Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)



бет7/11
Дата23.10.2016
өлшемі1,89 Mb.
#50
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

ХАЛЫҚ ҰЛЫ, ЕЛ ҚАДІРЛІСІ

“Пансыз ұл-қыздар балалар үйіне алынатын болыпты...”.

Шілде айының кешкі қоңыр салқынында төбе басына шығып желпініп отырған ауыл ақсақалдары бұл хабарды әр саққа жүгіртті.

- Кенжебайдың қара домалақ жетімегін жіберу керек. Тегін төсек-орын, тегін тамақ, тегін киім беретін көрінеді ғой,- деседі. Байдың қозы-лағын бағып күнелтіп жүрген 11-12 жасар Бейсенбайды мүсіркегендері.

- Мұратбайдың Ғаниы құсап шаш қойып, шоқынып кетеді. Ел-жұрттың не екенін біле ме екен, сірә? Әй, қайдам... Бұл бала да соның жолын құшады. Обалына қаласыңдар, жібертпеңдер. Мектептің ең қымбаты – оқу екенін сезіп-біліп жатқан Бейсенбай жоқ. Ағайындарына да, өзіне де ұнағаны төсек орын, тамақтың тегіндігі.

Әңгімеге көзі ашық, көкірегі ояу жамағайын жақын ағалары да араласты.

- Әркімнің қой-қозысын бағып, көрінген байшыкештен қорлық көргенше, жердің түбіне кетсең де, балалар үйіне барғаныңның өзі жақсы. Ғанидан қалма.

Қаршадайынан бай малының соңында, ішер ас, киер киімге жарымай жоқшылық қасіретін тартып өскен бала Ғ.Мұратбаевтың аялы қамқорлығының арқасында Ташкенттегі балалар үйіне алынды. Жаңа өмірге жасаған осы алғашқы қадамы оның бақытты өмірінің беташары болды.

1921 жылы күз айында ол Москвадағы Күншығыс еңбекшілерінің Комунистік университетіне қабылданды. Каникул кезінде Мұратбаевтың басқаруымен Ферғанада советтік құрылысқа қарсы бас көтерген басмашылармен шайқасқа қатысты. Университетті ойдағыдай бітірген соң Қызылордаға келіп, “Жас қайрат” газеті мен “Лениншіл жас” газетінде редактордың орынбасары болды. Он жыл бойы маман журналистер жоқ тұста “Еңбекші қазақ”, “Ауыл тілі”, “Социалистік Қазақстан”, Павлодар, Шымкент, облыстық газеттерінде қызмет істеді. Қазіргі Қазақ радиосының отауын көтерген “Социалистік Қазақстан” радиогазетінің тұңғыш редакторы болу да Бейсекеңнің үлесіне тиді.

Ол қазақ баспасөзінің қатардағы жауынгері болып қоймай, оның тарихына үңіліп, қазақ журналистерінің әдеби мұраларын зерттеді. З.Кәшимов, М.Сералин, Э.Ғалимов пен А.Сегізбаевтың есімімен оқушы қауымды таныстырды. С.Торайғыров пен С.Дөнентаевтың қызметі туралы ой қозғады. Б.Кенжебаевтың “Қазақ баспасөзінің тарихы”, “Журналист Мұхамеджан Сералин”, т.б. кезінде республикалық газет-журналдар беттерінде жарияланған мақалалары қазақ журналистикасының кешегісі мен бүгіні үшін әлі өзінің маңызын жойған жоқ. Бізді сүйсіндірер бір жай, көрнекті журналистің баспасөз тарихын үнемі қадағалап, өткені мен бүгінгісін салыстыра отырып, тарихи, әрі ғылыми талдай білетіндігі. Көзі көрген журналистер туралы әрдайым пікір білдіріп, кейінгі зерттеушілерге ақыл-кеңесін айтып отырады. Баспасөз тарихы жөнінде ол кезде мардымды еңбектер болмағанын ескерсек, Б.Кенжебаевтың игілікті жұмыс істегенін айқын аңғарамыз.

Әдебиет майданында алғаш әр тұста, әр сала тақырыпта мақала, очерк, шағын әңгімелерімен көзге түскен ол 1930-жылдардан бастап, сын-зерттеу ісіне белсене араласады. Әдебиет ғылымының дамуына, оның алда тұрған міндеттеріне сергек сезімталдықпен қарауға, оқушының идеялық, эстетикалық тұщымы мен талғамын тәрбиелеуде әдебиетшінің атқарған міндеті зор. Әсіресе, тұрпайы социология мен “бірыңғай ағым” бағытындағы сын мақалар белең алғанда ұлы Абай мен жалынды ақын Сұлтанмахмұт шығармаларының қандай күйге ұшырағаны көпшіліктің әлі есінде. Сол тұста байсалды ғылыми сынның өткір семсерін қолына ұстап, ойланып, толғанып, әдебиетімізге жан ашитын байыпты пікір айтты. Абай мен Сұлтанмахмұттың халықтық, реалистік бағыттағы ақындар екенін бірінші болып қорғағандардың ішінен Б.Кенжебаевтың қалам іздерін айқын көреміз. “Сұлтанмахмұттың ақындығы” атты зерттеудегі принципті ой-пікірінің қазығы – ақынның сыншыл-реалист дәрежесіне көтерілуі. Зерттеуші Сұлтанмахмұттың көрнекті реалист жазушы ретінде қоғамдық өмірге келуін бірінші орыс демократиялық революциясының прогресшілдік маңызын танытатын алғашқы жеміс ретінде қарастырады. Бұл пікір оған дейін де ілгерінді-соңды айтылып жүрген-ді. Бірақ пікір бар да, оның ғылыми тұрғыдан жан-жақты дәлелденуі бар. Кітапты соңғы ерекшелік Сұлтанмахмұт творчествосы негізінде толық жүзеге асырылған. Бейсекең Торайғыровтың өзінде, творчестволық бай мұрасын да ХХ ғасыр кезінің талап-тілегіне байланысты эстетика қағидаларын шебер қолдана білген. Ғалым-зерттеушінің бұл реттегі пікірлері Сұлтанмахмұт творчествосын тануда ғана емес, сол тұстағы қазақ әдебиетінің бірсыпыра проблемеларын нақты шешу ісіне елеулі жәрдем тигізді.

Бұған ғалымның “Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары” монографиясы мен “Қазақ өлеңінің құрылысы”, “20-жылдардағы қазақ совет әдебиеті”, “1916 жылғы көтеріліске байланысты халық поэзиясы”, “Шындық және шеберлік” секілді еңбектері толық дәлел.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Б.Кенжебаев Қазақтың Біріккен Мемлекеттік баспасында бас редактор еді. Ол баспадан шыққан әрбір кітапты үңіле оқып, шүйіле сынайды. Әрбір сөздің жауға оқ боп атылуын, жеңіс күнін тездетуге септігін тигізуін айрықша қадағалайды.

Профессордың жетекшілігімен 1960 жылдардан бастап КазМУ- дің әдебиет кафедрасының бір топ ғалымдары әдебиет тарихының көне дәуірлерін зерттеу жұмыстарын қолға алды. Содан бері қазақ топырағында туып, дүние жүзілік мәнге ие әдебиетіміздің ертедегі түп-төркініне қатысты мұраларды, ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда ғұмыр кешкен ақын-жыраулар творчествосын табу, ғылым елегінен өткізу нәтижелі жүргізіліп келеді “Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері” деген көлемді мақалалар жинағы осы салада ғалымның өз алдына күрделі проблемаларды қоя білуімен, оларды мүмкіндігінше кең көлемде көтеріп, барлығын да диалектикалық бірлестікте қарастыруымен құнды. Кейін әдебиет ғылымының өсуімен байланысты жаңа сүбелі еңбектер туған күннің өзінде де ол лайықты бағасын жоғалтпас емес.

Бейсекең қырық жылдан астам уақыт оқытушылық, ғылыми-педагогикалық жұмыспен шұғылданған. Оның тәрбие жұмыстарына арналған методикалық құралдарын, жасаған программалары жыл сайын өңделіп- түзетіліп баспадан шығып жатқан кітаптар филолог студенттермен мектеп мұғалімдері үшін өте қажет. Соңғы жылдары ғалым профессор Т.Қожекеевпен қоса жұптастырып, “ Сөз туралы ой” атты еңбек жазды. Бұл шығарманың негізгі материалы сөз тарихы, халық қазынасының ең асылы- сөз суреттілігі.

Жазушылар одағының мүшесі Б. Кенжебаевтың жазушылық – аудармашылық еңбегі өз алдына бір төбе, көптеген әңгіме, очерк, фельетоның авторы. С.Торайғыровтың өмір белестерін әсерленіп жазған “ Асау жүрек ” атты әңгімелер жинағы оқырманның жылы лебізіне бөленді.

Жастарға аға бола бастаған кезде аударма саласында сәтті қадамдар жасады. Аудармашы қаламынан шыққан А.Онуфриевтің, Гладковтың, Мальцевтің, Панферовтың, Полевойдың шығармаларын ана тілімізге аударды. Оның аудурмасындағы И. Эренбургтің “Соғыс” памфлетімен қазақ оқырмандарының дәл уақытында отты жылдардың сұрапыл күндерінде, оқып танысқанын айтқан орынды.

Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушылардың бірі – профессор Бейсенбай Кенжебаев екенінде дау жоқ. Бейсекең жүріп өткен жол – қазақ әдебиеттану ғылымының алғашқы адымдарынан бастап, бүгінгі қолы жетіп отырған эстетикалық мұрат биігіне дейінгі қиын асулардың кең өрісті, өсіп-өркендеу жолы. Бейсекең сол асулардың қай-қайсының да жай куәгері емес, әр саланың өркендеп, жетіліп кетуіне бар өнерпаздық қуатын жұмсап, маңдай терін төккен, ыстығына күйіп, суығына тоңған қазақтың сыншылық ойын онан әрі ұштай түсіп, ұлттық әдебиет ғылымын кең өріске шығарысқан ғұлама.
Тұрсынбек Кәкішев

Қапан Қамбаров,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент
ҰСТАЗ - ҒАЛЫМ

Рас, қазір әйгілі ұстаз, белгілі ғалым Б. Кенжебаев есімі Қазақстан жұртшылығы ғана емес, Орта Азия республикаларының одағымыздың әдебиет, оның тарихымен айналысатын ғалымдары да жақсы біледі.

Жастайынан анадан жетім қалып, ауылда мал баққан, байға батырақ болып жалданған Бейсенбай болашағын Ұлы Октябрь нұрландырды. Ол Ғани Мұратбаевтың көмегімен балалар үйіне алынды, оқуға тартылды. 1922 жылы Москвадағы Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетіне түсті. Осында оқып жүргенде каникул кезінде Ғанидың бастауымен Ферғанада басмашыларға қарсы күреске қатысты. Бұл университетті ойдағыдай тәмәмдаған Б.Кенжебаев 1925 жылы Қазақстан жастарының «Жас қайрат» атты газетімен «Лениншіл жас» атты журналы редакторының орынбасары болып істеді.

Міне, содан бастап журналист Б.Кенжебаев Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарына дейін Қазақстан баспасөзінде жауапты қызметтер атқарды. Халқымыздың ардагер ұлдары Б.Майлинмен, І.Жансүгіровпен, бүгінгі академик жазушымыз Ғ.Мүсіреповпен баспасөзде бірге істес болды. «Еңбекші қазақ» газетінде бөлім бастығы «Ауыл тілі» газетінде жауапты секретарь «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі және редактордың орынбасары, Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасының бас редакторы болды. Ол – Павлодар, Шымкент облыстық газеттерінің де тұңғыш редакторы, Қазақ радиосының негізін қалаған «Социалистік Қазақстан» радио газетінің бірінші редакторы да Б.Кенжебаев болды.

Б.Кенжебаев Қазақстан баспасөзінде осылай тікелей еңбек етуімен қатар, кейін оның тарихын зерттеуге де алғашқылардың бірі болып елеулі үлес қосты. «Қазақ баспасөзінің» тарихы деген жеке кітап болып шыққан еңбегі оған айқын дәлел бола алады. Мұның үстіне Қазақстан баспасөзін, оның тарихын зерттеуші бірқатар жас ғалымдарға ұстаздық етті. Ақыл-кеңесімен көмектесті.

1930-жылдардың газет-журналдарында әдебиет тақырыбында жарияланған мақалалары мен зерттеулерінен Б.Кенжебаевты туған әдебиетіміздің маңызды мәселелерін көтерген әдебиет сыншысы және әдебиет зерттеушісі ретінде де жақсы білеміз. Социология мен сыңаржақ сын белең алған кезде Абай мен Сұлтанмахмұттың творчествосына орынсыз кінә тағылғанда, олардың нағыз халықтың арнадағы ақындар екенін бірінші болып қорғағандардың ішінен Б.Кенжебаевты да көреміз.

1944 жылы Қазақ университеті әдебиет кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалған Б.Кенжебаев бірыңғай ұстаздық және ғылыми педагогтық жұмыспен айналысады. 1946 жылы филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығы» деген тақырыпта диссертация қорғайды. Университеттегі ұстаздық қызметімен қоса 1946-50 жылдарда Қазақ ССР Ғылым академиясы тіл және әдебиет институт әдебиет секторының меңгерушісі болып, М.Әуезовпен бірге Қазақ әдебиеті тарихының фолклорға арналған алғашқы томын шығаруды ұйымдастырады.

Б.Кенжебаев 1959 жылы «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. Ғалым кейін бұл еңбегі негізінде жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттері үшін оқулық жазып шығарады.

Әдебиет кафедрасының бір топ ғалымдары профессор Б.Кенжебаевтың басқаруымен қазақ әдебиеті тарихының тың жатқан дәуірін, ертедегі дәуірін зерттеу жұмысын қолға алды. Бұған кафедра мүшелері мен ғалымдары Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков және басқалары белсене атсалысты. Сарыла зерттеуді қажет еткен бұл еңбек көп жылдан кейін «Ертедегі әдебиет нұсқалары» («Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясы») деген атпен 1967 жылы жарық көрді. Осы зерттеу негізінде жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне жаңа оқулық жазылып, баспаға тапсырылды. Мұның қазақ әдебиеті кафедрасына зор абырой әперген үлкен ғылыми еңбек екенін ерекше атап айтуымыз керек.

Профессор Б.Кенжебаев - қазақ әдебиеті тарихына байланысты газет-журнал беттерінде жарық көрген көптеген мақала-зерттеулердің авторы. Ғалымның 1973 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасынан шыққан «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» деген кітабы да осы проблемалы мәселені одан әрі тереңдете сөз етеді.

Үлкен ұстаз-ғалымның «1920-жылдардағы совет әдебиеті», «Қазақ өлеңінің құрылысы», С.Торайғыров творчествосы туралы жарық көрген төрт еңбегі туралы «Шындық және шеберлік», басқа да баспадан шыққан ғылыми-зерттеу кітаптары, оқулықтары, жасаған программалары жоғары оқу орындары филология факультеттері студенттері үшін қазақ әдебиетінен аса пайдалы құрал болып табылады.

Ғалым қазақ ауыз әдебиетінің мәселелеріне арналған жаңа зерттеу кітабын әр кезде жазған сын мақалалары жинағын, сөздің тарихын, жалпы сөз өнері туралы жазған «Сөз туралы сөз» аталатын қызықты еңбегін де баспаға тапсырған.

Жазушылар Одағының мүшесі Б.Кенжебаев көркем аудармамен де айналысады. Ол Ф.Памферовтың ІІ томдық «Бейбітшілік үшін күрес» романын қазақ тіліне аударды. Басқалармен бірігіп аударған Б.Полевойдың «Нағыз адам туралы аңызы» мен «Біз Совет адамдарымыз», Е.Мальцевтің «Шын жүректен», И.Эренбургтың «Соғыс» және басқалары оқушылардың жақсы бағасына ие болды.

Бірсыпыра халықтар жазушылары қысқа әңгімелерін аударып, «Маржан» деген атпен баспаға тапсырған. Сол сияқты СССР халықтары анекдоттары таңдаулыларын жинап, аударып және құрастырып, «Тымпи» деген атпен баспаға ұсынады.

Б.Кенжебаев – Сұлтанмахмұт өмірінен алынып жазылған «Асау жүрек» деп аталған әңгімелер жинағының да авторы. Очерктерін, әңгімелерін, нақыл, ысқақтарын «Тірлік» деген атпен бір кітап етіп әзірлеген. Өмірбаяндық екі бөлімді «Өмір өрінде» шығармасы, «Ығай мен сығай» аталатын сатиралық әңгімелерінің жинағы да қызықты оқылады. Ғалым қазақтың күлдіргі әңгімелерін жинап, екі кітап етіп бастырды.

Ал, профессор Б.Кенжебаевтың тек қазақ университетінің өзінде ғана міне, 30 жылдан бері табан аудармай істеп келе жатқан ұстаздық қызметі ешбір өлшемге, ешбір санамалап айтуға келмейді. Ғалым-ұстаз оқыған лекция, өткізген практикалық сабақтар қаншама! Студенттерінің ең сүйікті ұстазы ол. Ұлық болсаң, кішік бол. Осы аталы сөз ең алдымен, Бейсекең үшін айтылғандай көрінеді бізге. Бұл кішіпейілділік мінез оның табиғи қасиеті. Үлкен демей, кіші демей бәрімен тіл тауып, сөйлесу қолымнан келгенінше көмектесуге, жақсылық істеуге даяр тұру – ұстазбен пікірлескендерді разы етеді, қанағаттандырады, осы бір аяулы жанды жаныңа жақын етеді...

Бейсекең істеген 30 жылдан бері университеттің филология факультетінің қазақ бөлімі (сырттан оқып бітіргендерді қосқанда) 2000-ға жуық жоғары білімді маман даярлап шығыпты. Өзімен қызметтес ұстаздармен бірге алдынан түлектерін 30 дүркін ұшырыпты. Үлкен ұстаздардан сабақ алғандарды қазір республиканың түкпірінен, жоғары оқу орындарынан көптеп кездестіруге болады. Бұлардың ішінде ғылыми жұмыстарына тікелей жетекшілік еткен ғылым кандидаттары мен докторлары қаншама!

Қазір қазақ университетінің Б.Кенжебаев басқарған қазақ әдебиеті кафедрасы өз саласында қандай күрделі ғылыми проблеманы болса да шеше алатын іскер де, білгір ұстаздар коллективіне айналып отыр.



Сөзінен ісі мығым, өзінен еңбегі беделді момын жандар болады. Бейсенбай Кенжебаев сондай мығымдардың бірі ретінде қазақ әдебиеті тарихында айтулы өз орнында – рухани биігінде жасай бермек.


Каталог: bitstream -> handle -> data -> 10985
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет