Қазақстандық полиция: жазалаушы орган ба әлде



бет1/4
Дата27.12.2016
өлшемі0,56 Mb.
#5559
  1   2   3   4

17 қараша 2015 жыл

«Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен



2015 жылдың 17 қарашасында «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы Сарапшылық клубтың жұмысы аясында және Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның қолдауымен сарапшылар кездесуін өткізді. Онда қазақстандық полицияның азаматтарға көрсететін қызметінің тиімділігін арттыру механизмдері, сондай-ақ тұрғындар арасында полиция туралы қалыптасқан түсінік талқыланды.

Қазақстандық полиция: жазалаушы орган ба әлде

қызмет көрсетуші ұйым ба?

(сарапшылық отырыстың қағаз бетіне түсірілген нұсқасы)

Динара Сәтжан, модератор: Қайырлы күн, қымбатты қонақтар! Қайырлы күн құрметті әріптестер-журналисттер. Маған бүгін «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының сарапшылық клубын жүргізу мәртебесі бұйырып отыр. Мен бұл сарапшылық кездесуге алғаш рет қатысып отырмын, соған қарамастан мені бірден модератор болуға шақырды. Бұл мен үшін жаңа қызмет, сондықтан мен бүгінгі кездесуді өзіме үйреншікті формат – сұхбат форматында өткіземін. Менің сұрақтарыма жауап беруге ток-шоуға қатысып отырмыз деп елестетіңіздер. Бүгінгі тақырыбымыз өте қызықты. Бүгінгі сарапшылық клубты жүргізуге келіскен себебім – бұл тақырып мені де қызықтырады және менің арманым – қауіпсіз қалада өмір сүру. Шынымды айтайын, әлі күнге дейін түнгі Астананы еркін қыдырып көрген жоқпын, себебі қорқамын. Неге екені белгісіз, Лондонда қорықпаймын, ал Астанада көпірді бойлай немесе Бәйтеректен Керуенге дейін жалғыз өзім түнде қыдыру дегенді елестете алмаймын, себебі сол Керуенге дейін аман жете алатыныма сенімсізбін. Сондықтан қуана келістім, қазақстандық полициия қызметкерлеріне қоятын менің де бірер сұрағым бар. Бүгін бізде өзектілігі жоғары және қызықты тақырып – «Қазақстандық полиция: жазалаушы орган ба әлде қызмет көрсетуші ұйым ба?». Бізде бүгін үш спикер және қонақтарымыз бар. Енді солармен таныстырып өтейін. Әрбір спикерге белгілі бір уақыт беріледі, содан кейін талқылау жүргізіп, сұрақтарымызды қоя аламыз. Бүгін бізде:

- Ольга Симакова, «Стратегия» қоғамдық қоры жобаларының үйлестірушісі;  

- Шыңғыс Лепсібаев, Eurasian Expert Council Foundation президенті;

- Динара Хайрикенова, «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының стратегиялық сараптама орталығының директоры;

- Баймұхаметов Ерлан Ертаевич, Астана қаласы прокуратурасының 2-басқарма прокуроры;

-Жакин Қосман Сапарғалиевич, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары;

- Гүлжан Елубаева, Мемлекеттік рәміздер, мониторинг және әдістемелік жұмыс бөлімінің жетекшісі;

- Оразақов Тимур Маратович, Астана қаласы Мәслихатының депутаты, Астана қаласы ІІД жанындағы Қоғамдық кеңес;

- Мәди Тайпин, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары.

Қымбатты достар, біз бүгін ортақ бір келісімге келіп, нақты ұсыныстар түзіп, бәрі келісілген түрде болу үшін және заң қабылдайтын депутаттарымыздың жұмысын біраз жеңілдету үшін жиналып отырмыз. Заң жобасымен таныса алмайтын, қолында ақпараттары жоқ біз сияқты адамдарға бүгін көкейінде жүрген барлық түйткілді сұрақтарын қоятын мүмкіндік туып отыр. Мысалы, қазірдің өзінде жергілікті полиция туралы заң талқылануда. Мен осы туралы жан-жақты білгім келеді. Біздің білгіміз келетін бір ғана жауап, бұл «біздің қоғам қазақстандық полицияға сене ме?» деген сұраққа жауап. Егер сенбесе, онда қиындық неде? Қауіпсіз қаладаөмір сүруіміз үшін не ұсына алады, кімге барып арыздануымызға болады? Біздің қауіпсіздігіміз үшін кім жауапты? Осы және осы сынды өзге түйткілді сұрақтарға алдағы бір жарым сағат ішінде жауап алармыз деген ойдамын. Сөзді Ольга Симаковаға бермекшімін.


Ольга Симакова, «Стратегия» ҚҚ: Сарапшылық клубтарыңызға шақырып, сөз бергендеріңіз үшін рахмет. Біздің ұйым ҚР БҒМ Философия мен саясаттану институтының тапсырысы бойынша соңғы үш бойы құқықбұзушылыққа нөл шыдамдылық қағидасына негізделген жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыру жобасын жүзеге асырып келді. Бұл жоба көтерген сұрақтардың бірі – құқық қорғау органдарына деген қарым-қатынас. Бұл - жобаның басты мәселесі болған жоқ, бірақ ішінара бұл сұраққа да жауап іздеуге тырыстық. Қазан айының соңында үшінші соңғы практикалық кезең аяқталды. Мен сол жұмыстың кейбір нәтижелерімен таныстырып өтейін. Бұл сіздерге қызық әрі пайдалы болар деген үміттемін. Сонымен қоса, біздегі полиция жазалаушы орган ретінде ме әлде қызмет көрсетуші ұйым ретінде қабылдана ма деген сұрақ төңірегінде өз ойымды білдіруге тырысамын. Біздің зерттеулер бойынша, қазақстандық полицияға деген қарым-қатынас екі фактор негізінде қалыптасады, олар – функционалдық жұмыс және имидждік стереотиптер. Айта кететіні, полицияның қылмыспен күресу және құқықтық тәртіп ережелерін сақтау функциялары қоғамда көп сұранысқа ие. «Полиция қажет пе?» деген сұрақ қойғанда тұрғындарда «иә, керек, өйткені олар тәртіпті қамтамасыз етушілер» деген бір ғана жауап қайтарады. Нақ осылай жауап береді. Осы жауаптан-ақ полиция туралы қалыптасқан түсінікті, яғни бақылаушы болмаса да, қадағалаушы орган ретінде қабылдайтынын көруге болады. Үш жыл ішінде жүргізілген сауалнамалар нәтижесі бойынша жасалған салыстырмалы талдауға сүйенетін болсақ, тұрғындар шағын құқықбұзушылықтармен күрес мәселесінде учаскелік және аудандық полиция бөлімдері жетекші рөл атқарады деп таниды. Әсіресе, учаскелік полиция қызметкерлеріне қатысты динамика артып келеді: егер учаскелік қызметкердің рөліне оң баға беремез дейтіндер 2013 жылы 63% болса, 2015 жылы олар 79%-ға жетті. Алайда зерттеу нәтижесі бойынша мынадай қарама-қайшылық анықталды: учаскелік полиция қызметкерінің есімі кім екенін білеміз деп айтқандар тек 30% ғана болды, ал түрін танимыз, бірақ есімін білмейміз дегендер 28% және учаскелік полиция қызметкерін ешқашан көрген емеспіз, мүлдем таныс емеспіз 37% болды. Бірақ соған қарамастан адамдар мен бұзақылардың арасында осы қызметкер тұр деп санайды. Сонда шығатыны, тұрғындар полицияны жұмыс нәтижесіне қарап бағалайды екен. Біздің зерттеулеріміздің нәтижесі бойынша үш жыл ішінде соңғы жылда шағын құқықбұзушылықпен бірде-бір рет ұшыраспаған адамдардың үлесі орташа алғанда 5%-ға артқан. Соңғы кезде адамдар айыппұл төлеу, қоғамдық орында темекі шеккені үшін немесе итін қыдыртқаны үшін әкімшілік айыппұл төлеу оқиғаларына жиі ұшырағанын баса байқадық. Сауалнамаға қатысқан әрбір екінші адам құқық қоғау органдарының жұмысына оң баға береді, міне мұны нәтиже деп қарауға болады. Бірақ сонымен қатар қоғамда құқық қорғау органдарына қатысты теріс стереотиптер де басым екенін мойындау керек. Полиция жұмысы туралы басты ақпарат көзі – жеке тәжірибең мен достарыңның, туған-туыстарыңның әңгімесі. Көбінесе бұл адамдар өздері ұшырасқан жағымсыз оқиғалар. Осының бәрі жиналып келіп, тұрғындар арасында полиция қызметкерлерінің моральдық-тұлғалық іс-әрекеттерінің деңгейі төмен, сондай-ақ қызметіне салғырт қарайды және оны өзінің жаман пиғылдарына пайдаланады, жемқорлықпен айналысады деп кінә тағуына әкеледі. Осы тұста тағы да «егер құқық қорғау органдарына барып көмек сұрасаң, олар көмек бере ме?» деген сұрақ қоямыз. Бұл сұраққа әрбір екінші қатысушы «иә» немесе «солай болар» деп жауап берген. Яғни олардың жақсылықтан үміттері бар. Ал 19% бен 13%-ы, яғни төрттен бір бөлігі «жоқ» және «көмек алмайтын шығармыз» деп жауап берді. Бұл жерде қоғам қалыптастырған ой өте маңызды, көрсетілетін көмекті айқын көре аласың. Яғни хаттама бойынша барлық ресмиліктер сақталады, алайда тұрғындар өз бағаларында көрсетіп, арқа сүйеп отырған нәтижені олар көре алмайды. Қазақстандықтар қоғамдық қауіпсіздікті ұстап тұру бойынша құқық қорғау органдарына ерікті түрде қолдау көрсетуге дайын ба? деген сұрақ қойдық. Үш жылдың нәтижесі бойынша «әрине, иә» және «мүмкін, иә» деп жауап бергендер үлесі шамамен 50%-дың ар жақ-бер жағында. 2015 жылы бұл көрсеткіш біршама өсті. Яғни динамика мардымсыз, бірақ ол бар. Меніңше, мұны жақсы фактор деп қабылдау керек. Сонымен қатар, тұрғындардың құқықтық тәртіпті сақтау органдарымен байланыс жасау формасын таңдағанда да құқық қорғау органдарына деген көзқарас тағы да біркелкі емес. Шағын құқықбұзушылықтармен күрес барысында құқық қорғау органдарына қандай формада қолдау көрсетуге дайынсыз деген сұрақ қойғанда, бірінші орынға шыққан форма – құқықбұзушылықтар туралы жасырын ақпарат беру, бұл ең қажеті секілді. Біздің зерттеулер бұл форма 2013 жылы қалай бірінші орында тұрса, 2015 жылы да бірінші орында тұрғанын көрсетті. Ал бірақ 2015 жылы тек жасырын ақпарат берем деушілер емес, құқықбұзушылықтар туралы ақпарат беріп, тіпті, куәгер болуға дайынмын деушілердің үлесі артты. Егер полициямен байланыста болуды қолдаймыз және қолдамаймыз дегенге қатысты барлық дәйектерді өлшеп-пішіп, арасынан екі негізгісін ерекшелеп алдық. Адамдар бұл іс нәтиже береріне көздері жетіп тұрса, тұрған жеріндегі қауіпсіздік деңгейін арттырып, туғандары мен жақындарын анық қорғайтын болса, онда полицияға көмектесуге дайын. Алайда бұл қарым-қатынасты дамытуға үлкен кедергі болатын жайт – қылмыстық іске адамдардың тікелей өздері қатысатыны қауіпті және құқық қорғау органдарына деген сенімсіздік. Жалпы шағын құқықбұзушылықтармен күрес мәселесінде құқық қорғау органдарының жұмысын біршама тиімді деп бағалау арқылы, оларға белсенді түрде жүгіне бастаған деген қорытындыға келеміз. Егер басқаша айтар болсақ, қоғам санасында қоғам мен полиция қызметінің аясы нақты шектелген. Полиция қызмет көрсетуші ұйым ба әлде жазалаушы орган ба деген қырынан келер болсақ, тұрғындардың күтетіні, полицияның орындауы, яғни полицияның басты міндетті функциясы – құқықтық тәртіпті қорғау, бұл полицияның тұрғындарға жай ғана қызмет көрсетуі емес. Қоғам санасындағы құқықбұзушылыққа қарсы азаматтық-құқықтық борыштың көрініс табуы өзін-өзі сақтау түйсігімен бәсекеге түсіп отыр. Жалпы, зерттеу нәтижесі бойынша жасайтын қорытындымыз – тұрғындар қазақстандық полицияны қызмет көрсетуші ұйым ретінде қабылдамайды, сонымен қатар оған жазалаушы институт ретінде қарайды деуге де болмайды. Бұл жағдайда біз «бақылаушы орган» деген анықтаманы қолдануды ұсынамыз. Функциясы жағынан, мүмкін, полицияны қызмет көрсететін ұйымдар қатарына жатқызуға болатын шығар, ал бірақ жұрттың оны қабылдауы, ел арасында қалыптасқан ұғым жағынан және ең бастысы, жұрттың не күтетініне қарасақ, бұл тұста полиция қадағалаушы орган сипатына ие. Ұйымдастырушылар бірнеше ұсыным беруді сұраған болатын, қолда бар зерттеу нәтижелеріне, деректерге сүйене отыра осыны жасауды жөн көрдік. Біріншіден, құқық қорғау органдары туралы қоғам санасында қалыптасқан бет-бейнені өзгерту бағытындағы жұмыс. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған бөлім қоғамда құқықбұзушылыққа шыдамдылық танытпауды қалыптастыру бойынша жыл сайынғы медиажоспардың тұрақты бөліміне айналуы тиіс. Іс-шаралар жасалды деп жай ғана түртіп қоя салу үшін емес, бұл мәселеге салмақты қарау керек. Қоғамда тәртіп бұзушылықтарға шыдамау қағидасын қалыптастыру бойынша ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар жоспарында полиция қызметкерлерінің оң бет-бейнесін қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды орындау мерзімі тұрақты деп өзгертілуі тиіс. Қазір бұл мерзім онша айқын емес, жай ғана 2015-2016 жылдар деп көрсетілген. Екінші ұсыным – кәсіби-этикалық іс-әрекеттерді қызметкерлер өздері саналы түрде сақтайтын қасиеттерді қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізу. Кодекс бар, оны бәрі біледі, осы кодекстің сақталғанын және оның сақталуы бақыланғанын қалаймыз. Осы жағдайда, денсаулық министрлігінің тәжірибесін ескерген жөн. Оларда 2013 жылдан ішкі орган - этика мәселелері жөніндегі орталық комиссия жұмыс істейді. Үшінші ұсыным – учаскелік инспекторлардың беделі мен танымалдығын жоғарылату қажет, мен бұл туралы бұрынырақ та айтқанмын. Бұдан әрі – қоғаммен өзарақатынас орнату. Соңғысы – бірлескен және ведомствоішілік шаралар жүйелі сипатқа ие болуы тиіс.
Динара Сәтжан, модератор: Сонымен сөз кезегі Eurasian Expert Council Foundation президенті Шыңғыс Лепсібаевке беріледі. Бұл қоғамдық ұйым, дұрыс па?
Шыңғыс Лепсібаев, Eurasian Expert Council Foundation президенті: Әрине, бұл аналитикалық ұйым. Мен, сондай-ақ, бірнеше жылдан бері ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Адам құқықтары жөніндегі Конституциялық кеңестің тұрақты мүшесімін. Аталмыш тақырыппен біз үнемі айналысып келеміз, халықаралық тәжірибені де есепке аламыз. Яғни бірқатар орталық мемлекеттік органдарға арнап мемлекеттік қызметтің имиджі, сондай-ақ полицияның имиджі бойынша аналитика дайындаймыз. Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламаларды бағалау және мемлекеттік қызметтің имиджін бағалау бойынша бірқатар жобалар, оның ішінде аймақтық та жобалар болды. Полицияның имиджі мемлекеттің имиджінің ажырамас бөлігі. Себебі егер елдегі сот әділ болмаса, ал азамат сол әділдікті қайдан іздейтінін білмесе, оның өзіне, мүлкіне, тағы басқаларына қатысты кез келген заңға қайшы әрекет тиісті түрде тергелетінін білмейтін болса, онда азамат тек полицияға ғана емес, жалпы мемлекетке сенбейді деген сөз. Полиция имиджі – бұл азаматтардың тұтастай билікке, жекелей мемлекетке деген сенімінің болуына қатысты сан қырлы түйткілді мәселелердің бірі. Осы жерде отырғандардың әрқайсысының полицияға, оның қызметіне, аталмыш ұйым жұмысының тиімділігіне қатысы бар. Менің баяндамамның мазмұны полиция – бұл қызмет көрсетуші ұйым дегенге саяды. Неге? Себебі бұлар салық төлеушілердің есебінен өмір сүріп жүрген, жалға алынған қызметкерлер. Сондықтан ақшаны өзіне өзі тауып отырмаған кез келген құрылым – бұл қалай болғанмен де, қызмет көрсетуші ұйым болып табылады. Өз сөзімді осы түйіндемелерге сүйене отыра баяндайтын боламын. Мемлекеттік қызметке деген көзқарасты анықтайтын үш негізгі фактор бар. (Полицияны мемлекеттік қызмет шеңберінен шығарып отырған жоқпыз). Бұл басқа адамдарды, сондай-ақ полицияны да, қалай қабылдайтынымызға қатысты әркімде болатын әртүрлі жеке субъективті мінездемелер. Мысалы, барлығына әскери киім киген адамдар ұнайды. Бұл негізгі психологиялық және демографиялық факторлардың бірі. Екінші – полицияға берілген мінездемелер, оның жұмысының нәтижесі, сапалы нәтижесі. Үшінші – тұтастай мемлекеттік институттардың сапасы. Бұл методология еуропалық жүйеге негізделген, ол бойынша үш жылда бір рет мемлекеттік институттардың, сондай-ақ полицияның жұмысы мен тиімділігі бағаланады. Егер біреуге қызық болса, біз зерттеу материалдарымен қуана бөлісеміз. Бірінші: билікке деген қарым-қатынас. Статистикалық деректерге сәйкес, демографиялық топтардың ішінде 35 жастан асқан, баласы бар әйелдердің полицияға деген көзқарасы біршама жақсы. Дінге сенетін адамдар да полиция туралы ойлары жаман емес. Біз тек Қазақстан туралы емес, жалпы әлем, соның ішінде Ресей туралы да айтып отырмыз. Полицияға деген қарым-қатынасты жалпы саяси құрылымға, жұмыс істеп тұрған саяси партияға, мемлекет басшысына, Парламент депутаттарына деген қарым-қатынаспен байланыстырады. Егер Астана туралы айтатын болсақ, Мәслихатқа, әкімнің жеке басына қарым-қатынасымен байланыстырады. Мысалы, егер әкім мен Мәслихатты ұнатпаса, онда сәйкесінше, полицияны да ұнатпайды. Бұл шын мәнінде полицияға қалай қарайды дегенді түсіндіру үшін. Ал полиция өзінің жұмыс нәтижесі бойынша өзіне қатысты оң немесе теріс пікірге ие болады. Енді анықтаманы айтып көрейік. Мемлекеттік қызметтің имиджі деген не? Бұл ҚР мемлекеттік қызметкерінің оң имиджін қалыптастыру және нығайту. Мемлекеттік жүйені дамытудың басым бағыттарының бірі. Яғни мемлекеттік қызметкердің, полиция қызметкерінің имиджі - мемлекет жұмысынының басты міндеттерінің бірі. Халықаралық стандарттар туралы айтайық. Мемлекеттік қызметкердің әдеп кодексі мен Елбасының соңғы баяндамасына сүйенсек, мемлекеттік қызметкерге қойылатын талап қандай болмақ? Бұл туралы жақында ғана «Казахстанская правдада» жарияланды. Шартты түрде оларды үш бөлікке бөлуге болады. Біз қазір бәріміздің санамызда тұрақтаған қызметкердің мінсіз бет-бейнесі туралы емес, нормативтік құжатпен бекітілген анықтамалар туралы айтып отырмыз. Міндетті [талаптар]: лауазымдық міндеттерін жоғары кәсіби деңгейде орындау; адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды мойындау және сақтау кәсіби-қызметтік жұмыстың мазмұны мен мәнін анықтайтынын түсіну; кәсіби-қызметтік жұмысты мемлекеттік органның заңмен бекітілген құзыреттілігі аясында жүргізу. Тыйым салынған талаптар: заңмен белгіленген шектеулерді сақтау; ар мен намысына нұқсан келтіретін іс-әрекет жасамау; мемлекеттік органның беделі мен тікелей атақ-абыройына зиян келтіруі мүмкін дау-жанжалдарға жол бермеу. Біз қазір журналисттік форматты ұстанып отырғандықтан мен айтып отырған әрбір анықтама бойынша газеттегі мақала тақырыптарын еске түсіруді ұсынамын. Ұсыныс сипатындағы талаптар: азаматтармен қарым-қатынасты әдеп аясынан аспай, дұрыс құру; көпшілік алдында сөз сөйлеу ережелерін сақтау және жалған қызметтік ақпаратты бермеу. Мемлекеттік қызметкер қандай болуы тиіс деген мінсіз нұсқаны қарастыруды ұсынамын. Қалай деп жазылғаннан басқа тағы бір мінсіз нұсқасы бар. Мемлекеттік қызметкер «судан таза, сүттен ақ» дегендей адал, тиімділігі жоғары менеджер болуы тиіс. Өзіміз елестеткен мінсіз үлгісінің, азаматтар мемлекеттік қызметкерден, сондай-ақ полициядан күтететін қасиеттерінің және заңда жазылған анықтамалар арасында үлкен айырмашылық бар. Қабылдау тұрғысынан қиындықтар бар. Олардың ең алғашқысы – мемлекеттік қызмет жүйесінің жетілдірілмегендігі. Біздің ел әлі жас, әлі даму және жетілу жолында. Қазақстандағы мемлекеттік қызметті дамыту үшін өте көп нәрсе жасалғанына қарамастан, әлі күнге дейін жемқорлыққа қарсы заңның орындалуында, мемлекеттік қызметті тиімді етуде қиындықтар бар. Бір өзгешелік бар, бізде әлі күнге дейін штат өте үлкен, яғни жан басына шаққандағы мемлекеттік қызметкерлердің саны жағынан әлемде алғашқы ондыққа кіреміз. Тағы бір қиындық – бізде мемлекеттік қызметкерлердің міндет аясы өте кең, жұмысы өте көп. Кез келген қызметте, полицияда да дәл осылай. Екінші – имидж туралы. Өкінішке орай, полиция жұмысының имидждік құрамдас бөлігі әлі де жақсартуды талап етеді. Мен қазір жұмсартыңқырап айтып отырмын. Мысалы, ІІМ жанында ҮЕҰ-мен өзарабайланыс жөніндегі қоғамдық кеңес бар. Осында нақты ақпаратпен келу үшін бүгін таңертең сағат 10-да мен ІІМ сайтына кіріп қарадым, бұл кеңес соңғы рет 2014 жылы жиналған екен.
Көрермендерден: Мүмкін олар жылына бір рет жиналатын шығар?
Шыңғыс Лепсібаев, Eurasian Expert Council Foundation президенті: Мүмкін олар жылына бір рет қана жиналатын шығар. Қазір 2015 жылдың қарашасы екенін ескерсек, ІІМ-дегі мәселелер өзектілігі тек жылына бір рет қана жиналатындай шығар. Астана қаласының ІІБ сайтында бірде-бір телефон көрсетілмеген, мүлдем жоқ, хабарласу үшін «112»-ге телефон шалу керек. «112»-ге жедел және келеңсіз мәселелер бойынша хабарласатынымыз аздай, бұл сондай-ақ анықтамалық қызмет. Яғни Астана қаласы ІІБ-ның баспасөз қызметіне немесе басшылығына хабарласайын десең, интернеттен телефондарын табу мүмкін емес. Жалпы мемлекеттік қызметкерлердің субъект ретінде тиімділігі кәсіби және басқа да машықтарына байланысты. Бұл мемлекеттік қызметке және жеке полицияға деген қарым-қатынастағы қиындық. Полицияның мінездемесі мен оның жұмысының нәтижесі туралы аздап сөз қозғайық. Бұл жерде біз, ең алдымен, азаматтардың көңіл-күйі, полицияға деген қарым-қатынасы туралы айтамыз. Біздің адамдар өздерін қаншалықты қауіпсіз сезінетіндігі туралы біздің модератор айтып өткен болатын. Кез келген елде полиция тиімділігі азаматтардың өздерін толық қауіпсіз сезінуімен өлшенеді. Менің қауіпсіздігім толық қамтамасыз етілген бе әлде жоқ па? Екіншісі, мен араласқан әкімшілік немесе басқа бір іс жылдам әрі нәтижелі тергелетінін білемін. Яғни өте қарапайым және түсінікті нәрселер. Осы тұста мен Астана қаласы ҚІІБ бастығының «Казахстанская правдаға» берген сұхбатына тоқталып өтейін. Бұл жақында жарияланған материал. Мен тезистер келтірейін. Оң имиджді нығайтамыз – дұрыс бағыт. Бірге күш біріктіреміз – әңгіме полиция мен азаматтардың бірлескен жұмысы туралы болып отыр. Профилактикалық нәтиже. Бейнекамералар объективіндегі ақылды қала. Кадрлық мәселе. Өз борышымды абыроймен атқарамын. Яғни біз, алдыңғы спикер, модератор, мен айтып өткен нәрселер. Бұл бағыттардың барлығы бар. Жан басына шаққандағы полиция қызметкерлерінің саны жағынан Қазақстан Республикасы алтыншы орында. Бұл дерек 240 елде Independence газеті жүргізген сауалнама нәтижесінен алынып отыр. Қазақстанда 100 мың адамға 444 полиция қызметкерінен келеді екен.
Динара Сәтжан, модератор: Ал бұл жеткілікті ме? Әлде бұл аз ба әлде көп пе? Сіздер қалай ойлайсыздар? Сіздер бұл сұрақты зерделеп жүрсіздер ғой.
Шыңғыс Лепсібаев, Eurasian Expert Council Foundation президенті: Міне, біз осы туралы айтып отырмыз ғой. ҚР ІІМ-нің ресми дерегі бойынша ІІМ құрылымында 152 мың адам жұмыс істейді, олардың 46 мыңы ІІМ министрінің бұйрығына сәйкес әкімшілік полиция органдарында жұмыс істейді. Енді осы 46 мың қызметкерді біздегі тұрғындарға бөлсек, онда 444 емес, шамамен 200-ден келеді. Жан басына шаққандағы полиция саны жағынан алтыншы орында емес шығармыз, бірақ отыздыққа кіреміз. Осы жерде туындайтын сұрақ, егер бізде полиция қызметкерлері осыншама көп болса, бұлай айтып отырғаным, бұл сан бәрібір көп, өйткені біздің еліміз өте кішкентай, 18 млн ғана адам, бұл өте аз, осыған қарасақ, ашылмай қалған қылмыс болмауы тиіс деп талап етуіміз орынды емес пе? Екінші сұрақ – ІІМ қызмет көрсетуші ұйым болып табыла ма? 100 мың адамға 444-тен келетін полиция қызметкерінен сапалы қызмет көрсетуін талап етуге қақымыз бар ма? Осы орайда мен Жоғарғы соттың тәжірибесін мысалға алайын. Соңғы екі жылда заң саласында реформа болды. Егер азамат сотқа әкімшілік, азаматтық немесе қылмыстық іс бойынша қатысы болса, онда оны сотқа смс хабарлама арқылы шақыртады. Әрбір істің өз нөмірі бар, оны әркім соттың сайтынан таба алады.

Динара Сәтжан, модератор: Сіз білесіз бе, мен мұндайды сот аяқталғасын көрдім, яғни смс хабарлама сот аяқталғаннан кейін ғана келді. Ендеше бұл өзгеріс онша тиімді жұмыс істемейді деген сөз.
Шыңғыс Лепсібаев, Eurasian Expert Council Foundation президенті: Біле білсеңіздер, мен де мұнымен жолықтым, бірақ бәрі дұрыс, келді, жүктелді, барлығы тамаша.
Динара Сәтжан, модератор: Идея жақсы. Бірақ ол іс жүзінде жұмыс істей ме? Мүмкін ол анда-санда дұрыс жұмыс
Шыңғыс Лепсібаев, Eurasian Expert Council Foundation президенті: Сіз айтып отырған жағдай [түсініксіз]. Қатысып көруге болады. Бұл біз күнделікті кезігіп жатқан қарапайым жайттар. Нөмірін білу үшін «112»-ге хабарласып сұрау керек, өйткені басқа нөмірлер жоқ. Олардың басқа істері бар, үнемі бір оқиға болып қалады. Яғни саған уақыт жоқ, сен ең соңында қараласың. Шындығында қалай, солай айтайын, кінәліні өзің тапқаннан кейін, өзің ІІБ-на баруың қажет және бір барғаннан шешіле қоймайды, бірнеше рет барасың, жұмыстары қауырт полиция қызметкерлерінің жұмыс кестесіне қарай икемделесің, өйткені олардың жұмыстары шын мәнінде көп. 2015 жылы 20 елдің конституциясында интернетке құқығы бар, ол адамның ажырамас құқықтарына жатады, ал біз болсақ, әлі күнге дейін барып, жүруімізге тура келеді. Астана – қарқынды дамып келе жатқан, адамдары қатты жұмысбасты қала. Әрбір азаматқа жеке барып, арнайы уақыт бөлу ақылға сыймайтын секілді, мен бұл жерде аймақтарды қосып отырған жоқпын, тек Астана туралы айтып отырмын.
Динара Сәтжан, модератор: Шыңғыс сіз сонда не ұсынасыз?
Шыңғыс Лепсібаев, Eurasian Expert Council Foundation президенті: Біз оған әлі келеміз, ұсыныстар жетеді. Мұндай осындай істер отырғанның әрқайсысына түсінікті және қарапайым. Егер рұқсат етсеңіздер, жалғастырайық, себебі айтылар маңызды мәселелер әлі баршылық. Мемлекеттік институттардың сапасы. Мен сіздерге ІІМ-нің сайтын қарап көруді ұсынамын. Оларда «кері байланыс» деген бөлігі бар. Біз полицияның имиджі туралы, оны барлық жерде нығайту керек дегенді сөз еттік. Әкімшілік полиция жұмысы туралы, статистикаға қатысты, қанша істер жасалғаны, қанша іс тергелгені жайлы жақсы бір нәрсе айтқым келді. Бірақ сайтта бары осы ғана. Яғни құқықтар мен механизмдер туралы инфографика бар...
Каталог: documents -> page -> projekt -> 2014
documents -> Орындаған: 9 «Ә» сынып жетекшісі Болатбаева С. М. Астана 2014-2015
documents -> Лекция №7-8 по дисциплине: «Зоопсихология и сравнительная психология» Проф. Гагарин
documents -> Тіркеуден және қайта тіркеуден өткен күні Көшбасшысының аты-жөні
2014 -> Азаматтық сектор қоғам мен мемлекетке қалай көмектесе алады?
2014 -> Есеп беруші мемлекет: алынған сабақтар мен алдағы міндеттер
2014 -> Дағдарыс тұсындағы тұрғын-үй нарығы
2014 -> Азаматтарға медицина қашан қолжетімді болады?


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет