Бағдарламасы «Дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша пәндерді оқытудың әдістемесі»



бет2/8
Дата19.02.2017
өлшемі1,67 Mb.
#10717
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8

Дәріс 6: «Мектеп жасындағы оқушылардың дене тәрбиесінің негіздері»

Дәрістің мақсаты: мектеп жасындағы оқушылардың дене тәрбиесінің негіздерін білу.

Тақырып бойынша сұрақтар:


  1. Мектеп жасындағы балалардың дене тәрбиесінің маңызы мен міндеттері.

  2. Мектеп жасындағы балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты дене дамуы мен дене қуаты дайындығы

Тақырыптың қысқаша мазмұны:

Мектеп жасындағы балалардың денсаулығына, дене қуаты дайындығына, өмірге қажет әр түрлі қозғалыс шебердігі мен дағдысының қалыптасуына дене тәрбиесінің маңызы өте зор. Мектеп жасындағы оқушылардың дене тәрбиесінің міндеттері: сауықтыру міндеттері, білім беру міндеттері, тәрбие беру міндеттері. 1. Өмірге қажетті қозғалыс шеберлігі мен дағдысын қалыптастыру және жетілдіру. Оқушылардың қалыптастыру керек қозғалыс шеберлігі мен дағдылары мынандай бес топқа бөлінеді (З.И.Кузнецов, 1968): 1) адамға кеңістікте қозғалуға көмектесетін қозғалыс шеберлігі мен дағдылары. Олар: жүру, жүгіру, суға жүзу, шаңғы тебу; 2) адам қозғалғанда оның денесін басқаруға керек дене қалыптары мен тұрыстарының дағдылары. Олар: негізгі тұрыс, бастапқы қалып, әр түрлі дене қалыптары, тұрыстары, саптық жаттығулар және т.с.с.; 3) әр түрлі қозғалыстарды спорттық құралдармен орындау дағдылары. Олар: доптармен, скакалкалармен, гантельдермен, гимнастикалық таяқтармен орындаулар; 4) қол, аяқ қозғалыстарын дененің басқа мүшелерінің қозғалыстарымен үйлестіре басқара білу дағдылары. Олар: аунап түсулер, ілініп тұрулар, жоғары көтерулер, тірелулер, тепе – теңдік сақтаулар; 5) Қолдан жасалған кедергілерден өтуді қамтамасыз ететін кешенді қозғалыстарды орындайтын дағдылар. Олар: тіреле секірулер, өрмелеулер, ұзындыққа және биіктікке секірулер;

2. Дене мәдениеті мен спорт саласында керекті білімді қалыптастыру. Оқушылар білуі керек: 1) дене тәрбиесі жаттығуларының ережелері мен жолдарын; 2) ағзаның негізгі жүйелеріне дене тәрбиесі жаттығуларының әсерін; 3) өз бетімен жаттықтырулардың ережелері мен әдістерін; 4) дене жаттығулары сабақтары, жаттықтырулары кезіндегі өзін - өзі бақылаудың негізгі тәсілдерін; 5) жанұядағы дене тәрбиесінің рөлін;

Мектеп жасындағы балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты дене дамуы мен дене қуаты дайындығы. Ғалымдардың дәлелдеулерінше осы кезеңдегі негізгі денсаулық белгісі - оқушылардың дене дамуы. Балалардың бойы мен салмағына қарап олардың өмір сүру жағдайы мен сыртқы ортаның бала ағзасына жағымды, жағымсыз әсерін білуге болады. Балалардың бойы мен салмағы олардың денсаулықтарын анықтайтын санитарлы – гигиеналық, дәрігерлік – қоғамдық көрсеткіш болып табылады.

Мектеп оқушыларынан жылына екі рет, қыркүйек, мамыр айларында алынатын, олардың дене қуаты дайындығы деңгейін көрсететін сынақ жаттығулары. Осы көрсеткіштер бойынша оқушылардың дене қуаты қасиеттерінің даму деңгейін анықтап, келешек жұмыстарға өзгерістер енгізуге болады. Бұл стандарттық сынақ жаттығулары қарапайым және дене қуаты деңгейі туралы көп ақпараттар береді. 1. 1000 м жүгіру. Сынақ жаттығуы төзімділік деңгейін анықтауға арналған. 2. 10 м 5 рет қайталап жүгіру. Сынақ жаттығуы жылдамдық және ептілікті бағалауға арналған. 3. Кермеде тартылу (ер балалар). Сынақ жаттығуы қол мен иық деңгейінің күш төзімділігін бағалауға арналған. 4. Кермеде салбырай асылу (қыз балалар). Сынақ жаттығуы қол мен иық деңгейінің статикалық күш төзімділігін бағалауға арналған. 5. Шалқалап жатқан қалыпта 30 сек бойы кеудені көтеру. Сынақ жаттығуы кеудені көтеру бұлшық еттерінің күшін бағалауға арналған. 6. Отырған қалыптан алдыға еңкею. Сынақ жаттығуы омыртқа мен жамбас-сан буынының икемділігін өлшеуге арналған.

Өзін-өзі бағалауға арналған тапсырмалар:



    1. Мектеп жасындағы балалардың дене тәрбиесінің міндеттері.

    2. Білім беру міндеті, оған сипаттама

    3. Мектеп жасындағы балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты дене дамуы.

    4. Оқушылардың дене қуаты дайындығы

Әдебиет: негізгі [1-8]

қосымша [2,4,6]


Дәріс 7: «Сабақ - мектептегі негізгі оқу түрі»

Дәрістің мақсаты: мектептердегі дене тәрбиесі жұмыстарының түрлерін, дене тәрбиесі сабағының мазмұны, құрылымын және сабақ өткізу негіздерін студенттерге үйрету.

Тақырып бойынша сұрақтар:

1. Мектептегі дене тәрбиесі жұмыстарын ұйымдастыру түрлері.

2. Дене тәрбиесі сабағы, сабақтың құрылымы мен мазмұны.

3. Дене тәрбиесі сабағына мұғалімнің даярлығы.

4. Сабақтарды жүйелеу.

5. Денсаулығы нашар оқушылармен дене тәрбиесі жұмысын жүргізу.

Тақырыптың қысқаша мазмұны:

Мектеп оқушыларының дене тәрбиесі және спорт жұмыстары арнайы ұйымдастырылған екі түрде жүргізіледі. Ол дене тәрбиесі сабағы және басқа жаттықтыру жұмыстары деп аталады. Дене тәрбиесі үрдісін орындайтын негізгі түр – дене тәрбиесі сабағы. Дене тәрбиесі сабағы мұғалімнің басшылығымен, арнайы мемлекеттік бағдарлама, белгіленген сабақтар кестесі бойынша, 1-11 сынып оқушыларына міндетті түрде жүргізіледі.

Жаттықтыру жұмыстары оқушылардың қозғалыс белсенділіктерін жоғарылату, денсаулықтарын нығайту, дене жаттығуларына деген қызығушылықтарын арттыру, жаттығулардың ағзаға керектігін қанағаттандыру мақсатында төмендегідей топтарға бөлініп жүргізіледі. Олар: 1. Күн тәртібі ішіндегі сауықтыру жұмыстары. 2. Сыныптан тыс дене тәрбиесі және спорт жұмыстары. 3. Мектептен тыс дене тәрбиесі және спорттық жұмыстар. 4. Жанұяда орындалатын дене тәрбиесі жаттығулары.

Оқу сабағы жалпы білім беретін мектептерде басқа пәндермен қатар сабақтар кестесі бойынша аптасына үш рет жүргізіледі. Дене тәрбиесі сабағының бір-біріне байланысты сабақтың мазмұны және сабақтың құрылымы деген екі түрі болады.

Мұғалімнің сабақ өткізуге дайындалуы. Сабақтың ойдағыдай өтуі, мұғалімнің жақсы даярлығына байланысты. Дайындық 12 түрлі дайындық іс-әрекеттері арқылы орындалады.

Барлық сабақтар мазмұнына байланысты құрама және пәндік сабақтар деп екі үлкен топқа бөлінеді. 1. Пәндік сабақтардың негізгі бөліміне оқу бағдарламасында берілген бір спорт түрінің негізгі жаттығулары кіргізіледі. Мысалы, шаңғы спорты, гимнастика, спорт ойыны волейбол ж.т.с.с. 2. Құрама сабақтарда, бір сабақтың негізгі бөліміне әртүрлі спорт түрлерінің негізгі жаттығулары кіргізіледі. Пәндік және кұрама сабақтар орындайтын міндеттеріне байланысты оқу, жаттықтыру, бақылау, құрастырылған сабақтар деп бөлінеді.

Денсаулықтары және дене қуаты дайындығы деңгейіне байланысты мектеп оқушылары үш топқа бөлінеді: негізгі, дайындық және арнайы. Арнайы дәрігерлік топтардың негізгі жұмыс міндеттері: денсаулықты нығайту, тыныс алу органдарының жұмыстарын жақсарту, ағзаны шынықтыру, дене қуаты жұмыс қабілеттілігін, дене тәрбиесі жаттығулары арқылы ақыл-ой жұмыс қабілеттілігін жоғарылату, ағзаның ауырудан әлсіреген дене қимылы белсенділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар теориялық білім беру және қимыл ептілігі мен дағдысын меңгеру жұмыстары жүргізіледі

Өзін-өзі бағалауға арналған тапсырмалар:



  1. Мектептегі дене тәрбиесі жұмыстарын ұйымдастыру түрлері.

  2. Сабақтарды дене тәрбиесі бағыты бойынша топтау.

  3. Сабақтарды мазмұны мен міндеттеріне байланысты топтау.

  4. Дене тәрбиесі сабағының құрылымы мен мазмұны.

  5. Дене тәрбиесі сабағының бөлімдері, сипаттама.

  6. Дене тәрбиесіндегі үй тапсырмасы, оның маңыздылығы.

  7. Дене тәрбиесі сабағына мұғалімнің даярлығы.

  8. Денсаулығы нашар балалардың дене тәрбиесі.

  9. Денсаулығы нашар балалармен сабақтар жүргізу ерекшеліктері

Әдебиет: негізгі [1-8]

қосымша [1,2,4,6]


Дәріс 8: «Дене тәрбиесі сабағын педагогикалық бақылау, бағалау»

Дәрістің мақсаты: дене тәрбиесі сабағын талдау, бағалау түрлеріне, оны ұйымдастыру жолдарына студенттерді үйрету.

Тақырып бойынша сұрақтар:

1. Дене тәрбиесі сабағының тығыздығы.

2. Дене тәрбиесі сабағында жүктемені мөлшерлеу.

3. Сабақты талдау, бағалау

Тақырыптың қысқаша мазмұны:

Дене тәрбиесі сабағының тығыздығы, ол оқушыларға мұмкіншілік болғанынша көбірек жаттығулар орындату, оларды бос, тыныштық күйінде көп болдырмау. Дене тәрбиесі мен спорт тәжірибесінде сабақтың жалпы және қозғалтушы тығыздығы болады. Сабақтың бүкіл ұзақтығы кезінде педагогикалық тұрғыдан дұрыс пайдаланылған уақытты сабақтың жалпы тығыздығы дейміз. Педагогиқалық тұрғыдан дұрыс пайдаланылған уақытқа жататындар: дене тәрбиесі жаттығуларын орындау, мұғалімді тыңдау, көрсетілген жаттығуды бақылау, түсінгенді ұғыну, сабақ өтер орынды дайындау, тынығу және т.б. Педагогикалық ақталмаған уақытқа жататындар: мұғалімнің немесе оқушылардың сабаққа кешігуі, снарядтарға ауысқан кездерде болатын ұзақ бос тұрып қалушылықтар, тәртіп бұзуға байланысты үзілістер, құрал-жабдықтардың істен шығуы, мұғалімнің спорт залдан себепсіз шығуы және т.б.

Сабақтың жалпы үзақтығы кезінде дене тәрбиесі жаттығуларын орындауға кеткен уақытты қозғалтушы тығыздық дейміз. Қозғалтушы тығыздық сабақтың негізгі бір өнімділігін. сапасын көрсететін көрсеткіш.

Дене тәбиесі сабағында жүктеме мөлшерін анықтау, тамыр соғысын өлшеу, тіркеу хаттамасын жүргізу. Ол үшін сабақта белсенді, тәртіпті, дене тәрбиесі сабағында орташа үлгіретін бір оқушының тамыр соғуын әрбір 3-5 минут сайын 9-16 рет есептеп, хаттамаға тіркеп отырамыз. Әрбір 3 минут сайын тамыр соғысын өлшеулер орындалып, хаттама толық толтырылып, сабақ біткеннен кейін біз алынған мәліметтер бойынша оқушы ағзасындағы физиологиялық жүктеме өзгерістерінің қисық сызықтары графигін сызамыз.

Дене тәрбиесі мұғаліміне педагогикалық талдау және бағалау екі түрлі мақсатта қажет болады. Бірінші - өзінің сабақ беруін, қандай дәрежеде бере алатынын бағалау, қандай мәселелерге назар аудару керек екенін білу. Екінші - әріптестерінің сабақ өткізулерін талдау, бағалау. Қазіргі кезде мектеп мұғалімдері білетін бірнеше педагогикалық сабақ талдау әдістері бар, ол әдістер көптеген әдебиеттерде жазылған. Соның бірі дене тәрбиесі сабағының гистограммасы ең бір оңай, дене тәрбиесі сабағының қалай өткенін тез анықтайтын әдіс.

Өзін-өзі бағалауға арналған тапсырмалар:



  1. Дене тәрбиесі сабағының тығыздығын анықтау.

  2. Тығыздықтың түрлері, анықтау жолдары.

  3. Сабақта жүктемені мөлшерлеу.

  4. Жүктемені мөлшерлеу хаттамасын толтыру.

  5. Жүктеме қисық сызығы графигін сызу.

  6. Дене тәрбиесі сабағын педагогикалық талдау.

Әдебиет: негізгі [1-8]

қосымша [1,2,4,6]


Дәріс 9: «Мектептегі дене тәрбиесі жұмысын жоспарлау»

Дәрістің мақсаты: дене тәрбиесі жұмыстарын жоспарлау түрлеріне, жолдарына студенттерді оқыту, үйрету.

Тақырып бойынша сұрақтар:

1. Дене тәрбиесі жұмыстарының жалпы жылдық жоспары.

2. Оқу ағымының жылдық жоспар графигі.

3. Тоқсандық және әрсабақтық оқу жоспары.

4. Сабақтың жоспар – конспектісі.

Тақырыптың қысқаша мазмұны:

Жалпы білім беретін мектептердегі жоспарлау құжаттары: жалпы дене тәрбиесі және спорт жұмыстары жоспары және дене тәрбиесі сабақтарының жоспары деп екіге бөлінеді. Оны дене тәрбиесі мұғалімі оқу жылының басталуына дейін құрастырады. Жалпы жылдық жоспар мынандай бөлімдерге бөлінеді: 1. Ұйымдастыру жұмыстары. 2. Оқу жұмыстары. 3. Күн тәртібіндегі дене тәрбиесі сауықтыру шаралары. 4. Сабақтан тыс уақыттардағы спорттық көпшілік жұмыстары. 5. Үгіт- насихат жұмыстары. 6. Дәрігерлік бақылау және тазалық тексерулер. 7. Шаруашылық жұмыстары. Осы дене тәрбиесі және спорттық жұмыстардың жылдық жоспарын жалпы білім беру мектептеріндегі дене мәдениеті ұжымының төрағасы мектеп директоры бекітіп, оның жұмыстарын ұжым кеңесі, барлық ұжым мүшелері біріге, жұмыла орындаулары керек.

Мектептегі дене тәрбиесі сабағының жоспарлары төрт түрге бөлінеді: 1. Дене тәрбиесі сабақтарының жылдық жоспар кестесі. 2. Тоқсандық жоспар кесте. 3. Әрсабақтық жоспар. 4. Жоспар-конспект.

Өзін-өзі бағалауға арналған тапсырмалар:


  1. Дене тәрбиесіндегі жоспарлау.

  2. Мектептің оқу бағарламасы.

  3. Дене тәрбиесі жұмыстарының жалпы жылдық жоспарын құрастыру.

  4. Оқу ағымының жылдық жоспар графигін құрастыру.

  5. Тоқсандық оқу жоспары, оны құрастыру технологиясы.

  6. Әрсабақтық оқу жоспары.

  7. Сабақтың жоспар – конспектісі, оны құрастыру.

Әдебиет: негізгі [1-8]

қосымша [1,2,4,6]
Дәріс 10: «Дене тәрбиесі жұмысындағы бақылау және есепке алу»

Дәрістің мақсаты: дене тәрбиесі жұмыстарын бақылау және еске алу түрлерін студенттерге оқыту.

Тақырып бойынша сұрақтар:

1. Бақылау және есепке алу жұмыстарын ұйымдастыру.

2. Мектептің бақылау және есепке алу құжаттары.

3. Мектептің дене мәдениеті ұжымы.

Тақырыптың қысқаша мазмұны:

Дене тәрбиесі жұмысын дұрыс жақсы ұйымдастыру үшін, жұмысты орнықты орындау үшін, орындаған жұмыстарды бақылау және есепке алуға, тіркеу жүргізуге өте үлкен мән беруіміз қажет. Бақылау, есепке алу, тіркеу оқу және сыныптан тыс жұмыстардың дұрыс орындалғанын білуге, оқу үлгірімін бақылауға көмектеседі. Мектеп тәжірибесінде есепке алу мен бақылау үш кезеңнен тұрады. Олар: алдын - ала есепке алу, ағымдық есепке алу және қорытынды есепке алу. Есепке алу жүйесінде жоғарда айтылған негізгі түрлерінен басқа статистикалық, бухгалтерлік, қолма-қол тексеру түрлері қолданылады. Негізгі есеп алу құжаты мектеп сынып журналы болып есептеледі.

Сыныптан тыс жұмыстарды есепке алу, олардың орындалуын бақылау үшін басқа жұмыс дәптері жүргізіліп, орындалғаны туралы белгілер қойылып отырылады. Есепке алу және бақылау құжаттарында дене тәрбиесі мамандарының саны, разряд орындағандар саны, спорт түрлерінен дайындаған төрешілер тізімі, жоспар орындалуы туралы мәліметтер, құрал-жабдықтар саны мен дұрыстығы, президенттік сынаманы тапсырушылар туралы мәліметтер жазылады. Осы көптеген жұмыстардың құжаттарын сауатты дұрыс жүргізу, толтыру, мектепке келген тексеру комиссияларына толық көрсете білу мақсатында біз барлық мектептегі жоспарлау, бақылау, есепке алу құжаттарын жеті топқа бөліп жүйеледік.

Дене мәдениеті ұжымның мүшелері мектеп мұғалімдері мен оқушылар. Дене тәрбиесі жұмыстарын ұжым мүшелері сайлаған кеңес басқарады. Ұжым кеңесінің төрағасы мектеп директоры. Ұжымның барлық жұмыстарын белгілейтін, ұйытқы болатын, жүргізетін дене тәрбиесі мұғалімдері. Дене мәдениеті ұжымы ең алдымен өзінің жылдық, тоқсандық жұмыс жоспарларын дұрыс ойластырып, құрастыруы қажет. Әрбір ай сайын өткізілетін ұжым кеңесінің отырыстарында осы жоспарлар, олардың орындалуы, адамдардың жауапершіліктері қатаң бақылануы, жұмыстары дұрыс бағаланулары керек. Мектептің дене мәдениеті ұжымының барлық құжаттарын дайындайтын дене тәрбиесі мұғалімі сауатты, білікті маман болуы қажет.

Дене мәдениеті ұжымының жалпы жиналысында мұғалімдер мен оқушылардың арасынан дене тәрбиесі мен спортқа қатысы бар, белсенді адамдар кеңес мүшелері болып сайланады. Кеңес құрамы 7-10 адам. Кеңес мүшелері арасынан төраға, төраға орынбасары, хатшы сайланады. Дене мәдениеті кеңесі жанынан көпшілік дене тәрбиесі, спорт шаралары, дене тәрбиесі белсенділерін дайындау, насихаттау және шаруашылық жұмыстарының комиссиялары құрылады.

Өзін-өзі бағалауға арналған тапсырмалар:



  1. Мектептегі бақылау және есепке алу жұмыстарын ұйымдастыру.

  2. Мектептің дене мәдениеті ұжымы, жұмыс сипаттамасы.

  3. Мектептің есепке алу және бақылау құжаттары.

  4. Үлгі ретінде берілген есепке алу құжаттары, оны жүйелеу.

Әдебиет: негізгі [1-12]

қосымша [1,2,4,6]
Дәріс 11: «Мектептегі сыныптан, мектептен тыс және күн тәртібі ішіндегі дене тәрбиесі жұмыстарын ұйымдастыру»

Дәрістің мақсаты: студенттерді сыныптан, мектептен тыс және күн тәртібі ішіндегі дене тәрбиесі жұмыстарын ұйымдастыруға үйрету.

Тақырып бойынша сұрақтар:

1 Сыныптан тыс жұмыстар, оларды ұйымдастыру.

2. Сыныптан тыс жұмыстарды жоспарлау.

3. Күн тәртібі ішіндегі сауықтыру шаралары.

4. Мектептен тыс дене тәрбиесі мен спорт жұмыстарының түрлері

Тақырыптың қысқаша мазмұны:

Мектептегі сыныптан тыс спорт, көпшілік спорт жұмыстарын ұйымдастыру. Жалпы білім беру мектептерінде жүргізілген дене тәрбиесі және спорт жұмыстарының көп жылдық тәжірибесі әрбір мектептердегі дене тәрбиесі сабағынан кейінгі негізгі жұмыс түрі - сыныптан тыс өткізілетін спорт, көпшілік спорт және сауықтыру дене тәрбиесі жұмыстары екенін көрсетті.

Сыныптан тыс жұмыстар төмендегідей түрлерге бөлінеді: 1. Спорт түрлерінен өткізілетін жаттықтырулар (секциялар). 2. Мектептегі жаттықтырулар ұйымдастарылған спорт түрлерінен өтетін жарыстар. Спорт түрлерінен өткізілетін жарыстарға оқушылардың тұрақты айналысып жүрген спорт түрлерінің жарыстары жатады. Ол жарыстар: мектепішілік біріншілік, басқа мектептің оқушыларымен жолдастық кездесулер, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық жарыстар т.б. жарыстар. 3. Президенттік сынама сынақтарына дайындық және сынама нормаларын тапсыру шаралары. 4. Жазғы және қысқы Президенттік көпсайыс. Президенттік көпсайыс спорт түрінің жарыстарына дайындық және оған қатысуға барлық оқушылар ат салысуы керек. 5. Спорт түрлерінен өткізілетін жарыстар. Оқушылар арасында кең тараған жалпы мектепішілік спорт түрлері жарыстары. 6. Туристік жорықтар, саяхаттар. Спорттық жорықтар, саяхаттар жергілікті жердегі тарихи орындарға, табиғаты жақсы жерлерге, тауларға, өзен, көлдерге бару, танысу, көру мақсатында бір, екі, үш одан да көп күндерге созылып өткізілуі мүмкін. Жорық кездерінде оқушылар ұзақ қашықтыққа жүк көтеріп жүру, әртүрлі кедергілерден өту, күрке (палатка) құру, от жағу, тамақ пісіру ж.т.б. жорық дағдыларын меңгереді. 7. Денсаулық топтары. Оқушылар мен мұғалімдерге арналған, денсаулықтарын нығайту, дене қуаты дайындығы деңгейлерін жоғарылату мақсатында жүргізілетін жаттықтырулар. 8. Спорт мерекелері. Оқу жылының ортасында, аяғында спортты насихаттау, дене тәрбиесі жұмысттарын қорытындылау, спортшыларды марапаттау, көңіл көтеру мақсатында жүргізілетін спорт кеші.

Жалпы білім беретін мектептерде сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру бір – бірімен тығыз байланысқан екі бағытта: көпшілік спортты дамыту және спортшылардың спорттық шеберліктерін жетілдіру бағытында жүргізіледі.

Сыныптан тыс спорт, көпшілік спорт жұмыстарын жоспарлаудың негізгі жоспарлау құжаты - көпшілік спорт шараларының жылдық күнтізбелік жоспары. Бұл жоспарды құрастырған кезде ауданның, қаланың жоспарын есепке ала отырып жасау керек. Жоспарды құрастырғанда оқу жылының басы қыркүйек айында өткізілетін жарыстардан бастап, оқу жылының аяғы мамыр айындағы қорытынды спорт мерекесіне дейінгі барлық спорттық шаралар қамтылуы қажет. Спорттық шаралар рет – ретімен өздерінің жүргізілетін кезеңдеріне байланысты құрастырылады.

Оқушылармен оқу күні ішінде жүргізілетін дене тәрбиесі – сауықтыру шаралары: сабаққа дейінгі гимнастика, сергектік сәттер, ұзартылған үзіліс кезіндегі дене тәрбиесі жаттығулары мен қозғалмалы ойындар.

Бұл жұмыстарды атқару мынандай міндеттерді орындауға көмектеседі: оқушылардың қозғалыстары белсендіріледі, денсаулықтарын нығайтылады, қимылдары жетілдіреді, әдемілендіреді, жаттығулардың керектігі туралы ұғынады, ақыл – ой және ағзаның жұмыс қабілеттіктері жақсарады, тәртіпке және ұйымшылдыққа деген дағдылары қалыптасады.

Мектептен тыс дене тәрбиесі және спорт жұмыстарын мектеп ұжымы оқушылардың ата-аналарымен бірігіп, аудандық, қалалық халыққа білім беру басқармалары ұйымдастырады. Мектептен тыс дене тәрбиесі жұмыстары әртүрі ұжымды мекемелерде, жұмыс орындардарында өткізіледі. Ол мекемелер: балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, жаздық сауықтыру лагерлері, еңбек сауықтыру лагерлері, стадиондар, дене мәдениеті сауықтыру кешендері, спорт клубтары, бассейіндер, спорт базалары, жергілікті тұрғын жерлердегі аула спорт клубтары. Бұл мектептен тыс жұмыстар, оқу және сыныптан тыс жұмыстарды толықтырады. Жаттықтыру түрлері әртүрлі болып келеді. Спорт түрлерін таңдауға балалардың мұмкішіліктерін кеңейтеді.

Мектептен тыс мекемелер көптеген мектептің оқушыларын біріктіріп жаттықтырады. Әрбір мекеменің өз педагогикалық ұжымы болады. Әр мекеме өзінің жұмыс істейтін бағыттарында оқушыларды үйрету, жетілдіру, тәрбиелеу жұмыстарын тиімді ұйымдастырады. Мекемелердің қызметші, педагогтар құрамы, бағдарламалар, ережелер бойынша балаларды оқыту, жаттықтыру, тәрбиелеу жұмыстарын жүргізеді.

Осы аты аталған мекемелердегі жұмыстар екі бағытта, ұйымдастырыла жүргізіледі:

1. Арнайы бағыт. Ол бағыт - спорт түрлері бойынша жоғары жетістіктерге жету бағыты. Бұл бағытта жұмыс істейтін мекемелер денсаулықтары мықты, дене қуаты дайындығы жоғары, тұрақты оқушылар контингентімен жұмыс істейді. Ол мекемелер: балалар, жасөспірімдер спорт мектебі (БЖСМ), олимпиадалық ізбасарлар спорт мектебі (ОІСМ), жоғарғы спорттық шеберлік мектебі (ЖСШМ), спорттық мектеп интернаттар

2. Жалпы немесе көпшілік бағыты. Бұл бағыттағы жұмыстар балалардың қозғалысқа деген табиғи қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жүргізіледі. Ол бағытта жұмыс істейтін мекемелердің ерекшеліктері, олар денсаулықтары жақсы, белгілі бір уақытта топтың құрамдары ауысып тұрган балалармен жұмыс істейді. Ол бағыттағы мекемелер: жазғы сауықтыру лагері, еңбек сауықтыру лагері, стадиондар, су станциялары, жас туристер станциялары, мәдениет үйлері мен спорттық сауықтыру кешендері, мәдени демалыс парктері, аула клубтары.

Өзін-өзі бағалауға арналған тапсырмалар:



  1. Мектептегі сыныптан тыс дене тәрбиесі және спорт жұмыстары.

  2. Сыныптан тыс дене тәрбиесі жұмыстарын ұйымдастыру.

  3. Күн тәртібі ішіндегі дене тәрбиесі сауықтыру жұмыстар

  4. Сыныптан тыс жұмыстарды жоспарлау.

  5. Мектептен тыс дене тәрбиесі және спорт жұмыстары.

  6. Балалар жасөспірімдер спорт мектебі.

  7. Сауықтыру лагерлеріндегі дене тәрбиесі жұмыстары

Әдебиет: негізгі [1-12]

қосымша [1,2,4,6]

Дәріс 12: «Оқушы және студент жастардың дене тәрбиесі»

Дәрістің мақсаты: студенттерді еліміздегі колледж, жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан оқушы, студент жастардың дене тәрбиесі жұмыстарымен таныстыру.

Тақырып бойынша сұрақтар:

1. Жоғарғы оқу орнындағы студенттердің дене тәрбиесі, мақсаты мен міндеттері, оларды ұйымдастыру.

2. Дене тәрбиесі сабақтарының түрлері мен мазмұндары.

3. Жоғарғы оқу орнының дене тәрбиесі кафедрасы мен спорт клубының жұмыстары.

4. Арнайы орта оқу орындарының колледжердің оқушыларының дене тәрбиесі.

5. Кәсіптік техникалық училищелердігі дене тәрбиесі және спорттық жұмыстары.

Тақырыптың қысқаша мазмұны:

Келешек жас маманның тұлға ретінде қалыптасуына, жан-жақты жетілуіне жоғары оқу орнында оқыған уақыты өте қатты әсер етеді. Келешек маманды кәсіптік жұмысына даярлайтын оқу –тәрбие жүйесіндегі әртүрлі пәндер қатарындағы дене тәрбиесі пәні мен спорттық-сауықтыру жұмыстарының маңызы өте зор. Жоғарғы оқу орнындағы дене тәрбиесінің мақсаты - жоғарғы дәрежелі мамандардың жан-жақты дайындығына өз үлесін қосу, жағымды әсер ету, көмектесу.

Студенттердің оқу үрдістері денсаулық күйлеріне, дене қуаты дайындығына, спорттық дәрежелеріне, келешек мамандықтарына байланысты жүргізіледі. Дене тәрбиесі жұмыстарын орындау жоғары оқу орнының дене тәрбиесі кафедрасы мен спорттық клубқа жүктеледі. Оқу жоспары және оқу бағдарламасы негізінде оқу үрдісін ұйымдастыруға жауапты дене тәрбиесі кафедрасы болып табылады. Көпшілік–сауықтыру және спорттық жұмыстарды дене тәрбиесі кафедрасы оқытушыларымен бірігіп оқу орнының спорт клубы жүргізеді.

Жоғары оқу орнындағы дене тәрбиесі сабағы мен жұмыстары барлық оқу ұзақтығы кезінде жүргізіледі. Ол жұмыстар мынандай түрлерге бөлінеді: оқу және жаттықтыру сабақтары, өз беттерімен жаттығулар, күн тәртібі ішіндегі дене жаттығулары, көпшілік-сауықтыру және спорт шаралары.

Дене тәрбиесі кафедрасы оқу сабақтары түрлеріне, сабақтың бағдарлама, оқу жоспары, кестесі арқылы өтуіне жауап береді. Жоғарғы оқу орнының факультеттерімен оқу жоспары негізінде оқу кестесін құрастыру, сабақ өткізілетін спорт залдарын белгілеу, сабақтың дұрыс жүргізілуін, оқу топтарының уақытында сынақ тапсыруларын қадағалау дене тәрбиесі кафедрасының міндеті. Өз бетімен жаттықтыру түрлерін, көпшілік-сауықтыру және спорттық шаралар түрлерін спорт клуб, дене тәрбиесі кафедрасының оқытушыларымен біріге тізе қосып жүргізеді. Жарыстарды өткізу, марапаттау, спорт түрлерінен разрядтар, атақтар беру, Республикалық жоғары оқу орындары арасындағы жарыстарға құрама команда дайындау, жарыстарға апару оқу орнының спорт клубының міндетіне жатады.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет