерлерде алдымен отбасының қамқоршысы, бала өсіруші ана төңірігінде топтасты, осыған байланысты әйелдер алғашқы қауымда үстемдік жасады, мұның өзі аналық – матриархаттық дәуір деп аталды. Сонымен, аналық ру өзара қандас туыстығы арқылы біріккен және шешелері жағынан шыққан тегі бір адамдардың экзогамиялық тобы болды. Соңғы палеолитте ірі хайуанаттардың азайюы адамдардың тұрмыс жағдайларын едәуір өзгертті. Енді орташа және ұсақ аңдарды аулау үшін жетілдірілген жаңа құралдар қажет болды. Аңшылар қолдарына қару алып, тамақ іздеп, ұсақ сапар шекті. Әр түрлі іске қолданылатын еңбек құралдары пайда болды. Соңғы палеолитте Қазақстан жерінде адамзат қоғамының үздіксіз ілгері дамып отырғаннын көрсетеді.

2. Мезолит (орта тас ғасыры)-(б.з.б. 12-5 мың жылдықтар). Кейінгі палеолит дәуірінен кейін орта тас дәуірі (грекше «мезос» - орта деген сөзден шыққын) мезолит дәуірі келді. Бұл дәуір тарих ғылымында өте аз зерттелгендіктен, осы дәуірдің ескерткіштері Қазақстан жерінен аз табылған. Табиғаты. Қазақстанның ауа райы қүрт жылынып, мұздар еріді. Шөбі, өсімдігі мол далалар сиреп кетті. Бірқатар жануарлар (мүйізтұмсықтар, мамонттар) құрып кетті, енді аңшылардың аулайтын көбінесе бизон мен жылқы, жабайы ешкі мен киік, койы, үйрек болды. Мезолит дәуірінің ең маңызды өнертабысы- садақ пен жебе. Садақ пен жебенің ойлап табылуы өндіргіш күштер дамуында шын мәнінде революция еді. Сайып келгенде бұл ежелгі адамның шаруашылық өміріндегі түбірлі өзгерістерге жеткізді. Садақ пен жебеден басқа осы кезде микролиттер- ұшбұрыш, ромб, трапеция, сегмент тәрізді ұсақ қалақтар пайда болды. Дәуірдің ерекшеліктері: жануарларды қолға үйрету, дәнді дақылдар өсіру.

3. Неолит (жаңа тас ғасыры) (б.з.б. 5-3 мың жылдықтар). неолит дәуірі тас дәуірінің соңғы кезеңі жаңа тас дәуірі болып саналады. Неолит дәуірінің аса маңызды белгісі табиғаттың дайын өнімдерін иемдену яғни терімшіліктің орнына келген өндіруші шаруашылыққа негіз болған мал шаруашылы мен егіншіліктің шығуы болып табылады. Шаруашылықтың жаңа түрлері шығуының адамзат қоғамының дамыу үшін орасан зор маңызды болды, адамның еңбек кәсібінің саласын кеңейтті, сонымен қатар оның сипатын сапасы жағынан өзгертті. Өндіруші шаруашылықтың шығыу «неолиттік революция» деп аталды. Тамақ өндіруге, жеуге жарайтын өсімдіктерді саналы түрде өсіруге, жануарларды қолға үйретуге, өсіруге және іріктеуге көшу адамзат тарихында адамның от жағу өнерін меңгергенінен кейінгі асқан зор экономикалық революция болды. Неолит дәуірінде еңбек құралдары жетілдіріліп, жаңадан бұрғылау, тастарды тегістеу ағашты арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістері шықты, бірте-бірте қиын өнделетін тастар тұрмысқа, шаруашылыққа пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, дән үккіштер, келілер, келсаптар жасала бастады. Неолит дәуірінде Қазақстан жерінде кен кәсібі мен тоқымашылықтың бастамалары шықты. Сонымен бірге керамикалық ыдыс жасау іске аса бастады. Әлеуметтік жағынан алғанда неолит дәуірі рулық қауым дәуірі болды: онда ұжымдық еңбек және өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Осы кезде тайпа бірлестіктері құрылды. Тайпалар тұқымдас жағынан және шаруашылықтың түріне қарай біріккен бірнеше рулық қауымдардан тұрды. Ежелгі Қазақ жеріндегі тайпалар ақшылықпен, балық аулаумен, өсімдектерді жинаумен шұғылданды. Кейінректе (неолитте) олар мал өсіру, егіншілік және кен. өнеркәсібімен шұгылдана бастады. Адамдар мата тоқып, киім тігуді уйренді. Керамикалық заттарға геометриялық өрнектер сала білген. Тұрақтар. Арал өңіріндегі Сексеуіл тұрағында малшылар мен аңшылар тұрған. Себебі бұл жерлерде сиыр, қой, жылқы сияқты үй жануарлардың сүйектері табылған (Қостанай облысындағы Ботай тұрағы, Батыс Қазақстан Өңірінлегі Көктүбек, Темір тұрақтары және т.б.). Қазырғы уақытта Қазақстан аумағында 600-ден аса неолиттік және энеолиттік ескерткіш мәлім.

ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ҒЫЛЫМЫ



ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ҒЫЛЫМЫ – дүние жүзі халықтары тарихының бір саласы. Өз бастауларын алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі жартастар мен үңгірлерде салынған суреттерден, кейінгі құл иеленушілік қоғам тұсындағы тасқа жазылған сына жазулардан алады (қ. Есік обасы). Авестада, Ахемен әулеті тұсындағы парсы деректерінде («Бехистун жазуы», т.б.), Ежелгі грек тарихшысы Геродоттың («Тарих»), т.б. ежелгі дәуір авторларының еңбектерінде қазақ жерін мекендеген сақтар, турлар, дайлар, исседондар, т.б. тайпалар жөнінде, олардың Ассириямен, Мидиямен, Иранмен байланыстары және Кир, І-Дарий, А.Македонский әскерлерімен соғыстары жайында аса құнды жазба деректер бар. Б.з.б. 2 ғ-дағы Қытай деректері (елшілерден, саудагерлерден, миссионерлерден алынған) Қазақстан тарихын зерттеуде үлкен рөл атқарды. Әсіресе, Сыма Цянның (б.з.б. 145–86) «Тарихи жазбалар» еңбегі аса құнды. Онда ғұндардың, үйсіндер мен қаңлылардың тұрмыс-тіршілігі, саяси құрылымдары және Батысқа қоныс аударуы жөнінде көптеген мәліметтер берілген. Осы кезде басталған (б.з.б. 2 ғ.) Қытайдан Орт. Азия арқылы Жерорта т. елдеріне жеткізетін Ұлы Жібек жолының гүлденуі Қытайда Тан әулеті билік құрған тұсқа (618–907) сай келеді. Бұл тұстағы Қытай тарихшылары жазған жылнамаларда түркі қағандықтары, олардың тұрмыс жағдайы, әскери күш-қуаты мен жүргізген соғыстары, түргештер, қарлұқтар, т.б. ұлыстар мен тайпалық одақтар туралы деректер көп. Қытай деректері көбіне сыңаржақты жазылғандығына қарамастан, Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеуде аса құнды деп бағаланады. 6–8 ғ-ларда тасқа басылған көне түркі жазба ескерткіштері түркі қағандықтары (Күлтегін жазуы, Білге қаған ескерткіші, т.б.), түргештер, қарлұқтар, оғыздар,қыпшақтар, ұйғырлар, қырғыздар,басмылдар, т.б. жөнінде нақты мәліметтер көп. Ежелгі түркі ескерткіштері, сондай-ақ сол кезеңдегі Қазақстанның тарихи географиясын анықтауда да шешуші рөл атқарады. Ислам дінінің таралуы мен Араб халифатының күшеюі нәтижесінде 9–14 ғ-ларда араб саяхатшылары мен ғалымдары Қазақстан мен Орт. Азияны мекендеген түркі ұлыстары жөнінде толып жатқан жазба деректерін қалдырды. Атап айтқанда, ат-Табари (9 ғ.) Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан, Тамим ибн Бахр (9 ғ.) Ертіс аңғарындағы қимақтар, ибн Хордадбех (9 ғ.) Жібек жолы бойындағы қалалар мен қоныстар жөнінде құнды деректер береді. 10 ғ-да өмір сүрген әл-Якуди, ибн әл-Факих, әл-Истахри, ибн Хаукал, ибн Фадлан, т.б. еңбектерінде Қазақстанның тарихы мен географиясына қатысты мол деректер кездеседі. 13–14 ғ-ларда араб ғалымдары Якут, ибн әл-Асир, ибн Баттута, ибн Халдун, т.б. қарахан әулеті, қарлұқтар, оғыздар, қыпшақтар, хорезмдіктер, қарақытайлар, Дешті Қыпшақ, Шыңғыс ханның жорықтары, Алтын Орда, т.б. ұлыстар мен тайпалар, олардың саяси-экон. жағдайы жөнінде жазды. 13–14 ғ-лардағы А.Жуайни, Ж.Қарши, Рашид әд-Дин, т.б. авторлардың және Батыс Еур. саяхатшылар П.Карпини, В.Рубрук, М.Полоның шығармаларында 12–13 ғ-лардағы Қазақстанды мекендеген ұлыстардың этн. құрамы мен саяси тарихы, Орда Ежен ұлысы тарихы, Жошы ұрпақтарының генеалогиясы, Шағатай ұлысында болған қырқысулар, Сыр бойы қ-ларының қиратылуы жайында, т.б. деректер беріледі. 14–15 ғ-ларда бір топ авторлардың (Шараф әд-Дин Йезди, Му’ин әд-Дин Натанзи, т.б.) шығармаларын Әмір Темір ұрпақтарының тапсырмасымен парсы тілінде жазды. Бұл еңбектерде Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан мемлекеттері және олардың Әмір Темір мемлекетімен қарым-қатынастары жөнінде жан-жақты мәлімет берілген. 16 ғ-да шығармаларын парсы тілінде жазған, түркі тектес тарихшылар М.Х.Дулат («Тарих-и Рашиди»), Бабыр («Бабырнаме»), т.б. өз еңбектерінде Әбілхайыр хандығы, Орыс хан ұрпақтары, Қазақ хандығының қалай құрылғандығы, алғашқы қазақ хандары (Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым, т.б.), олардың саяси-әскери қызметтері жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет береді. 15–16 ғ-ларда Орта Азия мен Шығыс Түркістанда шағатай (түркі) тілінде жазылған тарихи шығармалар жарық көре бастады («Шыңғыснама», «Шайбанинама», т.б.). Ораз Мұхаммед сұлтанмен бірге орыс әскерлерінің тұтқынында болып, кейін Борис Годунов патшаға қызмет еткен Қ.Жалайыри 15–16 ғ-лардағы Қазақ хандығы жөнінде аса құнды деректер қалдырды («Жамиғ ат-Тауарих»). 15–17 ғ-ларда қазақ халқы, билеушілері, батырлары мен билері жөніндегі деректер ауыз әдебиетінде де көптеп кездеседі. Қазақ хандығы Ресей бодандығына өте бастағаннан кейін, 18 ғ-да ағылшын кескіндемешісі Джон Кэстль, 18–19 ғ-ларда Ресей тарихшылары (П.С.Паллас, А.И.Левшин, Н.Я. Бичурин, т.б.) өлке тарихын жан-жақты зерттей бастады. Қазақстанда тарих ғылымының жандануы 19 ғ-дың 2-жартысынан бастау алады. Ол еуропаша білім алған қазақтың тұңғыш тарихшы-ғалымы, шығыстанушысы, географы Ш.Ш.Уәлиханов есімімен тығыз байланысты. Ол қазақ, қырғыз, ұйғыр басқа да түркі тектес халықтардың тарихын зерттеді. Орыс тарихшылары мен шығыстанушылары Н.М.Карамзин, Е.М.Соловьев, В.В.Вельяминов-Зернов, әскери тарихшы М.И.Иванин, т.б. ресей елінің неліктен 250 жыл моңғол-татар езгісінде болғанын саяси-әлеум. тұрғыдан түсіндіру мақсатымен Орт. Азия халықтарын жан-жақты зерттеуге кірісті. 19–20 ғ-ларда Абай Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, С.Бабажанов, М.Шорманов, Құрбанғали Халид, Т.Сейдалин, А.Жантөрин, С.Нұрмұхамедов, М.Ж.Көпеев, т.б. қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерттеуге үлес қосты. Олардың жазғандары қазақ тарихнамасында өлкетану еңбектері ретінде бағаланады. Сондай-ақ осы кезеңде жарық көрген (1911 ж. Орынборда) Шәкерім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» қазақ халқының құрылу тарихын ғыл. негізде зерделеген еңбек болатын. 19 ғ-дың 2-жартысында Қазақстан тарихымен орыс ғалымдары Л.Мейер, М.Красовский, М.И.Венюков, т.б., этнографиясымен Радлов, Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцев, А.Е.Алекторов, т.б. шұғылданды. 19 ғ-дың соңында Верныйда (қазіргі Алматы), Семей мен Орынборда тарихи-табиғат мұражайлары ашылды. 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында акад. В.В.Бартольд, П.И.Лерх, т.б. осы өлкеде археол. зерттеу жұмыстарын бастады. 20 ғасырдың бас кезі қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің рухани өркендеген дәуірі болды. Баспасөз беттеріне қазақ зиялылары (М.Тынышбаев, С.Аспандияров, Ә.Н.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, т.б.) Отан тарихына байланысты жиі-жиі мақалалар жазды. 1925 ж. Тынышбаевтың «Қазақ (қырғыз-кайсак) халқының тарихы жөніндегі материалдар» деген еңбегі орыс тілінде жарық көріп, онда қазақтардың негізін құрайтын ру-тайпалар, олардың таңбалары мен ұрандары, қазақтардың шыққан тегі туралы аңыз-әңгімелер, қазақ жүздерінің пайда болуы, этн. құрамы, қазақ хандығының құрылуы сияқты өзекті мәселелер ғыл. тұрғыдан талдауға алынған. Сондай-ақ Аспандияровтың 1935 ж. жарық көрген «Көне заманнан бергі Қазақстан тарихы» деп аталатын еңбегі де (орыс тілінде) 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстан тарихына арналды. Аспандияров Ресейдің басқыншылық саясатын жүйелеп көрсете отырып, қазақ жерінің Ресейге өз еркімен қосылмағандығын дәлелдеді, бұл процестің прогрестік жол еместігін анықтап берді. Т.Шонановтың 1926 ж. Ташкентте жарық көрген «Қазақ жер мәселесінің тарихы» деген еңбегі қазақтардың бұрынғы жер иелену тарихын, жерге деген көзқарасын, патшалық отарлау саясатының салдарынан қазақтардың жерден тапшылық көргендігін мол фактілік материалдар негізінде көрсеткен зерттеу болды. 1921 ж. Архив бас басқармасы құрылып, тарихи құжаттарды жинастыру, өңдеу және ғылымға пайдалану ісі басталды. Мәскеу, Ленинград, Омбы, Орынбор ғалымдары (Бартольд, А.Ю.Якубовский, А.К.Самойлович, М.Е.Массон, т.б.) Қазақстан тарихы мәселелерімен шұғылданды. 20 ғ-дың 20-жылдары республикада КСРО ҒА мен Геогр. қоғамның археол.-этногр. экспед-лары (Ә.А.Диваев, А.В.Затаевич, Ж.Т.Шанин, С.И.Руденко) жұмыс істеді. Қазақстан тарихы мен Қазақстан Компартиясының тарихы, ұлт-азаттық қозғалысының тарихы туралы еңбектер шығару жөнінде алғашқы шаралар жүзеге асырылды, тарихшы мамандарын даярлау басталды. 18–19 ғ-лардағы Қазақ тарихы, әсіресе, Қазақстанның Ресейге қосылу мәселелері Ә.Бөкейхановтың «Қазақ (Қырғыз) өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени табыстары» деген еңбегінде жан-жақты қаралды. Досмұхамедов, Рысқұлов, Жандосов, П.Г.Галузо зерттеулерінде де Қазақстанның Ресей құрамына кіру мәселелері қарастырылды. 1934 ж. Қазақ ұлттық мәдениеті ғыл.-зерт. ин-ты құрылды, оның тарих-археол. секторы 1917 ж. Қазан төңкерісінен бұрынғы және төңкеріс кезіндегі бірқатар жұмыстарды қорытындылады. 2-дүниежүз. соғыс жылдарында бір топ мәскеулік тарихшылар (А.М.Панкратова, С.В.Бахрушин, Н.М.Дружинин, М.П.Вяткин, т.б.) Қазақстанға көшіп келіп, қазақ ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеді. Нәтижесінде 1943 ж. орыс тілінде «Қазақ КСР-і тарихы» (ерте заманнан осы күнге дейін) жарық көрді. Бұл Қазақстан тарихы жөнінде жүйелі түрде жазылған тұңғыш еңбек болды. 1945 ж. ҚазМУ (қазіргі ҚазҰУ) мен пед. жоғары оқу орындарында тарих ф-ттері, Қазақстан ҒА-ның Тарих, археол. және этнол. ин-ты ашылды. Соғыстан кейінгі жылдары тарихи, археол., этногр. зерттеулердің көлемі едәуір кеңейді. Екі томдық «Қазақ ССР тарихы» шықты (2-бас., 1949). Қазақстан тарихын кезеңге бөлу мәселелері талданды. Кіші жүз қазақтарының Сырым Датұлы бастаған 1783–97 жылдардағы көтерілісін, Бөкей Ордасындағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған 1836–37 жылдардағы көтерілісті және қазақ халқының патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық қозғалысының басқа да мәселелерін зерттеуге елеулі үлес (мыс., Вяткин, В.Ф.Шахматов еңбектері) қосылды. Қазақтардың материалдық мәдениеті, тұрмысы, ою-өрнек өнері жөнінде этногр. материалдар (Н.Сәбитов, т.б.) жиналып, зерттелді. 40-жылдардың соңынан бастап археол. экспед-лар Қазақстан жерін түгел дерлік қамтыды: Оңт-те үйсін, қаңлы, Батыс Түрік қағандығы ескерткіштерін, шығыста қола дәуірі мен ежелгі көшпелі тайпалар мәдениетін, орталықта көне заман мәдениетінің жұрнағын қазу жүзеге асырылды (Ә.Марғұлан, А.Н.Бернштам, С.С.Черников). КСРО ҒА-ның Хорезм археол.-этногр. экспед. (С.П.Толстов) Жетіасар және Алтыасар қалаларының орнына зерттеу жүргізіп, көшпелі және отырықшы мәдениеттердің қарым-қатынасы мен өзара байланысы жөніндегі аса іргелі мәселе жаңа археол. материал негізінде баяндалды. 50-жылдары республика тарих ғылымының алдына қойған мәселелерінің бірі – жазбаша деректемелер базасын кеңейту, шығыстанушы мамандар даярлау болды. Қазақстан ҒА-да шығыстану секторы құрылды. Түркі дәуірі, қыпшақ, қаңлы, қарлұқтар туралы еңбектерінде М.Ақынжанов, Б.Е.Көмеков, А.Ш.Қадырбаев, С.М.Сыздықов, т.б. араб, түркі деректері негізінде зерттеулер жүргізді. Қазақстанның соңғы орта ғасырлардағы тарихына қатысты шығыс деректерін аударып, осы кезеңді зерттеуде С.Ибрагимов, Н.Мингулов, К.А.Пищулина, В.П.Юдин көп еңбек сіңірді. 16 ғ-дың 2-жартысындағы Қазақ хандығының саяси тарихын парсы деректері негізінде М.Қ.Әбусейітова, ал 18–19 ғ-лардағы қытай-қазақ байланыстарын қытай деректері негізінде К.Ш.Хафизова зерттеді. Сонымен бірге 17 ғ-дағы қазақ тарихының мәселелері (қазақ-орыс қатынастары, қазақ-жоңғар қатынастары) В.Я.Басин, В.А.Моисеев пен И.Я.Златкиннің еңбектерінде қарастырылды. Кеңес өкіметі дәуіріндегі қазақ ауылдарында жүргізген ұлттық мемл. құрылыс пен ұлт мәселесін шешу тарихы зерттелді. Ә.Қанапин, Р.Б.Сүлейменов, Қ.Біржанов еңбектерінде қазақ мәдениетін өркендету жолындағы табыстар баяндалды. Ежелгі заман мен орта ғасырдағы Қазақстан тарихы жөніндегі шығыс деректерін тауып, орыс және қазақ тілдеріне аудару ісі едәуір кеңейді. Қазақ халқының шыққан тегі зерттелді. Қазақ жерлерінің Ресейге қосылуы, 18–19 ғ-ларда қазақ қауымында болған әлеум.-экон. өзгерістер, Ресей капитализмінің «кеңейе» келіп, Қазақстанға да таралуы және ауылдағы рулық қатынастардың ыдырауы, 19 ғ-дың 2-жартысы мен 20 ғ-дың басындағы қоныс аудару, жұмысшы және агр. қозғалыс, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, Ақпан төңкерісі жөнінде моногр. зерттеулер жасалды. Уәлиханов шығармаларының 5 томдық жинағы мен қазақ ағартушысы Алтынсариннің таңдамалы және 3 томдық шығармалары жарық көрді. Ә.Марғұлан, Б.Сүлейменов, Т.Тәжібаев, Қ.Бейсембиев, Ә.Қанапин, Х.Әбжанов, Қ.Ахметов қазақ ағартушыларының өмірі мен шығарм., қоғамдық ой-пікір мен ағарту саласындағы идеялық ағымдар туралы, жалпы мәдениет тарихына арналған ғыл. еңбектер жариялады. әл-Фараби шығармаларының түсіндірме мәтіні шықты. Қазақ жерін этногр. жағынан жаппай зерттеу жүргізілді, қазіргі қазақ аулының мәдениеті мен тұрмысына ғыл. талдау жұмыстары жарияланып, Қазақстанның археол. картасы жасалды. Оңт. және Шығыс Қазақстан мен Балқаштың солт. жағалауында, Қаратау аймағында палеолиттік қазындылар табылды. Ертедегі көшпелі тайпалар, сақ, үйсін мекендері мен «патша» қорғандарын зерттеу жалғастырылды. «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» атты күрделі еңбек (1966), Ортағасырлық Тараз туралы кітаптар шықты. Ежелгі Отырар мен оның төңірегінде, Орт. Қазақстанда кең көлемді қазба жұмыстары өріс алды. 20 ғ-дың 50-жылдарынан бастап Қазақстан қоғамы шетелдік ғыл.-зерт. орт-тарының назарына ілікті. Қазіргі кезде ондай орт-тар Еуропа (Германия, Франция, т.б.), АҚШ, Жапония, Қытай, кейбір мұсылман елдерінде орналасқан. Бұл орталықтар, әсіресе, КСРО тұсында көбінесе бір жақты еңбектер (антикоммунистік бағытта) жазды. Дегенмен, олар өз еңбектерінде Кеңес Одағында пайдалануға тыйым салынған авторлар мен олардың шығармаларын кеңінен қолданды әрі Қазақстанды Ресейдің отарлауы, Азамат соғысының шындығы, 1930–32 ж. ашаршылық, 1937–38 ж. қуғын-сүргін, ұжымдастыру, фашизмге қарсы соғыс, тың игеру, т.б. тақырыптарда неғұрлым өнімді еңбек етті. Р.Конквест, Э.Бэкон, Л.Крадер, А.Хадсон, М.Олкотт, Р.Пирс, Э.Саркисянц, А.Боджер, А.Беннигсен, т.б. шет ел ғалымдары Қазақстан және қазақтар тақырыбында қалам тартты. Бұған қоса шет елдегі қазақ тарихшылары (Қытай, Түркия, Еуропа елдеріндегі) Қазақстан тарихына байланысты көптеген еңбектер жазды.Г.Ф.Дахшлейгер, Д.Дулатова, К.Есмағамбетов, Ж.Қасымбаев, Пищулина, Қозыбаев және И.В.Ерофееваның 1970–90 жылдарда жарияланған нақтылы-тарихи және тарихнамалық зерттеулерінде қазақ хандығының құрылуы мен дамуының, 18 ғ-дың 40–80-жылдарындағы отандық тарих, ең алды- мен, Қазақстанның Ресейге қосылуын зерттеу қорытындылары шығарылды. 20 ғ-дың 60– 80-жылдарында жарық көрген Е.Ділмұхамедов, Е.Бекмұхамедов, М.Асылбеков еңбектерінде, сол сияқты кейінгі кезде жарияланған Б.Аяған, С.Игібаев, В.Ғалиев, т.б. шығармаларында 19–20 ғ-лардағы Қазақстанның инфрақұрылымдары және қоғамдық-саяси, мәдени жүйесінің даму эволюциясы зерттелді. Қозыбаев өзінің 20 ғ-дың 80-жылдарының соңынан бастап жариялаған топтама еңбектерінде Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» мәселелерінің, жабық тақырыптардың зерттелуіне, өз бағаларын алуларына күш салды. Әсіресе, ұлт-азаттық қозғалыстар, кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихының шындығы Қозыбаев зерттеулерінің басты нысандарына айналды. Алаш қозғалысының мәселелері 1990–2000 ж. М.Қойгелдиев, К.Нұрпейіс, Д.Аманжолова монографияларында жан-жақты сөз болды. Мыс., Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» атты еңбегінде 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басындағы Қазақстанның тарихи дамуына байланысты мәселелер кең ауқымда қарастырылған. Патша өкіметінің отаршылдық саясаты, ұлттық езгіге қарсы наразылықтың күшеюі, қазақ зиялыларының жан-жақты қоғамдық-саяси қызметі, Алашорда өкіметінің құрылуы талданды. Нұрпейістің «Алаш һәм Алашорда» еңбегі алаш қозғалысының бастауларына, монархия құлатылғаннан кейінгі, Кеңес өкіметі және Азамат соғысы жылдарындағы Алашорда өкіметінің жағдайына, оның Кеңес өкіметімен қарым-қатынасына қатысты мәселелерді қамтыды. Ресейлік түркілердің, туған халқының тәуелсіздігі үшін шет елде жүргізген қоғамдық-саяси қызметіне арналған Шоқайдың шығарм. мұрасын насихаттауға Б.Садықова, Б.Дәрімбет, С.Шілдебай, Д.Қамзабекұлы, А.Нүсіпхан зерттеулер жазды. 20 ғ-дың 20–30-жылдарындағы қазақтардың дәстүрлі өмір сүру салтының бұзылуы, ұжымдастыру, түрлі көтерілістер, ауа көшушілік, диаспора мәселелері Ж.Абылхожин, Т.Омарбеков, Қ.Алдажұманов, Г.Меңдіқұлова, З.Қинаятұлы еңбектерінде жан-жақты қарастырылды. Қазақ халқы тарихының түпнұсқа деректерін ғыл. айналымға енгізіп, оларды негізгі дерек көздерінің қатарына қосу мәселесі Қ.Атабаев, Ж.Артықбаев, Ж.Қадыртаева еңбектерінде зерттелді. Қазақстандық археологтар (К.Байпақов, З.Самашев, М.Елеуов,С.Жолдасбаев,Ж.Таймағанбетов, С.Әжіғали, т.б.) республиканың түпкір-түпкірінде зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін оның әскери тарихы да кеңінен зерттеле бастады. Әскери тарих саласында Белан, К.Аманжолов, А.Тасболатов, т.б. көп зерттеулер жүргізді. Көптеген тарихшылар шет елдердегі архивтерде (Ресей, АҚШ, Қытай, Еуропа және кейбір мұсылман елдері) жұмыс істеп қайтты. АҚШ-тағы Стэнфорд ун-тінің архивінде Аяған, Қытай архивтерінде Хафизова, Қ.Салғарин зерттеулер жүргізді. Қазақстан ҰҒА-ның Тарих және этнол. ин-ты, 1991 ж. одан бөлініп шыққан Археол. ин-тының ғалымдары Қазақстанды археол. тұрғыдан кешенді зерттеу жұмыстарын жалғастырды. 1996 жылдан бастап ҚР ҰҒА-ның Тарих және этнол. ин-ты мен Археол. ин-тының ұжымдары, респ-ның кейбір жоғары оқу орындарының қоғамтанушы ғалымдарымен бірлесе отырып дайындаған Қазақстанның көне заманнан бүгінге дейінгі академиялық бес томдық тарихы қазақ және орыс тілінде жарық көрді. Жекелеген тарихшылар тәуелсіздік жағдайына орайластырып, орта мектептер мен жоғары оқу орындары үшін оқулықтар дайындап, жариялады.

Каталог: wp-content -> uploads -> lessons
lessons -> Сабақтың тақырыбы Оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер Сабақта 7 модульдің кіріктірілуі
lessons -> Сабақ жоспары (Өңделген оқулық бойынша жасалған) Алматы 2010
lessons -> Сабақтың тақырыбы: Абайдың қара сөздері
lessons -> Тәрбие сағатының тақырыбы: «Көкжиегім келешегім» Тәрбие сағатының мақсаты
lessons -> Сабақтың тақырыбы: Олжас Сүлейменов «Арғымақ», «Қыз қуу», «Махамбетке» 2
lessons -> Сабақтың тақырыбы:
lessons -> Сабақтың тақырыбы Оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер Сабақта 7 модульдің кіріктірілуі
lessons -> Сабақтың тақырыбы: Кіріспе. Әдебиет өнердің бір саласы Сабақтың мақсаты: Білімділік
lessons -> Тәрбие сағатының тақырыбы: Елбасы-ел тірегі Мақсаты
lessons -> Сабақтың тақырыбы: Ғабиден Мұстафин. Сабақтың мақсаты: Білімділік


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет