Қазақтың ұлттық бас киімі «Киелі кимешек»


Әйелдердің бас киімдерінің түрлері



бет3/3
Дата15.09.2017
өлшемі0,73 Mb.
#32845
1   2   3
Әйелдердің бас киімдерінің түрлері

Әйелдердің бас киімдері:



  1. сәукеле

  2. бөрiк

  3. қарқара

  4. кимешек

  5. жаулық

  6. күндiк

  7. желек

  8. шәлi (жiбек, шiлтер, оюлы түрi бар)

  9. бүркенiш

  10. бергек

  11. қасаба

  12. тақия

  13. шылауыш

  14. жаулық

Қыздардың тақиясы қызыл, күлгін, жасыл, тағы басқа бір түсті шұға, барқыт, мауыты сияқты кездемелерден, өңдi маталардан қабатталып сырылып тігіледі. Тақия төбесі, әлбетте, төрт сай немесе дөңгелек келеді. «Таңдай», «ирек», «қабырға» тігістермен сырылып, жібек, алтын, күміс, зер жіптермен кестеленiп, моншақ асыл тастармен безендiрiледi. Түрлі-түсті моншақ-маржан, алтын, күміс теңгелер және асыл тастармен безендіріледі. Үкінің үлпілдек қауырсынын әсемдік үшін тақияның төбесіне қадайды. Үкілі қадалған тақия қазақ қыздарының ерекше ұнатып киетін бас киімі болған. Қыздардың киетiн тақиялары жiбек, зер жiптермен тігіліп, Маңғыстауда “телпек”, шығыс Қазақстанда “кепеш” деп аталады.

Қасаба – тұрпаты дөңгелек, желкесіне қарай

ойыңқылау келген, дөңгелек тақияға ұқсас етiп пiшiледi де, артқы жағына немесе желкесiне қарай бiрте-бiрте ойыңқы түскен құламасы болады, ұшы әйелдiң арқасына қарай төгiлiп жатады. Айдыны зерлi жiптермен кестеленiп, қиылысқан жерiн алтын жолақпен жауып, зерлi әшекеймен безендiредi. Құламасына шашақтар тағылады. Шашақтың көп тағылуын “ұрпағы көбейсiн” деген игi тiлекпен түсiндiруге болады. Қасабаның маңдай тұсына түрлi асыл тастармен тiзiлген дөңгелек табақшалармен бекiтiлген қыстырма iлiнген. Ал самай тұсына ұзынырақ күмiс қоңыраушалармен ұшталған 5-6 тiзбек салпыншақ қыстырған. Көне түркі (қыпшақ) бас киімнің негізгі элементтерін бойына сіңірген қасаба атауы «алтын зерлі» деген мағына береді дейді этнограф Ө.Жәнібеков. Қасаба көбіне төре, сұлтандардың қыздары киетін бас киім саналған.



Кимешек туралы жалпы түсінік

 Қазақ халқы ешқашан жалаң бас жүрмеген. Ер адам, әйел адам өзіне сай бас киім киген. Жалаң бас жүрмеудің экологиялық, эстетикалық негізі бар. Бас киім қыста аязда, жазда күннің ыстығынан қорғайды. Денсаулыққа үлкен мән берген ата — аналарымыз бас киімге аң, мал терілерін пайдаланған, тыстық ретінде берік, тығыз, шыдамды матаны қолданған. Ұлттық бас киімдердің түрлері: бас киімдер XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың ұлттық киімдеріне зерттеу жасаған И. В. Захарова мен Р. Р. Ходжаева ер адамның бас киімдерін 6 түрге бөлген:

1.    Дөңгелек, жеңіл, өзін сырып, кестелеп матадан тіккен және қалпақ, тымақ астынан киетін кішігірім бас киім – тақия;

2.    Матадан тігілген кішкентай, етегі терімен көмкерілген бас киім – төбетей;

3.    Киізден тігілген бас киім – қалпақ;

4.    Қалың матадан тігілген башлық (күләпара);

5.    Тері қапталған жылы бас киім бөрік;

6.    Аң терісінен жасалып, суықта киетін бас киім.

Үйге келген қонақ ілулі тұрған кимешектің үлгісіне қарап – ақ отбасындағы әйелдердің жас мөлшері, талғамы мен дәрежесінен хабардар болған. Демек, кимешек – әрі төлқұжат, әрі мінездеме рөлін атқарған.

«Кимешек – пайғамбардың ноқтасы» деген де сөз бар. Бұл жерде «ноқта» сөзі тура мағынасында емес, бейнелі мағынада: тыйым, тәртіп, белгілі бір өлшем деген түсінікті білдіреді. Кимешектің өзге мұсылман әйелдер бас киімінен ерекшелігі – тек басты жабатын бүркеншектігі ғана емес, салтанатты да сәнді әшекейі мен әдемі пішіні. Кимешек әр аймақтың тұрмыс қажеттігінен туындағанын, ортақ өндірістік қатынастардың болмағанын ескерсек, сырт көзге ғана бөлек болып көрінеді. Ал – жақынырақ танысып, бізге жеткен пішім үлгілерін сараласақ, негізгі басты ұстанымы ортақ. Яғни, мәні сақталады, сәні уақыт үрдісіне, жеке ісмердің шеберлік деңгейіне, ой – қиялы мен өресіне сай өзгереді. Алайда, ортақ қағидасы бұзылмады. Әр өңір өзінше әр  түрлі береді. Біреу ойығын ойып, біреу жиегін жиып, біреу өңірін сырып киді. Бәрі пайдасын біліп киді.

Кимешек– қазақ әйелдерінің дәстүрлі ұлттық бас киімі. Кимешек ақ матадан тігіліп, жиегі астарланады. Кимешектің иекті айнала, маңдайды жауып тұратын екі жағын шықшыт дейді. Кимешек жас ерекшелігіне қарай көркемделеді. Жасы егделенген әйелдердің кимешегінің ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жас әйелдердің кимешегі қызыл, жасылмен әшекейленеді. Кимешектің алдын жақ деп атайды. Оны қол кестесімен кестелейді. Кимешектің шылауыш деп аталатын түрін жас келіншектер, орта жастағы әйелдер, әжелер де киеді. Кимешекті басқа сәйкестіре пішіп, тігеді. Кимешектің белден төмен түсіп, шашты жауып тұратын ұзын ұшы құйрықша деп аталады. Кимешек кеуде, иық, жонды жабатындай тұйық етіп жасалады. Тек адамның бет — әлпеті ашық тұратын жері ойық болады. Ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп әшекейленеді. Жылтыр жіптермен бастырылып, сырыла тігіледі. Ал, ойықтың жиегін өңді жіппен шалып тігеді. Мұны «алқым шалу» дейді. Кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл кимешекке сән береді, әрі төмен қарай басып, жазылып тұруға әсер етеді. Кимешек әйелдердің шашын шаң-тозаңнан сақтап, қобырап тұрмауына септігін тигізеді. Кимешектің Қазақстанда бұрама жаулық, иекше, т.б. атаулары да кездеседі. Кестесіне қарай кимешек қызыл жақты, сары жақты, ақ жақты кимешектер болып бөлінеді. Ақ жақты кимешекті қарт әжелер, қызыл жақты кимешекті келіншектер, сары жақты кимешекті орта жастағылар киеді. Кимешек кейде күміспен, моншақтармен шеттіктеледі. Бұрын әр тайпа мен рудың кимешек терінің пішімінде, түрінде және сырт көрінісінде өзіне тән ерекшеліктері болған. Дәстүрлі қазақ қоғамында жаңа түскен жас келіннің алғаш кимешегін кигізуге байланысты ғұрыптық рәсім өткізілетін болған. Жаңа түскен жас келінге алғаш кимешегін кигізу әйелдің қонақ асын беруімен бірге өтеді. Оны келіннің енесі ұйымдастырып, ауылдың қарт әжелері шақырылады. Келгендердің бірі жас келінге кимешек кигізіп, енесінен сый алатын болған.

Кимешекке жеткенше әйел баласы бірнеше кезеңдерден өтіп, әртүрлі баскиім киіп бастың өзін «бастықтыруы» қажет. Айталық, сәби қыз дүниеге келгеннен бастап – сылау тақия, сырма тақия, көз моншақты тақия, балауса қыздар маңдайын кестелеген шыт байлама, бойжеткендер маржандаған кепеш, топы, үкілі тақия немесе қалыңдықтар қарқаралы бөрік, сораба және сәукеле, қасаба киген. Келін болып түскенде үстіне салы ( шәлі) жамылған. Бір балалы болғанша салы, байлауыш байлап жүрген. Тұңғышы ширап қатая бастағанда, абысын – ажын жиналып, ана болғанның белгісі ретінде сәукелені шешіп, сәндеп тігілген кимешек кигізген. Бұл баскиім балалы әйелге ыңғайлы да таза, жинақы болған. Талғаммен тігілген кимешек кигенде беттің алмасы ғана көрінеді. Шақырайған кимешекке үйренгенше қымсынып, үстінен желек жамылған. Енді біраз уақыт өткен соң, алдын ашу деген рәсім жасалады. Желектің алдыңғы екі ұшын артқа қайырып, белге байлайды. «Алды ашылған әйел» деген сөз осыған байланысты айтылған. Сөйтіп, бірте – бірте желегін сыпырады. Желегі басынан түскенше төрге шығуға болмайды. Кішкентай балалар тентектік жасап, төрге қарай жүгірсе, келін амалсыз босағада тұрып қалуға мәжбүр болады. Кимешектің киілуі – келіннің кердең мінезден тыйылуы, ата- салттың алдында иілуі. Келін болып келгені емес, келін болып қалғаны. Әулетке ұрпақ қосқаны үшін салтанатпен санатқа ілініп, өзінің лайықты орнын иеленгендігі. Екінші баласын туғаннан кейін, кимешектің үстінен шылауыш байлайды. Жас ерекшелігіне қарай шылауыштың маңдайын (жіңішке, орташа, жалпақ етіп) қайырады.

Төбесіне төбелдірік бастырып, сырғып кетпес үшін әр жерінен асыл тастар орнатқан түйреуіштер түйрейді. Шылауыштың орнына күндік орайтын да әдебіміз бар.

Кейбір өңірде рудың, елдің атақты адамдары қайтыс болғанда ауыл – аймақтың әйелдері желектерін сыпырып тастап, бәйбішелері жақ салмаған ақ кимешек киетін болған. Мұны «ақ жақ болды» деп те атайды екен. Яғни, басы қаралы, жүрегі жаралы елдің аза тұтқан белгісін тағы да бөз бүркеншік айтқызбай білгізген. Бастағы бөз байлауыш әйелдің жесірлігін, басы бос, тірі жесір, қарасы түсірілмеген т.б. белгілерін айқындайтын анықтамасы болды. Алтай қазақтарында «жақ бұзу» деген ұғым кездеседі, яғни жесір қалған әйел кимешегінен қызылды – жасылды өрнектерді алып тастайды. Мұндай әйелдердің кимешектерін жыл толғанша теріс кигізіп, жыл толғаннан кейін оң кигізетін салт болған.

Кимешектің бізге жеткен хронологиялық ғұмырының ең ежелгі түрі – орама кимешек. Бұл жай ғана басты ораудың, жабудың қажеттілігінен пайда болуы мүмкін.

Орама кимешекті Ақмола жақтың қазақтары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін киген. Мата тігілмей, ерекше пішілген бет –әлпеті шығын тұратын бөлігіне ойықша жасалған, оны басқа ораған кезде кәдімгі кимешектерден айырмашылығы болмаған.

Сырдария бойындағы Кіші жүз руының бірінде пішіні өз бетінше бөлек, бүрмелі кимешек түрі болған. Оның алдыңғы жағы кеудеге түсіп, ал жоғарғы жағы бүктеліп, бетті екі жағынан қоршап тұру үшін басқа байлап бекітіліп қоятын болған. Кейде арқа бөлігінің жоғарғы бұрышына төбешік тігілген.

Кимешектің төптүркіні қазақтардан шыққандығын дәледейтін дәйекті жазба деректер бар. Оны таратуда, дамытуда Шыңғыс ханның жорығы мен Ұлы жібек жолының тікелей де жанама әсері ерекше болды. Өткен ғасырдағы аласапыран кезеңде Атажұрттан көшкен қазақтар өзінің де жақсы дәстүрін үлгі ете білді. 1925 жылы қазіргі Науай облысының солтүстік – шығысындағы қазақ – қарақалпақ автономиялық ауданы құрылды. Канимех аудандық басқармасының дерегі бойынша аудандағы 30760 тұрғынның 20268 – і қазақ ұлтының өкілі болған. Кимешектің үлгісі де осы аймақтың әйелдер бас киімі ретінде сақталған.

Шылауышты басқа тартқанда шаршысының ұшы етіктің сірі өкшесіне тиіп тұруға тиісті. Шылауыштың шетіне қол кестемен қызыл, жасыл, сары, жолақ және жалғасқан қысқа оюларды салады. Оның бұрыштарына үшбұрыш және дөңгелек оюларды кестелеп немесе сырып әшекейлейді. Шылауыштың төбесінен шекеге таман үкінің сабағын орап, маржанмен отырғызады. Жас келіншіктер тартатын шылауыштардың бұрышын кестелеп, төбесінен шашақ төгілтіп, кестеленген төбілдірік те пайдаланады. Шылауыштың әр тайпалық үлгілері болады. Моңғолия еліндегі қазақ әйелдерінің басқа тартатын Керей үлгісіндегі шылауыштың ұштарына сәндік үшін шашақ, төбесіне төбілдірік бастырып шашақтайды. Алдымен кимешекті киіп, содан кейін шылауыш тартып, төбілдірікті бастырады.

Күндік жаулық кимешектің сыртынан жартылай оралып, тартылады. Әйелдер оны үш – төрт құлаш ақ түсті матадан, жібектен дайындаған. Күндік жаулық тартқан әйел күнге қарсы жүргенде, күндіктің маңдайындағы үшбұрышты қаттаманы еңкейтіп түсіріп қояды. Күндік жаулықтың үшбұрышты қаттама шыққан жерінен және әйелдің желкесіне келетін тұсынан түйреуішпен түйреп бекітеді. Жаулықтың ішінде Қызай үлгісіндегі кестелі жаулықтың салтанатты ерекше. Шылауыш – кимешектің үстінен байланатын үлкен шаршы орамал. Керей әйелдерінің шылауыш, кимешектері де басқа жердің әйелдерінің кимешек киіп, шылауыш тартуынан өзгеше келеді. Шылауыш төбесіне «алтындалған», «күмістелген» жіптерден тоқылған шашақты төбелдіріктерді қадап, шылауышты сәндеп тартады. Сол сияқты шылауышқа ай түйреуіштерді, қоңыраулы түйреуіштерді, маржанды түйреуіштерді тағып сәндейді.Кимешектің кеуде жағын, бет жаулықтарын көмкеріп кестелейді.

Әйел бас киімінің ғұмырнамасы:

3 жас (нәресте, сәби) – ит тақия, сырма, кепеш тақия;

5 жастан шыт тақия – сырға тағар ( «қыздың сүндеті»);

7-13 жас – үкілі тақия, тепеш, жұрынды бөрік (төрт сай, шошақ төбелі) топы, көз тәті, үлбірлі үкілеген жаннат бөрік;

13 – тен кейін (бір мүшел) отау иесі – сораба, жанатпен жиектелген қауырсын қадаған дәрежелі қарқара бөрік;

25 жас (екінші мүшел) – сәт құндызды салтанатты тәж сәукеле, зерленген шашақты қасаба;

37 жас (үшінші мүшел) – кимешек. Кимешекке қосымша бөлшектердің атаулары: шылауыш, бұрмаша жаулық, сәлде, күндік, құндық бөрік, шыт байлама, желек, салы (шәлі);

49 жаста (төртінші мүшел) сән – салтанаты биязылау кимешекке қатысты қосымшалардың бәрін қолдануға болады;

61-73 жас аралықтары кейуана деңгейіне жатады. Бұл кезеңде баскиімнің жеңілдеу жалаң кимешек, иекше, байлауыш түрлерін киген лайық.

Ақ кимешек – қазақ әйелдері баскиімінің жапылама шартты түрдегі атауы, ақ жаулықтың баламасы. Кимешек – әрі этноқұндылық, әрі қайта айналып келген тәуелсіздіктің символы. Әйелдің баскиімін қадірлеген ұлттың әйелі де құрметті.

Кимешектің күрделі пішімі – басқа киілетін бөлігі. Ол – «төбелдірік», «шықшыт», «желке», «маңдай», «алқым», «иін» деп аталатын бедер қиындылардан құралады.

Кимешек  ұзындығына қарай – арқа жабар, бел жабар (түйе кимешек), қылта шалғай, өкше қағар болып төрт өлшемге бөлінеді.

Кимешектің киюге де, күтуге де ыңғайлы түрі – тоқыма кимешек.

Тоқыма кимешек «киім – кешек» деген түбірге лайық төбесінен етегіне қарай ілмек (қармақ) бізбен тоқылып иықтан төмен түскенде кәдімгі желбегей жамылғыға жалғасып, түрлі бүршіктермен шашақтап, шілтерлеуге, әрлеуге мүмкіндік береді. Күндік, қасаба, сәлденің түрлері сияқты тоқыма кимешектер де жаздық, қыстық болып бөлінеді.

Арқа жабар көбіне ғибадат құлшылық жасау, намаз оқуға ыңғайлы. Түйе – кимешек – үлгінің ертеден қалыптасқан түрі. Аты айтып тұрғандай түйеге, басқа да көлікке отырғанда бүктелмейді, ұзындығы құймышықтың ұшымен тұйықталады. «Күндігін қарқарадай қоқитып, түйенің үстінде келе жатыр» деген одағай сөз тіркестері бар. Шалғайы қылтасын, қапталы бөксесін жауып киілетін кимешек – тойға да, «қойға да» ыңғайлы, күнделікті тұрмысқа қолайлы болған.
Бас киімге қатысты ырымдар мен тыйымдар. 

          Жоғарғы  әлемдегі рухтар  мен  ата –бабалар аруағы мен (шекараласатын) бөлікті киім –бас киім үйдің құты мен берекесі,  Басқа қонған бақтың (тұрағы) деп есептеледі. Сондықтан да бас киімге қатысты ырым –тиымдар кешені сол құтпен берекені сақтауға, баянды етуге бағытталады. Айталық, олардың қатарына бас киімді тарту етпеу, ауыстырып кимеу, қабаттамау сияқтыларды атауға болады.

           Бас киімді кез келген жерге тастай салуға болмайды, биікке іліп қою керек. Әсіресе астыға басып отыруға болмайды. «Себебі бастан бақ таяды, бас ауруына тап болады. Бас айналып, тіл байланып, иман қашады.» деген наным бар. Адамның басынан қадырлі, ақылынан қасиетті ештеңе жоқ. Сонымен бірге бас киімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге болмайды. Жақсылықтың барлығы адамның мандайына жазылады, сондықтан бас киімнің орны ерекше. Ер адам әйел адамның киімін кимейді, жаулығын салмайды. Себебі еректігі сөнеді, рухы жасиды.

         Қазақтар үкіні қасиетті құс деп санаған. Үкінің үлпілдеген жүні мен қауырсыны жын –сайттаннан қорғайды деп, төсектің басына, бесікке, бас киімге қадаған.

           Қыз басына ақ, қара орамал тақпайды. Ақ –жаулықтың, қара –қайғының белгісі болып саналады.

             Емшекте баласы бар әйел жалаңбас отырып бала емізбейді. Орамал салып отыруы керек. Жалаңбас болса, қайызғашын шайтан баласының аузына салып жібереді, бала есейгенде мәңгүрт болады, анадан безеді, басына шығып, аяқ қасты етеді деп біледі.

           Бас киім айырбастамайды (басындағы бағың кетеді немесе біреудің басындағы бәлесі жұғады) бас киімнің төбесін басып киюге болмайды. Бас киімді басқа адамға сыйлауға, сатуға болмайды. Жаман ырым деп есептеледі. Бас киімін біреуге сыйға берген қыз-жігіттің үй болулары кешігеді. Тұрмысы жақсы адамның ырысы шайқалады деген нанымдар қалыптасқан. Сондай-ақ бас киім сатып алып тұрған адам, ол киімді сатушының қолымен басына кидіріп өлшесе, басындағы бағын сол кісіге береді. Сондықтан бас киімді сатып алушынан өз қолымен өлшеуіне назар аударған.

         Бөтен адамға бас киім бермейді, берсе адам басы кемиді деп саналады. Киіп жүрген бас киімді сыйға немесе кие тұруға бермейді. Себебі, бастан бақ кетеді, соры қайнайды. Сыйлыққа жаңа бас киім беру керек. Бұл басты қастерлегендік.

 

Кимешек — қастерлі, ел арасынан үзілмей келе жатқан әйел адамның бас киімі. Бойындағы иманы, инабаты, қорғаны, бетжүздігі, талғамы, дәрежесі, мәртебесі. Салтанат сәнімен әйелдеріміздің бетіне әр беріп келген кимешек те басқа киім үлгілеріндей өзіндік пайда болу, даму, құлдырау, қайта өрлеу дәуірлерін басынан өткізді.



          Қазақтың ұлттық киiм үлгiлерiнiң көшпелi тұрмыс пен құбылмалы ауа райына бейiмделе дамуына көршi халықтармен арадағы мәдени-экономикалық байланыс, шаруашылық-мәдени тип, тiршiлiк қамы мәдениетi әсер еткендiгi сөзсiз.
         Тұрмысқа шыққан қыздар алғашқы жылы сәукеле, күнделікті өмірде желек киеді де, балалы болған соң сәукелесін тастап, шылауыш орамал жамылады. Жас келін деп үлкен кісілерді көрген кезде бетін желегімен көлегейлеп жүреді, бұл иба көрсеткені. Әлеуметтік мәртебесі бекіп, бірнеше балалы болған соң кимешек шылауыш киеді. Кимешекті қызыл жіппен шым кестелеп кисе күйеуі барлығын, ал ақ жіппен жай ғана су тартып кисе жесір әйел екендігін көрсетеді. Шылауышты кимешектің үстінен тартады.

          Киелі кимешек қадірі кеткендіктен, мезгілі өткендіктен емес – қиын, аласапыран  жылдарда ғайып болды. Ұзақ жылдар бойымыздан кетсе де, ойымыздан өшпеген ақ кимешек мезгілін күтіп, айдынын аңсап жеткен құстай ақ тілеумен қайта оралды.

          Әркім өз келбетін сақтауға ұмтылып жатқан жаһандану кезеңінде сәні мен мәні астасқан асыл мұрамыз салтанатты кимешек – ұлтымыздың қастерлі қазынасы ретінде сөздік қорымызға, өмірімізге еркін еніп, ерекше назар аударуға лайықты төл туындымыз.

«Киелі кимешек» зерттеу жұмысы арқылы ескі мен жаңаны үндестіріп, заманымен үйлестіріп, жаһандану дәуіріндегі қазақ әйелдерін өзіне тән тарихи көркем бейнесімен қайтадан көзайым етуге ұмтылдым. Сыртқы келбетіміздің кейпінен ішкі жан дүниеміздің астарын айшықтай түсуге талпындым. 

Сөзімізді түйіндей келе, Ұлы даланың мәдени мұрасының бірден – бір мұрагері қазақ халқының қасиетті әжелерінен қалған киелі дүниені сақтап қалу, дамыту – бүгінгі біздің басты парызымыз деп ойлаймын.

Қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғайтын, немере – шөбереңнің алдында мәртебеңді асыратын, бетіне иман ұялатып, жүзіңе шырай беретін аналарымыздың беделі болған кимешек болашақтың да еншісіне бұйыратын бұйым болса деген үмітім бар.





Каталог: uploads -> doc -> 099c
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
099c -> Тақырыбы: Атамекен Сабақтың мақсаты
099c -> Сабақтың тақырыбы Нәтиже сабақ «Қысқы қызықтар»
099c -> Сабақ тақырыбы: Информатика және ақпарат Ашық сабақ мақсаты: Ашық сабақ білімділігі: Оқушыларға «ақпарат» терминімен, ақпарат тасығыштар, ақпарат түрлері, адам ақпаратты қабылдауы жайлы түсіндіру


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет