Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)



бет10/11
Дата23.10.2016
өлшемі1,89 Mb.
#50
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Тұрсын Жұртбай,

филология ғылымдарының докторы,

профессор

АБАЙ” РОМАНЫ ОСЫЛАЙ ЖАРЫҚ КӨРГЕН


1940 жылдың күзiнде Мұхтар Әуезов өзiнiң аңсарлы «Абай» романының соңғы нүктесiн қойып, еркiн тыныстап қалды. Қолжазбаның ортасынан асқанда-ақ бұл шығарма көлемi, көркемдiк құрылымы жағынан өзiнiң бастапқы ойынан мүлде өзге арнаға ауысқанын аңғарған. Жеке творчество иесi қақындағы желiден суыртпақталған өмiрлiк шындық қанатын кере жайып, халықтық сипат алып, тамырын тереңге тартты. Бара-бара ойды ой қозғап, қаламгердiң еркiне бағынбай, творчестволық түйсiк ерiксiз дегенiне көндiрiп тынады. «Телқара» деген жанама ат та өшiрiлiп, оның орнына «Абай» деп жазылады. Және ұланғайыр деректердiң астарындағы оқиғаларды көңiл елегiне екшегенде, айтылар ойының, қамтылар хикаяның екi кiтапқа да сыймайтындығын аңғарды. Ендi, iштей Абай өмiрiн үш кезеңге жiктеп, трагедия ретiнде аяқтауға ден қояды. Бұрын пәлендей зер салмаған деректердiң өзiнен оның қалқасында жасырынып жатқан мол емеуiрiндi байқады. Кейбiр көрiнiстердi анықтай түсу мақсатымен 1940 жылы қыркүйек-қазан айында Семейге тағы да барып, Абайдың әдеби-мемориальдық музейiнiң ашылуына қатысып, оның меңгерушiсi Әрқам Кәкiтайұлы Ысқақовқа тиiстi кеңес бере жүрiп, онан өзi де тың мағлұматтар жиып, бұрынғы мәлiметтердi салыстырады. Қайым Мұхаметхановпен мен бiрге архивке үңiлiп Абайдың өмiрi, оның орыс достары қақында деректердi iздестiредi. Оны табады да.

Iштей екiншi кiтаптың құрылымын көңiлге тоқи жүрiп, латын әрпiмен машинкаға басылған қолжазбаны баспаға ұсынады. Не бәрi қазақ тiлiнде он-ақ жыл «еңбек сiңiрген» бұл жүйе өзiнiң мiндетiн толық өтей алмады. Отызыншы жылдан ұлттық әрiп ретiнде қолданылған бұл жазудың ғұмыры ұзаққа созылмады. ғасырлар бойы мәдени мұраға араб әрпi ескiлiктiң қалдығы есебiнде ысырылып тасталды. Соның нәтижесiнде «ескiше хат танитындар» сауатсыздардың қатарына қосылды. Латын әрпiмен газет, журналдар, кiтаптар жарияланып тұрғанымен, халықтың қажетiн өтей алмады. Бұрынғы әдеби-мәдени мұраны, қолжазбаларды оқу мүмкiндiгiнен айрылды. Көпшiлiк қауым бәзбаяғы араб әрпiн пайдаланды. Тiптi, Мұхтар барлық шығармаларын, оның iшiнде «Абай» романын да сол әрiппен жазды. Ерiксiз Ыбырай Алтынсариннiң хрестоматиялық нұсқасына көшу туралы қаулы қабылданды. Ендi, араб, латын әрпiмен сауат ашқандар «кеменiң сыртында» қалды. Кезiнде бұл орфографиялық реформалар халық арасында көптеген қиыншылықтар туғызды. Ал қазiр, араб, латын әрпiмен жарияланған дүниелердi тарих кәдесiне жарату мүмкiндiгi тiптi азайып кеттi. Ол үшiн арнайы мамандығың болуы шарт. Алфавит өзгергенмен – қазақ тiлiнiң грамматикалық, морфологиялық заңдылығы сол күйiнше қалды. Әрiптi өзгерту арқылы тiл ғылымындағы «ескiлiктiң заңдылығын» түбiрiмен өзгерту әрекетi жүзеге аспады. Заманалар бойы шындалған тiл құдiретi бұзылмады.

Ол – мүмкiн де емес едi.

Желөкпе пысықтарды бұл «төңкерiсi» нәтижесiз аяқталғанымен, жалпы халықтың рухани өмiрiне, мәдениетiне, сауаттану жүйесiне қырсығын аз тигiзген жоқ. Соның салқыны «Абай» романына да кесiрiн келтiрдi. Ұзақ-ұзақ талқылаулардан соң роман латын әрпiмен терiлуге жiберiлдi. Сол мезетте жаңа қарып реформасы қабылданды. Iле соғыс басталды. Төтенше жағдайға байланысты бiраз кiтаптар жоспардан ысырылды. Әзер-әзер iлiнiп тұрған үмiт жiбi үзiлдi. Романның «көркемдiк, идеялық нысанасының уақыт талабына жауап бере алмауы, сай келмеуi себептi» белгiсiз мерзiмге кейiнге шегертiлдi.

Шындығына жүгiнгенде, мұның барлығы жай сылтау ғана болатын. Абайдың творчествосы мен жеке басы дау-дамайдан арашаланғанымен, оған әлi де күдiктене қарайтындар табылды. Екiншiден, «қарадан шыққан хан» – Құнанбайдың бейнесi, ұлттық салт-дәстүрдiң ашық бояуымен суреттелуi, «махаббат пен ғадауаттың» «ыстық жүрекпен» баяндалуы, ең бастысы, тыңыс-бедерi өзгеше тың дүниенiң өмiрге келуi – қысастықты да, қызғанышты да өршiттi.

Қуанышқа қарай, жақсыға жанашыр қашанда табылады. Тоқсан тараулы танымнан тарқаған көркемдiк ойлау жүйесiнiң жүлгесi де, үлгiсi де тарау-тарау. Баспа шешiмiнiң өктем үкiмiнiң қаталдығы және сөзсiз орындалатындығына сенiмнiң күштiлiгi сондай-ақ, дүниеде ұлы ақын Абай туралы тұңғыш романның бар екенi ұмытылып тынады. Тек, 1942 жылы 26 шiлде күнi «Социалистiк Қазақстан» газетiнде Бейсенбай Кенжебаев пен Қуандық Шаңғытбаевтың мақаласы шыға келгенде, ‰кiмшiлiк орындары да, Жазушылар Одағы да, «пәленше мен түгеншелер» де санын бiр-ақ соғады. Бейне «жердiң астынан жiк шығып, екi құлағы тiк шыққандай» таңданысып қалады. Алғашында бiр-бiрiне қарасып «Сен бiлдiң бе, сен рұқсат бердiң бе?» – десiп елеңдестi де, iстiң мәнiсi анықталғанда, тұра ұмтылысты.

Бiрақ, тым кешiгiп қалып едi. Соғыстың төтенше жағдайы барынша түйiлiп, сыбағасын беруге мүмкiндiк бермедi. Шығып кеткен кiтапты керi қайтарып, басып тастауға – қағаздың қат кезiнде баспаны орынсыз шығындатуға батпады. Аса беделдi әкiмдердiң беделi «ешқандай патриоттық тақырыпты қозғамайтын» бұл романды жоғарымен келiспей, өз бетiнше шығарғаны үшiн баспаның бас редакторы Бейсенбай Кенжебаевқа қатаң сөгiс жариялауға ғана жеттi. Iле майдандағы жауынгерлердiң, Бауыржан Момышұлы, Мәлiк Ғабдуллин сияқты аты аңызға айналған батырлардың пiкiрлерi мен хаттары жарияланып барып, дүмпу басылды. Бiрақ, араға сәл үзiлiс өткенде Бейсенбай Кенжебаев қызметiнен босатылды. Адал, ары таза, туған халқының рухани өмiрiнiң жанашыры Бейсекеңнiң екiншi үлкен өмiрi басталды. Университет профессоры жиырма жыл өткен соң қазақ әдебиетiнiң тарихын бес ғасыр «ары жылжытып», екiншi азаматтық ерлiк жасады. Сол ширек ғасыр аралығында – халықтың рухани мұрасын қалпына келтiру жолында неше түрлi құқайды көрдi. Арсыз арандатуды да, жазықсыз жаланы да, ашықтан ашық қорлауды да үнсiз қабылдап, ғылыми бағытынан танбады. Ақыры мұратына жеттi. Қазiр қазақ әдебиетiнiң тарихын ХI-ХIҮ ғасырдан, Қорқыт пен Асанқайғыдан бастау – ешқандай таңсық емес. Бiрақ та, ол үшiн бiр адам өзiнiң ғұмырын құрбан еткенiн есте ұстау парыз. Егерде, Бейсенбай Кенжебаевтың азаматтығы мен батылдығы болмаса «Абай» романының қашан шығатыны, тiптi шығу-шықпауы, жалғасының жазылу-жазылмауы неғайбыл едi. Шығарманың құндылығын бiле тұра, қасақана қысым жасалғанынан хабардар Б.Кенжебаев, екi-үш адамға ғана қысқаша тапсырма берiп, тәуекелге бел буады. «Сүйiншi» данасы келгенiнiң ертеңiнде орталық партия органына мақаланы жариялап жiберуi де әртүрлi тосқауылдың алдын алу мақсатынан туған. Аса жауапты партия қызметкерiнiң бiреуi Мұхтардың қыр соңына түскенiне қарамастан, халықтың пiкiрiне ашық қарсы шыға алмады. Алайда, екiншi, үшiншi, төртiншi кiтаптың жазылуы мен жариялануы тұсында «аңғалдық жасамады», барынша есесiн қайтаруға тырысты. Мақсатына түптеп келгенде жетпегенiмен, он бес жыл бойы Мұхтардың басына қамшы үйiрумен болды. Мiне, осындай сынақ сәтiнде Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсiрепов «Абайды» да, оның авторын да қолтығынан демеп, «судан алып шықты». Бiрақ та, Мұхтар мен Сәбиттiң арасындағы қарым-қатынас сол қиын қалпында қалды. «…Өзгеге қиса да өлiмге қимады» – деген мәтелдiң шындығына қос алыптың достығы мен араздығының жiкарасындағы құбылыс көз жеткiзгендей.

Бұл – тағдыр ұсынған тартыстың басы ғана едi. Қандай да қысастық көрмесiн «Абай» халқының қолына тидi. Мұхтар Әуезовтiң ұлы сапарға аттануына септiгiне серiктiгi де сай Бейсенбай Кенжебаев алғашқы нұсқаны ауруханада жатқанда апарып бередi. Сонда терезеден қарап тұрып, кiтаптың мұқабасын сипалай түсiп, екi көзiнен аққан жас кесек те келiстi бетiн жуып, моншақтай төгiлiп: «Ұмытпаспын» деп кемсеңдей жөнелiптi. «Тiрiлттiң... тiрiлттiң» дегенiн де Бейсенбай Кенжебаев естiптi. Бiрақ бұл сөздi осынау қарапайым, сырт көзге жұмсақ, ерекшелене бермейтiн, iшi – алтын, мақсаты жолында қарағаштай қатып қалған ғалым ешқашанда сыртқа шығарып, мақтанған емес. Ол үшiн – жай ғана кезектi мiндет, азаматтық парыз бұл. Аз сөйлеп, көп iс тындырған Бейсенбай Кенжебаевтың аруағына тағзым ете отырып, сол бiр мезет жөнiнде жазған естелiгiн ұсынамыз.

«Москва. 1941 жылдың басындағы бiр келуiнде Мұхтар да қуанышты едi. Кездесiп, әңгiмелесе бастағанымызда-ақ ол:

– Мен биыл бiр үлкен жұмыс бiтiрдiм. Абай туралы бiраз жылдан берi жазып жүрген романымның бiрiншi кiтабын баспаға бердiм. Бұған дейiн iрiлi-уақты бiраз шығарма жаздым ғой. Мына романым соның бәрiнен өзге, жазушылық қызметiмнiң бiр биiк белесi сияқты. Адам өзiнiң әр жұмысына, бiрiне аз, бiрiне көп дегендей, әр түрлi қанағаттанады, түрлiше риза болады ғой. Осы романыма айрықша бiр көңiлiм толғандай, – дегендi айтты...

1941 жылы мамыр айында мен Алматыға ауысып келiп Қазақтың Мемлекеттiк бiрiккен баспасының бас редакторы болып тағайындалдым да, дүние жүзiне мәшhүр болған асыл шығарманың алғашқы кiтабын дер кезiнде бастырып шығару борышына – ардақты борышына менiң де үлесiме тидi. Бұлай дейтiнiм, баршамызға мәлiм, сол жылы 22 шiлде күнi Ұлы Отан соғысы басталды да, баспаның жұмысын осы қаhарлы күндердiң зәру қажетiне ыңғайластыру мақсатымен және кейбiр жабдықтар мен қызметкерлердiң жетiспеу салдарынан, оның бұрынғы жоспары өзгертiлiп, бiраз шығармаларды тоқтата тұруға мәжбүр болдық. Бiрақ бiз, баспа қызметкерлерi, әрi ойласып, берi ойласып, романды ертерек шығару қажет деп таптық. Көп кiдiрмей машинкаға жаңа әрiппен қайта басқызып (кiтап алғашында ескi латын әрпiмен терiлген едi), баспаханаға жiбердiк.

Келесi 1942 жылы шiлде айында «Абай» баспадан шыққан күнi ол жөнiнде Қуандық Шаңғытбаев екеумiздiң мақаламыз да жарық көрдi. («Социалистiк Қазақстан», 26 шiлде, 1942 жыл).

«Абай» романын шығаруға менiң де бiраз еңбек сiңiргенiмдi Мұхаң байқап, маған өз кiтабының бетiне мынадай сөздер жазып сыйлады:

«Бейсенбайға!

Кiтаптың дүниеге шығуына еткен еңбегiң мен достық, iнiлiк көңiлiңдi айрықша сүйсiнiп бағалаған жүрекпен сыйлаймын.

Мұхтар. 31. ҮII. 42.»

Ұлы оқиға туралы естелiктiң ұзын-ырғасы осы ғана. Әрi қысқа, әрi нұсқа. Өзге бiреу болса – қалай шалқып, қалай көсiлемiн десе ретi келiп-ақ тұрған ұрымтал тұр. Өкiнiштiсi, келер ұрпаққа аса қажеттi көңiл-күй толғаныстары айтылмай қалуында. Алайда, ауа жайылып, орайы келгенде өзiн алға ұстау – Бейсекеңе жат. Мұхтарды сүйiндiрген де, «осы сен неге бiзге қарсы сөйлемейсiң, үндемей дымымызды құртып, iсiңдi тындыра бересiң» – деп өзгелердi күйiндiрген де – сол қарапайымдылығы мен қайсарлығы болатын.

Мiне, кейiпкер «Абай» «халық ата, халық анаға» осылай жол тартты.



Уәлихан Қалижан,

филология ғылымдарының докторы,

Қазақстан Республикасы Парламенті

Мәжілісінің депутаты
Көрегеннің көзі немесе профессор Бейсенбай Кенжебаев туралы бір үзік сыр
1969 жылдың қоңыр күзі еді. Профессор Бейсенбай Кенжебаевтың кезекті лекциясынан шыққанбыз. Курстастар болып, университет дәлізінде қысыр әңгімені соғып тұрғанбыз. Менің палуан болып, Еңбек резервтері командасында күресетін кезім. Тамаққа талон беретін. Мақсат ендігі лекциядан соң «Есік» қонақ үйі астындағы асханадан тоя тамақ ішу.

Осы кезде профессор Кенжебаевтың лаборанты келіп, сабақ біткеннен кейін Бейсекең жолықсын дегенін жеткізді.

Жігіттердің қабағы түсіп кетті. Досым (марқұм) Махмет Түменбаев:

- Талоныңды тастап жүре бер, - дейді «Примасын» будақтата сорып. Менің қарным да шұрылдайды. Дегенмен, дос көңілін тастау қиын. Сатыбалды Досымбеков пен Қанжан Әбдиев достарым да оны қуаттап тұр.

... Соңғы қоңырау соғылды. Достарым асханаға кетті. Мен амал жоқ бір қабат жоғары көтеріліп, Бейсекеңнің кафедрасына беттедім. Бірақ бұл шақыру менің бүкіл көзқарасымды өзгертіп жіберетінін қайдан білейін!

Профессор қағазға қадала қарап отыр екен. Көз қиығым түсіп еді, менің қисық-қисық жазуым. Жүрегім дір ете қалды. Не жазу екенін біле алмай тұрмын. Курстас достар сабақ үстінде бір-бірімізге бәдік өлең жазып жіберетініміз бар-ды. Соның бірі профессордың қолына түсіп, масқара болған жоқпын ба?

- Отыр, - деді Бейсекең алдындағы орынды нұсқап. Мен сықырлаған столға жайғастым.

- Мынаны аударған сенсің бе? – деді профессор естілер-естілмес. Енді көрдім. Профессор Канафиеваның арнайы аударма курсына қатысып, Салтыков-Щедриннің «Путем-дорогою» деген әңгімесін аударғанмын.

- Атын жақсы, балама аударыпсың: «Жол-жөнекей» нағыз қазақы ұғым. Маған ұнады.

- Рахмет, -деймін қызара-бозара.

- Бірақ бұл сала саған өмірлік азық бола алмайды, - деді сонан соң көзілдірігін көтеріп. Кірпікшешен шаштарын сипап-сипап қойды.

- Мені үйге дейін шығарып сал, - деді ұстазым қалың папкасын қолтығына қысып жатып.

- Мен ұстайын...

Біз сол кездегі Киров көшесін бойлап, орталыққа қарай аяңдай басып келеміз.

Аударма мәселесі керек-ақ шығар. Кәлсім Шәкірқызы сенің аудармаңды қарап көріңізші деп өтініш айтып еді. Ұнады. Бірақ сен бұдан гөрі маңыздырақ, бұдан гөрі қазақ әдебиетінің тарихына қажеттірек тақырыпты зерттегенің жөн болар деп шештім.

Біздің тарихымыз тұңғиық. Сонау Орхон - Енисей жазуларынан өз бастауын алады. Менің аспиранттарым сол тақырыптарды қаузай бастады. Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелері бар. Оларды діншіл, ескішіл, кертартпа ақындар деп тарихтан сызып тастадық. Ақмолла, Нұржан Наушабаев, Мақыш Қалтаев, Шәді төре Жәңгіров, тағысын тағылар. Ол ақындар өз уақытынан озған, діни схоластикадан бойларын аулақ салып, жәдитшілдікті, яғни қоғамдық пәндерді ден қоя оқытуды, ғылым, білімге үндеген қоғам қайраткерлері. Сондықтан да ол ақындардың мұрасын зерттеу керек...

Профессор әңгімелеп, мен ілесіп келемін. Төлебаев көшесіне бұрылдық. Керемет әсер де едім. Профессор:

- Мен сенің бағыңды сынап көрмекпін. Жаңа жылдың басында студенттердің республикалық ғылыми конференциясы болады. Соған «Нұржан Наушабаевтың өмірі мен әдеби мұрасы» атты реферат дайында. Болашақта ол дипломдық жұмысыңның тақырыбы болады, - деді.

Бұл ұсыныс мен үшін өте тосын еді әрі ерекше әсер берді.

Бейсекең пәтер қоңырауының түймешесін басты. Есік ашылды.

- Келдің бе, - деді ар жағынан апай есіктің ілгегін ағытып жатып.

- Бейсеке, сау болыңыз,- дедім қалың папкасын ұсынып.

- Әңгіме біткен жоқ, үйге кір, - деді ұстазым шорт кесіп.

Апай жылы амандасты. Бейсекеңнің шляпасы мен плашын шешіп алып, іліп қойды.

- Қол жуыңдар, - деді апай. Бейсекең екеуміз кабинетке кірдік.

- Сен осында отыра тұр, мен шешініп келемін.

Бейсекең шығып кетті. Мен шаңыраққа дейін жаншылып тұрған кітап сөрелерінен көз алмай тұрмын.

Ала пижамасын киіп Бейсекең келді.

- Жүр.

Қол шайып, залға өттік. Қара пианино, көк тіреген пальма. Сервант. Түрлі суреттер. Қарапайым. Бірақ керемет көрініс.



Терлеп-тепшіп сорпаны іштік. Онан соң бәліш келді.

- Же, же айналайын, тойып ал, - дейді ұстаз жұбайы. Ішімнен сылқ-сылқ күлемін. Достарым асхананың көже-қатығын қанағат етіп отыр, мен шәниіп бәліш жеп отырмын.

Шәй ішілді. Енді әңгіме ары қарай жалғасар деп ойлағанмын. Бірақ Меңжамал апай:

- Бейсекеңнің енді тынығып алатын мезгілі келді. Ал сен балам кабинетке бар да, тахтаға жатып демал, - деді.

Тахтаға келіп қисаюым мұң екен, бойым жылып ұйқыға кеттім. Бейне бір әкемнің үйінде жатқандай көсіліп жатырмын. Бұл шаңырақтың есігін бірінші ашуым, мен үшін Бейсекеңнің көзі жұмылғанша ашық есік болатынын, мына кітап серелерінің, ұстаздың жеке архивінің бумалары қолыма тиетінін, бүкіл өмірлік көз-қарасымды өзгеріп, студент-аспирант-ғылым кандидаты, ғылым докторлығы жолына жетектейтін шәкірт жолы болатынын, діншіл, ескішіл, кітаби ақындарды діни-ағартушылық ағым ретінде қарастыру және ғылыми айналымға қосу бақыты бұйыратынын сол кезде білсемші!

Мұнда Бейсекеңнің ғылыми көрегенділігінің, уақытынан оза ойлайтын даналығының, ерекше еңбекқорлығы мен жеріне, руына қарамай шәкірт іздейтін дара қасиетінің бір сәті туралы ғана жазылып отыр. Ал ондай ондаған, жүздеген кездесулер көзден де, көңілден де кетпейді. Ендеше ол басқа әңгіменің тақырыбы...




Меңдігүл Шындалиева,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент
ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ БӘЙТЕРЕГІ
Бейсенбай Кенжебаев қазақ тарихында өзіндік орны бар биік тұғырдан орын алған тұлға. Қазақ әдебиетінің тарихын, әдебиеттану ғылымын, әдебиет сынын Б.Кенжебаевсыз елестету мүмкін емес болса, қазақ журналистикасының тарихын, теориясын, практикасын да Бейсекең есімімен тығыз байланыстыру заңды құбылыс. Б.Кенжебаев әдеби сын, зерттеу мәселелерімен, журналистік өнермен 1920 жылдардан бастап шұғылданып, баспасөз беттерінде әдеби-сын еңбектерімен қатар, үнемі публицистикалық мақалалар, очерктер, деректі әңгімелер жазады. Оның шығармашылық қабілетінің дамуына бір жағынан баспасөз орындарында істегені себеп болса, екінші жағынан қазақ әдебиетінің негізін салушылар Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезовтермен ұзақ жыл жолдас, қызметтес болғандығы да әсерін тигізгендігі заңды құбылыс.

Б.Кенжебаев қазақ журналистикасында негізінен бірнеше бағыттта шығармашылық еңбегімен еленеді. Оның біріншісі, өзі журналист болып, күнделікті туындаған әртүрлі мәселелерге дер кезінде үн қосып, өткір мақалалар жазып, 1920 жылдардан бастап өмірінің соңына дейін атсалысқан. 1923 жылдан бастап «Жас қайрат», «Жас қазақ» журналдары мен «Ақ жол» газеті, «Дархан» (Өзбекстанда шыққан) өзбек тіліндегі газеттерде хабар-ошар жариялаудан бастаған жас журналист, кейіннен «Еңбекші қазақ» газетінің басқармасына кіріп, баспасөз секторының меңгерушісі, «Лениншіл жас» журналының жауапты редакторының орынбасары болған. Қазақ журналистикасына он тоғыз жасында келген Бейсенбай Кенжебаев алғашқы кездерде ел өмірінен қысқа хабарлар жазумен шұғылданса, кейіннен мемлекет, тарих, ұлт, тіл тағдыры тағы басқа күрделі мәселелер төңірегінде жүздеген мақалаларды жазғанда қаламы көсіле түскен. 1929 жылы Павлодар облыстық «Кеңес туы» газетіне, 1932 жылы Оңтүстік Қазақстан бөлек облыс болып құрылғанда ашылған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің алғашқы редакторы, ұйымдастырушы ретінде де журналистика тарихында өзіндік орын белгіледі және осы басылымдарды ұйымдастырғанда да жан-жағына білікті маман журналистер жинап тәрбиелеуде де үлгі боларлық тұстары тарих бетінде сайрап жатыр. «Кеңес туы» газетінен Алматыға қайта оралған кезде «Еңбекші қазақ» газетінің әдебиет және сын бөліміне меңгеруші болып, білгір журналист ретінде жаңа шыққан басылымдарға, кітаптарға, мақалаларға сын, библиографияны да үзбей жариялап отырған. «Еңбекші қазақ» газетінде істегенде әртүрлі міндеттер атқарып, алғашқыда қатардағы журналист, кейіннен бөлім бастығы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған Бейсенбай Кенжебаев 1920-1930 жылдардағы қалам қайраткерлерінің бәрімен бірге жұмыс істеп, аралас-құралас болған.

Б.Кенжебаев қазақ радиожурналистикасының да бастауында тұрып, радио арқылы тұңғыш хабар-ошар таратқанда да осы бөлімнің редакторлық қызметін атқарған. Ол Алматыда 1931 жылы Қазақстан радиоторабы ашылғанда оның хабар тарату білімі «Социалды Қазақстан» деп аталып, оның басында осы Бейсекең болғаны тағы да тарихтың бетінде қалды. Радиохабар жүйесінің қалыптасып, құрылымдары белгіленіп, іс-қимыл принциптерін, бағдарламаларын үйлестіру принциптерін ашуға, радиохабарлардың қоғамдық функциялары мен әдістерін де айқындауға елеулі үлес қосқандардың бірі.

Қазақ журналистикасының тарихындағы еңбек сіңірген тағы бір бағыты қазақ баспасөзінің тарихын, шежіресін жасауда жатыр. Бұл салада да ол алғашқылардың бірі болып баспасөз тарихына қатысты жекелеген мақалалар жазып, жариялаған. 1925 жылдары «Жеті жыл» атты мақала жазып, онда Ташкент, Орынбор қалаларында сол кезде шығып тұрған «Жас алаш», «Жас қайрат», «Жас қазақ», «Өркен» газет-журналдарының бет-бейнесі, көтеріп жүрген проблемалары, сол кездегі баспасөздің маңызы туралы көп маңызды мәселелерді қозғайды. 1950 жылдарға дейін қазақ баспасөзінің тарихы, теориясы туралы ешбір кітап жарық көрмегені белгілі. Осы туралы алғаш ойланып, 1950 жылы «Қазақ баспасөзінің тарихы» деген тарихи очерктерден тұратын кітапша шығарды. Онда негізінен революцияға дейінгі және революциядан кейінгі, Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы жарық көрген көптеген басылымдардың тарихына, мазмұнына, оны шығарушы журналистердің шығармашылығына шолу жасалып, көптеген мағлұмат, анықтамалар береді. Осы басылымдардың қазақ халқының саяси, шаруашылық және мәдени өмірінде, сондай-ақ қазақтың мерзімді баспасөзінің тууы мен қалыптасуында елеулі рөл атқарғандығын, сол кездің өзінде мақала, фельетон, очерк жанрларының түрлері қалыптасып, дамығандығын алғаш ғылыми тұжырымдаған да осы - Бейсенбей Кенжебаев болатын.

1957 жылы «Қазақ баспасөзінің тарихынан мәліметтер» деген еңбегінде бұрынғы баспасөз туралы пікірлерін толықтырып, кемелдендірді. Дәл осы жылы «Журналист - Мұхаметжан Сералин» еңбегін жазып, кітап етіп шығарады. Онда негізінен М.Сералиннің өмірі мен қоғамдық қызметі, әдеби шығармалары, публицистикалық туындылары алғаш рет толыққанды жинақталып, зерттеліп, ұсынылған. М.Сералин туралы зерттеуі нақты фактілерге, тарихи-мұрағаттық деректерге, терең теориялық тұжырымдарға негізделгендігімен құнды.

1958 жылы Б.Кенжебаев «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» деген монографиясын жазып, онда қазақ әдебиетінің проблемаларын сол кездегі қазақ баспасөзі тарихымен тығыз байланыста қарастыра отырып, ХХ ғасыр басында шыққан публицистикалық шығармалар туралы да тоқталып, «Айқап» журналы туралы құнды мәліметтер бергенін күні бүгінге дейін жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе Бейімбет Майлин шығармашылығы туралы, оның ішінде Бейімбеттің мақала жазудан гөрі журналистика жанрлары фельетон, әңгіме, очерк жазуды оңай санағандығын, Ілияс Жнасүгіровтің қаламгерлік қарымы туралы құнды пікірлер айтқан. Осы еңбегінде Бейімбет Майлин, Қадыр Тайшықов, Аманғали Сегізбаев, Ілияс Жансүгіровтердің фельетон жазудағы шеберлікттерін әр қырынан ашып, нақты тұжырымдар жасаған. 1983 жылы профессор Темірбек Қожакеевпен бірігіп жазған «Сөз туралы сөз» атты еңбегі «Өнер алды – қызыл тіл», «Сөз сөзден туады», «Тілмәштік - өнер» деп бірнеше тараулардын құралып, қазақ баспасөзінің кешегі мен бүгінгі кезеңіндегі айырмашылық, өзіне ғана тән бейнелеуіш құралдары, хабар жеткізу пішіндері, жанрларының және әдістерінің бүкіл жетістігін айқындап, жүйелеп берген еңбек деуге болады. Сонымен Бейсенбай Кенжебаев қазақ баспасөзінің танымдық тарихын жасауға да өлшеусіз үлес қосқан қайраткер және жоғарыдағы журналистерге арнап жазған оқулықтары республикамыздың жоғары оқу орындары үшін ресми оқулыққа айналғанын тарих дәлелдеп отыр.

1920 жылдардан бастап Бейсенбай Кенжебаев қазақ баспасөзі беттерінде алғашқылардың бірі болып публицистикалық мақалалар, очерктер, фельетондар жариялаған. Әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған публицистикалық туындылары әрқилы тақырыпты қозғайды. Соның ішінде «Еңбекші қазақ» газетінде «Комсомолдардың саяси мектебі» (25,04,1926), «Сын түзелсін» (1,03,1928), «Салт-сана майданындағы міндеттеріміздің бірі» (14.06. 1928), «Жас қайрат» газетінде «1916 жылғы көтеріліс туралы» (29.07.1923), «Жастар ұйымының мақсаттары» (08.07.1926), «Лениншіл жас» газетінде «Жалпы жиылыс туралы» (10.01.1928), «Жастардың жайсыз істері» (07.01.1928), «Ескеретін екі мәселе» (17.02.0928) сияқты өз кезеңінің көкейкесті мәселелеріне арналған мақалалары кейін де толығып, толастамай отырған. Бұл мақалаларда қазақ жастарының бірлесіп, ел болып дамуына кедергі келтірер жаман әдеттерді әшкерелеп, олардан қалай арылу мәселелері төңірегінде келелі ойлар қозғаған.

Б.Кенжебаевтың әр жылдары жазған публицистикалық еңбектері жүздеп саналады. Оның ішінде С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ж.Жабаев, Ө.Тұрманжанов, т.б. туралы деректі әңгімелер мен очерктер жазып, олардың әдеби қызметі туралы ғылыми, әділ пікір қалыптастыруда беделді сөздерді дер кезінде айта білген ғалым-журналист.

Бейсенбай Кенжебаев қазақ баспасөзінің ардагері, Қазақстан баспасөзінің өрлеуіне, қанаттануына қалам қуатын аямай жұмсаған журналист, қазақ баспасөзінің тарихын шежірелеген ірі ғалым, сан қырлы қаламгер, ақжарқын азамат ғана емес ұлағатты ұстаз мәуелі бәйтерек.

Керімбек Сыздықов,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент
ҚИЫНДЫҚТАРМЕН КЕЛГЕН ҚҰНДЫЛЫҚТАР
Биыл қазақ әдебиеттану ғылымының белді өкілдерінің бірі Б. Кенжебаевтың туғанына жүз жыл толып отыр. Қадірлі Бейсекеңнің алдынан Қазақ Ұлтық Университетінде дәріс алған едік. Сол студент кезімде ол кісімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болдым. Жақын жерлес туысым академик Ісмет Кеңесбаев сол жылдары Б. Кенжебаев, Н. Ғабдуллиндермен етенелеу қарым - қатынаста болатын. Күн жылы кездерде үш - төрт отбасы бала - шағаларымен Алатаудың аңғарына барып, ұзақ күн аунап - қунап дегендей демалып қайтатын. Кей кездері «қалада өкпең сығылып, кеңістікті аңсап жүрген шығарсың» деп мені де шақырып бірге ала шығушы еді. Сондай сәттерде үлкен-кіші тегіс таза ауа, жасыл табиғаттың аясында арқа-жарқа ағынан жарылып ақтарыла сыр шертісіп, өздерінің өткен өмірлерін, жастық шақтарының түрлі сәттерін еске алып, әңгіме қозғайтын. Жайшылықта көп ашыла бермейтін Байсекең де сондай сәттерде жүзі нұрланып, өзінің Мәскеуде, Шымкентте қызмет істеген кездерін еске түсіріп отырушы еді.

Студент кезімізде Бейсекеңнің «ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» курсынан лекция тыңдадық. Ол кісі өте жинақы да тыңғылықты болушы еді. Лекцияны аспай-саспай, сабырлы байыппен оқитын да студенттердің конспекті жазып алуына мол мүмкіндік тудыратын. Кейбір шабандау студенттер қайта-қайта кідіртіп қайталатқызғандарына да ерінбей: «жарайды, жақсылап жазып алыңдар», - деп студенттердің ыңғайына қарайлай беруші еді. Соған қарамастан, кейбір оспадарлау студенттердің бірі: «Ағай, сіз лекцияны бірсыдырғы ежелеп, тартымсыздау оқисыз ғой, қызықтау етіп оқымайсыз ба?», - деп қойып қалғаны бар. Жарықтық Байсекең, сасқалақтап абыржып, «енді қалай оқиын» дегенде, әлгі сабаз: «қағаздан мүлде бас алмайсыз» - деп бастырмалата түсті. Сонда Байсекең: «Әй, балаларым-ай, сендерге қызық керек пе, білім керек пе? Мен қазір әлі оқулық шықпаған кезде конспекті жазып үлгеріп алсын деп, өзімнің кітап етіп дайындап жатқан қолжазбамды оқып жатырмын ғой, басқа біреудің жазғандары емес, өз жазғандарым ғой» - деп, әрі ақталғандай болып, әрі байыппен түсіндіріп берген еді.

1960 жылы М. Әуезовтің «Қараш - Қараш» атты жинағы шығып, оған жазушының алғашқы 1920 жылдары жазған әңгімелері мен повестері жарияланған. Байсекең маған ақыл-кеңес айтып, «Қараш - Қараш оқиғасы» повесі туралы ғылыми конференцияда баяндама жасатқан еді. Сол тақырыпта диплом жұмысын жазбақ болып жүргенде, М. Әуезовтің Абайтану арнаулы семинарында «Абайдың көркем өнер туралы өлеңдері» деген тақырып алып баяндама жасаған едім. Сонда Мұқаңның бұл тақырыпты тереңдей зерттеп, ары қарай диплом жұмысын, көлемді диссертациялық жұмыс жазуға да әбден болады деген сөзіне елігіп, Бейсекеңнен жұмыс алып, диплом жұмысын осы тақырыпқа жаздым.

Сол кездегі қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Мәскен Сармурзина апайымыз Мұқаңның мазасын алмайық, диплом жұмысының жетекшісі Зейнолла Қабдолов болсын деп шешті.

Соңғы курста оқып, диплом жұмысын жазып жүргенде 1961 жылдың басқы айларында кафедрада ұстаздарымызбен кеңесіп отырған бір кезімізде Мұқаң лекциядан шығып, сырт киімін кимек болғанда бәріміз ұмтылып қызмет көрсеткіміз келіп еді. Байсекең біздерден де жылдамырақ қимылдап икемделгенде, Мұқаң: «Бешім, жастар тұр ғой, профессор басыңмен қызмет жасағаның артықтау болар», - деп сыпайы қалжыңдады. Сонда Байсекең: «Мұха, Сізге қызмет жасау, профессор үшін де үлкен мәртебе ғой» - деп киіндірген болатын. Екі дос көңілді ғұламалардың бір - біріне деген риясыз ілтифаты мен әзіл-қалжыңының жараса қалғаны біздің бала көңілімізге соншалықты жылы шуағын құйғандай әсер қалдырған еді.

Университетті бітіріп, Шымкент пединститутына жолдамамен келіп екі-үш жыл қызмет істеген соң аспирантураға КазМУ-ге қайта келгенімде кафедра меңгерушісі Б.Кенжебаев өзі ғылыми жетекші болып, ақылдаса отырып, «Мұхтар Әуезовтің әдеби-сын мұрасы» деген тақырыпты белгіледі.

Бейсенбай ағамыз өте білімді, әсіресе, әдебиет тарихын, оның ішінде ежелгі дәуір әдебиеті мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиетті жетік білетін. Ол кісі шын мәніндегі зерттеуші - ғылым еді. Ертеректе оқып-тоқыған, өзі де тікелей араласып, атсалысқан 1920-1930 жылдардағы көркем туындылар мен әдеби-сын мақалаларды есінде сақтап қалып, өз шәкірттеріне бағыт-бағдар беруде, соларды орын-орнымен ретті пайдаланып отырушы еді. Бейсекең, лекция оқығанда да, жеке пікірлескенде де, жазған мақала еңбектерінде де артық ауыз сөз айтпай, көңіл күй әуеніне, эмоцияға берілмей, өте нақты ой айтып пікір білдіретін. Өз бағыт – беті мен ұстанымына берік, күнделікті уақыт кестесін қатаң сақтайтын.

Әр шәкіртімен аптасына бір рет кездесетін күні мен сағаты алдын-ала белгіленіп, ол ешқашан да өзгермеуші еді.

Ол кісінің шәкірттеріне беретін үлкен және кіші тапсырмалары болатын. Кіші тапсырмаға апта сайын,үлкен тапсырмаға ай сайын есеп беріп отырушы едік. Бейсекеңнің тапсырмаларын тапжылтпай орындағанда диссертациялық жұмыс негізінен белгіленген уақытта аяқталуға тиіс болатын. Қанша жыл сырмінез болғанда ол кісінің қатты ашуланып, біреуге дауыс көтеріп кейігенін естімеппіз.

Қажым Жұмалиевтің аспиранты болған Асқар Сүлейменов Бейсекеңмен біраз әңгімелесіп пікірлескеннен кейін, «өте принципшіл, ұстанымы берік, момын болғанмен жуас емес, бірақ өте жұмсақ кісі екен» деп баға берген еді. Оны, сөздің реті келіп, Бейсекеңе айтқанымызда, «әзілі ме екен, шыны ма екен?»,- деп күлгені есімде.

Сол бір жылдары Ғылым академиясында қазақ әдебиеті мамандығы бойынша бір академиктік орынға сайлау жарияланған. Оған Қ.Жұмалиев, Е.Исмайылов, Б.Кенжебаев үшеуі алдын ала қатты тайталасқан соң, басшылар сайлау уақытын созып ұзартып, қосымша М.Сильченконың кандидатурасын қоса ұсындырып, сол кісіні сайлауға нұсқау берген көрінеді. Осыған байланысты Ісмет ағамыз мен арқылы Бейсекеңе сәлем айтып, кандидатурасын қайтып алуға кеңес берген еді. Мен қысыла - қынжыла амалсыздан болса да айтқанымда, Бәйсекең: «Мен өйтпейтінімді бұрын-ақ білгенмін, бірақ өтінішімді қайтып алуыма болмайды ғой, мен өз ұстанымымды өзім қалайша бұзам» - деп жауап бергені есімде.

Б.Кенжебаевты мінез дағдысының және бір көрінісін ол кісімен сәті түсіп бірге сапарлас болғанда байқадым. Аспирантурада оқып жүрген 1965-1966 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінің мерейтойына оның алғашқы редакторларының бірі ретінде Бейсекең де шақырылған екен. Соған бірге барып қайтуға шақырған соң мен де ілестім. Поезға мініп жүре бергенімізде Бейсекең жатарда ішетін айранды ала шықпағанына өкінді де қалды. Мен 1-Алматыдан жол-жөнекей тауып алармыз деп, іздеп көріп едім, қырсыққанда табыла қоймады. Басқа амал болмаған соң, рестораннан сүт пісіртіп қойдым. Сүті түскірдің ұйи қоятын түрі жоқ, қайта-қайта қарап жатсам, Бәйсекең миығымен күліп, «сені ауылда өскен соң хабары бар шығар десем, қаланың балалары сияқты олақтау екенсін-ау, ұйытқысыз сүт айран бола сала ма екен?», -деп ұялтқаны бар. Ұялған тек тұрмас деп, «қайдан білейін, тұрып қалған сүттің ұйып қалғанын көрген сияқты едім»,- десем, «ол ашып кеткені ғой» деп түсіндіріп жатыр. Біздің сол жолғы сапарымыздың түрлі қызықтарын біраз уақыт жыр қылып айтып күлісіп жүрдік. Оңтүстіктің қонақжай ақкөңіл халқы Бейсекеңнің режим, диеталарын қайдан білсін, жайнап тұрған дастархан дәмдерінен қара нан мен ботқа, самсап тұрған сусындардың ішінен айран тауып бере алмай, талай сасқалақтап, абыржысып қалған еді.

Б.Кенжебаев ғылымға, әдебиетке өте адал болатын. Қаншама кедергілерге кездесіп, басын қатерге тіккендей қиындықтар көрсе де алған бетінен қайтпайтын, үлкен рухани ерліктер жасағанын профессор Құлбек Ергөбек «Қайырымсыз уақыттың қайсар ұланы» атты көрнекті еңбегінде жеріне жеткізе айтқан. Сондағы он бес түрлі тізілген ерліктерінің біразын ғана атар болсақ, Бәйсекең, алдымен, ХҮШ-ХІХ ғасырдан бастап оқытып жүрген қазақ әдебиетінің тарихын он ғасырдан астам уақытқа ары тереңге жылжытып, «Ежелгі дәуірден» бастап оқытуға қол жеткізді. Басы ашық басқа тақырыптар самсап жатқанына қарамай, ең даулы тақырыптарға кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғап жол ашты. Алаш өкілдерінің атын да атауға тиым салынған кезде, 1946 жылы кандидаттық диссертациясында сол Алаш-орданың әнұранын жазған Сұлтанмахмұттың басын арашалап алып, шығармаларын халық игілігіне айналдыруы,1959 жылы докторлық диссертациясында жалпы сол ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін саралап ғылыми айналымға енгізуін қалай айтып дәріптесек те жараса түсері анық. Ал, республиканың 1-партия басшыларының қатаң тапсырмасына қарамай, өте қиын-қыстау кезеңде М. Әуезовтің «Абай» романын баспаның бас редакторы кезінде Бейсекеңнің өз уақтысында жариялануына себепші болғанын қандай жүрек жатқан ерлікке баласаңыз да артық болмас еді.

Б.Кенжебаев өзінің шәкірттеріне де жеңіл-желпі тақырыптар бермейтін. Оларды да оңай-оспақ жолмен, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргізбей, тас қияға салғандай, қиындықты жеңуге баулитын. Сол 1960 жылдардағы аспиранттары: Мырзатай Жолдасбековке Ү11-Ү111 ғасырлардағы Орхон жазба ескерткіштерін тақырып етіп берсе, Мұхтар Мағауинге хандық дәуірдегі жыраулар шығармашылығын зерттеуді тапсырған еді. Ал, Рымғали Нұрғалиевке М.Әуезовтің драмалық шығармаларын тақырып етіп бергенде, оған сол кезеңде әлі басы даулы «Қаракөз», «Хан кене» сияқты шығармаларын да қарастыруы қажет болды. Сол сияқты «Мұхтар Әуезовтің әдеби сын мұрасы» атты менің зерттеу тақырыбымның, бір қарағанда, көп кедергісі жоқ басы ашық көрінгенімен, кезінде Алашордашыл, контрреволюциялық басылымдар саналып «Алаш», «Сарыарқа», «Жас аамат» газеттері мен «Абай», «Шолпан», «Таң» журналдарында 20-жылдары жарияланған «саяси қатесі бар» мақала-еңбектерді талдап қарастыруым керек еді.

М. Әуезовтің сол алғашқы кезеңдегі мақалаларын Алматы, Семей, Ташкент, Мәскеу кітапханалары мен мұрағаттарынан іздеп тауып, қоғамдық-әлеуметтік, көркемдік-эстетикалық маңыз-мәні жоғары ғажайып еңбектерге қызыға да құныға бар ықыласымен кірісіп кеткенімен, «атқа шапқанда - бай баласы, тоқтағанда еске түсер» демекші, заман қыспағынан қалай қиялап алып шығу жағын көбірек ойланып-толғануға тура келді. Ғылыми жетекшімнің ақыл-кеңесімен, қайрап салып дем беруімен диссертацияны қорғап шығып, М.Әуезовтің сол 20 жылдардағы мақала-зерттеулерін 12 томдық шығармалар жинағының 11-томына, кейінірек 20 томдық шығармалар жинағының 15-16 томдарына, газет-журналдарға жариялап оқырман жұртшылықтың игілігіне айналуына жол ашып, творчество қуанышына бөленген кезде, көрген қиындықтар тез ұмыт та болған еді.

Алайда, диссертациялық жұмысымды біраз ұлғайтып, «Мұхтар Әуезов-әдебиет сыншысы» деген атпен жеке монография етіп шығарар кезде Главлит пен «Ғылым» баспасының, Академия басшыларының қысастығынан теріліп, басылып дайын боп тұрған кітабымның тіпті шықпай қалу қаупі төнген кезде, аруақтарыңнан айналайын, Бейсекең мен Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың ең жоғарғы басшылықты араластыруымен кітап жылға жуық уақыт тежеліп, біраз жері туралып, әупірім-тәңірмен шықты-ау.

Осындай аздаған қиындықты көргеннің өзінде қағаз - қаламға едәуір уақыт беттей алмай, жүрек шайлыққан кезде, ондай қиындықтардың неше түрлі көкесін көрген Бейсекеңнің қайсарлығы мен қажымас қайраттылығына қалайша таңданып, сүйсінбейсің !?

Қазақ әдебиетінің ғұлама зерттеушісі Бейсенбай Кенжебаевтың көзі тірісінде көрген көп қиындықтарының нәтижесінде артында қалдырған мол әдеби-ғылыми мұрасы қазір баға жетпес құндылықтарға айналып, халықтың, жас ұрпақтың игілігіне қалтқысыз қызмет етіп келеді.



Каталог: bitstream -> handle -> data -> 10985
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет