Б. Ж. Абжаппарова


Ауылшаруашылығы интеллигенциясының әлеуметтік даму тарихнамасы



бет12/16
Дата05.11.2016
өлшемі4,84 Mb.
#854
түріМонография
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

4.2 Ауылшаруашылығы интеллигенциясының әлеуметтік даму тарихнамасы

Ауылшаруашылығы интеллигенциясының тарихы жайлы жарық көрген әдебиеттерге тарихнамалық талдау жасау, өткен қорытындыларын, тарихи сабақтарын ой елегінен өткізбейінше, қазіргі қадір-қасиетін түсіну мүмкін емес.

Интеллигенция тарихын тереңнен зерттеген ғалым Х.М. Әбжанов «ауылшаруашылығы интеллигенциясы деп кеңес қоғамында мемлекеттік және колхоз секторынан құрылған аграрлық экономикада күрделілігі және мазмұны әрқилы ой еңбегімен айналысқан мамандар тобын айтамыз. Ғылыми әдебиеттерде бұларды «өндірістік», «өндірістік-техникалық», «ауылшаруашылығының өндірістік-техникалық интеллигенциясы» деп те атай береді» деген көзқарасын білдіреді [94. 169 б.]. Сондықтан біз ауылшаруашылығы өндірістік-техникалық интеллигенциясының әлеуметтік даму тарихнамасын арнайы қарастырдық.

Қазақстан халқының әлеуметтік құрылымының терең өзгерістерге толы кезеңдерінің бірі ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдар болып табылады.Оған осы кезеңде жүргізілген социалистік қайта құрулар әсер етті. Кеңестік кезеңде әлеуметтік қайта құрылымдағы ерекшеліктер зерттеушілер назарын өзіне аудартпай қоймады.

Қарастырып отырған мәселенің концептуальды-методологиялық мазмұнына байланысты әдебиеттерді екі топқа бөлген дұрыс деп есептейміз. Біріншісі кеңестік кезеңде жазылған, екіншісі тәуелсіздік кезеңінде жазылған еңбектерді жатқызуға болады.

Бірінші кезеңде жазылған еңбектердің ерекшелігі сонда, марксистік методологияны негізге ала отырып, сол кезеңдегі идеология мен ұстанымдардан аса алмады. Ең алғашқы зерттеулер баспасөз беттерінде публицистикалық мазмұнда жазылды.

ХХ-шы ғасырдың 20-30-шы жылдарындығы ауылшаруашылығы интеллигенциясының кейбір тұстары сол кезеңдегі бірқатар еңбектерде көрініс тапты. 1920-шы жылдары мамандар жайлы «1920 жылғы Қарқаралы уезінен жіберілген корреспонденцияда «кеңестік мекемелерде жұмыс қалыпқа түсіп келе жатыр. Жұмысты мамандар мен белсенді партия қызметкерлерінің жетіспеуі тежеп отыр», - деп атап көрсетеді [382].

Көрнекті мемлекет қайраткерлері Ә.Т. Жанкелдин, Т. Рысқұлов еңбектерінде алғаш рет қазақ ауылдарының әлеуметтік жағдайы жайлы ашып көрсетілді. Ә.Т. Жанкелдин мен Т. Рысқұлов В.И. Ленинмен кездесіп, жаңа қазақ интеллигенциясының өкілдері ретінде кездесу барысында капиталистік емес даму бағытын ұстанған интеллигенцияның әлеуметтік қызметі жайлы сөз қозғады. Т. Рысқұлов осы кездесуден кейін жазған мақаласында: «Лениннің аграрлық шаруа мәселесінің өзекті көзі болып саналатын Түркістан селолары мен ауылдарының әлеуметтік-таптық құрылымына үлкен көңіл бөлді», - деп саралайды [383, 44 б.]. Ә.Т. Жанкелдин В.И. Ленинмен болған кездесуінде оның «біздің тактикамыз сондай болу керек, біздің жағымызға интеллигенцияның, халықтың мәдениетті бөлігін барынша тартуымыз керек», - деген ойын білдіргендігін айтады [384, 39 б.]. Әрі бұл жөнінде ғалым Г.Ф. Дахшлейгер де В.И. Лениннің Кремльдегі кітапханасында Қазақстанның шаруашылық және саяси жағдайы мәселелеріне арналған басылымдарда мол мәліметтердің бар екендігін ескертеді [385, 177-178 б.].

С. Сәдуақасов еңбектері де Қазақстандағы қазақ шаруаларының тарихи дәстүрлі даму жолын қорғау ретінде көрініс бергенін дәлелдейтін теориялық және ғылыми көзқарасын білдіреді [246]. Кезінде қуғын-сүргінге ұшырағандықтан, еңбегі айыпталып, кеңестік кезеңде тарихнама назарынан тасада қалған болатын. Еңбекте тарихнама үшін ХХ - ғасырдың 20-жылдарындағы Қазақстан халқының әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер туралы аса құнды дербес ойлар мен мәліметтер, фактілер бар.

1930-шы жылдары жазылған Б.К. Семевский [386], Н. Сырғабеков [387], Ғ. Тоғжанов [388], Е. Федоров [389], И.А. Зверяковтардың [390] еңбектерінде қазақ ауылының әлеуметтік құрылымының социалистік құрылыстың таптық принциптеріне сәйкес өзгеріске түсуіндегі сталиндік күштеп ұжымдастыру саясатының «маңыздылығы» дәріптеледі. Авторлар партия аппаратының жауапты қызметкелері болғандықтан, жұмыстарда саяси науқаншылдық және сталиншілдіктің Қазақстанда орныға бастауы көрініс тапқан. Бірақ бұл еңбектерде сол тарихи кезеңдегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік топтардың үлес салмағын ашып көрсетпеді. Алайда аталған авторлардың еңбектері қазіргі тарихнамада интелллигенцияның әлеуметтік тарихын саралауға көмектеседі.

Күштеп ұжымдастыру, ауқатты бай шаруашылықтарын жою жаппай ашаршылық пен халықтың ауа көшулеріне алып келді. Бұл интеллигенцияның қалыптасуы мен әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізді. 1937-1938 жылдардағы зиялыларға қарсы жүргізілген жаппай жазалау саясаты да әкімшіл-әміршіл жүйенің орнығуына байланысты, тарихнамада ұзақ жылдар бойы зиялылардың еңбектерін пайдаланбақ түгіл, аттарын атауға тиым салды.

Сондықтан 20-30-шы жылдардың тарихнамасында сталиндік «социализм орнату барысында тап күресі артып келеді» деген концепция қалыптасып, аграрлық реформалар жүргізу, ондағы интеллигенцияның рөлі жайлы мәселе көтеру қудалауға ұшырады. Жүргізіліп жатқан реформалар партиархалдық-феодалдық сарқыншақтармен күрес деп түсіндірілді.

1920-шы жылдардағы реформалардың идеологиялық мақсаты артта қалған халықтардың капитализмге соқпай социализме өту жолын таңдап, оның дамытуға бағыт алуымен байланысты болды. Алайда зерттеулердің көпшілігінде, 1920-1930 жылдардағы тұтас қабылдауда кемшіліктерге орын беріліп, интеллигенцияның тек жағымды жақтары, «таза тарих беттері» басым. Бұл ең алдымен ауыл шаруашылығы интеллигенциясының әлеуметтік тарихнамасына қарағанда, демократиялық интеллигенция өкілерінің қызметін талдауға мән бергендігін аңғартады. Оппозициялық көзқарастардың болуы да мүмкін емес еді.

Тарихнамада 1930-шы жылдардың соңы 1940-шы жылдардың басында публицистикалық материалдарының қомақтылығымен ерекшеленетін, «Большевик Казахстана» журналында 1939 жылы жарық көрген Н. Скворцовтың «За дальнейшее развитие общественного животноводства» мақаласында «жаппай білікті мал шаруашылығы кадрларын даярлауға дұрыс мән берілмей, салғырттық танытқандығы қатты сынға алынды. Даярланған кадрлардың тұрақтамай отырғандығын, 4712 техниктер мен мал шаруашылығы бригадирлері даярланғанымен, бұларға деген сұраныстың жоғары екендігін жазады. Оның негізгі себебі әлеуметтік жағдайлар жасалмауына байланысты кадрлардың тұрақтамай отырғандығын айтады [391, 38-40 б.].

1940 жылы «Большевик Казахстана» журналында Я.Важниктің «Подбор и расстановка кадров в Казахстанской парторганизации» аталатын мақаласында «ауыл шаруашылық мамандарының жетіспейтіндігін ескерте отырып, республика бойынша барлығы (Наркомзем және наркомсовхоз жүйесіне) жоғары және орта арнаулы 5039 маманның жетіспейтіндігін, оның ішінде: 1722 - агрономдар, 792 - ветдәрігерлер, 987 - зоотехниктер, 397 - веттехниктер, 117 – инженер - құрылысшылар, 102 – инженер - ирригаторлар, 240 - жерге орналастырушылар, 162 - инженер-лесомелиораторлар, 63 - басқа мамандықтағылар екендігі жайлы фактілер келтірген.

Әрі бұл сұранысты қамтамасыз етудің қайнар көзі неде екендігін талдайды:

Біріншісі, тексеру қорытындылары көрсетіп отырғандай, республикалық мекемелер мен ұйымдарда ауыл шаруашылығының 658 мамандары жұмыс істейді. Міндет, осы мамандардың жартысын өндіріске жіберу керек.

Екінші көзі, мамандарға деген сұранысты біздің жоғары оқу орындары мен техникумдар береді. 12 техникум мен республикаға тиесілі бір жоғары оқу орыны 1940 жылы 550 жоғары және орта арнаулы білікті мамандарды береді. Сонымен қатар басқа республикалар мен облыстардан, біздің республикамыздағы одақтық бағынысқа қарайтын жоғары оқу орындары шамамен 300 адамды береді. 1940 жылы республикамыздың ауыл шаруашылығы жобамен 1050 мамандарды немесе кадрларға деген сұраныстың 20 пайызы орындалатындығын жазады. Жыл сайын Орталықтың Қазақстанға мамандарды жіберуі өте төменгі деңгейде орындалып отырғандығына көңілі толмайды.

Сондықтан мамандарды жергілікті жерде, жергілікті қазақ халқынан техникумдар мен жоғары оқу орындарында даярлауға басты мән беру керектігіне назар аударады. Өндірістегі кадрларды нығайтып, тұрақтандыру үшін қолайлы жұмыс жағдайларын жасау қажеттігін ескертеді [392, 22-23 б.].

Бірақ, бұл еңбектер сталиндік тоталитаризм кезеңінің алғашқы дәуірінде жарық көргендіктен, ауылшаруашылығы интеллигенциясының әлеуметтік құрылымындағы өзгерістердің тарихи тәжірибесін зерттеуді мақсат етпеді. Ауылдың құрылымындағы өзгерістер туралы зерттеу жұмыстарын жүргізуге ұлттық интеллигенция өкілдерін қызықтыра қоймады.

Тарихнамада қомақты орын алатын 1940 жылы Қазақ ССР-нің ХХ жылдығына арналған жинақта екінші бесжылдық жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін техникалық кадрлардан 100 мың адам даярланып, оның ішінде 26 мыңы қазақтар болды. 1944-і МТС механиктері, 307 автомеханиктер болды деген деректерді ұсынады [393, 129 б.].

МТС-тардың көптеген мамандаған агротехникалық қызметпен қамтамасыз етіп отырғандығы да дәлелденген.

Революцияға дейінгі Қазақстанның ауыл шаруашылығында мұндай кадрлар болмағандығы, 3784 агроном, инженер, механик, агротехник, оснымен қатар 1939 жылы Қазақстан МТС мен МТМ-да басқа да жоғары және орта арнаулы техникалық қызметкерлердің еңбек етіп жатқандығы жайлы мәліметтер келтірілген.

Қазақстанда 192 совхоз болса, онда 97,9 мың жұмысшылар, 4711 агрономдар, инженерлер, техниктер қамтылғандығы жайлы фактілер берілген [393, 144 б.].

1947 жылы жарық көрген құжаттар жинағында өзі сан жағынан аз село интеллигенциясы өкілдерінің біразы азамат соғысы мен шетелдік интервенция жылдары-ақ гвардияшылардың қолынан қаза тапқандықтары жайлы деректер келтірген [394, 112 б.].

«Большевик Казахстана» журналының 1951 жылғы №6-номерінде шыққан Қазақстан мемлекет басшысы Ж. Шаяхметовтың «За польное использование техники МТС, МЖС и ММС в сельском хозяйстве» мақаласында» ауыл шаруашылық жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітіріп, жолдамамен келген жас мамандарға қажетті өндірістік, тұрмыстық жағдай жасалып, жұмыс істеуіне большевиктік қамқорлық көрсетілмегендіктен, мамандардың тұрақтамаушылығы байқалуда деп түсіндіреді. 1949 жылы МТС-ға 114 жоғары білімді агрономдар келсе, осы уақытта 98 агроном кері кетті, 26 механиктер келсе, 20-сы кері кетті. 1950 жылы 200 агрономдар келсе, 159-ы кері кетті, 27 инженер-механиктер келсе, 25-і кері кеткендігі жайлы мәліметтерді көрсетеді [395, 10-12 б.].

Зерттеуші А.В. Дидковскийдің мәліметі бойынша, 1932 жылы республиканың колхоз өндірісі ветврачтармен 15,7, ветфельдшерлармен – 40,3% қамтамасыз етілген [396].

1950-ші жылдардың соңында жарық көрген құжаттар жинағында 1920 жылғы Қазақ АССР-нің Құрылтай съезінде де ауыл шаруашылығы және жерге орналастырушы барлық мамандарының есебін алып және жұмылдыру (мобилизациялау), мамандығы емес салада жұмыс істеп жатқандарды барлық жерлерден іздеп табу керектігі атап көрсетілді [397, 283 б.].

Партияның ХХ съезінен кейін кеңестік тарихнамада әлеуметтік тарихқа жаңаша баға беру керектігі жөнінде ілгерілеушіліктер байқала бастады. 1960-1970-ші жылдары кеңестік тарихнамада жаңа бағыттың пайда болуымен байланысты, интеллигенцияның, оның ішінде ауылшаруашылығының инженер-техникалық интеллигенциясының әлеуметтік дамуы мәселесін арнайы зерттеуге жол ашты. Ол деректік базаның ауқымының кеңеюіне, мұрағат қорларына кең еркін мүмкіндіктің ашылуы әсерін тигізді. Тарихнамада «жаңа бағыт» ғылыми әдістердің нақты тарихи фактілерді талдауына арқа сүйеді

Интеллигенцияға арналған зерттеуінде Ж. Қарағұсов ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауда жоғары ауылшаруашылық оқу орындарының үлкен рөл атқарғандығын жазады. Құрылған күннен бастап 1940 жылға дейін институттар 1220 жоғары маманданған агрономдар, зоотехниктер және ветеринарлық дәрігерлер даярлағандығын көрсетеді [3, 66 б.]. Автор ауыл шаруашылығы интеллигенциясының сан және сапалық жағынан артқандығын қарастыра отырып, ресми методологиядан әрі аса алмағандығын аңғарамыз. Әрі интеллигенцияның аймақтық және салалық жағынан бөлінуі еңбекте қарастырылмаған.

1960-шы жылдардың ортасында ғалымдар Ә.І. Сембаев [271], А. Қанапин [398], Р.Б Сүлейменов, Х.И. Бисенов [5], Ш.Ю. Тастанов [225] еңбектерінде мәселені талдау, кешенді түрде зерттеу, кеңестік құрылыстың әр түрлі кезеңдеріндегі Қазақстан интеллигенциясының қалыптасуы, қызметі, дамуы кең көлемде қарастырылды. Тарихнамада авторлар ауылшаруашылығы интеллигенциясының әлеуметтік дамуы жоғары оқу орындарында мамандардың даярлануы арқылы жүзеге асты деген концепцияны жақтайды.

Ауыл шаруашылығындағы өндірістік-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік даму тарихнамасында Кеңестік кезеңдегі ғылыми орталықтар болып саналған Москва, Ленинград, Новосибирск, Киев ғалымдары үлкен үлес қосты. Әсіресе 1960 жылдан бастап зерттеулер көптеп жарық көре бастады. Олардың қатарында З.И. Астахованың, П.Ф. Амелиннің, М.Н. Руткевичтің, А.И. Сухаревтің, З.И. Моничтің, В.И. Сухарев, П.И. Симуш т.б. еңбектерінің маңызды екендігін атап өткен жөн [399]. Зерттеушілер кеңестік кезеңде орныққан саяси ұстанымдарды, теориялық қағидаларды басшылыққа алғандықтан, ауылшаруашылығы интеллигенциясына қатысты мәселелеріді зерттеуде маркстік-лениндік методология тұрғысынан баға берумен ғана шектелді.

Зерттеуші А. Асановтың 1960-шы жылдардың басында жарық көрген еңбегінде «Партийные организации Казахстана в борьбе за укрепление сельского хозяйства республики квалифицированными кадрами» деп аталатын еңбегінде «Белгіленген штат бойынша әрбір машина-трактор станциялары бас инженер, машина трактор шеберханасының меңгеруші инженерін, инженер-контролер, ауыл шаруашылығы машиналары инженері, мал шаруашылығы жұмыстарының аға механигі, ал мақтамен айналысатын МТС болса, мақта жинаушы машиналар инженерін ұстауға тиісті болды. Осы штатқа сәйкес республика МТС-да 2419 инженер, 4741 техник-механик жұмыс істеуі керек» екендігін көрсетеді [400, 13 б.]. Автор ауылшаруашылығы өндірістік-техникалық интеллигенцияның құрамының өзгеруі, әлеуметтік дамуы жайлы мәлімет береді.

1964 жылы ғалым М. Шаумян «От кочевья к социализму» деп аталатын еңбегінде Қазақстанның 1920-1930 жж. әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды өзгерістері болып саналатын қазақ көшпелі және жартылай көшпелі шаруа шаруашылықтарын отырықшыландыру мәселесіне арналған. Әрі онда кешегі көшпелілердің орыс инженері мен механигімен қатар аз уақыт ішінде оларға жаңа және күрделі іс болып саналатын ауылшаруашылық машиналарын аз уақыт ішінде игерді. Олар үшін арнайы курстар ұйымдастырылып, 1934 жылы 4060 адам бригадир-малшылар, ферма меңгерушілері, ветеринарлық - техниктер даярланды деген деректерді келтіреді [401, 162, 177 б.]. Еңбекте Қазақстанда өндірістік-техникалық интеллигенцияның қалыптасуына орыс халқы ықпал етті деген көзқарасы берілген.

1967 жылы жарық көрген құжаттар жинағында маманданған кадрлардың халық шаруашылығын социалистік қайта құру және қалыптасу жылдарында да жетіспегендігі сараланды. Бұл жөнінде құжаттар мен материалдар жинағы 1927 жылы республикада 118 агробөлім мен 12 көшпелі зоотехникалық пункттердің, 86 тұрақты және 20 көшпелі ветврачтық бөлімдер мен 98 фельдшерлік пункттердің құрылғандығы жайлы мәлімет береді. Бір ғана агроном 3 болыс пен 12 мыңға жуық шаруашылықты қамтамасыз етсе, бір ветврачтық учаскеге 15,4 мың шаруашылық пен 607 мың бас малдың келгендігі жайлы көрсетілген [402, 93-94 б.].

Ғалымдар Р.Б. Сүлейменов пен Х.И. Бисенов Қазан төңкерісінің қарсаңында республикада бар жоғы 590 ауылшаруашылығы мамандарының бар екендігі жөнінде мәлімет келтірген [5, 126 б.]. Мұнан шығатын қорытынды қазақстандық ой еңбегімен айналысатын қызметкерлер тобы саны жөнінен ресей интеллигенциясының құрамында елеулі орын ала қойған жоқ. Патша өкіметінің отаршылдық саясаты өлкеге дипломды маман кадрлар қажеттігін ескермеді.

Х.З. Ақназаров мұрағат және статистикалық материалдардың негізінде ауылшаруашылығы интеллигенциясы туралы ол ауылшаруашылық интеллигенциясының әлеуметтік дамуының қайнар көзі 1920-1950 жылдардағы Қазақстанның жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы ауылшаруашылық мамандарын даярлаудағы сандық аспектілерінен байқады. Автор Қазақстан ауылдарындағы алдыңғы қатарлы агрозоовет қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлердің кәсіби қызметтеріне назар аударады. Біздің көзқарасымыз бойынша, еңбектің негізгі кемшілігі ауылшаруашылық интеллигенциясының әлеуметтік дамуының тек жағымды жақтары қарастырылып, ресми методология төңірегінен алыстамаған [403, 107-130 б.].

Қазақстанға, әрине, маманданған ауылшаруашылығы интеллигенциясын даярлауда орталық көмек көрсеткені белгілі. Осы мәселе бойынша ғалым О.С. Сексенбаев «Строительство совхозов в Казахстане (1917-1937 гг.) 1968 жылы жарық көрген еңбегінде республиканың ауылдары мен селоларына Москва мемлекеттік университеті, Ленинград ветеринарлық институты, Тимирязев ауылшаруашылық академиясы, Саратов ауылшаруашылығы институты, Калуга ауылшаруашылық техникумдарының өз түлектерін жібергендіктерін жазады [404, 63-64 б.].

Қазақстан инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік дамуы тарихнамасында 1971 жылы жарық көрген тарихшы-ғалым Т. Балақаевтың Колхозное крестьянство Казахстана в годы Великой Отечественной войны 1941-1945 гг. еңбегінде 1940 жылмен салыстырғанда колхоздардың басшы кадрлары құрамында соғыстың санында үш есе артып, 226 әйел колхоз председателдері қызметін атқарып, 2926 –колхоздардың бухгалтерлері мен есепшілері, яғни, 1940 жылы небәрі 3,2 пайызы есеп қызметкері болса, олардың саны соғыс соңында 36,4 пайызға жеткендігі жөнінде мәлімет келтірген. Біз ғалымның еңбегінен селоның инженер-техникалық кадрлары соғыс жылдары әйелдермен толықты деген көзқарасты аңғарамыз [405, 113 б.].

1970-ші жылдары зерттеушілер В.К. Савосько мен И.Ш. Шамшатов «әсіресе соғыс жылдарындағы МТС пен колхоздардың басшы кадрларының құрамы өзгерді» деген қорытынды жасайды. Мұрағат құжаттарының негізінде 1945 жылы Қазақстандағы МТС директорларының 34-нің ғана жоғары білімі болса, қалғандарының орта, төменгі білім деңгейінің болғандығын анықтап, колхоз бригадирлерінің, ферма меңгерушілері, агрономдар, зоотехниктер соғыс жылдары майданнан оралмай, кейбіреулері мүгедек болып оралып, бір бөлігінің басқа қызметке ауысуларына байланысты, басшылық орындарға мамандар жетіспегендіктен, тәжірибесіз, біліктілігі төмен колхозшылардың жоғарылаулары, жұмыс сапасын бақылауды, есеп, жауапкершілікті төмендетті. Агрозоотехникалық қамтамасыз етуді төмендетіп, колхозшылардың еңбегін ұйымдастырып, бақылаудың әдіс-тәсілдерінен ауытқушылық байқалды деген себептерін анықтайды. Авторлар ауылшаруашылығы кадрларының әлеуметтік дамуына экономикалық факторлардың әсер еткендігін саралайды [285, 18-20 б.].

Авторлар соғыстан кейінгі бірінші бесжылдықта колхоздарда ауыл шаруашылығы мамандарына деген өткір сұраныс болғандығын, осы жылдары кадрларды тұрақтандыруға, олардың өз мамандықтары бойынша еңбек етпеуі немесе халық шаруашылығының басқа салаларына ауысуы сияқты маңызды кемшіліктерге орын берілгендігін дәлелдейді [285, 84-85 б.].

Колхоздардың басшы кадрларының бекуіне МТС-дың қайта құрылуы басты факторлардың бірі болғандығын, соның нәтижесінде көптеген тәжірибелі және жоғары білікті МТС директорлары мен мамандар колхоздарды басқарғандығын талдайды. 1960-шы жылы колхоз председательдерінің сапалық құрамының жақсарғандығын, ал 1971 жылдың сәуірінде колхоз председателдерінің 84%-ның жоғары және орта арнаулы білімі бар екендігін мәлімдейді. Олардың ішінде 39% - агрономдар, 34% - зоотехниктер, ветдәрігерлер, веттехниктер, ветфельдшерлер, инженерлер, техниктер құрайтындығын анықтаған. Колхоз өмірінде есеп қызметкерлері мен экономистердің де аз орын алмайтындығын ескерген. 1959 жылдың соңында Қазақстан колхоздарында 10 мың есеп қызметкерлері мен экономистер еңбек етсе, оның 1426 бухгалтер, 3478 есепшілер, 200 жоспарлаушы – экономистер болғандығы жайлы да фактілер келтірген. 1970-ші жылы Қазақстанда 855 маман-экономистер, жоспарлаушылар, еңбекті нормалаушы инженерлер, жоғары және орта арнаулы білімі бар 6 мың бухгалтерлер бар екендігі жайлы мұрағат материалдарын ұсынған [285, 88-89 б.]. Білікті мамандар санының артуы ғылыми-техникалық үдерістің жетістігінің ауылшаруашылығы өндірісіне енгізілуін жеделдетті, бұл колхозшылардың кәсіби және мәдени жағынан дамуына мүмкіндік туғызды деген қорытындыға келеді. Осы мамандардың күшімен Қазақстан колхоздарында оқу комбинаттары құрылып, колхозшылар агрономия, зоотехния, ветеринария негіздерін игергендігін айтады [285, 251 б.].

Техникалық үдерістің тез қарқынмен дамуы, ауыл мен село еңбеккерлерінің мәдени-техникалық деңгейінің артуы, еңбектің мазмұны, мәдениеті жағынан қала мен деревняны жақындатты, бұл колхоз басшылары мен мамандарының шеберліктерін үздіксіз жетілдірілуін, білімін, жаңалықты сезінуін талап етті деген пікірге келеді [285, 87 б.]. Біз автордың көзқарасынан қала мен село арасындағы айырмашылықтардың жойылып, бірте-бірте жақындай бастады деген концепцияны байқаймыз. Шындығында осы кезеңдегі әлеуметтік тарихты зерттеген тарихшылардың көпшілігінің ойы осы пікірмен сабақтасып жатқандығын аңғардық.

Ғалым А. Ержанов соғыстан кейінгі бесжылдықта ауыл шаруашылық кадрларын даярлауға және қайта даярлауға үлкен мән берілгендігін ескертеді. Соғыс жылдарында ауыл шаруашылық кадрларының едәуір кемігендігін, ауылшаруашылығы басшылық қызметкерлерінің біліктілігінің төмен екендігін көрсетеді. Тіптем Қарағанды, Батыс Қазақстан, Қостанай, Көкшетау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Семей облыстарында колхоз председательдерінің арасында жоғары білімді бірде-бір адам болмағандығын, көпшілігінің бастауыш білімі немесе шала сауатты болғандығы жайлы мұрағат құжаттарын ұсынады.

1947 жылы республикада 361 МТС-тар болса, олардың 354 директорлармен қамтамасыз етілгендігін, 60%-ның аяқталмаған орта арнаулы және бастауыш білімі, 30% -орта және 11% -жоғары білімі болғандығын саралайды. МТС директорларының жартысына жетпейтін бөлігі ғана 43,6% мамандар: 20,3% агрономдар, 23,3% механиктер болғандығын жазады.

1947 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, 167 созхоз директоларының ішінде, 13-нің жоғары, 9-ның аяқталмаған жоғары, 41-нің орта, 25-нің аяқталмаған орта, 79-ның бастауыш білімі бар екендігін саралаған. 1947 жылдың басында арнайы, орта маманданған зоотехник, веттехник, агроном, техник-механик мамандарға деген сұраныс 1148 адамды құраса, олардың барлығы 417-ақ адамды құрап отырғандығы жайлы мұрағат құжаттарынан мәлімет береді. Ғалым А. Ержанов осы мәселені тез арада шешу қажеттігін, себебі көп мәселе мамандардың даярлануымен олардың мамандығына және басшылардың біліктілігіне байланысты екендігін айтады.

Республикада төртінші бесжылдықтың соңында ауыл шаруашылық мамандарын даярлау және қайта даярлаудағы атқарылған маңызды істерге қарамастан, жоғары және орта арнаулы мамандармен қамтамасыз ету қанағаттанғысыз күйде қалып отыр деген пікірге келеді [359, 72-74 б.].

Республикада МТС-ды басшылық және инженерлік-техникалық кадрлармен қамтамасыз етуде көптеген істердің атқарылғандығын талдайды. МТС кадрларын нығайту екі жолмен жүргендігін: бір жағынан машина-трактор станцияларына ауыл шаруашылық мамандары өнеркәсіп орындары мен мемлекеттік мекемелерден қайтып оралуы, екінші жағынан, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында жоғары білікті мамандарды даярлаудың күшейтілуіне байланысты екендігін анықтайды.

Осыдан кейінгі жылдары республиканың машина-трактор станциялары басшы және инженер-техникалық кадрлармен нығая түсті деп сабақтайды.

Жоғары білімді және даярланған мамандар совхоздарға да жіберілді дейді. 1954-1955 жылдары Москваның өнеркәсіп және оқу орындарынан тұрақты жұмыс істеуі үшін совхоздарға 4760 жоғары және орта арнаулы білімді мамандар, оның ішінде 980 агрономдар, 1015 инженерлер мен техник-механиктер, 825 инженерлер мен техник-құрылысшылар, 659 ветеринар-зоотехник қызметкерлер жіберіліп, 384 мамандар совхоз директорлары болып тағайындалғандығы жайлы айтады [359, 85-86 б.].

Осындай үлкен көмектің арқасында директорлардың және ферма мен созхоз бөлімшелері басқарушыларының сапалық құрамы бірден жақсарды деген қорытынды жасайды.

Сонымен қатар Қазақстанның ауылшаруашылық органдарына агрономиялық және зоотехникалық көмек көрсету шаралары да қолға алынғандығын айтады. Егер 1953 жылға дейін бір маман бірнеше колхоздарға қызмет көрсетсе, оның ішінде жоғары білімді агрономдар, зоотехниктер, ветдәрігерлер жетіспейтіндігіне қынжылыс білдіреді. 1953-1955 жж. жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген 1520 агрономдар, 1325 зоотехниктер мен 1199 ветеринарлық қызметкерлердің республикаға келгендігін, кадрлардың Қазақстан ғана емес, басқа туысқан республикалар мен Москва, Ленинградтан жолдамамен келгендермен де толыққандығын саралайды [359, 86-87].

1952 жылы 11 қаңтарда КСРО Министрлер Кеңесінің «МТС директорлары мен бас инженерлерінің құрамын одан әрі нығайту шаралары туралы» қаулысының жарық көруі де мемлекет тарапынан машина-трактор станцияларындағы басшы кадрларды таңдауға деген қамқорлықты көрсетеді.

Кеңестік тарихнама ғылымында 1920-1930 жылдардағы әлеуметтік құрылым мәселелері 1970-1980-ші жылдары А.П. Амантаев [406], Б.А. Төлепбаев [407], Ә.Б. Тұрсынбаев [408], Ә.Б. Ғалиев [362] секілді т.б. ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапты. Бұл авторлардың барлығы дерлік сол кезеңдегі әлеуметтік құрылымды оның ішінде ауылшаруашылығы интеллигенциясының әлеуметтік дамуын зерттеуді мақсат етіп қоймаса да, сол кезеңде орын алған ерекшеліктерді ескере отырып, оның арасалмағына қатысты өзіндік пікірлер білдірді.

Қазақстанның жаңа экономикалық саясат жылдарындағы тарихын зерттеген ғалым 1973 жылы И.А. Куртов ЖЭС жылдарындағы ауыл мен деревняның жіктелуіне баға бергенде, қоныстанушылар деревнясында: батрактар, кедейлер, орташалар және құлақтар деп бірнеше әлеуметтік топтарға бөлінді деп пайымдаса, көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауылында деревняға қарағанда әлеуметтік құрамы әртекті болды деген пікірін білдіреді. Бұған жалпы факторлармен қатар патриархальды-феодалдық қатынастар мен рулық тұрмыстық жағдайдың сарқыншақтарының ықпалы қатты әсер етті деп зерделейді [135, 134 б.].

1977 жылы зерттеуші Т.Н. Зозуляның жазған ғылыми мақаласы да партия қызметінің тарихи тәжірибесіне арналса да, ұсынған мұрағат құжаттары негізінде колхоз председательдері мен совхоз директорларының 92% дипломы бар агрономдар, зоотехниктер, инженерлер. Ертіс өңіріндегі бір совхозға 1969 жылы 24 маманнан келсе, ал бір колхозға – 18-ден келді деген мәлімет келтіреді. Әрі Қазақстанның Ертіс өңірінің партия ұйымдары лениндік принциптерді негізге ала отырып, кадрларды таңдау, орналастыруда үлкен жұмыстар атқарды деп, ресми методологиядан аса алмайды [338, 46-55 б.].

Г.Ф. Дахшлейгер кеңестік интеллигенцияның қалыптасып дамуы тарихы мен ұлттық интллигенцияның өсуі мәселелері әлі де болса аз зерттеліп отырғандығын ортаға салады [287, 148 б.]. Ғалым Г.Ф. Дахшлейгер ауылдағы колхоз құрылысындағы жеңістен кейін онда бұрын ауыл білмеген нақты мамандықтармен байланысты жаңа әлеуметтік топтар пайда болды деп негіздейді. 1939 жылғы санақ материалдарының негізінде, медициналық қызметкерлер, зоотехниктер, бухгалтерлер, есепшілір, сауда мен тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлері ауылды жерде тұратын қазақ халқының 7 пайызын құрады деп есептейді. Нақты әлеуметтік теңдікпен бірге қазақ ауылына колхоз құрылысы мен отырықшылықты әкелді деп зерделейді [287, 86 б.].

Г.Ф. Дахшлейгер еңбегінде 1970 жылдары білім деңгейі жағынан қала мен ауылдың арасындағы айырмашылықтардың жойылуына қолайлы алғышарттар қалыптаса бастады. Әсіресе кемелденген социализм жағдайындағы әлеуметтік құбылыс - бұл село интеллигенциясының өсуінде деп байыптайды [287. 127 б.]. Социализмнің артықшылықтарын пайдалана отырып, ғылыми-техникалық революцияның жетістіктермен бірлесуі арқасында ой еңбегі мен дене еңбегі арасында елеулі айырмашылықтар жойылуы тез қарқын алуда деген пікірді қолдайтындығын білдірді. Село мен қаланың жақындауы еңбегі, тұрмысы, мәдени саласы, алған білімі, орта, орта арнаулы және жоғары білім алуынан байқалды деп негіздейді [287. 128 б.]. 1970 жылғы санақ қорытындыларына талдау жасай отырып, 16-49 жас аралығында қазақ халқының арасында білім деңгейі жалпыодақтық орта көрсеткішке жақындады.

Қазақстан мен КСРО-ның халық шаруашылығының және мәдениетінің барлық саласындағы қамтылған кеңестік ұлттық интеллигенция кадрлары тез өсіп отыр деген көзқарасын білдіреді [287, 137 б.].

Қазақстандық бір топ тарихшылар мен экономистердің еңбектерінде географиялық ортаның рөлі, оның республиканың экономикалық дамуы қарқыны мен көлеміне маңызды әсер етуі, сонымен қатар демографиялық фактордың халықтың тығыз орналасуында маңызды екендігі өз деңгейінде ашып көрсетпегендігін ортаға салады [287, 138 б.].

Кеңестік кезең тарихнамасында ғалым Х.М. Әбжанов «өтпелі кезеңде Кеңестік Қазақстанның село интеллигенциясы революцияға дейінгі кезеңде даярланған мамандарды тарту нәтижесінде қалыптасты. Ескі интеллигенцияның әртүрлі топтары Қазан төңкерісінің жеңісін әр түрлі қабылдады: бір бөлігі революцияны қолдап, социализм жолындағы күреске біртіндеп кірісті. Олардың негізгі діңгегін социал-демократтар және прогрессивті көңіл күйдегі партияда жоқ мамандар құрады. Басқа тобы нейтралитет принципін сақтап, тосу позициясында болды» деген көзқарасын білдіреді [19, 33 б.].

Ғалымдар Г.Ф. Дахшлейгер, К.Н. Нұрпейісов 1984 жылы жарық көрген «История крестьянства Советского Казахстана» еңбектерінде «Қазақстанда ұжымдастыру қарсаңында ескі ауыл-село интеллигенттерінің ағарту органдары, мектептер, кеңестік мекемелерде жұмыс істеуден бас тартқан фактілердің кездескендігін» алға тартады [409, 177 б.].

Зерттеушілер С.А. Красильников пен В.Л. Соскин де бұл мәселені әділ айқындай отырып, «нейтралдардың бір бөлігі Кеңес өкіметі жағына қарай бұрылса, басқа қанаты баррикаданың басқа жағына қарай қарады» деген пікір білдіреді [410, 223 б.].

Зерттеуші Ш.Ю. Тастанов 1980-ші жылдардың басында жарық көрген еңбектерінің бірінде кеңестік интеллигенцияны бірнеше негізгі әлеуметтік – кәсіби топтарға жіктейді. Соның ішінде «өндірістік интеллигенция деп материалдық өндіріс саласында тікелей еңбек ететін инженерлік-техникалық қызметкерлер, ауыл шаруашылығының мамандары ветеринарлық дәрігерлер және агрономдар, зоотехниктер, экономистер деп бөлінетіндігін айтады. Ш.Ю. Тастанов бұл жерде ауыл шаруашылығы мамандарын да өндірістік интеллигенция қатарына жатқызған. Әрі кеңестік интеллигенцияның жетекші топтарының бірі есебінде социалистік қоғамның негізгі таптарымен – негізгі материалдық игіліктерді өндірушілер жұмысшы табымен және колхозшы шаруалармен өндірістік дәнекерімен тығыз байланысты екендігін көрсетеді [151, 35-36 б.]. Ғалым еңбегінде ауылшаруашылығы интеллигенциясын өндірістік интеллигенцияның әлеуметтік жағынан жіктелген жетекші топтарының бірі ретінде қарастырып қана қоймай, оларды негізгі таптармен өндірістік тығыз байланыста қарастырады.

Н.Т. Кенжебаев студенттердің әлеуметтік тегін зерттей отырып, оның негізі жұмысшылар мен шаруалардан құралғандығын айтады. 1984 жылы тек қана екінші бесжылдықтың бірінші жылы жоғары оқу орындары студенттерінің 74,8%-ы кешегі жұмысшылар мен шаруалардан тұратындығын дәлелдейді [91, 19 б.].

1980-ші жылы ғалым Х.М. Мадановтың Қазақстандағы аграрлық саясатты жүзеге асырудағы компартияның қызметіне арналған монографиялық еңбегі жарық көрді. Автор 1940-шы жылдардың соңы 1950-ші жылдардың басында мамандардың қатарын министрлік жүйесінде қызмет атқарып жатқан мамандармен толықтыру колхоздарды мамандармен қамтамасыз етіп нығайтуда оң нәтиже бергендігін айтады. Селоға 1200 мамандар жіберілгендігін, мұндай шараларсыз село кадрдлары мәселелерін шешу мүмкін емес екендігін ескертеді. Республиканың ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінде еңбек етіп жатқан 3220 зоотехниктің өндіріске тікелей қатысты жерде еңбек етіп жатқандары 43 пайызды құрап, жартысынан көбі әртүрлі мекемелерде қызмет атқарып жатқандығын саралайды. Мұның ішінде өндірісте еңбек етіп жатқан жоғары білімді зоотехниктердің бар жоғы 11 пайыз құрап отырғандығын жазады. Мұндай сәйкессіздіктердің тез арада жойылуы колхоздарды мамандармен нығайтуға ықпал еткендігін зерделейді [288, 198-199 б.]. Автор машина-трактор станциялары мен колхоздарды ауыл шаруашылығы мамандарымен нығайту Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 1953 жылғы қарашада өткен VІІ пленумында талданғандығын айтып, соған сәйкес партия ұйымдары МТС-ға инженер-техникалық қызметкерлерді өнеркәсіп орындарынан таңдап, жолдамамен жіберуде үлкен жұмыстар атқарғандығын саралайды. 1953 жылдың қыркүйегінен 1955 жылдың 1 тамызына дейінгі екі жылдың ішінде машина трактор станцияларына 9632 адам жіберілгендін, бұлардың біраз бөлігі МТС-ды мамандармен қамтамасыз етудің төмен болуына байланысты техниктер, механиктер, жөндеу шеберханаларының меңгерушілері ретінде пайдаланғандығын жазады. Орал механикалық және жөндеу заводтарында, Петропавловск паровоз депосында, Ақмола «Казсельмаш» заводында селоға барып тұрақты жұмыс істеуге ондаған жұмысшылар мен инженерлер, техниктер, тілек білдіргендігін [288, 201 б.] саралайды. Инженерлер мен техниктер қатары басқа республикалардан келген мамандармен де толыққандығын айтады. Тек 1953 жылғы КОКП Орталық Комитетінің қыркүйек Пленумынан кейін Ресей қалаларынан Қазақстанға тұрақты жұмыс істеу үшін жоғары білікті инженерлер мен техниктер келгендігі жөнінде мәлімет келтірген. Х.М. Маданов республиканың ауыл шаруашылығы кадрлары құрамы 1954-1955 жж. жоғары және орта арнаулы білімі бар 5300 мамандармен, 2528 басшы кадрлармен толықты деген мәлімет келтіреді [288, 202 б.]. Еңбекте артта қалған шаруашылыққа барып жұмыс істеу үшін таңдалған адамдарды отызмыңжылдықшылдар деп аталғандығын олар жиырмамыңжылдықшылардың ізбасарлары екендігін алға тартады [288, 205 б.].

Осы жылдары совхоздарды инженер-техник кадрлармен нығайту шаралары жүзеге асқандығын зерделейді. 1268 инженерлер мен 782 техниктер қалалардың өнеркәсіп орындары мен мекемелерінен жіберілгендігін көрсетеді. Тек Ленинградтан біздің республикаға 20-инженер мен 70-техник-құрылысшылар келгендігін анықтай отырып, Х. Маданов МТС пен совхоз директорлары, бас инженерлерді тың игеруге Ленинградтың өнеркәсіп орындарының партия ұйымдары жібергендігін, тек 1954 жылы Ленинград қаласы мен облысынан тың аудандарына 750 инженерлер мен техниктер кеткендерін айқындаған. 1954 жылдың қазан айында Ленинград кәсіпорындары мен мекемелерінен 106 маман таңдалып, оның ішінде 30 адам бас инженер-механиктер, 51 – инженерлер мен техник-құрылысшылар, 25 – бухгалтерлер келгендігі жөніндегі мәліметтерді ұсынады. 1954 жылы сәуірде Украинадан Қазақстанға 87 - инженер, 118 - агроном келсе, мамыр айының соңында 128 - инженер-механик, 84 - техник-механик пен 272 - агроном жіберілген. Демек ауылшаруашылығының инженер-техникалық кадрлар қатары одақтас республикалардан жіберілген мамандармен де толықты деген пікірін білдіреді [288, 216-217 б.].

Қаладан жолдамамен жіберілген мамандығы бойынша инженер-технолог В.С. Хмар тың игерудің алғашқы жылдары Солтүстік Қазақстанға келіп, ауылшаруашылық техникасын бүге-шігесіне дейін игеріп, совхоздың бас инженері сатысына дейін көтерілгендігін көрсетеді [288, 221 б.].

С.С. Әбубәкіров өз еңбегінде ауыл шаруашылығындағы инженер-техник қызметкерлердің құрамы мен сапасына тоқтала отырып, соғыстан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын 1953-1958 жылдары инженер-техник кадрлармен қамтамасыз ету МТС арқылы жүргізілгендігін жазады [17, 71-72 б.].

Сонымен қатар ауылшаруашылығы интеллигенциясының тарихнамасында үлкен орын алатын еңбектер, мақалалар және диссертациялар жеткілікті. Әрине бұл еңбектер село интеллигенциясының тарихнамасында үлкен рөл атқарды. Алайда КОКП-нің идеологиялық өктемдігі мұрағатқа, статистикалық және тағы басқа материалдарды пайдалануға жасанды кедергі жасауы, жалпы тарихты сынау мен түсіндіріп баяндауға, оны жария етуге тиым салуы, сонымен қатар ауылшаруашылығы интеллигенциясы мен оның әлеуметтік практикасының тенденциясы көптеген ақтаңдақтардың пайда болуына, ғылыми концепциясының бытыраңқылығына әкелді.

Мәселен, В.К. Гривеннаяның зерттеулерінде «ауыл шаруашылық интеллигенциясын саналы өзіндік, ішкі дифференцияланған, колхоз-совхоз өндірісіне кәсіптелген еңбекпен айналысатын адамдардың үнемі дамитын әлеуметтік топтары ретінде» әлеуметік маңызына мән береді. Ол ауыл шаруашылығы интеллигенциясына дипломданған мамандар мен практиктерді жатқызады: агрономдар, зоотехниктер, инженерлер мен техниктер, ветеринарлар, экономистер мен плановиктер, совхоз бен колхоздарда жұмыс істейтін мамандандырылған есеп қызметкерлері, сонымен қатар шаруашылық пен оның өндірістік бөлімдерінің барлық басшылары [148, 9-10 б.].

Ауылшаруашылық интеллигенциясының қалыптасуы, әлеуметтік-кәсіби құрамы В.И. Зоринмен бірлесіп жазған еңбектерінде, мақалаларында қарастырылған [411]. Зерттеушілер хронологиялық ретті сақтай отырып, ауылшаруашылығы мамандарының санының артуы, салыстырмалық тәсілдері қолдану арқылы талдау жасайды. 1980-ші жылы республиканың ауылшаруашылығында жоғары және орта арнаулы білімді 115 мың мамандар еңбек етсе, 1959 жылы олардың саны 31,2 мың ғана болғандығын саралайды [411, 7 б.]. В.И. Зорин селодағы ой еңбегі мен дене еңбегі арасындағы айырмашылықтың жойылуы нәтижесінде әлеуметтік табиғаты басқаша социалистік село интеллигенциясының қалыптасуы селоның әлеуметтік құрылымындағы өзгерістердің маңызды заңдылықтарының бірі болды деген пікірін білдіреді [336, 16 б.]. Автор еңбегінде «селодағы ой еңбегімен дене еңбегінің арасындағы айырмашылықтар жойылды» деген көзқарасын тұжырымдайды.

Н.К. Қапесовтың монографиясында ауыл шаруашылық интеллигениясының ішкі топтары жіктелген: біріншісі – бұл шаруашылық кәсіпорнының басшылары, бас мамандар, бөлімше басшылары. Екінші топ – бұл экономистер, агрономдар, зоотехниктер, мал дәрігерлері, бөлімшелерде, цехтарда, фермалар мен басқару аппаратында еңбек ететін инженерлер. Үшінші топ – бұлар негізінен атқарушы жұмыстарды жүзеге асыратын техниктер, бухгалтерлер [149].

Село интеллигенциясының теориялық-әлеуметтік мәселелері В.И. Гноевых еңбегінде басқаша зерделенген. Автор Қазақстан село интеллигенциясының қалыптасып дамуы ескі буржуазиялық интеллигенцияның азғана өкілдерін социалистік құрылыс жағына қарай тартып қайта тәрбиелеу, саналы жұмысшылар мен колхоз құрылысына берілген шаруаларды партия, шаруашылық, кеңес жұмыстарына тарту арқылы жоғарылату; ұлттық кеңестік интеллигенцияның жаңа кадрларын республика мен еліміздің орталық аудандарының оқу орындарында дайындау жолдары арқылы жүзеге асқандығын қарастырған [150, 7 б.].

Алайда ескі интеллигенция да, жоғарылатушылық та, кадр мәселесін де интеллигенцияның қалыптасуын оның ішінде село интеллигенциясын толығынан шеше алмады. Оның басты жүйелі бағытталған жолы оқу орындары арқылы мамандар даярлауда деп қорытындылайды. Әрі бұл жолдың село интеллигенциясын қалыптастырудың негізгі жолы деп түсіндіреді [150, 12 б.].

ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының ортасында елімізде кеңестік қоғамның социалистік құрылыс пен өзінің өндірістік қатынастарының социалистік типіне қарай, социализмді жеңген барлық халықтар мен ұлттардың біртұтас, біртипті жаңа әлеуметтік құрылымы құрылды деп баға береді [150, 17 б.].

Социалистік құрылыс үдерісі барысында сапалық жағынан жаңа кеңестік интеллигенция, оның құрылымдық элементі кеңестік-село интеллигенциясы қалыптасты деген көзқарасын білдіреді.

Өзінің әлеуметтік тегі жағынан көбіне Қазақстандық интеллигенция жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген жұмысшылар мен шаруалардан тұратындығын айтады.

Село интеллигенциясының әлеуметтік өзгерісі-оның жас ерекшелігіне де байланыстылығын ортаға салады [150, 18 б.]. В.И. Гноевых село интеллигенциясын «сапалық жағынан анықталған, кеңестік социалистік интеллигенцияның іштей жіктелген тобы село жағдайында маманданған ой еңбегімен кәсіби айналысып, жоғары және орта арнаулы білімді талап етеді, сапалық анықталған, іштей жіктелген кеңестік социалистік интеллигенцияның әлеуметтік тобы ретінде санайды. Село интеллигенциясының құрамына зерттеуші Г.Ж. Тезекбаев практиктерді де жатқызады [412, 12 б.]. Бұл мәселе төңірегіндегі көзқарасты В.К. Гривенная да қолдайды [148, 9 б.]. Село интеллигенциясының ауқымын С.Н. Соскин де проблеманың кеңейтілген концепциясын ұсынады. Ауыл интеллигенциясы тобына ол дипломы бар мамандар мен практиктерден басқа бұл қызметкерлер категориясы қатарына «мамандануы жоғары емес ой еңбегімен айналысып арнайы қызмет атқаратын , бірақ жоғары және орта арнаулы білімі жоқ маман емес қызметкерлерді де» жатқызады [413, 66 б.].

Ауылшаруашылығы интеллигенциясы қатарына Х.М. Әбжанов ауылдағы ой еңбегімен айналысатын барлық әлеуметтік-кәсіби қызметкерлерді жатқызады [19, 13 б.]. Ал В.И. Зорин мен В.К. Гривенная пікірі бойынша ауылшаруашылығы интеллигенциясын совхоздар мен басқа мемлекеттік ауылшаруашылық кәсіпорындарындағы мамандар мен колхоздарда еңбек ететін мамандар деп бөледі [411, 63 б.].

Ауылдың әлеуметтік-таптық құрылымын кешенді зерттеу 1970-ші жылдары кеңінен өріс алды. Республикадағы демографиялық процестер және олардың ауыл-селоның әлеуметтік-таптық құрылымына тигізген әсері М.Х. Асылбековтың, Ф.Н. Базанованың, А.Б. Галиевтің, М.Б. Тәтімовтың монографияларында кеңінен қарастырылған. Алайда бұл еңбектерде кеңес дәуіріндегі идеологиялық тиым салынған Қазақстандағы көші-қон процестерінің ауыл шаруашылығы интеллигенциясының әлеуметтік дамуына тигізген әсері толық ашылған жоқ.

1982-ші жылы мемлекет қайраткері Л.И. Брежневтің «Возрождение. Целина. Воспоминания» ғұмырбаяндық естеліктер жинағы жарық көрді. Онда соғыстан кейін оккупацияға ұшыраған аудандардағы МТС-дың, совхоздардың, колхоздардың материалдық-техникалық базасы толығынан құрығындығын айта келіп, ең қауіптісі миллиондаған трактористердің, комбайнерлердің, шоферлердің, механиктердің, техниктердің, инженерлердің, агрономдардың жетіспейтіндігінің негізгі себебі соғыспен байланысты болды деп түсіндіреді. Сондықтан тың игерудің басталуы елдің астық көлемін ұлғайтты деп негіздейді [414, 152-153 б.]. Тың игерудің Қазақстанның өндіргіш күштерін дамытуға ықпал еткендігін айтады. Целиноград қаласында ондаған өнеркәсіп орындары салынып, төрт жоғары оқу орыны, он бес техникумдарда соңғы үш жылда жиырма мыңнан мамандар даярланғанды деп жазады [414, 206 б.]. Л. И. Брежнев естеліктерінен тың игерудің мамандардың әлеуметтік жағынан дамуында демографиялық, географиялық факторлардың тигізген әсерін айқын байқаймыз.

1970-ші жылдары колхоздағы интеллигенцияның әлеуметтік статусы жайлы ғалымдар арасында пікірталас туындады. Социалистік меншік қатынасына және территориялық құрылымындағы орнына байланысты село интеллигенциясы мемлекеттік сектордағы және колхоздағы интеллигенция болып бөлінетіндігін саралаған Х.М. Әбжанов осы уақытқа дейін колхоз секторындағы қызметкерлер мен интеллигенция саны жайлы ресми статистикада мәліметтің жоқ екендігін алға тартады [19, 74 б.].

Зерттеуші М. Қадыртаева мәліметі бойынша республика шаруаларының құрамында село интеллигенциясы деген әлеуметтік-кәсіби топты анықтап көрсету қажет екендігін ұсынады. Бұл топтың қатарына оның пікірі бойынша «әкімшілік–басқару аппараты, инженер-техникалық қызметкерлер және жоғары және орта арнаулы білімі бар ой еңбегімен айналысатындарды жатқызады. Алайда автор әкімшілік-басқару қызметкері мен ой еңбегімен айналысатындардың кім екендігінің ара жігін ашып көрсетпейді [415, 23 б.]. Р. Исатаев «Бұл топтың екі жақты әлеуметтік жағдайы ескерілуі керек деп есептей келе, себебі оның өкілдері колхоздық, топтық меншік түрімен байланысты бір жағынан кооператив мүшелері болса, сонымен қатар олардың атқаратын қызметіне байланысты интеллигенцияға жатады. Осыдан шығатын қорытынды кемелденген социализм жағдайында «колхозшылар» мен «шаруалар» деген ұғымды бірдей теңестіруге болмайды», - деп тұжырымдайды [416, 88 б.].

Зерттеуші М. Аженов «Ой еңбегімен айналыса отырып және өзінің еңбегінің мазмұнына қарай ауыл интеллигенциясы өндіріс құралдарына байланысты мазмұнда колхозшылар болып саналады, себебі, аталған колхоздың мүшелері болғандықтан да деп топшылайды [10, 102 б.].

Зерттеушілердің келесі тобы колхоз интеллигенттерін интеллигенцияның әлеуметтік тобына жатқызады [417, 20, 127, 269, 270, 69, 467 б.].

Мәселенің қазіргі кезеңдегі тарихнамасына Қазақстанның қайта құру мен тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде жарық көрген еңбектер жатады. Тарихшылар бұрыннан қалыптасқан ескірген көзқарастар мен, шындыққа сәйкес келмейтін теорияларды қайтадан саралауға мүмкіндік алды. Сондай теориялар инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік даму тарихын концептуальды түрде айқындауға жол ашты.

Біз қарастырып отырған мәселе бойынша, зерттеушілердің келесі тобын Х.М. Әбжанов, Л.Я. Гуревич еңбектері құрайды [19]. Х.М. Әбжанов пен Л.Я. Гуревич Кеңестік Қазақстанның әлеуметтік құрылымында интеллигенция кадрларының әлеуметтік топ ретінде қалыптасуы 60-70- жылдары жүзеге асты деп қорытындылайды. Ой еңбегінің қолданылу аясының жоғары қарқынмен өсуі, қалаға ғана емес, ауылға да тән. Халық шаруашылығын индустриализациялау, шаруалар еңбегін ұжымдастыру, сауатсыздықты жоюда және бастауыш және жеті-сегізжылдық оқытуда қол жеткен табыстар – инженерлер, агрономдар, мұғалімдерге т.б.деген үлкен сұранысты қажет етті. Осындай жағдайда интеллигенцияның аграрлық тобының қалыптасуы үлкен маңызға ие болды. Себебі 60-шы жылдардың соңына дейін Қазақстан халқының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрды [19, 25-26 б.]. Әртүрлі статистикалық материалдарды талдай отырып, ғалым Х.М. Әбжанов пікірінше, 30-шы жылдардың соңында Қазақстан ауыл халқының 10-11% ой еңбегімен айналысатындар санатына жатты, олардың абсолюттік саны 170-тен 187 мың адамға дейін жеткен [418, 23-29 б.]. Автордың есептеуі жаңа мұрағат материалдарының көрсетуімен дәлелденген.

1947 жылы 1 қаңтардағы Госпланның статистикалық мәліметтері бойынша, республиканың ауыл және селоларында 110 мың қызметкерлер бар. Село халқының аталған тобының 1939 жылмен салыстырғанда азаюы заңды деп санай отырып, көптеген мамандар мен студенттер Ұлы Отан соғысы майдандарында қайтыс болды немесе КСРО-ның Қарулы Күштері қатарында қызметтерін жалғастырып қалды. Бір жағынан соғыс ой әңбегімен айналысатындардың санына ғана емес, территориялық жағынан орналасуына да ықпал етті. Соғыс қарсаңында барлық қызметкерлер мен мамандардың 40-43% ауылдар мен селоларда жинақталса, 1947 жылдың 1 қаңтарында - 33% болғандығын көрсетеді [418, 26 б.].

Аграрлық сектордағы қызметкерлер мен мамандардың үлестік салмағының азаюы кейінгі жылдары жүргендігін түсіндіреді. Бұл жерде урбанизация, Қазақстанның индустриалдық потенциалының бекуі мен қала халқы мен село халқының өмірі мен еңбек жағдайындағы айырмашылыққа байланысты екендігін айқындайды. Авторлар ұзақ уақыт бойы ауыл шаруашылығының жұмысшылары мен қызметкерлерінің орташа айлық жалақасы халық шаруашылығының басқа салаларының, атап айтқанда, өнеркәсіп, транспорт, құрылыс қызметкерлеріне қарағанда төмен болғандығын саралайды. Осыдан мамандардың ауылдан қалаға миграциялық орналасуы байқалып, жоғары оқу орындары мен техникумдардың бітіруші түлектерінің бөлінген орындарына - село мектептері және мәдени ағарту мекемелеріне колхоздар мен совхоздарға бармай қалуы болғандығын байыптайды. Тек, 1959 жыл мен 1979 жылдар арасында барлық ой еңбегімен айналысатын қызметкерлер құрамында село интеллигенциясының үлестік салмағы 37,5-тен 29,2% - ға кеміген. Агроном немесе зоотехниктің мамандығына сәйкес келмейтін қызмет атқаруы дағдылы көрініске айналды [19, 27-28 б.].

Ой еңбегімен айналысатын қызметкерлердің әлеуметтік даму тенденцияларын зерттей отырып, ғалымдар Қазақстанда өндірістік күштердің территориялық жағынан орналасуында ілгерілеушілік жүрді деген көзқарасын білдіреді. Біз авторлар еңбектерінен инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік дамуына географиялық факторлардың әсер еткендігі жөніндегі көзқарасты байқаймыз.

1960-шы жылдары республиканың оңтүстігіндегі ауылдар мен селоларындағы мамандардың абсолютті және біршама өсу тенденциясы айқындалғандығын көрсетеді. 1960-шы жылдардың қарсаңында оңтүстік және солтүстік облыстардың селолық жерлерде тұратын дипломды мамандардың саны бірыңғай болса, 1970 жылғы Бүкілодақтық санақтың мәліметі бойынша, оңтүстік аймақта 39% , солтүстікте тек 30% болған [19,33 б.].

Авторлар ауыл шаруашылығындағы мамандарының тез өсуін солтүстік облыстардан байқаған. Егер 1954 жылдың сәуіріне дейін республиканың оңтүстік (Алматыдан басқа) облыстарында жоғарғы және орта арнаулы білімі бар 4432 агрозоовет қызметкер болса, тың игеруші облыстарда -3703 адам болған. 1960-шы жылдардың ортасында Қазақстанның оңтүстігінде 13,8 мың агрозоовет мамандар еңбек етсе, солтүстік облыстарда – 16,4 мыңға жеткен [19, 35 б.].

Авторлар көзқарасы бойынша, қазақ интеллигенциясының, тұтастай алғанда кеңестік интеллигенция бейнесінде тоталитаризнің терең ізі қалған. Қазақ интеллигенциясы кәсіби қызметін орындай отырып, өзінің рухани борышын сезініп, әлеуметтік күш ретінде жүзеге асыру мүмкіндігінен айрылды. Оның дамуының келесі кезеңі кеңес қоғамындағы тоқыраумен сәйкес келіп, әкімшілдік-әміршілдік басқару жүйесін сақтаумен жалғасты [19, 36-37 б.]. 1988 жылы жарық көрген монографиясында Х.М. Әбжанов «қазіргі кезең селодағы ой еңбегімен айналысатын қызметкерлердің құрамының сапалық жағынан анықтайды» деген көзқарасын көрсетеді [19, 43 б.].

1980-ші жылдардың ортасындағы жариялылық пен демократияландыру жылдары интеллигенцияның әлеуметтік дамуына деген көзқарас түбегейлі өзгерді. 1980-ші жылдардан бастап, республика көлемінде тарихнамалық талдауға лайық интеллигенцияның әлеуметтік тарихын зерттеу бағытындағы зерттеулер кеңінен жариялана бастады. Осы жылдары тарих публицистикамен байланысып кетті деген пікірлер көп айтылды. Тарихшы қарастырып отырған мәселенің тақырыбын жан-жақты, хронологиялық жағынан ретін сақтауға міндетті болды. 1987 жылы демограф ғалымдардың бірі Ф.Н. Базанова ауылшаруашылығы интеллигенциясының сан және сапа жағынан артқандығын үлкен көлемдегі мұрағат материалдары негізінде дәлелдейді. Қазақстанға тың жерлерді игерудің жаппай басталу кезеңінде ауылшаруашылығы мамандарының жетпегендігін: 10000 адамның 74,2%-ның ғана жоғары және орта арнаулы білімі болғандығын мәлімдейді. Туысқан республикалардың тағы да қол ұшын бергендігін 1956-1960 жж. тек Белоруссия ауылшаруашылық академиясы Қазақстанға 227 мамандарды жіберген. Нәтижесінде 1958 жылдың соңында әрбір колхозды - 5, әрбір совхозды – 15 мамандармен қамтамасыз етіп, оның осы уақытқа дейін жалғасын тауып отырғандығын зерделеген [365, 97 б.]. 1965 жылы еліміздің 50 ауылшаруашылық жоғары оқу орындары мен академиялары Қазақстанға 1000-1200 дипломды мамандарды жіберсе, 1985 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша республика совхоздарында 69 572 еңбек еткендігін алға тартады. 8241 бас мамандардың жоғары және орта арнаулы білімі барлары 98,9% болса, оның 6369 агрономының -92,9%, 7880 зоотехниктің – 90,9% болғандығын, әрбір совхозда 32 маман, колхозда 30 маман қызмет көрсеткендігін дәлелденген [365, 97 б.]. Автор пайымдауынша, ауылшаруашылығы мамандары санының артуына орта арнаулы және жоғары оқу орындарының ықпалы зор болған.

Қазақстан халқының әлеуметтік және ұлттық құрамындағы өзгерістерді зерттеген А.Э. Абланованың 1959-1970 жылдардағы қазақ халқының әлеуметтік-демографиялық дамуы мәселелерін зерттеуге арналған диссертациялық еңбегінде «Егер соғысқа дейін 1000 ауыл тұрғындарына жоғары білімді 130 қазақтан келсе, 1959 жылы ауылдағы 1000 адамға шаққанда – 171 жоғары білімді қазақ агроном, зоотехниктен келген, материалдық өндірістегі зиялылар ішіндегі ауылшаруашылығындағылар - 24% құрады деген деректер келтірген [97, 117 б.].

1990-шы жылдардың соңында зерттеуші-ғалым М.Т. Іліпов «ауыл-селодағы өндірістік-техникалық интеллигенцияның басым көпшілігі ауыл шаруашылығында, демек, колхоз-совхоздарда шоғырланды» деп саралайды. Алайда ауыл шаруашылық интеллигенциясының әлеуметтік дамуына демографиялық факторлардың да әсер еткендігін алға тартады. Индустрия мүмкіншіліктерінің өсуіне, урбанизация дамып, қала санының көбеюіне байланысты және басқа салаларға қарағанда ауыл шаруашылық өндірістің техникалық жабдықталуы әлсіз болғандықтан бара-бара селолардағы өндірістік-техникалық интеллигенцияның үлес салмағы төмендеді деген ойын білдіреді [155, 14 б.]. 80-ші жылдардың басында, мысалы, Қазақстандағы инженер-техникалық және агрозоотехника мамандарының тек қана 10% колхоз бен совхоздарда жұмыс істегендігі «Қазақстан халық шаруашылығы 60 жылда» статистикалық жинағы мен 1979 жылғы Бүкілодақтық санақ қорытындыларына қарап есептелді [155, 125; 66,67 б.].

Зерттеуші М.Т. Іліпов селоның өндірістік-техникалық интеллигенциясы ауылды жердегі ой еңбегі қызметкерлерінің ішіндегі ең үлкен топтарының бірі екендігін айтады. 80-ші жылдар қарсаңында селолық ой еңбегі қызметкерлерінің 13% Қазақстан колхоз-созхоз шаруашылығының басқарушысы және маманы болып істеді деген қорытындыға келеді [155, 14 б.].

Зерттеуші М.Т. Іліпов ауыл шаруашылығы интеллигенциясының әлеуметтік дамуына географиялық факторлардың да әсер еткендігін айқындай білген. Ауыл тұрғындарының арнайы білімдері бар мамандарын республиканың әр аймақтарына тең бөлінбеуі колхоз-совхоздарды мамандармен қамтамасыз етуде айқын байқалғандығын ескертеді. Тың өлкесіндегі бір шаруашылыққа басқарушы қызметкерлер мен мамандардың жоғары және орта арнаулы білімдісі 5 адамнан келетін болса, соның ішіндегі жоғары білімдісі 0,9 адам. Сондай-ақ Көкшетау, Целиноград (Ақмола) облыстарының көптеген колхоздарында бірде-бір жоғары білімді маман болмаған. Дәл осы жылдары Алматы облысының бір колхозына басқарушы қызметкерлер мен жоғары және орта арнаулы білімді 14 маманнан келсе, олардың 4-уі жоғары білімді болған; Жамбыл облысында – 13 және 4, Қызылордада – 12 және 3, Шымкентте -12 және 4 адамға сәйкес келеді. Совхоздарда дипломдалған мамандар саны 13 пен 25-тің аралығында болды. Мысалы, Шымкент облысының 25 совхоз мамандарның 8-і жоғары білімді болған, Ақтөбеде 13 адамның 4-нің ғана жоғары білімі болғандығын мәлімдейді [155, 15 б.]. Бұл жағдайдың 70-ші жылдардың басында да өзгере қоймағандығын, қаралып отырған кезеңде республиканың бір совхозында 24 маман мен басқару қызметкері, ал колхозға 18 маманнан келгендігін есептейді. Бірақ, Ақмола, Көкшетау, Павлодар облыстарында маманмен қамтамасыз ету жалпы деңгейден әлде қайда төмен болғандығын, мұнда бір совхозға 19-дан 21-ге дейін кәсіби мамандығы бар басқарушы қызметкер мен мамандардан келетіндігін, ал бір колхозға 7-ден 10-ға дейінгі аралықта болды деген тарихи фактілерді береді. Бұл жағдай 80-ші жылдарға қарай салыстырмалы түрде теңестірілді деген қорытынды жасайды.

70-ші жылдардағы ауылшаруашылық интеллигенциясының әлеуметтік дамуындағы басты тенденциясы – оның білімдік потенциалы мен сандық өсуінің жергілікті халық есебінен жүруінде деп ой түйіндейді [155, 15 б.]. М.Т. Іліповтың диссертациялық зерттеу еңбегінің ең ұтымды жері, еңбек және кәсіби қызметі жөнінен ауыл шаруашылық интеллигенциясының құрамы күрделенгендігін қорытындылап, оны 1) инженер-техник кадрлары, 2) ауыл шаруашылық мамандары, 3) есеп-қисап және экономист қызметкерлері деп тұжырымдайды. Ауыл шаруашылық интеллигенциясының әрбір құрылымының элементі қоғам мен уақыттың талабына сай дамып жетілдірілді деп пайымдайды.

Біздің пікірімізше, ауылшаруашылық интеллигенциясының әлеуметтік даму тарихнамасына тән ерекшеліктер, кеңестік құрылыс жылдары жарық көрген еңбектердің барлығы дерлік идеологиялық өктемдіктен аса алмағандықтан, тарихнамада ұлттық мамандардың әлеуметтік дамуы жүйелі түрде зерттелмеді. Оның тек саяси мәніне ғана көңіл бөлінді. Біздің қарастырып отырған тарихнамалық бағытымыз зерттеушілердің ауылшарушылық интеллигенциясының әлеуметтік дамуына байланысты әртүрлі тарихи кезеңдегі көзқарастардың даму эволюциясын анықтауда деп есептейміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет