Бадел А. Ұлттық идеяның кейбір саяси мәселелері



Дата15.09.2017
өлшемі77,87 Kb.
#33080
Бадел А.
Ұлттық идеяның кейбір саяси мәселелері
Қазіргі ғаламдық дәуірде көзі ашық, көкірегі ояу, ұлттық намысы бар азаматтардың, тұтас зиялы қауымның көкейіндегі негізгі мәселе осы ұлттық идея болуға тиіс. Мемлекет дамуында идеология, оның ішінде ұлттық идея ешқашанда ескерусіз қалмауы керек. Өйткені, жан-жақты ойлайтын болсақ, мемлекеттің саяси, әлеуметтік-экономикалық, әскери-техникалық дамуы оның қауіпсіздігіне толық кепілдік бере алмайды. Алпауыт Ресей мемлекетінің ұлттық идеологиясының әлсіздігін сезінген сол елдің зиялы қауымының абыржуларын жиі байқап жүрміз. Оның ішінде әсірешіл идеологтары (радикалды) орыс қоғамын ұлтшылдыққа шақыруларын жиілетулері тегін емес. Яғни, барлық жағынан мығым көрінген көршіміздің ұлттық идеологиясы жағынан ақсап жататыны анық байқалып жатыр. Тіпті идеологияның құдіреті сол, біржақты, тар мағыналы болса да кеңестік идеология Одақтың ғұмырын жетпіс жылға созды ғой. Ал ұлттық иелік ел тағдырына жазбаса да жасанды ұлттық американдық идеология АҚШ мемлекетін бүгінгі деңгейге жеткізіп отыр.

Тақырыптың мәселесі басқа саладағы оқырмандар үшін түсінікті болу үшін ұлт идеясына қатысты кейбір сұрақтарды қарастыра кетсек артық болмас. ХХ ғасырдың екінші жартысында идеологияның аяқталғаны және оның қажетсіздігі туралы ілімдер тараған болатын. Ал өмір мемлекеттің мемлекеттігі осы идеологиямен тығыз байланыстылығын дәлелдеп бұл көзқарастарды жоққа шығарды. Егер мемлекет үшін идеологияның қандай болуы қажеттігі екендігі сөз болса әңгіме басқаша. Яғни, идеологияның түр сипаттары көп: либералдық, консервативтік, социал-демократиялық, фашистік т.б. Мемлекеттің тұрақтылығы мен беріктігі қандай идеологияның орнағанына байланысты. Қажетті деп табылған идеологияның принциптері мемлекеттің саяси идеологиясында, соның ішінде ұлттық идеясында орын табуы қажет. Қазіргі таңда Қазақстанда ұлттық идея қалыптасу үстінде. Егеменді елдіктің кепілі де, символы да осы болмақ. Ұлттық саяси идея туғызуда идеологтардың үлесімен қатар мемлекет жетекшісінің рөлі өте маңызды болуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде бір мысал, ол біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 22 жылдық тарихында мынандай ұлттық идеологиялық бағыттарды белгілеп бергендігі: бірінші, мәртебелі (титулды) ұлттың тұтастығы мен ықпалдылығын арттыру идеясы яғни алыс-жақын шетелдердегі қандастарымызды Отанына шақыру және соның саяси-құқықтық, институциональды негізін қалауы. Екіншіден, Ана тіліңді ардақтау идеясы, яғни ең бірінші «қазақ қазақпен қазақша сөйлесу» керектігі. Үшіншіден, бірлік-ынтымақ, туыстық идеясы, яғни, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар» уақыттың жеткендігі. Төртінші, Ұлттық рухани мәдениетті жаңғырту идеясы, яғни, оның басым бір бағыты «Мәдени Мұра» бағдарламасы болды. Оның бір ғана мақтаныш мысалы «Күлтегін» ескерткішінің оралуы. Бесінші, ұлттық тарихты таразылау идеясы, (саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым ету, 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісіне» мүмкіндігінше дұрыс баға беру т.б. Алтыншы, ұлттық сезімді асқақтату идеясы оның нақты мысалы, әнұранды тыңдағанда қолды жүрек тұсына қойып тұруың «Мен қазақпын» деген әрбір адамды толқытып, көзіңе жас алғызатындығы.



Алайда, ұлттық идея осымен болды, қалыптасты дей алмаймыз. Әлі де жеткіліксіз дүниелер жетерлік. Сондай-ақ Ұлт идеясының қалыптасуына беделді мемлекет басшысымен қатар қоғамдық-саяси қозғалыстар, танымал тұлғалар үлкен ықпал ете алады. Идеология табиғаты ол әр уақытта мемлекет саясатына идеологтардың белсенді ықпалын талап етеді. Мәселен, біздің қоғамда осы нәзік құбылысты мойындағысы келмейтіндер де әлі баршылық. Мұндайда Мұхтар Шахановтың шырылдап айтатын «космополиті» еске түседі. Космополиттер үшін туған жер, Отан, ұлты, тілі деген ұғымдар мақұрым десек болады. Ондайлар ел басына күн туғанда отанына опасыздық жасайтындар. Олар үшін жақсы өмір қайда бар сол маңызды. Қоғамдық саяси институттар десек, Ұлттық қорған – ұлттық саяси идеологиямызға қазақ саяси оппозициясы айтарлықтай үлес қоса алмай келеді. Оппозиция десек, орыстілді қазақ азаматтарын елестетіп келгеніміз рас. Оның да себебі болды, әрине. Мәселен, егемендіктен кейін оппозицияның қайнар көз тұлғалары болып көрінген Олжас Сүлейменов, Нұрболат Масанов (өмірден өткен), кейіннен Болат Әбілов, Ораз Жандосов ресми тілге бауыр басқандар екені шындық. Мұндай танымал да білімді азаматтардың орыстілділіктен құтыла алмауы қоғамның одан әрі қолдауына кедергі болып келді. Әрине, Әбілов мырзаның қазірде ана тіліне құрметпен қарап жүргені көңіл қуантады. Бірақ ол жақында оппозициядан кететінін мәлімдеп үлгерді. Ұлттық идея мемлекеттіліктің нәзік тірегі болғандықтан, оған оппозиция бей-жай қарамауы керек. Елдің елдігі ұлттық идеологиямызға тәуелді болғандықтан саяси оппозиция әрқашан да осы мәселені естен шығармауы абзал. Мұның нақты кері мысалын бір-екі жыл бұрын Қырғыз елі көрсетіп берген болатын. Әрине, сол кезде көршімізде саяси оппозиция, саяси күрес жалған болды деп айта алмаймыз. Тек оның үлкен қателіктерге жол беруі, атап айтқанда, мемлекеттілік, ұлттық қауіпсіздік мәселесін, қалыптасып отырған геосаяси мәселені (АҚШ пен Ресейдің «қоныстарын») естен шығарып алуы қырғыз саяси элитасын да, контрсаяси элитасын да ойлағандай мақсаттарына жеткізе алмады. Саяси күрес-бәсеке салмағын жекелеген амбициялық күштер басып кетуі қырғыздың ұлттық идеологиясын одан әрі әлсіретіп жіберген болатын. Ал, ұлттық идеологиясына бекем Жапония, Израйл, Германия мемлекеттерінде ұлттың сол өзекті нәзік мәселелеріне көңіл аудармайтын оппозицияны елдің азаматтық саяси мәдениеті қабылдамайды. Қазақ оппозициясы бұл мәселені мүлдем ескермейді деп айтқымыз келіп тұрған жоқ. Өкініштісі сол, әрекеттеніп жүргенімен де ұлттық идеологиялық құндылықтарды түсіну қабілетсіздігі мен оны тануға құлықсыздығы міне, жиырма жылдан астам уақытты артқа тастап үлгергендігі. Мәселен, күні бүгінге дейін оппозициялық басылымдар қазақ ұлты мәселесіне немғұрайлылық танытып келеді. Мысалы, мемлекеттік тіл мәселесіне. Сондай бір қалыптасқан жағымсыз әрекеттің тағы бірі ол – ұлттық мәселелерді шама-шарқынша көтеріп жүрген қайраткер-азаматтарды қолдап-қолпаштаудың орнына олардың ұсыныс-пікірлерін мазақ ету, кекесін таныту жиі кездесіп жатады.

Ұлттық идея нәзік те күрделі құбылыс. Саясаттанушы Айдос Сарымның ойынша, ұлттық идея дегенде, екі нәрсені дұрыс түсінуіміз маңызды. Біріншіден, ұлттық идеяны жалпы қоғамдағы мемлекетшілдік, реформистік, елді алдыға бастайтын саяси көзқарастардың түсінігі деп танитын болсақ, оны қолдауға болады. Ал екіншіден, Кеңес Одағы тұсындағыдай бәрімізді тік тұрғызып, саппен жүргізу дегендей мемлекеттік идеология жайлы әңгіме болса, оның түбі жақсылыққа апармайды. Сөзсіз, қоғам өз алдында тұрған үлкен мәселелерді шешуге мүдделі болғандықтан, оның әр кезеңге сай «ұлттық мүдде» дейтін түсінігі болады. Бүгінгі күні әр қазақтың көкейінде жүрген мәселелер және бар. Айталық дінге, мәдениетке, ұлттық байлықтың дұрыс пайдаланбауына қатысты. Осының бәрі айналып келгенде, бәрімізге анық түсініктердің айналасына барып топтасады. Ал мұның жиынтығын бүгінгі күні ұлттық идеология деуге болады деп тұжырымдайды. Өйткені мұның бәрі ұлттық мүддеден туындап отыр. Яғни бұл арада мемлекет болсын, қазақ баспасөзі мен зиялы қауым өкілдері болсын, мұның үлкен саяси жігермен, ықыласпен іске асырылуына, керек болса, кейбір кезде күштеп енгізілуіне мүдделі болуы керек. Әрине, еліміздегі кейбір этностардың тарихи, мәдени, саяси талаптары туралы әңгіме айтылып жүр. Осындай жағдайдың ұйғыр ағайындарына қатыстылығының салмағы басымдау. Біздіңше, бұл жерде қазақ қауымы екіұдай саясат жүргізуі керек. Бір жағынан, ұйғырлар бізге бауырлас, түркітілдес ел болғаннан кейін, олардың әсіресе, Шыңжаңға қатысты саяси, тарихи арман-қиялы бар. Бұлардың орындалуына ашық қолдау білдіре алмасақ та, оларға түсіністікпен қарап, рухани қолдауға мүдделіміз әрі міндеттіміз деп есептеймін. Ұйғыр ағайындардың өздері де мына нәрсені біліп-мойындайтыны анық: Қазақстан сияқты олардың этномәдени сұраныстарына жауап беріп, қол ұшын созып отырған бірде-бір мемлекет әлемде жоқ. Бізде қаншама ұйғыр мәдени орталықтары, ұйғыр театры, бірнеше газет-сайттары бар. Яғни Қазақстандағы ұйғыр қозғалысының басшылары Қазақ мемлекетін Қытаймен қағыстырып қоймауы немесе жалпы қазақтың қытығына тиетін қадамдарға бармауы жөнінде ішкі жұмыстарды жүргізуге міндетті. Қажет болған кезде біз де мұны оларға айтып тұруға құқылымыз. Олар біздің заңды талабымызға ешқандай да ренішін білдірмеуі керек. Қазақстан - қазақ ұлтының тарихи мемлекеті. Мұнда бір Ту көтеріліп, бір тіл, бір мәдениет өсіп-өркендейді. Шынын айтсақ, егер де елімізде қазақ тілінің мәселесі шешілген болса, елдегі 90-95 пайыз халық емін-еркін мемлекеттік тілде сөйлесе, әрине, қазақ ұлты ұйғыр халқының жоғарыдағыдай арман-мұратына, ізденісіне түсіністікпен қарап, кешегідей жайттарға, бәлкім, назар аудармас па еді?! Сондықтан арандатушылық әрекеттерге берілмеу керек. Бірақ ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар мұны өзіндік идеология деп біліп, саяси көзқарасқа айналдырып жатса, оны біз, сөзсіз, Қазақтанның тұтастығына, ел бірлігіне сына қағатын арандату деп түсінуіміз керек. Мәселен, Өскемендегі казактардың ұлттық-әскери киімдерін киіп, қолына қылыш ұстап, атаман Ермактың тойын бірнеше жыл бойы тойлап келгенін айтуға болады. Бұл - Конституцияны тікелей бұрмалап, бұзу. Егер де прокуратура органдары өз жұмысына мүдделі болып, Ата заңды сыйлататын болса, мұндай мәселелерге өзінің құқықтық бағасын беруі тиіс. Қажет болған жағдайда, мұны жасаған ұйымдардың басшыларын жауапқа тартып, керек болса, айыппұлын төлетіп немесе ұйымдарын жабуға дейін мүмкіндігі бар. Яғни ұлт қауіпсіздігі мен сұраныстарына байланысты мемлекеттік органдар тарапынан түсіністік пен ішкі патриотизм жетпей жатқан сияқты. Ал қазақстандықтар қазақ болуға дайын ба деген сұрақ та туындайды. Жалпы, Қазақстан деген ұғым - қазақ елі дегеннің парсыша баламасы ғой. Яғни қанша жерден қандай да бір идеологиялық бағытты ойдан шығарсақ та, халықтың басым бөлігі өзін «қазақстандықпын» деп емес, «қазақпын» деп санайды. Бүгінгі күні өзін «қазақпыз» дейтіндердің саны 70 пайызға жақындап қалды. Яғни 70 пайыз халықтың санасын өзгерту оңай ма, әлде қалған 20-30 пайыз халықтың санасын өзгерту оңай ма?! Болашақта біз қандай модельді таңдаймыз? Шын мәнісінде, ұлттық мемлекет дегеніміз - мемлекет құрудың ең тиімді әрі бүкіл әлемде жақсы тәжірибесі бар, өзінің көп пайдасын беріп жатқан модель деп есептеледі. Ал бүгінде билік ұсынып отырған мультимәдени модельдің болашағы қалай болар екен?! Мәселен, қазір осыған орай Германияда қаншама дау шығып жатыр. Яғни, сол елдің ең мықты саясаткерлерінің өздері «кезінде елімізге түріктер мен өзге де этностарды кіргізгеніміз қате болыпты» деп мойындап жатыр. Сондықтан Еуропаның көптеген елдерінде оңшыл-ұлтшыл күштер сайлауда еселеп күш жинап келеді. Яғни қалай болғанда да, ұлтшылдықпен ұлттық мемлекет ретінде қалыптасып жатқан елдер баршылық. Керісінше, кемеліне жеткен ұлт жақсы мемлекетке айналады. Мемлекет пен ұлт - бір-бірімен пара-пар ұғымдар. Осы тұрғыдан алсақ, биліктегі азаматтар әлемдік тәжірибеге қарап, Қазақстан мен әлем тарихын жетік меңгеріп, осындай ап-айқын, түсінікті нәрселерге басын қатырмай, дүниежүзінде жоқ формулаларды ойлап таппай-ақ, халықтың көпшілігінің сұранысынан туындайтын тарихи, саяси модельдерді іске асыру қажет. Ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Смағұл Елубай тұжырымы бойынша, түптеп келгенде, жалпыұлттық идеология мен ұлттық идеология бірдей мәселе. Ұлттық идеология дегеніміз - мемлекеттік идеология. Сондықтан ұлттық идеология барша Қазақстанның идеологиясы болуы керек. Бұл жерде басқа идеологияға орын жоқ. Егер де біздің мемлекетіміз айқын, нақты саясат жүргізсе, әрі Ата заңда мемлекеттік тілді әрбір Қазақстан азаматы біліп, игеруге тиіс деген талап қабылданса, онда ел азаматтарының бәрі де қазақ тілін үйренуге міндетті болады. Ал ел азаматтары қазақ тілін үйренгеннен кейін оның ұлты орыс па, ұйғыр ма, оның мемлекет үшін соншалықты мәні болмайды. Әрбір адам мемлекеттің рухани символы - мемлекеттік тілді біліп, мемлекеттік патриотизмге бөленіп, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуі керек. Мемлекеттің талап ететіні осы ғана деген орынды ойын орамдайды.

Ендігі кезекте біздің идеолгтарға ынтымақ-бірлік өте маңызды. Бірінің идеясын екіншісі мойындағысы келмейтін қоғам өмір сүріп отырған бар идеяны құрбан етеді деп неміс идеологы Ф.Ницше айтыпты. Кейбір идеологтар «Тәуелсіз Қазақстан» сөз тіркесін айта беруіміз құлдық психологиядан арыла алмағанымызды аңғарта береді. Сондықтан Қазақстан мемлекеті немесе Қазақ елі деп мығым да батыл айтатын уақыт жетті дегенді айтады. Міне, ұлттық идея осындай нәзік дүние болса керек. Мұны ұлтшылдық деп түсінбеуіміз керек, бұл – мемлекеттілік.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет