Б. Ж. Абжаппарова


Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясына ұстанған саясат тарихнамасы (1956-1991 жж.)



бет5/16
Дата05.11.2016
өлшемі4,84 Mb.
#854
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

2.2 Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясына ұстанған саясат тарихнамасы (1956-1991 жж.)

1950-ші жылдардың ортасынан бастап Кеңес үкіметінің интеллигенцияға ұстанған саясатын айқын көрсетуде деректік базаның кеңеюі ғылыми еңбектердің деңгейі мен сапасының артуына арқау болды. Отандық тарихнама дәстүрінде сталиндік кезеңнен кейінгі онжылдықты «жылымық» уақыты, кеңестік жүйенің жаңғыруы, неосталинизмге өтудің аяқталу кезеңі деп тұжырымдайды. Алайда отандық тарихнамада бұл кезеңге нақты атау беріле қойған жоқ. Одан кейінгі кезеңдер «тоқырау», «қайта құру», «демократиялық реформалар» деп аталды. Осы кезеңдерде өндірістік-техникалық интеллигенцияның белсенділігі әрқилы болғанымен, бұл тарихи әдебиетте лайықты айқындалмады. 1956 жылы өткен КОКП Орталық комитетінің ХХ съезі И.В. Сталиннің жеке басқа табынушулығын әшкерелеп, кеңес халқының өмірінде демократиялық бастамалардың даму жолын айқындады. Осыдан кейін жағдай біршама түзуленді. Отандық тарихта сталиндік итерпретациялаудан бас тарту басталып, оның орнына лениндік мұраны негізге алуға бетбұрыс жасалды. Ғылыми жұмыстарда ғылымилық жағына терең мән беріле бастады. Қуғын-сүргінге ұшыраған туған жерінен күшпен, зорлықпен ондаған жылдар бойы аластатылған зиялылар елге орала бастады. Ғылымда жаңа серпіліс көзге шалынды. 30-жылдары айтуға тиым салынған мәселелер айқындала бастады. Тарихтағы «ақтаңдақтар» ашылып, халық игілігіне айналып жатты. Алайда жеке басқа табынушылықтың әшкереленуі кеңестік интеллигенцияға ұстанған саясатқа байланысты ғылыми пайымдауларға айтарлықтай өзгерістер әкеле қоймады. Тарих, әдебиет және өнердің барлық салаларында В.И. Лениннің рөлі мен коммунистік партия мен кеңес халқы бейнеленуі қажет болды. Интеллигенция да жаңа идеологиялық курсты басшылыққа алып, оған қызмет етуі тиіс деп анықталды. Алайда сталинизмнің әшкереленуі кеңестік интеллигенцияның жекелеген құндылықтарына қайта қарауға, демократиялық бастамаларды шын мәнінде жүзеге асыру үшін оның билікпен арақатынасында кейбір келеңсіздіктер туғызды, тоталитаризмнің бет-пердесін ашуға бағытталған жұмыстар батыл жүргізілмеді. Әрі интеллигенцияға байланысты лениндік концепция да өзгере қоймады. Себебі олардың барлығы дерлік кезінде әр түрлі дәрежеде қуғын-сүргіннің сойылын соққандар еді.

Тарихымызда 1950-ші жылдардың ортасында КСРО-ғы мәдени революция тарихына арналған алғашқы еңбектер жарық көріп, жаңа белестерге көтерілді. Онда кеңестік интеллигенцияның қалыптасуы оның басты жетістіктерінің бірі есебінде қарастырылды [196]. Зерттеушілердің дәстүрлі концепциясы төңірегінде партияның интеллигенцияның арасындағы идеологиялық жұмысын талдауға ерекше мән берілді. Бұл еңбектер бұрындары жазылған еңбектерден ғылымилығымен, нақтылығымен, дәйектілігімен ерекшеленді.

Теориялық-методологиялық жағынан алып қарағанда, күрделі өзгерістер бола қоймаса да кейбір ғалымдардың еңбектерінде кеңес интеллигенциясының ресми концепциясының кейбір тұстарын қайта саралауға талпыныстар жасалды. Әсіресе еңбектерде төңкеріске дейінгі мектептерден шыққан мамандардың өндірістегі рөлі, қоғамдық саяси өмірдегі қызметі ашып көрсетілді [128].

Ескі интеллигенция өкілдерінің мамандану деңгейі, өндірістік иерархиядағы материалдық жағдайы, саяси жағынан тәуелділікте болды деген концепция сынға алынды [197].

Буржуазиялық мамандардың бұрынғы контрреволюциялық зиянкестігі концепциясы қатаң ревизияға ұшырады. Тарихшылар 1920-шы жылдардың соңындағы буржуазиялық мамандардың контрреволюциялық белсенділігінің болғандығын жоққа шығармай, ескі мамандарға қарсы репрессияның негізсіз екендігін әшкерелей отырып, мұны мемлекеттік саясаттың «жіберген қателіктері» деп түсіндірді. Еңбектерде 1928-1931-ші жылдары мемлекеттік саясаттың ескі техникалық интеллигенцияны тәрбиелеу жұмысынан әкімшілік, жазалауды қолдану жағына қарай көшкендігі жөнінде қорытынды жасалды. Оған дәлел ретінде «Сталиннің жеке басына табыну» жылдары интеллигенцияға ұстанған лениндік принциптер бұрмаланды деген концепция ұсынылды [198].

Қоғамның түзелуі, иманды сипат алуы өте күрделі нәрсе. ХХ-шы съезден соң коммунистік партия басшылары қоғамдағы саяси ахуалды түзеуге тырысқанымен, сол кезеңдегі қоғамдық жүйенің шеңберінен шыға алмады. Біз қарастырып отырған мәселені жаңаша пайымдау В.Т. Ермаков, С.А. Федюкин, Л.М. Зактың еңбектерінде байқалды.

1955 жылы В.Т. Ермаков «тек жұмысшы табы мен еңбекшілердің қатарынан шыққан жаңа кеңестік интеллигенция ғана біздің еліміздегі кеңестік ғылымды дамыта алады» деген көзқараспен келіспейтіндігін білдіріп, ескі интеллигенцияны мемлекеттік билік қызметіне тарту өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ деп тарихи талдау жасайды [199, 3 б.].

Осы мәселе төңірегіндегі зерттеуді дамытуға үлкен үлес қосқан ғалымдардың бірі – С.А. Федюкин. Оның 1960-1970-ші жылдары жарық көрген монографиялары ғалымдардың пайдаланып жүрген құжаттық базаларын толықтырып, деректердің ауқымын кеңейтті [120]. Ол өзінің алғашқы жарық көрген монографияларының бірінде өткен тарихнамадағы кемшіліктерді атап көрсетті. Оның пікірі бойынша, интеллигенцияға ұстанған партиялық мемлекеттік басшылық саясатының қалыптасуында барлық интеллигенция социалистік революцияны дұшпандықпен қарсы алды, кезеңалмастығы барлық жағдайда реакциялық ағым, «спецеедствоның» жұмысшы табымен байланысы жоқ, оны троцкистер, бухариншілдер деп айыптаудың қате көзқарас екендігін ашып айтады.

С.А. Федюкин 1970-1980-ші жылдары бұрынғы қалыптасқан ескі ресей интеллигенциясының саяси жіктелуі революцияға дейінгі әлеуметтік статусы мен шығу тегін, мамандану деңгейін қатаң қадағалаған көзқарастың қате екендігін алға тартады. Бұл билік басындағылардың режиміне еш қауіп келтіре қоймайтын, жаңа қоғам құрылысына үлкен үлес қоса алатын интеллигенция топтарына репрессия жасауға негіз болып, құқықтарына шек келтірді деп ашып көрсетеді. С.А. Федюкин өкіметтің кезеңалмастығына ұстанған саясатының негізгі артықшылықтарын дұрыс айқындай білді.

1960-шы жылдары жарық көрген еңбектердің қатарында «Советская интеллигенция (история формирования и роста). 1917-1965 гг.» ұжымдық монография ерекше орын алады. Онда авторлар партиялық мемлекеттік басшылық ескі мектептен шыққан мамандарды өзінің кәсіби қызметі мен саяси іс-әрекетінде пайдалануы елдің тағдырындағы прогрессивтік өзгерістерді түсінуі мен жаңа қоғамдық құрылыс пен отанға қызмет етудегі басты факторлардың бірі болғандығына объективті баға берді [200].

Л.М. Зактың монографиясында өкіметтің интеллигенцияға ұстанған мемлекеттік саясатын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысқан А.В. Луначарский, Н.К. Крупская, М.Н. Покровский, К. Цеткиннің мақалалары, баяндамаларын алғаш рет жан-жақты қарастырды [201].

Кеңестік тарихшылардың зерттеулерінде интеллигенцияның әртүрлі кәсіби топтары анықталып қана қоймай, оған әртүрлі саяси жүйе субъектілерінің ықпалының өзіндік ерекшеліктері айқындалған (партия, комсомол, кеңестер, кәсіподақ, мемлекеттік аппараттың әртүрлі звенолары).

М.П. Кимнің редакциялық басшылығымен жарық көрген ұжымдық монографияда 1917-1927 жылдар аралығындағы басшылық етуші партияның саясатындағы қайшылықтар атап көрсетілді [202].

Ғылыми айналымға жаңа деректердің енуі зерттеудің концептуальды және әдіснамалық базасын жетілдіріп, мәселені зерттеу көлемін кеңейтуге мүмкіндік ашса, қоғамдық саяси жағдай мен интеллигенцияға ұстанған репрессия, партиялық мемлекеттік басшылық пен интеллигенция арасындағы қарым-қатынасқа байланысты деректерге рұқсат берілмеуі зерттеудің ауқымын шектеді. Зерттеушілер КОКП доктринасының ресми идеологиясы шеңберінен шыға алмады. Алайда бұл үшін интеллигенция тарихын зерттеуші кеңестік тарихшыларды кінәлауға болмайды.

Отандық тарихнамадағы келесі кезең 1980-ші жылдардың ортасынан басталып, қайта құру немесе демократиялық жаңару кезеңдері деп аталды. Бұрынғы ескі интеллигенцияға ұстанған саясаттағы концептуалды көзқарас қайта қарастырылып, интеллигенцияның қоғамдық-саяси бағытын таңдауда жаңаша пайымдаулар жасала бастады.

М.Е. Главацкий кеңестік тарихнамадағы жинақталған тәжірибені қорытындылай отырып, аталған тақырып төңірегіндегі ауқымды еңбектердің пайда болуында интеллигенцияның әртүрлі топтарының зерттелу деңгейі біркелкі болмауы оны тежеді деген қорытынды жасады [203, 104].

Бұрынғы қалыптасқан көзқарасты қайта қарастыру мәдени революция мәселелерімен айналысатын көрнекті тарихшылардың жарияланған мақалаларында айқындала бастады [204, 335-379 б.].

В.С. Волковтың мақаласында тарихнамадағы интеллигенцияға ұстанған саясаттағы бұрмалаушылықтың себептері айқындалды. Бұрынғы 1920-шы жылдарға дейінгі партияның интеллигенцияға жасаған қамқорлықтары идеологиялық жағынан сынға ұшырап, «оны қайта тәрбиелеуде жоғары адамгершілік» көрсетілді деген ұстанымдар мен негізсіз репрессиялар, билік органдары тарапынан жасалған қысымдар арасында сәйкессіздік бар екендігін көрсетеді [205, 48-65 б.].

В.Л. Соскин 1920-шы жылдардағы интеллигенцияның бір бөлігінің кеңестік өкіметпен ымыраға келуінің себептерін жаңаша зерделеді. Оның пікірі бойынша, интеллигенцияның большевиктердің «тарихи шындығын мойындауы емес» керісінше оның социалистік белгілерді қабылдауы болды, себебі, басқа альтернатив болмағандықтан, өзінің іс-әрекетін жүзеге асыру үшін де оған большевиктермен байланыс жасауы қажет болды деп есептейді [206, 5 б.].

А.П. Купайгородская Наркомпростың мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жолындағы іс-шараларына көңіл бөле отырып, оның ұсыныстарын жоғары оқу орындары әкімшілігі орындауы міндетті болғандығы, егер қарсылық көрсетілетін болса, саботаж деп танылғандығын ашып көрсетеді [207, 381 б.].

Зерттеуші Н.В. Саранцев большевиктік элитаның қалыптасу саясатын зерттей отырып, оның қатарына білікті, білімді, арнайы білімі бар, тәжірибелі интеллигенция өкілдері емес, партия лидерлердің ырқына көнетін адамдар алынды деп негіздейді [208].

1950-1960-шы жылдары жарық көрген еңбектерде партия мен мемлекеттің интеллигенцияға ұстанған саясатына талдау жасай отырып, интеллигенция кеңес қызметіне күштеу әдісімен келді. Зерттеуші И.Е. Круцко «Кеңестік өкімет елді қорғау және социалистік құрылыс үшін ескі интеллигенцияны өз білімі мен тәжірибесін беруді мәжбүр етті»,- деген пікірін білдіреді [209].

Тарихнамадағы ерекше орын алатын инженерлік-техникалық интеллигенцияны Кеңес өкіметі жағына тарту мәселесі жекелеген республикаларда да байқалды [210].

Қазақстан. өндірістік-техникалық интеллигенциясына ұстанған саясат тарихнамасында П.М. Алампиев, С.А. Нейштадттардың монографиялық зерттеулерінің де алар орны өзгеше. Онда жаңа жұмысшы табы, колхозшы шаруа, интеллигенция, соның ішінде өндірістік-техникалық кадрлардың ауыр өнеркәсіптің барлық салаларында қалыптасуы мен ескі интеллигенцияны қайта тәрбиелеу шешуші рөл атқарғандығын көрсетеді.

П.М. Алампиев отарларда ірі өнеркәсіпке жергілікті ұлт өкілдерінің аз тартылғандығы, әсіресе олардың маманданған жұмысшылар, техниктер мен инженерлер арасында жоктың қасы екендігін айтады. Кеңестік төңкерістен кейін партияның және кеңес мемлекетінің социалистік қоғамның көптеген міндеттерін шешуде ықпалы әлі де болса төмен болғандығына назар аударады. Маманданған жұмысшылар мен инженер-техниктер жетіспесе де индустриализация жүзеге асқандығын, онда кеңес мемлекеті мен Коммңунистік партияның рөлі жоғары болды деп негіздейді [211].

Осыған ұқсас көзқарасты С.А. Нейштадт еңбегінен де байқауға болады. Ғалым «исключительно важное значение проблемы создания производственно-технических кадров и особенно рабочего класса. Не будет преувеличением сказать, что в этом сложном процессе – выращивания национальных кадров рабочего класса, воспитания народной интеллигенции заключалась главная специфика социалистического преобразования Казахстана в первую очередь», - деп пайымдайды. Еңбек сталиндік қасаң саясаттан кішкене болса ажырап, экономикалық факторлардың кадр мәселесін шешуге тигізген әсерін байқаймыз [212].

1950-ші жылдардың соңында жарық көрген Ғ. Сапарғалиевтың «Советское государство в борьбе за развитие социалистической культуры в Казахстане» еңбегінде 1917-ші жылдан кейінгі республикадағы мәдениеттің дамуы мәселелерімен қатар революцияға дейінгі интеллигенцияның кеңес өкіметімен ынтымақтастыққа келгендігін ашып көрсетеді. Әсіресе большевиктердің «буржуазиялық-ұлттық интеллигенцияға ұстанған жұмсақ саясатына» мән береді. Ұлттық интеллигенцияның әртүрлі топтары жаңа өкіметпен ынтымақтасу мәселесіне әр-түрлі көзқараста болғандығын саралай отырып, интеллигенцияға тағылған «буржуазиялық интеллигенция», «буржуазиялық ұлттық интеллигенция» атауларының саяси жағын анықтауға ерекше мән береді. Ғ. Сапарғалиев буржуазиялық мамандардың көпшілігі «адал еңбеккерлерге айналды» деп айқындай отырып, «Қазақ буржуазиялық интеллигенцияның реакциялық бөлігі Кеңес өкіметімен күресті жаңа жағдайда және жаңа құралдармен жүргізді. Буржуазиялық ұлтшылдар барлық мәдениет саласында ұлттық идеялар мен көзқарастарды насихаттауға тырысып, ұлтаралық бақталастық туғызуға тырысты» деп жазады [213, 64-65 б.].

Тарихымызда терең із қалдырған ғалым Е.Х. Мұхамеджановтың Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының қалыптасу тарихына арналған мақаласында Қазан төңкерісінен кейін, жаңа өндірістік-техникалық интеллигенцияны жасау мәселесі Кеңес мемлекетінің ең маңызды міндеттерінің бірі болды деп атап көрсетеді. Кеңес мемлекеті мен большевиктер партиясы оны сырттан көмек сұрамай, өз күшімен, түбегейлі қайта құрулар мен революциялық іс-шараларды жүзеге асыруы қажеттігін көрсетеді. Жаңа мұрағат құжаттарын ғылыми айналымға енгізе отырып, пролетарлық өкіметке оң көзімен қараған ескі интеллигенция мен буржуазиялық мамандарды тиімді пайдалану қажет деген пікірін білдіреді [7, 180 б.].

Ж. Қарағұсов еңбегінің «Қазақ кеңестік ұлттық интеллигенциясының қалыптасуы» деп аталатын бөлімінде «Қазақстанда патшалық режим кезеңінде экономика мен мәдениеттің әр түрлі салаларында жіктелген соңына дейін қалыптасқан интеллигения болмады. Оның құрамында ауыл мұғалімдері, әдебиетшілер, әкімшілік мекемелерінің қызметкерлері болды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл ұлттық интеллигенцияны социалистік құрылысқа пайдалануға болатын еді. Алдыңғы қатарлы ұлттық интеллигенция еш қобалжусыз Кеңес өкіметі жағына өтті. Алайда қазақ интелигенциясының біраз аухатты және реакцияшыл бөлігі Кеңес өкіметіне қарсы шықты.

Революцияға дейінгі кезеңдегі интеллигенттерінің арасында қобалжығандары да болды. Олар кімнің жағына біржола шығуға болатындығын толық шешу үшін жақсы кезеңдерді тосты. Оларды тек Кеңес өкіметі ғана интеллигенцияның қолайлы жұмыс жасауына жағдай туғызады, туған халқына адал қызмет етуге, шығармашылығына мол мүмкіндіктер ашады деп көзін жеткізіп, дәлелдеу қажет. Түсіндіру жұмыстары интеллигенцияның бұл бөлігін конрреволюциядан ажыратады.

Интеллигенцияны Кеңес өкіметі жағына тартуға Қазақстандағы революцияға дейінгі феодалдық-патриархалдық қатынастар нәтижесінде рулық және топтық өшпенділіктің сақталуы кедергі келтірді. Қобалжып жүрген интеллигенцияны жаңа құрылысқа тартуға күш салынды», - деп шынайы сипаттап жазды [3, 42].

1960-шы жылдары жарық көрген еңбектерде интеллигенцияның саны аз болғандықтан, олармен ынтымақтасу жаңа өкіметті нығайтуға ықпал еткенімен, бұл Қазақстанда әлі де болса шешуін күткен мәселе күйінде қалды деп көрсетілді [214]. 1960-шы жылдың ортасынан бастап, революцияға дейінгі интеллигенцияның революция мен, оның Кеңес үкіметі жағына қызметке ауысуы терең зерттеле бастады. Кеңестік тарихшылардың еңбектері большевиктер партиясының ескі интеллигенцияға ұстанған саясатына, оларды кеңес үкіметі жағына тарту, пайдалану, ішкі саяси күрес мәселелеріне арналды [215].

Р.Б. Сүлейменов пен Х.Бисеновтың бірлесіп жазған монографиясында «бұрынғы отарланған өлкеде мамандар мәселесін шешуде ескі интеллигенцияны қайта тәрбиелеу шын мәнінде қарастырылған жоқ. Оны шешудің бірден-бір жолы халықтан шыққан жаңа кеңестік ұлттық интеллигенцияны құру», - деп пайымдайды [5, 126 б.].

Авторлар халық шаруашылығы мен мәдениет үшін мамандарды даярлауда ескі орыс демократиялық интеллигенциясының жергілікті немесе революциядан кейін келіп, Кеңес өкіметі құрған алғашқы оқу орындарындағы қазақтардың мұғалімдеріне айналған өкілдері – мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлер, агрономдардың сіңірген еңбегі зор болды деп баға береді [5, 126 б.]. Г.Ф. Дахшлейгер 1960-шы жылдың соңында жазған тарихнамалық еңбегінде «қобалжуды, кей жағдайда өз қателіктерін жеңе отырып, партия ісінің дұрыстығын мойындап жаңа қоғам құру құрылысына өз үлестерін қосқан интеллигенция өкілдері жөнінде біршама және ақиқат тұрғысында жазылды. Бірақ, қазақ демократиялық интеллигенциясының бірқатар жарқын өкілдерінің күрделі өмірі мен шығармашылық жолы нақты ашылмады. Оның орнына «ескі» интеллигенцияны Кеңес өкіметі жағына тарту, сендіру мен оқыту сипатындағы әңгіме түрінде қалыптасқан схема не декларация тұрғысында баяндалды», - деп жазды [4, 129 б.]. Біржақты идеологияның ықпалындағы қасаң қоғамда тарихнамада бұрмаланған мәселелерді үстірт қана айтуының өзі бұл еңбектің құндылығын арттыра түсті.

Зерттеуімізге нысана болған кезеңдегі интеллигенция тарихнамасына елеулі үлес қосқан ғалымдардың бірі - Р.Б. Сүлейменов. Ол 1970-ші жылдардың басында жарық көрген монографиясында сол кезеңдегі қалыптасқан ресми методологияға сәйкес жазылғандығына, коммунистік қырағы цензураға қарамастан, өлкедегі ескі интеллигенцияны қайта тәрбиелеп, пайдаланудың өзіндік ерекшеліктерін тереңнен ашып көрсетеді [88]. Басқаша айту мүмкін емес еді. Мәселеге зер салсақ:

Біріншіден, Қазақстанда интеллигенттік топ өкілдерінің, әсіресе өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, дәрігер мамандардың өте аз екендігіне мән береді.

Екіншіден, ескі интеллигенцияның біраз бөлігінің қазақ қоғамындағы рулық, ұлттық нанымдармен шырмалған феодалдық ақсүйектермен байланыста болып, реакциялық күштердің мүдделерін білдірді. Бұл алғашында прогрессивтік, демократиялық бағыт ұстанған қазақ интеллигенттеріне тұсау болды деп есептейді автор [88, 154-156 б.].

Үшіншіден, Кеңес өкіметі жағына ескі интеллигенцияны тарту және тәрбиелеуде азамат соғысы кедергі келтірді деп пайымдай келе автор, реакциялық қазақ ұлттық интеллигенциясы осы кезеңде өзінің Алаш партиясы мен контрреволюциялық Ә. Бөкейханов басқарып отырған Алашорда өкіметін құрды деп қорытындылайды.

Р.Б. Сүлейменов егер Кеңес өкіметін мойындаған және еңбекшілердің большевиктер партиясы үшін адал еңбек еткен жағдайда ескі интеллигенция өкілдерін өз қатарына алуға жол ашылғандығы жөніндегі фактілерді атап көрсетеді. Еңбекте В.И. Лениннің кеңес өкіметі құрылысына ұлттық интеллигенция өкілдерін тартуға да мән берілген.

Еңбектің құндылығы сонда, ғалым ескі қазақ интеллигенциясын кеңес өкіметі жағына тарту мен тәрбиелеуде, идеялық жағынан ғана емес, оларға өздерінің білімін жалғастырып, аяқтауға көмектескендігіне ерекше көңіл бөлінгендіне назар аударады. Р.Б. Сүлейменов кеңес өкіметі кезеңінде жас қазақ интеллигенттерінің қатарында феодалдық ортадан шыққан Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтардың мамандық пен жоғарғы біліктілік алғандығын атап көрсетеді. Аталған еңбектердің барлығы өз кезеңі жайлы идеологиялық баға беруге негізделген еңбектер болғандығына қарамастан, сол кезең тарихы жайлы құнды мәлімет береді.

1970-ші жылдары әлеуметтану ғылымы саласында танылған ғалымдардың бірі - А. Ишмұхамедов. Ол 1970-ші жылдары жарық көрген монографиялық еңбегінде: «Социализм міндеттерін жүзеге асыру - ғылым өкілдері мен еңбек адамдарының жаңа қарым-қатынасын, ынтымақтастығын бекітуді талап етті. Бұл мәселе өз дамуында бірнеше кезеңдерден тұрады, ол КСРО-ғы коммунистік формация құрылысы кезеңдерімен байланысты. Ғылым мен еңбектің одағының бірінші немесе алғашқы кезеңі капитализмнен социализмге өту кезеңімен байланысты болып, 1930-шы жылдардың ортасына дейін созылды. Осыған байланысты Кеңестер өкіметі жағына ғылым мен техника саласындағы буржуазиялық мамандарды тарту маңызды орын алады, оларды капиталдың қаналушы күшінен социализмнің нағыз шығармашылық интеллектуалдық күшіне айналды деп баға береді. Жұмысшы табы мен буржуазиялық-техникалық интеллигенцияның прогрессивті өкілдерінің жолдастық ынтымақтастығы ой еңбегімен кәсіби түрде айналысатын және кең көлемдегі капиталистік мәдениеттің маңызды элементтерінің бірі болып саналатын адамдардың білімі мен тәжірибесінің жаңа қоғам үшін қажеттілігінен туындады. Кеңестік өкіметтің буржуазиялық мамандарға қатынасы пролетариаттың таптық күресінің бір түрі ғана емес, жұмысшы табы мен халық бұқарасының пролетарлық емес топтарының одағының құрамдас бөлігі болып саналады», - деп атап көрсетеді [147, 77-78 б.]. Автор буржуазиялық интеллигенцияның жаңа өкіметпен ымыраға келуі жаңа қоғамға деген қажеттіліктен туындады деп ойын тұжырымдайды.

Интеллигенция тарихын зерттеумен айналысқан ғалымдардың бірі - Ш.Ю. Тастанов. Оның «Советский опыт формирования и развития интеллигенции ранее отсталых народов (На примере Казахстана)» деп аталатын ресми идеология тұрғысында жазылған еңбегінде, «лениндік идеялар ескі интеллигенцияның эволюциясын түсінудің кілті мен социалистік интеллигенцияның қалыптасуының жаңа әдіс-тәсілдерін көрсетті деп жазады. Автор социалистік құрылыстың тәжірибесі жаңа социалистік интеллигенцияның қалыптасуының үш тәсілін айқындады дей келіп, біріншісі, ескі интеллигенцияны пайдалану және қайта тәрбиелеу деп көрсетеді .Бірақ бұл тәсіл Қазақстан үшін аз ауқымда жүрді деп санайды [9, 29 б.].

Ш.Ю. Тастановтың келесі монографиялық еңбегінде «Партия мен мемлекеттің Қазақстанның революцияға дейінгі интеллигенцияны социалистік құрылысқа тарту жолындағы күресі» деп аталатын тарауында өзіне дейінгі интеллигенция мәселесімен тікелей және жанама түрде айналысқан кейбір зерттеушілердің революцияға дейінгі Қазақстанда халықтың өз алдына бөлек әлеуметтік тобы ретінде ұлттық интеллигенциясы болған жоқ деген көзқараста болғандығын айтады.

Автор бірақ бұл көзқарастың қате екендігін алға тартады. Қазақ ұлттық интеллигенциясының қалыптасуы ХХ ғасырдың басынан басталып, революцияның қарсаңындағы жылдары едәуір дамыды. Белгілі бір себептерге байланысты әлеуметтік-кәсіби жағынан өз деңгейінде жіктелмеді, әлеуметтік-таптық және идеялық-саяси жағынан біртекті болмады деп талдайды. Революцияға дейінгі ескі интеллигенцияны қайта тәрбиелеу және пайдалануға байланысты басты қиындықтардың себептерінің мәнісе неде екендігін айқындайды. Автордың монографиялық еңбегіндегі бұл мәселе төмендегідей аспектіде дәйектелді.

Төңкеріске дейінгі Қазақстан ұлттық интеллигенциясы өзінің идеялық-саяси көзқарасы мен қоғамдық қызметіне байланысты бір-біріне қарама-қайшы келетін екі топқа бөлінді. Оның ең алдыңғы қатарлы, демократиялық бөлігі прогрессивті «Айқап» журналының төңірегіне топтасса, ал консервативті, реакциялық бөлігі «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасып, ашық буржуазиялық бағытты ұстанды. Осы интеллигенцияның екінші тобы кейін буржуазиялық-ұлттық «Алаш» партиясының негізін қалады, олар орыстың контрреволюциялық буржуазиялық кадеттер партиясымен идеялық және ұйымдастыру жағынан қабысты.

Осыдан келіп, революцияға дейінгі Қазақстан интеллигенциясының өзіне тән ерекшеліктері айқындалды. Бұл біріншіден, оның санының аз болуы және әлеуметтік-таптық біртектілігінің болмауы - өлкеде патриархалдық-феодалдық құрылыс үстем болып және капиталистік қатынастардың әлсіз түрде енуі соның нәтижесінде өндіргіш күштердің төменгі деңгейде дамуына ықпал етті деп түсіндіреді. Екіншіден, осы және басқа себептерге байланысты, инженерлік-техникалық және ғылыми қызметкерлер, көркемөнер интеллигенциясының бірнеше түрлері мен тағы да басқалары болмады. Оның құрамында жергілікті әкімшілік аппаратында қызмет ететін шеноуниктер (сондықтан артықшылықтары бар және орыс отарлық шеноуниктері басым болды), педагогтар, заңгерлер, ауылшаруашылығы мен медицина мамандарының азғантай өкілдері болды деп дәлелдейді. Үшіншіден, ұлттық қазақ интеллигенциясының басым бөлігі әртүрлі статистикалық материалдар мен революцияға дейінгі кезеңдердегі деректерде және Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында «интеллигенция немесе ой еңбегімен айналысатын қызметкерлер» қатарына өзінің еңбегінің мазмұны, атқаратын әлеуметтік қызметі, білімдік деңгейі жөнінен сай келмесе де молдалар мен ишандарды, жергілікті халық өкілдерінен шыққан ұсақ әкімшілік қызметпен айналысатын писарлар, аудармашы-тәржімашыларды т.б жатқызады.

Коммунистік партия мен Кеңес мемлекетінің алғашқы маңызды қадамдарының бірі - өзінің халықтық интеллигенциясын қалыптастырып, құруда ескі интеллигенцияның біраз бөлігін социалистік жағынан қайта тәрбиелеп, оны социалистік құрылысқа тарту керек деп пайымдайды [151, 60-61 б.].

Ш.Ю. Тастанов В.И. Ленин ескі интеллигенцияны «кеңестендіру» таптық күрестің бір түрі деп қарастырса, бұл мәселе алғашында елдің европалық бөлігінде шешілгендігіне қарамастан, ол жалпы, жан-жақты мәселе болды деп есептейді. Оның Қазақстан үшін ерекшелігі сонда, экономикасы мен мәдениеті төмен, ұлттық интеллигенциясының саны аз болғандықтан, социалистік құрылыс мүддесі үшін оны қайта тәрбиелеп және пайдалану маңыздырақ болды деп қорытындылайды [151, 61 б.]. Автор буржауазиялық-ұлттық интеллигенцияны бейтарап қалдырып, Кеңес өкіметі жағына Қазақстан жағдайында оның прогрессивтік–демократиялық бөлігін тарту ерекше маңызды орын алды деп түсіндіріп, ол Кеңес өкіметінің алғашқы онжылдығында тиімді түрде шешілді деп зерделейді [151, 62 б.].

Автор еңбекте республика партия ұйымы мен өкіметі Кеңес өкіметі жағына шыққан интеллигенттік күштерге сендіру, иландыру тәсілдері қолданылып, дұрыс жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызылды деген пікірге мән беріп, мұның үлкен нәтиже бергендігін дәлелдейді. Қазақстанның ескі интеллигенциясының таңдаулы өкілдері жаңа өкіметтің халықтық, демократиялық мәні мен мазмұнынын бірте-бірте түсініп, оның жағына нық сеніммен өтті, социалистік құрылыстың ұлы істерін түсінді деген пікірін білдіреді.

Социалистік құрылыс ісіне ескі интеллигенция өкілдерін тарту өте күрделі және ұзақ процестен тұрды деп есептей келе, автор соның нәтижесінде көптеген қиындықтар шешілгендігін айтады. Біріншіден, өнеркәсіп мамандары, ауылшаруашылығы, медицина қызметкерлері болмады. Екіншіден, оның танымал бөлігі қазақ қоғамындағы феодалдық жоғары топ өкілдерімен тығыз байланыста болып, рушылдық, ұлттық нанымда болғандықтан, осы реакциялық күштердің мүдделерін білдіріп, Кеңес өкіметімен ынтымақтасуға онша ынта-жігер білдіре қоймады, қажет болса кедергі келтіруге дайын болды. Үшіншіден, ескі интеллигенцияның көптеген қатардағы өкілдері жаңа құрылыстың тұрақтылығына сенімсіздікпен қарап, ұзақ уақыт бойы тосу тәсілін ұстанды деген көзқарасын білдіреді [151, 63 б.].

Кейбір жерлерде қызметкерлердің барлық интеллигенцияны Кеңес өкіметі күштеріне қарсы пиғылда болды деген жаңсақ пікірде болғандығын ашық білдіреді. Прогрессивтік-демократиялық қазақ интеллигенциясының басым көпшілігі өкілдері – дәрігерлер, педагогтар, заңгерлер, агрономдар өз халқы үшін жігерлілікпен қызмет атқарды деп санайды.

Бұл еңбектің құндылығы сонда, ғалым Ш.Ю. Тастанов революцияға дейінгі қазақ интеллигенциясының мәнін аша отырып, төмендегідей тұжырымдар жасайды:

1 Партияның ұлттық интеллигенцияның ескі кадрларын қайта тәрбиелеп және Кеңес өкіметі жағына тартуға бағытталған күштері нәтиже беріп, оның басым бөлігі Қазақстанда социализм жеңісі жолында үлкен рөл атқарды. Социализм жолындағы күресте ескі интеллигенцияның өзіндік рөлі ұлттық жұмысшы табы әлі қалыптаса қоймаған кезеңде, капитализмге соқпай, социализм жолымен келе жатқан Кеңестік Шығыс республикаларының дамуына тән өзіндік ерекшелігі болды.

2 Ұлы Қазан социалистік төңкерісінің жеңісі қазақ халқының алдына өлкенің шаруашылық және мәдени артта қалушылығын, қазақ халқының әлеуметтік дамуына байланысты көптеген мәселелерді тиімді шешудің жолы - экономика мен мәдениетті социалистік негізде дамытуды қамтамасыз ететін үлкен көлемдегі мамандарда. Саны жағынан аз ескі интеллиегнцияға бұл мәселені шешу мүмкін емес. Сондықтан, жаңа, кеңестік интеллигенцияны қалыптастыру міндеті тұрды.

3 Жаңадан қалыптасып отырған Қазақстан социалистік интеллигенциясының негізін республиканың партия мен мемлекет аппаратын басқарып отырған кәсіби революционерлер құрады. Олар жас мамандарды даярлау мен қазақ кеңестік интеллигенциясының қалыптасуында үлкен рөл атқарды [151, 67 б.].

Ш.Ю. Тастановтың еңбегінде капиталистік емес даму жолында Қазақстанның жаңа интеллигенцияның қалыптасуы мәселелері де қарастырылған. Автор өзінің зерттеу жұмысының басты міндеті етіп, «Капиталистік даму сатысынан өтпеген бұрын артта қалған халықтардың бірі ретінде Қазақстанды мысалға ала отырып, кеңестік интеллигенцияның қалыптасып, дамуын алады». Бұл міндеттің шешуші факторы жоғары және орта арнаулы оқу орындарын дамытуда болды деп айқындайды [151, 6 б.]. Пролетариат диктатурасы мемлекетінің көмегі капитализмге соқпай социализмге өтудегі басты заңдылық болды деп атап көрсетеді.

1980-ші жылдардың ортасына дейін ескі интеллигенцияны социалистік құрылысқа пайдалану мәселесі өз деңгейінде зерттелмеген күйінде қалды. Р.Б. Сүлейменов бұл мәселеге бірнеше рет баса назар аудару керектігін ескертті [216, 177-178 б.]. Егер Р.Б. Сүлейменовтің еңбектерінде капиталистік емес даму жолында мәдени революцияны дамытудың лениндік идеяларын жүзеге асырудағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындаса, Ш.Ю. Тастановтың еңбегінде жаңа интеллигенцияның қалыптасу үдерісінің негізгі бағыттарын зерттеген. Ресми идеология негізінде жазылғандығына қарамастан, кеңестік кезеңдегі интеллигенцияның қалыптасуының басты бағыттарын саралады.

Тарихнамашы ғалым З.А. Алдамжаровтың 1980-ші жылдардың басында жарық көрген еңбегінде Қазақстан тарихнамасындағы Ұлы Қазан төңкерісінің тарихына байланысты әдебиеттерге талдау жасай отырып, Қазан төңкерісіне байланысты зерттеу жұмысын ұйымдастырудың құрамдас бөлігін идеялық жағынан шыңдалған тәжірибелі мамандарды даярлауда деп есептейді. Қазақстанда кадр мәселесі ерекше орын алып отырғандығына көңіл бөледі. Кадрларды қалыптастыру барлық елдердегі сияқты, біріншіден, ескі мамандарды қайта тәрбиелеу, екіншіден, жұмысшы мен шаруалардан жаңа мамандарды даярлау екі бағытпен жүргендігін атап көрсетеді [217, 77 б.].

Еңбек ресми методология тұрғысында жазылғандықтан, «Төңкеріске дейінгі қазақ интеллигенциясы негізінен бай-феодалдардан шықты. Оның ұлттық пиғылды ұстанған бөлігі азамат соғысынан кейін де іс жүзінде ескі көзқарасынан бас тартпай, кейін буржуазиялық-ұлттық және ұлттық–уклонистік топтар мен ағымдарға тірек болды. Сондықтан ескі мамандардың қызметіне партиялық бақылау өте қажет еді», - деп көрсетеді [217, 77-78 б.]. Автор интеллигенцияның алдыңғы қатарлы демократиялық көзқарастағы бөлігі социалистік революция идеясын тез қабылдап, еңбекшілердің қатарында революция мен азамат соғысына белсенді түрде қатысқандығын айтады. Заман ағымына сәйкес жазылған еңбек болғандығына қарамастан, еңбектің тарихнамада алар орны зор.

Жоғарыда талдау жасалған ғылыми еңбектерге байланысты төмендігідей қорытынды жасауға болады:

- революцияға дейінгі ұлттық интеллигенцияны Кеңестермен ынтымақтасуға тарту капитализмнен социализмге өтуде өте қажет қадамдардың бірі еді;

- қобалжушылық танытып, кейде қателіктерге бой ұрғанымен, қазақ интеллигенциясы өкілдерінің Кеңес өкіметін мойындап, жаңа қоғамды орнатуға өз үлестерін қосқандары айқындалды.

1980-ші жылдардың соңы, 1990-шы жылдардың басында зерттеушілердің басым бөлігі кеңестік кезеңде Қазақстанда интеллигенция 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жеңісімен пайда болды деген концепция шындыққа сәйкес келмейді деген көзқарасқа келді.

Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясына ұстанған саясат тарихнамасы тақырыбы аз зерттелген тақырыптарға жатқандықтан, «өкіметтің өндірістік-техникалық интеллигенцияға ұстанған саясатын» ашып көрсету қазіргі кезеңнен өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр.

1989-шы жылдың соңында тарихшылар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы комиссиясының құрамына кіре отырып, «1930-1940-шы және 1950-ші жылдары әдебиет пен өнерге байланысты қабылданған қаулылырды зерттеуге байланысты қорытындыны» жариялайды [218]. Онда кезінде Қазақстан интеллигенциясына қарсы репрессия мен идеологиялық кампанияларға негіз болған партия директиваларының күшін жою талаптары қойылды. Мұндай қорытындының қабылдануы, тарихшы ғалымдардың жаңа методологиялық негізде жұмыс жасап, тарихи шындықты қалыпқа келтіруде маңызды рөл атқарды.

Республикадағы тарих ғылымының жаңа сапалық негізде дамығандығын «История Казахстана; белые пятна» кітабінің жарық көргендігінен аңғарамыз [219]. Онда интеллигенция мәселесіне байланысты біраз мәселе көтеріледі.

Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін жаңаша пайымдауларымен бағалаған М.Қ. Қозыбаевтың кітабы жарық көрді [220].

Қазақстан интеллигенциясы тарихына елеулі үлес қосатын еңбектердің қатарына І.М. Қозыбав пен М.Қ. Қойгелдиев, Т.О. Омарбеков, М.С. Бурабаевтың еңбектері де жатады [221]. Тарихнамалық деңгейде жазылған І.М. Қозыбаевтың еңбегінен тоталитарлық саясаттың мазмұнын ашатын тарихи фактілер мен оқиғалар жайлы мәліметтер ұсынылған. М.Қ. Қойгелдиев, Т.О. Омарбековтың «Тарих тағылымы не дейді?», - деп аталатын еңбекте қазақ халқы тарихының осы уақытқа дейін зерттелмеген немесе біржақты зерттелген күрделі кезеңдерінің саяси бейнесі жасалған. Бірінші бөлімде ХХ-шы ғасырдың 20-шы жылдарында жаңа қалыптаса бастаған тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан қазақ зиялыларының тағдыры сөз болады. М.С. Бурабаевтың «Общественная мысль Казахстана в 1917-1940 гг.» еңбегінде мәдени революцияның ең қиын міндеттерінің бірі - Қазақстанда халықтық интеллигенцияны құру болды деп атап көрсетеді. Бұл мәселе революцияға дейін қалыптасқан ескі интеллигенцияны қызметке тартып, пайдалану, қайта тәрбиелеу және жұмысшы табы мен шаруалар қатарынан жаңа интеллигенцияны даярлау жолдары арқылы шешілді деп ойын нығыздай түседі [221, 160 б.].

Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясына байланысты мемлекеттің ұстанған саясаты жайлы мәліметтер С.С. Әбубәкіров, В.И. Коваль еңбектерінде сараланған [17]. С.С. Әбубәкіровтың монографиясында Қазақстан инженер-техникалық интеллигенциясының әлеуметтік дамуындағы негізгі тенденциялар талданып, айқындалған. В.И. Ковальдың еңбегінде Қазақстандағы мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаттың ерекшеліктері жүйеленген. Ғылыми-техникалық үдеріс барысындағы инженер-техникалық интеллигенцияның атқарған қызметі жайлы зерделенген.

1980-ші жылдардың ортасынан бастап 1990-шы жылдардың ортасына дейін билік пен өндірістік-техникалық интеллигенцияның арасында кейбір сандық және сапалық өзгерістер пайда болды. Отандық тарихта бұл жылдар «қайта құру», қоғамды демократияландырудың басталу жылдары деп аталды. Осы жылдары Қазақстан халықтарының дамуында түбегейлі өзгерістер жүрді. Осы кезеңде өндірістік-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік рөлі жауапкершілгі артып, өзінің кәсіби қызметін тоқтатпай, халықтардың рухани өміріне, мәдени жағынан жаңаруына, ұлттық қозғалыстарға қатысуы, қоғамдық-саяси партиялардың қызметіне де араласа бастады.

Белгілі ағылшын тарихшысы Э. Х. Каррдың 1990-шы жылы «Русская революция от Ленина до Сталина 1917-1929», «История Советской России» деп аталатын еңбектерінде Ресей мен Кеңестер Одағындағы революция орнағаннан кейінгі алғашқы он екі жылындағы отан тарихына байланысты көзқарастарымен таныстара отырып, кеңес мемлекетінің қалыптасуы, дамуы мен қайшылықтарын талдаған. Көптеген тың деректерге негізделген Каррдың еңбегі сол кезеңдегі оқиғаларға объективті баға беруімен ерекшеленеді. Өнеркәсіп өндірісі мамандарды талап еткендігін, ал жаңа үкіметте ол көп бола қоймағандығын айтады. Өнеркәсіптің барлық салаларында революцияға дейін жұмыс істегендер қызмет атқарып, олардың лауазымдық басшы қызметкерлер құрамына алынғандығын атап көрсетеді. Басшылық орындарға көп жағдайда партия мүшелері тағайындалғанымен, олардың жеткілікті тәжірибесі болмағандықтан, берер пайдасы бола қоймағандығын жазады. Э.Х. Карр директорлар, басқарушылар, инженерлерді мамандар деп атап, олар жоғары жалақы алып, әртүрлі артықшылықтарға ие болғандығына тоқталады [222, 32 б.].

Э. Карр 1919 жылы азамат соғысы аяқтала бастаған кезеңде, Лениннің «капитализмнен коммунизмге өтуде буржуазиялық мамандарды пайдаланбайынша, біздің жеңістеріміз зая кететін еді, жартылай еңбекші, жартылай меншік иесі шаруаларды өз жағымызға тартуда пролетариат басқарып отырған біздің Қызыл армияның жеңісі буржуазиялық мамандарды тиімді пайдаланудың нәтижесінде болды» деп мойындағандығын көрсете отырып, жұмысшылардың басқару қызметіне икемсіз болып және оған әлі жеткілікті дейгейде пісіп жетілмегендіктен, буржуазиялық мамандарға тәуелді болуы шарасыздықтан болды деп түсіндіреді [223, 550 б.]. Э. Карр сол кезеңдегі кеңестік бюрократ бұрынғы буржуазиялық интеллигенция немесе қызметкерлер табынан шығып, ескі орыс бюрократиясының дәстүрлерін көрсетті дей келіп, осы топтағылар білім мен техникалық өнердің үлгісін қамтамасыз еткендігін, режимнің оларсыз аман қалуы мүмкін еместігін дәлелдеді. Лениннің 1918 және 1919 жылдары салтанатты түрде социализм осы «тап жауларын» өз жағына көмекке шақырмайынша, революцияның басқа таңдау жолы жоқ деп мәлімдеме жасағандығын алға тартады [223, 551 б.].

2000 жылы М.Г. Ескендіровтың «Силовая модернизация в Восточном Казахстане (1926-1939 гг.)» зерттеу еңбегі жарық көрді. Еңбек кеңестік идеологиядан таза, жаңа ғылыми ұстанымдар негізінде жарық көргендіктен, батыл көзқарасымен, ғылыми тұжырымдарымен ерекшеленеді. Біз қарастырып отырған мәселе төңірегінде де тың ойлар айтқан.

Республикада 1926-1939 ж.ж басшылық аппараты мен маманданған кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі өткір, шешілмеген күйде отырғандығын зерделеген. Жергілікті басшы кадрлар жетіспегендіктен, әу-баста-ақ, РФКСР-нан жолдамамен жіберу, мәжбүрліктен, уақытша болған әрекет ретінде саналып, Қазақстанның өсіп келе жатқан экономикалық өнеркәсіп потенциалын сырттан мамандар әкелу жолымен толықтыру арқылы жүзеге асқандығын пайымдайды. Әрине ғалымдар, инженерлер мен маманданған жұмысшылардың республикаға көмек көрсетуге адал көңілі болғанымен, Орталық республикалардың деңгейін қандай жағдайда болсын мұны теңестіруге тырысқандығын ашады. Кадр мәселесін шешуде Орталықтың араласып, дұрыс шешілмегендігін саралайды. Автордың көзқарасы бойынша, кадрларды таңдау. орналастыруда жергілікті ұлт өкілдерін кемсітті. Ұлттың өзін-өзі билеуі халықтың мифіне айналды. Жергілікті ұлт барлық уақытта сырт қалып, әлеуметтік үдерістің бірыңғай жолымен, ауыл шаруашылық ұлты статусы күйінде қала берді деп тұжырымдайды. Шындығында автор еңбегі егеменді ел болған, тәуелсіздік кезеңінде жазылғандықтан, көзқарасында батыл ғылыми пайымдаулар бар [224, 165-166 б.].

2000-шы жылдардың басында жарық көрген еңбектердің бірі - К.Ә. Ахметовтікі. Автор Қазақстандағы мәдениет тарихы мәселелерін зерттей отырып, революцияға дейін қалыптасқан ұлттық интеллигенцияның Кеңестермен арада келісімге келуінің негізгі себебін «ескі интеллигенция ағартушылық дәстүрінде болғандықтан, идеологияға емес, өз халқына қызмет етуге дайын болды», - деп ойын қорытындылайды [225, 53 б.].

Р.Ж. Қадысова соғысқа дейінгі кезеңдегі Қазақстандағы модернизация мәселесіне кең көлемде тарихнамалық талдау жасап, жаңа ғылыми көзқарастарын білдірген [226].

Сонымен, қазақстан тарихнамасындағы жалпы теориялық-методологиялық мәселелерді нақтылай отырып, жалпы отандық тарих ғылымында бұрынғы идеялық принциптерден бас тарту, объективті баға беруге ұмтылу, «ақтаңдақтар ақиқатын» көрсетуде біраз жұмыстар атқарылды.

Қазіргі кезеңде зерттеушілердің алдында методологиялық жағынан зерттеу жұмыстарына жаңа ғылыми пайымдаулар жасауға кең мүмкіндіктер ашылып отырғандықтан, зерттеушілерге қойылатын теориялық, жалпы ғылыми талап артып келеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет