Бағалау критерийлері және ойлау дағдыларының деңгейлері. Дескрипторлар



бет1/11
Дата26.08.2020
өлшемі41,52 Kb.
#76978
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
су


Тапсырма әзірлеу кезеңдері.

Бағалау критерийлері және ойлау дағдыларының деңгейлері . Дескрипторлар.
Сәлеметсіздер ме, құрметті әріптестер!

Бүгін біз бағалау құралдарын әзірлеу процесін қарастырамыз. Бағалау критерийлерін анықтау, оларды ойлау дағдыларының деңгейіне сәйкестендіру, тапсырмаға дескрипторлар құрастыру және бағалау тапсырмаларын әзірлеу кезеңдерінің мазмұнын талқылаймыз.



Критериалды бағалау технологиясы білім алушылардың жетістіктерін олардың оқу материалын қалай игергенін, практикалық дағдысы қалай қалыптасқанын анықтауға мүмкіндік беретін нақты анықталған, алдын ала белгіленген критерийлермен салыстыруға негізделген.

Тапсырма құрастыру барысында қамтылатын оқу материалының мазмұны мен көлемі бағалау түріне, яғни, қалыптастырушы немесе жиынтық бағалау өткізуге байланысты ерекшеленеді:



  • қалыптастырушы бағалау мақсатында оқушыларға оқу материалын меңгеруде дер кезінде нақты көмек көрсету үшін ықшам мазмұнды қамтитын тапсырмалар әзірлеу;

  • жиынтық бағалау үшін тапсырмада оқушылардың оқу бағдарламасының нақты бөлімін меңгеру деңгейін көрсетуге мүмкіндік беретін оқу материалын қамту;

  • жиынтық бағалау тапсырмасы мазмұнында оқушының белгілі бір оқу кезеңдегі межеленген оқу нәтижелеріне қол жеткізгенін көрсететін және соны растауға мүмкіндік беретін оқу мақсаттарын қамту.

Слайдта бағалау құралдарын әзірлеудің жалпы сызбасы көрсетілген.

Бағалау тапсырмаларын әзірлеу тәсілдері бағалау түрлері мен бағалау процедураларының талаптарына, пәннің мазмұны мен оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты ерекшеленуі мүмкін.

Бағалау түріне сараланған көзқарас бағалау тәжірибесінің оқушылардың оқуына тигізетін әсерін талдауға мүмкіндік береді. Оқыту мен бағалауды ықпалдастыру барысында келеңсіз жағдайларға жол бермеген дұрыс. Яғни бағалау оқушылардың жаттанды білім қалыптастыруына, материалдың мазмұнына бойламай, ақпаратты қарапайым есте сақтауға әдеттендірмеуі керек.

Қалыптастырушы бағалау процесін білім алушылардың қажеттіліктеріне сәйкес және тиімді жоспарлау үшін мұғалімге оның формасын, мазмұнын, жиілігін, сондай-ақ қалыптастырушы бағалау құралдарын өз бетінше анықтау мүмкіндігі беріледі. Мұғалім оқу процесінде және қалыптастырушы бағалау барысында пәннің оқу бағдарламасындағы барлық оқу мақсаттарын қарастыруы қажет.

Қалыптастырушы бағалаудың тапсырмаларын өз бетінше құрастыру үшін мұғалімге келесі қадамдарды ұсынуға болады:

Алдымен: пәннің оқу бағдарламасымен, оқу жоспарымен танысу, оқу мақсаттарына талдау жасау;

Екінші: таңдалған оқу мақсаты бойынша Блум таксономиясына сүйеніп бағалау критерийлерін құрастыру;

Үшінші: тапсырма құрастыру кезінде саралауды қамтамасыз ету үшін бағалау критерийлерін ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкестендіру;

Осыдан кейін бағалау критерийлері мен ойлау дағдылары деңгейлеріне сәйкес тапсырмалар құрастыру;

Соңында әр тапсырмаға оның орындалу кезеңдерін сипаттайтын дескрипторлар құрастыру.

Мұғалім тапсырманы оқу мәнмәтінін, оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып таңдайды немесе құрастырады.

Қалыптастырушы бағалау білім алушылардың оқыту мақсатына жету мониторингін жүргізу және орындалған үй жұмысы мен педагогтің жазбаша түрдегі (дәптерге немесе күнделікке) немесе ауызша ұсынымдарының қорытындысын ескере отырып, сараланған жұмыстарды одан әрі жалғастыру үшін жүргізіледі. Қалыптастырушы бағалауға қатысты білім алушылардың саны мен кері байланыс беру жиілігін педагог өзі анықтайды.

Жоғарыда келтірген алгоритмге негізделетін болсақ, тапсырманы әзірлеудің 1-кезеңі оқу бағдарламасын, нақтырақ айтқанда пәннің ұзақ мерзімді жоспарын талдаудан басталады. Тақырыптар аясындағы оқу мақсаттарына талдау жасап, қандай пәндік білім-біліктер мен пәнүсті дағдылар күтілетін нәтижелер ретінде қарастырылғаны және бағаланатыны анықталады.

Танымдық саладағы оқу мақсаттарының Блум таксономиясы бойынша жіктелуі бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және сараптау процесінде кеңінен қолданылады. Бастапқы және түзетілген Блум таксономиясы оқуды күрделілік деңгейінің өсуі бойынша алты танымдық деңгейге бөледі. Әрбір жоғары деңгей алдыңғы деңгейде меңгерген дағдыларға негізделеді. Оқу мақсаттарын Блум таксономиясы бойынша жіктеуде бағалау критерийлерін құруда мұғалім басшылыққа алатын зат есім мен етістіктерді дұрыс қолдану маңызды. Етістік қол жеткізу көзделетін танымдық санатқа немесе деңгейге, ал зат есім оқушының меңгеріп, көрсетуі тиіс тапсырманың түріне бағытталуы тиіс. Келесі слайдта көрсетілген кестелерде күрделілік деңгейінің өсуіне сәйкес танымдық процестің мазмұны көрсетілген.

Танымдық процесс «білім» деңгейінде «Оқушы ақпаратты есіне түсіре ала ма?» деген сұраққа жауап береді. Мысалы, тізім құру; терминдерді, оқиға мерзімдерін, формулаларды анықтау; ұғымдарды атау; тізімді белгілеу, теореманы айту.

«Түсіну» деңгейінде «Оқушы идея мен мазмұнды түсіндіре ала ма?» деген сұраққа жауап береді. Мысалы, ұғымдарды санатқа жіктеу; материалды қорытындылау; әрекеттерді сипаттау; көзқарастарды, сипаттамаларды салыстыру.

«Қолдану» деңгейінде «Оқушы ақпаратты таныс жағдайда немесе жаңа мазмұнда қолдана ала ма?» деген сұраққа жауап береді. Мысалы, қағидатты қолдану; процедураларды орындау немесе енгізу.

Танымдық процесс «Талдау» деңгейінде «Оқушы берілген көлемді ақпаратты бөліктерге жіктеп, олардың әрқайсысының мазмұнын немесе олардың бір-бірімен байланысын анықтай ала ма?» деген сұраққа жауап береді. Мысалы, реттілігін зерттеу, нәтижені болжау.

«Бағалау» деңгейінде «Оқушы өз ойын, қабылдаған шешімін негіздей ала ма?» деген сұраққа жауап береді. Мысалы, өз таңдауын, жасаған қорытындысын сипаттау; бағаны, әрекетті тексеру; баламасын, негізгісін, ерекшесін таңдау.

«Жинақтау» деңгейінде «Оқушы жаңа идея, көзқарас, жаңа тәсіл немесе жаңа өнім ұсына ала ма?» деген сұраққа жауап береді. Мысалы, зерттеу жұмысын немесе жаңа идея, теория әзірлеу; жаңа мүмкіндіктер ұсыну; тың идеялар ойлап шығару.

Бұл оқу мақсаттарына сәйкес күтілетін нәтижені қалай жоспарлауға және оған сәйкес бағалауды қалай жүргізуге болатынын көрсетеді. Оқу мақсаттары мен бағалау түрі Блум таксонмиясының бірнеше деңгейін қамтуы мүмкін. Бұл оқу мақсаттарының бірнеше танымдық деңгейге қатысты болуымен байланысты және бағалау процесі де соған сәйкес жүреді.

Кезекті слайдта білімді меңгеру процесі көрсетілген және ол келесі санаттармен сипатталады:

Фактологиялық білім - Оқушыға таныс болуы немесе оқушы білуі тиіс негізгі терминдер мен фактілер.

Концептуалдық білім - Базалық фактілердің арасындағы өзара байланыс, мысалы, санаттық жіктелімдер, модельдер, теориялар.

Процедуралық білім - Тәжірибелік білім, дәлелдеулер мен тәжірибе жұмыстарын жасау, өлшеу.

Метатанымдық білім - Өзін-өзі танудан бастап басқа адамдардың ойлау процесін түсіну және хабардар болу.

Бағалау критерийлерін дұрыс құрастыру, яғни оқушының оқу әрекетінде не бағаланатынын нақты белгілеу үшін мұғалімнің білім категорияларын түсінуі және ажырата білуі ерекше маңызды.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет