ҚазақТЫҢ салт-дәСТҮрлеріндегі театр элементтері. Б. Б. Тогаев, оқытушы



Дата11.01.2017
өлшемі95,29 Kb.
#7454
ҚАЗАҚТЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІНДЕГІ ТЕАТР ЭЛЕМЕНТТЕРІ.
Б.Б. Тогаев, оқытушы
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

Шымкент қ., Қазақстан,
Кейбір жазушылардың шығармаларынан «Қалғыған қазақ даласы» деген теңеуді жиі кездестіреміз. Сол «қалғыған» ұлан асыр сайын даламызда бір кездері қаншама өнер түрлері өмір сүргеніне бүгінгі күнгі ғылыми зерттеулер мен көркем әдебиеттеріміз көтерген мәселелер куә бола алады. Тарихшыларымыз, этнографтарымыз, фольклоршыларымыз ұсынып жатқан деректер көздері қаншама. Бәрінен бұрын Елбасымыздың қолдауымен әлі күнге дейін қарқынды істер атқарып келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының халқымызға тарту етіп жатқан тарихи-көркем дүниелері бірнеше кітаптар сериясына ұласуда.

Жер бетін мекендеген әр елдіңөздеріне ғана тән, дініне, жылдың кезектескен маусымдарына, кәсіп еткен шаруашылығына, тұрмыс – салтына арналған мереке – жиындары бар екені баршамызға аян.

Міне, осы мереке – думандардың сән – салтанаты, ойын – сауығы, тамашалар қызығы өздерімен бірге дүниеге келді. Шын мәнінде мереке – адамзаттың тазалыққа, шаттыққа, көңіл шабытының серпілісіне арналған рухани науқаны. Ол – көк күмбез аспан асты аясында өмір сүрген ұлт пен ұлыстардың талай ғасырлар бойы тәжірибе елегінен өткізген, мәдениет пен өнерінің қазына-қорына жинақтаған асыл рухани дүниелері. Әлем көрмесіне тарту еткен қымбат жиһазы. Өткізілген мерекесі мен сабақтасқан өнерінің алтын тізбегінің мәніне қарап, әрбір елдің тарихи рухани жетістіктерін айдан анық оңай танып білуге болады.

Ал қазақ халқы шаруашылық пен саят және маусымдық мерекелерімен қатар өзге ұлттардан ерекшеленетін, негізгі мерекелерден тыс: көш-қон, жайлаудағы сейіл, қымызмұрын, бастанғы, алтыбақан сияқты түрлі ойын-сауық демалыстары өнердің әр алуан жанрымен көркемделіп отырылған.

«Дүниеге шыр етіп келіп, қара жердің құшағына енер» шағына дейінгі адам баласының өсіп-есею жылдарындағы думан-тойлар «әсем ән мен тәтті күй» өлең-жырлармен әрленіп, жаңарып жатты.

Күнделікті жарысқан қарапайым өмірдің өзінде күндізгі тыныс-тіршіліктен кейін, бүкіл елкешқұрымнанжиналып, ақтаңдарға дейін қараша үйдің ішінде батырлар жырын, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Қыз жібек сияқты ұзақ-ұзақ дастандарды тыңдап, тамашалаған. Міне, осы өлең-жыр мен ұзақ оқиғаны баяндайтын дастандардың өрбуінен және оны жеткізуші ақындардың орындаушылық шеберлігінен біз, дап-дайын драмалық шығарма мен театр өнерінің элементтерін байқауымызға болады. Әсіресе «Поэзиялық ауыз әдебиетіндегі драмалық театр жанрына қатты ұқсайтын түрдің бірі – ақындардың айтысы»1. Мұндағы драмалық элементтер ақындардың бірімен-бірі кезекпен сөз қайыруында, кейіпкерлердің диологтары, монологтары тәрізді болып келсе, театрдың орындаушылық өнерінің элементтеріне ақындардың бет қимыл әрекеттері, анда-санда домбырадан босата салып қол мәнерімен түсіндіруі актердің мимика – жест амалына, барынша беріліп жан-тәнімен орындауы кейіпкермәнділігіне жатады (воплощение – А. Тоқпанов аудармасы бойынша). Яғни ақынның жұрттың ынта-назарын аударуындағы қимыл-қозғалысы, оның бет құбылысындағы тартымдылық, қолындағы домбырасын, көзін, дене ырғағын ойнатудағы табиғи жарастығы, сахнада ойнайтын профессионал актердің шеберлігі сияқты. Ал, айнала тыңдап отырған жұрт, театр залында спектакль көріп отырған, көрермендей. Ақынның ұтымды, өткір сөздеріне егіліп, ақынмен бірге өмір сүруі,нағыз театрдағы шығармашылық құбылыс. Жырдың мазмұны мен ақынның өнеріне ұйып отырған тыңдаушылар - театрдың негізгі үш компонентінің бірі болып саналатын көрермендер.



Осы келтірілген аз мысалдардан кейін – ақ, қазақ даласында «Театр» деген сөздің өзі өмір сурмегенімен оның көп элементтері халқымыздың саф өнерінің негізін құрайтынына көзіміз оңай жетеді.

В. Н. Всеволодский – Гернгросс « ХҮІІ – ғасырдың өзінде-ақ «Театр» термині пайда болғанға дейін театр өнері бізге таныс еді. Біз оны «комедия», оданда ертеректе «сауық» («потеха») дейтінбіз. Сахнаның мағынасын ұғындыратын «Театрум» деген термин бізге 1702 жылы жетті»2 – деп тұжырымдауы біздің ойымызды қуаттағандай. Ол, өзінің осы еңбегінде үйлену тойының өзі үлкен театрлық көрініс екенін былай атап өтеді: «Мәселен үйленіп жатқан жас жұбайлардың бойынан үлкен актерлік өнер байқаймыз. Айталық, тұрмысқа шығып жатқан қыз өзін барынша аяулы, мейірімді,кең пейілді жан екенін көрсетуге барынша тырысады. Ол сонымен қатар өте мәдениетті, жоғары тәрбиелі, көргені мен түйгені мол, үнемі үлдемен-бүлдеге оранып жүретін, дәулетті жан ұядан шыққанын айналасындағы тойға келген қауымға көрсетуге мейлінше тырысып бағады. Өз кезегінде күйеу жігіт те маңғаздана дархан, жомарт жанның образын ойнайды. Қыздың әке-шешесі де өздерінің көргені мен білетіні көп екенін, дәулеттерінің мол екенін, үнемі жарқын – жайдары жүретінін, мәдениетті жан ұя екенін байқатуға тырысады. Олар қыздарын мәпелеп, еш нәрседен тарықтырмай молшылықта өсіргендіктерін, өмірде тоқығаны көп тәрбиелі қыз ұзатып жатқанын көлденең тосады. Ал күейу жігіттің әке-шешесі де өздерін ең мәдениетті,сыпайы, жомарт, әр қашанда зиялы қауымның ортасында жүретіндерін көрсетіп бағуға тырысады. Тіпті тойға жиылған қонақтардың өзі де алғашқыда өздерін сыпайы, ақ көңіл жан етіп танытуға тырысады»-деп атап көрсетеді. Тап осы келтірілген орыс халқының үйлену тойы көрінісіндегі характерлер галереясы қазақ халқының да, өзге ұлттардың да үйлену және басқа да той-мерекелерінде кездесері сөзсіз. Сан алуан мінез құлықтарға бай құда мен құдағилардың образдары қаншама.Сонымен қатар тек әр ұлттың өздеріне ғана тән үйлену тойларында орындалып жататын іс – қылықтар, әдет – ғұрыптары бар. Біздің қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай. Әлбетте соның бәрінен де театр элементтерін байқауымызға болады. Айталық,қазақтың аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ы. Алтынсариннің «Орынбор қазақтарының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты еңбегіне үңілер болсақ, қызды ұзату кезінде, той алдында жасалынатын « ит ырылдатар» салты бойынша жаңа келген күйеу бала босағадан аттар кезде ит болып ырылдап, ішке енгізбеуге әрекеттенген қыздың таймас жеңгесіне кәде бойынша ақы пұл төлеу қажет. Міне, біз ит болып ырылдаған келіншектің қимыл-әрекетінен нағыз актер шеберлігінің элементін көреміз.Таймас жеңге өзіне тиісті жорасын алмайынша қауып алар қабаған иттің табиғи қасиетін көрсете берері сөзсіз. Ежелден келе жатқан осы салтқа байланысты,өз кезегінде босағадан енді аттауға тиіс күйеу бала қаржылай немесе қымбат сый ұсынуы қажет. Содан кейін ғана «қол ұстату», «шаш сипату» жоралғылары басталатын. Сол сияқты «кемпір өлді» салтында да күйеудің киіз үйден шығар сәтінде, қыздың жеңгелері жағынан қасақана істелінетін , ұйымдастырылған нағыз театрлық көрінісінің өзі дерсің. Күйеу аттанар кезінде кәрі кемпір жас шамасына қарамай табалдырық алдында өлген болып, демін тартып көлденең жата қалады.Күйеу бала кәрі кемпірді аттап кетуге ары бармасы һақ. Демек, өлген кемпірді тірілту керек. Ол үшін арнайы жорасын жасауы тиіс. Босаға алдында көлденең жатқан кемпірдің өліп қалған адамның образын салуы нағыз актерлік өнер – театр элементі.

Осы іспеттес қыз ұзатылар кезде жасалынатын салт-жораның бірі – «кебіс жоғалды»-деп аталады. Үйдің үлкен келіні аяқ астынан енесінің немесе өзінің кебісі жоғалғанын жария етіп айқай – шу көтереді. Әлбетте бұның бәрі ойын. Жас күйеуден қайтарар қарымның бірі.Жеңгенің аяқ астынан бұлдануы, өзгелердің де күйеу балаға «шынымен» сезіктене қарауы сенерліктей көрініс. Күдіктің бәрі өзіне ауғанын сезінген күйеу бала сый-тартусыз құтыла алмайтынын біліп, ата-бабалардан келе жатқан кәдугілі мәзірет бойынша алдын-ала дайындаған лайықты жолын жасайды.Қыз жеңгесі мен сыбайластарының қабағын түйген « шынайы» әрекеті кәсіби театрдағы белді актрисалар орындайтын рөлдермен бара –бар екені анық.

Актерлік өнер – ол театрдың басты компоненттерінің бірі. Демек, мысалға келтірілген үш көріністен де актерлік өнер шеберлігін оп-оңай аңғарамыз.

Әйтседе театр өнерінің шын мәнінде қазақ даласында өмір сүргенін, тарих ғылымының докторы Қ. Байпақов мырзаның Оңтүстік Қазақстан облысының Х – ХІІ ғасырда өмір сүрген « Құйрық Төбе» қалашығында жүргізілген археологиялық қазбаларынан табылған маска туралы: - «Қазақстанның территориясында қуақының маскасы бірінші рет табылып отыр. Бірегей бұндай олжаның табылуы Х – ғасырда-ақ біздің өлкемізде театрдың, артистердің болғанына сеніммен қарауымызға мүмкіндік береді. Маскадағы шығыс еліне тән жайдарылық нышаны азиаттың кескін-келбетін дәл береді»3 – деп, «Советская культура» газетіне интервью бергені біздің үмітімізді тірілтіп, күмәнімізді сейілтіп, дәлелдей түскендей.

Археологтардың болжамы бойынша «Құйрық – Төбенің» орнында орта ғасырдағы ең ірі саяси – мәдени орталық Кедер қаласы болған.

Бір кездері монғолдар шабуылына ұшыраған қалалар қирап, күйреген күмбездер қайта бой көтермегені, бүгінгі ұрпаққа тарих арқылы мәлім. Міне, сондықтан да қазақтың ұрпағы өзінің өткен тарихын, халқының қуанышы мен қайғылы күндерін, елін сүйгендердің ерліктерін ертегі-аңыздан, жыр-дастандардан,шежіреден естіп өсті. Көне заман қалаларында қаншама кітапхана болды. Сол кездегі шеберлер еңбектерінің біріде -бірі, бүгінгі күнге жеткен жоқ.

Ал, Асанқайғыдай ел қамын ойлаған атамыз, өлімді жеңген Қорқыттай күйшіміз болғанының өзі сол көне аңыз – дастандар арқылы жетті. Міне, тап солардай ондаған, жүздеген данышпандар аңыздарға да ілінбей, қаншама оқымысты ғалымдардың кітаптары мен қолжазбалары өздерімен бірге қабіріне көмілгеніне кім күмән келтіре алуы мүмкін.. Қазақта театр өнерін «ойын-сауық» деп атау, оған талпыну ХХ ғасырдың алғашқы он жылдарының ішінде, тіпті оданда ертеректе басталған. Омбы, Семей, Орынбор, Уфа сияқты қалалардағы қазақ оқушыларының үйірмелерінде жазылып және қойылған шағын пьесалар, олар жайында «Айқап» сияқты журнал мен газет беттерінде басылған мақалалар көп нәрсенің мағанасын аңғартады.

Қазақ даласындағы өмір сүрген сайқымазақтар мен қу, шаншарлар өнері театр өнерінің ең басты элементі болып табылады. Рессей елінің театр өнерін зерттеуші ғалымы Кайдалова. О. өзінің «Традиции и современность» деген еңбегінде «Қазақ және қырғыздарда театр өнері - ең қызық өз бастамасын орындаушының ойдан шығарған әңгіме, көріністерін шеберлікпен орындау үлгісінен алады. Қазақтарда ол «қу», ал қырғыздарда «қуудул» деп аталады. Халықтың бұл қуақылары әдетте бір топқа бірікпей, әрқайсысы жеке ел аралап өз өнерін көрсетеді»1

Қу, шаншар, сайқымазақтар өзінің басынан кешкен әртүрлі қызық жағдайлары мен таныстарының айтқан тартысты оқиғаларынан құрастырған монопьесасын орындау шеберлігіне дайындап, жиналған топ алдына шығатын. Ал, бұл дегеніміз нағыз Европа үлгісіндегі моноспектакль ( моно-грек тілінде «бір» деген, спектакль латын тілінде «көрініс» деген ұғымды білдіреді)2. Қу, сайқымазақ, шаншарлар өткірлігі мен тапқырлығы, әлдекімдердің жағымсыз қылықтарын айнытпай салар қабілеттілігімен жұрттарды өзіне баулып алатын. Оларсыз бірде-бір мереке, жиын, тойлар өтпейтін. Әйгілі қуақыларды әр ауыл таласа – тармаса кезектесіп қонаққа шақыратын. Олардың өнерін көруге алыс-алыс ауылдардан, жүздеген шақырым жерден ат арылтып сауық құмар көрермендер келетін. Көбінесе олар көп халық жиналатын жәрменкелер мен бұқаралық мерекелерде өнерін көрсететін. Сондықтан да қоршаған көрермендер алдында қас-қабағы, қол ишаратының мән – мағынасын, дауыс ырғағын, суырып салмалық пен сөз саптау қасиеттері халыққа әсерлі жету үшін, бар өнерін салып, шебер орындауға тырысатын. Бұл,орындаушылық өнері, ежелден қалыптасқан театр өнерінің талап-тілегі.Қазақ даласының қулары әр түрлі дауысты салуда үлкен жетістіктерге жеткен шеберлер. Иттің үргенін, қойдың маңырағанын, жылқының кісінегенін, желдің ызыңын қиналмай-ақ нанымды етіп жеткізетін.Әсіресе өздері дайындаған монопесаларындағы кейіпкерлерді айнытпай салуға аса көңіл аударатын. Сондықтан да оларда көргенін өте тез қағып алар қағылездік, айнытпай салар шеберлік, мұқияттылық, алғырлық, ұшқыр қиял-ой, ерікті-еріксіз назар аудару қабілеттілігі басым болуы керек. Қу, шаншар, сайқымазақтар өнердің барлық түрлерін тамаша орындай білген. Олар ән айтып, күй тартып қана қоймай, кейбіреулері цирктің номерлерін де асқан шеберлікпен көрсете алатын.

Міне, осы қу, шаншар, сайқымазақ өнерінің белгілі өкілі Кеңестер Одағының артисі Қалыбек Қуанышбаев еді (1893 – 1968ж.ж). Ол жас кезінен-ақ өз халқының асыл өнерін бойына сіңіре білді. Құйқылжыта ән салумен қатар күлдіргі әңгіме айтуға машықтала бастаған Қалыбек, шаншардың күлдіргі құларынан өнеге алып, Қоянды жәрменкесіндегі тамаша ойын –сауықтың ұйытқысы бола білді. «Қалыбек пен Омардың мысқыл-әжуасы аралас, майын тамызып, шебер айтатын күлдіргі әңгімелерін, ор қояндай секіріп, қыран бүркіттей шаңқылдаған Зарубай Құлсейітовтың сиқырлы ойынын көріп, дүйім жұрт бейне бір театрдың өнерін тамашалағандай әсер алатын»3.

Қалыбек Қуанышбаев сол кездің өзінде-ақ керемет актерлік дарынын танытумен қатар, ащы мысқыл, өткір әжуа, тақпақ – өлеңдердің авторы, әрі көркем орындаушысы болатын. Қ. Қуанышбаевтың өзі жасап алған репертуарындағы «Қыз ұзату», «Қой күзету», «Қарабай», «Сарыбай», « Қу құдай» т.с. с. шағын сатирикалық әңгімелерінде тұрмыстың қиыншылығын, бай шонжарлардың өктемдігін, билердің әділетсіздігін ащы мысқылмен шенеп отырды. Қалыбектің ұстаздары әрі нағашылары Тонтай, Торсықбай Мауқай сияқты Шаншар руынан шыққан « ащы тілді» қулар кез-келген ауылдың қошаметті қонағы еді.Олардың уытты мысқыл әңгімелері ел-жұрт арасында әкеден балаға тарап отырды. Бұл әңгімелерді көбінесе бір қудың өзі ғана орындайтын.Міне, осы бір деректер қатарының өзінен-ақ, ежелгі қазақ даласында театр өнерінің элементтері өмір сүргенін, тіпті мол болғанын ап-анық аңғарамыз. Ал, қазақтың таулы –қырлы, шөлді-көлді сайын даласында, әліде зерттелмеген қаншама көркем мұралар бар десеңізші. Бұл бүгінгі және болашақ ғалымдардың зерттеу нысандарының негізгі түрі болуы тиіс.

Әдебиеттер

1) Әуезов М.О. 20- том. шығар . жинағы. Алматы: Жазушы, 1985.-Б. 79.

2) Из истории советской науки о театре: 20-е годы. М., 1988.-Б.102.

3) Байпаков К. Маски из Отрара// Сов.культура.-1987.-5 янв.

4) Кайдалова О. Традиции и современность.-М., 1977.-Б.12.

5) Мұқанов С. Халық мұрасы. Алматы: Қазақстан, 1974.-Б. 234.


Резюме

В статье с исторических позиций рассматриваются элементы театрального искусства в обрядах казахского народа.
Summary

In article with history position are considered elements theatrics in pite ofkazakh folk.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет