Қазақстан Республикасының



бет10/13
Дата23.10.2016
өлшемі2,34 Mb.
#35
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Ғабит Мүсіреповтің озық туындылары «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі кімге арналған?

2. Халық тарихының қилы-қилы кезеңдері мен тарихи оқиғалар жайлы жазылған қандай шығармалар бар екен?.

3. Бұл дәуірдегі әдебиетке ауыл өмірін жырлай келген жастар кімдер еді және олардың қандай шығармалары бар екен?

4. Т.Әбдіковтың «Оң қолы» – психологиялық әңгімесі не жайында болды?



Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6,7,8, 9, 10,12,13,14,15,25, 38,40,41,42, 45,47,55,70.

27,28 Дәріс Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуіріндегі қазақ поэмалары
Дәрістің мақсаты:Қазақ поэмалары және олардың жанрлық дамуын,

тақырыптық ерекшеліктерін түсіндіру.



Тірек сөздер: Поэма,сюжет, сюжетсіз поэма, сюжетті эпикалық поэмалар.

Дәрістің жоспары: 1. Бұл жылдарда қазақ поэмасының дамуы.

2. Адам еңбегін, оның қоғамды жаңартудағы күшін суреттеу тақырыбына байланысты жазылған поэмалар.

3. Еңбек адамының жиынтық бейнесін жасауға арналған кең көлемді сюжетті эпикалық поэмалар.

4. Отан соғысы оқиғаларын еске алу түрінде жазылған поэмалар.

5. Тарихи оқиғаларды суреттеуге арналған поэмалар.

6. Өнер адамдарын жырға қосқан поэмала.

Қазақ поэмасының дамуында да бұл жылдар жемісті болды. Поэманың әр бағытындағы ізденістерінен оның кемелдену, толысу, шеберлікке жетілу жолын тануға әбден болады. Оның формалық үлгілерінен сюжетті эпикалық поэманың кең суреттеу әдісін де, лирика-эпикалық толғаныстарды да кездестіреміз. Олар арқылы қазақ ақындары халықтың бақытты, азат өмір жолындағы ұлы мақсатын жырға қосты.

Заман мен адам тағдырын түйістіре толғауда тәжірибелі эпик ақындарымыз Ә.Тәжібаев пен X.Ерғалиев үлкен үлгі көрсетті. «Мен кешеден келдім бүгінге», «Жылдар, Жылдар» поэмаларында олар туған Қазақстаны мен оның халқының соңғы жарты ғасырлық өмірі жайлы толғанып, заманның тұтас келбетін бейнелейді. Халықтың күреске толы өмірін суреттеу негізінде өз замандастарын жырға қосты.

Қазақстан өміріндегі өзгеріс есебінде қазақ ақындары бұл кезде тың даланы игеру оқиғаларына көбірек үңілді. Сол негізде халық еңбегін, оның қоғамдық істерін бейнелеуге ұмтылды. Елімізде егіншілік кәсіпті орнықтыру мен астық өнімін молайтуда тың игерудің пайдалы болғанын ескерсек бұл тақырыпты осылай көтере жырлаудың дәлелді екені түсінікті. Ал, тыңның сырттан келушілерді көбейтіп, қазақтардың өз отанында азайып кетуіне себеп болғаны, халықтың ұлттық мүддесіне зорлық жасалғаны ол тұста әңгіме болған жоқ. Оны заман тәртібі көтере алмайтын еді. Сондықтан тың бір жақты – тек қаһармандық, ерлік тұрғысынан бағаланды. Бұл қатардағы ізденістердің қатарында Ж.Молдағалиевтың «Қыран дала», Ғ.Қайырбековтің «Жұлдызды тағдырлар», Е.Ибрагимнің «Ғажайып адам», Н.Айтовтың «Ерлік дастаны», Қ.Жұмағалиевтің «Тыңда түлегендер» поэмалары көрнекті орын алады. Жұбанның «Қыран даласы» – жаңа дәуірде түлеп өскен қанатты қазақ елі. Сол даланы ақын «Халықтарды қанатына мінгізіп, көтеріліп бара жатқан қыран» бейнесінде алады. Сол даланың кешегі, бүгінгі тарихын жыр етеді. Осы тарихи оқиғалар легінде тың көтерудің ролін зор бағалайды. Поэманың нақты кейіпкері етіп егінші шаруа өкілі Тыңбайды алып, соның жарқын бейнесін жасайды. Поэмада тың игерушілердің алғашқы кездегі тұрмыс-тіршілігінде кездескен қиыншылықтарды, табиғаттың қатал мінезін суреттейтін, оны жеңудегі қажырлылықты, төзімділікті көрсететін беттер аз емес. Қалған поэмалар тың көтеруге қатысқан нақты адамдардың еңбегін жырлауға арналған.

Адам еңбегін, оның қоғамды жаңартудағы күшін суреттеу тек тың даланы көтерумен ғана емес, жалпы табиғатты игеру, ғарыш әлемін адам ырқына бағындыру сияқты үлкен

ақындық пафосты тілейтін тақырыптармен де байланысты көрінеді.

Ю. Гагариннің ғарышқа ұшуына арналып жазылған О.Сүлейменовтің «Адамға табын, жер, енді» поэмасы кезінде осы тақырыпты жырлаудың басы болатын. Одан кейінгі дәуірде де ғарыш әлемін игеруге көп күш жұмсалды. Ғарыш кемесі бірінен соң бірі ұшып жатты. Байқоңыр аты әлемге танылды. Осы жағдайда Қазақстан жерінен ұшқан ғарыш сапарлары Ж.Молдағалиевтың «Байқоңыр баспалдақтары», М.Мақатаевтың «Қырандар, қош болыңдар!», Т.Айбергеновтің «Космонавт монологы» сияқты поэмаларға арқау болды. Бұларда батырлықты жырлау жолындағы жаңаша толғам, ізденіс, көркемдік бояу бар. Жұбан поэмасында эпикалық суреттер мол болса, Айбергенов пен Мақатаев лирикалық шегіністер арқылы ақындық монологты көбірек пайдаланады. Сол жолмен ғарышты игерушінің ішкі сыр-сипатын ашуға ұмтылады.

Бұл жылдары бүгінгі еңбек адамының жиынтық бейнесін жасауға арналған кең көлемді сюжетті эпикалық поэмалар қатары да толықты. Олардың ішінен А.Шамкеновтің «Жайлау-Дастан» атты үш бөлімді үлкен поэмасын айрықша атауға болады. Бұл поэмада қазақтың ата кәсібі – қойшылықты жаңа дәуір талаптарына лайық мәдениетті дәрежеге көтерудің проблемалары қозғалады. Ақын бүгінгі қойлы ауылдың жанды тіршілігін кең суреттеп, жаңашыл жас шопан Алматтың тың бейнесін жасай алды. Мектеп бітіргеннен кейін әкесінің мамандығын жалғастыруға шыққан жас жігіт Алматтың шопандық өмірінің басты кезеңдері, осы кәсіпті игерудің қиыншылықтары мен қайшылықтары поэмада жарқын суреттелген. Алмат қойшы кәсібінің мәдениетін көтеру, малшы ауылдың бейнесін жаңарту шараларына бастамашы болады. Шопандар бригадасын ұйымдастырады. Басты кейіпкердің өмір сүрген ортасы мен қарым-қатынастағы адамдар өмірінің шындығы поэмада сәтті көрініс табады. Адам мен оның ісі, заманы жайлы ақындық толғаныстар, лирикалық шегіністер шығарма сюжетін дамытуда елеулі қызмет атқарады. Кейіпкерлердің өмір, жастық пен достық, адамдық пен борыш, намыс, туған жер жайлы толғаныстары жақсы берілген. Мұның бәрі поэмаға эпикалық кеңдік дарытып тұр. Дала табиғатының, жайлау көркінің тартымды суреттері ақынның табысына қосылады. «Жайлау таңы», «Жайлау күні», «Жайлау кеші» деп аталатын үш бөлімнің аттары – басты кейіпкер Алмат жолының негізгі кезеңдері ғана емес, жалпы ауыл өміріндегі өзгерістердің бейнесі, табиғатпен табысып, көріктендіріп жатқан адам еңбегінің де көрінісі. Оларда бір бөлімнен екінші бөлімге ауысып, бірін-бірі қайталамай, жаңара түлеп жатқан шындықтың бейнесі бар. Долы боранда, көктемгі мал төлдету қарбаласында, күзгі нөсерлі дауыл астында өзінің ерлігін танытқан шопан еңбегі шын құрметке лайық екеніне ақын оқырманын сендіре алған.

Қазақ ақындарының замандас өмірін әр қырынан алып көрсету талабы М.Шахановтың «Танакөз», Қ.Жұмағалиевтің «Беймаза бақыт» атты поэмаларынан да көрінеді. Кейіпкерлердің сезім күйлерін шынайы суреттеуде, олардың өз бақытын өзі жасаған қайсар мінезі мен адамгершілік қасиеттерін ашуда бұл ақындардың шеберлігі жақсы танылады. Қарапайым, жаны бай, жайсаң мінезді Танакөз бен Зылиха, Есен бейнелері беймаза дәуірде шын бақытын тапқан замандастарды еске алғызады.

Замандас бейнесін жасау жөніндегі бір сала ізденіс – халықтың аты белгілі адамдар жайлы толғаныстардан көрінеді. Ә.Тәжібаевтың «Ағалар», А.Тоқмағамбетовтің «Ақ күріштің атасы», X.Ерғалиевтің «Қыз-хисса», С.Сейтхазиннің «Қайран Сәбең», «Жамбыл – дастан», Т.Есімжановтың «Ілияс-дастан», Ф. Оңғарсынованың «Мақатаев туралы жыр» поэмалары

халқымыздың қадірлі азаматтары С. Сейфуллин, Ғ.Мұратбаев, Қ.Сәтбаев,

М.Әуезов, С.Мұқанов, I.Жансүгіров, Жамбыл, Ыбырай Жақаев, Жадыра Таспамбетова, М.Мақатаев сияқты адамдардың өмірі мен еңбегіне арналады. Бір жағы арнау, екінші жағынан естелік сияқты ақындық толғаныстармен қатар келетін нақты детальдар суреті олардың халықтық еңбегін, тұлғасын ашуға көмектеседі.

Мұндай тарихи адамдар өмірі жайлы толғаныс отан соғысы оқиғаларын еске алу түрінде де көрінеді. Ондай ізденістерді біз Д.Әбілевтің «Ажалды жеңген азамат», М.Әлімбаевтың «Ту тіккен», М.Рәшевтің «Ерлік дастаны», Ж.Нәжімеденовтің «Қыран қия», С.Сейтхазиннің «Қаһарман», Т.Бердияровтың «Мәншүк туралы дастан», С.Жиенбаевтың «Әлия», Е.Ибрагимнің «Жас қазақ» сияқты поэмаларынан танимыз. Оларда қазақ жауынгерінің соғыстағы батырлық жолы Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаев, М.Ғабдуллин, М.Қайырбаев, М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Р.Елебаев сияқты батырлар тағдыры арқылы ашылады. Батырлар бойындағы ерлік, патриоттық сезімді ашуда психологиялық монолог мол пайдаланылады. Соғыс кезінің шындығын майданнан келген хаттар арқылы ашып, ол хатты жазған, оқыған адамдардың сезімін шынайы терең

толғаныспен бейнелеуде Т.Молдағалиевтің «Хаттар, хаттар» поэмасы ерекше бағалы.

Тарихи адамдар тағдырын суреттеу, олардың ұлт азаттығы, бостандық жолындағы күресін еске алу арқылы халық санасына әсер ету талабы халық тарихының өткен кезіне арналған поэмаларда да айқын көрініс береді. Бұлардың ішінде революция мен азамат соғысы жылдарының оқиғаларын суреттейтін Ғ.Қайырбековтің «Большевик ауыл», Ф.Оңғарсынованың «Қырдағы айқас», С.Жиенбаевтың «Қырандар хикаясы», Т.Молдағалиевтің «Ескерткіш» поэмалары көрнекті орын алады. Алғашқы ақындар тобы заман шындығын эпикалық суреттеу арқылы танытуға ұмтылса, Т.Молдағалиев бұл поэмасында да сезім күйін лирикалық толғаныспен ашады. Шығарма сюжетін шиеленісті оқиғалар арқылы дамыту Ф.Оңғарсынова поэмасынан аңғарылады. Сол арқылы ақын кейіпкерлерін тартыстан өткізіп даралайды.

Тарихи оқиғаларды суреттеуге арналған поэмалардың ауқымы кең. Оларда алыс тарих та, одан бергі өмірдің әр кезеңдері де қозғалады. М.Мақатаев пен Н.Айтов жырлаған қалмақ басқыншыларына қарсы күрес («Райымбек», «Қабанбай батыр»), I.Мәмбетов жазған Пугачев қозғалысына қатысқан қазақтар тағдыры («Пугачев нөкері») тарихты барлау халықтың ерлік жолын таныту идеясымен байланыстылығын көрсетеді. Тарих шындығын бағалау дәрежесінің, суреттеу әдісінің әрқилылығына қарамастан, бұл поэмалар да өз дәуірінің ескерткіштері саналады.

Халық тарихының тағы бір топ белгілі қайраткерлерін – өнер адамдарын жырға қосқан поэмалардың да атқарған көркемдік жүгі бір алуан. Шоқан Уәлиханов (М. Рәшев «Жұлдызды жиһангер»), Біржан сал мен Иманжүсіп (К.Мырзабеков «Біржан сал», «Иманжүсіп»), Тәттімбет (К.Салықов «Тәттімбет»), Майра Уәлиқызы мен Сара Тастанбекқызы (Ф.Оңғарсынова «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған орта жүздің бұлбұлымын»), үкілі Ыбырай (Е.Ибрагим «Гакку») сияқты өнер тарландарының тағдыры ақындар толғауына ілікті. Әл-Фараби туралы бірнеше поэма жазылды (Ж.Қыдыров, Қ.Мұқышев, Т.Сатышев, Ж.Кенебаев). Фирдоуси (С.Жиенбаев), Низами, Қорқыт (Қ.Бекхожин), Махамбет (Ж.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, М.Неталиев), Ғ.Тоқай (І.Мәмбетов) сияқты әлем әдебиетінің таңдаулы тұлғаларының тарихтағы тартысты өмірі көркем бейне тапты. Қ.Бекхожин «Әппақнаме» поэмасында әзірбайжан халқының ұлы ақыны Низами бейнесін, оның қыпшақ қызы Әппаққа деген сүйіспеншілігі фонында көрсетеді. Оның негізінде адал, биік сезім жатыр. Әсіресе, Әппақ өлгеннен кейінгі ақын күйзелісі тебіреніспен жазылған. Поэма Низами өзі жырлаған ғашықтық дастандардың жаңа үлгісі сыпаттас. Ал, «Сері күйшіде» ақын Қорқыттың аңызға айналған бейнесінен нақты тарихи тұлға шығарады, оның араб басқыншыларына қарсы күресін, ол арқалаған заманның қайғы-қасіретін шебер ашады. Қорқыттың қобыз тартқан кездегі сезім күйлері поэмада сәтті суреттелген.

Махамбет туралы поэмалардың ізденіс бағыты да әрқилы. Өзінің батырлық тұлғасын өз өлеңдерімен танытқан Махамбет туралы жазу оңай да емес. Сондықтан ақындар батыр ақынды әр жағынан алып, оның жауынгерлер бейнесін толықтыруды көздейді. Жұбан «Кек» поэмасында оның өзін сөйлетіп, буырқанған асау сезімін Елек өзені толқындарының суретімен астастыра суреттесе, Фариза «Алмас қылыш» поэмасын автор мен поэма кейіпкерінің сырласуы түрінде жазған. Кәкімбек «Тәттімбет» поэмасында ұлы күйшінің өмір жолын, ауыр тағдырын өзі жырлаған күй тілінен, оның күйлерінің шығу тарихы мен мазмұнынан іздейді.

Тарих шындығын философиялық толғамдар арқылы тануда, оның мән-мағнасын танымдық тұрғыдан түсіндіруде Мұхтар Шаханов поэмалары аса бағалы. Оның «Отырар элегиясы», «Нарынқұм зауалы», «Сейхундария» атты шығармалары, шындықты кейде шартты оқиғалар арқылы бейнелегенмен, түптеп келгенде, реалистік бейнені романтикалық пафоспен өрнектеуімен ерекшеленеді. Ол Шыңғысхан шабуылынан Отырарды қорғау оқиғалары арқылы халық ерлігінің өлмейтінін, жауыздық пен опасыз сатқындық түбінде әшкере боп, халық қарғысына ұшырайтынын көрсетсе, Махамбет монологы арқылы ерлік пен халық намысын көтереді. «Сейхундарияда» аңыз негізінде халықты хан қамаған шөлден алып шыққан Ақжәми бейнесін тапқыр бейнелей отырып, адам тағдырына қатысты жақсылы-жаманды мінез-қылықтарды терең ашады, оларды жарыстыра сөйлетіп, содан мағналы ой түйеді. Жалпы, Мұхтар поэзиясы, оның ішінде поэмалары құбылыстың ішкі мазмұнын, сырын ашып, оқырманға ой салуда, көркемдік амалын құбылтып, адамның биік мұратын ашуда қазақ әдебиетіндегі жаңа құбылыс болып табылады.

Бұл тақырыпты халықтың өткен өмірінен бір елес түрінде суреттеген Т.Әлімқұловтың «Ақ бикеш», М.Шахановтың «Махаббатты қорғау», М.Мақатаевтың «Ару ана» поэмалары толықтырады. Бұларда да халық басынан кешкен әділетсіздік пен ауыртпалық, одан құтылуға ұмтылған жас тағдырлар шынайы бейнеленеді. Адам тағдырын оңайлатпай, күрделі күрес арқылы ашып, авторлар жаңа бейнелер жасайды. М.Шаханов заманның әрқилы тартысында көрінген жастар сезімін қорғарлық уытты, пафосты жырды таңдаған. Ол арқылы биік, таза, мөлдір сезімді паш еткен.

Арғы тарихтағы аңызға кеткен шындықты жаңартып, нақты тарихи бейнеге айналдырып, бүгінгі халықтың рухани қажетіне жаратуда Е.Раушановтың «Ғайша бибі» поэмасы елеулі маңызға ие болды. Мұнда дәстүрлі дастандық үлгіні жаңарта пайдалану (өлең мен қарасөздің қатар келуі, айтыс үлгісі, кейіптеу) байқалады. Түрік қағанаты кезіндегі Ғайшаның дана бейнесін сол дәуір шындығына лайық көрсетеді.

Ертегі-аңыз сюжетіне жазылған Ғ.Малдыбаевтың, Е.Елубаевтың, Е.Зікібаевтың, Т.Әбдрахманованың, А.Асылбековтің поэмалары да өзіндік ізденісімен бағалы.Әрине, бұл дәуірдің ширек ғасырлық мерзімінде баспасөзде жарияланған поэма саны бұл аталғандардан көбірек. Алайда жұртшылық назарын аударарлық, биік рухани талапқа жауап берерлік дүние осы аталғандардың ішінде. Жалпы, бұл жылдар қазақ поэмасының өмірмен байланысының артқанын, көркемдік ізденісте жаңа қырларын ашып, кемелдене түскенін танытады.

Дәрісті бекіту сұрақтары:1 Тәжірибелі эпик ақындарымыз кімдер еді?

2. Қандай сюжетті эпикалық поэмалар бар?

3. Отан соғысы оқиғаларына байланысты жазылған қандай поэмаларды білесіңдер,олардың авторлары кімдер?

4. Ғ.Қайырбековтің "Большевик ауыл", Ф.Оңғарсынованың"Қырдағы айқас", С.Жиенбаевтың "Қырандар хикаясы",

Т.Молдағалиевтің "Ескерткіш" поэмаларының оқиғасы не?

5.Өнер адамдарын жырға қосқан қандай поэмалар бар екен?


Әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6,7,8,9,10,15,26,27,28, 29,30,33,34,44,64,73.
29,30 Дәріс 1960-2000 жылдарда жарық көрген шығармаларда ауыл

өмірінің бейнеленуі

Дәрістің мақсаты:1960-2000 жылдарда ауыл өмірінен алынып жазылған

шығармалармен таныстыру.



Тірек сөздер: Роман, повесть, әңгіме,сюжет.

Дәрістің жоспары:1.Соғыс кезіндегі ел өмірі шындығы суреттелетін Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» (1981) романы жайлы.

2. Тақырыбы – соғыстың өзі емес, оның алыс

қазақ ауылындағы жаңғырығы Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» (1961) романында сөз болады.

3. Соғыс кезінің шындығын романдарына арқау еткен Н.Ғабдуллиннің «Жігер» (1983) жайлы айту.

4.Қ.Қазыбаевтың «Ызғар»,Ш.Мұртазаның «Қара маржан» романдарына тоқталу.

Кемері кеңіп, кемелденген әдебиетіміздің тарихи даму жолына көз жүгіртсек, ауыл өмірі тақырыбына арналған әдеби шығармалар қай кезеңде де мол екені назарға ілігеді. Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты саңлақ қаламгерлеріміздің сонау жиырмасынышы жылдардағы алғашқы туындылары жазба әдебиетіміздің қаз-қаз басып, қалыптасуға бет алған шағында дүниеге келгенімен, сол кездегі ел өміріндегі түбегейлі өзгерістердің түбірлі сырын, уақыт тынысын тап басып, жіті сезінгендікті танытады.

Қазақ әдебиетінің осынау алғашқы дәуірінде қаламгерлеріміз шығармашылық қиыншылықтарды жеңе отырып, сол дәуірдің қоғамдық талап-тілегіне жауап берерлік шығармалар жазуға тырысты. Ең алдымен олар өмірдің алға тартқан актуальды тақырыбын көтере білді. Ұнамды кейіпкерлердің образын жасауға күш жұмсады . Осы бағыт қазақ прозасында күні бүгінге дейін өзінің жетекшілік мәнін жоғалтқан жоқ.

Бір қызығы, ауыл өмірін арқау еткен бұл дәуірдегі шығармалар бірен-саран ғана болмаса түгелдей дерлік шағын формаларға жататын. Оның себебі сол кездегі қауырт қарқынмен дамыған ел өміріндегі әлеуметтік-мәдени бетбұрыстар мен соған орай ауыл тынысының соңғы лебіне, әдебиет күштерінің көркемдік тәжірибесіне байланысты болатын. Егер осы дәуірде туған шығармалар негізінен жаңа өмірді жырлауға, ауыл өміріндегі өзгерістердің әлеуметтік сыпатын бейнелеуге ұмтылғанын ескерсек, бүгінгі прозадан бұл тақырып төңірегіндегі ізденістер мен нәтижелердің сала-сала, күрделілене түскенін айқын аңғарар едік.

Содан бері өткен уақытта ұлан-байтақ еліміздің қоғамдық даму жолында бастан кешірген әр алуан тарихи әлеуметтік оқиғаларына байланысты ауыл өмірі де, соған сәйкес бұл тақырыптағы туындылардың толғаған сыры, таңдаған-талдаған тұлғалары мен тағдырлары да уақыт талабына орай өзгеріп, күрделеніп келе жатқаны талассыз ақиқат. Бір қуанарлығы, әдебиетіміздегі үлкенді-кішілі қаламгерлер қауымының дәуір қойған ділгір сауалдарға құлақ асып, көркемдік деңгейі әр түрлі болғанына қарамастан өз шығармаларында белгілі бір кезең сипатын шынайы бейнелеуге, мезгіл мөрін басуға ұмтылуы. Осынау ұмтылыс-бағыт арнасынан тарамдалатын ізденіс бұлақтарында өзіндік бұлқыныс, құшырлы құлшыныстар бар. Бұның бәрі бүгінгі әдеби процестің күрделілігін, нақтырақ айтсақ, туған әдебиетімізідің өз тәжірибесіне сүйене отырып, бауырлас республикалармен әсіресе орыс әдебиетімен тығыз әдеби-мәдени байланыста өркендеуі, сондай-ақ әлем әдебиетінің прогресшіл бағыттағы үздік туындыларымен танысу арқылы рухани қарым-қатынас түрлері мен сырларының молая түсуімен сипатталады.

Қазіргі ауыл өмірінде әлеуметтік-сапалық жаңғыру-жаңарулар, диалектикалық өзгерістер мол. Соған орай ауыл адамдарының да танымы мен табиғатына, моральдық-этикалық ұғым қасиеттері күшейе түскені рас. Зымырап өтіп жатқан қарқынды да ауқымды уақыт арнасында бүгінгі ауыл бейнесін танытатын толқындар-тағдырлар сырын әр түрлі көркемдік позициядан, алуан тәсілмен зерттеуге деген игі ұмтылыс прозамыздағы ойлы ізденістерге дәлел бола алса керек. Бұл ретте бүгінгі ауылдың ғылыми-техникалық төңкеріс әсерін, әлеуметтік өзгерістер ықпалын әр түрлі деңгейде қабылдауына байланысты әлеуметтік-тұрмыстық қарым-қатынастары мен мәдени-рухани өміріндегі динамикалық құбылыстардың күрделілігін, әрі өзара мейлінше тамырластығын атап айту қажет.

Қазіргі қазақ романында проблемалық сипат молайғанын ауыл өміріне арналған шығармалардан көреміз. Өмірде барды тізе бермей, дамудың жаңа кезеңі күтіп тұрған мәселелерге көңіл аудару, адамды сондай жаңалық үшін күресте көрсету бұл жанрдың тәуір үлгілеріне тән. Осындай ауылды өркендетудің саяси-әлеуметтік ойларын түйіп өткен жаңа адамдар бейнесін жасауда Қ.Ахметбековтің «Ақдала» (1975), М.Сүндетовтің «Қызыл ай» (1978), Д.Досжановтың «Дария» (1976) романдарының елеулі орны бар. Бұларда шаруашылық проблемаларын фон етіп алып, рухани әлемі бай, қоғамдық іске жауапкершілігі мол, адамдық, азаматтық қылықтары көңіл толтыратын кейіпкерлердің жаңа бейнелерін ашуға ұмтылыс бар. Қ.Ахметбековтің Бекмахановы–қазіргі заман басшыларының соңғы типі. Шаруашылық басшылары ішінен Таусаровтың да бейнесі жарқын көрінеді. «Мағзұм» романында Жайық бойындағы ауылдың өскелең бағыты, тіршілігі мен мәдениетінің өсуі, ел дәулетін жасап жатқан адамдар көрсетіледі.

Ауыл өмірінің бар тіршілігін шаруа күйінің тұрмыстық детальдармен ғана көрсету Т.Нұрмағамбетовтың «Қош бол, ата!» атты повесінде де байқалады. Жас өспірімдер мен балаларға арналған көркем шығармалар бәйгесінде жүлде алған бұл повесті алғаш оқушылар Бейімбетті ауызға ала мақтан етеді. Шынында, тұрмыстық детальдардың нақтылығында, адам характерінің кейбір сыпаттарын дәл байқап, жұпыны бейнелеуінде автордың Бейімбеттің жазушылық үлгісін үйренуге талабы қуантады. Жөкен қария, қытымыр Шәбден, сезімтал, адал Көктембай сияқты ауыл адамдары повесте жап-жақсы бейне тапқан. Алайда шығармада ауыл тіршілігі сол томаға-тұйық қалпында, ағынсыз қара су сияқты елестейді. Жазушы да олардың тіршілігінен үлкен мақсат-мұрат іздемейді. Ауылдың қаламен байланысы қызықсыз, тіпті құбжық күйде суреттеледі. Қала адамының типі Жөкең қарияның баласы Толасбай ауылмен, туған-туыспен, әке-шешемен байланысын үзген жат бауыр болып көрінеді.

Ауылдың кейбір кертартпа тіршілігіне мақұлдай қарау, қала салтын күлкі ету автор позициясында үнемі байқалып отырады.

«Біз бала күту дегеніңізді білмейміз. Топыраққа, күлге аунап жүріп, өзі адам болады. Мына өзіңнің байың да тулақ төсеніп, тымақ жастанып жүріп өкімет болды ғой», - дейді Салжан Файруза келінге. Рас-ақ болсын, сонда осы үлгі тұтар өнеге ме екен!

Жөкең қария мен Толасбай екеуі арасының сууына себепкер болған оқиғаларды іріктеуде де автордың қала мен даланы осылай, екі бөле қарауы анық байқалады. Тіпті Толасбай мен Файруза курортқа кеткенде атасымен бірге қалған кішкентай Шегеннің әке-шешесі қайтып оралғанда олардың қасына жатуы да шал жүрегіне дық салады. Ол немересіне өкпелеп жылайды, оны да, баласын да жат санайды.

Осындай оқиғалар повестің бас кейіпкері Көктембайдың қала, қала адамдары туралы ұғымын қалыптастырады. Ол атасын ренжіткен адамдардың бәрін жек көреді. Толасбайды да, Файрузаны да, кішкентай Шегенді де жек көріп кетеді. Тіпті ол өлген атасының басына барып: «тыңдашы мені, ата... бұл мен ғой, Көктембаймын. Саған бүгін кімдердің келгенін білдің бе? Толасбай, Шодыр, Көкем. Қабылдама олардың құранын! Ата, қабылдама, тыңдама!.. ата, Толасбайдың күмбезден үй соғу керек дегенін естідің бе? Мен естідім. Керегі жоқ. Керегі жоқ күмбездеген үйінің... мына өзіңнің жұп-жұмсақ, таза топырағың-ақ жетеді. Ауырып жатқанда оның атын неге атадың? Толасбайды бәрінен де жек көремін. Оны ұмытшы. Біржола ұмытшы, ата», - дейді. Бір қызығы – осы пікірлердің бәрі автордың мақұлдауынан өтіп, шығарманың идеялық нысанасына айналады.

Повесть оқиғасының дамуында кейде дәлелдің (мотивировка) жетіспей жататыны (Шодырдың Көктембай тайқарын иемденіп кетуі) сезіледі. Автордың жазу мәнерінде әңгімелеудің, баяндаудың көбірек кездесетінін, характерді диалог арқылы ашуға аз көңіл бөлінетінін ескерту орынды. Бейімбет өнерінің күші шағын репликамен, тапқыр диалогпен характерді танытып тастауында ғой. Бейімбетті ұстаз тұтатын жастың бұл жағын ескеруі керек. Оның үстіне кейбір тұрмыстық детальдарды көрсете, кейде күлкілі күйді суреттей отырса да, Бейімбет шығармаларының содан туған үлкен идеялық түйіні болады. Ол әрқашан озық идеяны жырлаушы болды. Ауылдың жаңаруын мақұлдай жазды.

Советтік қоғамның өзгертуші күші аз уақыттың ішінде-ақ адамдарымыздың бойында, мейлі қалада, мейлі ол ауылда болсын, жаңа социалистік сапалар туғызғаны бүгін талассыз нәрсе. Халық характері жаңаша сапаға ие бола дамуда. Ендеше біздің ауыл туралы жазған жолдастарымыздың осы жағын ескермейтіні қынжылтады. Олар, көбінесе, ауылда өзгермей қалған патриархалдық әдет-ғұрыптың қайдағы бір елеусіз көріністерін бадырайтып көрсетеді. Қала мен ауылды бір-біріне қарсы қояды. Мұның өзі тарихи дамудың әлеуметтік сырын түсінуге кедергі жасайды. Адам мінез-құлқы қатып қалған нәрсе емес. Оның да қоғамдық өзгерістермен байланысты өзгертіп, жаңарып отыратынын, салт-санада да жаңа үлгілер туып, жаңару болатынын естен шығармау керек. Жаңа адамның адамгершілік сыпаттары, идеалы жаңа жағдайға сәйкес шындық шеңберінде көркем бейне табуы қажет.

Әдебиет сынында, әдебиеттану ғылымында өзінің ойлы, оралымды еңбектерімен танылып жүрген ғалым-зерттеуші Бекен Ыбырайымов сол жылдары бірнеше прозалык шығармаларын оқырман назарына ұсынды. Сондай, кезекті жинағына («Жаз күндері», «Жалын» баспасы, 1984) енген шығармаларының ұнамды қырларын біз ең алдымен автордың сюжет түзудегі талғампаздығы мен шығарма композициясын ұтымды құра алатындығынан аңғардык. Осы пікірді ары қарай тарқатып айтсақ, біріншіден, балалар әдебиетінің бағыт-бағдарын, уақыт талабынан туындап отырған бүгінгі зәру мәселелерін тани білетін Бекеннің өз шығармаларын өзекті идеясын, айтар ойын нақты оқиғалар аясынан таба білетіндігіне сүйсіндік. Сондықтан да, көп әңгімелердің көтерген жүгі, ұсынар сабағы мектеп жасындағы балалардың қай-қайсысының болсын жанына жақын, санасына сіңімді сезіледі.

Жинаққа енген шығармалардың ең көлемдісі – «Жаз күндері» повесі. Онда бәрімізге жақсы таныс мектеп өмірі, ауыл тіршілігі, осы екеуінің сабақтастығы, олардың балалар өміріндегі мәні, маңызы туралы сыр шертіледі.Ал шығарманың композициялық арқауы өзгешелеу құрылыпты. Жалпы, повесті тұтастырып тұрған ортақ желі, үзілмес арна барын жоққа шығармаймыз. Солай бола тұра кейіпкерлердің басынан өтетін оқиғаларды шартты түрде екіге бөліп қарауға болады. Алғашқы бөлімде мектеп жасындағы балалардың жазғы каникул қарсаңында өткен қызғылықты кездесулері, мінез-қақгығыстары қамтылса, екінші бөлімде олардың қойлы ауылға көмекке келгеннен кейінгі іс-әрекеттері суреттеледі. Оқиғалардың қоюланып, кейіпкерлердің даралана бастауы екінші бөлімнің еншісіне көбірек тиіпті. Мұнда жас кейіпкерлер Еркін мен Сәлім енді ауыл ақсақалдары Атанияз бен Ақбай, куыс кеуде қойшы Қашаубай мен шолақ белсенді Нәби сияқты үлкендер араласады. Жас балалардың ой-түсініктері, іс-әрекеттері ауыл тіршілігінің арнасында тартымды танылып, сенімді сабақталып отырады.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған
umkd -> 5 в 011700 : -«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет