Б. Ж. Абжаппарова



бет8/16
Дата05.11.2016
өлшемі4,84 Mb.
#854
түріМонография
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16

Нақты тарихи жағдайда тарихнамада ғалымдардың жалпы қоғамдық ой-санасынан айта қаларлықтай жаңалықтар күту мүмкін емес еді. Авторлардың еңбектері партия мен оның көсемдерінің сара жолымен жүріп, оның өніміне айналды. Еңбектердің көбі маркстік методология тұрғысында жазылды. Мәселені күрделі сыни талдау болған жоқ. Алайда бұрынғы сталиндік жоспар дегеннің орнына «лениндік» деген анықтама енгізіле бастады.

Ә.І. Сембаев 1958 жылы жарық көрген еңбегінде 1928 жылы ІІ сатылы мектептерді аяқтағандардың жалпы даярлығын жетілдіру, шаруа жастары мектептерінің жұмысын дамыту үшін оқушыларды әлеуметтік құрамына қарап емес, олардың қатарынан тәжірибелі ауылшаруашылығы мамандарын даярлау мақсатында ол мектептер ауыл шаруашылығы техникумдары мен жоғары оқу орындары үшін кедей мен батырақ жастардан мамандар даярлау базасына айналу керектігін айтады. Сондықтан техникалық интеллигенция мамандарын даярлауда олардың алдында үлкен жауапкершілік пен міндеттер тұрғандына басты назар аударады. Мектеп бітіруші түлектердің білім деңгейінің төмен болуы орта, арнаулы және жоғары оқу орындарының бағдарламалық талаптарына сәйкес келмей отырғандығына қынжылыс білдіреді [263, 144 б.]. Қазақ кеңес мектебінің тарихын зерттеген ғалымдардың бірі - Ә.І. Сембаев: «Елімізді индустрияландыру дәуірінде мамандарды даярлау мәселесінің ерекше маңызы болды, өйткені ауыр өнеркәсіпті ойдағыдай құру, оны өркендету түгелінен кадрларға байланысты еді»,- деп негіздейді.

Бірақ мектептердің оны бітірушілерге әрдайым жоғары оқу орындарына түсерліктей жеткілікті білім бере бермеді. Кейбір аудандарда жеті жылдық, тоғыз жылдық мектептердің бір бөлігі барлық балаларды түгелдей оқуға тарта алмады, мұның өзі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына керекті қызметкерлерді даярлауға да бөгет жасады.

Автор мамандар даярлауға экономикалық және әлеуметтік факторлардың ықпалының зор болғандығын мынадай фактілермен түйіндейді: «1928 жылғы шілдеде өткізілген ВКП(б) Орталық Комитетінің пленумы РСФСР Халық Ағарту Комиссариатынан ІІ басқыш мектепті бітірушілердің білім сапасын сөзсіз жақсартуды, жұмысшылар тұратын аудандарда жеті жылдық, тоғыз жылдық мектептерді көбейтуді талап етті.

Бірақ 1929 жылғы қарашада өткізілген ВКП(б) Орталық Комитетінің пленумы ВКП(б) Орталық Комитетінің 1928 жылғы шілде пленумының «ІІ басқыш мектепті бітіргендердің жалпы білім даярлығын жақсарту туралы» қаулысын РСФСР Халық ағарту Комиссариатының нашар орындап отырғанын атап көрсетті. Пленум ІІ басқыш мектептердің бағдарламасын жаңа міндеттер тұрғысынан қайта қарауды, оқушыларды даярлау жүйесін және олардың әлеуметтік құрамын жақсартуды, шаруа жастар мектептерінің жұмысын жақсы ұйымдастыруды, бұл мектептер ауыл шауашылығының практикалық қызметкерлерін даярлап қана қоймай, мұнымен бірге ауыл шауашылығы техникумдары мен жоғарғы оқу орындарын кедей, жалпы жастармен толықтыратын база болатындай етіп ұйымдастыруды тапсырды.

Жаңа советтік техникалық интеллигенция кадрларын даярлау және мектептердің жұмысын жақсарту ісіндегі міндеттер осындай еді»,- деп жазады [263, 162-163 б.]. Мемлекет қаулылары нақты шараларды іске асыруға міндеттегенімен, оны шешудің объективтік, субъективтік себептері ескерілмегендігін айтады.

«БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитетінің бюллетеньдерінде кадрларды даярлауды жетілдіру мен оны одан әрі жеделдету мақсатында Республика Халық Ағарту Комиссариаты мен салалық шаруашылық ұйымдарының алдына тар ауқымдағы мамандану, оқытудың жаңа тәсілдері мен қарқыны негізінде (оқытудың қысқартылған түрі, үздіксіз оқу жылы, топтық жүйе, үздіксіз өндірістік практика және т.б.) қазақстандық техникумдар мен жоғары оқу орындарын қайта құруды тез аяқтау міндетін қойды», - деп саралайды Ә.І. Сембаев [263].

Ә.І. Сембаев «БКП(б) Өлкелік Комитеті шаруашылық ұйымдарының жұмысы жайлы шешімдерінде жаңа техникалық кадрлар дайындауды кеңейту мәселелеріне көңіл бөлу қажеттігін ескертті. 1930 жылғы 12 шілдеде «Қазкөмір жағдайы», және «Қазмыс» жайлы қабылданған мемлекеттік қаулыларда Өлкелік Комитет бұл ұйымдардан мамандарға деген нақты сұранысы және қажетті маманданудың дұрыс қатынасы негізінде мамандар дайындаудың жоспарын жасауды талап етті»,- деп тұжырымдайды [263, 16-17 б.].

Автор Қазақстан үшін техникалық кадрлар алғашқы жылдары Ресей мен басқа туысқан республикаларда даярланды. Кейінірек Қазақстанда техникалық оқу орындарының ашылуымен байланысты өзімізде де мамандар даярлана бастады деп дәйектейді [3, 59 б.]. Жоғары мектепте өндірістік-техникалық интеллигенцияны даярлау, қалыптасу тарихнамасында Ж. Қарағұсов еңбегінің алатын өзіндік орны бар. Еңбекте жаңа өнеркәсіптің құрылуына байланысты соған лайықты маманданған өнеркәсіп жұмысшыларын, инженер-техникалық интеллигенцияны дайындау жүргізілгендігін пайымдайды. Бірінші бесжылдықтың соңында халық шаруашылығын жаңа техника негізінде қалыпқа келтіру міндеті қойылған кезеңде, күн тәртібіне: «большевиктер техниканы игеруі керек» деген тарихи ұран қойылғандығын айтады.

Қазақстан үшін алғашқы кезеңде техникалық кадрлар РСФСР мен басқа туыстас республикаларда даярланғандығын, кейін Қазақстанның өзінде де техникалық оқу орындары құрылғандығын жазады. Бесжылдықтың соңында 16 тау-кен және құрылыс техникумдарының жұмыс істеп жатқандығын, онда білім алып жатқан адамдардың саны 2164 адамға жетіп, басым бөлігі қазақтардан құралғандығын саралайды [3, 59-60 б.].

1961 жылы қазақстандық тарихшылардың «О закомерностях перехода народов ранее отсталых стран к социализму» еңбегі жарық көрді. Сталиндік қасаң саясаттан арылған ғалымдар «хрущевтік жылымық» жылдары, 1925 жылдан бастап ұлттық интеллигенцияға байланысты шешуші шаралар қолданылып жатыр. Ол идеологиялық майданнан аластатылды. Қазақ кеңес интеллигенциясын қалыптастырудың негізгі бағыты - арнайы оқу орындарында ұлттық кадрларды даярлау. Біріншіден, арнайы оқу орындарына идеологиялық жағынан мықты, пролетарлық рухта тәрбиеленген студенттерді; екіншіден, бұл оқу орындарында негізінен барлық ұлттардың жұмысшы табы мен шаруалары қатарынан шыққандарды даярлау керектігі атап көрсетілді [137, 164-165 б.]

Қазақстандағы мәдени құрылыс тарихын зерттеуге үлкен үлес қосқан ғалымдар Р.Б. Сүлейменов пен Х. Бисенов халық шаруашылығы мен мәдениеттің жаңа мамандарын даярлауда ескі демократиялық орыс интеллигенциясы өкілдері педагогтар, дәрігерлер, инженерлер, агрономдар революциядан кейін және Кеңес өкіметі нәтижесінде құрылған алғашқы оқу орындарында қазақтардың оқытушылары ретінде үлкен еңбек сіңірді деп пайымдайды [5, 126 б.].

Зерттеушілер педагогикалық оқу орындарынан кейін екінші орынды үлестік салмағы жөнінен ауылшаруашылығы оқу орындары алады деп тұжырымдайды. Қазақстан өнеркәсібі үшін білікті кадрлар даярлау тек қайта қалыпқа келтіру жылдарының соңғы жылдары басталды деген көзқарастарын білдіреді [5, 130-131 б.]. Ғалымдар Р.Б. Сүлейменов пен Х.И. Бисенов «Революция жеңіске жеткеннен кейінгі алғашқы күндерден бастап, Кеңес өкіметінің алдында халық шаруашылығы үшін мамандар даярлау мәселесін қойды. Патша өкіметі кезінде Орталық Азияда және Қазақстанда бірде-бір жоғары оқу орны, бірде-бір орта техникалық оқу орындары болмады. Республиканың алып территориясында барлығы жеті орта арнаулы оқу орындары (төрт мұғалімдер семинариясы, екі ауылшаруашылық училищесі және бау-бақша мектебі) жұмыс атқарды.

1921 жылдың бірінші жартысында республикада сол уақыт үшін біршама кәсіптік оқу орындары жұмыс істеп, оңтүстік облыстарды қоспағанда олардың саны 104-ке жетті. Онда полиграфистер, қаржы қызметкерлері, экономистер, фельдшерлер мен акушерлер, аптекарлар, өнеркәсіп үшін техниктер даярланды», - деп саралайды [5, 130 б.].

Авторлар педагогикалық оқу орындарынан кейін өзінің үлестік салмағы жөнінен ауылшаруашылығы оқу орындары екінші орын алды дей келіп, 1923/24 оқу жылдары Орынбор, Семей, Орал, Петропавл, Қостанай, Алматы және басқа қалаларда да агрономиялық, малдәрігерлік-зоотехникалық техникумдар, курстар, орманшаруашылығы, жер өлшеушілер мектептері болғандығы жайлы мәліметтер келтіреді.

Барлық арнаулы оқу орындарының жанында ұзақ уақыт бойы дайындық курстары жұмыс атқарып, онда қазақ жастары білімдерін толықтырып, одан әрі оқуларын жалғастыруға мүмкіндік алғандығын айтады. Авторлар дайындық курстары жүйесі жалпы білім беретін мектептер деңгейінің төмендігі жағдайында арнаулы оқу орындарын қазақ кедейлерінен шыққан қажетті оқушылар контингентімен қамтамасыз етуде және ұлттық жұмысшы табы мен интеллигенцияның қалыптасуында маңызды рөл атқарды деп тұжырымдайды [5, 131 б.].

Қазақстан өнеркәсібі үшін білікті мамандар даярлау қалыпқа келтіру жылдарының соңғы жылдары басталды деп, Екібастұз, Спаск заводтары, Қарағанды консервацияда болып, тек Риддер, Ембі өндірістері ғана қалыпқа келтірілгендігін айтады.

Зерттеушілер Қазақстандағы бар оқу орындары дамып келе жатқан халық шаруашылығының сұранысын қамтамасыз ете алмады деп дәйектейді. Ағарту Халық Комиссариатының мәліметі бойынша ауылшаруашлығына (1926-1931 жж.) 3,5 мың мамандар қажет болса, 1926 жылы сегіз ауылшаруашылық, екі орман және бір малдәрігерлік-зоотехникалық техникумдарда тек 1443 адам оқыса (оның 637 ғана қазақтар) болғандығы жайлы жазады [5, 131 б.].

Авторлар мамандарға деген сұраныс жоғары болғанымен, республика үкіметі мен Халық Ағарту Комиссариаты басшылары нақты жағдайлар мен мүмкіндіктермен санаспай орта арнаулы ғана емес жоғары оқу оқу орындарын көптеп ашуға тырысты деп саралайды. Оқу орындарындарының материалдық-техникалық базалары, ғылыми-педагогикалық кадрлардың құрамы жеткіліксіз еді. 1930-шы жылдары жоғары маманданған білікті ауылшаруашылығы кадрларын даярлауға көп көңіл бөлінгендігін айта келіп, Х. Бисенов пен Р. Б. Сүлейменов 1933/34 жылдары Қазақ ауылшаруашылығы институты тек агрономдар, селекционерлер, бау-бақша мамандарын ғана емес, ауыл шаруашылығының инженер-механизатор мамандарын даярлай бастағандығы жөнінде мәлімет береді. Студенттер контингентінің артып, 300 студенттің 170-і қазақтар болса, олардың 120-сын әйелдер құрады деген мұрағат құжаттарын алға тартады. 1934 жылы Алматы ветеринарлық-зоотехникалық институтының бағыты толығынан анықталып, 1934 жылдың 1 қаңтарында республикаға 93 мал дәрігері, 33 инженер-қой өсіруші, 14 инженер-мал өсіруші маманды даярлап бергендігін де баяндайды [5, 192-193 б.].

Р.Б. Сүлейменов пен Х.И. Бисенов ресми методология тұрғысында ғылыми пайымдауларын жасай отырып, 30-шы жылдары Қазақстанда өндірістік-техникалық және ғылыми интеллигенцияның үлкен армиясы құрылды. Бұл армияның қатарында 100 мыңнан астам адам болса, ғылыми интеллигенцияны қоспағанда 52,3 мың адамның жоғары және орта арнаулы білімдері болды деп мәлімдейді.

Авторлар Қазақстанның халық шаруашылығы мен мәдениеті, партия және кеңес органдарының басшы кадрларын даярлау бұл жылдары Ресейдің орталық аудандары және Кеңестер Одағын тұтастай алғанда кеңестік интеллигенция кадрларының өсу қарқынынан 5-6 есе артты. Экономикалық және мәдени жағынан артта қалған халықтардың жалпы даму бағытының алдыңғы сатыға теңелуі, социалистік қоғам заңдылығының жарқын көріністерінің бірі болды деп тұжырымдайды [5, 196 б.].

Тарихнамада ғалымдар интеллигенцияның әлеуметтік дамуы мәселелерін талдап, ұлттық, өндірістік-техникалық интеллигенцияның қалыптасуы жайлы пайымдауларын ұсынады. Р.Б. Сүлейменов пен Х.И. Бисеновтың монографиясында қазақстандағы зиялылар ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мамандары мен дәрігерлер жайлы мол мәліметтер беріліп, сондықтан оларды тәрбиелеуге, көптеп даярлауға көңіл бөлу қажеттігі жайлы айтады.

Мемлекет тарапынан жоғары мектептерді іріктеу арқылы мамандар даярлауға зор көңіл бөлгендігін жазады. Мамандарды даярлаудың бір жолы алдын-ала тағайындалған орындарға жіберу арқылы жүзеге асырылғандығы айқындалған. РСФР-дің Халық ағарту Комиссариаты елдің орталық аймақтарында орналасқан оқу орындарында ұлттық республикалар мен облыстардың еңбекші бұқара өкілдеріне арнап жыл сайын белгілі көлемде нақты орындар қалдырғандығын саралайды.

Бұл жүйені ұйымдастырып, жұмысын алға жүргізу үшін РСФСР-дің ХАК-ты жанынан аз ұлттарға ағартушылық жұмыстарын жүргізу мақсатындағы Комитет (Комнац) арнайы органы құрылғандығы жайлы фактілерді келтіріп, Комнац өзі жұмыс істеген аралықта (1931-1933 жж) шеткергі аймақтардағы халықтар өкілдерінің жоғары және орта оқу орындарында оқуына жағдай жасады. 1931 жылы барлық наркоматтардың жоғары оқу орындары, жұмысшы факультеттері мен техникумдарында аталған ұлттарға 7958 орын тағайындалды. Ал, 1932 жылы 13616 адамға орын бөлінсе, оның 3633 орыны өнеркәсіп үшін, 1313 орын ауыл шаруашылығына бөлінгендігі жайлы мәлімет береді. Ұлттық респуликаларда орта арнаулы және жоғары оқу орындарындарының дамуы негізінде білікті мамандардың пайда болуы - олардың беделді қызметтер атқарып, басшылық орындарға тағайындалуына ықпал етті.

Инженер-техникалық кадрларды Қазақстанда даярлауда КОКП Орталық Комитеті мен КСРО-ның Министрлер Кеңесінің 1963 жыл 9 мамырдағы «Жоғары мен орта білім алуды одан әрі дамыту, мамандарды даярлау және пайдалану шаралары туралы» қаулысының үлкен маңызы болды.

Қаулыда Одақтық үкіметтің республика жоғары оқу орындарына әсіресе, техникалық білім беретіндеріне көмектің артқандығы көрсетілген. Осы қаулыдан кейін 1963 жылы Теміртауда Қарағанды металлургия комбинаты жанынан республикада бірінші рет зауыт-техникалық жоғары оқу орыны ашылды.

1960-шы жылдардың ортасында белгілі ғалым А. Нүсіпбековтың монографиясында да 1930-шы жылдары Ленинград қаласындағы кәсіпорындарда жүздеген қазақ жастарының оқып үйреніп, елге социалистік өнеркәсіптің білімді қызметкерлері, мамандар болып оралғандығын, көпшілігінің шеберлер болып, өз кәсіпорындары жұмысшыларын оқытқандығы жайлы ойлар айтылған.

Кәсіптік-техникалық білім беру рөлінің артқандығын, екінші бесжылдықтың алғашқы жылдары фабрика-завод оқуларының жаңа мектептері мен тау-кен өнеркәсібі техникумдары ашылғандығын баяндайды.

Бұл мектептер мен техникумдардың көпшілігі тау-кен өнеркәсібі, теміржол транспорты, байланыс үшін мамандар даярлағандығын жазады. Теміржол техникумдарының Алматыда, Шымкентте, Қызылордада, Петропавлда ашылып, кәсіби мамандарды дайындау қарқыны артқандығына қарамастан, оларға деген сұраныстың әлі де болса жоғары екендігін ескертеді [264, 192-193 б.]. Кеңестік тарихнамада А. Нүсіпбековтың еңбегінің маңыздылығы сонда, алғашқы бесжылдыққа қарағанда, орталықтарда ғана емес, екінші бесжылдық жылдары республиканың өз ішінде өндірістік-техникалық мамандар даярлайтын оқу орындары жүйесі құрыла бастағандығын айтады.

Жоғары оқу орындарына қабылдағанда студенттердің әлеуметтік жағынан жұмысшы мен шаруалардан шыққандығына көңіл бөлумен қатар, олардың коммунистер мен комсомол болуына да мән берді. Бұл жөнінде 1960-шы жылдары жарық көрген еңбектердің бірінде 1923/1924 оқу жылында техникалық оқу орындарындағы студенттер арасындағы коммунистер мен комсомолдардың 11,4 пайыз, ал 1925 жылы – 24, 5 пайыз құрап отырғандығы жайлы жазады [265, 104 б.]. Автор студенттерді қабылдауда олардың әлеуметтік тегіне мән берілгендігін ашық айтады.

Зерттеуші О.А. Байқоңыров өнеркәсіп инженерлерін Қарағанды тау-кен институты да даярлағандығын, 1958 жылы аталған жоғары оқу орны алғашқы инженерлер тобын Қарағанды көмір бассейні мен басқа да одақтас республикалардың кәсіпорындарына жолдамамен жібергендігін жазады [266, 80 б.]. Ал, 1960-шы жылдары жарық көрген мақаласында Қазақстанда жоғары техникалық мамандар даярлайтын оқу орындары аз болғандықтан, кадрлар сыртта даярланып, орта техникалық оқу орындары жаңадан пайда болғандықтан, Кеңестер Одағының алдыңғы қатарлы аудандарының көмегі өте қажет болып, ең алдымен көмекті орыс халқы бергендін айтады [138, 155-157 б.]. Қазақ жастарының алдыңғы қатарлы аудандардың жоғары оқу орындары мен техникумдары, рабфактарына жіберілгендігін, тек 1926 жылы қазақ жастарының Москвада, Ленинградта, Томскіде, Ташкентте, бір бөлігі Москваның тау-кен академиясы мен жоғары техникалық училищелері, Ленинград политехникалық институты, Томск технологиялық институттарында білім алып жатқандығы жайлы айтады. О.А. Байқоңыров: «1929 жылы Риддерде тау-кен және түсті металлургия өнеркәсібі үшін мамандар даярлайтын кен-металлургиялық техникумы құрылды. 1930 жылы Семей геологиялық барлау және Гурьев мұнай техникумдары жұмыс істей бастады.

Қарағандының КСРО-ның үшінші көмір базасына айналуымен байланысты 1932 жылы көмір өнеркәсібі үшін мамандар даярлайтын тау-кен техникумы құрылды.

Петропавловскіде ет өнеркәсібі, Павлодарда май-сүт, Гурьевте балық өнеркәсібі техникумдары ашылды.

1934 жылы Щучинскіде (алтын өнеркәсібі үшін) мамандар даярлайтын тау-кен техникумы және Шымкентте (тау-кен және түсті металлургия үшін) кен-металлургиялық техникумдары өз жұмыстарын бастады», - деп жазады.

Сондай-ақ, қазақтардың Москва, Ленинград, Орынбор, Ташкент, жұмысшы факультеттерінде білім алғандығы жайлы да жазады. 1926 жылдан бастап Қазақстанның ірі өнеркәсіп орталықтары – Қарсақпайда, Риддерде, Доссорда жұмысшы факультеттеріне дайындайтын курстардың жыл сайын ашылып отырғандығын, ондағы орындардың 80 пайызының қазақтарға бөлінгендігін мәлімдейді [138, 156 б.].

Зерттеуші О. Малыбаевтың мәліметіне сүйенсек, 1931-1932 жылдары Қарағанды бассейнінде жұмысшыларға кәсіби-техникалық білім беретін әр түрлі курстар, екі оқу-өндірістік комбинат, тау-кен техникумы жұмыс істей бастады. 1933-1934 жылдары техникалық оқудың әр түрлі курстарын 9 мыңға жуық адам бітірді. Жұмысшылардың техникалық біліктілігін көтерудің түрлі әдіс-тәсілдері пайдаланылды: бригадалық және жеке оқыту, алдыңғы қатарлы орыс, украин жұмысшыларының қазақ шахтерлерін шефтік көмекке алуы және т.б [133, 234, 239, 241 .]. Осындай жолмен жергілікті халықтың есебінен маманданған кеншілердің санының артуы жүзеге асқандығын саралайды. 1933 жылғы БКП(б) Қазақ Өлкелік комитетінің маңызды шешімдерінде Эмбамұнайда жұмыс істейтін жұмысшылар мен қызметкерлердің жалпы санына шаққанда қазақтардың алатын үлестік салмағы бірінші бесжылдық жылдары 49,5 пайыздан, 72 пайызға артқандығы, маманданған жұмысшылардың арасында 13,2 пайыздан 36 пайызға өскендігін жазады [133, 55 б.].

1932 жылдың басында қазақ жастарынан 25 адамның Днепропетровск тау-кен институтыны оқуға жіберіліп, олардың 5 жыл өткен соң тау-кен инженерлері болып қайта оралғандығы жайлы да мәлімет келтіреді.

Туысқан Украина мен РСФСР жоғары оқу орындарында білім алған қазақ инженерлері қатарында Қарағандыдағы практикалық жұмыстардан көтеріліп, белгілі болған, Қарағанды көмір бассейні тарихымен тығыз байланысты Бахытғали Маулетов, Файзулла Серғазин, Бағымбек Спатаев, Абылқас Сағынов, П. Рахымбеков т.б. атап өтеді.

Б. Маулетов 1939 жылы Донецк индустриалды институтын бітіріп, тау-кен инженері мен электромеханик мамандығын алғандығын айтады. Ол Қарағандыда Киров атындағы шахтаның бас механигінің көмекшісі, сонан кейін ішкі шахта транспортының басшысы, бас энергетик, ірі шахталарда парторг, Сталин және қалалық аудандық партия комитетінің хатшысы, ал 1953 жылдан бастап Қарағанды қалалық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарғандығын мәлімдейді.

Ф.Серғазин 1936 жылы Москва тау-кен институтын бітірген соң, Қарағанды көмір бассейніне келген. Ол мұнда Калинин атындағы шахтаның басшысы, Қарағандыкөмір» тресіне қарасты №6, 7, 8/9, 31 шахталардың инженер-диспетчері, «Федоровский пласт» деп аталатын шахтаның бас инженері, «Қарағандыкөмір» комбинатының ашық жұмыстар Басқармасының бас инженері, «Қарағандыкөмір» тресінің бас инженері, 1950-1952 жылдары Москвадағы Көмір өнеркәсібі Академиясының тыңдаушысы, 1952-1957 жылдары «Ленинуголь» тресінің басқарушысы, ал 1957 жылдан бастап Қарағанды совнархозы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Республика көмір өнеркәсібінің көрнекті өкілдерінің бірі - Бағымбек Спатаев. Ол 1937 жылы Қарағанды тау-кен техникумын бітірген соң, өз тағдырын Қарағанды көмір бассейнімен тығыз байланыстырған. Спатаев №20 шахтаның учаске басшысының көмекшісі қызметінен бастап, Қарағандыкөмір комбинатына қарасты ірі «Кировуголь» тресінің басқарушысы қызметін атқарғандығын жазады. Ол 1955 жылы Днепропетровскідегі жоғары инженерлік курсты аяқтап, жоғары білім алғандығын айтады. О.Малыбаев еңбегінде Коммунистік партияның арқасында қазақ инженер-техникалық интеллигенциясының кадр мәселесі толығынан шешілді деген қорытындыға келеді [133, 124-125 б.]. Әрине, еңбек ресми методология тұрғысында жазылғандықтан, партияның қамқорлық, саясатын көрсету басты міндет болды. Дегенмен, еңбектің өндірістік-техниклық интеллигенцияны даярлау тарихнамасында алар орны өзгеше.

Өндірістік-техникалық интеллигенцияның қалыптасуында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жоғары мектепте білім беру саласының дамуы тарихы маңызды орын алады. Отандық тарихты зерттеушілердің біразы осы кезеңді зерттеуде біраз табыстарға жетті.1950-ші жылдардың соңында ғалым Ғ. Әбішев соғыс жылдарында Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары Кен-металлургия және ауылшаруашылық институттары, Мемлекеттік университет пен медицина институты өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы мен халық шаруашылығының басқа да салалары үшін үш мыңнан астам білікті мамандарды даярлап шығарғандығын, кеңестік интеллигенция қатары осылайша жас мамандармен толыққандығын саралайды [267, 102 б.].

Ұлы Отан соғысы жылдары өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын даярлау мәселесі М.Қ. Қозыбаевтың монографияларында талданады. Онда соғыс басталған алғашқы жылдары партия ұйымдарының жаңа кадрларды оқытып, тәрбиелеуге уақыты жетпегендігін көрсетеді. Тәжірибесі аз, алғашқы сыннан өте алмағандар жаңа кадрлармен ауыстырылғанын, кейде адамдардың механикалық ауыстырылуы сәтсіз жоғарылатуларға әкелгендігін ашады. Соғыстың аяқталар кезеңінде кадр мәселесі тұрақтанып, өндіріс командирін жоспарлы оқыту мен тәрбиелеудің басталғандығын көрсетеді.

Ауылшаруашылығын жоғары және орта маманданған кадрлармен қамтамасыз етудегі ауыр жағдайы ашылған. Ғалым 1943 жылы 6 тамызда Қазақстан Орталық Комитетінің Коммунистік партиясы соғыстың алғашқы жылдары жабылып қалған екі зоотехникалық-ветеринарлық техникумдарды қалыпқа келтіргенін жазады. Бірақ мұның республика колхоз-совхоздардағы мамандарға деген сұранысты өзгерте алмағандығын айтады. Мұрағаттық материалдарды пайдалана отырып, республика колхоз-созхоздардарын жоғары және орта арнаулы білімді мамандармен қамтамасыз ету - соғыстың аяқталар кезеңінде бар жоғы 34% құрағандығын жазады. Егін шаруашылығы Наркоматы бойынша 1946 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш бойынша механик мамандармен қамтамасыз ету - 15,4%, құрылысшылармен - 11,3%, зоотехниктермен – 60,3%, ветдәрігерлермен - 56%, агрономдармен – 40,7% болғандығына назар аударады [268, 220-221 б.].

1960-шы жылдардың басында зерттеуші В.Я. Басин Қазақстан өнеркәсібін соғыс жылдары мамандармен қамтамасыз ету көбіне РСФР-дің жоғары оқу орындары мен басқа одақтас республикалардың оқу орындарын бітірген мамандармен толықтырылды деген пікір білдірді. Мамандардың аз бөлігі 1934 жылы ашылған Алматыдағы Тау-кен институты мен техникумдарда даярланды деген мәлімет келтіреді. Бұл жөнінде В.Я. Басин «Соғысқа дейін Қазақстанның ауыр өнеркәсіп орындарын инженер-техник қызметкерлермен толықтыру қандай көлемде қанағаттандырылғанмен, ол кезеңде де жоғары және орта арнаулы білімі бар, оның ішінде жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан мамандардың жетіспегендігін айтады» [269, 85-86 б.]. Ғалым В.Я. Басиннің мәліметі бойынша Қазақстан ауыр өнеркәсібін мамандармен толықтыру оқу орындары арқылы жүргізілген. 1942 жылы Қазақстанда 30 жоғары оқу орны мен 100 техникум жұмыс істеді.

Соғыс жағдайына байланысты, үлкен қиындықтардың туындағандығына қарамастан, оқу орындарының дұрыс жұмыс істеуіне мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалғандығын атап өтеді. Ауыр 1942 жылдың өзінде республиканың жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 30 мың адам оқығандығы жайлы «Казахстанская правда» газетінің 1942 жылғы 5-ші қарашадағы номерінде жазылған мәліметтерді келтіреді. Зерттеуші В.Я. Басин «Жоғары оқу орындары мен техникумдардың жұмысы соғыс жағдайына сай құрылды. Оқытушылар мен студенттер оқуды өнеркәсіп орындарына практикалық көмек көрсетумен ұластырды.

Қазақстанның ауыр өнеркәсібі үшін мамандар даярлауда республикаға эвакуацияланған жоғары оқу орындары, атап айтқанда Ленинградтың байланыс инженерлері институты, Москваның түсті металдар мен алтын институты, Москваның С. Орджоникидзе атындағы авиациялық институты және т.б.үлкен рөл атқарды.

Көптеген оқу орындарына студенттердің жоспарлы студенттер қабылдауына рұқсат берді. Мысалы, 1942 жылы республиканың жоғары оқу орындарына 3425 адам қабылданды. Тек Қазақ тау-кен институты (қазіргі политехникалық институт) 1940-1945 жылдары 682 инженер даярласа, оның 79- қазақтар»,- деп атап көрсетеді [269, 88-89 б.]. Демек соғыс жылдары да ұлттық мамандарды даярлауға мемлекет тарапынан дұрыс көңіл бөлінбегендігін айқын аңғаруға болады. Әрине, оның көптеген себептері болғанымен, ең бастысы жоғары оқу орындарында оқу үдерісі орыс тілінде жүргендіктен, ауылдан қазақ мектептерін бітіріп келгендерге орыс тілінде оқу қиындықтар әкелді.

Автор соғыс жылдары бұрыннан бар орта техникалық оқу орындары мен жаңа ашылғандарының да жұмыстарын жалғастырғандығын баяндайды. Алматыға қатынас жолдары Халық комиссариатына қатысты Дағыстан механикалық техникумының 1944 жылы наурызда эвакуациялануына байланысты, Алматы теміржол техникумы құрылғандығын хабарлайды. Техникумның теміржол транспорты үшін мамандар даярлайтындығы жөнінде мәлімет береді.

Мамандарды даярлау мен оларды бөлу жұмыстарын жақсарту мақсатында, Қазақстан КП(б) Орталық Комитеті жанынан кадрларды даярлау және бөлу секторы құрылғандығын айтады. Соғыс жылдарындағы жоғары оқу орындарында өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын даярлау тарихнамасындағы кейбір концептуалды пікірлер В.Я. Басин еңбегі мен Ш.Ю. Тастанов пен Г. Шибанов еңбектерінде үндесіп жатқандығын аңғаруға болады. Ш.Ю. Тастанов пен Г. Шибановтың пайымдауынша, эвакуацияланған оқу орындарынның профессор оқытушылар мен студенттердің институттарға қабылдануына байланысты олардың құрамында үлкен өзгерістер болған [225, 36-37 б.]. Авторлар Москваның түсті металдар мен алтын институтының келуімен байланысты Қазақ мемлекеттік тау-кен институтының ішкі құрылымындағы кейбір елеулі өзгерістер жайлы жазады. 1941 жылдың соңында төртінші технологиялық факультеттің – «түсті металдар мен қорытудың технологиясы», «түсті металдардың өндіріс экономикасы» мамандықтары бойынша кадрлар даярлай бастағандығын мәлімдейді.

1942/43 оқу жылында бесінші мұнай факультетінің құрылғандығын айта келіп, онда «мұнай өндірісі істері», «мұнай орындарының геологиясы» екі мамандықтары бойынша даярлайтындығын көрсетті. Бірақ сол уақытта мұнай орындарының геологиясы мен эксплуатациялау мамандықтары бойынша маманданған ғылыми-педагогикалық кадрлардың жетіспеуіне байланысты, бірде-бір бітірушіні аяқтата алмастан, 1945/46 оқу жылында жабылғандығын баяндайды. Студенттердің бір бөлігі Грозный мұнай институтына жіберіліп, ал қалғандары Қазақ тау-кен институтының басқа факультеттеріне ауысқандығын айтады.

Авторлар соғыс кезеңінің ауыр қиындығына, материалдық базасының төмендігіне, бөлінген қаржының аздығына қарамастан, оқытушы-профессорлар мен студенттер контингентінің едәуір өскендігін, институт ұжымының мамандар даярлауда алдына қойған міндеттерді шешуде белгілі табыстарға жеткендігін талдады.

1942 жылы инженер-маркшейдерлердің бірінші түлектері бітірсе, оларды даярлау 1938 жылы тау-кен факультетінде алғаш рет басталған еді. Сонымен қатар, 1942/43 жылдары 55 байытушы-инженерлер, түсті металдар өндірісі мен қорытудың экономистері және технологтары даярланып шыққандығын баяндайды [225, 38 б.].

Ш.Ю. Тастанов, Ц. Розенберг зерттеу еңбектерінің бірінде соғыстан кейін майданнан қайтқан студенттерді стипендиялармен, тамақпен, жатақханамен қамтамасыз етіп, ерекше мұқтаждарына материалдық көмек көрсетіп, паек берілгендігін дәйектейді. Қазақ тау-кен институтына бұл жылы 135 майдангер қабылданды деп жазады [270, 82, 15 б.].

Жоғары мектеп тарихын зерттеуде Ә.І. Сембаевтың 1967 жылы жарық көрген «Қазақ совет мектебінің тарихы» еңбегі ерекше орын алады. Автор Отанымыздың ғылыми-техникалық өркендеу қарқыны жас мамандарды кәсіби оқу орындарында теориялық-практикалық жағынан дайындаудың сапасын одан әрі жақсарта беруді талап ететіндігін айтады. Соғыс болып жатқан қиын жылдарда да Коммунистік партия Қазақстанда жоғары білімді дамыту жөніндегі орасан зор жұмысын тоқтатқан жоқ екендігін дәлелдейді.

Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқытудың және ғылыми жұмыстардың сапасын арттыруда РСФСР-де, Украина мен Белоруссиядан эвакуациямен келген ғалымдар мен педагогтардың көп жәрдемі тигендігін алға тартады.

Соғыстан кейінгі жылдары жергілікті халықтан жоғары білімді мамандар даярлау ісінде ССР Министрлер Советінің 1947 жылғы 16 ноябрьдегі «Қазақ ССР-інде жоғары және орта білім беруді одан әрі дамыту шаралары жайындағы» және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1958 жылғы 18 марттағы «Жоғары білім беруді дамыту жайындағы» қаулысының маңызы зор болды. Бұл қаулылар жоғары оқу орындарының бұрынғысынан да күшті қарқынмен өсуіне себепші болды.

Ә.І. Сембаев мол тарихи фактілердің негізінде Қазақстанда жаңадан 17 жоғары оқу орны ашылғандығын, жоғары оқу орындарының саны 41-ге жеткендігін айтады. Бұл оқу орындары мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлер, агрономдар, зоотехниктер, мал дәрігерлерін, мелиораторлар тағы басқа да мамандар, барлығы 92 түрлі мамандық бойынша кадрлар дайындаған, Қазақстанның жоғары оқу орындарында 163 мың студент оқыды. Бұл санға сырттан оқитындар да енетіндігі жайлы мәліметтер келтіреді.

Ә.І. Сембаев қазақ жастарынан жоғары білікті мамандар дайындауда Қазақстанға Москваның, Ленинградтың, Свердловскінің, Горькийдің, еліміздің өзге де қалаларындағы жоғары оқу орындары көмектесіп отырғандығын көрсетеді. Бұл қалаларға жыл сайын 550-600 абитуриент барып, жоғары оқу орындарына конкурстан тыс түсіп, оны бітіргеннен кейін туған республикасына қайтып оралады» деп негіздейді. 1960-1961 оқу жылында республиканың техникалық оқу орындарына қабылданғандардың 80 пайызының екі жылдық жұмыс тәжірибесі бар еді [271, 144 б.]. Әрине, еңбек кеңестік кезеңде жазылғандықтан, автор партияның рөлін көрсетуге мән беріп, халықтардың ұлы достық көмегін көрсетуге тырысқанымын, ұлттық мамандарды дайындау мәселесі назардан тыс қалғандығы айқын аңғарылады [271, 373-374 б.].

1960-шы жылдары Қазақстанның өзі еліміздің басқа аудандарына инженер-кеншілер, энергетиктер, геологтар, металлургтерді жолдамамен жібере бастағанымен, халық шаруашылығының маңызды салаларына әлі де болса басқа одақтас республикалардан қажетті мамандарға деген сұраныстың бар екендігі жайлы жазылды [272, 273, 167-168 б.].

Ш.Ю. Тастановтың кейін жарық көрген монографиясының соғыс жылдарындағы өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын даярлау тарихнамасында алатын өзіндік орны бар. Майданға мыңдаған студенттер мен оқытушылардың аттанғандығын, 1942 жылдың қазанында жоғары оқу орындарының саны 800-ден 460-қа қысқарғандығын айтады. Техникалық жоғары оқу орындарының төрттен үш бөлігінің жау басып алған аймақта немесе соғыс қаупі бар территорияда қалғандығына қынжылыс білдіреді. Эвакуациялаудың нәтижесінде олардың бірқатарын сақтауға мүмкіндік болғандығын саралайды [151, 98 б.].

Ш.Ю. Тастанов келесі бір зерттеу еңбегінде КСРО халық шаруашылығының жоғары кәсіби мамандарға деген сұранысын жоғары оқу орындары 16,5 пайызға ғана қанағаттандырып отырғандығын жазады [273, 108 б.]. Ал, кейінірек автор алтыншы бесжылдықтан бастап, республикаға қажетті инженер мамандардың негізгі бөлігі Қазақстандағы жоғары оқу орындарында даярлана бастағандығын дәйектеуге тырысты [151, 107 б.].

Автордың соғыс жылдары жоғары оқу орындарының профессор– оқытушылар құрамы мен студенттердің тұрмыс және еңбек жағдайларының біраз қиындағандығын, оқытушылардың орташа сөткелік жүктемесі 12-16 сағатқа, студенттердің апталық жүктемелері 42-45 сағатқа жеткендігі жөніндегі мәліметтерін білдік. Себебі соғыс кезеңінің талабы солай еді. Ғалымның көзқарасы бойынша Ұлы Отан соғысы жылдары республикада интеллигенция кадрларын даярлау ұлғайды. Бұл үдерістің жүзеге асуы КСРО-ның европалық бөлігінен қоныс аударған оқу орындарының Қазақстаның орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарымен арадағы ынтымақтастығы мен өзара көмегінің арқасында жүзеге асты деп есептейді. Біз де автордың бұл көзқарасымен келісеміз. Ш.Ю. Тастанов кейінірек жазған монографиясында:

«Кеңес халқына гитлеризммен байланысты болған соғыс елдің барлық халық шаруашылығына, соның ішінде жоғары және орта арнаулы білім беру жүйесіне де зор ауыртпалық әкелді. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарының және онда оқитындардың саны күрт қысқарды. Бұл қиындықтар барлық кеңес халқының үлкен күш-жігерінің, Коммунистік партияның ұйымдастырушылық, басшылық рөлі арқасында жеңе білді және кеңестік жоғары мектеп те өзінің басына түскен ауыртпалықты абыроймен көтере білді.

Мамандарды соғыс жылдары даярлау мәселесі негізінен территориясы соғыс әрекеттерінен тыс аймақта орналасқан республикалардың жоғары және орта арнаулы оқу орындары арқылы шешілді. Олардың арасында Орта Азия республикалары мен Қазақстан маңызды орын алғандығын айту керек. Бұл мәселені шешуде осы аймақтарға Ресей Федеративтік, Украина, Белоруссия, Молдавия, Прибалтика республикаларының батыс аудандарынан эвакуацияланған жоғары және орта арнаулы оқу орындары елеулі көмек көрсетті», - деп өз ойын түйіндей түседі [151, 109 б.]. Автор мамандарды даярлауға географиялық факторлардың әсер еткендігін де байқайды.

Соғыстан кейінгі екі бесжылдық жылдары интеллигенция кадрларын даярлауда диспропорция сақталғандығына қынжылыс білдіреді. Әсіресе, машина жасау, химия-технология, орман және тамақ өнеркәсібі тағы басқа техникалық жоғары оқу орындарына қабылдаудың аз болғандығын, алайда аталған мамандық салалары бойынша инженер кадрларға деген сұраныстың жоғары екендігін, тіптен инженерлер мен техниктерді даярлауда диспропорция сақталып отырғандығын ескертеді. Оның есесіне гуманитарлық бағыттағы жоғары оқу орындары жүйесінің есепсіз артқандығын жазады [151, 104-105 б.].

Сондықтан мамандарды даярлаудағы кемшіліктерді, қателіктерді жою үшін көптеген практикалық шаралардың қажет болғандығын айтады. Автордың пайымдауынша, сондай шаралардың бірі өндірістегі үлкен практикалық еңбек өтілі барлардан жеделдету жолымен инженер мамандарды даярлауды енгізуде екендігін аңғарды. Сондықтан оның еліміздің тау-кен, политехникалық, инженерлік-құрылыс, транспорт, ауылшаруашылығы және тағы басқа оқу орындарында кеңінен қолданғандығын айта келіп, көптеген жұмыс орындары бойынша студенттердің орта жалақысы сақталғандығын саралайды.

Еңбекте кеңестік мемлекеттің жоғары оқу орындарында мамандар даярлауға байланысты ұстанған саясаты көрсетіледі. Тарихнамада мамандарды даярлау ресми методология төңірегінен шыға алмады. Ш.Ю. Тастанов еңбегінің өзектілігі - республика жоғары оқу орындарында маман кадрларды даярлауды жетілдіру жолдарын ұсынуы. Автор жоғары және орта арнаулы оқу орындарында инженер-техникалық кадрлар даярлауға ерекше мән берген [151].

А.Қ. Құсаиновтың кандидаттық диссертациясында соғыстан кейінгі жылдары өнеркәсіп және құрылысқа кадрлар даярлау орталық оқу орындарында жүзеге асып, жыл өткен сайын оның саны артып отырғандығы жайлы пікірін білдіреді [273].

Мемлекет тарапынан ауылшаруашылығы үшін өндірістік-техникалық мамандар даярлауға көңіл бөлініп, 1957 жылы 3 қазанда КСРО Министрлер Кеңесінің Ақмола қаласында ауылшаруашылық институтын ашу туралы арнайы қаулысы шығып, онда 1958 жылы Ақмолада ауылшаруашылық институтын ашып: агрономия, ауыл шарашылығын механизациялау мен жерге орналастыру факультеттерін ұйымдастыру керектігі көрсетілді [274, 226 б.].

Осындай шараларды жүзеге асыру нәтижесінде респубиликада жетінші бесжылдық жылдары жоғары оқу орындарының саны едәуір артқандығын, ал кейбірінде жоғары білікті мамандар даярлаудың аясы кеңейгендігін зерттеуші Б. Н. Әбішева өз еңбегінде атап көрсеткен. Ол 1959 жылдан бастап машина жасау өнеркәсібінің техногиясы жөніндегі инженерлер даярлана басталғандығын да саралайды. Павлодарда Индустриалдық институтының ашылғандығын айтады. Автордың пікірі бойынша, өндірістен қол үзбей мамандар даярлаудың жетілдіріліп, кеңейгендігін 1959/1960 оқу жылында республиканың 21 жоғары оқу орындарында сырттай оқыту және 6 кешкі бөлімдері ашылғаны айғақтап тұр [275, 113-115 б.].

Қазақстанның техникалық жоғары оқу орындарындағы студенттердің сапалық құрамын жақсартуға КСРО-ның Министрлер Кеңесінің 1959 жылы 18 қыркүйектегі «Өнеркәсіптік кәсіпорындар, совхоздар мен колхоздардың өздеріне мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары мен техникумдарын жабдықтау туралы» қаулысының зор маңызы болды. Қаулыда мамандар даярлаудың сапасын одан әрі арттыру үшін өнеркәсіптік кәсіпорындарда, құрылыста, колхоздар мен совхоздарда еңбек етіп жүрген жастарды жоғары оқу орындары мен техникумдарға жолдамамен жіберу қажеттігі атап өтілген. Сондықтан қаулының дереккөзі ретінде берер мәліметі көп. Осы қаулыға сәйкес оқуға жіберілетін жастардың кандидатурасы өндірістік кеңестерде, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен колхозшылар жиналыстарында, қоғамдық ұйымдарда кеңінен талқылауға тиісті болды және олардың 2 жылдық өндірістік өтілі болу міндетті болды. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарын осы қаулы бойынша бітірген мамандар міндетті түрде үш жылдан кем емес уақыт өздерін оқуға жіберген кәсіпорындарда жұмыс істеу көрсетілген [276, 87 б.].

Кәсіпорындар жоғары оқу орындары, техникумдардарға өндірістің алдыңғы қатарлы даярланған қабілетті екпінділерді жолдамалармен жіберуге мүмкіндік алып, олар оқуды аяқтаған соң, өз кәсіпорындарына қайта бару арқылы мамандар қатары толыққандығы да Б.Н. Әбішева еңбегінде зерделенген [275, 115 б.].

Өндіріс озаттарын таңдап және жолдамамен жоғары оқу орындары мен техникумдарға жіберу жұмысшылар жиналысы мен өндірістік кеңестерде кандидатуралары кең талқылауға салынып қоғамдық ұйымдар арқылы жүзеге асқандығы сараланған. Үлгеруші, оқуға жіберілген студенттерге кәсіпорындар степендиялар төлеп отырғандығын жазады. Автор завод және фабрика ұжымдарының орта арнаулы және жоғары оқу орындарына іріктеп жинақтауға қатысуы, мамандарды даярлаудың сапасын арттыруға және кәсіпорындарды техниктермен және инженерлермен жоспарлы түрде қамтамасыз етуге ықпал етті деп пайымдайды [275, 116 б.].

Қарастырылып отырған мәселе төңірегіндегі еңбегінде зерттеуші А.Г. Сармурзин өндіріс орындарында жұмысшыларды жолдамамен жоғары оқу орындарына жіберу кеңінен тарағандығын оның ішінде Балқаш тау-кен металлургия комбинаты жоғары оқу орындары мен техникумдарға 1960 жылы 17, 1961 жылы 40 адам жіберді деген мәлімет береді [277, 172 б.].

1970 жылы жарық көрген Н.Н. Дауылбаев еңбегінде де республикада 1930-шы 40 техникумдар, 2 втуз ашылғанымен, жетпейтін техникалық кадрлардың санын толықтыру үшін басқа республикалардан Қазақстанға оқу орындарын аяқтаған соң келуі жөнінде 1266 адаммен келісімге қол қойылып, бекітілгендігі жайлы фактілерді ұсынады. Техникалық кадрларды сырттан шақыру жолымен толықтырғандығын жазады. Ең алдымен қазақтардан шыққан техникалық интеллигенция жетіспейтіндігін ескерткенімен, олардың санын арттырып, дамыту жолдарына терең мән бермеді [278, 174-175 б.].

Үшінші көмір базасы болып есептелетін Қарағандыны техникалық кадрлармен қамтамасыз етудің күрделілігін экономикалық факторлардан іздей отырып, өлкенің мәдени-экономикалық артта қалуын материалдық-техникалық жағдайдың болмауынан көреді.

Осындай қиыншылықтарға қарамастын, КСРО-ның үшінші көмір базасы үшін инженер-техникалық кадрларды даярлаудың бағдарламасы анықталғандығын ұсынады, оның қайнар көздерін атап көрсетеді:

1 Инженер-техникалық кадрларды даярлауды Қазақ ССР-де, оның ішінде Қарағандыдағы кәсіби-техникалық, орта, жоғары оқу орындарында ұйымдастыру.

2 Қарағанды шахталары мен құрылыстарын инженерлермен және басшы кадрлармен қамтамасыз етуді басқа туысқан республикалардың орта және жоғары оқу орындарын бітіргендерді жіберу, сонымен қатар еліміздің бұрынғы өнеркәсіп аудандарының инженер-техникалық және әкімшілік-шаруашылық қызметкерлерінің өз еріктерімен келу жолдары арқылы қамтамасыз ету.

3 Жергілікті кадрларды қысқа мерзімді курстар мен инженерлер мен техниктердің және әкімшілік-шаруашылық қызметкерлерінің мамандығын жетілдіру курстарында даярлау жолдары арқылы жоғарылатып және өсіру.

1931 жылы «Қарағандыкөмір» тресі коммунистік партияның нұсқауын орындау мақсатында 122 оқушысы бар тау-кен техникумын ұйымдастырып, Қарағанды шахталары үшін орта техникалық кадрларды даярлауда үлкен рөл атқарғандығын саралайды. Мұрағат құжаттарының негізінде студенттерді техникумға оқуға тартуда облыс аудандарындағы жеті жылдық мектептердің Ү-ҮІІ сыныптарын бітірген қазақ жастарын тарту жолы арқылы жүзеге асқандығын қарастырады. Техникумның жұмыс барысында үлкен қиындықтардың орын алғандығын оқу-материалдық базасының болмауы, сабақ өткізетін орындар мен жатақхананың, тұрақты оқытушылар құрамының болмауы, алғашқы екі жылда мамандардың болмауына байланысты арнайы техникалық пәндердің оқытылмауы сияқты объективті себептерді айқындайды [278, 194-195 б.].

Зерттеуші Н.Н. Дауылбаевтың монографиясы Қарағанды көмір бассейнінің тарихын зерттеуге арналғандықтан, өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын осы сала үшін даярлаудың әр қырларын зерттеп, экономикалық факторға сүйенеді.

Аталған және басқа зерттеулерде Қазақстан территориясында пайда болған өндіріс ошақтары жайлы жазылды. Соған байланысты ондағы еңбек етіп жатқан жұмысшылар, инженер-техникалық интеллигенция мамандары жайлы фактілер берілді. Жоғарыда талдау жасалған еңбектер өзінің мазмұны, құрылымы жағынан орталықтағы әріптестерінің еңбектеріне ұқсас келді. Мұрағат құжаттарын сұрыптай отырып, зерттеушілер еңбектерінде марксистік-лениндік методологияны негізге алды.

Қазақстан жоғарғы мектептерінің тарихы мен оның ішінде техникалық интеллигенция мамандарын даярлау мәселелері Х. Арыстанбеков, К.Ж. Жаманбаев, К.Д. Жоламанов, Т. Катаев еңбектерінде сараланған [279].

Ауылшаруашылығы үшін өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын даярлау мәдени революциямен тығыз байланысты болды. Сондықтан бұл мәселе зерттеушілерді қызықтырды. Осы мәселе Х. Арыстанбековтың еңбегінде орын алған. Ол кеңес өкіметі орнағаннан кейін бірде-бір ауылшаруашылығы жоғары оқу орындарының болмағандығын, тек 1930 жылы алғашқы Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылығы институты ашылғандығын негіздеді. Осыдан бастап, республиканың ауыл шаруашылығы жоғары білімді мамандармен толыға бастады. Кейін ауыл шаруашылығының дамуына, миллиондаған тың және тыңайған жерлердің игерілуіне және ауылшаруашылық жұмыстарының механизациялануы мен электрлендірілуіне байланысты ауыл шаруашылығы үшін сан жағынан көп мамандарды қажет етті. Сондықтан осыған байланысты 1958 жылы Целиноград, 1963 жылы Батыс-Қазақстан ауылшаруашылығы институттары ашылғандығын жазады. Ал, 1962 жылы Қазақ ауылшаруашылығы институтының гидромелиоративтік факультетінің негізінде Жамбылда гидромелиоративтік құрылыс институты ұйымдастырылғандығын айтады [280, 2-3 б.]. Институттардың зоотехниктер мен ауылшаруашылығына қажетті экономистер мен инженер-механиктерді даярлауда қосқан үлесіне назар аударады. Бірақ еңбек жалпы көпшілікке арналып жазылғандықтан ұлттық мамандарды даярлау мен оны жетілдірудің нақты жолдары көрсетілмеген. Соған қарамастан еңбектің тарихнамада алар өзіндік орны ерекше.

К.Ж. Жаманбаевтың еңбегі Қазақстандағы жоғары мектептердің тарихын зерттеуге айтулы үлес қосты. Ол еңбекшілерді жоғары оқу орындарында оқуға даярлау үшін дайындық курстары мен жұмысшы факультеттерінің (рабфактардың) ұйымдастырылғандығын деректермен дәлелдеді [281, 23 б.]. Рабфактардың құрылуына байланысты жоғары оқу орындарына жұмысшы-шаруа жастарының қабылдануына мүмкіндік артқанын ғылыми жағынан талдады. Алғашқы кезеңде республика үшін мамандар Москваның, Ленинградтың, Омбы, Саратов, Томск, Самара мен Ресейдің басқа қалаларындағы жоғары оқу орындарында даярланғандығын саралай отырып, жергілікті ұлт өкілдерінен жоғары оқу орындарына студенттерді жолдамамен жіберу мәселесі еңбекшілер мен партия мен комсомол жиналыстарында бірауыздан шешіліп отырғандығын пайымдайды [281, 26-27 б.].

Зерттеуші БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің 1929 жылғы қаңтардағы «Қазақстан студенттеріне» арнап жазған жолдауында «Жаңа инженер, техник, агроном, педагогтарды өсірмейінше, сонымен бірге олардың өнеркәсіп, транспорт, ауыл шаруашылығындағы олардың үлестік салмағын арттырмайынша, біз өзіміздің халық шаруашылығын қалыпқа келтіре алмаймыз. Бізге халық шаруашылығын шындығында ұйымдастыра алатын кадрлар, кеңестік және партия шешімдерін социалистік құрылыстың барлық барлық салаларында дұрыс жүргізе алатын маркстік-интернационалистік кадрлар, Қазақстандағы жұмыстар барысында кездесетін барлық қиындықтарды жеңе білетін кадрлар керектігін тілге тиек етеді [281, 35 б.]. Коммунистік партияның ұжымдастыруға байланысты, алғашқы жоспарда ауылшаруашылығы өндірісі үшін мамандар даярлау мәселесін қойғандығын зерделейді. Еңбекте кеңестік кезең тарихына арналғандықтан, сол уақыт талабына сәйкес, партияның басшылық рөліне мән берілген. Зерттеуші еңбегінде 1930 жылы қазанда Алматы ауыл шаруашылығы техникумының негізінде Талғарда ауылшаруашылығы институтының ашылғандығын оның іргетасының қалануы республиканың онжылдық мерейтойымен сәйкес келгендіктен, ол «Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылығы институты» деп аталғандығын, оның алғашқы ұйымдастырушысы мен директоры Ораз Жандосов екендігі жөнінде бүгінге дейін беймәлім болып келген деректерді ұсынады [281, 38 б.].

К.Ж. Жаманбаев зерттеуінде жоғарғы мектепте мамандар даярлауда оқуды өндірістік практикамен ұштастыру мақсатында, студенттердің өндіріс орындарына барып тәжірибе алмасуына көңіл бөлген. Еңбегінің басқа зерттеулерге қарағанда айырмашылығы, жоғарғы мектеп тарихында өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын даярлауды жүйелі түрде зерттеп, мұрағат құжаттарының негізінде жаңаша саралаған. Еңбек 1970 жылдардың басында жарық көргендіктен, инженерді даярлауда сол кезеңдегі экономикалық негізгі міндеттерді орындауға байланысты, нақты экономика мен өндірісті ұйымдастырудың мәселелеріне сәйкес даярланғандығын көтере білді. Осы орайда, Қарағанды политехникалық институтында тау-кен өнеркәсібі экономикасы мен ұйымдастыру, энергетика, металлургия мамандықтары бойынша топтардың артқандығын көрсете білді [281, 108 б.].

ХХ съезден кейін өндірістен қол үзбей кадрлар даярлауға кең жол ашылғандығын белгілі. Осы тұрғыда К.Ж. Жаманбаев 1957 жылы жоғарғы оқу орындарының бір кешкі және 15 сырттай бөлімдері мен консультациялық пункттерінде 22 мыңнан астам студенттердің білім алғандығын мәлімдейді. Ал, келесі жылдары Шымкент, Теміртау, Семей, Павлодар қалаларында бүкілодақтық сырттай оқытатын инженер-құрылыс институтының оқу-консультациялық пункттерінің ұйымдастырылғандын айтады.

Автор Жамбыл қаласында Қазақ химия-технологиялық институтының кешкі оқыту бөлімі филиалы, Теміртау қаласында Қарағанды политехникалық институтының металлургия, химия технологиясы және құрылыс мамандарын өндірістен қол үзбей даярлайтын кешкі бөлімдерінің ашылғандығы жөнінде деректерді ғылыми айналымға енгізді [281, 111 б.].

Алайда мұндай оқыту жүйелерінің өзіндік кемшіліктері бар екендігін көрсетеді. Негізгісі күнделіктерге ғана басты көңіл бөлініп, сырттай, кешкі оқыту жүйесінің мерзімі үнемі өзгертіліп отырғандығына қынжылыс білдіреді. Еңбек кеңестік кезеңде маркстік методология тұрғысында жазылып, барлық одақтас республикаларда жоғарғы мектептердің дамуына коммунистік партия бағыттап, қамқорлық көрсетіп отырды деген көзқарасын білдіреді [281, 120-121 б.]. Өз кезеңі үшін бұл дұрыс көзқарас болып есептелгенімен, тарихнамада интеллектуалдық-ғылыми пайымдаулар өз кезеңіндегі зерттеу стандарттарына сәйкес орындалды.

Автор 1959 жылдан Қарағанды политехникалық институтында машина құрылысы өнеркәсібінің технологиясы бойынша инженерлер даярлайтын, Павлодарда индустриалдық институттың ұйымдастырылғандығын, Қазақ политехникалық, Қарағанды политехникалық, Қазақ химия-технологиялық, Павлодар индустриалдық институтының, Өскемен жол-құрылыс институттарының оқу корпустарының құрылыстары жүргізілгендігін жазады [281, 124 б.].

1964 жылы 12 тамызда КСРО жоғарғы және орта арнаулы білім беру Министрлігінде «Қазақ КСР-да жоғары және орта арнаулы техникалық білім беру жөнінде» мәселе қаралды. Онда Қазақстанда инженерлер даярлаудың белгілі бір табыстарға жеткендігі атап өтілді.

К.Ж. Жаманбаев жоғары оқу орындарын комплектілеуде 1959 жылы 18 қыркүйектегі КСРО Министрлер Кеңесінің «Өнеркәсіп орындарының, совхоздардың, колхоздардың өз кәсіпорындары үшін жоғары оқу орындары мен техникумдарда мамандарды комплектілеу мен даярлауға қатысуы жөнінде» қаулыға сәйкес, 1960 жылдан бастап, жоғары оқу орындары мен техникумдардың бірінші курстарына студенттер қабылдау өнеркәсіп орындары, құрылыс, совхоз, колхоздардың лайықты дайындығы бар жұмысшы жастарын жіберу есебінен бекітілгендігін айтады. Бұл мамандар даярлауда өнеркәсіп пен совхоздардың моральдық жауапкершілігін арттырды деп есептейді [281, 127-128 б.]. Оқуға жолдамамен барғандар, қаулыға сәйкес, өнеркәсіп есебінен жоғары степендия алып, жоғары оқу орындары мен техникумдарды аяқтаған соң, мамандар өздерін оқуға жіберген кәсіпорындарға қайта оралды. Көбінесе еңбек озаттарын, өндірісте жұмыс істеп жатқан жастардың оқуға түсуіне қамқорлық жасалды. Автор осыған сәйкес жұмысшы жастарға арнап дайындық курстарының ұйымдастырылғандығына да мән береді [281, 128 б.].

Қазақстан жоғарғы мектебінің сегізінші бесжылдықта (1966-1970 жж.) дамуы» деп аталатын тарауында автор жоғары техникалық білім беретін оқу орындарында оқу әдістемелік, ғылыми-зерттеу және саяси-тәрбие жұмыстарында еңбекті ғылыми түрде ұйымдастыру элементтерінің қолданылып отырғандығын, шалғай ауылдарда тұратын жастарға арнап, Қазақстан КП ОК-ті мен Министрлер Кеңесінің 1967 жылғы қаулысына сәйкес, жоғары оқу орындарына конкурстан тыс қабылдау бекітілгендігін де пайымдайды [281, 148-149 б.].

Жоғары мектеп тарихын зерттеуші ғалымдардың бірі Қ.Д. Жоламанов орталық жоғары оқу орындарының тек мамандарды даярлауда ғана емес, келешекте жоғары оқу орындары оқу үрдісін ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен әдістемелік жұмыстарды жолға қоюда көмек көрсеткендігін алғаш рет талдады [282, 42 б.]. Қ.Д. Жоламанов 1966-1975 жж. аралығында ғана біздің жоғары оқу орындарында арнайы шақыртумен Москва, Ленинград, Новосібір т. б. қалалардың жоғары оқу орындарынан 737 көрнекті ғалымдар келгендігін жазады. Олардың қатарында Москва жеңіл өнеркәсіп технологиялық институтының ректоры, профессор И.П. Страховтың Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында, Москва болат және қорытпа институтының ректоры, профессор П.Н. Полухин – Қазақ политехникалық институтында, Москва инженерлік-құрылыс институтының профессоры П.К. Претещенский – Павлодар индустриалдық институттарында болғандығы жайлы мәліметтер береді. К.Д. Жоламановтың еңбегі де мамандарды даярлап жоспарлауды жетілдіруде партияның басшылық рөл атқарғандығына ерекше көңіл бөлген. Онда көптеген негізгі факторлардың есепке алынғандығын, яғни республикадағы халық шаруашылығының дамуы мен өндірістік күштердің орналасуы; күндізгі, кешкі, сырттай оқытудың салыстырмалы түрлері арасында, жоғары білімді мамандарды даярлауда оқытудың басты түрі болып есептелетін күндізгі бөлімді дамыту қажеттілігі атап өтілді [282, 65 б.].

Зерттеуші К.Д. Жоламанов пен К.Ж. Жаманбаевтың кейбір пікірлерінің арасында үндестік бар. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарына шеткері аймақтарда тұратын жастардың конкурстан тыс қабылдануы жөніндегі қаулыға сәйкес, 6 техникалық, 6 ауылшаруашылық жоғары оқу орындарының қабылдау жүргізгендігі жөніндегі көзқарастарында ортақтық бар [282, 68 б.]. Техникалық білім беретін жоғары оқу орындарында оқу үрдісінің сапасын арттыру мақсатында, оқытудың техникалық құралдарын қолдануда біраз жұмыстардың атқарылғандығын саралайды. Техникалық жоғары оқу орындарындағы оқытушы–профессорлардың сапасын жақсарту жайлары, оқу-тәрбие үрдісіндегі өзгерістер талданған.

Т.К. Катаевтың «Высшая школа Советского Казахстана», - деп аталатын еңбегінде қазақ халқының рухани жағынан қалыптасып және дамуының, жаңаруының басты салаларының бірі – Кеңестік Қазақстанның жоғары мектебінің тарихи тәжірибесі қарастырылған. Еңбекте халық шаруашылығы үшін білікті мамандар даярлаудағы жоғарғы мектептің алатын рөліне талдау жасалған. Автор білікті мамандарды даярлауды жоғары және орта арнаулы оқу орындары жүйесін құру арқылы шешуге болатындығын көрсетеді. 1920-1934 жылдар аралығында қажетті материалдық база болмағандықтан, ұлттық интеллигенция кадрларын Ресей мен басқа республикаларда даярлаудың өзіндік жүйесі қалыптасуы маңызды орын алды деп саралайды [279, 12-14 б.]. Т.К. Катаев жүйелеп талдау тәсілін пайдалана отырып, рабфактар (жұмысшы факультеттері) жоғары оқу орындары мен жұмысшы табы қатарынан интеллигенцияны қалыптастыруды даярлау кезеңінде белгілі рөл атқарды деп есептейді [279, 14 б.]. Маман кадрлар даярлау социалистік құрылыстың дамуы, индустриализация, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жылдары біраз қарқын ала бастағандығын баяндайды. Бірінші бесжылдық жоспарына сәйкес, жоғары мектеп халық шаруашылығы кәсіпорындарын көптеген басшы және ұйымдастырушы техникалық кадрлармен толықтыруы қажет болғандығын айқындай отырып, кең байтақ Қазақстан территориясында ұлттық мамандар даярлаудың жаңа орталықтары пайда болды деп пайымдайды. Т.К. Катаев ұлттық жоғары мектептің құрылуы жаңа қазақ социалистік интеллигенциясын қалыптастырудың маңызды факторы болды деп қорытындылайды [279, 25 б.].

Бірқатар мақалаларда республикааралық мамандар алмасу ісі, инженер-техникалық мамандардың басқа республикаларда даярлану ісі сөз болады [283]. Тарихнамада мамандар даярлаудағы халықтар арасындағы достық қарым-қатынас, бір-біріне тигізген ықпалы тарихшылардың шығармашылық ойымен дамытылған.

А.К. Әбілевтің мақаласында интеллигенцияның қалыптасуында экономикалық және ұйымдастырушылық факторлардың кадрларды даярлауға ықпалы мәселесі қарастырылған. Жоғары оқу орындарында оқыту әдістерінің үнемі әрі жан-жақты жетілдіріп отыратындығы, оқу үдерісін ғылыми түрде ұйымдастыру, оқу жоспарлары мен бағдарламаларын үйлестіру, оқу үдерісіне оқытудың және бақылаудың техникалық құралдарын кеңінен ендіру мәселесін де зерделейді [283]. Жоғары оқу орындары жанындағы дайындық бөлімдеріне еңбекте шыңдалған алдыңғы қатарлы жұмысшылар, колхозшылар, Кеңес Армиясы қатарынан демобилизацияланған әскерлердің қабылданып, олардың оқу орындарына қабылдау тетіктері нақтыланған.

М. Батырбеков Қазақстанға арнап инженер-техникалық кадрларды даярлауда туысқан республикалардың тәжірибесін саралайды. Алдыңғы қатарлы техникамен жабдықталған сан-салалы өнеркәсіптің құрылуы инженер-техникалық интеллигенцияны өсіруді және тәрбиелеуді талап еткендігін айтады. Оның қалыптасуы Қазақстанда мынадай жолдармен іске асқандығын: Қазақстанға елдің өнеркәсіп орталықтарынан инженер-техникалық кадрларды жолдамамен жіберуі, ұлттық инженер-техникалық кадрлардың Москваның, Ленинградтың, Ресей Федерациясының басқа қалаларындағы, Укрина, Белоруссия, Закавказья, және Орта Азияның жоғары және орта арнаулы оқу орындарында даярлануы; республикада орта арнаулы, және жоғары техникалық оқу орындарын ұйымдастыру жайлы ойын ортаға салады [284, 150-151 б.].

Маманданған шаруашылық кадрларын даярлауда өнеркәсіп академияларының маңызды орын алатындығын талдайды. Свердловскіде ашылған Орал-Қазақстан өнеркәсіп академиясына бекітіліп оқып жатқан қазақстандық студенттерге Оралдық шаруашылық ұйымдарының барлық материалдық және қаржылық шығындарды өз мойындарына алғандығын орынды көрсете білген.

Москва, Ленинград, Баку және басқа қалалардағы жоғары оқу орындарында инженер-техникалық білім алған қазақтардың қатарында К.К. Берғалиев, А.Д. Бүркітбаев, О. Жандосов, Қ. Қадыржанов, Д.А. Қонаев, Д. Омаров, Н. Рүстемов, А.С. Сағынов, К.И. Сәтбаев, О.Ж. Толыбаев, С. Өтебаевтардың бар екендігін, кейін олардың көрнекті ғалымдар, партия және мемлекет қайраткерлеріне айналып, республиканың халық шаруашылығы мен мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосқандығын айтады.

Бұдан әрі М. Батырбеков инженерлік кадрлардың алғашқы түлектерінің қатарында қазақ қызы – Мадина Бегалиева 1935 жылы Москва өнеркәсіп академиясының түсті металдар факультетін бітіргендігін алға тартады. Мадина қазақ қыздарының ішінде алғаш рет тау-кен инженері дипломын алғандығын айтады [284, 153-154 б.]. Д.И. Рудзянскийдің еңбегінде кемелденген социалистік қоғам жағдайында Қазақ және Өзбек КСР-де инженер-техникалық кадрлармен алмасуы және осы үдерістің екі туысқан республикалардың экономикасын бұрынғыдан да дамытуға тигізіп отырған игілікті әсері көрсетілген [284, 49-53 б.]. Екі республика арасындағы өндіріс саласындағы озық тәжірибе алмасу жолдары мен бір-біріне қажетті маман кадрлар дайындау жолдары да әңгіме болады.

В.К. Савосько мен И.Ш. Шамшатов 1974 жылы жарық көрген монографиясында соғысқа дейінгі бесжылдық жылдарында-ақ білікті колхоз төрағалары, бригадирлер, ферма меңгерушілері даярланды деген пікірге келеді. Орта арнаулы және жоғары оқу орындары жыл өткен сайын агрономдар, зоотехниктер, ветдәрігерлер және ауыл шаруашылығының орта, жоғары білікті басқа мамандарын даярлауды ұлғайтқан. Бірақ соғыс жылдары МТС-тар мен колхоздардағы білікті мамандар қатары едәуір қысқарғандығын ескертеді [285, 82-83 б.]. Соғыстан кейінгі жылдары Қазақстанда кадрларға деген сұраныс ескеріліп, ауыл шаруашылық жоғары және орта арнаулы оқу орындары жүйесі кеңейіп, ондағы студенттер контингентінің артқандығын алға тартады. Жоғары білімді ауыл шаруашылық кадрларының негізгі ошағы Қазақ және Ақмола ауылшаруашылық, Алматы және Семей зооветеринарлық институттары екендігін дәйектейді. Орта маманданған кадрларды негізінен ауылшаруашылық техникумдары даярлағандығын ескерте отырып, олардың жүйесі 1950 жылы 18 – ден 1955жылы 27-ге жетсе, 1958 жылы 32 болғандығы жайлы фактілерді келтірген. Авторлар техникумдардың санының артуы бір жылдық ауылшаруашылық мектептерінің қысқартылуы нәтижесінде пайда болды деген қорытынды жасайды [285, 83 б.]. 1966 жылы Қазақстандағы 32 ауыл шаруашылық техникумындағы оқушылар саны - 40,1 мыңға жетіп, оның 38 пайызын қазақ жастары құраған. Жыл өткен сайын Қазақстан колхоздары туысқан республикалардың жоғары оқу орындары мен техникумдары дайындаған мамандармен де толыққандығы талданған. Жоғары білікті мамандарды негізінен 6 жоғары ауыл шаруашылық оқу орындары дайындап, онда 28 мың студенттер білім алса, оның 15 мыңы қазақтар екен. Еңбекте жоғары және орта арнаулы шаруашылық мамандарының дайындалуы жыл өткен сайын жоғары қарқынмен дамып отыр деген тұжырым жасайды [285, 83 б.].

Инженер-техникалық кадрларды даярлауға арналған еңбектер қатарына Н.Р. Жағыпаров, А.Абдакимов зерттеулерін айтуға болады [286]. Еңбектер кеңестік кезеңдегі өндірістік-техникалық интеллигенцияны жоғары және орта арнаулы оқу орындарында дайындауға арналғандықтан, студенттердің ғылыми жұмысқа тартылуы, оларға саяси және еңбек тәрбиесін беру түрлері мен әдістері төңірегінде көрген білгендерін ортаға салады. «Жаңа ғылыми бағытты» ұстанған тарихшылар нақты фактілерді пайдалана отырып, өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын даярлаудың ерекшеліктерін саралайды.

Тарихнама саласында үлкен еңбек сіңірген ғалым Г.Ф. Дахшлейгер 1978 жылы жарық көрген «Маршрутом социального прогресса» деп аталатын еңбегінде кеңес мемлекеті ұзақ және қысқа мерзімді курстардың кең жүйесі, мамандықты жетілдіру мектептері, училищелер мен техникумдар, қала орталықтары мен өнеркісіп орындарының шефтік көмегінің арқасында социалистік ауыл шаруашылығы үшін бұрынғы көшпелілер мен жартылай көшпелілерден жаппай білікті кадрлар даярлауды енгізгенін негіздеді [287, 85 б.]. Зерттеуші мамандарды даярлауда орталықтардың орны ерекше болды деген көзқарасын білдіреді.

1930-шы жылдары ауыл шаруашылығы үшін ұлттық мамандардың даярланғандығы жөнінде нақты салыстырмалы цифрлардың жоқ екендігін айқындый отырып, 30-шы жылдардың екінші жартысында мұндай кадрларды даярлауда үлкен алға басушылықтар байқалып, олар қазақ қана емес, көп ұлтты колхоздар үшін жетекші күшке айналды деп пайымдайды [287, 85 б.].

Толық орта емес және орта мектептер жүйесінің кеңеюі нәтижесінде онда бұрынғы көшпелілер мен жартылай көшпелілердің балалары оқып, студент қазақтардың саны артты деген мәлімет береді.

Бұрынғы көшпелілер мен жартылай көшпелілердің ұлдары мен қыздары Москва, Ленинград, Ресей Федерациясының басқа қалалары, Украина, Белоруссияның жоғары оқу орындарына түсуде белгілі бір жеңілдіктер алып, Кеңес мемлекетінің 30-жылдары негізгі орталықтарында жоғары білім алу үшін түскендердің жарты бөлігін қазақстандықтар құрағандығын айтады. Қазақ ССР-і үшін мамандар даярлау респубикадан тысқары аймақта ауқымы кеңейіп, қалың қазақ арасынан жаңа қазақ кеңестік интеллигенциясы осылайша даярланды деген көзқарасын көрсетеді [287, 91-92 б.].

Жастар өндірістен қол үзбей орта арнаулы және жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруға мүмкіндік алып, бригадаларға педагогтардың үнемі консультацияға шығуы үрдіске айналғандығын сараптайды. Екі жыл жұмыс істегеннен кейін жігіттер мен қыздар оқуларын әрі қарай жалғастырғысы келсе, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, техникумдар мен жоғары оқу орындарына жолдамалар алды. Тек қана бір Семей облысында 1976-1977 ж.ж. жас шопандар бригадаларынан 184 адамның жоғары оқу орындарына түсіпті. Мемлекеттің жастарға үндеу тастап, шопандар бригадаларында еңбек етуге шақырғанымен, мектеп қабырғасынан жаңа ғана шыққан жастарды кейде күштеп, мәжбүрлеу арқылы жоғары оқу орындарына жібермей қалулары талданбаған [287, 106-107 б.].

Х.М. Мадановтың тарихи-партиялық тұрғыда жазылған 1980-ші жылы жарық көрген монографиялық еңбегінде мұрағаттық құжаттардың негізінде мамандар жөнінде ерекше қамқорлық көрсетіліп, Павлодар гидромелиоративтік техникумында істің оңтайлы жолға қойылғандығын, әрі Павлодар индустриалдық институтында күндізгі бөлімде 60 адам, сырттай бөлімде 60 адам даярлайтын гидромелиоративтік факультет ашылғандығын жазады [288, 148 б.].

Билік басына М.С. Горбачевтың келуімен байланысты басталған «қайта құру» саясаты тарихнамаға жаңа серпіліс беріп, жариялылық пен демократия тарихи шындықтың айқындалуына жол ашты.

1980-ші жылдардың соңында Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында дайындалуы жайлы С.С. Әбубәкіровтың жарық көрген монографиялық еңбегінде жан-жақты зерделенген [17]. Автор «Инженер-техникалық кадрларды даярлау формалары және қатарын толықтыру көздері» деп аталатын бөлімінде «Қазақстанда инженерлік-техникалық интеллигенцияның соғыстан кейінгі бесжылдықтар кезіндегі өсуінің негізгі көзі республиканың жоғары оқу орындары мен техникумдары болды» деп есептейді [17, 33 б.]. Кадрларды даярлаудағы ұйымдастырушылық факторларды алға тартып, олардың сол кезеңдегі уақыт талабына сай қалыптасып жатқандығын кеңінен қарастырады. С.С. Әбубәкіровтың зерттеу еңбегі басқа еңбектерге қарағанда, қайта құру кезеңінде жарық көргендіктен, өзіндік тың көзқарасымен, маркстік методологиядан аз да болса басқаша жол қарастыруға тырысу әрекетін аңғаруға болады. Ерекшелігі сонда, мұрағат құжаттарының негізінде жергілікті ұлт мамандарын даярлауда үлкен жетістіктерге жеткендігімізді ашық айқындай білуінде.

Қазақстанға қажетті инженер-техник мамандардың 1946-1960 жылдары үлкен тобы бұрынғысынша туысқан республикаларда даярланып жатқандығын айтады. Туысқан республикалар мен Африка, Латын Америкасы елдері үшін инженер-техник мамандарды даярлауда біздің республикамыздың институттары мен техникумдарының үлкен үлес қосып отырғандығын айқындайды [17, 56 б.].

Сонымен 1960-1980-ші жылдардың ортасына дейін жазылған еңбектерге тән ерекшелік: ең алдымен марксизм-ленинзм классиктерінің еңбектеріне, партия съездері директивалық құжаттары, КОКП ОК пленумдары мен бас хатшылардың еңбектеріне талдау жасалып, содан кейін жергілікті партия съездері мен партия жетекшілерінің еңбектінен цитаталар беріліп, содан кейін ғана зерттеу нәтижелерін көрсетілді. Әрине бұл ғылыми шығармашылық идеялардың тууына кедергі келтірді. Идеологиялық жағынан алдын-ала жобаланған тарихнама болғандығына қарамастан, оны біз зерттеулерімізде пайдаланып отырмыз. Көптеген фактілік материалдары біздің тарихнамалық зерттеулерімізге арқау болып отыр.

1991 жылы Кеңестер Одағының ыдырауы инженер мамандарды даярлауға деген мемлекеттің саясатын түбірінен өзгертті.

Осы кезеңде отандық тарихнамада А.А. Данилов, В.С. Меметов, О.Ю. Олейник, М.Е. Главацкий, Г.А. Будник, Г.С. Смирнов,С.В. Волков, Г.М. Кара-Мурза, А.Е. Корупаевтардың еңбектері жарық көріп, мәселені жаңа қырынан пайымдауда елеулі табыстарға жетті [289]. Жоғары техникалық білім беруді ұйымдастыру П.П. Фролкин. еңбегінде қарастырылған [290].

Қайта құрудан кейінгі кезеңде 1990-шы жылдары 1980-жылдардағы Қарағанды көмір бассейніндегі инженер-техникалық кадрлардың қалыптасу тарихын зерттеген ғалымдардың бірі – А.Т. Ілиясов мұрағаттық, фактілік материалдар негізінде «Қарағандыкөмір» бірлестігіндегі мамандар еліміздегі 25 институттар мен 24 техникумдардың түлектерімен қамтылғандығын айтады. 1980-ші жылдары жыл сайын 500 жас мамандар оның ішінде 160 жоғары инженерлік білімі барлар келетіндігін мәлімдейді. «Қарағандыкөмір» бірлестігі үшін инженер мамандар даярлайтын базалық бірден-бір оқу орны - Қарағанды политехникалық институты екендігін ашып көрсетеді [291, 78-79 б.].

Егеменді ел болғалы бері өндірістік-техникалық интеллигенцияның рөлі артып, жаңаша ойлау, өркениеттілікке ілесу жолдары мен тәсілдерін іздестіру әрекетін қарастыруда. Отандық тарихнамада 1990-шы жылдардан бастап инженерлік интеллигенцияны даярлау ғана емес, оның ең маңызды белгісі имандылық келбеті мен халыққа қызмет етуін анықтаудың бағыты пайда болды. 1990 жылдардың басында жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын даярлау тарихнамасында Х.М. Әбжанов, Л.Я. Гуревич, К. М. Төлеубаева, М.Т. Іліпов еңбектерінің өзіндік орны бар. Олар кадрларды даярлауға әсер еткен қоғамдық-саяси, экономикалық, ұйымдастырушылық факторлармен қатар, оның ішкі құрылымы мен дүниетанымындағы өзгерістерді, әлеуметтік құрылымда алатын орнын анықтай білді. Интеллигенция тарихын зерттеумен тікелей айналысатын ғалымдарымыздың бірі Х.М. Әбжанов «Жиырма-отызыншы жылдары қазақтардан маман кадрлар даярлауға Москва, Ленинград, Свердловск сияқты ірі индустрия орталықтары қолдарынан келгенше көмек көрсетті. Тап сол жылдары ұлттық маман кадрларды даярлаудың тағы бір жолы-қазақ жастарын шетелдерде оқытуға тосқауылға ұшырады. Ал, мәселені көтерген азаматтар баршылық еді. Мәселен, 1922 жылдың шілдесінде республика жастарының көшбасшылары С.Сәдуақасов, Е.Алдоңғаров, Ә.Байділдин ҚАССР Орталық Атқару Комитетіне, халық ағарту комиссариатына хат жолдап, жылына 30 қазақ баласын Германиядағы техникалық институттарға жіберуді қолға алуды ұсынған. «Ғасырлар бойы қанаушы патшалық Россияның «жүк артар мәстегі» болып қалған еңбекші қазақ халқы енді Россияның басқа ұлттарымен бірге туысқандықпен тіршілік ету жолына түсті, деп жазды. Олар еңбекші халық басшыларына мына ұлан-ғайыр даланы жаңаландырып жібере алар ма деп үлкен үмітпен қарауда. Ал бұл шешімдерді біз жаңа техникалық ғылыммен қаруландырсақ қана жүзеге асыруымыз мүмкін». Бастама БК(б) П Қазақстан облыстық комитеті тарапынан қолдау таппады, аяқсыз қалды» деп атап көрсетеді [292, 41 б.]. Қазір осы мәселе мемлекет тарапынан қолға алынып жатқанда ағалардың арманы жүзеге асуда деп мақтаныш сезіммен айтуға болады. Х.Әбжанов пен Ә. Әлпейісов еңбегінде соғыстан кейінгі жылдарда жергілікт ұлт өкілдерінің институттар мен техникумдарда білім алуына кедергі болған себептердің бірі я оқу орындарында қабылдау емтихандарының (50-ші жылдардың ортасы ауғанша) және олардағы оқу-тәрбие үдерісінің орыс тілінде жүруі, екіншісі-жатақханамен қамтамасыз етілмегендіктен оқуға қабылданған ауыл баласының материалдық-тұрмыстық қиыншылықтарға шыдамай, елге қайтып кетуі болғандығы да көрсетілген. Институтқа көбінесе қала мектептерінің түлектерінің қабылданатындығын, бітірушілердің көпшілігі басқа ұлт өкілдері екендігін айтады. Социалистік құрылыстың алғашқы қырық жылы ішінде респубикамыздағы техникалық жоғары оқу орындары халық шаруашылығына бар болғаны 929 қазақ маманын бергендігін саралайды [292, 42 б.].

Тәуелсіз Қазақстан тарихы кезеңінде интеллигенция тарихын зерттеумен айналысқан ғалымдардың бірі – Е.Т Берлібаев республикаға қажет мамандықтар бойынша 1994 жылы 738 білім іздеушілер шетелдерге жіберіліп, керісінше 400 шетел азаматы Қазақстанның жоғарғы оқу орындарына қабылданғандығын мәлімдейді [293, 15 б.]. Кеңестік дәуірдегі тарихнамада көбінесе жоғарғы мектеп тарихын лениндік ұлт саясатының ұлы салтанаты ретінде дәріптеліп, болар-болмас табыстарды тек мадақтау орын алғаны белгілі.

Демограф-ғалымдардың бірі В.В. Козина 1930-шы жылдары өнеркәсіп үшін инженерлер дайындау сол кезеңнің негізгі талаптарының біріне айналғандығын айтады. Мұның орта арнаулы және жоғары білім беру жүйесін дамытуға ықпал еткендігін саралайды. 1931 жылы Қарағандыда тау-кен, техникумы ашылып орта буынды мамандар даярлауға үлес қосқандығын айтады. В.В. Козина 1936 жылдан бастап, оқуға қабылдауда әлеуметтік шығу тегіне қараудың жойылуы жастарға кең жол ашқандығын, оның айғағы, 1933 жыл мен 1941 жылдың арасында дипломды инженерлердің саны 39-дан 106 адамға, техниктердің 16-дан 108-ге дейін жеткендігін жазады [294, 117 б.]. 2000 жылдардың басында демограф-ғалым В.В. Козина арнайы орта арнаулы оқу орындарындағы оқушылардың үлестік салмағына талдау жасап, 1932 жылы тау-кен техникумындағы қазақ оқушыларының үлестік салмағы 75% -ды құрады деген деректер келтіреді. 1932-1933 жж. КСРО ауыр өнеркәсібіне қарасты кәсіпорындар жанындағы курстарда оқығандар 70% құрады деген фактілерді алға тартады [294, 326 б.]. В.В. Козина Орталық Қазақстан материалдарының негізінде жүргізген зерттеулері бойынша, ұлттық мамандардың қалыптасуын терең талдау жасаған ғалымдардың бірі болып саналады.

Егеменді ел болғалы бері осы тұжырымдар жаңаша зерделеніп, тарихнамада басқаша қырынан ашыла бастады. Г. Назарбаева мен Х.М. Әбжановтың бірлесіп жазған монографиясында «1946-1965 жылдар Қазақстан ауылшаруашылық мамандары тарихында айрықша орын алады. Тап осы жылдары республикада ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын жоғары және арнайы орта оқу орындарының ауқымды жүйесі орнығып, аграрлық экономиканы білікті қызметкерлермен қамтамасыз ету мәселесі негізінен шешілген болатын. Әрине оңтайлы ілгерілеулер өздігінен келе қалған жоқ. Қаражаттың тапшылығы, оқытушы-профессор кадрларының жетіспеушілігі, интеллигенцияға қарсы репрессиялар, тоталитаризмнің идеологиялық өктемдігі – бәрі білікті мамандар даярлауға зиянын тигізумен болды. Төрт жылға созылған соғыс та ауыл-селолардағы мамандар қатарын сиретіп жіберді. Нақтырақ айтсақ, 1945 жылы аграрлық секторда еңбек етіп жатқан жоғары және орта ауылшаруашылық білімді мамандар 4 мыңнан сәл ғана асатын. Егер тап осы жылы республикада 7 мыңнан астам колхоз-созхоз және машина-трактор стансасының болғанын ескерсек, әр шаруашылыққа бір дипломды маманнан келмейтінін байқау қиын емес.

Білікті мамандар тапшылығы және оларға сұранымның ұдайы өсуі институттар мен техникумдарды көптеп ашуды талап етті», - деп зерделеген [94, 169-170 б.]. Сонымен қатар ауылшаруашылық оқу орындарының дамуын зерттей отырып, үш тенденцияны ажыратқан. Біріншіден, олардың сандық өсуі даярлайтын мамандық түрлерінің де кеңеюімен қатар жүрді. Егер 20-жылдары республикалық ауыл шаруашылық оқу орындары 2-3 мамандық бойынша маман даярласа, 30-жылдары ол 8-ге, тың игеру қарсаңында 13-ке, 60-жылдар басында 15-ке жетті. Екіншіден, ауыл шаруашылық оқу орындары қалаларда ғана емес, ауыл-селолық жерлерде жиі ашылып жатты. 50-жылдардың басында республикамыздағы 28 ауылшаруашылық орта оқу орындарының 12-сі ауыл-селолық елді мекенде орналасса, 60-жылдардың басында 29-ның 17-сі ауыл-селоларда жұмыс істеп тұрды. Бұның құптарлық құбылыс екендігін айтады. Өйткені ауыл шаруашылық институттары мен техникумдарында негізінен колхоз-совхоздардан келген жастардың оқитындығын, мұның сыртында олар өндірістен қол үзбей оқуға мүмкіндік алатындығын талдайды.

Үшіншіден, оқу орындары территориялық-аймақтық тұрғыдан алғанда айтарлықтай үйлесімді орналасты. Олар Қазақстанның кез-келген аймағындағы маман кадрларға деген сұранысты қамтамасыз етуге бейімделіп ашылды деген көзқарастарын білдіреді [94, 170 б.]. Ауыл шаруашылық мамандарын даярлаудың дәстүрлі жолдары – институттар мен техникумдар, қысқа мерзімді оқу орындарын ұйымдастыру екендігін көрсетеді.

Жаңа көзқарас зерттеуші Л.Я. Гуревичтің зерттеу еңбектерінен де орын тапты. Зерттеуші жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерін ескермей, халық шаруашылығына қажетті мамандармен қамтамасыз етуде анық мемлекеттік бағыттың қалыптасқандығын айтады. Республикада құрылған жоғары оқу орындарының әлсіз жері кадр мәселесі екендігін байыптайды. Кейбір оқу орындарында ғылыми атағы бар оқытушылардың өте аз екендігін, мысалы Целиноград инженерлік-құрылыс институтында 1960-шы жылдардың соңында ғылыми дәрежесі бар оқытушылардың небәрі 6 пайыз, ал Павлодар индустриалдық институтында – 5,8 пайыз құрап отырғандығын айтады [65, 379 б.].

Л.Я. Гуревич «Қайта құру жылдары жоғарғы мектепке қажетті мамандармен қамтамасыз етуші, оны жүзеге асырушы ретінде бюрократтық көзқарас қалыптасты. 1987 жылы наурызда КОКП ОК мен КСРО үкіметінің «Қайта құру жылдарындағы жоғарғы және орта арнаулы білім берудің негізгі бағыттарына» байланысты пікірталастан кейін біз: «Жоғары білімі бар әрбір екінші маманның өнеркәсіпте өзі алған біліктілігі мен мамандығына сәйкес емес қызмет ететіндігін. Сонымен бірге ауылшаруашылығы саласындағы, мұғалімдердің және басқа кадрлардың да тиімсіз пайдаланып жатқандығын, мамандарды даярлау жоспары халық шаруашылығының нақты қажеттілігін айқындамайтындығын байқаймыз. Олардың қалыптасуы ретсіздік, штаттық бірлікке сәйкес, министрліктер мен мекемелердің негізсіз сұраныстары негізінде жүзеге асатындығын көрсетеді, әрі бұл үшін ешқандай жауапкершілік жоқ», - деп саралайды. Әрі жоғары техникалық білімді қажет етпейтін жерлерге инженерлік қызмет орындары енгізіліп, штаттық бірлікте техниктердің қызмет орындарының кемітілгендігін айтады [65]. Л.Я. Гуревич номенклатуралық қызмет орындарының негізсіз көбеюіне байланысты жоғарғы мектептің бас басқармасы өзі зерттеп отырған кезеңде мамандарды даярлаудың көлемін соған сәйкестендіріп отыруға мәжбүр болғандығын қарастырады [65, 383 б.]. Автордың көзқарасынан біз жоғарғы мектеп тарихында жоғарғы оқу орындарының санын көбейтуге мемлекет тарапынан мән берілгенімен, оны қаржыландыру мәселесіне дұрыс көңіл бөлінбегендігін айқын аңғарамыз. Зерттеуші адамзаттық өркениеттің постиндустриалдық қоғамға қарай жылжуында экономикалық және білім беру саясатында ауырпалық жағдайды ашық көрсетеді [65, 385 б.].

Осы тақырыпты зерттеушінің көзқарасы бойынша, қоғамды жаңартудың құрамды бөлігі кадрларды даярлау мен мамандарды пайдалануда деп есептейді. Ұйымдастырушылық жұмыстары жайлы зерделей отырып, 1960-шы жылдардың бас кезіндегі мамандарды жергілікті жерлерде дайындау мақсатымен шет аймақтарда филиалдар құрылып, оқу консультациялық пункттерінің бірнеше қалаларда жұмыс істей бастағандығын саралайды. Жұмыс посткеңестік кезеңде жазылғандықтан, 1960-80 жж. инженер-техник кадрларды даярлауда тиімді құрылымның болмағандығын ашық айтып, көптеген мамандық түрлері бойынша қайталаушылық пен параллелизмнің көрініс тауып отырғандығын талдайды. Мұның негізгі себептері техникалық жоғары оқу орындарының ведомстволық бағынышта болуы, бір орталықтан басқару мен мамандарды жоспарлауда жіберілген кемшіліктерге байланысты екендігін айқындайды [65, 49 б.].

Қазақстандағы техникалық жоғары оқу орындарында маманданған инженер-техникалық кадрларды дайындаудың кеңеюі, студенттердің сан жағынан өсуі, материалдық жағынан қамтамасыз етілуінің қанағаттанарлықсыз жағдайда болуы зерттеп отырған кезеңдегі оқу процесіне кері ықпалын тигізгендігін де көрсетеді.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы интеллигенциясы тарихын зерттеумен айналысқан К.М. Төлеубаеваның еңбегі (1946-1965 жж.) аралығын қамтыса, М.Т Іліпов (1966-1990 жж.) аралығын зерттеуге ден қойған. Екі зерттеуші де ауыл шаруашылығы үшін даярланған өндірістік-техникалық интеллигенция жайлы біраз байыпты пікірлер білдіреді. Еңбектер маркстік методолиядан таза философиялық ой-тұжырымдарымен, тарихилық принципті негізге алуымен де ерекшеленеді. К.М. Төлеубаева ауыл шаруашылық өндірісінде инженер-техник кадрлар қатары соғыстан кейінгі алғашқы жылдары сирек болғандығын, тың көтерілген жылдары аграрлық экономиканың материалдық-техникалық базасы нығайып, инженер-техник кадрларға сұраныс күшейгендігін, сондықтан да оларды даярлауға үлкен мән берілгендігін атап көрсетеді [154, 16 б.].

М.Т. Іліпов ауыл шаруашылығы үшін өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын даярлаудың әртүрлі формалары мен тәсілдерін талдайды. Әрі зерттеуші ауылдық жерлерге тек маманданған ғана емес, сондай-ақ терең ойлайтын, жұмысқа творчестволықпен қарайтын мамандар керек болғандығын қарастырады [155, 13 б.]. Автор ашық түрде кеңес қоғамының барлық сферасын деформациялаған тоталитарлық жүйе, мамандарды даярлау үдерісінде де кереғар құбылыстардың пайда болуына әкелгендігін мәлімдейді. Қабылданған шаралар ауыл-селоны кадрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызғанмен жас мамандардың жіберілген орындарға келу мен бекітілу мәселесін шешпегендігін, жоғарғы мектепті қаржыландырудың тапшылығы мамандар даярлауға кедергі механизміне айналды деп есептейді.

2005 жылы Б.Қ Омарова. «Қазақстан ауыр өнеркәсібіне инженер кадрларды даярлау: тәжірибесі мен тағылымы (1946-1970 жж.)» деген тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін дайындаған диссертациясында мұрағат құжаттарының негізінде ауыр өнеркәсіп саласы үшін инженер мамандар даярлаудың, оның ішінде ұлттық кадрлар даярлау ерекшеліктерін жаңа қырынан қарастырған. Б.Қ. Омарова кадрларды даярлаудың ең тиімді жолының бірі - өндірістен қол үзбей оқу кең құлаш жайды, ол мамандар қатарын толықтыруда аса маңызды рөл атқарды, сырттан оқитын факультеттер мен консультациялық пункттер, филиалдар көбейді деген фактілерді келтіреді [157, 18 б.].

Интеллигенция тарихын зерттеуде соңғы жылдары үлкен үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі - Н.Н. Южакова 2007 жылы бірнеше мақалаларын жариялады. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары ауылшаруашылығы, тау-кен ісі, ағарту ісі мен медицина саласындағы өзгерістерге байланысты Қазақстан индустриясының жетекші салаларында мамандардың тапшылығы байқалып отырғандығын жазады [295, 87-91 б.]. ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары инженерлік-техникалық, ауылшаруашылық, медициналық интеллигенциядан жоғары білікті кадрларды даярлаудың жоғары мектепте білім беру жүйесі қалыптаса бастады деген пікірін білдіреді.

Қазақстанда жоғары және орта арнаулы оқу орындары жүйесінің қалыптасуы мен мамандар даярлауды үш кезеңге бөледі:

Соғыстың қарсаңында қызметкерлердің құрылымы мен интеллигенцияны қалыптастыру бейбіт индустриалдық дамуымыздың міндеттеріне сәйкес мамандарды даярлауда арнайы білім беру арқылы жүзеге асып, 1939 жылғы санақ қорытындылары бойынша мұғалімдер интеллигенциясы бойынша негізінен шешілді деген қорытынды жасайды Қызметкер кадрлар мен интеллигецияны дайындау, қайта дайындақтан өткізу, реструктуризациялаудың бірінші кезеңі (1941-1945) соғыс жайдайына байланысты болды. Қазақстан интеллигенциясының санының күрт артуы, эвакуациямен байланысты өнеркәсіп тез қарқынмен дамығандығын айта келіп, өндірістік техникалық мазмұндағы кадрлар даярлауға деген сұраныс артты деген ойын білдіреді. Алайда мұндай жағдайда жоғары мектепте кадрлар даярлау өнеркәсіптің сұранысын толық қанағаттандыра алмады. Соғысқа дейінгі кезеңдегі интеллигенцияны жоғарылату жолымен қалыптастыру өндірістік техникалық интеллигенция мамандары үшін жарамсыз болып қалды.

Үйренушілік, эвакуацияланғандарды жұмысқа тарту, қысқа мерзімді курстар түрлері пайдаланылды. Соғыс жылдары мамандарды жоғары мектепте даярлау базасын сақтауға мүмкіндік жасалғанымен, дайындау сапасы мен қарқыны жеткілікті болмады.

Соғыстан кейінгі (1945-1950/1951 жж.) жылдар мамандар даярлаудың екінші кезеңі. Статистикалық мәліметтердің негізінде жоғары және орта арнаулы мамандардың, бітіруші түлектердің саны артқанымен базалық білімі бар мамандар даярлау деңгейі жеткіліксіз болып, диспропорция сақталды.

Үшінші кезең (1952-1959 жж.) Қазақстан интеллигенциясы мен қызметкерлерінің сапалық жағынан білім деңгейі артты. Осы кезеңде орта арнаулы және жоғары білім беру жүйесі сан және сапалық жағынан қалыпқа келуі тың және тыңайған жерлерді игеру үшін жас мамандардың келуімен байланысты Қазақстан мәдени құрылысы мен экономикасын тұрақтандырды деп атап көрсетеді [295, 90-91 б.].

Ж. М. Асылбекова 2007 жылы тарих ғылымдарының докторы атағын алу үшін қорғаған диссертациясында «Х1Х ғ. аяғы мен ХХ1 ғасыр басындағы Қазақстанның ұлттық индустриялық кадрлары (әлеуметтік-демографиялық аспекті)» тәуелсіз тарихнамамызды дамытуға үлкен үлес қосты. Автор индустриализация жылдары қазақтардан техникалық интеллигенцияны даярлау үшін жоғары және орта арнаулы оқу орындары жүйесінің құрылуы өзекті мәселелердің біріне айналды деген көзқарасын білдіреді [296, 21 б.].

Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасы кеңестік кезеңдегі өндірістік-техникалық интеллигенциясын жоғары мектепте даярлау тарихы мен методологиясын объективті түрде зерттеуде біраз нәтижеге қол жеткізді.

Тәуелсіз Қазақстан тарихы кезеңінде жазылған зерттеулер барлығы дерлік бұрынғы методологияға қарағанда, мәселелерді өркениетті көзқараспен тарихи объективті тұрғыда қарастыруға, философиялық мұралардың методологиялық негіздеріне, батыстық ғылым жетістіктеріне арқа сүйеуге тырысты. Әлеуметтік прогресстегі материалдық және рухани диалектиканы негізге ала бастады. Сондықтан қазіргі кезде тарихшылар өткен тарихымыздан сабақ алуы, оның пайдалы жақтарын, аса қажетті деректік негіздерін үнемі назарда ұстаулары қажеттілік болып табылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет